Өлең, жыр, ақындар

Қас қағым сәттік сезім

Мөлтек әңгімелер

Құлып кілтінен — құлық кілтін табу қиын...

Халық даналығы

Қайран көңіл...

Бір жиында Жазира өзінен бір-екі қатар ілгерірек келіп отырып жатқан, жастайынан күйеуімен бірге өсіп, біте қайнасып дегендей, көңілдері ежелден жарасқан Жексенәліні көріп қалғаны. Жүрегі құрғыр қуаныштан лүпілдей жөнелгені. Ескі достан қадірлі кім бар?! Көріспегелі көп болып еді. Осы жылдар арасында ол еш өзгермегендей, сол маңғаз қалпы, шашын да еш селкеусіз бір жағына жыға тараған, сұлу, сыпайы қалпы. Жиын алдындағы абыр-дабыр шақ. Соны пайдаланып бұл «Жексеш» деп қалды жайымен баяу. Бірақ дауысы естілердей анық айтты. Үні де еркелей шықты. Өз атын естіген бойда ол артына кербез бұрылып, айнала шола қараған. Әуелі, мұнымен бір қатарда өзара күлісіп отырған бір топ жас қыздарға көз тастап өтті. Назары тағы біраз қыдырыстады. Бірақ бұны байқамағандай. Енді түзеліп отыра бергенде бұл шыдамай, әрі өзін танымағанына баладай мәз болып, сыңғырлай күліп алып, тағы да «Жексен» деді жып-жылы үнмен. Бұл жолы да артына бұрылып қараған оның жанары бұның басынан асып, артқы қатарларды қыдырыстап, қыз-келіншектерді тегіс сүзе қарап шықты. Осыны кергенде Жазираның көңілі демде су сепкендей басылып сала берді. «Шынымен-ақ көрмегені ме, әлде, танымағаны ма? Танымайтындай не көрініпті? Атын бекер-ақ атаған екенмін». Сөйтіп отырғанда екеуінің көздері түйісіп қалғаны. Келіншек оның жүзінен дәл өзіндегідей қуаныш нышанын да, тым болмаса, таңданысты да аңғармады. Күнде көріп жүргендей-ақ соншалықты самарқау, салқынқандылықты сезді. Суың жымиысынан-ақ: «Ә, сен бе едің? Қайдан жүрсің? Қашан келдің?» — дегендей жаттанды сұрақты ғана оқығандай.

Кешегі доспен арада терең шыңырау жатқандай. Одан өтетін өткел жоғын ұқты. Соны қапысыз түсінгенде бойын да, ойын да тез жиып алды. Ол отырған жаққа қайтып қарамауға тырысты. Ол әлдене деп сөйлеуге оқталғанда байқамаған түр танытып, отыра берді. Жүрегін нәзік мұң торлады...

Көңіл шіркін осылай қалады екен...

Алдаған үміт

Шаршы топ жиналған бір үлкен жиын еді. Бұл ертерек барып отырған. Алдыңғы есіктен адамдар лек-легімен ене бастады. Солардың арасында кірген ескі досын көрді. «Оһо, біздің Бәкең де келген екен ғой», — деп қасындағыларға естірте, оның атын мақтанышпен айтып, көтеріліп қалды. Алыста жүргенде жақыныңды бір көрген де қуаныш екен ғой.

Ол келген бойда аз-кем тоқталып, залдағыларды көзбен бір шолып алып, тура бұл отырған жаққа қарай жүрді. Бұған ол өзіне сәлемдесуге келе жатқандай көрініп, көңілі одан сайын марқайып қалды.

Алайда, ол бұл отырған қатарға тақала бере бері емес, ары қарай кілт бұрылып, биік лауазым иесінің жанындағы бос орынға жайғасты. Екеуі демде шүйіркелесіп, әңгімелесіп кетті. Бұл болса, әңгімесі біткен соң келіп сәлемдесер деген үмітпен отыра берді.

Кеш те аяқталды. Жұрт жапатармағай тарай бастады. Досы лауазым иесімен бірге әңгімелесіп, алшаң басып бара жатты. Әйтсе де, шығар есікте екеуі тоқайласып қалды. Мұны көргенде досы: «Сен де осында ма едің?» — дегені таңданыспен. Бұл не дерін білмеді. Досы әу баста бұны емес, лауазым иесін көріп, бұлар жақ қанатқа содан бұрылған екен ғой. Бағанадан онымен кездесуге алып-ұшқан көңілі нәумез болып, жаси қалды.

Қасындағыларға «Бәкең келеді», — деп бекер мақтанғаны- ай! Лауазымның қасында бұл кім, әрине? Лауазымның аты — лауазым.

Алданған үміт-ай!

Билесе, билік билесін

Тойдың қызған шағы еді. Өзі құралпы келіншектердің арасында тым тәуір билейтін өнері бар Айсәуле жадырай күліп, жарқылдай сөйлеп, көңілді билеп жүрген. Құйқылжыған саз әуені бірінен соң біріне жедел ауысып, шаршы топты би ырғағымен шырқ үйіруде.

Бір кезде ойын басқарушы жұртты бір сәт тоқтатып, ханымдарды биге шақыру таңдауын жігіттерге ұсынатынын айтты. Сол уақытта тойдың көркі болып билеп жүрген ақ костюмді сұрша жігіт тура бұл отырған жаққа қарай тартты. Ол тақалған шақта Айсәуле өзін шақыратынына сенімді түрде орнынан тұруға ыңғайлана берген. Бірақ жігіт мұны айналып өтіп, оның ту сырт жағында әңгіме соғып отырған, бүгінгі жиналған қауым арасындағы лауазымы ең биік билік иесінің үйіндегі жеңгейге барып, өтініш білдірді. Аз-кем қарсылығына қарамастан үйректей балпаңдатып ортаға ертіп шықты. Екеуі ал кеп билесін! Бидің бас жүлдесін алып, бір-ақ тоқтады. Жеңгей де мәз, жеңгесінің көңіл қыбын табу арқылы ағасына жаққан жігіт те мәз. Кіммен билеуде де саясат бар-ау! Билесе, билік билесін!

Айсәуленің осыдан кейін биге зауқы соқпай қалды.

Құлықсыздық

Шығармашылық бәйгенің жеңімпаздарын марапаттаған кеш. Арасында Нұрсәуле де бар. Ол тәжірибесі біршама қалыптасқан кәсіби аудармашы еді. Бұл бәйгеге бірнеше ғылыми аудармаларымен қатынасып, үздік дипломға ие болған. Міне, сол жүлдені тапсыру салтанаты өтіп жатыр.

Нұрсәулеге диплом мен арнайы жүлдені табыс ету үшін атақ-дәрежесінен ат үркетін салиқалы аға қаламгер сахнаға көтерілді. Мұндай да дәстүр бойынша, жас талантқа ақжол тілеп, бір-екі ауыз жүрекжарды тілек білдіру — парыз іс қой.

Дипломды қолына ұстаған бойы Нұрсәулені қасына тұрғызып қойып, жазушы ағасы сөйлеп бір кетсін!

...Таланттарды қолдау керектігінен бастап, мұндай байқаулардың жиі-жиі өткізіліп тұрғанынан ешкім ұтпаса, ұтылмайтынын дәлелдеп, біраз жалпылама сөйлеп алып: «Мен бұл ақын қарындасты көптен бері білемін. Өлеңдерін оңып жүремін, маған ұнайды», — дегені.

Мұны естіген Нұрсәуле ұялғанынан жерге кіріп кете жаздады. «Ағай, мен ақын емеспін», — дейді ақырын сыбырлай. Оны шешен еститін емес, сөзге қызу берілген. Мұның атына тағы біраз құрғақ мақтауларды үйіп-төгіп тастады. Нұрсәуле енді қарсыласуды қойды. Тек, «Япыр-ай, осыншама бос сөздердің орнына ана дипломдағы жазылған жазуды оқып бергенде ғой, әлдеқайда абыройлы болар еді-ау» деп ойлады іштей. Ал, ол ой жазушы ағасының есіне келер емес.

Ақыры диплом мен жүлдесін бұған ұстатып, екеуі де сахнадан түсті-ау. Бұл оның біраз жылғы көз майын тауысқан еңбегінің мерейлі бір жеңісі еді. Алайда, оның қуанышынан гөрі бір қолайсыздықты сезінді. Өзіне арналған несібесін әлдекім төгіп-шашып жібергендей ме қалай? Көңілінде қынжылыс аралас өкініш қана қалғандай... Құлықсыздық-ай!..

Шіркін-ай, адамдардың шынайы ықылас-пейіліне не жетсін! Сол құрғыр өзі бар ма екен?!

«Дефицит» бөлім

Оның бір министрліктің үлкен департаментіне қызметке тұрғанына көп болмаған. Түскі үзілістен оралған беті. Бірінші қабаттағы коридормен өтіп бара жатып, ашық тұрған есікке кездейсоқ көзі түсіп еді. Стол басында отырған ескі танысы жылы ұшырай кеткені. Алматыдан Астанаға жаққа келіп жатқан кез. Жүзі таныстың ұшырасуы да зор қуаныш. Оның қасында бұл дәмдес болған жан емес пе? Көре тұрып, өте шығуға дәті бармаған ол ішке кіріп, сәлемдесіп арқа-жарқа шұрқыраса кетті.

Қайдан жүрсіз ? Қашан келдіңіз ? — деген секілді сұрақтарды екеуі де бір-біріне жаудырып жатыр.

Бұл өзі осы қалаға таяуда көшіп келгенін айтты. Ескі танысымен енді бір мекемеде қызмет істейтініне де іші жылып тұр. Оның отырған бөлімінің жай-жапсарын сұраған. Сол, сол-ақ екен, оның зарлай жөнелгені.

Біздің бөлім ең негізгі — престижный, оңайлықпен қолға түсе бермейтін — дефицит бөлім ғой. Бұл араға қызметке тұру өте қиын екен. Атамаңыз. Құрыққа сырық жалғап, әрең дегенде өттік қой. Жұмысы да ауыр көрінеді. Кадрды тек біріншінің өзі таңдап алады...

А-а?!

Айта көрмеңіз, машақаты көп... Жоғары жақтан телефон шалдырып дегендей... — деп, безілдей жыланып қоя берді.

Түкке түсінбеген бұл үнсіз тыңдап отырып-отырып, оның қара аспанды неге мұнша төндіріп жібергенін анық ұғынбаған бойы:

А-а! Солай де... Дефицит бөлім де... Мен де осы мекемеге қызметке орналасып едім. Бірақ ондай атауды әлі естімеппін. Екінші қабатта отырмын. Қолың қалт еткенде келіп тұр... Әдемілеп шай ішеміз, — деді орнынан тұра беріп.

А-а-а?! Солай ма еді? Мен сізді жұмыс сұрап келген шығар десем...

«Ұялған тек тұрмас» деген-ау. Қызметтен де гөрі адамдардың көңілі «дефицит» болған заман-ай!

Түлкібұлақ

Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойеде отырған бұны әнге мәтін жазуымен аты шыққан ақын замандасы көріп қалғаны. Анадайдан екі езуі екі құлағына жете, тап бір ең қимас ет жақынын көргендей-ақ, елпілдей келіп, қолын алды, шұрқырай амандасты.

Осы ілтипатына шынымен-ақ риза болып, «Көзкөрген деген осы-ау!» деп ойлаған бұның көңілі өсіп қалды.

Мен, мен өткенде, алпыс жылдық кешімде «Менің ең жақсы көретін жақын досым — Сәкең еді ғой», — деп айттым... Шіркін, Сәкең екеуміз өйткенде-бүйткеде деп, екпінін баса алмай, атының басын біраз жерге дейін жіберіп барып, әрең қайырды.

Бұл естігендерін саралап, оның кешін есіне түсіргенше, «апыр-ау, ол кешке өзім де қатынастым емес пе? Сәкеңнің атын атағанын естімеген сияқты едім ғой» деп ойлап үлгергенше, қалай тез келсе, солай тез тайып тұрды.

Баспалдақпен төмен қарай түсіп бара жатқан оның ту сыртынан қарағанда бұған жаурынына дейін бүлкілдеп:

Алдадым, бәлем, алдадым, — деп күлетіндей болып көрінді...

Оның былай шыға бере, алдынан ұшырасқан жанға Сәкеңді қазір қалай ағыл-тегіл мақтаса, сондайлық құлшыныспен жамандарына да еш күмәні болмады.

«Құдай сенсе, біз сендік»

Көшеде егде қаламгер мен жасамыс әріптесі ұшыраса кетті. Жас әріптесі елпілдей сәлем берді. Сәлемін алған егде қаламгер ризашылықпен аңқылдап, жай-күйін сұрап жатыр.

Осы таяуда сенің жүргізген бір хабарыңды теледидардан көрдім-ау. Маған ұнады, — деді ақ көңілімен ақтарыла.

Рақмет, аға! Мен сол хабарда сізді де айтып едім, қысқартып тастапты, — деді өзінен-өзі ақталып.

Оқасы жоқ...

Рас айтамын... «Біздегі жастарға қамқоршы, ең көшелі қаламгер» — деп сізді атағанмын...

Қарт қаламгер оның жүзіне көз тоқтатып, ұзағырақ қарап еді, әріптес інісі қыбыжықтап, жанарын алып қаша берді.

Жә... Құдай сенсе, біз сендік, — деп, егде қаламгер басын шалқақ ұстаған бойы, аяғын нық басып, жүріп кетті...

Әзілің жарасса...

Ғылыми жұмысына қажетті деректер алуға келген әлде аспирант, әлде ізденуші келіншекпен әңгімесі біткен соң шығарып салуға кабинетінен ілесе шыққан қартаң ғалым оның сулығын алып беріп, киінуіне көмектесіп ыждағатты-ақ болып тұр. Әншейінде біреудің жәрдемінсіз өз киімін өзі кимейтін, бәтеңкесінің бауына дейін біреуге байлататын отағасының елпеңдеген түрін ас үйдің ашық есігінен көріп отырған бәйбішесі жақтырмай, келін-балаларына қарата:

Әкелеріңнің джентельмен бола қалуын қараңдаршы. Әй, өзінің әлі бір шабары бар екен... Тоқалдан дәмесі болмаса, неғылсын? — деді естілер-естілмес күңкілдеп. Ондай сөз естілмеуші ме еді? Келіндері теріс бұрылып, тұншыға күлісті.

Әй, осы сенің у-сойқы тілің-ай! Келіндерден ұялсайшы... — деп, қарт ғалым кабинетіне қарай тұқшыңдап өтіп бара жатты...

Соңғы бөтелкенің түбін шайып ішіп...

Қонаққа кеткен баласын тосып ол көп отырды. Бір уақыттарда аяғын тәлтіректей басып, шаршаңқырап келген түрін керіп:

Е-е! Әдеттегідей соңғы бөтелкенің түбін шайып ішіп, бір-ақ келдің бе? — деді аузына басқа сөз түспей.

Жо-о-ға, апа-асы! Әлі бірталай бөтелке ашылмай қалды... Ы-ых!

Қап, әттеген-ай!.. Соның бәрін тауысып, ертең бірақ келмедің бе?

Тышқан жылғы оқиғалар

Жуынатын бөлмеге кіріп кеткен Ғайни: «Ата!» — деп, шар ете қалды. Даусы соншалықты қатты шықты. Кабинетінде қағаз қарап отырған атасы жас келінінің оқыс даусына елеңдеп, соңынан іше-шала жеткен. Бұрышта бүрісіп отырған тышқанды, оған арбалғандай тілсіз қалшиып тұрған келінін көріп, қолына ілінген затпен тышқанды ұруға ұмтылды.

Ғайни, есікті жап...

Ғайни, қышқаш әкел...

«Ғайни, өйт», «Ғайни, бүйт», — деп тағы бірталай қысқа бұйрықтар беруде.

Етжеңді кісі тар жерде тышқанды ары-бері қуамын деп, жолындағыларды қағып құлатып, өзі әлденелерге соғылып, әп-сәтте аядай жерді асты-үстіне келтіріп, қаңғыр-күңгір дыбысқа толтырып-ақ жіберді.

Оның үстіне: «Ата, тышқан — әне, анда кетті, М кетті», — деп келіні шыр-пыр.

Өлдім-талдым дегенде атасы тышқанды ұстады-ау. Далаға апарып тастайын деп кілттерін салдырлатып, сыртқы есікті ашып әуре.

«Басымның сақинасы ұстап тұр», — деп, бағана жатып қалған бәйбіше мына салдыр-күлдірге бөлмесінен шыққан. Уақсыз уақытта далаға кетіп бара жатқан отағасын көріп аң-таң.

Апа, тышқан! Атам екеуміз тышқан ұстадық, — дейді келіні аптығын баса алмай.

Апырай, ә..! Тышқан ба еді? Мен атаң екеуіңді арыстан ұстаған екен десем... — деді, енесі бұрылып бөлмесіне кіріп бара жатып, езуіне мысқыл күлкі үйіріліп.

* * *

Әселдің әке үйіне келген күнінің ертеңі еді. Әке үйіне жылына бір соғатын әдеті. Үй ішінің бар мүлкі мұның бала кезіндегідей, еш өзгермеген тәрізді. Өйткені, қара шаңырақтың алтын қазығы — анасы отыр. Анасы отырғанда одан асып, үйге жаңаша сән беруге келіндері батпайтындай...

Ол қоналқаға ауасы кеңдеу ортаңғы бөлмені таңдайтын. Таңғы ұйқылы-ояу шақ. Ол анасының ерте тұрып, тықырлап жүргенін естіп жатыр. Үнемі осылай. Жазда ерте тұрып, сиыр сауатын. Бұлар оянғанша жаңа сауған сүтін тартып үлгеретін. Жаңа ағызған жас қаймағы мен гүжілдеп қайнаған сары самаурыны үнемі дастарханның шетінде әзір тұратын...

Қазір қыс. Анасы пештің күлін алып, от жағуға оқталғанын анық біліп жатыр. Ол анасының бар тіршілігіне, қимыл-қозғалысына сырттай қарап отырудан еш жалыққан емес. Анасы оны: «Анда-санда бір келгенде араласып қайтесің, келін бар ғой», — деп, үй тірлігіне қоспайтын. Қайран, ана көңілі-ай! Әр келген сайын анасының қартая түскенін көріп, жүрегі шымырлайды...

Ас үй жақтан әлдене тасыр-тұсыр ете қалды. Анасының ары-бері тырпылдаған жүрісі көбейген тәрізді. Тағы да тасыр-тұсыр. Сарт-сұрт. Таң атпай бұл не болды екен? Іле-шала:

Ақжігіт, а, Ақжігіт, кис-кис-кис, — деген анасының даусы естілді.

Түпкі бөлмеде пырдай болып ұйықтап жатқан анасының немерелерінің қасынан керіліп-созылып Ақжігіт әрең шықты. Ақжігіт десе ақ жігіт, кербез-ақ. Анасы тағы екі-үш рет шақырғанда, «Енді бармасам болмас» дегендей еріне басып, ас үйге қарай бүлкілдей жөнелді.

Осы сенің жалғаулығыңнан-ақ бізді тышқан дегендер басынып кетті. Қайда жүрсің?

Анасы немерелеріне ұрысқандай-ақ мысығына бұрқылдап жүр.

Бұл енді өстіп, жемей кергиді ғой...

Әсел одан әрі жата беруге шыдамай, тұрып анасының қасына келген. Істің мәнісін ұғын, анасының мойнынан құшақтап, еріксіз күліп жіберді:

Апа-ай! Мысығыңа өзің тышқан ұстап беретін болғансың ба?

Суық түскен соң ба, үйге тышқан үйір болып кетті. Түнде кіргізіп қойған көмірдің үстінде қонжиып отыр. Адыра қалғыр, тап мен бір қонаққа шақырғандай-ақ. Әрең ұстадым емес пе?

Ал, Ақжігіт болса, шала-жансар тышқанды бас салудың орнына иіскеп-иіскеп, қақпақылдап ойнай бастады.

Осы күннің мысығы тышқан аулаудан да қалып барады... Дүкеннің дайын тамағын алып беріп, әбден жаман үйретті... «Әпермеңдер, даладан тышқан ұстап жесін», — деп қашанда қақсаймын осыларға...

Анасы енді мысығымен қосып немерелеріне ұрса бастады.

Ойпырым-ай, хайуанның да табиғи қасиетінің жойылып бара жатқаны ма? Мына жаңалыққа Әсел таң-тамаша. Оны бұрыннан да кейбір жандардың о бастағы қабілет пен ерекшеліктерінен таза ада бола бастағандары қайран қалдырушы еді... Мысық екеш мысық та әдетінен жаңылыпты... Табиғат бүлінбесе, неғылсын...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз