Аудан орталығындағы орта мектепте бүгін төтенше бір қызық оқиға болып қалды. Рас, бұл оқиға аяқ астынан емес, алдын-ала ойласудан туса да, дәл кәзір сол баста ақыл қосқан үлкендердің өзіне де тосын жаңалық болып көрініп, құлағы елен етпеген жан қалмады.
Мектепке келген әрбір адам сырттан кірген бетінде, алдымен солға бұрылып, кең коридордың таусыла беріс түкпіріне қойылған үлкен столға барады да, содан соң ғана әр тұсқа тарайды. Ал, бұл столдың үстінде бірден көз тартып әкетерлік пәлендей қызықты ештеңе болмаса да, оның атқарып тұрған қызметі көңіл бөлерлік еді.
Таңертең, сағат тоғыздардың шамасында, аудандық баспасөз қоғамының бір қызметкері келіп, осы столдың үстін неміс түрлі жаңа кітаптармен, газет-журналдармен, қалам -қарындаштармен, блокнот - дәптерлермен толтырып кетті. Содан бері 3-4 сағат уақыт өтті. Бұл уақыттың ішінде осы столдан талай адам өзіне керегін тауып әкетіп те жатты.
Солардың бәрін үнсіз қызмет етіп, мынау стол тұр.
Күн түс ауып қалса да, келушілер әлі сиреген жоқ... Кейбір оқушы балалар бір емес, бірнеше рет қайта оралып соқты.
Стол маңы ду-ду әңгіме. Мектеп бұрышынан орын алған бұл жаңалыққа бір оқушы таңдана, тамашалай қараса, енді біреулері мұны күнделікті болып жататын әдеттегі табиғи істердің біріне санайды.
— Сендер не десеңдер, ол деңдер, меніңше, бұл бұрын еш жерде болып көрмеген жаңалық, — дейді Бектеміс деген бала, коридорды басына көтере сөйлеп.
— Оны саған кім айтты? — дейді екінші бір бала, оған тойтарыс беріп. — Көкшетау қаласының бір мектебінде сатушысы жоқ, осындай киоск барын газет таяуда ғана хабарлады емес ме. Өзін газет оқымайды екенсің ғой.
— Ауылдық жерде болған бірінші жаңалық деп тұрсам, бұл білгірсиді ғой, — деп әлгі бала дереу өз қатесін түзел жатыр.
— Қайдан басталса да мейлі ғой, — дейді үшінші біреу, — менің ойыма келіп тұрған онысы емес...
— Енді несі? — дейді Бектеміс.
— Киоск ашылуын ашылыпты ғой, ал түбі қалай болады?.. Мемлекет зиян тартпай ма?
— Неге зиян тартады, керегіңді алғанда дұрыс есептеп, қасса-сандыққа ақшаңды салып отыру қолыңнан келмей ме?!
— Қызық екенсің, мен өзімді айтып турмын ба?..
— Алған затына ақша қалдыру жұрттың бәрінің қолынан келеді.
— Қолдан келетініне кім дауласып тұр. Керегін алып болып, ақшасын әдейі қалдырмай кетсе, қайтесің?
— Қорқынышының түрін қара. Ешкім де олай етпейді.
— Олай етпейтінін сен қайдан білесін?
— Неге білмеймін... Сен сүйтесің бе? Жоқ. Мен сүйтем бе? Жоқ. Мұрат сүйте ме? Жоқ. Оқушының бәрі өзіміздей... Кәне, «мынау менен санасыз, осыған сенбеймін» деп айта қойшы. Айта алмайсың... Тиында тұрған ештеңе жоқ, әркімге де сенім қымбат. Солай емес пе? — деп Бектеміс манадан бері әңгімеге араласпай, оқшаулау тұрған Мұратқа қарады.
— Әрине, — дей салды Мұрат, селқостық білдіріп.
Мұрат, әдетте, өте көңілді бала болатын. Бесінші класта өзімен бірге оқитын жолдастары, оның ойлағанын айтып салатын, турашыл мінезін жақсы көретін. Әдетте, мұндай бір қызу әңгіме болып қалса, ол көзі жайнап қағып, жұқа еріндері жып-жып етіп, өзі пікірін айтпай әсте қалмайтын. Сондай ақжарқын Мұраттың мынау қызық әңгімеге араласпауы жолдастарына да сезілді білем:
— Неменеге аузың томпайып тұр? — деп Бектеміс ежіктей бастады.
— Ештеңе де болған жоқ, — деп Мұрат теріс айналып кетті.
Мұрат бүгін, шынында да, көңілсіз еді...
Ертең мектеп жанында киоск ашылады деген соң анасы оған кеше 15 сом ақша берген еді. Бірақ, не пайда, сол ақшасы бар болғыр киоск ашылмай жатып-ақ жоқ болып кетті. Қалай таусылып қалғанына бүгін өзі де аң-таң. Бірер жүз грамм конфет алып жеді, бір жолдасы екеуі клубқа барып кинофильм көрді, лимонад ішті... Қойшы, әйтеуір көзге көрінерлік ештеңе алған жоқ... Сайып келгенде, қалтада небәрі 20 тиын күміс ақша ғана қалғанын ол бір-ақ сезді.
Алайын десе ақша жоқ, алмайын десе жақсы кітаптарға көзі қызығып, ол күні бойы тықыршыды. Бір жолдастарынан бес-он сом алам ба деп үміттенген еді, бірақ олардың өздерінен артылмады. Ал шешесіне тағы да ақша бер деуге именді ме, ұялды ма, әйтеуір оған батылы бармады.
Сонымен, көңілі кеткен кітаптарды көзбен ғана қызықтап, Мұратымыз жабырқаңқы пішінмен көптің дүрмегінде босқа жүр. Қасындағы жолдастары керектерін алған соң жөндеріне . Ал мұның кеткісі келмеді. Манадан бері қолыма тисе деп көзін қадап жүрген «Кішкентай жұлдыз» бен «Кішкентай» сияқты кітаптар бітуге жақындап барады. Енді аз кідірсе, біреуі де қалатын түрі жоқ. Өстіп жүріп бұл кітаптардан көз алдында айрылып қалудың да қаупі бар.
Үлкеннің де, кішінің де алғашқы қарқындары басылып сирей бастады. Біраздан кейін тіпті, киоск маңында жан қалмады. Ештеңе ала алмаған жалғыз-ақ. Мұрат қана ерсілі -қарсылы жүріп, стол маңында шыр айналумен болды. Сөйтіп жүргенде қонырау соғылды. Бұл қоңырау екінші сменаның сабағы басталады дегеннің хабары еді. Мұрат енді аялдай алмады (ол екінші сменада оқитын), жалма жан қалтасындағы жиырма тиынды қолына алды да, столға тастамай, артынша бөгеліп кілт тұрып қалды. Содан кейін есіне тыңнан бір ой түсіп кеткендей, ол арт жағына бұрылды.
Мектеп директоры Тілеген, ойлы пішінмен басын төмен тұқырта, қарсы алдында отырған кезекші мұғалімге кірпік қақпастан қарап қалған.
— Асықпай анық есептедіңдер ме? — деп кезекшің мәлім еткеніне толық қанағаттанбағандай ол тағы бір ежіктеп қойды.
— Қайта-қайта есептедік.
— Олай болса, бұл жақсы ырым емес екен, жігітім...
Кезекші мұғалім кінәлы адамша пәлен дей алмай тартына берді.
— Бұл оқиға нені аңғартқанын байқап отырсын ба, — деді директор манадан бергі мазалап отырған ойын түйіп. — Біз тәрбиелеген адамдар арасында санасы әлі де төмендер бар екен. Мына оқиғадан кейін, міне, осыны мойындауға тура келеді.
— Қанша деген.мен көптің аты көп қой, оның ішінде бірен - саран...
— Жоқ, оның орынсыз жұбаныш. Көп дейсің. Сол көптің аты кім десек — совет адамдары ғой. Солай емес пе? Оның ішінде сен айтқан «бірен - сараңдық» болуы біздің қоғамға жараспайды - ақ!
— Директор ойын аяқтамай бөгеліп қалды. «Осы біз тым жаңашылыққа салынып, уақыттан оза тартып отырғанымыз жоқ па» деген ой басына келді. Бірақ, бұл ой тез ыдырады. «От басының күйкі мүддесінен санамыздың әрдайым биік тұратын кезі алдақашан жеткен еді ғой...»
Педагогтік мамандық адам бойындағы қасиетті барлауға келгенде, тереңге бойлап жататыны қандай! Тілеген жоғарыда айтылған киоскінің ашылуына ту баста-ақ зор мән берген еді. Ол да, оның әріптес жолдастары да бұл жайында аз толғанған жоқ-ты; санаға осылай да бір үңілуіміз керек деп шешкен. Олар, міне сол санаға бір рет үңіліп те көрді. Сана сыр берді. Кешкі есепте бес сом кем шықты. Не бәрі бес сом. Ал, бірақ, осы бес сом директорға үлкен ой артып отыр. Бес сом түгіл бес тиын болсын, бәрі бір санаға дақ. Мұның аты мемлекет мүлкіне суық қол сұғу. Мемлекеттен, өзінің социалистік мемлекетінен бес сомды жырып алуға беті шімірікпеген адам, көзі келгенде, оның мүддесін табанға баспайды деп кім айта алар... Ұсақ оқиғадан директордың ірі қорытынды шығарып отырғаны да осыдан еді.
Коммунизмнің алып құрылыстары, оларды орнатушы совет адамдарының ісі оның көз алдына тағы бір елестеп өтті. Ұғым да, сана да, іс те коммунистік дүниенің жарқын жағалауын меңзеп, бүкіл Отан тұтаса көтеріліп, алға кетіп барады. Жалғыз-ақ ол мекендеген түкпір, ол басқарған мектеп қана коммунистік Отаннан жырылып, ескі менен жаңаның арасында тұрып қалғанға ұқсайды. Қөңіл дүниесіндегі күңгірттікті білмей өскен, үміт күткен, жас ұрпақ санасынан бұл айқын аңғарылып қалғандай болды.
Осындай ойларға шомып едәуір уақыт үнсіз отырып қалған директор кезекші мұғалімге өз қалауын айтып салды.
— Киоск ертең де жұмыс істесін, байқалық. Ал, сен ертеңгі болатын кезекшіге бүгінгі оқиғаны айт. Таңертең газет - журналдарды қабылдап алғанда және кешке есептегенде жақсылап санап алып, санап беруге қатты көңіл бөлетін болсын, сол жағын да ескерт.
Кезекші мұғалім кеткеннен кейін де Тілеген бұл жайында ұзақ ойланды. «Бізде мұндай санасыздыққа кім барады», — деген оймен коллектив мүшелерін көз алдына түгел келтіріп те көрді.
Оның бір қасиеті әр оқушының түрін - түсін, қайсысының қай класта оқитынын білумен бірге, қандай мінезі барына дейін де білетін еді. Жұрт оның бұл қасиетіне таң қалатын. Өзіне таныс, сырмінез кішкентай достарын ол қазір ойменен біртіндеп көз алдынан өткеріп жатыр. Ал, бірақ ешқайсысына күмән келтіре алмады. Бәрі де тамаша балалар. Баланың бойындағы жақсы қасиеттерімен бірге, әрқайсысындағы түрлі кемшілік те, ағаттық аңғалдық істері де мұның жүрегінде жазулы. Алайда, соның ешқайсысы мұндай ластыққа баруға тиіс емес... Жоқ, жоқ, тиіс емес!.. Ал сонда кім? Бәсе кім?
Осы сұрақ мазалап «іздей түс» дегендей оны қатты толғандырды. «Әлде ересектердің біреуінен болған іс пе?» — деген түйткіл де бір сәт туып, бір сәт ғайып болып жатыр. Бірақ, не шара, болып өткен оқиға ауыз бар.мас іске амалсыз мойын - сұңғызады. Солай бола тұрса да: «Жаңа шапан ішінде ескі жүрек соғады» дегенге Тілеген сенбейді.
Кабинетін жауып, шамды сөндіріп, директор тысқа беттеді. Ешкім даурыға сөйлемесе де, гуілі, зыңғыры күн - ұзаққа бір басылмайтын кен коридор тып-тыныш, жым-жырт. Екінші сменаның балалары үйлеріне тараған. Күзетшіден басқа ешкім қалмаған.
Қақпа алдында, шыға берісте Тілегеннің құлағына бір тықыр шалынды.
— Бұл кім? — деді ол қақпаның он жақ қалтарысына бұрылып. Сол шақ еңсесі түсіп, мұңайып тұрған бір баланы көрді.
— Не ғып тұрсың мұнда?
— Мен үйге барып келгенше бәрі де кетіп қалыпты, — деді бала.
— Оларың кім? — деп сұрады Тілеген ештеңеге түсіне алмай.
— Кезекші ағай мен апай.
Баланын «апай» деп тұрғаны баспасөз қоғамының қызметкері екенін Тілеген бірден ұқты және манадан бергі бас қатырған жұмбағы шешілгелі тұр ма деген үмітпен балаға ол жақындай түсті.
— Оларды осы жеті түнде іздеп қайтпекші едің?
— Мен күндіз екі кітап алған едім... Сабақта отырып үйге бара да алмадым. Соның ақшасын жаңа апамнан сұрап алып келіп едім... Кешігіппін, кассаны жауып, ағай үйіне кетіпті... Енді қайтерімді білмеймін...
Ішінен қуанып кетсе де, Тілеген балаға онысын сездірмей, қайта оған кінә арта сөйледі.
— Ақшасын төлемей тұрып кітап алуың қалай?
— Қалтамда ақшам болмай... Қызыққан кітабым таусылып бара жатқан соң үйден әкеле қоямын ғой деп ойлап едім, — деп, бала сөзін дұрыстап құрай алмай, үлкен ұят кешкен адамның қалпын көрсетіп, бар шынын айтып абдырай берді. Оның булыға, дірілдеп шыққан әр сөзі, мойнына су кетіп құнысып тұрған сол минуттағы аянышты пішіні «асығамын деп жүріп күтпеген жерден қылмыс істеп алдым»- деген өкінішті аңғартады. Манағы бір әзірде лүпіл қаққан балалық асығыс сезімді, дәл кәзір сана зіл боп басып езіп тұр...
— Асығуың, әрине, ағаттық... Жарайды, үйге қайтайық, ақшаңды таңертең тапсырарсың...
Олар селоның шығысына қарай жүріп келеді. Өзен жарасын бойлап салынған үлкен селоның үйлерінен, көшелерінен жарқыраған шам сәулесі өзенге түсіп, су беті таңдайлана дірілдейді. Ал, өзеннің арғы бетіндегі көсілген кең жазық үстінде де әр тұстан сәуле жылтылдайды. Сәуле алыстан да, жақыннан да шашылады. Түн көрпесін жамылған кең жазық даланын бәрін де сәуле басқан.
Нұрға шомылған туған жер Тілегенге дәл кәзір айрықша ыстық көрінеді. Ол осы жердің топырағын басып, осы жерде қызмет етіп жүргенін мақтан етеді. Ол да, ол тұрған село да жас еді. Село колхоздың ал, ол республиканың құрдасы болатын.
Манағы бір кейістік үстінде айтылған сөзіне енді ол ішінен күлді. Даланы ғана сәуле баспаған, сол далада орнатылған жас селоны мекендеген, өмірдің жаңара, жасара беруі жолында қызмет еткен жаңа адамның жүрегіне де нұр құйылып, жаңа сипатпен әдеміленіп, әсемдене түскен.
— Ағай, мен үйге келдім, — деген Мұраттың сөзі оның ойын бөліп жіберді.
Баламен қоштасып тұрып Тілеген оның бетіне ойлы пішінмен тағы бір үңілді жаңа заманның жаңа адамын аңғартатын ішкі дүниесіне көз жібере, сүйсіне үңілді. Баладан коммунизм адамын, ал, мектеп коридорындағы стол қойылған мүйістен коммунизм дүниесінің бір бұрышын көрді.
Октябрь, 1951.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі