Өлең, жыр, ақындар

ГӘККУ: кітаптан үзінді

“ГАККУ: фрагмент романа” / “GAKKU: the part of the book”

(Ғаламның толық бірыңғай теориясы туралы, О полной единой теории Вселенной)

Әңгіме

Памяти факультета, которого больше нет...

1

Әуелі, сөз — нүкте болды. Уақыт шексіз сығымдалған қара ноқатты қапылыста жарып шықты. The Big Bang, жоқтың бейтаныс жүзіне, шұғыл үлкейіп келе жатқан құйрықты алабөтен дақ салды. Әлем таңғажайып уақиғалар алдында тұрды. Он сегіз мың ғалам күрт үлкейіп, ақыл-ойға сыймайтын, белгісіз, шексіз аласапыран көлемге жетті.

Кейін, сөздің түйіні байланып, шежіре аяқталып, уақиға біткенде, ғарыш қайыра оймақталған нүктеге айналатыны, түзіліп келе жатқан есептің құрамынан көрінді. Бүкіл әлем, шайырдың кітабындағыдай, дән қауызына сыйып кетеді. Тегінде, жалыны сөніп, қызуы қайтып, содан, жылуы таусылған құбылыстың артынан тозаңы бұрқырап күл, әлде қоламта, мүмкін, қозға көмілген шоқ қалады.

Сыңарынан айырылған аққу — сұңқылдап қоштасу әніне салған күйі, зады, екпіндей ұшып шырқау көкке көтеріліп алады да, өзін зау биіктен төмен қарай тастап жібереді. Көк аспанды қақ айырардай төмен құлдилай сорғалап келіп, қара жерге ақ төсімен бар пәрменімен келіп соғылады, сөйтіп, құсадан ба, әлде баянсыз тіршіліктің қайғы-шері, уайымынан ба — әйтеуір, сойы асыл жәндік қапылыста, арманда түпсіз тұңғиық зеңгір көктен құлап өледі. The Universe тынысы аққудың гәкку жырына — ақырғы жан ышқынысына ұқсайды.

Бірде ол, бір нүктеден шыққан әлем қайта айналып сол нүктеге келеді, деді төсекте, шаңыраққа қарап жатқан ойлы, қападар қалпы. Сонымен қатар, аласапыран ғалам ұлғайып бара жатып, тосын қалт тоқтап, кенет — жарылып кетіп, сосын, сөніп, лезде өшіп қалуы да мүмкін. Бірақ, жұлдыздар шоғырын жаратқан адасқақ, жалқы қара ноқат алдында не болды, оны ешкім білмейді, адамзат ақыл-ойы уақыт бастауын таба ала ма, тапса, тануға қарым-қабілеті жете ме, жоқ па, тиянақсыз сауал әлемді шарлап, мүмкін, ғарышты аралап, кезіп жүретіні ертеден, ескі заман, ежелгі дәуірден анық еді. Сәруар бес миллиард жылдан соң, Күн де жылуын сарқып, тұрған биігінен құлайды, деді.

— Ертеде, — дедім мен, — рақат еді, қашан өлетініңді білмейсің, қандай рақат.

— Иә, тамаша. Аристотель, Жер — әлемнің кіндігі, деп түсінді, кітабында

оны қозғалмайтындай етіп, бейнелеп айтқанда, ағаш мәткеге таңып, бар жаратылыстың ортасына байлап тастады.

— Сөйтіп, Птолемейді адастырды.

— Шәкірті Жер шарын өзін қосқанда сегіз сфера қоршап тұр деген

қорытындыға тоқтады, ежелгі грек заманындағы белгілі Меркурий, Венера, Марс, Юпитер, Сатурн және Күн мен Ай төңіректеп айналып жүреді деп ойлады.

— Жоқ, сегізінші жолақ қозғалмайтын жұлдыздар көкжиегі болатын.

— Шіркеудің Птолемей ұстанымын қолдағанын білесің бе?

— Білемін. Ал бүгін ислам Стивен Хокингті қабылдай ала ма?

Сәруар тосылып қалды.

— Мәселе сен өзің Тәңір жараттыға, Құдайға сенесің бе, жоқ, әлде

жаратылысты сомдаған Құдіретке иланбайсың ба, сонда. Нүктеге дейін Кімнің құзыры жүрді, Не бізді тылсымнан басқарды, соған қарай сенің де көңіл-күйің өзгереді. Меніңше, бұл — әр адамның жеке танымындағы қасірет, беймаза толғақ, мына дүние мың құбылады, сен де берекесіз шыр айналып, бүкіл ғарышпен қосыла, дөңгелене жүзіп, қандай мұратқа жол тартып, нендей сапарға аттанғаныңды ешқашан ұға алмайсың.

— Бірақ та, Шіркеу Николай Коперниктің жасырын уағыздаған жүйесіне

қарсы шықты ғой.

— Иә, тентек ойшыл тең ортаға жарқыратып Күнді әкеліп қойды.

Есіңде шығар, Сәруар Күнді шексіз жақсы көретін....

— Иоганн Кеплер мен Галилео Галилей, — деді ол, — Аристотель мен Птолемейдің сөзіне нүкте қойды.

— Сосын Ньютон ойды түйіндеп, ашқан жаңалықтарымен заңдылықтарды бекітті.

— Ньютон өтірік айтты, — деді кенет түсі өзгеріп, — тартылыс күштерін

абайсызда басына құлаған алма ағашының жемісі ашқан жоқ, оларды алдымен, бәрінен бұрын, зеңбіректерден алғаш байқаған Галилео Галилей болатын.

— Десек те, Ньютонның тартылыс күші туралы заңы бір орында

тапжылмай тұрған Әлем түсінігін жоққа шығарады. Алайда, ұлғайып келе жатқан Ғалам туралы ой ешкімнің басына да келген жоқ.

— Иә. Бірақ, Аристотель дүниені Құдай жаратты деген идеяға қарсы

болды, адамзат пен қоршаған орта мәңгілік өмір сүрген және сүре бермек деп есептеді.

— Сосын, тасқындар мен апаттар өркениетті дамудың алғашқы

баспалдақтарына қайта апарып тастайды, кері шегіндіреді деген тұжырымға келді.

— Ал, пәлсапашы Иммануил Кант 1781 жылғы “Анық ақыл-ой сыны”

атты еңбегінде Бүкіл Әлем белгілі бір кезде пайда болды ма және кеңістікте шегі бар ма деген сауалдарды шешілмейтін қайшылықтар — антиномияларға жатқызды. Яғни, белгілі бір уақытта өз бетімен жаралды, не қолдан жасалды, жоқ, Ғалам — мәңгілік, деген сауалдарға ақыл-ой жауап бере алмайтынын қадап айтты.

Ол бірде Алапат Жарылысқа дейін, яғни Сені көрген аласапыран сәтке

дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Дегенмен, 1929 жылы Эдвин Хаббл көк жүзіне қай жақтан — қай тұсына қарасаң да, барлық жер мойны қашық галлактикалар бізден суыт алыстап, ұзап бара жатқанын ашты, сондықтан мен Інжуіме қаншалықты ғашық болсам да, оның құшағымнан сытылып шығып, құтыла сала, дедектей қашып, дүрбімен қарағандағы шалғай жұлдыздардай қара ноқаттанып, кішірейіп, суып бара жатқанын аңғарамын, деп қалды, дүниеде бүкіл зат, бар құбылыс, түгел жан бір-бірінен түбінде, бәрібір, тегіс ажырайды.

Қандай кесім туралы айтып отыр, тағдырдың сыйы ма, жазасы ма, оны тек Құдай ғана біледі емес пе: кез келген пікір тұрақты заңға айналмас бұрын, дәлелсіз болғандықтан, әуелі болжам күйінде, жорамал қалпында өмір сүреді.

2.

Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің. Ол уақыт кешіп, түнгі бар-ресторандардан бақытын іздеп жүріп, аяқастынан көзден ғайып болды. Ізденіс оны үлкен ғимаратты тонауға алып келді. Үкідей желкілдеп, гүлдей құлпырып, алтындай жарқырап алдымыздан Сен көрінгенде, мүмкін, асыл жанды беймезгіл уақыт шайтан түртті. Есімде, ол Алматы шаһарын қатты сүйді. Сондықтан, оның басқа қалаға біржола көшіп кеткеніне аса сене қоймаймын, Сәруар Алматыда жүр, алайда, неге екені белгісіз, екеуімізбен хабарласпайды. Меніңше, бекзат ұл, жігіттің сұлтаны арамыздан бақытын таппай кетті. Бірақ, Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің.

Тастақ көшелерде серуен құрып, жалғыздыққа ұрынған, қамырық құшағында адасып жүрген біз шалқалап жоғары, көк жүзіне телміріп қараймыз. Аспанда, тым биікте әуелеп алты аққу тізіліп ұшып барады. Ұшқан аққулар соңынан із қалады. Рас, іздеген адам, қашанда, жоғалтып алған өмір ізін беймаза жүрегінен табады.

Кенет, автомобиль тоқтап, салон есігі ашылды, сосын машина орнынан баяу қозғалды. Өзегімді күйініш — өкініш күйігі, ғашықтық дерті жарды. Түсінбеймін, Інжу, достығымыз жарасқан кезде, көңілді бұзып, көкіректі өртеп Сен қайдан келдің, алғаш көргенде, екеуіміздің де ойымызға үрей түнеді. Қай жақтан қылаң бердің, сүмбіл шаш, жазық маңдай, пісте мұрын, оймақ ауыз, алма мойын, лұһлу иек, қаз омырау — жан қалқа. Сәруар бұлыңғырланып кенет туған қайғыдан ақырындап біздің мөлдір сағынышымызға айналды. Дүниеде тыныштықтың абсолюттік эталоны жоқ. Сондықтан, екі түрлі уақытта жүрген қос уақиға кеңістіктің бір жерінде өтті ме, жоқ па, оны ешқашан біле алмайсың.

Содан кейін, араға бір-екі жыл тастап, Сәруар ұшты-күйлі жоғалды. Бірақ, Інжу, Сен, тек Сен ғана Сәруардың қайда екенін білесің. Ол бірде Алапат Жарылысқа дейін, яғни Сені көрген аласапыран сәтке дейін уақыттың ешқандай мағынасы жоқ болатын, деді. Неге Сәруар соншалықты жазмышына өштесті — әлі күнге шейін түсіне алар емеспін.

Бағыт-бағдарынан адасқан Сәруар қол созым жерде, мүмкін, елсіз далада, қадау-қадау орнатылған, желі байланған тоқ бағаналарындай күңіреніп, жалғыздық көкірегін қарс айырып, содан соң, зады, таңның атысы, кештің батысы саяқ жүрген қадірлі дос, расында, кейбір сәт қамырықтан шаршайтын сияқты көрінеді. Күбірлеп есімін атасам, дәл іргемнен әдемі қоңыр дауысы күңгір-күңгір жаңғырығып сөйлеп шыға келетін тәрізді көрінеді. Ол қараңғы түндерде екеуіміздің тіл қатқан үнімізді күтіп, елегізіп ұйықтай алмай, мазасызданып, торығып, тоқырап жүрген секілді көрінеді.

Қазіргі шақта Ғаламды нақ бейнелеп, сандық өрнекте анық кейіптеген, дербес, егіз есеп-қисап — қос таным бар екені белгілі: салыстырмалы жалпылама теория мен таңғажайып кванттық механика. Екеуі де, тегінде, биік өре, терең ақыл-ой, асқақ зияткерлік көрінісі.

Әуелгі теория — сандық өрнекте, гравитациялық қарым-қатынас пен әлемнің ірі масштабты құрылымын мейлінше дәл бейнелеп, шексіз кеңістіктер ғұмыр кешетін қажетті шартты нақ тауып, қарапайым да күрделі теңдеуін әсем құрастырған, піл сауырлы қара Жердің өзіндей алып тұжырымдама. Бірақ, бұл таным-түсініктің шамасы — ғарыштың адам қарым-қабілеті бақылап-қадағалай алатын бөлігін ғана — түсіндіруге жетеді. Алайда, есебін ықшамдап, санын дөңгелетіп, ортақ мәнге келтіріп, ұғымын жеңілдетіп көрсек: бірнеше километрден бастап, жиырма нөлдің басын құраған бірлік аралығындағы кеңістікті қамтиды.

Кванттық механика пәні — сантиметрдің миллиондық бөлігін ұсақтап тағы бөлгенде, бүтін сарқыты, тең жартының бірін зерттейтін, тегі, көлемі шағын, десек те, терең өлшемді, жалпы, танымы жүйрік ғылыми-категориялық жүйе. Өкінішке қарай, ғаламат шексіздіктің өзара тіл табыса алмаған сыңарын, жұпсыз, парсыз екі тарабын танып, сырын ашуға, жұмбағын шешіп, сандық өрнегін формулада түзуге, қадір-қасиеттерін айшықтап кейіптеуге талпынған ниеттің ешқандай болашағы жоқ, себебі, екеуін қосып, біріктіріп қарастырғанда, бір уақыт өлшемінде, теңдеулер, неге екені белгісіз, қалыптасқан жалпы физикалық заңдылықтардан жаңылысады.

Ізденістердің мақсаты — өрнек құрғанда, екі тараптың қарама-қарсылығын, керісінше, тоқайластырып, қайшылығын жойып, табиғатынан ортақ негіз, жарастық, сәйкестік тауып, сөйтіп, гравитацияның квантық теориясын қалыптастыру еді. Егер біз Бүкіл Әлем кездейсоқ емес, белгілі бір заңдылықтан жаралып, қалыптасып, дамып келеді десек, онда өз алдына дербес қос теорияны Бүкіл Әлемдегі бар құбылысты тұтас қамтып, бірдей сипаттай алатын толық бірыңғай теорияға біріктіруімізге мүмкіндік туады. Бірақ, жасампаз, ізгі ойларымыз, өкінішке қарай, бір күрделі һәм ұлы кедергіге тіреліп тұр: егер бірыңғай теория, шынымен, бар болса, сонымен қатар, біздің бақылауларымызға, мүмкін, іс-әрекеттерімізге оң немесе теріс әсер ететін құбылыс болса, онда, кешіріңіз, қалайша біз, тегінде, бірыңғай теорияның аясында, бүтін жартысы, толықтың бөлігі бола тұрып, төл зерттеулеріміздің нәтижесін оның нақ өзінен таба аламыз. Қалайша бұл теория, біздің объектіміз, тегінде, субъектіге айналып, өзіміз жайындағы танымдық ізденістеріміздің түйінін шешіп, қорытындысын шығарады.

Иә, қайтіп, алдын ала біздің табысқа жететінімізге оң жағдай туғыза алады. Тап сондай іс-әрекет неліктен бізді жалған пассаж, кешенді қателік, жиынтық теріс санға әкеп соқтырмайды. Тіпті, ешқандай мұратқа жете алмауымыз да мүмкін емес пе. Десек те, ұзақ жүрген табиғи іріктелу, сұрыпталу барысында, піл сауырлы қара Жер бетіне кең тараған мақұлықтар ішінде ақыл-ой иесі, кемел зият, биік өре, дамыған санасы бар сұңғыла жаратылыс тек адам ғана деген жасық алданыш, әлсіз үміт, Құдайға тәубе, көксеген арманымызға жетелейтін бірде нық сенім, бірде екіұдай көңіл тәрізді көрінеді. Алайда, Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын табу жолындағы ізденіс біздің құрып кетпеуімізге ешқандай кепіл бола алмайды. Яғни, іздеп жүрген теориямыздың қорғансыз тіршілік, таңғажайып жарық дүниеге ешқандай қатысы жоқ. Әу бастағы мұрат пенде ризығын тауып, бұйрығын күткен ғұмырындағы күрделі түсінік мәселесі, Бүкіл Әлемді толық сипаттап шығу ғана болатын.

Сондықтан, таулы қырат, тасты жота сілемінен көз жазып, жалғыз аяқ сүрлеуінен тосын адасқан ескі дос елін тауып, үйіне қайта айналып соқса да, ошақ қасынан ана, от басынан сүйген жар көрмейді, шаңырағына қайғы қаптайды, себебі, тарқамайтын қуаныш, таусылмайтын қызық жоқ, дүниежарықтың кемдігі айтылған киіз кітаптар уақыт сана түсінігі екенін растайды. Шынымен, арман-тілегіміз орындалып, ойымыз жүзеге аса қалған жағдайда, уақыттың бізге керегі шамалы.

Оның теңдігіне үміт артқан есебі теріс боп шықты. Бүкіл Әлемнің толық бірыңғай теориясын адамзат ақыл-ойы таба ала ма, Інжу, білмеймін. Меніңше, адам бақыты осы ізденістердің нәтижесіне байланысты сияқты көрінеді, біз, қалай десек те, адамзаттың тағдыр-талайы кімнің, ненің қолында екенін білетін боламыз: бақытты іздеуіміз керек пе, жоқ па, мүмкін, қажет те емес шығар, біздің еңбегіміз еш, тұзымыз сор, күш-қайратымыз рәсуа болып кетпей ме, оны бір Құдайға тапсырдық.

Қазір аяулы жан, абыз тұлғаның жаңа өсиетін бәрі ұмытты. Ел есінде, тіпті, Сәруардың өзі бар ма десеңізші, кейде, неге екені белгісіз, көз алдыма оның ғұмыр кешкен жылдары тізіліп келе қалады, бірақ, ол дүние салды, қаза тапты деген суық хабарды естіген емеспіз, аман-есен, тірі жүр деген сөз де құлаққа шалынған жоқ. Біз Сәруарды ешқашан іздеп таппайтын да шығармыз... қара құрдымға түсіп кеткендей із-түссіз, ізім-қайым жоғалды. Көрінбейтін қара материяның ауыр салмағы жас аспан денелерін өзіне күшпен тартып, жолынан қалдырып, мұратынан адастырғанда, Сәруарды табу мүмкін еместігін анық, нақтылы түсінеміз.

Задында, Ғаламның толық бірыңғай теориясын бейнелейтін есепті аңсап шарқ ұрған адам баласы оны ешқашан таба алмайды, себебі дүниеде мұндай әмбебап формула жоқ.

Алматы, 2007-2017 жылдар


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер