Хикаят
Оян, Марғуа, оян!..
...Жып-жылы аялаған бір үн алыстан талып жеткендей...
Оян, оян!..
Марғуа бұл кезде өң мен түстің, бәлкім, беймәлім екі дүниенің шегінде будақ-будақ бұлт пен буалдыр тұман араласқандай бұлдыр әлемде жатқандай еді. Бойын әлде жеңілдік, әлде салмақсыздық билегендей — беймарал. Тап бір қауырсындай, қалқып ұшып жүргендей. Жамбасына тас батқандай түнімен дөңбекшіп шығатын ол төсегін қазір сезінер емес. Көкірек тұсының күйіп, ұдайы сыздайтыны да тына қалғандай, өзі тіпті сауығып кеткен секілді. Тек дел-сал ұйқы меңдегендей бір күй. Түн баласы кірпігі айқаспайтын ол қалың ұйқыға қалайша кез болып жүр екен. Ұйықтай берсе ғой, ұйықтай берсе... Ұйқы меңдеген ол буалдыр дүниеден темен қарай құлдилап кетіп барады, кетіп барады... Алды тас қараңғы түнек... Зу-у, зу-у-у...
Оян, оян деген соң, оян! — Жұп-жұмсақ әлгі үн тағы қайталанды. Марғуа қап-қараңғы тұңғиықтан қалықтап, қай та ұшып шығып келе жатқандай сезінді өзін... Жарық, жарық, әне, жарың та көрінді-ау. Шыңыраудан әупірімдеп шыққан тәрізді...
...Кейінгі уақытта оның ыңқыл-сыңқылы көбейе түскендей. Оны өзі де сезіп жүрген. Әйтсе де, мүлдем жатып қалудан әзірге аман еді. Ешкімге ауыртпалығын салмай, өз қажетін өзі атқарып жүргеніне шүкіршілік айтатын. Десе де, әл-дәрменінің күннен-күнге кеміп, тесік шелектен сусыған құмдай сарқылып бара жатқаны анық еді. Иә, жебеуші ием, пендем десең, ешкімге кіріптар етпей, он екі мүшемнің сауында қор қылмай ала гөр. Дерт азабын тартқызба. Төңірегімді тоздырмай, ақ өліммен аттануға жазғайсың деп жатса да, тұрса да жалбарынатын болған.
Марғуаның аз жасадым деп өкінерлік жайы жоқ. Қызық дәуренді кем көрдім десе, онысы да күпірлік болар. Пешенесіне жазылған іске шек келтіруден ада, «өткенге — салауат» дейді ғой. Тәңірінің жақсылы-жаманды берген несібесіне — қанағат. Оның ащысы да, тұщысы да, тәтті-дәмдісі де, кермек татиыны да болды. Баршасы — Алла ісі. Жақсылығыңды ғана бер, жаманшылығыңды қоя тұр деп, қалайша айтсын?! Түбінің қайырын тіледі ғой. Тілеуің ақ болса, Тәңірінің жарылқайтынына оның көзі әлдеқашан жеткен...
Тек кейінгі кезде көңіл түкпірінен өкінішке, өксікке ұқсас әлдебір түсініксіз нәрсе бой көтеріп, жүрегінің басын дамыл-дамыл сыздататыны батады. Осыған алаңдайтын болып жүр. Осы бір күмәнді түйткілдің бірте-бірте түйіндей байланып, көкірек тұсына кептеліп тұрып алғаны қинайды. Кейде сыздатып-сыздатып, тарап кетуші еді. Енді ұзақ топталып, күйдіретінді шығарды. Күйіп тұрады-ау, күйіп тұрады көкірегі. Ойын осыншама қамықтырып, көкірегін сыздатып, сырқыратқан не болды екен? Соны ойлап, өзінен-өзі қамығады. Сыр ашысып, ой бөлісер тұстасы да қалмағандай. Кімге барып мұңын шақпақ? Әл-дәрмені содан құрып, тиянақ таппай шаршайтындай. Осы жасына дейінгі өткен-кеткен кемді күн көрген қызықтарын көңіл сүзгісінен өткізіп, әр нәрсе бір еске түсіп, мейірленіп күліп те алады. Немере-шөберелердің қылықтарымен өзін бір уақ алдарқатып та көрді. Бірақ түйіннің тарқар түрі жоқ. Қайта үдей түскендей ме, қалай? Қартайған шағында шер-шемен болып байланған бұл ненің күйігі, ненің мұңы болды екен? Неге көрінген жорамал, ненің тұспалы. Осыны нақ болжай алар емес. Түкке түсінсе, бұйырмасын. Тек түбі жақсылық болғай!..
Марғуаның не көрмеген басы? Тағдыры мұны қай қиырға салмады? Енді еш нәрсеге опынудың орны жоқ деп ойлаушы еді. Әлде, әлі де көңіл түкпірінде әлдеқандай өкініші, атқармаған парызы қалды ма екен? Түні бойы көкірегін сырқыратқан осы бір атаусыз, күмәнді кесел ұлғайып, еңсесін көтертпей, қажытып тастайды.
Түнімен бір жағы жөтел буып, бір жағы ұзақ сонар ойы да әр тарапқа бір тартып, ұйқысы қашқан Марғуаның таң алдында ғана маужырап, көзі ілініп барады екен. Сол, сол-ақ екен, шыңырауға қарай шым батып, кете бергені. Бір дүлей күш қап-қараңғы түпсіз тұңғиыққа шырқ үйіре тарта жөнелгендей. Бұл санасымен қаншама қарсыласып, бұлқынайын десе де қимылдарлық дәрмені жоқ. Саусағын да қозғай алсашы. Саусағын қимылдатпақ түгілі, кірпігінің әр талын қорғасынға малып қойғандай ауырлап кеткен, көтере алсашы. Демі үзіліп барады. Түпсіз терең түнекке құлдилап кетіп барады, кетіп барады. Таусылар түрі жоқ...
Ол бұрындары да жиі бастырылығып қалушы еді. Бірақ тез оянып кететін. Бұл жолы ояна алар емес, зымырап, құлап кетіп барады.
Оян, қызым, оян! — Дауыс қаттырақ шыққандай.
Өң мен түстің, бәлкім, беймәлім екі дүниенің шегінде жатқан Марғуа әлгі дауысты анық, тап қасынан тағы естігендей. Әлдебір жылы алақан лебі жүзін білінер-білінбес жанай сипап өткендей. Әлгі болмашы лептен өзін құрсаулаған тордың сансыз жібі борт-борт үзіліп, бойы босап, аяқ-қолы қимылға келіп, көзін зорға ашты-ау. Көзін ашқанда бозамық тартқан қоймалжың дүниенің ішінде малтып жүргендей еді. Бозғылтым тұмандай буылдыр перде арасынан төсегінің бас жағында тұрған нұр дидарлы жүзінен мейірімі төгілген ақ сақалды қарияның сұлбасы көзіне шалынып, бұлдыр елестей қылаңытады. «Оян, қызым, оян». Адам ба, елес пе? Оны Марғуа ажыратарлық халде емес еді. Тек жүзін шырамытқандай. Сол елесті жоғалтып алғысы келмегендей, көзін тарс жұма қойды. Өңі соншалықты мейірлі, соншалықты ет-жақынындай елжірей қараған, бұл кім болды екен? Есіне түсіре алсашы! Оны қашан, қайдан көріп еді? Әйтеуір, бір жерден көрген секілді. Япыр-ау, қайдан көріп еді? Қайдан?
Қайдан... қайдан дері бар ма? Тоқсандағы кемпірді кім «қызым» деп аялаушы еді? Есіне түсе кеткені. Түсінде, иә, түсінде көрген екен ғой... Марғуа қайта талықсып бара жатты...
Оян, Марғуа, оян! Көкірегіңдегі күмәннан арылғың келсе, оян!
Марғуаның қарт санасын найзағайдай осын, әлдене жар қылдап өткендей. Сол жарқылмен бірге денесі тоқ соққандай қатты солқ етіп, қалтырай жөнелген. Оның бойын енді түсініксіз үрей билей бастады. Төсегінің айналасында әлдебіреулер жүргендей.
Ұйқысынан оянғаны анық. Үрейге бой алдырған ол қимылсыз біраз жатты. Көзін қайта ашқанда әлгі буалдыр дүние қирап, бөлменің қабырғасы ағараң тартып, оған ілінген суреттер нобайы айқындалып, таң бедерленіп қалған екен. Ақ сақалы белуарына түскен қарияның елесі ғайып болыпты. Марғуа оны есінде сақтап қалып еді, енді шын таныды...
Өң мен түстің арасындағы азаптан әлі құрып, жүрегі алқымына тығыла атқақтай соғып, ауа жетпей демігіп, құр сүлдесі қалған ол басын көтеріп, төсегінде шоқиып, ұзақ отырды. Кеудесінен шығып кетердей соққан жүрегінің суылы бағылғанша тапжылмады. Дұғасын оңып, көңілін тоқтатып, бірте-бірте өзіне-өзі келгендей.
Әлгінде жай оғындай миын осып өткен не болды екен? Не де болса, найзағай оты түн түнегін қалай бір сәтке жап-жарық етсе, бұл да оның кәрі санасын дүр сілкіндіріп, жарқыратып жібергендей. Қасаң тартып қалған санасының қатпар-қатпарына дейін жарық сәуле құйғандай. Өткен-кеткендердің бәрін қаз-қалпында ойына оралтқандай. Адамның санасы соншама кең болар ма? Қырық қатпарының ішіне бәрі сия береді екен ғой деп ойлады бұл. Осыған шекті жақсылы-жаманды басынан өткергендері, көріп-білгендері бүге-шігесіне дейін есіне түсіп, бұрынғысы бүгінгісімен мидай араласып жүре берді... Өткен күндердің баяғыда ұмытылған елестері айналып келіп, өзін қайта татқандай.
Бозала таң алдында өң мен түстің арасында бұлдырай көрінген ақ сақалды қария бұдан бұрын да түсіне кіріп еді-ау. Ол өзі қай замандағы түсі еді? Есіне қазір түсіріп отыр. Құдай-ау, содан бері қаншама ғұмыр өтіп, қаншама дария су аққан десеңізші?.. Қисапсыз көп күндерді артқа тастапты ғой бұл мұндар. Өңірінен үзіліп қалған түймедей, жадынан әлдеқашан шығып кеткен сол түсіндегі қарияның айна-қатесіз оралғаны несі екен?
Неге көрінген түс болды бұл? Ненің нышаны? Иншалла, жақсылыққа болғай...
-1-
...Ұмытпаса, Марғуаның бір мүшелден шығып, балиғатқа енді толған шағы болатын. Ел жайлауға жаңа қонып жатқан кез. Көктем күні әр көкіректі шуаққа толтырып, үлкен-кішіні масайратып жібергендей. Төңірек — уылжыған көк майса. Адам аяғы, мал тұяғы тимеген бектер гүлге тұнып тұр-ау, тұнық тұр. Ауылдың кәрі-жасы үй тігіп, бие байлап, қазан көтерін әбігер. Көңілі алып ұшқан жасөспірім Марғуаның төңірекке таңырқауы ерекше. Қуанышында шек жоқтай. Алаңсыз, қамсыз шағы ғой. Құрбыларымен қырға шығып, гүл тереді. Қыдырады. Жайлау қызығын армансыз қызықтауда.
Бір күні түс көріпті. Бұл қырда әдеттегіше қырмызы гүл теріп жүр екен дейді. Бірінен-бірі өткен жауқазынды қызықтаған бұл гүлден гүлге ұшып-қонған көбелектей, жүрегі өрекпіп, жүгіріп келеді, жүгіріп келеді екен. Кенет, алдынан ақ киімді, ақ сақалды қария шыға келгені. Жүгіріп келе жатқан мұны алыстан көріп, әдейіге бұл қасына жақындағанша мейірлене қарап, тосып тұрғандай. Бұл қасына жеткенде жып-жылы мейірімге толы үнмен:
Ә, келдің бе, қызым? Мен сені көрейін деп тосып жүрмін. Қорықпағын, мен сенің иең боламын. Сенің бақ жұлдызың жоғары, балам. Өте жоғары, соны біл! Оған жетуің де оңай болмас. Әйтеуір бір жетерің хақ. Сол жолда не көрсең де жақсылықтан күдер үзбе. Саған алла сабыр суын берсін! Ноқтаға мойын ұсын. Кіммен қарайсаң, сонымен ағарарсың... — дейді жұп-жұмсақ үнмен жылы ұшырай. Бұның маңдайына алақанын жақындатып, саусағының ұшын сәл тигізіп, болар-болмас сипағандай. Бұл сескенгендей көзін жұма қалып, қайта ашса, қарт ғайып болыпты. Маңдайы содан ыси жөнелгендей...
Оянып кетсе, түсі екен. Шынында да маңдайы ысып, күйіп бара жатқанын сезді. Бойына әлдеқайдан бұла күш келін құйылғандай. Кеудесін керемет қуаныш кернеп, шаттанып оянды. Қараса, таң әлдеқашан атқан. Түндіктен қиғаштай түскен күннің алтын жалқындай шапағы керегенің басын қызғылт сары түске бояп, сан құбыла сағым ойнайды. Жып жылы нұр-шуақ төсегіне төгіліп тұр. Шуаққа алақанын тосып, шомылғандай еркелей біраз жатты. Есіне әлгінде кірген түсі түсіп, орнынан атып тұрып, анасына айтқанынша асықты.
Бұны үнсіз тыңдаған анасының түсі бұзылыңқырап, бір бозарып, бір қуарып, сан құбылып, тосылып біраз отырғаны әлі көз алдында. Әлден уақытта:
Ботам, түсің нысаналы түс сияқты. Ешкімге айтпай, қоя тұшы. Түс деген ұстараның жүзіндей қылпылдап тұратын нәрсе, кім қалай жорыса, солай ауады деуші еді. Мұны бір қасиет қонған, аузы дуалы жанға жақсылыққа жорыталық, — деп, әбігерге түсіп еді-ау анасы. Жайлауда қатар қонған ауылдарды аралап, молда іздеп, біраз әуреленген. Қайран ана көңілі-ай! Ана көңілі — балада, бала көңілі — далада жүретін кезі екен онда. Анасының бұлай тым беймазалануына шексілесі қата күлгенін қайтерсің? Ол ауыл-ауылды кезіп жүріп, аузынан — алласы, қолынан — асасы түспейді дейтіндей дегдар молда тауып, бір күні бұны қолынан жетектеп, дедектетіп алдына алып барды емес пе?
Қарт молда анасының артына тығыла тұқшиып отырған бұның жүзіне болар-болмас көз тастап қойып, таспиығының тасын сыртылдатып, ұзақ аударды. Анасымен қысқа тіл қатысты. Түсіне кірген ақ киімді, ақ сақалды қартқа қарағанда мына молданың қабағы түксиіп, қасы-көзін жапқан жүзі өте сұсты көрінді. Оның үстіне қалың қастың астынан сығырая қарайтын өткір жанары өңменінен өткендей, жон арқасы шымырлады. Бала да болса, бір жайсыз нәрсе еститінін сезгендей қобалжи жүрегі тітіркенді. Орнынан тұрып, қаша жөнелгісі келген, бірақ иығынан басқан әлдеқандай бір күш орнынан тапжылтпады. Сірә, бұл молданың мысы болар.
Анасымен бөгде әңгіме құрып отырған молда бір уақтарда, бұлардың бойы үйренді-ау деген шамада, сөз арнасын өздеріне қарата бұрды:
Бәйбіше, қызыңның таза періштесі бар екен. Сол түсінде көзіне қарт болып көрінген ғой. Қорықпасын! Тағы да көрінуі мүмкін. Оны — адамның иесі дейді. Ол әркімде де болар. Бірақ көзге көріне бермейді. Нысаналы жандарға ғана көрінер. Иені ұстап қалу — оңай емес. Таза жүріп-тұрсын. Ала жіптен аттамасын. Ие деген шамшыл келеді. Шамына тисе, оның киесі ұрады. Көпке созбай, алғашқы құда түсіп келгендерге баланы ұзатыңыздар. Соған көрінген түс қой. Бағы мен соры қатар жүрер. Маңдайындағы жазуы соны айтып тұр. Түбінде қайыры мол. Иесіне адал болса, Тәңірі өзі жебер... — деп, сөзінің аяғын жұтып, әр нәрсені бір тұспалдаумен бітірді.
Анасының сабыры мүлдем кетіп, одан әрі үрейленгендей. Молдаға жасқаншақтай қарап, бұны ұшықтап жіберуін өтініп еді-ау сонда, қайран анасы. Молданың ішірткі жазып бергені, оны анасының ұзақ ішкізгені есінде қалыпты. Оның пайдасы тиді ме, тимеді ме, ол жағы бір аллаға аян. Тап сол кезде бұның ақыл-есін «Ие дегені кім?», «Ұзатқаны қалай?» деген секілді сауал торлап, әлгі естіген кептерді толың ұғына алмай тұрғаны ғана анық еді. Молданың бұл айтқандары құлағына түрпідей тиіп, тіпті, кесімді жазадай естілгені соншалық — дірілдеп, қалшылдай жөнелді. Жүрегі өрекпи соғып, байыз таптаған бұл сол жерден тезірек кеткенінше асыққан.
Үйге келісімен өткен жылы Орынбордан Ахметсақи ағасы әкеліп берген кішкентай қол айнасына үңіле ұзақ қараған. Егер маңдайына жазылған жазудың бары рас болса, соны өзі де көргісі келеді ғой. Бірақ жазық маңдайы меңсіз аппақ, қай жерінде жазу тұр? Жазық ақ маңдайлы, арасы алшақтау серпіле қонған жаңа туған айдай жіңішке қасты, қой көзді ақсары қыз айнадан жәудірей қарайды. Аңсары жүзіне болмашы қызғылт рең жүгірген. Сәл түрілген жұқалтаң ернінің арасынан маржандай тістері көз тартады. Ешқандай жазуды таппағанына өкпелі ол, үлкен кісілер айта береді екен ден түйген...
Молданың айтқаны көкейінде аз-кем күн жүргенімен кейін еске де алмайтын болған. Тіпті, ұмытып та кетіп еді. Тек анасының мінезіне күрт өзгеріс кіргендей. Бұны көзден таса етпеуді әдетке айналдырды. Қырға шығып гүл теру, жайлау қызығын қызықтау сап тиылды. Бір жаққа барайын десе, қасына іні-сіңлілерінің біреуін қосып жібереді.
Сен енді ойын баласы емессің. Бой жетіп келесің, селтең демей, үйде отыр, — деп қия бастырмайды. Іс тіктіреді, кесте төктіреді, шілтер тоқытады. Әйтеуір, анасының бұған келгенде тапсырмасы бір таусылмайтын болған. Бұрын бұл іс істемегенде күндерін қалай көрген? Енді, міне, бәрі осының қолғабысына ғана қарап қалғандай отырғаны... Бұл мамыражай бейбіт күндері де ұзаққа созылмады.
Сол жазда-ақ, сұқсырдай молданың сұңқылдай айтқаны расқа шығып, Бағаналы елінен бір топ адам, құдай қосқан құдамыз деп, сау етіп келе қалды. Өздері жаңадан құда түсуге келгендей емес, бұрыннан бесік құдамыз деп, бергендері өткен жанның түрін танытып, өктемдікпен, айбарларын асыра, әрі сый сияпаттарын жасай келді...
Марғуа — айран-асыр. Беу, қыздың қызғалдақтай қысқа ғұмыры-ай! Күні кеше ғана қырда көбелек қуып, гүл теріп жүрген ол, өзі де жаңадан қауыз ашып келе жатқан жауқазындай емес пе еді? Ол жаны нәзік, керемет қиялшыл, бір орында тұрмайтын кішкентай күлегеш қыз болатын. Шынымен-ақ бой жетіп қалғаны ма? Жүрегі мойнына бұғалық түскен асаудай бұлқына, толассыз тыпырлайды.
«Бұл келгендер кім?», «Үлкендер қалай ұйғарады?»... Әйткенмен, Марғуа естіп-білмеген жәйттер көп еді.
...Арқа төсінде жаз жайлауда, қыс қыстауда емін-еркін көшіп-қонып жүрген көшпенді елде аты алысқа тараған бұның Түсіп қажы атасын білмейтіндер кем де кем еді ол уақытта. Мына келіп жатқан құдалардың да арғы аталары Қаптағай қажы еді. Екі ел шонжарларының атақ-дәрежелері де, байлықтары да бір-бірінен асып түспесе, кем емес. Жаз — жайлаулары — Ұлытау — ортақ қоныс. Ежелден жайлауда қатар қонып жүрген ел бұрыннан да шым-шытырық құдандалы екен.
Бұның сәби шағында-ақ аталары сүйек жаңғыртамыз деп немерелерін атастырып қойса керек. Балалардың ер жетуін күтіп жүргенде замана желі өзгере соқты. Сақараны дүрліктіре бұларға беймәлім жаңалықтар келіп жетті. Оның ішінде жан түршігерліктері де аз емес. Мына келген меймандардың айтысына қарағанда, ел іші бай-кедей, қожа-молда болып ара жігі ажырап, бүлініп жатса керек. Әйел теңдігі дейтін ұшпаққа шығаратын сөз тараған. «Қалың мал жойылсын!» деген дүрбелең белең алған. Кезіндегі бата оқысып, қол алысқан уәделерінен тайып, құдалықты бұзатындар шығыпты. Қалыңдығын ала алмай қалғандар жиілеген көрінеді. Осындай-осындай кептерді сары майдан қыл суырғандай бипаздап айта отыра, Бағаналы елінің жақсылары ескі құдадан ажырап қалмауды ойлап, салмақ сала келгендей түр танытады. Балаларды бір-біріне көрсетіп, құдалықты тағы да бір қайыра бекітуді жөн көріпті. Бұлардың аужайларын байқап, көкейіндегісін білмек ойлары бар.
Қалыңдық пен күйеуді таныстырулары да қызық. Сол есіне түскенде Марғуа осы күнге шекті мейірленіп күліп алады. Кіші ағасының отау үйіне күйеу жігіт екеуін оңаша отырғызып қойды. Екеуі де — жасөспірім жеткіншек. Бір-бірінен ұялатындары соншалық, бастарын көтеріп, жүздеріне тура қараса алмайды. Жеңгелері отырғызып кеткен жерде томпиып-томпиып отыруды ғана білді. Бар болғаны осы. Тілдерін жұтып қойғандай, сөз қатыса алмайды. Тек көздерінің қиығымен қарасады. Бір есінде қалғаны, құлағына дейін қызарып кеткен күйеу жігіттің өңі тым қарақошқыл көрінді. Марғуа онысын ұната қойған жоқ. Қараторы адамның қатты қызарғаннан жүзі қабарып, қарақошқыл тартатынын ол шақта Марғуа қайдан білсін?
Таныстыру салты аяқталып, екі жақ құдалықты бекіткені мен қыздың төркіндері ашық рай танытпады. Кесімді жауаптарын айтпай, қыз ұзатуды кейінге сырғыта берді. Құдалар хабар алысып тұратын болып, аттанып кетті.Оған Марғуа қатты қуанды. Бір адамдар келді-кетті. Онда тұрған не бар? Қыздың алабұрта соққан жүрегі орнына түсіп, қобалжуы басылғандай. Көңілі селт етпегендей... Несіне сонша қорыққан?..
Орынборда қызмет істейтін Ахметсақи ағасы елге жаздық демалысқа оралды. Қыр еліне өзімен бірге жаңа заманның толып жатқан тосын жаңалықтарын ала келді. Олардың бәрі әрі таңсық, әрі үрейлі, әрі үмітті әңгімелер еді. Ел жақсылары амандаса келіп, әр нәрсені сұрап, мәжіліс құрады. Жеңгесіне көмектесіп, кіріп-шығып жүрген бұл да құлақ тігеді. Әйтсе де, көбі бұған ұғынықсыз бұлдыр дүниедей.
Үй ішілік бір оңаша әңгімеде Марғуаның аңғарғаны: бұны айттыра келген күйеу жігітті ағасы танитын болып шықты, ол да Орынборда оқуда екен. Неге екені өзіне де түсініксіз әуестікпен, осы сөзден кейін ол өз еркінен тыс ересектер әңгімесін зер салып тыңдайтынды шығарды. Тағы бірде үлкен адамдардың бас қосуында ағасының: «Қаптағай қажының немересі оқуға алғыр. Орыстың небір білгірлерінің алдында сыннан сүрінбей өтіп жүр. Тегінде оқудың түбіне бір жетсе, сол жігіт жететін шығар», — деп күлгенін тағы естіді. Жаңаша оқудың түбін түсіріп жүрген жігіттің түрін өткенде анықтап көре алмаса да ағасының сөзі көңіліне бір түрлі жағымды, жылы тиді. Тіпті, жүрегі лүпілдеп, екі беті дуылдап, ысып қоя берді. Осындай-осындай үзіп-жұлған сөздерді ести келе, сол оқыған жігіттің етегін ұстап кетуді өзі де жек көрмейтінін іші сезді.
Үлкендер өткен жолы құдаларға ашық жауап айтпай қайтарғандарында бір гәп бар екен. Ахметсақи ағасының келуін тосқандай. Ағасы: «Бала — жақсы, талабы — оң, оқу-білімге құштар. Түбі жерде қалмайды. Қыз беруге болар», — десе керек. Осыдан кейін бүкіл ел болып, қыз жасауын әзірлеуге кірісіп кетіп еді.
Түсіне кірген ақ; киімді, ақ сақалды қария айтқандай, ноқтаға мойын ұсынғаны сол шығар, күйеу жігітке іші жылып, ниеті ауды. Әуелгіде селт етпеген көңілінде бір нәзік сезім бүршік атты.
Ел жайлаудан түсер кезде құдалар қайта айналып келді. Ағайын жұрты, туған туыстары ұзату тойын жасап, барша жасау жабдығын түгендеп, үш түйеге артып, жанына қосақ байлап, ырғалтып-жырғалтып аттандырды. Көшкен елмен бірге Ұлытауды бөктерлеп, Сыр бойына Бағаналы еліне бет түзеді...
...Содан кейін... Иә, содан кейінгі ғұмыры асау өзеннің арнасына құйылған жылғадай жұтылып кете барды. Арындап аққан ағынмен қоса жөңкілді. Ағыны қатты ақ дария сан мәрте арнасынан аса тасыды, сан мәрте қайраңдап қайта тартылды. Жел айдаған қаңбақтай замана лебі қалай қарай соқса, солай қарай дөңгеледі. Ғұмыр-дария өзені тоқтаусыз әлі ағып келеді. Қай жерге жетіп тоқтарын кім білген? Ұлы мұхитқа жете алар ма, әлде су аяғы — құрдымға кеткендей, құмға сіңіп жоғала ма? Оған кімнің көзі жеткен?..
* * *
Әлгіндегі жай отындай жарқылмен бірге Марғуаның есіне көп нәрсе түсіп еді. Әр нәрсенің басын бір шалып, ойы бірден бірге кетіп, өзі де шатаса бастағандай. Бар күшін жинап:
Тоты, әй Тоты, — деп, әлсіз дауыспен келінін шақырды. Бері келіп кетші.
Анасының дауысын естіп, қызметке жиналып жатқан ұлы да бұның бөлмесіне келіншегімен қабаттаса кірді.
Тотыжан, менің ақиреттік киімдерімді әзірледің бе? дегенді бөліп-бөліп әрең айтты.
Келіні «Иә» деп те, «Жоқ» деп те айтудың ретін таппай қипақтады. «Иә» дейін десе, «Иә, енді алаңсыз аттана беруіңе болады», — дегендей естілердей көрінді. «Жоқ» дейін десе, енесінің өтінішін аяқ асты еткені. Жауаптан мүдіріп, кібіртіктеді.
Оны күйеуі құтқарды бұл жолы:
Апа, қалайсың? Немене, көкем түсіңе кіріп, шақырып жатыр ма? Балаларымның жанында бола тұрайын, сен тоса тұр, асықтырма деп айтпадың ба? — деді қалжыңға айналдырғысы келіп.
Жо-о-ға, — деді ол дауысын соза ақырын. — Сол шіркін, жұмақтағы хор қыздарын көріп, мені ұмытып кетті ғой деймін, әуелі. — Тіршілігінде отағасын қажап, іліп-шалып еркелей сөйлейтін әдетіне басып, оны тағы бір қыжыртып алды. Бұл сөзінен кейін балалары көңілденіп сала берді.
Қайдам... «көкелеріңе барамын» деп, баяғыда ес білмейтін біздерді әжемізге қалдырып, жаяу-жалпы Сібірге аттанып кетуші едің ғой...
Е-е-е. Ол заман басқа еді ғой. Түс көргенім рас. Бірақ түсіме әкелерің кірген жоқ. Сендердің әкелерің жұмаққа ғана лайық жан ғой, жұмағында алаңсыз жүрген де... Түсіме ием кірді бүгін. Жайдан-жай енді ғой дейсіңдер ме? Алып кетейін деп кіріп жүрген шығар... — Сөзінің аяғында алқынып, шаршап қалды.
Лып етіп шығып кеткен Тоты дереу жедел жәрдем шақырды.
Апасы, қазір әжеміз жоқ, бізді енді кімге тастап кетесің? — деді ұлы еркелей анасының қолын алақанына салып, аялай сипап, бетіне басты. Анасының қатты жүдегені анық байқалады.
Жанарына қуақы ұшқын жүгіріп, әжімді жүзіне шуақ төге езуіне күлкі үйірілген ол ұлына сығырая қарап:
Кімге тапсырушы едім? Қатыныңа да... Сенің жайың жаман болмас... Босағаң берік, балаларың ер жетті... Медет жанымды айтпайсың ба? — деді. Кіші ұлын ауызға алғанда жүзінде әлгі қуақы жымиыстың жұрнағы да қалмай, демде иегі кемсеңдеп кеткен ол бетін қабырғаға бұрып алды. «Медетжан», «Қолымдағы ауыртпалығымды алған Медетім менің»... Марғуаның бұл айтып жатқаны — кенже баласы еді...
Ауыз үйдегі дабыр-дұбырдан дәрігер келгенін ұғып, қабағы кейіс тарта қалды. «Әй, балалар-ай, бекерге шақырғансыңдар- ау. Олар маған енді не істей қояр дейсіңдер?..»
Келген дәрігер тамырын ұстап, жүрегін тыңдап, көп әуреледі. Баласымен оңаша ұзақ күбірлесті. Әлден уақытта ұлы қасына келіп:
Апа, дәрігер сені ауруханаға алып кетеміз деп отыр. Біраз дәрі құйғызып шыққаның оңды болар. Әлі-ақ жазылып кетесің, — деп көңілін аулай бастады. — Сен мықты едің ғой. Сәл-пәл емделген соң сақайып кетерің сөзсіз. Алдағы жылы, әлі дүркіретіп, көкем екеуіңнің мерейтойларыңды өткіземіз, көр де тұр осыдан. Сол үшін күш жинауың керек қой...
Марғуа болмашы езу тартты. «Өздерінің мерейтойдан үміттері бар. Ал, менің бүгін бе, ертең бе деп қалт-құлт етіп отырысым мынау».
Үйде жатқаным-ақ жақсы болар еді. Дәрісін осында алдыртып құйса, қайтеді екен...
Оған келіспей отыр ғой.
Марғуа киінбекке ұмтылып еді, тұруға болмайды деп орнынан қозғалтпады.
Өзіне салса, ешқайда бармас еді-ау. Бұны тыңдап жатқан кім бар? Шіркіндердің адамға өз төсегінде жатып өлуге мұрсат беретін түрлері жоқ. Алды-артына қарайлатпай, зембілге салып алып, дедектетіп көтере жөнелді. «Тым болмаса, оз отының басында, бала-шағасының қасында көз жұмған адамның арманы бар ма екен?..» Марғуаға аспан аударылып, жер төңкеріліп түскендей, төңірек шырқ айналып жүре берді. Зымыратып, зырқыратып, тұңғиыққа қарай қайта тартып әкетті. Тағы да тастай қараңғы шыңырау. Құлдилап кетіп барады...
Марғуаны ауруханаға лезде жеткізген. Әкеліп әр түрлі аппаратқа, толып жатқан бау-шуларға жалғанған биік кереуетке жатқызды. Айналасы толған жапыр-жұпыр ақ халат. Ақ халаттыларда тыным жоқ. Бәрі қарбалас. Бір білегіне ине шаншып, дәрі жіберіп қойды. Бір білегіне қан қысымын өлшейтін әлдене кигізді. Ол сәт сайын өзінен-өзі жел үрлеген қарындай қомпайып, қолын бунап әлек. Қан қысымы түсіп барады дей ме? Жүрегі талып, шаршаған да. Кәрі жүректің шаршайтын уақыты болған шығар. Бір түтікті мұрнына, бір түтікті езуіне қыстырды. Тілеуіңді берсін, тынысы сәл кеңейгендей. Әлдекім ұйып бара жатқан саусақтарын уқалауда. Марғуа бұл уақытта шыңыраудан жан дәрменмен әрең шығып, будақ-будақ ақ бұлттар арасында буалдыр әлемде қалықтап бара жатқандай. Ақ халаттылар да бұлтпен араласып, бұнымен бірге ұшып жүргендей. Санасы айқындала бастады. Ақ халаттылар жерге қонып, аяқтарымен жүрді. Әлдекім бас жағында тұрып алып:
Көзіңді аш, терең дем ал, — деп қылқылдауда.
Апа, ұйықтама...
Ұйықтауға болмайды, — дейді бірінің аузындағы сөзді келесісі қағып алып.
Бүгін неғып бәрісі бұның ұйқысын күзетіп қалған? «Ал ұйықтамасам, ұйықтамайын. Тұқымымда ұйқыда есесі кеткен ешкім жоқ еді ғой». Бұл ежелден құс ұйқы. Сәл мызғып, көз шырымын алса болды, жарау аттай тыңайып шыға келетін. Әулиеатада ел ауып, жер ауып жүргенде, соғыс уақытында қызылша егістігінде көп жыл жұмыс істеп еді-ау. Сондағы бозала таңнан тұратын әдеті — әдет болып қалған. Шіркін-ай, қазір де бір мызғып алар ма еді. Сонда өзінен-өзі-ақ дыңғырап кетердей керінді. Оған мұрша беріп отыр ма?
Бағанағы дүрліге жүгірген дәрігерлер тарап, айналасы саябыр тапты. Санасы айқын. Тек екі білегінің еркі өзінде емес. Бір білегіне шаншылған инеден тамшылаған дәрі әлі құйылып тұр. Біреуісіндегі аппарат тынымсыз бунап, мазасын алуда. Жанында қаздиып қаршадай қыз отыр. Аңдығаны бұның қас-қабағы және де әлдебір ирек сәуле жүгірген әйнек қорап. Сірә, ол бұның жүрек соғысын көрсетіп тұрса керек. Қыз әлсін-әлсін бұның жүзіне үңіліп қояды. Кірпіктері сәл айқасып бара жатса:
Ұйықтамаңыз, ұйықтамаңыз, — деп шыр-пыр болады.
Ұйықтап кетсе, не боларын кім біліпті? Осылардікі жөн шығар. Бұларды аттай алты жыл оқытады емес пе? Бір нәрсе білетін болар, білген соң айтады да. Марғуаның дәрігерлер жайынан хабары бар. Оның бір баласы мен келіні дәрігер болып еді ғой. Оның дәрігер атаулыға құрметпен қарайтыны — содан. Қайткенмен де нандарын адал тауып жеп жүрген жандар санайды. Баласы Қайсар мен келіні Роза есіне түсуі мұң екен, иегі кемсеңдеп, алқымына өксік тығылды. Шіркін-ай, олардың алдында бұл кетіп, «Апам-ау» — деп артында солар қалса, ондай өлімнің өкініші бар ма? «Беу, дүние-ай! Баласы иіліп, қасіретін анасы тартпас болсашы-ай». Айтып-айтпай не керек, адамның дегені емес, алланың дегені болады екен... Марғуаның ет-жүрегі елжіреп, көзінің алды тұманданып жүре берді. Медбике жүгіріп келіп, жастығын түзеп, суланған көзін сүртіп:
Бәрі жақсы болады, апа, уайымдамаңыз, — дейді. Марғуаның «Айналайын-ай, мың жаса, рахмет!» дегісі келеді. Бірақ аузы сөзге илігер емес.
Бағыңыз бар екен, апа! — дейді тағы қаршадай қыз бұның көңілін аулап.
«Оны қайдан білдің?» — дер еді оған халі келсе.
Балаңыз дер кезінде алып келді. Әлі-ақ жақсарып кетесіз, — дейді ол тағы сендіре. Сірә, мұны жұбатқандағысы. «Жақсарғанда мен бір жасарып кетер дейсіңдер ме? Айтасыңдар-ау, шіркіндер!» — деп ойлады іштей. «Бағыңыз бар екен!» Марғуа осы сөзді ұзақ ғұмырында қаншама рет естіді екен? Ең бір шаршап-шалдыққанда, діңкелеп шегіне жеткенде еститіні несі? Әлде, бұған бұйырған бақыттың дәмі ащылау болғандықтан ба екен? Астапыралла. Сол бақыт дегенің өзі қандай болады екен? Жақыннан бір көрер ме еді өзін. Марғуа осы бір ауыз сөзді кімдерден, қашан естігенін, сол шақтағы өзінің жай-күйін, арып-ашып жүрген кездерін ойлайды ғой. Шынайы бақыты қайсы? Қайсы алдамшы, жалған нәрсе, кім айырып білген. Шынайы бақ екені рас болса, тұрлаулы болса керек еді. Әлде оның да түрлі-түрлісі бар болғаны ма? Салыстырмалы дүние ме екен? Солай-ау шамасы. Соған бір зер салып көрмекші еді, кірпігі айқасып, көзі жұмылып бара жатты. Бұның қарсыласарлық қауқары жоқ, иірімге батып бара жатқандай. Оның қалғып кеткенін байқаған медбике қыз жағынан жеңіл шапалақтап, оятып алды. «Айтпақшы, ұйықтауға болмайды екен ғой».
Апа, жағымды нәрсе ойлаңыз. Қызғылықты сәттерді елестетіп, жас уақыттарыңызды, махаббаттарыңызды еске түсіріңіз.
«О, тобай! Адам бір ары кетіп, бір бері келіп, екі дүниенің шегінде жаны байыз таппай жатқанда «махаббат» дейді ғой маған». Сол шіркінді Марғуа ұмытқалы қашан. «Ал, ойласам. ойлап көрейін...»
-2-
Жоқ, ұмытпапты. Ахметсақи ағасы айтса, айтқандай-ақ, күйеу жігіті Мұқанның оқуға деген ынтасы шынымен-ақ зор болып шықты. Зор болғаны сондайлық — жас келіншегін ата анасының қолына түсіріп берген соң Орынбордағы оқуына аттанып кетті. Ол оқуды да місе тұтпады ғой. Оны бітірер бітірместен, сол жылдары Алматыда педагогикалық институт ашылып, жер-жерден талапты жастарды жинап жатыр екен дегенді естіп, білім қуып, солай қарай жол тартты. Күйеуі сол кеткеннен мол кетіп, ұзақ уақыт қарасын көрсетпеді...
... Ата-енесі елде жоқ кеңпейіл жандар еді-ау. Жас келіндерін оң жақтағы қыздай үлпілдетіп, әлпештеп-ақ ұстады. Мұқанның өз анасы оның он жасында қайтыс болып, төрт бала жетімсіреп қалған уақытта, соларға шын жанашыр мейірман жүректі пана болар ма екен деген ниетпен атасы бәйбішесінің жақын сіңлісін алып, төсек жаңғыртқан көрінеді. Бұл қосағы Мәкен — жастау адам екен. Марғуаны жылы қабылдап, оң қабақ танытты. Екеуі тез шүйіркелесіп, сырлас жандарға айналып кетіп еді. Бұл қысылып-қымтырылмай, өз үйіндегідей еркін жүріп-тұрды. Келін екен деп күні кешке дейін, ауыр жұмысқа салмады. Қолдарынан келгенше аялап бақты ғой, жарықтықтар.
Біреудің үлпершектей қызын алып келіп, «оқу , оқу» деп үйге тоқтамаған баласының қылығы үшін өздері қысылатын тәрізді. Бірақ Марғуа күйеуінің қасында жоқтығын қаперінде де алмады. Күйеуді тіпті қажетсініп жүрген бұл жоқ. Өз үйіндегідей тиесілі ісін атқарып жүре берді...
...Марғуа ойлап көрсе, құдай қосқан қосағының жолын тосуы сонда-ақ басталғанға ұқсайды ғой...
...Педагогикалық институтқа қабылданып, бір жылын түгесіп барып, бір-ақ оралды емес пе, сабазың. Күзде оқуын жалғастыруға аттанарда Марғуаны өзімен бірге ала кетпек ойы барын айтты. Ата-енесі бұны құп алысты. Тек, Марғуаның өзі екі ойлы болып, ұзақ толғанды. Әсіресе, жолға шығар алдында қатты толқыды. Бағаналы еліне алғаш ұзатылып келе жатып, тап мұндай қобалжымаған еді. Енді қорқуына жол болсын... Даланың еркін өскен баласы шаһар дегенге ол кезде үрке қарайды. Бұрын көріп-білмеген жерді тосырқайды. Көңілі күпті. Төркінінен шалғайға келгенде ата-анасының, аға-жеңгенің, тіпті күйеуінің де орнын жоқтатпаған ата-енені, осы екі-үш жыл ішінде бауыр басқан отының басын қимайды. Бір жағы, күйеуінің мінезін толық ұғып, жаңын біліп кете қойған жоқ. Ол, әйтеуір келіп-кетіп, өзінше дүрдиіп жүрген біреу. Жас келіншегім бар-ау деп ойлай қоймайтын сияқты. Бір кетсе, ұзақ қарасын көрсетпейді. Келіп-кеткенінде екеуі оңаша қалса, бұл өзін қалай ұстарын білмей сасқалақтаушы еді. Кешкісін отауына барып, шымылдыққа енуден қашқалақтап, ошақ басында күйбеңдеп ұзақ жүріп алатын. Оны байқаған енесі: «Осы үйдің шаруасы бір саған қарап қалған жоқ. Бітпегені болса, ертең де күн бар ғой», — деп итермелеп, отауына кіргізіп жіберетін. Сөйтіп жүргенде енді онымен, көз көрмеген, құлақ естімеген жаққа еріп кет дейді. Бұл содан қаймығатындай. Осыны сезгендей, тәңірі жарылқағыр, енесі: — Күйеуіңнен қалма. Не көрсең де бірге жүр, алып кетемін деп отырғанда — бірге кет, — дейді құдайдың құтты күні құлағына құйып...
... Жүрексіне-жүрексіне жолға шықты. Көңілінде күмән көп. Десе де, үлкендерден ірге ажыратып, бөлек шыққан соң бір-біріне үйренісе бастағандай. Қаладағы тірліктері өзгеше ырғақ тапқандай. Жаңа орын, оқыған жастардың ортасы Марғуаға, айтары жоқ, жағымды әсер етіп еді. Байқайды, достарының арасында күйеуі сыйлы, сол сыйлы болған соң бұған да ықылас ерекше. Алматы ерлі-зайыпты екеуін жақындастыра түскендей. Бірте-бірте жүректегі көп күмән тарады...
Бір жағын жағалай жасыл шыршалы тау көмкерген, саялы бақтың ортасынан орын тепкен қала көркі Марғуаны айрықша таңырқатты. Алматының ол уақтағы сәні қандай еді, шіркін! Көшенің екі қапталы жайқалған тал-терек, сылдырай аққан бұлақ, сыбдыр қаққан жапырақ, Алатау жотасына иек артқан күн сәулесі оның ақшаңқан күміспен айшықтағандай қарлы шыңдарында ойнап, ерекше шұғыла шашады. Ертегілер еліне пара-пар...
Күйеуі сабағынан оралған соң кешкі ас-суын беріп, екеуі Алматының тымық кештерінде оңаша қыдырушы еді. Қыз бен жігіт кезінде жаңа үрдіспен таныс-біліс болып, қолтықтасып қыдырмағандарының, үйленген соң екі жақта жүргендерінің есесін Алласы өзі толтырғандай. Махаббатқа сусауларында шек жоқтай. Күйеуі екеуі жастық кешудің жұмбақ тылсымын бастан өткеріп, жұлдызды аспан астында қол ұстасып, ұзақ жүруші еді. Алматы түні — махаббат шырынынан қанып ішіп, шаттықтан бастары айналғандай қамсыз, алаңсыз шақ тарының куәсі ғой. Қалай ұмытсын?! Қасында құдай қосқан қосағы, уайым жоқ. Көңілдері албырт, жүздері шат... Бақыт деген, бәлкім, осы шығар... Олай болса, Марғуа сол шақта шын бақытты екен-ау!
Мұқанның кісілігіне күмәнданып, бекер жүрексінген екен. Оқығанның аты — оқыған: сөзі сыпайы, мінезі адыр-бұдырсыз, біртоға; шошаң еткен оғаш қылығы, көңілінің бүкпе қалтарысы жоқ; жарына ниеті адал. Бұған ешқашан «Мен сені малға сатып алдым... сен төмен етек ұрғашысың...» дегендей, зәредей пиғыл танытқан емес. Қайта бұны көтермелеп отыратын. Марғуаның өзін жаңа ортада төменшік сезінбеуі үшін, оны жаңаша оқытпаққа талаптанды. Бұл өзі де тым қара жаяу емес-тін. Бала жастан мұсылманша хат танитын. Бұған күйеуі риза болып, қуанып қалды, бірақ ол білгені қазір кәдеге аспайды екен. Өзі оқитын институттың жанында ашылған сауат ашу тобына, одан дайындау курсіне жаздырып, бірер жыл оқытты. Марғуа ол арадан латынша оқу-жазуды меңгеріп, орысша тіл сындырып шықты. Келе-келе Мұқанның үйге әкелген кітаптарын жарысып, бірге оқитын әдет тапты. Ондайда күйеуі күліп: — Ғылыми кітапты оқып, басыңды қатырып қайтесің? Мә, мынаны көрші, — деп, басқа біреуін қолына ұстата беретін.
Бір жолы ұсынғанына қараса, «Шұғаның белгісі» деген шағын кітап екен. Бас алмай демде оқып тастап, ал келіп жыласын. Сүйгеніне қосыла алмай арманда кеткен Шұғаның мұңы мұның жүрегін торлады. Оның үстіне елді-жерді қатты сағынып жүргенде әлгі кітапта жазылған дүниелерден даланың иісі бұрқырап қоя бергендей. Бас көтермей оқи берді. Сол әдеті — әдет болып қалды. Марғуаға ермек табылды, үй шаруасынан қолы қалт босай қалса, кітапқа үңіледі.
Марғуа сол қысқа курсты тәмамдағаннан кейін қайтып оқу дегеннің не екенін білген де емес, оны қажетсініп іздеген де жоқ. Бұның бар институты да, университеті де — күйеуі әкеліп беретін әлгіндей кітаптар. Қалғанын тіршіліктің өзі үйретті...
Мұқанның студентке төленетін азды-көпті пұлы қолдарына тиген күні базарға барып керек-жарағын алады. Өзінше, дастарқан ұстаған әжептәуір келіншек. Бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ жүріп, күйеуі оқуын жалғастыра берді. Көңілдерінде еш қаяу жоқ, ертеңгі күнге деген үміт пен сенімі мол. Келешектерінің жарқын болары айдан анық секілді. Ол турасында тіпті шүбәлары жоқ, өзінен-өзі түсінікті жайдай көрінген.
Марғуа, тұрмысқа шыққаннан соң біраз жыл елде Мұқаннан бөлек қалай тұрғанмын деп кейде ойлап қояды. Енді, таңертең кеткен күйеуін кешке көргенше тағатсызданып сағына қалатындай. Күйеуінің де бұған ықыласы өзгеше, көңіліне қарап, қиылып тұрғаны. Жарының, жо-жоқ, екеулерінің бір-біріне көңілдері қалтқысыз ақ болса, одан артық не керек пендеге? Әсіресе әйелге. Мұқанның өзіне деген көңілінің кіршіксіз таза екенін түсінген шақта барлық қиындың артта қалғандай. Алдарынан тек жақсылық күтетіндей еді-ау.
Мұқан институтты тәмамдауға таянды. Сол жылы тұла бойы тұңғышы — Қайсары дүниеге келді. Институтты үздік бітіргелі отырған жарына шекесі торсықтай ұл сыйлады. Бұдан асқан алланың сыйы болар ма?! Ағыл-тегіл қуаныштарында шек жоқ. Марғуа сонда мерейі өзінен асқан әйел жоқтай асқақтады емес пе? Аңғал жастық-ай! Соным асылық болды ма екен деп артынан сан мәрте ойлады ғой... Ол ой көп кейін келіп еді-ау есіне. Артынан...
Ол кездегі жаңа заман лебі алдарынан айқара ақ жол ашқандай. Бір қуаныштан соң, бір қуаныш. Институттың сол жылғы бір топ түлегін күн көсем атындағы шаһарға — Ленинград қаласына ары қарай тағы оқуға жіберетін болыпты. Арасында Мұқан да бар, кілең жүйріктер суырылып шықса керек. Білімнің келесі биігіне ұмтылып, бақтарын сынамақ. Сол уақытта, үкіметтің өзі мүмкіндік беріп отырғанда бола шаққа үлкен құштарлықпен ұмтылған жастың қайсысы орыс елінде ежелден өнер-білімнің тал бесігі атанған бұл көне орында оқуды армандамас? Бәрі де армандайды ғой. Әр көкіректе бір қиялдың жасырынып жатқаны анық. Сол қол жетпестей армап алақанға келіп қонып тұрса ше? Оқу десе құлшынып кететін әдетіне басып, Мұқан жанып түсті. Алаулаған асқақ сезімдер жетегінде ол жас жарын ертіп, он айлық сәбиін бауырына басып, орыс еліне қарай қадам басты. Бағыты айқын, ол — ғылым жолы еді. «Сапарларың қайырлы, жолдарың оң болғай!» десті қаумалаған ағайын жұрт.
«Қайырлы сапар болғай!»
...Талаптары шынында да игілікке бастағандай. Көңілдері алып-ұшып келген жастарды көркем де көне шаһар жатсынып, жатырқаған жоқ. Қайта құшағына алғандай. Мұқан барған бойда білім мұхитына күмп беріп, бойлай түскендей. Күндіз ғұлама ұстаздардан дәріс тыңдаса, кешкілік баратын жері кітапхана. Көңіл алаңдатар көлденең жәйт жоқ, тек қалағаныңды тауып, оқи біл... Марғуа жас баламен үйде отырады.
Ол жақта бұлар жалғыз емес-ті. Алматыда бірге оқып, бірге бітірген достары бар, оған бұрыннан сонда оқитын қазақ жігіттері қосылды. Өздері бірқауым ел. Әр нәрсені сылтауратып, бастары жиі бірігеді. О-о-о! Олардың бас қосуларындағы мәслихатты тыңдаудан Марғуа еш жалыққан емес. Айтарлары — өнер-білім жайы, әдебиеттің әңгімесі, одан арғысы — елдің қамы. Бәрінің көкейлерінде — ертең оралған соң көпке пайдамыз тисе деген ыстық құлшыныс. Шетінен шешен, өткір тілді, өрелі ойлы, мұраттары асқақ, күш-қайраттары тасқындаған сайдың тасындай кілең іріктелген өндірдей өрендер. Өздері сауықшыл-ақ. Отырыстары әнсіз, күйсіз өтпейді. Кеш соңынан бәрі бірге ұбап-шұбап қалаға қыдырады. Бұл да бір дәурен еді-ау! Қалайша ұмытқан? Ұмытқаны емес-ау, тек есіне алмай кетіпті. Боз тұман бүркеген ақ түнін айтпайсың ба? Толқыны білінер-білінбестей, астынан тынып ағатын мол сулы Нева өзенінің жағалауында ұзақ қыдырушы еді...
Есіне түскені мұндай жақсы болар ма? Өмір-өзенінің басындағы мөлдір бұлақтай, ең тұнық, бейбіт жылдары бұл. Бәлкім, достарымен ара қатынастарының кіршіксіз таза, құлай сеніскен, жарқын кезеңі болған шығар. Ол тұста алдарында не күтіп тұрғанынан бәрі де бейхабар еді ғой...
Мұқан білімге әбден сусағандай, беріле шұқшұяды. Ғылымға түбегейлі бет бұрды. Оқу жылының алғашқы тоқсанында-ақ үміткерлер арасында бір бәйгеге қатынасып, жатақханадан орын ұтып алып еді сырбазы. Ол, тіпті, жатақхана деп атауға ауыз бармастай, үлкен бір бөлмелі кәдімгідей пәтер болатын. Ортасында темір пеші бар. Оны өздері келіп, жағып беретін. Отын-суы ішінде. Қаланың бір шетінде пәтер жалдап жүрген бұларға көктен тәңірінің өзі жіберген олжадай көрінді бұл. Бұларға тағы бір қуаныштысы: сол үйдің астыңғы қабатында өздеріндей жас отбасының сәбилеріне арналған балабақшасы бар болып шықты. Сондайлық оңды болмасы бар ма? Кішкентай Қайсарды бақшаға орналастырды. Мұқан өзі алып барады. Марғуа кешкілік алып келеді. Мұқан өте балажан еді ғой. Сол тілеуіне орай, ол жақта Жігері дүниеге келді.
Арқа-жарқа қуанған Мұқан достарының басын қосып, айта қалғандай шілдехана өткізіп, бесік тойын жасап, мәре-сәре. Оның екі сәбиін екі жағына алып, «Қайсарым, Жігерім» деп, жағасы — жайлау, марқайып отыратын кезі болушы еді. Ойлап қараса, ол Мұқанның әке болғанын мойындап, ұрпағының өсіп-өнгеніне шүкіршілік еткен бір тұсы екен. Күн көсем атындағы қалада өткерген үш жылдары үш күнгі тәтті түстей, әдемі елестей өте шығыпты.
Мұқанның оқуы түгесілетін жылы Алматыдан «Елге тезірек оралыңдар» деген қысқа хабар алды. Сынақтарын ерте өткізген күйеуі шұғыл жолға жиналды. Бұлар үшеу болып кетіп еді, енді төртеу боп қайтып келе жатты. Көрген-білгендері аз емес-ті, одан түйген ойлары қаншама?! Айтып тауысқысыз әсер. Ал, Мұқанның жиған білімі — орасан мол, қисапсыз қазынадай. Өздерінен олжалы жан жоқтай. Күйеуі бойында тау қопарарлық қуат бардай-ақ, жарау аттай шиыршық атады. Қайда салса да бұзып-жарып шығардай... Жүректері толы — сенім мен үміт.
Алматыға келіп, поездан түсе қалғанда ертеңгі сәт еді. Қала ақ үлпек қар жамылып жатты. Көктемнің көбік қары. Төңірек тегіс аппақ. Ағаш бұтақтарына дейін ақ ұлпаға оранып, сол мамықтай қарды ауырсына майысатындай. Аң торқаға малынған дүние бұлардың көкіректеріндегі алып ұшқан ақшаңқан арманмен астасып кеткендей. Жазылмаған ақ парақтай таза беттен бұлардың жаңа өмірлері басталмақ.
Бұның көзі әуелі қала үстінен аса ақ бас шыңды Алатауды іздегендей. Үй шатырларынан, биік шынар басынан жеңіл күлгін түсті селдір тұман түріліп, тау беткейіне қарай көлбей созылып, ұбап-шұбап бара жатты. Рауандап атқан таңның алғашқы қызыл арай шапағы әуелі Алатауға түсіп, бейне алтыннан тәж кигізгендей оның шыңдарын қызғылт сары түске бояп, ерекше көз тартады. Нұр-шуақ бірте-бірте етектегі қалаға қарай баяу жайылып келе жатты. Марғуа ондай сұлу таң көрінісін бұған дейін көрмегендей еді, одан кейін де көре алмады. Жалқы рет қана ұшырасқан табиғаттың тылсым сәті. Жаңа таң — жақсылық таңы деп ойлаған сонда. Бұл — бір мың тоғыз жүз отыз жетінші жылдың көктемі еді...
* * *
Аппақ мұнар төңіректі тұтас қымтап жауып келе жатқандай. Дымқыл ауаның сызын тұла бойы түгел сезгендей. Жотасы шымырлап, бойын суық тер жауып барады. Қабырғалар теңселіп, дүние бұлдырай жөнелді.
Дәрігер, дәрігер! Қан қысымы түсіп барады, — деп дабыл қақты медбике қыз.
Палатаға дәрігерлер жапыр-жұпыр тез жинала қалды. Білегін тағы жұлмалап дәрі құя бастады. Бірнеше құтысы қатарынан кетті. Әлден уақытта Марғуаның ауа жетпей жағалауда тыпыршып жатқан балықтай жиі-жиі лыпылдай соққан жүрегі солқ етіп, оқыс шоршып барып, арнасына түскендей бір қалыпты ырғақпен қатты соға бастады. Қатты соққаны соншалық — екі жақ шеке тамыры қоса солқылдады. Бойына ыстық қан жүгірді. Көзін ашқанда ол төңірегінде толып тұрған ақ халаттыларды көрді.
Апа, халіңіз қалай? — дейді, орта бойлы, мығым денелі, көзілдірікті жігіт ағасы жасындағы ер адам бұның жүзіне үңіліп. Бұл болар-болмас басын изегендей. Осы араға әкелгелі бұны қарап жүрген дәрігер келіншек ерні-ерніне жұқпай бұның дертінің жайын бұл түсінбейтін тілде жып-жып етіп баяндап жатты. Айтып болып бұған қарап:
Апа, бұл кісі — біздің қадірлі профессорымыз, — деп оның аты — жөнін айтып, Марғуаға таныстырды. Естуі бар еді. Жүрек дертінің білгірі дейтін. Бұл жылы шырай үмітпен жүзіне қарады.
Профессор бұның аузындағы, мұрныңдағы түтіктерді алдыртып, жүрегін ұзақ тыңдады. Отырғызып та, жатқызып та тыңдап көрді. Әйнек қораптағы жүгірген сәулелерге көз тоқтатқан ол:
Дәрілерді ауыстыру керек, — деді бұның дәрігеріне қарата. Жаңадан ем тағайындады. Кейбір дәріні қолма-қол әкеліп құйғызды. Жүрегін қайта бір тыңдаған профессор:
Апа, уайымдамаңыз, қатерлі шақ өтті. Енді тәуір бола бастайсыз. Тек көп қозғалмаңыз. Тұруға әлі ерте, — деді.
Қарағым, мына түтіктерді тықпаламай-ақ қойыңдаршы.
Жоқ. Түтіктердің енді сізге қажеті бола қоймас. Дегенмен, осы арада әлі біраз жата тұрасыз. Қасыңызда медбике отырады.
Рахмет, шырағым. Тек менің дерегімді балаларға айтып қойсаңдар болғаны. Уайымдап жатқан шығар.
Апа, балаларыңыз мына есік сыртында күтіп тұр. Қазір барып айтамын. Бұл араға кіруге рұқсат етілмейді. Сізге артық қобалжуға болмайды. Олар келсе, көңіліңіз бұзылады. Оңаша болыңыз. Жалпы бөлімге ауыстырғанда келіп-кетушілерге мұрсат береміз. Әзірге біздің қарамағымыздасыз! — деп, Марғуаға қулана қарап, күліп қойды.
Дұрыс қой, профессор балам, — деді әлсіз дауыспен.
Әріптестер, бұл кісі — ғасырымыздың ең атақты, ұлы әйелі. Кезінде бұл ханымның алдында Алматының бүкіл еркегі қалпағын алып, бас иетін. Солай болды емес пе, апа? — деді күле, қалжың-шыны аралас. — Апамыз — тұнған тарих!
Иә, иә! Жаңа әкесінің атын айтып таныстырғанда есіне і үсті. Бұл Мұқанмен итжеккенге бірге айдалған жазушының баласы екен ғой. Бұны білетін болып шықты, шамасы, әке-шешесінен естіген-ау. Жолдарының тоғысуын қарашы. Әкесі ол жақтан өкпе дертіне шалдығып келіп, ертерек көз жұмып еді. Қайран азамат... Артында келісті ұрпағы қалыпты. «Орнында бар — оңалар» деген осы-ау!
Жарқыным, құрметіңе рахмет. Осы емдеріңді ақтап, жазылып кетсем жарар еді... — деді Марғуа күрсіне.
Жазыласыз, апа. Қасақана, барлық ауру атаулының бетіне шырт түкіріп, ерегескенде орныңыздан қарғып тұрып, аттай шауып кетіңізші. Оған менің сенімім кәміл. Бойыңызда сарқылмаған қуат оты әлі мол.
«Жақсы сөз — жарым ырыс» деген. Жылы лепесіңе алла разы болсын, қарағым. Мың жаса!
Ауруға берілмеңіз!
Е-е-е, өз еркімен кім ауруға берілгісі келер дейсің? Марғуа да анау-мынау дертті елең қылмаушы еді. Енді, міне, көрмеймісің жатысын...
Дәрігерлер тарап, қасында жалғыз медбике отыр. Бағанағы қыз емес, басқасы ауысыпты.
Кезінде Алматының ең сұлу бойжеткені болған екенсіз ғой, апа! Профессор сізді таныды ғой, ол кісі тегін айтпайды, — деп, тамшы дәрінің сауытын ауыстырып жатып, бетіне күле қарайды. Мына күрк-күрк жөтелген шүйкедей кемпірдің жас болғанына тіпті сенгісі келмейтіндей. Сұлулығы қай жерінде тұр дегендей жүзіне әуестікпен үңілетіндей.
Беу, шіркін! Сондай бір шақтардың да болғаны рас еді-ау... Көрген түстей өте шыққан дүние-ай!..
«Адам итжанды» деген сөздің растығын Марғуа енді ойлап жатыр. Айтса айтқандай, сол өзі шын ба деп қалады. Әйтпесе, бұның көрген мехнаты аз ба? Заманның үйіріліп соққан қара құйыны ортасында қалған бұлардың бастарын қай қиырға салмады. Сонда да әл-қуатының әлі сарқылмағаны ма? Әлде, дәрігер жігіттің бұны жұбату үшін айта салған сөзі ме? Онда тәңірі жарылқасын оны. Қалған әл-дәрмені қаншаға жетер дейсің? Қанша көрер жарығы қалды екен?..
Жаңағы құйған дәрілердің әсері ме, әлде шынымен жазылып келе жатыр ма, бойы жеңілдеп, ширап қалғандай. Жүрегінің басын күйдіріп тұратын топтанған түйін де тарай бастағандай. Иә, құдай, берген қуатыңа шүкір! Манаураған, ұйқы меңдегендей дел-сал күйден арылып, сергіген еді. Есіне өткен күндердің үзік-үзік елестері қайта оралып, қарадай көңілін қамықтырды...
-3-
...Күн көсем атындағы қаладан оралысымен Мұқанның қызметке орналасуының да орайы тез келе кетті. Өзі тәмамдаған педагогикалық институтқа кафедра меңгерушілігіне кірді. Студенттерге дәріс оқиды. Оның үстіне, қоқырайтып апарып, жазушылар ұйымының хатшысы сайлады емес пе! Бастығы ең атақты, сол кездің тілімен айтқанда, пролетариат табының бірден-бір жыршысы — Сәбең. Майталман, марғасқа жазушылардың ортасы. Мұқан болса, өзінің тындырымды мінезіне сай, екі қызметті де жан-тәнімен беріліп, құлшына атқаруға кірісіп кетті.
Оқу, оқу деп үш жыл сыртта жүріп, Мұқан одан өзгені білмеген қасқа екен. Ел іші қатты өзгерген. Оны келген беттегі сағыныштың, қауышудың аптығы басылғанда барып аңғарғандай. Ескі таныстар сыр ашысып, емен-жарқын сөйлесуден қалған, қашқақтайды. Ұшыраса кеткенде бұл шүйіркелесе бастаса, жан-жақтарына алаңдап, өздерінен-өздері үрейленіп тұратындарын байқады. Басында мән бермегендей екен. Енді әр нәрсеге құлағын тосатын болды.
Радио күні-түні бір тынбастан «Жау жоқ деме, жар астында», — деп қақсайды. Газеттер халық жауларын бірінен кейін бірін тауып, шуласып, әшкерелеуде. Неғылған қаптаған жау? Қайдан келіп жатыр? Жас кеңес өкіметіне жаулық ойлайтындар тым көбейіп кеткендей дүрбелең белең, алған, алапат заман туған екен. Жұртты үрей билеген, көңілдерге күдік кірген. Сол өртенген өрттің, қып-қызыл шоқтың ортасына соры қайнаған бұлар дөп түспесі бар ма?
...Кешегі аға-дос Ілияс қас болып шыққан. Ол ұсталғаннан ісейін, оның отырған пәтерін бұларға босатқызып берді. Бұрынғы иесіне күт әкелмеген шаңырақ... Кімге қайырлы қоныс болмақ?.. Тағдыр тәлкегіндей енді бұларға бұйырыпты. Бұл да бір азапты дүние екен. Шиеттей балаларымен әр жерде көшіп-қонып жүрген соң, «Әркімді құдай өзі есіркесін», — деп, берген үйге кіріп алды. Тәңіріне жалбарынып, қайырлы-құтты мекен ете гөр деп іштей тілеудей-ақ тіледі. Әйтсе де, тілеуі қабыл болмағандай. Осы асқақтағандарың, осыған шекті көрген қызықтарың жеткілікті, енді басқасын да бір көріп байқаңдар деген пиғылмен бір қара күш бұларды айықпас тас түнек азапты жолға әдейіге бұрып жібергендей...
Мұқанның қуана, құлшына кіріскен қызметінен қабағы түнеріп, қапаланып оралуы жиіледі. Өзі де көп сөзге жоқ адам, мүлде тұйықталып алды. Үйге келісімен жұмыс бөлмесіне қарай өтіп кетіп, сағаттап тапжылмай отыратынды шығарды Аттай қалап, қолпаштап апарып қойған қызметінде оның шекесі қызып жүргені шамалы екен. Оны Марғуа артынан барып ұғынды ғой. Сөйтсе, жейтіні күнде тоқпақ екен. Жоғарғы жақтан халық жауын әшкерелемей, күрес жүргізбей салғырттық, шабандық танытып отырсыңдар деп күнде бас тарына әңгіртаяқ ойнатып, қуыратын көрінеді. Ұйымның бірінші басшысы шұғыл Мәскеу жаққа аттанып кетеді. Шығармашылық жұмыстың сорабымен сол кеткеннен елге ұзай оралмайды. Қиын-қыстау кезеңнің бар ауыртпалығы жиырма бес-жиырма алты жастағы Мұқанның мойнына түседі...
Алдарынан не күтіп тұрғаны адамға беймәлім дүние ғой.. Оны білгенде Мұқан да Ленинградтан келмеуі керек-ақ екен... Әттең, десеңші.
Албырт жастықпен әуелде Мұқанның, қиян түкпіріндегі кешегі көшпенді қазақтың қара домалақ баласын оқытып, институт бітіргізіп, одан күн көсем атындағы қалаға үш жылға жіберіп, білім нәріне сусындатқан Кеңес өкіметіне деген сенімінде селкеу жоқ еді. Оған қастық ойлайтындар бар дегенге еш сенгісі келмеді... Ал, егер бары рас болса, онда өзіне де қастың ойлағандай қабылдаған болар... Жолындағының бәрін жайпап, қиратып келе жатқан қатерлі қара дауылға қарсы тәжірибесіз жас жігіттің төтеп беруі оңай емес-ті... Аңғал жастығын, саясатқа олақтығын қыбын тауып, әбден пайдаланған қитұрқы жүйе тәртібі аяусыз арандатқан. Біреу дің қолымен от көсейтіндер әр кезде табылатын көрінеді ғой. Сол тұста тіпті асқындаса керек. Марғуа осыны ойласа, көкірегі әлі де өкініштен «аһ» ұрады...
Жоғарыдан түскен пәрмен қатты. Соның қысымымен күнде жиын, күнде айғай-шу. Мұқанды мақала жазасың деп қыстайды. Оған бір жағы отырған орны да мәжбүрлейтіндей. Лажсыздан мақала да жазды. Жазды емес-ау, жаздырды. Жаздырғанда да қаламын сол уақыттағы саясаттың бояуына қанықтыра жаздыртты. Сол, сол-ақ екен, қу шөпке от тигендей гулей жөнелді. Қайран Мұқан! Оның нақақтан күйгенін әуелі алласы білер, сосын Марғуа білер... Қырсық болып жабысқан сол бір жазғанының ғұмыр бойы өкшелеп, ізінен қалмай, мойнына қара тастай байланарын, қартайған шағында бетіне шіркеу боларын кім болжаған?!
* * *
Палата іші күңгірт тартыпты. Марғуаның бейуақытта қараңғы үйде жатқанды жаны қаламаушы еді. Тұруға рұқсат жоқ, енді амалсыз көнеді.
Қызым-ай, төсегімнің басындағы шамды жағып қойшы, — деп өтінді медбике қыздан.
Мақұл, апа.
Шамның жұмсақ жарығы бөлмеге жайлы шуақ төгіп, ұйып келе жатқан қараңғылықты сейілткендей. Бірақ Марғуаны ауыр ойдан сергіте алмады.
Апа, ұйықтап алыңыз. Қолыңыздағы инеге алаңдамаңыз. Мен қасыңызда қарап отырамын.
«Ұйықта, дегенде келе қоятын ұйқы болса...»
Рахмет, қарағым.
Марғуаның көзі жұмулы болғанымен, көкірегі ояу...
-4-
...«Халық жауы» деп, сүт бетіндегі қаймағын жалмап-жұтып әкетіп жатқан зұлматтың мысық табандап бұларға да жақындап қалғанын ол кезде өздері әлі білмепті.
...Отыз сегіздің тамызы туды. Бір күні түн ортасында есік қоңырауы безектей жөнелді. Мұқан тұрып, шам жағып, киінгенше шыдамай, сартылдатып қаға бастады. Үрпиіп бұл да тұрды орнынан. Күйеуі есікке беттеп бара жатып:
Бұл тегін емес. Мені алып кететін шығар. Қайтарар-қайтармасы — екіталай. Балаларға ие бол, — деп айтып үлгерді. Бұл тұрған жерінде тілі байланып, қаққан қазықтай қатты да қалды.
Есік ашылған бойда түстері суық, ұзын қара шинелді үш әскери тасыр-тұсыр кіріп келді.
Қаптағаев сіз боласыз ба? — деп, екпіндей, бөлмелерге бас сұғып аралап шықты. Сірә, бөгде біреулер бар ма деп сақ сынғандары болар. Түсі боп-боз боп қуарып кеткен Мұқан:
Иә, иә, — деді күмілжи.
Мынау сізді ұстауға, үйіңізді тінтуге берілген нұсқау, деп бір жапырақ қағазды оның көзіне тосты.
Киініңіз, бізбен бірге жүресіз.
Үйді астаң-кестең ақтарып, шағын екі кітап шкафы мен жазу столы, тағы оны-мұны киім-кешек тұрған бөлмені жауып, есігін сүргіштеп тастады.
Біздің рұқсатымызсыз ашпайсыңдар! — деп нығарлай бұйырды.
Бол, тез жинал! — деп не киіп, не қоярын білмей абдырап тұрған Мұқанды асықтырды.
Ал, енді не дейін? Құдай бізді қайта көрісуге жазсын. Балаларды аман сақта, — деп, қолын артына қайырып ұстаған бойы әскерилердің алдына түскен күйеуі түн қараңғылығына сіңіп кете барды. «Халық жауы», «Халық жауы» деп, радиодан күндіз-түні қақсап айтатын жауды Марғуа өз көзімен көрмеген еді. Естіген кезде жон арқасын шымырлатып, үрей туғызатын сол жау, құдай төбесінен ұрғанда, өзінің жамылған көрпесінің астынан шыққанына айран-асыр есінен танған Марғуа сілейіп тұрып-тұрып, кескен томардай сұлқ құлап түсті. Қол-аяғы қақайып, серейді де қалды. Үш бала үш жақтан ұлардай шулайды. Азан-қазан жылаған дауыс. Оны сезіп жатқан бұл жоқ.
Ес-түссіз қанша жатқанын кім білсін, әлден уақытта есін жинаса, жылай-жылай сілелері қатқан жас балалары еденде әр жерде домалап-домалап жатыр. «Алла, балапандарым-ай!» — деп, Марғуа ышқына орнынан тұруға қарманды. Жандәрменмен бойын тіктеп, оларға қарап, біраз меңірейіп отыр. «Бұл сормаңдайлардың күні енді не болмақ? Бұдан былай оларға балталасаң кетпес «халық жауының балалары» деген ат жабысары анық. Кімге барып мұңын шағып, кімнен араша сұрамақ?» Балаларын ойлауы мұң екен, көкірегін ащы өксік кернеп, өзегі өртеніп бара жатқандай күйді. Беймәлім үрей бойын билеп, жан-жағынан азынап үскірік соққандай, дірілдеп-қалшылдап барады.
Орнынан үш ұмтылып, шаққа тұрып, ащы өксік көкірегін тырнап, ал кеп жыласын. Балаларын бірінен соң бірін жерден көтеріп апарып, төсектеріне жатқызып жүріп, бода-бода еңіресін. Аяқ-қолында еш әл қалмағандай. Күш-қуатының бәрі күйеуімен бірге кеткендей. Балаларына қарайды да ботадай боздайды. Сондағы зар жылағаны, егер бары рас болса, құдайға да жеткен шығар деп ойлаған. «Тірі жетім болатындай бұлардың не кінәсі бар? Мұқанның жазығы не?» — деп жылайды ғой. Бірақ зары жетпегендей...
Ол уақытта Қайсары — бесте, Жігері — үште, Медеттің алты айлық, емшектегі кезі. Жылай-жылай дағдарып отырған Марғуаның санасының терең түкпірінен, бұлардың ендігі жердегі анасы да, панасы да өзі екенін, өзінен басқа сенетін ешкімі қалмағанын ұқтырғандай бір тосын ой қылаңытады. Сол ойы бірте-бірте жүрегін орнықтырып, көңілін бекітіп, жылауын қойды. Не істеу керегін, кімдермен хабарласып, кімдерден ақыл сұрауға боларын топшылады. Марғуа қазан-ошақтың қамынан басқаға бас қатырмаушы еді. Тыстың шаруасы — еркектің міндеті деп білетін. Бұған шекті ол күйеуіне әбден арқа сүйеп кеткен екен ғой. Енді не істемек керек? Күйеуі қайта ма, қайтпай ма? Өлі ме, тірі ме? Күйеуі есіне түскенде әлгінде бекіген бойы тағы бордай үгіліп, тізесі бүгіліп жүре берді...
..Көрер таңды көзімен атқызды. Мұқанмен өткізген барша қызығы, уайымсыз-қайғысыз ішкен қара шай мен қара нанға көңілі семірген алаңсыз шақтары қас-қағымда көзден бұл-бұл ұшып жүре берді, бір көрген әдемі түстей ғайып болды. Алды — қараңғы тұман...
Тамыз айының өліарасындағы мына қап-қараңғы түнінің екінші жартысы өтіп болмады. Осыдан бастап, ендігі күні ми жетпес қапасқа айналарын ол өлі анық білген жоқ-ты, бірақ бір сұмдықты болмысымен сезінді. Жан-жағынан қамаған сансыз сауалға жауап таппай, тығырыққа тіреліп, дәрменсіз күй кешетін ұзақ сонар сергелдеңінде мұндай ұйқысыз түндер аз емес-ті. Бұл тек басы ғана еді...
* * *
— Беу, дүние-ай?! — дегенде Марғуаның дауысы шығып кетті
Бұған ауық-ауық көз тастап қойып, саусақтары жыпылдап, қиылған кішкене дәкеден жұмырлап, иненің орнын сүртетін түйіншек орап отырған медбике қыз селк етіп, басын оқыс көтеріп алды. Ол дереу қасына келіп, дәрінің құйылуын тексерді.
Оһо, апа! Дәріңіз, бітуге аз-ақ қалыпты. Бүгінге осы жетеді. Қазір инені тамырыңыздан алып, бір білегіңізді босатамын. Екінші қолыңыздағы аппарат таңертеңге дейін тұра тұрады. Қан қысымыңыз бен жүрек соғысын кезекші дәрігер монитордан қарап отыр ғой, сол үшін керек.
Медбике инені алып, сұп-суық болып қарысып қалған бұның саусақтарын жып-жылы алақанына салып уқалап, ары бері бүгіп, жылыта бастады. Жылытып, жамылғының астына кіргізіп, қымтап жауып қойды. Бұған қалай іші жылымасын ? Риза болған Марғуа:
Рахмет! Өркенің өссін, бақытты бол! — деді шын ықыласымен алқап.
«Менің жолымды берсін!» деңізші, апа.
?!
Сіздің жолыңызды беріп, сіз сияқты академиктің жары атансақ жаман ба екен?..
Ой-бу-у-у, жарқыным-ай! Мен бірден академиктің әйелі болып, көктен түсе қалды ғой деймісің? Менің жасымды берсін! Ал, шеккен бейнетімді ешкімге көрсетпей-ақ қойсын...
Қойыңызшы, апа. Түріңіз бейнет шеккен адамға емес, үріп ішіп, шайқап төгіп, заманның бар жақсылығын бір кісідей көрген жанға көбірек ұқсайтындай ғой.
Е-е-е, қарағым, сырт пішін алдамшы келеді ғой. Жақсылықты да көп көрдім, көрмедім дей алмаймын... Бірақ соның үдесінен шыққанша қандай құқай көрмедік, қандай от келектен өтпедік...
Ой, апа-ай, үлкен кісілердің бәрінің «Біз не көрмедік?» дейтін әдеті бар емес пе?
Сенсең де осы, сенбесең де осы...
Япыр-ау, осы тақылеттес сөзді бұрын да бір естіген секілді. Иә, иә, есіне түсті. Елдегі ағайынының үйге келіп-кетіп жүретін студент қызы болушы еді. Бір күні «Институтымды бітірдім», — деп келе қалған екен. Шайын беріп отырып, әңгіме үстінде: «Оқуыңды аяқтағаның оңды болған, енді бір қойшының баласының етегінен ұста, тұрмыс құр. Аузың майдан арылмайды», — деген, қалжың-шыны аралас. Сол-сол-ақ екен, әлгі қыз: «Оқымаған өзіңіз академиктің қатыны болып алып, институтты қызылға бітірген маған қойшының ұлына шық дегеніңіз — қай сөзіңіз? Басқа жөндемдеуі аузыңызға түспеді ме? Әлде қимай отырсыз ба?» — дегені шақ етіп. Сасып қалған Марғуа: «Астапыралла! Мына қыз не дейді?» — деп сонда жағасын ұстаған. Күйеуге кісі лауазымына қарап емес, адамына қарап шықпас болар ма?
Мына қыздың да көкейі белгілі болды.
Марғуа әңгімені одан әрі созғысы келмей, іргеге қарай аунап, көзін жұмды. Ұйықтап кетер түрі көрінбейді.
Әлгінде үзілген ой желісін ары қарай сабақтады...
-5-
...Қолына ұстаған буыншақ-түйіншегі бар Марғуа орталық көшенің қиылысына орналасқан, тұтастай бір орамды алып жатқан ені мен ұзындығы бірдей сұп-сұр тас үйді алыстан айналып, сол күні көп жүрді. Ұстап әкеткендерді осында әкеліп қамайды дегенді естіген. Күйеуінің дерегін білмекші болып жүрген түрі. Неше күн өтті — тырс еткен хабар жоқ. Қандай күйге түсті екен? Жөні келсе, бермекші болып алып шыққан керек-жарақ оны-мұнысы, азын-аулақ тамағы бар. Қаһарлы қамалдай көрініп, түнеріп ызғар шашқан сұсы бөлек үйге көшенің қарсы бетінен жасқана қарағаны болмаса, жақындап баруға батылы да жетер емес. Жұқа киінген бұның күздің салқын лебінен бе, әлде іштегі толассыз аласұрған үрейден бе бойы қалтырап, тісі тісіне тимей сақылдай жөнелді. Неде болса, жақындап баруға тәуекел етті. Есігі қайда болды екен? Көзіне түскен есіктің тұсына келіп, алыстан байқастады. Кірген-шыққан біреу ұшырасар ма екен деп үміттенеді. Бірақ, жан баласы көрінбеді. Бойындағы бар батылдығын жиып, бір үлкен есікке жақындап барып тартты. Биік есік былқ етпеді, қайта тәкаппарлана шалқаятындай. Ешқандай аяқ ізі жоқ.
Демек, бұл есік болмағаны ғой. Сұр үйге бойы үйренгендей ол өжеттеніп, айналып жүріп, есік біткенді түгел тартып шықты. Бәрі бекер әурешілік. Есік атаулысы тарс жабық. Бітеу үй мелшиген қалпы.
Марғуаның төсі шымырлап, сүт керней бастады. Есіне үйінде емшектегі жас баласы қалғаны сонда барып түсті. Құлынымның еметін уақыты болған екен ғой. Жылап жатыр-ау. Көтеремін деп Қайсар төсектен құлатып алмаса жарар еді деп уайымдаған ол үйіне қарай құстай ұшты. Төсі де иіп қоя берді. Таңертең Медетін емізіп, ұйықтатып, үлкен екеуіне тапсырып, сырттарынан бекітіп кетіп еді. Оның оянатын уағы баяғыда болды. Өкшесі жерге тимей, екі өкпесін қолына алып жетті. Үшеуі үш жерде еңіреп жылап жатыр. Үлкені кішкентайын жұбата алмай қыстығып жыласа, ортаншысы соларға қосылып, бостан босқа еңіреуде. «Ботақандарым-ай!» — деп, Марғуа келісімен үлкен екеуінің бетін жуып, қалтасынан тәтті алып беріп, алдандырды. Кішкентайының жөргегін ауыстырып, қайтадан құндақтап, емізуге отырды. Торғайдың балапанындай аузын ашып, жан-жағына бетін бұрып, емшек іздеп талпынған сәбиінің түрін көріп, егіліп қоя берді. Екі ұрты бүлкілдеп, төсін сорған баланың жүзіне ащы жасы тамып отырғанын сезер емес. Балалары жұбанды. Сүтке тойып Медеті мұрны пысылдап, ұйықтап кетті. Аналары қасында болған соң үлкендері де өздерімен-өздері алаңсыз ойынды соғуда. Көз жасына ерік берген Марғуа сол отырғаннан іңір қараңғылығына дейін тырп етпеді. Бір уақытта таман сұрап Жігері қыңқылдай бастады. Бұл лажсыз тұрып, ас үйге беттеді.
Мұқанды алып кеткен күні Марғуа қалтасындағы қырық соммен қалған. Соны балаларына талғажау етіп келеді. Оның да түбі көрінейін деді...
...Марғуа тас қамалдай сұсты үйдің есігін күзетуден бәрібір танған жоқ. Бүгін де айналып жүр... Күндердің күнінде ұзақ күтуден соң батыс жақтағы бүйірдегі есіктен шыққан әлдебіреудің қарасын байқап, енді тек осы есікті төңіректейтін болды.
Дүниедегі ең қиын нәрсе — белгісіздік болса керек. Басына іс түсіп зобалаңда кеткен жарынан хабар ала алмай, зарығудың не екенін Марғуа сонда білді. Еш дерегі жоқ. Қайда апарды? Не күйде? Қандай кінәсі бар?..
Марғуа көшеге шықса, маңдайында халық жауының әйелі деген қарғыс таңбасы бардай, ешкімнің жүзіне тіктеп тура қарай алмайды. Бұрынғы дос-жаран дегендері бұдан қашқалақтайды. Қайсыбіреулері бұны көрсе де көрмеген болып, қасынан өте шығады. Тіпті, ұшыраспас үшін көшенің келесі бетіне тайқып кететіндерді талай байқады. Ондайда жігері жасып, орта жолдан үйіне қайтып келуші еді де, екі көзге ерік беретін. Бірақ тағат тауып тағы отыра алмайды. Сұр үйді бір айналып шығуы — міндет секілді. Өткен жолғыдан кейін Медетті үйде қалдыруға қорқатын болды. Жылылап орап алып, көтеріп жүреді.
Бір келген жолы ер адамның есік жақтауындағы түймені басқаның іштен әскери жігіт есікті ашып, оны кіргізіп алғанын анық көрді. Сырттан қоңырау беру керектігін сонда барып ұққандай. Бойында қалған бар қуаты мен қайратын жиып, бұл да есікке жақындап, дірілдеген саусағымен түймені әрең басты. Есікке жан бітіп, сықыр етіп ашыла берді. Арғы жағындағы сақшының тұздай көзі атыздай болып, саған не керек деп, кесе көлденең тұра қалды.
Марғуа ұзақ уақыт күзетіп жүріп, тірі пендемен тілдесуге қолы әрең жеткенде есік қайта жабылып қалар ма деген қорқыныштан шап беріп тұтқасына жабысып, ішке қарай жан дәрменмен ұмтылды. Неше күнгі жұптап жүрген сөзін де айта алмай, еңіреп жылап қоя берді. «Күйеуім. Күйеуім осында» — дей береді бар болғаны. Сақшы жап-жас жігіт еді. Қанын ішіне тартып, сұрланып алған. Еш нәрсені тыңдайтын түрі жоқ. Бала көтерген әйелдің көз жасы оны жібіте алмады. Көкірегінен итермелеп, сыртқа ығыстырып тастады. Есік қайта тарс жабылды. Мұқанның бір дерегін білсем-ау деген үміті де шорт үзілгендей.
Сол уақытта, құдай жарылқап, іштен егделеу біреудің шыға қалмасы бар ма. Ебіл-себіл жылаған бұның түрін көріп, неғып жүргенін сұрады. Бұл жылағанын қойып, бұдан бірнеше күн бұрын түнде алып кеткен күйеуін іздеп жүргенін, өлі-тірісін білмейтінін айтты. Ол сәл ойланып барып: «Күйеуіңнің аты-жөнін айтшы», — деді. Ішке кіріп кеткен ол бірқыдырудан соң шығып: «Күйеуіңнің ісі тергеуде жатыр. Тексеріс әлі біткен жоқ. Бұл араға көп келе берме. Өзіңді де отырғызып қояды», деді қасынан өтіп бара жатып, елеусіз.
Марғуаның зәресі зәр түбіне кетті. Үйіне қарай зымырасын «Тірі», «Тірі екен ғой, жарығым» деген бір-ақ ой оның санасын баурап алған. «Уа, тәңірім, оған өзің жар бола гөр!" Әлі тексеруде болса, ақ-қарасын анықтайды ғой. Күйеуінің жазықсыз екені — айдан анық. Қайтаратын болар. Ендеше, бұл несіне жылайды?
Үміт оты қайта жанды. Келісімен жеті нан пісіріп, көршілердің аулада ойнап жүрген балаларына таратып жіберді. «Осы балалардай уайымсыз-қайғысыз ете гөр».
Марғуа енді өз балаларын ашықтырмаудың қамына кірісті. Киім ілгіште тұрған өзінің киімдерін түгел алып, өңі түзу, өтеді-ау дегендерді бөлек іріктеді. Оның біркиер, сәнді көйлек көншегі көп те емес еді. Аз болса да, талғаммен алынған сапалы дүниелер. Көбі — күн көсем атындағы қаладан қайтарларында ала келген, бұл жақта әлі жоқ таңсық заттар. Жақсы киім көздің құрты ғой. Бұрын сұрап, қызығушылар көп болушы еді. Халық жауының әйелінің киімін енді кім алсын? Одан да ешкім білмейтін жаққа жіберуге оқталды. Ол бәрін кеңдеу сөмкеге салып алып, киілген киімдерді алатын дүкенге тартты. Құнын көп төмендетіп қойғанына қарамастан бәрін өткізіп кетті. Неғұрлым арзанырақ болса, соғұрлым тез өтетіні белгілі. Өтуіне қарай пұлын келіп алып тұратын болды. Осы айтқан бағаларын берсе де, балаларына біразға жетерлік нәпақа. Өзінің бұл тапқырлығына риза болып, тіпті өжеттеніп кеткен ол, келесі жолы тағы нелерді сатуға болатынын да ойлап қойды.
...Бұл енді үйден көп ұзап шықпауға айналды. Сыртқа шықса: «Әне, халық жауының әйелі кетіп барады», — деп, жұрт саусағын шошайтып көрсететіндей төменшіктей береді. «Мұқан қайтып келеді» деген үміті де әлсіреп барады. Мұқанды алып кеткеннен кейін жиырма бір күн өткенде үйге бейуақытта жерден шыққандай болып, зор денелі орыс жігіті кіріп келді. Оны көрген бойда-ақ Марғуаның тізесі қалтырап отыра кетті. Келген жігіт сүргішпен бекітілген бөлменің есігін тексеріп, бұны жауапқа шақырған тілдей қағазды қолына ұстатты. Қай уақытта, қай жерге баратыны анық жазылыпты.
Өзі барып күнде есігін, күзетіп жүрген сүр үй ғой баяғы. Құрыған жерім осы шығар деп ойлады Марғуа. Ұзын құлақтан халық жауларының әйелдерін де ұстап, балаларын жетімдер үйіне өткізіп жатыр дегенді естуі бар. Ондай зұлмат өздеріне соқпаса екен деп тілеуші еді... Бірақ бір сұмдықтың таянғанын сезді. Адамның тіпті жылауға шамасы келмей қалатын кезі болады екен. Бүкіл санасы, ақыл-ойы сымдай тартылып, қатып қалғандай, еш нәрсені байыппен ойлай алмады. Түнімен балаларының кірін жуып, киім-кешектерін жинастырып, ретке келтірді. Молдап тамақ істеді. Өзінің не істеп, не қойып жүргенін біліп жатпағандай. Мағынасыз, ұзақ күйбеңдеді. Істейтін жұмыс та таусылғандай. Балаларын жуындырып жатқызып, өзі де жуынып-шайынып, бұрышқа құбылаға қарал отырып, бала жастан есінде қалған қажы атасынан үйренген дұғаларын есіне түсіріп, оқуға кірісті. Тапжылмастан бірнеше қайырып, ұзақ оқыды. Көңілін бекітіп, бойын қатайтты. Тәңірі өзі берген жанын өзі алады. Адамның қолындағы емес, алланың қолындағы дүние. Бұның балаларының несібелерін алласы сордан жаратпаған шығар. Иншалла, — деп орнынан тұрып, өңі түзу бір қабат киімін киіп, жауапқа баруға жиналды. Таң атысымен екі баласын тамақтандырып, құдайға аманаттап, тез келетінін айтып, сырттарынан бекітіп, Медетін көтеріп үйінен шықты.
Айтқан уақытында жетті. Өткендегі есікке келіп, түймені батылдана басты. Іштен шыққан сақшыға тілдей қағазды көрсетіп еді, бұны айналдырып әкеліп, терістік жағындағы бұрышта қабырға түстес сырмен сырланған көзге шалынар-шалынбас кішкене есіктен кіргізді. Бірінші қабаттағы бір бөлмеге апарып, отырғызып қойды. Қазір тергеуші келеді деген. Содан бұл ұзақ тосты. Ыссылаған баласы қыңқылдап жылай бастады. Орауын шешіп, жеңілдеп көтеріп алды. Төсін сауып, бөтелкеге құйып алып шыққан, сол сүтті емізді. Түс әлетінде ыздиған біреу келіп кірді. Бұны көзімен ішіп-жеп, тесірейіп тінте ұзақ қарады. Көзі өңменінен өтіп барады. Сірә, басынан ықтырып алмақ. Марғуа сыр бермеді. Тастай қатып отыр. Аты-жөнін сұрады. Бір сөзбен жауап қатты. Іштей шамырқанып, ызасы келді. Шақырып отырған адамының аты-жөнін білмей қалып па? Салғыласар жайы жоқ. Тәртіптері солай шығар, ит біліп пе? Тергеуші одан кейін балаңды неге алып келдің деп кіжіңдеді. Бұл, қалдыратын адамы жоғын, үйінде тағы екеуі иесіз қалғанын айтып, тезірек бастауын сұрады. Ондай батылдықтың өзіне қайдан келгеніне таңы бар. «Н-д-да-а», — деп, тергеуші мұрнының астынан міңгірлеп ұзақ созды. Қай жерде қызмет істегенін сұрады. Бұл жұмыс істеп көрмегенін, бұның міндеті — бала туып, оны күту екенін түсіндірді. Тергеушінің Марғуаның өзі турасындағы сұрағы осымен тәмамдалып, күйеуінің жайына көшті. Күн көсем атындағы қалаға неге барғандарын, ол жақта кіммен жақын араласқандарын, күйеуінің немен айналысқанын ежіктеп сұрап, көп отырды. Айналдырып келіп, бір нәрсені қайталап тергей береді. Жаңылдырып, шатастырып, тығырыққа тіремек.
Марғуаға жаңылып, не көрініпті? Ол адам аттарын жадында қатты сақтаушы еді. Араласқан адамдары есінде ғой. Орыс кісілерін ауызекі тілде «дядя, тетя» деген сөздермен атағанды Мұқан ұнатпайтын. Алғаш барған уақыттарында жалдап алған үйдің иелерінен бастап, жатақхана қызметкерлерін, өзінің ұстаздарын, бұның күнделікті араласатын адамдарын міндетті түрде әкесінің атын қосып, толық айтқызып үйреткен. Бұл — мәдениет, әрі құрмет деп ұқтыратын. Марғуа ол жақтағы өзі көрген-білген жергілікті орыстарды аты жөндерімен сақылдатып айтып берді. Ол кезде Марғуаның өзі де орысшаны тәп-тәуір меңгеріп алған. «Сен жұмыс істемей үйде отырсаң орысшаны қайдан үйреніп жүрсің?» — деп сұрады тергеуші сөз арасында. «Ленинградта үйрендім», — деді. басқа не десін?
Тергеуші әлдеқандай қағазды ұзақ толтырды. Марғуаға ол, әдейіге уақытты созып, мұның жүйкесіне тиіп, ілік іздеп отырғандай көрінді. Бұл да сазарып отыра берді. Тек бала жыламаса екен. Әйткенмен, Медеттің еметін уақыты болып еді, ол уілдеп жылай бастады. «Кешіріңіз, мен баламды емізуім керек», — деді тергеушіге тіке қарап. Тергеуші ашудан шытынап, жарылғандай. «Бұдан кейінгі шақыртуларға баласыз келетін бол», — деп дікеңдеді. Осыдан-ақ Марғуа бұл жолы тозақтан аман құтыларын іші сезді. Бірақ, қуанарлық реті жоқ еді: «Халық жауларының отбасына Алматыда тұруға тыйым салынған, қаладан тез арада кетуің керек» дегенді нығырлай айтты. «Қайда кеткеніңді, тоқтаған жеріңді айтып, хабарла», — деп қолына телефонын, аты-жөнін жазып, тілдей қағаз ұстатты.
Марғуа жауап алудың осымен аяқталғанын шамалап:
Күйеуіме жолығуға бола ма? — деп сұрады нық дауыспен.
Ұрықсат жоқ. — Жауап келте қайырылды.
Ендеше, оны-мұны беріп жіберуге бола ма? — деді тағы батылданып.
Оған да ұрықсат етілмейді. Айына бір-ақ рет тамақ кіргізуге болады. Күйеуіңнің отырғанына әлі бір ай толған жоқ қой.
Иә, иә...
Бұл «иәнің» астарында үлкен қуаныш жатқандай. Марғуа ойламаған жерден күйеуінің аман-есен екенін біліп алды.
Баласын бауырына қысқан бұл тергеуден бір жағы осылайша қуанып, бір жағы қобалжып шығып еді. Айдаһардың аузынан тірі қайтқан қоянның көжегіндей дірдек қағып келеді. Бақыт дегеннің салыстырмалы дүние екенін сонда түйсінгендей. Бұның сол шақтағы көңіл күйі, бақыт дегеннің бары рас болса, сол бақыты осы шығар деуге келетіндей еді. Қосағының тірі екеніне көзі жетті. Өзін қамап қоймай, үйіне қайтарды. Балалары да аман. «Енді не керек саған? Қуана бер, Марғуа», — дейді өзін-өзі қайрап. «Тәуба. Мың мәрте құлдың саған, жасаған ием. Бір жолғы қатердің беті қайтқандай». «Қаладан кетуі керек» дейді. Кетуі керек болса, кетер. Сонда қайда бармақ?
...Мұқанның ұсталуы тек өз шаңырағына ғана емес, бүкіл әулетке зобалаң әкелгендей. Ол өзі институтты тәмамдайтын жылы қартайған әке-шешесін уақ балаларымен Алматыға көшіріп алған еді ғой. Қаланың сыртынан жеке үй сатып әперген. Бұлар шалғайда оқуда жүргенде атасы дүниеден озып, енесі Мәкен балаларымен отырған. Інісі Кәдір Мұқан қызмет істейтін институтта оқушы еді. «Халық жауының туысына арамызда орын жоқ», — деп, әуелі оны оқудан шығарып тастады. Оны да ұстап кетер ме екен деп қауіптенген Мұқанның жанашыр достарының кеңесімен ол оңтүстік өңіріне дереу бой тасалап, кетіп қалды. Оқыған жастардың аз кезі, елде мұғалім тапшы. Кәрім сол жақта — Шымкент облысының Жамбыл ауданындағы бір мектепке мұғалім болып орналасады. Орныға салысымен кейінгі шешесі — Мәкенді кішкентай балаларымен қолына көшіріп алған. Олар барып жайланды.
Марғуа енді өз жағдайларының қамын өзі ойлады. Мұқанның кетіп бара жатып: «Балаларды аман сақта», — дегені құлағында тұр. Осы сөзі аманаттай, көкейінен кетпейді.
Қысылтаяңда алласы өзі қуат бергендей, Марғуа қатайып, белін бекем буды. Ерегескенде алысқа кетпекші. Бірақ қайда бармақ? Арқа төсіндегі төркінге жете алар ма? Барғанда кімге ат басын тіремек? Әке-шеше тұрған жоқ. Ол жақтағы ахуал қандай екенін кім білген? «Халық жауының» бала-шағасын кім құшақ жая қарсы алар дейсің? Ойлап-ойлап, балаларын күйеуінің туғандарына қосуды ұйғарды. Өзін де ұстап кеткендей күн туса, олар қандас, бауыр туысының қолында қалсын, — деп өзінше, бір жағы, сақсынғандағысы. «Өзің — өзекке теппес, жат — жарылқамас».
Марғуа өткен жолғыдан қалған іліп алар, жөні түзу деген заттарды шетінен сатуға кірісті. Жолдарына, балалардың ас суына қаражат керек. Өткен бағаларына беріп, әжептәуір пұлдың басын құрады. Қайнысына хабарласып, жай-күйін айтып еді:
Балаларды алып, осында жет, бір жерде болайық, — деді сөзге келместен. Күні кеше ғана бала санайтын жасөспірімді паналап, қорған тұтып барары — лайық емес сияқты. Бірақ басқа лажы жоқ.
Үш баламен поезға отырған Марғуа бір өкініш, бір үрейдің жетегінде алды бұлыңғыр, беймәлім жолға шықты. Арманына балаған Алматысын тастап, айдаһардың аузынан балапанын алып қашып бара жатқан қорғансыз ұябасар құстай сезінді өзін. Көңілі бұзылып келеді, бірақ жыламауға тас бекініп алған. Жалпыға арналған вагонда қақайып отыр. Шүпір-шүпір балалары — құдды балапан.
Әулиеатаға таң ата келіп түсті. Енесімен, қайнысымен көрісіп табысты. Қайнысына жақындау жерден үй жалдап алды. Мұқанның шаңырағын бөлек ұстап отырмақ. Бастарының бір жерге тоғысқаны мұндай оңды болар ма? Ой жобасы алдапты. Соңғы оқиғалар Кәдірді есейтіп жібергендей. Байсалды, орнықты тартып, азаматқа лайық қалып тапқан. Екі шаңырақтың ендігі бас көтерері өзі екенін ұғынып, Мұқанның үш баласының да тауқыметін өз мойнына алардай — пейілі ашық. Жүгі жеңілдеген адамдай Марғуа сонда бір «уһ» деп кең тыныстаған шығар-ау.
Жайғасып орналасып, балалары жаңа қонысқа үйреніскен соң Марғуадан тағы маза кетті. Көңілі Алматыға ауды да тұрды. Күйеуінің жай-күйін білгісі келеді. Ол жақта қалған киім-кешектерін күн суытпай тұрғанда жеткізіп алсам дейді. Балаларын әуелі құдайға, сонсоң енесіне тапсырып, Алматыға барып қайтқысы келді. Мұқан жайын ойласа, үйге сыймай кетеді. Ақыры жолға шықты.
Алматыға келіп түскенде күздің күні еңсені басқандай бұлыңғыр, ұйыған боз тұман екен. Бүркіп, майда жауын жауып тұр. Вокзалдан шығып, дағдарып біраз тұрды. Қайда бармақ? Өзінің иесіз қалған құтсыз үйіне баруға жүрегі шайлыққандай, баспайды. Марғуаның осында немерелес сіңлісі тұрушы еді. Жаяу-жалпы сол сіңлісінің үйін іздеуге шықты. Мойнына су кеткен ол көше-көшені аралап, көп жүрді. Күн бір жауса, терек екі жауып, малмандай су болған шақта ол ақыры тапты-ау.
Япыр-ай, қайдан жүрсің? Балаларың қайда? Түрің не болып кеткен? — деп, асты-үстіне түсіп жатыр.
Бәрін айтамын әлі. Өлтірмейін десең, бір шыны ыстық шайыңды берші, — деп, сылқ етіп отыра кетті.
Әрине, әрине, — деп, сіңлісі ас үйге қарай зып берді.
Ес жиып, әл шақырған соң өткендегі қағазы бойынша тергеушіге телефон соқты. Арғы жақтағы дауыс:
Түнгі сағат он екіде келіп жолық, — деп, келте қайырып, телефон тұтқасын тастай салды.
Ал, керек болса, саған. Құдайдың күні құрып қалғандай түн ішіне шақырғаны несі? Тегін емес шығар. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, тұқылынан айырыптының» кері болмаса неғылсын. Аждаһаның аранына өз аяғымен барып кіретін түрі бар. «Алла өзің жар бола гөр». «Кел» деген соң, баруы керек.
Жаңадан шүйіркелесіп табысқан туыстарымен жылап қоштасып, іңірде үйден шықты. Жолы өзіне әбден таныс болып қалған сұр үйді бетке алып, жүріп келеді. Түн салқын екен, бойы тоңазыған соң аяғын шапшаңырақ басты. Өзіне-өзі: «Мен сонша қайда асығып барамын», — деп, онысына тағы ашуланды. Екі көзге ерік беріп жылады, жанынан түңілді. Бүйтіп үреймен азаптағанша, не де болса, болары тезірек болсашы деп ширығады. Сұр үйдің батыс жақтағы есігінің алдына жетіп тоқтады. Бұл жерден кері шығамын ба, жоқ па деген ой санасын торлап алғандай. «Мұқаннан жаным артық па? Құдай өзі берген жанын өзі алады. Пенденің дегені болмайды. Құдайдың дегені болар. Басқа салғанын көремін де», — деп өзін-өзі тоқтатып, қоңырауға қол созды. Сақшы есікті ашып тергей жөнелді. Бұл тергеушінің аты-жөнін атап, жауапқа шақырғанын айтты. Сақшы біреуге телефон шалып, анықтап алды да екінші қабатқа барасың деп, өткізіп жіберді.
Алакөлеңке дәлізі мұншама ұзын болар ма? Баспалдағына жеткенше бұрма-бұралаңның нешеуінен өтті. Сатысының биігін айтсайшы. Әлсіреді ме, әлде буын-буынын үрей алып қалған ба, тізесінің шегесі ұстамай, кілтілдеп, екінші қабатқа әрең көтерілді. Айтқан бөлмесінің алдына келіп, алқынған демін басып, атқақтай соққан жүрегінің суылы тежелгенше біраз тұрды. Қолы қалтырай есігін қақты. Ар жағынан «Да» деген мығым дауыс қатты шықты. Кірсе, өткендегі тергеуші емес, басқа бір зор денелі орыс отыр. Бұл да аты-жөнін сұраудан бастады. Өткендегі сұрақтар тағы алдынан шықты. «Ленинградқа неге бардыңдар?», «Кім жіберді?», «Ол жақта күйеуің немен шұғылданды?», «Қандай жасырын ұйымға қатынасты?», «Шет елдің агентімен қашаннан бері байланысты? » «Отоба-ай!» «Қай дағы ұйым, қандай агент?» Оны Марғуа естіп, білген емес.
Марғуа әр сұраққа нақпа-нақ қысқа жауап беруге тырысты. Өткендегі тергеуден кейін іш жиып өзі де көп нәрсені түйіп қалғандай. Артық сөз айтпауға бекінді. Күйеуінің аспирантураға барғанын, сынақты ойдағыдай өткізіп, кедергісіз түскенін айтып шықты. Өздерінің орыстарын айтсам, сенімдірек болар ма екен дегендей Мұқанның аузынан естіген ұстаздарының атын атады. Оның орыс әдебиетінің тарихын зерттеп жүргенін тілге тиек етті.
Күйеуіңіз тағы немен айналысты? — деп тақымдап қояр емес.
Ғылыми жұмыспен айналысты. Оқыды...
Тергеуші кекесінмен мырс-мырс күліп:
Білеміз... Білеміз біз оның қандай ғылым екенін, — деді, көрінеу мысқылмен. Үнінде «ғылым сендердің не теңдерің?» дегендей астарлы келемеж жатқанын бұл ұғынды. Күні-түні кітаптан бас көтермейтін күйеуінің келемежденген намысы үшін Марғуа қорланғандай күйге түсті.
Сенбесеңіздер, сол жақта оқығанда жазған қағаздары, бастаған ғылыми еңбегі үйде тұр, — деді жыларман болып. Айтарын айтып алып, өз сөзінен өзі шошыды. Артық айтып жібердім бе деп тілін тістеді. Айтылған сөз — атылған оқпен бірдей. Қайтып орнына келмейді. Онсыз да ілік іздеп отырған тергеушінің қармағына өзі барып ілінгендей болғанына өкінді. Сөйтсе де сыр бермей, тастай қатып отыруға тырысты.
Тергеуші елеңдеп, құлағын тіге қалды. Тіпті қуанғандай, жүзіне масаттанған күлкі ойнап шыға келді.
Солай де... Біз оны міндетті түрде тексереміз. Мүмкін біздің іздегеніміз соның ішінен табылар... Сонымен күйеуіңнің ол жақта астыртын ұйым құрғаны рас қой? — деп қайта бастырмалата жөнелді.
Қандай ұйым? Естіген емеспін...
Қандай ұйым екенін білмей тұрған-ақ шығарсыз? — деді тағы жымысқы күлкісімен әжуалағандай.
Ешқандай ұйымды білмеймін. Менің күйеуім ондаймен айналысқан емес.
Ендеше біз білеміз. Күйеуіңіздің шет елдің жансызымен байланысы болған. Оны жоққа шығаруға тырыспай-ақ қойыңыз. Ленинградқа сол үшін барған, білдіңіз бе? Шет елге ақпар берген. Қазақстанды бөліп алып, Жапонияға сатпақ ниетпен сыбайластарымен бірігіп ұйым құрған, — деп, жан түршігерлік пәле-жаланы Мұқанның атына үйіп-төге салды.
Астапыралла! Не дейсіз? Менің күйеуім бе?.. Оның ешқандай ұйымда шатағы жоқ. Ол өзі бір, оқудан басқаны білмейтін, одан өзге ештеңеге мойын бұрмайтын біржақты адам, — дей берді ол Мұқан туралы неше жылдан бері көзі жеткен, өзі білетін шындығын айтып.
Мұқанға тағылған бұл айыптар Марғуаны қақ маңдайдан гүрзімен ұрғаннан да ауыр тиді. Есі ауғандай тұрған жерінде теңселіп кетті.
Тергеуші енді не дер екенсің дегендей бұған көзімен ішіп-жеп, тесірейіп қарайды. Марғуа жағы қарысқандай, тілсіз қалды. Одан кейінгі сұрақтарын да естімеді. Тергеуші де қолындағы қарындашпен столды тықылдатып, үнсіз біраз отырды.
Ертең сағат екіде үйіңізге адам барып сүргіштелген бөлмені ашып, қағаздармен танысады. Ол қандай қағаз екенін көреміз әлі. Ертең сол арадан табылатын болыңыз, — деді нығарлай.
Бүгінгі жауаптың осымен аяқталғанын ұққан Марғуа есікке беттеді. Құлағы шуылдап, миы зеңіп, өлі-тірінің арасында сүйретіліп, әрең шықты.
Мұқанды шет елдің жансызымен байланысқан дей ме? О, о, о сұмдық-ай! Ол соры қайнаған қашан, қай жерде жүріп, шеттің адамымен жолығысқан. Марғуаның ойы — он саққа, санасы сан саққа бөлініп келеді. Бұл — қиюы келіспейтін нәрсе. Тергеуші Мұқанды біреумен шатастырып отыр деген тоқтамға тоқтағандай. Әйтпесе, күйеуінің кітап қараудан басқа, бөгде іспен шұғылданбағаны өзіне аян ғой... Ақылға сыймайтын дүние...
Сіңлісінің үйіне жетіп, қайтадан жылап көрісті. Олар бұның аман-есен оралғанына қуанысып, жылайды ғой. Ал, Марғуаның қара тастай ауыр қайғы арқалап қайтқанын қайдам білсін?
Түнімен тағы кірпік іле алмады. Осы мен аузымдағы сөзімнен жаңылып, үлкен ағаттық жіберіп алған жоқпын ба деген ойға тіреле береді. Сол уайым өзегін өртеп, жұлынға түскен жегі құрттай жүйкесін кеміріп жатты. «Қағаздары үйде тұр» деп айтып нем бар еді? Мұның аяғы бір пәлеге апарып соқпаса, не қылсын. Мұқанның обалына қалмаса етті...
...Ол бәрінен бұрын осыдан қорықты...
...Ұзынқұлақта үрейді ұшыратын алып-қашпа сыбыр-гүбір әңгіме көп еді. Пәленбайды әйелінің көрсетуімен ұстапты. Түгенбайдың әйелі «халық жауы болған күйеуімнен бас тартамын» деп қолхат жазып беріпті, тағы біреудің әйелі куәлікке жүріпті дегендері құлағы шалып қалып жүретін. «Жасаған ием-ай, абыройсыздықтан өзің сақтай гөр». Ол сормаңдайлардың алдарынан алдын ала құрылған шырмауықтай шым-шытырық әзәзіл торға тұтылмағанын кім білсін... Тағдыры бұған қандай сый әзірлеп тұр екен...
* * *
Бүгін Марғуа сергек оянды. Кешеден бергі құйған дәрінің әсері болар, түнде көп жөтелмей, бастырылықпай да, түс те көрмей, жеңіл ұйықтап тұрды. Емнің аты — ем-ау. Көкірек тұсының қызғаны да басылғандай. Дәрігер деген ажалсызға себепші екен ғой деп ойлап қояды.
Ауруханадағы ертеңгі қарбалас шақ. Таң атар-атпастан неше дүркін келіп, қан алып кетті. Адамның қолын қайта-қайта піскілегенше, шіркіндер-ай, бәріне жетерліктей етіп, бір-ақ алмай ма екен деп, оларды сөгіп тастады. Марғуа осы күні дәрігерлердің түрі де көп пе деп қалды. Біреуі жүрек дәрігерімін деп, келесісі өкпенің маманымын деп, тағы біреуі жүйке-тамырды қараймын деп, кезек-кезек келіп, кеудесін тыңдап, шаршатып жіберді. Марғуа естімеген аурудың түрін айтып келгендері тағы бар. Бұлар сонда мені бөлшектеп-бөлшектеп қарамақ па деп күліп алды. Мұнда түскен кездегісіне қарағанда жағдайының оңалып келе жатқаны болар, көңілі сергіп, бойы жеңілдегендей. Көңіліне қуақы әзіл үйірілді.
Келгелі өзін қарап жүрген дәрігер келіншек кіріп:
Апа, қалай ұйықтадыңыз? Қан қысымы дұрысталды, жүрегіңіздің соғысы да қалыпқа түсті. Қорқыныш жоқ, — деп, қуантып тастады. Кешеден бергі білегін бунап тұрған аппаратты шешіп алды. Екі білегінің еркі өзіне тиген Марғуа байлаудан босанған бұзаудай сезінді өзін:
Құдай тілеуіңді берсін, — деп, алқата жатыр.
Орныңыздан бәрібір тұруға болмайды, апа. Көп қозғалуға әлі ерте. Кезекші медбике қасыңызда енді отырмайды, келіп-кетіп жүреді. Бір нәрсе қажет болса, мына түймені бассаңыз, біз келеміз, — деді бас жағындағы жыпырлаған көп асай-мүсейдің ішінен біреуін көрсетіп.
Марғуа оңаша қалды. Бойы сергіген соң жан-жағына зер сала қарайды ғой. Жатқан жері кең де жарық, атшаптырым бөлме екен. Төбесі биік, ауасы тынысты кеңейткендей. Терезеден қиғаш түскен күннің алғашқы сәулесі көңілге жып-жылы шуақ құйғандай, жақсы үміттерге жетелейді. Сыртқа шығып, шіркін, күншуақта отырар ма еді?! Бұлтсыз ашық аспан бүгін тым қашықтап кеткендей. Әлде, Марғуа төсекте жатқан соң солай көрінді ме? Ол атқан таңды, жаңа күнді көріп, тәубасына келіп жатыр. Осы аппақ таңды есен-сау көруге жазып, осыншама игіліктерді бұйыртқанына тәңіріне неге мың қайыра алғыс айтпасқа?!.
...Марғуа сонда, барақ үйдің бір бөлмесінде тұратын немере сіңлісін пана тұтып, жаңбырдан қорғалаған торғайдай су-су болып барып, қонған түні, сірә, осындай жағдаятқа, құрметке жетермін деп ойлап па еді? Ойлаған жоқ. Алды күмән мен күдікке толы, жақсылықтан күдер үзе бастаған ол сонда жастыққа бетін басып, ұзақ жылаған. Қазір есіне сол түсіп еді...
...Құдай жарылқайын десе, әр нәрсенің қисынын тауып, қиюын өзі келістіреді екен ғой. Оның құдіретінде шек жоқ-ау...
-6-
... Ертесіне түске таман Марғу а көңілін тоқтатып, тағдырдың салғанын көріп алмаққа бекініп, көшеге шықты. Органның адамдары баратын уақытқа қарай өзінің үйіне жақындады. Буындарынан әл кетіп, зордың күшімен тәлтіректеп, әрең келеді. Бұл тінтулері немен аяқталар екен? Үйінен не іздеп таппақшы? Бәрі — жасырын құпия, анығын білмеген соң бұғап бәрі — үрейлі. Келсе, есік ашық тұр. Кіреберісте бөтен-бөтен заттар пайда болған. Біреулер тұрып жатқан сияқты. Бұның кетерде көтере алмайтын болған соң қалдырып кеткен киім-кешектері ауыз үйдің бір бұрышында үюлі жатыр. Бұл аңырайып тұрды да қалды. Жас бала көтерген кейуана шығып, бұны көріп қайта ішке кіріп кетіп еді, барып айтқан болуы керек, үй иелері көрінді. Білетін кісілері екен. Белгілі ақынның отбасы көшіп кіргенін түсінді. Марғуаның қайта айналып келетінін ешкім күтпеген тәрізді. Бұны көріп, бәрінің көздері шарасынан шығып, тілге келе алмай, состиып-состиып тұрып қалған. Әлде, бір пәлесі жұғар деп қорықты ма, болмаса, дау-шар жасар деді ме, қабақтары түсіп кетті. Бұл да қозғала алмай, сол тұрған жерінде қаққан қазықтай қатты да қалды. Не алға өтерлік, не кейін шегініп, шығып кетерлік дәрмені жоқ.
Көпті көрген адам ғой, әуелі ақынның анасы есін жиды:
Кір, кіре ғой, қарағым, — деп жатыр. — Ішке кіргізбейсің бе? — деді баласына қатқыл сөйлеп.
Бұл ілгері қарай бір-екі қадам аттады. Ашық тұрған қонақ бөлменің есігіне жақындағанда барып, үйде қонақ барын аңғарды.
Кір, шайға отыр, — десті.
Марғуа босағаға жақын тұрған орындыққа тізе бүкті. Бір қауым адам отырған секілді. Бірақ маңдайында «халық жауының әйелі» деген қарғыс таңбасы бардай, жүзін көтеріп қарай алмайды. Стол шетінде екі иінінен дем алып, буы бұрқырап, үлкен самауыр тұр. Ақынның келіншегі шай құйып отыр. Пісіп жатқан жас еттің иісі шығады. Бейбіт күнгі өз үйінің тіршілігін еске түсіріп еді. Шаттығы шайқалмаған, ұясы бұзылмаған, бақ-береке ұйыған отбасының көрікті сәті. Ақынның әйелі отырған жерде бұл да сызылып шай құюшы еді. Баянсыз бақ, тұрлаусыз дүние-ай. Көз алды бұлдырап жүре берді. Іші алай-түлей...
Дастарқан басында қолайсыз тыныштың орнады. Марғуаның келуі — әдемі отырыстың шырқын бұзғандай. Бұл сонда, егер жердің жарығы болса, кіріп кетердей-ақ еді. Әттең... Амалы жоқ...
Кенет, әлдекім тамағын кенеп, жеңіл жөткірінгендей болды. Бұл демін ішіне тартып, қалт тына қалды. Жып-жылы үнмен:
Марғуа, шырағым, амансың ба? — деген, өзіне қаратып айтылған майда қоңыр дауысты есітті. Бірден таныды. Тек сол кісі ғана бұның атын атағанда «у» қаріпін созып, ерекше әуезбен айтушы еді. Бұл басын сәл көтеріп еді, қақ төрде отырған кемеңгер Мұхаңды — Мұхтарды сонда көрді:
Рахмет, аға. Мен аманмын ғой, ал... — деп барып, ары қарай сөйлей алмай булығып қалды.
Иә, қарағым, қайда тұрып жатырсың?
Жамбыл ауылында, — деді ақырын. Бірақ қай облыстың Жамбылы екенін ежіктеп жатпады.
Балаларың қалай, аман-есен бе?
Аманшылықта. Сол балалардың қамымен жүр едім. Мына сүргіштеп жабылған бөлмеде Мұқанның біраз киім-кешектері, кітаптары қалған. Қазір адам келіп, ашып береді, соларды алып кетуге келдім, — деді бұл жүрісінің мәнін түсіндіріп. Ал, олардың Мұқанның қағаздарын қарауға келетінін айта алмады.
Жөн, жөн...
Ғұлама адамның өзі бұның хал-жағдайын ыждағаттап сұраған соң отырғандарға да тіл біте бастағандай. Амандасқан, жөн сұрасқан болып жатыр. Бірақ олардың ешқайсысының сөзі Мұхаңның жылы пейіліндей әсер етпеді. Оның шынайы ағалық қамқор сөзі Марғуаның сол сәттегі қамкөңіл жүрегіне сары майдан да жағымды, балдан да татымды тиді.
Айтқан уақыттарында сыптығырдай екі жігіт келіп кірді. Біреуі — қазақ, біреуі — орыс екен. Бөлменің есігін ашып:
Осындағы заттардың бәрі өзіңдікі ме? — деп анықтап сұрады.
Иә, өзімдікі, — деді бұл. Бұның көзінше шкаф ішіндегі, жазу столындағы қағаздарды түгел шығарып, қарай бастады. Әр бетіне шұқшиып ұзақ қарады.
Мұқанның Ленинградта тыңдаған лекцияларынан жазған, сонда оқыған кітаптарынан түсірген жазудан, бастаған жұмысының қолжазбаларынан басқа не болушы еді? Ақтарып, ақтарып мәнді қағаз таппаса керек, олар кетуге ыңғайланды. Үйде марғасқа жазушы бастаған игі жақсылар отырғаны бұған батылдық бергендей:
Мына заттарымды өзімнің алуыма бола ма? — деп анықтап сұрап қалды.
Өзіңдікі екені рас болса, аласыз... — деп, сарт-сұрт басып, шығып кетті.
...Жайраған қағаздар мен кітаптардың ортасында жанымның аман қалғаны рас па, өтірік пе дегендей абдыраған бұл біраз тұрды. «А-а-а, құдай, бергеніңе шүкір, бұл қатердің де беті қайтқан тәрізді». Жаңағы жан алғыштай екеуі өздерімен бірге алып кетсе, қайтер еді?.. Құдайдың игені-ай... Мына кісілердің алдында масқаралап әкетіп бара жатса, өліммен тең ғой...
Әлден уақытта Мұхаң шақырып жатыр деген соң қонақтар отырған бөлмеге қайта барды.
Иә, шырағым, ол кітаптарды қайтпексің? — деп сұрады Мұхаң.
Сатып, үш балаға нанға айналдырсам деп едім...
Жөн ғой. Бірақ соны қалай істемексің? Дайын тұрған көлігің де, қолғабыс беретін адамың да жоқ қой.
Соны білмей тұрғаным, — деді бұл сасқалақтап. Шынында, ел жағын ескермеген еді. Оның бар олжасы — өзінің аман-сау қалғаны. Басқасын әлі ойлап жатпағандай.
Тоқтай тұр, тоқтай тұр, сен Марғуа. Ел емеспіз бе, бір амалын табалық, — деп, отырғандарға жағалай қараған үлкен кісі біраз ойланып қалды. Тағы да ауыр тыныштық. Бұл, біреудің құрметтеп шақырып отырған қонақтарына артық әбігер әкеліп, қарбалас жасағанына қысылып, кіріптар кейпінен жасып, төменшіктей түсті.
Мен бір кеңес айтайын, — деп барып, Мұхаң тоқтады. Жұрт тым-тырыс. Әлдегіден де өткен ұзақ өлі тыныштық орнады. Не айтар екен дегендей ақтарыла қалды бәрі. — Мен Мұқанның кітаптарын көріп едім. Ленинградта жүргенде жинаған, бәрі де құнды, бағалы еңбектер, — деді. — Мұны неге айтып отыр дегендей, жұртта үн жоқ.
Әй, Жәпек, сен осы маңайда тұратын орысы бар, қазағы бар жазушылардың бәріне телефон соқшы. Осында келсін! Мен шақырып жатыр деп айт! Келіп, мына кітаптарды көрсін. Қалағандарын сатып алсын, — дегені. Отырғандар үстерінен бір үлкен жүк түскендей:
Дұрыс... Дұрыс... — десіп, қолпаңдап, жадырап қалды.
Жазушылар үздік-создық бір-бірлеп, екі-үштен топтасып келе бастады. Мұқанның қандай күйге ұшырағанын қай-қайсысы да жақсы білетін. Сол себепті шығар, ол туралы «ләм» деп ешкім сұрамады, бір ауыз артық сөз айтылмады.
Марғуа кітаптардың бәрін шкафтан шығарып, қатарлап тізіп жатыр. Одан басқасына араласпады. Мұқанның шашылып қалған қолжазбаларын, киім-кешегін жинап, буып-түюмен әуре болып жүр. Мұхаң бұның қызыл қарын үш баласының қаражатсыз, ішіп-жемсіз отырғанын, соларға азын-аулақ пұл болса деген ниетін ғана айтқан. Қызығушылар табылды. Кітаптарға бағаны Мұхаң өзі қойды.
Кемеңгер адамның ақылы араласқан істі құдай да қолдады білем, кітаптар жөнін тауып жүре берді. Екі шкаф толы кітап ет піскенше тарап кетті.
Үлкен жүректі абзал жан:
Бәрекелді, бәрекелді. Оңды іс болды, — деп балаша қуанып, одан жиналған қаражатты жинап:
Міне, қарағым, Марғуа! Балаларыңның қажетіне жарат, айналайын, жоғалтып алма, — деп қолына ұстатты. Бұл осының бәрі өңім бе, түсім бе дегендей, әлі де сенер-сенбесін білмей толқып тұрған. Аузын ашса, алқымына тығылған өксігі ақтарыла жөнелетіндей көрініп, жылап жібермес үшін ернін тістеніп алып, көзі бал-бұлдап, үлкен кісіге ризашылыққа толы жанарымен жасқана қарады. Бұның жан толқынысын айтқызбай ұққан ұлы жазушы:
Босама, Марғуа. Құдайдың басына салғанын көресің. Берік бол. Балаларыңа аман-есен жете ғой, — деді жұмсақ үнмен. Ол кісінің көрсеткен ілтипаты, жасаған көмегі, ағалық қамқорлықпен айтқан әлгі сөздері Марғуаның жалғызсыраған, жетімсіреген, жүдеген бүгінгі көңіліне шуақ боп төгіліп, өлшеусіз жылу құйғандай. Дүние тегіс бұлардан сырт айналып кетпепті. Марғуа әуелі соны түйсінді. Үміт оты қайта тұтанғандай. Мұқанның жазықсыз екені көпке мәлім екен ғой... Әйтпесе, соншама жазушы келіп, кітабын бөліп алар ма еді...
Бәріне де алғысын жаудырып, сыртқа беттеді. Шығысымен көзінің жасын төгіп-төгіп алды... Құдайдың бұған қарасқанын қарашы. Түнімен ағат айттым-ау деп өзін-өзі іштей мүжіген сөзі, айналып келгенде, игілікке бастағандай болғанын айтсайшы?! Үзілер шегіне жеткенде үзілдірмей, төніп келе жатқан бәлекеттің бетін қайтарып, алдынан пайғамбардай кемеңгер адамды шығаруын. Пендесін жарылқайын десе, тәңірінің құдіретінде шек жоқ екен ғой. Қисынын тауып, қиюын өзі қиюластырады. Марғуа қазір соны ұқты...
Қолына қаражат түскен соң Марғуа күйеуіне тамақ кіргізуді ойлады. Бұл уақытта оның тергеуде жатқанына екінші айдың жүзі толған. Келіп білсе, құдай сәтін салғанда, бейсенбі — қабылдайтын күндері екен. Дереу базарға жүгірді. Біраз тағам, бір қабат ауыстыратын киім, тағы басқа оны-мұнысын көтеріп, белгіленген уақытына үлгеріп, артынып-тартынып жетті. Басқалардың әкелгендерін сөзсіз қабылдаған кезекші бұның күйеуінің аты-жөнін естігенде шалқасынан түссін:
Рұқсат жоқ, — деп, келте қайырды ұлтын да, жасын да айырып болмайтын өңкиген біреу. Қанша жалынып-жалбарынса да жолатар емес. Артында кезекте тұрғандар да «Уақыт алмаңыз, кедергі жасамаңыз, қабылдау мерзімі бітіп, әкелгенімізді беріп үлгермей қаламыз», — деп даурығып, сыртқа итеріп, тықсыра түсті.
Екпіндей келіп, басы тас қамалға соғылғандай болған Марғуа дағдарып ұзақ тұрды. Мұқанға қаладан кетіп бара жатқанын, балаларының амандығын, барып тоқтаған жерін айтып, құлағдар еткісі келеді. Қалай? Тергеушіге телефон соғуға жүрегі құрғыр дауаламайды. Ал, ойлансын келіп. Көз жасы әсер етпейтінін біліп тұр.
Қабылдау уақытының аяғын күтіп, сол төңіректе жүрді. Не де болса, ақырына дейін тоспақ. Жұрт әкелгендерін өткізіп бітіп, терезе алды босаған кезде қайта оралды. Алдын ала оңтайлап алған екі-үш қызылқұлақты қолына көрсете ұстап, әйнекті ақырын қақты. Ашылған терезеден кезекшінің басы қылтиды. Марғуа барынша сыпайы, ілтипатты жылы шыраймен, іш тарта сөйлеуге тырысты:
— Қымбаттым, бір жақсылық жасаңызшы. Қаладан көшіп кетіп бара жатыр едім. Енді айналып келе алмаймын. Тым болмаса, мына хат пен азын-аулақ қаражатты қолына тигізу — сізге қиынға соқпас. Байқаймын, қайырымды жан көрінесіз, — деп кезекшінің жүзіне бағдарлай қарады. Бағанағы кісімсіген түрі жоқ, бұның қолындағы қызылқұлақтарға қарап, арбалғандай көзін айырмай, тесірейе қалған екен. Марғуаның іші қылп ете түсті. Иә, сәт, қармағын балықтың қапқанын сезіп, қалтасындағы дайындап қойған қызылқұлақтың тағы бір-екеуін көрсете, елеусіз қосып қойды:
Тәңірі жарылқағыр, бір сауапты іс істеңізші.
Жан-жағына алаңдап қарап алған кезекші:
Әкелгендеріңді түгел өткіз. Бастықтарға көрсетпей, апарып берейін. Өзің жүре бер, — дегені елп етіп. Марғуаның да күткені осы еді. Оның қолына хатын, қаражатын, оны-мұнысының бәрін орауымен ұстата қойды. Терезе қайта тарс жабылды. Өзінің табанда ақыл тапқанына риза көңілмен ол арадан бойы жеңілдеп шықты. Шіркін, пұлдың бұзып-жарып өтпейтін жері болсашы?! Қалай есіне келе қалды десейші? Ол тиын-тебеннің Мұқанға жетпесі анық, оған өкініші жоқ, тек хаты мен сәлемдемесі тисе, оған да мың шүкір.
Енді Алматыда бұдан әрі аялдаудың жөні жоқ. Ауылдан шыққалы неше күн? Балалары есіне түсіп, көңілі алаңдады. Енесіне тастап кеткен Медеті ненің күйін кешіп жатыр екен. Омырауын сүт кернеп, сыздап, сырқырайды. Келгелі сауын тастап жүр еді, кешеден бері қап-қатты болып, қатып қалғаны, Қол тигізбей ауырады. Ыстығы да көтеріле бастағандай. Зордың күшімен пойызға әрең мінген ол жан азабына тән азабы қосылып, жолшыбай егіліп келеді. Мұқанның тергеуі қашан бітеді? Тергеушінің өткендегі айыптауларына қарағанда шығара қоюы неғайбыл-ау. Енді қайтып көрісе ме, жоқ па? Жаны аман қалса десейші... Бастарына айықпас қара бұлт орнағанын енді шындап ұғынғандай түрі бар...
Жамбылға құр сүлдерін арқалап келе жатқандай. Барша қуатын әлдекім сығып алып, кеудесі қаңырап бос қалғандай. Бойындағы жылуынан тоналғандай бір күй. Басы мең-зең Әйтеуір, балаларының қасына жетуі керек екенін біледі...
Балаларының есен-сау екенін көріп, көңілі орнына түс кенімен өзі мұрттай ұшып еді. Салқын қатты ұрса керек, омырауы қабынып, біресе тісі-тісіне тимей сақылдап, діріл деп тоңып, біресе күйіп-жанып, денесі от болып, өртеніп ауырсын. Басын көтере алмай жатып қалды. Қаладан дәрігер шақыртып, ем-дом жасатып, біраз емделіп, дәріленген соң беті бері қарағандай. «Ауырдым» деп керіліп-созылып жататын заман емес, төсін қатты таңып алып, басын көтерді. Қалқайып балаларының қасында отыруға жарады. Бірақ онысынан не қайыр? Сүзектен тұрғандай әлсіз. Оның үстіне төсінің сүті қайтып кетіпті. Медеті емшек сұрап, безектеп жылайды. Оны көріп, бұның жаны шығып кете жаздайды. Амал қанша? Лажсыз тамаққа үйрете бастады. Ішкен тамағы ішіне жақпады ма, бала құсып ауырсын. Өзі ауру, бала қоса ауырады.
Марғуаның ол аса бір жадау, күйзелісі көп күндері еді. Сөйтіп, емшектен ерте айырған Медеті ана сүтіне жарымаған соң ба, әлде тағамы татымсыз болды ма, шілпиіп өспей қалды. Оның үстіне, түрме мен екі арада зар еңіреп жүріп, осы балаға да емшек сүтімен бірге қайғы жұтқыздым ба деп ойлады Марғуа. Әйтпесе, неге торалмайды? Әлжуаз, қалақтай ғана, қолға алса, қаңбақтай салмағы білінбейді.
Марғуа жанбағыс қамын көп уайымдап, тығырыққа тірелгендей. Азаматының хабар-ошарсыз қамауда жатқаны — анау, тамақ сұрап шырқыраған балалары — мынау. Үш баланы қайтсем ашықтырмай, суыққа ұрындырмай, бағып-қағамын дегенде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалды. Мұқанның кітаптарын өткізіп, заңғар жазушы кісі жиыстырып берген қаражатты тастай қатып үнемдеп-ақ ұстап бағуда. Бірақ сусып кетіп барады, кетіп барады. Қашанға дейін жетер екен? Жұмысқа тұрайын десе, қолында ешбір құжаты жоқ, бәрін орғандағылар сыпырып алып қалған. Ал, күн көруі керек. Қыс болса — таяу. Балаларға қыстық азық керек. Күнкөрістің көзін іздеумен Марғуаның басы қатсын.
...Бұлардың көшіп келген жері қалаға жақын, орысы аралас ауыл еді. Марғуаға ауыл тұрмысына бейімделу онша қиын тимеді. Қазақы ғұрып қанында бар, кешегі көшпенді елден шыққан емес пе? Туғаннан малмен кезін ашқан елдің қызы күнкөрістің көзі — малда екенін бағамдады. Ойлай-ойлай, ауылда тұрған соң, мал ұстағаным жөн шығар деген тоқтамға келді. Еркек кіндік қой деп қайнысына ақыл салған. «Күтуін келістірсең, ұста», — деген. Айтуын айтқанымен бұл әрекетінен бір нәтиже шығарына пәлендей сене қоймаған секілді. Бұнысы Марғуаның намысын шапақтады. Қолдағы қаражаттың қоры үзілмей тұрғанда қарманып қалуы керек. Мұндай қомақты пұл қайтып мұның қолына түспесі хақ. Бірақ жете қояр ма екен? Ол тағы нені базарға шығаруға боларын ойлады.
Есіне түсе кеткені. Өткенде Алматыдан алып қайтқан Мұқанның киімдері бар емес пе? Ленинградтан кетерде алған Мұқанның су жаңа кәстөм-шалбары тұрған. Соны, тағы бірталай жеңіл киім-кешектерін сатуға көңілі кетті. Аман-есен оралып келсе, киім табылар. Балаларын ашықтырмауы керек. Осы ойы қуат беріп, базарға алып шықты. Қолы жүріп, өтіп-ақ кеткені. Солардан шығарған пұлын қолындағы қорына қосып есептесе, біраз қаржының басы құралыпты. Тірнектеп жинағандарының шып-шырғасын шығармай, мал базарына жөнелді. Қасына қайнысы мен Қайсарын ертіп алды. Қарап жүріп, бұзаулы сиырға кез салды. Иесі бұл жаққа жер аударылып келген көрінеді, мерзімін аяқтап Қап тауына қайтпақ екен. «Алыңыз, өкінбейсіз. Бір үйлі жанды асырайды», — дейді. Осы сөзі ұнап кетті. «Осы кісінің жолын беріп, біздің де басымыздан бұлт арылып, елге қайтуға жазсын», — деп тілеп, көп саудаласпай-ақ, сұраған пұлын төледі. Қаржысы жетті де тұрды. Өзі жетектеп, баласы айдап, базардан олжалы қайтты.
Анасы жарықтық «Жыртық үйдің құдайы бар», — деп отырушы еді. Сол шын шығар. Құдай жарылқағанда, сиыры расында сүтті жануар екен. Жақында ғана бұзаулапты. Балаларының несібесін алласы ақтан салған екен. Бұлақтай сиырдың кезігуін айтпайсың ба? Марғуаның мерейі өсіп қалды. Екі үйдің жандары ауыздары аққа тиіп, айран, сүт ішіп қарық болды. Бұл сиырын айналып-толғанып, сылап-сипаса, балалары бұзауды төңіректейді. Мал көзі ыстық, көңілге жұбаныш. Өңдеріне жылылық кірді. Әсіресе, Медеті сүт ішіп, торала бастады. Марғуаның басты қуанышы осы еді...
* * *
...Адамның кейде бір істі «осы кезінде дұрыс жасадым ау» дейтіндей, өзіне-өзі көңілі толатын шақтары болады ғой. Марғуа да «менің сондағы күтімінен, жем-шөбінің қиыншылығынан қорғанбай сиыр ұстаймын деген өжеттігім ең бір оқсатқан, оңды шаруам екен-ау» деп ойлайды қазір. Сегіз жыл сергелдеңде балаларын асыраған осы сары қасқа сиыр болды.
Кейінгі уақытта ауылда тұрып, сиыр ұстамайтын, ұстағанымен саумайтын, қатықсыз қарашай ішіп, сары майды дүкеннен сатып жейтін әйелдер бар дегенді естігенде «Астапыралла» деп жағасын ұстаған. Мал құлағы — саңырау. Сөйтсе, рас екен. Әуелі, сиыр ұстап не керек, сүтті, майды шет елден алдыртамыз дейтіндер шығыпты. «Ақтың қадірін білмейтіндер ненің қадіріне жетуші еді?» Адамды аздырса, күпірлік аздыратын шығар. Сақтаса, құдай әркімді күпірліктен сақтағай!
Марғуа әр нәрсені бір ойлап жатыр. Қасында медбике қыз жоқ бүгін. Анда-санда тіл қатысса да ермек еді. Дәрігер де бас сұқпады. Марғуаның тұрғысы келеді, бірақ басым айналып құлап қаламын ба деп қорықты. «Тұрма» десе, дәрігер бір нәр сені біліп айтқан шығар. Тағы да ұзақ сонар ой сарасын қуалайды...
Марғуаның содан тағы бір іске көңілі құласын. Сол есіне түсіп: «Өзім де қумын-ау!» — деп күліп алды...
-7-
...Ел ішінде онда сүт мәшинесінің көп таралмаған кезі. Базарда біреудің қолынан көріп, қатты қызықсын. Әйелдің көкейіне бір нәрсе түспесін, түссе болды, жетер жеріне жеткізбей тынбасы белгілі. Марғуа да үйге келісімен әшекей бұйымдарын, әйелдер қызығатын тағы біраз жылтырақтарын жиып алып, базарға жөнелді. Өткен бағасына беріп, әжептәуір қаражат тапты. Ойға алған ісін орындап, сүт мәшинесін сатып алды. Марғуаның бұлай шұғыл шешімге келуінде мән бар еді. Сиырының сүті мол, балалардың ішкенінен, шайлықтан артылғанын тартып, қаймақ-май алғысы келді. Жаңа дүние — таңсық. Әуес көріп, көршілер келе бастады. «Сүтімізді тартып бер», — деп, өтініш білдірушілер бар.
Марғуа енді көрші-қолаңның, ауыл адамдарының сүттерін тартып беретін болды. Ұдайы бір жұма тартқызса, одан кейінгі бір күннің қаймағын мәшине аңысына қалдырып кетеді. Кейбіреулері он күнде бір қалдырып отырады. Реніш жоқ. Бергендеріне — бұл риза, сүттерін ірітпей, ашытпай іс қылып алғандарына — ел риза. Қаймақты жинап-жинап, май шайқап, Марғуа базарға апарып ұнға, талқанға, бөлке нанға айырбастайды. Өстіп жүріп, қысқа жетерлік азық жинай бастады...
...Бұл пендешілік дегенді қойсайшы. Жақын тұратын көрші келіншек апта бойы шүпілдеген бір шелек сүт әкеліп тартқызып алады да, бұған беретін кезегі күні — бұзау еміп қойыпты, бірде — баласы төгіп алыпты, бірінде — сиыры теуіп жіберіп, бар сауған сүт ақтарылып қалды деген сылтау айтып, орта шелекке жетер-жетпес қана сүт әкеліп береді. Марғуа мән бермей: «Жарайды. Құдай сенсе, біз сендік» — дей салады. Қу жоқшылық адамға не істетпейді? Азаматы қасында, төрт құбыласы түгел болса, оның жұрттың сүтіне күні қарар ма еді? Бәрі де балаларының қамы ғой. Оған тіпті мән берген бұл жоқ. Ұмытып та кеткен.
...Бір күні әлгі келіншек келіп, бода-бода ағыл-тегіл жыласын.
Марғуа, сенің құдайың бар шығар. Әйтпесе, сиырым неге өледі? Сені алдағаным маған жақпады, — деп бас-аяғы жоқ бірдеңелерді айтады. Бұл аңырайып, әлдеқалай кесірім тиіп кеткен жоқ па екен деп секемденіп қалды.
Түсіндіріп айтшы. Саған не болды өзі?
Сөйтсе, сиыры қамбаға кіріп кетіп, арпа жеген бе, іші кеуіп, арам өліп қалыпты. Соны айтып отыр екен. Мұны естігенде Марғуа жеңілдеп:
Тү-у. Соған да жылайсың ба? — деді көңілі орнына түсіп. Жаманат малға-ақ көрінсін. Бастарың аман болса, мал құралар.
Кешірші, саған ылғи қараулық жасаушы едім. Назаңа қалдым ба? Әлде қарғадың ба? Сен де бала ұстап отырсың ғой, дегені. Марғуа мұны естіп, түтігіп кетті:
Не айтып отырсың, өзің?! Сиырыңның арам өлгенін әуелі менен көрейін дедің бе? Одан да жөндеп қарамадың ба?
Ол мұндай қорланбас. Аузына тіпті бетін қайтаратын жөндем сөз түспей қалды.
Жо-жоқ... «Кештім» дей салшы. Өзімнің көңіліме келгені ғой... Сиырымның шығасыға көрінгенін қарашы...
Қой әрі. Қарғап не көрініпті маған, — деді Марғуа мына абыройсыз әңгімеден жаны жаси. Бұның жағдайы кімге кінә артқандай? Ешкіммен тәжікелесуге құлқы жоқ. Әлгі әңгімеден көңілінде бір кір қалғандай, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады
...Қысылып-қымтырылып қыстан да шықты.
Оңтүстікке көктем ерте келеді екен. Жылт етіп көктем күш туысымен қыстайғы бұйығы ауыл ұйқыдан оянғандай күрт серпіліп, дүр көтеріліп сыртқа шығып кеткендей, қыбырлағам тіршілік басталды. Жер шұқылап жатқан жұрт. Марғуа бәріне зер сала қарады. Орыс әйелдерінің ішінде таныс-біліс болып қалғандары бар. Солардан көргенін үйреніп, бұл да жерге жабысты. Үй маңының топырағын қайнысына аудартып, көк сөк, балалар жұлып жеуге жарайтын оны-мұны отырғызды. Марғуаның бар ойлағаны — балалары ертең өзгелердің бақшасына көзін сатып, телмірмесін деген әрекет қой. Әйтпесе, бұрын бақша егіп кім көріпті? Өзіне де, қолғанатқа жарап қалған Қайсарына да жаңа жұмыс табылды. Алақандай бақшасын суарады, шөптейді. Әрі ермек, әрі еңбек. Балалары да ауыл тірлігіне әбден мойынсұнды. Бұзау бағады, кешке өрістен қайтқан сиырдың алдынан шығады. Еккендері көгеріп, қылтиып-қылтиып, өніп шықты. Көзге қуаныш. Марғуа жатса да, тұрса да елінен, жерінен айналайын, Әулиеата десе дегендей, береке дарыған, құт қонған жер екен деп, жаңа қопысын ризашылықпен алқатумен болады. Малдың тісі көкке ілінісімен елдің еріні аққа тиіп, жетісіп қалды. Марғуа ауылдың сүтін тартатын кәсібіне қайта кірісті...
Марғуа сырт көзге күліп жүргендей болып көрінгенімен, қабағында айықпайтын мұңы, жүрегінде қара тастай топтанған уайымы бар. Сол уайым еңсесін бір көтертпейді. Мұқанның ұсталғанына қаншама уақыт болды. Жай-күйінің анық хабарын біле алмайды. Қыста бір дүркін тамақ кіргізейін деп барып еді, Семей жаққа ауыстырылғанын ғана білді. Соны естіп «аһ» ұрып қалды. Қыс ішінде Семейдің қай жерінен іздемек? Әйтеуір, жаманаттан аман екен ғой деп, бір жағы өзін жұбатқан. Көңілі құлазып, жүрегі сыздай береді. Тек шыбын жаны тірі болса игі еді деп тілеуін тілейді. Тырс еткен хабар жоқ.
Қайнысына да қыңқылдай береді:
Көзің ашық қой, ағаңның жайын сұрастырмайсың ба? — деп қайта-қайта базына айтады.
Оқу жылы аяқталып, мектепте сабақ бітсін, сонда Семейге барып келемін, — деп, ол жұбатқан болады.
Марғуа сары уайыммен іштен тынып жүрген күндердің бірінде Мұқаннан хаты келмесі бар ма? Міне, қуаныш! Марғуаның күпті көңілі көптен күткен ақжолтай үміттің хабаршысындай болып жетті ғой. Күйеуінің қолын бірден таныды. Көзіне ыстық көрініп барады. Алып, ашпас бұрын әуелі бетіне басты. Көзінің жасы моншақтап кетті.
Хатында өзі туралы сөз аз. Семей түрмесіне әкелгені рас екен. Мұнда да ұзақ, ұстамайтын шығар деп қана кетіпті. Балалардың жағдайын көп сұрапты. Келемін деп әуре болма. Балалардың қасынан шықпа, денсаулықтарына қара деп қайта-қайта жазыпты. Соған қарағанда, балажан еді, әбден сағынған екен. Қолдың тамағын аңсаймын, мүмкін болса, азын-аулақ үйдің дәмін салып жіберсең деп, жатқан жерінің мекен-жайын көрсетіпті.
Мұқанның хаты Марғуаны шала-жансардай болып жүрген сүлесоқ күйінен демде сергітіп, күш-қуат қосқандай: жігерленіп, жайраңдап, құлшынып шыға келді. Қаймақ-майын сатып, тиын-тебен жинастырды. Былтырғыдан қалған кепкен қызыл ірімшік,құрт, жентін арқалап Алматыға аттанды Ол жақтан ақшаға адамның жанынан басқаның бәрін табуға болатынын біледі. Ысталған шұжық, қалбырдағы ет, балық уылдырық секілді бұзылмайтын тамақтардың бірсыпырасын алып, орталық байланыс үйіне жетті. Қалыпты сегіз килограммдық жәшікті толтыра салып жіберді. Одан артық рұқсат етілмейді екен. Марғуаның өзінің қуанышында шек жоқ. Осы жібергендері қолына тисе, құдай қосқан қосағының аузының дәмін алып, көңілі бір бүрленері сөзсіз. Бұйыртып жеткізсін! Азаматының бір қуанғанынан садаға болып, айналып қана кетпей ме, Марғуа?!
Мұқанның есен-саулығынан хабар алу — Марғуаның бірсарынды тіршілігіне қан жүргізіп, ажар кіргізгендей. Ширап сала берді. Алды жаз, берекесін берсе, балалары ішіп-жемнен тарықпас. Сары қасқа сиыры мен сүт мәшинесі аман болса, ала жаздай еңбектеніп, балаларының үсті-басын, аяқтарым бүтіндеп алуды ойлап жүр. Ойын баласы емес пе, аяң киімге шыдас бермей жатыр.
Шын тілесең, тілеуіңді тәңірі қабыл етеді деуші еді үлкендер. Марғуа соған тағы бір көз жеткізгендей. Арада айға жуық уақыт өткенде Мұқанның екінші хаты келіп тұр. «...Жіберген дәм-тұзыңды алдым. Үйдің ауасын, қолыңның жылуын сезігендей болып қалдым. Әсіресе, таңдайға салсаң еріп жүре беретін жентің қандай дәмді еді. Мені сегіз жылға кесіп, Сібірге жөнелткелі жатыр. Ендігі хатты барған жерімнен жазармын. Аман-есен көрісуге жазсын. Балалардың беттерінен сүйдім», — депті. Марғуа жіберген дәмдерінің дәл алыс сапар алдында қолына тигеніне іштей мың шүкіршілік айтса да, сегіз жыл дегенді естіп, төбеден ұрғандай отырып қалды. Жүрегі қан жылап жүре берді. Сегіз жыл... Оған дейін кім бар, кім жоқ? Тағы уайым басты.
Енесі мен қайнысы екі жақтап жұбатып, ақылға келуге шақырды. Марғуа еш нәрсені естімейтіндей, меңірейген қалпы.
Сегіз жыл деген не, тәйірі? Алтын басы аман болса, өте шығады.
Кебенек киген келеді, кебін кигеннен сақтасын...
Мұқан аман-сау оралған соң, әлі бір күнгідей болмай, өте шыққан дүние дерсің...
Иншалла! Иншалла! Айтқандарың келіп, соған жазсын...
Иә-ау десейші... Марғуа үшін Мұқан әйтеуір жер басып, тірі жүрсе болғаны ғой. Қайда жүрсе де алла амандығын берсін... Тілеуін тілегеннен басқа жасар амалы, көрсетер қайраны бар ма?..
* * *
Сегіз жыл... Ол айтарға ғана оңай екен деп ойлайды қазір Марғуа. Оның қандайлығын бір білсе, Марғуа білер. Күндіз таңның атысынан күннің батысына дейін бел жазбай, қызылшаның басында жүріп, түнді сарғайған сары уайыммен көз ілмей өткізетін кездері бар Марғуаға ол тұтастай ғұмырмен пара-пар еді. Тұтас ғұмыр болмағанымен, соның бір үзігі. Жастықтың ең бал шырынын татар шақтарында, нағыз жар қызығын көріп, бала қылығын қуаныштар кезінде екеуінің екі жақта жан күйзелісін тартып, жылап-сықтап жүргені кімге керек болыпты? Табиғатқа сүйенсе, осы әділеттілік пе? Оны кім еске алып жатыпты? Толып кеткен «халық жауынан» арылу керек болған. Марғуаның жаңғырған жады сондағы көрген кептерін жіпке тізгендей, қаз-қалпында көз алдына алып келгені. Рәсуа болған жастық. Күнкөрістің қамымен ертеден күні кешке дейін тепеңдеген қара жұмыс. Зая кеткен қайран жылдар!.. Оның сұрауы кімнен? Обалы кімге? Мың ойланып, жүз толғанса да Марғуа оған жауап таппайды ғой. Маңдайына ажырамастай болып жабысқан «халық жауының әйелі» деген аттан жаси өзінің төменшіктеп, бұғынып күн кешкенін, балаларының «халық жауының балалары» деген атпен өскенін ойлағанда, бір орында байыз тауып отыра алмай кетеді. Міне, қазір де Марғуаның есіне көп нәрселер оралып жатыр. Күні кешегідей елес беріп, жанды суреттей тіріліп жүре берді. Қанша ұмытайыншы-ақ дегенмен де ұмытылмастай із тастаған сәттер болады екен-ау...
...Сол бір шақта әділетсіздік дегенді өз басы да көп сезінгендей еді.
-8-
Бұның өзінше ақыл таптым, балаларымның ішіп-жеміп адалынан айырып отырмын дегені жамағат пен әлеуметке жақпапты. Кеңес адамына жат қылып болып шығыпты. Қолындағы қаймақ-майын қалаға апарып тоқаш пен ақ бөлкеге — айырбастағаны — алыпсатарлық деген пәле екен. Оны кім біліпті? Айтып-айтпай не керек, бұның жасап жүрген тірлігінің бәрі қоғамға қайшы келеді екен. Қырағы көз әлдекім тиісті орынған жеткізген. Құдай салмасын, ауданнан бірнеше адам тексеруге келсін. Мұны кеңсеге шақыртып, жиналысқа салмасы бар ма? Бұның істеп жүргені социализм құрылысшыларына залалын тигізер зиянды әрекет екенін айтып, бетіне басты.
Бұны кеңсеге шақыртқаннан-ақ үй-іші үрпиісіп қалды. Әсіресе енесінен ес кетті. Бір жайсыздықты әуелі сол кісі аңғарған секілді. Марғуаның «халық жауының әйелі» екені белгілі. Жұрттың сүтін тартып беріп, жүрек жалғарлық бірдеңе айыратыны бар. Қаймақ-майының балалардан артылғанын базарға апарып, шай-суандық тиын табатыны жасырын емес. Ауылда бәрі көз алдында емес пе? Жалтаратын жағдайы жоқ. Марғуа қолының ұсынақтылығына кінәлі болыпты. Ауданнан келген уәкіл бұның «кінәларын» сөз ете келіп, жас балалары болғандықтан қатаң шара қолданбай, ескертумен шектелетінін айтты. Бірақ сүт мәшинесін тәркілеп алып кетті. «Кедейдің аузы асқа тисе, соры қоса табадының» кері келді. Дау айтарлық құңы жоқ, дымы құрып, іштен тынып қала берді. Сиырын қоса алып кетпегеніне шүкіршілік.
Бұл тексерістің төркіні алыста жатқанын, бұның да басқан қадамы сыртынан бақылауда екенін артынан барып аңдады. Әйтпесе, жұрттың сүтін тартып бергеннің несі бар еді? Сүт мәшинесінен ажырап қалғанына іші удай ашыды.
Қайнысы бұрқылдап, ұрсып жүр:
Сен тым белсенділігіңді қой. Осы күнімізге зар болып қалмайық, — десе, енесі екінші жағынан:
Енді өзіңді алып кетпесін десең, базаға шықпашы, — деп, құдайдың зарын қылады.
Балаларының тамағы өзінен-өзі табылып тұрса, Марғуаның базарға шығып несі бар? Отының басында, ошағының қасында отырмас па? Ондай атты күн қайда? Кебеженің түбі тықырлана бастаса, Марғуадан маза қашады. Ұябасар ұшып келе жатқанда, балапандары шиқылдап, ауыздарын ашпаушы ма еді? Сонда енесі тұмсығымен тістеп алған жемін солардың аузына тоспаушы ма еді? Өзінің қолына қараған балаларына тамақтан өтерлік бір нәрсе тауып бере алмаса, құс екеш құс құрлы болмағаны ма? Марғуа бәрібір үйде қарап отыра алмайды екен. «Халық жауының балалары» аштан қатсын деген заң жоқ шығар деп бұрқылдайды, бұлқынады. Бірақ, қолдан келер қайраны жоқ. Бірде тар, бірде жоқ қоңторғай тірлікке мойынсұнғандай.
Өстіп, ойламаған жерден кінәлі атанып, жігері жасып жүрген күндері алласы өзі жол ашқандай. Оңтүстік өлкесі Шымкент, Жамбыл болып, екі облысқа бөлінді. Бұлар тұрған жер, болсадағы Жамбылға қарады. Бұрын айналыспаған кәсіп ашылып, бұлар тұратын өңірге жаппай қант қызылшасы деген дақыл егілетін болыпты. Оның қол жұмысына ауыл әйелдері тегіс жұмылдырылды. «Тәуекел», — деп, қайратына мінген Марғуа, балаларын енесіне қалдырып, көппен бірге қызылша егістігіне жұмысқа шықты. Бұл уақытта жаңадан үйленген қайнысы Кәдір отау шығып, басқа ауылға мұғалім болып ауысып кеткен. Марғуа уақ баласымен енесін өз қолына көшіріп алды. Балалардың жастары қарайлас. Ұялас күшіктей қойындасып бірге жатып, бірге тұрады. Екі үйдің жандары осылайша бір өзіне қарап қалды.
Қызылша науқаны кезінде қол күшін көп керек етеді екен. «Халық жауының әйелісің, жұмыс істеме», — деген ешкім болмады. Осыған тәуба деген жайы бар. Қолы қимылдаған адамның ерте ме, кеш пе аузы қимылдайтын уақыты да болары анық. Еңбеккүнге балаларға талғажау боларлық бірдеңе жазылады. Дәтке — қуат дүние...
Жабыққан көңілге демеу беріп, Мұқаннан хат келе бастады. Сібірдің бір қиян түкпіріне апарса керек. Хаты ұзақ жүріпті. Күйеуінің тіршілігінен хабар алып, еңсесі көтеріліп қалды. Өкімет хат жазысуларын да шектеп қойыпты. Мұқаннан айына бір хат келеді, бұларға да айына бір хат салуға рұқсат! Мұқаннан хат келген сайын үйде үлкен қуаныш. Ол хатында өз амандығын бір ауыз сөзбен ғана айтып өтеді. Басы артық нәрсе жаздырмайтын сияқты. Оның есесіне бұлардың жай-күйін көбірек сұрайды. Балалардың қылығын кеңінен жазуын өтінеді. Атап-атап сәлем жолдайды. Отыра қалып, жауап жазады. Бұның хатын да қайнысы аузын бекітпей, бір жерге апарып тапсырады. Сол арада тексеруден өткен соң аузын желімдеп, өздері жіберетін көрінеді. Бұлар оған да пейілді. үздік-создық болса да амандығын біліп тұрғанға не жетсін?!
Тіршіліктері бірқалыпты ырғаққа түскен сыңайлы. Сары қасқа сиырдың балаларды ашықтырмайтын түрі бар. Балалардың ішкенінен артылғанын енді енесі базарға апарып келеді. Жиналған пұлға бұзылмайтын азын-аулақ азық алып, анда санда болса да аузының дәмін алсыншы деп, Мұқанға салып жібереді. Марғуа үйдің де, колхоздың да жұмысын дөңгелентіп алып кетті. Қайтсем, бір дәнді екі етемін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргені. Барға да, жоққа да көндіккен бастары біреуден ілгері, біреуден кейін күн кешіп жүріп жатты. Күн санайды, ай санайды, жыл санайды. Сегіз жыл өтіп болмайтындай көрінеді...
Өстіп жүргендерінде кенет «соғыс басталыпты» деген суық хабар бұрқ ете түсті. Ауыл реңі күрт өзгерді. Ер азаматтар жаппай майданға аттанды. Қызылша жинау науқанының қызған шағында әйелдердің мойнына ауыр жүк түсті. Таңның атысынан күннің батысына дейін қызылшаның басында. Қона жатып та істеген күні болды. Тамақ шіркін шұғыл қымбаттап шыға келді. Бірте-бірте мүлде жоғалды. Нанды адам басына есептеп, карточкамен беретін күн туды. «Халық жауының отбасы» деген желеумен бұларға басқаларға қарағанда нан екі есе кем беріледі. Бұл теңсіздікке де қарсы дау айтар шарасы жоқ Марғуа іштен тынады. «Халық жауының балаларының» тамағы жоқ па екен? Салқын қабақ, алагөз биліктің сызы сезіледі. Келе-келе нанды жұмыскер қолына есептеп беруге көшті. Марғуаның бір өзіне тиесілі нан екі үйлі жанға қалай жетсін? Бір әйелдің табысына қараған күн не болсын? Марғуа тағы тығырыққа тірелгендей. Қайтпек керек?
Тәңірінің өзі көкірегіне ой түсіргені шығар, енесінің де атынан өтініш жазып, жұмысқа кіргізді. Көктемде Марғуа екі кісінің есебіне егістік жер алып, қызылша екті. Атыз қазып, су жіберді. Сол жылы бұның қызылшасы, айтары жоқ, бітік шықпасы бар ма? Колхозға өнімін жоспардан екі-үш есе артығымен құйды. Қызылшаның сабағымен жинағанда қалған қалдығы сиырға таптырмайтын азық екен. Марғуа үй-ішін де, сиырын да асыраған, құдайдың бұларға жіберген несібесі — алтын томарға риза еді. Ол кезде қызылшаны солай атайтын. Жер өнімі күтімге өседі ғой. Қант қызылшасының күтімін бір адамдай меңгеріп алды. Шөптеген кезде алдына жан салмайды. Өзі құралпы келіншектердің ортасында, олар күлсе күліп, олар жыласа бірге жылап, «Көппен көрген — ұлы той» деп, күн кешіп жүрген Марғуаның сырлас-мұңдастары да аз емес. Әркімнің қасында бар жағдай, әркімнің өз қайғысы өзінде. Жыртылған көйлектерін жамап алып, қамыққан көңілдерінің шерін көз жасымен тарқатып, соғыста кеткен өштерін жұмыстан алып, қара жерге кетпендерін құлаштай сермеседі.
Қолғанатқа жараған Қайсары түске таман сусын әкеледі. Енесі кейде айран, кейде шалап, кейде езген қатық, кейде арпаның талқанын қосқан ашыған көже беріп жібереді. Келіншектермен қылдай бөлісіп ішіп алады. Таңдайларында тек дәм ғана қалады. Енесі асқа бапты еді. Қолы да берекелі. Жалғыз сиырдың сүтінен бригададағыларға тегіс жететіндей көл-көсір сусын дайындайды. Өзектері талған шақта әрі сусын, әрі ас, ыстықта кепкен сарайлары ашылып жүре береді...
Енесі Марғуаның қолына көшіп келген соң:
Айналып қана кетейін, мені енем демей, үлкен әпкем еді дей салшы мына жұртқа. Әйтпесе, келінімен жарысып туған бұл өзі неғылған ене деп күлер. Мен, шалымның қартайғанда алған жас тоқалы екенімді қайдан білсін? — дейтін қалжың-шыны аралас. Расында да, енесінің кіші балаларымен бұның үлкен балалары жас жағынан шамалас еді. Марғуа мен енесі шынында да, апалы-сіңлілідей тату, сыйластықпен тұрды. Бұл өзі жұмысқа шыққалы үйге, балаларына қарауға мұршасы жоқ. Олардың ауырмай-сырқамай, отқа-суға түсіп кетпей өсіп келе жатқаны — енесінің арқасы ғой. Бір-біріне сүйеу. Мұқанның дәм-тұзы таусылмаса, бір келер деген үміт дүниесі екеуін алға жетелейді. Марғуа екі адамның жұмысын атқарып, колхозға қызылшадан екі адамның өнімін құяды. Соған қарай жыл аяғында еңбеккүнге бұйырған несібесі ауыздарына тиеді.
Соғыс басталған жылы Қайсары мектепке барған. Баласы оқуға ынталы зерек бала болып шықты. Марғуаға ол да қуаныш. Араға жыл аралатып Жігері оқыды. Екеуінің егіз қозыдай томпаңдап оқуға кетіп бара жатқанын көріп, көңілі марқаятын. Еңсені езген соғыс уақытының сирек қуаныштары болушы еді. Марғуаға соның бірі — Мұқаннан келетін хаттар болса, екіншісі — балапандарының сыныптан сыныпқа үздік көшулері еді. Қанаттанып, жетіліп келе жатқаны — көңілге медеу. Жүріс-тұрыстары мен қимыл-қозғалыстары әкелерінен аумайтын. Сәт сайын күйеуін еске салып, сағынышын арттыра түскендей. Мұқан тезірек оралып, осылардың мектепке барғандарын өз көзімен көретін күн болар ма екен деп арман қылады
Құдайдың бұларға тағы бір қарасқаны болар, қайнысы Кәдір майданға бармай қалды. Жастайынан өкпесі ауыратын еді, соған байланысты ақ билет беріп, мектепке директор етіп жіберді. Соғыс уақытында бір жерде ұзақ тұрғызбай, жиі ауыстырып отыратын. Қайда ауысса да бұлардан қол үзбеді. Балалардың оқуға қажет құрал-жабдығы, кітап-дәптері, қалам-қарындашы, сия сауытына дейін соның мойнында. Анда-санда қалай оқып жүргендерін келіп тексеріп кетеді. Еркек балаларға алдында ағасы бар деген — айбын. Сабақтарына салақси бастаса, Марғуа балаларын ағаларыңа айтамын деп қорқытады...
Үдей соққан сойқан дауылдай бір-бір үйдің тірегі — ортан қолдай азаматтарын жұлып-жұлып әкетіп, жалмап-жұтып, күндей күркіреп соғыс та өтті. Жеңіс күніне жетіп, ел еңсесін көтерді. Көппен бірге бұлар да қуанысты. Ел — аман, дүние тыныш болсыншы. Бірлі-жарым азаматтар майданнан оралып, ұзақ күттірген қуаныш әр жерден бой көрсетеді. Азаматтары келіп, отбасы толып, көңілдері шаттанған жұртқа шырай кіре бастағандай. Әйелдерді ауыр қол жұмысынан босатты. Біздің бас иеміз қашан келер екен деп, екі көзі төрт болған Марғуа күн санап жүргені. Оның әлі босаңсып, жұмыстан қол үзетін жайы жоқ. Балалары өскен сайын, олардың тамағы да, киімі де өсуде. Табыс керек. Көзінің жасын ешкімге көрсетпестен төгіп алып, бұрынғысынша кетпенін иығына салып, қызылша егістігіне қарай кетіп бара жатқаны. Көп арасында, бір уақыт жалғыздығы ұмытылатындай. Күні — айға, айы — жылға жалғасқан жалғыздық...
* * *
Неше күннен бері оңаша жатқандікі ме, ойы өткен-кеткенді шиырлай-шиырлай шаршап, ақыры өзіне айналып келіп тіреле береді. «Япырым-ай, сондағы қажыр-қайратым-ай!» — деп ойлады Марғуа қазір. Ол екі қолын сәл көтеріп, білегіне көз салып қойды. Еті қашып, терісі қатпарланып, сүйегіне қабысқан мына білектің өзінікі екеніне сенгісі келмегендей, қайта-қайта сипалай береді. Кетпен шауып жүргенде екі қарының бұлшық етіне қол батпаушы еді. Жас уақтағы қайран жігер-күш-ай! Марғуа қандай шаруаны қолға алмасын, жанын аямай құлшына кірісетін. Оның үстіне топты бала, бір үйлі жан жалғыз өзіне қарап отырса қайтсін! Өзі құралпы келіншектердің арасында қызылшадан ең бітік өнім алғаны — осы білектің күші еді ғой. Оған қазір кім сенеді? Зая кеткен есіл еңбек. «Астапыралла. Мен не деп кеттім өзі?» Марғуа бұлай десем, оным асылық болар деп ойлады жалма-жан. Тапқанын балаларының таңдайына салды. Өлместің күнін көріп, жүрек жалғады. «Халық жауының отбасы» көппен бірдей жан бақты. Ол — аз олжа ма? Солай десе-дағы, Марғуаның көңілінде қалған дық бардай. Ұмытылмай жүргені содан да шығар...
...Баяғыда өткен дүниенің есіне түсуін қарашы.
Тү-у-у, қайдағы-жайдағы нәрсе есіме қайдан түсіп еді? Көр-жөрді теріп, маған не көрінді? — деп, Марғуа өзіне-өзі кейіп алды.
Апа, халіңіз қалай? Еміңіз дұрыс болып жатыр ма? — деп, бір топ ақ халаттылар кіріп келгенде өз ойымен өзі тым, тым алысқа кеткен Марғуа қапелімде селк ете түсті. Келген дәрігерлердің бірі жүрегін тыңдап, тамырын ұстап, қан қысымын өлшеп, біраз әуреледі.
Сізді көпшілік бөлімге ауыстырамыз. Бұл арада бұдан артық ұстай алмаймыз. Оған мұқтаждықты мен көріп тұрған жоқпын. Келгендегіге қарағанда көп оңалып қалыпсыз. Ауыстыруға қарсы емессіз ғой, — деп біреуі бастырмалата бұны сөзге тартты.
Айналайындар, емдеріңе разымын. Бірден үйіме шығарсаңдар тіпті оңды болар еді.
Жоқ, апа! Біз қолымызға түскен адамды оңайшылықпен жібермейміз. Ең аз дегенде он-он екі күн ем аласыз...
Солай ма еді?
Солай, апа! Бөлімде де күтіміңіз жаман болмайды. Барып қарап тұрамыз.
Бұның жанына жақын келген емдеуші дәрігері:
Апа, бұл кісі осы аурухананың бас дәрігері, — деп таныстырды.
Бастық болса болар. Дауысы — мығым, сөзі — нық. Өзіне-өзі сенімді адамның сойы бар екен деп ойлады бұл.
Рахмет, қарақтарым! Жақсылықтарың алладан қайтсын! Құдай тілеулеріңді берсін!
Апа, бәрін құдайға қарай сілтей бермеңіз. Біз өзіңізден дәме қыламыз. Тым болмаса, тоқсанымды тойлаған тойыма келіңдер деңізші. Тоқсанның сарқытынан ырым етіп, ауыз тисек деген біздің де үмітіміз бар, — деп, бас дәрігер өзі де күліп, төңірегіндегілерді де жадыратып тастады.
Айтқандарың келсін. Дегендеріңе жетіңдер. Сол күнді құдай көруге жазсын...
«Жақсы сөз — жарым ырыс». Марғуаның көңілі көтеріліп қалды.
Олар қалай дүркірей кірсе, солай ұшқан құстай дүр етіп, шыға жөнелді.
Іле-шала сүйреткен арбасы бар бір қыз келіп тұр:
Апа, мынаған отырыңыз. Мен сізді екінші қабатқа көшіруге келдім, — дейді тықылдап.
Алла, қарағым-ай, андағы арбаңа отырмай-ақ қояйыншы. Қолтығымнан демесең өзім де жүре аламын ғой.
Болмайды, апа! Дәрігерлер көріп қойса, маған ұрсады, деп, қоярда қоймай Марғуаны арбаға отырғызып, зырылдатып ала жөнелді.
Ақырын жүрші, жаным... Ит қуып келе жатқан жоқ қой.
Бұны әкеліп екі кісілік палатаға жайғастырды. Арбадан еппен түсіріп, төсегіне жатқызған әлгі қыз:
Дәрігер келіп қарағанша орныңыздан тұрмаңыз. Ары қарайғысын өзі айтады, — деп қайта-қайта қайталап кетті. Тұрғанда бұл қайда барады екен?
Жаңағы, арбаға түсіп-шыққан аз қимылға жүрегі құрғыр алқынып қалғандай, атқақтай соғады. Марғуа көзін жұмып, жүрегінің қаққаны басылғанша қыбырсыз жатты. Ауруханаға соңғы рет қашан түскенін есіне алды. Отағасы қайтқан жылы болуы керек. Содан бері де біраз уақыт өтіпті-ау. Балалары дәрігерге апарайық десе, қашқақтайтын қашанғы әдеті. Осы жолы қолдарына мықтап түскен түрі бар. Оңайлықпен шығармасы белгілі. Несі бар, емдерін түгел алып көрейін, содан бір нәтиже шықса, — деп оқталды. Жанының тәттілігін ойлағандықтан емес, үйге барған соң қайта ауырып, балаларын тағы әуре-сарсаңға салмайтындай сақайып шықсам дегені ғой.
...Марғуа ауруханада жатқанды ежелден жақтырмаушы еді. Оның мұнда кей-кейде өзін қоярға жер таппай кететін кездері болады. Неден екенін еш ұқпайды. Түске дейін дәрігер қарайды, медбике неше кіріп, дүркін-дүркін ине салады. Арасында көңіл сұраушылар келіп-кетіп жатады. Әйтеуір, зерігуге қол тимейді. Күннің қалай өткенін білмей де қалады. Ал, қалай іңір түседі, солай уақыт табандап тұрып қалғандай жылжымайды ғой. Содан бұның мазасы кетеді. Кеші — түнге, түні — таңға ұласып, кірпік ілмей шығатын кездері бар. Бүгін де дегбірі қаша бастағандай. Бұл, сірә, жаңа орынға ауысқанымнан шығар деп долбарлады. Ұйқысы қашқан жанға ой ғана серік екен...
Қасындағы екінші төсектің иесі — жастау келіншек екен. Палатада болғанынан сыртта жүргені көп пе деп қалды. Емін алысымен киініп, тайып тұрады. Өлмелі кемпір деп бұны жақтырмай, сырттап жүрсе де өзі біледі. Марғуаның да қазір әлдебіреумен әңгімелесіп, шүйіркелесе кетерліктей зауқы жоқ. Ол бағанағы үзілген ойының жүйесіне түсіп, суыртпақтап тарқата берді...
-9-
Ел бейбіт тіршілікке көшіп, қисайған шаруасы түзеле бастаған шақта жамағатты дүрліктірген жағымды жаңалық болып еді. Бұнымен қатар жүріп, бірге жұмыс істеген қыз-келіншектердің арасынан бірнешеуіне Еңбек Ері деген дабырайған атақ беріп, өңірлеріне жарқыратып Алтын жұлдыз қадады. Төгілген маңдай терінің еленгені деген, міне, осы шығар! Соғыс уақытындағы бел жазбаған еңбектің өтеуінің қайтқаны да осы болар. Ел-жұрт тегіс қуанысты. Марғуа да көңілінде алалық жоқ — арқа-жарқа қуаныш үстінде солармен бірге. Ол осы жылдары өзін көптің біріндей, баршасымен өзін теңдей сезініп қалып еді. Бірақ олай емес екен...
Аузы жеңіл әлдебіреулер:
Атаққа ұсынылғандардың арасында Марғуа да бар екен Көрсеткіші көбісінен жоғары бола тұра «халық жауыным әйелі» деп өткізбеген көрінеді, — деген қитұрқы сөздің шетін шығарыпты. Ұсынылғаны — әлде өтірік, әлде рас. Қыздырманың қызыл тілі күйдірмекке әдейіге айтса да өзі біледі. Ел ішінде сөз жата ма? Бірден бірге тарайды. Оны жерден жеті қоян тапқандай көңірсітіп, көршісі айтып келді. Марғуаның мұндай жанына тиер қыжылды естімегені жөн еді. Естігеніне өкінді. Ол атақ ала алмағанына емес, бөгде жұрттың көлденең қысыр әңгімелеріне тұздың болғанына күйінеді ғой. Соңғы уақытта соғыс қиыншылығы тұсында қаперге көп алынбай, тіпті, естен шыға бастаған «халық жауының әйелі» деген бетке шіркеу аты өзін қапысыз, жаңылмай қайта тапқанына жаны жасып-ақ қалды.
Бұл жымысқы сөздің шығуы тегіннен-тегін емес еді. Мұның астарында Марғуа өзі ғана білетін тағы бір зымиян тор жатқан. Науқан уақытында облыстан, ауданнан уәкіл деген күн құрғатпай шұбырып келіп жүретін. Ауданнан келгені қызылша жиналып біткенше егіс басынан шықпайтын. Басқа жұмысы жоқ па, үнемі қатын-қалашты төңіректеп жүргені. Өзі соғыста бір қолынан айрылып қайтқан егде солдат екен. Тілі майда. Марғуаның жинаған алтын тамырына риза көңілмен, мақтап қояды. Егістікте жан алып, жан беріп, ақ тер, көк тер болып жүрген жалғыз бұл емес-ті. Бұны бөле-жара мақтағанын жақтырмаған. Бұл сонша көзге түсейін деп жүр ме еді? Мақтанға зәру ме екен? Бәрі майдан үшін десе де Марғуаны жанбағыс пен үш баланың қамы ғой үйде отырғызбайтын. Әкелерін айдатып жіберіп, шешелерін қара жұмысқа салып қойғандары аздай, мақтай қалыпты. Сол уәкіл ара-арасында күйеуін сұрап қоятын. Сібірде, лагерьде екенін айтқан. Бұл айтпаса да білетіні анық қой. Тек, сыр тартып, өз аузынан естиін деген шығар. Бір жолы тіпті, хат-хабар алысып тұрасыңдар ма деп қалды. Бұл тура жауаптан жалтарып: «Алланың бұйыртқан күні өзі келер», — деді де қойды.
Марғуа уәкілдің қарасы көрінсе-ақ, кірпідей жиырылып, тайсақтап, көзіне көрінбеуге тырысатын. Амал не, бұны тауып алып, көр-жөр әңгіме айтқансып, арасында «Саяси тұтқындарды әдейіге қылмыскерлермен бірге ұстайтын көрінеді, кейін олардың да қатты өзгеріп, тіпті бұзылып шығатындары да болады екен» дегенді елеусіз қосып қоятынды шығарды, Марғуаның иманын ұшырып.
Қайтып қасыма келместей етіп бұл уәкілдің бетін қалай қайтарсам екен деп ойлап жүргенде, бір күні түскі үзіліс кезінде келе қалыпты. Жағалай отырған келіншектердің қасынан орын табылмағандай Марғуаның дәл жанына тізе бүкпесі бар ма? Құдайдың өзі айдап әкелгенін көрмейсің бе? Марғуа оның бетіне тіке қарап:
Уәкіл, сіз қазақтың «Қатынға жолама — қарасы жұғады, балаға жолама — бәлесі жұғады» деген мақалын білмейді екенсіз-ау. Бізге жақындаған еркек айдалып кетуші еді, қорықпайсыз ба? Қорықпасаңыз, кел отырыңыз! — деді көрінеу ажуалай. Сол-сол-ақ екен, еріккен әйелдер ду күлісті. Уәкілдің өңі өрт сөндіргендей түтігіп, орнынан тұрып жөніне кетті. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ойлады Марғуа. Бірақ, алдымнан шығар деп ойламаған.
Қызылшаның жиын-теріні біткен уақытта бұны ауданға шақыртыпты. Орғанның тексерулерінен жүрегі шайлыққан Марғуа бұл шақырыстың тегін еместігін іші сезіп, қобалжып, тағы үрейге бой алдырды. Қорқа-қорқа — барды. Бармасқа амалы бар ма?
Өзі танитын уәкіл, тағы бір-екі әскери киімді адам бұны отырғызып қойып, алыстан орағытып, бұлдыратып әлденелерді айта бастады. Бұның әлі жас екенін, балаларының оңы-солын танымайтын уақтығын еске алып өтті. Олардың келешегін ойлағанының кеш еместігін қозғап қойды. «Халық жауының балалары» деген айыпты өмір бойы арқалап жүрудің қиындығын, жолдарында кедергі көп боларын түсінетіндіктерін білдірді. Бір қарағанда, жанашыр жандардың-ақ сөзі. Бірақ күмәнді. Осындай кептерді кесе көлденең тарта отырып, одан шығудың жолы да барын тұспалдады. Қандай жолы болуы мүмкін? Бұл «халық жауы» болған күйеуімнен бас тартамын десе, жеткілікті екен. Оған бұның толың құқы бар көрінеді.
Атақты адамдардың арасында да мұндай мысалдардың көптігін тілге тиек етті. Айналдырып әкеліп, балаларыңның болашағы — өз қолыңда дегенге келтірді. Бұл күйеуінен бас тартуға қол қойған бойда балалары да ол қарғыс таңбасынан ағарады екен. Балаларын алға тартып, Марғуаны тығырыққа тірегендей. Жандары ашығансып, қамқорсынғансып, өзін де ауыр жұмыстан босатып, жеңіл кеңсе жұмысына көшіруге әбден боларлықтай. Тіпті, жауапты жұмыс та жүктегілері келеді, тек «халық жауының әйелі» екендігі кедергі болып тұрса керек. Марғуаның тұйыққа тірелген жері осы шығар. Тіл-аузынан айырылып, меңірейді де қалды. Бұл — күтпеген сұмдығы болатын. Ол өз басы мен балаларының тағдыры әлдебіреулердің ойыншығына айналғанына жаны аяусыз қорланғандай күйге түсіп, қапелімде не дерін білмеді. Бұл тұзақтан аман құтылудың амалы табылар ма екен? Қайткенде де уақытты созуы керек. Қалай? «Ойланайын» деуге ғана шамасы жетті. Ол қайдан басына келе қалды екен? Аузына құдай салған болар. Бұның «ойланайын» дегенін, сірә, «бетін бері қараттық» деп ұқса керек, бәрі жадырасып қалды.
«Ойлансаң ойлан, бірақ тез шеш», — десіп, шығарып салды. Сол арада қақшиып отырғанымен сыртқа шыға бере көңілі босап, жас баладай өксіп-өксіп ұзақ жылады. Қапаланды, күйінді. Ауылға жаяу қайтып келе жатып, ойлай-ойлай шырмауықтай бір тордың өзін торлай бастағанын анық ұқты. Бар пәле шолақ қол уәкілден келгенін болжады. Соның құрған торына шырмалмай тұрғанда жөнін табуы керек. Қайтіп таппақ? Бұл арада ендігі күні күн болмасын біліп, қайратына мінді. Үйіне келісімен енесіне балалардың оқуын сылтауратып, шұғыл жиналулары керектігін айтып, көшуге көндірді. Бір күп ішінде қайнысы Кәдір қызмет жасайтын жаққа көшіп кетті. Мезгіл — қара күздің аяғы, қыстың басы болатын. Жылы, жәйлі қоныс қайдан табыла қойсын? Біреудің ескі тамын лекерлеп жөндеп, кіріп алды. Қолдағы бар қоры мен сары қасқа сиырдың сүтінің арқасында қысылып-қымтырылып, бұл қыстан да шықты. Бар көз қуанышы — балалары. Олардың қанаттанып, жетіліп келе жатқаны — көңіліне медеу. Ауданда болған әңгіме турасында енесіне де, қайнысына да «ләм» демеді. Астарынан су шыққандай бір күнде көше жөнелгендеріне қарап, өздері де шамаласа керек, қазбалап сұрамады. Бұл енді қайнысынан алыс кетпеуге бел байлады.
Барған жерлері де қызылша егеді екен. Алтын тамыр өсіру бұның талайына жазылғандай-ақ көктемде үйренген жұмысына сұранып шықты.
Сол уақыттағы таңсық дақыл — алтын тамыр біреуге бақ, біреуге атақ, біреуге дәулет әкелсе, Марғуаға артық уайым әкелгендей болды. Оның қолындағы бар асылы — үш қарғасы ғой. Тапқаны — солардікі, солардың ырыздығы, бұйыртқанын алдына қойды. Мына атақ деген қаңқудың қайдан шыққанын кім білсін? Марғуаға сол атақтың тіпті керегі не? Ол қаншалықты ішер ас па екен, әлде киер киім бе, тегі? Оз басын әр жерге бір алып қашып жүргенде, атақ мұның не теңі? Ол еш нәрсе дәме қылмайды ғой. Тек әлгіндей сөзден көңілінде дық қалғаны-ақ. Марғуа пенде баласына біреудің бергені не болар дерсің, не берсе алласы адалынан берсін деген тілеуінен жаңылмады. Алқатуды ол тек тәңірінен тілейтін...
Бұл жолғы тілеуі қабыл болғандай...
Күзге салым Мұқанның кезекті хаты келген. Хатында ол кесілген мерзімінің толық өткерілгенін, елге қайтуға рұқсат қағазын тосып отырғанын жазыпты. Бұдан асқан ақжарма қуаныш бар ма? Бұл — пәленбай жыл үздіктіре күттірген ақжолтай хабары ғой! Алланың тілеуін бергені осы емес пе? Бұл хатым қолдарыңа тигенше мен де жолға шығып қалармын. Жауап хат жазбай-ақ қойыңдар, көрісер күн жақын депті, арысы. Құдайдың бұл күнге жеткізгеніне — тәуба! Хатына қарағанда жаңын арада келіп-ақ қалатын секілді. Бірақ, Мұқанның келуі кешеуілдей берді. Балалары күнде жол тосады.
Марғуаға жастайында әжесі айтатын «қуған — жаман, сосын, күткен — жаман» деген сөз түсініксіз көрінетін. Сарғайып күткеннің қандайлығын енді бір кісідей-ақ білетіндей болған кезде бұған мына жол тосқандары тіпті қиын тиді. Тағы бір ілік тауып, жібермей қалды ма екен деген күдік те жоқ емес. Шошымалы жүрек әр нәрседен қауіп ойлап, мүлде мазасы кетті.
Келе жатқанын хабарласа, білмей қалардай-ақ қаладағы бұрын хаттарын алатын жерге күнде неше барып, табалдырығын тоздыруда. Мұқаннан тырс еткен дерек жоқ. Күпті көңілдер жаманаттан аулақ болса етті деген бір ғана тілектің үстінде таңды атырып, күнді батырады.
Ал, Мұқан өзінің сабырлылығына салып, хабардан бұрып өзім жетермін дегендей пойызға отырып алып, елге жол тартқан. Неше күн жүріп, пойыздан пойызға ауысып мініп, Әулиеатаға түнде келіп түскен. Таңертеңге дейін көліктің жүрер уақытын тоспай-ақ, бұларды жаяу іздеп шыққан. Бұлардың осының алдындағы тұрған «Қант заводы» аталатын колхозға жетеді ғой. Сұрастырса, «халық жауының отбасы» бұл арада жоқ болып шығады. Ол кезде мұғалімдерді бір жерден екінші жерге жиі ауыстыратын әдет бар. Оқу жылы басталғанда Кәдірді Жалпаң төбе дейтін жерге мектеп директоры етіп ауыстырған. Инеге сабақталған жіптей Марғуа да балаларын жетектеп оның соңынан шұбатылып бірге көшкен. Бір қуанарлығы — бұрынғы қоныстарынан тым шалғай емес-ті.
Мұқан төбе басында отырған ауыл қарияларына сәлем беріп, отбасын іздеп жүргенін айтады. Бірі таңырқай, бірі мүсіркей, бірі жандары аши: «Азамат-ай, аман-сау ел шетіне жеткенің қайырлы болсын», — деседі. Осында Күмісжан деген келіншек бар, бір білсе, сол біледі деп жөн сілтейді. Күмісжан Марғуамен қызылшада бірге істеген сыралғы жан еді. Бұның күйеуінің, іздеп келгеніне есі шыға қуанып:
Сүйіншісін өзім аламын, — деп, Мұқанды ертіп Жалпақ төбеге апаратын төте жолға түсіп, заулаған ғой.
Жалпақ төбеге көшіп келгенімен тұра қоятын үй табылмай бұлар уақытша мектептің екі бөлмесіне кіріп отырған. Сабақ басталған уақыт қой. Үзіліске қоңырау соғылса болды, мектеп іші құс базарындай дуылдасып кететін. Бала жүрген жер қайдан тыныш болсын. Түс кезінде — у-шу. Марғуа сиыр сауып келе жатқан. Алакөлеңке ұзын дәлізге кіргені сол еді: «Мәке», «Мәкеш» деген жағымды қоңыр дауыс құлағына шалынғандай. Соншалықты жақын, жылы дауыс. Кім еді? Қайдан шыққан дауыс? Қолындағы шелегі түсіп кетті. Сырттан, жарықтан кірген кісінің күңгірт тартқан тар дәлізде көзі үйренгенше еш нәрсені көрмесі анық. Марғуа да аңтарылып қалған. Бірте-бірте анадайда тұрған бір адамның сұлбасын аңғарғандай. Өңі ме, әлде, түсі ме? Бұл ғайыптан пайда болған елес пе, әлде адам ба? Қолын соза беріп еді көзі қарауытып, аяғының астындағы жер бір жағына қарай ауып бара жатты.
Есін жинағанда айналасына жапыр-жұпыр жұрт жиналып қалыпты.
Әй, келіншек! Өстіп талып жатасың ба, тұр. Сүйіншімді бер, әйтпесе күйеуіңді қайтадан ертіп алып кетемін, — деп ақсия күлген Күмісжан бұны жұлмалай бастады. Қаумалап, сүйеп, демеп — бәрі ұмар-жұмар, бөлмеге қарай аяқ басты. Бұл буыны құрып, жүре алар емес. Марғуаның абдырағаны соншалық — өзіне-өзі келе алмай, есі ауа береді. Енесі бір шыны суың су әкеліп, бетіне шашып жіберді. Бойы тітіркеніп, есін сонда жинады. Мұқанды анық енді көрді. «Тәуба» деген сөз болды алғаш аузына түскені.
Марғуа ортаңғы саусағындағы әжесінен қалған жәдігер, көненің көзіндей күміс бұрама жүзікті шешіп, Күмісжанның қолына салды.
Рахмет. Бала-шағаңның қызығын көр, — деді тілге келіп. Мұқанға бір нәрсе деуге алқымына кесек тығылғандай үні шығар емес, тек көзі жәудірей қарай берді.
Әкелерінің басына түскен алабөтен күйден балалары анық хабардар емес еді. Ауық-ауық сұрағандарында: «Әкелерің әскерде. Майданда жүр», — деп құлақтарына сіңіріп тастаған. Соғыс аяқталып, майдангерлер орала бастағанда балалары: «Біздің көкеміз қашан келер екен?» — деп жиі-жиі қыңқылдайтын. Ондайда: «Әскер қатарында тары бірер жылға қалдырыпты, келеді әлі» — дейтін оларды сендіре.
Құдай тілеуін бергенде, Мұқан әскери киіммен оралмасы бар ма? Үстінде тік жағалы жасылтым сарғыш гимнастерка, сол түстес галифе шалбар, белінде жалпақ қайыс белбеу, аяғында сықырлаған су жаңа, ұзын қонышты былғары етік. Тек, омырауына таққан сылдырмақ сөлкебайлары мен қызыл жұлдызды бас киімі ғана жоқ демесе, қатып тұрған солдаттың өзі. Қолдан құйғандай шымыр денелі, қимыл-қозғалысы ширақ, ысылған, жіптіктей жігіттің солдаттан қай жері кем? Қысқа қырқылған тығыз, қалың шашы қайраттылығын танытқандай жығылмай, тікірейіп тұр. Оның осы қалыбына қарап соншама жылды сергелдеңмен елден-жерден тысқары қиянда, итжеккенде өткізді деуге келмегендей. Ешқандай мүжіліп, жігері жасығанның ізі көрінбейді. Марғуа қандай аласапыранды басынан өткізсе де, күйеуінің рухы мұқалмағанын ұғып, іштей қайран болды, әрі қатты толқып, қуанды Мұқан осы келгенде орда бұзар отыз бен қамал алар қырықтын тең ортасында, азаматтың кемеліне келген дер шағында еді. Оның дәл қазіргі сыртқы сипаты мен оқыған жанға тип зиялылығы, мінезінің биязылығы астасып, «Тепсе — темір үзетін» жігітке ерекше жағымды көрік қосқандай. Марғуа оны жазбай, бірден аңғарғандай.
Мұқанға қарады да, өзінің үсті-басына, аяқ-қолына көз жүгірткен бұл беймаза күйге түсті. Осы жылдары бала қамы деп жұмысбасты болып жүріп, өзіне мүлде қарамаған екен-ау! Әйел екенін де ұмытқандай. Балаларынан артылғанын ішіп, қалғанын иығына іліп, табылғанын аяғына сұғып жүре беріпті ғой. Ол үсті-басының қатты тозып кеткенін енді байқады. Егістікте қара жұмыс істеп жүрген әйелдің аяқ-қолында қайбір күтім болсын! Оның үстіне қазір қызылша жинау науқаны еді. Саусақтары ісініп, бой-бойболып сызат түсіп, қабыршақтанып, жарылып жүретін. Оның екі беті дуылдап, ыси жөнелді. Дереу екі қолын алжапқышының астына жасыра қойды.
Мұқан білетін — шашын сәнімен тарап-өріп, қасы-көзін сүрмелеп, біз өкше төплимен Алматының көшесінде қаздаңдап, жайраң қағып, жүрісінің өзі билегеннен бетер шырқ үйірілін бара жататын Марғуа мен мына отырған Марғуаның арасы алшақ жатыр еді. Бұл осының бәрін қас қағым сәтте әйелдік түйсігімен түсініп үлгерді. Өзінің тым жадау, жұпыны түрінен қысылғаны ма, ұялғаны ма, әйтеуір қолайсыз күйге түсті.
Мұқан балаларын кезек құшақтап, мәре-сәре болып жат қанда бұл самаурынын алып, далаға ата жөнелді. Сыртқа шығысымен бойын түзеген болды. «Халық жауының әйелі» көрген көп бейнеттің, жоқшылықтың, әркімге бір жалтақтаған кіріптарлықтың кетпестей етіп қалдырған іздерін қалай тез кетіре алсын?.. Алмағайып заманда құдай қосқан қосағымен ұзақ жылды екі жақта өткізгеннен кейін қайта жүздесіп, қауышудың мұндай ауыр қиындығы барын кім білген? Әйтеуір, тосыла бергені. Іштей ұғысып-ақ тұрғанмен сырт тосырқауы бөгет жасайтындай ішке енуге кібіртіктейді-ақ.
Осындай бір жасқаншақтауды алғаш бас қосқан жылдары күйеуі оқу іздеп ұзаққа кетіп, қайтып оралғанда да сезінгені бар еді. Онда солқылдаған майысқақ жас талдай көк-өрім балауса, балғын шағы ғой. Қайта Мұқанға «Сен қандайсың? », «Мен қандаймын?» — деп, шекесінен қарайтындай көрікті, кербез кезі. Сөйтсе, ол тосырқауы — жарына еркелігі екен. Бұл тосырқауының сыры басқада болып тұр. Өзінің көп жасқа қартайып кеткенін Марғуа енді анық білгенде қалай тоғылмасын? Қалай абыржымасын?..
Марғуа күйеуімен жүзбе-жүз ұшырасудан біртүрлі жасқаншақтағандай, әлде жүрексінгендей, бәлкім, тіпті қорынғандай жайсыз күйге түсіп, оңаша қалудан қашқалақтап, көп жүрді. Күйеуінен бұлай жөнсіз тайсақтауын, заты әйел емес не, сұңғыла көңілмен әуелі енесі сезгендей бұған жазғыра қарайтын болды. Амандаса келген кісі аяғы басылған мезетте әлдебір сылтаумен балаларды ертіп сыртқа шығып кетуге себеп іздеуші еді. Сондай сәттердің бірінде Мұқан Марғуаны қасына тізе бүктіріп, бір қолымен иығынан қаусыра құшақтаған қалпы үнсіз ұзақ отырды. Жиі-жиі тыныстанғанына қарағанда ол да толқып, қобалжуда секілді. Ол жас уағынан пәлендей сөзуар емес-ті, ашылып қайдан сайрай жөнелсін? Бұл — басын тұқшитып төмен қаратқан бойы, жауырыны құнысып, өкпелеген баладай томсыраюда. Бір нәрсе деуге дәрмені жетпей, қолын орап алған алжапқышын бұралай берді. Мұқан екінші қолымен бұның иегінен көтеріп, жүзін өзіне қарата бұрып, көз тоқтатып, бірқыдыру қарап, қолының сыртымен екі жағынан баяу сипап өтті.
Мәкеш, маған неге тура қарамайсың? Тура қарашы, — деді баяғысынша жып-жылы еркелеткен үнмен. — Маған өкпең орынды, мен сені тозақ отына қалдырғандай болдым, білемін, — дегені. Қайран азаматы, бұны өкпелеп, қыр көрсетіп жүр деп ұққандай. Ол алжапқыштың орауын жазып, тыныш таппай отырған бұның қабыршақтанып жарылған, ағаштай қатып кеткен саусақтарын бейне үлбіреген бір шетен, нәзік нәрсені сындырып алмайыншы деген адамдай аялай сипап, еппен алақанына салып, бетіне басты. Ұзақ сүйді. Қайтадан иегінен көтеріп, бұның жүзіне үңілді. Сонда барып, кірпігін көтеріп, Мұқанның дидарына алғаш тіке қарап, анықтап көз тоқтатқан бұл оның жанарындағы іркілген, мөлдіреген қос тамшы жасты керді. Одан әрі өзін ұстай алмай, егіліп қоя берді. Күйеуінің көкірегіне бетін басып, бордай үгіліп жыласын келіп. Тоқтай алмай, ұзақ егілді. Бұны жотасынан сипаған қалпы Мұқан, әбден жылап алсыншы дегендей, үнсіз отырып қалды. Бұл жылап жатқан Марғуа емес, шағынып жатқан жалғыздықтан жапа шеккен, ұзақ жыл аялы алақанға зәру, ыстық лебізге құштар, махаббатқа шөлдеген оның әйелдік болмысы, әйелдік жаратылысы екенін ол терең ұғынған еді. Бұның шерін әбден тарқатып, өзіне-өзі келуін күткендей сабырлы. Бұл әбден жылап болды-ау дегендей әлден уақытта шашынан, жас жуған көзінен өбіп:
Мәкетай, осынша азаптың бәрін мен үшін тарттың-ау. Мен саған бақ емес, сор әкелдім білем. Жаным аман болып, осыдан жер басып тірі жүрсем, төбеме көтеріп өтермін, — деді бұның шашына бетін басқан қалпы алқына сыбырлай.
Марғуаның күйеуін тосаңсуы, екеуінің арасындағы көзге көрінбес кіреукеленген бөгет әлгі ағыл-тегіл көз жасымен шайылып кетіп еді. Бұл Мұқанның көзіндегі әне төгілейін, міне төгілейін деп мөлдіреп тұрған қос тамшыдан оның кіршіксіз таза жан-дүниесін, қылау түспеген өзіне деген көңілін көргенде, барлық күмәннан арылып, жүзі жайнап сала берді.
* * *
— Айтқан сөзіңде тұра біліп едің-ау, арысым, — деді Марғуа дауысын соза, тап бір отағасын осы қазір көріп отырғандай- ақ. Әр нәрсені еске алғанда, кейде осылай дауыстап, сөйлеп кететін әдет пайда болып жүр. Ішіндегі шері кенересінен асып, лықсып сыртқа шығып кетеді-ау, шамасы. Оны балалары қайдан ұқсын? Қарттыққа балайды ғой баяғы... Оның мәнін Марғуа өзі білер.
Сырттан өзімен бірге бір құшақ салқын ауа, самал леп алып, көршісі екпіндей енді палатаға. Келген бойда теледидарға қол созды.
Апа, кино кересіз бе?
Марғуа оның өзінің әлдене көргісі келіп тұрғанын сезді.
Өзіңнің қалағаныңды қойып, қарай бер. Көзім бұлдырап, мен соның қай-қайсысын да керіп жатқаным шамалы-ау, — деді.
Сізге бөгет жасамаса, мен аз уақыт қарай тұрайыншы, — деп, сыпайыгершілік танытып жатыр. Пейіліне рахмет.
Дауысын жәйлап қойып, түні бойы қарасаң да қарсылығым жоқ, мейілің. Маған алаңдама, мен бәрібір ұйықтап жарытпаспын...
Ауруханадағы күндізгі абыр-сабыр қарбаластың бәрі сап тыйылғандай. Науқастар мен ақ халаттылардың ары-бері жосылған жүрістері саябыр тартқан. Төңірек жым-жырт. Ұйыған түн қараңғылығы тұтастай қымтап тастағандай айнала тегіс дамыл тапқан. Кей палатаның терезесінен сыртқа себезгілеген болмашы жарық төгіледі. Бірақ қараңғылықты бұзып-жарып кете алмасын сезгендей сәуле сынып, жақтаудан озбай жығылған.
Бір палатадағы екеуінде де үн жоқ. Екеуінің әуесі — екі басқа. Екеуінің ойы бір-бірінен тым алшақ екі әлемді кезгендей. Бірі — ғалам шарайнасына, бірі — ішкі көңіл айнасына үңіліп, өздерін алдарқатарлық жұбаныш іздегендей... Адамға алданыш тән...
Марғуаның көзін жұмуы мұң екен, қысқа күнде қырық қайтара ойлап, қырық қайтара есіне алатын, ойлаған сайын тереңдей түсетін, небір қалтарыс-қырларын ашатын жадының тұңғиығына қайта бойлай жөнеледі...
Япырым-ай, сонда ұзақ ғұмырының шат-шадыманшақтарынан гөрі көңіліне шемен болып байланған тұстарының атойлап бұрын оралатыны несі екен? Міне, қазір де осылай...
-10-
Мұқан итжеккеннен оралғаннан кейін де Марғуаның уайымы азайып, жүгі ғайыптан жеңілдеп кетпегендей еді. Қайта жаңа күйініш қосылғандай.
«Халық жауының отбасына» Алматыда тұруға рұқсат етілмейді екен. Хош. Бұған қапа болар жайлары жоқ еді. Лагерьден босатылғанымен күйеуі әлі жер аударылған есебінде — органның тіркеуінде көрінеді. Осы көңілдеріне күмән әкелгендей. Әр қадамы аңдулы, әрбір сөзі бағулы болған қалпы. Мұқанды оның үстіне ешқайда қызметке алмай, әбден қапаландырды.
Қайда барса да сенімсіздік алдынан шығады. Бәрі күдікпен қарайды.
Марғуа азаматтың басы аман келді ғой, ендігісінің бір жөні болар деп көңілін қаншама орнықтырғанымен оның жабығып, еңсесінің түскенін көріп, жаны күйінеді. Күйеуінің жігерін жанып, қуат беруге күш салады.
— Бала-шағаңның көз жасына: атудан, асудан аман қалдың; кескен мерзімін мұз құрсанып, қар жамылып жүріп, толық өтедің. Ауыр азапты жұмыстан, ұрып-соққаннан, ауру-сырқаудан, аштықтан Сібірдің ит тұмсығы өтпейтін орманында жер жастанып, бір қарағайдың түбінде қисайып қалсаң, біз қайтер едік? Өзің көргендей сүйегі шашылып, ит құсқа жем болғандар аз ба? Тәуба делік. Күпірлік жасамайық, Мұқан. Аман қайтқан жаның — олжа! Қызметіне құмартпай-ақ, балаларыңның ортасында отыршы өзің, — деп көңілін аулауға тырысып бағады. Оған көнетін кісі қайда? Айтқан уақытысында:
Ие, сенікі де жөн екен, — дегенімен ертесінде тұрып алып, тағы салпақтап жұмыс іздеп кеткені. Кешке ұнжырғасы түсіп келеді. Арасында теміржолға барып, жүк түсіреді.
Уайымы қызмет болса, құдай бұйыртқан күні оның да жөні келер деумен күндер жылжып өтіп жатты. «Күрекке боқ табылар, екі қолға бір жұмыс қайда да бар» деп үлкендер айтатын сөздің мәтелі болушы еді. Сол шіркін мақалдың жуық маңда Мұқанға сәйкесетіндей түрі көрінбеді. Қазекем де айта береді екен...
Бәлкім, лайықты бір қаракеттің реті қаладан келер деген үмітпен Әулиеатаға көшіп, қоныс жаңалады. Мұқан бұл жақта да талай есікті қағып, табанынан тозды. Нәтиже жоқ. Алматыдан, Ленинградтан оқу тәмамдаған адамның білімі еш кәдеге жарамағаны батады ғой. Айтса, адам нанғысыз. Алайда — солай. Лагерьден босанып шыққан қағазын көрген бойда ат-тондарын ала қашатын секілді. Оны қызметке қабылдауға ешкімнің тәуекелі жетпегендей. Күйеуі содан жұмыссыз көп жүріп қалды.
Оның «үйде отыр» дегеніне қарамай, Марғуа өзі тері илейтін зауытқа жұмысқа кірді. Тым болмаса, біреуі күнкөрістің қамын жасамаса, не болғаны? Қайткен күнде де балаларын асырап-бағулары керек емес пе? Қара жұмысқа әбден төселген басы, бар сенгені — екі білегінің күші ғой, құлшына сыбанып, кірісіп кетті. Әйелдің табысына, бала-шағаның онсыз да жартымсыз нәпақасына ортақтасқанына күйеуінің жігері құм толып, күннен күнге иіні түсіп, мұқалып, қажып бара жатты. Марғуаға бәрінен де осынысы батып, басты уайымына айналды...
Сөйтіп жүргендерінде бір тәуекелшіл адамның табылғаны- ай! Құдай жарылқайын десе, біреуге біреуді себепкер етеді екен ғой. Мұқанның өзімен институтта қатар оқыған, көзкөрген ескі танысы — Әди Халық ағарту комиссариатында үлкен бастық болып отырса керек. Сол азамат, құдай айдап, бәнейі себеппен Әулиеатаға келе қалмасы бар ма? Алдында «Мұқан жұмыссыз жүр» дегенді естіді ме екен, кім білсін, әйтеуір келісімен бұның күйеуін сұрастырып, іздетеді. Сәтін салғанда іздеп тауып, жағдайына қаныққан. Содан табан астында бұйрық шығартып, қаладағы үлкен мектепке қазақ, орыс әдебиетінен сабақ беретін оқытушы етіп орналастырып кеткені ғой. Өте шешімтал, жігерлі жан қол ұшын бермегенде, қандай болар еді? Құдай тілеуін бергір, аңқылдаған ақпейіл азаматтың сол жақсылығын қалай ұмытсын?
Әділеттіліктен күдер үзер шаққа жеткенде үміттері қайта жанғандай, қабақтары шайдай ашылды. Мұқанның бүкіл болмысы, табиғаты о бастан ұстазға лайық қой. Жаңа жұмысына қуана кірісті. Сабақты да үйіп-төгіп берген ғой. Сөйтсе, бұл пәндерден маман жоқтың қасы екен. Педагогикалық училищеге шақыртып, онда да сабақ беріп жүрді. Құдай жарылқағанда, Мұқан жұмыстың астында қалмасы бар ма? Бәріне де үлгеріп, міндетін тиянақты орындап, қанаттанып, көңілі өсіп, жүзі жадырады. Азаматының мәртебесі көтерілгеніне Марғуа шексіз қуанышты. Көңілдің кірі кетіп, ажарлары ашылып, төменшіктеген күйден біртіндеп арыла бастағандай.
Ел қатарына қосылды деген осы шығар. Балалары әкесіне, әкесі балаларына үйренісіп, енді бауыр басып, бір шаңырақтың астына ұйып, ұзақ жылдан соң бастары құралған, сау тамтығы жоқ көңілдің жыртығы бүтінделгендей шағы еді бұл. Сол жылдың күзінде нанды карточкамен беру жойылып, елдің де берекесі кіріп, дастарқаны да, пейілдері де тоғайған тұсы болар. Бейбіт күннің шуағына бөленіп, масайрағандай көз. Соғыстан, одан кейінгі ауыртпалықтан титықтаған жұрттың енді заман тыныштығын тілегеннен өзге тілеуі де жоқ-ты. Сол қалың топтың ортасында, көппен бірге еңселері көтеріліп жүргендеріне тәуба айтысады.
Жер ортасына келгенде кісі босағасын сағалаған жараспас деп, бар тапқан-таянғанын жиыстырған Мұқан інілерін, балаларын жауып, қала шетінен, келесі жазда үй тұрғызып алды. Үй болғанда қандай? Шағын төрт бөлмелі, төбесі шатырлы өздеріне хан сарайынан бір кемдігі жоқ. Іші құтты болғай деп тілесті. Мұқан көңіл күйін сыртқа көп шығара бермейтін жан ғой. Десе де, бір серпілген сәтінде «Құлшынып барар жұмысым, қуанып кірер үйім бар, бұдан артық қандай бақыт керек?!» — деп айтқаны есінде. Бұл — отбасының жылуын, қызығын ұзақ күтіп аңсаған, жұмыстың қадіріне жеткен жанның жүрек түкпірінен шыққан шынайы сөзі еді. Енді алаңсыз күн кешеміз бе деген тілеу еді. Әттең, ол қуаныштары да ұзаққа созылмады.
Бұларға өзі қуанышты әуелден маңдайларына мысқалдап жазғандай. Осы тыныстағандарың да жетеді, онымен қоймай, баспана тұрғызып алдыңдар, кемді күн көрген қызықтарыңның өтеуін қайтаратын кез келді дегендей қара дауыл қайта үйіріліп соқты...
Күйеуін алғашқы жолы түн ішінде ұстап әкетсе, бұл жолғысы мүлде естен тандырып кетті...
Мектептегі сабақ үстінде екі әскери киімді адам кіріп барып, әй-шәй жоқ Мұқанды, жүргізіп тұрған сабағын аяқтатпай, алдарына салып алып кетеді. Оқушылары аңтарылып, көздері бақырайып қала береді. Үйге соғып, оны-мұны заттарын алуға рұқсат беріпті. Олары да есептен құр емес. Марғуа дәл сол күні кешкі кезекке шығатын болған соң күндіз үйде еді. Өз көзіне өзі сенбей, аңырайды да қалды. «Мұқан қайда жиналып жатыр? Қайда бармақшы? Жанындағы жаналғыштай мына екі жендеті кім? »
Тез. Тез жинал, — дейді оның біреуісі Мұқанға зілмен.
Ал, Мәкетай, қайыр — хош. Балаларға ие бол. Бұл бір түсінбестік... Қайтып келемін, — дегенде оны тағы ұстап әкетіп бара жатқаны санасына жетіп, қаны басына шапты.
Жалма-жан күйеуінің шалғайына оралып:
Мұқан-ау, мына үкіметке неден жазықты болып едің? Қандай кінәң бар? Айтсаңшы... Одан да мені өлтіріп кетсеңші, — деп, дауыс салып, еңіреп қоя берді. Екеуін екі жаққа айырып, әскерилер Мұқанды есікке қарай итермелейді. Марғуаның буынынан әл кетіп, құлап, жығылған күйі күйеуінің аяғын құшақтап, зар илеп жатыр.
Мұқан еңкейіп бұны тұрғызбаққа иіле беріп еді, әлгі жендеттің бірі оны кеудесінен итеріп, шегіндіре берді. Марғуа енді оның пальтосының етегінен тас қылып ұстап алған күйі айырылмай:
Өз қолыңмен мені өлтіріп кет, өлтіріп кет одан да, — деп жер бауырлап зарлап жатыр. Күйеуінен тірілей айрылғысы жоқ.
Мұқан сұрланып кеткен, тістеніп қалш-қалш етеді. Жендеттердің бірі оның қолын артына қайыра ұстап, тырп еткізер емес. Екеуі шарасыздықтан екі жерде қан жұтып, «аһ» ұрып жылап жатқанда әлгі әскери:
Комедия қоймаңдар маған. Осы көрсеткен өнерлерің де жетеді. Тоқтатыңдар, — деп айқайлап, бұның қарысқан қолын күшпен жазып, күйеуін сыртқа сүйреп алып бара жатты. Ойпыр-ай, бұлар да анадан туды ма екен? Мұндай қаныпезер болар ма? Қайдағы ойын? Қандай өнер? Біреудің қайғысы біреуге ойын көрінеді екен ғой...
Бұл жылай-жылай кеудесі қысылып, есінен танып қалған екен. Есін жинағанда балаларының бас жағында өзін қоршап ебіл-себіл жылап тұрғанын көрді. Қайсары орнынан әрең тұрғызып, сүйемелдеп төсегіне әкеліп жатқызды. Осы жығылғанынан Марғуа ұзақ жатты...
Мұқанды бұл жолы жұрттың көз алдында тапа тал түсте әкеткенін көргендердің зәре-құты қалмағандай. Оқушыларының, балаларының, одан қалды, төңіректегі көрші-қолаңның көзінше кіріптар етіп, тап бір ауыр қылмыскердей қолын артына қайырып айдап әкетуді — әріден, әуелде ойластырса керек. Діттегендері бұларға үрей, көргендерге күмән туғызу болса, ол мақсаттары артығымен жүзеге асқандай. Елдің бұлардан үркіп, күдіктене қарайтын күні қайтадан туды. Күдік деген қиын екен. Кімге барып ақталмақ? Кімге барып, менің күйеуім жазықсыз еді демек? Қабақтарына айықпас мұң ілініп, жүздеріне шіркеу түсті. Әсіресе, балаларын айтсайшы!
Күйеуі алдыңғы ұсталғанда олар естерін білмейтін еді. Оның үстіне, көп кешікпей соғыс басталды. Еркек кіндіктінің бәрі майданда. Балалар шындығында әкелерінің анық қайда екенінен хабарсыз-ды. Әскерде деп ойлап жүрді ғой. Ал, осы жолы әкелерінің пұшайман халін көздерімен көріп, жасып-ақ қалды. Өздерінің «халық жауының балалары» атанғандарын демде ұғынды.
«Көкеміз кімнің жауы?», «Қандай жау?», «Қай халықтың жауы» деп, милары жетпей сұрайды ғой. Оны түсіндірерлік бұнда хал жоқ еді. Қайта қайнысы Кәдір келіп, балалардың жүрегін орнықтырып, көңілдендіріп, жігер беруге тырысады. «Бұл бір түсінбеушілік. Көкелерің әлі-ақ босанып келеді. Сендер оның атына кір келтірмей, жақсы оқыңдар. Ешкімге соқтықпай, тыныш жүріңдер», — деп ескертіп, әрі сес көрсетіп кетеді.
«Адамның басы — Алланың добы» деуші еді үлкендер. Бұл уақытта адамның басы — саясаттың добына айналғандай. Әйтпесе, Мұқанның бір емес, екі ұсталатындай не жөні бар?
Түрмемен екі арада сабылған сарсаң жүріс тағы басталды. Күніне бір, не екі барады. Апарған тамағын кейде алады, кейде алмайды. Көрісуге рұқсат жоқ. Үйде отыруға тағаты жетпейді...
Ұзақ тексерістен кейін бір рет көрісіп, тамақ кіргізуге рұқсат берді. Бұған да шүкір. Әйтеуір, алысқа әкетпесе болғаны деп жүрген. Мүмкін, шығарып та қалар деп ойлап қояды. Үміт дүниесі ғой. Қайдан? Көктемнің басында қамағаннан жаз ортасына дейін ұстап, қайтадан итжеккенге айдап жіберді. Қайда әкеткендерінен бастапқыда дерек ала алмады. Өзінен хат келгенде барып, оны бірақ білгені.
Сегіз жыл сарғайып күткен жан жарымен зорға табысып, енді ұғынысып, ел қатарлы жарасты ғұмыр кеше бастағанда одан қайта ажырап қалу — бұған оңайға түспегендей. Бар қуатын осы сегіз жылда сарқа сарп еткен бе, бойын жинай алсашы. Есеңгіреткен бір күй иықтан басады да тұрады. Жұлған гүлдей солбырайды да қалды. Өлі мен тірінің арасында, құр сүлдерін сүйретіп жүргені. Ешкіммен тілдесуге зауқы соқпайды. Меңірейген қалпы сылп-сылп басып, қыбырлаған болады. Балаларының не істеп, не қойып жатқанына назар да аудармайды. Олар бір нәрсенің жайын сұраса, «А-а-а» деп беттеріне аңырайып қарайды. Екі-үш қайталағанда әрең ұғады.
Күйеуі алғашқы ұсталғанда жас, қажыр-қайратының толысқан шағы ғой. Сондығымен ол зобалаңға төтеп берген екен. Осы жолы мұжылып, мұқалып-ақ қалыпты. Еңсесін көтере алсашы. Бойында қауқар қалмағандай. Бар қажыр-қайраты опырылып, Мұқанмен бірге кеткендей. Еш нәрсеге көңілі селт етпейді, сүлесоқ, енжар, мимырт тіршілік.
Көршілері де алагөзденіп қарайды. Жанына ол да батады, ешкімнің көзіне көрінгісі келмейтіні де содан. Күнде бірге ойнап, бірге жүрген балаларын бұның ұлдарына қоспауға тырысады. Тап бір алапесі бардай, бұлардан сырт берісті.
«Жұт — жеті ағайынды» деуші еді. Сол рас шығар. Сарықасқа сиырдың өз төлі — ойнақтаған жас құнажын қашары бар-ды. Сиыры қартайған ба, жылда қысыр қалатын болып жүр. Түбі, енесіне тартқан мал болар деп, осы құнажынды сауып ішерге ұстап қалсам деп жүретін. Келесі жылы, құдай бұйыртса, Қайсары мектеп бітіреді, сол тұста кәрі сиырды сатып, бір қажетіне жаратсам, не балалардың үстін бүтіндесем деп ойлайтын-ды. Қорада байлаулы тұрған жерінен сол жоғалды. Бас иесі кетті, әйел қайдан іздесін деген шығар. Іздегенде Марғуа қайда бармақ? Адамнан тірідей айрылып отырғанда мал деген не, тәйірі?!! Ұры алыстан келді деймісің? Күнде көріп жүргендердің біреуі болар.
Дегенмен, Марғуа іш жиып, сескеніп қалып еді. Балалары да жасқаншақтап, үйден шығуды қойды. Бұл арада тұрудың өзі қиындап бара жатқандай көрінеді. «Халық жауының отбасы» деген таңба қайта айналып тапқандай. Балалары бір нәрсеге арандап қалар ма екен деп қорықты.
Марғуа мына құтсыз үйін сатуға оқталды. Бастарына құт-береке әкелмеген соң, қимайтын несі бар? Қайнысының: « Ағаның көзі емес пе?» — дегенін құлағына ілмеді. «Ағаң оралып келсе, тағы жай салып берер. Тек соның қара басының амандығын тілейік», — деп, бетінен қайтпады. «Алушы табылар ма екен? Одан да соны сұрастыр», — деп қадап айтты.
Жаңа үйге алушы неге табылмасын? Сұраушылар көп болды. Өткен бағасына беріп, өздері тағы қайнысына жақындау жерге көшіп барды. Балаларын қайнысы қызмет істейтін мектепке ауыстырды. Олардың оқуларын, тәртібін қадағалайтын күштің бойында қалмағанын анық ұғынған. Не болғанда да ерғара ғой деп, қайнысының көз алдында жүргендерін жөн көрген. Құдай көкейлеріне зейін берді ме, әлде әкелерінің қақпақылға түскен тағдыр талайы ой салды ма, балалары тез есейіп, ширап, оқуға деген ынталарын еш төмендетпеді. Марғуаға бұл да жұбаныш..
Күндіз балаларының көзінше тастай қатып, меңірейіп жүргенімен түні бойы егіліп шығады. Сондағы ойлайтыны Мұқанның жазған басы, осы жолы неден жазықты болды екен деген бір шырмауық ой. Ойлай-ойлай әркімнен, әр нәрседен бір күдіктенеді. Осы менің қу тілімнің залалы тиіп кеткен жоқ па деп топшылайтын да кезі бар. Күдіктенетіні — шолақ қол уәкіл ғой.
Көктемге салым оны базардан кездестірді емес пе? Онда Мұқанның ұсталмаған кезі. Бұны көріп, әдейге алдын орап шықса да, кездейсоқ ұшырасса да, өзі біледі. Тар жерде бетпе-бет келіп қалды. Бұрылып кетуге кеш еді. Әрі көріп тұрып бұрылып, қаша жөнелетіндей не көрініпті? Соншама бұл оның алдында айыпты ма еді? Бірақ, сасқалақтағаны рас, содан шығар:
Есенсіз бе? — деді жайымен. Ал, ол оқыс ұшырасқанына таңданған тұр танытады. Соған қарағанда бұны бағанадан көріп келе жатқаны анық болды.
Иә, күйеуің келіп, көзайым болып жатырсың ба? — Даусында ашық-жарқын пейілден гөрі жымысқы кекесіннің уыты сезіледі.
Құдайға шүкір...
Дұрыс екен... Масайрап жүр екенсің ғой, масайра-масайра... — деп, ернін жымқыра мырс-мырс күлгендей. Жүзіне бұлардың жай-жапсарына қаның адамның аяр күлкісі ойнап шыға келгендей. «Осының өзі кім, сөзі кім?» деп, бұл қасынан өтіп жүре берген. Енді ойлағанда, ол сонда Мұқанның қайта ұсталарын біліп, әдейге келемежден тұрғандай көрініп кеткені. Қателесіп, біреуді артық кінәлап отырса, құдай өзі кешірсін...
...Мұқан бір күні кешкісін қобалжып келгендей көрінді бұған. Күйеуінің мінезі ауыр, тұйық жан ғой. Сүйегіне біткен сол мінезін көрген азабы мен тозағы да өзгерте алмаған. Қайта одан сайын жаншып, тұқыртып, аузынан сөз шықпайтындай күйге түсіргендей. Аса бір көңілді сәтіне тап келмесең, шешіліп, көсіліп әңгіме айта қоюы да қиындау. Бұл оның шайын құя отырып, бетіне ауық-ауық жалтақтап қарай берген. Өзінен бір жылы лепес күтіп отырғанын сезді ме, әлде ішіне сыймады ма:
Мен әлгінде жұмыстан келе жатып, баяғыда өзімді тексерген тергеушіні жолықтырып қалдым. Мені көрмегенсіп, тез жылыстап кетті, — дегені.
Қойшы. Адамға адам ұқсай береді ғой. Басқа біреу шығар, — деп бұл оның көңілін орнықтыруға тырысқан.
Әй, қайдам... Сол, соның өзі-ақ. Мұнда не істеп жүр екен?..
Оны қайтесің? Бәлкім, қызметі ауысып келген шығар. Оның енді сенде несі бар?
Солайы, солай ғой... — десе де іштей дегбірсізденіп отырғаны сезіліп еді.
«Мұқанның сондағы көргені сол тергеуші екені анық болса, оның, сірә, тегін жүрмегені болды ғой».
Осындай-осындай кептер есіне түскенде Марғуа байыз таппай кетеді-ақ... Неден күйді? Неден жаза басты?
Марғуа күйеуінің алдында бір ағаттық жіберіп алғанын артынан бағамдап, өзі кінәлідей қипақтады. «Япырым-ай, өткенде онсыз да жаны күйіп тұрғанда «Неден жазықты болдың? Айтсаңшы...» деп жазғырып нем бар еді. Күйдіргі тіліммен одан сайын күйдірген екенмін ғой» деп қатты өкінеді. «Несіне айтты екен?» Мұқанның сондағы тістенген сұп-сұр, әлем-тапырық жүзі есінен кетпейді. «Қайран, асыл ардағым, қайда жүр екенсің? Әлде... Құдай өзің сақтай гөр. Жаманаттың бетін аулақ қыл...» Мұқанның күйігіне күйік қосып, көңіліне қаяу салып жібергенін артынан түсінді. Бұл да оны кінәлайтындай көрініпті ғой сонда. Бұның іштей кеміріліп жүргені де бір жағынан осыдан... Іштен тынуда...
* * *
«Е-е-е! Адамды дерексіздік тоздырады екен ғой» деп ойлайды қазір. Сонда Мұқаннан тырс еткен хабар болмай, қаншама сарғайды?
Қасындағы келіншекті бір жерге емге алып кетіп еді. Палатада Марғуа жалғыз. Бүгін дәрігері де бас сұқпады. Түскеніне қанша күннің шамасы болғанын болжады. Әлі қанша ұстар екен?.. Жалғыздық та жалықтырды...
Дағдарып қалған көңілінде қайтадан өткен күндердің елес қылаңытады.
-11-
...Марғуа жанын қоярға жер таппай, жүйкесі жүндей түтіліп, күн өткен сайын өзінен-өзі жүдеп бара жатты. Сондай титықтаған шақтарының бірінде Сібірден Мұқанның зарықтырған хабарын арқалап, қарлығаш — хаты талып жетті. «О, құдай, бергеніңе шүкір! Азаматымның алтын басы аман жүр екен ғой», — деп, тәуба айтты.
Күйеуінің хаты сөнуге айналған қоламтадай бұның шала жансар өлеусіреген күйіне тамыздық тастағандай, қаулаған тіршілік оты маздап қоя берді. Бұның ашынғанда ашумен айтқан бір ауыз сөзіне реніш табы байқалмайды. Қайта бұны бір емес, екі емес оттан алып, суға салған, судан алып, отқа қақтағандай шарасыздығына күйінгендей сарын бар. Бәріне ғафу өтінген райдағы жан сыры мөлдіреген, жып-жылы хат. Бұл көз жасы моншақтап, хатты сүйе берді. Оқиды да бетіне басып сүйеді, оқиды да бетіне басып сүйеді...
Сан мәрте оқыды. Оқыған сайын көп уайым қажап-қажап, қаяу тартқан көңілі қанаттанып, жүзі ашылып, күмән-күдіктің бәрін сілкіп тастағандай, демде жайнап шыға келді.
Байқаса, Мұқанды бұрынғы болған жерінен де алысқа апарған-ау. «Тайга дегеннің қияндағы бір түкпіріне келгендеймін. Сірә, бұдан ары ел жоқ қой деймін. Жердің шеті — осы шығар» депті хатында. Запыс болған жадау жанына жылт еткен үміт отын тұтатып, қуаныш ұялатқан тұсы да осы, лагерьде емес, ел ішіндемін дегені болды. Кеңсенің қағаз жұмысында көрінеді. Ол жастайынан орысша жазу-сызуға келгенде мәттақам, лыпылдап, қолы-қолына жұқпаушы еді. Сол әдеті пайдаға асқан-ау. «Үй жалдап тұрамын», — депті.
Бұл — күйеуін, балалары әкесін енді қайтып көреміз бе, көрмейміз бе деп көкіректері қарс айырылып жүргендерінде мына хаты ағыл-тегіл ақжолтай қуанышқа қарқ қылғаны.. Алдыңғы жолғыдай қамауда, лагерьде емес, бір тәуірі, әйтеуір, бейбіт елдің ішінде, қарауылдың дөң айбатынсыз жүріп-тұратынын қуана жазыпты. Қайран еркіндікке не жетсін! Бұдан артық Тәңірінің жарылқауы болар ма? Бұған тәубе айтпай қайтсін? Тек, шалғайда дегені болмаса... Шалғайда жүргені қайтер дейсің?! Қайда жүрсе де аман жүргені неге тұрады?!
Марғуа үстінен ауыр жүк түскендей, жеңілдеп сала берді. Бойы сергіді, еңсесін езген мұң кейін серпілді.
Күйеуінің хаты көкейіндегі көп нәрсеге қозғау салды. Әуелгіде есіне келгені — «ол жақта да ел тұрады екен ғой» — деген болжам еді. «Үй жалдап алдым» депті. Ел тұрмаса, ол үйді қайдан жалдап жүр? Әлденеге көңіл шіркін елегізе береді. Он ойланып, жүз толғанды. «Тұрмысқа икемі жоқ еді, ол қайтіп ас ішіп, күнін көріп жүр екен. Маған осы неге Мұқанның қасына барып, асын пісіріп, кірін жуып жүрмеске?» Бастапқыда өз ойынан өзі шошып қалды. Несі бар? «Не де болса, Мұқанның артынан барсам қайтеді» деген жасқаншақ, ой ұлғая-ұлғая беймаза тілекке айналғандай. Жатса да, тұрса да ойынан кетпеді. Тек күйеуі қарсы болып жүрмесе...
Тәуекел деп, отыра қалып, Мұқанға хат жазды. «Барсам қайтеді?» деген ойының шет-жағасын жұқалап жеткізді. Хатын жіберетін жерге өз қолымен апарып тапсырды. Хат жолдаудың барлық тәртібі өзгермеген, бұрынғысындай екен. Айына бір хат жазуға ғана рұқсат. Оның да аузын желімдемей, ашық күйінде өткіздіртеді.
Мұқаннан жауап келгенше Марғуа тағы мазасыз күйге түсті. Ара-арасында тәтті қиялға беріледі. Күйеуімен қауышуға, жаңа қонысқа, жайсаң ләззатқа ынтыққан аңсары алып ұшады-ақ. Алыстан шұғылалы шуақ шашып, үміт оты қылаңдайды. Мұқанға қазір-ақ, жетердей, міне жетердей Марғуаның қиялы қанша шарықтаса да, Сібір дегенді елестете алмай қор болды. Бір жағы күйеуінің үнсіздігінен тосылады.
Төзімінің шегін үзгендей болып барып, Мұқанның келесі хаты қолына тиді. Күйеуі бұның «Барсам қайтеді?» дегеніне риза болып қалған сыңайлы. Бірақ, қауіп-қатердің көптігін айтып, әйел адамға жалғыз жол жүрудің қиындығын алға тартыпты. «Асықпай, ойлан! Бәлкім, көктемге қарай, не жаз шыққан соң келемін десең — бір жөн» дегендей ыңғай танытыпты. Әйтеуір, «Келме» демеген. Барамын деп оқталған соң, қысы не, жазы не? Бәрібір емес пе? Көктемге дейін қалай шыдасын? Нар тәуекелге бел буған түрі бар. Әуелі енесіне ақыл салды. Алды-артын бағып сөйлейтін үлкен кісі ғой:
Мен не дейін? Сенің біздің босағаға түскеннен бері күйеуіңмен бірге тұрғаныңнан, бөлек жүргенің көп болды. Жалғыздық сені қажытып тастады-ау. Білемін, сөнуге айналып барасың... Мұқан да қайбір жетісіп жүр дейсің? Қасында болайын дегеніңе кім қарсы тұрар. Тек үкіметің қалай қарар екен бұған?
Бұл Марғуаның ойламаған жағы екен. Тұйыққа тірелгендей. «Қасында болғызбаса, қайтіп келермін», — деп түйіп қойды.
Қайныңмен ақылдас. Не айтар екен? Көзі ашық қой. Бірдеңенің жөнін білсе, сол білер. Алдынан өт. Сен кетсең, осы үйдің ауыртпалығы соған түспей, кімге түседі? Соған салмақ сал, деп, көзін бір шылап алды.
Қайнысына барып:
Мен ағаңа барып келейін деп едім, — деп, жай-жапсарын айта бастап еді, қайнысы бастапқыда сасып қалды. Сасқаны соншалық, аузына жөндем сөз түспей, тұтығыңқырап:
Жеңге, қалжыңдасаң, байқап қалжыңдасаңшы, — дейді.
Қалжың емес, шыным.
Марғуаның қандай іске оқталғанын түсінгенде барып, сары уайымды соғып қоя берді:
Қалай жетемін деп отырсың? Алдың қыс екенін ойладың ба өзің? Қалай жол тауып жүрмексің? Немене, орманның қиян түкпірінде тақтайдай жол сайрап жатыр дейсің бе? Әлде қаладағыдай ағылып, көлік жүреді дейсің бе? Адасып үсіп өлсең не ит-құсқа жем болсаң, балаларыңа не бетімізді айтамыз?
Балалар келісіп отыр ғой. Әжелерінің қасында болады.
Олар не біледі екен? Балалардың сөзін — сөз деп. Райыңнан қайт, жеңге. Мен сені жалғыз жібере алмаймын. Жазға дейін шыда, жазда өзім апарып келейін.
Алладан бұйрық келмей, адам өлмейді. Ал, өле қалсам, ағаңның жолында — жаным пида. Алла өзі жар болсын...
Марғуа біреудің сөзін ұғатындай халден қалып еді. Бүкіл ниеті жол жүруге ауып кеткен ол барша ой-санасымен тым, тым алыста жүргелі қашан?
Екеуі мәмілеге келе алмай, ұзақ тәжікелесті.
Менің сөзімді қош алмайтының бар, несіне ақылдасқан болып отырсың? — деп, ренжіді қайнысы. Оныкі де жөн еді.
Енем мен балаларға көз қырыңды салып жүр. Өзіңе сеніп қалдырып барамын. Менің енді сенен басқа арқа сүйер кімім бар? — деді Марғуа босап.
Бұның бетінен қайтпасына көзі жеткен соң қайнысы амалсыз жұмсарып, жол қамын ойласты.
Марғуа Мұқан келгенде әперген өңі түзу біркиер деген көйлек-көншегін түгел сатты. Күйеуіне бір қабат жылы киім-кешек алды. Қайнысы соғымға деп борлап отырған ортан қолдай семіз қойын базарға шығарып, қасап қылып сатып еді, әжептәуір пұл болды. Түгелімен қалтасына салып берді.
Пойызға билетін әперіп, өзі шығарып салды. Пойызға отырған соң ғана көңілі орныққандай. Мұқанға бара жатқаным шын ба, өтірік пе деп, өзі әлі сенбейтіндей. Көңілінде — қуаныш, жүзінде — нұр. Күйеуінің саяси сенімсіз пақыр болып, бас еркінен айрылып, айдалғаны қаперінде жоқ, итжеккенге өз еркімен бара жатқанына сонша қуанғаны. Алдында қандай жол күтіп тұрғанын ойламасқа бекінген, ойлауға зауқы соқпайды. Не де болса, маңдайға жазғанын көреді. Тәңіріне жалбарынумен келеді. Алласы, өзі жолын оңғарсын... «Тәуекел түбі — желқайық, өтесің де кетесің» демеуші ме еді? Ендеше, тәуекел! «Әмсе, алла-тағала еңсесін биік ұстап, жігермен алға ұмтылғандарды жақсы көреді», — деп әжесінің айтып отыратыны есіне түсті. «Алла-тағала дұрыс жолға қойған адамды ешкім адастыра алмайды», — деуші еді тағы. «Тура жолға бастай гөр», — деп жаратқаннан тілеуде...
Бір сенгені — Мұқанның соңғы хаты. Келіншегінің көкейіне алған ісін орындамай тынбайтын әдетін білген соң ба, егер келе қалсаң, қажеті болар деп, қай жерге дейін пойызбен, одан ары қай арадан машина тосуға, қай-қай жерлер арқылы жетуге болатынын жазып жіберіпті. Күйеуі қандай жол сілтесе, соған түсіп алып, аттай шауып жөнелетін о бастан бойға сіңген әдет қой. Қазір де сол сызып берген жобамен «Сібір, қайдасың?» деп, тартып келеді.
Терезеден төңірекке көз тастайды. Алатау баурайында — алтын күз. Мәуелі бақтар көздің жауын алғандай. Тау сілемдерінің көрінісі алыстан көз арбайды. Күнгей жағы сары алтындай жарқыраса, теріскейі қарауытып көрінеді. Осы көріністі бұрын да байқап, Мұқаннан сұрағаны бар. «Күнгейіндегі тал, қайың, емен, терек қой. Олардың жапырақтары күзде сарғайып, сап-сары, қызыл қошқыл, сары тартпай ма? Содан алыстан сағыммен құбылып, алтындай жарқырамай қайтсін? Теріскейіндегі — қарағай ғой. Қарауытып көрінетіні — сол», — деп ұғындырып еді. Міне, бұлдырап олар да артта қалып барады..
Бір күн, бір түн жүріп Жетісу жерінің шетіне шықты. Оны қуқыл тартқан жер реңінен танып келеді. Айғыз, Таңсық стансаларынан өтті. Жастайынан құлақтары қанып өскен Баян сұлудың апалары ғой. Мәңгілік елеске айналған бейнелер. Қозы Көрпеш пен Баянның мазарының тұсына келгенде жолаушылар жапа тармағай терезеге үңілді. «Е, арманда кеткен асылдар», — деп күбірлеп, Марғуа ұзақ дұға қайырып, бетін сипады. Аягөзге де жетті. Аягөз — айдай сұлу қыз екен. Аягөз өзені оның көз жасынан пайда болған деседі, ескі аңызда. Рас болса, рас шығар. Марғуа өзінің көз жасын жинаса, қанша болар еді деп ойлады... «Тү-у, ойламайтын нәрсені ойлап маған не көрінді?» — деп, өзінен-өзі қабағы кейіс тартты.
Ара қонып, атақты Семей шаһарының шетіне де ілінді. Мұқанның Семей түрмесінде де жатқаны есіне түсті. Сонда алыс сынып, қорғанып келе алмағанына қазір ұялды. Енді, міне — ту-у қиырға алыссынбай-ақ кетіп бара жатқаны. Беу, дүние-ай. Талай жақсылардың көзін көрген көне жұрт қой бұл. Марғуа сыртқа шығып, ауасын жұтты.
Пойыздары Семейден ары тағы бір күн жүріп, екі елдің шекарасына аялдады. Одан әрі орыс елі басталмақ. Осыны ойлағанда оның жүрегі дір еткендей. Бір айдан бері көкірегі алып ұшып, небір тәтті қиялдарға еліктірген қуанышы енді табан астында күдікке айналғандай. Ол айдалада жападан жалғыз қалғандай сезінді өзін.
«Мұқанды іздеп бара жатырмын ғой. Ендеше неге босаймын?» — деп өзіне-өзі қайрат беріп, көңілін демдейді. Сөйтсе дағы, неғұрлым жол ортасына жақындаған сайын — соғұрлым күдік, күмән ұлғая түскендей. Бөтен елдің, басқа жердің сесінен жүрегі шайлығып, атой салып, шошына уайымдады. Міне, орыс елінің қалалары басталды. Рубцовка, Бийск, Барнаул деген жерлерге тоқтай-тоқтай Сібірдің астанасы іспетті — Новосибирь қаласына жақындады. Осы арадан жан-жаққа жол тарамақ. Марғуа бұл пойыздан түсіп, басқасына ауысып отыруы қажет. Қайнысы солай деп түсіндірген.
Келіп, пойыздан түскен бетте жүрегі дүрсілдеп, бойын алғаш рет үрей биледі. Аңыраған сұп-суық желі терісінен қайырып тұр екен. Өңменінен өткендей. Перронда ақырып біраз тұрды. Жүрейін десе, жүгі ауыр. Буыншақ-түйіншегімен қарға адым жер мұң болып, алақтап жан-жағына қарайды. Дағдарған бұның қасына қартаң теміржолшы жұмыскер келіп, жөнін сұрады. Сұрамаса да басқа жақтың адамы екені түрінен-ақ көрініп тұрған жоқ па? Құдайға қараған жан екен, вокзалға кіргізісіп жіберді. Соның жөн сілтеуімен Красноярға баратын пойызға билетін тіркетіп алды. Пойыздың келуін ұзақ күтіп жатты. Вокзал іші у-шу, қара-құра адам кеп. Бұл бәрінен секемденеді. Мұқанға алған жылы киім-кешекті салған сөмкесін тас қылып ұстап алған күйі — бір орыннан тапжылмады. Ол өзі екі күнде бір жүретін пәлекет пе, сарылып көп күтті. Сөйтсе, күтіп жүрген жалғыз бұл емес екен. Красноярға баратын поезд келе жатыр дегенде бүкіл вокзал ду көтеріліп, тысқа шыққандай. Құдайдың желеуімен, әлдекімдердің демеуімен пойызға мініп, көрсетілген орнын тауып отырды. «Иә, Құдайым, жолымды оңдай гөр» деп тіледі іштей.
Марғуа енді байқады, мына пойызға мінген жұрттың кескін-кейіптері әр қилы, ұсқындары жұпыны, көзге қораш ала-шұбар топ. Көбісі қабақтары түксиген, мұжық тектес. Көздері бір орында тұрмай, тіміскілей қарайтындай. Қайнысының бұны бетінен қайтармаң болып айтқан кептері еріксіз есіне оралды. «Сібір — ежелден күдікті дегендерді тобымен тоғытып айдайтын жер емес пе? Патша заманынан бері солай. Қашқындардың бас сауғалап жүретін жері де сол...» — демеп пе еді? Сол сәтте өзін қорқытуға әдейіге айтып отыр десе де, қазір соның айтқанында шындық бар ма деп қалды. Марғуадан ес кетті. Қоянның көжегіндей қалтырап, жан-жағына қарамауға тырысып, бүрісіп отырып қалды. Айналасындағылар темекі тартып, карта ойнап, қарқ-қарқ күлісуде. Бір уақытта әңгіме аңшылыққа ауысты. Кім қанша аю атқанын айтысып мақтануда.
Марғуа тіпті бұға түсті.
Бұның үрейлі жүзіне қасындағы егде әйел әуестікпен та қырқай қарап отырған. «Бұл азиат қайдан жүр?» деп ойласа керек. Ақыры шыдамады білем:
Алыстан келесің бе? — деді, жылы раймен сөзге тартып.
Алыстан, — деді бұл. Бір пенденің жылы ұшырағанына қуанып кетіп еді.
Сені алыс сапарға алып шыққан қандай құдірет күші екен ?
Осы жаққа айдалған күйеуімді іздеп келемін. — Марғуа бұлтара жауап беруді білмейтін, шынын айтып қарап отыратын әдетіне салды.
Өзім де солай шығар деп ойлап едім. Қорықпа, қызым. Көпшіліктің ішінде отырсың ғой, бұл арада саған ешкім тиіспейді. Шешініп, еркін отыр.
Марғуа қорыққанынан өзін тым оғаш ұстап отырғанына қолайсызданып, ұялыс тауып қалды. Рас-ау. Вагон толы адамның арасында бұны жау ала ма?
Қазір шай ішеміз.
Ол бір жерден барып, ыстық су алып келді. Екеуі әлденелерді тіске басып, шай ішкен болды.
Сібірде аю көп дейді ғой, — деді бұл, қайнысынан естіген тағы бір қаупін ойлап.
Көп екені рас. Есіңде болсын, қандай жыртқыш аң болмасын, өздігімен адамға шаппайды. Адамның иісінен сескенеді.
Солай ма? — деді Марғуа тіпті қуанғандай болып.
Солай! Мен аңшының қызымын, аңның жайын білемін. Өзің байқамай, үстінен түсіп қалмасаң, не шабуыл жасамасаң, сенде несі бар? Адамға қарсы шабуы — қорғаныс әрекеті ғой. Қазір аңдардың тоқ кезі, қауіп аз. Тайгада аң қауіпті емес, балам, адам қауіпті. Осыны ұмытпа. Жолда жалғыз жүрмеген жөн, адамдарға қара тартып, адам қарасы мол жермен жүруге тырыс.
Серігінің бір сөзі көңілін орнықтырса, бір сөзі үрейін ұшырғандай, ойының ойпыл-тойпылын шығарды.
Ал, қазір жатып, тынық. Красноярға ертең ерте келеміз, — деді көршісі.
Марғуа қисайып жатқан болды. Ұйқы қайдан келсін? Жүргенінен тұрғаны көп мына пойыздың мимырт жүрісі жүйкесін қажап, түсе қалып, мына ала-шұбар топтан тұра қашқысы келеді. Қашып қайда бармақ? «Япырым-ай, не күйеуіме, не елге жете алмай, айдалада қалар ма екенмін?» — деген де күдігі жоқ емес. Жақындаған сайын әр нәрсені бір уайым етіп жатыр. Жолдың қиыны әлі алдында екенін бүкіл жұлын-жүйкесімен түйсінген түрі бар. Әлгі әйелдің сөзінен кейін жол-жөнекей кезіккен көлікке де отыруға қорқып қалғандай. «Құдай, өзің сақтай гөр».
Красноярға таң алдында келді. Қасындағы қартаң әйел орнынан тұрып, бұған түсуге жәрдемдесіп жіберді. Өзі ары қарай барады екен. Жол болсын тілеп, іште қала берді.
Бұл жақта қыс демі тіпті сезілгендей. Қылаулап қар ұшқындайды. Пойыздан түскен жұрт лезде жым-жылас тарап, бұл состиып жалғыз қалды. «Қалай қарай жүруі керек? Қайда барады? Әлде, қала оянғанша вокзалда тоса тұрғаны жөн бе?» Жан-жаққа тартқан ойын жинай алмай, дағдарып біраз тұрды. Үстіндегі күздік пальтосы мен брезент бәтеңкесі таңғы мына суыққа лыпа болатын түрі көрінбейді. Ішкі үрейден бе, салқыннан ба бойы қалтырап, сақылдап қоя берді. Бір орында тұра бермей, вокзалды айналып, қала жақ бетке шықпақ ойы бар. Жүктерін сүйрелеп, енді қозғала бергенде сақалы белуарына түскен қарт жанына келіп:
Күтіп алушың келмеген бе? — деді жылы шыраймен.
Жоқ, келмеді, — деді шошып қалған бұл.
Көмегім керек пе деп келіп тұрғаным ғой, — деді сөзінің мәнісін түсіндіріп.
Марғуа анадайда тұрған ат-арбаны енді байқап мына қарттың арбакеш екенін сонда барып аңдады.
Жүр, қалаға дейін апарып тастайын.
«Тәңірінің мені жарылқағаны-ай», — деп қуанды бұл. Қарт жүгін көтерісіп, ат-арбасына қарай бастады.
Қай жерге дейін бармақсың?
Нақты айта алмаймын.
Қаланың қай жағына дегенім ғой.
Алысқа. Осы жақта айдауда жүрген күйеуімді іздеп келе жатырмын, — деп жөнін айтты.
Гм-м, — деп қойды қарт. — Жер аударылған десеңші...
Солай...
Өзің қайдан іздейтініңді анық білесің бе?
Мұқан хатында қаланың күнбатыс жағында биік ескі бейіттер бар, соның қасынан үлкен жол өтеді. Сол жолға шығып. машина тосасың. Машиналардың көбісі мен тұратын ауданға соғып өтеді деген. Қартқа соны айтты.
Көне мола бұдан біраз жер. Көлік болмаса, жете алмайсың, қаланың сыртында. Апарып тастайын, — дегені.
Бұның іздеген күре жолы шынында, алыс екен. Қаланы айналып, бірқыдыру жүрді.
Қарт жеткізіп салып:
Мына арадан машинаға қол көтересің, — деп, аялдамаға ұқсас қалқаға жүгін әкеліп қойды. Бұл алғысын жаудырын, керегі болар деп алдын ала дайындап алған тиын-тебенін ұсына берді.
Қой қызым, бұның не? Мен Алланың разылығы үшін алып келдім. Алыстан келе жатқан жолаушы екенсің. Ақы алмаймын, — деп, қылаулаған қар қиыршығы қонақтаған бурыл сақалын салалап қойды. Бұл сасқалақтап:
Ендеше, тұра тұрыңыз, — деп, сәлем-сауқат салған сөмкесін ашып, Алматының нарттай қызыл алмасының біреуін алып ұсынды. Қарт құшырлана иіскеп:
Паһ, иісі қандай тамаша! Пейіштің асы ғой бұл, — деді. — Қош. Құдай іздегеніңді табуға жазсын, — деп, арбасына отырып, жүріп кетті. Бозала таңдағы боз тұман аралас алакөбеңде тағалы аттың тұяғының дыбысы мен арба дөңгелегінің салдыры біркелкі ырғақпен көпке дейін естіліп тұрды. Біртіндеп тұманға жұтылып, ауаға сіңгендей бәсеңдеп тұрып семді. Марғуаға әлгі қарт Қыдыр атадан бір кем көрінбегендей. Қоштасардағы айтқан тілеуіне «Әумин» деді іштей.
Марғуа қалқаның ың жағына келіп тұрды. Бір томар жатыр екен соған отырып, төңірекке көз салды. Әлгіндегідей емес, жарық түсіп, тұман сұйылды. Жер мен көктің ара жігі ажырай бастағандай. Тұман түріле бір қарыс, бір құлаш, кісі басы көтерілгенін бақылап отырды. Айналасы көз көрім жерге дейін ашылғанда жолдың бір жағындағы жотаға қарай созылып жатқан көп бейітті, екінші жағындағы сыңсыған қалың ағашты аңғарып, үрейі ұшты. Бейіт жақтан да, ағаш арасынан да анталап әлдекімдер шыға келетіндей, зәре жоқ. Жол бойында қараң-құраң елестер пайда болғандай. Бұл қақшиып, қатты да қалды. Әлгі қараңдағандардан көз айырар емес. Жақындап келеді, жақындап келеді. Адам екені анық. Қандай пиғылдағы жандар? Әйел-еркегі аралас топ екен. Әйел барын көріп, жүрек тоқтатқандай. Сөйтсе, бұл ара көлік тосатын орын сияқты. Адам қарасы молая берді. Бірақ өтіп жатқан машина аз. Түске қарай бірді-екілі жүк машинасы өтіп еді, оны тоқтатып, қорабына бірталай адам мініп кетті. Бұл жақта кездескен машинаның үстіне отырып жүре беру — таңсық емес көрінеді. Марғуаның қобалжыған көңілі сәл жайланғандай. Жол тосып тұрған жалғыз бұл емес. Несіне қорқады? Жиналғандар арасынан бұның қайда бара жатқанын сұрағандар бар. Сыртқы пошымы басқа болған соң сұраған шығар. Айтқан. Бұған керек ауданға баратындар да табылды. Бұл соны да ес көріп, қуанып қалды. Келесі бір тоқтаған машинамен сөйлесіп келген жігіт: «Ал, Сухобузимге дейін қайсың едіңдер, жүріңдер», — деп бәрін шақырды. Жұрттан қалмай, жүктерін сүйрелей бұл да жылжыды. Өзінде, сөмкелерін де лып көтеріп, біреу отырғызып жіберді. «Құдай тілеуін берді», — деген осы. Зымырап келеді.
Қасындағы әйелден ауданға қашан жетерін сұраған. «Түс қайта, не кешке жақын. Оны машинаның жүрісі біледі». Бұның, шетсіз, шексіз қазақ даласынан жер жетпегендей бір қиырдағы Сібірге айдалған, бейбақ күйеуін іздеп, сарсаң болып келе жатқанын естіген машинаның үстіндегі топты адам бірі аяй, бірі мүсіркей, бірі таңданыспен, бірі жанашырлықпен: «Ой, байғұс-ай! Бейнетің бейнет-ақ екен» десіп, бір қауқылдасып, басылды. Марғуаның «Күйеуімді іздеп келемін» деген бір ауыз сөзі естіген кісінің көңіл пернесінен бір қылын тербеп, жолашар кілт болғанын болжады. Неше күннен бері байқап келеді, көңілдерін ашық ұстайтын халық екен. Шыныңды айтып, жөнін сұрасаң, қолқ ете қалатын мінезі бар секілді.
Екінші кезеңде бір қырға шыққанда жалпағынан жайылып жатқан поселкенің жобасы қарауытып көзге шалынды.
Сухобузиміңіз анау. Сізге оның қай жағына бару керек? — дейді бағанадан жағы тыңбай келе жатқан сөзшең жігіт.
«Таежный тупик» селосы.
Оһо! Ол алтын кені жақта. Алыстау! Машина сирек жүреді. Тұйық десе, тұйық қой.
Сен адамның есін шығарып, қорқытпасаңшы, — деп, оны егде біреуі тыйып тастады.
Саған онда ауданға кірудің керегі жоқ. Әй, балам, ана жол айрығына жеткенде машинаның кабинасын қақшы.
Бір жерге келгенде әлгілер машинаны тоқтатты.
Ал, жақсылап тыңдап ал. Осы жерден түсесің. Анау тауға қарай қиғаштай созылып жатқан жолды көрдің бе? Сенің баратын жағың сол жақта. Ана таудың ар жағы. Қазір кішкене жүрсең, бұрылыстан кейін, мен жаңылмасам, бекетшінің үйі шығады алдыңнан. Қараңғы түспей сол араға жетіп ал. Бүгін енді олай қарай машина шықпас. Ертең ерте алтын кенішінің жұмыскерлерін таситын көлік өтуі керек, содан қалмауға тырыс, — деп, әбден ұғындырып, түсіріп кеткендері.
«Қазақтың осы жер дегені — көш жер» деуші еді. Соның кері келді. Бекетшінің үйі жеткізер емес. Марғуа ақыл тапты. Айдалада бір өзінен басқа жан жоғы анық. Әуелі бір сөмкесін бірталай жерге дейін апарып тастайды. Қайтып келіп, екіншісін алып кетеді. Өстіп бір алға, бір артқа қарай, екі жүріп келеді. Адамнан қулық артылған ба? Өзінің бұл қылығына күлін қояды. Бұрылысқа да жетіп қалыпты. Кенет...
...Кенет, артынан әлдекім тесірейіп қарап тұрғандай жон арқасы шымырлағандай. Бір сұқ қадалғанын сезді. Бұрылып артына қарауға дәрмені жетпегендей тоқтады. Алға қарай бір екі аттап, тағы тоқтады. Жайлап артына қарай бұрыла беріп, сілейіп тұрды да қалды. Атша тулап, аузына тығылған жүрегі үрейден жарылып кетер ме екен? Анадай жерде бір ақтөс қара аюдың өзіне қарап, адам сияқты шоқиып отырғанын көрді. Тапжыла алмады. Қашса, тура қуатындай. Есіне пойызда кездескен әйелдің сөзі түсті. «Өздігінен тиіспейді деген сөзі қайда?» Аю бұған, бұл аюға қарап, арбасып қалғандай. «Сен өзің не істеп жүрген жансың? Ненің азабы — сонша жүкті сүйреп. Ненің бейнетін кешіп жүрсің?» деген кісідей қарап отыр. Марғуа өлген жерім осы шығар деп, көзін тарс жұмып алды. Тәңірінің жазғаны осылай болса, не шара. «Бисмиллаһир рахмани рахим», — деп дұға қайыра берді. «Қашан келіп бас салар екен?» Тым-тырыс. Көзін ашқанда оның орнынан тұрып, балпаңдай басып, орманға қарай бұрылып бара жатқанын көрді. Жауырыны бүлкілдеп бұта арасына жасырынып, көзден тасалана бергенін көргенде бойын мұздай тер жауып, жерге сылқ отыра кетті. Жүрегі зырқырап, өкшесіне бір-ақ түскендей. Жалма-жан ұшып тұрып, жүгін сүйрелей алға ұмтылды. Жұлын-жүйкесінің тас түйін болғаны соншалық — сөмкелерінің ауырлығын да сезінбеді. Жеңілденіп кеткендей-ақ, дедектей жөнелді. Бекетке де жетіп қалған екен. Алдынан орта жастағы мосқал әйел жүгіре шығып, жүгін көтерісіп, үйіне кіргізді.
Марғуа дірілдеп-қалшылдап, есін жинай алсашы. Тілі байланып қалғандай. Сөйлемек түгілі, жылауға шамасы келмей, құр кемсеңдей береді.
Көрдік. Көрдік бір ажалдан қалдың. Құдайың сақтаған шығар. Енді ештеңе ойлама. Болар дүние болды, өтті-кетті, — деп, шынтағынан демеп, сәкіге әкеліп отырғызды.
Дүлей жыртқыш көз алдынан кетпей тұрса, қалай ойламасын.
Мә, мынаны іш, — деп әйел стақанға құйып қою қара шай түстес әлденені ұсынды.
Стақанды қолына ала беріп еді, дірілдегеннен төгіп ала жаздап, қос қолдап ұстап, ерніне әрең тигізді.
Қорықпа, у емес, шөптің тұнбасы. Іш, жүрегіңді басып, үрейіңді қайтарады.
Өткір иісі бар, тамақты қыратын қышқылтым нәрсе екен, бөліп-бөліп зорға жұтты.
Сайтанның сапалағы, бүйтіп үйге жақын жүрмеуші еді, қайдан келгенін?
Қайдан келді дейсің? Таудан! Ол жақты күні-түні туталақай отап ағаш кесіп, қопарып кен іздеп жатқан жоқ па? Жан сауғалап ойға түспей қайтсін? — деді бұлардың үстіне кірген ер адам қолындағы қосауыз мылтығын қабырғаға іле беріп. — Не айтатыны бар. Тайғаның ежелден қожасы солар еді. Біз — күнәһар тойымсыз пенделер ғой келіп алып, оның тынышын алған. Оның да зауалы болар...
Сен немене өзің, аюдың жақтас қорғаушысы болып жалданғаннан саумысың? Әлде, сені үйдегі ана екі әйелге осыны айтып кел деп жіберді ме?
Жоқ, мархабаттым! Жолыға алмай қалдым. Адастырып кетті. Ертең із кеспесем, бүгін қараңғы түсіп, ары қарай қуа беруге қауіптендім.
Бәсе, бәсе... Құр сөзді көйітіп отырғаның сол екен ғой.
Әйел, осы сенің айдалаға сөйлейтінің не?..
Марғуа ерлі-зайыпты екеудің аю тап бір құрдастарындай-ақ іліп-шалып қалжың сөзбен қағыстырғандарын ойын көргендей-ақ, таң-тамаша қалып, тыңдады да отырды. Осының бәрін мұның көңілін басу үшін айтып жатқандай. Қорықпай жапандағы жалғыз үйде қалай тұрады екен деп, бұл ойласа, жұдырықтай келіншек ну орманға адасып қайдан келді деп, олар таң.
Жол бойындағы жалғыз үйге кісі — таңсық. Бір қараның келе жатқанын алыстан байқаған олар «Біресе алға, біресе артқа жүрген, бұл өзі неғылған жан, есі дұрыс па өзінің?» деп, жазғырып отырғанда, ағаш арасынан бір маймақ шығып, оған ілескенін көргенде «аһ, сорлы» десті. Күйеуі мылтығын ала салып, жүгірген екен. Аюдың бұрылып алып кейін кеткені — мылтықты адамнан сескенгені екен ғой.
Марғуа «Құдай бір қатерден сақтады» деп, іштей тәубасын айтып, мына кісілерге мың қайтара алғысын жаудыруда. Ажалмен бетпе-бет ұшырасып, оның суық демін бүгін анық сезгендей. Жон арқасы қайта шымырлады. «Балаларымның көз жасына қалған шығармын. Алласы соларды әкелерінен тірідей, шешелерінен өлідей айырмайын деп есіркегені ғой. Әйтпесе, ажалы қасында екі-үш қадам ғана жерде тұрды емес пе?» Көңіліндегі үрей бірте-бірте тарағандай, тілге келді.
Енді жүз жасайсың, — десті үй иелері.
Бұның түр-түсінің өзге өлкеден екенін аңғарған соң жайлап жөн сұраған. Сұрамаса да өзі айтқалы отырған. Тентіреп, телім-телім болып айдалып кеткен күйеуін іздеп шыққан беті екенін естігенде әйелі, аһлап-уһлеп қоя берді.
Аһ, бейнетке жаратылған сорлы екенбіз ғой, біз әйел деген, — деп көзін шылап алды. Марғуаға іш тартып, аяғаны болар. — Осылар біздің сол қадірімізді білер ме екен десеңші... — Мұны айтқанда күйеуіне ала көзімен ата бір қарады. Сірә, оның әйелі алдында мінді болған жері бар-ау. Сымдай тартылып, сіресіп қалған жұлын-жүйкесі жаңағы шөп шайдың әсері ме, әлде мына жандардың ашық-жарқын пейілінен бе, босап, жұмсара бастағандай. Екі қолының қары әбден талғанын енді біліп отыр. Денесі дел-сал.
Бекетшінің үйі — үйден гөрі вокзалдың күту залына көбірек ұқсайтындай. Жағалай тақтай сәкі шегеленген. Ортада биік орыс пеші, оттығында сақылдап, шәугім қайнап тұр. Қасында биік стол. Енді байқады, пештің ар жағында темір кереует, оған бояуы оңа бастаған гүлді матадан перде тұтылыпты. Шамасы, үй иелерінің жатар орны. Жұпынылығына қарамастан көңіл жайланарлық жылылығы бар осы үйде өзі секілді міскіндерді ажал тырнағынан арашалар кие бардай көрінді. Әрі өзінің үйін еске түсіріп еді. Қорқыныштан арылып, жайбарақаттанған бір күй. Маужырап, көзіне ұйқы тығыла бастады. Сөмкесін жастанып, пальтосын жамылып, сәкінің үстіне қисая кетті.
Ұйықта, ұйықта, — дейді үй иесі әйел. — Байғұс-ау, жанынан безген сені қай құдай жетелеп үйіңнен алып шықты екен. Әлде соры қайнаған бейбақсың ба?
Марғуа оны естіп жатқан жоқ, тап бір мамық төсекте жатқандай-ақ, тұяқ серіппей қатып қалыпты.
Таңертең ерте біреу оятқандай шырт ұйқысынан оянды. Қайда жатқанын есіне түсіре алмай, жан-жағына қарап, дал болып біраз отырды. Біртіндеп кешегі оқиғалар есіне түсіп, жұмыскерлер мінген көлік өтіп кетпеді ме екен деп, запыс болған қу жүрек суылдай жөнелді. Далаға атып шығып, төңірекке көз тастады. Үй иесі қора-қопсы жағында жүр екен. Ол, ешқандай машина өткен жоқ, жүрсе енді жүрер дегенде барып көңілі орнына түсті. Кешеден бергі жақсылықтарына алғысын айтып, жамбас аңысына артығымен пұл қалдырып, Мұқанға деп алып шыққан елдің дәмінен, таңсық ас қой деп, әжептәуір ауыз тигізіп, алла жар болсын айтып, тағы жол тосуға шықты. Таңғы тыныштықты дар-дар жыртып, гүрілдеген мотор дауысы алыстан естілді. Үй иесі әйел ең бір қимасын шығарып салғандай, жүгін көтерісіп, күйеуіңе аман-есен жете гөр деп тілеулес болып тұр.
Жол тосқан әйелді көрген машина дәл қасына келіп тоқтады. Тоқтар-тоқтамастан жүргізуші:
Алтын кенге ме? — деп сұрады. Бұл баратын жерін айтқанда сөзге келмей:
Отыр, — деді. «Тү-у, құдайдың игені-ай! Мұндай жолы болар ма?!»
Машинаның үсті еркек-әйелі аралас толған адам еді. Бір жастау әйел ығысып, қасынан орын берді. Бұның артынған тартынған жүгін көріп, таңырқаған түрлері бар. «Айдалада адасып жүрген қандай жансың? Бекетке қайдан келдің?» деп, жан-жақтан кеу-кеулеп сұрақтың астына алсын. Бәрін әуестік жеңді білем. Бұның соншама алыстан жаяу-жалпы күн кешіп келе жатқанын естігенде «Ой-ой-ой!» десіп, бастарын шайқайды.
Машина тау шатқалын бойлай өрге қарай ышқына, ыңырана әрең келе жатқандай. Екі жақ қапталы — қарағай. Мұндай қалың ағашты Марғуаның көргені осы. Ит тұмсығы өтпейді десе, дегендей. Машина шатқалдан шығып, еңіске тартты. Ағашы сирек, алаңқай-алаңқай болып ашылған жерлер көбейді. Біраз жүрген соң тегіс жазыққа ұласқандай. Осы жазықта жолды өндіріп алайын дегендей машина да зулады. Зулап келе жатып, бір араға келгенде кілт тоқтады.
Осы жерде түсіп қал. Мен «Таежный тупикке» кірмеймін, — демесі бар ма жүргізушінің.
Сасып қалған Марғуа:
Бағана барамын деп едіңіз ғой, — дейді жасқаншақтап.
Мен жол айрығына дейін ала кетемін дегенмін. Ары қарай өзің жетесің.
Ар жағы қанша жер?
Жиырма шақырым, — деді, қарқ-қарқ күліп.
Марғуа шарасыздан жылап жіберді. Үйінен шыққалы көзіне жас алғаны осы шығар. Кеше орманның тағысымен бетпе-бет тұрып та жыламаған басы еңіреп қоя берсін. Алыстан жиһан кезіп, еліне арып-ашып оралып келе жатып, тура туған қаласының төбесі көрінгенде кемелері суға батып, жағалауға жете алмай теңізге кеткен пақыр ерлер секілді, бұның да әлденеше сын сәттерден өтіп, дәл іргесіне келіп тұрып, күйеуіне жете алмайтыны батып еді.
Сен өзі, иманнан жұрдай қандай жан едің? Обал, сауап дегенді білесің бе?
Бұл соры қайнаған мыңдаған шақырым жер басып жеткенде — не, бір — жиырма шақырым, сөз бе екен? Жеткізіп тастау саған не тұрады?
Не қиындығы болып тұр?
Машинаңның майын аяйсың ба?
Отырғандар жан-жақтан шулап кетті.
Ақысын төлеймін, — дейді Марғуа мына топты кісінің өзінің сөзін сөйлегеніне арқаланып.
Ақша ма айтып тұрғаның? Ол қағаз емес пе? Сібірде ол маған неме керек? Одан да тамақ жібітетін бірдеңе болса, оның жөні бөлек... Әлде, күйеуіңе әкеле жатқан ондайың жоқ па?
Айдалада Марғуа оны қайдан тапсын.
Жанымда жоқ. Бірақ күйеуім де еркек қой, ішетін бір нәрсесі бар шығар, — деді батылсыздау.
Сенің көкейіңді бір жарты тесіп тұрса, менде бар. Әуелі мына адамды апарып тастаймыз, сосын кеніштің басына жеткен соң қоямын. Келістік қой, — деді бір азамат кесімді сөзін айтып.
Машина жолдан бұрыла шығып, қиғаштай тартып, көне соқпаққа түсті. Көптен көлік жүрмеген бе, шөп өсіп кеткен сүрлеу жолмен шоқырақтай жөнелді.
«Иә, сәт, құдай, өзің жар бола гөр!» — деп Марғуа отыр. Жүргізушіге сөздерін өткізгенге мына жұрт та мәз, көңілдері көтеріліп қалғандай даурығысып келеді. Аз жер емес екен, бірқыдыру жүрді. Шашырай қонған аз үйлі ауылға келіп кірді. Жақындағанда бұдан «Қайда барамыз?» деп сұрасты.
Кеңседе істеймін деген...
Сұрап жүріп, кеңсесін тауып, алдына келіп лоқ етіп, тоқтай қалды. Әлгі азамат:
Барып біл. Күйеуің анық осында ма екен өзі? Жер аударылғандарды бір орында ұзақ тұрғызбай, жиі ауыстырып жібереді, — дегені. Марғуаның жүрегі қайтадан зу ете түсті. Одан өзінің де хабары бар, Мұқан алғашында «Абахшино» деген жерде еді. Кейінгі хатын осы жерден жіберіпті. Бұл арада болмай қалса, қайтпек?.. Япыр-ай, Мұқанды таппай қалар ма екенмін деген үрей бойын билеп, машинадан түсіп, кеңсеге кіре алсашы.
Қол-аяғы дірілдеп, жүре алатын емес.
Бар, бар. Біліп кел, біз тосып тұрамыз, — деп шуласты жұмыскерлер. Мұқан бұл арада болмаса, осылармен қайта кетпекші.
Қорқа-қорқа кеңсеге енді. Іште қартаң тартқан жалғыз ер кісі отыр екен. Бұған мойын бұрып, таңырқай қарап қалыпты. Дереу қалбалақтап орнынан тұрып, бұған қарсы жүрді.
Сіз... Сіз Капчагаевтың әйелі емессіз бе?
Бұл дауысын шығарып сөйлеуге шамасы келмей, тек басын изей берді.
Ах, қандай қуаныш! Қандай бақыт! Ол түскі үзіліске кеткен, қазір келіп қалар, — дегенін естігенде Марғуа теңселіп барып, қасындағы темір пешке арқасын сүйеп, шаққа құламай қалды. Әлгі кісі жүгіріп келіп, сүйемелдеп ұстап:
Сабыр, көгершінім, сабыр, — деп, қолтығынан демеп, далаға алып шықты.
Машина үстіндегілер «Бар ма екен? Бар ма өзі?» — деп, жапырлай сұрап жатыр.
Әне, әне, өзі де келе жатыр, — деді қарт қолымен көшені нұсқап.
Қараса, алыста келе жатқан біреу көрінді. Көзіне оттай басылды. Мұқан! Дәл өзі. Екі қолын күпәйкісінің қалтасына салып алған, аяғын жайымен басып, асығатын түрі жоқ. Кеңсе алдына тоқтаған машина оған таңсық дейсің бе? Оған несіне алаңдасын? Сонымен бірге өліп-талып, итырықтап, титықтап, бұның келгенін қайдан білсін? Дауыс жетер жерге келгенде шыдамай қарсы жүгіріп:
Мұқан-ау! — деп бар даусымен шақырды ғой. — Бассаңшы аяғыңды.
Таныс дауыс қайдан шықты десе керек, жан-жағына бір қарап алып, еңкеңдеп жүгірсін. Міне, жетті-ау ақыры!
Бұл күйеуін құшақтап, дауыс салып көрісіп, армансыз жылады. Көрген азабын, сағынышын жаспен жуып, шағынғандай.
Машина үстіндегілер тегіс түсіп, бұларды қоршап алған. Олар да қатты қуанысып, бірі келіп құшақтап, бірі Мұқанның қолын алып, бірі бұның бетінен сүйіп:
Қандай бақытты едің?!
Бақ жұлдызының астында туған екенсіңдер!
Бақыт деп, міне — осыны айт! — десіп, мәре-сәре. Жалғыз бұлар емес, қарапайым жандардың өздерімен бірге қуанғаны — көрген жанды толқытты. Мұқан бұларға қалай алғыс айтуды білсе керек. Жүгіріп барып бір жерден ағы бар, қызылы бар бірнеше шөлмек алып келіп, қоржындарына салып берді...
Қандай бақыттысың, жарыңды әйтеуір іздеп таптың! — дейді бағанағы қасынан орын берген келіншек көзінің жасы мөлтеңдеп, қоштасарда.
Өзің де бақытты бол!..
«...Қандай бақытты едің!?» Марғуа өзі оны сезіне алып тұр ма екен десейші, осы уақытта?
Күйеуінің бір емес, екі емес, елінен-жерінен аласталып, «итжеккенге» айдалғаны, жанын шүберекке түйіп, оны іздеп, «тәуекелдің желқайығына» мініп, неше күн, неше түн жол бейнетін арқалап, нәр сызбастан бір түйір тәтті-дәмді болса да соның аузына тосайыншы деп, ерні кезеріп, таңдайы кеуіп, жүйкелеп-діңкелеп сапар шеккені бақыт болып па? Аң-құсқа жем болмай, қашқан-пысқандардың қолына түсіп, зорлық-зомбылық көрмей жеткені — шынында да бағы болса, бағы шығар, кім білген! Бірақ, шынайы бақыт емес сияқты. Марғуаның шамалауынша, шынайы бақыттың түрі — басқа болса керек. Егер де Марғуаның шын бақытты екені рас болса, тозақтан бетер бұл азапты көрмеуге тиіс еді ғой. Ондай бақтың, ендеше, жолы болсын!
...Марғуа шынында, бақытты ма екен? Бұл оған анық жауап таба алмаған еді...
* * *
«Бақыт, бақыт, сен қайдасың?» деп ойлаған бұл:
Дидарыңды анықтап бір көрсем етті... Бақыт сен қандай едің? Қайдасың? Көз жұмғанша көрсем деп ем... Бір көрінші көзіме, — дейді күбірлей.
Апа, бір нәрсе дедіңіз бе?
Жай, қарағым, өзімше сөйлеп жатқаным ғой. Алжыған кемпір не демейді? — Көршісінің аты да Бақыт екені есіне түсіп, қолайсызданып қалды. Осы бір сөйлеп кететін әдеті-ай!
Қайдағыны айтпаңызшы. Алжығаны несі? Сіз әдемі қар тайған бекзат, бақытты адамсыз ғой. Бізге сіздің жолыңызды берсін!
Тілеуіңе жет! — деді. Іштей: «Қарттықтың несі әдемі болыпты?» — деп ойлады.
Мен бүгін шығамын. Емің бітті дейді ғой.
Жақсы болыпты. Осы алған ем-домыңның алла шипасын салсын.
Рахмет, апа, өзіңіз де тыңайып кетіңіз...
«Мен қашан шығар екенмін?» Марғуа қасындағы кісі сауығып кетіп бара жатқанға қоңылтақсып қалғандай. Жанына енді кім түсер екен?
Көңілінің қалтарысынан сымп етіп шыға келген әлгі сауал оның ойынан кетпеді. «Сіз бақыттысыз ғой!» дегенді осында түскелі де қанша мәрте есітті. Міне, мына келіншек те айтып тұр. Бірақ Марғуа өзі бұған әлі жауап тапқан жоқ-ты. Бұл әлде, ұзақ ғұмырында оның тұщысынан гөрі ащысының дәмін көбірек татқандықтан ба, Марғуа: «Мен бақытты жанмын!» деп айта алар ма екен?..
Баяғыда, Сібірде айдалып жүргендерінде, «Елге жетсек бақытқа кенелеміз» деп ойлаушы еді. Солай болатындай көрінетін...
-12-
Мұқанның қасына жетіп, Марғуаның көңілі бірленді. Ол екі баласы майданда қаза тапқан кейуананың үйінде тұрады екен. Бұны сол үйге түсірді. Кейуана да қуанышты. Үйінен жас әйелдің кіріп-шығып жүргеніне оның да еңсесі көтерілгендей. Мұқан комендатураға барып, Марғуаға жиырма күнге рұқсат алып келді. Міне, нағыз қуаныш! Марғуа жиырма күн бойы Мұқанмен бірге емін-еркін жүріп-тұра алады екен. Заңға еш қайшы келмейді. Бірақ, қайда қыдырмақ? Мұқан жұмыста.
Марғуа барған бойда кейуананың үйінің ішін әктеп, төсек-орнын қағып-сілкіп, жуып-тазалап, мұнтаздай қылды. Мұқанның киім-кешегін жөндестірді. Үй иесінің бақшасын жинасты. Тұздайтындарын — тұздасты. Қысқа сақтайтындарын — қамбасына құйысты, әйтеуір, бір тыным тапқан жоқ. Кейуана қайтіп қуанбасын?
Жиырма күннің қалай өткенін сезбей де қалды. Бір күндей болмай өте шыққан секілді.
Бұл келгенде ел картобын жаңа қазып жатыр еді. Сол екі арада қалың қар жауып, тапжылмастан басып қалды. Енді Красноярға жету — машақат. Өткендегі жүрегіне тигені бар, Марғуа қайту жағын ойлап, мазасы кетті. Енді машинамен жету еш мүмкін еместей. Ал, Мұқанның сасатын түрі көрінбейді. Сөйтсе, оның бір ойлағаны бар екен.
Енді мұз құрсауламай тұрғанда су бойымен кеткенің жөн, — дейді.
Қалай? — депті ғой бұл жұлып алғандай. Зәрезеп болған басы бәрінен секемденеді.
Кемемен қайтарамын. Көресің әлі, ол пойыздан да жайлы, — дегенді естігенде көңілі жай тауып қалды. Мұқан не десе — көне кететін әдеті ғой.
Красноярға бірақ түсесің, — дегенде тіпті қуанып қалды.
Қайтарынан бір күн бұрын Мұқан отырып, тыңнан сөз қозғады.
Бізді осы жақтан қайтармайтын сыңайлары бар секілді. Сібірді игеру керек деп жатыр. Жер аударғандар — тегін жұмыс күші ғой. Одан, сірә, айрылсын ба? Мәкетай, мен қалған ғұмырымды осында өткіземін бе деп қорқамын. Содан қауіп қыламын, — деді тұнжырап.
Марғуа төбесінен біреу қос қолдап ұрғандай-ақ, сілейіп отырып қалды.
Мүмкін болса, жазда осылай келіп-кетіп тұрарсың. Келе алмасаң, өкпем жоқ. Мен саған екі дүниеде де разымын, — деп, бір тоқтады.
Бұл күйеуінің не айтпағын анық ұға алмай, көңілі айран-асыр.
Кейбіреулер, егер түпкілікті қалдырса, отбасын алдыртып, бірге тұруға рұқсат береді екен деп те соғып жүр. Зайыры — солай болатын шығар. Кім біліпті? — деп қойды.
Марғуада үн жоқ. Ішінен тынып, естіген кептерін көңіліне сыйдыра алмай отыр.
Ондай күн туып жатса, балалар мектебін бітірген соң осында келіп тұруыңа болады ғой, — деді жайлап, бұның тамырын басып.
Бұл Мұқанның өзіне салмақтап, бірталай сөз айтып отырғандағы басты қолқасы — осы екенін ұққанда барып:
Мұқан-ау, келе алсаң, кел дегенің қай сөзің? Жаным-ау, егер сенің қасыңа келіп тұруға пәрмен берсе, ертең-ақ қазан ошағымды арқалап, көшіп келмеймін бе? Сен мұнда тентіреп жүргенде, мен бейбақ ол жақта қалай жайланып отырмақпын? Маған қалай ас батады деп ойлайсың? — деп жылап жіберді.
Тұра тұр, тұра тұр, — дейді күліп. — Әуелі елге аман-есен жетіп алшы. Көшіп келуің қашпас... — Мұқан көңілденіп сала берді. Сірә, бұған кесілген мерзімінің ұзарғанын қалай айтсам екен деп, көптен ойлап жүрсе керек. Бойының жеңілдеп қалған түрі бар.
Бұл қайтатын күні Мұқан таңертең ерте кеңсенің ат-шанасын көшірімен бірге сұрап алып, мұны айлаққа жеткізіп, кемеге езі отырғызды. Қимай-қимай қоштасты. Марғуаның көңілінде бір қуаныш алыстан қылаңытқандай. Әлдебір түйсігімен таяу арада осында қайта айналып келетіндей көрінді де тұрды.
Каютасына орналасып, көңілі жайланды. Қайта айналып келер болсам, мына кеме дегені — оңды көлік екен ғой деп, түйіп алды. Отырған жерінің атын жадына то0ып қойды. «Аюлы» айлақ деді ме? Ұмыта қоймас, өзгені ұмытса да аюды ұмытпайтындай болды ғой. Тоқтай-тоқтай ұзақ жүріп, Красноярға да жеткен еді. Көрген қаласы емес пе? Оның үстіне — жүгі жоқ. Зулап отырып вокзалға барып, елге билет алды. Үйренген жол. Қайтарында қорқыныш деген қаперіне кіріп те шықтады. Пойыз да жылдам жүрген секілді.
Бұл Әулиеатаға келіп түскенде арада бір ай шамасы уақыт өтсе де әлі құрғақ қоңыр күз екен. Түксиіп, түнерген Сібірге қарағанда тамылжыған жайдары, жаймашуақ күн. Биылғы күз ұзақ екен, қыс, иншалла, жылы болатын шығар деп ойлап қойды.
Балалары мен енесі, қайнысы бұның есен-сау оралғанын көріп, қуанысып, мәре-сәре. Бұл тап бір Мекке-Мәдинеге барып келгендей-ақ, қуаныштары қойнына сыймай жүр. Бұл әсерін айтып тауыса алар емес.
Келгеніне біраз күн өтіп, қауышу қуанышының абыр-сабыры басылған шақта, бастары бір қосыла қалғанда:
Апа, Кәдіржан, мен Сібірге көшуге бекініп келдім, — дегенде, қайнысы ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады.
Жеңге-ай, осы сен-ақ менің жүрегімді шошытып, ойнамалы етіп болдың-ау. Бұл — тағы қай өнерің, қай әзілің?
Әзіл емес. Мен немене, жас басымды кәрі етіп, ақ жүзімді сары етіп, күйеуім тірі жүргенде жесір өтемін бе?
Қасына барып тұруға рұқсат бар ма екен? — деді Кәдір, күдіктене қарап.
Ағаңды бұл жолы ұзақ мерзімге жіберген секілді, — деді де, қойды. Ғұмырлыққа қалдырады екен дегенді аузы барып айта алмады. — Бір тәуірі — отбасын алдырып тұруға рұқсат беретін түрі бар. Келесі жылға дейін шешіледі дейді ғой.
Марғуаның мына сөзінен кейін енесі де, қайнысы да еңселерін көтере алмай қалды.
Қайда жүрсе де құдай жанын аман қылсын, — деп, енесі көз жасын сүртті.
Қайнысы басын төмен салып, жанарымен жер шұқып, иығы қусырылып, демде шөгіп кеткендей көрінді.
Кәдірдің осыншама жаситындай не кінәсі бар? Мұқанмен бірге кетпеді демесе, сол азапты бұл да іштей бірге шегіп жүргені — рас қой. Марғуаның қолқа-жүрегі езіліп, қайнысына жаны ашығанда, қалай жұбатарын білмеді.
Алладан рахым күтелік. Бәлкім, жылдарын шегерер... Келесі жылға дейін кім бар, кім жоқ, — деп үміттендіріп қойды. Бірақ дауысы сенімсіз шықты...
...Сібірден оралғаннан кейін-ақ Марғуада бір серпіліс, тіршілікке деген құлшыныс қайтадан оянғандай, жігерленіп, қанаттанып кетіп еді. Алдында тұрған міндеті бар. Қайсары биыл, алла жазса, мектеп бітіреді. Баяғы тері зауытындағы жұмысына қайта шықты. Бұның істеген жері — қанша тері өңдегеніне қарай еңбек жазылатын цех еді. Табысы жақсы деп, соған сұранды. Жұмысқа алаңсыз кірісті келіп. Ай сайын тапқанынан үнемдеп, Мұқанға, өзіне келістіріп, сол арада бір-бір қара тон тіктірді. Қойдың күзем жүнінен қолдан пима бастырды. Бұл — дәм жазып, бара қалсам деп, Сібірдің қысына дайындығы ғой өзінше жасап жүрген. Өзіне — түбіттен шәлі, Мұқанға — асыл ешкінің жүнінен мойын орағыш, жеңсіз кеудеше — желетке, парлап шұлық, байпақ тоқытты, өзі тоқыды. Әйтеуір, екі қолда тыным жоқ.
Осындай қарбаласпен қыстың қалай өте шыққанын білмей де қалыпты. Күлімдеп көктем келді. Мұқанның «Отбасын алдыртуға рұқсат берді» деген қуанышты хабары көктеммен бірге жетті.
Қайсары онжылдықты ойдағыдай тәмамдап, Алматыға медицина институтына барып, бағын сынамақ. Бар сенгені — баласының мектепті жақсы бітіргені. Талабын алла қолдасын деп тілеуде.
Енесі, сен кетсең, мен сиыр ұстай аламын ба, жоқ па деген соң және жоғалып кетпей тұрғанда сары қасқа сиырды сатуды жөн көрген. Тірідей сатайын десе, кәрі сиыр деп ешкім алмай қоя ма деп күдіктенді. Содан балалары жем тасып, сиырларын әбден торлаған. «Сенде — жазық жоқ, бізде — азық жоқ» деп, қолдан сойып, етін базарға шығарған. Адал мал ғой, әжептәуір пұл болды.
«Бұйырған малға — тісің тисін» деп жатушы еді үлкендер. Сол айтқандай, балаларының күнделікті ішіп-жеміне де қалды. Түскен қаражаттың қомақты бөлігін Қайсардың жолына беретін болды. Қалғанын үйде қалатын балаларының ертең күзде мектепке киетін киім-кешегіне деп, енесінің қолына ұстатты.
Мұқанның хаты келісімен Марғуа жол қамына кірісті. Былтырғы ауыр жүктен көрген азабы — есінен кетпес. Мұқанның айтуымен, қыстайғы әзірлеген киім-кешегін, бір қабат төсек-орнын, қажет деген тағы бірталай заттарын, бұзылмайтын азық-түлікті қоса, бәрін Краснояр вокзалынан бірақ алатын болып, жүк бөліміне өткізіп, алдын-ала бөлек жөнелтті.
Ел-жұртпен қоштасып, Жігері мен Медетін, әуелі құдайға, сонсоң енесі мен қайнысына аманаттап, жеңіл қол сөмкесімен ғана пойызға отырып кете берді. Жол бойы, екі ботасының көздері жәудіреп, жалтақтап қалғанын ойласа, іші-бауыры езілердей елжірейді. Бөтен біреудің қолында қалып бара жатқан жоқ қой, ас-суларын пісіріп беретін әжелері — қастарында, арқа сүйер — ағалары бар деп, өзін-өзі жұбатпақ болады.
Өз топшылауына салса, осы шешімі оң сияқты. Балаларына керегінде сөз бар ма? Олардың жанында болғанға не жетсін?! Әйткенмен, олар ел ішінде ғой. Елден-жерден жырақ, жалғыздықтан жабығып, жазықсыз жапа шегіп, бір қиырда жүрген азаматына да жаны ашиды. Бұл, әуелі соған керектей сезінеді өзін. Қасында болып, сол не көрсе де бірге көріп, сол тоңса, тоңып, сол жыласа, қоса жылап, сол тартқан азапты көтерісіп, жүрегін қамықтырмай, өзімнің жаққан отыммен жылытайын деген ойы — жігерін ширата түскендей. Балаларын еске алып, егіле бермеуге, көп ойламауға тырысады. Бірақ, қалай ойламасын?..
Красноярға жетісімен су жолының вокзалына барып, «Аюлы» айлаққа дейін билет алып, келе жатқанын айтып, Мұқанның кеңсесіне хабар салды. Кеме жүретін уақытқа қарай, ат-арба жалдап вокзалдағы жүктерін жеткізіп, кемеге тиетті. Жүкшілері де бар екен. Марғуаның өзіне бұл жолы көп салмақ түсе қоймады. Енді қорқынышы жоқ. Хабары қолына тисе, Мұқанның күтіп алары нақ.
Күзді күні қарлы боранда анық байқай алмапты жазған басы. Сөйтсе, су жолының өз алданышы бар екен. Өзеннің екі қапталы — етектен бастап, беткейді өрлей өскен сыңсыған қарағай, көгілдір орман, көгілдір таулар. Қараған көз қуанғандай — сұлу көрініс. Есіліп, көсіліп аққан мол сулы Енисей — дариямен сызып жүзген кеменің жүрісі білінер емес. Төңірегіне тамсанған бұл «Аюлы» айлаққа жеткенше небір шұрайлы мүйістерден өтіп, небір көркем көріністерді көріп, тамылжыған көркін қызықтады да отырды.
Күзде шығарып салған жерінде Мұқан ат-арбамен күтіп тұр екен. «Адам айдаса, бармассың, дәм айдаса, қалмассың» деген осы шығар. Дөңгеленіп Марғуа Сібірден бір-ақ шықты.
Әй, қайтпас, қайсар, таймасым-ай! Бұзып-жарып, жеткен екенсің ғой. Біліп едім-ау келеріңді, — дейді күйеуі қуанышын жасыра алмай, жымың қағып. Қуанғанда күле беретін әдеті. — Балалар ренжімей жіберді ме? — деп жайлап сұрап қояды.
Мұқа, жұрт әйелін сұлуым, айым, күнім, жарығым, жұлдызым деп жатушы еді. Сен мені қайтпас, таймас деп кілең иттің атымен атадың-ау, енді қайтейін! Сонша жерден келгенде естиін дегенім осы ма еді? — деп, еркелей, жорта өкпелеген болады.
Тас қайнатсың ғой, тас қайнатсың, енді не дейін! — деп қарап тұр.
Саған дауа жоқ екен, — деп, Марғуа сыңғырлай күліп жіберді. Жас уағындағы төгілген күміс күлкісі. Көптен көкірегі ашылып, бұлай ақтарыла күлмеген еді.
«Иә, сәт, жаратқан, осы күлкімізден айыра көрме» деп тілегендей іштей, екеуі де...
-13-
Мұқанның сондағы сөзі есіне түсіп, Марғуа қазір де күліп жатыр. Бұның әлдеқандай ісіне өте риза болып кеткенде «Тас қайнатсың-ау өзің!» деуші еді сабазы. Бәлкім, бұл нені болсын тасқаяқтай қағыстырып, шапшаң істеп тастайтын тастай мінезіне ризашылығы ма екен? Бұған тәңірі өзі сол тұста сарқылмастай қуат бергендей. Азаматының басындағы ауыртпалықты талмай көтерісуге лайың қажыр-қайратты бойына дарытқандай.
Палатаның есігі жайымен ашылып, сықырлаған дыбыс естілді. Бір әйелді қол арбаға отырғызып, өткендегі өзі секілді зырылдатып әкеледі екен. Жаңа көршісі болды ғой. Жалғыз кісі елегізе береді, жанына біреудің түскені қандай жақсы.
Қош келдің...
Бір уақ сөйлессе, Марғуаның ойы бөлінер еді. Бірақ бұл көршісі онша сөзшең адамға ұқсамады. Келгелі «ләм» деп тіл қатысқан жоқ.
Марғуа өз ойын саумалдап, жақсы күндердің елесін іздегендей. Мұқанның сол сөзін қазір сағынғандай... Беу, дүние-ай! Сондағы күлімдеген дидарын бір мәрте ғана қайтып көрсе етті. Марғуа бар қалған жарық сәулесін айырбастар еді. Ондай күн қайда?! Жүрегі сыздап қоя берді.
Сібірде Мұқан ширақ, сергек жүретін, арасында қалжыңдап қоятын. Ол жақта өткізген жылдары да — бір алуан өмір еді.
Марғуа көшіп келген соң-ақ, Мұқан өзі секілді ел ауып, жер ауып жүрген жұрттың көмегімен үй салуға талап қылды. Олардың арасында ағаштан түйін түйген небір шеберлер бар екен. Колхоздың жұмысынан қолдары қалт еткенде келіп, жәрдемдесіп кетеді. Кейде асарлатып жібереді. Ағашы мол жер ғой, нені қайдан аламын дейтін емес, бәрі өздерінде бар көрінеді. Бір жазда қарағайдан қиып, шағын үй мен қоражай салып алды. Үйдің орнын Мұқан өзі тапты. Бір кішкене өзеннің Енисейге құятын сағасындағы қолтықты таңдады. Селоның шетінде, тамылжыған табиғаттың аясындағы оқшау тұс. Айналасының көркі ерекше кез тартады. Есіктің алды — сарқыраған өзен. Бір жағында шымырлай аққаны білінбес, ағыны терең аң дария — Енисей жатыр.
Үй біткенше Марғуа көмектесушілерге арнап, ортаң қазан асады. Келген бойда, шайлық сүті үшін ешкі сатып алды. Кешкісін Марғуаның сүт қатқан қою шайын ішуге дос-жарандары жиналады. Елден әкелген азын-аулақ азық-түлігінің қоры бар, қолдан әзірлейтін тәтті-дәмдісі бар, дастарқанын түрлендіріп ұстайды. Таба нан жабады, бауырсақ пісіреді, қатырма қатырады. Әйтеуір, қазаны оттан түспейді. Ошақтың жылуын, қолдың дәмін аңсаған жандар шын пейілмен, күліп құйған бір шыны шайына да риза болып тарқасады.
Үйі мен қора-жайын біткен соң Марғуа елдегі әдетінше сиыр ұстады. Дастарқанның берекесі артып, енді қаймақ-майы үзілмеді. Бір уақыт қолдың айранын ішіп, Мұқанның сарайы ашылғандай.
Сібірде тістің ерекше жегі дерті болады, оның бірден-бір емі — тек сарымсақ дегенді естіп, сол жылы күзде-ақ үйдің қасына оны молдап отырғызды. Келесі көктемде жергілікті жұртқа қарап, солардан көріп, өседі-ау деген бірталай зат екті. Сол жердің тіршілігіне әбден бейімделді. Қаздың майы қыста үсіген, домбыққан кезде жаққанға керек деп, әр үй үйір-үйір қаз ұстайды екен. Солардан қалсын ба, Марғуа да қаз асырады. Оты, суы мол, не ұстаса да — жер кең. Сібір тіршілігіне үйренгені сондай — азын-аулақ шаруашылығын дөңгелетіп, шырқ үйіреді.
Әйтеуір, тұрмыс қыжалатын тартып, ішіп-жемнен тарықпау үшін Марғуа не істемеді? Жерден өнетінін де, малдан өнетінін де, құстан өнетінін де өсіріп, бақты. Оны іс қылуға келгенде — бесаспап. Мұны көрген күйеуі «Тас қайнатсың-ау өзің!» демей, кім десін?! Марғуаның ел асып, мыңдаған шақырым жер басып келгендегі бар міндеті — оның жабыққанда жанына сүйеу, торыққанда көңіліне демеу болып, одан қалды, ауыртпай-сырқатпай, суыққа тоңдырмай, ыстыққа ұрындырмай, күтімін жасап, қабағына қарау емес пе еді? Сол үшім жанын салып жүрген жоқ па?
«Киім астарынан тозады» дегенді үлкендерден көп естуші еді. Сонда түсінбеген екен. Санасына там-тұмдап енді сәуле түскендей. Киіле-киіле киімнің астары тез тозатынын кейін аңғарды. Сырт киімнің тіні қанша берік болғанымен, астарының тоз-тозы шығып жүрсе, онда қандай қауқар, қандай қасиет қалады. Демек, астары тысынан да мықты болғаны абзал. Күйеуі киімнің тіні болғанда, бұл астары емес пе? Марғуаның мықты, берік, шыдамды болмасқа шарасы бар ма?
Мұқанның кейде қалжыңдап:
Осы сен, ежелден Сібірде туып-өскен адамдайсың, — дейтіні бар. Әйелін мақтауға сараң адамның бұл көңілін өсірген сөзі — кез-келген мақтаудан да артық естілетін.
Өзің жатырқап, жатсынбасаң, сені ешкім жат санамайтынын ойына бекем түйген Марғуа қайда бармасын, тез ұғысып кете беретін. Оның үстіне, арқа сүйер азаматы қасында тұрғанда несіне абыржып, кімнен тайынып, тайсақтасын?..
Төңірегі — қарағай-шыршалы өркеш-өркеш тау сілемдері, оның етегінде — айдыны шалқар жайыла аққан мол сулы ақ дария, бір қапталы сыңсыған орман, сол екі аралықтағы оймақтай алаңқайдан орын тепкен орыс селосы — құтты қоныс, ұзақ жылға қайырлы мекен болғандай. Жалғыз айыбы — бұлардың саяси сенімсіз жан екендігінде, бас иесінің бас еркіндігі өзінде жоқтығы ғой. Әйтпесе, жазының қысқа, әрі қоңыр салқындығына, қысының қаттылығына қарамастан, елінен-жерінен айналғандай ғой Марғуа. Сібірдің тағдыр бұйыртқан дәм-тұзын татып жатыр. Жері — жердей, елі — елдей — Енисейге зәредей өкпесі жоқ...
Әйткенмен де, сырттай күліп жүргенімен Марғуаның іштегі уайымы — бір басына жетерлік. Әулиеатадан бері шыққалы үш ботасы күндіз есінен, түнде түсінен бір кеткен емес. Қыл аяғы — тәуірлеу тамақ жасаса да «Осыны балаларым ішер ме еді? Құлындарыммен бір дастарқанның басында ас ішетін күн қашан туар екен?» — деп, оңашада көзінің жасын төгіп-төгіп алады. Бірақ, Мұқанға көрсетпеуге тырысады. Балаларды көп уайымдайтынын білсе, елге қайтарып жібере ме деп қорқады.
Бұның қапалы күйін сезбейді дейсің бе? Өзінің де көкірегіндегі жан жарасы да — балалары емес пе? Екеуінің де бір-біріне білдірмегенімен сырты бүтін, іші түтін, өткені — сұраусыз, келешегі — күңгірт күндерді бастан өткеріп жүргені даусыз.
Әр жазды сарыла ұзақ тосады. Жазғы демалыстарында сағындырған балалары арсалаңдап жетеді. Қайсары — Алматыда оқиды. Бұл көшіп келген соң екі жылдан кейін, бұларға жақындап, Жігері — Новосібірге оқуға түскен. Алматыдан шыққан ағасын Жігер тосып алып, екеуі бірге келген. Өсе келе екеуінің бойлары теңеліп, жас айырмашылықтары байқалмайды. Мұқан бұрынғысынша, кішкентай кездеріндегідей екеуін екі жағына отырғызып алып, «Қайсарым, қайратым, жігерім, күшім, қуатым, құйрық-жалым», — деп, кезек құшып, мауқын басуда. Марғуада ес қалмағандай, екі етегі делеңдеп, бар сақтаған тәтті-дәмдісін алдарына қойып, ауыздарына тосып бәйек.
Екеуінің жұп жазбай жүргендерін көрген көршілері:
Қаптағаевтың егіз баласы бар екен. Солар келіпті, — деп дуылдасты. «Құдайым-ай, тіл-көзден сақтай гөр», — деп тілеуде бұл. Балалары келіп, бір жасап қалып еді. Сібірдің өте шығар қысқа жазындай, олардың да оқуларына қайтар мерзімі таяғанда Марғуаны тағы уайым басты...
Мұқанның басына түскен зобалаңның қасіреті отбасындағылардың бәріне де қатты батқанымен балаларының ішінде Медеттің жүрегін айрықша жаралады-ау деп, Марғуа үнемі ойлаумен болады. Әкесін алғаш ұстағанда бұл жылап-еңіреп жүріп, алты айлық балаға қайғы жұтқыздым ба деп өкінді. Сүтке де жарытпады. Төсі ауырып, сүті қайтып кетіп, емшектен ерте шықты. Әлжуаз, дене бітімі нәзік, дімкес болып өсті. Өзі де оған күтім жасап, бағып-қағып отыра алмады. Жанбағыстың қамымен балаларын енесіне қалдырып, қызылшаға жұмысқа кетіп еді ғой... Сібірден оралған әкесімен аз уақыт қана қауышқанда бауыр басып үлгермеді, түс көргендей болды да қалды. Біраз тосырқап жүрді, енді үйренісе бастағанда, оны қайтадан алып кетті. Бала болып, әке мейіріміне қана алмады. Еркелеп те көрмепті...
Қаршадай баланы тағы енесінің қолына тапсырып, айдалған күйеуінің соңынан бұл жетті, оқу іздеп, ағалары кетті. Марғуа Медетін ойлағанда, ас батпауға айналды. Жатбауыр болып кетер ме екен деп қорқады. Қасында Қайсар мен Жігер жүрген жоқ, әлдекімдерге ілесіп, бұзақылық жолға түсіп кетпес пе екен деп те уайымдады. Әйтеуір, уайымы енді, кіші баласы болды.
Ойлай-ойлай Марғуа елге барып, Медетін алып келді. Не көрсе де бір жерде болмақ. Әкесінің қасында жүрсінші деген де ойы бар. Осы жақта оқытпаққа оқталды. Медетке Сібір қатты ұнады. Бала емес пе, тез үйренді.
Бір баласы қастарына келіп, демде орталары толып, толыққанды отбасына ұқсап, жетісті де қалды. Балаға бала үйіріліп, үйінен олардың күлкісі естіліп, дабыр-дұбыр көбейді. Бұрын құлаққа ұрған танадай тым-тырыс отырушы еді. Құдайдың мұнысына да тәуба айтқандай. Марғуаның көңілі орнына түсіп, қабағы жадырады.
Сол уақытта жер аударылғандарды Сібірден мүлде қайтармай, осында түпкілікті қалдыратыны анық екен деген сөз жаңа қарқынмен үдей соққан дауылдай дүрліктірді. Кейінгі кезде көп айтылмай, басылып қалғандай еді. Қайтадан көтерілгенін көрмейсің бе? Бұлар ғой — оған іштей баяғыда-ақ дайын, белдерін бекем буған. Тек, баланы алып келгеніміз дұрыс болмады-ау деп, өкіністі.
Марғуа «Мен уайымнан көз ашпадым-ау», — деп жылайды. Баланың елде жалғыз жүргені де қиындау секілді, ал бұл арада — қастарында қалдыру одан да қатерлі көрінді.
Өздері бас еріктерінен айрылғаны аздай, балаға қамытты қалай кигізбек? Медет сол жылы көктемде он алтыға толып, паспорт алмақшы. Осы жақтан паспорт алса, осы жердің адамы болып шыға келетіндей көрінді. Олай еткен күнде Сібірде бұл да мәңгі қалып қалуы мүмкін-ау. Тарыдай шашырау деген оп-оңай екен-ау. Жер бетінен жоғалып кету осыдан келіп шығатын шығар...
Мұқан мың ойланып, жүз толғанып, бала не де болса, елде болсын деп, Медетті қайтаруға ұйғарды. Марғуаның өзі апарып тастауға ары-бері жол қаражатын көтере алмайтын болған соң «Тәуекел» деп бір өзін жібермекші. Жол пұлын қалтасына салып беріп, алтын кенішінен Красноярға бара жатқан көлікке Мұқан апарып, отырғызып жіберді. Сол арадан пойызға өзі мінетініне сенімді еді. Сөйтсе де «Елге аман-есен жетті ме, жетпеді ме?» деп уайымдап жүрді.
Уайымдайтындай жөні бар, Красноярда елге қарай жүретін пойызға билет ала алмай, баласы көп қиналыпты. Кезекте тұрғанымен пойыз келерде кассаны ашқанда жапырылған жұрт, жұдырықтай баланы қайтсін, ысырып тастайды екен. Кассаға оның бойы да жетпейтін көрінеді. Сөйтіп абдырап, вокзалда бірнеше күн жатып қалады ғой. Әйтеуір, құдайға қараған біреу билетін алып беріп, пойызға отыруға қол ұшын беріпті.
Баласынан хат келгенде барып, оны оңып, біліп Марғуа қатты күйзеліп кетті. Тасбауыр тағдыр бізге қашанғы өгейлік танытады деп налып, ұзақ жылады. Сөйткен Медеті келесі жылы көктемде сегізіншіні бітіріп, бұларға айтпастан Астрахань қаласындағы әскери-теңізшілер училшцесіне оқуға кетеді ғой.
Бір әулеттің жандары тарыдай шашыраған деген осы екен-ау. Өздері — мұнда. Үш баланың біреуі ғана — елде, екеуі — Ресейдің екі жағында. Марғуаның Сібірдің ұзақ түнінде де көз ілмей, ұйқысыз өткізген түндері аз болмады. Әсіресе, Медетін ойлағанда ет-жүрегі езіледі. Әскери тәртіпке көндіге ала ма, жоқ па? Марғуада уайым көп. Күйеуінің жанында болғаны ғана — көңілге жұбаныш. Ол бір жақта, бұл бір жақта жүрсе қайтер еді? Әйтеуір, екеуі бір жерде түтін түтетіп отыр... Шіркін-ай, бір шаңырақтың астына жиналатын күн туар ма екен дегенде көкірегі қарс айрылғандай. Жанкештілікпен күндерін көріп, үреймен, уайыммен тағы бір қысты артқа тастады.
«Күн көсем» көз жұмыпты деген суық сөз дүр етіп, Сібірге де жетті. Жұрт ебіл-дебіл жылап жүр. Жұртпен бірге бұлар да жылауда. Марғуа — әйел, ол жыласа бір жөн. Мұқан неге жылайды? Бұл ештеңені түсінбейді. Жер ауғандар да, жергілікті ел де зар еңіреуде. Көсеммен бірге күн сөнгендей, ай батқандай. Бәрі қараң қалатындай. Ендігі дүние не болмақ? Заманақыр деген осы болар.
Бір күн өтті, екі... үш күн өтті. Күн өз орнында. Бұрынғысынша — шығыстан шығып, батыстан батады. Ай да орнында. Қараң қалған дүние жоқ. Заманақырдың келетін түрі көрінбейді. Уақыт жылжып өтіп жатыр... Ештеңе өзгергені байқалмайды... Несіне жылаған, онсыз да еселері кеткен па қырлар...
Бірде жылап, бірде күліп елу төрттің көктеміне де жеткен. Әр қыстан көтерем тоқтыдай әрең шығып, көктемге жеттік пе, жетпедік пе деп отырғандары. Бұл көктем не әкелер екен? Ол өзімен бірге көңіл қуантар жылы лебін ала келгендей. Бұларға қырын келген заманның тоңы жібігендей сыңай бар. Жақсылықтан күдер үзіп, сөнген үміттер қайта тұтанғандай. Жер аударғандарды еліне қайтаратын көрінеді деген алып қашпа сөз тарады. Оны естігендер сенер-сенбесін білмей, бір бірінен «Өтірік пе, шын ба?» — деп сұрасады. Күпті болған көңіл, қайта тағы алданғысы келмейді.
Қытымыр тағдырдың бұларға бет бұрғаны — рас екен. Лагерьдегілер босатылып, шетінен кетіп жатты. Бұлар, ондай күн бізге қашан туар екен деп, екі көздері төрт болып, әр күнді үміттене күтуде.
Мұқан сырттан кірсе, бір жақсылық айтпас па екен дегендей бетіне жалтақтай қарай береді. Ол жерге қарайды. Мұқанды бірден босатпағаны — колхоздағы қазіргі жұмысының жайына қатысты болып тұрғанын білгенде еңсесі көтерілгені. Колхоздың есеп-қисабын жыл ортасында тастап кетуге болмайды екен. Тәйірі, сол да сөз бе? Көбіне шыдағанда, азына шыдамай, не көрініпті? Мұқанның бәрінен зәрезап болған басы, артынан бықсыған шала шықпау үшін, биылғы жылдың есеп-қисабын толық жасап, мұқияттап өткізіп беруге бекінді. Барлық ісін тындырып барып, жолға шықты...
...Бұл елу бесінші жылдың басы еді. Беттерін бірден Алматыға қарай түзеді. Бір көруді аңсап жүргелі қанша жыл? «Ел іші — алтын бесік қой», ел шетіне жетсек, арман жоқ деп ойлаушы еді. Сол аңсаған еліне, жеріне жетті-ау ақыры...
* * *
Тап қасынан біреу:
Көптен жатырсыз ба? — дегенде өз ойымен тым алысты шарлап кеткен Марғуа селк ете түсті.
А-а-а?
Жатқаныңызға көп болды ма, деймін? — Көршісі екен бұның жайын сұрап отырған.
Оншақты күн болып қалды-ау...
Қай жеріңіз ауырып түстіңіз?
Япыр-ай, қарағым-ай, менен қай жеріңіз ауырмайды деп сұрашы, одан да... Ауырмайтын жерім жоқ...Өзің ше? Немен түстің?
Қан қысымы деген бір ойнамалы ауру жамалды. Қатты көтерілгенде, екі құлағым тас бітіп, басым зеңгіп, есім ауып қалады. Бағана осында қалай әкелгендерін білмеймін. Төменде біраз дәрі құйып еді, соның әсері ме, есімді енді жинадым ғой.
«Бәсе, бәсе, бағанадан сұлық жатуы жаман еді» деп ойлады Марғуа.
Екі әйелдің басы қосылса, айтатын әңгіме табылады ғой, шүйіркелесе кетті...
Өкшесі тықылдап, медбике қыз кірді:
Апалар, кешкі «жүз грамдарыңызды» әкелдім. Қане, дайындалыңыздар, әуелі ине саламын, — деп, ісіне кірісіп кетті.
Мынаны қазір, мынаны таңертең ішесіз, — дейді, кішкене шыны құтыға салған дәрісін столға қойып жатып.
Таңертең ерте келіп, қан аламын.
Кел, кел. Сен алатын қан табылса, ала бер. Мен осындамын ғой, қашып кетер деймісің?
Жайлы жатып, жақсы тұрыңыздар!
Өкшесі тықылдап, билей басып, қалай шұғыл кірсе, солай тез шыға жөнелді. Кішкене тізе бүгіп, әңгіме айтып отырса, қайтер еді? Әлгінде сөйлеп жатқан көршісі де сол екі арада қор ете түсті. «Шамасы, ұйқының дәрісін берді-ау» деп түйді Марғуа. Бұл қаншама ұйықтай алмаса да ұйықтататын дәрі ішкен емес. Ұйықтамаса, ұйықтамасын, онда тұрған не бар? Қайта, өткен-кеткенді есіне түсіріп жата бермей ме?
Уақыт қанша болды екен? Е-е-е! Уақыт демекші, бір кездері уақыт пен кеңістік жөнінде бұлардың өз өлшемдері, өз ұғымдары болып еді-ау.
Әлдебір жайдың, не оқиғаның өткен шамасын айта қалса, балалары көкеміз Сібірден алғашқы оралған тұста, немесе, кейінгі кеткен жылының артында, не алдында, болмаса, сен Сібірге бірінші рет баратында, сен Сібірге көшкеннен кейін, не оған дейін, сен Сібірде жүргенде, біз барғанда деген тұспалмен жыл қайырушы еді. Сонда әңгіменің қай кез туралы екендігі бәріне түсінікті бола кететін. Марғуаның кеңістік дүние туралы түсінігі де Әулиеата мен Сібірдің екі арасына сыйып кететін, одан аспайтын. Одан басқа ел-жер бар екен деп білген емес. Оның Марғуаға пәлендей керегі де жоқ еді. Бүкіл түсінік — түйсігі жер шарының екі нүктесіне байланып қалғандай. Сібірде — өздері. Әулиеатада — жан-жүрегі — балалары. Енисей — дариядан ары ел бар-ау деп ойламайтын, әлемнің бір шегі осы ақ дариямен шектелетіндей көрінетін...
Мезгілдің тағы бір өлшемі — бұлардың Сібірден Алматыға оралған тұсынан саналатын. Марғуаның көп әңгімелері «Біз ұзақ жылғы сарсаңнан кейін, арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып, Алматыға жеткенімізде..., не біз келген жылы...» — деп, басталушы еді... Е-е-е, не айтары бар, өтті-кетті дүние...
-14-
Жердің түбінде жүргенде жүректерінде неше жыл қастерлеп, үкілеп аялаған армандары — Алматыға келіп түсті. Бастары азат, елге есен-сау жетті! Бұдан асқан бақ бар ма? Қуаныштарында шек жоқтай!
Келген бетте Мұқанның осында тұратын, нағашылы-жиенді болып келетін жамағайын туысы — Шекен мен Жамалдың үйіне ат басын тіреді. Пейілдері кең, бауырмал жандар еді. Құшақ жая қарсы алып, аңқылдан бір бөлмесін босатып берді. «Ал, өз үйлеріңдей көріп, тұра беріңдер...» Марғуаның бойында осы кеңпейіл, абзал жандардың сондағы жүрек жылуының табы бүгінге шекті суымай сақталғандай. Әлі де жылытып тұрғандай.
Шекен де аузынан жазықты болып, қуғындалып, біраз жыл отырып қайтқан. Содан денсаулығы бұзылса керек, ауыр жұмысқа жарамайды екен. Үйінде бос отыр. Оның есесіне, Жамал — қажырлы, қайратты, өткір әйел еді. Журналист болып істейді. Жамалдың табысымен күн көретіндей. Бірақ, сыр білдірмейді, қабақтары ашық, мінездері жарқын, дастарқандары ортақ...
Сол екі арада уақыт шіркін зырлап, екі-үш айдың жүзі болып қалыпты. Сағыныштары тарқап, асып-тасқан қуаныштары сабасына түскендей. Келгеннен бері Мұқан қызмет іздеп, талай есікті қағып шықты. Сібірден алғаш оралған тұстағы, Әулиеатадағы кеп тағы қайталанғандай. Қайда барса да еститіні бір жауап — жұмыс жоқ. Еш жер алғысы келмейді. Мұқанның алыстан да, жақыннан да меселінің қайтқан тұсы — осы шығар. Қуаныштары су сепкендей басылды. Қабақтарын кірбің, жүректерін мұң торлады. Күйеуінің екі қолын қайда қоярын білмей, бос жүргені Марғуаға қатты батты. Бұның астарында қандай сыр бар? Оның жұмысқа тұруына кім бөгет, не тосқауыл болып тұр. Кешегі өзі қызмет істеген ұйымы, дос-жараны бар емес пе еді? Олар неге сырт береді? Марғуаның соған миы жетпейді ғой. Содан күйіп-піссін. Мұқан тіс жарып, еш нәрсе демейді. Таңертең кетеді, кешке еш нәтижесіз, ұнжырғасы түсіп оралады...
Сол шамада Мұқан секілді ұзақ жылғы айдалған әдебиетшілер мен жазушылардың біразы Алматыға оралып, бастары қосылып қалса керек. Бәрі де шетінен жұмыссыз көрінеді. Анда-санда қайсыбіреулерінің:
Марғуаның шайын аңсадық қой деп келетіндері бар.
Марғуада шай беретіндей қандай күй болсын? Жоқтан барды құрастырып, дастарқан жайғансиды. Оның жүдеулігіне өзі қысылып бітеді. Шайларын құйып, кіріп-шығып жүріп бір аңдығаны — көңілдерінде лагерьден қалған жараның айықпас дерті жатқандай, бәрінің де өңдері сынық, жүдеген кейіптері бар. Бірнәрсе айтардың алдында жан-жағына жалтақтап қарап алады.
«Е-е-е, ол жақта да, бұл жақта да теперіш көріп жүрген жалғыз біз емес екенбіз ғой», — деген тоқтамға келгендей. Бірақ бұл — жұбаныш па? Қайта, көңілін одан сайын баса түскендей. Әуелі, жұрт бұларды сыртынан «Қажыға барып келгендер», «Бір емес, қажыға екі мәрте барған», — деп мысқылдайтын көрінеді. «Тілде — сүйек жоқ» деген осы шығар. Бастарына іс түспеген адам айта береді екен-ау. Бұлар шеккен, жаннан бездірер азапты өз бастарына түспеген соң, қайдан ұқсын?..
Дап-дардай аға жазушы топты адам жиналған жерде жастарға:
Алматыға айдаудан Қаптағаев деген біреу келіпті. Сақ болыңдар! Ол отырған жерде артық-ауыс сөз айтпаңдар, — деп ақыл беретін көрінеді. Ол — үлкен адамның қай пиғылмен айтқан сөзі екен? Мұны естігенде де сабаз Мұқан «ләм» демеді ғой. Тіпті, сенбеген секілді. «Қой, олай деуі мүмкін емес», — деді де қойды. Үстіне біреу мұздай су құйып жібергендей Марғуаның денесі түршікті. Отыз жетінің сызы білініп, ызғары қайта қарығандай.
«...Әттең, елге жетсек қой», — дегенде еңіреп, етегі жасқа толушы еді. «Арып-ашып келгендегі естіген сөзіміз-ай», — деп, қапаланды, күйінді, жылады, торықты. Басқа қайраны бар ма?
Бұлар елді сағынғанымен, бұларды пәлендей ешкім сағынбағандай. Бұлар қуанғанымен, бұлардың келуі ешкімді қуантпағандай. Түсініксіз, бұлдыр дүние. Марғуа отыз сегіздің қара күзінде Алматыны жылап-еңіреп, өзегі өртеніп, қандай күйініш-өкінішпен тастап бара жатса, тап сондағы көңіл ауаны қайта айналып тапқандай. О, тоба-ай! Соншама уақытта ештеме өзгермеген бе? Нағыз қажырлы, қайратты жастық шақтарын жалмап жұтқаны аздай, зардабын әлі тартпақ па? Қашанға дейін...
Кейде, тіпті күйінген кезде: «Несіне келгенбіз? Сібіріміз жақсы екен ғой. Саяси тұтқын аталғанмен, тап мұндай ешкім намысқа тимеуші еді. Ішіп-жемім — мол, дастарқаным — тоң болатын...» — деп бұрқырап сөйлеп кететіні бар. Мұқан әлі де аяқты аңдап басып, байқап-байқап сөйлеудің артық еместігін ұғындырады-ау. Оған ашу шіркін шыдата ма? Өз елінде өгейлік көргені жанына батып барады. Жоқшылық та соңдарынан бір қалар емес. Қырық пен елудің бел ортасына келгенде не баспана, не жұмыс жоқ, кіріптар күйге түсіп жүргендері қинайды...
Марғуа бұрқырап сөйлеп алып, басылған кезде Мұқан сабырға шақырады:
Сабыр, бәйбіше, сабыр. Бұдан бетер небір қиын-қыстауды бастан өткергенде сыр бермеуші едің. Қажиын дедің бе, енді неге тарылдың? Сәл шыдасаң етті. Табиғатта да үнемі жаз, үнемі қыс болып тұрмайды ғой. Қандай ұзақ қыс болғанмен де оның артынан жадырап жазы келмейтін бе еді? Жамандық та, жақсылық та бір адамның басында мәңгі тұрмас. Бұл күн де — өтер. Бұлттан жаңа шыққандай жарқырап біздің де күніміз туар, көп қапаланба. Әркімнің сөзіне шамдана берсең, нең қалады? Айтса, айтсын. «Аққа — құдай жақ» деген. Біреудің айтқанынан жамандық жапсырылып қалмас... Уақыт деген төреші — бәрін өз орнына қояр...
Бұған осылай басу айтқанымен Мұқанның өзі де қатты ширығуда еді. Ол бар кеселдің түп-төркінін іздеуде. Отыз сегізде кесілген мерзімін артығымен, екі есе өткеріп қайтқанымен, қағаз жүзінде оған тағылған «қылмысты» — «Отанын сатқан жау» деген айыпты әлі ешкім алып тастамаған. Барлық гәп осында тұрғандай. Әуелі, мына айыптаулардан арылу керек. Әйтпесе, жолы ашылмайтынын түсінді. Өзінің ақтығын дәлелдеп, жан-жаққа шағынып, қуынуға бекінді. Осындағы үлкен ұлықтарға жазды, олар үнсіз жатқан соң, орталыққа шағымын жөнелте берді...
Бұлар әлі Шекеннің үйінде. Марғуа сондағы Жамалдың кісілігіне, көргенділігіне тәнті ғой. Бұлардың кіріптарлығын еш сездірмеуге тырысады ғой. Қайта қолпаштап, көтермелеуден бір танған емес. Қатты дағдарған сәттерінде осы Жамал ақыл тапты. Қалай алатынын кім білсін, ол жан-жақтан өз атына аударма жасауға жұмыс тауып, оны Мұқанға әкеліп береді. Мұқан күн демей, түн демей тапжылмастан отырып, аударып тастайды. Дайын жұмысты апарып өткізіп, басқасын әкеледі. Шамалы уақыттан кейін қаламақысын қолына табыс етеді.
Құдай бұларды өлтірсін бе? Естен танып, жан шығар шақтарында таңдайларына бал татытып, нәпақа осылай келе бастады. Бұлар өзі ол кезде шағын артель секілді еді. Әркімнің өз міндеті бар. Сыртпен, әр түрлі баспа, редакциялармен Жамал байланыс жасайды. Ойдан-қырдан тауып, үйіп-төгіп аударуға, үстінен редакциялап, түзетуге кітап алып келеді. Мұқан қуана-қуана аударып шығады. Жөндейді, түзетеді. Апарып өткізіп, аңысын әкеп, алақанына салады. Қолдарына қарға саңғыған соң Марғуа Шекен екеуі дүкенге тартады. Тіске басып, қаужаңдайтын бірдеңелер әкеледі. Базарға көбіне шаруаның ығын білетін Шекен барады. Марғуа қазан-аяқ ұстайды. Осы үйдің бибісі. Дастарқандарына береке кіріп қалды. Демалыс күндері жатақханада тұратын студент баласы Қайсар келіп, ыстық ас ішіп кетеді. Жамал үй тірлігінің бар билігін бұған беріп қойды...
Тағдыр бұларды қашанғы қырына алсын, Мұқанның жан-жаққа жазған шағымдарынан жауап келе бастады. Пәлендей қуанарлығы болмаса да «Ісіңіз қайта қаралып жатыр. Тексерілуде. Таяуда шешіледі» деген сияқты көңілге жылылық ұялататын сөздері — көп демеу. Әйтеуір, «жоқ», «болмайды» демейді. Бұған да шүкір, ақталар деген үміттері бар.
Құдай жарылқағанда, Мұқанның өзіне М. Шолоховтың «Тынық Дон» романының үшінші томын аудару тиіпті. Үлкен қуаныш. Көлемді еңбектің қаламақысы да жүрек жалғауға мол жетерлік. Сонымен бірталай күнелтуге болады.
Мәкеш, — деді бірде Мұқан. Бұған көп ақыл салмаушы еді, не айтайын деп отыр екен? Бұл елеңдей қалды. — Мәкеш, маған осы бір ой түсіп жүр. Ақыры қызмет беретін түрлері көрінбейді. Мен ғылыммен айналыссам, қайтер еді? Баяғыда бастаған жұмысым бар емес пе? Сол сақталды ма екен?
Мұқанның кітаптарын ғұлама жазушының араласуымен сатқан күні қолжазбаларын буып-түйіп, алып кетіп еді ғой. Сіңлісінің үйіне апарып, тыққызып қойғаны есіне түсті. Тұр ма екен, десейші...
Сұрайын, сұрайын, — деді екіұштылау.
Табылмаса, оқасы жоқ. Бәрібір қайта бастауға тура келер...
Марғуа оның дәл қазір бұрынғы жұмысының қолжазбасын сұраудан гөрі ғылымға ден қойып, енді ұзақ уақыт басқаға мойын бұрмасын айтып отырғанын бірден түсінді. «Құдай қолдасын» дегеннен басқа, бұл не дер?.. Сары уайымға салынып бос жүргеннен гөрі, осы — пәтуалы, қайыры бар игілікті істей көрінді. Алла, жар болғай!
Мұқан сөйтіп, «Қызмет істемесем істемейін, сүйікті ісіммен айналысуға шек жоқ шығар», — деп, отыз жетінші жылы бастаған ғылыми ізденісін қайта жалғастырды. Ескі қолжазбалары да табылды. Айналайындарға — мың да бір рахмет! Мұндай абырой болар ма?
Бір жағы аудармасы, бір жағы өзінің бастаған жұмысы — бір басына жетіп артыларлық. Күйеуі күні-түні шұқшиып, қағаз қарайды. Өндіріп жұмыс істеп жатыр. Құдай берген зейіні, алғырлығы, жинаған білімі, орысша сауаты жеткілікті. Неден кібіртіктесін, бел шешіп кірісті.
Жазып жатқан жұмысына қажет дүниелерді ту-у сонау Ленинград, Мәскеуден сұрау салып іздетуші еді. Зерттеуінің бір ұшы соларға байланысты болса керек, көп мағлұматты сол жақтан хатпен алдыратын. Өзі барып-келіп жүрді. Кейінгі барған жолы жіберген шағымдарының жайын білейін деп, нағыз «қызыл көз» дәу кеңсенің өзіне кіріп, тексерушілеріне жолыққан ғой. Сөйтсе, «...М. Қаптағаевтың ісінде ешқандай қылмыстық әрекет жоқ. Негізсіз жала жабылған» деген шешім алып, еліңе тиісті орынға жеткізгенбіз», — деп қарап отырған көрінеді. Бұл жақта Мұқан одан хабарсыз. Ақталғаны жөніндегі бар қағазбен танысады. Сол арада шешімді қолына алып, оқып тұрып, барша айыптаудың, тағылған кінәнің, жағылған жалған жаланың өзінен сыпырылып түсіп, таза ақталғанын білгенде жиырма жылғы қуғын-сүргінде сенімсіздіктің, тұқыртудың, кемсітудің, шеттетудің, бопсалаудың небір қитұрқы, зымиян түрлерін басынан өткізіп жүргенде тастай қатып, көзіне бір тамшы жас алмаған арысының сонда бүкіл жұлын-жүйкесі босап, көзінен жас шығып кетіпті. Ол — қуаныш жасы ғой. Сол жолы Мұқан теңдессіз олжалы болып, ақталғаны жөніндегі қағазын өзі алып қайтып еді. Табанды еді ғой, табанды...
Осыдан кейін-ақ жабылып қалған судың бөгеті ағытылғандай, жолдары даңғырап, ашылып жүре бергені. Тағдырларының тас емшегі жібігендей, иіді-ай кеп.
Көп ұзамай екі бөлмелі пәтер алып, баспаналы болды. Міне бытыраған бір әулет көп жыл өткен соң бір шаңырақ астына қайта жиналды. Жан-жақтағы оқудағы балалары оралып, бастары құралды. Тәңірі жарылқайын десе, осы екен ғой. Арқа-жарқа. Бұдан асқан мерейлі мәртебе болар ма? Мұқанның айналасындағы күдік, күмәннан басы ашылып, жүзі жайнап ашылды.
Қайсары үйленіп, бастарына бас қосылып, Роза атты тұңғыш келіні табалдырық аттады. Келінінің аяғы жағып, істері де, тұрмыстары да оңалып жүре бергендей.
Мұқан жатпай-тұрмай ғылыми жұмысын тиянақтауға күш салды. Ол елу сегізінші жылы қорғап, ғылым кандидаты деген атақ алып шықты. Бұл жылдың Марғуаның есінде мықтап қалып қойғаны — ырыздық несібелерінің көбі осы жылы оралып еді. Қорғардың алдында қызметке тұрып, бір қуанды. Отыз жетінші жылы бастаған жұмысы араға тура аттай жиырма жыл түскен соң барып жемісін бергендей. Бұл да — Мұқанның зарыға ұзақ күткен қуанышының бірі.
Жұмысы оңынан келіп, көңілі бірленген күйеуіне Марғуа: «Той жасайық», — деп қолқа салып еді. Бұның тілегін қайтармады сабазы. Екі бөлмелі пәтерінде — ұлан-асыр той, ағыл-тегіл қуаныш. Мұқан екеуі ондай тойды оған дейін де, одан кейін де бастан өткізбепті.
Бұл той — шындығында арылудың, «халық жауы» деген қарғыс атқан таңбадан ағарудың, айналып өз үйіріне қосылудың, Мұқанның жақсы атының оралуының тойы болды. Мұхтар аға, Сәбит аға бастаған алыптар бар, Зейін, Қажым, Тайыр, Хамза, Өтебай сынды тағы бірталай тағдырлас замандастары бар, дуылдатып өткізді тойды. Сондағы Мұхтар ағаның өзіне қарата айтқан бір ауыз жылы сөзі есінен кетпес.
Марғуа, — деген еді ол кісі, әдетінше «у» қаріпін созып, бөліп-бөліп әдемі әуезбен келтіріп. — Марғуа, сен қазақтың өжет, ерекше тағдырлы қызысың. Әрі сен Мұқанға адалынан берілген қосақ болдың. Және қандай қосақсың! Сібірге тайсалмай бірге барып, ауыртпай-сырқатпай есен-сау алып келіп, үйіріне қостың. Мұқанның ғылымдағы болашағы зор. Бұл әлі іс тындырады. Берері мол. Сен әдебиеттің үлкен тұлғасын сақтауға қызмет еттің. Сол арқылы елге қызмет еттің. Рахмет, айналайын, өркенің өссін! Мен әлі сен туралы кітап жазамын, — деп еді абзал жан. Амал не тағдыр оған жазбады, ғұмыры қысқа болды. Жазар-жазбасы өз алдына, бірақ сол арада көңілін өсіріп, төбесін көкке жеткізді емес пе? Марғуа осы сөзге кереметтей арқаланып кетіп еді. Қанаттанып, дүр сілкініп, түлеп сала бергендей. Жүзі ашылып, топқа жасқанбай енетін болды...
Бұны батыр аға Баукең де қарындасындай қадірлейтін:
Бұл қазақта Марғуадай әйел — кем де кем, — деп қоятын, ұшырасып қалған жерде. Қажым қандай сыйлаушы еді. Тәрбиелі, биязы жан бұны көргенде міндетті түрде бас киімін алып амандасатын...
Мұхаңдай аузы дуалы жанның бір ауыз жылы, жағымды лепесінің шарапаты шығар, Марғуа туралы аңызға пара-пар әпсана Алматыға қау етіп тез тарағандай. Бұған ақындар ұзақ поэма арнады. Зиялы қауымның ілтипаты артып, жақсы аты көптің аузында жүрді. Бәріне де — тәуба. Тағдырлас замандастары мен сыралғы абысындарының арасында айтса, сөзін өткізіп, күлсе, ортасының көркіне айналып, еркелей жүруші еді-ау...
Бәрі — тәңірінің жазуы, алланың бұйыртқан азды-көпті абыройы болар. Әйтпесе, Марғуа атақ қуып па еді?..
* * *
Ауруханаға келіп түскен күндері келіп қараған профессор дәрігердің сөзі есіне түсіп, езу тартты. «Кезінде бұл апамыздың алдында Алматының бар еркегі қалпағын алып, бас иетін», — демеді ме? Айтса, айтқандай, сондай бір шақтардың болғаны рас еді-ау. Көрген түстей өте шыққан дүние! Айтты не, айтпады не? Қазір кім біліп жатыр?..
Марғуа қамығып, өзінен-өзі көңілі бұзылсын. Көзінің алды дымданып, тамағына ащы өксік тығылғандай.
Беу, шіркін, қайран марғасқалар, қайдасыңдар? — дейді күбірлей.
Дүниеден көшкен соң, қайда болушы еді, — дейді екінші бір ойы қоса ажарланып.
Иә, иә, солай екен ғой...
Марғуаның көңілі соларды іздейтіндей, сағынады, ақсайды... Ол ойша қатарын, айналасын түгендейді... Көзкөргендер азайды... Қадірлестер қалмай барады... «Ерте адастырып кеттің», — деп отағасын сөгіп а лады.
«Әйел — ердің тұсында», — деген рас-ау деп, ойлап жатыр. Асқақтап, асып-тасығаны — Мұқанның арқасы екен ғой. Ол кетіп еді, шөгіп, шүйкедей кемпір болып шыға келгендей...
...Марғуаның ойы айналып келіп, жан қосағына тіреледі. Онымен бірге өткізген жақсы күндерінің шуағына жылынғысы келгендей, көңіл түкпіріне үңіледі...
-15-
Абзал ағаның үмітін ақтап, Мұқан әдебиет айдынына білек сыбана құлаштай жүзіп, бойлай берді. Еркін араласты, тынымсыз еңбектенді. Жиырма жылға созылған сергелдеңмен жүріп, өткізіп алған алтын уақытының есесін толтырайын дегендей, көкірегінде зерделеніп, қордаланып, қатталып қалған кітаптарын жазып, шетінен шығарып жатты. Араға біраз жыл салып, докторлығын қорғады. Қарымды қаламының арқасында өз саласында жетуге тиіс дәреженің бәріне жетті. Осы жасына лайық алуға тиіс игілік, ырыздықтың бұйырғанын алды. Академик, халық жазушысы, лауреат атанды. Жауапты қызметтер де атқарды. Көсілтіп, машинаның ағын да, көгін де мінді. Сабазы сонда бір өзгермеді ғой. Ойпырм-ай, қуанғанын да, ренжігенін де білдірмейтін сырбаз еді-ау, сырбаз.
Балалар тегіс аяқтанған. Алды-алдына бір-бір үй. Құдайдың бергеніне — тәуба. Марғуа, өткен өксікті күндеріндегі кем-кетіктің, жоқ-жітіктің, барша жоғалтқандарының орны толғандай, шерлі көңілдің наласы, құса-мұңы құрдымға кетіп, біржолата оңалғандай күй кешіп жүр еді...
Академиктерге арналған кең сарайдай, өзгеше үйге кірді. Амал не, ол кезде Мұқанның денсаулығы сыр бере бастаған.
Осы ғұмырларында заманның талай ойпыл-тойпыл құбылғанын көріпті. Соның алағай да толағай тауқыметін бір кісідей тартыпты. Мұқанның одан да өткен ғазиз басына жастары екіншіге ауған шақта тағы шырғалаң ілінді. Замана беті жалт бұрылып, опай-топай тағы өзгерді. Бұл жолғысы — жақсаруға бет түзегені десті бәрі. Бәрі бірден қалай жақсы болсын. Айдың да өліара шағы қараңғы болмаушы ма еді? Дәуір мен дәуір алмасқан тұста оның «өлі» арасы қайдан оңай өтер дейсің? Сол кезеңге тап келген Мұқанның жазған басына тағы бұлт үйірілгендей. Бір айналдырғанда — шыр айналдырды. Артынан қайта қаңқу ерді, шырақ алып түсушілер табыла кетті. Әлдебір жас адамдар оның отыз жетінші жылғы сол бір мақаласын, сөз бостандығы дегенді желеулетіп, жерден жеті қоян тапқандай қайта көшіріп басып, дуылдатып алып кетпесі бар ма? Бетінен алып, көңіліне қаяу салып, оңдырмай сынады. Арандатқыш айтақшыл адамның арамза, жымысқы әрекеті болса да, әлде жас адамның байбаламшыл, айғайшыл, даңғой, арзан атаққа құмар ісі болса да, бір құдай біледі. Дүрліктіріп, даурықтырып барып, басылды.
Мұқанға оңай тимеді. Жайсыз жағдайды бастан кешіп жүрді. Тұнжырап, қабағы ашылмады. Оның ренішін сезген Марғуаның да дегбірі кетті.
Ренішке күйініш жамалғандай. Онымен де тоқтамай, сірә, отыз жеті-отыз сегіздің, әсіре жау іздеу науқанында жазушылар ұйымының басшысының орынбасары, кейін міндетін атқарушы болғандығын сылтауратып, сондағы ұсталған, айдалған, атылған жандардың сұрауын, соры қайнағанда, бір Мұқанның басына үйіп-төге салса керек. Шіркін-ау, жоғарыдан түскен қаһарлы жарлыққа кім қарсы тұра алғандай екен онда. Ол бір нәубет емес пе, келген? Одан өзі аман қалса етті. Өзі де жиырма жылын «итжеккенде» өткізіп, бүкіл жігерлі жастығын құрбандыққа жіберді ғой.
Мұқанның онсыз да сыр берген денсаулығы мына соққыдан кейін күрт түсіп кеткендей. Үнемі қажып, шаршап, діңкелеп жүретінді шығарды. Тұрып жүргенінен жатуы көп. Бара-бара үйден шығудан қалды. Марғуа: «Мұқанның уайымы ішіне түсіп кетер ме екен?» — деп қорықты. Адыры солай болды.
Апырай, кейінгі жастар сен туралы не ойламайды? Сол уақыттағы жайды ашық айтпайсың ба? Қарғыс атқан қара дауыл кімді аяп қалды, — деп қайраған болады. Бұл тіпті тақымдап қоймаған соң бір күні:
Әй, Мәке-ай! Осыған дейін түсінбегенсің бе? Мұқанның не құқай көрмеген басы? — дейді шарасыздық танытып. — Менің тағдырым — менің ұстазым. Ол мені төзімділікке үйретті. Тыз еткен ашудан сақтандырды. Кектенбеуге, тоң-торыс өкпелеп, жөнсіз тортаңдамауға, «ә» десе, «мә» деп оқталмауға әбден ширатты ғой. Уақыт өзі айырар, ақ-қарасын. Кімнің кім екенін керек кезде өздері аршып алар. Енді қартайғанда сонша несіне ақталмақпын? Өз пікірім — өзімде, — деп қарап отыр. Бұл турасында одан әрі сөз етудің мәні жоқ дегені болса керек, орнынан тұрып кетіп еді. Одан кейін қажай беруді Марғуа да қойды.
Ол аз дегендей, кейбіреулер оның жазғанынан мін іздеп, іліп-шалып, кітаптарына тиісе бастады. «...Кеңестің ұраншыл, қызыл жалаулы жазушысысың, жазғандарың енді кәдеге аспайды, күнің өтті» дегенге саятын көрінеді. Мұны естігенде отағасы түгіл Марғуа ауырып қалып еді. Жүрегінің басына топтанған түйін алғаш сонда пайда болған. Көңіліне күдік оралған. Ол өздерінің соқпақтарының ақтығына, түзулігіне қапысыз сенімді еді. Ендеше мына сөз ненің жосығы? Жел болмаса, шөптің басы қимылдаушы ма еді? Отағасының бар еңбегі — маңдай тері заяға шықса, бұл да сол ғұмырдың астары емес пе еді, сонда бұның да жиған барша қазынасы, көрген қызығы жалған, бекер болғаны ма? О, тоба, қайран азаматым-ай! Марғуа Мұқанды қатты аяды. Күннен күнге Мұқанның жүрегі нашарлап бара жатты.
Ол топты жиынға бармай, оңашалықты қалайтын әдет тапты. Үйде де жұмыс бөлмесінен көп шықпайды. Марғуа кіріп, дәрісін берген уағында әлдене жазып отырғанын байқайды.
Жаным-ау, қоймайсың ба, осы жазуды, — дейтін бұл күңкілдеп.
Қайткенмен де ермексіз қалай отырсын? Кейінгі уақытта күнделік жүргізген көрінеді. Ішіне сыймаған сырларын қағазға түсірген екен. Бұл оны қайдан білсін?
Кейін, көп кейін, балалары қағаздарын реттегенде тауып алыпты ғой. Күнделігін бұған оқытпады.
Қайтесің, жүрегіңді ауыртып. Бұл — жеке бастың құпиясы. Өзің туралы жазылған тұстарын ғана тыңда, — деп, оқып беріп еді.
«...Ауырып, төсек тартып жатырмын. Әркім-әркім келіп көңіл сұрайды. Соны да көтере алмаймын. Таң алдында жөтел қысты. Мәкең тұрып, ыстық сүт қайнатып бермегенде, халім мүшкіл еді...»
«...Мәкең менің солқылдап ауырған аяғымның бір тырнағын жөндеп, дәрілеп беріп еді, ауруы сап басылды. Біздің Мәкең оқымағанның білгірі ғой. Оқыса, қайтер еді...»
Мұны естігенде Марғуа күліп алды. Қап, мұндай ойын бұрын білмегені-ай! Өмірі мақтамаушы еді, сөйтсе, қағазға жазып кеткен екен ғой. Өзі болса, «Саған тиемін деп, оқымай қалдым емес пе? Әйтпесе, Ахметсақи ағатайым елге келген соң оқытамын деп жүруші еді», — деп дауласа кетпес пе?
«...Жалғыз жәрдемшім, демеуім — Марғуа. Ол да ауыра береді. Әбден қажыды білем. Егер бір құдіреттің бары рас болса, ол — он төртінде, мен — он алты жасымда қосылып, шай деспей, жетпіс жыл отасқан жан-қосағымның алдында ала гөр деп тілеймін. Тағдырыма жалбарынудамын...»
Осы тақылеттес сөздер екі-үш мәрте ұшырасады. «...Мен Марғуаға кездестірген тағдырыма ризамын, ендігі тілегім — мені құдай соның алдында алғай!..»
Күнделікке түскен — жан жарына арнаған ішкі үні, жан сыры еді. Марғуа мұны тыңдап отырып, үнсіз егіліп жылап алды. Тәңірі бұл тілегін қабыл алғандай, жаздың бір жайдары күні аттанып жүре берді ғой арысы...
Марғуа оңынан да, солынан да ұйытқи соққан толайым заманның өкпек желіне қарамастан небір қиын-қыстау қысталаң шақта да тағдырдың Мұқанға қосқанына еш өкінген емес. Тәңірінің берген ырыздығының бәріне шексіз разы. Мұқанмен он төртінде бас қосқаны рас. Тиісті қалың малын өтеді, бірақ ол ешқашан мен сені малға сатып алдым деген пиғыл білдірген жоқ. Лагерьге дейін де, одан кейін де аузынан бір дөрекі, оғаш сөз естіп көрмепті. Сібірден алғаш оралған жолы «Төбеме көтеріп өтермін» деген сөзі — сөз-ақ еді. Айтқанында тұрып, бетіне жел болып тимеді ғой арысы...
* * *
О, мына ғажапты қара! Жүрегінің басына түйілген күмәнді түйіннің сыры Марғуаға түсінікті бола кеткені. Өткенде үйде қатты ауырған түні иесі түсіне кіргенде: — Көкірегіңдегі күмәннан арылғын келсе, оян! — демеп пе еді? Жаңа сол есіне түскені. Марғуаның жаңғыра жарқыраған санасы топталып, өкінішке, уайымға ұқсас қамықтырған түйіннің себебін енді тап басып тапқандай. Отағасының өмір бойы тепеңдеп жинап-терген, жазып-сызған еңбегі еш, тұзы сор болып, бекерге кеткен зая ғұмыр ма деген өз күдігі екен-ау — шерге айналып, түйін боп байланған. Жоқ, олай емес екен! Құдайға — тәуба, Мұқан қайтқаннан кейін де оның кітаптары дүркін-дүркін шығып жатыр. Зая ғұмыр сүрмепті. Ғұмыр-дария өзені арнасынан аса, кең жайылып ағып келе жатыр...
Осыны түсінуге, өткен күндерді саралап, ақыл таразысына салып безбендеуге ауруханаға түсіп, оңаша ой кешу керек болғаны ғой... Оңаша ой кешу...
Көкірегіндегі күмәннан таза арылып, бойы жеңілдегендей...
Мұқанның бұған деген көңілінде қылау жоқ, қалтқысыз ақ, адал еді. Оның жанының тазалығын білгеннен кейін ғой, өмір бойы артынан еріп келе жатқаны. Мұқан жол сызып береді, жарқыраған жарық жұлдыздай соны бетке алып, тартып кететін. Әйелді өсіретін ерінің ризашылығы, соның алғауы ғой.
Марғуа тағы бір жаңалық тапты... Жарық жақсы болса, саған деген ниеті ақ, адал болса — бақыт деген осы-ау. Ендеше, ол бақыты өінің басында әуелден-ақ бар екен. Бұның ойға шауып, қырға шауып, тау асып, тас басып, сарсаң болып жүргені — сол бақытын аялап қорғаудың, ажырамаудың, жоғалтып алмаудың, жаттың қиянатынан сақтаудың амалы ғана екенін енді ұғынғандай...
Осыны түсінгенде ол мейірлене жымиып, жүзіне нұрлы сәуле жүгіріп, албырап, бойын жазып, керіле созылып, кең тыныстап жеңіл ұйықтап кетті...
...Содан оянбады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі