Өлең, жыр, ақындар

Қарлыған піскен шақ

Өмір — арқан, жабысасың ұшына,
Соңғы түйін қолдан шықпаса екен деп...

Байрон

Бүкшеңдеп базар аралап, қаз-қатар текшелене, қайсыбірі өркештене жиналған, уылжып піскен жеміс-жидектер қатарының бірінен-біріне етіп, осыншама ырыздыққа жанарын суарып келе жатқан Жарқынай кемпірдің көзі кенет мөлдір шыны құтыдағы қарлығанға түскенде кеңірек ашылып барып, жайнап сала бергендей. Ол арбалған жандай екі көзі шыны құтыда, қатты да қалды. Бір орында тапжылмай қалған шүйкедей кемпірді ағылған адамдар толқыны еркінен тыс итермелеп, қаңбақ құрлы көрмей, қақпақылап, былайырақ ысырып тастады. Кемпір бүгежектеп, ерні күбірлеп: «...Осы мен неғып тұрмын? Не үшін келіп едім?» — деп, есін жинап, қарлыған сатып тұрған әйелге бұл да кимелей жылжыды. Жаңын келіп, ескі танысын кәргендей жылы ұшырай, сатушының тура қарсы алдына тоқтады.

Сатушы керенау. Жадағай шекпенді шөкімдей кемпір сауда жасай қояр деп ойламағандықтан оның басынан асыра алысқа қарайды. Қалталы алушылардан дәмелі. Өйткені, қарлығанның өз іздеушілері бар. Соларды өткізіп алмайын дейді. Пенде ғой, қайтсін. Екінің бірі бұл жидекті танып, қасиетін ұға бермейді. Алдына келіп тұрып алған кейуананы түк жақтырмаған. Кемпір: — «Қаншадан?» — деп, батылсыздау тіл қатты да, жасқана қол созып, бір талын алып, алақанына салып, саусағының ұшымен аялай сипап: «И-и, жарықтық-ай. Әбден піскен кезі екен. Бисмиллаһ-ир, рахман-ир ра хим» — деп, аузына салып, қызыл иегімен ұзақ талмады.

Сатушыдан мүлде маза кетті. Мына алжыған неме не алмады, не алдын босатпады. Кемпірдің дәл қазір онда шаруасы шамалы еді. Ол ұзақ талмап, жидектің дәмін әбден алып, көзін жұмып, ашырқанып қалған екен, ықыластана жұтты. «О, тоба ай! Неше жыл өтсе де қарлығаннаң дәмі еш өзгермейді екен ау!» Сол дәммен бірге есіне талай нәрсе оралғандай Жарқынай кемпірдің жанары шымылдықтанып, көз алды бұлдырап жүре берді. Ол қалтылдаған қолымен қалта біткенді түгел ақтарып, пұлын іздей бастады. Балалары берген тиын-тебеннің әр қалтаның түбінде қалған-құтқанын жинап-теріп, сатушының қолына ұстатты да, бір сауыт қарлығанды дорбасына салып алып, тып-тып басып үйіне қайтты. О баста базарға келген басты шаруасын да ұмытқан. Ол бүгін, бір жағынан, өзін өте олжалы сезінсе, бір жағынан, бордай егіліп, босап келеді.

Үйге келісімен қарлығанды дастарқанға төгіп, бір-бірлеп сабағынан, шөп-шаламнан арылтуға жайғасты. Әр жидекті қалтылдаған қолымен мыжып, шырынын шығарып алмайын дегендей аса бір баппен, үлбірей ұстайды. Қолы — істе, көзі — жидекте болғанымен, көңілі — ту-у, тым алыста еді.

Жарқынай да жас болған...

«Ой, дүние-ай! — деп күбірледі кемпір иегі кемсеңдей. — Мен ненің қадірін біліп едім ол кезде?!» «Иә, иә, сен ненің қадірін біліп едің? — деп кейінгі кезде іште пайда болып, миын қажап жүрген екінші дауыс сақ-сақ күлгендей. — Сен еш нәрсенің қадірін білген жоқсың. Сен ылғи осылай боламын, бәрі өзінен-өзі маған келе береді деген соқыр сенімде едің. Қайда, қайда кеткен сол сенімің?..»

Жарқынай кемпірдің басы зеңгіп, құлағы шыңылдағандай болды. Иә, қайда кеткен сол жылдары?..

Бұның есіне өзінің бір кезде үлкен саябақ ұстаған берекелі, базарлы, думанды жастық шағы түсіп отыр. Сол бағында бір түп қарлыған болушы еді...

...Сол кезде бір ағым болды ма, әлде өзінен бірер мүшел үлкен кісілермен көп араласқан ақ көңіл, еліккіш жолдасы соларға еліктеді ме, кім білген, әйтеуір аяқ астынан саябақ аламын деп көңілі кетпесі бар ма? Басына бір ой келмесін, келсе болды орындамайынша дамыл таппайтын елгезек жан ақыры қарызданып-қауғаланып, мәуесі төгіліп тұрған дайын бақты алып тынды.

Ұмытпаса, қызметтегі жолдас жігіттің көршісі — орыстың бір зиялы қариясынан алды ғой деймін. Бақты шал өз қолымен отырғызып, ұзақ жыл қызығын көріп, қауқары қайтып, игере алмайтын болған соң сатқан екен. Ойпырым-ай, сондай мәуелі бақты бұл алғаш көргенде әрі қуанғаны, әрі жүрексінгені есінде. Бүлдіршіндей едел-жедел өсіп келе жатқан екі бөпесі базарға көзін сатпай, мына бақтағы несібені емін-еркін теріп жейтіні қуантып, көңілін демдесе де осыншама көп жеміс ағашын қалай күтіп бағамын деп, шындап уайым қылған. Жолдасының қуанышында шек жоқ. «Әрі еңбек, әрі ермек» деп мәз. Қуанса, жас баладай шаттанып ағылып, төгіліп қуанатын ақжарма жан еді ғой, ол жарықтық. Күйеуі есіне түскенде Жарқынай кемпірдің әжімді жүзі бір нәзік сәуле жүгіріп өткендей нұрланып, мейірленіп сала берді.

...Уайым қылатындай жөні бар, Жарқынай терістік жағының қызы еді. Қай жемістің қалай өсетінін, қайсы ағашта, қайсы жерде пісетінін де жөнді айырып білмейтін жас кезі еді. Бұйырған несібелері шығар, жемістің бұрын көрмеген уылжыған небір ғажап сирек түрлерін осы бақтан ұшыратты ғой. Алманың, алмұрттың неше бір түрлері барын оған дейін Жарқынай білген емес-ті. Жаздың басынан бастап, бірі пісіп түгесіле бергенде келесісі пісіп, қара күзге дейін алма арылмаушы еді ғой бақтарынан. Сары өріктің, қызыл өріктің, шиенің неше алуан әдемі түрлері болатынын сонда көрді. Құлпынай, таңқурай, қарақат, қызылқат, мойыл, тұшала, жүзім бірінен кейін бірі пісіп тұратын. Жарқынай жинап үлгере алмаушы еді. Ой, дәурен-ай десеңші!

Бақтың жемісін жинаған сайын оның бұрынғы иесі — бағбан қарияға ризашылың сезімі қашанда көңілінде тұратын.

Жарқынай саябаққа көктемде күйеуіне еріп барғанды ерекше ұнататын. Қыстай қалада қамалып, іштері пысқан балаларын баққа алаңсыз қоя беретін. Олардың үш аяқты велосипедтері, «ағаш аттары» үнемі сонда тұратын. Балаларының қыстай сағынып қалған ойыншықтарымен ойнап, өздерімен-өздері емін-еркін жүргені көңілін қуантушы еді. Балалардың кішкене кезі қандай жақсы еді!..

Күйеуі ыңғайлы киініп, күзде түскен қалың жапырақтан бақты аршитын. Жинап, от қойып өртейтін. Күйеуі Жарқынайды аялап, ауыр жұмысқа көп салмайтын. «Бар, тамағыңды қамда» деп үйге жұмсайтын. Бақтың басында екі бөлмелі үйлері болушы еді. Үйдің шатырына құстар ұя салатын. Құдай-ау, сол бақтың естен кетпес бір кереметі — көктемгі құстар әні еді ғой. Бұл қалай ғана ұмытқан..?!

...Сатып алған жылы күйеуі екеуі бақтағы үйге алғаш оңаша қонғандары, таңертең құстардың мың құбылта сайраған үнімен оянғандары — ертегіге пара-пар еді-ау! Бұл — мамыр айының іші еді. Бүкіл бақ ақ шәліге оранған келіншектей, аппақ болып үлбіреп, бүрлеп тұрған. Қаладан кештетіп келген бұлар судың ертеңгі кезегіне жазылды да тып-тынық кеште, тап-таза ауада бақ ішінде әңгімелесіп, күлісіп, ұзақ отырды. Жұлдыздар туып, ай дәл төбеге келгенде барып, үйге беттеді. Бұл төсек салғанша, күйеуі темекісін тартып, сәкіде отырған. Жарқынай төсегін салып, шыбын-шіркей кірмес үшін шамды сөндіріп, жатып қалған. Қараңғыда күйеуінің қасына келгені, дыбыссыз шешінгені, төсектің шетіне отырып, бұның шашынан, иегінен, иығынан жұмсақ сипағаны, бірте-бірте тыныс алуы жиілеп, жанына жақындағаны — бәр-бәрі ап-анық Жарқынайдың кәрі санасының алыс түкпірінен жарқырап, бас көтергені... Ойпырым-ай, адамның санасында бәрі айқын сақталады екен-ау. Ол кезде бұл қандай бақытты еді!..

Бұл ұйықтап қалмайын деп сақ жатқандықтан ба, таңертең ерте құстардың тамылжыта, құйқылжыта салған әдемі әнінен оянып, біраз тыңдап жатты. Құстар әні. Сорғалаған әдемі әуен тура терезенің тұсынан естіледі. Жалғыз өзім ғана естімейін деген оймен бұл ақырын күйеуін шынтағынан түртіп оятып: «Естимісің?» — деді. Ол да тыңдап жатса керек, көзін ашпаған күйі: «Бұлар менің жекеменшік бұлбұлдарым», — деді марқұм өзінің мақтангершілігіне салып. Содан кейін де бақтағы үйге қонған сайын сайраған құстар үнін бұл елегізе тосумен болатын. Ол бұлбұл ма, жоқ басқа құс па, Жарқынай оны айырып біле алмады. Шатырға, ағаш басына шығып, бірде-бір рет «Сайрап отырған қандай құс?» деп қараған емес.

Әйтеуір, осы баққа, осы үйге үйренген құстар екені даусыз. Мүмкін солар бақыт құсы болды ма екен? Олай болса, бұл одан неге айрылды?.. Неге?..

Қарлыған тазалап отырған кемпірдің қолына мөлдір тамшылар шып-шып тама бастады. Ол үнсіз жылап отырғанын сонда білді. Қолындағы жидегін қоя салып, жан қалтасынан қол орамалын алып, көзіндегі жас моншақтарын сүртіп: «Иә, неге айырылдым?» — деді күбірлеп. Осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы жастығына оралтқан мына алдында жатқан тарғыл жидектің бір уысын алып, алақанында екшеп отырған оның ойы тағы көңіл түкпірінің жықпыл-жықпылын қуалап кетіп еді.

Бақтағы бір-екі жемісті бұл өзі күтімдейтін. Өйткені, оларға бұдан басқа жан баласы көңіл бөлмейтін. Әрі өздері әйел қолын қажетсінетін өсімдіктер еді. Соның бірі — таңқурай. Есіктің алдынан бастап, бірнеше қатар — бақтың түкпіріне дейін егілген екен. Жарқынай көктемде таңқурай бұтақтарын жапырақтан аршып, арамшөптен тазартып, былтыр жеміс беріп, қураған бұтағын түбінен опырып сындырып, биыл жеміс беретіндерінің ішінен таңдап, тобылғы түстес күп-күрең, ортан қолдай жуандарын ғана қалдыратын. Ауық-ауық су ішкізетін. Таңқурайдың күтімін тәп-тәуір меңгеріп алды. Оның терімі де оңай емес-ті. Жеміс берер кезде бұта ерекше тікен атып, бүрлейтін. Табиғат та ғажап қой. Әлде, жемісін оңай бергісі келмейді ме екен, әйтеуір, тікенді болып кетуші еді. Таңқурай теру үшін ұзын жең киім кимесе, қолдан — қол, білектен — білек қалмайтын.

Солай болса-дағы Жарқынай ысырап етпей, жемістерін теріп алып, одан кейін суарып кетіп отыруға тырысатын. Арада екі-үш күн өткенде шырынға толған жидегі тағы пісіп тұрушы еді. Екі-үш күн сайын Жарқынай қайдан келсін, сенбі, жексенбі күндері зорға жететін. Кейде тіпті сенбі-жексенбіде де келе алмай қалатын.

Бұлардың бағы тау бөктерінде емес, ойда, Есік өзенінің аңызақты алқабында еді. Тауға қарағанда жеміс-жидегінің бәрі ерте пісетін. Жарқынай жазда базардан алғашқы таңқурайды көрсе болды: «Япыр-ай, менің де жидектерім пісіп, түсіп жатыр-ау» деп, кілең мазасы кететін. Қарбалас жұмыстың, ағайын-туыстың жайы деп уақыттың шылауында дедектеп жүріп, көктемде күткен бағының кей жазда жемісін жинап алуға мұршасы болмайтын кездері де бар-ды.

«Уа, пендешілік-ай! Қу «жұмыс, жұмыс» деп жүріп, ғұмырымның қалай өткенін білмей қалған пақыр екенмін ғой мен», — деп күрсінді кемпір.

Бағына өзі бара алмаған, етегіне сүрініп жүрген қарбалас жазда бұл үнемі мазасы болмай, әлденесін жоғалтып алған жандай алаңдаумен берекесі кетуші еді. Алла, жазған-ай, сонда бұл балаларына — ана, күйеуіне — әйел болып қана саябақта, салқын самалда неге ғана алаңсыз отырмаған? Қайда асыққан, неге асыққан?! Түкке түсінсе, бұйырмасын. Сірә, адам өзінің бақытының неде екенін білмей, адасады екен-ау, шамасы. Жұмыс, жұмыс деп, ала өкпе болып жүргендегі шыққан мүйізі қайсы?..

Жарқынай кемпірдің қазір өкінішінде шек жоқ-ау, шек жоқ. Бар болмысы бебеу қағып, зар жылап жатқандай...

...Бақтағы жас алма ағаштарының арасына егілген бір бұтаны ол көпке дейін тани алмай жүрді. Өзі жатаған, жайылып өскен бүрлі, тікенді өсімдік екен. Жанынан өткенде, алма тергенінде Жарқынайдың етегін іліп, білегін сызып, зықысын алатын. Бір жылы сол бұта керемет жеміс берсін. Кішкене-кішкене тарғыл жидектер шырыны толып, піскен кезде күрең қызыл тартып, үлкендігі бас бармақтай болады екен.

«Ағаш басына шыққан кішкене қарбыздарды қара», — деп балалары мәз-мәйрам. Содан кейін ол балаларының тілімен «кішкене қарбыздар» деп кеткен. Сөйтсе, әлгі бұта А.Чехов: «Қолы жеткен орыс байы қарлыған тәттісімен шай ішуді ұнатушы еді» — деп суреттейтін қарлыған екен. «Демек, қарлығанды қолы жеткендер өсіріп, пайдаға асырған екен-ау» деп түйсінген бұл оны ерекше күтуге алған.

Жарқынай қарақат пен қарлығанды араластырып, керемет тәтті тосап қайнатушы еді. Бірінен азырақ, бірінен көбірек қосып отырып, өзінің тауып алған өлшемі бар-ды.

Қазір соны ойлағанда Жарқынай кемпір кеберсіген ернін жалап, тамсанып қояды.

Дәмділеп жасап алған тәттісі көктемге дейін молынан жететін. Татқан адамның тілін үйіретін. Құрбы келіншектері: «Сенің қарақатыңның дәмі айырықша», — деп тамсанушы еді. Сонда бұл тұрып: «Үйге барған соң шайға салып ішіңдер!» — деп, сауытымен үлестіретін. Шіркін, молшылық-ай десеңші!

Бұлардың бағының дәмін кімдер татпады?! Қызметтес қыз-келіншектер елге демалысқа барарда алманы тек осылардың бағынан алатын. Өзі барып, теріп әкеп беретін. Ауылға демалысқа кетіп бара жатқан туған-туыстың студент балалары қапшық-қапшығымен алып кететін. Сонда ортайса, кәне?! Ол бір айтары жоқ, берекелі бақ болды. Шетінен пісіп, түсіп жатқан, шырыны толып, өз салмағын көтере алмай, үзіліп түскен алманы жерден еңкейіп көтеріп алуға ерініп, бұлар ағаштың басынан үзіп жейтін. Астамшылық-ай!

Жарқынай күтімін келістіре алмады ма, әлде қасындағы алма ағаштары биіктеп жапырағы жайқала өсіп, күн түсірмеді ме, әйтеуір, қарлыған бұтасы екі-үш жылдан кейін қурай бастады. Оны басқа жерге көшіріп егу — күйеуі екеуінің бірінің есіне келмепті ғой. Тіпті, бір бұтада тұрған не бар деп қараған сыңайлы. Қалған жеміс ағаштары да аз емес-ті. Соны көңілдеріне тоқ санаған ғой олар. Әр нәрсенің обал, сауабы бары ол кезде Жарқынайдың ойында жоқ-ты.

Жарқынай кемпір алақанындағы қарлығанның бір уыс тарғыл жидегіне қарап отырып, қазір соны ойлаған. — Е-е-е, — деді даусын созып, — соның обалы мені құр жіберсін бе?

Иә, бақты алғанда олардың отызға ілінбеген кезі екен-ау. Бас-аяғы ат шаптырым үлкен бақты бұлар айтарлықтай ұзақ ұстай алған жоқ. Басында жастық ет қызуымен білмепті, бірте-бірте жолдың қашықтығы қажытты. Бақтары қаладан қырық шақырымнан астам жерде еді. Өздерінде көлік жоқ. Есіктің белгіленген сағатымен жүретін автобусының жолын тосып тұрғандары. Өсе келе балалары да «жүр» дегенде томпаңдап еріп жүре бермейтін болды. Әрқайсысының бір бітпейтін шаруасы, қырық түрлі сылтауы бар. Күйеуі үкіметтің жұмысына басымен беріліп кетті. Бұл: «Саябаққа бармаймыз ба?» — десе, «Бір күнгі демалысымда ызыңдамай, құлаққа маза берші», — дейтін болды шаршаған кезде. Оны да түсіну керек, қызметі ауыр. Он бес жылдай пайдаланып, ақырында күте алмай, құтылғандарынша асықты. Үлкен ұлы әскерге аттанған жылы бақты сатқандары есінде. Ол бақты сатқанымен, сол кезде

Жарқынай оның орнына тау жақтан шағын біреуін алармыз деген сенімде еді.

Жазықтағы саябақтың күтімін, суаруын, әсіресе жолын ауырсынғанда бұл Алатаудың бөктерінде бақтары барларға қатты қызығатын. Өздері бұл араға жастықпен білмей ұрынып қалғандай өкінетін. Таудағы бақтарда тек жеміс ағашы ғана өседі. Рахат. Нағыз «алма піс, аузыма түстің» өзі. Күтім, суару тілемейді. Үсіктен, бұршақтан, жауыннан, желден, қара құстан аман қалғанын жиып алса болғаны деп ойлайтын. Оның көңілі екіұдай болып, таудың бағына ауғалы қанша?

Жарқынай кемпірдің әлгінде бір: «Иә, сен ненің қадірін біліп едің?» — деп, ішін тырнаған ащы ойдың меңзегені осы болар, бәлкім.

Жарқынай сол көктемде саябақты сатып, жаздайғы жұмысынан алдын ала құтылғанына соншалықты қуанышты еді. «Шығасыға — иесі басшы» дегендей, аяқ асты жұмысының шетелге жолдама ұсына қалмасы бар ма? Шетел болғанда қандай, капиталистік мемлекет. Ол кезде бұл жақтан шетелге шығу — ілуде бір кездесетін жәйт. Қазір ғой, ерінбеген адам екі күннің бірінде барып, тең-тең, вагон-вагон жүк әкелетін. Ол кезде көріп қайтудың өзі неге тұратын еді?! Қолы ашық, жаны жомарт жолдасы қалбалақтап: «Барып кел де, барып кел», — деп, саябақтан түскен тиын тебенді қалтасына салып бергені.

Көңілі көкке алып ұшқан Жарқынай Еуропаны екі апта аралап, біршама пұл шашып оралды. Қолындағы бар қаражатты рәсуалап алған соң бұл қайтып таудан саябақ алайық деп айта алмады, араға уақыт түскен сайын ол ойы бірте-бірте көмескілене берді.

Керісінше, Құлжа жолымен Кеген мен Нарынқолға, Жәркентке кетіп бара жатқанда Есік бұрылысынан кейінгі кең қолтықтағы қалың баққа көзі жасаурай ұзақ қарайтын болды. Оның саябағы мына бір тұйық көшеде, екі үйден кейін басталушы еді. Қазір сол арадан бірін-бірі қуалап ойнаған балалары, аяғын маңғаз басып, үнемі ой үстінде жүретін күйеуі шыға келердей, мойны талғанша артқа қарайды. Құлағына балаларының күлкісі, күйеуінің жөткірінгені келгендей болады. Бірақ ешкім жүгіріп шықпайды. Бақ бірте-бірте кейіндей береді. Сол қалың бақтың арасында бір кездегі өз үйі де көз ұшында бұлдырлап қалып бара жататын. Ол жолмен жүрмегелі де қан-ша-а заман?!

Күйеуі кейбір алма ағаштары ескірді деп, жас шыбықтар егіп жүруші еді. Солар қандай болды екен?

Ол тағы көп еңбектеніп, есік алдында төбеден құйынып жуынатын кабина орнатып еді. Қазаншаға толтырған су күн қызуымен жып-жылы болып тұратын. Жарқынай жуынған кезде су тамшыларының төбеден түскен күн сәулесіне жақұттай құлпырып, бейне алмастай мың құбылатынын алғаш көріп, таң-тамаша қалған. Жуынған сайын сумен ойнап, мәз болатын. Күйеуі ылғи: «Осы сенің кіріп алсаң, су таусылғанша шықпайтын не пәлең бар? Қалаға барған соң мол суға асықпай жуынарсың, тез болсаңшы», — деп жорта бұрқылдайтын. Мұның бар еркелігін көтеруші еді ғой, қайран Сәкесі. Пейіште нұрың шалқысын! Күйеуінің аяғының ізі, қолының табы қалған берекелі бақты, балаларының биыл қанша өсіппіз деп босағаға кертіп салған белгілері бар қасиетті үйді бұл көзі қиып, қалай сатқанын түк түсінбейді. Сөйтсе, өзі іштей өлі де өкінеді екен ғой. Ақымақ болған басы-ай...

Жарқынай кемпірдің көкірегіне өксік тығылып, көз жасы бетін жуып, үнсіз жыласын келіп. Күйеуі екеуінің екеуара ең аяулы қимас шақтары Есік қолтығындағы үлкен бақтағы сол кішкене үйде қалыпты-ау! Енді ойлап отырса, ең бақытты — алаңсыз, қамсыз, қызық жылдары сол кездері екен. Бұл соны кезінде неге ұқпаған? Сатуға неге асыққан? Бәрі алда, әлі талай-талай қызығым болады деп, алдамшы сағымды қуып жүріп, былайғы ғұмырының жалған үмітпен, босқа өтерін білмей қалыпты ғой, бұл бейбақ. Міне, бүгін уақыт деген құдіретті күштің өмір-өзенінен қақпақылдап, жағаға шығарып тастаған жаққадай отырысы — мынау.

Ой, дүние жалған-ай! Жарқынай кемпір қол орамалымен жас жуған бетін сүртіп, соншама қымбат қазыналарын есіне түсірген қарлығанның бір уыс тарғыл жидегіне қызарған жанарымен елжірей, ұз-а-а-ақ қарады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер