Өлең, жыр, ақындар

Тарақандар

Бұрынғы дыр-дуы мол, көңілді ортадан бір жола бас тартып, базар маңындағы ескі жатақханалардың біріне көшіп келдім. Осы күнге дейінгі жинаған дүниелерімнің үштен екісі кітап екен, көшіп келе сап, тең-тең жүктерді түгел ақтарып тастап, кітаптарды бір бұрышқа үйіп қойдым. Аядай бөлмені ретке келтіріп, барлық затты орынына қойғанша да әжептәуір уақыт кетті. Еденін жуып, шаңын сүртіп, тазалап, қайта жинап болған соң барып «уһ» дедім.

Оңашада ойлануға мүмкіндік туар, тоқтап қалған шығармашылығыма қайта машығайын деген жоспар болды. Сөйте тұра жаңа пәтер іздегенде сүзгіден өткізіп, қатты сабылып кеткемін жоқ, бұйырғаны деп, жұмысқа жақын маңайдан, арзандау кезіккен осы жатақхананы ала салдым. Жатақхана қожайыны қырықтарға тақаған жуан әйел: «мұнда тек семейныйлар ғана тұрады, тыныш» деген. Жатақхана маңында ұсақ балалар мен кәртең әйелдер көп жүрді. Бәрі де мен алған бөлме секілді, ұзап кетсе 15-20 шаршы метрлік бөлмеде тұрып жатқан көрінеді, мұндағы бөлмелердің бәрінің өлшемі бірдей екен.

Аядай бөлмеде су да жоқ, душ та жоқ, бәрі сыртта. Су тасу — істеп үйренген жұмыс қой, ол жағы қиындық туғызбады. Кешке қарай байқағаным, бөлмеде тарақан бар екен. Ауылдың баласы болсам да, осы бір жыбырлаған қоңыз, құрт деген нәрселерден қатты сескенетінім бар. Тарақандарды көре салып тітіркене бастадым. Базар жақын, бір күні себетін, бір күні шашатын, тағы бір күні бүркетін дәрі әкеліп қолданып байқасам, нәтиже бермеді. Алғашқыда жоғалған секілді болады, кешке қарай, үйге кіріп, шам жаққанда, қойдай өрген тарақандар бұрыш-бұрыштағы қараңғылыққа қарай саулап бара жатады. Кітаптарымның арасына сүңгіп кеткенін де көрдім. Базарға тағы шаптым, баруын барсам да, енді басқа бір дәрі алуға құлқым болмады. Сатушылар да танып алған, кеше бір дәріні ең кереметі осы деп көрсетсе, бүгін басқа біреуін көрсетіп: «осы дәрі жоғалтпай қоймайды! Атпичаю» деп сарнайды... Ақыры, алдымен көршілерден кеңес сұрайын деген ой келді. Солар бір жақсы жол көрсетер, соны байқап көрермін.

Кешке бөлмені жинап, өзімше реттеліп жатқанымда: «жиналысқа шақырады» деп көршінің кішкентай қызы есіктен айтып кетті. «Кім шақырады?» дегеніме «Хазәйкә» деп жауап берді де жөнеп берді. Таңданған кейіппен сыртқа шықсам, аулада біраз адамдар жиналып тұр екен. Бәрінің аңдығаны «Хозяйканың» ауызы.

— Так, жиналып болдыңдар ма? Жанар, тағы кім бар шықпаған? Шақыршы Алуаны!

«Хозяйканың» дауысы өктем, қабағы шытқыл, бұйрықпен жекіп, қатты сөйлеп тұр.

— Бәрі шықты, ешкім қалған жоқ. Алуа қазір келеді, — дейді Жанары елгезектік танытып.

Екінші қабатқа шығатын баспалдақтан толық түспей, қабырғаға сүйеніп екі-үш еркек тұр екен, солардың қасына барып мен де тұрдым. Төменде жиналғандардың көбі әйелдер. «Хозяйка» мінбердегі шешендей сарнайды. Ашыған қамырдай қампиған қарыны ақтарылып кетердей. Үстіне киген киімі де денесін буылтықтандырып, тойған өрмекшіге ұқсатып қойған. «Өстіп айтпасам түсінбейді екенсіңдер» деген түсіндірмемен үстемелеп сөзінің арасына әжетхананың айналасындағы атауларды жиі кіргізіп жатты. Біраз жұрт ұялғандай күлді, біразы үндеген жоқ, баяғыдан тұрып келе жатқандар болса керек. Шет жақтағы жастау қыз маған мұның еш қатысы жоқ дегендей әр кімге қарап бір жымиған болды. Менің де қатысым жоқ дегендей, көзі маған тақалғанда езу тарттым да, мойынымды созып, шамдары самаладай жамырап, көліктер ағылып жатқан көшеге көз салдым. Тынымсыз тіршілік дауысы — бір жағымызда электрлі бұрғы ызыңдап құлпытастар қашап жатыр, газды өкірте басып, зулап өткен машиналардың шыңғырта берген сигналы базар маңындағы адамдар шуылын басып кетеді. Әлде бір нәрсе тарсылдайды, жедел жәрдем машинасының дауысы құлаққа жетеді, озандап барып қайта басылады...

Жиналыс біразға созылды. «Хозяйка» кәнігі шешендердей мүдірмей сөйлеп, бірде жұртты бір дуылдатып алса, бірде күлдіріп, әуелгі былапыт сөздерді қайталап, өстіп айтпаса түсіне алмайтынымызды тағы да ескертіп, зекіп, соныңда «всем ясно?» деген сұрақпен аяқтағанда, әр жерден: «Иә», «Түсіндік», «Ясно» деген сөздер естіліп жатты. Түсінгенім, аптасына бір рет субботник, бір рет жиналыс өтіп тұрады екен. Жүдеу өңді, ескі-құсқы жамылған үлкенді-кішілі топ дабырлап, күбірлеп тарай бастады.

Жұртпен жүздесе қалған сәтті пайдаланып тарақан туралы сұрағымды қойып алайын деп жанымда тұрған жігітке бұрылдым:

— Сіздерде тарақан бар ма? Тарақанға қарсы не істедіңіз? — деп сұрадым.

— Ау? — деп сұрақ қойып алды да, жауабымды күтпестен, — мен көбінде Ресейде жүрем, бизнесім бар. Мұнда көп болмаймын, қарбаласпын негізі, — деп бұрылып кетті.

Өңінен осындай жерде тұрып жатқанын онша мойындай қоймайтыны байқалады. Қонымды жауап ала алмасам да қайта сұрамадым. Екінші көршімді бөлмесіне кіре бергенде ұстадым. Отыздар шамасындағы қара жігітке:

— Аға, сіздердің бөлмеде тарақан бар ма? — деп сұрадым.

— Болады ғой... — селқос, ұнатпаған пішінде жауап берді.

— Қандай дәрі қолданып жүрсіз? — дедім жылдамдатып, асығып тұрғанын байқап.

— Бәрін...

Есікті тарс еткізіп жаба салды. «Именно қандай дәрі? Мен бірнешеуін сынап көріп едім...» деп түсіндіре бастаған сөзім есікке қысылып қалғандай болды. Бұдан да өнімді ештеңе таба алмаған соң, келесі көршінің есігін қақтым. Есікті ашқан алпыс жастар шамасындағы апа болды:

— Апа, сәлеметсіз бе! Мен жаңа көшіп келген көршілеріңіз едім. Менің сұрайын дегенім, сіздер тарақанға қарсы қандай дәрі қолданып жатырсыздар?

— Қарғам, үлкен ұлым министерствода жұмыс істейді, үш бөлмелі квартираға ақша жинап жатыр, скора кетеміз, мұнда көп тұрмаймыз...

— Жоқ, апа, менің сұрайын дегенім...

Есік тағы да тарс жабылды. Ашуым келе бастады, қызық екен, маған оның қанша уақыт тұратыны неме керек? Пәтері неме керек? Дұрыстап жауап бере салса қайтеді?...

Керней бастаған ашуымды басып, неде болса деп үшінші көршімізді мазаладым:

— Сәлеметсіз бе! Көршіңіз едім... Менің сұрайын дегенім, тарақанды қалай жоғалттыңыздар? Қандай жақсы дәрі ұсынасыз? Бөлмеде тарақан көп екен, көзін жоғалтпасам, сескенуші едім... — дедім жымиып, есік ашқан жастау әйелге жылдамдата сөйлеп. Арғы жақтан баланың жылаған дауысы естіледі.

— Сәлеметсіз... жақсы... Біз негізі қаланың сыртынан жер алайық деп жатырмыз... үй салсақ сонда көшеміз... — деген сөздерді үзіп-үзіп тез айтты да, есігін шала жауып баласына қарай кетті...

Шала жабылған есікті ашарымды, не жабарымды білмей аңырып аз тұрып қалдым. Ақыры амалым құрып, бөлмеме қайтып келдім. Күн ақшамнан асып қалған, шамды жағып қалғанымда, қараңғылыққа қарай өріп бара жатқан тарақандарды көрдім...

Енді не істемек керек? Бір танысым: «ондай көп бөлмелі жатақханаларда барлық бөлмедегілер бір уақытта тазаламаса, тарақан жоғалмайды, бір бөлмеден бір бөлмеге көшіп жүре береді» деген. Бірақ мына көршілермен тіл табысып, бірлікке келу қиын іс болды. Бір жолы асығыс сыртқа шығып бара жатқанымда, есік көзінде темекі шегіп тұрған түксиген еңгезердей жігіт: «Бауырым, жайлап жүрсейші, адамдарды ояттың ғой ұйықтап жатқан!» деп гүр ете қалды. Елемей кете бергем, сонда да әлденеге ілік іздеп тұратын жастар аз емес екенін байқадым. Ал кейбір түстаныс боп қалған көршілердің өзі аман-сәлемге сараң. Бәрінің жүзінен ашу, жек көру, реніш менмұндалайды. Үлкендер жағы жүдеу, көңілсіз. Бала-шағаның да орынсыз жыртаңы, ойыны көзге түсе бермейді. Шынымен тыныш жатақхана болып шықты...

Екі ай өтті. Көршілермен әлі араласып кете алмадым. Ешқайсысының көшіп кеткенін де байқамадым. Күн қысқарып, түн ұзара бастады. Кешке келіп шам жақсам, тарақандар қараңғы бұрыштарға қарай өріп бара жатады. Қыс тақау. Күн суыса жоғалар деген үміт бар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз