Әуежайға келе жатып та, ащы ішектей шұбатылған иір-қиыр кезектің соңын ала жылжы-жылжи оны-мұнысын өлшетіп, билетін тіркеткенде де Ақжамалдың ойы байыз таппай сан саққа жүгіріп, әлденеге алабұртқандай қобалжулы еді. Еш қайда барғысы келмегендей бір күй меңдеп, тіпті біреудің зорлығымен шыққандай-ақ, көңілі өзінен-өзі бұзылғаны. Осы тартыншақ мінезі-ай! Тапсырма алған бойда жедел жиналып, жүре беретін әріптестерінің жинақылығы бұған дарымай- ақ қойды ғой. Түске дейін бұйрық алса, түстен кейін жолға шығып кететін пысықтар да бар-ау. Ал, мұның не сиқыр барын кім білген, қашанда сүйретіліп, үйден шығуы қиын! Дәл жүрер алдында күйбің-күйбің тіршілігі бір бітпейді. Кейбір кездері ұшар алдында салдырап, шаршап-шалдығып, шаққа жететін. Оны кетерінде ешкім шығарып та салмайтын. Елеусіз жүрі беретін. Осы жолы да портфелін сүйретіп, ұшуға шаң қалғанда әрең үлгеріп, жеткені жаңа. Ойлап тұрса, бұл алаңдайтын төтенше себеп те жоқ сияқты, барлығы көңілдегідей өз орнында, үйде қалатын жігіттерінің азық-түліктерін жетерліктей қамдап, ас-суларын пісіретін адамын қастарына қалдырып шыққан беті. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұлы мен күйеуінің бұл бір жаққа барамын десе-ақ қабақтары түсіп, бас терілері тырыса қалады.Соларды алдап-сулап, керек-жарақтарын түгендегенше, уақыт өте шығады. Өздеріне сенейін десе, үлкенінің де, кішісінің де шаруалары бастан асады, үнемі қапылып жүргендері. Өзі келгенше еш нәрседен тарықпасын деп, тіпті өзі келгеннен кейін де бірер күнге еркін жетерліктей тәтті-дәмдіні үйіп төгіп, толтырып кетуге тырысатыны сондықтан. Жолдың аты — жол, өзі ауырып-сырқап оралуы мүмкін. Бүгін де пісісін-пісілей, шикісін-шикілей, біршамаға жетерлік астарын қамдан шыққан беті. Енді несіне алаңдайды?.. Сонда да бір мазасыздық бар. Қазір артынан кеңседен біреу іздеп келіп, бұл сапарға бармайтын болдың десе ғой, мына әрі-сәрі түріне қарағанда, бұл еш қынжылмастан-ақ, қуана-қуана кейін қайтар ма еді, кім білсін? Ондай атты күн қайда?! Тапсырманың аты — тапсырма Жазғы демалыстың кезі, кеңседе де адам тапшы, бірталайы демалысқа қатарынан кетіп, шошайып әр бөлімде саусақпен санарлықтай қызметкер қалған. Кетерінде бастығының шақырып алып: «Архив ақтарып жүріп алмай, жұмысыңды тезірек бітіріп келуге тырыс», — дегені тағы бар. Онсыз да өзіне берілген санаулы күннің бір-екеуін билет іздеумен өткізіп алды. Өз ойымен терезе жақтауына сүйенген Ақжамал уақыттың таянғанын байқамапты. Хабарлаушының: «Алматы-Семей бағыты бойынша ұшаққа отырғызу басталды», —деген саққылдаған ашық даусынан кейін көшпен бірге есікке қарай аяңдады. Бұлар жайғасқан соң да ол құрғыры лезде ұшып кетпей, бір орында гуілдеп, тұрып алды. Осыдан өзі де жалыққандай бір уақытта жұлқына қозғалып, асфальтпен шоқырақтап ала жөнелгенде есіне белгілі жазушының осы турасында: «Ұшуға жаратылған неме жүріске жоқ екен ғой», — деп, бір жазғаны түсіп еді. Қандай дәл тауып айтылған? Осылай шоқырақтаған қалпы бірталай ұзап барып, жерден көтеріле берген шақта ол да: «Иә, сәт, Алла жолымды оңғара гөр», — деп, өзіне-өзі оң сапар тілеп, жұмсақ креслоның екі жақтауына шынтағын тірей, шалқайыңқырап отырды.
Ұшақ дөңгелегі жерден көтерілісімен-ақ мұның көңіліндегі беймаза алаңдық та, көкірегіндегі топталған қобалжу да бейне біреу қолмен алып тастағандай демде ыдырап, бойы да, ойы да сергіп сала бергені. Әуеге көтерілген ол — жердегі пенделік мың сан тіршілігінен әп-сәтте босап шыға келгендей... Шүйкелеген жүндей, түйдек-түйдегімен жөңкілген аң мамық бұлттар арасымен қалықтап келе жатып, өзін соншалықты тың сезінгені. Бағанадан бері мазасыз баладай етегінен тартқылаған тірлік қамына ойыса берген беймаза күйден құлан-таза арылып, ширап қалғандай қанаттанып отыр. «Осы жолы бір сүбелі дүние жазарлықтай айырықша жайға тап келетін сияқты. Жол қиындығын көрмей, жеңіл барып, қоржыным журналистке керек деректерге молынан толығып, ауыр қайтса» деген бір ғана өзімшіл тілекке бағынғандай. Енді байқап жүр, қашанда осылай екен ғой, үйден шығуы — ауыр. Ал, ұшақ жерден бір көтеріліп кеткен соң-ақ, ол да күнделікті күйбең тіршіліктің қамытынан демде босанып, бара жатқан шаруасын абыроймен тындырып қайтуды ғана ойлады. Жол алдындағы міндет үлкен. Қашан ұшып кеткенше мазасызданып бітетіні содан болу керек. Жерден көтерілген соң көңіл күйі де басқаша түлеп сала беретін. Сыртқа шыққанда өзін жұмыс бабына бағындырып алатын ширақ қалпын қайта тапқандай. Ол қазір, бір жағы, соған қуанады. Қуана отырып, бөтен ел, бөтен жерден, жаңа кездесуден іштей жүрексінгендей. Қандай адаммен жүздеседі, хат иесі кім? Қалай қабылдайды, айналасы қалай қарсы алады? Көңілі енді келе жатқан шаруасына қарай ойыса береді. Жеке адамның тағдырына араласу да бір қиын іс...
«...Шіркін, шытырманды оқиғаға тап келіп, ауыз тұшырлық сүбелі дүние жазсам ғой...» деген өзіне ғана аян, көңіл түкпірінде бір аяулы тілегі бар.
Оқыған адамның іші-бауырын суырып, алай-дүлей бір толқытып өтер оқыс жайлар ел ішінде аз ба? Барлығы да өзін ізіне түскен оқиғаға байланысты емес пе деп ойлайды. Сөйтіп, бөлімімді бір белеске көтеріп тастасам деген пендешілік қиялы да жоқ емес. « Оқитын түк жоқ » — деп, қабағы кіржиіп отыратын меңгерушісін есіне алды. Не дер еді сонда? Не десін, тағы ойлап табады да. Аузынан жақсы сөз шықпайтын оның қара ағаштай қатып қалған қасаң мінезіне үйренетін уақыт болды ғой.
Ақжамалдың өзіне біреудің сыртынан әлгіндей ойлағаны жайсыз әсер етті. Көңіл түкпіріндегі құпиясын әшкерелеп алғандай, екі беті ду етіп, өзінен-өзі ұялып қалғандай. Ешкімнің мінезіне, қылығына, сөзіне мән бермей, тек өз ісімді білуім керек дейтін өзіне-өзі берік қағидадай қалыптастырған көзқарасынан ауытқып бара ма қандай? Өзін көп нәрседен құтқарып жүрген де осы біртоға, орнықты мінезі екенін іштей сезетін-ді. Кеңседе әлдеқандай сөз өрбіп, күбір көбейіп келе жатса, дауға араласып, ешкімнің бетін жыртпас үшін бұл жедел іссапарға кетіп қалатын. Қандай жағдайда шықса да оның әр сапардан әлдене іздеп шығатыны бір өзіне ғана аян еді. Іздегенін тапты ма, таппады ма, ол арасын ашып айтуға батылы бармас. Сірә, таппаған сияқты. Көңілі балапан құстай талпынып, үлкен арманға қол созғанымен, қолтығы бір сөгіліп алысқа ұша алмаған секілді. Қанша қарманып, өзін әр нәрседен бір сынап көрсе де, алтын балықтың қармағына ілінетін түрі жоқ. Әйтеуір, іздейді, таппайды. Кей-кейде нені іздейтінінен өзі де жаңылып, айналасындағыны анық зерделей алмай қалғандай. Үміттің нәзік жібі қолынан сусып шығып бара жатқандай әсерде қалып, көкірегін шым-шым шымырлатқан өкініш билеп отырар еді кейде. Оны шындап тығырыққа тірейтін де осы нәрсе еді... Уақытпен өзектес өрілген өміршең нәрсе жазсам дейді... Шықпайды, жаза алмайды...
Университетте өзімен қатар оқыған, қатар шыққан жігіттердің көші бірталай ұзап кеткендей. Алды бүгінде көпке танымал, беделді-беделді сыйлықтың иесі атанып, айдарынан жел есіп жүргендері аз емес. Ал, бұл — әлі қатардағы, бар болғаны бір басылымның қызметкері ғана. Қаншама адам тағдырына араласып, мақала жазды, жәбір көргендерге араша тұрды, қаншамасына сөз көмегін жасады: пәтер алуға, жұмысқа тұруға деген сияқты нәрсеге аз араласты ма, қыл аяғы жоғалған туыстарымен табысуларына дәнекер болған да кездері аз ба?.. Осының бәрін қанағат тұтайын десе де, замандастарының қарымымен салыстырғанда түк те емес секілді. Күнделікті жазылып жатқан, біреу оқып, біреу оқымайтын көп мақаланың бірі болып шығатын да, елеусіз қалатын. Кейбіреуі кезінде бір-екі рет ауызға ілініп айтылса, айтылады, қайсыбірінің күнделікті баспасөздің қым-ғуыт тіршілігінде еленбей, өте шығатын тұстары да аз емес. Кімге барып: «Менің мақаламды оқыдың ба?» дерсің?..
Кейінгі кездері хат тексеруге шыққан сайын осы бір әрі-сәрі күйді басынан кешетін болып жүр. Шағым хатпен алғаш танысқанда тілге тиек етерлік дәні бардай, егер сәл қаузасаң —осының астарынан бұғынып жатқан тың тақырып шығатындай көрінетін. Көңіліне үміт ұялаған соң, құлшына қолға алатын. Ал, барып, шұқиып сұрастыра бастағаннан-ақ, ұсақ-түйек бірдеңеге айналып, әлгі қомақты деп үміттеніп барған нәрсесі қожырап, ары кетсе, ағайынның араздығынан аспай қалатынын қайтерсің?! Ақжамал сондай кезде алданған үміті мен босқа кеткен уақытына іші удай ашып, бір түрлі қорланғандай күй кешетін болып жүр. Өзінің өнімсіз істі, болымсыз әрекетті қуалап жүргендей көрініп кеткен тіршілігіне көңілі толмай, жасып-ақ қалатын. Енді еш нәрсе жазбаймын, ақы берсең де хат тексеруге шықпаймын, құрысыншы бәрі, реті келсе, тыныш жұмысқа ауысып кету керек шығар деп, талай оқталған. Арада біраз уақыт өткен соң өзінен-өзі мазасызданып, бір нәрсесін жоғалтқандай түртіншектеніп, редакцияға ағылып келіп жататын бума-бума хаттарды ақтарып, сапырып оқып, беймаза күйге түсетін. Күніне папка-папка хат оқып, кейбіреулеріне қосымша сұрау жіберіп, әлденелерді анықтатып, толықтырып, хат жазысып, шарқ ұратын. Әрі-бері ақтарып отырып, ішінен «Осыдан бір нәрсе шығады-ау» дегендерін іріктеп алатын.
«Ол хат ақтарды дегенше, әлдене жазуға оқталды десеңші», — деп әріптес құрбылары сырттай күлетін. Міне, тағы жол үстінде. Бұл сапары қандай сый тартарын кім білген?..
Иллюминатордан қараған ол жер бедерінің айқын көріне бастағанынан қонуға бет алғандарын шамалады. Биіктен қарағанда жартасты тау сілемдері, оның етегін ала қолмен қойғандай, тақта-тақта шаршыланып жатқан егістік алқап, әлденеден үркіп, үдере көшкендей, әр-әр жердегі үйірілген үйір-үйір, шоқ-шоқ тоғай — бәрі, алақандағыдай сайрап жатыр. Былтырғы егіннің орны — сары аңыздақ пен биылғы көк егісі текше-текше қиықтай бірінен кейін бірі алма кезек ауысып келіп отырған соң ба, жер бедерін үлкен құрақ көрпеге ұқсатады да тұрады. Жарықтың, бұл жердің кеңдігін жол жүргенде біледі екенсің. Ұшы-қиыры жоқ жатқан тұтас кеңістік, әлі ұшып келеді, әлі ұшып келеді. Репродуктордан шалқи бір әуен естіліп, баурап әкетіп барады. Бұл қандай ән еді? Ә, ғарышкерлер атынан айтылатын жер туралы ән еді ғой. Иә, иә сол ән. Көкте жүргенде есік алдының көк құрағына дейін ән болып өріледі екен. Не нәрсенің де қадірін алыстағанда сезінетінін и осы ән байқатар. Күнде көріп, таптап жүрген, мән де бермейтін көк шөп екеш, көк шөпке дейін жырақ шыққанда бір көруге ынтызар сағынышқа айналған-ау! Оның көкірегі де беймәлім сағынышқа толғандай сырқырайды. Нені аңсай күтетіні өзіне де жұмбақ. Әлде үміт, әлде үрей, әлде өкініш, әлде арман түсініксіз бір күй тағы қобалжыта бастады. Бүгін көңіл күйінің мың құбылғанына таң қалып келеді. Қанша ойламайын десе де, оқтын-оқтын,құрғыр, есіне жолдасы екеуінің жол жүрер алдында сөз арасында жеңіл қақтығысқаны түсе береді.
Ақжамал шай үстінде кетіп бара жатқан жұмысының жай жапсарын айтып еді, жолдасы:
Дәл осы үшін ат сабылтып бару керек пе еді?! — деп, шырт ете қалғаны.
Қалайша сонда? Сеніңше, бұл арадан ешқандай мән-мағына көрініп тұрған жоқ па?
Әрине, көңіл бөлуге тұрмайды деп отырғаным жоқ, жергілікті жерге шара қолдануға жібере салатын нәрсе емес пе дегенім ғой.
Ақжамал күлген де қойған. Қалжыңға сүйеп:
Сен біздің кеңсенің ішкі шаруасына араласпа, — деп, сөз аяғын бітіре салғысы келген. Әңгіме басқа арнада өрістер деп тіптен ойламаған.
О, о! Одан аулақпын. Үнемі дау-шар туралы даулы мақала жазудан жалықпайды екенсің...
Мәселенің жазылар-жазылмасы әлі белгісіз. Дегенмен көмек сұрап шырқырап отырған соң, хат артындағы адамға жәрдем беру керек емес пе?
Абстрактный гуманизм!
Ақжамалға үндемей қоя салу керек пе еді, бірақ шыдай алмай, қызынып кетіп:
Қай жерінен дерексіздік пен жасандылық көріп тұрсың? Нақты адамға тығырыққа тірелгенде қол ұшын беріп, шырғалаңнан алып шығудан артың қандай айқын мақсат болуы мүмкін? — деп, шыр-пыр болсын келіп.
Бір адамға жасалған жақсылығыңнан еш нәрсе өзгермейді, егер оның ортасы сондай болса... Қоғамың сондай болса... Жалпы алып отырған тақырыбың ұсақ, аясы тар...
?!
Ол да өзінің артық кеткенін сезсе керек, жайма шуақтатып жатыр:
Жә-жә, жолға шығар алдында айтыспайық, есен-сау барып кел.
Осы әңгімеден кейін-ақ Ақжамалдың көңіл-күйі нілдей бұзылып жүре бергені. Іштей ойланып-толғанып, әбден пісіріп, енді орындалуға қалған дүниесіне біреу күмәнмен қараса, қараған емес-ау, тіпті жоққа шығарып отырса, ойы қалай айран-асыр болмасын! Сөз төркіні жүрек түкпіріндегі өзіне де күмәнді көрінетін кеселді түйінге келіп соғар деп ойламаған. Аяусыз соққы алғандай. Бүкіл кеудесі сырқырай, көкірегінен үскірік жел соққандай уілдеп қоя бергені. Бойында ешқандай күш-қуат болмағандай, отырған орнынан тұра алсашы. Бүгінге дейін істерінде, келешектен күткен жақсы үмітінде еш мағына қалмағандай. «Япырым-ай, тағы мүлт кеткенім бе?» деп ойлады бар болғаны. Осылай деуін десе де, ол өзіне қайрат беріп, бар күш-жігерін жинап, үйден күліп шығуға тырысты. Дәл қазір оған өзін құптаған, «қолға алған ісіңді аяғына дейін шығар, өзіңді-өзің жең, осы да қиыншылық болып па, соған да жаси ма екен?» дегендей қайрат берер, бір ауыз жылы сөз жетіспей, көңілі басылып, жүдеу тартып шыққан еді. Ой түбінен «Өзіңе-өзің сеніміңді жоғалтпасаң болғаны да. Басқаның сөзін қайтесің? Ал, сеніміңді жоғалтсаң, бағытыңнан адасқаның» дегендей де сәуле ұшқыны сөніп-жанып, сөніп-жанып, алыстан қылаң бергендей елегізітеді. Көңіліне сол демеу. Жолдасының сөзін көңіліне алып, бұрқ-сарқ ашуға беріліп, байбалам салудан, құдай берген мінезінің арқасы шығар, аулақ еді. Оның бар ұққаны — жолдасының сөзінің жаны бар шығар, тіпті соның айтқаны рас та болуы мүмкін. Тек, соны бұл ұқпай, жазатын тақырыбын таба алмай, әр нәрсені бір түртіп, далбасалап жүр ме екен?.. Ақжамал осыдан қорқады ғой...
Қазір мына тұтас кеңістікке, шөккен түйедей сұлқ жатқан, болмысынан маңғаз тауларға, көкке ұмтылған тік жартасты айбарлы шыңдарға қарап отырып, табиғаттың мәңгілігін, қаншама адамдар керуені осы жолмен жүріп өткенін, әлі қаншама ұрпақ ауысарын ойлады. Оларды қандай жайлар толғантты? Қандай тілекпен туып, не тындырды, нені күйттеді екен? Ол осыны топшылағанда өзінің пендешілік ойларынан қысылғандай. Болмашы нәрсеге соншалық мән беріп, күрт түсетін күйрек мінезіне, кіділігіне ренжіді. Қуанып кірер үйі,құлдыраңдап алдынан шығар балалары,құлшынып барар жұмысы бар — осылар бір әйелдің басына аз ба? Уайымы — бірде олай, бірде былай шығып жататын, не ортаймайтын, не таусылмайтын бөлімнің шаруасы болса, оның да бір жөні табылар... Ол осы ойға тоқтап, көңілін бекіткендей. Өзін сендіргендей.
... Ақжамалдың облыс орталығында бірер сағат аялдап, бүгін ауданға ұшып кетермін деген долбары аяқ астынан өзгерді. Ол мұның көңілі ғана екен. Бұл бармақшы болып келе жатқан ауданға Асуда қалың тұман тұрғандықтан екі күннен бері ұшақ ұшпақ түгілі, автобус жүрмеген көрінеді. Білетіндердің айтуына қарағанда, өліара уақыты, тұман апталап айықпауы ғажап емес. «Не істеу керек?» Бұл — ойламаған нәрсесі еді. «Н-да, жағдайың әбден оқсады, — деді өзіне-өзі мысқылмен. — Үйден көңілсіз шығып едім, осыған көрінген ғой». Дағдарып біраз отырды. Дәл осындай сәтте жігіт болса, не істер еді деп ойлады тағы. Иә, жігіттер не істер еді?! Асықпай-аптықпай қонақ үйге орналасып, күн болса — күн, апта болса — апта, ұшақтың ұшуын тосып жатар ма еді? Қаладан бірге оқыған ескі достарын, бұрын-соңды келіп-кетіп жүргендегі жүзтаныс жаңа таныстарын іздеп, қыдырып, арқа-мойындары босап, бір жетісіп қалатын шығар. Өйтіп жүруге мұның уақыты қайда? Іздесе мұның да толып жатқан танысы табылар-ау. Кімдер бар еді? Ол көңілге алғандарын ойша шолып шықты. Бірақ ешкіммен хабарласқысы келмеді. Ойлап-ойлап, баратын жағының қасындағы көрші жатқан Көктал ауданына жүре бермекке бекінді. Қол қусырып, қарап отырғаннан гөрі, бұл да жөн шығар. Орайы келіп, билет те табыла кетті. Облыс орталығынан баратын жеріне дейін бес жүз шақырымнан асса, ал Көкталға бір жетсе, екі жүз шақырымның үстіндегі екі ауданның арасына ел іші жаяу тастамасына іштей сенген. Осылайша, таяу арада көрермін-ау деген ой қаперінде жоқ; Көкталдың төріне сол күні іңірде бір-ақ шыққаны. Қонақ үйге орналасып, таңның атуын күтпек...
Барған жерінде үйренгенше ұйықтай алмайтын ескі әдеті бар. Әрбір дыбысқа елеңдеп, мазасы болмады. Жұрт аяғы басылған соң ұйықтап кететін шығармын деп еді, қараңғыда бұрыштан- бұрышқа әлдене ербеңдеп жүгіргендей, сыбырласқандай, көзін жұмса болды —бұған тарпа бас салатындай, денесі тітіркеніп, жата алмады. «Бұл бөлмеге көптен ешкім қонбаған-ау шамасы» деп ойлады. Ол көңілін бөлу үшін әр нәрсені бір есіне алып әуре, ойы да пышырап, басы бірікпейді. Әлгінде қалада қалса ғой, құрығанда қонақ үйі дұрыс болар ма еді? Мынадай күтімсіздеу көне бөлмеде көз іле алмай, дөңбекшіп қиналмас па еді?
Әлгінде қалада қалса... Бір түрлі, ойы күмілжіді. Иә, әлгінде қалада қалса не болар еді? Бәлкім Болатпен хабарласу керек пе еді? Машина алды деген. Хабарласса, әуежайдың басынан алып кетері сөзсіз ғой. Қаланың көрікті жерлерін аралатар, тәуір деген қонақ үйіне орналастырып, кешке бір топ жолдастарының басын қосып, қонаққа да шақырым жіберер. Елгезек жігіт қой, бұл неше күн ұша алмай жатса, сонша күн күтер еді де, бірақ... Бірақ, ол көрсеткен құрметін жүрген жерінде жұртқа дабырлап: «Алматыдан әлгі өзіміздің бірге оқыған пәлен деген досымыздың келіншегі келіп қалыпты» — деп желдей есіп, мұның күйеуінің қызметін, атын, беделін алға тартып, мақтанып отырар еді. Ақжамал осыдан қашты ғой. Жолдасының атын пайдаланғандай, жұрт соным, беделін сыйлап жатқандай, өзін соның көлеңкесінде күн көріп жүргендей дәрменсіздікті, қолайсыздықты сезінер. Біреудің атын айтып, біреу мақтану үшін мұның екі арада отырар не жөні бар? Одан да елеусіз, өзімен-өзі жүргенге не жетсін? Әрі жұмыстағы жұртты артың әбігерге салуға қақысы да жоқ қой... Біреуді артың мазалағанды жаны сүймейді. Бұл да бір құдайың берген мінезі шығар. Біреулерді ағалап-жағалап, іші-бауырына кіріп, бермесін алып, ішпесін ішіп, майға салған ыстың қасықтай лыпып тұрған жұғымдылығы тағы жоқ. Әлдекімдерге жағыну үшін тілін безеп, ойдан-қырдан жиған жеті атасынан бермен жіпке тізіп, мадақтап, жеріне, шөбіне, итіне дейін өтірік мақтап, көлгірсу қолынан тіпті келмейді. Тым болмағанда, біреудің діттеген жерін дәл басып, өсек айту да әдетінде жоқ. Құрбылары сыртынан «Әй, соны қойшы, тым болмаса әйелге ұқсап, ауыз тұшырлық өсек айтуды білмейтін жұмысбасты болған сорлыны, оның да бізден асып кеткен жері шамалы» дейтінге ұқсайды. О, Тоба-ай! Бар міні — жағына алмайтыны мен өсек айтпайтыны болса, онда сөз жоқ қой...
Елегізе берген соң тұрып отырды. Жападан жалғыз түп ортасында отыру да іш пыстыратын іс екен. Сағат тілі жылжымайды. Киініп, кезекші әйелдің қасына келді. Ұйықтай алмағанын айтып, әңгімелесіп, уақыт өткізбек.
Е, жорналиспін де, Аққыстауға кетіп барамын де. Дұрыс! Ақыры ұйықтай алмасаң, шай ішіп отырып әңгімелесейік, — деп, тоңып отырған тоқымасын тастай салып, Ақжамалдың құптауын тоспай-ақ, тоқ шәугімге қол соза берді. — Мен де түн баласында ұйықтай алмаймын. Сосын ғой осы жұмысқа шыққаным.
Кезекші әйелдің бір уақ сөйлесетін ешкім болмай, іші сөзге толып қалғандай, Ақжамал келіп, «іздегенге - сұраған» дегендей, сөздің тиегі ағытылып кетіп, шай қайнағанша-ақ бірталай әңгіме айтып тастады. Ара-арасында: «Тап мына менің өмір-тарихымды кітапқа жазса бар ғой, пәленбай том болар еді, шіркін! Біз не көрмедік?!» — деп қояды. Ел адамының аңқылдақ мінезі-ай!
Әлгі менің құрдасым аман ба екен? — Ақжамалдың ұқпағанына риза болып, өзі біраз күліп алды. Ақжамал енді байқады, күлген кезде ажарланып, әлдеқайда жас көрінеді екен. Ол күлкісін тыйып, белгілі жазушының атын атады.
Біздің құрдас қой. Мектепте бірге оқыдық. Оны дардай жазушы болар деп кім ойлаған? Сөлбірейіп жүруші еді, — деп, есіне әлдене түскендей, тағы күлді.
Келген сайын өзіне де айтамын, ала қағазды шимайлап, сен де кісі болдың-ау?! Мені қашан кітапқа шығарасың? — деп. Кітаптарың әне, дүкенде тышқан кеміріп өтпей жатыр, мені жазсаң ғой, түп-түгел өтіп кетер еді, — деймін ғой баяғы көңілмен. «Әй, осы сенің тентек мінезің-ай!» — деп кеңкілдеп, Ірік-ірік етіп күле береді. Өзінің екі жастың біріне келмей, шашы жидіп түсіп қалыпты?..
Сіз де қатты қалжыңдайды екенсіз, күлмегенде қайтсін? Ал келіншегін мен танымайды екенмін...
Қалжың емес, шыным... Қиян шетке өзің не іздеп бара жатырсың? Бір қыз баланың арызы бойынша?..
Ей, апай-ай, арыз болған соң, қай бір жақсылық дейсіз?
Арызданғандардың бәрінің арызын тексересіңдер ме?
Әрине, жоқ. Шын қиянат көріп отырғандарға көмектескіміз келеді.
Ол қызға не болыпты?
«Қыз жолы — жіңішке» деген сөз бара емес пе?
«Қызға қырық үйден тыю, қала берді қара құлдан тыю» деп бекер айтылмаған сөз ғой.
Қызға сын да көп, тағылар мін де көп...
Әйел жүгі қашан жеңіл болып еді?..
Мені де осы ғой жолға алып шыққан... Жас қыздың он екіде бір гүлі ашылмай, әлдекімдерден қиянат көріп отырған жайы бар көрінеді...
Тү-у, қарағым-ай, келе жатқаның да бір кірпияз шаруа екен. Ел іші болған соң, әртүрлі жағдай болмай тұрмайды Ондай бейбастықтарды соттап жатпаушы ма еді?
Солай болмаған соң да жылап, көмектесуімізді сұрайды ғой...
Е-е, солай де. Байқаймысың, заман түзеліп, не кием, не ішем демейтін уақытта, ел арасында осындайлар жиі ұшырасатын болды ғой. Мынау, телевизор дегенің де небір пәлені көрсетіп жатқаны. Балаларды әбден бұзып барады...
Оныңыз рас...
Біздің жас кезімізде мұндай зорлық-зомбылық, төбелес дегендер анда-санда бір естілмесе, көрмеуші едік. Ол бір жайсаң кезең екен-ау!
Оныңыз рас болса, рас та шығар. Әйтеуір, қазір бізге түсіп жататын арыз-шағымда қисап жоқ...
Соның бәрін тексересіңдер ме?
Әрине, бәрін емес. Әділетсіздік көріп отыр-ау дегендерін тексереміз, тексертеміз...
Е, е, астанада тұрамын дегенің болмаса, сенің күнің де күн емес екен ғой, жұрттың арызын баққан...
Нанымызды адал жейік деп жүргеніміз де...
Кейде пәле қыздардың өздерінен де шығады.
Кім білсін?
«Зорлады-зомбылады» деп жала жауып, пұл өндіріп алатындар да бар екен...
Не болғанда да бара көрерміз...
«Не көрмеген» апасының әңгімесіне де, шайына да қанып түннің бір уағына дейін отырған соң, Ақжамал ертең тағы жол жүрерін ойлап, рахметін айтып, көз шырымын алуға кетті Жарықты сөндірмей, жағып қойып қисайып еді, таң алдында қалғып кетіпті...
Таңертең ерте оянған Ақжамал жұмысын баратын ауданымен телефонмен хабарласудан бастады. Обалы не керек ауданды тез алып бере қойғаны. Іздеген адамдарының бәрі орнында екен, жағдайын айтып түсіндіруде: жас адамның басына түскен зобалаңға қатысты арызбен келе жатқанын оларға қарай ұшақ ұшпай жатқан соң Көкталға жетіп алғанын бүгін соларға қарай шыққысы келетінін, соған көліктің реті қалай боларын сары майдан қыл суырғандай, суыртпақтап айтып шықты. Трубканың ар жағындағы адамның мұның Көкталда неге отырғанына, келген шаруасына пәлендей мән беріп тұрғаны көрінбейді.
Ауа райының қолайсыздығынан шөп болмай тұр биыл, — деді.
Шаруашылықтың қауырт кезі. Сізге жібере қоятындай «кеңседе де басы артық адам болмай тұр, — деді.
Басшылардың бәрі облыстан келген әкіммен ел аралап кетіп еді, — деді.
Алматыдан жазушылар келеміз деп хабарлаған соң, аяқ артар жалғыз көлікті жаңа Аягөзге, теміржол стансасына жіберіп қойып едік, — деді.
Қап, сіз де пойызбен келмеген екенсіз, — деді.
Тап осы арада жолдасының сөзі есіне түсіп, көңілі шым ете қалды.
Босқа жүрген жүріс болмаса, нағылсын...
Уақыттан ұтамын ба деп ұшақпен шыққандығым еді ғой бұл, — деді Ақжамал жай-жапсарын түсіндіріп. Ендігі сөзден пәтуәлі еш нәрсе шықпасын сезді. Оның үстіне пойыз деген көлікпен жүре алмайтынын қалай айтсын? — Қайсысымен келгенде ауданға жақын түсерін кім білген?!
Сіз сол арада күтіңіз. Келе жатқаныңыз қай жер деп едіңіз? «Амангелді» ме? Мен соларға телефон соғармын. Өздері барып алып кетер. — Телефон трубкасын орнына қойған қалпы Ақжамал ойы ойпыл-тойпыл, тұрды да қалды. Оған трубканың ар жағындағы адамның мұның не бір дәрежесі үлкен бастық емес, не айтулы жазушы емес, арыз тексеріп жүрген жай журналист екеніне, тіпті пойызбен келмегеніне өкінгені батты. «Енді қалай деп ойлап едің? — деді өзіне-өзі. — Апатай, келгенің қандай жақсы болды, сізді ғана күтіп отыр едік деп, нағашысы келгендей, міне — көлігіңіз, міне — іздеген адамыңыз деп, алдымнан жүгіре шығар деп пе едің? Бұл басы шығар, әлі қанша құқай көреріңді кім білсін? «Амангелді» болса, «Амангелді» болсын, мен де тура солардың өздеріне шығайын. Өз қамымды өзім ойлайын». Ақжамал телефонный; ар жағындағы көзге көрінбейтін, ауыздарынан тек «не отвечаеттан» басқа сөз шықпайтын коммутатор қыздармен ұзақ дауласып, «Амангелдінің»кеңсесінен өлдім-талдым дегенде түске қарай бір адамды зорға алды-ау.
Иә, иә, ауданнан телефон соғып сіз туралы айтып еді. Кімнің арызымен дейсіз? Әйтеуір ішіп қойған, жеп қойған емес қой? Онда бопты. Арыз иелері орнында болу керек. Үшінші бөлімшеде тұрады. Біраз жер. Жаңа сол бөлімшенің бастығын тауып алып, тапсырма бергенмін. Әзір кете қойған жоқ шығар, тағы сұрайыншы. — Әрең-әрең естіліп тұрған қырылдақ үн жоғалып кетті.
Ал-ло, ал-ло! Естіп тұрсыз ба, бөлімше бастығы бригадирге айтып жібердім дейді. Өзінің осында, орталықта бір шаруалары бар ма қалай...
Бригадирге айтып жібердім дейді ме?
Аудан бізге, біз бөлімге хабарладық. Енді көлік тауып жіберу — солардың жұмысы. Айту бізге парыз еді, айттық. Бастығы бригадиріне тапсырыпты ғой. Сол бір сенімді адам жіберер, күтіңіз. Бізде тәртіп солай.
Дұрыс екен, тәртіптеріңіздің солай болғаны.
А как же?!
Ақжамал сол тосқаннан «Амангелдіден» келетін көлікті кешке дейін тоссын. Машина гүрілі естілсе-ақ есікке елеңдеумен күнді батырды. Мұндайын білгенде осы арадан көлік іздестіру керек пе еді деп ойлады. Ешкімге жалынбай-ақ жүре беретін, екі ауданның арасына автобустың жүрмей қалғанын айтпайсың ба?
Түнгі кезекші әйел қайта жұмысқа келгенде Ақжамал мағынасыз күтуден әбден жалығып, шаршап, есік алдында теңселіп жүрген. Теңселіп жүріп, ойы небір қиырларды шарлай қайтатын. Бабаларымыз кезінде ғой бұл даланың о қиыры мен бұ қиырына атпен, атанмен қатынады. Сонда соларды қаншама уақыттары жолға кеткен десеңші! Қайран, бабалары! Бұлардың міне, қарға адым жерге жете алмай, пұшайман болып отырған түрлерін көрсе, күлер ме еді, жылар ма еді? Ұрпақтарының майдаланғанына, дәрменсіздігіне жылайтын шығар, шамасы. Ал, бұл жыласа, әйелдігіне жалайды да...
Япыр-ай, әлі кете алмай отырсыз ба?
Көріп тұрсыз ғой.
Әй, қарағым-ай, жер жағдайын жақсы білмегенің ғой. Әйтпесе, ауылдан мына шығысқа қарай кететін тас жолға шықсаң, екі машинаның бірі Аққыстауға баратын еді ғой.
Кез-келген көлікке қол көтеріп, ілесе кететін жігіттерді өзім де күндеп отырмын осы отырғанда. Оған біздің жүрегіміз дауаламады.
Оның да рас екен ғой.
Әйтеуір, келіп қалған соң, осыны да бір көрелік деп отырмыз. Бұдан кейін Көкталға келіп, жағамыз жайлау боп жататын күн бола ма, болмай ма?..
Тұра тұр, тұра тұр. Бір амалын табайық. Ел болып, жұрт болып сізді күні бойы қаңтарып қойғанымыз ұят та... — «Не көрмеген» апасы телефонға жармасқанда Ақжамал одан бір нәтижелі іс шығарына пәлендей сене қоймағанмен, қасына тізе бүкті. Біреу сен үшін әлдекімнен көлік сұрап, әлдекімдермен қарадай ұрысып, шыр-пыр болып жатқанда шығып кетудің тағы ретін таппады.
Арада шай қайнатым уақыт өткенде «не көрмеген» апасы тауып берген бензин таситын машинаның кабинасына отырып, көлік таңдар жайы жоқ, жолға шығып кеткен еді. Ол енді ауданға да, кеңшар орталығына да соқпай бірден үшінші бөлімшедегі хат иесіне тіке бара беруге оқталған. Машинаға жер алыс па, ел орынға отырмай-ақ жетіп барған. Жетуін жеткенімен, келуін келгенімен кеш қалыпты: хат иесінің осыдан екі күн бұрын кенеттен қазаға ұшырағанын естіді. Өкініп-ақ қалды. Осындай да болады екен-ау! Тексеруге адам келіп, көмектесулерін қиыла сұрап, дүркін-дүркін хат жазып, үмітпен күн кешіп жүрген бейкүнә қыздың шыдамының шегі үзіліп, аяқ астынан көз жұмғаны жұмбақ боп, бұл қайран! Қайран қалмасына шарасы болмады. Бұған дейін ол қанша ел аралап жүрсе де мұндай жағдайға кездеспеген-тін. Бәлкім, осының астарында бұл зерделей алмай отырған сыр ұшығы жатыр ма? Бәлкім, ет пен сүйектен емес, жоғары кернеулі тоқтай шытырлаған жүйке мен лапылдаған сезімнен тұратын от-бейне ерте жанып кетті ме? Әлде, пәлсапашылар көп айтатын, әр кездейсоқтың өз заңдылығы бар дегендей, оның қысқа ғұмыры осылай аяқталуға тиіс пе еді?.. Ал, мықты болсаң шешуін тауып көр?!
Ақжамал қыздың ұстаған заттарын, бірталай қағаздарын, жинаған суреттерін, альбомын ақтарып отырып, осыдан жиырма шақты күн бұрын оның хатына өзінің жіберген жауабын тауып алды. «Тексеруге адам барып қалар, шыда, өзіңді өзің ұста! Қыз болып туған соң, әуелі керек нәрсе — төзімділік.Уақыт өтеді, барлығы ұмытылады, төзіміңмен жеңіп шағасың...» деген сияқты бірталай жылы сөздер жазғаны есінде. Хатты алып кеткісі келді. Ашып қарап еді, хаттың аяқ жағында зердей төгілген әдемі жазумен: «Ақыл айтқам қашанда оңай» деген бір ауыз ащы мысқыл қолмен жазылыпты. Соны оқығанда оқыс селк етті. Денесін мұздай темір қарып түскендей, табанынан тісіне дейін, өн бойынан зырқ етіп суың толқын жүгіріп өткендей. Оның маңдайынан мұздай тор болып бұрқ етпесі бар ма... Демек, мұның айтқан жылы сезін қажетсінбеген. Айтқанын қажетсінбеген адам келгенін де керексінбеген ғой. Сонда бұл қыз редакциядан қандай жәрдем күтті екен? Бәлкім, жайбасарлығынан өзі кешігіп келіп отыр ма? Бұлай боларын кім білген? Қыздың қазасына кінәлідей-ақ, бір түрлі өзін жайсыз сезінгені. Бекер араласты-ау, осы бір шырғалаңды тағдырға... Тағы жолдасының сөзі есіне түсті, айтқаны рас болайын деді. Келмей-ақ қоюы керек екен.
Ақжамал келгелі қасынан айналсоқтап, шыға алмай жүрген осы үйдің кіші қызы бір оңаша қалғанда: «Тәтем кейіп мені сұрап әлдекімдер келсе, бер деп, тыққызып қойып еді», — деп, қалыңдау көк дәптерді қолына ұстатты. Күнделік екен. Ол күнделікті қолына алғанда-ақ бойының жеңілдеп сала бергенін сезді. Көңіл түкпіріндегі — «осы қыздың тағдырының бұлай шешілуіне менің кешіккенімнің кесірі жоқ па?» дегендей сансыз қаупін сейілткендей-ді. Ол іздеген жоғын енді тапқандай, «Суға кеткен — тал қармайдының» кебімен дәптерге жармасты. Асықпай, ұзақ оқыды, зерттеді, зерделеді. Үй-ішімен жете танысты. Бірталай адамдармен әңгімелесіп, біраз сырға қанғандай. Көңілінде «Қап, анамен сөйлеспедім-ау, қап, мынамен сөйлеспедім-ау» деген, ұмыт қалған сауалдары жоқ сияқты. Енді сұрақтарым түгесілді дегенде көк дәптерді арқалап жолға шықты...
Неше күн аспаны қайсы, жері қайсы, екеуінің ара жігі көкжиегі қайсы, ажыратып болмас қалың боз ала тұман сейіліп, заңғар көктен күн күліп, төңірек жайдарылана қалыпты. Аспан да орнында, жер де орнында, бұлдырап көкжиекте көк мұнар сағым ойнайды. Аққыстау әуежайы де ашылып, Семейден ұшақ келе жатыр деп хабарлаған. Ақжамал сол ұшақпен кері ұшпақшы. Ол бүгін қай күн екенін есіне алды. Алматыдан шыққалы неше күн болғаны сонда? Небары — бес күн. Бірақ ой айлап жол жүргендей, арада сонша көп уақыт өткендей, тіпті, өзін ұзақ аурудан тұрғандай сүлесоқ, үлкен әлемнен баяғыда бөлініп қалғандай, айдалада адасып жүргендей кепті сезінді. Тезірек ұшып кетсе екен. Осы арада ол бір топ ақын-жазушыларды ұшыратты. Өткенде Аягөзден алдына көлік жіберіп, дүрлігіп қарсы алып жүргендері осы топ болды ғой. Барлығы да Ақжамалдың кезінде қатар ұшқан тұрғыластары еді. «Сен қайдан жүрсің? Өзің қайдан келесің?» дегендей, жөн сұрасып, дабырласып қалды. Ол жүрген шаруасының жайын айтты. Әңгіменің шет-жағасынан олар да хабардар екен.
Адамдар тек осындай жаста ғана махаббаттың құрбаны болатын шығар, — деді бірі.
Апыр-ау, бұл заманның Баяны мен Жібегі әлі де бар екен ғой, — деді екіншісі.
Лирикалық поэмаға таптырмайтындай тақырып екен, — десті.
Мұндай тосын әрекетке адал адамдар ғана бара алады, — деді әлгілердің бәрін тұжырымдай ортадағы ересектеуі.
Оларды шығарып салушылар арасында өзімен өткенде телефонмен сөйлескен жігіт те жүр еді. Телефонда маңғазсыған шіркіннің мына атақты, лауазымды топтың о жағына бір, бұ жағына бір шығып, қалбалақтаған түрін көріп, Ақжамал еріксіз езу тартты. Бірақ күлкісі ащы мысқылдай шықты. Ол соны сезгендей қипақтап:
Қап, асығыстау кетіп бара жатқаныңызды қарашы. Бәрі қабат келіп, сізге көңіл де бөле алмадым, өзі қандай жағдай екен? — деп, өп-өтірік ұялғансып, өп-өтірік білмегенсіді.
Ел өзіңдікі, жер өзіңдікі, жата-жастана не жағдай екенін біле жатасыз да... Біз сіздерден анығын сұраймыз ғой.
Ақжамал жаңағы ақын достары айтқан жорамалдарға іштей күліп тұрған. Онысы да мұнысы да емес, ол қыз зұлымдықтың, одан қалды адамдардың бір-біріне деген ішмерез қайрымсыздығы мен енжар немқұрайдылығының құрбаны боп отыр ғой. Оған көк дәптер куә... Оны білсе, бұл ғана білетін шығар...
Семей әуежайында салтанатты топ шығарып салушылардың дүрмегімен келесі ауданға аттанып, ал Ақжамал журналистік сапарының мерзімі аяқталып, қоржынына көк дәптерді салып ауыр ой арқалап түнгі ұшақпен Алматыға қайтты...
Көк дәптер оған аманат жүктегендей. Ол жазар нәрсенің сұлбасын ойлап, қолында бар мағлұматтарды екшеп, саралап келе жатты...
Қашан жазады? Қалай жазады? Алқымындағы ажырғы аманаттан қашан құтылады... Оны уақыт көрсетер...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі