Өлең, жыр, ақындар

Сан суреттің бірі еді...

Мұрат елегізе ерте оянып, терезеге қарай аунап түсті. Бөлме іші жап-жарық екен. Мамыражай шуақты ертеңгілік тыныштықты бұзып, шықылықтаған бір әуен құлағына еміс-еміс жетеді. Бұл күнде естіп жүрген торғайлардың оған таныс, дағдылы дыбысы еді. Манаурап көзін бір ашып, бір жұмып, бұйығып тыңдап жатыр.

Торғайлар оған «таң атты», «таң атты», «тұрсайшы-тұрсайшы» дейтіндей көрінеді.

Биыл көктем шыға, терезе алдына осы ала торғайлар ұя салған. Содан бері әр таңды жұдырықтай құстың сайраған үнімен қарсы алатын болды. Күнде бұл көзін ашқанда өздерінен басқа еш жан баласына түсініксіз тілде айтқан әндерінің әуенімен бе, әлде самал екпінінен бе, бұтақтарды сәл ие қонақтап тербеліп отыратын. Ал сосын сайрасын келіп! Бұл ала торғайлар Мұраттың айнымас достарына айналған.

Бұлардың ауылы шаңы шыққан қуаң әрі тастаң жерге орналасқан. Қолдан отырғызылғаны болмаса, ағаш атаулы көп ұшыраса бермейді. Ауылда үш-төрт үйде ғана бар шығар. Соның бірі — Мұраттың үйі. Зәулім-зәулім үш-төрт түп терек көптен бар.

Басқа балалар сияқты Мұрат та үлкен адамдарға, әсіресе тәтесіне сұрақ қоюға әуес. Аспан қайдан пайда болған? Құлап кетпей ме? Мен сенен тудым, сен әжемнен тудың, ал әжем кімнен туды? Әжемнің әжесі кімнен туды? Ол тәптіштеп қуалай, сұрай беретін. Ұғындырса, түкке түсінбейтін өзі. Қалай көп сұраса, соншама тұйыққа тірелгендей болатын. Сол әдетіне салып, ала торғайлар мекендеген теректердің де «кімнен туғанын» сұраған-ды.

Теректер жайлы айтқанда тәтесінің қара торы жүзі сәл нарттанып, көзінде қуаныштың ұшқынындай әлдебір сәуле құбылып: «Біз оны ертеректе, сен де жоқсың ол кезде, отырғызған едік. Сонда байқамай бетімнің мына жерін бұтаң алып кетіп еді», — деп сол жаң езуінен сыртқа қарай тартылған болар-болмас тыртықтың ізін сипап қоятын. Терек жайын айта отырып, өзі сәл күрсінгендей болушы еді. Жүзін төмен салып, ойланып қалатын. Неге әлгінде қуанып, неден күрсініп, ойланғанын Мұрат бажайлап жатпайды. Бір ғажабы, осы сызат тәтесіне әрқашан көңілдене жымиып, жүзіне күлкі үйіріліп тұрғандай әр береді. Тәтесі Мұрат екеуі ғана тұратын. «Біз» дегеннің кім екенін ойлап бас қатырмайды. Кім болса, сол болсын. Ол тек ауыл балаларына терезе алдында осы үш-төрт түп терек өсіп тұрғанына мақтана алатын. Бұған ең қуаныштысы осы еді.

Терезені көлегейлеген жапырақтар арасынан бірнеше нәзік сәуле көрпе үстіне құйылып тұр. Мұрат сирағын шығарып, күнге тосты. Күн қыздырған аяғы жып-жылы. Жылы шуақ маужыратып, ұйқы шақырады. Не ұйықтаған емес, не ояу емес, балбыраған күйге түсті. Балбырап жатып, қиялдауды ұнататын.

Жаз болса, ауылдың бар баласы асыға күтетін бір шағы бар. Ол — бүлдірген піскен кез. Осы ауылдың ірілі-ұсақты бар баласы жиналып, бүлдірген теруге аттанатын. Мұрат өзі тектес балармен ауылға тиіп тұрған Қоңыршоқыны еншілейді. Ересектері ары қарай, Молдабайға асып кететін. Мұраттар Қоңыршоқының өздеріне қалғанына дән риза.

Бүлдірген маусымы өтіп барады. Жақында ағып таусылатын шығар. Бір барып қайтса... Қоңыршоқының түстік жағында етекке қарай созылып жатқан үш сай бар. Осы үш сайдың жидегі ауылдың бар баласына жететін. Тек... Тек соңғы жылдары қалаға апарып, жидек сатуды әдеттенген әйелдер теріп кетпесе... Даланың жемісінен шай-суын айыратын бірді-екілі қолы бос, пысық келіншектерді балалар да ұнатпаушы еді. Кейде алдынан ұшырасса: «Бар, әрі барыңдар, кісінің алдын таптамай», — деп, аулаққа қуып тастайтыны әбден зығырдандарына тиіп жүр.

«Шіркін, жидек неге үнемі пісіп тұрмайды екен?» деп ойлады Мұрат. Аузына жидектің дәмі келіп, кеберсіген ернін жалап қойды.

Қоңыршоқының терістік тастаң бетінде үйдей-үйдей ақ қойтастар бар. Қатпар-қатпар қоңыр тас, әжесі айтатын ертегідегідей, алыстан Иран-Мысыр шаһарларынан керуен тартып, шаршап келе жатып, бір-біріне іркес-тіркес шөгіп, содан тұра алмай қалған түйені елестетер еді. Бүлдіргенге әбден тойған балалар осы қойтастарға келіп, тежелетін. Бұған соқпай кеткендері сирек шығар. Бар бала осы «шөккен түйелерді» жақсы көруші еді. Оның тағы бір сыры бар.

Күн қыздырған ып-ыстық тасқа таласа-тармаса өрмелеп шығатын. Алақандарымен күнді көлегейлеп, солтүстік-шығысқа қарасатын. Сонда алыстан мұнартып қала көрінуші еді. Көзге алғаш қала емес, қара қоңыр түтін будақтаған ұзын-ұзын мұржалар көрінер еді. Сол биік мұржаны қуалай көзді сәл төмен аударса, көгілдір сағымға оранған қала бұлдырайтын. Қаланы көрдік деп бар баланың мәз болатыны осы ғана. Бұл қойтастар — балаларды қаламен жалғастырушы «құдірет». Ыстық тасқа табандарын тірей, иектерін тізелеріне сүйеп отырысатын. Қалаға барғандары көргендерін, өздері көрмегендері естігендерін болса да бір-бірінен қалыспай әңгімелейтін-ай кеп. Мұрат ол кезде үнсіз тыңдайтын. Енді ғой, Мұрат та әңгімеге қосылар еді. Қалаға бұл да барды ғой. Тек, бүлдірген маусымының өтіп бара жатқанын айтсаңшы!

Баланың жидекке бармауының себебі бар-ды. Бұл арада сәске түс шамасында почта тарататын. Оны бала жақсы біледі. Ол хат тосып жүр. Басын көтеріп, терезеге бетін тақап, сыртқа көз жіберді. Күн Қоңыршоқыға иек артып, көтеріліп келеді. Әлем қызғылт сияқты. Таңертең күн шыққанда даланың қызғылт болатыны несі екен?!

Екі төбенің арасындағы саймен табын өрлеп барады. Табыннан қалып қойған сиырларын қуалай жүгірген бала-шаға, әйелдер ағараңдайды. Мұздай шықты жалаң аяғымен көсіп Мұрат та талай сиыр қосқан. Осыны ойлағанда маужырап отырған денесі тітіркенеді.

Тәтесі бүгін өзі қосып кетіпті. Кешкісін жиналысқа, ойынға барған күндердің ертесіне ұйықтап қалатыны бар. Ондайда өзімен бірге Мұратты да оятып:

Көкетай, тұра ғой. Бол енді, менен гөрі жылдамсың ғой, жүгіріп барып қосып келгенге нең кетеді? — дейтін. Мұрат тұрып киінгенше өзі жылдам беті-қолын шая салып, сиырдың бауырына отыратын. Соңғы иіндісін саумастан, қолына шыбығын алып даяр тұрған Мұратқа қуалатып жіберетін.

Жүгір, сиыршыға көрсетіп, алдына қосып бер. Қалып қойып, егінге түсіп кетпесін, — деп артынан ере жүріп қайталайды. Оны өзім де білем ғой деп, бұл болса жаратпайды- ақ. Кер сиырды қолындағы шыбығымен жон арқадан тартып-тартып жіберіп, тырағайлатып жүгіре жөнелетін. «Менің не жазығым бар, ұйықтап қалған өздерің емес пе?» дегендей артына бұрыла қарап, дағарадай мүйізін шайқап-шайқап алып, сиыр байғұс табынның соңынан борс-борс желіп кете баратын-ды.

Сыртқы есік сықырлай ашылып, тәтесінің аяқ дыбысы білінді. Мұрат көрпесіне кіріп, ұйықтаған болып, жата қалды. Ол жалындырып барып тұрғанды ұнататын. Өкшесін тық-тық басып, тәтесі жанына таңады. Көрпесін ашып, мойнынан иіскеді. Өзі бүгін көңілді сияқты. Мұраттың тәтесі қызық. Кейде шалқып-тасып, көңілді жүреді. Мұндайда ол күлегеш те әзілқой. Мұратты да еркелетуінде шек жоқ. Ал кейде салы суға кетіп, тұнжырап, ешнәрсеге ықылассыз, сүлесоқ кезі де болады. Мұраттың жек көретіні — осындай шақ. Тәтесінің кейпін көріп, бұл да басылады. Жаутаңдап қарай береді. Артық сөз айтуға батпайды. Сөйлесуге үшінші бір адамды іздейді. Екеуі-ақ болған қандай жаман!

Бүгін көңілді екенін сезіп, жаңа оянған болып, керіліп, мойнынан құшақтады. Тәтесі көңілденгендегі әдетіне салып, ашық даусымен өзінен-өзі сыңғырлай күліп, оны әрі-бері аунатып, қытықтай бастайды. Мұның ұнататыны — тәтесінің осындай төгілме ақжарқын сәті ғой. Еркелеп, күні бойы ойнауға бар. Оған уақыт қайда? Айтқанындай-ақ, тәтесі мұны аз-ақ ойнатып, шай қоюға шығып кетті. Мұраттың көңілі көтеріліп қалды. Әлденеге елегізіп, бойын билеген құпия қуанышты сезінді. Ол шалқасынан жатқан күйі іштей күбірлеп, саусағын ерніне тигізіп санай бастады. Бір, екі.., үш.., төрт.., тоғыз.., он... Һім. Он күннен кейін салып жіберемін деген, келетін уақыты болыпты.

Асығыс тұрып, киіне бастады. Бір-екі керіліп алып, сыртқа шықты. Тәтесі самауыр қойып жатыр екен. Басын көтеріп, бұған күле қарайды. Көзіне самауыр үрлегенде түтін тисе керек, сәл жасаурағандай. Бірақ мейірлене күліп тұр. Мұрат қораның артына айналып кетті. Ауылдың аяғынан кіретін қара жолға үмітпен көз тастап қойды. Оған суреті бүгін келетін сияқты көрінді де тұрды.

Үй іргесінен ағып жатқан бұлақ жиегіне отырды. Уақ малта тас тауып алып, бір-бірлеп лақтыра бастады. Жақын жерден таяз суға түскен тас шолп етіп, бірнеше тамшылар шашыратады. Баланың аяғына, қолына су тиді. Су тиген сайын қытықтана түсті.

Мұрат биыл мектепке бармақ. Сабақ алдында сергіп, қаланы көріп, бой жазып келсін деп, тәтесі мұны қалада оқып жатқан сіңлісіне жіберген. Таныс ағайынмен ілестіріп жіберген еді, Гүлжан өзі тосып алды. Ол да тәтесі сияқты күлегеш, бадаға үйірсек қыз. Мұратты жанынан қалдырмай, қаланы көп аралатты. Балаға қызық-ау деген жерін түгел көрсетті. Қайтарында мектепке ки деп оқушы формасын, ақ жейде, сүр берет сатып әперді. Осыларды кигіздіріп, суретке түсіртті. Ол өзі кеш шығатын нәрсе екен. Артынан салып жібермек болып қалған. Шамамен он күннен кейін деген еді. Келетін уақыты болған екен ғой.

Мұрат-а-а-ай! — деген тәтесінің даусы естілді. Олқолын жуып, үйге беттеді.

Мұрат үйге кіргенде әдеттегідей дастарқан жасаулы,самауыр өзінің меншікті орнында божылдап тұр. Тәтесі тіпті ыстық ас та әзірлеп жіберіпті. Мұраттың асқа зауқы соқпады.

Көкетай, мен бүгін сені әжеңе апарып тастаймын ба деп отырмын. Мен қос басына, шөпшілерге барамын. Кеш келемін бе, кім білсін? Сені несіне борбайыңды созып, осы ыстық күн де далаға апарамын? Апаңның қасында бол. Ішің де пысын жүрген шығар, балалармен ойнайсың.

Тәтесі кейінгі күндері мұны өзімен бірге жұмысына алын барып жүрген. Ол кітапханашы еді. Қолы қалт еткенде ертегі, әңгіме оқып беретін. Биыл оқитын болған соң, саусағың жаттықсын деп сурет салдыратын. Айтуға қиын дыбыстарды қайталататын. Тақпақ жаттататын. Әйтеуір, күні бойы ермек табушы еді. Мұраттың өзіне де қызыл матамен қапталған сөрелері бар, үлкенді-кішілі көп кітаптар тізілген, ішінде көзілдірік кигені бар, мұрттысы бар, ылғи бір қасқабас кісілердің үлкейтілген суреттері ілінген осы кішкене ғана бөлме ұнайтынды. Бірақ бүгін үйде қаласың дегенге өкінген жоқ. Әжесінің үйіне де барғысы келмеді.

Тәте, фу-у, ол үйге бармай-ақ қояйыншы. Әжем өзі келсінші, — деді де, еркелегендегі әдетіне салып, қабағын тыржитты. Оған мүмкіндік беріп отырған — тәтесінің көңілділігі. Тәтесі ашулы болса әлдеқалай болар еді. Осы жолы жайымен:

Мұрат-ай, кәрі кісіні сүйрегенше.., әрі ол жақта, өзін білесің, әжеңнің мойнында бақандай бес-алты бала бар, соның бәрін шұбыртып қайдан келсін? — Сәл ойланып қалды. — Е, айтпақшы, Қатира ауырып, жұмысқа шықпай жүр деген. Келе алса, келетін шығар. Қазір айтып кетермін. Тек, сен тілін алып, отын-суын әкеліп беретін бол. Көп шаршатпа.

Мұрат мақұлдағандай, басын шұлғып отыр. Тәтесі тез жиналды да Мұраттың бетінен сүйіп, асығыс шыға бастады.

Есікке жете беріп, артына бұрылып:

Гүлжаннан хат келсе, жыртпай алып қой, — деп қатты тапсырды. Неге жыртсын, өзінің де тосып жүргені Гүлжанның хаты ғой. Сол үшін жоғарғы ауылға бармай қалды емес пе? Жоғарғы ауыл деп тәтесінің аға-жеңгесі, шешесі тұратын ауылдың он шақты үйден құралған бөлек тұрған шеткері бөлігін атайтын. Ауылдың бұрынғы жергілікті тұрғындары тұрған соң ба, кейіннен жоғарғы ауыл дейтін болды. Жоғарғы ауылға бару — әншейінде Мұрат үшін тоймен теңді. Айналдырған он шақты үйден жиырма-отыз ойын баласы шығатын. Ал ойнасын келіп, бүгінгідей, иә дәл бүгінгідей, қаладан суреті келетін күн үшін бір уақ ойынды қиса да түк етпейді деп білді Мұрат.

Көп кешікпей үлкен немересін ертіп, әжесі де келді. Бірақ Мұрат Серікке суреті жайлы ләм демеді. Тек әлденеге іштей қоразданып, бұлданып жүргені әр қимылынан байқалады.

Ой-бой-й, менің қара шұнағым да мектепке баратын жігіт болып қалыпты ғой. Түріңе болайын-ай. Қане, айтшы, нешеге оқисың? — Әжесі әлсін-әлсін Мұратқа мейірлене сөйлеп отыр. Оның қоқиланып жүргенін, сірә, мектепке баратын болған соң, ес тоқтатқаны деп ұқса керек.

Тү-у, біздің Мұрат қалаға барып келіп, бөсіп кетіпті ғой, — деп Серік те бір бүйірден қалыспайды. Серіктің Мұраттан үш-төрт жас үлкендігі бар.

Олар не десе, о десін, Мұраттың өз қуанышы — өзінде. Ол аузына тәтті салып жүргендей қиялға тамсанып, елітіп, рахат дүниеге батты.

Хат тасушы түске жақын пошта таратып кеткен. Пошта жәшігінде бірінші болып жеткен, әрине, Мұрат еді. Аудандық газеттің арасынан көгілдір конвертті суырып алып, қарап-қарап тұрды да, әжесіне қарай жүгірді. «Ап-па, хат келді, хат». Әжесі хатты қолына ұстап, бас-аяғын бір аударып қарағанымен:

Мен мұның тілін білмеймін ғой, — деді, соған өзі қысылғандай.— Әй, Серік, оқышы, мынау кімнің хаты екен?

Гүлжан тәтемнен келіпті, апа.

«...Тәте, Мұраттың суреті шықпай қалыпты. Бірінші сыныпқа барғаннан ескерткіш бол сын деп суретке түсіртіп едім. Шыққанда жақсы болар еді, бірақ алда тағы талай түсер...»

«Шықпапты» деген жалғыз сөз Мұраттың бағанағы әдемі қиялын лезде-ақ быт-шытын шығарды. Қалайша? Анада Серіктің папасы екеуі түскен суреті осылай артынан келген еді ғой. Мұнікі неге шықпай қалды? Серік те хатты үзіп тастап:

Сенің суретің шықпай қапты-ей, — деп, құдды бұл естімей қалғандай-ақ, қайталап айтты.

«Өзім де естіп тұрмын ғой. Несіне қайталайды екен? Маған дегенде қырсыққанын көрмейсің бе? Жаңа жарқ етіп шыға келгенде ғой, Серікке қалай мақтанар едім. Енді міне, «шықпай қапты-ей» деп мазақтап, қиқылдауын қарашы. Қазір ауылдың бар баласына жаяды. Неге, неге шықпай қалды екен?» Айран асыр болған Мұрат хаттың соңына дейін оқылуын тоспай, ақырын жылысып, сыртқа шығып кетті.

Бұлақты бойлап, тауға қарай жүре берді. Басын тұқыртып иіп алып, жүріп келеді, көзі ешнәрсені көрмейді. Көрсе де ажыратарлық дәрмен жоқ. Аяғының астында ұшырасқан тасты пәрменімен теуіп өтеді. Салдырап, аяғы әбден талған кезде, бір түп шидің жанына отыра кетті.

Оның бойын дәл қазір бір-ақ құштарлық биледі. Ол — тезірек ер жету еді. Сонда, ол көп нәрседен, әсіресе үлкендердің мұны көргенде еріндерін сылп еткізіп: «мынау әлгі кімнің тауып алғаны ма, дардай болып қалыпты ғой өзі» дейтін сөздерінен, балалардың «әкең жоқ» деген қағытпаларынан құтылар ма еді? Ең аяғы бүгінгі суретінің келмей қалуының бәрінде бұл білмейтін «бір жасырын байланысты сыр бар шығар» деген жорамал да оралмай қойған жоқ. Не де болса, тезірек жігіт болса ғой...

Бұлаққа еңкейіп қарап еді, қалқан құлақ қара бала да бет ауызын қисайтып, келемеждеп тұрғандай. Көңілі шындап бұзылып, отырған орнына қисая кетті. Ұйықтап қалған жерінен кешкілік әжесі әрең тауып алды.

* * *

Әлі лайланбаған мөлдір бастаудай баланың ашың жаны бұл дүниеде ойлағанының бәрі бола бермейтінін, үмітінің бірі жеткізсе, бірі алдамшы сағымдай бұлдырап, жеткізбейтіндігін, сәттіліктерімен қатар сәтсіздіктер де боларын сезбейді ғой.

Қалада жиырма жылдай осы мамандықты кәсіптеген фотосуретші қолындағы дайын үлдірді кешегі өткен футбол жарысы туралы серіктесімен дауласып тұрып байқамай, күйдіріп алғанын оған өзі еш қынжылмай-ақ:

Аһ, дерьмо! — деп лақтырып тастағанын ол қайдан білсін. Фотограф үшін күнде күйіп, артынан қайта түсіріп жататын мың сан суреттің бірі еді бұл.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз