Роман
Есіл бойын қыстайтын Атығай деген елде Тұрлықұл деген байдың, қырық жыл отасқан Қанша деген бәйбішесі елу бес жасында қайтыс болған. Қанша бәйбіше өлді дегенді естіген қадірлес, тұстастарында ренжімеген адам жоқ деуге болады; бірсыпыралары бәйбішенің мінезің бірсыпыралары берген қонақасын, кейбіреулері: «Қанша бәйбішедей дүниеге адам туар ма екен...» деп, әр түрлі өткен-кеткендерді айтып, әңгіме етісіп, ауыздарының суы құрысып жүрді. Тұрлықұл ұзын бойлы, мес қарын, түксиген қалың қабақты, көп сөйлемейтін, жалпақ мұрын, қарсы келген адам қаймыққандай, елге зәбірлі, көршілеріне мазаң, қатты мінезді адам еді. Бәйбішенің қайтқаны оған ете батты. Байға көңіл айтып, бата қыла келген елдің ақсақал, қарасақал замандастары: «Е, бай! Бәйбішеңізді беріпсіз, алды иманды, арты қайырлы болсын. Бұрынғы еткен аталарымыздың айтқаны бар емес пе: «Қатын өлді — қамшының сабы сынды», «Байдың қатыны өлсе төсегі жаңғырар, жарлының қатыны өлсе, басы қаңғырар» деп, басы қаңғырады дейтін жарлы емессің, жастың алпысқа келгеніне қарамай-ақ мал берсең, біреу өзі-ақ қызын әкеп тастар. Малға қызын кім бермеуші еді!..» — деп байдың көңілін көтерісіп жүрді.
Бірер айға дейін, бата қыла келген адамның көптігі, даудамасымен Тұрлықұл байға бәйбішесінің қайтқаны да білінбей жүрді.
Бір күні бай ертеңгі шайдан кейін, үйде бөтен адам болмағасын, шаруаға кез салайын деп, алдымен қонақ үйіне кірді. Ол үйдегі төсек-орын бет келген жерде шашылып жатыр, қызметкерлерінің де киімдері сол үйде, пеш үстінде су болған байпақ, шұлғаулар жаюлы тұр екен. Бұдан шығып шөбінің ішіне барса, онда арық жабағылар тұратын жұмсақ шөбінде толып тұрған сиыр, сиыр шарбағында аттар сықырлап жүр. Аттар тұратын шөбінде қой қаптап жүр. Бұларды көргеннен кейін бай үйге таман келе жатып, шошаласына бір иттің кіріп, шығып жүргенін көрді. Өзінің қызметіндегі бір баладан: «Аманжол қайда кеткен?» — деп сұрады.
— Аманжол Атекем ауылына, шілделікке кеткен.
— Шілделік кімдікі екен?
— Байқадамның келіні ұл тауыпты, соған...
— Қасен қайда?
— Ол мана шай ішкесін ойық оямын деп кетіп еді, әлі жоқ, қақпандарын ала кетіп еді, тышқан, күзен аулап жүрген шығар. Маған түс кезінде сиырларды айдап жіберерсің деп еді, мен малдың су ішетін кезі болған соң шығарып едім, су ішкені ішіп, ішпегені ішпей келіп, маған болмай, қақпағын бұзып жабағылардың шебіне кіріп кетті. Айдап шығайын деп едім, болмады. Қасен әлі келген жоқ, қақпандарына айналып жүр-ау деймін...
— Ол иттің мінгені не?
— Үлкен торы.
Үлкен торы деген қылауына қыл жуытпайтын, байдың бір қадірлі аты еді. Бай біраз ойланғандай болып:
— Осы үйдің әлгі қатыны қайда ? — деді.
— Қызболған үйіне кетті. Маған түсте шай қоярсың, кісі-місі келсе, шақырарсың
деген самауыр қайнап тұр, шақырайын ба, ата?
— Шақырсаң шақыр, — деп, бай кейіген пішінмен үйге кірді.
Бәйбіше қайтпай тұрып та, қайтқаннан кейін де, сол ауылдың үш-төрт ақсақалдары, кешке баймен әңгімелесіп отырып, ас ішіп, байды жатқызып қайтатын әдеттері бар еді. Сол қалыппен бүгінгі кеште Байсақал, Әлібек, Қараш Тұрлықұлдікінде еді. Бұлардың алдында Аманжол, Қасенді бай ұрсып: — тышқақ лағым құрлы бәсі жоқ иттер, мені аяп жүр ме едіңдер, тойғандарыңды көтере алмай жүрген шығарсыңдар, ерегіссем ақыларыңды бермей қоярмын. — деп жерлеп отырды.
Манағы бала үйге ентігіп кіріп келіп:
— Пар-пар атты екі шаналы келіп түсіп жатыр, — деп хабар берді. Ауылдан келген үш-төрт кісі, Аманжол, Қасендер қонақ үйге шам жағып, көрпе салып болмай-ақ, үсті-басы қырау-қырау, қасқыр ішікті, түлкі тымақты жуандар кіре бастады.
Аманжол мен Қасен қонақтардың киімдерін шешіп, қағып іліп жатыр.
Ырсылдап, күрсілдеп, күшеніп-тышанып жуандар отырысты. Бұл келгендер — елдің Байғазы, Құрымбай деген байлары; бетіне жан келмейтін билер. Айтқаны келіп, атқаны тимеген жер жоқ. Екеуі де өлгенше парақорлар, жемқорлар, кісі етінен басқаны арамсынбайтындар. Байғазы қазақтың зор байларының бірі, жасынан би болған, анда-санда болыстыққа да таласып қоятын, өте парақор, қара бұқараға тізесі батқан жәбір иесі, шегір көзді, бұжыр, жуан, байдың жалғыз қызы Айтолқынды берген құдасы. Бұл кісілер ертерек келіп, бәйбішеге құран оқып, Тұрлықұлға көңіл айтып қайтқан болатын. Бұлар келгеніне, бай қуанып, кеңесіп кеп отырды.
Қонақтар да жүрген жайларын айтып кеңес қылды:
— Елден шыққалы жиырма шақты күн болып қалды, бас ауылнай жағына барып съезд
құрып келеміз. Халық арасында бір-біріне ауысқан-түйіскендері бар, тоқты-торымдай жанжалдары бар екен сондайларды бітіріп келеміз. Елде дау-жанжал мұндай көп болар ма!.. Ел де бұзылып біткен ғой, әсіресе жесір дауы-ақ көп екен. Күйеуін менсінбеген қыз, байынан айрылатын келіншек... Кейбіреулер құдасынан айрылмақшы... Құрекеңнің пышағы май үстінде, қалтасы да толған шығар, — деп Байғазы қарқылдап күлді.
Қасқыр қой жемейді деп ешкім айтпас, — деп о да қарқылдап күлді.
— Қасқыр болғанда, Аралбай сорлының он сом қызыл қағазын алып төрт сиырының бірін жаман Түйкеге әпердің-ау, — деді.
Сонда Құрымбай отырып.
— Ол жаман болғанмен жеті сом ақша, Алтыбайдан қыстай жанжалдасып өзің әперген бес тайыншамды асырап, қыстан шығарып бермекші болды ғой, — деп тағы қарқ-қарқ күлді де, күмістеген мүйіз шақшадан насыбайын атып, алдындағы кішкене жез шылапшынға шырт-шырт түкіріп, ақ жастыққа шынтақтап қисая кетті. Байғазының әзілінен ұтылып қалдым-ау деген кісіше, біраздан кейін басын көтеріп:
— Е, Байеке! Өзінің түйедейі көрінбей, біреудің түймедейі көрінеді деген-ау, Медекенің жирен атын алып, жесірін Сарымсаққа бергеніңіз есіңізде бар ма? — деді.
— Е! Мен ат-тон айыбы мен қалың малын қайтартпақшы болдым ғой. Ол итке мен болмасам, мал қайда, — деп Байғазы тағы күлді.
Осы қалыппен қонақтар қалжыңдасып отырып, Тұрлықұлдан шаруа жайын сұрады.
— Қыстай жылқының бетін көргенім жоқ, аман деген хабар келеді, биыл қыс жақсы ғой, — деп бай үй шаруасының жүдеушілікке айналып бара жатқандығын айтып жігіттерін сөгіп отырды. Ауыз үйде отырған Аманжол, Қасендер:
— Осы бай бізге не қыл дей береді; ұсақ-ұланы мен сексен сиыр, елу шақты арық-тұрақ жабағы-тай, бес жүз қойды қарауға екеуіміздің шамамыз келе ме? Ақымызды да жөндеп бермейді, — деп мұңайысып отырды.
Байғазы тамағын кенеп, сиректеу біткен шоқша сақалын сипай түсіп:
— Бәйбішеңіздің олай-бұлай болғаны болмаса, құдай берген адамсыз ғой, бір жөні болар... Біз съезден тарқағанда елге тура қайтсақ та болатын еді, бұрылып келуіміздің мәнісі сізге бір адам тауып келіп отырмыз. Екінші ауылда Итбай деген дүмше молданың жасы он төрт-он бестерге келген қызы бар екен. Бітуана болса, соны айттырсаңыз қалай болар екен. Ол ауылға ар жағынан іңір мезгілінде келіп едік, әлгі байғұстың үйі ауылдың шетінде, өзі далада тұр екен. Амандасып жөн сұрағаннан кейін, енді қайда барасыздар, қонып баталарыңызды беріп кетіңіздер деп жібермеген соң қондық, — деді.
— Ол қай Итбай? — деп Тұрлықұл елең ете түсті.
— Ана жылғы, езіңіз зекетке құйрығы құрттаған боз ала тоқты беретін молда.
— Е-е... е... е..! Ол бәйбішенің ысқатына да бір тайынша алған. Сол Амантай ауылында болушы ма еді...
— Байғұстың екі бөлмелі балшық үйі бар екен үйін балшық деп не қыласың, езі жылы, шамалы ағаш үйден таза. Күн көргіштігі де тәуір көрінеді, берген қонақасысы байдан ілгері, қазыны бұзбай салыпты. Қатыны да тәуір адам екен Құрекең құдаша деп ойнап жатты, менің кезім әлгі баласында болды. Баласы сұлу, ай десе аузы, күн десе кезі бар, киген киімінде бір кіршік жоқ, бармақтары майысқан, бойы тал шыбықтай. Шай құйғанда бір аяқты қағыстырмай, әдеппен отырып, тұрып жүрді.
— Өзінің оқығаны да болу керек, біз ас артынан әңгімелесіп отырғанымызда кітапқа да қарап отырды. Ертеңіне аттардың алдында, молданың інісі Қарақұл дегеннен: — қарындасыңды күйеуге беріп пе едіңдер? — деп сұрап ем. — Жоқ, теңі кездеспей, бере алмай отырмыз, — деді. Мен сізді қалай көресіздер деп едім, байекеңе бір баланы қайткенмен береміз ғой деп, жалпақтап қалды. Сізді ұната ма, ұнатпай деп біз Итбайдан тіл тартпай келдік. Егер орнын олқысынбасаңыз — баласында мін жоқ, — деп Байғазы тоқтады.
Тұрлықұл біраз тоқталып, ойланыңқырағандай болып:
— Ондай ретті адам болса, керерміз. «Есік көргенді алма, бесік кергенді ал» деген мақал бар еді. Өз көңілім де қыз алмақ, маған бермегенмен де, малға береді ғой, — деп көтеріліп бір қойды. Бірсыпыра әңгімелесіп отырғаннан кейін, бай, Аманжол, Қасенді шақырып алып:
— Мына билер шаршаған шығар, төсек салыңдар, — деді.
Билер күшенісіп, ырсылдасып далаға шықты, төсек салынып жатыр.
Билер келгесін, күтіп тұрған Аманжол, Қасен мәсілерін тартып, шалбарларын алып шешіндіріп, көрпелерін жауып, шам сөндіріп шығып кетті.
Жастыққа басы тимей-ақ Құрымбай:
Бәйеке, осы Есмұраттың, әкем тіріліп келсе де бермейін деп жүрген қара тазысын қалай алдыңыз? — деді.
Е ол ит қай бір сыйлап берді дейсіз, қорыққанынан берді ғой...
Оның мәнісі былай: былтырғы өлген інісінің қатыны сұлуша, жас адам болатын, Есмұратты кәрісініп, іргеден шықпақшы білем, оны Байғазы сезеді дағы, тазысын сұратады. Енді бермеске амалы бар ма? Бірақ тазының өзі де айтудай бар екен екі күнде Шалқаржан үш түлкі алғызды, жазғытұры көксоқтада қасқырға салам деп жүр. Ол қатын мың төркін жұрты да маған күзден бері дамыл беруді қойды. Бірақ шығымы жоқ жаман иттер ғой, тіске сыздық болғандай еш нәрсенің жөнін көрсетпегенсіп, мен де ырық бермей жүр едім, енді осыдан барғасын, қазақшылық қып, Есмұратқа басып неке қиғызатын шығармын...
— Байеке, олай болса, екі жылдан бері біздің Жиенбайға адамның жөні келмей сорлап жүр ғой, тәуір адам болатын болса, соған берсеңізші! Мен Жиенбайдан қара кер аты мен жүз сом ақша алып берейін.
Мұны естігесін, Байекеңнің ұйқысы ашылып кетіп:
— Жаман кісі күйеу таңдай ма? Ол келінге сыртынан асық болушы аз болмаса керек, біздің бала да барғыштап жүр білем, — деп бір аунап түсіп жатты да, — олай болса, Құреке, осыдан барғасын Жиенбайды жібер маған, ақ құйрық қағазын қалтасына сала келсін, ретіне қарай көрерміз... — деді.
Бұдан кейін әр нәрсені әңгіме ғып жатып, тойған билер үйді басына көтергендей қорылдасып ұйықтап қалды.
Бәйбішенің тірісінде де, өлгесін де, байдың төсегін салатын, самауыр қоятын бала еді. Тұрлықұл бай келе даяр төсекке жатып, бәйбішені есіне алып, үй ішінің азып бара жатқандығын тағы ойлап, қамығып, көзіне жас алып, теріс қарап жатып: Қой! Бәйбіше енді келмес, өткен күнді ойлап көңілімді жасытпайын, Әбішті шақыртып алып Итбайға жіберейін деді. Енді шалқасынан жатып, бозбала кезіндегі қалыңдық ойнағаны есіне түсіп, ендігі заман сондай болар ма екен деп тәтті қиялда жатып, талығып көзі ұйқыға кетті.
* * *
Ертеңіне шай ішіп отырғанда Тұрлықұл бай билерге:
— Сіздер ұнатып, Итбай қызын лайық көріп келген болсаңыздар, бүгін Әбішті, қасына бір кісі ертіп, жіберейін деп отырмын, — деді.
— Өзім қатарлы дәулеті жоқ демесеңіз, баласын біз ұнатып келіп отырмыз. Құдай бұйырса, Әбішті жіберіңіз, малға қыз бермейтін адам болушы ма еді. Бермесе Құрекең оның басына зобалаң туғызбай ма... — деп Байғазы күлді.
Кісілер кеткесін бай Әбішті шақыра кісі жіберіп, өзі шаруасына көз салайын деп далаға шықты. Бетімен жүрген торпақтарын қораға кіргізіп, шөп салдырды. Арық-тұрақ тай-жабағы тұратын қораның ішіне барса, бірсыпыра тай-жабағы шөп жемей, қарап тұр екен. Бай Қасенге қарап:
— Жабағыларды суардыңдар ма? — деді.
— Жоқ, кешеден бері су ішкен жоқ. Қызболған су жылытып бермегесін, мен қар тастап жүрмін, — деп Қасен өз жұмысымен бола берді.
Жайшылықта мұндайды көргенде жалшылардың жер-жебіріне жететін Тұрлықұл Қасеннің бұл жауабын елең алады. Бүгінгі күні оның ойында қыз айттырудан басқа шаруа шамалы еді. Бай бөтен малдарына кез салып, енді үйіне келгенше Әбіш те келіп қалды.
Әбіш — байдан үш-төрт жасы кіші жақын ағайыны, Тұрлықұл мен екеуі қатар өсіп, жастықты бірге өткізіп, бірінің бірі ымы-жымына түсінген замандас.
Байдың Әбіштен жақын жан ашыры жоқ еді. Тұрлықұлдың ағасынан қалған, төрт-бес немересі болса да, малына сала бастағансың оларды көптен маңына жуытпайтын. Ол жігіттер сырттан байдың өлуін ғана тілеп жүретін. Үйге бай Әбішке шақырған жұғысын айтты.
Әбден болады, бәйбіше қайтқаннан бері қарата өзім жақ, бұл жақтан сұрастырып, құлағымды түріп жатыр едім. Сол өзіңіз айтқан Итбайдың қызын лайықтап, осында келмекші болып жүр едім, — деп байдың, ойға алған ниетін мақұлдап шықты. Бұдан кейін бай, үлкен көк шанасына екі жиренді жектіріп, Әбіштің, қасына ауылдан бір кісі ертіп, аттанардың алдында:
— Малдан қашып, айттырмай келмегейсің, — деді. Тұрлықұл мен Итбай аулының екі арасы — 35 — 40 шақырымдай жер.
Әбіш жасынан кедейлік көрмегенмен де, пар ат жегіп көрмеген шамалы шаруаның бірі еді. Құтырып тұрған байдың атымен жеккесін көңіліне желік пайда болып, божы ұстаған болып: «Айда! Қаратастағы, не Жайылымдағы елге түстенейік деді. Олда ат шалдырып, түстеніп алып, ымырт шала, бұрқыратып келіп, Итбайдікіне түсе қалды. Далада тұрған Итбай, Әбіштің неге келгеніне түсініп, бәйік болып қалды үсті-үстіне сұрап, Тұрлықұлдың да амандығын қайта-қайта сұрап, Әбішті қолтықтап үйге есік ашып енгізіп, күпісің тымағын сілкіп, қағып жатыр.
Қонақтар жайласып отырғаннан кейін, Итбай ауыз үйге шықты. Ас салайын деп жүрген ауыз үйдегі қатынына келіп, ақырын сыбырлап қана:
Бұлар Тұрлықұл байға біздің Ғайшажанды айттыра келген шығар, қазыны бұзбай сал, — деді.
— Қатыны дыбысын шығарыңқырап:
— Тәйірі, қойшы, не болса соны айтпай... Жай жүрген шығар, Ғайшажанды шалға неге берейін, — деп Итбайдың сөзін жаратпай теріс айнала берді.
Итбай сыбырлаған қалпымен:
— Былшылдамай асыңды сал! — деп, тер үйге қайта кірді.
Шай қойылып, ет асылып жатыр. Әбіш кеңесті ерсілі-қарсылы соғып жатыр. Итбай «алда» дей түсіп, басты изей береді. Қатыны бұлардың қалпын ұнатпаған тәрізді; Ғайшаның ойында еш нәрсе жоқ. Ас артынан қонақтар, көп кеңесіп отырып, төсек салдырып жатты. Шам сөнгесін Әбіш қасындағы жолдасына сыбырлап:
— Баласы жұрт айтқандай бар екен Итбай байғұс сезген кісіше, жалбақтап жатыр, қатынын қойшы, тәйірі, әйелде билік бар ма, — деді.
— Итбайдың, жүрегі лүпілдеп, ұйқысы келмей: «Бұлар ештеме демегені қалай, батыр-ау? Етімді текке жеп кететін бола ма? Қазыны бекер тұтас салдырған екем!..» деп, дал болып біраз жатты. - Бір аунап түсіп: «Қой, жұмыссыз неге жүрсін. Ертең келген жұмысының жөнін айтар» деп көңілін жұбатты.
«Егер Ғайшажанды айттыра келген болса, он құлынды бие сұрасам ба екен болмаса таза мың теңге ақша сұрасам ба екен. ...Қой ақшадан да он құлынды бие дұрыс болар, бес-алты жылда құдай бұйырса жүзге тарта жылқы болмай ма? Жазғы қызығының езі қандай, үй сыртына ұзын желіні құрып, құлындарды шыңғыртып байлап жатқан қандай.
Кемпір-шалдың ысқатына кіріп мал таба бастағаныма міне биыл дәл жиырма бір жыл болған екен одан түсім шамалы ғой... Жұрттың, қолы жылдан жылға тарылып та барады, құдай тілекті берсе, мұратқа жетсем...»
Итбай дөп заманнан бері «осы қалқам ер жетіп, бай жерге беріп, көп мал алсам» дегендей мақсат қып жүретін. Итбайдың інісі, Қарақұлдың есінде, анау күнгі Байғазы бидің сөзі бар.
Әбіштің Тұрлықұлға Ғайшаны айттыра келгенін сезіп, қуанып, жөнді ас іше алмай жатып еді. «Мал алсақ кімнің қызын айттырсам екен?» деген оймен арпалысумен болды. Өзі білетін жаңа өспірім қыздарды сыпырып шықты. Әзінің сыртынан қызығып жүретін он үш-он төртке келген үш-төрт қызы бар еді; оларды Тұрлықұл сықылды қатыны өлгендер айттырып кеткен. Әлі де болса маңындағы қыз біткенді қайтадан бір сыпырып өтіп, ретін таба алмай, ақырында: «Қой, жас болса да құдай жеткізер, Санекенің қызын айттырайын» деп, көңілі алып қойғандай көріп, жаны жайланып, көзі ұйқыға кетті.
Ертең шай ішіп болғасын, Әбіш, Итбайды оңашаға шақырып алып, келген жұмысының жөнін айтты. Итбай қуанғандығын білдірмей ішінен «Е, құдай-ай! Менің де тілегімді беріп, байға қолымды жеткізетін күнің бар екен» — деп:
— Жақсы айтасыз, Тұрлықұлға бір баланы бермеймін демеймін; «ат сатсаң ауылыңмен» деген бұрынғылардың бір сөзі бар еді, туған-туысқанымды алып, ағайындарымды алып бір сөзін берейін; сіз үйге барып отыра тұрыңыз, — деді.
Итбай не жауап қайтарар екен деп, білдірмей, қораның ішінде тыңдап тұрған Қарақұл, бұл сөзін естігесін қуанғанынан секіріп түсті
Итбай ауылдағы Амантай, Жамантай деген ақсақалдар, Серғазы деген жігіт ағасы бар еді, — соларды шақыртып алдырып, Әбіштің келген жұмысының мәнісін айтты. Амантай Жамантай — құлағыңды кесіп алам десе де көне беретін момын, қой аузынан шөп алмайтын шалдары; Серғазы — ұзын бойлы, сұлу мұрт, жауырыны қақпақтай жігіт ағасы. Көп сөйлемейді, ерегіс-жанжалда жұмысы жоқ бірақ істейін десе, қолынан жақсылық та, жамандық та келеді.
Әбіштің келген жұмысын естіген ақсақалдар, бәрі бірдей: «Жарайды! Жат жұрттыққа жаратылған бала ғой, қайырлы болсын, беру керек, Тұрлықұл да бір орын. Мал десең, малы бар, бай десең, бай, әйел баланың орны табылғасын не керек», — десті. Қарақұл да шыдап отыра алмай қосарланып: Қарайды беру керек, бірақ неше мал алатындарын, сөйлесіңдер, — деп ақсақалдың бетіне қарады. Серғазы, отырып Қарақұлға:
Жеңгең ұната ма екен? Әйелдің бір көлденен билік болатын, білдің бе? — деді.
Қарақұл бірдеңе дейін деп келе жатыр еді, Итбай мен екі ақсақал оның сөзін бөліп:
— Не мал сұрасақ лайық болар екен? — деді.
— Бір түлігінен сегізден кейін алу жарамас.
— Мен он сұрасақ деп едім...
Ақсақалдар:
— Жарайды! Сүйек сатулы, малға саудаласқанның ұяты жоқ қой, сұрап көрейік, десті. Сөзді бір жерге түйіп алғаннан кейін, Әбішті отырған жерлеріне шақыртып алып амандасып болғасын, Амантай, Жамантай ақсақалдарымыз, пар қайырлы болсын айтып:
— Келген жұмысыңыздың жөнін Итбайдан естіп, байдың жасын санамай-ақ, бір баланы Тұрлықұлға бермекші болып отырмыз... — десті.
— Қайырлы болсын, алатын малдарыңыз біреудің алып, біреудің, беріп жүрген малы ғой, оны бір түлігінен алсаңыздар да, екі түлігінен алсаңыздар да өздеріңіз білесіздер, — деді Әбіш.
Ақсақалдар:
— Бай малынан жазбай ма, біз бір түлігінен он онды алғымыз келіп отыр, алатын да жөніміз бар емес пе? — деп біріне-бірі қарасты.
Әбіш бұлардың, да құда болғысы келіп отырғанын сезіп, өзі айтқан сегізіне табандап тұрғысы келді де, тағы да не қылайын деп, баталы малдан бір балалы малды арттырайын деді.
Итбай жұлып алғандай:
— Артына не бересің? — деді.
— Не алатындарыңды қайдан білейін, біздің байға жасау керек емес екендігін өздеріңіз де білесіздер ғой. «Шариғатпен кескен бармақ ауырмас» деген шамалап сұрап көріңіздер.
Итбай отырып:
— Мен баламды ырғалтып-жырғалтып жөнелтем демеймін. Бірақ төсек-орынсыз, жалаңаш-жалпы бере алмаймын. Бай 300 сомды ауырсынбас, — деді. Сол жерде көп тартыспай-ақ тоғыз балалы мал, 250 теңгеге бата қылысты. Уәде жаз бие бауда жұмысты бітірмек. Бұл отырған кісіде разы болмаған кісі жоқ, жалғыз Қарақұл «Екі жүз елу теңге не болады» деп естіртіп айта алмай, күңкілдеп кісілерді айнала берді. Бұны Итбайдан бөтен ешкім сезген жоқ.
Кісілер далада сөйлесіп отырғанда, Ғайша апасына келіп:
— Апа, ағамдар не сөйлесіп отыр? Пәлен ақша, пәлен мал деп бірдеме дейді. Мана жат жұрттыққа жаралған бала ғой, беру керек дегенін естіп едім, — деді.
Кісілер не жайынан сөйлесіп отырғанын сезген апасы Ғайшаға не дерін білмей:
— Сен бір шіріген жұмыртқа болдың ғой, қалқам... — деп көзіне жас алып, Ғайшаға білдірмей бөтен шаруасына айнала берді. Бұл сөздің не сөз екеніне түсіне алмай, екінші қайта сұрай алмай, Ғайша да қала берді.
Бұлайша бата қылысқанның артынан Әбіш:
— Мен біржолата құда түсіп кеткім келеді, Итбай, сен де бай кісі емессің, топ жинап тәрбие қылатұғын, біздің бай да жалғызілікті адам, ерсілі-қарсылы опыр-топыр қыла беруге оның да уақыты келмейді, бұл ұнай ма, Әмеке, Жәмеке? — деді.
Амантай, Жамантай:
— Молда біледі, бізге сіздікі дұрыс көрінеді, неге десеңіз Итбай да бәсекенің кісісі емес қой, — десті.
Итбай:
— Сіздердің ұнатқандарыңыз маған да ұнай береді, олай болса бүгін қонып, ертең сәрсенбіге біржолата құда түсіп кетіңіздер, — деді. Отырған кісілер құда-құда, сіз, бізбен үйге кірісті.
* * *
Үйге кіріп отырысқасын Амантай ақсақал Итбайдың қатыны Ақсұлуға қарап:
— Келін, қайырлы болсын, біз мынау Әбішпен құда болып, келіп отырмыз. Тұрлықұл байға Ғайшаны беріп келіп отырмыз. Жат жұрттыққа жаратқан бала ғой, — деді.
Келін ішінен иттер ит болып келіп отыр екен ғой деп:
— Қайнаға, Ғайшаны Тұрлықұлға теңі деп беріп келіп отырсқандар ма? Болмаса байлығына қызығып, беріп келіп отырсыздар ма? Бұл қайырлы болсын қай қайырлы болсын. Мен он қырық жеті берсе де жалғыз Ғайшамды шала беруге разы емеспін, байлығы өзіне, — деп теріс қарап күйбектей берді.
Әбіш:
— Ештеңе етпес, әйелдің сондай сөзі болатұғын, — деп шеберлікке салды. Келініне жауап қайтара алмаған Амантай, ұялғанын білдірмеген болып:
— Тәйірі, әйелдің, от басына бармайтұғын билігін қойшы, — деп көтеріліңкіреп қойды.
Серғазы дыбысын шығар-шықпас қып: «Әй, мана айтып едім ғой», — деп қисайып жата кетті. Ақсұлу: «Бұлар енді маған болмас, құдай жөнін берсе, уақытында көрермін», — деп ақылға жеңдіріп, ауыз үйінде мұңайып отырды. Бұл кеңестің артынан үй ішінде отырған адамдардың әрқайсысы әр түрлі ойға қалысты. Кейбіреулерінің ойына: «Әйелге еркектің үлкендігі бола ма екен беріп отырған жеріміз бай, мал анау, дүние анау, оралғы болатын жас баласы жоқ. Ғайша (ыр.і сала сол болып, күрп ете түспей ме, бұған енді пе керек екен?».
Бір сөз шығып кете ме деп, Қарақұл тықыршып өліп барады. Итбайдың ашуы қатынында.
Серғазы ішінен Ғайшаға жаны ашып: «Осының жақсы ат, жаман атына бекер кіріскен екем», — деп отырды.
Ертеңіне құда түскеннен кейін, Әбіш Итбайды шақырып кетті. Құда кетіп, үй босағасын, Итбай Ақсұлуға дамыл беруді қойды. Айтатын сөзінің көбі:
Ғайшажанға сенің жанын, ашығанда, менің жаным ашымай ма? Бара бәйбіше болатын орын емес пе, арман не!
Ақсұлу кекетіп:
— Мақсатыңа жеттің ғой, мазамды алма... — деп теріс қарап жүре беруші еді. Итбай Тұрлықұлға құда түсіп, мал алуға даярлана бастады. Қарақұлды киетін киім, жегетін шана, ат сұрауға жұмсап дамыл бермеді. Құдаға кімді апарып, кімді қоюдың өзі бір сүре болды. Амантай, Жамантай болып жеті-сегіз кісі елден шықты.
Серғазыға қаншама жүр десе де, құдалыққа бармай қалды. Көңілі есіп, төбесі кекке жеткендей боп келе жатып Итбайдың ойлайтыны: «Тұрлықұл, Итбай, құда, мал, мал...»
* * *
Үйде оңаша қалғасын Ақсұлу Ғайшаға әнеугүні не себепті шіріген жұмыртқасың дегенінің мәнісін айтып: «Қарағым, шалға барып қалай адам боласың...» — деп өксіп жылап отырды.
Болған істің анығын білгесін Ғайша да: «Апа, мен шалға барып қалай адам боламын», — деп апасын құшақтап көп жылады. Күннің күні бойы уайым, қайғымен жөнді ас іше алмай, кешке екеуден-екеуі оңаша мұңдасып отырған үстіне үйге бір жігіт кіріп келді.
Бұл келген — сол Есіл бойындағы Қарасарт аулының жиені Жүсіп баласы Қожа.
Қожаштың әкесі Жүсіптің әлдеқалай қайын жұртына көшіп келіп отырғанына бірсыпыра уақыттар болып еді.
Қожаш — орта бойлы, талдырмаш, сабыр иесі, сұлу қара торы, бір сезді, уәдеден таймайтын жігіт. Замандастары сол мінезінен өте жақсы керуші еді. Қожаш бұрын да Итбайдікіне бірнеше рет келіп қонып, Ғайшаның сұлулығынан мін таба алмай, сыртынан ғашық болып жүрген жігіттің бірі еді. Ғайшаны айттырайын десе, Итбайдың бермейтініне көзі жетіп, қолдың қысқалығына кінә қойып, көңіліне демеу бергендей болып, сол ауылға келгіштеп жүретін. Бүгін келгенінің мәнісі Итбай қызын Тұрлықұлға беріп, мал ала кетті дегенді естіп, үйде Ғайша не күйде отырғанын білмек еді. Шай ішіп отырғанда, Қожаш сыр тарту үшін: «Тұрлықұлмен құда болды деп естіп едім, қайырлы болсын», — деді.
Ақсұлу тұрып: «Қайырлы болсынды сүйісіп, құда болған кісілерге айтпасаңыз, Ғайшажан екеумізге айтпаңыз, Жиен құда болған біз жоқпыз», — деді. Бұл сөзді естігесін Қожаш ішінен шамадан тыс қуанып, екі көзін Ақсұлудан айырмай, көңілімен Ғайшаны сүйіп-құшып отырды.
Біраз отырғаннан кейін Қожаш тағы да: «Күш қазандай қайнайды, күресуге Дәрмен жоқ» деп бір сабаз айтқан екен сол сықылды, қолдың қысқалығы не қылғызбайды, жеңгей, — деді.
Ақсұлу отырып:
— Үйде ме, шырағым, «жігітті ағы білмес, бағы білер» деген — деді.
Оңаша үйде, бөтен баста адам болмағасын, бұл үшеуі мұңдарын, өткен-кеткенді әңгіме қылып көп отырды.
Ғайша да бой жете бастағаннан бері қарай, Қожашты сыртынан жақсы жігітке есептеп жүруші еді. Бұл екі ғашық бір-біріне сыр ашыса алмай, құр бірін-бірі сүйіп жүретін. Бұлардың ыңғайын байқап, Ғайшаның апасы қандай заман болады, бір-біріне айта алмай ибалық қылып отырған сөзі болса, сөйлессін деп, екеуін оңаша тастап ауыз үйге шығып жүрді. Ғайша мен Қожаш оңашалықта, құр іштерінен: «Мен сені сүйдім», «Сені мен де сүйдімнен» басқа ешнәрсе айта алмады.
Ертеңіне Қожаш аттанып кеткесін, апасы Ғайшадан:
— Кеше мен далаға шығып жүргенде жиен саған ештеме деген жоқ па? — деді.
Ғайша күлімсіреп:
— Жоқ, ештеме деген жоқ, апа, — деді.
— Жиеннің кедейлігі не керек, екеуің қол ұстасып жүрсеңдер де аштан өлмес едіңдер, құдай саған осындай жігітті де кез келтірмеді-ау ?! — деп апасы көзіне жас алды.
Тұрлықұл есіне түсіп, Ғайша апасын құшақтап жылап қоя берді.
* * *
Көп кешікпей бір үйір жылқымен Итбай да келіп қалды. Ақсұлуға: «Ет ас, той қыл» деп мазасын алып барады. Малға қайырлы болсын айта, шашу шаша келген ауылдың еркек, әйелдеріне Итбай Тұрлықұлдан көрген сый-сияпатын, жеген қонақасысын, қазына, мүлкі мен байлығын айтып, мақтанып, жаман жер үйіне сыймай отыр.
Өзін Тұрлықұлға бергеннен бері қарай, не болғанын білмей жүрген Ғайша, Итбайдың сөзіне шыдай алмай, ауыз үйде отырып, жылаған күйінде мұңды дауыспен қоя берді:
Әй, аға, шыныменен шалға беріп,
Ғайшанның теңін таппай, малға беріп,
Жиылған ағайынға отырғаның,
Біреудің бақ-дәулетін қызық көріп.
Он сорлы екі-үш күннен отқа түскен
Отырған ажал жетпей, қалуға өліп,
Жүрегім, басым дал боп, ішім күйіп,
Қайғылы, уайымды, шаттық сөніп,
Қор болу қиын емес екендігін
Түсініп есіме алдым бүгін біліп.
Теңімнің қатарынан ұзақ тұрмын,
Жүремін бірге қалай ойнап-күліп.
Бұл кезде көңілім суып, бойым мұздап,
Тұруға шамам да жоқ, жүруге ілініп,
Ғайшаның ұзақ жатыр жырлар күні,
Халықтық: «Бұл қалай», — деп сынар күні,
Ескермей ешбір нәрсе жүруші едім,
Бар ма екен қасірет, қапа шығар күні?
Ғайшаның теңі қайда, елі қайда?
Кешегі уайымсыз күні қайда?
Қалқамды сүйгеніне берем дейтін,
Әкенің жан ашырлық сөзі қайда;
Кез жасы, ренішіме қаламысың?
Балаңды от пен суға саламысың?
Болмаса жанық ашып жалғызыңды,
Айырып жау қолынан аламысың?
Мұны естіген соң, Итбай да, үйде отырған ауыл адамдары да әңгімесін тоқтатып, тым-тырыс, біріне-бірі қарап, бұл қалай дегендей дағдарысып қалды...
Итбай қатынын оңашаға шақырып алып:
— Ғайшажанды жылатып қойған сен итсің ғой?! — деп ұрсып, балағаттап бір сөз айтса сабағандай да болып, — ендігәрі зарланғанын маған естіртпе! — деді. Итбайдың ашуы тараған кезде Ақсұлу:
— Жақсы мен жаманды айырмайтын қызың бала дейсің бе, жасынын, он беске келгені есіңде бар ма? — деді.
Итбай:
— Е, бала емей немене? — деп үйге қарай жүре берді.
Қожаш үйіне келгелі бүгін үш күн, жатса-тұрса Ғайшаны ойлап, күн-түні қамығумен болды.
Үй шаруашылығынан бірдеме істейін десе, мойны жар бермей, тамақ ішуден де қалып жүрді. Жүрсе-тұрса сүлеленіп замандастарымен ойнап күлуден де қалды. Қожаштың бұл қалпын сезіп, сырлас жақсы көретін бір жеңгесі:
— Кенжем, бір жерің ауырып жүр ме, неге жүдеусің? — деді.
Сырлас, жақын, жаны ашитын жеңгесі болғасын, Қожаш бастан-аяқ сырын айтып, — дертім сол. Одан басқа ешбір ауруым жоқ, не қыларымды білмей жүрмін, — деді. Мұны естігесін жеңгесі:
— Олай болса уайымдап жата берме, атқа мініп көңіліңді көтер, Ғайшаң, жаққа бар, реті келсе сөйлесерсің, бөтен тірі жанға сыр берме, — деп ақыл айтты.
— Тағы бір есіңде болатын мынау: Тұрлықұлға бергеніне қыздың шешесі разы болмаса, онда қыз бен шешесі бірыңғай болғандығы ғой, сен қыздың шешесімен орайласқаның дұрыс болар.
Қайнысының көңілін көтерейін деп:
— Ғайшаны өлеңшіл дейтін, айтысамын деп жеңіліп қалып жүрме, кенжем, — деп күлді.
Бір күні үйге отыра алмағасын, Қожаш үйінен түс ауа шығып, тым болмаса Ғайшамен дидарласып келейін деп Амантай аулына қарай бет қойды.
Есілді жағалап келе жатқанда, бір шыңның астынан бір түлкі шыға кеп, аттыны көргесін қаша жөнелді, түлкіні Қуайын деп шоқыта алдындағы қырға шыға қалса, кетіп бара жатқан түлкі көрінбейді. Бір кішкене шоқыны айнала ұшып жүрген даланын, жайын бүркітін керді, ізімен жорытып келсе, түлкінің ізі әлгі шоқыға кірген екен. Айнала жүрсе, шыққан ізі жоқ — бүркіттен қорқып түлкі, шырпыны паналап жатыр екен. Мына бүркіт осы түлкіні алмас па екен деп, кішкене шоқыдан түлкіні қуып шықты. Бүркіт түлкіні көргесін-ақ аспандап барып, атқан оқтай зулап жерге түсті.
Бүркіттің түскен жеріне келе жатып, анадайдан даладай болып түлкінің үстінде тұқымдап жатқан бүркітті көрген соң, Қожашқа: Тұрлықұл Ғайшаны алар болса, бишара мұңды осындай халге түседі-ау деген ой кіріп, сол ой іштегі шерді толқытып сыртқа шығарды.
Даланы жаңғыртып ән шырқап, желе шоқытып, Қожаш түлкінің өкпесіне тұмсығын қадап жатқан бүркітке де жетіп қалды, аттан түсе қалып, түлкіні алып қанжығасына байлап: «Құдай бұйырса жолым болады екен», — деп ырым қылып, қатты жортып отырып, Амантай аулына келді. Қотанда қой бөліп жүрген бір баладан, өтірік білмегенсіп:
— Итбайдікі қай үй? Серғазынікі қай үй? Ол үйлерде қонақ бар ма? — деп жөн сұрады.
Бала Итбайдікі кейін қалды. Серғазынікі анау түтіні шығып жатқан үй, онда бүгін шілдехана бар, кеше Серғазы үйіндегі жеңешем ұл тапқан, жаңа шілделікке Атекем аулынан екі шана қыз келді.
Мұны естіп Қожаш ішінен қуанып, Серғазынікіне келіп түсе қалды. Үйге кірсе он шақты қыз төр үйде шай ішіп отыр екен. Амандасып, тумаға қайырлы болсын айтып, шешінгеннен кейін, Серғазы отырып:
— Жиен өзің қалаған жерге отырып шай іш, — деді.
Қожаш, екі көзін аққудың көгілдіріндей болып отырған Ғайшадан айырмай жағалай бергенде, Ғайша келдің бе деген кісі құсап қағысып оң, жағынан орын берді. Бұл екі ғашық көп ішінде амандасқаннан бөтен сөз сөйлей алмай, құр іштерінен бірін-бірі: «Мен сені іздеп келдім», бірі: «Қашан келер екен деп сағынып жүр едім» дегеннен басқа ойламады. Бұлар бірін-бірі көріп көңілдерін демеп, жандары рақат тауып, қантпен ішкен қара шай балдан кейін көрінбей отырды. Екінші ойлары соңыра ойын басталып, қолымызға домбыра тигенде не айтсақ лайық болар екен деген болып отырды. Ac ішіп болғанша, жан-жақтан шілделікке келген бозбалалар екі үйді лық толтырды. Серғазы қатын алғалы бірсыпыра жыл етсе де, бала болмай сағыныңқырап көрген қуанышы еді. Сол себепті ойын-той қылайын деп, жан-жақтың қыз-бозбалаларына өзі де хабар бергізген. Бозбалалар әбден жиналып болғасын, ортадағы үйдің есігін аштырып қойып: «Енді ойындарыңды бастай беріңдер. Өзіміздің ауылдың балалары, шеттен келген жігіттерге қызмет етіңдер, құрметтеп жіберіңдер, — деді Серғазы. — Тағы да, ұмытпай тұрып айтып қояйын, ертең де жиналып ойнаңдар, үш күнге шейін рұқсат, шамам келгенше аттарыңа шеп, өздеріңе қонақасыдан тартынбаймын», — деді. Бұдан кейін екі ыңғайлы жігіт шығып, қыз-бозбалаларды реттеп отырғыза бастады. Бұлар Қожаш пен Ғайшаға келіп:
— Сіздердің араларыңызға бір қыз отырғызайық деп едік, — деді. Ғайша:
— Жиенмен екеуіміздің тіземіз айрылмайтын шығар, бөтен жерге отырғыза беріңдер, — деп Қожашқа қарап жылмыңқырай түсті. Қыз-бозбаланы әбден отырғызып болған соң, әлгі екі жігіттің бірі тұрып:
— Серғазы аға! Өлеңді кімнен бастап айтқызайын? — деді Серғазы:
— Домбыраны бері әкел, өзім бастаймын, — деп домбыраны алып, пернесін тышқан аңдыған мысықтың аяғындай ептеп басып, әнге салып бір-екі ауыз айтып берді.
Серғазы той бастарын айтып болды да:
— Мә, шырағым Жұмаш, енді ретімен кісі тастамастан айттыра бер? — деп қолындағы домбыраны түрегеп берді. Домбыра шеттен жағалап келеді, әркім өз шамасынша айтып жатыр, кезек Қожашқа келді.
Қожаш домбыраны қолына алып, жұртты кеп бөгемей-ақ, «Қалқам шырақтан» жаяулатып үш ауыз айтып берді. Үй ішінде отырған бозбалалар бәрі бірдей шулап:
— Бәрекелді, Жиен тағы да айтыңыз, — десті. Қожаш болмас, айтайын деп, домбыраның құлағын қайта бұрап тамағын кенеп, біраз ойланып отырды. Қожаштың жанынан шығарып айтатыны да болатын. Бұл жолы «Қалқам шырақты» қояйын, түсінген кісі түсінер. Түсінбеген кісі түсінбес деп, Ғайшаның қазіргі халін, өзінің ғашықтығын жұмбақтап өлеңге қосып, ән шырқап қоя берді.
Қожаш өлеңін аяқтап, қолындағы домбырасын Ғайшаға қарай берді. Отырған бозбалалар да, Серғазы да:
— Жарайды, дұрыс айтасың, Жиен — десті. Ғайшаға өлең айт деуге бата алмай, Серғазы Жұмашқа:
— Домбыраны алып, шетінен айттыра бер, — деді. Ғайша күлімсіреп:
— Ертерек міндетімізден құтылайық, — деп қолына домбыраны алды.
Қожаштың айтқан өлеңі басқаға жұмбақ болғанмен Ғайшаға жұмбақ емес. Түтіндей булыққан іштегі шердің тиегін ағытып, көпке мұңын шаққандай үш-төрт ауыз өлең айтты.
Айтып болып Ғайша қолындағы домбыраны тастай беріп, Қожашқа қарай сүйеніңкіреп, содан бір жәрдем көріп, пана табатын адамша тығылыңқырап отырды. Қожаш та сыртынан он, қолымен өзіне қарай тартыңқырап жұрт шулап жатқанда, Ғайшаның құлағына аузын таяп, сыбырлап:
— Мен сені құтқарамын... Тұрлықұлдай бай емеспін, қара басыма разы болсаң... — деді. Құтқарам деген сезді естіген Ғайша буыны дірілдеп: — разымын, разымын, — деді.
Қара көлеңке бола берген кезде, ауыздарын жақындастырып сүйісіп алды. Бұлардан басқа да қыз-бозбалалар сүйісіп жатыр, бірақ бұл екеуінің сүйісуі, жақындығында риясыз достық бар.
Ғайшаның өлеңін естіген сол үйдегі әйел-еркектердің ойға қалмағаны жоқ. Бірсыпыра қатындар жылап та алды. Жылаған қатындардың көбі — малдың күшімен амалсыз келгендер. Кейбіреулері Ғайшаға жаны ашып жылап жатыр.
Кейбір бозбалалар: «Итбайдың өзі шын ит кісі екен ғой, Ғайша сықылды баланы, неше бай болса да шалға бере ме?» — деген ойға қалысты.
Серғазы, өз алдына қалың ойға түсіп, бозбалалардың ойын-күлкісіне алаңдамай, төсегінде шалқасынан жатып, «Рас, Ғайша жас, Тұрлықұл алпыста ма, одан да артық па. аппақ шалға барып бишара қалай адам болады; жақсы, ішер тамақ, киер киімнен кемшілік көрмес, бірақ оның Ғайшаға пайдасы не? Ойын-күлкіде өткізетін балғын мезгілін бір шалмен қалай өткізсін? Бишараға кінә жоқ, қайтсын байғұс, қалай зарламасын!.. Обал... Обал... Алғашқы кезде осынын, обал-сауабына кіріскендей болып ем, енді реті келсе, құтылуына себепкер болсам...» деп ойлап жатты.
Бозбалалар бірсыпыра өлең айтып болған соң, «алақан соқпай» ойнап, одан ортада отырғандарды кейін отырғызып, бірін-бірі көтеріп, ойнады. Шам қара көлеңке болған мезгілде, қыз-бозбалалар сүйісіп қояды. Қожаш пен Ғайша сөздерін әбден бітіріп, уәдені тастай қып байлап, ендігі әңгіме. ретін тауып Тұрлықұлдың торынан құтылу болды. Бозбалалар әбден тарқап болғасын, Қожаш төсек салдырып жатып қалды. Әнеукүннен бергі қайғы-қасіреттерін ұмытып, қуанышты қалыппен Ғайша да үйіне келіп жатты.
Бұл екі ғашық, екі жерде жатып, екеуі де таң атқанша ұйықтай алмай шықты, қашан қосыламыз, қашан мұратқа жетеміз дегеннен басқа ой бұл екеуінде жоқ.
Ертеңгі күн бұл екеуіне кеш болмады. Бір сағаттың ұзақтығы жылдай көрініп жүрді. Ғайшаның ете көңілді, бір жерде сабыр етіп отыра алмай жүргенін Ақсұлу сезіп, сұрауға ибалық етсе де, бір оңашалықта:
— Ғайшажан, шілделікке баруға күн қашан батады деп асығып жүрсің бе, қалқам? — деді.
— Я, апа, барамын, бүгін кешегіден ертерек барамын, түнде ойынға жиен келді, апа; екеуміз қатар отырдық, жиен өзі жақсы ғой, апа... Мені «шіріген жұмыртқа болдың ғой» деп рас айтыпсың, апа,... — деп Ғайша жылап қоя берді.
Апасы да жылап, біраз көңілін басып алғансың:
— Шырағым, Ғайшажан! Есіңде болсын, жиенмен қалай ойнап күлсең де мен сендерге ұрыспаймын, — деді. Апасынан мұндай сөз естігенсін Ғайша; көңілі Тұрлықұлдан мүлде құтылып кеткендей болып:
— Сен болмасаң, апа, мен не адам болар едім? Маған кімнің жаны ашыр еді, апа? — деп тағы жылап қоя берді.
* * *
Екінші күні кеш, шілделікке жиналған қыз-бозбалалар кешегіден гөрі азырақ болды. Ғайша мен Қожаш, кешегі қалып қатар отырды. Екеуі де қайғы-қасіретті ұмытқандай.
Бірсыпыра ойнап отырып, кешегі ұйқының әсерінен жалығуға айналып, түн ортасы ауа берген мезгілде қыз-бозбалалар тарай бастады.
Ауыз үйде кебісін таба алмай, қыздардан кейін қалған Ғайшаға Серғазы:
– Ғайша шырағым, сен қалып, бізге шай қойып берші, жақын ғой, артынан барарсың,, — деді. Серғазының қатыны да:
– Үкілім, кішкентай самауырды қоя қой, шырағым, — деді.
Ғайша сенек ішінде самауыр қойып жүргенде, Серғазы Қожашқа:
– Жиен, Ғайша екеуіңнің ыңғайыңды байқадым, Тұрлықұлға бергенге шешесі мен қызы разы емес, пәлен деп не қылайын ocы ауылда разы емес кісінің бірі мен, маған ешнәрсенің керегі жоқ... Мен сендердің тілектеріңде, осы күні оңаша жер ғой, барыңа қамыңды жей бер, — деп күліп, Қожашты үйден шығарып жіберіп күлді де, қатынына:
— Ешкімге сыр шашпағайсың, Балкүміс, — деді. Қожаш далаға шықты. Самауырға шоқ салып жатқан Ғайша артына жалт қарап, Қожашты көрді де, қолындағы шымшуырды жерге тастай беріп, қарсы жүрді:
— Жиен саған шай қоям деп тоңып қалдым! — деді.
Екеуі сағынысып көріскен адамдай, құшақтасып, сүйісіп, жолдан тайып, қораның қараңғы бұрышына қарай кетті... Қожаш үйге барайын деп жүре бергенде Ғайша тұрып:
— Жиен енді қашан келесің? — деді. Қожаш ойланып, биыл Тобылға шеп шапқанда бес күн кемі бар еді, соны өтеп, содан соң қалаға баруы бар, соны есептеп айналасын тоғыз күнге толтырып:
— Енді тоғыз күнде бір оралып соғармын, — деді.
Шай ішіп болған соң, Ғайша қайтқысы келмей, артында бірдемесі ұмыт қалған кісіше, артына қарайлай-қарайлай үйіне қайтты.
Төр үйде Серғазы мен Қожаш кеңесіп, көпке дейін ұйықтамай жатты.
Серғазы бастан-аяқ Тұрлықұл мен Итбайдың құда болып, мал алғанын, шешесі мен қыздың разы болмай жылауда екенін, Ғайшаны Тұрлықұлға беру мәслихатының ішінде өзі де болып, жазықсыз жастың обалына қалдым ба дегендей ойда боп жүргенін әңгіме қып айтып отырды. Осы байғұстың көз жасынан құтылудың амалын ойлап жүргендігін де айтты.
Қожаш та Серғазыдан сыр жасырған жоқ, Ғайшаны көргеннен ғашық болып, айттырайын десе тонының келтелігінен жазып жүргендігіне дейін айтып қамығыңқырады.
Одан әнеугүні Итбайдікіне қонғанын, қатыны мен қыздың сол күнгі сөзінен байқаған қалпын, кешеден бергі Ғайшамен сөйлескен сөзің еткен уәдесіне дейін тастамастан айтып, көңілсіз емес екенін білдірді.
Серғазы:
— Жарайды, Жиен енді өзің ешкімге сыр берме, келіп-кетіп жүргенде түсетін үйің осы үй болар, абырой сақтайтын жағын да ескеріп, кеш келіп, ерте қайтып ұятқа біз де қалмайтын жағын ескерерсің, өзіңе де абырой керек қой, — деді.
Ғайша да үйіне келіп, көңілдегі мүддесі біткендей болып рақаттанып, апасының бас жағында салулы тұрған төсегіне жатып, ешнәрсе ойламастан ішінен «тоғыз күн», «тоғыз күн» деп қайта-қайта айтып, бір түрлі тыныш, тәтті ұйқыға көзі кетті.
Ертеңіне Қожаш атын ерттеп, кешегі олжа түлкісін Серғазыға байлап, енді аттануға айналды.
— Өзіңнің де жолың болатын реті бар екен ғой, — деп Серғазы күлді. Қожаш атына мініп, жолда Итбайдікіне түсіп, Ғайшамен дидарласа кетейін десе дағы, құр түсіп аттанудың ретін таба алмай, тура еліне қайтты.
Есілді жағалап, аяң-жортақпен келе жатқанда, аттарын сүмектей қылған, өздері сақ-сақ күлген үш жігіт жолықты. Бұлар: Жүніс, Әлкең Бірке дейтін бұрын Қожаштың ойнап-күліп жүрген жігіттері екен амандасып болғаннан кейін:
— Жиен қайдан келесің? — десті. Қожаш жөнін айтқасын, Жүніс тұрып:
— Серғазының қатыны ұл тапты деп еді, шілделікте болған екенсің ғой, — деді.
– Барған жұмысым ойын емес еді, бірақ кез келгесін шында болдым, — деп Қожаш күлімсіреді. Әлкен күліп:
– Жиен кімнің қызының қасында отырдың? Шыныңды айтшы? — деді.
– Кімнің қызы екенін білмеймін, әйтеуір бір қыздың отырдым, — деп күлді.
Жүніс тұрып:
— Әнеугүні, мен бір Итбайдікіне барғанымда, Ғайша қашанда бүгін жиен қонып кетті деп аузынан тастамай отыр еді, дәу де болса, Ғайшаның қасында отырған шығарсын, — деді.
– Ол байғұс бір қор болған бала ғой, әкесі шалға бергеннен бері қарай құсаланып жүдеп кетті деп жүр еді, қалай көрінеді, байқадың ба, жиен? — деп, Бірке Қожаштың бетіне қарады.
– Сөйлескем жоқ, бірақ көңілі жарым кісінің қалпы бар көрінеді.
– «Ит жегенше кісі жесін» деген бір мақал бар еді, сол Ғайшаны сен алып қашсаңшы, жиен. Осыдан еліңе аман-есен бір жетіп алсаң құтылғаның ғой. Сонау Көкшетауға артыңнан кім іздеп барар дейсің, — деп Жүніс жолдастарына қарады.
Бірке тұрып:
– Олай деме, Жүніс, жиен Ғайшаны алып қашса, артынан іздеп барушы болар, бірақ жиеннің елі де іргелі ел емес пе... Бұл елді алсақ бұлда сүттей ұйып отырған ел емес... Тұрлықұлдың жесірі үшін өле кетуші шамалы болар. Міне, Тұрлықұл үшін өлмейтіннің бірі мына мен, — деді.
– Е, Тұрлықұл ана жылы, біздің, өзі сорлап сіңірі шығып отырған Қуакеңнің жесірін, тал түсте, Әбіш бас болып, ауылындағы небір бәйшігештеу Қыдыр дегенге алып берген сонда біздің қанша жазығымыз бар еді? — деп Әлкен зығырланғандай болды.
– Жазығымыз кедейлігіміз шығар, қотанды қой, үйірлі жылқының жоқтығы шығар... - деп Жүніс те мұңайған тәрізді болды...
Қуекеңнің жесірінің кетуіне себеп болған — ана жылғы өлгем штатта, біздің Медеудің Тұрлықұл жағында болмағандығы ғой, сонан бері бізге ие істегісі келмей жүр. Жылқыңды шаңдатып, ауыл үстіне бастырып, Тасөткелден суарма дегеніміз, бұрынғының үстіне қосымша болып, болыс, билер өз жағында болғасын, біздің мың мая шығатын Кең шалғынды тартып алмақшы болып жүрген жоқ па... Ғайшаны алып қашқан кісіге жаяу қалсам да астымдағы атымды қосып берер едім, — деп Бірке күрсінді.
— Рас-ау, ойда жоқ жерде, Бірке, сен едәуір әңгіме айттың-ау, құдай жөнін беріп, Ғайшаны алып қашатын бір еркек табылса, есте болатын іс екен — деп Жүніс те қайраттанғандай болды.
— Жақсы, жігіттер, «Сөз сезден туады, сөйлемесе қайдан туады» деген мақал бар еді, Итбайдың қызын Тұрлықұлға бергеннің, езі байлар мен би-болыстан кедей, нашар атанын, көрген кемшілік, қоршылықтарын қозғап, қай-қайдағыны еске түсірді-ау. Сендер оны айтасыңдар. Бір жылы мен ауылдағы жаман Тоқпай деген сасық байға шепке тұрғам. Тамақ, киімді жөндеп бермегенімен жай қоймай, күнде боқтап, басыма қамшы үйіре бергесін, шыдай алмай, шығып кетіп ем. Сол ит күніңді бітірмей шықтың деп бір айлық еңбек ақымды әлі бермей жүр. «Саған ақымды жібермеспін» деген сертім бар еді, сол әлі кетіп бара жатыр...
— Біздей сорлылардың, құр аузы айтатыны болмаса, қолынан не келуші еді, — деп Қожаш тағы мұңайғандай болды.
Бәрі де ат үстінде, қамшыға сүйеніп ойға қалғандай.
— Қой, құр тұрып ерте күнді кеш қылмайық, не нәрсені уақытында көрерміз... Жиен «жас-жастың тілегі бір, жібектің түйіні бір» деген бізді өзіңе сана. Енді біз жүрейік, —
деп Бірке атының басын бұра бастады.
* * *
Өткен штаттан бері Тұрлықұлдың жатса-тұрса ойынан шықпай, түйткілденіп, мазасын кетіріп жүрген — Медеудің өткен штатта соңына ермегені бір болса, екінші, жылқысын Тасөткелден суартпағаны. Оның, бір кегін Медеудің жесірін тартып алып қайтарып еді, оған місе тұтпай Кеңшалғын есінен шықпай мазалана беруші еді. Бір күні Тұрлықұлдікіне,
би-болыстар сау етіп түсе қалды. Бұлар байдікінде, қаздай қалқып, үйректей жүзіп екі-үш күн жатты.
— Мына Медеуден кекті қалай аламыз, менің көңілім жалғыз жесірмен місе тұтатын емес, Кеңшалғынды алып, Тасөткелден жылқымды суармай кегім бітпейді. Сөйтіп бір сол кедей немелерді табаныма салып, әне біреу селтеңдеп жүрген қу тірсек Бірке дейтінінің екпінін басып қойсам деймін, — деп Тұрлықұл Байғазы мен Құрымбайға қарады.
Байғазы, Құрымбай:
– Байеке, жалғыз сіздің емес, сол Медеудің ызасы де есімізден кетпей жүр-ау, қолдағы ел аман болса, бидің бұл тілегіңіз орындалатын тілек қой, — деп шіренісіп отырды.
Әбіш тұрып:
– Осы Кеңшалғын ретінде бай менімен көптен ақылдасып, сіздерді шақыртып жібермекші де болып жүр еді, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген, сірә, біздің байдың бұл ісінің сәті келер, — деп күлімсіреді.
Құрымбай «жер деген сізге оңай ғой» деген кісіше, көтеріліңкіреп, насыбайын қағып жіберіп:
Олай болатын болса, осы жолы біржолата байдың ісін бітіріп кетейік, — деді.
Отырған жұрт ақылдасып, Тұрлықұлға тағы қалған дос-жорларын, Кеңшалғынды тартып алу үшін Медеу үстіне жиылыс құрмақшы болды.
Тұрлықұл Медеуден Кеңшалғында даулайды екен, би-болыстар сол ауылдың үстіне съезд құрады екен деген хабар дүңк ете түсті.
Бұл хабарды естіген жұрттың бірсыпырасы «сорлы Meдеуге штат, ерлік, билік не керек еді, Тұрлықұлдың етегінен ұстап, дегенін істеп отыра бермес пе», — дегендер де болады...
Бірке, Жүніс, Әлкен бұл хабарды естігеннен кейін ауыл ақсақалдарын, тағы басқа ағайындарын жинап алып, ақылдасып жиналып төбелесіп, би-болысты ауылға түсірмей таратсақ қайтеді, — десті.
Ақсақалдар тұрып:
– Қой, шырақтарым, олай болғанда ауырлық сендерге түседі ғой, сендердің бастарын, байланып жүрсе, арттарыңнан адам жоқ, алса жерін алар, күндерің туса көрерсіңдер — деп, төбелес қылуды тоқтатты. Бірке тұрып:
Жарайды, сіздер ұнатпасаңыздар о да болсын, біз таза «ниетті қазаға» енейік деп ек, олай болса, алатын жерін өздері ала берсін, бірақ ауылға келіп опыр-топыр қылмасын деп алдынан кісі жіберейік, — деді. — Жіберейік, жіберейік, — деп би-болысқа Жүністі аттандырды. Жүніс ауылдан шыға бергенге, топтанып би-болыстар да келіп қалды.
Медеуде би-болыстар екі-үш қонып, мазалап, әптер-тәптер қып басып-көктеп Кеңшалғынды алмақшы болып ауылнайға қарай кетті.
Ал қыдырып көңіліңізді көтеріп қайтыңыз деп Тұрлықұлды да ертіп кетті. Бармағын тістеп Біркелер қала берді.
Әй, бишара кедей-ау! Саған да атар таң, шығар күн бар ма екен!
* * *
Кештетіп Қожаш үйіне келді. Далада су әкеле жатқан жеңгесі күліп:
— Түсің жылы көрінеді, кенжем. Жолын, болды ма? Аткөлігің есен бе? — деді.
Қожаш күлімсіреп, есен деп үйге кірді. Көңілсіз емес екендігін жеңгесі сезіп, анығын білуге асықса да Қожаш көп құмарландырмай үйден шыққаннан, үйге келгенше көрген-білгенін бәрін айтты.
Құмарланып тыңдап отырған жеңгесі:
— Жарайды, қайырлы болсын, бірақ тоғыз күнге дейін сен қалай шыдап жүресін,, Ғайшаң қалай шыдап жүреді? — - деп әзіл тастады.
Қожаш күлімсіреп:
— Бір сағат та керісе алмай отыра алмағандаймыз, бірақ тым жиі бара берумен көзге түсіп, құр сезікті боламыз ғой? — деп қойды...
— Қожаштың ауылында, қандай сырлар болса да жасырыспайтын Бекарыстан дейтін бір жолдасы болатын.
Сол жігіт бір күні Қожаштан: — кейде көңілді, қуанышты, кейде жабыңқы жүресің, Қожаш; маған сырыңды неге айтпайсың, кейде қыдырсаң жалғыз қыдырып кетесің... — деді.
Қожаш бастан-аяқ барлық сырын айтты.
— Енді мен құр бозбалашылығым болса, бөтен біреу естіп сезсе де ешнәрсе етпес еді, құдай бұйырса, осы жаз алып қашамын ба деген ойым бар, ешкімге сездірме, Бекарыстан өзің ат салысып маған жәрдемші бол, — деді.
— Жарайды, қолдан келген жәрдемімді аямаспын, құрбылық былай тұрсын, Тұрлықұлдан көк алу үшін де ісіңе кірісемін. Ана жылы жоғалған бір биесін нақақтан-нақақ үйде қарап отырған біздің Жанарыстаннан керіп жаяу тастап, жалғыз аты мен бір сиырын алды ғой, сондағы Жанарыстанның кінәсы — бие жоғалған күні кешіне бір тайын іздеп, Тұрлықұлдың жылқысын аралаған екен. Итбайдың қызына өзім де сөз айттырайын деп жүр. едім, енді мен қойдым. Оғанда осылай болсын. Ал енді ертең Ұрқияның күйеуі келеді деп естідім. Сәрсенбі, бейсенбіге ойыны болса керек, соған Қожаш. Менің атыммен ертең ағам қалаға барушы еді, сенің атыңды жегеміз. Жарайды, барайық.
Ертеңіне бес-алты жігіт боп, Қожаш, Бекарыстан тойына баруға шықты. Той Тұрлықұл аулымен көршілес отырған Алтыбай аулында. Бұл екі ауылдың іргесі айрылып көрген жоқ.
Қазақтың қар басқан аулы, пештің мойнынан шыққан болмаса, қай жерде үй бар, қай жерде үй жоқ адам сыртынан қарап білетін емес. Қорадан шығып а.үрген бейсауат мал да көрінбейді. Ауыл сыртында қар жатқан он шақты арық-тұрақ. Сырттан ауыл жым-жырт.
Ауылдың шетіндегі бір үйге түсіп, той етін жеп бола берген мезгілде сырттан:
– Атшабар, атшабар! — деген дауыс шықты.
Ауылдан топтанып шыққан кісілерге еріп бұлар да барды. Бұлар келсе, бір жағынан Бірке, Әлкен, Жүністер де келіп қалған екен, бір-біріне қосылып шұрқыраса кетіп, бірыңғай отырды. Бұлар бәйгеге Жүністің қара керін әкепті.
Сол жылы қыс жеңіл болғандықтан, дәмелі бозбалалар астындағы бір-бір атын жаратып тастаған екен.
Бұлардың ішінде Бірман деген ақ көңіл, алаңғасарлау бір жігіт бар еді. Жұрттың бәйгеге қосайын деп жатқан аттарын көріп делебесі қозып, мен де атымды шаптырамын деді.
Бірке, Бекарыстанның қой дегеніне болмай, тым болмаса бір таң асырмаған атын бәйгеге қосты да жіберді. Сонымен Қожаш, Біркелерден екі ат қосылды.
Атты айдап жіберген соң, жиналған жұрт екі жарылып күрес салды.
Бірман жайшылықта көрінгенмен алысып, жұлыса беруші еді. Әркім мазақтап, «Бірман балуан» дегенді малданып жүрсе керек. Бас балуанға өзім түсем, жол біздікі деп, белсеніп ортаға барып отырып алды.
Жиналған жұрт, жол дегенге сөз айтсын ба, Бірманға балуан шығарды. Екеуі ұстаса кетті. Кім жығылғаны белгілі ғой. Бозбалалар күресіп болғанша, ат та келіп қалды. Жүністің қара кері мен бір торы ат бөтен аттардан оңашада, алдында қатар келе жатыр. Торы ат — Байғазының баласы, Шалқанның белгілі жүйрік торысы. Шалқан менің атым озып келеді деп шертиіп, түлкі тымағын қисайта киіп, ортаға шыға берді.
— Шалқан, кейін тұр, аттарды жасқантасың, кімнің аты озып келгенін жұрт көреді ғой, — деп Жүніс те қарақшыға қарай жүгірді.
Торыдан қара көрдің мойыны озып қарақшыдан етті.
Шалқан: — бас бәйге менікі, былай шыға менің атым озды деп жанжал шығарды. Жүніс: — бәйге менікі, менің атым озып келген жұрт, көріп отырсыңдар, — деп ентіге басып ортаға барды.
— Оңбаған Медеу, саған не қылған бас бәйге? — деп Шалқан Жүністі қамшымен екі-үш рет сілтеп етті. Шарт-шұрт төбелес болды.
Жұрт қой-қойлап, төбелесті тоқтатқан соң, Шалқан тұрып:
— Бәлем Медеу, кеше қатының мен жеріңді алып ек, бұдан былай басыңды алармын, — деп атынын, басын бұрды. Біркенің Смайыл дейтін бір шалы тойға аяғынан кездескен. Маған шапан бермей, Томанға кигіздіңдер, мені ырымнан құр тастағандарың кешегі штаттан қалмай жүрген кикілжің ғой деп: Бірке, Жүніс, атқа мініңдер... Бұның тойын да, езін де... — деп боқтап тағы жанжал шығара түре келді. Түлкібай дейтін сол ауылдың, ақсақалы: — бір ашуыңызды бізге беріңіз, Сәке, — деп Смайылды тоқтатып, бір «көк шолақ» ырымын әперді.
Той тарқағасын, кеше ойынға жиналған бозбалалардың басы құрала бастады. Қожаш, Бекарыстан Біркелер де жолдастарымен іздеп келген жерлеріне барып, қыздармен араласып отырып алды. Қожаштың, түндегі Серғазынікіндегі Ғайшамен бірге отырғаны, сөйлескен сөздері, қылықтары есіне түсіп, қасында үкілері тоқпақтай болып отырған қыздарды менсінбей, бұл ойында жөнді өлең айта алмай, өте көңілсіз өткізді. Ойынға бір кезде Шалқан келіп:
— Мына Медеудің бозбалаларын шығарыңдар, жаудың бізге керегі жоқ! — деп айқай салды. Бірке:
— Шықсаң өзің шық. Өзіңе жанжал керек болса, үйді бүлдірмей далаға шығып төбелесейік! — деп белсеніп тұра келді. Жұрт екі жағына да жалынып, тоқтатып, ойынға отыра берді. «Бәлем тұра тұр», — деп Шалқан ашуланып шығып кетті. Қыз-бозбалаларды ойнатуға Түркеш, Нұрыш дейтін екі жігіт шығып, бір қыз, бір бозбаладан отырғызып, қазақшылық қалыппен ретімен өлең айтқызып, «сақина алмақ», «алақан соқпа» дейтін ойындарды ойнатып болғанша таң атуға жақындап қалды. Отырған қыз-бозбалалар шаршап, кейбіреуінің ұйқысы келіп, кейбіреулері көлеңкелеп, сұлап, бөтен әңгімеге айнала бастады. Күйеу қосшысының, бозбалалардың ырымын әперіп ойынды тарқатайық деп, Нұрыш, Түркеш барып ырым сұрады. Күйеу қосшысы Әлімбай деген бір тіс қаққан жігіт еді. Жарайды берейін, «орамал тонға жарамағанмен жолға жарайды» деген мақал бар еді, кәне не аласыңдар, жігіттер? — деді.
— Жиылған қыз-бозбала көп, он сомның күмісін бересің, — деді Нұрыш.
— Он сомды қой, үш теңгенің күмісін алып, соны жеткізе берсеңдерші.
— Ораздың малын аяйсың ба, үш теңгемен ойын таратқанды қай атаңда керіп едің? Түнеугүні Медеу Салықтың қызын ұзатқанда, күйеуден он сомның күмісін алғанбыз. Сол Медеудің бозбалалары да ойынға келіп отыр, оларға таба боларымыз жоқ, — деп Түркеш дауласып отырып алды. Ақырында күйеу-құдадан сұраған кәдесін алып, қыз-бозбалаларға апарып үлестіріп беріп, ойынды тарқатты.
Ауылы шалғайырақ Қожаш, Бекарыстан Бірке, Жүністер Ұрқияны апарып салып, ертең, біржолата қайтамыз деп, сол ауылға қонып қалады. Ондағы ойлары: «Не болса да аяқтап кетейік. Шалқанды құдай бір кездестірмес неткен осы Тұрлықұлдың қосағын қосақтап, бізбен байланысып жүр ғой, болмаса оның бізде несі бар. Осының сүйегінен кетпейтін бір таңба салып жіберейік. Тұрлықұлдың жалғыз қызының күйеуі Шалқан таяқ жеп қайтса, ол Тұрлықұлға да тиген таңба болады ғой», — деген еді. Ертеңіне Ұрқияны шығарып салуға, ауылдан үш шақырымдай жерде отыз шамалы бозбала, бірсыпыра қыздар жиналып тұр еді. Жиналған жігіттер Біркенің ыңғайындағы бірсыпыра кедейлер еді. Тұрлықұлдың қосағын қосақтаған Байғазыдан бір өліп ек. Шалқаны тағы масқарасын шығарды-ау деп, жігерленіп, әңгімелесіп тұр еді. Көп ұзамай-ақ қасында Тұрлықұл ауылынан он шақты жігіті бар, ылғи түлкі тымақ, семіз ат мінгендері ертіп Шалқан келді. Артында екі шана Ұрқиялар келе жатыр.
Буына нан піскендей болып, жігін бөлектеп Шалқан кеп тұра қалды.
Ұрқия келгесін Медеу жігіттері күйеуден «дең асар» ырымын сұрады.
— Сен қу тірсектерге не «дең асар» керек, Алтыбай мен Тұрлықұл ауылының құда-күйеуінен «дөң асар» алуға жетіп пе едіңдер, — деп Шалқан түсе қалды.
— Алтыбай мен Тұрлықұл аулы кім еді, аламыз, — деді.
— Е, Тұрлықұл кім болмаса, кеше қатының, мен тал түсте Кеңшалғынды қалай бердіңдер ? — деп торы атпен ортаға қарай көлденеңдей берді. Кеңшалғын құлағына тиген соң манадан шыдамай тұрған Жүніс Шалқанды сегіз қырлы қамшымен періп-періп етті.
Тұрлықұл Кеңшалғын туралы Медеуге істеген зорлығын ертең Ғайшаға да істейін деп отырғандығы есіне түсіп, Қожаш та шыдап тұра алмай, білеудей қамшымен Шалқанды бір-екі тартып өтті. Ызаға шыдай алмай тұрған жігіттер мырзаларды сойды да салды. Шалқан шекесі қанап аттан құлады.
— Іс бітті, бір кекті алдық, — деп Бірке жігіттерді алып, ауылға қарай жүріп кетті.
* * *
Қожаш үйіне келіп, оны-мұны шаруа жұмыстарын біткесін, ертеде Ғайшамен уәде еткен күні, қайткенмен де барып, бір көруге асығып жүрген ғашығының көңілін бітірейін деп " атына мінді. Жақсы керетін жеңгесі Қожаштың атының басын ұстап тұрып:
— Сапарың қайырлы болсын, — деп күліп қалды.
Жолдан Бірке, Жүністерге соға кетейін деп, Біркенікіне түсе қалды. Әңгімелесіп отырып Бірке:
— Біздің ақсақалдар, Кеңшалғын мен Тасөткелді, тағы әнеугі өзіңе айтқан жесір әңгімесін ұмытпаған көрінеді. «Осы Итбайдың қызының тұсында, Тұрлықұл байдан кекті бір алып қалуға болар еді, бірақ сол қызды әкететін еркек тумаған шығар», — деп отыр.
— Жүніс, Әлкен болып өзіміз ақылдасып ек, сол Ғайшаны алуға сені лайықтап отырмыз, Жиен сен қалайсың шыныңды айт, осы қыздың тұсында «ат жүрмеген жерде қалмақшы» болып отырмыз. Сен талап етсең, реті келетін орындар бар. Қолдан келген жәрдемді, Тұрлықұлдан бір көк әперуге жарасаң, сенен аямас едік, — деді.
— Жарайды олай болатын болса, мен сендерге сендім, жас-жастың тілеуі бір деген бар еді, жалғызілікті кісімін ғой, маған да жолдас керек, сендер жолдас болам десеңдер, маған жарайды; бірақ менің айтатыным — екі сөйлемейік, сөз бір болсын, — деп қол алысып Қожаш атына мінді.
Біркемен сөйлесіп отырып, айналыңқырап қалған екен кештетіңкіреп Қожаш Серғазынікіне келіп қонды. Серғазы да қонағына қуанып, қалдырмастан амандықты сұрап жатыр.
Қожаш та амандыққа қанып: - Әлгі жаман немелеріңнің дені сау ма? — деп жалпылық қалды.
Шай ішіп отырғанда, Серғазы қатынына:
— Мана Ғайша екеуің не сөйлесіп отыр едіңдер? —
Бәйбішесі күлімсіреп, Қожашқа бір қарап қойып:
— Үкіліме кешке кел, екеуміз отырып іс тігейік деп едім, — деді.
— Олай болса әлгі қойшы баланы қой, шақырып келсін.
Мұны естіген соң Қожаш қуанып, Ғайшаны кергенше асығып отырды. Біраз уақыттан соң, ас пісуге жақындаған ауыз үйдегі қойшы балаға келіп Серғазының бәйбішесі:
— Шырағым, барып Үкілімді шақырып кел. Жеңешем деп айтады де; біреу-міреу үйлеріңде қонақ бар ма деп, ешкім жоқ де, бар... Көп кешікпе, қазір ас түсіремін, — сыбырлап жұмсап жіберді.
Қойшы бала Итбайдікіне жетпей, екі ортада келе жатқан Ғайшаға жолықты.
Сені шақыра келе жатыр едім, апеке, жеңешем жіберіп еді, іс тігейік деп, жүр, апа, — деді.
Қарағым, үйлеріңде кім бар?
* * *
Ac ішіп болғасын, бірсыпыра ас басып, әңгімелесіп отырып, Серғазы мен Қожаш төр үйге төсек салдырып жатты да, Ғайша мен Серғазының әйелі ауыз үйде іс тігіп отырды. Қойшы бала әлдеқашан ұйықтап қалған.
— Шам сөнген соң Серғазы Қожашқа қарай аунап түсіп, сыбырлап:
— Анау күнгі ойыннан бері, Ғайша осы үйге келгіштеп жүр. Балкүміспен сырласып жүрсе керек, істеріңнің бет алысы жаман емес сықылды көрінеді. Осы сен не ойлап жүрсің, жиен? Жаз да тірі кісіге жақындап қалды. Итбайдың көңілі, енді бірер жетіден соң Тұрлықұлдан мінетінін мініп, артынан алатын ақшасын алып, беруге даярлана бермек, құр бозбалашылық, уақытша ғана нәрсе ғой, түпкілікті жолдастыққа көңілін, қалай? — деді.
— Білмеймін, нағашы басымды Ғайша үшін қиған кісімін, бірақ қорқамын дағы. Тұрлықұлдың жалғыз үйлі мен түгіл іргелі елге істеп отырғаны анау: не басында, не жерінде, не жесірінде еш билік жоқ; пәлесі тағы өз алдына; не істеп, не қоярымды білмей жүрмін, ақылыңды айт, нағашы, не қыламын ?
— Үйіңді мұнда тастап, Ғайшаны еліңе әкеткенде, мұнда жалғыз ағаңды жүндей жеп түтіп қояды ғой. Менің ойлап жүргенім жаз, қар кете салысымен еліңе кеш. Елге барып қосылғасын жайланып, бірер жігіт ертіп келіп әкетсең дұрыс болады-ау деймін. Елге келсек, бұл ел де тап-тұйнақтай тыныш отырған жоқ. Тұрлықұл болсын, оның, жаны ашыр жалғыз құдасы Байғазы болсын, оның серігі Құрымбай, басқа би-болыстардың, былайғы қара бұқараға тұяғы тимегені жоқ, солардың қай-қайсысының болса да атының, сүрінгеніне жаны ашушы кеп емес шығар. Әйткенмен де, жесірін іздемей қарап тағы отырмайды, сендер де іргелі елсіңдер, түбі бір жөні болар, ел қалпы осылай. Ендігі бір жақын болып сырласатын адамдарын, өз ауылыңның бер жағындағы жартас маңындағы ел. Ол елдің ана жылы, білесің ғой, суатқа жылқыңды ауыл үстінен айдама дедің, деп, Кең шалғын деген шабынын тартып алып отыр ғой Тұрлықұл. Тағы соның ызасымен бір жесірін тартып алған. Сол елдің Әлкең Жүніс, Бірке деген жігіттеріне бар да, олармен қауіпсінбей сырлас; қолдан келген жәрдемін аямас, Тұрлықұлға азуын басып жүргендердің бірі солар.
Осы сияқты ел жайымен Қожашты әбден таныстырып, кеңесіп жатып, ұйқылары келгесін Серғазы төсегіне кетті.
Жол ұзақ, іс тігіліп болды. Серғазы ұйықтап қалды. Үйінде атпаған адам жоқ. Жалғыз-ақ бесіктегі баланың анда-санда іңгәлап, ыңырсып жылағаны болмаса, Қожаш, Ғайшаны мазалайтын ешкім жоқ.
Біреу-міреудің көзіне түсіп, сезікті болармын деп, Қожаш қайтып кетті.
Ғайша үйге барып, төбеге шығып, Қожаштың қарасы кеткенше қарап тұрды.
* * *
Ғайша мен Қожаш кеткесін Балкүміс Серғазыға:
— Осы Үкілім, жиен дегенде ішкен асын жерге қояды. Бір сағат көрмей отырсам, тұтқында болғандай боламын» дейді. Екеуі де біріне-бірі лайық балалар ғой, Тұрлықұлға барғанда байғұс не күн көрер екен? — деді.
— Осының көз жасына ортақ болмайын деп істеп жүрген ісім ғой, оны өзің де сезіп жүрген шығарсың,, енді сен әркімге сездіре көрме, егер жиен мен жоқта келсе, өзің реттеп жүрерсің, — деді Серғазы.
Осы қалыппен қар кеткенше Қожаш келіп-кетіп жүрді Оның келіп-кетіп жүргенін сезе қойған кісі жоқ. Қожаш ерте келіп, ерте кетуші еді. Сол ауылда жалғыз-ақ Жұмаш деген жігіт сезіп, Серғазыға айтып еді, Серғазы:
Қой, шырағым, о да өзіңдей бозбала ғой, болса бозбалашылығы бар шығар, болмаса жоқ шығар, керсең де көрмесең де жүре бер, — деген.
Серғазы сыйлайтын ағасы болғасын, Жұмаш үнді қойған.
— Итбаймен іс бітірсек, қайтеді деп ем, — деп ақылдасты, бәйбіше қайтқаннан бері, үй шаруашылығының жүдеушілікке айналғанын тағы да жырдай қып мұңайды.
— Жарайды, қайырлы болсын, уәделі күн болса жақындап келеді, іс бітірем деуіңіз теріс емес, Итбай да момын адам ғой, уәдесін бұзбас, бір кісі жіберіп шақыртып алыңыз, — деді Әбіш.
Тұрлықұлдан шақыра кісі келгесін, қалай барып қонақасы ішудің амалын таба алмай отырған Итбай қуанып қалды.
Ертеңіне Амантайды ертіп, бір жігіт қосшы алып, Тұрлықұлдікіне ерте-ақ келіп қалды.
Құда қошаметіне ауыл адамдары жиналып, Әбіш те келген.
Бұлар әңгімелесіп көп отырды. Әңгіменің көбі үй шаруасы, мал жайы болды.
Итбайдың қуанышы өз алдына: «Бұл не деген тәрбие, бұл не деген қонақасы, көрпе, жастық, байдың бәйбішесі өлмесе, бұл тәрбие құрметке қолым жетпес еді-ау», — деп, біресе он, жағындағы, біресе сол жағындағы жастыққа сүйеніп, шынтақтап отыра алмай отырды.
Ертеңіне Әбіш байдың Итбайды шақырған жұмысың іс бітіретін мезгілдің жақындап келе жатқандығын айтты.
Итбай, Амантай жарыса:
— Бізде екі сөз жоқ, уәдеміз — уәде. Қайырлы болсын, — деп жалпақтап қалды.
Әбіш пен Тұрлықұл ақылдасып, Итбайды көркейтіп жіберу ниетімен мініске екі құр ат, Амантайға арықтау бір деннен мінгізбекші болды; шапан-шапқыты езіне басқа. Екі жүз елу сомды санап, қалтасына бөлек түйіп алып Әбіш қу:
— Молдеке, мынау екі жүз елу сом ақша, санап алыңыз. Жапырақ емес қой, — деп күліп Итбайдың алдына тастай берді.
Итбайдың жүрегі лүпілдеп, қолы қалтырап, ақшаны екі-үш қайтара санап, әйкеліне сыймаған соң, жаман орамалына қайта-қайта түйіп қалтасына салды.
Итбайдың ыңғайын байқаған Әбіш қу:
— Молдеке! Біздің байдың жайын өзіңіз көріп отырсыз ғой. Тезірек қимылдаңыз, әйелдің бір кейін шектендіре беретін болатыны бар да, — деді.
Итбай тағы да:
— Уәдем — уәде. Осыдан барғасын қалаға барып, керекті нәрселерді алып даярлана берем, өздеріңіз де хабарласып тұрыңыздар, — деді (Мұнысы Тұрлықұлды сыпайылап шақырғаны.)
Құдалар бірер қонғасын, ат жектіріп қайтуға айналды. Ат жегетін бала тұрып шыға бергенде, Итбай:
— Әй, шырағым, байдың берген екі атын жек, — деп қоқиланып қойды.
Амантай отырып:
— Жақсы, Тұрлықұл, құрметін, құдайдан қайтсын... кездесе берсе жарайды, Итбайға қарап:
– Қош, енді жүрейік, — деді.
Итбай көтеріліңкіреп қойды.
Ат даяр деген хабар келгесін, кісілер киіне бастады.
Әбіш қу Итбайдың күпісін кигізіп, белбеуін, тымағын әперіп бәйек болып жатыр.
Итбай бір семіз кісіше уһілеп, ырсылдап киініп болды.
Далаға шыққасын кісілер қоштасып, Әбіш Итбайды қолтығынан көтеріп шанаға мінгізді. Итбайдың төбесі көкке екі-ақ илі жетпей қалды.
* * *
Жаздай құр жүрген байдың екі атымен Итбай бұрқыратып келе жатыр. Көңілінде ешбір мұңы жоқ, мүддесі — Ғайшаны аман-есен Тұрлықұлға ұзатпақ. Ақсұлуға сенбестік етеді; бірақ «сол ит әйелдің қолынан не келуші еді» деп, көңіліне тоқтау береді. Ақшаның қызуымен Итбай белін де буған жоқ.
Жолшыбай Амантаймен екеуінің кеңесі Тұрлықұлдың байлығы, одан көрген сый-құрметі болды. Бірінің-бірі сөзін қостап, байды мақтап тауыса алмай келе жатыр. Амантайдың көзін ала беріп, ақшасын байқау үшін, қалтасына қолын да салып қояды. Бір ауылдың үстінен өте бергенде, божы ұстаған жігітке:
– Бала, шауып өт! — деді.
– Жарайды, — деп атшы жігіт, түрегеліп, қолындағы құнтын бұлғап, анда-санда айқайлап қойып, шаба жөнелді, суаттан ала шолақ сиырды айдап келе жатқан бір кемпірді басын кете жаздады.
– Құтырып кеткен неме ме өзі, болмаса мае па, өлтіріп кете жаздады ғой, — деп кемпір сасқалақтаған бойымен қала берді.
Бұл ауылда бұларға жолыққан ешкім жоқ, жолығып жөн сұраймын деген болса да бұлар тоқтамай, бұрқыратып өте шығар еді.
Жалғыз-ақ бес-алты ит арсылдап, абалап бұларды ауылдан бірер шақырым жер шығарып салды.
Жер үйдің төбесіне шығып тұрған бір кісіге, қораға қой қайырып кіргізіп жүрген бір бала:
– Әй, аға! Әлгі бір кісі Бал әжемді өлтіріп кете жаздады, - деп аузын томпайтып, - өздері жынды білем, сірә, - деді.
Үйдің төбесінде тұрған кісі бәрін көріп тұрып, бұрқыратып бара жатқандардың кім екенін танып:
— Е, шырағым, ол кісінің жынданса, жынданатын жөні бар, — деді.
Кешке әрі тоңып, әрі шаршап аһлап, уһлеп отырған кемпір өзін өлтіріп кете жаздаған кісінің кім екенін біліп:
— Адыра қал-ау, шіркін, былай Сәрсекке қызын бермей жүргені осындай бір мал қылайын деп жүр екен ғой, ит, көзіме бір көрінбейді-ау, ит терісін басына бір қаптар едім, — деп күпісін жастанып, дем алуға қисайды. Іңір мезгілінде жын тоғымен тұрған екі ат барлығып, аяқты басуларын сұйылта бастағасын, енді жүре берсек тұрып алар деп, бос алған өз аттарын жегіп, жұрт шайын ішіп бола берген мезгілде Итбай мен Амантай ауылға әрең жетті. Итбай үйге кіріп, терде жаюлы жатқан көрпешені өз астына төрт қабаттап салып, уһ деп отырды. Шай ішіп отырғанда, ауылдан қыдырып келген екі-үш бала-шағаға киітке мінген аттарын мақтап, ақты-көктіні шатып отырды.
Итбайдың бұл сөзі Ақсұлу мен Ғайшаның құлағына кіріп те шыққан жоқ; бұлардың өз қуанышы өзімен кеше Қожашы тағы келіп кеткен.
Аузының суы құрып, манадан Итбайдың, сөзін тыңдап жатқан Қарақ ұл ұшып түре келіп:
— Қап! Үйге Дәркені қойып кетіп, божыны өзім ұста бармаған екем, етке бір тойып келетін едім, — деп өкініп отырды.
— Асықпа! Әлі әлденеше рет тоярсың, бар, аттарыңды доғарып, паналау жерге байла, оралып қалатын болмасын, — деп қатынына бір қарап қойды.
Балаларға Итбай аттарын сипаттай бастады:
— Аттың бірі — қара кер ат, бірі торы бесті; қара кердің тісі ескілігі болмаса, байдың қылауына қыл жуытпай жүрген бір атақты аты екен. — Қарақұлға қарап, кісімсінген бойымен:
— Жаз, көксоқтада, баптап, қасқыр қуарсың, шырағым, — деді. — Бірі — торы бесті, пұл болатын мал сықылды көрінеді, жаз құр жіберіп, күз сатармыз деп, бір аяғын көсіліп жіберді.
Түнде жатқанда, Итбай Ақсұлуға сыбырлап:
— Сен ит, Ғайшажанды шалға бердің деп, жаратпаған болып жүрсің-ау, ит болмасаң құдай сонша мал, сондай дүние берген кісіні адам кеміте ме екен. Ен дүниеге, бара күрп ете түсетін Ғайшам бақытты емес пе, Тұрлықұлдың ел десең елі бар, мал десең малы, бақ десең бағы бар, сол ел, бақ, мал Ғайшажандікі емес пе, — деді.
Ақсұлу ешнәрсе демеді. Осы арада қатынды сөзден тоқтаттым-ay деген кісіше Итбай рақаттанып жатты.
Ертеңіне, таң атқаннан кешке дейін, Итбай мен Қарақұлдың жұмысы киітке мінген екі ат болды; үстін қырып, жалын тарап, сылап-сипап, келген кеткен кісіге мақтап, оттап жүрген жерінен айдап жүргізіп көрсетіп, жануарларға дамыл еді. Жатса, тұрса ойлайтұғыны — қалыңнан алған малы, астына мінген екі аты.
Қызығы басылмаған аттардың, біресе бірін, біресе бірін мініп, күнде жылқысын аралап қояды. Жылқыға барған санын, буаз биелерін екі-үш қайтара санап қояды.
Кешке үйіне келіп қатынына: - Өзіміздің торы жорға бие буаз болса, жаз он екі бие туады екенбіз, ақ күбіге қымыз сыймайды ғой; ыдыстың жақсы болушы ма еді, соғым терісінен ыдыс істейсің бе, болмаса Тұрлықұлдікінен бір саба алдырамыз ба? — деп Ақсұлудың мазасын ала берді. — Сен ит, қымызды әркімге бір құйып, шап-пұштап, астың берекетін енді қалыпты бәйбішенің салтымен бұдан былай асты ұста, — деп үгіттеп қояды.
* * *
Не шаруаның болса да уақыты жақындап, Ғайшаның беретін мезгілі таянып келе жатқан соң, жасау алу үшін Итбай қалаға бармақшы болды. Бұрын қыз ұзатып көрмеген адам, алып, не қоюдың ретін таба алмай, Ақсұлуға:
– Ғайшажанға не жасау аламыз?
– Мен білмеймін, балаңның несі бар, несі жоқ екенін білмеймісің, ретіне қарай ала бер, қалада не бар, не жоқ екенін мен қайдан білейін, — деп Ақсұлу жаратпаған адамның, қалпын көрсетті.
Қатынынан жөнді сөзге жарымаған соң, Қарақұлды Серғазыны шақырып алды. Серғазы келгесін:
– Мына менімен бірге қалаға жүрсең қайтеді, Ғайша жанға жасау алайық, — деді. Серғазы:
– Менің жұмысым бар еді, қалаға бара алмаймын, ақшаны жұмсап келе алмайсың ба, ешкімді ертпей-ақ өзің барсаңшы, — деді.
Сонда да не аламын, не қоямын деп мазалай бергеннен соқ.
Серғазы:
— Сен ішік, кілем алмайсың, бөтен жасаудың да Тұрлықұлға керегі жоқ. Ғайшаға киім, төсек-орын, қол сандық, сабын, айна, тарақ сықылды нәрсе аларсың, мен енді шаруама барайын, — деп орнынан тұра бастады.
Ғайша мұңайып бұрышта теріс қарап отыр еді, Серғазы соған шыдай алмады.
Итбай: «Отыр, ас ішіп кет, Серғазы,» — деген болды.
— Жоқ, алда разы болсын, үйде кісі бар еді, — деп Серғазы үйден шығысымен Итбай:
— Тартып отыр, сен итті асқа қаратып қайтейін, — деп жан-жағына қарады.
Қарақұлға: «Әбзел, шананы даярлап қоярсың», — деп, жатып қалды.
* * *
Итбай үйде жоқта, Ғайша ылғи апасының қойнына жатушы еді, ағасы қалаға кеткесін, бір күні төсекте жатып:
— Апа, осы ағам жеңілейіп кетіпті-ау? — деді.
— Тәңір алғырдың сені сатып алған малын көтере алмай жүргені ғой, біздің не ойлап жүргенімізді қайдан білсін!
— Апа, осы ағам мені жақсы көрем деуші еді, онысы бекер екен-ау?
— Сені жақсы кергенмен де, бай мен малды сенен де артығырақ кергені ғой...
— Апа, осы адам өз баласын кемшілік, қоршылыққа қалай қияды екен?
— Рас, қалқам, қазақтың қызды «жат жұрттыққа жаратылған бала» дейтіні бар ғой. Кім болса, соған, тек мал берсе бере салады, сондықтан ғой қыз байғұстың: «Бар ма екен ата-анадан бауыры қатты, баласын әлпештеген малға сатты...» деп өлең айтып жылайтыны.
Ғайша үндемей біраз мұңайып жатты да, қатты күрсініп:
— Апа, осы қар қашан кетеді, қырға қашан көшіп шығамыз? — деді.
— Қамалдың бүгін он бірі ғой, енді көп кешікпей қар кететін шығар.
Осы қалыппен кеңесіп жатып, әбден ұйқысы келіп талыққасын барып ұйықтап қалды.
Қалаға бара жатып Итбай, жолшыбай ат шалдырып түс қонған жерлеріне қалаға не үшін бара жатқандығын, кіммен құда болғандығын, не алып, не қойғанын айтып, көкіп отырды. Тұрлықұлды білетін біреулер: «Оның өзі шал, баласы жоқ деуші еді, қалай құда болып жүрсің?» — деушілер де болды.
Біреуде біреудің не жұмысы бар, сонда да Итбайдың сырын білген кейбіреулер: «Қой, сырың, белгілі болды, айтпай-ақ, қой,» — деушілер де болды.
Жолшыбай пар атпен ауыл үстінен шауып өтіп, божы ұстаған балаға:
— Пардағы атты қырындатып қой, — деумен келе жатыр.
Ақшаны байқау үшін, анда-санда қалтасына қолын салып қояды. Итбай сол бұрқыратумен қалаға кірді.
Ертеңіне Итбай пәтерден ертерек шай ішіп, көп дүкеннің ортасында тұрып:
— Екі жүз елу сомның саудасын істеймін, қайсың, арзан бересіңдер! — деп ауылдағы қалпымен айғай салды. Итбайдың даусын естігендер:
— Бізге келіңіз, біздің, киіттен бар керегіңіз табылады, бізден табылады, — деп дүкеншілер жан-жақтан шақырып шатыр.
Итбай бір дүкенге кірді.
— Ұзататын қызға жасау керек еді, — дегесін, саудагер Итбайдың алдына: батсайы, шайы, қырмызы, барқыт, берен товарларды жайып салды.
Итбай да білгір кісіше, заттарды жаратпағансып, бірін бірімен қол екен» деп, бірінің «арқауы жіп екен» деп көп сау қымсынып, керекті нәрсесін алды.
Қырдан келген шаруаны жеп қалған саудагер ұялмастан әр нәрсесіне екі-үш бәсін сұрауды білді. Итбай да саудаласып еді, бірақ жеп қалған саудагер шаруаға жегізсін бе...
Қалған ақшасына «Тұрлықұл менен есеп сұрап жатқан қой» деп үй ішіне керекті нәрсе-қара алды.
Ақшаны жұмсап болғасын Итбай тұрып:
– Енді, бай, шыныңды айтшы, өзін, ес білгелі, мендей тұтас екі жүз елу сомның саудасын істеген кісі бар ма? — деді.
Саудагер де Итбайдың қалпын сезіп:
– Жоқ, бай, көрмедім, — деп теріс айнала беріп, қасындағы бірқаншігіне көзін қысты.
— Е, өзім де солай ойлап едім, — деп Итбай дүкеннен шықты.
Итбай үйіне келіп, шанадан түспестең қорада мал жайлап жүрген Қарақұлдың даусын естіп:
— Мал аман ба? Бүгін жылқыға бардын, ба? Құлындаған бие бар ма? — деді.
Қарақұл айқайлап:
— Жылқыдан әлгінде келдім, таянып жүрген биелер бар. Құлындағаны жоқ. Сүйінші, торы жорға бие біраз шықты! — деді.
Итбай ішінен: «Е, құдай, бере кер, биыл жаз он екі бие сауады екенбіз,» — деді.
Үйіне кіріп бара жатып, есік алдында самауыр қойып жүрген Ғайшаны көріп:
— Ғайшажан, саған жасау әкелдім, апан, мен екеуің үйге енгізіңдер, — деді.
Үйге кіре беріп, ауыз үйде бір шаруасын істеп жатқан қатынына:
— Әй! Бүгін барыңды ас, Ғайшаның жасауына той қылайық, ақ қойға пышақ тигізбе, оны Тұрлықұл келгенде бұзарсың! — деді.
— Қойшы, не болса соны айта бермей! Тойды біржолата істерміз, — деп Ақсұлу Итбайдың сөзін жаратпай айнала берді.
Итбай қаладан келді дегенді естіп, жасау көреміз деп келген ауылдың қыз, келіншек, тағы басқаларына алған нәрсесін көрсетіп, қалай алып, қалай қойғанын мән істеп, көкіп отырды.
Амантай шал:
— Қайырлы болсын, мұндай жасаумен бұл жерде қыз ұзатқан жан жоқ шығар, — деп Итбайды көтере сөйлеп отырды.
Итбай көңілденіп:
— Әй, қатын, асын, пісті ме? Тез пісір! — деді.
Базарлық жейін деп келген ауылдың толып жатқан бала-шағасын үйден қуып шығып, Итбай Амантайға жалпылдап жатыр.
Амантай Итбай сөзін құр қостай береді.
Түнде жатқанда Итбай қатынына сыбырлап:
— Ғайшаның киімін тігетін машинашы қайдан табылар екен? — деді.
— Ғалым тікпей ме?
Ғалым тігеді ғой, бірақ Ғайшажанды биылғы Алпыстың қызы ұқсатып жүрмесе.
Қойшы! Не болса соны айта бермей... — деп Ақсұлу тәрізденіп теріс қарап жатты.
Онда ертең Қарақұлды жіберіп шақыртып алармыз, — деп Итбай бәйбішесін езіне қарай тартты.
Ағасынын, жасау әкеліп, киім тігетін машинашы ізде бастағаны Ғайшаға батады, бірақ амал не?
Бұдан былай қарай, көңіліне әр түрлі ой түсіп, түннің ішінде ұйықтамай өткізетін болды.
Көңілінде Қожашпен кетпеймін деген ешбір ой жоқ. Ағасы қаладан келердің алдында,-Қожаш келіп екі қонып кеттім, бір күні Серғазынікіне, бір күні Жұмаштікіне. Қожаш қайтарда: «Елге көшердің алдында бір келіп кетермін,» — деген.
Байғұстың ойының көбі «Қашан қар кетіп, қашан көк шығып, қашан ел жайлауға кешер екен» деумен болды.
Мінекей қар кетіп жатыр. Күн жылынды. Көк шыға бастады. Адамзат, жан-жануарларда көңілді емес бір жан жоқ.
Қыс жеңіл болып, қар ерте кетіп, бір малы екі болып: сиыр бұзаулап, бие құлындай бастағанына шаруа да көңілді. Күн жылынып кеңігеніне мақұлықтар да көңілді; мекеніне келіп, жайланғанына құстар да көңілді. Ауылдан шақырымдай жердегі көлде қаз қаңқылдап, шағала шаңқылдап, үйрек бырылдап жатыр. Аққудың сұңқылдаған даусы естіледі. Есіл бойында бұталарды паналап сайраған сандуғаштың даусы қайғылы көңілді жұбатқандай, ертемен шырылдаған боз торғайдың даусы, ұйқылы-ояу, киіз үйде жатқан шаруаны тербетіп оятқандай, жаздың болғанына балалар да көңілді ауылдан он шақты, не одан да артық болып шығып, бір шыбықты ат, бір шыбықты қамшы қып ойнап, бірін-бірі божылап жегіп, қара жерге аунап, әбден шаршап, ауылға біржолата күн батқасын келеді. Итбай да көңілді: қалыңнан қалған биелері құлындап жатыр. Енесінің қасында шолтандап, ойнақтап секіріп жүрген құлындарын, сағынып көрген баласынан жаман «айналайын құлыншақайым» деп қояды. Көңілді болмай қайтсын, жаз сауатын он екі бие, аз ғана қыстан аман шықты. Ғайшаның киімі тігіліп болып, жасау даяр, ұзатуға елдің жайлауға шығуын күтіп отыр. Ештемені сезген тәрізді емес, көңілінде қауіп жоқ. Жаздың болып, уәделі уақыттың жақындағанына, апасы мен Ғайша да көңілді. Жалғыз-ақ: Қожаш қашан келер екен деп тықыршиды.
Тұрлықұлды жесір дауымен алаңдатып, күз ылғи қара таяқ кедейлерден жүз шамалы орақты Кеңшалғынға саламыз деп, Бірке, Жүніс, Әлкен де көңілді. Тіріні көңілдендіріп, ағаш-шөпке ажар беріп тұрған аспандағы күннің кезі де бесікте жатып, ыржыңдап күлген баладай көңілді. Жер-дүние жап-жасыл, әр түрлі мәнері бар кілем жапқан сықылды: Қызыл қызғалдақ, көк, жасыл, сары гүл жапырақтар шығып желкілдеп тұр.
Қыстау төңірегіндегі жазғытұрғы шаруасын бітірген соң, елдің алды бие байлап, арты байламай жайлауға көше бастады. Жамантай ауырып, науқасы қатты болғандықтан Амантай ауылы әлі жайлауға көше алмай отыр.
Итбай тықыршып, маса-шыбынға жем болып отырамыз ба, әр түрлі шаруамыз бар ғой, бие де байлаған жоқпыз, науқасы «айтушы еді, теңге салып алсақ та көшу керек деп, Амантай, Серғазыларға ақылдасып еді, Жамантайдың науқасының түрі жаман болғандықтан олар ырық бере қоймады.
Итбай бір жерде отыра алмай, үйге бір кіріп, бір шығып, біресе Жақынға көңілін сұрап, үйден шыға беріп: «Ит, өзі өлетін болса өлмеді-ау!» — деп, біресе жылқысын аралап жүрді.
Құлындамаған екі-үш биесін айналдырып: «Қашан құлындар екен?» — деп, өзімен өзі кеңесіп, тағы үйіне барып, екі арада сенделіп жүре беретін болды.
Ауыл көшпей тұрып, Тұрлықұлдың үйінің амандығын біліп келсең қайтеді деп, Қарақұлды жібермекші болды.
— Бар да, бір қонып қайт, байға менен сәлем айт, біз даярланып болдық де, Құлыкөлге кешіп барған соң хабар езімізден болар, оның бер жағында бай келем десе, келіп қайтсын де, — бірсыпырадан хабар болмаған соң, ағам әдейі жіберіп еді дегейсің... — деп қайта-қайта тапсырып жіберді.
* * *
Қар кетіп, жер аяғы босағасын-ақ, Қожаштікі сегіз жыл отырған нағашы жұртымен ренжіспей өз еліне көшті.
Ғайшамен айтысқан сөз, алысқан қол — уәденің нық екендігін ел азаматтары Серғазы, Жұмаш, Жартас еліндегі Бірке, Жүніс, Әлкенің тілектестігін жеңгесінен ағасы Түлкібайға ертеден айттырған.
Ағасы мұны естіген соң, ұнатудың да, ұнатпаудың да жөнін таба алмай, біраз жүріп, Қожаштың Ғайшаны алмай алмайтындығын сезген соң, елге көшуге белін ертеден т.н. байлаған.
Осы жаз, құдай амандық берсе, бір-бірімізбен ренжіспей тұрғанда, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақал бар еді, елге көшем дегенді ертеден құлақтандырып жүретін.
Сол себепті... Түлкібай неге көшті деген ешкім жоқ.
Қожаштың жолдастары: Бірке, Әлкен, Жүніс, Бекарыстандар айтқан сөзінен шықты. Бірі жиендік деп, бірі тамырлық деп, бірі замандастық деп жетіспеген көлік, арба, әбзелді мүлтіксіз қып сайлап берісті.
Қожаш, Ғайшасына барып, бері болса, он жеті күн, әрі болса он тоғыз күнді уәде қып келген. Жұмаш, Бірке, Әлкен, Жүніс, Бекарыстан жиырма шақты жігіт болып, семіз ту қой
сойып, Қожашты елінен мықты бір көш жер шығарып салды.
* * *
Тұрлықұлдіікіне барып Қарақұл екі қонып қайтты. Барса, амандыққа, іс бітірудің уәдесін алып келуге Тұрлықұл да Итбайға кісі жіберейін деп жатыр екен. Қарақұл келгенсін бай қуанып қалды.
Амантай ауылы жайлауға әзір кеше қоймайтын болғасын, Тұрлықұл Әбішті шақырып алып, Итбайдікіне барып келсем қайтеді деп еді, Әбіш:
— He қыласыз, аларда біржолата барарсыз, қалыңдық ойнайтын жас емессіз қой, — деп тоқтатты.
Жамантайдың науқасы алғашқы кезде қатты болса да, арт кезінде терлеп тәуір болыңқырап, дертінің аяғы тер сүзекке айналды.
Бөріге байлаған лақтай алаңдап отырған жалғыз ауыл, Жамантай тәуірірек болғасын, бір түнде жайлауға көшті.
Ауыл көше алмай, уәделі жерден табылмай қалам ба? - деп ішінен қауіп ойлап жүрген Ғайша көшкенге шамадан тыс қуанды.
Кәдімгі қазақтың көші: балалары тайға мініп, шалдары көш бастан, қыз-бозбала бірінен бірі «Жол азық», «көш азық» дейтін ырым сұрап, ақақауласып келе жатты. Бозбалалар балаларды жарастырып, тұра қалып күрестіріп, жығылғандарын мазақтап, көш жөнекей ермек етеді.
Құлыкөлге келіп, Амантай аулы жылдағы орнына қонды. Ертеңіне жан таласып бие байлауға даярлана бастады. Ыңғайлы балаларды, ыңғайлы аттарына мінгізіп, айғыр үйірленіп желінің басына қарай қайырмалады. Топтанған кісіні көрген соң, көкке тойып есіріп тұрған жылқы желінің басына жуымайды. Құлынын ертіп қашқан биелерді қуып желіге тығып, айғай-ұйғай ұласты. Қашқан биеге бір жағынан ит те қосарланады.
Сорына қарай, Итбайдың қалыңнан алған биелерінің үшеу-төртеуі жүген, құрық тимеген шу асау малдар екен, соларды ұстап байлаудың өзі бір жұмыс болды.
Ертеде Итбай Тасмағанбет деген байға молдалыққа тұрғанда құлын ұстап, байдың асауларымен айналысып әдістеніп қалғаны мұндай жақсы болар ма, бие байлаған кезде күш көрсеткен өзі болды'.
Бие байлауға деп асқан етті, желі-желінің басына қыдырып жүріп ақсақалдар жеп жатыр.
Итбай Қарақұлды желінің басына құлын оралып қалмасын деп тастап кешке дейін жұмысы бие суарумен болды. Бір жетідей құнттап сауған соң, Итбайдың сабасы толды.
Итбай ауыл ақсақалдарына барып: — осындай ас жиналып тұрғанда, Тұрлықұлды шақырып алып, біржолата жұмысты бітіріп жіберсем қайтеді, — деп ақылдасты.
Серғазы тұрып: — қымыздың алдын әзіміз ішпей, жұмыс бітіреміз дегенін, не, жұмыс бітіруге тағы ас жиналмай ма, қазақтың ырымын құртайын деп пе ең? — деп сүбелеп болмады.
Ертең Итбай қымыз мұрындық бермекші болды. Серғазының бұлайша жанын салып сүбелеуі — уәдесіне жетсе, Қожаш ертең кешке, болмаса үш күн етіп төртінші жүні келмек еді.
Бір күн, жарым күн болса да кешіккенге, апасы мен Ғайша қуанып қалды.
Қожаш аман-есен туып-өскен еліне көшіп келді. Ағайын-туғандары қарсы алып, Жүсіптікі көшіп келіпті дегенді естігендер келіп, амандасып жалпылдап қуанысып жатыр. Қуанғанның белгісі кезек-кезек қонаққа шақырып, мал сойылып, қымыз ішіліп жатыр. Сый-құрметтің, ақыры болатын емес.
Қожаштың Ғайшаға берген уәделі күн жақындап, асығып, тықыршып барады.
Сол ауылда үлкен жесір дауы болып, Жүсіптікі көшіп келер қарсаңда би-болыстар екі-үш күннен бері опыр-топыр қып жатыр еді.
Бір жағынан, ағайындарын шақырып дәм татқызайын деп, екінші жағынан, Қожаштың жұмысы туралы ақылдасайын деп, Түлкібай бір бойдақ қойын сойып, ауыл ақсақалы, би-болыстарды қонаққа шақырды.
Бұларға ақылдаспай істеуге Түлкібай мен Қожаштың шамасы бар ма? Бұлардың күн бұрын аузын алып қоймаса, ертең екіталай жерде Тұрлықұлға, Қожашты есігін түріп қойып, шауып бермей ме?
Кісілер келіп, ет жеп болғасын, Қожаштың бір ағайыны қымыз әкеліп, жұрт қымыз ішуге айналды. Түлкібай опырып бастан-аяқ Қожаштың талабы туралы әңгіме бастады.
Есіл елінің де тап-тұйнақтай емес екендігін, Серғазы, Бірке, Жүніс, Әлкен сықылды жігіт ағаларының, уәдесін, осы іске кіріскендігін де айтып өтті. Отырған би-болыстар, ақсақалдар, жесір дауы оңай емес екендігін, Тұрлықұлдың да осал жау емес екендігін айтып дағдарысқандай болып біраз отырды.
Бұлардың неге дағдарғандай қалпын сезген соң, Түлкібай Алшаң деген ақсақалды оңаша шығарып алып, көңілін тапты.
Түлкібаймен әңгімесі біткеннен кейін, Алшан, ақсақал үйге келіп отырып, біраздан соң сөз бастады.
— Өткен-кеткенді тере келсек, өзімнің осы жасымның ішінде, Есіл еліне бізден кеткен жесір, барымта-сырымта сықылды мал аз емес, талай мал беріп, алайын деп отырған жеріміз кетіп жөнді мал да ала алмаған күндеріміз болған. Сендер білмейтін шығарсыңдар, бізбен бес жыл дауласып, баяғыда — «Көк атыздың салуы» деген екі ел түйісіп жайлайтын жайылымымызды да алған болатын. Сонда мен бала жігіт едім. Көкшетаудың қызбасынан келе жатып, осы айтып отырған Тұрлықұл біздің Қойбағардікіне түседі. Жөнді қонақасы бермедің деп, еліне барғасын бір атын барымталап ұстатып алған болатын. Осы сықылды бізден кеткен аз емес, ондай көк әперетін бала табылса — ыстығына күйемін, суығына тоңамын, ат жарамаған жерде қаламын, былайғы көп ме айтатындарыңызды өздерің білесіңдер, — деп кезімен айнала отырған жұртты бір шолып өтіп, болысқа қарады.
Болыс Алшаның сөз сарынына түсіне қалды да:
— Е, Алшеке, олай болса сіздің соңыңыздан ермеймін деп кім айтар дейсің. Осындай кезеңі келген жерде ел намысын іздеп, ата кегін қайтарамын десеңіз, жұрт сіздің етегіңізден ұстады, — деді.
Отырған жұрт бірауыздан Қожашқа батасын берді, ауыл ақсақалдарының бірі тұрып:
— Жарайды, олай ұнатып, баталарыңызды бергесін, бұл балаға мінетін мықты ат керек, қасына еретін қарулы жігіт керек, Жүсіп үйінін, жайы өздеріңізге белгілі ғой, — деді.
«Жазғы аттың майын жаудан аяма» деген мақал бар еді, бұл жау емес, көк әперетін баламыз ғой, мен өзім Сары ала атымды берем, — деп Алшан, көсемсіді.
Бір жігіт тұрып:
— Менің Дусоғарымнан мықты мал жоқ — біріне сол жарайды, — деді.
Үш-төрт ат шығарып, мықты-мықты жігіттен қасына екі жігіт ертпекші болып жұрт тарады.
Кісілер тарағасын, Қожаш пен қасына еретін жігіттер аттарын алдырып, азықтарын даярлап, бір атты Ғайшаға бос алып, жолға шықты. Жақсы-жақсы атқа мінген жас жігіттердің көңілі көтеріліп, өлең айтып, Қожаштан Ғайша жайынан әңгіме сұрап келе жатыр. Жолшыбай елсіз-елсіз жерлермен жүріп, жандысы қараға көрінбестен арада екі қонып, үшінші күні түнде Әлкең Біркеге жетті.
Қожаштың келгеніне Әлкең Бірке қуанып, — Енді ат тынықтырып жатыңдар, өздерің де тынығыңдар, деп Жүністі Амантай ауылына хабарға жіберді.
Серғазы да Қожаштың келгеніне қуанып: «Даярлана берсін,» — деп Ақсұлу арқылы Ғайшаға хабар айтып, оны да қуантты.
— Ертең Итбайдікі қымыз мұрындық береді, кешке келсін, Қожашты езің ертіп келерсің, — деп, Серғазы Жүністі қайырды.
Ертеңіне кешке Қожаш, жолдастары қасында, Жүністі ертіп аяң жүріспен Амантай ауылының сыртына, ел әбден жатқан кезде келіп тоқтап, Жүністі Серғазыға жіберді. Жүніс келгесін, Серғазы тұрып, шам жағулы тұрған Итбайдікін көріп:
— Қыз бен шешесі жатпай күтіп отырған шығар, сен барып аттың қасында қалдағы, мұнда Қожашты жібере қой, — деді.
Қожаш келіп Серғазымен амандасып болғаннан кейін, екеуі далаға шығып, аяғын ептеп басып, Итбай үйінің арбасынын, түбіне таман жақындады.
Арбаның түбінде бірсыпыра отырып, олай-бұлай жүрген адам көрінбегесін, Серғазы Қожашты арбаның түбіне тастап, өзі үйге қарай жүрді. Үйге жақындап құлақ салып тыңдаса, мен Ғайша сыбырласып әңгімелесіп отыр екен.
Төсектің үстінде қорылдап, шалқасынан түсіп, Итбай ұйықтап жатыр. Бұлардан бөтен үйде ешкім жоқ. Қарақұл бес «үн етіп алтыншы күні келерсің деп Тұрлықұлға хабар айта кеткен. Бөтен адам болмаса да, кіруімнің жөні болмас деп, даладан дыбыс берудің жөнін тағы таба алмай, өздері далаға шықпас па екен деп, Серғазы арбаның түбіндегі Қожашқа қарай жүрді.
Үйден арбаға қарай жүре бергенге, есік алдында үйген бір қаптай тезектің түбінде жатқан Итбайдың кәрі төбеті, бөтен адамның иісін сезіп, тұруға ерініп, басын көтеріп, бір-екі рет үрді де, қайта жатты. Қашан болса да, бөтен кісіні көргенде, бөтен итше шабаланып үрмей, иесіне сездіріп қана жататын Алыпсоқтың әдеті еді.
Кеп сөйлесіп, жалығып, Қожашты күтіп отырған апасы мен Ғайша иттің даусын естіген соң, біреу-міреу бар шығар деп далаға шықты. Бұлардың далаға шыққанын көріп, Қожаш сабыр тұтып тұра алмай, ақырын ғана дыбыс берді.
Бұл дыбысты естімей Ғайша бірдемеден қорыққандай апасына тығыла түсіп, сыбырлап:
— Әлгінде Алыпсоқ кісіге үрген сықылды болып еді, апа, ешкім көрінбейді-ау, — деді.
— Жиен келген шығар, бір дыбыс шыққан сықылды болды ғой...
Ғайшаның дауысын анық естіген соң, манадан шыдамай тұрған Қожаш пен Серғазы дыбысын шығарыңқырап, отырған жерінен түрегелді. Бірін-бірі танып амандасып болған соң Ғайшаның апалары алаңдап жан жағына қарап:
— Жиен жалғыз келдің бе, жолдасың бар ма? — деді.
— Екі кісі жолдасым бар, олар сыртта тұр.
Қожашты көрген соң. Ғайша қуанғаннан бір түрлі жүрегі лүпілдеп, тұла бойы мұздап, тоңған адамнан жаман дірілдеп, тұра алмай тұрды.
— Берегірек келіңдер, — деп Серғазы бұларды арбадан аулағырақ шығарып алып:
— Ғайшажан, сені Тұрлықұлға бергеннің ішінде мен де бар едім, сенің ренішіңді сезіп, көз жасыңа қалам ба деп жүр едім, одан бері мынау жиенмен көңілің қосылған соң, осы іске кірісіп жүрген мынау ағаң мен едім. Берілген уәде бойынша, ту Көкшетаудан мынау жиен келіп тұр, қайтесің? — деді.
— Берген уәдем — уәде, көңілім — көңіл, мен өлсем де, осы жиенмен бірге өлемін...
— Жарайды, шырағым, олай болса, енді үйіңе барып киініп келе қой.
— Мен біржолата киініп келіп, даяр тұрмын.
— Олай болса, жол ақысы жүрсе бітеді деген сөз бар еді, таң болса қысқа, енді жүріңдер, құдай беттеріңнен жарылқасын, — деп Серғазы орнынан тұрды.
— Жүретін мезгіл болды, жолдастарым да алақтап тұрған шығар, — деп қалтасына қол салып:
— Нағашы, орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды деуші еді, мына бір кішкентай, — деп, Ғайшаның апасы мен Серғазыға бүктелген қағазды ұсына берді.
— Ойбай, жиен сенен ешнәрсе дәме етпейміз, сендер бақытты болсаңдар, бізге сол болады. Бізде басқа тілек жоқ, мұныңды қалтаңа сал. Енді тоқтамаңдар, жолдарың болсын, — деп Серғазы асықтыра бастады. Ғайшаның апасы Ғайшамен амандасып:
— Қарағым, енді құдай бетіңнен жарылқап, бақытың, ашылсын, — деп қолын алып, бетінен сүйіп, құшақтап, құшағын айыра бергенде, артынан манадан бері тыңдап тұрған Итбай:
— Е... е... е... иттер! Не қылып тұрсыңдар? — деп тұра ұмтылды. Бұлар бет-бетімен қаша жөнелді. Ғайша есінен танып, сасқанынан қалшия қарап тұрып қалды. Ғайшаны білегінен ұстап, бірауыз сөз айтпастан желкеге екі түйіп үйге енгізіп, есікті сыртынан тастай қып бекітіп, өзі есіктің алдында жатқан бақанды қолына алып, «аттаншылап» айқайлап, манағы жерге қарай кетті. Ол жерде ешкімді көре алмай, бір олай, бір бұлай жүгіріп, айқайлап, «жау шаптылап» ойбай салған бойымен үйіне келді. Келсе есік өзі байлаған қалыпта, қатыны жоқ, тердің алдында өн жоқ, түс жоқ, буынын тоқтата алмай қалтырап тұрған Ғайшаны көріп:
— Тұра тұр, бәлем, әлі бұл күніңді де кезіңнен бір-бір ұшқандай қылармын, — деп зекірді.
Есіктің алдына қайта шығып, айқайлап, Амантайды, Серғазыны шақырып, ауылды басына көтерді.
Іс бұзылғасын Серғазы, Қожашпен үйдің сыртына таман еріп барыңқырап:
— Жиен енді бұл іс бұлай болды ғой, маған ренішің жоқ шығар. Бірақ күдеріңді үзіп, тауың шағылмасын, енді Тұрлықұлға барған соң аңдысаң, қолға оңайырақ түсірерсің. Біркемен ақылдаса кетерсің, әзіріне елге аман есен жетудің қамын ойла, — деп аттандырып, үйіне келді. Серғазы «Амантайлап!» шақырып жатқан дауысты естіп, ешнәрсе сезбеген кісі құсап, Итбайдікіне қарай жүрді. Мезгілсіз уақыттағы дауысқа ауылдың әйел, еркегі тегіс оянып, Итбайдікіне жиналып қалған екен.
— Не болып қалды? Амандық па? — деп Серғазы да үйіне кіріп келді. Бір-бір баласын құшақтап, құлақтарын түріп Итбайдың сөзіне тамсанып қатындар отыр.
Төрдің алдында ескілеу қой жүн шекпенін бүркеніп Амантай отыр. Анда-санда: «Бұл не деген сұмдық, бұл не деген пәле!» — деп қояды. Былайғы жастар жағы еліріп:
— Кім екенін білдің бе? Қолға да түсіре алмай қалған екенсің, сойып алатын... — деп кеу-кеулесіп отыр екен.
Итбай көрген-білгенін Серғазыға да баяндап өтті Мана тұрған кісілердің кім екенін айыра алмай қалған екен). Итбайдан қоржын қатыны әлі үйге кірген жоқ. Манадан зарлап жылаған Ғайша керегені құшақтап әлі жылап жатыр. Бір-екі жас әйелдер төсекті жағалап, жұбатайын деп, Ғайшаға жақындап:
— Еркем, неге жылайсың? Жылама!.. Қой, қой, шырағым, бөтен біреу естісе ұят болар, ағаң саған ұрысып отырған жоқ, апаңа ашуланып отыр, қой шырағым, — деп жұбатқан болып еді, болмады.
Бірсыпыра мезгілден соң Амантай:
— Ғайшажан, жылама, шырағым! Мұндай іс әркімде де болатын, бір қате болған шығар, ештеме етпес, қой, шырағым! — деп жұбатқан болып еді, — бұған да болмады.
Ғайша жұбатқанға болмаған соң, Амантай:
— Итбай, енді сен де қой! Қазақта мақал бар да: «адасқан деген жігітті қараңғы тұман адастырады» деген сондай-ақ, бір қате болған шығар, келін де әйелдік қып, баланы азғырған шығар, кетіп қалса қайтер едің, әзір амандық қой. Ашуыңды бас, — деп Итбайға қарай ауды. Біраз отырып:
— Әлгі келін қайда екен? Ұялып үйге келе алмай жүрген шығар, бар, Жұмаш, шақырып келші, молдамен табыстырайық, — деп көтеріліңкіреп қойды.
Қатыны үйге кіргесін, Итбай ұшып түрегеліп, манадан қысып тұрған ашуымен қатынына оттың басындағы бір күйген шаланы ала ұмтылып еді, жұрт жібермей тоқтатты. Жиылған жұрт Итбайдың ашуын тоқтатайын деп, ана-мынаны әңгіме қып сөйлесіп, таң атқанша отырды. Таң атқан соң, Амантай:
— Енді біз тарайық, қалған бес-алты күнге берік бол, Итбай, сақтығыңның пайдасын бір көрдің ғой, өткен істі қозғап, үй ішінін, мазасын ала берме? Жұмаш, сен бүгін осында жат, деп далаға шығып қотанды бірер айнала айтақтап, үйіне кетті.
Қалғып, шұлғып отырған қатындар да ұйықтап қалған балаларын жылатып, үйлеріне қайтысты.
Ғайша жылап-жылап, әбден талыққан соң көзі ұйқыға кеткен. Есікке ішінен кіс.ен салып, Итбай да жатып қалды. Ақсұлудың оңашада сабайын деп еді, Жұмаш бой бермей сабай алатын болмаған соң қойды.
Амантай үйіне келіп, қатынына:
— Ғайшаны алып қашайын деп жүрген кім екен? Осы ауылда осыны білетін біреу бар ғой... Сен сөздің бе, қатын? Серғазынікіне жиен не қып келгіштеп жүр еді? — деді.
Серғазы деген сөзді қатыны жаратпай:
— Өзің алжиын деп жүрсің, білем! Мырза жігітте не бар? Өз басын, аман ғой! Жай жүрсейші, — деді.
Бұл — Амантайдың алғашқы қатыны Ажар өлген соң алған тоқалы, өзі би кісі. Қатыны жақтырмаған соң Амантай жым болды.
Талығып ұйықтап жатқан Ғайша түс керіпті. Түсінде Қожаш бұны алып қашып еліне апарған екен. Қожаштың аулы бір көлдің, жағасында. Ауыл айнала жатқан мал, езін бір оңаша үйге енгізіпті. Үйдің іші тіреліп тұрған жасау, бір босағасында иілмей тұрған қара саба, үйдің іші толған қыз-бозбала екен. Бозбалалар домбыра тартып, елең айтып отыр. Ғайша оларға қымыз құйып беріп отыр екен. Осылай отырғанда, үйге екі көзі қызарған ұзын бойлы, жуан, денелі бір шал кіріп келіп, Ғайшаның қасына отырды. Шал келген соң қыз-бозбала асып-сасып, бір-бірлеп үйден шыға бастады. Шалдан қорқып өзі де шығайын деп еді, отырған орнынан тұра алмай қалды. Енді есікке қараса, үсті басы алба-жұлба, үйге кіруге бата алмай Қожаш тұр. Есікке шал қараса, Қожаш кейін шегініп, Ғайша қараса, берірек келіп, есікте көпке дейін тұрды. Ғайша: «Не қылып тұрсын, жиен? Үстіңдегі киімін, қайда?» — деп есікке қарай бергенде, қасында отырған шал: «Онда нең бар?» — деп ақырды.
Шошып оянып кетсе, үйдің іші шай ішіп отыр. Итбай қатынына шаңқылдап ұрсып отыр екен. Әлгінің бәрі түсі екенін біліп, неге жорудың ретін таба алмай, түндегі оқиға есіне түсіп, Ғайша теріс қарап жатумен түске дейін жатты. Апасы жанына бірнеше рет келіп:
— Ғайшажан, тұр, күн түс болды, шаршадың ғой, қалқам! Үйге біреу-міреу келсе, ұят болар, шайың қайнап тұр, — деп еді Ғайша:
— Басым ауырып жатыр, апа, тұра алатын емеспін... — деді.
Бір мезгілде Ғайшаның, жанына Итбай келіп:
— Тұр, бие сауайық! — деп үйден шығып кетті.
* * *
Бие саудырып жүріп Итбай қатынына:
— Басыңда бір шайнам миын, жоқ ит болмасаң, Тұрлығұл болмаса, осы малды бізге кім берер еді? Жан-жағыңа қарашы! Ілуде бір үй болмаса, он екі бие сауып отырған кім бар? Қызыңды бір кедеймен қашырып жібергенде, ертеңіне Тұрлықұл келіп осы малды түк тастамай айдап кетпей ме? Өзі азулы бай, қарайған би-болыс езінікі. Біздің кімге төтеп бергендей шамамыз бар, — деп Итбай ұрсумен болды.
Бишара Ғайшаның жарық, күндері қараңғы болып, көңіліне қуаныш беріп, сеніп жүрген ісі орнына келмей қалған соң, қайғырып, қапаланып құр сүлдесі ғана жүрді. Байғұстың, ешнәрсеге көңілі жар бермей, жөнді тамақ іше алмай, алмадай қызыл бетінің нұры солып, жұртта қалған қу шүберектей бозарып, өлім хәліндегі ауру адамдай ғана күйі қалды. Жатса-тұрса Қожаш есіне түсіп, көзіне елестеп, көңілінен еш уақыт кетпеді. Ғайшаны бұл халінде көрген адам, қандай қатты жауыз болғанмен де: «Ей, бишара-ай» дерлік болды. Бұл дерттің үстіне Итбай Ғайшаны күндіз көзінен екі елі таса қылмай, түнде есікке кісен салып жүретін болды.
Тұрлықұл келетін күні, Итбай ауылынан: кілем, көрпе, жастық жинап, төсеп, үйді жайнатып қойды.
— Бес-алты күннен бері жинаған бір саба қымыз иілмей тұр. Сол күні дүниеге қолы тегіс жеткен адамдай көңілді, қуанышты жүрді. Түс ауғаннан былай қарай, үйде дамыл көріп отыра алмай, далаға бір шығып, үйге бір кіріп, Тұрлықұлдың «елетін жағына арбаға шығып қарап тынышсыздана бастады.
Екіншіден жоғарырақ шаңдатып келе жатқан екі арбалыны көріп, арбадан секіріп түсіп, сүрініп-қабынып үйге кірді. Күйеу келіп қалғанда, қатын, сен не қылып отырсың! Тұр! Ғайшаны Амантайдікіне апар, сонан соң кел де, сабаны пісе бер, тұр! Тұр! — деп өзі қайта далаға шықты. Есік алдында тұрып Итбай дауыстап:
— Күйеу «өліп қалды, түсіріп алайық, мұнда келіңдер! — деп Амантай, Серғазыны шақырды.
Итбайдың дауысын естіп Амантай асып-сасып, қыстыгүні Тұрлықұлдан киген киіт шапанының бір жеңін киіп, бір жеңін кимей сүрініп-қабынып үйден шықты.
— Келіп қалды ма? Қай жерде желе жатыр? — деп Амантай да асып-сасып күркілдеп жатыр.
— Келді, шаңдатып келе жатыр! Ай, Әмеке-ай! Қанша айтса да, бай жақсы-ау, кедей болса арығын көтке түртіп итпектер еді,. ана қарашы, бұрқыратып келе жатқанын! — деп, Итбай қырдан құлаған қара жолға қарап қолын шошайтты.
Итбайдың дауысына жалғыз Амантай емес, ауылдың бала-шаға, қатын-қалаштары да жиналып қалды.
Құда, күйеу де келіп үй сыртына оңашалау тұрған арбаға тоқтады. Итбай жүгіріп барып, қолын қусырып Тұрлықұлға сәлем беріп, қолын алып, қолтықтап түсіріп, жалбақтап жатыр. Әбіш қуды Амантай құрметтеп алып, амандасып, бұ да жалбақтап қалды. Амандасып болған соң, Итбай қонақтарды үйге қарай бастады.
Түксиген қалың қабақты, сақал-мұрты бурылданған еңгезердей, жалпақ мұрын қара шалды көрген жас әйелдердің бірсыпырасы:
— Мұның байлығы құрсын, — деп, кейбіреулері:
— Еркемнің садағасы кетсін, — деп беттерін шымшып, үйлеріне кетті.
Сол кеткеннен бұлар: «Еркежанды малға қызықтырып өлердей шалға бергені несі?» — деп, ойын-тойға келген де жоқ.
Үйге таман келе жатып Әбіш қу:
— Молда, ана жетектегі қара құнажын, тойға союға әкелген малымыз еді, жетектен шештіріп алып бөлек байлатасыз ба, қайтесіз? — деді.
Байталдан көзін айырмай тұрған Итбай:
— Жануарды кісінің көзі қиып соятын мал емес екен. Жұмаш, ана байталды ана арбаға байлашы, — деді.
Кісілер шешініп отырмастан-ақ, Итбай қатынына:
— Тұр, мынау күйеу, құдамызға қымыз құй, күн ыссы, бай шөлдеп келген шығар, шайды асықпай қоярсың, — деді.
Қымыз ішіп отырғанда, Итбай Тұрлықұлдан амандық сұрап отырып:
— Бай, биыл неше құлынды биеңіз бар? — деді.
Амандықты айтып, биенің санына келгенде Тұрлықұл күрмеліңкірей беріп еді, Әбіш отырып:
— Байдың несін айтасың, биыл тайына дейін құлындады, үш жүзге тарта бие шығар, — деді.
Итбай көтеріліңкіреп, Амантайға қарап:
— Бізге соның, жартысы бітсе де жарар еді-ау, Әмеке, ә? — деп жымыңдады.
— Е, құдай бұйырса бітер, — деп Амантай аяғын босатты.
Кісілер қымыз ішіп, әзілдесіп ойнап-күліп отырып, салқындайық деп далаға шықты.
Далада бұлар тек отырмай, жұмыстарын бітіре отырды! Әкелген кәделерінің жөнін естіген соң Итбай:
— Бәрі де жарайды ғой, — «ит ырылдатар», «бақан аттар», «қол ұстатар», «отқа құяр» деген ырымдарын, бар шығар, бірақ біздің бала байдың астынан ат мінем, үстінен киім аламын дейді, оның реті қалай болар екен? — деді.
— Мұның мәнісін мен білмеймін, күйеуіңмен сөйлесіп көрейін. Сіздің қалаған үлкен жирен мен ырыссақ торыны бермес, берсе, Қарақұл мінетін аттары бар ғой... — деп Әбіш жер шұқып темен қараған болды.
— Ой, құлағыңды ұрайын, екі мәстекте не тұр еді, жылатып-сықтатып Ғайшамды да берейін деп отырмын ғой! — деп Итбай орнынан тұра келді.
Амантай:
— Қайда барасың молда, отыр! Ашуланғанмен көрмейтін жер емес, бай естіп, ашуланып жүрер, — деп Итбайдың етегінен тартты.
Бай деген сөзді естіп, төбеге ұрғандай отыра қалып:
— Тәйірі, атты мен қайтейін... Әлгі бала болмаса, — деп күйбіжіктей берді.
— Ат туралы мен баймен ақылдасайын деп, — Әбіш Тұрлықұлға барып, Итбайдың сөзін айтып еді, бай ашуланып:
— Осы иттің қызына бергенім аз ба? Болмаса менің малыма қыз табылмайтын ба еді, неге маған бұлдана береді, ерегіссе мен мына малымды айдап кетермін, — деп қылқанын тікірейте бастады. Әбіш:
— Қой, бай, ашуланбаңыз, бітейін деп тұрған іске білте салмаңыз. Жалыныштысыз ғой, бұған жылқыдан бір бесті беріңіз, киім дегенге он сом ақша беріңіз. Қызын алған соң біз де құйрықты сыртқа салармыз, — деп ақыл салды.
Бай ашуын баса алмай, бірсыпыра зіркілдеп отырып әрең көнді. Ат пен ақшаны естіген соң, Итбай құлдық ұрып қалды.
Түнде кісілер қонақасын ішіп жатқан соң, Итбай Амантай мен Серғазыны оңаша шығарып алып:
— Тойды қалай істеп, қалай қоямыз? — деп ақылдасты.
Амантай тұрып:
— Той деген не?! Ертең ана әкелген байталды жаныңа қалдыр да, бірер қой сойып, осы өзіміздің ауылдың шалдарын шақыр да, батасын алып, балаңды жөнелт! Үлкен той қылып, топыр сайлаған соң, былтырғы Құдабайдың тойынша төбелес болады, ішкен мас, жеген тоқ, уақыт жоқ, сөйтіп арты бір жанжал болар, — деді.
Байталды жаныңа қалдыр деген сөзді Итбай теріс көрмей:
— Өздеріңе ұнаған маған да ұнайды ғой, — деп сөзді көңілсіздеу шұбалта салды.
Тұрарда Итбай Серғазыға:
— Шырағым, сен Әмекең үйіне барып, Ғайшаның жылауын қойдырып, ана кісілерден ұят та, — деді. (Кешеден Ғайша дым татпастан жылап жатқан.)
Төсекте жатып Итбай қатынына сыбырлап:
— Сең қатын, тұр, Серғазының үйіндегі келінге бар, Ғайшаны әкеліп Тұрлықұлдың қасына жатқызсын, бойы үйренуге жақсы ғой, бар! — деді.
— Не болса да, барған соң біржолата көрер, — деп Ақсұлу Итбайдың сөзін жаратпай, теріс қарап, ауыр күрсініп жатты. Қатынымен жанжал шығаруға Итбай да ұялып, дымы құрып, көрпесін серпіп тастады.
Бірсыпыра жатқан соң, Итбайдың көңіліне қорқыныш кіріп, әрнемені бір ойлап, өткен түндері есіне түсіп, түйткілсіп үйықтай алмады. Ғайшаны қашайын деп жатқандай керіп:
— Ой, бір масқара болармын, екі түнде ұйықтамай-ақ қояйын, амандық болса, ұйқы қанар, — деп жатқан жерінен түрегеліп, сол түнді ұйықтамай, Амантай үйін айнала жүріп, таңды кезімен атқызды. Екінші түнді де солай еткізді.
Күндізгі той болмаса, түнгі ойын болмады.
Итбай мұратына жетіп, Ғайшаны жөнелтіп, қарасы көрінбей кеткенше қарап тұрып, әбден көрінбей кеткен соң, — » — деп демін бір-ақ алып: «Жат жұрттыққа жаратылған бала деген осы-ay, қызды бала деп асыраудың керегі, қой өзі,» — деп, үйіне кірді.
Ғайшаның арбаға мінерде жылауға да шамасы келмеді. Бес-алты күннен бері жөнді ас ішпей, жылаумен болған байғұс — бүгін талықсып ессіз адамша сенделіп кетті.
Апасы апарып салған соң бір жеті қонып еліне қайтты. Ағасы кеткен соң өзін айнала жаудың ішінде қалғандай көріп, жатса-тұрса Қожашты ойлап, ешбір хабар болмаған соң, күннің көбін жатумен еткізіп жүрді.
Ғайшаның бұл ісіне Тұрлықұл разы емес, өзіне көңілі толмай жүргенін әбден білді. Тұрлықұл бұрын: «Кедейдің қызы ғой, мына дәулетті көрген соң, менің шалдығым есінен шығып, елігіп кетер, бірте-бірте үйренген соң аяғымды сыйлап, мәсімді тартып, күтетін болар,» — деп ойлаушы еді. Жоқ, ол ойдан шықпады.
«Мұны әуелі бір тәтті тіл, жұмсақ көңілмен алдап көрейін,» — деп, олай етсе, бұлай өтсе Ғайшаның асты-үстіне түгін бәйек бола бастады. Бір мезгіл қасына отырып:
— Басың, ауырып жатыр ма? Неге көңілің шабады, шай қойдырайын ба, ет астырайын ба? — деп те сұрап қояды.
Елге келген бір саудагер ноғайдан жаңа көйлек, қырмызыдан камзол әперіп, керегіңе жұмсарсың деп он шақты теңгенің күмісін де беріп қойды. Бір жетідей өстіп көріп еді, Ғайша оған елігетін болмады. Ғайшаның қалпын көрген соң Тұрлықұл: «Қой, аюға намаз үйреткен таяқ деп еді, бұл күңді қорқытып көрейін», деген ойға келді. Бір күні жоқты сылтау қып, Ғайшаны жатқан жерінен сүйреп сабап, ақырып, зекіріп, қорқытып та көрді, болмады. Түнде бөлек жатқан жерінен сүйреп төсегіне жатқызып та көрді. — Болмады.
Осымен бір жеті, он күндей етті. Сорлы болған Ғайша, басқа түскен іске көнбегенімен амал жоқ, сүйектен еткен сөз бен еттен өткен таяққа шыдап жүрді.
Бір күні, күндіз ыссы дала шаңқай түстің талмау мезгілі, бай іргені түрдіріп, қарнын сипап жатқан.
Ғайша ас үйде беті-қолын жуып отыр еді, қойшы бала келіп:
— Апа, сен не білдің, менің саған бір сөз айтқым келіп тұр, — деді.
— Не айтасың, айта ғой, — деп Ғайша таң қалып, қойшының бетіне қарады.
Қойшы бала есікке қаран:
— Осы қотанның шетіндегі анау үлкен қара үй біздің үй. Біз осы ауылда екі-үш жылдан бері қоңсылықта отырмыз. Біздің Бірке дейтін жиеніміз болатын. Ағам сол жиендікіне амандықта барып, бүгін келіп отыр. Бірке саған сәлем айтыпты, Қожашты ертіп бүгін түнде келемін, саған даяр тұрсын депті. Олар келе қалса, мен саған хабар беремін. Менің хабарым көз қысқан болар... — деп, біреу естіп қалған жоқ па деген кісіше, жан-жағына қарап, жымиып күлді.
Ғайша: «Қойшы,» — деп, нанарын да, нанбасын да білмей, ішінен немқұрайдылау қып:
— Жарайды, — деді.
Осыны айтып қойшы бала шығып кетті.
Мұны естіген соң, Ғайша рас екенін де, өтірік екенін де біле алмай ойға қалды; қойшы баланың осы ауылдың қоңсысымыз дегені рас-ау, сірә, әнеугүні Тұрлықұл ұрысқанда, — қаңғырған неме, күл қылып ұшырып жіберейін, — деп жатыр еді, — қоңсы болса, қоңсы шығар. Рас болғанда, қалқамның тауы шағылып мені ұмытпай жүргені ғой, қайткенмен де даяр тұрайын, — деп көңілі селт еткендей болды.
Кешке байдың төсегін салып жүріп, қойшы бала Ғайшаға қарап көзін қысып, бетін тыржыңдатып қояды. Бай төсегіне жатқасын, қойшы бала көрпесін жауып, қолымен нұқығандай болып, Ғайшаға қарап көзін тағы бір қысып, далаға шығып кетті. Күндегі қалыппен Ғайша бірсыпыра отырып, қойшы бала кіріп, шығып көзін қысып дамыл бермеген соң, шапанын бүркеніп далаға шықты.
Қойшы балаға еріп үйден «әу» дегендей жерге шыққанда, қараңдаған екі кісінің қарасы көрінді.
Жақындап келіп Қожашты танып, Ғайшаның жүрегі лүпілдеп, буыны қалтырап, мойнына қалай асылғанын білмей де қалды. Шамасы келіп айтқан сөзі:
— Ғашығым, теңім, құтқар! — деген сөз болды.
Көңілсіз болып жүрген Тұрлықұлдың далаға шыққан Ғайшада жұмысы жоқ, бәйбішесін есіне түсіріп, баласы жоқтығы да көңіліне кіріп, түрлі ойға түсті:
«Жас қатын құшақтап көңілімді жасартып, иісті болам ба деп бұл қатынды алып едім, оның жөні келетін емес. Бұл бұлай болғанда, осы күнді өзіне көп қылайын, егер бұл қылығын қоймаса, осы малдың арқасында, тағы бір қарап алайын; сөйтіп мұны күн, есебінде жұмсайын, — деп ойлап жатып, көңілін жұбатқандай болып, көзі ұйқыға кетті.
Таңертең бай далаға шығайын деп тұрса, күндегі бүктеліп жататын жерінде Ғайша жоқ, босағада қойшы бала жатыр. Қойшы баланы оятып:
- Әлгі осы үйдің қатынын көрдің бе? — деді.
— Жоқ, түнде төсегін салып беріп жатқызып, есікті байлап, шамды сөндіріп жатқам, сонсын білмеймін... — деп қойны көзін уқалай, тырбана түрегелді.
— Тұр, осы маңайды байқашы! — деп далаға шығып келіп, жатайын деп еді, түйткілсіп жата алмай, киіне бастады...
Далаға шықты. Маңайда Ғайша көрінбейді. Ауыл үйден деп кеткен қойшы бала да келді. Ғайша жоқ. Тұрлықұл бір болғанын біліп, ауыл адамдарын шақыртып алды.
Ауыл тегісімен жиналып келгеннен соң, осы ауылға келген адам бар ма? — деп тасқабақтай қағыстырып тексере бастады. Ондай сезікті ешнәрсе таба алмаған соң, жылқыны ерте әкелсін деп хабар беріп, ат алдырып, жан-жаққа іздете кісі шаптырды.
Бір кісіні Итбайға жіберді. Түске дейін іздеп жоқшылар таба алмай келген соң, бұл Қожаштың ісі екенін біліп, болыс-билер дос-жарларын шақырта шапқын жіберді.
Үш-төрт күннің ішінде Тұрлықұл ауылының, үсті опыр-топыр болды. Тұрлықұлдың қатыны кеткенін намыс көрген би-болыстар, байлар, қорықса да, ағайын туғандары жиналып келді. Жалғыз-ақ Жартастағы ағайыннан жан жоқ. Екі-үш кісі жібергенге келмеген соң, Тұрлықұл әдейі Әбішті жіберді.
— Бар! Ел ме екен жау ма екен соны біліп кел, — деді.
Әбіш барып:
— Ағайын емес пе едік, ер намысы — ел намысы деген қайда? Тұрлықұлдай байымыздың қатыны кетіп жатқанда, шақырса да келмедіңдер, ел екендеріңді, не жау екендеріңді аузыңнан біліп кел деп игі жақсы би-болыстар жіберіп отыр мені, — деді.
Жартастың қызыл сирақ кедейлері, Бірке, Әлкең Жүніс бас болып:
- Е, Медеу дейтін ел, кедей болсақ та, біз де Атығайдың бір баласы емес пе едік; жазығымыз жоқ еді, бірақ бес-алты жылдан бері қарай Тұрлықұл бізге не көрсетпеді. Содан бері біз де жаумыз. Бастаған езі. Кедей ағайынын басына күн туғанда ғана тапты ма? Жесір намыс болатын болса, ана жылғы біздің жесірімізді қайтарсың жер намысы болатын болса, Кеңшалғынды қайтарсын. Нанса, бұл іске біздің қатысымыз жоқ, нанбаса, езі біледі. Бірақ, теңдігімізді алмай, бізде ағайыншылық та жоқ, о да есіңде болсын, міне — біздің айтарымыз осы, — десті.
— Менің білейін деп келгенім сол еді, — деп, ылғи кедейдің, ыңғайын танып, бөтен сөз айтпай Әбіш ауылына қайтты.
* * *
Әбіш келіп, Медеудің келмей жатқан мәнісін айтқан соң, бастығы Тұрлықұл, би-болыстар болып күрілдесіп, пәледен-пәле тастамай орнатпақшы болып, Бірке, Әлкендердің басын Сібірге жібермекші болып: «Қой, ол қолда ғой, мынау ісімізді реттейік», деп ақылға салды.
Жиылған жұрттың бірсыпырасы:
— Сайлап қырық, — елудей кісі аттандырып, таза сол қатынды тартып алайық, — деді.
Бірсыпырасы:
— Кісі аттандырып, ел шетінен мал алдырсақ, сол қатынды еңбексіз, толғақсыз өзі-ақ әкеліп тастамай ма? — деді.
— Оны да қойып, мұны да қойып, кісі жіберіп, алдынан өтсек қайтеді, бір тентектің ісіне бола, ел арасына от салмас, қатынды қайырар, — дегендер де болды.
Әрі ақылдасып, бері ақылдасып, «О дағы ел ғой, оның да игі жақсылары бар ғой; ең әуелі алдынан етуіміз жөн болар», — деп қасына бес-алты ақсақал ертіп, Әбіш, Байғазыны жібермекші болып, бір жетіден бері опыр-топыр болып жатқан жұрт тарқасты.
* * *
Екі-үш күн сайланып, жандарына жол білетін үш-төрт жігіт ертіп, небәрі он шақты кісі болысып Байғазы, Әбіш Қарауылдан жесір даулай шықты.
Бұлар тура жүріп отырып, Мырзаш дейтін болыстікіне келіп түсті. Жөн сұрасып, келген жұмыстарын айтқан соң, Мырзаш, Алшаңды, тағы бөтен ел адамдарың шақыртып алып, кісілердің келген жұмысын айтты, Алшан, тұрып:
— Жарайды, мұндай жұмыс бұрынғы-соңғылықты болатын, іргелес отырған елдің азары болса да, безері болмас деген. Ахмет, сен бас болып мына кісілердің шаруасын бітіріңдер, — деді.
Қожаш Ғайшаны алып келгеннен бері қарай билері алатынын алып, даушыға айтатын сөзін ақылдасып, бір ауызды болып қойған ел бірер күн сөйлескен болды; жиналған ақсақалдар:
– Келген жесірді қолдан бере алмаймыз, беретін теңдігіміз де жоқ; ол елде біздің де талай теңдігіміз кеткен, би-болыстар алдымен соны әперсін, болмаса біздің бітіміміз жоқ, — деп Ахметті билерге қайтарып жіберді.
Ахмет, Байғазы, Әбіш, Мырзаш Алшаңға келіп сөз бастады.
— Біз жиылып, бір-екі күннен бері қарай әрі сөйлесіп, бері сөйлесіп ешнәрсе бітіре алмадық. Көптің, айтатыны мынау: «Іргелес отырған екі елдің арасында, мұндай жесір дауы жалғыз бұл емес, ертеден үзілмей келе жатқан ауру ғой, — дейді. Оның бер жағында, жесір керек болатын болса, Байекең, мен Әбен, су асып, дау қуып келген соң, елдің міндетін алып келген шығар деседі. Іс бітіру деген жақсы нәрсе, елдің тыныштығы біздей шаруаға керек қой, өткенді теріп, сүйместің ісін істемейік, Байекең мен Әбең алдымен соңғы екі-үш
жылдағы жесір дауын бітірсін сонсоң бұл жұмыстың бітуі оңай ғой», — деседі.
— Ана жылғы қызбадан келе жатып Тұрлықұл ақсақал, тоқтыны місе тұтпай, жөнді қонақасы бермедің деп, біздің жамап Қойбағардың атын барымталап сіңіріп кетіп отыр. Оған не айтады екен Әбең мен Байекең дейді, — деп Ахмет сөзін тоқтатты.
Бір кезде Алшаң, қысылып, қынжылғандай боп сөз бастап:
— Жұрттың бұл не қылғаны. Ахмет, сен әлі де болса да бар. «Ант аумай, ат шаппас» деген, бір тентек үшін елмен жауласып, қырыламыз ба? Қайтарсын Байғазының жесірін! — деді.
Ахмет тұрып:
— Елге баратыны жоқ, елдің, сөзі қысқа, үзілді-кесілді әлгіні айтты да, опыр-топыр болып осында қырыламыз ба деп өздері тарап кетті, — деді.
— Онда сөз бітті ғой, — деп Алшаң жанында тұрған жастыққа қисая кетті.
* * *
Елдің ыңғайын байқап, іс бітпейтін болғаннан соң: «Енді бетімізден көретін болдық қой», — деп, тістерін қайрап, Байғазы, Әбіш жолшыбай қона-түстене елге қайтты.
* * *
Байғазы, Әбіш елге келген соң Тұрлықұл ызаға, намысқа шыдай алмай, тағы да ат шаптырып, өзіне қараған би-болыстарды, елді жинап алды. Жиылып келген жұртқа Тұрлықұлдың айтқаны мынау болды:
— Біріншіден қызыға желіктіріп қашырып жіберіп отырған Итбайдың өзі болмағанмен қатыны, одан малымды алып беріңдер, тағы сол Амантай аулында Серғазы дейтін бір неме осы қатынды азғырушының бірі деп естимін, одан ат-тон айыбымды әперіңдер. Екінші, сіздерден бір тілегім, кеткен қатын кетсін, мынау Қарауылдан кегімді әперіңдер, сол екі тілегім бар сендерден — деп түксиген қабағын қарс жауып, төмен қарады.
Жиналған жұрт әрі-бері сөйлесіп, Қарауылдан мал алдырмақшы болып одан келетін пәле-жалаға Тұрлықұл болыс, Байғазы, Құрымбайлар ие болмақшы болды. Жұрт барымтаға аттануға сайланып жатқанда, Итбайдан малды қайырып, Серғазыдан айып алмақ үшін Байғазы, Әбіш кетті. Бұлар Амантайдікіне түсіп, келген жұмысын айтты. Амантай момын шаруа болғанмен де намыскер, табан жолына мықты кісі еді. Кісілер асын ішіп болғаннан соң, Амантай Байғазы, Әбішке:
— Сіздер отыра тұрыңыздар, мен Итбай мен Серғазыны шақырып алып, сіздің жабдығыңызды сөйлесейін, — деп далаға шығып, Серғазы, Итбайды шақырып алды. Ағайындарын шақыртып алып, таң атқанша оңаша кеңесті. Бұл кеңесте жиналған момын шаруалар:
— Жазығымыз — Тұрлықұлдың, жасына қарамай қыз берген едік, қорықсақ, сыйласақ та, би-болыстардың тілегінде болған едік, келсе жалпылдап қонағасымызды берген едік, енді мұнысы қалай? — десті. Жұмаш тұрып:
— Қолына берген соң қатыныма ие болмадың деген Тұрлықұлдікі не сөз, ат-тон айыбы не? — деп шаңқ ете түсті. Серғазы деген не сез! Қыз бен жігіттің бозбалашылығының тетігі осында ма еді? — деп Сәрсенбай да ереуілдеді.
Олай-бұлай сөйлесе келгенде, жиналған шаруалар:
– Қой, Тұрлықұл мен би-болыстар дегенін істеп отырсақ — ел екен де, дегенін істемесең — жау екен! Төрт-бес жыл араздасқан Медеуге де ештеме қылып отырған жоқ. Сол Медеу біз сықылды момын шаруа ғой, барып қосылайық та, тілектес болып отырайық, құдай сақтар! — деді.
Жиылған жұрттың бұл сөзін Амантай да ұнатты.
Ертеңіне мал түгіл айып та ала алмай, Байғазы мен Әбіш айтып келе жатып: «Бет қайтыс бола берді-ау, қырсыққа бастаған бір жұмыс болмаса жарар еді», — деп мұңайысады.
Амантай Серғазыны шақырып алып:
— Сен жаныңа мына ауылдан кісі ертіп, Медеумен сөйлесіп кел, мән-жайды айтарсың, іргелес отырған ағайынды момын ел ғой, уәдені нық байлап кел, — деді.
Серғазы он шақты кісі болып барған соң, Жартастағы ел: — бізге де дос табылатын күн бар екен ғой, — деп қуанысып, жібермей, екі-үш қондырып, лағы бары лақ сойып, соқтысы бары тоқты сойып, сыйлап қайырды.
Жұрт шөпке түсер «езде, Кеңшалғынды шабуға Серғазы отыз орақшы берді, ішінде Итбай мен Қарақұл да бар. Осы к.алыппен Медеуге де ел табылып, бұрынғы билеп-төстеп жүрген елінен айрылып бара жатқасын, ақыры қалай болады деген ойға қалып, алдыңғы болашақ істі еске алып, болыс енді Кеңшалғынға бой сала қоймады.
Байғазы, Әбіш келе даярланып тұрған барымташыларды аттандырды.
Қалған жұрт аман мал әкелсе екен деген тілекте.
Бұлардың тілегі де болды. Көп ұзамай-ақ, барымташылар жүз елудей жылқыны айдап келді.
Барымтаның ақыры мұнымен біткен жоқ, — Қарауыл да тек жатпай, ел шетінен о да мал алғызды.
Бұл барымтаның ішінде біреудің жалғызы, біреудің, екеуі Кеткендер не сан.
Барымтаның сораңгелдесінен адам өлу де болды. Сойыл жығылған не сан... Істің басы барымта болса да, аяқ жабарым та сылтауымен ұрлыққа да айналды.
Тұрлығұл мен Байғазының екі жүздей жылқысы барымтаға түсіп, сағы тағы бір сынды. Барымта бес-алты жылға созылып, екі елдің, тынышы кете бастаған соң, ара елден кісі жүріп, барымта-сырымтаны тоқтатып екі елді бітірді...
* * *
Байғазы Есмұраттың келіні Жібекті ешкімге бере қойған жоқ еді. Жиенбай жүз теңге ақша мен бөтен малға разы болғанымен Қаракер атымды қатынсыз өтсем де бере алмаспын дейтін. Құрымбай:
— Өзің аман болсаң, ат табылмаушы ма еді, Байғазыға атыңды бер де қатын ал, — дейтін. Есек дәмелі болып Байғазы жүруші еді.
Бір күні Байғазы Шалқанды Жібекке жіберіп:
— Келін ана-мынаны қойып, Тұрлықұлға тисін. Болмаса басып-көктеп Есмұраттың өзіне қосамыз. Таңдауы өзінікі. Осы екі таңдаудың екеуіне де көнбейін деп ақылсыздық қылып жүрмесін!.. — деп сөз салды.
Есмұраттың келіні жиырма-жиырма үшке келген кісі еді, өзі тым күйеу таңдамастық та әйел емес еді. Шалқаннан байдың сәлемін естіген соң, әрі ойлап, бері ойлап, әлдекімге қосақталып кетем деп, «тием» деген уәдесін берді.
Байғазы Тұрлықұлды шақырып алып, Жібекті арбасына салып жіберді. Есмұрат: «Мені қайтесің?» — деп жылап келіп еді, «Сен ит, өз қатыныңа ие болсаң жарамай ма», — деп Тұрлықұлдан бірлі-жарым қара әперіп, оның көңілін тапты.
* * *
Бұдан кейін он жыл етті. Шөпті аяқтап, егіннің піскен кезі еді.
Таласа біткен жыныстай қайың мен қарағайлы ағаштың алаңқысында, қыстаудан шақырым жарымдай жерде, ортасында жалтыраған суы бар томардың жағасында, қоңырлау бес қанат үй тігулі тұр. Бала жасырынатын сыбызғы қурай мен capы бас жоңышқаны сызып, арқасы ғана көрініп, үйден шақырым жарымдай жерде, ірілі-уақты он шақты сиыр жайылып жүр.
Үш құлын байлаған желінің басында жеті-сегіз жылқы үйездеп тұр.
Майыса біткен шие мен бүлдіргенді араласаң, тізеден төменгі жерің қанға малғандай болады. Томарды жағалап, иығына оратын салған орта бойлы бір кісі үйге қарай келе жатыр. Үйдің жанында беттері қызарып, шекелері торсықтай-торсықтай екі-үш бала ойнап жүр.
Осындай көңілді жайда тігулі тұрған үй кімдікі? Мынау сүйкімді, үріп ауызға салғандай балалар кімдікі?..
Малдары қалай ажарлы семіз еді!..
Пұл тігулі тұрған Қожаштың отауы. Иығына орақ салып, келе жатқан да сол, үріп ауызға салғандай балалар да Қожаштікі, Ғайшасы үйде шай қойып жатыр. Үйді айнала жатқан мал, өздерінің табан ақы, маңдай терімен тапқан милы. Жарайды, жігіт! Қайырлы болтын тұрмысың!
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
- Шоқан Уәлиханов
- Рәбиға Сыздықова
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі