Жарқынай мұнда бір-ақ байламмен келген — осы жолы Қанатты қайтсе де өзімен алып кетпек. Осыдан басқа, бұл көріп тұрған амал да жоқ-ты. Иесіз үйде жұдырықтай қызды қалай қалдырмақ? Қалада шіреп тұрған апасы бар дейді емес пе мұны? Жұрт онсыз да мұны сан-саққа жүгіртіп жүрген көрінеді ғой. Көзінше: «И-бай-ау, Еркежан-ау, несін айтасың, сендерге сын бар ма? Білеміз ғой жайларыңды. Жұмыстарың бастан асады. Айына-жылына бір барғанымызда қасымызда шүйіркелесіп отырып, төркіні келген қыз құсап сенің де бір шер тарқатып, асықпай шай ішкен күніңді көргеміз жоқ. Тан атса болды, шапқылап жүргенің. Сағатпен өлшеген қаланың тірлігі белгілі емес пе, құдай-ау!» — деп қойып, былай шыға бере: «Әй, мейірімсіз ғой, кәпір, мейірімсіз! Жастайынан шетте оңып, әбден суып кеткен бе, әлде күйеуінен аса алмай ма, ит білсін бе, сорлы немені. Әйтпесе, жалғыз шешесінен басқа кімі бар? Соған көзі тірісінде жөндеп қарайласпаған періден енді не сұрайсың?» — дейтін жеңгейлерінің сыры өзіне мәлім. Әсіресе, шешесі төсек тартып жатқанда өз қолынан күтіп, сусын беріп, арыздасып қала алмағаны — сыпсың-сыпсың өсекке тағы желеу болған түрі бар. Оның шет жағасын естіп те жүр. Естігенмен не шара?! Бұлай боларын біліп пе? Өзінің де өкінішінде шек жоқ. Сол үшін де өзін-өзі іштей мүжіп, қапалануда.
...Қанаттың жазған хатын алған. Түскі үзілістен жұмысқа шығып бара жатып, почта жәшігіне үңілген — хат жатыр екен.
Сіңілісінің мөрдей төгілген әдемі жазуы бірден-ақ көзіне ыстық көрінген, бірақ хатты ашуға асыққан жоқ. Сумкасына салып қойды. Аяулы адамдарының бұған деген ыстық ықыластарын, күйініш-күйініш наздарын арқалаған бір жапырақ хатты кешкілік жұмыстан босап, жайланып барып оқымақ. Қазір басы онсыз да әр нәрсені бір ойлап, лықылдап келеді. Қарбалас шаруалары тіпті көбейіп тұр. Байқау өтіп жатқан мезгіл. Ол халық шығармашылығы үйінде қызмет істейтін. Жылына өтіп тұратын осындай байқаулардың кезінде бұрылуға мұршалары жоқ. Келгендерді орналастыру, жұмыстарын қайта қарау, іріктеп-таңдау, өңдеу, костюмдерінің жетіспейтінін толықтыру, қыл аяғы байқау өткізетін қаржының шып-шырғасын шығармай, мезгілінде алып беру — қашанда мұның мойнында. Қойшы, әйтеуір, толып кеткен шаруалар. Бір облыстан кейін, бір облыстан келіп жатқаны. Ал, бүгінгі байқауға қатысатын ансамбль концертінің қалай өтетіні бұл үшін бәрібір еместі. Оның өзіндік жайы бар. Тіпті бұл байқауға ол да іштей дайындалған сияқты. Өзінің көптен төккен тер, сабылған еңбегінің де жемісі көрінер бір тұсы еді бұл. Өткен жылғы сапарларында осы ансамбльді байқап қалған-ды. Табиғи дарын иелері мол екен. Әрі жастары да біркелкі, он жеті мен он тоғыз арасындағы кілең бірінен-бірі өтетін өнерпаздар шетінен. Дауыстары да, қимылдары да көркем, тек сәл тәрбиелеп, дұрыс бағыт берсе ғой, өзінен-өзі дүрілден кеткелі тұрған өрендер екен деп түйген. Әрі мықты жетекші керектігі аңғарылған. Осы ойын Саттар Сатовичке айтып жүріп, республикалық байқауға қатыстыруға рұқсат алып берген, жаңа жетекші жібердірген. Міне, бүгін солар жаңа есептік концерт бермек. Өзі ойлағандай деңгейде шықса, жалпы жаман болмауы керекті. Ансамбль ойдағыдай болса, әріптестері арасында мұның да абыройы көтеріліп қалары хақ. Соңғы кезде «Ізденіс жоқ, отырған орындарыңнан қозғалуларың қиын, таптаурын болған бір ізге түсіп алғансыңдар» деп қыр соңынан қалмаған бөлім жетекшісін көрер еді сонда.
Байқауда ансамбль өзін жақсы көрсете білді. Топ аз уақыт ішінде тез өсіп кеткен. Сахнадағы қимыл, ырғақ — бәрі ұшталған, нақпа-нақ, ойнақы, жатық. Қазыларалқасының мүшелері қатты риза болысты. Концерт соңында ететін көркемдік кеңестің жиынында «аймақтың, одақтың көрсетулерге ұялмай жіберуге болатын әрі жас, әрі жаңа толқын көркемөнерпаздар екен», — десті бірауыздан. Ансамбль жетекшісі өзінің сөзінде: «Бұл Жарқынай Рахымқызының еңбегі. Осы кісінің тікелей қамқорлығының арқасында шыққан еңбек», — деген-ді, қайта-қайта ағынан жарылып. Саттар Сатович кеңес жиынып қорытындылағанда: «Вот это, да! Міне, халық таланттарым осылай танып, жұмыс істеу керек. Бұл — Жарқынай Рахымқызының «находкасы», — деген. Көңілденгендегі әдеті бойынша, көзілдірігін қолына алып, жоғары көтеріп сермеп-сермеп қойды. Ол кісі ісіне риза болып, көңілі түссе, жер-көкке сыйғызбай мақтайтын, сәл көңіліне жақпаса, жер-жебіріңе жете, қолыңнан еш нәрсе келмейді дегенге дейін барып, қатты ұрсатын адам еді. Бірақ мәселеге әділ келетін. Жарқынайға көптен бұлай риза болмаған шығар. Істеген ісіне әділ баға беріп жатса, кім марқаймас? Жарқынайдың да көңілі өсіп қалды. Бірақ біреудің ту сыртынан қадалған назарын сезді. Бұл кім болды екен? Артына бұрылып қарап еді: бір бөлімде істейтін Шара екен, мұны жаңа көргендей тесірейе қалыпты. Көзіне көзі түсіп еді, қыбыжықтап, қаймақтай жұқа ернін жымқыра, езу тартып күлген болды. Ағынан жарылған жарқын, мерейлі күлкі емес, жымысқы күлкі. Езуіндегі кекесін табын анық байқап қалды бұл да. Осы кекесінді күлкіден кейін-ақ, көңіл күйі де іркіттей іріп жүре берді. «Не ойлап отыр екен, зәлім? Саттар Сатовичтің сөзінен кейін ішіңе шоң түсіп кеткендей болған шығар? Қызметті былай қойғанда, гардеробыңа дейін араласып отыратын мықты, сенетін ағаларымыз жоқ, сен сияқты. Жұмысымызды сондықтан өліп-талып істейміз. Істеген ісімізге бастықтың іштартқанын да көпсініп отырсың ба?» — деп ойлады да, қойды.
Көркемдік кеңестің отырысынан шыққаннан соң ешкіммен сөйлесуге құлқы болмады. Күн де кешкіріп қалған еді. Үйге салқын лепті бетке алып аяңдап, жаяу қайтты. Шаршаған сәтте жаяу жүру оның әдеті еді: жүрген сайын шираққан ойы жадырап, бойы сергіп, ширап қалатын. Бүгін үйге асықпай-ақ қойса да болады. Бектің кеш келетіні белгілі. Күндіз телефон соғып, зертханада болатынын ескерткен. Күйеуі ғылыми мекемеде жұмыс істейтін, бір тәжірибе жүргізіп жатқалы көп болған. Тезірек бітсе екен. Ол да үй көрмей кетті. Ол жолшыбай кешкі кафелердің біріне кіріп, жеңілдеп тамақтанып алуды жөн көрді. Көңіліне алған ісі орындалғанда оның осылай көпшілік орындарына қыдырып, жайшылықта бармайтын жерлеріне барып, жайшылықта көруге ынтықпайтын жиын-тойларға әуестеніп, әшейінде өзін тежеп ұстайтын жайларға біраз ерік беретіні бар. Самаладай күндізгі жарық шамының сәл көкшіл сағымының астында кофе ішіп отырғанымен, ол бүгін бұрынырақта келгендеріндегідей жайбарақаттана алмады. Шараның кісінің өңменінен өтер жанары мен кекесінді мысқыл үйірілген жымиысы қаз-қалпында көз алдына елестеді. Нені меңзеп, неге күлгенін бұл әлі таба алмай дағдаруда.
Кафеден шыққанда уақыт та біраз болған еді. Үйге келісімен салқын душқа түсіп, сусыма жеңіл, қаусырма халатын киіп, тақта үстіне жайғасты. Бүгінгі күн де өтті-ау! Әбден шаршағанын енді біліп жатыр. Бұл күйінде, ұзақ қиыншылықпен келетін мысқылдай жеңістің қуанышынан гөрі қобалжытуы басым еді. Көңіліне бір алаңдық кіргені анық. Көңілін алаңдатқан тағы — бұл білмейтін бір нәрселерді сезіп, «соны да білмеген сорлы» деп, кінәлай күліп отырғандай кескін. Сонда ғана бағана ауылдан келген хат есіне түсті. Ұмытып кеткен екен—ау. Өзінен өзі қуыстанып, ыңғайсызданып қалды. Шараның күлкісі тура осыған меңзейтіндей көрінді. «Өз туыстарыңа жақсылығың жетпей жүргенде, айдаладағы бір ансамбльдің атын шығарамын дегенің қай сасқаның?» — дейтін сияқты.
Ол хатты ашып, оқи бастады. Сіңлісі ауыл-аймақтың амандығын тәптіштеп түгел жазыпты. Соңғы жағына бөлектеп: Көке, апамның ауруы кейінгі кезде меңдеп кеткен сияқты. Ауруханадан үйге шығарып алдың. Келіп кетпейсіз бе?» —депті.Бұлар бір әке-шешеден ағайынды екі-ақ қыз еді. Еркек балаға тапшы болғандықтан сіңлісіне мұны «көке» дегізіп үйреткен. Сып-сыпайы ғана «Көке, келіп кетпейсіз бе?» деген бір ауыз сөздің қандай астары барын біле алмай отыр. Ауылдағы ағайындарының өзін жиі келмейсің деп, қашанда сөгетінін біледі. Қанаттың «келіп кетпейсіз бе?» дегенін де көптен бармағанына өкпелегені деп білді. Апасы бұған дейін де ауруханаға жатып, шығып жүретін. Көптен жолдас болған және дерті де. Ауырған адам жазылмай ма? «Сынық арба — көпке шыдайды» демеуші ме еді апасының өзі? Ешқандай жаманатқа жорығысы келмеді.
Жарқынай табиғатынан сабырлы жан еді, елпілдеп-желпілдегенді көп ұната бермейтін. Әсіресе, алау-далау болып заманақырды тақап, «ойбай, елде өйтіп қапты, мынауым мынадай боп қапты» деп, екі күннің бірінде қызметтен сұранып, машина іздеп шапқылап жүретін әріптестерін білетін. Осы-ақ дүниені тақап, қызыл май-ала шапқын боп жүреді екен деп іштей сөгетін. Дәнеңе жоқ, бір-екі күннен кейін, бәрі орнында екен деп қайтып келетін. Өзі ауылға бару керек болса, ешкімнен көлік іздемей-ақ, «стансадан машина алып шығыңдар» деп елді әбігерлемей-ақ, сенбі-жексенбіні бетке алып автобуспен, не түнгі пойызбен елеусіз жүре беретін. Осыған өзі де төселген, туыстарын да үйреткен. «Барсам өзім үшін барамын, жұртты әбігерге салып қайтемін?» деп ойлайтын. Кейінгі кезде ауылға барғанда бір нәрсеге қайран қалатын болып жүр. Жеңгелерінің шайына жиналған оның абысын-ажындары ас үйде оңаша бас қоса қалған кезде:
Ойпырмай, қайнағамның кіші қызы қасқыр ғой, сонша жерден күйеуінің мәшинесімен келіпті-ай! Дос бар, дұшпан бар, көрсін деп отыр, мықты емес пе, біздің ол қыз, — десе екінші біреуі тұрып, одан қалысқысы келмей:
Менің әлгі ортаншы қайын сіңлім бар ғой, кілең бір шетелдік машинамен келетін болып жүр, кімдікі деп сұрасақ «пәлен жерде істейтін бір мықты жолдасымыздікі еді» деп, ыздияды әуелі. «Жолдарың жаман ғой, автобус соғып тастайды, қалай жүресіңдер?» дейді шіреп, осы екі араға ылғи мәшине мініп өскендей-ақ, — деп жорта ұрысқан болып, жан-жақтағы тұрмыстағы қыздарын ретін тауып мақтасатын. Бұлардың ұғымынша, төркіндеріне барған салтанатына, көліктің жай-күйіне қарай, олардың барған жерлеріндегі тұрмысының жай-жапсары, жағдайларының жаман еместігі аңғарылатын болса керек. Бұрын пәлендей мән бермеген екен, кейінгі кездерде осындай-осындай сөздерді естіген сайын ойланып қалады. Кейбір құрбы-дос келіншектердің ауылы жинала қалса, өздерінде жоқ болса, күйеулеріне шарқ ұрғызып көлік іздететін әдеттерін білуші еді, әйелдің бір тентектігі ғой деп ойлайтын, оның сырын енді ұққандай. Әр нәрсені артынан аңғарып, таңданатын әдетімен «Ой, ғажабын-ай!» деп, күлетін де қоятын. Мұның орнында басқа біреу болса, баяғыда-ақ шешесін қолына алар ма еді, қолына алмаса да, әкеліп дәрігерге қаратар ма еді, кім білсін? Өзгеге де, өзіне де қайыры жоқ, шектен шыққан қарапайымдылығы ғой түбіне жетіп жүрген. Елдің қыздары сияқты машинамен бару мұның қолынан да келетін. Тіпті сұрамай-ақ, емеурін білдірсе, қазір отырғызып алып, жүріп кетуге әзір достары мұның да аз еместі. Одан қалса, өзі істеп жүрген мекемесінен сұрауға да болар еді. Осындай-осындай мүмкіндіктері бола тұра, пайдаланған емес. «Күнімдік нәрсе — айлық азық, жылдық үнемі болар деймісің, не болса да адалынан беріп, баянды болғай» деп ақырын тосатын. Әрі артық әбігершілікті жаны қаламайтын. Пысықсынып, бір нәрселердің алдын орап, істей қояйын десе, жақпай, кері шығып жататын әдеті. Содан болар, жоқ жерде пысықсынғаннан қашатын.
Хатты олай оқып, бұлай оқып, бұдан артық созудың жөні жоғын сезді. Барып алып келіп, білетін дәрігерлерге қаратпасам болмас деп түйді. Енді бірер күнде байқау да аяқталып, келгендерді тегіс қайтарып, бір жеңілдейді. Осы аралықта аз күнге сұранып, барып келуге неге болмасын?! Күнде сұранып, бастықтарын ығыр еткен жері жоқ еді. Жіберетін шығар. Осы шешімге келгеннен кейін ғана бойы жеңілдегендей сезінді. Апасы қартайып тұрған жоқ, сәл емделсе, түзеліп кететініне сенімді етін.
Амал қанша, тағдыр оған жазбаған екен, екі күннен кейін шешесінің қайғылы қазасын арқалаған жеделхат алды.
Қанаттың сондағы хатын ала салысымен созбай-ақ, тура сол күні ауылға жүріп кетпегеніне әлі өкінеді. Сонда келгенде, апасымен тілдесіп қалғандай да екен...
..Қанатты, мұның еркіне салса, апасының жетісінен кейін-ақ өзімен бірге алып кеткісі бар еді. «Көке, бұл турасында апамның қырқынан кейін сөйлесейікші!» — деген сіңлісі тоқтатып. «Қырқына, әйтеуір, келесіз ғой?» — деп қадала сұраған тағы. Байғұс бала бір кетсе, келмейді деп әбден запыс болса керек. «Келемін, күнім, келемін!» — деп, бұл көзінен сүйіп, қалдырып кеткен. Енді қалдыра алмайды.
Сырттан мотоцикл үні естілді. Қанат болар көшенің иттерім шулатып, тауық-қаздарын үркітіп келе жатқан. Бәсе, сол, дырылдағын аулаға кіргізіп, салдырлатып қойып жүр ғой, Келгелі осы қыз-ақ зығырданын қайнатып бітті. Кімге тартып қана осылай болды екен?! Жүйкеге тигенімен қоймай тағы: «Өзіңе тартқанмын, әпкетай, өзіңе, басқа кімге тартушы едім?» дейтінін қайтерсің тағы, түк болмағандай жайраңдап. Тіл дегенің — удай. Бір жағы немере ағаларынан да көреді осы қыздың, не ұл емес, не қыз балаға лайық мінезі жоқ, еркекшора болғанын: ағекеміздің көзі деп, бетінен қақпай жіберген. Бәрінен де мотоцикл алып бергендерін айтсаңшы?! Жазатайым бір нәрсеге ұрынып қалар деп қорықпайды ғой өздері. Жалғыз ағаларынан да демейді, көбінше апасы ғой, кенже қызының қылығын қызықтаймын деп еркелетіп өсірген. Ағалары бір нәрсе деуге апасының да көңіліне қараған болар. Түптің түбінде келіп, бәрі Жарқынайға батып отыр. Мұнымен ілесіп, бірге кетуден үзілді-кесілді бас тартты. Жарқынайдың осы қызды сегізіншіні бітірісімен-ақ техникумға, не училищеге түсіріп жібергісі келген. Ендігі бір мамандық алып шығар еді. «Оқу, оқу деп, үйден бір шығып кеткен соң, қайтып оралған қызды көргенім жоқ. Қой, әкем, бұл ешқайда бармайды, басымды қатырмаңдар, қасымда болады. Оқымаса, оқымасын, қасымда болса, жетеді! Оқымаған адам да далада қалып жатқан жоқ, Орнын табар... Біреуің сыртта жүрсің ғой, сол да жетер», деп апасы қасарысып отырып алған. Біреуің әкеңнің түтінін түтетіп отыруларың керек деп, ауылдан ұзауға қорқады. Өйткені, қалаға баспайды-ау, баспайды. Апасының көңіліне қарады ма, бұл да сол кезде пәлендей қыстай қоймаған. Он жылдықты бітіріп, ауылда жұмыс істегелі де екі жыл болды. Ендігі қасарысуын бұл түсінбеді ғой. Ойлап отырса, Қанат кішкентайынан бұған үйірсек емес екен-ау. Үйге барғанда «көкелеп», айналасында біраз жүргенімен, бір ретте бұған бала болып еркелеп, етене жуыспапты. Алда-жалда апасы екеуі бұлардың үйіне қонаққа қыдыра келсе де: «Мына көк түтіндеріңде біз тұра алмаймыз. Құжынаған халық, ағылған машина, адамның тынысын тарылтады ғой, қалай шыдап күн көресіңдер, жүр, апа, ауылымызға қайтайың» деп асықтырып, көп жатқызбаушы еді. Балалықпен айтады ғой деп,бұл пәлендей мән бермейтін ол кезде. Қолды-аяққа тұрғызбай асықтырған қызының қылығына, сөзіне анасы мейірлене күліп қойып отыратын. Бұл көріп-біліп жүрген келіншектердің, таусылмайтын бір сіңлілері, қайын сіңлілері үйлерін босатпайды. Ал, бұл жалғыз сіңлісін шақырып келтіре алмайды. О... Тоба-ай?!
«Сендердің осы қалаларыңа келген соң кісінің іші пысады, бір үйге бармайсың, бір үйге кірмейсің, төрт қабырғаға қамалып, сендер қашан келеді екен деп телміріп, көзің жаутаңдап отырғанша, өзіміздің үйренген жеріміз жақсы емес пе?» — деп, анасын иландырып, алып кететін. «Ай-ай-ай, философ сіңлім-ай осы өжеттігіңнен бір нәрсе табар ма екенсің, әлде тіл мен жағыңа сүйенген құр мылжың болып қалар ма екенсің?» — деп күлетін.
Енді мұны күлкі емес, ашу қыса бастады. Шешесінің қырқын бергелі үш күн өтті. Мына қыз бөгеп отыр. Айтқанға көнер емес, келгелі екеуі айтысуда. Қатты да айтты, алдап та көрді. «Біреудің қолына барып, жалтақтап жүргім келмейді. Не көрсем де ағайындар арасында, ел ішінде, әкемнің үйінде отырмын», — дейді. Ал, бір нәрсе демей, шыдап көр?! Мұндай бетпақтықты кім білген?! Көшіріп әкетемін деп отырған бұл да жоқ. «Барып, оқуға тапсырып не лайықты жұмысқа тұрып көргін. Біртіндеп түпкілікті табан тіреп кетесің, тағы бір реттері бола жатар» деген ой ғой. «Бөтен біреу» дейді, туған апасы бөтен болғанда, сонда жақыны кім екен мұның? Жарқынайға батып отырғаны осы ғой.
Олай демесеңші, мен өзің болғанмен, жездеңнің, қарағым, атасы басқа ғой, көңіліне келер. Сен бөтен дегенмен, ол сені бөтенсініп, сыртқа тепкен жері жоқ еді ғой. Не жаманшылығын көрдің? Саған аға орнындағы адам.
Жоқ, әпкетай, маңдайға аға жазбаған соң, кісі ағасы — аға бола алмайды. Осы күнге дейін соны да білмеуші ме едің?
Әй, мен сенен бақандай он жас үлкенмін, саған қарағанда аз да болса, білетінім бар шығар. Тайталаспа, жүр деген соң, жүресің!
Әпкетай, шыныңды айтшы, мені әлде күнделікті нан мен сүтіңе жұмсайтын, қолбалалыққа ұстағың келе ме? Әлде күйеуіңнің ана тәжірибе жасайтын тышқандарына жем шашқызуға керекпін бе?
Қыршаңқы сөйлемесең болмай ма? Ол ғалым ғой, білмейтін нәрсеңді неге айтасың, қалқам-ау?! Сөз деген жетпей қоймайды, құлағы шалса, ұят емес пе?
Несі ұят, өзіне де айтамын, тепсе темір үзетін жігіт тышқан баққанша, дұрысырақ, былай, еркектің жұмысын істемей ме? Қаладан кетсеңдер өлетіндей боласыңдар. Он жыл болды ғой, түйтіңдеп жүрсіңдер, бітірген түктерің жоқ.
Қой, қарағым, мен жүрсем, ана ағаларыңның балаларының ертеңгі болашағы үшін жүрмін. Жатта да бір үйің болсын деген емес пе? Омалып ауылда отыруларың жетпей ме? Оқуларың керек қой. Әлде жұрт оңып жатқан тегін оқу сендерге жақпай ма?
Оқу керек болса, керек кезінде оңып аламын. Тегін болса, тіпті жақсы, асығатын несі бар?! Қалаға апарғанда не істе демексің маған? Осында да бос жүргенім жоқ, істеп жүрген жұмысым бар. Өзіме ұнайды. Мен қаладан гөрі осы жерге көбірек керекпін.
Сен болмасаң бұл жақтағы жұрт қараң қалатын шығар...
Ендеше қаланың да мені керек етіп тұрғаны шамалы болар. Өйтіп-бүйтіп бір жерлерге кіріп, ілдебайлап жүргім келмейді. Одан да алшаң басып, ауылымда жүргенім жақсы.
Әй, қарағым-ау, оқуың керек емес пе? Өз қатарыңның бөрі әр жерде оқып жатыр. Қазір білінбегенмен, жыл өткен сайын қатарыңнан қалып қойғандай, қорына бересің. Бір қалып қойған соң, мүлде қалып қаласың, осыны ұқшы, тым болмаса.
Мені қатарымнан қалып бара жатыр деп, кім айтты? Қатарынан қалады екен деп қорықпа, әпкетай. Әлде, ауылда жүргендердің бәрі қатарынан қалғандар ма, сіздерше...
Ақыры шыдамы таусылған бұл:
Бар, жоғалшы, көзіме көрінбей! — деп, бағана үйден қуып жіберген. Мотоцикліне мініп, дарылдатып кетіп еді, жаңа келді ғой.
Көке, — Қанат дәнеңе болмағандай арсалаңдап, жарқылдай кірді.
Көке, ұрыссаңыз да, ұрыспасаңыз да, мен бүгінгі түнгі пойызға билет алып келдім. Қайтыңыз, әпке. Құлаққа тыныштық болсын! — Соңғы сөздерін зілсіз еркелей, күліп айтты. Бірақ даусы дірілдеп, босап тұр. Жарқынай қанша ашудан жарылардай боп тұрса да, босап, терезеге бұрылып, теріс айналып кетті.
Күнім-ай, сені жалғыз тастап қалай кетем?
Еш нәрсе етпейді, әпке! Мен бұл күйге апам ауырғалы іштей дайындалғанмын. Сіз ұзатылып кеткен қызсыз, сіздің тұрағыңыз бұл күнде басқа. Ал, мен әкемнің үйінде қаламын. Әкем маған ұл есімін қойғанда, көңілінде «неге ұл болмады екен?» деген өкініш тұрды ма екен, әлде менің болашағыма сенді ме екен, кім білсін? Әйтеуір бір ойы болған шығар. Не көрсем де, өз маңдайымнан көрдім. «Терек бір жерден көркейер — демеуші ме еді апам? «Бәлен жерде бақыт бар» деп, кісі есігін сағаламаймын.
Тағы да «кісі есігі».
Қанатжан, қойшы...
Қойдым, әпкетай. Жолға жинал, соңыра машина келеді.
Өзі дарылдатып, тағы бір жақтарға кетті. Құдды еркек бала сияқты үйге тоқтамай, күні бойы сыртта жүретін сіңлісінің будақ-будақ шаң ілестіріп бара жатқан ізіне қарап, отырып қалды. Көнбеген адамға не шара, қайтуға жиналмаса, болмас. Әкесі — қисайған жағынан тұрмайтын, бірбеткей бетті кісі еді. Айнымай тартқан да. Сіңлісіне қыз жолы жіңішке екенін ескертіп, ойына алғанының бәрін істей берсе, абырой бермейтінін ұғынатындай зерде тілегеннен басқа, не қалды енді бұған?
Есіктің алдының шаңын бұрқ еткізіп, машина тоқтай қалғанда, Жарқынай да ол-пұлын әзірлеп, дайын отырған. Қанат мұның көзіне тура қарамай, қашқалақтап, сумкаларды машинаға салған болып жүр. Оның жанындағы екі жігітті бұл танымады. Ауылдан ұзаңқырап шыққаннан кейін ғана жөн сұрасқан.
Көке, мына машина жүргізіп келе жатқан Тұрысбек ағаның Жанаты ғой, бір апасы сізбен қатар оқыған, білесіз ғой, тек ұмытып қалған боларсыз. Ал мына жігітті де тануыңыз керек, осы ауылдікі, апам «абысын» дейтін Биғайша әжейдің баласы — Нұртай.
Жарқынай екеуін де кішкентай кезінде Қанаттың жанынан сан көрген, бірақ дәл мынадай көркем жігіт болып өсер деп ойламаған. Сол кішкене қара домалақ балақайлар мен мына бозбалалардың арасынан бір ұқсастық іздегендей, беттеріне қарағыштай берді.
Апасының жетісі, қырқы кезінде де Қанаттың жанында шырқ үйірілген кілең осындай жігіттерді байқаған, шаруаларына болысып, зыр жүгіріп жүрген. Бір ретті жерінді жеңгесінен жайлап сұраған да сыр тартып. «Еркежан-ау, бәрі өзіміздің туысқандар ғой. Анау ана қайнағаның, мынау мына қайнағаның баласы» деп шұбырта жөнелген. Айтса айтқандай, бәрі өзінің жамағайындары екен. Мына екі жігіт те бөтен болмады.
Станция басына келген соң жүктерін перронға қойып, пойыздың келуін күтті. Қанат тағы да ойнақылығына салып, әр нәрсені бір әңгімелеп тұрды. Бірақ сіңлісінің көкейіндегі бұған айтайын деген нәрсенің басқа екенін бұл байқады. Жігіттердің бөлініп, екеуі аулағырақ барып тұрды. Бұл араға шам жарығы да жете қоймайтын алакөлеңке.
Пойыз келгенше, сіңлісіне айтатынын айтып қалғысы келгенімен, неден бастарын білмеді. Жақпай қалса, айдалада айтысып тұру ұят та, бірақ уақыт өтіп барады:
Қанатжан, сен енді жас емессің, ақыл тоқтататын кезге келдің, айналаңа еркек балаларды үйір ете бермесеңші. Бір кездегі бала достарың екенін білемін, бірақ сен қыз бала екеніңді де ұмытпағын, мен келгелі сенің жаныңнан жақын дос қыздар көрмедім. Әлде байқамадым ба? Қыз жолы жіңішке екенін есіңнен шығарма. Саған бәрі сын.
Сіңлісі бұл жолы бетінен алмады, үнсіз тыңдады.
Иә, әпке, айтқаныңның бәрі дұрыс. Бірақ мен сіз ойлағандай, он, мен солымды айырмайтын аусар емеспін. Маған сенші, әпкетай...
Екеуі вокзал үйінің сыртқы шарбақ қоршауына сүйеніп, үнсіз тұрды. Қанат кенет мұның ту сыртынан құшақтап, жауырынына бетін басып, ұзақ тұрды. Бұл жылап тұр екен деп ойлап, бұрылып бауырына тартқысы келген, қапсыра құшақтаған Қанат тырп еткізбеді. Қолы қатты екен.
Көке, менің қыршаңқы тілім де тиді ғой деймін, сізге. Оған бола ашулана көрмеңізші. —Жылаған дәнеңесі жоқ, даусы да байсалды, бап-басылқы. Бұл келгелі Қанаттың шын жақын тарта, ақтарыла ағынан жарылып сөйлегені осы шығар. — Сізден басқа кімім бар, сізге айтпағанда кімге айтамын. Соңғы уақытта сирек келетініңізге, әсіресе апам қиналып жатқанда қасында болмағаныңызға ренжігенім рас. Апам да тосып жатты ғой. Бірақ ол кісі сізге титтей де ренжіген емес. Қайта маған: «кейін бір нәрсе деп, көкеңді жабырқатып, қапаландырма», — деп тапсырумен болды ғой. Жарқынай шыдай алмай, жылап жіберді.
Жылама, көке! Апамның алдында қарызың жоқ қой. Апам осыны айт деген. Қолыңнан келгенінше қарайластың. Ал, енді маған қарайлама, алаңдама! Апам көзінің тірісінде менің бір кісідей өз басымды алып жүретініме сеніп, қатарымнан қалмайтыныма көзі жеткен. «Сен, қара тентегім, түбі бір жерден шығасың ғой, Жарқынайым әлдекімге түрткі болмаса» дегенді, неге екенің қайдам, көп айтатын. «Туған жерден қол үзіп кетті ғой» деп отырушы еді. «Ұлан-байтақ еліміздің қай жері болса да, туған жер емес пе?» деп, мен тайталаса кететінмін. «Жоқ, балам», — деп күрсінетін. Жалпы үлкен адам уайымшыл болады-ау деймін. Мүмкін ана жүрегі әлденені сезді ме екен! Оның үстіне, осы апам сіздің бақытты екеніңізге анық көзі жетпеді-ау деп шамалаймын, көке, өз ойымша. Содан кейін де болар, уайымдай бергені. Айтшы, көке, сен бақыттысың ба? — Бұл Жарқынайдың мүлде ойламаған, күтпеген сұрағы.
Сен жақсы болсаң, күнім, менің бағымсың! Бақыт деген шат-шадыман той-думан емес, амандық пен тіршілік қой, жаным.
Мұныңыз тіпті қарабайыр, тұрмыс басты болған адамның сөзі ғой.
Тұрмыс адамды билейді, менің жасыма келгенде сен де осылай дерсің мүмкін.
Жо-жоқ, көке!
Екеуі де өз ойымен үнсіз тұрды.
Жарқынайға қазір Қанат иесіз үйде жетімсіреп, жалғыз қалып бара жатқан қорғансыз қыз емес, қайта бір тірегіндей көрінеді. Өзіне қарағанда Қанат әлдеқайда нық сенімді сияқты. Содан өзі қуат алып тұрғандай. Әкесі көз жұмған соң, Жарқынай іштей әбден қатайып алған. Алдында асқар таудай аға, шалқайса сүйенер іні болмаған соң ба, ол өзін қашанда жалғыз сияқты сезінетін. Ешқашан ешкімнен көмек күтпейтін. Сүйенер тірегі болмаған соң, өз еңбегіне ғана сенетін. Егер осы уақытқа дейін әлденеге қолы жетсе, тек тынымсыз тырбануының ғана жемісі деп білетін. Қала тіршілігінде ол тұрмыстың қыжылын да, жанашыр қолдың демеуінің жоқ тығын да көп тартты. Жолында сәтсіздіктер де ұшырасты Ол кей-кейде тарылғанда «ақылсыздау болса да, бірге туған ағатайым неге болмады екен?» деп ойлайтын. Сонда анасына да алаңдамас еді-ау. Жоқ нәрсенің орны қашанда үңірейіп көрініп тұрғандай болатын. Қанат өткенде жақсы айтты-ай «Кісі ағасы — аға болмайды» деп. Бұл отызға келгенде топ шылаған жайын, сіңлісі жиырмаға жетпей аңғарыпты. Ол сіңлісінің алғырлығына қуанды. Қуана тұрып, бордай егіліп, бода-бода жылағысы келді. Тіршілігінде әлі бір адамға мұңын шағып, жайын айтып, шағынып көрген жоқты. Ішке жұтып келе жатыр ғой. Қанатқа айтса, бәрін түсінетін сияқты. Қыз да болса, сүйеніші бар екен. Бірақ жыламады. Олай істеуге әсте болмайды. Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген жас баланы жасытқысы келмеді. Онсыз да дәл қазір Қанат мұның жайып ойлап тұрғаны анық.
Көке, анау жарқырап оқшау тұрған қай жұлдыз, білесіп бе? — Жарқынайдың жұлдыздар туралы білетіні шамалы еді. Оны көктегі жұлдыздан гөрі жер бетіндегі тіршілік қамы көбірек толғандыратын.
Шолпан шығар...
Жоқ, көке. Ол — темірқазық. Адасқандар ертеде сол жұлдызға қарап бағыттарын түзейді екен...
Болса болар... — Алыстан пойыздың қышқырған дауысы естілді. Уақыт та болған екен. Олар перронға қарай аяңдады...
Мен алдағы аптадан бастап аудандық жастар бөлімінің жұмысқа ауысатын шығармын. — Мұны Қанат қол сумкасымен ойнап тұрып, немқұрайлы айтқандай болған. Жарқынай сіңлісінің өмірінде үлкен бетбұрыс боларын, әрі өз орнын дәл тапқанын сезді. Іштей өзі соған тағы қуанды.
Шақырғалы көп болған, апамның қырқына қарап, аялдап жүргенмін. Кеше барып келісіп келдім, енді несіне қарайлаймын...
. Купеге жайғасқанда Жарқынай бойының кенеттен сергіп, жеңілдегенін анық сезді. Қанатты дәрменсіз жас санап, өзін-өзі алып жүре алмайтындай көріп, салмағы өзіне түсер деп көбірек уайым етіп келіпті. Енді басқаша шығып отыр. Иығынан үлкен жүк түскендей, басы жастыққа тиісімен қатып ұйықтап қалыпты. Оның көптен бұлай қатты ұйықтағаны осы шығар... Түс көріпті. Түсіне апасы еніпті. Апасы екеуі айлы түнде фермадан қойдың сары қиын әкеле жатыр екен. Міне, қызық, дәл сол бала кезіндегідей бәз-баяғы қалпы. Апасы бұл ес білгелі шөпшілерге, дала қосындағыларға нан жабатын. Отынды колхоз түсіріп беретін. Кейде, отын таусылып қалғанда, ауылдың шетіндегі қой фермадан осылай, қаппен сары қи таситыны бар. Күндіз басқадай шаруалары болды ма, әйтеуір бір күні апасы екеуі түнде барғаны есінде. Ай сүттей жарық еді. Аспан сондай заңғар биік көрінетін. Саулаған жұлдыздар жерге жамырай төгіліп келе жатқандай, қолыңды созсаң жетердей саудырап тұр-ау, саудырап тұр.
Алғашында анашына болысып, қаланған қидың бір кесегін суырып ала берген. Бірақ апасы қолыңды жылан, бүйі шағып алар деп, мұны кірістірмеді. Ол самсаған жұлдыздарға қараған бойы тұра берді. Бес-алты кесек қиды қапқа салып, арқасына дік еткізіп көтеріп алған апасы бір қолымен мұны жетектеп, келе үйге қайтқан. Қазір де апасы мұны қолынан жетектеп келе жатыр екен дейді. «Балам, анау тұрған темірқазықты көрдің бе? Темірқазығыңды жоғалтпа, жаным» деді де, көзден ғайып болды. «Апа!» — деп қолын ербеңдетіп, сөйлей оянды. Түсі екенін бұл сонда білді...
Үйге барысымен жеті шелпек пісіріп, апасының аруағына бағыштап, бір самауыр шай беруді ойлады. Әлгінде көрген түсін тағы есіне алды. Жаңа жұмбақ табылды... Темірқазық туралы Қанат вокзал басында неге айтты екен?..
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі