Өлең, жыр, ақындар

Талап

Механик Әбділ қызмет бабымен ауысып, август айынын бас кезінде Атбасардан Ақмола қаласының маңындағы бір МТС- ке көшіп келді. Әйелі Фатима мен он бір жасар баласы Кеңес үйренген орындарын қимай, алғашқы бетте жаңа қонысты біраз тосырқағандай болса да, артынан олар да үйреніп кетті.

Жаңа ортаға, әсіресе, Кеңес тез үйлесті. Ол келген күннің ертеңіне-ақ өзіне жақсы жолдастар тапты. Сол жолдастарының ішінде онымен айырықша достасқан Әсет деген бала болды. Бұл бала Ақмоладағы қолөнер училищесінен үйіне демалысқа келіп жатқанды.

Жас жағынан Әсет Кеңестен едәуір үлкен еді. Бірақ, бой жағынан екеуі қарайлас түсті. Бұл Әсеттің сүйегі уақтығынан емес, Кеңестің дене құрылысы, өз жасына қарағанда әлдеқайда зорды. Тосыннан көрген адам оны кемінде 14 — 15 жастағы бала деп шамалар еді.

Осы біз зор бітім тұлғасынан ыңғайсыздана ма, әлде басқа себептен бе, Кеңес өзі теңдес балалардан гөрі, көбінесе, өзінен үлкен жолдастарымен араласатын-ды. Және өзін ересекке балап, ержетіп қалдым деп те есептейтін. Бірақ, шынын айту керек, сабақ оқуға келгенде бұл «ересектігі» сезіле бермейді. Төртінші класты ол биыл орташа ғана бітірді. Оқудан гөрі оның ойы басқада, өзінше айтсақ одан әлдеқайда «жоғарыда» болады да жүреді. Бір үлкен іс істеп тастағысы келеді. Онысы қандай іс? Оны өзі де анық білмейді. Әйтеуір, көңіл осындай бірдеңеге соғады. Бұл оған әр кез әрқилы боп оралады. Әкесімен еріп мастерскаяға барғанда, оған машиналар сыры таңсық. Егін даласына көз салса, комбайн мен трактор қызықтырады. Аспанда қалықтап самолет өтіп бара жатса, бұл батыр соның қанатына барып қонар ма еді деп те қиялдайды... Қойшы, әйтеуір дүние сырының бәрін де білгісі, игергісі келеді. Әттең, не керек, өнер жетпейді. Мұндайда ол өсуге асығады, ержетсе, соның бәрі де құшағына сиятындай көрінеді де тұрады.

Жаңа досының мұны демде өзіне тартып алуының да басты себебі — оның өнерпаздығы болды. Әсет оған қарағанда, шынында да, шебер елі. Құлып дейсің бе, қармақ дейсің бе, самолет дейсің бе?.. Бәрін де жасайды. Неге болса да, қолы епті, үйлесе кетеді. Мұндайға өзі онша болмаса да, Кеңес қызықпай, бұл қасиетті бағаламай тұра алмайды. Ондай жолдасынын күні-түні жанында болып, уақытты бірге өткізуге әрқашан әзір.

Ал, Әсетке оның міне, осы мінезі ұнады. Өнерін бағалайды, әңгімелерін ұйып тыңдайды, мұның шұғылданып жүрген кәсібін түсінеді. Жолдас қасиетін ұғудың өзі үлкен мәртебе емес пе!

Досының өнеріне сүйсінген Кеңес кейде:

— Бұның бәрін қайдан үйрендің? — деп таң қалады.

— Бізде бәрін де үйретеді, — дейді Әсет байыппен, бойын билеген мақтанышты онша сездіргісі келмей.

«Қазірде мынадай өнер біледі, өскенде бұл кім болар екен?» деген ой келеді Кеңеске. Ойға алғанды іште бүгіп тұра алмайтын ол, әлбетте, сұрап та үлгереді.

— Сен оқуыңды бітірген соң кім боласын, Әсет?

— Тағы да оқимын.

— Оқимын?.. Қайда оқисың?

— Алматыға, я Москваға барып темір жол оқуында оқимын.

— Одан соң кім боласың? — дейді Кеңес ынтыға түсіп.

— Оны кезінде көре жатамыз ғой, — дейді Әсет жымыңдап.

— Жоқ, сонда да болса?

— Ең болмаса паровоз машинасы болармын, әйтеуір...

— Машинист болу да қиын, ә? — деді Кеңес тамсанып, — ол да өнер ғой.

— Өнер болмағанда, — дейді досының бұл жайында аз білетінін аңғарған Әсет қыза сөйлеп, — басқасын былай қойғанда, поезді орнынан қозғаудың өзі үлкен ептілікті, шеберлікті керек етпей ме.

— Қозғағанда не тұр?.

— Қозғаудың да қозғауы бар. Вагондарды біріне-бірін дүрс-дүрс соғып, түйгіштеп қозғау әркімнің қолынан келеді. Ал, составты тұрған орнынан ешбір қыбырсыз жайлап. жылжытып әкетіп көр... Машинистің өнері осыдан-ақ көрініп қалады.

Мұның жаны бар сөз екенін Кеңес те аңғарғандай болады. Өзі отырған поезд Атбасар станциясынан жүре бастағанда оқыс қозғалып, терезеден жолдастарына үңіліп бейқам тұрған мұны жыға жаздағаны бар-ды. Енді ойлап отырса, машинистің сөлекеттігі екен-ау...

Кеңеске бұл әңгімеден кейін, басқа өнерден гөрі, машинистік көбірек ойландыратын әдет панда болды. Ойлаған сайын бұл өнер оны қатты еліктіріп, келе-келе паровозға деген бір төтенше құмарлықты тудырды. Содан болу керек, МТС жанынан күн сайын етіп тұратын поездар оған ерекше бір қызықты көрінетін болып алды. Поезд түтінін будақтата жүйткіп, белестен қылаң етсе-ақ болды, ол көзден ғайып болғанша оған талмай қарайды. Бұл кезде басқаның бәрін ұмытады, көз алдында зулап өтіп бара жатқан поезд бұлдырап, өзі сонымен бірге кеткендей әсерленеді. Тіпті, қыза-қыза ол сол поезді өзі жүргізіп бара жатқандай сезінетін де кездері болады. Қиялында поезд жұлдыздай ағады, жер шыр айналып үйіріледі, тау, төбе жарыса түсіп, бұлдырап қалып жатады, бұл күлімсірейді...

— Қандай қызық! — деп тамсанады ол тәтті ойға елтіп.

Осы әуесқойлық, барған сайын зорайып, оның машинист болғысы келгені бар емес пе. Бұл ойын әке-шешесіне айтып көріп еді, олар мән бермей, екеуі бірдей күлмесін бе көп. Кеңес аузын томпайтып:

— Шын айтам, менің паровоз жүргізгім келеді, — деді сөзін ешкім елемегенге намыстанып.

— Боласың, қалқам, боласың. Тек ержет алдымен, — деп Әбділ арқаға қақты.

— Жоқ, қазір болғым келеді.

— Қазір жассың оқу керек, білім алу керек.

— Әсет те жас қой, ал ол келесі жылы паровоз жүргізеді...

— Әсет сенен үлкен, әрі білімді. Сен болсаң, небәрі 4-класты ғана бітірдің, оны да келістіріп бітірген жоқсың.

Кеңес бұған ештеңе айта алған жоқ.

Әсет бір күні оған Ақмоланың қалалық бауында балалар поезы бар екенін, оны кілең пионер жүргізетінін әңгімеледі. Кеңес көзі жайнап, қуана-қуана тыңдап шықты да:

— Мені сонда ала ма? — деп сұрады.

— Оншасын жақсы білмеймін. Мүмкін, алатын шығар, — деді Әсет.

— Мен Ақмолаға сенімен бірге барсам қайтеді?..

— Жүр, бірақ орналастырамын деп уәде бере алмаймын.

— Ең болмаса көзіммен көріп қайтайын.

— Онда өзің біл.

Екі дос осыған келісті.

Даланы еңбек толқыны басты. Барлық назар егін даласына ауып, бүкіл ауыл адамы сонда аттанды. МТС-та да бір жан қалмай, тік көтеріле егін жұмысына бет бұрды. Ұсталық механиктік жұмыс та сонда ауысты.

Теңіздей шалқып жатқан ұшы-қиырсыз егінге комбайндар кірді. Желсіз күнгі мұхит бетіндей болмашы ғана ырғалып тұрған шексіз егін даласы, кенеттен дауыл соққандай астан-кестен болып кетті. Жаңа ғана түгесіп болмастай көрініп кең даланы ала, тұтасқан егін енді бір кезде сиреп қалып жатты. Белес-белес торғын белдердің әр тұсынан аспанға боз шаңмен бірге үздік-үздік тозаң көтерілді. Толқындана ырғалған жаңағы сарғылт алқап шаң-тозаң көтерілген жерлерде жалаңаштанып, ой-шұңқыры, төбешік-дөңесі айқындала, демде-ақ тақырланып қала берді.

Осынау кен төңіректе самсаған адам, ерсілі-қарсылы ағылған машина көз тұндырады. Бір жерде қапталып, бір жерде көлікке, машинаға тиеліп жатқан қызыл дән кені көз мейірін қандырады. Сол еңбектің рақатына шомған адамдар әрдайым далаға таңертең күннен бұрын шығып, кешке күнді ұясына жақсы шыраймен, бұршақтап аққан денеге жайлы ыстық термен ұзатып салып дамылдайды.

Кеңестің әке-шешесі де рақат еңбектің құшағында еді. Олар егін басына қостап келгендіктен, Кеңесті де өздерімен бірге әкелген. Бұл келіске Кеңес жалпы өкінбесе де, Ақмолаға Әсетпен бірге бара алмай қалғанына іштей едәуір қынжылғандай болатын.

Мұнда дүрмекпен келгені болмаса, оны-мұны женіл жұмысқа бұдан ересек балалардың өзі жетіп жатқандықтан, ол ештеңе істеп те жарытқан жоқ. Және таяуда сабақ басталатындықтан, жалғыз бұл емес, оқушылардың бәрі бірер күннен кейін үйлеріне қайтуға тиіс болды.

Жаңа оқу жылының жақындауы Кеңесті мазалай бастады. Сабаққа араластың дегенше, Ақмолаға бара алмайсың. Ол анық. Ал, құмартқан поезді көріп қайту керек-ақ. Тіпті, ыңғайы келсе, ол қалып та қояр еді... Жоқ, ол мүмкін емес. Неге мүмкін емес? Қалаған өнерімен шұғылданып, Әсет досының қасында болса, жаман ба?..

Осы ой, ақыры, баруға бел байлатты. Ертеңгі алакөлеңкеде астық тасыған машинаның біріне отырып алып, Ақмолаға ол тәуекел деп тартып кетті.

Қалаға ол күн көтерілген соң жетті. Ақмоланың шетіне келген соң машинадан секіріп түсті де, досының жатақханасын жаяу іздеуге кірісті.

Жатақхананы ол оңай тапты. Алайда, аңсап келген ақ үйі оған жылы құшағын жая салмады.. Қақпа алдында тұрған қаба сақалды, қуақы шал оны тоқтатып: «Жұмыссыз кіруге болмайды» дегенді айтты. Кеңес жолдасы бар екенін, соған жолығып қана шығатынын айтып жіберіңіз деп өтініп көріп еді, күзетші онысына құлақ аспады.

— Кәзір олар ойнап жатыр, қолдары бос емес, күтуге тура келеді, жігітім, — деп қутыңдады қарт.

— Немене ойын?

— Немене ойын болушы еді, ертемен дене шынықтырады.

— Мен олай болса, бұл арада несіне отырамын, қастарына барайын.

— Оған ұлықсат жоқ.

— Енді қалай жолығамын?

— Ойындары біткен соң шақырамыз.

— Ата, жібере салсаңызшы!

— Балам, тәртіп дегенді білу керек.

— Қап! — деді Кеңес тықыршып.

— Неткен сабырсыз баласын! — деді қарт қабағын шытып.

— Тез жолығуым керек еді.

— Е, нендей тығыз жұмысын бар еді? — деп қарт мұртынан бір күліп қойды.

— Болғанда қандай!.. Ол маған қызмет тауып бермекші еді.

— Қызмет деймісің? Ой-пай-пайдың дәмесі-ай! — деп қарт күліп жіберді. Содан соң күлімдеген көзін сығырайта: — Нендей қызмет? — деп сұрады әдейі.

— Машинистік қызмет, — деді Кеңес жорта мұңайып.

Көңілді қартқа сол шақ бір ой кеп қалды білем, әзіл әңгімені қысқартып:

— Әке-шешең бар ма? — деп сұрады.

— Әкем де, шешем де бар.

— Ә, солай ма? Қызмет іздеп жүргем жоқ, ерігіп жүрмін десейші. Қой балақан, жолдасына тез жолық та, үйіңе қайт. Қанғыма, оқуыңды оқы.

— Мен қаңғып жүргенім жоқ... Машинист болудың несі жаман?

— Түк те жаман емес. Ал, бірақ, мына балалар сияқты әуелі оқу керек қой, — деп қарт үлкен қақпаны ашып жіберіп, сұқ қолымен аула ішін нұсқады.

Іште, кең алаңда бір топ бала сап түзеп дене шынықтыру сабағын өтіп жатты. Бір түсті, біркелкі шолақ дамбалмен қатар тізіліп, дене шынықтырған бүлдіршін балаларды Кеңестің көруі-ақ мұң екен, әңгіме жайына қалды.

— Әкетай, жіберіңізші, қастарына барып көрейін де, қайта шығайын, — деп қолқа салды ол.

— Жоқ, болмайды!

— Қандай жақсы мұнда!

Турник орнатылған, волейбол торы құрылған, тағы басқа түрлі спорт ойыны жабдықтары самсаған аула ішіне Кеңес тамсана қарап, көзі жайнап бір жасап тұрғанда:

— Өнер иесі болу үшін, осылар сияқты бірнеше жыл оқу керек, жігітім! — деп шал көзін сығырайта күліп, қақпаны жауып алды.

Сол минут Кеңеске әлемдегі барлық тамаша осынау шал күзеткен әдемі ақ үйдің ішінде тұрғандай болып көрінді. Денелері жұп-жұмыр, қара-күрең бұлшық еттері бұдырайған, жаңағы біркелкі балалар бұдан бақыттырақ тәрізденді...

Күзетші жанында ол осы оймен аңырып тұрғанда, қолтықтаған түйіншегі бар бір ересек бала келе қалды.

— Әй, бала, тоқтай тұршы, — деді Кеңес, өзі бір тап үлкен адамдай оған өктем сөйлеп.

Анау жымия күліп, мұның қасына келді.

— Сен осында оқисың ба? — деп сұрады Кеңес оған ақ үйді көзінің қиығымен көрсетіп.

— Жоқ, — деді бөгде бала, — мен депода жұмыс істеймін.

— Кім болып істейсің?

— Оның саған керегі не? — деді анау маңызданып.

— Менің де жұмыс істегім келеді.

— Училищені бітіріп пе едің?

— Жоқ, ауылдан келіп тұрмын.

— Е, оқу бітірмесең сені қайтсын, — деді бөгде бала қолын сілтеп.

— Мен сол училищеңде оқымасам да, мына сенен кем жұмыс істемес едім.

— Қарай гөр дәмесін, — деп ересек бала күзетші қартқа қарады.

— Қадалған жерінен қан алатын бір бәле, — деді қарт.

Олардың сөзінде Кеңестің жұмысы да болған жоқ. Ересек баланы жөнінен тартып, өзіне қаратты да:

— Сен Әсет Тұрашевты білесің бе? — деп сұрады.

— Білемін, — деді анау.

— Білсең мен соған келдім...

— Ол қазір мұнда тұрмайды ғой, — деді ересек бала оның сөзін бөліп.

— Енді қайда тұрады?

— Биыл бітіретіндер жаңа жатақханаға көшірілгенін естімеп пе едің?

— Келіп тұрғаным осы болса, қайдан естимін.

— Жүр ендеше, мен саған көрсетіп жіберейін.

— Ата, сау болыңыз! — деді Кеңес артына бұрылып.

— Ой, өзің бір көп жасағыр екенсің — деді қарт оның балалық мінездеріне күліп.

Кеңес Ақмоланы ұшы-қиыры жоқ үлкен қала болу керек деп шамалапты. Аралаған сайын қала оның көзіне өзі ойлағанынан әлдеқайда қораш көрінді.

Екінші бір ақ үйдің алдына алып келіп:

— Міне, Әсеттер осында тұрады, — деп ересек бала жөніне кетті.

Кеңестің тағы да жолы болмады. Әсет жолдастарымен бірге оқу жылынын бастауына арналған серуенге кеткен болып шықты.

«Ең қызығы сол жерге бару ғой, мүмкін, Әсетті де содан кездестірермін» деп ойлады ол.

Жатақханадан ол былай шыға беріп, біреулерден «парк қай жақта?» деп сұрап еді: «Осылай қарай жүре бер, алдыңнан Есіл кездеседі, содан өткен соң аржағың бак», — деп жүре жауап берді. Е, паркке де келіп қалыппын ғой, төңірегімді бажайлап көріп алайын деген оймен, Ленин ескерткіші орнатылған аланға қарап, қаланы көзбен шолды ол. Көше бойлап жұрттың ағылуына қарағанда, қала осы арадан, ілгері өрлеген сайып қанатын кең жазып, өрісін кеңейте беретін тәрізді. Бау да қаланың сол қалың жағында болу керек деп шамалап, жаңағы ұзын-ырға сілтеумен Ленин көшесіне түсіп алды да, ол солтүстік-шығысқа қарай бет бұрды. Біраз жүрген соң кезіге кеткен бір әйелден анықтап алғысы келіп:

— Балалар паркін білесіз бе? — деп сұрады.

— Тура бұрыл да, Есілден көктей өт!..

Барар жерін анықтап алған Кеңес әлгідей емес, аяғын нық басты. Былай шығысымен-ақ осылай қарай ағылған адамдар шоғырына кезікті. Бұл кетіп бара жатқандар алуан түрлі адам: үлкен де, кіші де бар. Әсіресе, қызыл галстук таққан пионерлер көп. Солардың бәрі бір алаңға тоқтап, кезекке тұрып жатыр.

— Мұнда неғып тұрсыңдар? — деп, Кеңес өзінің алдына келіп тоқтаған бір баладан сұрап еді, ол:

— Неғып тұрайық, поезд күтеміз де, — деп жеки жауап берді. Оның сөз әлпетінен «соны да білмейсің бе» деген кінә айқын тұр. Кеңес онысын елеген жоқ. қайта сүліктей қадала түсті.

— Неғылған поезд, міңгірлемей ашып айтшы сен маған!

Бөгде бала келіп қалған поезді көріп, бұған жауап беріп үлгірместен, артына жалт бұрылды да, вагонға кіруге асықты. Оны көре салып вагон есігіне бір бүйірден Кеңес те жармасты. Мұның кезек күтпей, көлденеңнен киліккенін көріп вагонның проводнигі бала:

— Тәртіп сақтамай неге кимелейсің сен? — деп қызмет бабында тұрғандығын көрсете ызбармен сөйледі.

Оның сөзіне Кеңестің құлақ асуға мұршасы да келмеді, сығылысқан жұрттың екпінімен вагонның басқышына демде ытқып шықты. Ішке кіріп алған соң:

— Балалар поезы осы ма? — деп ол проводник балаға бұрылды...

— Осы... ілгері өт, жұртты бөгеме, — деп проводник бала екі көзін есіктен алмастан, бұған назар аудармай жауап қатты.

Баланың қолы бос емесін аңғарған Кеңес онымен қосарласпай, есік алдынан жайлы жерден орын алып, проводникке сыртынан көз тастады. Бала теміржолшы формасымен киінген. Қара шұғадан тігілген пиджак-шалбары, маңдайына бес бұрышты жұлдыз таққан фуражкасы өте жарасып, тал бойына қонып тұр... «Тамаша!» — деп ойлады Кеңес. Осы кезде оның жанына әлгіде жауап бермей, вагонға ұмтылған бала келіп отырды.

— Танауыңды көтеріп тұр едің жаңа кірдің бе? — деп Кеңес оған тиісе сөйледі.

Ана бала мұның сөзін дүбірмен естімеді ме, әлде естісе де, естімегенге салынды ма, жауап қатпастан, есіктен кіріп келе жатқан өзінің жолдасына бұрылып:

— Мұнда кел, орын бар, — деп дауыстады.

Бұлармен қажаспайын, поездің жай-жапсарын біліп алайын деп ойлап, Кеңес кекесінді қойып, мәмлеге көшті. Бөгде баланың жолдасы оның өзіндей емес, әңгімеші екен, Кеңеспен бірден үйлесті.

— Балалар поезы осы ма? Мұны кімдер жүргізеді? — деп сұраған Кеңеске ол асыға жауап берді.

— Осы. Мұнда мектепте оқитын кілең пионер балалар жұмыс істейді.

— Сырттан келгенді алмай ма?

— Неге алмасын.

— Мәселен, мені ала ма?

— Білімін толса, алады.

— Қандай білім?

— Жалпы білімін де.

— Пәлі, ең алдымен математика мен физиканы, оның ішінде бу машинасын жақсы білу керек қоп, — деп аз сөйлейтін баланын да әңгімеге бүйірі қызды.

Жұрттың бәріне аян ақиқатты айтып, жолдасынын білгішсінгенін ерсі көрді білем:

— Әрине, солай, оны кім білмейді, — деп әңгімеші бала оны тойтара сөйледі. Бірақ, төртінші ғана бітірген Кеңеске «физика», «бу машинасы» дегендер мағынасы күңгірт, тұман сөздер еді.

— Бұларды білмей-ақ поезді жүргізуге болмай ма? — деді ол шындыққа сілтеп.

— Мәссаған, физикаға жетік болмай машинист болу қайда. Соны да білмейсің бе?! — деп сөзшең бала Кеңесті ажуалай бастады.

Екінші бала да сөзуар болып кетті. Кеңесті ол ересек оқушыға санап:

— Сен физиканы өтпей қайда оқығансың? — деп бір қойды.

Білім жөнінде сөз қозғалмаса да, әңгіме аяғы бұл жолы да оқуға келіп тірелгені Кеңесті тағы бір таңдандырды. Байқап отырса, оқусыз ешбір өнер қолға түсетін түрі жоқ. Нендей талапқа бет қойып, талпынып көрсе де, білімге, оқуға келіп сабақтасады. Пысықтың батылдық ерлігін қанатсыз құстай дәрменсіз жатыр. Өз бойындағы кемшілігін анық ұқса да, мінін жасыруға жоқ Кеңес:

— Физика, бу дегендерді мен білмеймін. Бірақ, машинист болғым келеді, — деді.

— Екінші Ползунов мұнан шықты. Ол паровозды ойлап шығарса, сен машинаның тілін білмей-ақ паровоз жүргізуді тапқан екенсің ғой, — деп сөзшең бала вагонды басына көтере күлді.

— Сен бәрін қойып әуелі физиканы оқып, біліп кел. Бар, сүйт, — деп сықақтады екінші бала.

Кеңес күлегешті жұдырықпен сыйлап жіберсем бе екен деп бір тұрды да, онысы дәл осы арада өзіне де ерсі көрінді. Міне, қызық! Вагондағы барлық балалар сол араға жиналып, Кеңесті қоршап алды. Үлкендердің де бұларға назары ауа бастады. Кеңестің байқауынша, вагондағы барлық көз бұған қадала қарап қалғандай болып кетті. Енді ол тыныш отыра алмады. Жұрт алдында ыңғайсызданып өзіне-өзі ыза болып орнынан атып тұрды да, тоқтағалы келе жатқан поездің кідіруін күтпестен, сатылы баспалдақтан асыға түсіп, сыртқа секірді. Содан соң анадай жерде, сарғайып сола бастаған шалғын арасына барып, бір терек түбіне тізерлеп отыра кетті.

Ол сол арада едәуір отырып-қалды. Аздан соң әлгі поезд қайта оралып, Кеңестің тұсынан өтіп бара жатты. Поезд ішіндегі жаңағы таныс балалар көріп қалмасын деген адамша, Кеңес, ағаштың тасасына бұға түсіп, жапырақты тасалай сығалады. Оның көзіне ешкім шалынбады. Бар байқағаны — кіп-кішкентай бала машинист қана болды. Ол алға көз тастап, бір сот бұған қарап күлімсіреген тәрізденді. Кеңес те оған басын көтеріп қарамақ болып еді, үлгірмеді. Зулаған поезд қас қаққанша ағып өте шықты.

Сарғайған жапырақтар жалп-жалп етіп жерге құлап, Терек шулай түсті. Кеңестің тез өскісі, ержеткісі келді. Бұл жолы құр ғана ержету емес, білімді болып ержеткісі келді. Бұрын ешқашан бұл талап оны дәл осы минуттағыдай қатты мазалап көрмеген еді. МТС-тің өткен жылы салынып біткен жаңа мектебінің 5-класында достарымен бірге, міне, Кеңес те мұғалімнен сабақ тыңдап отыр. Ол бұрын арт жақтағы орындардың біреуінде отырушы еді, биыл ең алдынғы партадан орын алыпты.

Сентябрь, 1951.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар