Өлең, жыр, ақындар

Жас шебер

АЛҒАШҚЫ БЕТТЕ

Кішкентай қыз бала айналасына таңданғандай жалтақ жалтақ қарап, жатақханаға қарай аяңдап келеді. Сырттан бөлінген кең ауланың ішіндегі көк шатырлы қаз-қатар үйлер бейне бір шағын қала сияқты болып сезіледі оның көзіне.

— Бұрын түк көрмеген адамша, неменеге жан-жағыңа алақтайсың,- — деген дауысқа ол кілт тоқтай қалды. Жатақхана есігі алдында, бой жағынан өзінен аласа болмаса ұзын емес, көзі өткір, қара торы қыз бала тұрды.

— Алақтағаным жоқ жатақханаға келемін.

— Қайсысына жататын болдың? — деп жаңағы қыз бала үйіріле түсті.

— Осы өзін тұрған жатақханаға.

— Комендант қайда? Орныңды көрсетпей ме?

— Мана көрсеткен.

— Солай ма, мен сені неғып көрмедім?..

— Білмеймін.

— Е, мейлі, өзіңнің атын кім, танысып қояйық.

— Фаруза Аженова.

— Ал, менің атым Мағинұр, фамилиям Босақова. Қай облыстан келдің?

— Қазақстанның батысынан, алыстағы ауылдан келдім.

Мағинұр бұдан әрі қазбаламады. Ол жөнін айта бастады.

— Мен сен сықылды алыстан келгем жоқ. Шелектен келдім.

Фаруза пәлен демеді. Үзілген әңгімені Мағинұр өзі жалғады.

— Қай группаға түсетін болдың әлі?..

Әйел костюмын тігетін группаға:

— Мен де соған түскем. Бір класта оқимыз, — деп бір қойды да, — бұрын іс тігіп көріп пе едің? — деп сұрады Мағинұр.

— Жоқ, көрген емен.

— Әрине, ол жағы қиын екен.

Мағинұрдың мына сөзіне қарап, «менен басқалар іс тіге білетін болғаны ма» деген ой келіп:

— Өзің ші? — деп сұрады ол.

— Менің апам шебер кісі. Жастайымнан ине ұстап келемін.

Фаруза бұл арада Мағинұр сияқты шешесінің шеберлігін айтып, мақтана алмады. Шешесі шебер болды ма, жоқ па, шынында, ол білмейтін де еді. Өйткені, әке-шешеден ол жастай айырылған болатын. Сөйтіп, іс тігіп көрмесе де, тігінші шеберлер даярлайтын қолөнер училищесі ашылыпты дегенді естіп, көңілі кетіп, келген беті еді бұл. «Білуін шарт емес. Өздері үйретеді, оқытады» — деп ақыл берген білетіндер. Сол үмітпен келіп, емтихан беріп, міне училищеге түсті. Бірақ, Мағинұрдың мына сөзі «мұным қалай болды» дегендей көңілде түйсік қалдырды..:

Екеуі де ішке кірді.

— Сенің төсегін қайсы? — деп сұрады Мағинұр.

Үлкен бөлмеде кілең ақпен жабылған біркелкі койкаға қарап. Фаруза алғашқыда аңырып қалды. Ол өз койкасын бірден «мынау» дей алмай, ойланыңқырап барып көрсетті.

— Ал, мынау менің койкам! Екеуміз көрші болдық, — деді Мағинұр қуанып.

— Басқалар қайда кеткен? — деп сұрады Фаруза.

— Оқу корпусы жақта жүрген болар.

— Әлі сабақ басталған жоқ қой, онда олар неғып жүр?

— Қызық екенсің өзің, оқу басталмаса, басқа нәрсе аз ба екен. Онда бәрі де бар емес пе! Кітап оқығың келе ме, ән-би үйренгің келе ме, кесте шеккің келе ме... Бәрі де табылады.

— Солай ма?!

— Осы уақытқа дейін соны да білмейсің бе?

— Мен әлі араласып үлгермей жатырмын ғой, — деп Фаруза өз койкасына жақындап отыруға ыңғайланып еді, Мағинұр:

— Сырт киіммен төсекке отыруға болмайтынын тәрбиеші. апай саған айтпады ма, мұның не? — деді.

— Айтса қайтейін демалмаймын ба?..

— Демалғың келсе, шешініп жат.

— Шешінбегенде киімшең жатар деп пе едің, — деп Фаруза пысықтық көрсете берген танысына намыстана сөйледі.

— Мен саған жөнін айтам, — деді де Мағинұр тысқа беттеді.

Фаруза таныспай жатып ренжітіп алдым ба деген ой келіп, әрі оның кетпегенін тілеп:

— Сен қайда барасың? — деді.

— Қызыл мүйіске барамын.

— Мен де барайын.

— Жүр...

Достықтың жаңа қадамы осылай басталды.

ЕНДІ БҰЛАЙ БОЛМАЙДЫ

Соңғы қоңырау соғылды да, мектеп іші бір сәт қазандай қайнап кетті. Әр кластың есігі ашылып, оқушылар тысқа шығып жатты. Ешкім даурыға, жамырап сөйлемесе де, кең залда тыныштық бұзылып, бір гуіл пайда болды.

Тоғызыншы группадан бір топ қыз бала өзара дауыс көтере сөйлесе шықты.

— Фаруза, сен жақсы біліп тұрғаныңды айта алмадың — дейді Мағинұр кейіп.

— Жоқ, мен жақсы білмедім.

Бекер айтасың, жақсы білдің, түнде ешбір мүдірмегенің қайда.

— Білуің білесің, тек абыржып қалдың, — деп Фарузамен бір партада қатар отыратын Сара да Мағинұрдың сөзін қостады.

Фаруза мүдіріп қалды. Шынында, абыржып қалғаны есіне түсті. Әйтпегенде, жауапты дұрыс беруі де мүмкін еді. Жолдастары айтқандай, сабаққа ол жақсы әзірленгені де рас еді... Жалғыз бұл жолы ғана емес, әрдайым бірігіп оқып, дайындалып келу олардың әдетіне айналған болатын.

Қалай дегенмен білмей қалғаным анық. Ал, бұдан былай мұндай жағдай менде болмайды, — деді Фаруза ойлы пішінмен қабақ шыта сөйлеп.

— Міне, мұның тамаша! — деді группорг Мағинұр досының өр талабына сүйсініп. — Жүр, ас ішуге кеттік!

Асханада, тамақ ішіп отырып та, Фарузаның есінен бүгінгі орыс тілінен сабақты білмей қалғаны кетпеді. Сүйікті мұғалімнің: «Ой, Фаруза, сен еңбек сүйгіш, жақсы шәкірт едің мұнын жарамады» деген сөзі құлағында ызыңдап тұрып алды.

Фаруза былайша момақан, аңқаулау болса да, ойға алғанын жүзеге асыруға келгенде, жігерлі жас еді. Ол осы училищеге келгенде, тіпті, көп нәрсені білмейтін де еді. Осында үйрене келе көп жайды аңғарды. Бұрынғыдай емес, шебер болуға деген сенімі де артып, білім мен өнер қызығына беріліп, дәмін де тата бастаған еді. Оның достарына айтқан жаңағы сөзі де, осы өзіне сенгендіктен айтылған әрі серт, әрі уәде сияқты сөз еді.

КОЛЛЕКТИВ ҚҰШАҒЫНДА

Талап деген жақсы нәрсе ғой! Адам талаптанса, сол талабын жүзеге асыруға күш жұмсаса, қолдан келмес өнер бар ма. Сол талаптың қанатына отырған Фаруза бұдан кейін, екінші рет мұғалім алдында қызармады. Ол білуге, өнер үйренуге барын салды. Уақытты бос жібермей оқыды, ізденді. Соның арқасында оқу жылынын бірінші жартысында-ақ үздік оқитындардың қатарына қосылды. Үлгілі оқушы болған соң комсомол комитеті Фарузаны Ленин комсомолы қатарына алды.

Оның «іс тіге ала ма екенмін» деген алғашқы келген беттегі шүбәсі де ізсіз жойылды. Жолдастарымен таныса, училищеде оқи келе, ол көп сырға қанды. Бұрын ине ұстап көрмеген өзі сияқты оқушылар біреу емес, көптеп табылды. Өндіріс сабағы инені қалай ұстаудан, іс тігу өнерінің ең, оңайынан басталғандықтан да, бұрын бұл өнерді білу, білмеу шарт болмай қалды.

Күндер өтіп жатты. Әр күн тегін кетпей жаңалық әкелді. Фаруза күн өткен сайын өзінің өсіп келе жатқанын аңғарды. Ине ұстау, киім көктеу, біреумен қосарланып қалта тігу де, көрсеткенде ұғып алмақ болып оқытушы шебердің жанында сарғайған күндер де біртіндеп артта қалып жатты. Ол енді, іс машинасына дербес отыратын дәрежеге жетті. Ұсақ-түйек нәрселерді шебердің көрсетуімен өзі-ақ тігіп тастайтын болды. Жалғыз бұл ғана ма, ол бұдан басқа да көп өнердің басын қайырды. Уақыт бөліп шұғылданып жүріп, жақсы спортшы болып алды, би үйренді, хорға қосылып ән шырқасты, талдырмаш кішкентай саусақтары майысып, кесте шекті.

Осының бәрі оны аңғал балалықтан өнерлі, өрісті балалыққа көтеріп, жаңа өріс, қызықты өpic бітірді. Бұл өзгерістің бәрі коллектив әсерінен туып, коллектив көмегімен болып жатқанын жас бүлдіршін күнбе-күн сезіп отырды. Коллективтен ықпалы оны қайта тудырды.

Шынында, ойлап отырсаң, коллектив деген тамаша нәрсе ғой. Коллектив, шын тамашасың-ау сен! Сен білім беріп, өнерге үйретіп қана қоймайсың, сен адамға ең керекті қасиетті — ізгілікті, адалдықты, туған ортаны сүю сезімін үйретесің. Жолдастық, достық сезімді шыңдап, шыңға көтересің. Көңілге социалистік сана, ой құясың, бойға қуат бітіріп, таланттың күйін күйлеп, қанат бітіресің.

Біздің Фарузаны өнер жолына бастаған да міне осы коллектив, тігінші шеберлер даярлайтын қолөнер училищесінің тамаша коллективі. Бұл тамаша коллективте жас талаптар өсіп, өнерлі азамат болу үшін барлық жағдай жасалған. Міне, мынау кластар. Ол саған жалпы білім береді. Сен одан тілді, математиканы, физиканы, тарихты, географияны, тағы басқа ғылымның негізін үйренесің. Міне, мынау өндіріс мектебі. Шеберлер бастаған төрт цехты, зәулім үйлер, электр қуатымен жүретін іс машиналары «мен сендердің қызметіндемін» дегендей болып тізіліп тұр. Сен кел де тамаша костюм, тамаша пальто тік!.. Мынау зәулім клуб. Мынау спорт залы, анау секция залы. Мұндай залдар толып жатыр. Мұның бәрі әншейін сәндік үшін тұрған жоқ. Бәрі де өнерге ұмтылған жас шеберлерге арналған.

Білім мен өнер сарайында, тамаша коллектив арасында тәрбиеленіп өскен Фаруза, училище қабырғасында өткен екі жылды үздік оқумен шығарып салып, биыл үшінші класқа, соңғы класқа көшті.

ТАРТУ

Машиналар зыр қағады. Кішкентай шеберлер қаз-қатарлап, алқа қотан орнатылған машиналарға төне түсіп, іс тігіп тұр. Оқытушы-шебер әр шәкірттің қасына келіп, олардың тігіп тұрған ісіне көз жіберді, сәл ағат кетіп бара жатса, ақыл береді, көрсетеді, ағат кетпесе көз қиығын салып, үнсіз ғана өте береді.

Солардың арасынан бізге таныс Фарузаны да кездестіресің. Ол қазір бұрынғысынан едәуір өзгерген. Бойы да ескен, толыққан, бетінің қызылы да көбейе түскен. Оған бүгін өзге бір тамаша зат берілген. Ол сол заттан костюм тігумен шұғылдануда. Әрине, бұл жас шеберге деген үлкен сенім. Мұнда оқытушының, училище коллективінің сенімі жатыр. Ал, тереңірек ойласақ, мұнда совет шеберінен күтер халықтың да сенімі, үміті бар емес пе. Өздерің ойлап көріңдерші. Ол костюм тігеді. Костюм ертең сауда орнына, дүкенге түседі, халық алдына шығады. Яки колхозшы әйел, яки жұмысшы әйел, яки интеллигент әйел оны сатып алады, киеді. Солардың қайсысы алғанда да, костюм үске қонымды, жарасып тұруы керек қой. Олай болмай, совет адамы кигенде костюмнен ақау тапса, қандай келісімсіз нәрсе. Мұның аты совет адамдарының сенімін ақтамадың деген сөз емес пе. Шеберге бұдан жаман, бұдан абыройсыз не бар...

Фарузаның жүрегіне коллектив өнер үйретумен бірге, міне, осы ниетті еккен еді. Бұл коллектив оны қаршадайынан халық алдындағы жауапкершілікке баулып келеді. Сол үшін де өзіне жүктелген міндетті адал, абыройлы орындау Фарузаның әдетіне айналған іс еді.

Коллектив өзі түлеткен балапанын іске баулып, іс үстінде сынап, халық сенімін ақтайтын дәрежеге жетті деп оған машық шеберге жүктер міндет артты, үш жыл бойы қол созған өнерінің биігіне шығарды. Ол міне, үйрену дәуірінен өтіп, халық үшін іс тікті.

Бұл сенімге ол үлкен еңбекпен жеткені де мәлім. Бұдан бұрын да ол екі костюм тікті, бірақ, үйретуші шебердің қолма-қол көмегімен тікті. Ал бұл жолы өз бетінше тікпек және соңғы модымен әсем етіп тікпек.

Цехқа училище директоры Жолмурзина мен директордың саяси жұмыс жөніндегі орынбасары Прошунина жолдастар келді.

— Іске сәт, қыздар! — деді директор.

Жас шебер директор қасына келгенде, оның ұқыптылықты, тазалықты ұнататын әдетін есіне түсіріп, сәл ыңғайсызданғандай болып, тігіп тұрған ісіне, машинасына, айналасына асыға көз тастап еді, көз шалар селкеу жатқан ешнәрсе көре алмады. Бәрі де өз орнында сияқты. Енді ол көз қиығын өз үстіне де бір салып өтті... Тегі іштей сүйсініп тұрған болу керек, директор да ешқандай ескерту жасамады.

— Жақсы! — деді жас шебер.

— Костюм қалай болып жатыр?

— Білмеймін, — деді Фаруза күлімсіреп.

— Неге білмейсің? Өзіне сенбейсің бе?

Фаруза «сенемін» дегісі келді де, оным орынсыз мақтаншақтық болар деп ойлап, ойға алған сөзін іркіп қалды. Оның бұл ойын директор да айтпай-ақ сезді де:

— Сенің жақсы тігіп шығатынына сенім зор. Тек есінде болсын, бұл жай ғана костюм емес, республиканың 30 жылдығына тартуын болады.

Директордың мына сөзі, Фарузаның бойына жаңа күш, жаңа жігер құйды. Ол республиканың 30 жылдығына тарту тартады. Өзінің ержетіп, шебер болғанын білдіріп, мақтанышпен есеп береді, өнерін көрсетеді...

Осындай қуаныш жүрегін кернеп тұрса да, мақтануды сүймейтін Фаруза, сөзін қысқа қайырып:

— Қолымнан келгенше сенімдеріңізді ақтауға әзірмін! — деді...

Біз таяуда Фаруза оқитын училищеде болдық. Фаруза «Жас гвардия» романына арнаған конференцияда отыр екен. Оның жақсы достарының бірі 10-группанын старостасы, үздік оқушы, комсомолка Неля Халиулина, Уля Громованың образы жайында жан-тәнімен қызыға сөйлеп, жиналғандарды ұйытып алыпты. Біз Фарузаның ойын, ал Неляның сөзін белгіміз келмеді. Сондықтан, өзімен сөйлесе алмадық. Жалғыз-ақ, тойға арналған костюмді жақсы тігіп шығарғанын жолдастарынан естідік.

Октябрь, 1950.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар