Қазақ халқы үшін дәстүр – бұл тек ереже емес, ол халықтың жүрегінде сақталған киелі аманат. Әрбір қимыл, әрбір сөз, әрбір ырымның астарында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан терең мағына, даналық жатыр. Дастарқанды молынан жайып, төрге қонаққа орын берудің өзіңде қонақжайлығымыз бен жомарттылығымыздың айқын көрінісі.
Тіпті шақырылмаған, жол-жөнекей келе жатқан адамдарға сый-құрметін көрсетіп, құдайы қонақ деп құшақ жая қарсы алған. Оған төрінен орын беріп, ас-суын ұсынып, аттанарда құрмет көрсетіп шығарып салу – қазақи болмыстың ең жарқын белгісі.
Жаһандану заманында көптеген халықтың ұлттық ерекшеліктері жойылып, дәстүрлері ұмытылып бара жатыр. Алайда, дәстүрді дәріптеп, мәдениетімізді әлемге таңытқан жандар аз емес. Бұл тізіміде өзіме ерекше жақын, талантты,тыңдаушысының жүрегіне нұр құйып, жанына сәуле төгіп келе жатқан Димаш Құдайберген. Димаштың таңғажайып даусына тамсанып қана қоймай, оның ана тілінде еркін сөйлеп қазақтың халық әндерін өз мәнерінде нақышына келтіріп орындағанына сүйсінесің. Димашты тыңдаған сәтте ғасырлар тереңінен бабаларымыздың рухы оянып, кеңістікті жаңғыртып, мәңгілік әуенмен көкке самғағандай күйге бөленесің. Бір ғана қазақ емес, бүгінде Димаш Құдайбергенді нағыз өнерді бағалай білетін әлемнің төрт бұрышы тегіс танып, түгел мойындағанына куә болдық. Бұл дәрежеге жетудің өзіне табанды ізденіс, текті тәрбие, темірдей төзім керек. Димаштың аты әлемге танылған сәттен бастап, қоғамда ізгі өзгерістер орын алды. Димаштың жанкүйерлері қазақ тілін білуге мойын бұра бастады. Бұл тек қазақ жастарының ғана емес, шет елдің азаматтарының да арасында үлкен ұмтылыс тудырған ізгі құбылысқа айналды. Димаштың өнеріне тәнті болған өзге ұлт өкілдері қазақ халқының ана тілін, мәдениетін, дәстүрін зерттеуге ден қойды. Қытай елінің сахнасында Димаш ұлы Абайдың сөздерінен үзінді келтіріп сөйлегеннен кейін, қытайлық жанкүйерлердің қызығушылығы оянып, олар данышпан Абайдың шығармаларын оқып, зерттей бастады. Нәтижесінде Абайдың еңбектері миллиондаған данамен басылып шығып, оны қытайлықтар таласып-тармасып сатып алды. Тағы бір жан дүниеге ізгілік сыйлайтын жарқын мысалдың бірі: Лондон да Димаш «Адай» күйін орындағанда қазылар алқасының орындарынан тік тұрып, ұзақ қол соққан сәті. Осының өзі Димаштың бойындағы ұлттық намыстың рухын тасытып, абройын асқақтатқан жоқ па?! Және дәл сол сәтте шетелде, тіпті өз ішімізде қазақ тілінде сөйлегісі келмей, ана тіліне мүлде мән бермей жүрген қазақтардың намысын оятып, жүректеріне жігер отын құйды емес пе? Әр сұхбатта Димаш сұрақтарға қазақ тілінде жауап береді. Бұл мысал Димаштың тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді жоғары бағалайтынын, жан-тәнімен құрметтейтінін, ішкі дүниесі рухани бай екенін көрсетеді. Димаш Құдайберген Жапонияның ұлттық арнасына берген сұхбаттында: «Қазақстанда туып, дүние есігін ашқаныма ерекше қуанамын. Әлемнің қай түкпіріне барсам да, қазақтың өнерін көріп өскен, қазақтың суын ішіп, балын жеген бала екендігімді ерекше мақтан тұтамын», - деді Димаш.
Димаштың өнері – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен құндылықтарын жаңа биікке көтеріп, жаһанға паш еткен құдіретті күш. Димаштың қазақ тілінде еркін сөйлеуі, халық әндерін асқан шеберлікпен орындауы, ұлттық аспаптар мен шығармаларды дәріптеуі – барлығы да дүлдүл әншінің туған халқына адал нағыз патриот екендігінің айғағы. Димаш тек тыңдармандарының ғана емес, күллі әлемнің жүрегін жаулап, қазақтың мәдени мұрасын ұлықтаудың жарқын үлгісін көрсетуде. Осындай талантты ұл-қыздарымыздың арқасында ұлттық дәстүріміз жаһандық деңгейде жаңғырып, мәңгілікке жол тартатыны анық.
Біздің отбасымыздың өмір салтына айналып кеткен, өзіме қатты ұнайтын екі бірдей ұлттық дәстүр бар. Оның бірі көрімдік беру, екіншісі байғазы ұсыну. Екеуі де сый-сыяпат ретінде берілетін ұлттық дәстүр. Көрімдік беру- жақсылықтың белгісі. Отбасымызда дүниеге сәби келсе немесе жаңа келін түссе, үлкендеріміз көрімдік беріп, ақ тілектерін айтады. Көрімдік берген адам да, оны алған жан да ерекше қуанышқа бөленеді. Осындай сәттер біздің отбасымызда мейірімділік пен татулықтың белгісі болып саналады. Ал байғазы ұсыну – адамның жаңа дүние алып, қуанышқа кенелгенін бөлісу дәстүрі. Ағам жаңа ат мінсе, інім су жаңа шапан кисе немесе біреуіміз жаңа дүние алсақ, үлкендер байғазы ұсынып, жаңа заттың құтты болуын тілейді. Бала кезімізден жаңа зат алуға талпынып, әрдайым ата-әжемізден байғазы сұрайтын едік. Бұл дәстүр бізді қуанышпен бөлісуге, үлкендерден бата алуға және жаңа дүниенің қадірін білуге үйретті. Сондықтан да біз әрдайым отбасындағы жақсылыққа ортақтасып, бір-бірімізге ыстық ықыласымызды білдіруге асығамыз.
Ал біздің отбасымызда ешкімде жоқ, өзімізге ғана тән, бойтұмарымыздай ерекше бір дәстүріміз бар. Менің отбасымның мүшелері - өте зейінді және ақылды адамдар. Олар өз кезегінде мұғалім, экономист болғандықтан, логикалық есептерді шешуді өте жақсы көреді. Екеуіде ойлау қабілетімізді дамытуға, тек алға жылжуға дем беретін жандар. Осыған орай біздің үйдегі мен үшін ерекше дәстүрдің бірі- логикалық есептер мен сұрақтарды талдау. Бұл дәстүр әсіресе демалыс күндері кешке жақын бәріміздің басымыз қосылғанда жүзеге асады. Ағаларым әрдайым логикалық тапсырмалар мен жұмбақтар дайындап қояды, ал біз сол тапсырмаларды дұрыс шешуге барынша тырысамыз. Бұл дәстүр отбасын біріктіріп, әрқайсымыздың ойлау қабілетімізді, зейінімізді және тапқырлығымызды дамытады. Әрбір есепті шешкен сайын, бір-бірімізді мақтап, қателескен кезде бірге талдап, дұрыс шешімін табуға тырысамыз. Шешу барысында күліп-ойнап, өзара жарысамыз. Кейде есептің жауабын таба алмай ішек-сілеміз қатып, шешімін тапқан кезде бәріміз қуанып қаламыз. Бұл дәстүр отбасында жылы және ізгі атмосфераны қалыптастырады. Балалық шағымнан есте қалған сұрақтың бірі “ Қандай зат көреді, бірақ көзі жоқ.
Жүгіреді, бірақ аяқтары жоқ?”. Ағам бұл жұмбақты достарынан естіп, бізге айтып келген еді. Күні бойы ойланып, бұл жұмбаққа қатты беріліп кеткен болатынмын. Кешкісін жауабы өзен екенін естігенде, көңіл-күйім түсіп, эмоцияға беріліп, жылап қалған болатынмын. “Осындай да сұрақ бола ма?” деп қатты ашуға баттым. Қазір есіме түскенде күлкім келеді. Есесіне осындай логикалық сұрақтар менің шығармашылық жолыма оң әсерін тигізді. Стандартты емес ойлауға баулыды. Яғни түрлі мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, жаңаша жолдар іздеуге үйретті. Бұл қасиеттер шығармашылық тұрғыда өз идеяларымды жүзеге асыруда үлкен рөл атқарды, әрі менің ой-өрісімді кеңейтті. Арасында блиц сұрақтар арқылы өзара жарыстар ұйымдастырамыз, жеңімпаздар сыйлаққа ие бола алады. Түрлі шоколад, тіпті ақшалай сыйлық алып, мәз-мәйрам боламыз. Үйдегі кішкентай бүлдіршіндер де отбасылық дәстүрге қатысып, логиканы дамытатын ойыншықтар мен пазлдарды құрастырады. Дамыған заман, қазір логикалық ойыншықтар, үстел ойындары өте көп. Мен өзім әр жинаған ақшама осындай логикалық қызықты ойындарды аламын. Жанұяммен бірге уақыт өткізіп, логикалық тапсырмаларды талқылау арқылы біздің ынтымағымыз арта түседі. Әркім өз пікірін айтып, есепті шешуге атсалысқан кезде, “жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, ауызбіршілігіміз нығая түседі. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні орасан зор. Бізге шыдамдылықты, бір-бірімізді мұқият тыңдауды, бірге жұмыс істеудің қуанышын сезінуді және қателіктерден сабақ алып, жаңа көзқарас қалыптастыруды үйретеді.
Мен үшін бұл өте құнды уақыт және ұмытылмас естеліктер. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” демекші, бұл интеллектуальды дәстүр бізді жан-жақты дамытып ғана қоймай, болашақта бұл дәстүрді әрі қарай мұра ретінде жалғастыруға жол ашады. Қандай дәуір келсе де, дәстүрдің алтын қазығы ешқашан үзіліп қалмауы тиіс, себебі дәстүр – ұлттық болмыстың өзегі.
Актуреева Асель
Алматы қаласы, №58 ЖББМ 11 А сынып оқушысы
Шығармашылық жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ доценті
Әбдіжәділқызы Жидегүл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Архимед
- Оноре де Бальзак
- Александр Пушкин
- Антон Чехов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі