(Мэлс қазір Республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы. Филология Ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.)
Республикалық ақындар айтысының жүлдегері жерлесіміз Мэлс Қосымбаев жастар делегациясы құрамында Америка Құрама Штаттарында өткен ізгі ниет ойындарын тамашалауға барып қайтты. Жас таланттың тұңғыш шетелдік сапардан алған әсерлері жөнінде және айтыс өнері, өз творчествосына байланысты оған газет тілшісі қойған бірнеше сұрақ негізіңде өрбіген әңгімені назарларыңызға ұсынамыз.
— Мэлс, шетелге тұңғыш рет шығып келдің, бұл сапардан алған әсерлеріңмен бөліспестен бұрын кімдермен бірге барып қайтқаның хақында бірер сөз айтып өтсең. Өйткені туристік жолдаманың саған ұсынылғанына қарап туристердің арасында сен сияқты найзағайдай жарқ етіп көрінген өзге де бір талантты есімдер жоқ па екен деген әуесқой сұрақ ойға оралып отыр...
— Біз Москвадан барлығы отыз шақты адам аттандық. Бұл сапарды ұйымдастырып отырған комсомол ұйымдары екен. Сол себепті делегация құрамында 25 жасқа дейінгі қыз-жігіттер ғана болды. Қазақстаннан қосылған 13 адамның арасында түрлі мамандық иелері кезікті. Мысалы, инженер, спортшы деген секілді. Бәрі де өз еңбек, оқу орындарында үлгілі жандар болар. Бірақ есімін ел білетіндей көп ешкім болған жоқ. Өзіміз жақсы білетін, сыйлайтын актер Досқан Жолжақсыновтың 9 класс оқитын ұлы бар екен, сол барды. Каратэмен айналысатын көрінеді. Әрі ағылшын тілін біледі екен. Осы секілді, Еңбек ерінің немесе басқадай бір мықты қызметтегі адамдардың балалары байырақ па деп ойлап қалдым. Айта кететін бір жай, жалпы шетелге шығу үшін ағылшын тілін білу керек екен...
— Қалай қарсы алды деген бір дәстүрлі сұрақ бар ғой...
— Талдықорған облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Батыржан Оңғаров деген жігіттің бастауымен шыққан делегация мүшелерін ИЛ-62 самолеті 10 сағат ұшып Сиэтл қаласына жеткізген. Аэропорттың жолаушылар залына кірген бойда қарсы алдымыздан президент Буштың үлкен портреті қарсы алды. Астына қолы қойылыпты. Осы бір жай жақсы ойлап табылған екен, бейне ол біздің алдымыздан өзі шығып қарсы алғандай жағымды әсер етті. Адамға деген ілтипатты осылайша да білдіруге болады екен-ау деген ой келді. Қарсы алу дегенде көңіліме осы көрініс оралып отыр.
Барған күннен бастап американдықтардың қонақжай шаңырақтарына бізді бір-бірден бөліп жіберді. Екі күн біреуінің, келесі күн біреуінің үйінде қонақ болып жүрдік. Мен алғашқы күндері бір спорт ұйымы директорының үйінде, соңынан бір адвокаттікінде, келесі күндері тағы біреулерінің үйлерінде болдым. Семьяларымен бірге түскен суретіміз де бар.
Бұл өзі бір жағынан тұрмыс салты екі түрлі елдер адамдарының бірімен бірі жақын танысуы үшін жақсы нәрсе екен. — Тұрмыстарында көзге ұратын қандай өзгешеліктер байқалады?
— Айтатыны жоқ, қай жағынан да толық қамтамасыз етілген. Семья мүшелерінің әрбіреуінде бір-бір машина. Өзінде — жапондікі болса, қызында — немістікі, әйелінде — ағылшындікі. Олар өз елдерінде шығарылатын машиналарды менсіне бермейді екен. Басқаны былай қойғанда, иттеріне тамақ сататын дүкені бар.
— Өз көңіліңе әсіресе қатты әсер еткен қандай жайлар болды?
— Адам өмірге келген соң адам сияқты өмір сүруі керек қой. Біздің советтік өмірімізде әлі де азаппен өтетін сәттер көп екеніне көзім жетіп оралдым. Адам сияқты өмір сүру дегеннің не екенін енді білген секілдімін. Адамның күнделікті өмірі, еңбегі оның қуанышына айналуы керек дегенді бұрын естіп жүрсем де, оның қандай нәрсе екенін біле бермейді екенбіз деп ойлап қалдым. Біз болған елдің адамдары бүгінгіден гөрі ертеңнің қамын көбірек ойлайтын тәрізді. Мысалы, тау беткейлерінен тас домалауы мүмкін екендігін ескеріп, тау беткейлеріне торлар ұстап тастағанын көрдім. Бізде дүниенің бәрі әбден қирап қалған соң болмаса, қозғала қою әдетте жоқ қой.
Адамдардың мәдениеттілігі мен психологиясы сүйсіндірді. Адамға қызмет көрсетулеріндегі кішіпейілділік, ілтипат көзге ұрып тұрады екен. Ал осының жоқтығы біздің арамыздағы көптеген кикілжіңнің тууына себеп болып жүрген жоқ па? Талай жерде көңіл күйіңді мезетте бұзып, қаныңды басыңа шапшытпай ма? Еңсеңді түсіріп, суалтпай ма? Бір ғана мысал келтірейін: Москваға қайта келіп түскен бойда бізді күтіп тұрған автобус бар деді. Мәз болып келсек, әлгісінің жүк салатын қуысы ашылмайды. Әрі айналдырды, бері айналдырды, болмады. Ақырында заттарымызды ішке автобустың терезесінен лақтырып-лақтырып жіберіп тыным таптық. Сол бойда-ақ еңсеміз түсіп, көңіліміздегі 8 күн бойы жинақталған сергек күй су сепкендей басылды. Сағынып оралған еліміз келмей жатып жүрекке қыжыл екті. Адамды қажытып жіберетін осындай сәттер біздің тұрмысымызда көп кездесетіні рас қой...
— Дегенмен, әлгінде бір сағыныш деген сөз айтып қалдың. Өзің айтып отырған адамдар тұрмысы үшін жұмақтағыдай жағдай жасалған сол елде жүріп-ақ өз елінде жұрттың қандай күн кешіп жүргенін білдің емес пе?..
— Әрине, алғашында қанша таңырқап, аузымызды ашып, көзімізді жұмып жүргенмен, үш-төрт күннен соң-ақ көңілде бір қоңылтақсу пайда болып, құлази бастадым. Тезірек елге жетуге асықтық. Бір мен емес, біразының-ақ басында осындай сезім болды-ау деймін. Әлгінде айтқан тұрмыстағы көп үйлесімсіздіктің салыңды суға кетіретіні, ол өз еліңді жек көргендіктен емес. Меніңше, ол осындай заманда қарапайым тұрмыстың қарапайым жағдайларынан жанына азап тауып жүретін өз аналарымызға, әкелерімізге, бауырластарымызға деген аяушылықтан, өзіміздің кейбір сорлылықтарымызға күйінуден туған сезім. Ал алғашқы әсерлерден арыла бастап бойымды баураған елге деген ғаламат сағынышты айтып жеткізу қиын. Төлеген Айбергеновтың: "Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап", — деп келетін өлеңіндегі сағыныштың қалай туатындығы маған осы сапар сездірген секілді...
— Мэлс, міне, Америка сапарын тәмәмдап, енді Қазақ ССР-інің 70 жылдық торқалы тойы құрметіне өткізілгелі отырған кезекті ақындар айтысына жүріп бара жатырсың. Сенің бойыңа, өзің айтқандай, 8 күн сергектік құйған сапар ақындық шабытыңа тың қозғау салып, бұл жолы да сені биіктен көрсетуіне барлық оқырманымыз да тілеулес қой деп ойлаймын. Әңгімемізді бұдан әрі осы айтыс, өз шығармашылығың төңірегінде өрбітсек. Осы орайда, бірінші сұрақты өзің туралы көпшіліктің аузында жүрген бір жайдан бастап көрсек. Ел ішінде сені жазба ақын деп есептейтіндер көп. Осы жазба ақын мен айтыс ақыны жөнінде, екеуінің қайсысын өзіңе жақын көретінін жайында айтсаң...
— Мен өзім бірінші орынға жазба ақындардың қандайының болмасын өз философиясы болады. Онысын жақсы болсын, жаман болсын асықпай талдап, таразылап жұрттың назарына артық ауыс шөп-шаламнан тазартылған мұнтаздай күйде ұсынуға мүмкіндігі бар. Сонысы жақсы. Ал айтыс ақынының сөздерін бұлайша тазартып, таразылап отыратын уақыты жоқ. Сөйтіп кейде айтыс ақынының аузынан шыққан сөздерінің ойлағандай бола бермейтіні бар.
Менің жазба өлеңдерім де бар, бірақ оларым әлі көп емес. Бірқатары көңілімде жатталып тұрғанымен, қағазға да түсіп үлгерген жоқ. Көпшілік менің алдағы уақытта айтыс ақыны болып қалар-қалмасымды білгісі келетін болар. Шынымды айтсам, бұл екеуінің бір-біріне тигізіп жүрген зияны көп. Айтыс әсерімен жазба өлеңім ақсап жүр. Бір кезде алғашқы өлеңдеріміз қатар шығып жүрген Рахат Қосбармақов деген жас ақын жерлес жігітіміз бар. Қазір сол менен оқ бойы озып кетіпті. Мен айтысам деп екі жақты болып жүргенде ол бір жазба өлеңімен бел асып кеткендей әсер етеді.
— Сөзіңе қарағанда түбінде жазба өлеңнің етегінен ұстайтын түрің бар ғой...
— Сөйткенім дұрыс шығар деп ойлаймын...
— Бірақ біз сені жуық арада айтыс майданынан жоғалтамыз деп ойламаймыз. Оның үстіне айтыстан зиян көріп жүрсің деп те айтпас едім. Біріншіден, ол сені бүкіл Қазақстанға мәшһүр етті. Екіншіден, білек сыбанып, күш сынасу, додаға түсіп, мәртебеңді сезіну өзіңе деген сеніміңді арттырып, жігеріңді шыңдамайды деп кім айтты!? Бұл кімге болса да пайда. Үшіншіден, әлі жассың, қолдан келіп тұрғанда қай майданға болса да түсіп қалған артық емес шығар. Сондықтан айтыскер ақын ретінде әңгімемізді одан әрі жалғастырып көрейік. Осы өзің көріп жүрген айтыстардың сенің көңіліңде қандай пікірлер оятатынын білгім келіп отыр. Түйткіл тудырған кездері болды ма?
— Айтыс деген аламан бәйге ғой. Оған қатысқан ақындар кейде маған астарына бір-бір пырақ мінген шабандоздар секілді көрінеді. Сол көп шабандоздың арасында шұбар таймен тепеңдегендер де көрініс беретіндей. Солардың ара-жігін ашып беретін төрелікке кейде көңілім бітпейтіні бар. Төрешілер алқасы көбінесе біржақты шешім қабылдайды. Бағалауларында қолпаштау көп. Бағаның неғұрлым нақты болғанына көңіл бөлу керек секілді. Бірнеше балдың артық кете беруі әншейін нәрсеге айналған. Көрермен көптің де талғампаз болғанын қалар едім.
— Айтыстағы ең басты нәрсе не деп есептейсіз?
— Сөз қадірін білу. Немесе ең бастысы сөзге тоқтау. Қазақта "аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды" дейді. Өкінішке орай, жеңілгенін білсе де, мойындағысы келмей, өңмендей беретін ақындар жоқ емес. Меніңше, ақын шын мықты болса, шалдырмауы керек, ал егер аңдаусызда ұсталып қалған екен, онысын мойнымен көтере де білу керек. Айтыста жеңген адам деп бірінші голды салған адамды айту керек. Ал күштілік дегенді мен өзіңнің ұсталып қалатын тұсыңа қарсыласыңды жақындатпау деп ұғамын. Мүмкін, бұлайша тіресе алатын ақындар сирек болар, бірақ ол бір негізгі нысана деп ұғу жөн деп есептеймін...
— Қазіргі айтыстың жетістігі неде деп білесің?
— Меніңше, айтыс өнері бұрынғыдан көп өсті. Бұл арада мен тоқырау жылдарында тоқтап, қалып, содан қайта көтерілген соңғы он шақты жылдың жемісін айтып отырған жоқпын. Жалпы өзінің жаралған кезінен бергісін айтамын.
— Інің Нұрлан да айтыс өнерімен көпшілікке жақсы танылып жүр. Ол туралы сенің пікірің қандай?
— Нұрланнан жақсы айтыс ақыны шығады. Тек қана оның сөз қадірін де, өз қадірін де біліп өскенін қалар едім. Жел сөзге ермеуі, көкірек керіп кетпеуі керек. Сонан соң "Ат шаппайды, бап шабады" деген сөз бар ғой, жанында әрдайым жанашыр жандар болғанын қалар едім. Маған кезінде Ағлес Таласбаева, Шәрелхан Әленов деген ұстаздарым көп көмек берді, балалық ұялшақтықтың ар жағынан менің қабілетімді танып, дұрыс жол сілтеп отырды. Сан тарау жолдың бойында өзіме өзім сенбей тұрған менің көңіліме сенім ұялатқан сол екі ұстазым болды, оларды мен ешқашан да ұмытпаспын.
— Үйлеріндегі баланың үлкені өзің екенсің, Нұрланнан өзгелерде өнерге деген бейімділік бар ма екен деп сұраушылар бар. Сонан соң бұл әулетте бұрын өнер дарыған адамдар болды ма екен дейтін сұрақ заңды емес пе? Бұған не айтасың?
— Нұрланнан кейін іні, қарындастарым бар. Алды Армияға баруға дайындалып, жоғары кластарда оқып жүр. Әйтеуір бәрі де домбыра тартатын болыпты. Ал біздің тарихи тамырымызға келсек, әкемнің шешесі Жансүйген деген жоқтау айтқанда тұрған жұртты тегіс жылататын адам болған екен. Әкемнің ағасы Сазанбай деген жыршы, әрі ақын болған кісі екен. Әрі палуан екен. 17-18 жасында әке-шешем жылайды деп майданға үйіне айтпай кетіп қалған дейді. Өзімнің "Үш боздақ" деген өлеңім сол кісіге арналған.
— Жұрт алдына шыққанда қатты толқисың ба?
— Жоқ. Тіпті саспаймын. "Жығылсам, жер көтереді" дейді ғой, ал мен жеңілсем — ел көтереді деп ойлаймын.
Мерейің әрқашан үстем болсын, Мэлс. Тағы да жеңіспен оралады деп сенеміз.
11.08.1990 жыл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі