Ырғыздың оңтүстігіне қарай аттасаң, арқадағы көк орай шалғын еркелетіп тастаған көзің бұрынғыларын көру жоқ. Сұр кілем сияқты жазылып жатқан меңіреу шөл. Әр жерінен кірлі көйлек көрініп тұратын, тозған, жыртық жамаулы сұр шекпенмен киілген даланың үстін біреу жауып қойған сияқты. Шекпеннің ана жерін отқа, мына жерін қарамай тигізіп, ана жерінің жүнін ұйпалап біреу әурелеп қойған сияқты. Ұйпаланған жүннің ішінде аң-маң да көрінбейді, байқап қарағанда ғана көзіңе бір нәрсе ілінеді.
Жері сорға бай, топырағы ащы, тұздықтың беті сияқтанып қаймақшып жатады. Үстінде тіс шұқырлық шөп жоқ. Жаңа ғана шашын алдырған таздың басы сықылды. Айнала сұр жусан, бұйра құм, бірақ арқадағы иісті көк жусандай емес, жіңішке ауру болған адам секілді қатып қалған. Сор жағасында жерге жабысып, тырбысып жатқан қына, жазылып жатқан киік оты.
Маңайындағы ауаның ылғалын тұз «ә» дегенше тартып алады, дем алу қиындалып, тыныс тарылады. Үйренбеген адам мен көлік тез шаршап, әлі құриды. Жазғытұры, күзді күні жаңбыр басталғанда, жер іркілдеп, ойылып кетеді. Мұның артынан кеуіп, тұс-тұсына жарылады, тас болып қатып қалады. Келесі жылы жазғытұры су жарықпен ағып, кеңітіп, құлатып, сай қылады, жан-жағына тағы ашалар шығады, кей жерлер аңғар болып қалады, кей жерлердің жарығы лай батпақпен сыланып, тегістеліп, бітеліп қалады. Сондай тегістеліп қалған жерлер ғана жарықсыз болады. Бір шөп я бір бұтаға сүрінемін деп қорықпасын, асық ойнауға келетін тап-таза!
Жол табаны әлдеқашан тапталып, қатып қалған, көліктің тұяғына тигенде тасырлап отырады, темір тегермешті арбалардың да ізі білінбейді. Ойылып қалған жол бұраңдап соғады да отырады. Бұрылып шығып кету де оңай жұмыс емес.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі