Алланың нұры жауған, көңілді елжіреткен күн туды. Дала мен орман көгорай — көкке оранды. Тау мен тау жағасы баурайында, бұта ағаштар, тас дуалдарда, бұлбұл құстар ән көңілге хош шырқайды. Тау мен жота баурайында, бұта ағаштар, тас дуалдар арасында, хош иісті жайылымды алқаптарда гүлдер түрлі-түстерде жайқалып, жер беті әр түрлі бояуға бөленіп, ашық аспан салтанат құрып жарқырай түскен.
Нобель-патша ақ сарайына уәзірлерін, би-сұлтандарын, бар жақсыларын тездетіп жиып алдырды. Қарасты болған өлкелер мен алыс жерлерден көптеп белгілі атақтылар келуде: Лютке-тырна мен Макарт — бәрі де әр рудың атқа-мінерлері.
Патша ағзам ақсүйек сұлтандарымен біргелесіп бүгінде ақсарай билігін кеңейтуді мақсат тұтты. Патша бір де жанды, үлкенді де, кішіні де қалдырмауды, бәрінің де алдына келуін бұйырды. Дегенмен де... біреу келмей қалды: Рейнеке-түлкі, қу айлакер!
Көп тірліктерді аңдамай бүлдіріп, ақсарайдан ол бойын аулақ ұстайтын болды.
Күннің жарығынан қорқатын түннің ұятындай, дәп солай түлкі де сарай қызметкерлері ортасынан қашатын. Ардан безген айлакердің үстінен жазған арыздардың санына — жетпес бәрінің де. Тек қана сарышұнақ пен борсықты ренжіткен емес, ал сарышұнақ болса оның — жиені. Алғашқы арызын Изегрим-қасқыр айтты. Алыс-жақындағы туыстары, қолдаушылары мен достары қоршап, патша алдында айыптау сөзін ол былайша қозғады: «Аса құрметті патша ағзам! Сөзіме құлақ салсаңыз! Сіз мейірбан, ұлы да, ақылдысыз, барша жанға сіз әділ шешім мен рақымшылдық сыйлайсыз. Менің Рейнеке-түлкіден көрген басыма түскен үлкен қорлықты есітіп-тыңдап, қайғыма ортақ болуыңызды өтініп сұранамын! Бәрінен де бұрын, менің арыздануымның себебі, оның бірнеше рет менің әйелімді балағаттап абыройын төккені, балаларымды майып еткені: Ей, көргенсіз алдамшы жарымес, түкке жарымайтын күйдіргі, — үш жан осыдан көр соқыр болып қалып, жәбір шегіп, қорлануда! Рас, осындай жүгенсіздік жағдайлар бұрыннан да айтылып келген, керек десеңіз бұндай дау-дамайды шешетін күн де кесіліп қойған-ды. Алаяқ та әділ қазы алдында жауап беруге даяр еді, бірақ та айнып қалып, өз ұясына тезірек жасырынып қалуды жөн санады. Бұл жағдайды, тіпті менің жанымда тұрғандардың бәрі де біледі. Уа бас ием! Егер де тілім күрмелмегенде бұл жексұрыннан көрген қияншылықтардың бәрін де мен күндіз-түні бойы, апталап айтар едім. Егер де оңбағанның жасаған қылмыстарын данышпан оймен бар кенеп матаны суреттеп қолжазбаға жазып айналдырса да, сонда да оған да симас еді! Дегенмен де әңгіме онда да емес, әйелімнің бейәбүйір болғаны — сол менің жүрегімді сыздатуда! Не де болса, болсын енді — мен кек аламын!»
Тек Изегримнің сөзінің рухы төмен болды, Векарлос есімді, қалайша оның көп нәрседен айырылғанын, тек қана оның бұталар арасына тығып қойған бір ғана кесек шұжық етінің қалғанын, Рейнекенің оны да тартып алғанын жылағандай болып айтты!..
Кенеттен атып шығып Генце-мысық діріл қағып сөйледі: «Баршамызды билеген, бас ием! Қайсы бір антұрған оңбаған батылдық жасап патшаға қарсы шығар дейсің! Осында жиналыста отырғандардың — үлкені де, кішісі де — бәрі де сізден де гөрі мына жауыздан көбірек қорқатынын, сізді нық сеніммен сендіріп айта аламын!
Ал, иттің арызы болса — ақымақтық болды: Шұжық етінің тарихына көп жыл болған, шұжық еті о бастан менікі болатын! Ол кезде бұл істі қозғамаған да едім. Бір күні мен аң аулауға жолға шықтым. Қараңғы түн. Бір кезде — алдымнан диірмен кездесті. Қалайша оны көрместен өте кетем? Үй иесі ұйқыда жатқан. Абайлап келіп шұжық етін қолды қылдым — мойындаймын. Дегенмен де туралығына келгенде бұл істе — иттің, менің еңбегім бар болатын...»
Барыс айқайға басып: «Пәтуәсіз әңгімелер мен артық арыздардан не пайда! Онымен тірлік бітпес! Жетер енді! Қастандық — көрініп ақ тұр. Мен ашықтан ашық растаймын! Рейнеке — айтулы ұры, қарақшы! Ия, біздер оның небір сұрқия сорақылықтарға баратынын да бәріміз де білеміз. Керек десеңіздер, ақсүйектер, бекзаттар біздер де, ұлы патшамыздың өзі де бар қадір-қасиеттерімізден айырылып жұрдай болдық, — ал оның бар мақсаты, біздерді мұртына да қыстырмастан, майлы жерден, не болса, бір кесекті жұлып алып қалу. Менің сіздерге қосып айтарым, мына оңбаған, Лямпа қоянның үстінен кеше ғана не істемегенің білсеңіздер. Ол, біздің бейшара қоянымыз осында отыр. Түлкі өзін адал, қайырымды жандай көрсетіп, қоянға бар айласын тамызып, ақыл-ой, парасатын асыра үйретпекші болғанын қараңыздаршы.
Екеуі бір-біріне қарама қарсы отырып — «ұстаздығын» бастаған болатын. Рейнеке қашпастан бұрынғы ескі әдетіне салды. Тақсыр патшам, Сіздің бар ішкі саясат заңдылықтарыңызды бұзып, мына антұрған, бейшара қоян — Ұзынқұлақ байғұсты ұстап алып, адал жанды аяусыз тырнап жұлумен болды. Мен бір күні абайсызда көшеден өтіп бара жатып, екі адамның біргелесіп айтқан сазды өлең дауыстарын естідім. Бір кезде кенеттен өлең дауысы мүлдем өшіп қалды.
Егер де мен, бейшара қоянның бақытына орай, сол жолмен жүрмегенде, түлкі оны өлтіріп, жеп те қояр ма еді. Міне, Ұзынқұлақтың өзі де отыр. Оның бар денесінің жарақат алғанын, жөндеп байқап, қараңдаршы, бейшараға қарап тұрып жаның ашиды.
Егер де, бас иеміз — патшамыз, амалсыздан көнген болса қайтеміз. Сіздер ақсүйектердің, сұлтан-бектердің бейбітшілік жолындағы биік те, бүйік ұстанған ұстанымдарын ұры, қарақшы сыйлап, қадірлемесе, — не дейміз!.. Ондай болса ұлы патшамыз да, оның болашақ ұрпақтары да шындық пен тура заңды бұрмалаған, қызғанышпен кінәлаған өтірік сөздерін өмір бойы тыңдаумен өтер.
Игерим және де араласып: «Өкінішке, дәл солай болар! Рейнекеден жақсылық күтуге болмас. Тек енді одан өлгенде ғана құтылармыз! Сонда ғана бәріміз тыныштық табар едік! Егер де бүгінде де оның істеген істері қолдау табар болса, онда оның біздерді қараптан-қарап тұрып, бәрімізді де болашақта сазға отырғызып кетпеуіне бұған кәне кім кепілдік бере алмақ!..
Бұл жерге келгенде Рейнекенің жиені, борсық сөз алады. Күйіп-пісіп отырған нағашысын, ол еш ұялмастан, қорғаштай бастады: «Ия, құрметті Изегрим, ескіден қалған ұлағатты сөз бар: «Жаудың тілі — өсек деген», Нағашыма қарсы айтылған сіздің сөзіңіз де, сөз жоқ. Мұның бәрі де, бос сөздер. Егер де ол да сіздердей, патша сарайында отырғанда, сіздер де оны, өз айтқан сөздеріңізге пұшәйман жейтін едіңіздер, сөйлеген сөздеріңізден тым алшақ, артық кеттіңіздер. Ал, өздеріңіздің менің нағашыма жасаған жат істеріңізді жасырып қалып қалмастан неге айтпайсыздар? Дегенмен де, қалайша сіздердің бір-біріңізге ант етіп, сөз беріп, бір-біріңізге айнымастай дос болғандарыңызды, көпшілік жұрт бәрін де біледі. Ендеше, онда тыңдаңыздар: Нағашым қыстың бір күні, сіздердің көмектеріңізбен, бір өлім жазасынан аман қалған болатын. Шана толған балық келе жатты. Сіздер балықты көріп, қайткенде балықтарды алсақ екен деп әсіре кеп қызығып, шананың соңына түсіп аңди бастадыңыздар. Сатып алуға қаражат жоқ, жетіспеді. Сіздер менің нағашымды көмбесіне көндіріп, өлгендей етіп, жол бойына жатқыздыңыздар. Қандай батыл шешім, жарайсыңдар! Қараңдаршы енді, балыққа деген қызығушылық немен біткенін: Жолда жатқан менің нағашымды шананы жүргізуші түртіп байқап көріп, нағашым ешбір сыр берместен, өлген болып жатты, дем алмастан, — сұлық болып қимылсыз. Шана жүргізуші шанасына салып алып, терісін ішік етіп аламын енді деп қуанды. Нағашым менің, достары үшін өз жанын да аямастан осындай ауыр іске де ұрынды!.. Шана жүйткіп келеді, ал Рейнеке болса әстін әсті балықтарды бір-бірлеп жолшыбай тастауменен болды. Изегерім, жасырынып арттарынан еріп, жолда жатқан балықтарды жинап қапқа салумен келеді. Нағашым, шанадағы серуенінен бір кездері жалығып: Шанадан секіріп түсіп, өзіне тиесілі балығынан алмақшы болады. Изгерим болса жерге түскен бар балықты, бірін де қалдырмастан жиып алған еді.
Тойымсыз болған ол — бар балықты жеп қойып, жарылуға сәл қалған еді. Досы жесін енді дегендей қуанып — тек қана сүйектерін қалдырған болатын... Жасырмастан және де бір жасаған қиянат қулықтарыңды айтайын: Бір шаруа қожалығының қорасында қақталып, ілулі тұрған шошқа етінің тұрған жерін Рейнеке ғана көріп білген тұғын. Ол туралы ол қасқырға айтып, екеуі бір-бірімен теңдей бөлісуге де, бар қиындықтарға да бастарын тігіп, келісіп, етті іздеп барған еді.
Дұрысын айтсақ, бар еңбек те, қиындықтар тек нағашымның басына ғана түскен еді: Ол байғұс қанша қиналып, терлеп-тепшіп, әрең дегенде терезеден түсіп, етті алып шығып қасқырға дайын алып берді. Өкінішке орай, ауылдың иттері айнала қаптап үріп, нағашымды қоршап үйде ұстап алмақ болады. Бар денесі жараланып, қанға боялып, әрең дегенде қашып құтылады. Қасқырға жетіп алып, көрген азап-қорлығын айтып, өз тиелісін беруді талап етіп сұранады. Сонда қасқыр: «Сенің тиесілі етіңді алып қойдым. Соны қабылдап алуға дайын болғын, достым. Бәрін де қалдырмастан тойып жегін. Ал майлы етті жегенде — саусағыңды да жалап қоярсың!» — дейді.
Қасқыр тығып қойған бөлекті — тек қана шошқа етінен құр сүлдесі қалған сүйекті әкеліп көрсетті. Сол бір балбыраған шошқа етінен ештеңе де қалмаған: Оңбаған! Мешкей қасқыр, түгін де қалдырмастан жеп қойыпты. Рейнеке сөз таппастан қатты ашуланды. Не ойда болды дейсіз — өздеріңіз де білесіздер... Уа, патшам, бас ием, осындай қасқырдың түлкі нағашыма жасаған тірліктерін есепке алсаңыз оның саны жүзден асар. Бірақ та... мен ол жөнінде айтпай ақ қояйын. Рейнеке, өзін-өзі қорғап алар. Дегенмен де, тақсыр патшам, әділеттің бәрімізді аялап қорғаушысымыз, тек мен ғана сізге баяндап отырмын: Изегримнің сөзінен естіген боларсыздар, өзіне қарасты болған қасқырды, өмірлік досын да ешбір күдіктенбестен, аяусыз қорлағанын! Сіздер жақсы білесіздер, жеті-сегіз жылдан бері менің нағашымның бар шын жүрегімен Гримунд-қасқырдың әйелін қолдап қорғап келгенін. Бұл оқиға түнгі ойын кешінде болған болатын. Менің естіп білуімше, Изегримнің өзі де, ол жерде болмаған. Нағашымның шын ниетін қасқырдың әйелі жақсы түсіністікпен қабыл алған. Сіздерге енді не айту керек? Одан ешбір арыз түспесе? Ден басы аман, сау-саламат! Не үшін ол жанжал ұрысты шығарып отыр? Ар жағында ақыл-санасы болса егер, тыныш отырар еді: өзін-өзі масқара етпестен... Борсық сөзін, — қоян туралы ертегісімен жалғастырды! Бостан бос айтылған өсектер!
Зейін қойып оқымаған, жалқау оқушыларды қатаң жазалаған ұстаздың не ойы бар?
Балалардың бұзықтығы мен ерке тентектігін жазалмастан күнде кешірсек, айтыңыздаршы, қалайша онда жастарды біз тәрбиелемекпіз?... Вакерлос та жылапты: қысты күні жоғалтып ол шұжық етін! Жайлап қана жоқтаса болмас па еді жоғалтқанын! Естідіңіздер ғой, шұжық етттің ұрланғанын. Кім қалайша байып қалды, сол заматтан айырылды бәрінен де!... Кім менің нағашымды айыпты етер, егер де ұрланған затты ол ұрыдан тартып алған болса? Расында да бақуат-бай, келмегендерден сұраныс та қатал болса артық болмас еді — ұрыларда да өзгеше қорқыныш, үрей туар еді. Ұрыны ұстап алып дарға асқанында, нағашымды кешірер ме еді! Бірақ та ол ақсүйек, шонжарларды қолдап, өзіне-өзі құрық салды, өлім жазасына кесу енді — патша ағзамымыздың құзырында.
Ох, қаншалықты әділдік жолында туралықпен белсеніп, бұзықтармен күнде күрескеніменен, сонда да болса менің нағашыма жақсы сөздер бұйырмаған. Патша ағзамның бейбітшілік туралы заңнамасы шыққан күннен, айтыңыздаршы, онан қайсы бірің артық болдың? Өмір жолын ол түпкілікті өзгертіп: ол күніне бір мезгіл ғана тамақ жеп, өзгелерден өзгеше өмір сүрген, денесіне жабыстырып, жапсырып үрпек жүнін, ауызына алып татпастан құстың не үй жануарларының етін мүлдем көптен бері, — үйінде болғанымда кеше ғана айтып еді ол маған. Өзгелерге шағын жайы-қыстағын қалдырып, жар жағасына үй салуға кірісіпті. Бар жетіспеушілік, қиындықтарды бастан кешіп, бүгінде сұп-сұр болып азып-тозып кеткен. Өздеріңіз де оның соншама шыдамдылығын көрсеңіздер — қайран, таң қаларсыздар.
Сіздердің оны жерден алып жерге салғандарыңыздан оған не пайда келер дейсіздер?
Егер де өзі осында келіп ақталғанда, бәріңізді де ұялтар еді...»
Гримбарт қана сөз қатпастан, бәрін де ойландырып, Геннинг-қораз, жанында үймелеп жүрген туыстарымен алға шықты.
Басы, мойыны жоқ тауықтың бір денесін, қара табытқа салып, бірге алып келді. Оның есімі Желаяқ деген, ең озық жұмыртқа туғыш тауық болатын. Ox, оның қанын судай ағызған Рейнеке оңбаған!
Патша ағзамның көзі жетсін!... Ақ пейілді қораз байғұс, қайғы-қасірет жамылған, патша тақсырының алдында тұр. Артынан екі қораз да қайғылы күйде еріп келеді, түрлері мұңлы олардың да. Біріншісінің есімі — Кукареку еді — ең мықты қораз болып саналатын. Нидерланды жерінен бастап Франция елінде де оған теңдес табылмаған. Оның жанындағысының есімі Сыңғыр әнші атанған, батыр денелі жас болатын. Екеуі де қолдарына шырақ ұстаған. Дүниеден өткен жанның жақын ағайын туыстары еді. Олар өлтірген жанды қорғап сілеуде. Табытты ұстаған екі жас қораздардың жылаған жан айқайлары да алыстан құлақ жарардай естілуде.
Геннинг сөзге келіп: «Біз де қайтпас қайғыға душар болып, қатты қайғырудамыз. Аса қадірменді патшамыз, біздің қорғаушымыз. Біздің және бала-шағамыздың қайғы-мұңымызды тыңдасаңыз! Бұл зұлымдықты — Рейнеке-түлкі жасаған! Жапырақтар жайқалып, көкорайлар гүлге оранып, қуанышты біздерге хабар берген қыс та өтті. Мен өмірдің шексіз қуанышына бөленіп, бейқам өмір сүрген, — қандай бақытты жан едім! Архан-дархан, мықты он ұл, он төрт қыздарды бірден, бір ғана жазда, әйелім менің өсірген болатын. Жастайынан өздерінің күндізгі нанын тауып, өздеріне өздері оңаша орынын тауып, бәрі де күшті болып өсті.
Біздің тұрған ортамыз имандылық орнаған, бай жер: дуалдары мықты, үйімізді ұйқтамастан күзететін алты үлкен итіміз бар. Балаларымды өте сүйіп, мұқият қарап қорғайтұғын.
Біздің жанұямыздың бейбіт, бақытты өмір сүргені, арам ойлы Рейнеке ұрыға жақпай қалды.
Оның дуалды жағалап арсалақтап анда-мұнда жүргенін сезіп, түнімен есікте қарауылдап байқап иттер, оны қуумен әлек болған.
Бір күні оны ұрлық үстінде ұстап алып, терісін басына қаптаған еді! Зорға дегенде қашып құтылып, біздерге де көпке дейін тыныштық орнап еді... Жалғасын, енді тыңдаңыздар.
Көп ұзамастан, қолында түрлі түспен жазылған мөр басылған бұйрық хаты бар, келіп тұр. Байқап қарасам — бұрыштамасына басылған сіздің мөр тұр. Бұйрықты оқысам — онда анық жазылыпты: Жер бетіндегі барлық айуандар мен құстарға үндеу жариялапсыз!.. Түлкі маған қарап, өзінің тәртіпті, тақуа болғанын, кейбір өткен істеріне өкінішпен қарайтынын, өзінің жіберген қателіктерін жуатынына ант еткенін. Бұдан былай ешкім де онан қорықпайтын болсын: Ендігі күнде етті мүлдем жемеуге ол серт берді! — деп жазыпсыз.
Қарғабауын да, белбеуін де маған ұстатты; Тәлімгері берген куәлігін де ол маған көрсетті; ешбір де күмән болмау үшін, ақырында қоштасарында маған қарға бауының астындағы құжатын көрсетіп: «Құдайым, сендерге денсаулық берсін! Алға қойған жұмыстарым менде аз емес: «Сест» және «Нонаны», «Восперді» де бірге қосып оқып білуім керек.
Күні бойы имандылыққа құлшылық жасағанмен, арам ойда болып, біздерге өлім тілеген...
Мен, қуанышым қойныма сыймай, сіздің қуанышты жарлығыңызды хабар беруге — жанұяма айтуға асықтым. Отбасымның қуаныштарында шек болмады! Рейнеке иманына келсе, онда біздерге ешбір уайым, қорқыныш жоқ болатын болды енді... Өмірімде мен бірінші рет балапандарыммен имандылық үйінен, дуал сыртына шықтым. Біздердің қуанышымызда шек болмады! Бұл қуанышымыз біздерге, қайғы боп қайтқан еді! Бұта арасынан дұшпан түлкі бізді орап өтіп, есік алдына келіп, жолымызды жауып қойды. Ең сүйкімді баламызды ұстап алып кетті, оңбаған! Біздерге құтылар жай да қалмады! Қарауыл да, иттер де біздерді енді күндіз де, түнде де қас жаудан құтқара алмады. Сөйтіп ол менің бар балаларымды тасып бітті: Жиырма балапандарымнан, бесеуі ғана қалды. Қалғандарын ол бауыздап тастады!... Біздің қайғымызға ортақ болыңыз! Кеше, қарақшы менің қызымды буындырып өлтірді! Иттер оның өлі денесін ғана тауып келді. Міне, оның өлі денесі! Сіздің айтқан әділ шешіміңізді естісек!..»
Ұлы патша тіл қатты: «Гримбарт, жақындап келіп қараңыз: өстіп аңдып сендердің дуаналарың, өзінің айыбын жуған ба? Бір жыл жасап тұрсам егер, ол өзінің дүниеде жасағанына риза болмас! Құр сөзден не пайда! Аяулым Геннинг, мені мұқият тыңдағын: Дүниеден өткен сіздің қызыңызға ешбір енді бөгет болмас — оған арнап «қайырласу» айтылар, құрметпен ақырғы сапарға да аттанар, сонан кейін біздер ақсүйек, билермен келісіп жанкештіге үкім шығарармыз...»
Сөй деді де «Қайырласу» қайғылы өлеңін оқуды бұйырды. «Бәрі де құдайдың қалауымен болар» — деген бастауымен әншілер әннің соңына дейін жырлап өтті. Мен бәріңді де дұрыс әндетіп, дұрыс жолға салар едім, тек уақыт деген тап боп тұр. Қажет те болмай тұрғаны...
Өлікті жерлеп, мазардың басына айнадай безендірілген, қалың көлемді, салмақты мәрмәр, әсем тас қойылды.
Ірі, анық әріппен ойып мына сөздер жазылды: «Бұл жерде Желаяқ жерленген. Геннингтің қызы. Тауықтар ішіндегі ең жұмыртқа туғыш және де жерді зор қазғыш болатын. Ол бұл жерде, Рейнеке-түлкі жанкештінің қолынан өлтірілгендіктен жатыр, барша жандар оның жауыз, зұлым екенін білсін! Күнәсіз жанға жылап-сықтаңыздар!» Дәл осындай мағынада жазылған болатын.
Күндердің бір күнінде патша ағзам бар ақылшы, ойшыларын кеңеске шақырады, өткендегі қылмыс жасағанға тиісті жазасын беріп, біргелесіп шешім қабылдау үшін, өзі мен ақсүйектер, билер куә болған істі қарамақ оймен, осы мәселе бойынша, қарақшыны тездетіп патша сарайына жеткізуге артынан қуғыншы жібереді, патша, ақсүйектер, билер бас қосқан жақын күнде болатын сот кеңесіне қайда болса да тауып алдарына әкелуді бұйырды. Сұлтан-аю қуғыншыларды басқарды. Патша сұлтанды жауапты жұмысқа шығарып салып тұрып: «Мен сенің әміршің ретінде айтарым: Бұл тірлікте жігерлі болуыңды, әсіресе — абай болғын! Рейнеке небір айлакерлікке баратын қу, залым, айлакер: Ол өзіне өзі сенген қу, жағымпаз, алдамшы, имансыз жан». — «Алаң болмаңыз! Кәнеки ол мені аз да болса алдап көрсін, — Сізге сөз берем: Алла алдында ант етемін, егер де мен оны ешкімді де танымастай етіп, жанын шығарып көзіне келтірмесем, құдай менің жазамды берсін!..»
Екінші өлең.
Сұлтан бегім өзіне мықты сенімменен алыс тауларды бағыттап жолға шықты. Барар жолы алыс та, кең шөл дала, құм болатын. Сол ұзақ жолды кесіп өтіп, Рейнеке қу сұм жасайтын тау жағасына келіп жетті. Осыдан бір күн бұрын ол тамаша ойын сауық құрған еді. Молепартусқа, түлкілер жасайтын таңғажайып жайға, аю іздеп барды. Бұл аймақтағы бар қорғандардан ең мықтысы Малепортус болатын.
Қиын-қыстау кезеңдерде, Рейнеке осында жасырынып жан сақтайтын. Сұлтан қорған алдына келсе — есік тас жабық екен. Аю артқа қарай кеткендей болып, жерді екі-үш қайтара теуіп, есік алдына қайта келіп, дауыстап: «Мырза, жиен, үйдесіз бе? Сіздің алдыңызға келіп тұрған патша ағзамның сот орындаушысы Сұлтан аюмын. Сіздің жоғарғы сот алдында өз еркіңізбен жауап беруіңізді ұлы патшамыз бұйырып отыр, маған сізді сонда жеткізу тапсырылған: Сіздің айыпты не айыпсыз екендігіңізді сот шешеді. Жүріңіз — болмаса өміріңізбен қоштасасыз! Есіңізде болсын: берілмесеңіз сізді дарға асу, не болмаса диірменге салып өлтіру күтіп тұр. Қалау өзіңде! Жамандыққа бармастан, онан да менің айтқанымды істегін!»
Бар айтылған сөздердің бірін қалдырмастан Рейнеке өте жақсы есітіп жатты. Өзі болса күтіп жатып, ойға батты: «Тентектің осындай жасаған ақымақтығына қанеки жақсылап жауабын берсем енді! Не де болса бір жолын ойлап табу керек!»
Үйдің ең төрдегі түпкі бөлмесіне ол еніп кетті. Бұл қорған ір түрлі жағдайларға есептеліп салынған еді: Бұл бөлмеде жер астында қазылған, керек кезде қалаған есіктері лезде жабылар ондаған үңгүр, тесік, ұзынды-қысқалы жолдар болатын. Егер де қуғын-ізденістер бола қалған жағдайда, — қорған алаяқ үшін сенімді орны болатын. Кейде байқаусызда кей жануарлар да осы шұңқыр, үңгірлерге түсіп, қамалып, амалсыздан түлкі-қарақшының жемтігі болатын!
Рейнеке аюдың сөзін естігенмен, ол сұмпайыға онымен еріп келген қарулы әскері бар ма деп сенбеді. Аюдың жалғыз келгенін кейін біліп, қу сөйледі сыртқа шығып: «Саламатсың ба! Діріл қаққан менің Сұлтан нағашым! Кешкі намазымды оқимын деп, сізді күттіріп қойғаныма кешірім сұранамын. Сіздің арнайы мені іздеп келгеніңізге өте ризамын: Хош келіпсіз, нағашым! Мен сізге әрқашан да қуаныштымын. Бірақ та не де болса сізді соншама алыс жерден осында жібергендері ұят-ақ болыпты ay, нағашы? Жақын жол да емес, алыс! О, құдайым, соншама борша-борша болып терлеп те кетіпсіз. Жүн-теріңізге дейін молта-молта су болыпты ау, ентігіп те қалыпсыз ғой, нағашым! Патша ағзамның сіздей құрметті, даңқты жанды жұмсамай-ақ, бір шабарманды жіберсе-ақ болмас па еді? Дегенмен де, бұл жағдай мен үшін пайдалы да болуы мүмкін. Мені өсек аяң айтып жаманатты қылған, сол ақсарайға баруға сіз көмек берсеңіз екен. Денсаулығымның нашарлығына қарамастан ертеңгі күні өзім де патша сарайына бармақшы едім. Мен көптен бері дайындалғанмын. Тек бүгін өкінішке орай жолға шыға алмаспын, күдікті тамақты көбірек артық жеп қойдым ау деймін. Ac зиянын тигізіп отыр: асқазаным қатты түйіліп тұрғаны...» «Досым, сонда не болған?» — таңырқана Сұлтан сұрады.
Түлкі оған жауап қатты: Мен не болғанын айтқанымнан сізге қаншалықты пайдасы болар дейсіз? Біздер соншалықты қандай тамақ жейді екен дейсіз, өлер-өлмес күн көрушілік қой. Бақуат бай да емеспіз. Тек кедей кепшіктерміз! Біздің ағайындар ауыз басарға түк таппағанда, — араның балын ішуге мәжбүр боламыз. Бұл байлық жетіп артылады! Мен бұл шараға амалсыздан барамын: Одан менің ішім кеуіп кетеді. Құрып кетсін! Тәбетім болмаса да, ішіп жейсің, — пайдасы болар ма екен? Егер де өзге қалауым болғанда, тірі де, аузыма оны алмас та едім!»
«Ау! Не естіп тұрмын, сүйіктім! — деді Сұлтан ашу қысып — Ей! Сіз неге өзгелер арман еткен әсел балын жек көресіз? Мен сізге айтайын, әсел балы, — дүниедегі ең тәтті тағам; Әсел — менің бар құмарым! Тауып әкеліңіз! Сіз өкінбейтін боласыз, мырза. Мен сізге керек боламын!» «Сіз ойнап тұрсыз ба?» — деді түлкі қуанып.
«Жо, жоқ! Құдай үшін! — деп аю ант етті. — Сізге шындап айтып тұрмын». «Ендеше, онда сізге жақсылық жасайын, — деп сары түлкі жауап берді. Жақын арада, тау жағасындағы ауылда Ростефиль деген ағаш ұстасы тұрады. Бал арасы бар!.. Сіз де сіздің үрім бұтағыңыз да соншама әсел балының қорын көрген емессіздер!..
Сұлтанның сүйікті дәміне деген қызуғышылығы арта түсті. «Мырза! Қалай ол жерге баруға болады? Көмегіңізді өмір бойы ұмытпаспын! Әсел балынан дәм татқызыңызшы! Тоймасам да — дәмін көрейін!» «Жүріңіз ендеше! Әсел балын сізден аяғанша ит жесін! Бүгін, расын айтсам менің аяғым ауырып тұр. Бірақ та сізге деген ізет-құрметім бөлек болғандықтан, ауыр жолымызды жеңілдетерміз. Сенсеңіз, барша ағайын-туыстарымыздың ішінде тек сізге ғана ерекше құрмет жасаймын. Жүрсеңізші тезірек!
Достыққа достық жауап: Ақсарайға барғанда, билердің кеңес сотында маған қарсы арнайы жасап отырған өсек-аяң, жалалардан құтқаруға көмегіңізді тигізесіз. Бүгін мен сізді әсел балымен қанша жегеніңізше, тойғаныңызша тойдырамын!»
Райнеке алдында, оның артынан көзсіз Сұлтан жүріп келеді. Бұл кезде Ростефиль ұйқыда жатқан болатын. Айтқандай-ақ ол жақсы, шебер ағаш ұстасы еді. Есіктің алдында екі қада қағылып, бөлуге дайындап қойған емен ағашының кесіндісі жатыр екен: Жоғарғы жағы бір қарыстай қақ жарылған. Рейнеке-түлкі сөзге келіп: «Нағашы, мына ағашта сіз түсіңізде де көрмеген тола әсел балы бар! Тұмсығыңызды барынша тереңірекке сұғыңыз. Көп сұғанақтанып, тойымсыз бола бермеңіз, — жүрегіңіз айнып қалар». «О не дегеніңіз, — деді аю қапаланып, мен не соншама ашқарақ емес шығармын? Керісінше! Әр кезде де, әрқашан да өлшем болуы қажет қой...» Қысқасы, ол өзін өзі ақымақ қылды: алдыңғы екі қолдарымен қоса тұмсығын бас құлағына дейін ағаштың тесігіне тығып жіберді.
Рейнеке қарап тұрмастан: екі бірдей қаданы да тартып, жұлып алды. Аю қақпанға түсті. Тұмсығы мен қолдарын қысып қалды, — балағаттағанмен, жалынғанмен — көмек болмады.
Қаншама қорықпайтын, батыр болғанмен, Сұлтан азап шекті! Сөйтіп жиені нағашысын алдап, қақпанға түсірді!
Сұлтан артқы аяғымен жерден ор қазып, айқайға басып, шу шығарып, ағаш ұстасын төсегінен оятып жіберді. «Бұл не болған?» — деп ұста ойлап, не де болса сақтанып, қолына балта алып, сыртқа шықты.
Сұлтан бұл кезде қаны басына шапқан еді. Ағаш оны қатты қысып қалған еді! Жанайқайға басып, жаны қысылып, қышқырып тұр. Құтылуға қанша ұмтылғанмен — бәрі де бекер! Енді ол — біттім деп ойлады! (Рейнеке де риза болып, солайша ойлауда)
Ұстаның алыстан жүгіріп келе жатқанын көріп, ол аюға: «Хәл-жағдайың қалай, Сұлтан? Сабырлық етсең — әсел балын да өз орнында қалдырасың! Дәмді ме екен? Рюстефиль сізге және де тамақ берер: Түскі тағамнан соң саған жұтарға бір нәрсе сыйлар, ал енді сау болғын!..» — деп мазақ ете сөз қатады.
Рейнеке өзінің Малепартус қорғанына жөнеп кетті. Рюстефиль-ұста жүгіріп келіп, аюды көрді де, сыра дүкеніне қарай қайта жүгіріп барып, көмектесіңдер деп бір топ ауылдастарын шақырып келеді. «Асығыңдар! — деп айқай салды оларға қарап. — Менің есігімнің ауласында ақымақ аю байланып тұр! Өлләхи-билләхи шын айтамын!»
Қолдарына түскенін ұстай сала, бәрі де ұста артынан жүгіре ұмтылды: Бірінде айыр, бірінде тырма; үшінші, төртіншісінде — қолдарында балта, кетпен — шауып келеді. Бесіншісі тас жарғышты қолына алып, аяқ жағында ілесіп келеді; Артында діндар қызметкері қолына иманшылық етер құралын алып еріп келеді; Діндардың аспазшысы Ютта да, күні бойы үйірген ұршығын ұстап, аюдың терісін басына сыпырып сыбағасын берейін деп ол да келеді жүгіріп.
Сұлтан, айқай-шуы естіген сайын қорыққанынан жаны шығып барады. Басын жанайқайлап жұлқып-жұлып алған кезде, ағаш үңгірінде терісі жараланып, біршама жүні қалды. Жоқ! Кім көрген дейсіз, мұншалықты қорланған жануарды! Құлақ тұсынан қан сорғалауда. Қайтсін, тұмсығын зорлап енді босатқанда? Екі қолы түгелдей үңгірге қысылғанда! Жаны қысылып оларды жұлып алып — босанғанмен, мүлдем естен танды: екі қолының да тырнақтары мен терілері қалды жұлынып. Түлкінің үміттендірген сүйікті әсел балының иісі де келмеген еді! Қаншама азап пен қорлықты ол көрмеді десеңізші! Тұмсығының бәрі де екі қолы да қанға боянған; тұрайын десе шамасы жоқ, еңбектей де алмайды, жүгіруге — о бастан жоқ. Ұста болса — жақындап келеді. Ұстамен бірге барша көпшілік топ та оған қарсы тұрып: Барлығы да оны өлтіруге дайын! Діндар қолындағы ұзын сырғауылымен Сұлтанды ұрып жатыр. Байғұс оңға-солға қашумен, көпшілік қоршауға алып келеді. Бірі тас жарғышпен, бірі балтаменен; Ендігісі шоқпармен, темірші кемпір-ауызбен, артында — күрек ұстағандар, қолдаушылар. Бәрі де оны ұрып-соғуда, айқайлап, шулауда, ұрғанда көзінен жарқ-жарқ етіп оты шыққандай. Бәрі де оған жабылып, бірі де қалыс қалғысы жоқ: Осында ең сотқар жігіттер, шойын аяқ Шлеппе де, жұдырық мұрын Людольф те, Герольф болса қолындағы тал ағаштан өрілген қамшысымен — аямастан ұрып-соғуда! Жанында тұрған — оның күйеу баласы, семіз қарын Кюкельрей. Осы екеуінің соққыларын айтсаңшы! Абель Квак аспазшы Юттаменен екеуі де қалыспады. Лорде Кваканың әйелі Тальке байғұстың түбек жүнді құйрығына жабысып алған. Тек олар ғана емес: осында бар ауылдың еркектері мен әйелдері жиылған, бәрі де аюдың өлгенін қалауда. Бәріне де басшылық жасап жүрген Кюкельрей, айрықша өзін көрсеткендей, — ендеше қалай! Виллигетруда ханым оның тастанды анасы болып келеді. Әкесі белгісіз. Дегенмен де, жұрттың айтқан әңгімелеріне сенсек, — орақшы қара Зандер, өздігімен жүрген бейшара — сол болуы керек оның әкесі, ия соның өзі дейді... Сұлтанға бораған тастардың саны сансыз көп. Қандай тастар дейсің! Ұстаның інісі жүгіріп жетіп келе сала аюды үлкен ағашпен қақ тұмсығынан салып өтті — көзі қарайып, аю жынданып кетіп бір топ тұрған әйелдерге қарай ұмтылғанды, бейшара әйелдерде жан қалмастан бастары ауған жаққа айқайлап, бірін-бірі баса, біреулері суға томп-томп түсіп, қаша жөнелді. Өзен суы терең еді... Патер қарлыға, айқайға басып: «Адамдар! Қараңдар! Ютта ханым, аспазшы суда ағып барады! Ұршығы қолында! Еркектер көмек беріңдер! Мойындағы күнәларын кешіріп, екі бөшке сыра сыйға беремін!..» Бәрі де аюға жабысқандарын қоя сала, әйелдерді құтқаруға — суға ұмтылды, бесеуін де жағаға алып шықты, Құдайға мың шүкір! Сонымен шаруалар жағада тәш-пішпен жүргенде, әбден қор болған Сұлтан, есін білер-білмес, айқайға басып, суға күмп етіп түсе, қаша жөнелді. Мұншама қорлықтан гөрі, ол өзін-өзі өлтіргенді мақұл көрген-ді. Ол өмірінде суда жүзіп те көрмеген, — сондықтан бірден-ақ өлсем деген ойда болды. Ойда жоқтан оны өзен ағысы қолдап, өзін суда жүзіп бара жатқандай сезінді. Оны байқап қалған шаруалар улап-шулап, айқайға басты: «Ұят, өлгенің артық! Жұртқа, бәрімізге өмір бойы күлкі болдың!»
Бәрі де ашуға басып, әйелдерге қарап боқтап жатыр: «Үйлеріңде отырсаңдар болмас па еді! Сендердің кесірлеріңнен ол енді жайбарақат өз жайына жүзіп кететін болды!..» Шаруалар ағаш үңгіріне байқап қараған еді, аюдың сонда қалған тырнақтары мен тері, жүндерін көріп, бәрі де күлкіге батты!
Шаруалар: Е, сабалақ, салпа құлақ, — қалдырып кеткен құлағыңды алып кетуге әлі келерсің!» — деп бір-біріне қарап күліп жатты.
Сөйтіп олар аюдың жанды жеріне тиіп жатты. Аю болса осы күніне де, риза болғандай. Бар білгенінше ол оңбаған еркектерді қарғап-сілеп жатты! Жұлынған саусақтары мен құлағы жан шығарардай сыздап ауруда! Түлкі сатқынды да қарғап сілеуде.
Жүрегі құса болған аю ағын сумен жүзіп келеді. Сәт қағым уақытта тас лақтырымдай жерге жетіп те қалыпты. Өліп-талып аю жағаға, құрғаққа шығады. Күннің көзі де осындай қор болған жануарды көрген еместі! Ол енді таң атқанша аман қалмаспын деп ойлады: «Ей, Рейнеке, алаяқ, сұм сатқын! Оңбаған хайуан!»
Түлкінің зұлымдығымен қоса, шаруалардың келтектегендері, ұрып-соққандары есінен кетпей қойды...
Нағашысын әсел балынан дәм татқызам деп базарға апарып тамашалатқаннан соң Рейнеке-түлкі тауық құсын іздеп кетті, ұстап алып бір данасын, қуана ағыспен бір, төмендеп өзен судың саласын жағалап, шауып келеді.
Шұғыл жұмысына асығып, құрбандығын ол тез арада жымқырып, өзенді жағалап жүгіріп келіп, су ішуге тоқтап бір сәт, ойға шомды: «Алпамсадай аюдың ебін тауып, аталарға жеткізгеніме, сол үшін де мен шексіз қуанамын! Ұстаның оны балтамен аямастан сыбағасын бергеніне бас тігемін! О бастан-ақ аю маған алакөзбен теріс қарап жүрген еді, енді міне екеуміздің есебіміз тура болды.
Мен оны нағашым деп жүрген едім әмбебаб, енді болса есеп-ақ, ол дөңбек ағашта асылып өлді,! Өле-өлгенше өмірімде енді мен бақыттымын: Ол енді шағым-жала, жамандық жасай алмас!..»
Бір кезде Рейнеке келе жатып: Жаралы Сұлтанның сұлап жатқанын көріп қалды. «Тірі екен ол, маймақ аяқ!» Рюстефиль, — сен есерсоқ, жарамсыз, нақұрыс! — деп ойлап ол, көңілі мұңайып, жүрегі кетті қатты соғып. Сен сонда, жағымды, майлы соншама тағамнан айырылғаның ба? Қолына қолма қол өзі келіп түсетін байлықты, қай адам да болмасын сенен кем армандамас! Дегенмен де сұлтан бегім ерекшелігіңді білдіріп, кепілдікке бір зат қалдырып кеткен!» — деді ол оның жараланған, қанға боянған аяқ , басын көре тұрып. Сөзін жалғастырып: «О нағашым! Тағдырдың жазмышы ай! Сіз ұстаға еш нәрсе ұмыт қалдырған жоқсыз ба? Мен сіздің қайда тоқтағаныңыз жөнінде ұстаға жан деп хабар берер едім. Әсте, кешірерсіз, қызыға сұрағаныма: Әсел балынан тоя жей алдыңыз ба, тәйірі? Жоқ әлде, сіз бірінің де есесін адал қайтардыңыз ба? Өзі қалай болған еді? Ой, қалайша сізді түрлі түске бояған! Бұл не деген ұят, масқара! Мүмкін әсел балы ұнамаған болар. Бірақ та мұншама шығын жұмсаған жағдайда, небір көп дүние сатып алуға да болар еді ғой. Қайтеміз енді, нағашы айтыңызшы: Сіз қызыл бөрік киіп алып және не ойлаумен шапқылап жүрсіз? Жоқ әлде достық үйінің ұйымына кірдіңіз бе? Не болмаса имандылық жолына түстіңіз бе? Оңбаған шаштараз басыңыздан шашыңызды аламын деп құлағыңызды байқаусызда кесіп алған-ау деймін.
Кекіліңізден де, құлақ тұсы теріңізден де айырылып қалғансыз ба? Мә саған, қолғаптан да! Ay, сіз оның бәрін қай жерде қалдырғансыз?
Денесі түгел сыздап ауырғаннан ауызын ашып, жауап та айтуға шамасы келместен байғұс Сұлтан, оның келекелеп мазақ еткен сөздерін, амалсыздан, тыңдауға мәжбүр болды. Өзін қоярға жер таппастан, тыңдауға ешбір зауқы да болмастан, суға қайта күмп етіп түсті де, қызулықпен арғы жағаға бір-ақ жүзіп өтті де, құлап түсті. «Байғұс тұнжығасы түсіп, бар денесі ауырып, өзіне-өзі сөз айтқандай күбірлеп: Бұдан да өлгенім артық! Жүрерге де шамам жоқ! Патша сарайына қайта бару менің маңдайыма жазылмаған шығар? Жексұрын түлкінің сатқындығынан масқара болып осында ешкімге де керексіз, іздеусіз қалатын шығармын? Осыдан аман қалсам, — оңбаған, сен мені өмір бойы ұмытпастай боларсың!»
Аю орнынан әрең дегенде тұрып, өте қатты қиналса да жүзіп кетті. Төрт күн-түн, алыс жолды жүріп, әрең жетті.
Аюдың қор болған түр-түсін көріп патша ағзам, шошып, дауысы қатты шығып: «О, құдайым! Сұлтанбысың? Кім сізді ұрып-соққан?» Сұлтан жауап қатты: «Дәл өзімін — өте ауыр, аянышты көрініс! Рейнеке, оңбаған қарақшы, мені сатып, масқара еткен!»
Патша ашуланып, жұртқа қарап: «Бұл жасаған айуандығы үшін аяусыз жазалаймын! Атақты, абыройлы Сұлтанды қорлайтындай Рейнеке деген кім еді сондай-ақ! Өзімнің арымның алдында, тәжіміммен қоса, қалай болғанда да, мен ант беремін деп: Бәріне де ол басымен жауап береді, Сұлтан да ақысын еселеп алады! Қандай да болмасын, енді өзі де, үрім-бұтағы да өмір бойы, жақсылық күтпесін! Ақымақ болмастан, келетін болсын. Осы сөзімді жеткізгін! Осында көбін тыңдамаса да, сізбен ол санасатын болар».
Гинце келіспегендей болып: «Мен онымен жолығып неден сөзімді бастап, не айтарымды да білмей тұрмын, мені тыңдар ма, тыңдамас па екен? Басқа біреуді жіберсеңіз дұрыс болар еді: мен болсам кішкене ғанамын, әлсізбін. Әне, Сұлтан-аю — зор тұлғалы, күшті болса да, не істей алды дейсіз? Қалайша мен орындаймын? Кешіріңіз мені, босатыңыз?»
«Сен мені айнытпағын, — деп патша жауап берді, — Қаншама өте өтімді болғаннан гөрі, жеке бастың зеректігі мен ақылдылығы көбірек керек болған жағдайлар аз болмаған. Сен алып денелі болмағанмен, білімді, ақылды, тапқырсың».
Мысық келісіп: «Бас иеміздің айтқаны — заң! Ең бастысы, жолда келе жатқаннан оң қолымды көтерсем, жолымыздың болғаны..»
Үшінші өлең.
Гинце жолға шығып, жүріп келеді. Алыстан көк қарғаны көріп, ол қуана айқай салды: «Мейірімді құс! Жолың болғыр! Менің оң жағымда жүріп, қанатыңмен маған жол сілтегін!»
Құс, әндетіп ұшып келіп, Гинценің сол жағындағы ағашқа қонды.
Гинце: жолым енді болмас деп ойға кетіп, аздап ренжіп қалды, сонда да көпшілік арасында дұрыс болар деп, көңілін біршама көтерді. Ол жүріп келеді, жүріп келеді, Малепартусқа жеткенде үйінің алдында отырған Рейнекені көреді. Мысық сәлем беріп: «Жақсылық нұрын жарылқаған құдайым бізге бақыт кешін сыйласын! Тыңдаңыз, егер де және де шақыруына барудан бас тартсаңыз, патша ағзамның қаһарына жолығасыз! Және де айтқын деді: Барлық жасаған қылмыстарына жауап берсін дейді, болмаса сіздің барлық ағайын-туыстарыңызды жазаламақ...»
«Саламатсыз ба, сәлем сізге, сүйікті жиенім! Құдайымның бар жақсылығын саған сыйлағанын қалаймын» — деп түлкі жауап қатты. Дегенмен шынында жүрегі оның оны мүлдем қаламай тұрған еді. Жаңа қандай жаза тапсам екен деп ойлап ол: бұл келген қуғыншыны да масқаралап қайтару болды бар ойында.
Гинце — мысықты жиенім деп атап: «Жиенім, айналайын, сізге енді қандай сый-құрмет жасасам жарасар екен? Ac адамның арқауы деген. Кешкі тамаққа мен бір амалын жасайын! Таң ертелеп жолға шығармыз. Сөйткеніміз жөн болар. Сізден өзге ешбір жанға, керек десеңіз, жақын ағайын-туыстарыма да сенбеймін, дұрысын айтқанда тек сізге ғана сенім білдірмегенде, енді кімге сенемін? Аю ғой тойымсыз, өте дөрекі, арсыз. Ол қопал да, мейірімсіз. Мен онымен алыс сапарға ешқашан да бірге шықпаған болар едім. Ал сізбен енді, жан деп бірге шығамын. Ертеңгі күн таң атысымен біз жолға аттанамыз. Осылай жасасақ, дұрыс болар».
Гинце оған келіспестен: «Уақытты кешіктірмей, дәл қазір-ақ ақсарай, қорғанға жолға шықсақ дұрыс шешім болар еді. Айдың жарығымен, түнгі самал есіп, даңғыл жолмен уақытылы жетіп қалар едік...»
Рейнеке және сөз алып: «Мен түнде жол жүруді қауіпті деп ойлаймын: күндіз жолымыз анық көрінеді, түнде бір пәлеге жолықсақ, — кім білсін, не боларын!»
Гинце ойланып: «Егер де мен, нағашы, қалатын болсам, — кешкі тамағымыз не болмақ?»
Түлкі болса: «Біздің азық-түлігіміз шамалы. Егер де сіз қалатын болсаңыз, әсел балдың қаймағын тауып әкелемін, өміріңде жеп көрмегенсің». Гинце өкпелеп бұртиып, — Егер жөнді тамағыңыз болмаса, тышқан етін беріңіз: Тышқан етіне-ақ қанағаттанамын, ал әсел балын — өзгелерге сақтарсыз...» «Не? Сіз сонда тышқан етін қалайсыз ба?! — Рейнеке қуанып кетті, — Расында ма? Болды онда, дайындаймын. Жақын арада поп тұрады. Оның бидай астығы жиналған қоймасы бар, тышқандар дегенің тола, сыймай жатыр! Осы тышқандардан күндіз-түні тыныштық жоқ» — деп, поп өте қапа болып жүр. Гинце байқамастан, ағат сөйлеп: «Мені сол тышқандарға алып барып, бір жақсылық жасаңызшы: тышқан тұрғанда, құстардың да, өзгелердің де еш қажеті жоқ — оның етін өте жақтырамын».
Түлкі орнынан бір секіріп: «Ендеше, сіздің кешкі тамағыңыз зор, дәмді болмақ! Міне, енді, сіздің қалауыңызды шешкен соң, өзгесін қоспай-ақ қояйық...»
Сеніп қалған Гинце — онымен біргелесіп, қоймаға келді. Лай дуалдардың артында жасырынып тұрды.
Осыдан бірер күн бұрын Рейнеке дуал астынан ор қазып, поптың ең жақсы қоразын ұрлап кеткен болатын. Егер де ұры келе қалатын болса деп, поп сол қазылған ордың кіре беріс тесігіне шәуілдек итін байлап қойған еді. Бұл жөнінде Рейнеке анық білетін, сол есіне түсіп, мысыққа айтты: «Сүйікті жиенім, мына тесік үңгірге кіргін. Мен сені осында қарауылдап тұрамын. Тышқан дегенді толтырып үйіп жинап аласың! Сіз олардың шиқылдаған дауыстарын естимісіз? Әбден қарныңыз тойған соң шығарсыз, — мен сізді осында күтемін. Екеуміз бүгінгі кеште бірге болуымыз қажет, ал таң атысымен сізбен бірге тұрып — көңілді әңгімелесіп жолға шығамыз». «Ондай болса, — деп сұрады мысық, — ешбір қорықпастан ұяға кіре берейін бе? Поптың арам ойы да болуы әжеп емес қой...»
Рейнеке-қу оның ойын бөліп: «Сізді мұншалықты қорқақ деп кім ойлапты? Қайттық онда, үйге, — ендеше, менің әйелім қуанышпен қарсы алып, дәмді бір тамақ дайындап берер, өкінішке тышқан еті болмас, не де болса... барымызды қоярмыз» — деді.
Түлкінің оған мысқылдап сөз айтқанына мысық шыдамы таусылып, үңгірге сүңгіп кетті — сөйтті де қақпанға түсті.
Міне, өстіп Рейнеке-түлкі аңқау мейманын сыйлаған еді!
Гинце арқан жіпке оранғанын сезген бойда, өлгенше қорқып, артына қарай қаша жөнелді. Қатты секіргені соншалық, — арқан бұғауы Гинцені мықтап қысып қалды!
Рейнеке тұмсығын үңгір тесігіне таяп, аянышты дауыспен, көңілі оны қаламағанмен де, сөз сөйледі: «Гинце, қалай тышқандар ұнады ма? Семіз, майлы ма екен? Жоқ әлде онша емес пе? Егер де сырттан ит сенің оның құсын алып кеткеніңді білсе ғой, онда сенің тірідей денеңе тұз себер еді; ол өте қызметкер бала. Не?! Ақ сарайда бұл дегеніміз — дастархан басында ойын-сауық құрып, тойлау болса керек? Ай, қайдам! Егер де Изегрим, сіз секілді осындай қақпанға түскенде, ол жақсылап тұрып өз жазасын түгелдей алған болар еді!» Осыны айтты да Рейнеке-айлакер кетіп қалды...
Ол тек ұрлық жасаумен бірге де, өзге де істер жасап жүретін: Таңқаларлық тірліктер, тонау, өлтіру, алдап сатып кетуді ол өзінше күнә екен деп санамайтын, сондықтан да осындайдың бәріне де ойланбастан баратын. Сондықтан Гирмунда ханымға ол екі оймен кездесуге бел буды: Ең алдымен қасқырдың арызы неге негізделген екенін, екіншіден, ол онымен уәждесуді қалаған еді. Изегрімнің есік алдында тұрғанын қалайда пайдаланбасқа? Күдіктенетін ешнәрсе жоқ: Қасқырдың азғын түлкіге деген ашу-ызасын оятумен болғандай...
Рейнеке ханзаданың үйіне келсе, ол жоқ болып шықты.
«Ой, сымбаттыларым-ай! — деп қасқыр үлкен де, кіші де балаларына қуана қарап, балаларға басын бір-екі шайқап таңырқана қарады да өз жайына кете барды. Таң атар-атпастан үйіне қайтқан Гирмунда: «Ешкім мені іздеп келген жоқ па?» — деп сұрады. «Жаңа ғана Рейнеке жәкеміз, иманды әкеміз осында келіп кетті, — сізбен сөйлеспекші екен. Бір таң қалғанымыз, ол біздерді: Сымбаттыларым деп атады...»
Не?! — Гирмунда айқайлап, ол маған әлі жауап береді!» Сөйтті де, сазайын берермін деп оның ізін қуып кетті.
Түлкінің жүретін жолын ол жақсы білетін. Жетіп алып — ашу қысып айқайлап: «Бұл не дегенің?! Не сөзің ол?! Не деген ұятсыз сөздер айтқансың?! Қалайша ұятсыз, балалардың көзінше сондай сөзді айтқансың? Өкінетін боласың!..»
Осылайша айқайға басып ол, тісі-тісіне тиіп сақырлап, түлкінің сақалына жармасты кеп. Ол өзінің өткір тісінің күшіне сенгендей! Ол қашып құтылмақшы болған еді, — Гирмунда ханым артынан қуа жөнелді. Бір қызық оқиға болды! Жақын жерде ескі қыстауда қалған қорған болатын; Бірін-бірі қуып, екеуі де соған келді, сондағы шатырдың бірінің шатынап жарылғанын көрді: дуалдары көп тұрғаннан жарылып кетіпті.
Жарық өте тар болатын. Рейнеке бар денесін рас, қысып өзін, бірден сүңгіп өтіп кетті. Қымбатты ханым, қасқыр да сол жарықтан өтпекші болып ұмтылған еді, басы қалды дуал арасында қысылып, ары-бері, оңды-солды ырғалып ұрынып көріп еді — бәрі де бекер! Не алға, не артқа да қозғала алмастан, қайта одан да бетер қысылды.
Рейнеке бұл жағдайды байқап қалып, жолды айналып өтіп, оның артынан жүгіріп келді де, — оған енді ол жұмыс тауып берді! Оны сілейтіп ұрсуды да ұмытпады: «Оңбаған! Сен ұят тірлік жасадың!»
Рейнеке болса өз дегенін жасап: «Бұл тірліктің кеш болғаны өкінішті-ақ , не де болса — маңдайыңа жазғаны болар!»
Жолы болмағыр Рейнекенің, біреудің әйеліне жармасқан бұл тірлігі, өз әйелін қорлағаны емес пе!
Дуал жарықшағынан әрең дегенде қасқыр босанып шыққанда, Рейнеке ол жерден ұзақтап, өз жолымен кеткен еді. Өзінің әйел деген затын сақтап қаламын деп қанша ойлағанмен, әйел қасиетін ұстай алмастан, екінші рет әбүйірінен айырылды...
Айтпақшы, енді байғұс Гинценің жағдайына келейік. Ол өзінің қақпанға түсіп қалғанын сезгеннен соң, ол — өзінің мысық мияуына салып — ыңырсып жылай бастады. Сырттан ит жатқан жайынан атып шығып: «Құдайға шүкір! Менің де сәтім болып, үңгір тесігіне ілулі тұрған дар жіпке түсіпсің де! Ұры ұсталдың ба! Қораздың құнын өтеу оңайға соқпас!» Қуаныштан сырттан ит секіріп те кетті. Ол жылдам шам пілтесін жақты (үйдегілер ұйқыда жатқан болатын), әке-шешелерін, бар қызметкерлерді оятып, аяқтарынан тік тұрғызды. Айқайға басып: «Түлкі ұсталды! әкесін оған енді көрсетеміз!»
Үлкенді-кішінің бәрі де, поп әкеміз де, асығыс қолға түскен заттарды жамыла сала, жүгіріп келеді. Екі айыр мүйізді шамды ұстап, аспазшы бәрінің де алдында озып шауып келеді. Сырттан ит ауырлау таяқпен қаруланып — мысықты ұра бастады: аяусыз соғуда — бір кезде оның көзін шығарды. Бәрі де мысықты ұрып жатыр. Ұшқыр шанышқысымен поп та — өз қолымен қарақшыны өлтірмек болып келген еді жетіп. Гинце өзінің өлетінін біліп: ең соңғы күшін жинап, секіріп барып поптың шабына барып жармасып, қыршына тістеп, аяусыз тырналап, оны қатты жаралап тастады — айырылған көзінің қасасын алғандай болды. Ойбайға басып поп жанайқайы шығып кетті — есінен танып, жерге құлап түсті. Аспазшыға, байқамастан: ол пәлеге қолдан қиянат ұйымдастырып, осындай азапты да көретінін шайтан алдын ала көрсетіп қойғандай! Е, Құдайым! Мұндай азап, қорлықты, аш болып азып-тозып кетсем де басыма көрсетпесін деп екі-үш рет шоқынып сиынды. Жолда жатқан алтынды көрсем де, оны алмастан, айналып өтемін! — деп ант етумен болды. Сөйтіп аспазшы әйел қожайынының жан азабын көріп зарлап тұр. Ойбайлаған күйіндегі попты төсегіне апарып жатқызды. Генце болса дар жібінде асылып, ұмытылып қала берді. Генце, ауыр таяқ жеп, аямастан жараланып, өлуге сәл-ақ қалған ыңғайсыз жайда жалғыз қалады. Өмірге деген құштарлықпен арқан жіпті үзем деумен, қыршып тістелеумен әуре.
Ол ойға батып: «Бұл басыма түскен ауыр жазадан қалайша құтылмақпын!» Дегенмен де оның жолы болды: арқан жіп үзіліп кетті! О, не деген қуаныш! Бұл ант ұрған жайдан, артына да қарамастан тоқтаусыз зытып кетті! Үңгірге секіріп түсіп — бостандыққа, жолға шықты, қайдасың ақсарай патша қорғаны, қайдасың деп, таң ертелеп сонда жетіп келді. Өзін-өзі ұрысып жеп қойды: «Албасты өзінің қулығын асырып, Рейнеке-түлкі жасаған бар күнәларынан ада болып, жасырып кетпекші ғой! Міне, енді бір көзіңнен айырылып, масқара болдың. Бар денесі жараланған — айтшы кәне енді, бұдан асқан қорлық бар ма екен!»
Патша ағзам қаны басына шауып, ашуланып — жүгенсізге өлім жәриялансын, ешбір оған аяушылық деген болмасын, — деді.
Ол кеңес жиынын шақырды: «Оларға патша сұрақ қойды: Бұл жауызға істеген қиянаттары үшін қандай жаза берсек екен?» Түлкінің үстінен түскен арыздар қаптап кетті.
Гримбарт-борсық және де шығып: «Бұл сот жиынында қатысып отырғандар арасында түлкіге қарсы ниетпен келген мырзалар да бар, сондай болғанмен де, ешбіреуі де оның құқығын бұзуға қақысы жоқ: Үшінші рет Рейнекеге қуғыншы жіберейік. Егер де ол және де келмейтін болса, оны сыртынан соттасақ та болады».
«Менің күдігім бар, — деді патша, — үшінші рет ол сұмырайды ұстап ертіп келуге ешкім де шықпас деп қорқамын. Ешкім де көзінен айырылғысы келмес. Өзінің өмірімен қоштасатын, не болмаса денсаулығынан айырылатын қандай жан өз еркімен сол қарақшыны ешбір кепілдіксіз ұстап — сотқа осында алып келер дейсіз? Ондай батырды біз көріп тұрған жоқпыз...» Арадан борсық дауыстап: «Бас ием, патша ағзам, рұқсат болса, бұл тапсырманы маған сеніп тапсырсаңыз, онда маған не болғанмен де — бұл тапсырманы мен орындауға дайынмын! Арнайы жіберерсіз бе, болмаса өз еркіммен барамын ба, — оны сіз бұйыратын боласыз».
Патша бұл ұсынысты қабыл етті: «Сізге қылмыскердің бар жасаған қиянаттары белгілі, дегенмен де бұл іске мұқият болыңыз: Өзі өте қауіпті айлакер...»
Гримбарт жауап қатып: «Қайтейін, тәуекел! Мен оны осында алып келуге сенімдімін».
Содан кейін ол — Молепартусқа, түлкінің қорғанына бағыт алып, жолға шықты...
Рейнекені әйелі, бала-шағасымен үйінен тауып, — басын иіп: «Саламатсыз ба, Рейнеке нағашы! Сіз — белгілі ғалымсыз, абыройлы да, ақылды, данамызсыз! Сіз біздерді таң қалдырып отырсыз: Қалайша сіз патша ағзамның бұйрығына мойын ұсынбайсыз?! Бұл дегеніңіз — мен айтайын — басынғандық! Ойланатын кезіңіз келді! Сіздің үстіңізден қаншама арыз жиналған! Барлық жерден — өсек-аяң түскен. Менің берер кеңесім — патша сарайына жүріңіз: қарсылық жасағаннан түк те шықпайды. Шіркеудегі поптың да сізге деген арыз-шағымы көп, соңғы үшінші рет сізді бас иеміз сотқа келсін деп шақырып отыр. Егер де бармасаңыз, сізді сыртыңыздан соттап, өлім жазасына кеседі! Патша ағзам өзінің барлық әскерлерін жіберіп — сізді ұстап әкетеді. Қорғанға алып барып сізді қамап тастайды, бар дүние затыңызды тартып алып, әйеліңізді де, балаларыңызды да өлтіреді. Сіз патшаның қаһарынан құтыла алмайсыз. Онан да екеуміз патша сарайына бірге барайық. Сіздің ақыл қулығыңыз бәрімізді орап өтеді. Сотта жолын тауып-ақталып кетесіз. Неше рет сіз басыңызға небір жала, арыздар түскенде, соттардың көзін жеткізіп, сендіріп, судан құрғақ жүзіп өтіп, жауларыңызды тақырға отырғызып кеткесіз», — деп оған Гимберт ақыл-кеңес айтады. Рейнеке оған: «Орынды кеңес екен! Патша сарайына маған сөзсіз бару қажет — ол менің өзімді қорғау үшін өте қажет. Патша ағзам, меніңше, кешірім жасар. Ол кісі менің қаншалықты бағамның бар екенін жақсы біледі, бірақ та мені қызғанып, көреалмайтындар да аз емес. Ақ сарайдағылар менсіз тірліктері алға баса алмас! Мен қаншама қарақшы болсам да, патшамен мен жүзбе-жүз кездесіп, тілдессем болды — лезде-ақ бар дауыл-нөсер тынышталатынына нық сенімдімін. Расын айтқанда патшаның кеңесіндегілер қаншама қызмет еткенімен, патша ағзамның маған көңілі толғандай, оларға толмайды. Ия, олар не шешім айтар дейсің? Ә деп те, мә деп те айта алмайды! Мен қатынасқан неше бір кеңестерде, негізгі соңғы шешімді мен айтатынмын. Егер де патша ағзамға, болмаса уәзірлеріне бір жауапты шешім қабылдау қажет болса, менің, Рейнекенің шешімін жөн санайтын. Сондықтан да мені көбі қызғанады! Олардан сақ болу қажет, болмаса олар мені өлтіруге ант етіпті. Өкінішке, лауазымдылар ішіндегі ең жауыздары! Осы жағдай мені үрейлендіріп отыр. Олардың саны оннан асады, және де олар ең мықтылар. Қалайша мен жалғыз олармен күресе аламын? Менің миым қатты. Не дегенмен де мен сізбен бірге барып, мәселені шешіп қайтсам ба деп ойлап отырмын. Бұл ісім, дұрыс шешім болады ау деп есептеп тұрмын, себебі әйел, бала шағамның келешегіне зиян тимеуін де ойлағаным дұрыс болар: болмаса бәріміз де өліп кетуіміз мүмкін. Рас — патшаның менен анағұрлым күші көп, мен оның қандай да болмасын қалауын орындауға міндеттімін. Мүмкін, реті келсе, дұшпандарыммен бір бейбітшілік келісімге келерміз» — деп жауап берді.
Сөйдеді де, әйеліне қарап: «Балаларға қарағын, Эрмелина. (Мен оларды саған тапсырамын). Әсіресе біздің сүйікті кішкентайымыз Россельге жақсылап қарағын. Балақанымның тізілген тістерін айтсаңшы, — өскенде құдды әкесі болмақ! Ал, мынау менің Рейнгарт — қу балам! Ол да маған өте қымбат. Сен аздап еркелеп ойнасаң болады, тек мен жоқ кезімде, аға-інілеріңмен жақсы тұр. Егер де мен бағыма құдай қаласа отаныма аман-есен оралсам, — әйелім, мен сенің алдыңда қарыздар болып қалмаспын». Соны айтты да ол үйден шығып кетті, Эрмелина ханымды балаларымен қолдаусыз, басшысыз қалдырып, борсық жолаушысымен бірге кетті, бұл түлкіні қатты қапа қылды...
Жол жүргендеріне бір сағат өтпестен, Рейнеке Гримбартқа сөз қозғайды: «Менің қадірлі жиенім, қымбатты достым! Шынымды айтсам, мен қалтырап қорқып келем: Ешбір менің басымнан бір қорқынышты ой кетпей-ақ қойды, осы бір мен бүгін өлуге кетіп бара жатқандаймын. Алдымда менің бар жасаған қиянат-күнәларым қасқайып тұрғандай. Әй, мендей бейшараның көңілін құрт жеп, түнергеніне сіз сірә сенбейсіз ау!
Тыңдаңызшы! Сізге мен сиынғым келіп тұр! Өзге иманды жанды енді мен қайдан табамын? Егер де мен бар күнәмді кешіргін деп имандық жасап тәуетіп, біраз болса да өзімді тазалап, жеңілденсем, патша ағзамның алдына барғанымда жүзім де біршама ашылғандай болар ма еді?» Гримберт жауап қатты: «Ең алғаш тонағандарың мен ұрлағандарыңды кешіргін деп, кейін қастандығым мен сатқындығымды, өзге де ауыр қылмыстарым мен қан төккен күнәларымды кешіргін деп сиынғын — болмаса жалынып, жалбарынғаның көмек бермес.
— «Білемін, — деп келіскендей болды Рейнеке, — онда мінәжат жасауға, құлақ салып тыңдауға рұқсат етсеңіз: «Confiteor tibi, poter et mater, былғап үнемі кәмшәт терісін, мысық пен өзгелерге мен, сол үшін де бәрін де мойындап, әділ жазамды алуға дайынмын».
Борсық осы жерде оны тоқтатып: «Латын тілінде айтпаңыз, біздің тілімізде айтыңыз — анығырақ болады...»
Түлкі оған: «Жақсы. Мойындаймын (маған құлық жасау не керек?) Мен өмір сүріп жатқан бар жануарлар алдында кінәлімін. Нағашым аюды өткенде еменнің арасына қысып қойдым, — басын ол жарақаттап, денелері ауыр таяқ жеді. Гинцені тышқандарға алып барған едім, мен ол бейшараны дарға түсірдім, — онда ол көп қорлық көріп, көзінен де айырылды. Қораз Геннинг те дұрыс айтады: балапандарын мен ұрладым — үлкенін де, кішісін де, түр-түрін. Мен оларды тойып жедім. Мен патша ағзамның өзін де аямадым, оған да неше бір иттік істер жасадым, патшазадаға да, бәрін де, олар кеш білді!.. Және де мен мойындауға тиістімін: Изегрим-қасқыр менің ауыр қылмыстарымды жасауыма нысана болып көрсетумен, бәріне де себепші болды. Бәрін де сізге хабарлап айтуға да уақыт жоқ. Әшейінге, күлкі үшін, мен оны нағашым деп жүрдім, дегенмен де біз онымен ешқандай да туыс, жақындығымыз жоқ. Осыдан бес-алты жыл бұрын ол маған Элькварға (мен сондағы қорғанда тұратынмын) көмек сұрап келген болатын: Үсті басын тазаланып, шашын алдырып, имандылық жолына түсіп, поп болуды қалайтынын айтқан болатын. Бұл жауапты іске, ол өзін ылайықтымын деп санап, — қоңырау дауысына қызығып, құштар болды. Сөйтіп қасқырдың екі алдыңғы аяқтарын қоңыраудың жібіне байлап қойдым — ол оған риза, мәз-мейрам болып: жіпті олай да, бұлай да тартумен — жаңғыртуды үйренді, сөйтіп ол күңгірлете, кейде дүрсіл қағып, түсініксіз дыбыстар шығарып, бейберекет істер жасап бар әбүйірінен айырылды. Адамдар, қоңырау дауысын есітіп, жұмыстарын тастай сала, көшелерде бірін-бірі баса-соға шіркеу үйіне жүгірумен асып састы. Жақындап келіп айыпкерді көреді. Ол өзінің имандылық жолына бас иетінін айтпақшы болғанын тыңдамастан, ашу ызаға батқан адамдар оны әбден кәлтектеп, ұрып-соқты. Ол ақымақ болса, бір сөзде қатып тұрып алып, оны бұл іске жетектеген мынау деп, мені көрсетпесе болар ма. Оның басындағы шашын да алдыртып, күйдірген де мен болатынмын, күйген орны апандай болып ойылып, ісіп қалыпты. Оған мен бірде балық аулауды да үйреткен едім, — одан да қайыр болмастан, опық жеді!..
Бір кездері екеуміз Юлих өлкесіне, сонда бір күні келіп жетіп серуендеп жүрген едік. Поп болса — сол өлкенің ең бай адамы болатын. Поптың қорасында түрлі азық-түлік, тағамдар толып тұр: ет-майлар, ал сөресінде — жаңа кептірілген, тұздалған еттер дейсің бе. Қалың тас дуалдың түбінен Изегрим тез арада үңгір қазды да, сол үңгірден қораның ішіне оңай ғана кіріп кетті. Мен оған жылдамырақ қимылда дегенімді тыңдамастан, көзі тоймастан есі кетіп, дайын олжаны тойымсыз артығымен асап, жеумен болды! Енді тесік үңгірден өтпекші еді, қампиған қарны симастан, тесікке қысылып, не алға, не артқа қозғала алмай қалды. Ой, сондағы алдамшының әкесін танытып балағаттағанын естісеңіз: «Аш болғанда — өткізіп, ал енді тойған екен — өткізбей отыр, оңбаған!» Қасқырды босату үшін, мен айқайға басып ауылдағылардың бәрін де аяқтарынан тік тұрғыздым. Мен болсам жүгірген бойда попқа келдім, — ол болса жайбарақаттанып тамағын жеп отыр екен, дастарханда жақсылап тұрып қуырылған жас қобланның піскен еті аңқып тұр! Мен оны тістеп жұлып алдым да — артыма қарай зыта жөнелдім. Поп артымнан айқайлап, мені қумақшы болып тұра беріп еді, аяғымен дастархан сөресін тағам, сусындарымен қоса аударып жіберді: «Ұрыңдар, ұстаңдар, түйреңдер!» — деп поп ұрысып, балағаттап жатты, жүгіре бергенде құлап түсті (жолдағы жатқан суды байқамастан) — суда жатып ашуын басқандай күйде еді. Шулап, улап келе жатқан адамдар, — қайсысы болмасын мені аямастан жазалауға дайын еді! Поп болса, есі шығып: «Дастархандағы тұрған піскен етімді алып қашатын қайдан келген, оңбаған ұры!» Артымнан адамдар қуып келеді, мен болсам қашып келемін, бір кезде қобланның етін түсіріп алған едім: өте өкінгенмен қайтейін, маған ауырлық етті. Қуғыншылардың көзінен бір сәт таса болдым, олар болса қаблан етін тауып алып, попқа беріп жатып, қорадағы қасқырды көреді. Поп бұйрық беріп: «Ағайындар! Мұнда келіңдер! Тездетіңдер! Ұстаңдар! Жаңа және бір ұры — қасқыр қолға түстің бе бәлем! Егер де жіберіп алсаңдар, ұятқа қаламыз! Бүкіл Юлих өлкесі біздің үстімізден күлетін болады!» Қасқыр болса ақыл есінен адасқан. Оның үстіне жаңбыр жауып құйып тұр, оның жараланған жері онан бетер ашытып ауыртуда. Адамдар айқайға басып, шулап жатыр. Және де шаруалар келіп, қосылуда. Бір кезде, мұншалық қорлықты өмірінде көрмеген жаралы қасқыр, есінен танып құлап түсті. Поптың еті мен шұжығын ұрлап алғанының ақысының қалай қайтуын жақсылап тұрып жазсаң бір тамаша дастан туар ма еді, шіркін! Шаруалар қасқырдың өлімсі денесін қорадан сүйрете алып шықты. Қасқырдың қорлықтан тезегі де артынан шығып кеткен еді, адамдар онан мүлде жиіркене, өлді екен деп, шеттегі сайда үйілген күл-қоқыс жерге апарып тастады. Ес-түсінен айырылған оның қанша мезгіл жатқаны, қашан есін жиып алғаны — белгісіз. Ол жерден қалайша аман қалып осында келгені де — жұмбақ! Кейін, жыл өте, ол маған мәңгілік дос болатын болып уәде берген-ді. Бірақ та бұл сертінде тұра алмады. Не үшін ол уәде беріп маған, демде айнып кетті екен: Жеке дара өзі тауық етін жегенді қалап па еді. Мен оған көмектесіп, қораз бен оның жеті тауықтарының қонақтайтын қорған жайын көрсеткен едім. Түннің бір ортасында, сағат он екілер шамасында — біз жайлап келдік. Терезенің жеңіл тіреуші ағашта тіреліп ашық тұрғанын мен о бастан білетінмін. Мен бірінші кіретіндей болып ыңғай білдірдім де, сәл кідіріп — нағашымды құрметтеп алдыма жібердім: «Еш қорықпастан кіре беріңіз, — дедім мен, — егер де жақсы табысқа кенелем десеңіз — соған лайық тұратындай батыл болыңыз! Бордақыланған тауықтарға не боласыз». Ол абайлап ішке кірді де, жан-жағын ұстап, аралап көріп, маған қарап үрейлі дауыспен: «Сіз мені бөтен жерге әкелдіңіз! Бұл жерден тауықтың қанатын да таба алмайсың!» Мен оған: «Жанымда қонақтап отырғанын мен ұстап алдым, — қалғандары төменіректе жайғасқан болулары керек. Ешбір алаң болмастан жәйлап, ақырындап алға жылжи беріңіз...» Бізді ұстап тұрған бөрене, расында да жіңішкелеу болатын. Нағашымды алдыма салып алып, мен ылғи да артында, терезеден алыстамастан, қалып отырдым. Терезеден сытыла шықтым да, ондағы ағаш тіреуді жұлып алдым — тарс етіп терезе жаппасы қалды жабылып, қасқыр қорыққаннан діріл қақты. Қорқыныштан үрей билеп, жіңішке бөрене үстінен қасқыр гүрс етіп жерге түсті. Үйлерінде жылы оранып жатқан адамдар не болды деп, шошып оянды бәрі де. «Терезеден не зат түсті?!» — деп бәрі де аяқтарынан тік тұрып, жарық шамдарын жағып айқайласып жатты. Бұрышта жатқан қасқырды көріп, ұрып-соқты-ау жабыла кеп, терісі күл боп ісіп кетті! Өлер-өлмес қана жаны қалған еді!..
Және бір сырымды сізге айтайын, мен Гирунда ханымға оқтын-оқтын жасырынып барып тұратынмын. Әрине, бұл жағдай болмағанда дұрыс болар еді. Әй, өткенді өшіріп тастар ма еді! Ол бейшара өмір бойы қарабет болып өтетін болды ау!.. Міне енді мен сізге көңілімде күйік болып, ар-ожданыма тиіп жүрген есіме түскен бар жағдайларды баян еттім! Менің күнәларымды кешіріп, босатыңызшы! — деп сізден сиынып сұранамын. Құдіреттімнің маған арнаған қандай болса да жазасын шын ниетіммен қабылдаймын!..» Гримбарт бұндай жағдайларда, сөзсіз, мықты көмекші болатын. Жолшыбай тал шыбығын үзіп алып, ол айтты: «Осы шыбықпен, нағашым, үш рет өз арқаңызды сабалаңыз, кейін шыбықты жерге қойып, онан үш рет аттап өтіңіз; сонан соң шын ниетпен оны сүйіңіз — құлшылық жасаңыз, осы имандылықтан соң, барлық күнәларіңізден босатамын, барлық жазалардан азат етемін, құдіреттімнің жарылқауымен, барлық біліп-білмей жасаған істеріңізді кешіремін...»
Рейнеке өзінің өткен істеріне өкінетінін білдіргеннен кейін, Гримбарт айтты: «Нағашы, енді өзіңізді, жақсы істермен дәлелдеуіңіз керек: діни кітаптарды күнделікті оқитын болыңыз, имандылық жолымен жүріңіз, қасиетті күндерді қадірлейтін болыңыз. Барлық адасқандарға жол көрсетіңіз, ал барлық кедей-кепшіктерге барынша көмек беріңіз. Бәтуасіз өмірден, ұрлықтан, зорлық жасаудан аулақ боламын деп ант етіңіз. Осының бәрін орындасаңыз, сізге Алланың нұры жауады...
«Орындаймын, — деді Рейнеке-түлкі, — сол үшін ант етемін!...» Тәуба жасап болғаннан соң — құдайдың қалаулысы Гримбарт пен Рейнеке-күнәхар патшаның ақсарайын меңзеп, жолдарын жалғастырды. Бидай өскен, қаратопырақты жермен жүріп келеді. Оңға қараған еді. Қараса — шіркеу тұр. Онда күндіз-түні құдайға құлшылық етіп иман жолында жүрген жас бойжеткен қыздар. Ал ауласында жемін іздеп шауып жүгіріп жүрген тола тауықтар, қораздар, үйрек пен қаздар, кейбіреулері шіркеудің дуалының сыртына өтіп кеткен. Рейнеке оларды іздеп келіп тұратын. Ол борсыққа қарап: «Шіркеу ішімен жүрсек — жол өте қысқаратын еді». (Өзінің бар ойындағысы, аулада жайылып жүрген тауықтар!) Тәубесіне өзін келтіргенмен бірге, ол тауықтарға жақындап келіп, — қудың аш көзі жайнап, шарасынан шығып кетердей боп: Өзгелердің ең артында қалып қойған, томпиған семіз жас қораз оның көзіне түсіп, одан Рейнеке көзін алмастан, артынан жасырынып келіп басып қалған еді, — қанаттары жан-жаққа ұшып кетті!
Гримбарт, өте ашуланып, оның баспаншылық әрекетін әшкерелеп: «Нағашы, қандай жүгенсізсіз! Жаңа ғана тәубеңізге келіп отырып, кішкентай тауыққа бола, күнәға батпақшысыз? Осындай да тәубеге келеді ме екен..!» Рейнеке: «Мен ойланбастан бұл істі жасап қойыппын! Қадірлі менің жиенім! Құдайға құлшылық етіңіз, менің жасаған айыбымды кешірер. Енді бұл жағдай қайталанбайды!..» — деп қысқаша жауап берді.
Шіркеуде сиынып, қайтадан жолға шығады. Жолаушылар тар көпірден өтуге тура келді. Рейнеке-түлкі өзінің қанына сіңіп қалған әдетін қоя алмастан, қодырая тауықтарға және де қарап қойды. Егер де оның басын шауып тастаса да, дөңгеленген басы барып тауықтарға шабар еді, — міне, сондай қызғаныш онда бар болатын!
Гримбарт, онысын байқап: «Нағашы, және де көзіңізді кімге тігіп отырсыз? Сіз жексұрын, мешкейсіз!»
Рейнеке өкпелегендей сыңай танытып: «Сіз бекерге тиісіп отырсыз, мырза! Шешім жасауға асықпаңыз, тәубе жасап сыйынуға бөгет етпеңіз. «Жаратқанымыз бізді» оқуға рұқсат етіңіз: Иманды, адал жандардан, тура жолда жүрген әйелдерден, аяусыз, қатыгездікпен ұрлап алған тауықтар мен қаздардың жандарына жылулық, демеу болғай...»
Гримберт үнсіз қалды, Рейнеке болса кетіп бара жатып та, тауықтардан көзін алмастан, оларға қараумен болды. Патшаның сарайы да жақын қалды.
Рейнеке-түлкі, жақындап қалған патша сарайын көріп, бірден көңілі түсіп кетті: Қаһарлы жауап беретін кезең таяп қалды!
Төртінші өлең.
Рейнеке келіпті деген хабар патша сарайындағыларға естіліп жатты. Бәрі де, қызыға келіп қарап жатты, үлкені де, кішісі де, жаны ашығандар — жоқтың қасы: оған көбі тістерін қайрап жүрген болатын!
Рейнеке өтіп бара жатып, түк те болмағандай сабырлы түр көрсетіп, ештеңені де байқамағандай болды.
Ақ сарай алаңында Гримбартты көргенде бір суретті көргендей міз бақпады. Өмірде ол ешбір күнәға батпағандай, таза жандай, патшаның заңды нақсүйер баласындай кейіппен қорғанға кіріп келді.
Ол патшаның алдында өзге уәзірлермен қатарласып Нобелдің сарайында тұрғандай тұрды. Оның төзімділігі ерекше болатын!
«Аса құрметті патшамыз, бас ием менің, — деп Рейнеке сөзін бастады. — Сіз қадірменді де, данышпансыз, барлық даналар ішінде — ең біріншісіз. Сондықтан да Сізден аса мұқияттылықпен, аяушылықпен мені тыңдауыңызды өтінемін: Сіздің құзырыңызда мен секілді ешкім де адал қызмет жасамағанын бәріңіз де білесіздер. Сондықтан да мені сіздің алдыңызда қызғаныштан көреалмайтындар да аз емес. Егер де сіз олардың құйтырқы, алдамшы сөздеріне сеніп қалған жағдайда, онда мен Сіздің қолдауыңыздан айырылған болар едім.
Бақытымызға, Сіздің әрбір арызды, әрбір істі жеке өзіңіз мұқият қарап, сөйтіп қараны қаралап, ақты ақтап әділ шешім шығаратыныңыз. Менің сыртымнан қаншама өсек, жала жабылғанмен, сонда да мен сабырлық жасаймын: Сізге деген адалдығымды білесіз, сол — шиеленістің себептері...»
Патша ағзам айқайлап: «Өшір үніңді! Қызылмәздемдік, жағымпаздық көмек бермейді! Сеніің жасаған қиянаттарыңыз белгілі, сені лайықты жаза күтіп тұр. Сен тыныштық сақтадың ба? Әне қораз! Қайда оның балапандары? Сен емес пе, алаяқ, антұрған, оңбаған, барлық оның үрім-пұтағын ұрлап кеткен? Менің сенімді қызметкерлерімнің жандарын жаралап, жанұяларына от тастап, мені де қорладың, сөйтіп отырып өзіңнің маған деген адал қызметіңді дәлелдегің келді ме? Гинце байғұс денсаулығынан айырылды, көріп тұрмыз, Браунның ауыр жарақаты жақын арада жазыла да қоймас! Ары қарай сені ұрысып сөгуді қаламаймын: айыптаушылар көп, дәлелдемелер мен айғақтар жетіп артылады! Саған ақталып шығу мүмкін болмас!..» «Әділетті патша ағзам, мен не үшін жаза алуым керек? — деді Рейнеке-түлкі. — Сұлтанның денесін жарақаттап алғанына менің қандай күнәм бар? Оның өзі ғой ұстаның әсел балын сұрамастан дөрекі түрде ұрлап жеген. Егер де ол күлкіде қалып, таяқ жеген болса, суға түсіп қашқаннан гөрі, олардың жақсылап тұрып сазайларын беруі керек еді.
Гинце-мысық болса: мен емес пе оны құрметпен қарсы алған, құдайдың бұйыртқан сый-дастарханынан дәм татқыздым, ол болса ұрлыққа бас ұрды:
Менің насихатымды тыңдамастан, баса-көктеп барып, ол сол жерде бір пәлеге душар болды. Мен енді олардың ақымақтықпен жасаған істеріне жауап бермекпін бе? Бұл дегеніңіз патшалықтың қадір-қасиетін төмендететін тірлік қой. Қанша айтқанмен де, соңғы шешімді өзіңіз бересіз, тақсыр! Міне, болған істі естідіңіз, енді қалауыңызбен шешім қабылдаңыз: Кешірім етесіз бе, жоқ әлде жаза қабылдайсыз ба, — бәрі де сіздің құзіретіңізде. Мені пісіресіздер ме, қуырасыздар ма, көзімді оясыздар ма, дарға асасыздар ма, болмаса басымды кесіп аласыздар ма, — не де болса, болсын енді! Бәріміз де сізге бағынамыз, — бәріміз де ұлы қанатыңыздың астындамыз. Сіздей құдіретті билеушінің алдында — сондай-ақ біз кімбіз? Қаласаңыз — жазалаңыз, бірақ та одан сізге келер не пайда? Не де болса, маңдайыма жазғанын көремін, — сот алдына адал ниетіммен келдім...»
Беллин-қой естеріне түсіріп: «Кеңесті бастайық» — деді.
Изегрим-қасқыр, ағайын-туыстарымен, Гинце-мысық, Сұлтан-аю және де көптеген жануарлар мен хайуандар келіпті: Аумесер-есек — осында, біздерге белгілі қоян — Ұзынқұлақ, иттердің сырттаны Алаяқ пен қабаған Қаратөбел, Тоқал ешкі қозалағы Еркетайымен, тиын, аққалақ және ақкіс бар. Жылқы да келген, өгіз де қалмапты. Орман-тоғайды мекендегендердің бәрі де қалмастан осында жиналған: тауешкі, бұғы да, Құндыз-Кербез, сусар, қоян және жабайы қабан да келген, бәрі де қызыға алға ұмтылуда. Ләйлек, Шағала, Ұзын мойын-тырна, Қарала қасқалдақ та сотқа ұшып келген. Түлкіден жәбір көрген үйрек Көкше, Қоңыр-қаз және өзге де құстар да келіпті.
Қамқорсыз қораз Геннинг қалған балапандарымен жылап сықтауда. Осында жиналған құстардың көптігі соншалықты, бәрінің санына жете алмайсың. Бәрі де түлкіге қарсы шықты. Қайсы бірі болмасын түлкіні айыпкер деп санап, жазалануын қалап тұр.
Әрбірі еселі сөз сөйлеген сайын, бұрынғы қылмысты істерімен қоса, жаңа істері де аян болып, патшаға қараумен болды. Мұншалықты арыздарды патшаның кеңес соты ешқашан да естіген де, қараған да емес! Қатысып отырған Рейнеке, өзін қорғаудың амалын жасап: Біреуге сөз бере қойсаң болды — одан артық ешкім де жоқ болғандай, сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді! — деді. Не де болса ол бәрін де мәлімдеп, дәлелдеп беруде жол салмайды. Тыңдап отырып қайран қаласың: Айналасындағылардың көбін айыпкер деп санап, өзін ақтап шыға келеді! Кейіннен де Рейнекені қаралап, жамандап өзін адалмын, сенімді дегендер сөйлеп жатты. Оның қылмыстары аян болды. Әділ сот шешім жасасын!
Патша кеңесі бірауыздан шешім шығарды: «Рейнеке-түлкі өлім жазасына кесілсін! Өзінің жасаған қылмыстары үшін оны масқара өліммен жазалап, оны тап осы жерде ұстап, байлап — көпшіліктің алдында дарға асу керек!» Рейнеке, өзінің бар ақталуының амалдарының таусылғанына көзі жетіп: Оған небір сұрқия-қу сөздері көмек бермеді!
Патшаның өзі бар үкімді жәрия етіп, Рейнеке ұсталып, байланды.
Жауыз қылмыскер енді өзінің өмірінің қарабет болып аяқталғанын сезген еді.
Үкімнен кейін, оның аяқ-қолы байланып еді, дұшпандарыңның жүздері жайнап, тезірек жазалауға алып баруға асықты, ал оның достары болса естерінен танып жатты.
Гримбарт, Мартын-маймыл, түлкінің сыбайластар тобы үкімге наразылық танытқандай ыңғай білдіріп — көбі күтпегендей, қатты қайғырды: Рейнеке ең алдыңғы қатардағы бек, сұлтан болатын, енді болса, бар атақ, шенінен айырылып, өлім жазасына кесіліп тұр! Қалайша енді, оның жақын туыстары бұған қарап тұра алады? Патшадан рұқсат алып, бәрі де бірі қалмастан, ақ сарайды тездеп тастап сыртқа шығып кетті.
Соншама көптеген сарбаздарының оны тастап кеткенін көрген патша ыңғайсыз жағдайда еді. Рейнекенің өлгенін қаламайтындар, оны қолдайтындар көптеп саналатын! Олар ақ сарайды теріс айналды. Патша өзіне жақын уәзірінің біріне қарап: «Қаншама Рейнеке оңбаған болғанмен, салмақтап ойлап қарасаң, жақтаушыларының ішінде түлкіге тең келер бірі де жоқ!» — деді.
Изегрім, Сұлтан, Гинцелер қылмыскерді жазалаудың қамында. Бұл үштік дұшпандарын масқаралап жазалауды өз қолдарымен іске асыруды құмартып тұрды. Тездетіп оны жазық жерге алып келді.
Ашу-ызаға батқан Гинце-мысық, жолшыбай қасқырға қарап: «Есіңізде болар, менің Изегрим бауырым, сіздің ағаңыздың Рейнекенің дарға асылғаның қалап, сол үшін бар әрекетін жасап жүретіні! Ал енді, дегеніне жетті деген осы болар! Ол, қандай қуанышпен, оны жазалау орнына алып келді десеңші! Ағайындар үшін өш алатын кез келіп жетті! Есіңізде болар Сұлтан бауырым, сізді де, оның қалай сатып кеткенін, өңшең қатын-қалашпен, еркектердің арасында масқара етіп, аяусыз ұрып-соғып, жаралағанын, барша жанға мазақ қылып қорлап, бүкіл елге жәриялағанын! Сақ болу керек! Бірігуіміз қажет! Егер де, ол бүгінде жолын тауып ептілікпен, айла-тәсілмен қашып кетсе, бізге екінші рет бұндай сәтті уақытты ешқашан да бермесі анық. Бұл сұмырайдың бар істеген істеріне тез арада жазасын тарттыру керек!»
Қасқыр ұли бақырып: «Жетер енді, оттамаңдар! Мықты жіпті тез тауып әкеліңдер! Байғұсты азабынан ертерек құтқарайық!» — деді. Сөйтіп олар Рейнеке-түлкі туралы жол бойы айтып келе жатты. Рейнеке оларды үнсіз тыңдап, кейін оның тілі шығып: «Мені қаншама көреалмастан, менің өмірімді жүдә етуді армандап, мені қалайша өлтірудің де жолын білмейсіңдер! Таң қаламын! Сіздерге қандай жіпті таңдау керектігін Гинце жақсы біледі: Ол поптың үйіне тышқан іздеп барғанында, өз басынан сынап өткізіп, абыройсыз халде қалғаны бар. Өкіл әкем болған Изегрім Сұлтан екеуіңіз соншама неге о дүниеге шығарып салуға асығасыздар? Істеріңіз жүзеге аспай қалса, қайтесіздер?..»
Бүгінде жазалау барысына қатынасу үшін, патша ақ сарайдың уәзір мырзаларымен бірге келіп тұр. Ығайлар менен сығайлар қолпаштауымен патшазада да еріп келген. Түлкінің өлімін рахаттана көруге байлар да, кедейлер де жердің түпкір-түкпірінен келгендер — бірін-бірі баса көктеп тұр.
Осы кезде Изегрим өзінің туыстары, достарымен ақылдаса отырып, олардың бір-бірімен тығыз жақындасып, ұстасып тұруларын өте өтініп жатып, екі көзі де байлаудағы түлкіде болды.
Су жұқпас амалын тауып қашып кете ме деп, бәрі де үрейленіп қорқуда! Қасқыр өзінің қаншығына да қатал түрде есіне салып: «Маған мына оңбағанды мықтылап ұстап тұруға көмектесуді ұмытпағын. Егер де ол қашып кетсе, бәрімізді де тұз жалатып кетеді!»
Сұлтан қасқырға қадағалап: «Бұл бәріңді де масқара еткен жоқ па! Енді, міне, сіздер мұнан бар өштеріңізді ала аласыздар... Гинце, жоғарыға көтеріліп жіпті байлаңыз... Сұлтан, қылмыскерді ұстап тұрыңыз, — мен сатыны әкеліп қояйын. Екі-үш минуттан соң — біз бұл оңбағанның көзін құртамыз!» «Сатыны әкеліп қойыңыз, — деді Сұлтан, — мен оның сазайын тартқызайын!..»
«Қаншама сіздер, әрекеттеніп, — оларға Рейнеке жауап беріп жатып, — Сіздер тезірек өлтіруді қалап тұрсыздар! Одан да оның қайғысына ортақ болып, оны қорғасаңыздар дұрыс болмас па еді. Мен кешіре гөр деп қанша жалбарынып, жалынғаныммен, маған көмек беруі екі талай: Изегрим мені жек көретіні соншалық әйеліне де менің бұл бұғаудан құтылып кетпеуімді қатал тапсырма беріп, бұйрық берумен болды. Өткендерімізді еске алатын болсақ — егер де, шынында да маған да зияны тимес еді...
Егер де бұл жағдай болмағанда, бұл істі бірден-ақ бітіруге болар ма еді... Менің әкем де алғашқысында әбден қиналған екен, кейін бәрі де тез арада өз орнына келіпті. О жазғанды, расында, мұншалықты көпшілік шығарып салмапты...
Егер де сіздер мені ұзақ мезгілде қинайтын болсаңыздар, онда қатыгездік болар еді!»
Сұлтан шыдамсызданып: «Оңбағанның айтқан сөздерін естіңіздер ме? Кәне, жоғары, жоғары! Соңғы сағаты оның соғып тұр!»
Рейнеке қорқыныштан ойға шомып: «О, осындай ауыр күн басыма түскенде бір ғанибет құдірет күш келіп мені қолдап, мына үш дұшпаныма қайғы әкеліп, ауыр жазалап, масқаралап, патша ағзам жарылқап, маған кешірім жасап, өмір сыйласа екен! Қайткенде де көнемін де! Не болса да, мейлі енді көмек болсын! Тағдырым шешілмек, мойнымда бұғау! Құтылар жол бар ма? Бәріңіз де маған жабылдыңыздар: патша ағзам бекерден бекерге ашуланбаса керек, барлық достарым кетіп қалды, ал дұшпандарым дегендерінен қайтар емес. Расын айтқанда мен ақылды патша ағзамызға, төре кеңесшілерімізге құрметті де, жақсылықты да аз жасадым. Менің айыбым көп-ақ, сонда да басыма түскен қиянаттан құтылатыныма күмәнім жоқ... Ух, ақырғы сөз тисе, — мен дарға асылмайтынымды анық сезіп тұрмын! Үмітімді мен үзбеймін...» Сатыда тұрған ол көпшілікке қарап үндеу жасады: «Мен өзімнің өлімімді көріп тұрмын. Одан қашып құтыла алмаспын. Осы жарық дүниеден өтпей тұрғанда, сіздер мені дұрыс тыңдап, түсінушілікпен қарауларыңызды өтініп сұранамын: Сіздердің алдарыңызда адал болғанымды, осы соңғы сағатымда шын жүректен мойындауға рұқсат етсеңіздер екен, бар жасаған күнәларымды айтып, бәрі де жайына келгеннен соң, құдайым сақтасын, ешбір жан да жазаланбайтын болсын. Сөйтіп мен көптеген азаптан азат етілетін боламын, осы менің жасаған жақсылығымды ескеріп, құдайым кешірім жасайтын болар...»
Ол көп жандарды да кешірген. «Болмасы ғана өтініштің жауабы да түкке тұрмас...» — деген өсиет сөз бар.
Патша ағзамнан сұрансаңыз — патшам да рұқсат етер. Осыдан соң Рейнекеден жаңадан ауыр жүк түскендей болды. Бәрі де жақсы аяқталатынына ол сенімді еді. Осындай үзілісті пайдаланып, ол әңгімесін алыстан бастап: «Spiritus Domini (Құдіретті Құдайым), өзің маған жәрдем бер! Маған қапа болмаған бір де жанды, бұл жиында көріп тұрған жоқпын. Кіп-кішкентай шақалақ, емшектен шығар-шықпас кезімнен, қомағай — тойымсыздыққа құмар болып, есімді білер-білместен өрісте жайылып жүрген қозы мен лақты ажырата алмас едім. Олардың маңыраған әсем дауыстарын сағына тыңдайтынмын, сөйте келе — менің оларға деген құмарым артып, көп ұзамай мен олармен таныс болдым: байқаусызда тістеп алған едім, қан ақты. Шіркін, тойғаным-ай, десеңші! Кейін мен сүті бетіне келген үш қозыны жеп тындырдым. Содан құмарлығым жалғасты: Тауық болсын, қаз, не болмаса үйрек болсын, құстарды қайда кездессем де — аямадым! Қаншама, кезінде тәбетім келмегенде, құрбан болған құстарды жерге көміп тастадым. Рейнеде, осыдан біраз жыл бұрын, қысты күні, — Изегрим маған кездесіп, бұтақтың арасында тығылып, азығын күтіп жатты. Ол екеуміздің жақын туыс екенімізді саусақпен санап, маған сеніммен айтып, дәлелдеп бергендей болатын. Мен оған сеніп — біз екеуміз бір-бірімізбен айырылмастай мәңгілік серік, дос боламыз деп серт берістік. Өкінішке орай, маған бұл достығымыз үлкен зиянын тигізді. Бүкіл елді біз аяқасты еттік. Оның ұрлағаны үнемі көлемді болды, ал менікі болса — толымсыз болды. Келісім бойынша — қазанымыз біздің бір еді. Негізінде ондай емес-ті: қасқыр өз білгенін істейтін, — сөйтіп маған жарым-жартысы да тимейтін. Одан да сорақысы кездесетін: Бір бұзауды сүйреп әкелгенде, не бір түгелдей қойды, жаңадан сойылған ешкіні, не болмаса лақты енді ғана ауызымды сала бергенде, қабағын түйіп қарсы алатын, аяғымен қағып тастап, мені қуып салып, менің де тиесілі азығымды өзі жеп қоятын. Қаншама, небір үлкен соғымдарда да, осындай жасаумен болды. Кейбір кездерде, екеуміз бірігіп, өгізді, не болмаса сиырды ұстап алған кездерімізде, — оның әйелі, жеті баласы жетіп келіп, соғымды өздері түгелдей алып кетіп, мені дымсыз қалдыратын. Ең болмағанда бір қабырғасын қалдырса нетер еді! Бәрі де аштан өлгендей. Осындай кезеңдерді де бастан кештік қой. Құдайға мың шүкір, сонда да мен өлген жоқпын. Менің жиған-тергендерімді қаншама алтын, күмістерімді мұқият жерге тығып, жасырып қоюға бар мүмкіндігім болғанмен, мен ондай тірлік істемедім. Өмірлік маған жетер еді! Меніңше, қаншама он жерден де тасығанмен де, бәрін де тасып жеткізе алмассың...»
Қымбатты заттардың қоймасы турасындағы сөзді естігеннен, патша ағзам терең ойға кетіп, орнынан көтеріле тұрып сөзге келді: «Ау, ол сізге қайдан келді? Алтын қоймасын айтып тұрмын. Кәне, айтыңыз!..»
Түлкі болса жауап беріп: «Мен мұның сырын ашпаймын. Одан маған келер не пайда? Соншама байлықтан маған ештеңе де тимейін деп тұр. Сіз маған рұқсат етсеңіз, мен бәрін де дұрыстап айтып берер едім: Не дегенде де жасырын қалмауы керек қой. Бұл құпияны енді мен жасырып қалмауды, кімге де болса ант етемін: Бұл — ұрланған қойма! Егер де бұл алтын қойма өз кезінде дұрыс мақсатсыз ұрланған жағдайда, — расында да қарақшылық, арам іс болған болар еді. Аса қадірлі, патша ағзам! Сіз ойлап көріңізші: осы бағалы қойманың арқасында өмір тіршілігі мен сіздердің бар жетістіктеріңіз бен тоқшылықтарыңыз қамтамасыз етілер еді. Тек менің әкемнің ұрлағандары оған жақсылық әкелместен, оны ерте өлтірді, мүмкін, мәңгілік азап пен тозақта жатқан шығар. Не де болса, менің тақсырым, сіздің бар жақсылығыңыз үшін бәріне де барамын...»
Күйеуіне қастандық жасағандар туралы, оны қалай қорғап қалғаны және де алтын қойма жөніндегі сойқан әңгімелерді түс көргендей еміс-еміс есіткен патшазада таң қалып отыр.
«Рейнеке! Менің сізге айтар кеңесім, бәрін де таразылап, ойланыңыз! Мәңгілік отаныңызға аттанып жатқанда, бар шындығыңызды жайып тастап, қандай қастандық жасағаныңыз туралы анық-қанығын баяндаңыз, сөйтіп өзіңізді бар күнәларыңыздан тазалаңыз!..»
Бұл жерде патша ағзам өзі араласып: «Бәріңіз де тыныштық сақтаңыздар! Рейнеке төменге, жерге түсіңіз. Маған жақындап келіңіз, — бұл іс маған қатысты болғандықтан, тек маған жақын келіп айтуын қалаймын...» Бұл сөзді естіген Рейнеке — көңілі жайына келгендей болды. Сатыдан жылдам түсті де, өзгелердің өкініштеріне орай, патша ағзам отырған таққа нық аяқ басып келді де, екеуі өткен қараңғы тарих туралы бір-бірімен қатал сұрақ-жауап алып терең сұхбаттасып жатты.
Рейнеке-түлкі жаңа құйтырқы істерге дайындалған еді: «Тек енді гүлтәжді жұбайлардың көңілдерінен шығып, сіңісіп кету. Тек осы амал-шараларым іске асып, мені өлімге жолдама беріп отырған жауыз дұшпандарымды өзім тұншықтырып өлтірсем, болашақта кездейсоқ қиянаттардан мен өмірлік құтылар едім! Бақыт құсы ойда жоқтан менің де басыма келіп қонайын деп тұр-ау осы — сондықтан бар ұятты жиып қойып, өтірікті судай сықпырту қажет».
Осы кезде патшазада шыдамы таусылып сұрақ қойды: «Соншалықты істердің қалай болғанын, бізге ашық айтып беріңізші. Ұятыңыз біліп, бар шындықты айтсаңыз, өзіңіздің көңіл-күйіңіз жеңілдер еді!»
Рейнеке оған жауап қатып: «Мен сізге бәрін де шын ниетіммен хабарламақпын. Ешбір жан да менің енді өлімімді қорғап, көмек бермес. Маған енді дүниеден кетіп бара жатқанымда — басыма мәңгілік азап пен тозақты сатып алу не керек? Бұл дегеніңіз ақымақтық болар. Қымбатты ағайындарымды, сүйікті достарымды жаманатқа қалдырғаныма кешірім сұрай отырып, бар теріс істеген істерімді мойындауға мәжбүрмін. Қайтейін, амалсызбын! Мені тозақтың сор азабы күтіп тұр!..» Патша ағзамның бұл айтылған сөздерден көңіл-күйі түсіп кетті. Одан сұрап жатыр: «Сен шыныңды айтып тұрсың ба?»
Рейнеке мүсәпір күйге түсіп жауап берді: «Мен шындығында да, айыптымын, бірақ та, барлық басымнан өткен істердің бәрі де, шындық. Тақсыр, сізге өтірік айтқаннан, маған не пайда? Онда өмір бойы менің басым азап пен тозақтан құтылмас еді. Сізге айдан анық белгілі: Мен сотталдым, мен енді өлімге бас идім, — мекерсудің уақыты емес. Маған енді жанкештілік те, өжеттілік те — ештеңе де көмек бермес!..» Рейнеке айтып тұрып, есінен танғандай кейіп білдірді.
Патшазада ауыр күрсініп: «О, бейшара! Ол қандай маған аянышты! Бас ием менің, ақылға салып, оған кешірімділікпен қарауыңызды өтінемін. Оның куәгерлік сөздерінен соң қаншама жандарды бақытсыздықтан, қиянаттан сақтап қалмақпыз біз! Болған оқиғаларды ол ләжі болса, тезірек баяндап берсе, — сол ғұрлым жақсы. Бәріне де тыныштық сақтауды бұйырыңыз, ол байғұс еркін сөйлейтін болсын».
Патша ағзамның бұйыруымен, жиналыстағылардың айқай-шуы лезде басылды.
Рейнекеге жан бітіп: «Егер де құрметтім, сіздің қалауыңыз болса, ендеше мені тыңдауыңызды өтінемін. Мен, дегенмен де ешбір арнайы құжаттарды көрсетпегенмен, менің көрсеткендерім тура және шындық: Ешкімді де аямастан, мен сізге бар құпия қастандықтың бетін ашамын...»
Бесінші өлең.
Түлкінің өзгелерді айыптап, өзінің жасаған қарақшылықтарын жасыру мақсатындағы қулық-сұмдығын ары қарата енді тыңдаңыздар. Үш қабат өтірікті ол ойлап тауып: о дүниелік болған жер астында жатқан әкесін де аямады, ұятсыз өсек-аяңдармен өзіне адал қызметкер Гримбартты қарабет етті.
Өзінің дұшпандарын құрту жолында, жоқты бардай, өтірікті шындықтай етіп, ешбірінен де ұялмастан, өзін сендіруге жан аямастан ат салысты. «Менің әкемнің бағы ашылып, — деп Рейнеке сөзін бастады, — патша Эммериха күштінің асыл қоймасының құпия жолын байқап тауып алды. Ол табылған қазына байлықтың қайырымы болмады. Аса көп байлықтан ол дандайсып кетті, өз замандастарынан, достарынан қашқақтап, жек көріп, оларды ешкімге де санамай қойды: ол өзгеше ортаны іздеді. Гинце-мысықты жер түбіндегі Арденнаға аттандырды, сол жерден Сұлтанды тауып келгін деп, сондағы ойы — аюдың алдында ант қабылдап, Фландрия өлкесінде ол таққа отырып, билік құру үшін.
Сұлтан-аю оның жолдамасын оқып, қуанышында шек болмады. Бұрыннан қарақшылық жасау үшін құрып жүрген жоспарларын орындаймын деген ой келіп, тез арада Фландрияға жолға шықты. Сонда барып әкемді ол тауып алды, ол да оны қуана-қуана күтіп алды. Изегрим де, Гримбарт та біргелесіп ақылдасып, тірлік жасауға, тез арада шақырылып алынды. Төртеуі біргелесіп, ақылдасып, бар істің басын шешіп жатты. Айтпақшы, ол жерде бесінші жан да болғантұғын: мысық Гинце... Ифта деген сол маңда ауыл болатын, сонда бар қарақшылық жоспар құрылатын. Түн қараңғысында жиналған оларды жұрт көзінен жасыратын. Жоқ, құдай емес, ібіліс-шайтан ісі оларды теріс жолға салған. Әкем оларды өзінің арам жолмен тапқан алтын зерделерімен алдап, арбап, қызықтырды.
Патша ағзамды өлтіретін болып олар бір күні бел байлайды! Өзара мәңгілік кеңес құрып, қиянатты қасқырдың басында бесеуі ант берді: Ежелгі ахен тағына мұрагер Сұлтан-аю патша болып таққа отырсын. Ол, болса, алтын гүлдестелерге оранған мықты мемлекет орнатады. Егер де патшаның ағайындары не болмаса достарының арасында қарсы шыққандары кездессе, — о дүниелік болған әкем менің, оларды көндіруге дайын еді, көнбегендерін ел ішінен қуып жіберуді өз мойнына алған болатын. Мен бұл жағдайды былайша білген едім: Әбден тойып ішіп алған Гримбарт аузына келгенін оттап кетті: Ақымақ әйеліне барлық жасаған қарақшылық істерін мақтана айтып беріп, оған ешбір жанға да тіс жармағын деп қатал ескертті де — сонымен қанағат жасаған еді. Бір күні борсықтың әйелі менің әйеліммен жолығып қалып, менің әйелімнен ешкімге де жәрия етпеймін деген достық сеніммен айтқан антын алып... бар сырын жайып салған. Өзінің берген уәдесін ішінде көп сақтамастан менің әйелім: Маған кездесе салысымен, бар білгендерін, керек десеңіз әрбір қимыл-істерін жіппен тізгендей етіп айтып берді, оған сенбесіме ешбір амалым қалмап еді. Менің таң қалғаным соншалық, сөзбен жеткізе алмаймын.
Құрбақалардың тоқтаусыз айқай-шуының дауысы, құдайым-ай, көк аспанға жарып барып жеткендей сезімде болдым. Олардың отарлық езгіден кейін, патшалық таққа отырып, оңды-солды дүние шашып, еркін бостан өмір сүргілері келіпті. Олардың тілек-ойлары құдайдың құлағына естіліп, оларға аққұтанды жібереді. Аққұтан оларды жан-жақтарынан қысым жасап, оларға күн көрсетпей қояды. Әлі күнге дейін қатал! Ақымақ оңбағандар жылаумен келеді, өкінішке орай, бәрі де кеш енді — патшаның қаһары жібермей отыр...» Рейнеке-түлкі жиынға жиналғандарға қарап, дауысын көтеріп: — Әрбір сөзімді анық есіттіңіздер ме, жануарлар деп алды да, ол сөзін жалғастырды: «Көрдіңіздер ме, мен сіздердің аманшылықтарыңызды ойладым. Міне, осындай болған. Уа, тақсыр! Мен сіз үшін күйіп-жандым, міне енді алған — сый-құрметім! Сұлтанның жүріс-тұрыстарын мен білер едім, аюдың зұлымдығын да білер едім, оның ұрлық-қарлығын біліп, оның соңы жақсылыққа әкеп соқпайтынын күтіп жүр едім: Егер де ол патша болғанда, онда біздер бәріміз де сөзсіз құритын едік. «Біздің бас иеміз адал ниетті, орасан зор, кішіпейіл, — деп өзімше шешіп-түйдім. — Өзге жан орнын алғаннан бізге жақсылық болмас. Соншама төбемізге көтеретіндей — кім еді сонда? Көшеде жүрген біреу, ақымақ-аю!»
Мен осы ойымды қалайша іске асырсам екен деп, көп ойлаумен жүрдім. Егер де менің әкем қымбат заттар қоймасын өз қарауында ұстап, оларды, қолдайтын жандарды көптеп өздеріне тартса, ойлаған құйтырқы мақсаттарына жетіп — біздер патшамыздан, бас иемізден айырылған болар едік. Мен сондықтан бар мақсат-ойымды бір жерге түйдім: Қойманың орналасқан жерін тауып алып, біртіндеп қымбат заттарды ұрлап алу болды. Кәрі әкем, қу қақбас, бір жаққа, орманға күндіз, не түнде жаңбыр-суға да, күннің ыстығына да қарамастан, шыға қалса болды, мен оның артынан аңдып отыратын болдым.
Бір күні мен, топырақты қазып алып тығылып, қайтсем қойманы тапсам екен деп ойға шомып жатқан едім, әкемді байқап қалдым, — айналасы тастармен қоршалған бір құдықтан ол жын ұрғандай шығып келе жатты. Мен демімді шығармастан қата қалдым. Біреу-міреу ойда жоқта жүрген жоқ па екен дегендей, ол жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алды да, бір белгісіз тірліктерді жасай бастады. Сіз жалғасын тыңдаңыз!
Құдықтың аузын құммен жапты да ол, кейін бетін лай топырақпен сылап-сыбап тастады, аңдып, байқап оның бұл істерін көрмеген жан, ешнәрсені де білмес еді. Өзінің келген, кеткен іздерін тұмсығымен тістеп, құйрығымен бұлаңдатып сыпырып жүріп, із-түзсіз жоғалтып отырды. Осындай істерін мен сол күні әкемнен алғашқы рет үйренген едім, — Біреуді алдап арбауға, бір нәрсеге, айлакерлік істеуге ол епті де, ұста болатын! Кейін ол өз істерімен кетті. Маған бір ой келді: Мүмкін, белгілі алтын қойма осында жатқан шығар! Мен жылдам жүгіріп, сол жерге бардым да, аяқтарыммен топырақты тереңдете қаза бастадым, бір кезде алдымнан үлкен үңгір көрінді. Ішіне кіріп қарасам — өмірімде көрмеген небір қымбат зергер заттарды көрдім десеңізші! Қаншама күмістер мен он теңгелік алтындар толып жатыр! Шынын айтқанда, сіздердің араларыңыздағы ең жасы үлкендеріңіз де өмірінде мұншалықты дүниені өңі түгілі, түсінде де көрген емес. Әйелімді сонда алып бардым — жұмысымыз бастан асты. Күндіз-түні көтеріп, тасумен болдық: ешбір көлігіміз де, арбамыздың да бізде жоқ еді. Қаншама біз екеуміз күшімізді аямастан сарп етіп, еңбектендік десеңізші! Менің Эрмелинам сонда шексіз сүріне күш жұмсаған болатын! Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде соншама байлықты сенімді жерге әкеп алдық-ау.
Бұл кезде менің әкем, патшаға қастандық жасауды ұйымдастырушылармен басы қатып жүрген болатын. Оларды түзіп қойған жоспарларын естісеңіздер шаштарыңыз тік тұрса керек.
Изегрим Сұлтанмен біргелесіп әр өлкелерге арнайы жазылған хаттарды таратумен, — жалдамалыларды да шақыртқан: топ-тобымен үйіліп келіп жатқандардың бәріне де жұмыс беріп, керек десеңіз жалданғандарға алдын-ала ақыларын беріп жатты. Осы мәтіндегі хаттарды менің әкем де ел арасында таратып жүрді, ал қоймадағы байлықтың, ешбір мұрты бұзылмастан, жайында тұрғанына кәміл сенімді болатын, бірақ та... ондай емес еді! Егер де ол өз достарымен бірге тұрған жерінен қымбат заттарын іздегендерінде — керек десе де, бір де түйірін таппас еді! Аз уақыттың ішінде әкем бар күш-қуатын аямастан Эльба мен Рейннің арасындағы, бүкіл жеріндегі елдерді жүгіріп аралап шықты.
Көптеген аңшыларды тауып, көбісін көндіріп қойған еді ол: әсіресе хабаршыларға алдын-ала қомақтап қаражаттан беріп жүрді. Ел арасына жаз келді.
Менің әкем бүлікші достарына келіп, кейінгі кездерде жол жүрудің қиындап кеткенін, қайбір күні Саксонийдің биік қорғандарының жанымен өтіп бара жатып бір өлімнен аман қалғанын да баяндап берді. Сол жерлерде жүргенінде, атқа мінгендер бұның соңынан қалмастан қуып, ұрып-соққыға жықпақ болғанын, әрең, әупірім дегенде терісін жарақаттамастан, аман-есен елге оралғанын айтып жатты. Ол төрт бүлікшіге де оның өз жағына алтындар беріп көндіріп, келісімдерін бергендердің тізімдерін тарқатып береді. Сұлтан риза болып қалады. Бесеуі кезегімен тізімді оқып береді. Тізімге енгендер: бір мың екі жүз қасқырдың ағайындары, шибөрілер тырнақтарын қайрап, тістерін ақситып жақын күндері осында келіп жетпекші болып келіседі.
Кейін: Сұлтанды қолдап мысықтар мен аюлар, сонымен қатар саксотуриндегі барлық борсықтар, жын-перілер, айдарлы құмайларға да жауапты істерді тындыру тапсырылды: Ақысы бір ай бұрын төленетін болды. Келісім бойынша бұл қуатты күштер бірінші хабар жеткеннен осында болулары қажет болатын... Олардың жоспарларының орындалмай қалғанына, құдайға шексіз алғыс айтамын! Тірліктерін орындап болғасын, көптен келмей кеткен алтын, күміс зергерлерін тексеріп қайтпақ ниетпен, әкем асығыс жолға аттанып кетеді. Қандай қайғы-қасіретке ол душар болды дейсіз! Ол қазып жатып, іздеумен болды, іздеген сайын, сенімі де жоғала бергендей. Тынымсыз оның жасаған әрекеттері бекерден-бекер болды: Байлыққор болмай шықты! Әкем іздеген затын ешқашан да таба алмас еді. Ашу мен ызадан (бұл жөнінде есіме түссе күндіз-түні мені азапқа салады) менің әкем тұншығып өлді. Бұл істерге мен, бүлік көтеріліс болмау үшін бардым. Бұл маған өте ауыр соқты, дегенмен де мен қапа емеспін. Маған, Изегрим мен Сұлтанның бұл тойымсыздардың, сіздің жаныңызда, кеңесте бірге отырғандары ренішті-ақ.
Рейнеке болса, бейшара, ел басшысын сақтаймын деп, өз әкесінен айырылған жан, енді қандай сыйға ие болып отыр? Сіздің баға жетпес өміріңізді сақтап, қорғау үшін, кәне кім бар екен өзінің қу басын өлімге де тігетін?...» Патша ағзам мен патшазада қалай сол қоймадағы байлықты қолға түсірсек екен деп армандаумен болды. Олар Рейнекені бір шетке алып барып, ешкімге де естіртпестен сыбырлап, асығыс сұрай бастады: «Қайда ол қойма? Айтқын! Біз дәл қазір білуге тиіспіз!»
Рейнеке олармен келіспегендей: «Кешірерсіздер, қаншама патшама жақсылық жасағаныммен рахметіме дарға аспақ па? Сіз болсаңыз айналаңыздағы өтірікші жылпостарға, менің қас дұшпандарыма, ұрылар мен жанкештілерге сеніп жүрсіз...»
«Жо-жоқ, — деп дауыстап жауап қатты патшазада, — жоқ! Мен сеніммен айта аламын, патша ағзам бәрін де кешіріп, сізге өмір сыйлайды! Бар ашу-ызасы рақымшылыққа алмасады. Бұдан кейін енді ақылменен тірлік жасап, патша ағзамның айтқаны мен дегенін мүлтіксіз орындайтын болыңыз». Түлкі басын иіп тағзым етті: «Менің падишам, егер де сіз патша ағзамымызды көз алдыңызда маған кешірім жасата отырып, сонымен қатар менің оған, өкінішке орай, жасаған қылмыстарымды, жат қылықтарым мен барлық көрсеткен озбырлықтарымды мүлдем естен шығарса, — сонда мен риза болып оған өмірінде көрмеген орасан байлықты әкеп берер едім. Таусылмайтын қор! Орналасқан қордың жайын көрсетсем — таң қаласыздар...» «Оған сенбеңіз, — деді патша айқайлап, — егер де ол қарақшылық , ұрлық, алдап-арбау туралы айтса, — онда түгелдей сенуге болады: жер бетінде бұдан артық өтірікші болған емес».
Бірақ та патшазада: «Өткен өмірінде, расында да оған сене беруге болмас еді. Бүгінде де бірақ та... сеніңіз: Әкесінің теріс істерін әшкерілеп, бәрін де анық баяндап берді. Бөтен бір жануарларды бұл іске шатастырып, — өзінің әкесін аман сақтап қалуы ол үшін түкке де тұрмас еді ғой. Бекерден бекер ол өтірік сөйлемес».
«Егерде сіз солай деп ойласаңыз, — деп патша ағзам оған қарап, — осындай шешім жаманшылыққа апара қоймас деп сенім білдірсеңіз, — сіздің айтқаныңыз бойынша істейміз: Рейнеке-түлкінің барлық жасаған қылмыстарын және де қоймадағы қор мәселелерін өз мойныма аламын. Мен оған сенемін, бірақ та соңғы рет — осыны ол есіне сақтасын! Тәжімді киіп тұрып ант етемін, егер де ол бұдан кейін және де қандай да бір істе айыпты болатын болса, не болмаса өтірік айтатын болса, — онда ол өмір бойы зардап шегетін болады: Онымен бірге болған ағайын-туыстарының қай-қайсысы да болмасын, бэрі де жауап беретін болады, ешкім де құтыла алмайды, — Бәрінің де масқарасын шығарып, аяусыз соттап, жазаға тартам!..» Рейнеке, патша ағзамның тез арада көңіл-күйінің өзгергенін сезіп, оған күш-жігер беріп, сөзге келді: «Қалайша мен сіздің қаһарыңыздан қорықпастан, бас ием, осындай әңгіме айта аламын, егерде менің айтқандарымның бәріде жақын күндерде дұрыс екендігі дәлелденбесе?..»
Сеніммен айтқан сөздеріне патша сеніп қалды, — әкесінің сатқындығымен қоса алаяқтың да бар қылмыстарына кешірім жасалынды. Рейнекенің қуанышында шек болмады. Не деген сәттілік! Ол дұшпандарының зорлық-зомбылығынан да, дарға асу үкімінен де құтылды.
«Аса құрметті патша ағзам, аса ардақты бас ием! — деді ол, — Сіздің және патшалығыңыздың маған, бейшара жанға жасаған бар жақсылығыңыз үшін, құдайым сіздерді қолдап, қорғасын. Мен бұдан кейін мейірімді жан боламын деп ант етемін. Менің сізге сыйға әкеліп беретін алтын, күміс, зергелерімнің бағасына жер жүзіндегі ешбір мемлекеттің, ешбір елдің дүниелері жете алмас! Қаншалықты маған сіз жақсылық жасадыңыз десеңізші! Патша Эммерихтің саны жетпес қазба байлығын шын ниетіммен сізге тапсырамын! Қойманың қай жерде жатқанын мен сызып беремін, — сізге мен шындығымды айтып тұрмын.
Шығысқа қарап бағыт алсаңыздар Фландри өлкесінде Орманша мен Гауһартастың екі ортасында шөл дала бар. Осы аталған атауларды естеріңізде сақтаңыздар. Майбұлақ деген бұлақ бар. Орманның жанында. Жылдап ол жерде бір жанды да кездестірмейсіз. Жапалақ пен үкіден өзге құс онда жасамайды. Міне, сол жерде қазынамды тығып қойғанмын. Ия, Майбұлақ — жергілікті жердің атын ұмытпаңыздар. Тек өзіңіз падишаңыз екеуіңіз ғана жолға шығыңыздар. Бұл күнде кімге сенуге болады дейсіз? Тәуекелге бару өте қиын, сондықтан абай болғаныңыз дұрыс. Бәрінен де сіз жеке өзіңіз барсаңыз болар еді. Майбұлақтан өте салысыңызбен екі жас аққайың ағашы кездеседі. Есіңізде болсын: біріншісі — бұлаққа жақын. Сіз, менің қадірлі патша ағзамым, тура аққайыңға қарап жүріңіз. Соның астында қазына жасырылған. Терең қазыңыз! Жуан тамырларды алып тастағаннан кейін — Алтындар! Алтындар! Неше түрлі әсем зергерлер. Эммерихтің тәжін де сонда табасыз. Егер де аюдың жоспары іске асқанда — тәжді аю киген болар еді. Онда неше түрлі қымбат тастармен зерделенген, әшекейлі дүниелер бар дейсіз. Бұл күнде ондай ұсталарды таппайсыз. Кім ондай күрделі жұмыстар істеген ұсталарға еңбек ақысын бере алады дейсіз? Соншама дүние байлықты көргенде, мені, түлкіні еске аларсыз: «Рейнеке, — деп сіз, — менің сенімді түлкім, қандай ақылдысыз, мұншама қазынаны осында жасырып қойған, — өмір бойы бақытты бол, қайда жүрсең де аман бол!» — дейсіз. Сөйтіп екі жүзді алаяқ сөзін аяқтады.
Патша ағзам сиынып: «Қандай дегенде де сіз мені бірге алып баруға тиіссіз. Мен қалай ол жерді таба аламын? Турасына келгенде, Ахен, Любеке, Кёльн және де Париж деген жерлерді естігенмін. Ал, Гауһартас! Өмірімде естіген емеспін. Ал, Майбұлақты — ешқашан да! Сен бұл жолы да алдап тұрсың ба деп, қорқамын? Осындай келісті аттарды сен ойдан ойлап тауып отырсың-ау деймін».
Рейнеке патшаның күдікті сөзіне қапа болып: «Мен сізді соншалықты алыс жерге іздеу салыңыз деп тұрған жоқпын ғой! Иорданға баруыңыз керек деген емеспін. Неге сенімсіздік танытасыз? Ол жер, сізге қайталап айтамын, Фландриде — шет елде емес. Мүмкін, бірер жаннан сұрап көрерміз? Солар сізге анығын айтар:Гауһартас пен Майбұлақ. Мен тек осы жерді ғана айтқанмын».
Ұзынқұлақ қоянды шақырған еді, қолы дір-дір қағып, — бата алмады. Рейнеке айқайлап: «Батылырақ! Сізді бас иеміз шақырып отыр, — жақында сіздің ант қабылдағаныңызға байланысты, патша ағзам сіздің бұл жер туралы бар шындықты айтып беруіңізді қалап отыр: Гауһартас пен Майбұлақ қай жерде орналасқан? Жауап беріңіз!»
Ұзынқұлақ жауап қатты: «Мен сізге турасын айтайын: Майбұлақ мұнда, мына жерде — Гауһартас. Гауһартас — қалың орман, ақсақ Симон бас кесер қарақшылармен қосылып жалған теңгелер шығарғандары үшін жазадан қашып, сол жерде көптен бері тығылып жүрген болатын. Сонда қаншама мен азап шектім десеңізші! Ол шет жақта азып-тозып, қатып-тоңып жүргенімде, ол аз болғандай Көкжал деген қабаған ит күн бермеген соң, осында қашып келдім...»
«Доғарыңыз, — деп Рейнеке сөзін бөліп тастады, — көпшілік қатарына барып тұрыңыз. Бас ием сіздің сөзіңізге қанық болды».
Патша ағзам болса Рейнекеге қарап, сөз қатты: «Сіздің туралығыңызға қызбалық жасап, күмән келтіргеніме кешірім сұраймын. Не дегенде де сіз мені сол жерге бірге ертіп баруыңыз керек».
Рейнеке және көрініп: «Егер де сіз өзіңізбен бірге мені Фландрияға алып кететін болсаңыз, бұл мен үшін үлкен бақыт болар еді. Ол жағдайда сіз үшін үлкен күнә болып саналар еді. Бәрін де ашық айтып жайып салғанша, тыныш, түк білмегендей отырсам болмас па еді, мен жағымнан ұят тірлік болды ау...
Изегрим жақында шашын тақырлап алып тастады. Расында ол құдайға құлшылық қылайын деп отырған жоқ, өз қарнын ойлап отыр. Шіркеудегі дүниені түгелдей жеп бітті! Алты қызметкердің алатын айлығын бір өзі алып тұрып, сонда да ол тойымсыз, — азып-тоздым деп, жылап-сықтаумен. Ол аштықтан естен танғандай болды — ол менің жақын туысым емес пе, мен оны аяп кеттім. Әкем мені осы ісім үшін жазалап — қамап қойды. Мен енді сізден рұқсат алып, бар күнәларымды тазалау үшін тез арада таң атысымен, көлікпен Римге жол жүріп кетуім керек, одан арысы — теңіздің арғы бетіне өту. Сондай болғанда ғана, мен бар күнәмнан тазарамын ба деген ойдамын. Содан кейін, елге оралып, сізге адал қызмет ететін боламын. Бұл шешімімді мен бүгіннен бастаймын, — болмаса: «Осы патша ағзамға не болған? Қалайша ол кеше ғана өлім жазасына кесілген Рейнекемен достасып кеткен, және де — шіркеуден алыстап қол үзіп кеткен жанмен?» — деп жұрт айтар. Аса құрметтім, бас ием, көріп отырсыз ғой — ешқандай да жолы болмай тұр». «Расында да! — патша ағзам келіскендей болды. — Бұл жағдайды мүлдем ойламаппын. Егер де сен шіркеуден қол үзген болсаң, менің сенің жаныңда болғаным әбес екен. Ұзынқұлақ, болмаса өзге жандар мені ол жерге алып барар. Ал, сенің бұл жерден бір шама уақытқа кеткенің жақсы, құптарлық іс. Демалыс алуыңа мен саған рұқсат етемін, — Таң ертеңнен ертелеп жолға шық: имандылық жасаған жанға кедергі жасағым жоқ. Байқасам сіз дұрыс жолға түсуге шешім қабылдапсыз. Бір Алла сіздің жолыңызды ағынан қолдап, жарылқасын!»
Алтыншы өлең
Сөйтіп Рейнеке және де патша ағзамның рақымшылығына ие болды. Патша ағзам қадамдап барып, биік жартастың үстіне көтеріліп, жанды мақұлұқтарға сөз қатты, бәрің де тынышталып ағайын-туыстар болып, шендеріңе қарап қатарласып көгал шөптің үстіне келіп жайғасыңдар. Рейнеке патшазаданың жанында тұрды. Патша ағзам сөзін өте абайлап бастады: «Бәріңіз де тынышталыңыздар, құстар мен аңдар, мұқият тыңдаңыздар, кедей де, бай да, үлкен де, кіші де бәріңіз де тыңдаңыздар, сіздер, бәріңіз де менің би-сұлтандарымсыздар, сарай нөкерлері, үй қызметкерлері, бәріңіз де! Рейнеке менің қатал қадағалауымда тұр. Осыдан біршама уақыт бұрын біз оны дарға аспақшы болдық, ал ол болса қаншама құпия істерді жәрия етті, сондықтан да мен оған сенім артып, кешірім жасадым. Оны қолдап менің падишам да өтінген болатын. Мен оған және де сенім білдіріп, онымен толық достасып, оған өмір сыйлап және де, қызмет те бердім. Менің достығым оған қорған болады. Сіздерге мына жағдайдың орындалуын қатал ескертемін: Рейнекені, оның әйелі мен бала шағасын-қайда, қай жерде болмасын күндіз де, түнде де кездескен кездеріңде сыйлап, құрметтеп жүретін болыңыздар. Рейнекенің үстінен түскен арыз-шағымдарды енді мүлдем қабылдамайтын боламын. Оның жасаған жат қылықтарының бәрі де артта қалды. Болашақта ол сөзсіз жөнделеді. Білесіздер ме, таңертеңмен қолына асатаяғын, шапанын алып, имандылық жолына түсіп Римге жол жүріп барады, сонан ары қарай — теңізден өтеді. Ол енді барлық істеген күнәларын жуып-шайғанша қайта оралмайды...»
Ашу қысып мысық Гинце аю мен қасқырға қарап: «Соншама терлеп-тепшіп, күйіп-пісіп шапқылаған еңбектеріміздің бәрі де, бір тиын болды! Енді бұл жерден маған алысқа тайып тұру керек! Рейнеке енді бостандық алғаннан соң, біздің үшеумізді де құртудың амалын іздейді. Мен бүгінде көзімнен айырылсам, — енді онан да бетерін көретін шығармын?» «Меніңше, қымбат та, жақсы кеңес!» — деп Сұлтан жауап қатты. Изегрим-қасқыр күңкілдеп: «Түсініксіз тірлік! Патша ағзамның өзіне барып айтсақ қайтеді?»
Сұлтанмен біргелесіп жұптасқан топ көңілсіз күйде гүлдестелер бағының жанында ұзақ уақыт тұрып, аса іждахатпен Рейнекені жамандап, жерден алып, жерге салып жатты.
Патша ашуланып: «Құлақтарың керең болған ба? Мен сендерге айттым ғой, оған бостандық бердім деп!»
Екеуін де ұстап, байлап, қамауға алыңдар деді ол, ашу қысып. Себебі олардың оған қарсы қастандық ұйымдастырып жүргендерін, Рейнеке-түлкіден жаңа ғана естіген болатын. Бар болғаны бір-екі сағатта бәрі де өзгеріп шыға келді: Рейнеке-түлкі оттан аман, судан құрғақ шығып, ал оны әшкерелеушілер масқара болып, тұтылды. Ол барлық істі қутыркы жолмен төңкеріп жібергені соншалық, аюдың терісін ұзынынан бір қарыс, көлденеңінен де бір қарыс жұлып алынған бөлігінен — шапан тігуге жарап та қалар. Расында да, иман жолындағы жолаушыға, керегі де осы болар. Және де енді оған патшазадамыз оған бір етік сыйласа екен: «О падишам менің! Егер де мені құдай жолындағы құлы десеңіз, онда сіз маған сол алыс имандылық сапарыма ақ жол тілеңіз. Изегрим екі бірдей өте мықты етік киіп жүр. Егер де бір жұбын маған жолыма берсе дұрыс болған болар еді. Сіз, падишам, патша ағзамызға бір ауыз есіне салсаңыз екен. Гирмунде ханымға да бір жұбы жетеді ғой, себебі ол үнемі үй күшік болып үйінде отырады». Бұл өтінішін патшазада дұрыс деп санады.
«Ия, оларға бір ғана жұп жетеді, — деп игі ниетпен ол жауап қатты». Рейнеке аяғын тарс-тарс ұрып, сартылдатып, падишаға басын иіп ризашылығын білдірді: «Екі жұп етікті мен алғаннан кейін, бекерден бекер қарап тұрмаспын. Адал, иманды жандардың қатарында болу жолындағы мен жасамақ болған бар жақсылық істерді, құдайым жарылқап, сіздерге де, бас иеме де берер. Біздерге көмек берген Құдайымызға бәріміз де тынбастан құлшылық етуіміз керек. Аллатағалам сіздерге жақсылық әкелсін!» Аспанның көгілдір аясында тырнақтарының дөп астынан шешіп алып, сөйтіп Изегрим алдыңғы жұп етігінен айырылып қалды.
Гирмунде ханымды да, расында, аямады, — артқы етіксіз қалды. Сөйтіп ол екеуі де, тырнақты табандары терісінен айырылып, Сұлтанмен біргелесіп, өлім жазасын күтіп жатты.
Етік пен шапанды алғанына бетпақ жәдігөй қарамастан, олардың жанына келіп, әсіресе қаншық қасқырға күле қарап: «Сүйіктім, жарқыным, — деді ол оған, — қараңыздаршы, сіздердің етіктеріңіз шап-шақ келгенін! Енді маған олар қызмет етсе керек: Мені құрту үшін, сіздер не бір амалдар жасамадыңыздар, мен де қарап жатпадым, нәтижесіз де емес. Осыдан біраз уақыт бұрын сіздер жеңіс тойын тойладыңыздар — енді кезек маған келіп отыр. Мен жол жүріп бара жатып күнімен ағайындарымның жақсылықтарын ұмытпаспын: себебі сіздер маған шын ниеттеріңізбен етіктеріңізді сыйлап отырсыздар. Оған қапа болмайсыздар деймін: Римде жіне теңіздің арғы жағында болғанда көп күніларымнан құтылып, сиынған жақсы күндерімде, кейін сіздермен де бөлісуге дайынмын...»
Гирмунда ханым қиналып, есі бір кіріп, бір кірмей жатты, сөз айтуға да шамасы жоқ еді, бір кезде есін жиып, ауыр күрсініп, сөзге келді: «Біздерге күнәміз үшін жаза берсе, құдайым саған қуаныш береді».
Изегрим Сұлтан екеуі де үнсіз, тістерін тістеріне қабыстырып жатыр. Екеуі де жаралы, байлаулы, өте аянышты, айналасындағы жануарларына күлкі болған.
Жетпегендері Гинце еді: Рейнеке мысықты да моншаға түсіріп бір ысытып алар еді! Таң атысымен жалғаншы қызу іске кірісіп те кетті: Екі жақын туысы айырылып қалған етіктерін Рейнеке жақсылап майлады да, ақ сарайға барып патша ағзаммен қоштасып жатып ол, былай деді: «Сіздің сенімді құлыңыз киелі жолға аттануға дайын, сізден үлкен өтініш, өзіңіздің шіркеу қызметкеріңізге тапсырма берсеңіз, менің сапарыма ақ жол тілеп, құдайым жортқанда жолымды берсін деп сиынып батасын берсін...»
Патша сарайының шіркеу қызметкері Бэллин-қой болатын, — небір дін жолының қыр-сырларын білетін, сонымен бірге ол патша ағзамның хатшысы еді. Патша оны алып келіңдер деп бұйырды.
«Кәне, — деді ол, Рейнекенің сапарына ақ жол тілеп, осында тездетіп құран-дұға жасаңыз. Ол Рим мен теңіздің арғы бетіне, құдіреттімнің жатқан жеріне — жол жүріп барады. Құдайға құлшылық еткенге шапан жауып, асатаяғын беріңдер».
Беллин қарсылық танытып: «Бас ием, сіз, меніңше, есіткен шығарсыз, оның әлі күнәлары кешірілген жоқ. Мен бұл үшін кешірілмес күнәға батамын ғой: Егер де шіркеу басшысына бұл тірлік барып жетсе, маған жаза қолданады. Менің жеке басым Рейнекеге ешқандай да айтарым жоқ. Шіркеу басшымыз Бұзыпжар мен дуагеріміз Басболардан маған сөз, қамшы тимейтін болса және де оқытушымыз Масқорылдан жаза болмаса, — мен сізге қарсы болмас едім...»
«Егер де деген гөй-гөйіңді тоқтатқын!» — деп жауап берді патша. Ешбір мән мағынасы жоқ, пәтуәсіз сөздеріңді. Егер де болса да, болмаса да ол туралы иманды жылы сөз айтып бата бермесең, — шайтанның өзін әкеліп оқытамын! Шіркеудің оқымыстысы маған кім ол? Рейнеке Римге құдайға құлшылық етуге бара жатқанда сендер кедергі жасап отырсыңдар!» Бэллин қорыққанынан желкесін қаси бастады.
Патша ағзамның қаһарынан сасқандығы соншалық — ә деместен діни кітабынан құран дұғаларын оқи бастады.
Түлкі болса оның аяттарына ынталанып құлақ та асар емес: «Егер де бұл сөздерінен пайда болса, онысыз да пайдасы тиер деген ойда болды».
Баталы сөздер айтылып — Рейнекеге шапан мен асатаяқ арнайы тапсырылды. Бәрі де дайын болғанмен, имандылық жолына сапар шегіп бара жатқан жан өтірік сөз айтты.
Алаяқтың алдамшы жүзі мың құбылып, көзінен жасы жаңбырдай ақты кеп тоқтаусыз себелеп, сақалдарының түгел арасы суға толды, бір нәрсеге өте күйіп-пісіп, жанғандай күй кешті.
Дұшпандарын түгелдей жазалай алмағанына, тек үшеуін ғана жазалағанына шындап күйіп-піскен еді. Дегенмен де ол, осындағы жандардан шын жүректен бұл үшін сиынғандарын өтіне қалап, басын иіп сұранды да, асығыс жинала бастады: Ашу-ыза деген зеңбірек аузында болатын, — сондықтан да оның қорқынышында да жөн бар.
«Рейнеке, — деп патша оған қарап тіл қатты, — бұл не деген асығыстық?» «Жақсылықтың жолында, асығыстық болмас, — Рейнеке жауап берді. — Менің кеңпейіл қорғаушым! Сізден мені көп ұстамастан, жіберуіңізді сұранамын. Менің сәт сағатым келді, — маған жолға шығуыма рұқсат етсеңіз». «Қайтейік, — патша келіскендей кейіп танытып, — ақ жол!» — тіледі.
Солай деді де ол сонда тұрғандарға бәрінің де — алаяқ сапар шегушіні алыс жолға шығарып салуларын бұйырды. Ал бұл кезде қараңғыда Изегрим мен Сұлтан екеуі жарақаттары сыздап, күйіктен жылап-сықтауда еді...
Сөйтіп Рейнеке-түлкі патша ағзамның толық сеніміне енген еді. Оны ақсарайдан аса биік құрметпен шығарып салған еді, асатаяғымен, шапан-шекпенімен — Ахендегі мүкжидекке ол кезінде қалыпты барып жүргендей, тұп-тура құдіреттімнің жеріне келе жатты. Қандай да оның ойында ерекше бір сыр жатқанмен де, ол патша ағзамды тақырға отырғызып, сорайған ұзын мұрнына ілгіш іліп кетті. Амалсыздан Рейнекені әшкерелеушілері үнсіз келеді — құрметпен шығарып салуда.
Ол ешбір зұлымдық ойын ұмытпастан, қоштасар сөзін айтты: «Шара көріңіз, о менің бас ием, оңбаған сатқындар қашып кетіп жүрмесін. Оларды зындан, түрмеде ұстаңыз. Егер де олар бостандықта болса, ескі жаман әдеттеріне қайта кіріседі, — Сіздің өміріңізге қауіп төнерін, бас ием, ұмытпаңыз!»
Сөйтіп ол, ол жерден айдан ақ, судан таза, құп-құрғақ, түк болмағандай болып, өте бір қарапайым жандай, — өмірінде өзгеше ол болмағандай боп шыға келді.
Патша ағзам орнынан көтеріліп, өз ісімен жайына кетті.
Аңдар, бас иемнің бұйрығымен, Рейнеке-түлкіні бір шама жерге шығарып салып, кейін олар да қайтып кетті.
Алаяқтың демде момақан күйге еніп, қарапайым түрге ене қалғанын көрген кейбір ақкөңіл жандар оған жандары ашып, тілектес болып жатты. Бәрінен де қоянға ол тиісумен болды.
«Қалайша бірден енді, сүйіктім менің Ұзынқұлақ достым, — деп алаяқ күле қарап, — осылай қоштаса саламыз ба? Егер де сіз бен Бэллин-қой екеуіңіз мүмкін болса біраз жерге шығарып салсаңыздар, онда сіздердің орталарыңыз маған шексіз құрмет жасаған болар едіңіздер. Сіздер өте сүйікті серіктесімсіздер, екеуіңіз де — өте адал жандарсыздар. Бәрі де сіздер туралы тек жақсы сөздер айтады — бұл мен үшін үлкен қуаныш. Екеуіңіз де иман жолын да қызмет етіп, таза жүрген жансыздар, — дәл мен секілді, етсіз ғұмыр кешкенімдей, өмір сүріп жүрсіздер: ашқалақтық, аш қарындарыңызды тек көгалмен, жапырақтармен, шөптермен тамақтанып, — Сіздер нанды да, етті де, өзге де құс тағамдарын керек етпейсіздер».
Сөйтіп ол екі қарапайым жанды өзінің есірте мақтауымен, азғыртумен болды. Екеуі де оның тұратын мекен-жайына жақындап келді — олардың алдарында оның Малепартус қорғаны тұрды, түлкі қойға қарап: «Бэллин, сіздер осында қаншама уақыт тұрамын десеңіздер де өз еріктеріңізде, шөптерден, көгалдардан рахаттана дәм татыңыздар. Біздің тауда — небір түрлі пайдалы да, дәмді де тағамдар, жеміс-жидектер өседі. Ұзынқұлақты мен өзіммен бірге ертемін, — менің әйелімді жұбатып, менің Римге құдайға құлшылық етуге бара жатқанымды түсіндіріп айтпаса, ол қарсы шығуы мүмкін. Рейнеке тәтті сөздерін аямады, — екеуін де алдап кетті.
Ұзынқұлақ қорғанның ішіне кіріп, Эрмелинаны балаларымен бірге жатқан жерінде тапты. Рейнекенің енді үйіне қайта ораларына көзі жетпей, қайғы уайым жеп, үрейленіп, күдер үзіп отыр еді. Асатаяқ ұстаған, үстінде шапан киген оны көріп, ол өте таң қалып: «Рейнгарт, менің жарқыным, сен бейшараға не болды? Небір азап шеккен шығарсың?»
Ол оған жауап қатты: «Мен сотталған болатынмын, аяқ-қолымды байлап тастады. Бірақ та бас ием кешірім жасап, — маған бостандық берді. Құдайға сиынуға кетіп барамын. Қалай да болғанмен Изегрим мен Сұлтан шынжырлаулы күйде кепілдікте ұсталып отыр. Менің қапыгершілігімді жуып-шаю үшін патша ағзам маған қоянды берді, — онымен не істеймін десең де өз еркіңде деді, сөйтіп, бас ием сөзінің соңында маған бүтіндей сеніммен айтты: «Ұзынқұлақ сенің үстіңнен жала жапқан екен — ол қатаң жаза алуы керек, сондықтан да ол маған қарыздарын өтеуі тиіс» — деді. Түлкінің ойдан шығарған сөздерін естіген Ұзынқұлақ діріл қағып, бірден сасқалақтап, жан сақтап — қаша жөнелді. Рейнеке оның жолын кес-кестеп — қарақшы, бейшара қоянның тамағынан ала түсті, ол болса аянышты шырылдаған дауысымен Бэллинды көмекке шақырып: «Өлтіріп жатыр! Көмек бер! Тезірек! Иман жолындағы жан мені бауыздап жатыр!» Оның жанайқайы ұзаққа созылмады: Рейнеке оның тамағын қыршып алды. Сөйтіп меймандық сапары аяқталды.
«Кәнеки, — деді ол, — қоян семіз де, дәмді екен, оны тоя жеп қояйық. Не де болса ол, бір кәдемізге жарады. Ешкімге де керексіз, қорқақ, бейшара! Мен ақымаққа айтқан едім, — тура сол келді. Енді, шағымыңды, қанша арыздансаң да айта бер!»
Рейнеке, әйел, бала-шағасымен қарап тұрмады, — өлген қоянның терісін сылып алды да, рахаттана тоя жеп алды. Түлкіге оның еті өте дәмді келді. Ол үнемі қайталап: «Патша ағзам мен патшазадаға мың рахмет! Бүгін бір керемет астан дәм таттық, ол сіздің арқаңызда тақсыр, құдайым сізге зор денсаулық берсін!»
«Жеңдер, — Рейнеке оларға қарап, — бұл жолы жеткілікті. Бәріміз де тоямыз. Келешекте, қалауы болса, көптеп табыс табармын: Рейнекеге пәле-жала ойлағандардың, не болмаса ойламақ болғандардың әр қайсысы да. Олардың әрбірі сөзсіз маған толықтай есеп беруге тиіс».
Бұл арада Эрмелина сөзге араласты: «Маған сұрақ беруге рұқсат берсеңіз, сіз қалайша бостандыққа шықтыңыз?»
Түлкі оған жауап қатты: «Менің патша ағзам мен патшазаданы қалайша шеберлікпен жолын тауып кеткенімді толық баяндайтын болсам, онда бір күн, бір түн де жетпес еді. Турасын айтсам, мен өтірік айта алмаймын, — менің бас иеммен достығым өте жіңішке, ал жіңішке жіп — тез арада үзіліп кетеді. Егер де ол шындықты біліп қойса — оның ашу-ызасында шек болмайды, егер және де оның қолына түссем — ешбір байлық маған көмек бере алмайды. Онда ол мені ешқашан да босатпайды. Ол кезде ешқандай да кешірім болмайды, — ол үшін бас тігемін: Маған дар дайын тұр, — тезірек жан сақтау керек. Швабиге қашуымыз керек! Ол жақта бізді ешкім де танымайды. Біз ол жердің табиғат жағдайына тез арада үйреніп кетеміз. О, Құдайым менің, онда қаншама дәмді азық-түлік, небір түр-түрінен: тауықтар, қаздар, үндіктер, қояндар, қояншалар, қызылша қанты, құрма жемістері, інжір, жүзім, небір құстар мен балапандар — жетіп артылады. Ол мемлекетте нанды тек май мен жұмыртқа қосып пісіреді. Ауыз суы тап-таза мөп-мөлдір, ауасы — жағымды, ашық. Балықтар болса — қаншама десең де: сазан, бекіре, шортан және майбалық дейсің бе, — бәрінің де есебіне жете алмассың? Маған да турасы керегі осы балықтар! Оларды іздеп, тереңге сүңгудің қажеті жоқ. Мен дүниені кезіп жүріп, оларды аз жеген жоқпын. Ал, әйелім, егер де бұдан былайғы күндері жақсы өмір сүремін десең, менімен бірге сол жерге баруға дайындалғын. Сен бір нәрсені түсінгін: патша ағзам бұл жолы да мені босатуының себебі, мен үш қап тола өтірік ертегі айттым; Патша Эммериханың есепсіз көп қойма байлығын, оның жайы — Майбұлақты көрсеттім. Сонда барып қойманы іздейді, — қаншама жерді бекерге қопарып қазғанмен — өкінішке, түк те таппайды. Патша ағзам, өзінің ақымақ болғанын білгеннен соң, ашу-ызасы келіп, шындап жынданады. Әйтеуір жолын тауып босанып кету үшін, мен не жалған сөздер айтпадым дейсің, өздерің де ойлап көріңдерші: дарға асар жіп мойныңда ілулі тұрса егер! Өмірімде бұдан артық кесапатқа жолыққан емеспін, бұдан жаман қорыққан да емеспін. Енді мені, бұдан кейін, мұндай жағдайға қайтадан түсірмесін! Турасын айтайын: кім болса да, ол болсын, бұдан былай мені патшаның қоластына қаратып, ақ сарайға алып бара алмас. Сопының аузынан өз саусағыңды алу үшін, қаншама орасан зор батырлық керек десеңізші...»
Эрмелина ханым күрсіне сөйлеп: «Ох, енді қайттік? Қайда жүрсек те — бізге жақсылық жоқ, бөтен жандар сияқтымыз. Бұл жерде біз қалай жасаймыз десек те, өз еркімізде, бұл жердегі ағайындарға да басшы өзіңіз. Тәуекелге барып, басыңа пәле сатып алу — кімге керек? Туралық та, белгілі затты ұмытып, белгісіз затқа ұмтылады, ал бұл ақылға да сыймайтын, болмайтын тірлік. Біз бұл жерде ешбір алаңсыз өмір сүреміз. Біздің қорғанымыз — тас қамал. Егер де патша бізге қарсы бар күшін салып, бізді ұстамақ болып, жол бойына түгелдей әскерлерін қойса да, — біз құтылар жасырын жаяу жолдар мен жер асты жолдары жетіп артылады емес пе? Құтылып кетуге әбден болады! Несіне айта береміз? Сіз жақсы білесіз ғой. Бізді әскерлер күшімен патша өз қолына ұстап түсіру үшін көп әрекеттер жасауы керек, мен сол жағын ойлап, алаңдайдамын. Сіздің теңіздің арғы бетіне баруға серт бергеніңіз — мені сол әсіресе қатты толғандырып отыр. Мен ақыл-есімді жоғалттым. Енді не болмақ?»
«Сүйікті әйелім, сен қапа болмағын — керек емес! — деп Рейнеке жауап қатты. — Сөзіме келіскін: қорқыныштысы — серт беруде емес, қорқыныштысы — ұсталып қалуда. Бір ақылды данышпан бірде маған айтқан болатын: «Күштеп ант бергізудің құны түкке де тұрғысыз деп». Маған десе үш рет түшкіргенім! Мен өзімнің берген антымды айтып тұрмын. Сендерге түсінікті ме? Сендер қалай айтсаңдар — солай болады. Расында да! Үйде қаламыз. Он рет серт жасасам да, Римде, турасында да, менің онда істейтін ешбір ісім жоқ, Иерусалимді о бастан-ақ өмір бойы көре алмаспын! Ал, сендермен осында бірге болу маған тыныш болатыны сөзсіз. Бұдан артық ешбір жерді, таба алмаспын да мен, таппаспын. Патша ағзам маған қызылбұрышын дайындап жатса керек, қайтеміз, оған да дайын болуымыз қажет. Мен үшін ол қаншама қуатты, күшті болғанмен, мүмкін, оны және де алдап түсіріп, басына ақымақ қалпақ тәжін кигізіп кетсең әжеп емес. Сол күнге жетсем егер, — ол менен сонда білер еді, жыланның жұмыртқасы қайда жатқанын. Бұған күмәнім жоқ!..»
Бэллин бұл кездерде қақпа алдында шыдамсызданып маңырай бастады: «Лямпе, тезірек боласың ба, осы? Шықсаңшы енді! Қайтуымыз керек!» Рейнеке бұл сөздерді ести сала, сыртқа шықты: «Қымбаттым менің Бэллин, Ұзынқұлақ сізден кешірім сұрайды, — әпкесімен сағынысып әңгіме-дүкен құрып жатыр, ол сізді қапа болмасын деп өтінген болатын. Сіз оны күтпестен, асықпастан қайта беріңіз — Эрмелина әпкесі Ұзынқұлақты жақын арада жіберетін түрі жоқ...»
Бэллин оған жауап қатты: «Мен бір айқай-шу естіп қалдым. Не болған сонда? айқайлағандай болды, маған: «Бэллин көмек бер, көмектес!» деген. Сендер оған бір нәрсе істеп қойған жоқсыңдар ма?»
Рейнеке қу жауап қатты: «Сүйіктім, тыңдаңызшы! Мен әйеліме имандылық жолымен зиярат етуге барамын деп әңгіме айтып жатыр едім, әйелім бейшара сол заматта есінен танып қалмасы бар ма. Лямпе соны көргеннен, қорқып кетіп, жаны қарамастан, айқайға басса болар ма: «Бәллин! Көмектесіңдер! Бәллин, Бәллин, тезірек! Әпкесі қиын жағдайда ес-түсінен айырылған, тұрмай қалар ма деп, қорқамын!»
«Есімде, — деді Бәллин, — оның ерекше бір қатты шыққан жан айқайы».
«Оныңыз не! Оның бір тал жүні де түскен жоқ, — деп алдамшы ант беруде. — Ұзынқұлақтың басына күн туғанша, менің басыма жаман күндер келсін! Білесіз бе, — деді ол сөзін жалғастырып, — кеше патша ағзам кейбір көкейкесті мәселелер бойынша өз ойыңызды айтарсыз деп маған бірнеше рет хат жазғын деп тапсырма берген еді. Сіз соларды алып барып берер ме едіңіз, қымбаттым менің? Хаттың бәрі де дайын тұр. Оның ішінде көптеген күрделі сұрақтарға жауап пен өте қажетті кеңестер де бар. Лямпе үшін әбіржімей-ақ қойыңыз, — мен әпкесі екеуінің өткен-кеткендерді естеріне алып, күбірлесіп, күлісіп отырғандарын естіп келдім! Тоқтата да алмайсың! Тамақ жеп отырып, бір-бірінің қуаныштарында шек болмастан, араларында өлеңдер де айтуда. Сол заматта мен хаттарымды зуылдатып жазып тастадым».
«Құрметті менің Рейнгартым, — деді оған Бэллин, — Сізге хаттарды түгелімен жақсылап тұрып қаптауыңыз ләзім. Қайда тықсам екен оларды? Қобдишам да жоқ? Егер де мөрді өшіріп алсам, менің басымнан сипай қоймас». «Қарашы, — деді Рейнеке байқап, — орнын табармыз. Аюдың терісінен маған арнап тіккен шапан, дәлме-дәл жарайды: өте қалың және төзімді, — соның ішіне хаттарды саламыз. Патша ағзам бұл істерің үшін сізге арнайы сыйлық беретіні де анық, аса құрметпен қабылдап, үш рет бетіңізден сүйетін болса керек».
Бэллин күтіп қалды, ал алаяқ болса тез арада үйіне жүгіре жетті де, шапанды ала сала, арасына қоянның басын тығып жіберді, сөйтті де қобдишаға ұқсатып тас қылып, Бэллин шеше алмастай етіп, бекем орап байлап тастады. Үйден шығып жатып, ол қойға айтты: «Сүйікті жиен, қобдишаны мойныңа іліп алғын, хатты ашып оқып жүрмегін: ондай қызуғышылық өте қауіпті. Мен оны аса ықтияттылықпен бекітіп тастадым, — осы күйінде жеткізіңіз. Қобдишаны ашуға әрекет жасамаңыз! Мен оны ерекше, жіптерін күрделі шатастырып байладым, аса құпия құжаттарды патша ағзамға жібергенде мен солай етемін. Патша ағзам қабылдап алып отырып оның тартылған жіп белбеулерінің орнында екеніне көзі жетсе, сізді өте биік дәрежелі хат тасушы ретінде құрметтеп, аса қымбат сый береді. Егер де сіз одан үлкен құрмет пен қошаметке ие болғыңыз келсе, онда патша ағзамға айтыңыз, бұл хатты жазуда мен ақыл айттым және де осы хатты біргелесіп жазуға көмек бердім деңіз...»
Бэллин қуанғаны соншалық, орнынан бірнеше рет секіріп те алды. Ол олай да, былай да секіріп, мамырқана дауыстап та жіберді: «Рейнеке — бек-сұлтаным, нағашым, мен сіздің мені сүйетініңізге пәк сендім, сіз мені жоғарғы лауазымға көтермекші ойыңыз бар екен: ақсарайдағы билер мен сұлтандардың ішінде менің ақылды, даналы, тұжырымды айтқан сөздерімнен атым ерекше шығып, үлкен абыройға, құрметке бөленетін болдым. Расын айтсам, мен жазуды мүлдем білмеймін, бірақ та олар мені жаза біледі екен деп сенетін болсын. Мен сізге шексіз ризамын! Сізді үйіңізге дейін менің шығарып салғаным, қандай жақсы болды десеңізші. Дегенмен де айтыңызшы, Ұзынқұлақ расында да менімен бірге қайта алмас па екен?» «Түсінсеңізші, қазірше болмайды, — деді алдамшы қу. Сіз жәйлеп кете беріңіз, мен оған арнайы тапсырма жүктеген соң, ол сізді қуып жетіп алады». «Алла, сізді жарылқасын, — деді оған Бэллин, — ал мен енді жүрейін». Сөйтіп ол жүріп кетті — ақсарайға ол тал түсте жетті.
Патша қойды көре салысымен және де шапанды байқап қалып, бірден ол сұрақ қойды: «Бэллин, қайда жүрсіз? Рейнеке қай жерде қалды? Сіз оның қобдишасын тағып алыпсыз, — бұны қалай түсінуге болады?» Бэллин жауап қатты: «О аса құрметті тақсыр, сізге апарып жеткізгін деп, ол маған екі хат беріп жіберді. Біз екеуміз екеуін де бірлесіп жаздық. Бұл хаттардан сіз өте құпия мәселелердің шешімін оқып білесіз. Қалай да болғанмен, негізгі мазмұн-мағынасын мен айттым. Хат — шапан арасында. Рейнеке өзі мықтап байлаған болатын».
Патша ағзам Құндызды жылдам келіп жетсін деп бұйырды: ол патша сарайының нотариусы және хатшысы, іс басқарушысы болатын. Шет тілдерін жетік білгендіктен, патша алдында өте маңызды хаттарды оқитын. Осыған байланысты, — Гинце мысық та шақырылған болатын. Іс жүргізушісі Гинце досымен екеуі әбден шатастыра байланған жіптерді әрең дегенде шешіп, мата арасынан өлген қоянның басын көріп, қорқыныштан айқайлап жіберді: «Мәссаған, міне не деген сыйлық! Таңғажайып! Кім жазған екен? Айтыңыздаршы, кім оқи алады? Бұл — Ұзынқұлақтың басы ғой? Кім оны танымайды дейсіз?»
Патша ағзам мен патшазаданың жандары қалмады. Нобель-патша басы салбырап: «О Рейнеке! Оңбаған, қайдасың сен!» Патша да, оның әйелі де, екеуі де өте қапа болды: «Ол мені және алдап кетті! — деді патша ағзам ашу қысып. — Мен сол кезде оның арсыз, арамза, алдамшы сөзіне алғашқыда сенбеген едім!»
Патша да, оның айналасындағы жануарлар да естерінен айырылғандай жағдайда еді.
Патшаның немере ағасы, оған қарап: «Мен сіздің ішкі істеріңізге араласа алмаспын, дегенмен де соншама күйіп-пісіп, қатты ойланып өзіңізді қинамай-ақ қойыңыз. Мықты болыңыз! Өзіңізді қарамағыңыздағылардың алдында төмендетпеңіз. Сіз ел басшысы емессіз бе? Бәрі де сізге бағынулары тиіс». «Ия, сондықтан да, — деді патша, — менің күйіп-жанып отырғаныма, таң қалмаңыз. Өкінішке орай, мен ағаттық жасадым! Бұл сатқын, жексұрын жауыздығымен біздің достарымызды жазалап — мені масқара етті. Бар абыройларынан айырылып, Изегрим мен Сұлтан жатыр, азап шегіп... Қалайша маған енді күйіп-піспеске?
Қайдағы бір алаяққа сеніп қалып, қаншама ақымақтық істерге ұрынып, сарайдағы ең беделді уәзірлерімді қапа қылдым, бұл маған әбүйір әкелмейді. Әйелімді бекер тыңдаппын. Алдамшы сөздеріне сеніп қалып, ол оны қолдаған еді. Егер де мен қаталдау болғанымда... Өткен іске енді несіне қапа боламын? Ештеңе де енді көмек бермес...
Қоблан болса қарсы шығып: «Бас ием, досыңызды тыңдаңыз: Жетер қайғырмаңыз! Жөнделмейтін қайғы жоқ. Аюға және қасқыр мен әйеліне көңілдерін жұбату үшін қойды сыйлаңыз: себебі Ұзынқұлақты өлтіруге кеңес бергенін өзі батыл мойындап отыр ғой. Сондықтан ол жауап берсін! Кейін бәріміз бірігіп, күш жинап, Рейнекені іздеуге барамыз, егер де оны ұстап ала алған жағдайда, бірден дарға асамыз. Оған сөз берсек — және де жолын тауып — қашып жоғалады. Ал, таяқ жеп, азап шеккендердің бәрінің көңілін біз сөйтіп жұбатамыз, соған сеніңіз». Патша бұл сөздерді мұқият тыңдап алып, былай деді: «Мен сіздердің кеңестеріңізді құптаймын. Тез барыңыздар да уәзірлерді осында алып келіңдер. Менімен бірге олар бұрынғысынша қызметтерін абыроймен атқара берсін. Ақсарайға рұқсаты бар жануарлардың бірін де қалдырмастан шақырып келіңдер. Рейнекенің біздерді қалай ұялмастан алдап кеткенін, қайтіп қашып кетіп, Бэллимен бірге екеуінің Ұзынқұлақты сойып тастағанын, бәрі де білетін болсын. Аю мен қасқырға жолыққанда, оларға құрмет жасап, сәлем беретін болсын. Сіз айтқаныңыздай, қайырымдылық орнына уәзірлерге, мен Бэллинді барша оның туыстарымен қосып мәңгілікке беремін».
Лупардус көп созбастан — қамауда жатқан бейшаралар Изегрим мен Сұлтанға кетті. Оларды босатып жатып, ол айтты: «Жақсы хабарды тыңдаңыздар! Мен сіздерге патшаның рақымшылығы мен бостандығын әкелдім. Уәзір мырзалар, түсініңіздер: патша ағзам сіздерді қапа қылғанына, бүгінде мейлінше ол қиналғанын айтып, сіздермен достасуға шақырып отыр. Сол айыбының есебіне — сіздерге Бэллинді оның туыстарымен, сонымен қоса бар ағайындарын мәңгілікке бермек.
Ойланбастан — қайда жүрсе де оларды ұстап алуларыңызға болады: далада ма, орманда ма — бәрібір. Қайда болса да, олардың бәрі де сіздердікі! Және де бас иеміз сіздерге сатқын Рейнеке түлкіге қандай үкім шығарып жазалаймын десеңіздер де өз еріктеріңізге беріп отыр. Оның жеке басын, әйелін, бала-шағасын, және де түлкінің барлық ағайын-туыстарын кездескен жерлеріңізде жоюға, жеп қоюға, — ешкім де қарсы келмейді. Патша ағзамның атынан мен сіздерге осыны хабарлап тұрмын, — бұл патша ағзамның өзіне де, болашақ патша тағының иесіне де бірдей күші бар заң. Сіздер енді бар өкпе-наздарыңызды ұмытып, бас иемізге адал қызмет етуге уәде беріңіздер. Патша бұдан бұлай сіздерді қапа қылмайды, менің берер кеңесім — ұсынысын қабылдаңыздар...» Сөйтіп тыныштық орнады.
Қой болса басынан айырылып, оның ұрпақтары бүгінге дейін қасқырдың тайпасынан аяусыз азығы болып келеді. Осылайша ғасырлар бойы дұшпандық пайда болды. Құтырған қасқырлар бүгінгі күнге дейін, тартып алынбайтын құқықтарындай, шүбәләнбастан, қойлар мен қозыларды қырып келеді. Қайсарлықты олардан тыя алмайсың, — достасу туралы сөз болуы мүмкін емес. Ал, Сұлтан, Изегрим ше?
Зәбір шеккен уәзірлерінің құрметіне патша ағзам он екі күндік той-думан құрды. Сөйтіп ол өзінің достығының адалдығын дәлелдегісі келген-ді.
Жетінші өлең.
Ақ сарай ерекше безендіріліп, салт-салтанат құрған. Аңдардың барлығы, сонымен қатар құстар түр-түрімен ұшан теңіз болып, бек, сұлтандар көптеп келген. Бәрі де қасқыр мен аюдың алдарына келіп сәлемдесіп, құрмет, қошамет жасауда, екеуінің қуанғандары соншалық, керек десеңіз зәбір шеккен кезеңдерін де ұмытып кеткендей болды. Жиналған көпшілік, той, думан-сауық құруда, мұншалықты қызықшылықты бұрын-соңды ешбір жерде көрген емес-ті. Керней-сүрнейлетіп, даңғырақ қағып, патша сарайындағы той өте керемет, қызықшылықты өтіп жатты. Көңілің не қаласа, соның бәрі де дастархан мәзірінде бар еді. Тойға шақырушылар елді аралап, түпкір-түпкірінен қызыққа шақыруда. Құстар мен аңдар өз жайларын қалдырып, тойға жұптарымен бірге, күндіз демей, түн демей жол жүріп, ақ сарайға жетуге асығуда.
Осы кезде Рейнеке-түлкі үйінің жанында қорған құрып тығылып жатты. Ақ сарайға бару ол, алаяқтың ойына да кіріп шықпады: Оны марапат күтіп тұрмағаны белгілі еді. Сұрқия өзінің үйреншікті сұм әдісіне жаттығуын жалғастыра түсті. Ал ақ сарайда бұл уақытта тамаша тамылжыған әндер шырқалып, небір дәмді тағамдар мен ішімдіктер меймандарға ағыл-тегіл таратылып жатты. Бұл жерде әрбір туыстар, достар топ құрып, әртүрлі ойын-сайыстар, қылыштасу ойындары өтіп жатты; билер билеп, өлеңдер айтылып, сырнай мен сыбызғылардың әсем дауыстары жараса естіліп жатты. Патша ағзам жоғарғы билердің кең бөлмесінен айқай-шулы тойдың қызығына сүйсіне қарауда.
Сегізінші күн той өтуде. Патша ағзам өзінің мәртебелі уәзірлерімен түскі тамақта болатын, — ол патшазаданың жанында отырған. Ойда жоқтан үсті-басы қанға боянған қоян кіріп келіп, бұза-жара сөйлей бастады: «О бас ием менің! Патша-тақсыр! Мырзалар! Кешіре көріңіздер! Менің Рейнеке-түлкіден көрген жан түршігерлік, аяусыз қорлық-зомбылығын, сіздер естіп-біліп көрген емессіздер. Кеше таңертең сағат алтылар шамасында жол бойымен оның Малепартус үйінің жанына өтіп бара жатқан едім — ол қорған жанында отыр екен. Мен тыныш қана өтіп бара жатқан едім. Рейнеке иман жолындағы киімде киініп алып, қора сыртында сиынып отырғандай болып маған көрінді. Ақ сарайға тезірек жетейін деп, жылдам аяқ басып өз жолыммен кетіп бара жатқанмын. Ол мені көре сала, менімен бір амандасатын жандай, жүгіріп жаныма жетіп келді. Жо, жоқ, жауыз қарақшы мені аяғымен тартпа бас салып — бірден оның тырнақтарының менің құлағымның үстінде тұрғанын сезе сала: өлген жерім осы екен — дедім! О, тырнақтары соншама өткір болмасы бар ма! Ол мені жерге жығып салған еді, әрең дегенде мен құтылдым: өте бір ептілікпен, мен секіріп — қашып кеттім.
Ол артымнан айқайға басып: «Бәрібір ұсталасың!» — деп жатты. Лям деместен — мен зытып кеттім. Өкініштісі, ол менің бір құлағымды жұлып алды. Төрт жерімнен жарақаттанып, басым менің қанға боялды! Оның мені қорлап талағанын, алдарыңызға елестетіп көріңіздерші. Бір құдіреттің күшімен аман қалдым. Таза қорлық қой! Жол бойымен еркін жүру ережесі қайда осы? Егер де қарақшы жолымызды торып, кес-кестеп аңдып отыратын болса, қайтіп біз саяхат құрып, сіздің шақыруыңызға келе аламыз?..» Қоян сөзін енді тәмәм еткені сол еді, сөз шешені — қарға Меркенау, қарқ-қарқ етіп шыға келді де: «Тақсыр-патша ағзам, құрметтім! Мен осында өте қайғылы жағдайды хабарлағалы келдім. Күйініш пен қорқыныштан көп сөйлеуге де маған өте ауыр тиіп отыр, жүрегім жарылып кетер ме деп қорқамын, — міне осындай қасіретті бастан кештім! Біз Шерфенбе әйелімізбен бүгін ертемен қыдырып жүр едік, — алдымызда өліп жатқан Рейнекені көрдік. Байқап қарасақ, көзі шарасынан шығып, айқара ашылған аузынан тісі салақтап сыртқа шығып жатыр екен. Қорқыныштан мен айқайлап жібердім, — ол болса қимылсыз жатыр, мен дауыстап жоқтай бастадым: «Не деген маған келген қайғы бұл! Ойбай-ау! Ол өліпті!» деп.
Және де жалғастырып: «Бұл не деген маған келген қайғы, қасірет! Ойбай, ол өліп қалыпты! Қандай жақсы жан еді! Орны толмас қайғыға душар болдық!» Менің әйелім де өліп-тірілді. Екеуміз де жылап-сықтаумен болдық. Мен оның ішін тұмсығыммен түрте бастадым, сол кезде әйелім де оның демі бар ма, жоқ па екен деп аузына жақын бара берген-ді, — оңбаған қақпас жын соққандай оған қарсы ұмтылып — басын жұлып алды! Басыма түскен қасіретті айтып жеткізе алмаймын. «Қор болдым, қор!» — деп зарлап, жылап естен тандым. Сол замат-ақ ол және де ұмтылды!.. Мені де асап жеп қоймақ болды. Мен дір-дір қағып, бірден жоғарыға қанат қағып ұша жөнелдім. Егер де мен есімді тез жиып алмағанымда, сөзсіз мені де ол тас қаптырар еді. Сәл болмағанда, мен қарақшының тырнағына ілінер едім. Мен ағаш басында көңілсіз жайда мұң қатып отырдым. Мен бейшараның да өлгенім дұрыс болар еді! Хайуанның тырнағында кеткен әйелімді көрер ме едім! Ух, менің көз алдымда бейшараны ол жеп қойды-ау! Оның тойымсыз, ашқарақтығы соншалық, және де біздей он шақтымызды жеп қоятын түрі бар! Ол менің әйелімнен не бір сүйек, не бір түйір денесін қалдырмады-ау! Осы сұмдықты өзім көріп тұрдым. Ол жыртқыш, сосын өз жайына кетті. Мен шыдамым таусылып, — өлтірген жерге тілім-тілімденген жүрегімді алып ұшып келдім. Мен әйелімнің аздаған тамған қаны мен бір-екі тамған қанатын тауып алдым. Соның дәлелі ретінде, осында алып келдім. Тақсыр, көмек беріңіз! Егер де әділ жазасын алмастан, қылмыскерге және де кешірім жасасаңыз, жаза қолданбасаңыз, онда сіздің қарамағыңыздағылар еркін жүріп, бейбіт өмір сүре алмайды, — небір әр қилы өсек сөздер өрбіп кетеді, — сіз өте ыңғайсыз жағдайларға душар боласыз. Кімде кім айыпты болған жанды уақытысында жазаламаса, онда оның өзі айыпты болады деген сөз бар ғой. Ондай жағдайда бас басына би болады...»
Байғұс қоян мен қарғаның арыз-шағымдарын сарайдағылар түгелдей тыңдады.
Нобель-патша ашуға келіп, айқайға басты: «Тыңдаңыздар: адал ниетті достығымызбен сіздердің алдарыңызда ант етемін, — бұл зұлымдықты мәңгі есінен кетпестей етіп, жазасын беремін! Менің бұйрығымнан соң естері кірер! О жоқ! Жол бермеймін! Мен ол алаяққа оңай сеніп қалып, оның қашып кетуіне себеп болдым. Құдай жолына құлшылық жасауға мен өзім оны дайындап, Римге де сапарға шығарып салған өзім емес пе едім? Ол оңбаған, өтірікші, біздерге не амал ойлап таппады дейсің! Патшаның айналасындағылардың қанын қайнатып ол, не бір зәбір, қорлық көрсетпеді дейсің! Мені ол алдап көндірген. Міне енді — дала кезген желден тауып көр. Әйелдердің кеңесін тыңдап күйіп-піскен, тек мен ғана емес. Егер де біз енді ол оңбағанды жазаламастан, осы күйінде қалдырсақ — біздерге өмір бойы кешірілмейтін таңба болады! Ол алаяқ күйінде қала береді. Мырзалар, оны қалай ұстап, қандай жаза қолдану керектігін, біздер біргелесіп ақылдасып шешім қабылдауымыз керек. Егер де біздер осы тірлікті жөндеп қолға алсақ — қуанышқа жетеміз».
Патшаның сөзі аю мен қасқырға өте ұнаған еді.
«Енді біз, не де болса қасап аламыз!» — деп екеуі де ойлады. Патшаның өткен істерге қапа болған ашулы, қаһарлы жүзін көріп, олар сөз қатуға бата алмады.
Патшазада сөз алып: «О менің бас ием! Сіз соншама ашуланатындай, бостан-босқа уәде, ант беретіндей түгі де жоқ: бұлардың айтқан сөздерінен келер пайда шамалы. Турасына келгенде бүгін де шын мәселелер белгілі болмай тұрған жоқ па: айыпкердің өзін тыңдаған жоқпыз. Егер де ол осында болғанда, кейбір айыптаушылар өздерінің тілін қысып отырар ма еді. Екі жақтың да сөздерін тыңдауымыз қажет. Кейбіреулер жұмбақтап сөйлеген арыз-шағымдарымен өздерінің қылмыстық істерін жасыруы да мүмкін. Мен Рейнекені ақылды іскер деп санап, — мен сізге еш уақытта да, жамандық ойлаған емеспін. Басқаша іс болды. Бізге оның кеңестерін тыңдағанымыз артық болмас, себебі ол өзінің өмірінде аз таяқ жеген емес. Оның тамыр-таныс, туыстарын тексеріп білген де артықтық етпес. Өте жауапты істерде асығыстық жасау — жақсылыққа апармайды, қандай да болмасын шешіміңізді сіз, бас ием, жол бастаушымыз, кейінірек те қабылдай жатарсыз...» Лупардус сөз алып: «Сіз қаншама жандардың сөзін тыңдап келдіңіз, оның да сөзін тыңдаңыз. Осында келетін болсын. Сіз қалай шешім қабылдасаңыз, сол сөзсіз орындалатын болады. Әйеліңіздің бұл ұғарымына біздер бәріміз де бір ауыздан қосыламыз» — деді.
Изегрим қасқыр сөзге араласып: «Әрбір кеңес бізге пайдалы, Лупардус мырза! Егер де Рейнеке осында бізбен бірге болған жағдайда, керек десеңіз бүгінгі екі қылмыстарын да ақтаған жағдайда — ол өлім жазасына кесілуі керек. Мен, ол осында келгенінше, сөйлемей-ақ қояйын. Оның бас иемізді ұялмастан көрер көзге алдап кеткені, естеріңізден демде шығып кеткен бе? Майбұлақтың жанынан Гауһартас жерінен оның қойма тапқанын! Өзге де жан түршігерлік оңбаған алдамшы істерін?! Барлық жанды да алдап кетті, ал Сұлтан мен мені қалайша әбүйірсіз етті! Мен өмірімді қауіп-қатерге тіктім. Ал ол қу — алаяқ болса, түк білмегендей, бұрынғысынша дала, орман кезіп қарақшылық, ұрлық жасап жүр. Егер де патша ағзам мен уәзірлер дұрыс деп санаса — онда ол осында келетін болсын. Егер де ол өзін ақ сарайға келуді міндетім деп есептесе, әлдеқашан-ақ келер еді: қаншама шақырушылар айқайға басып, ақсарайға шақырумен болғанмен, ол болса мыңқ етпестен үйінде отыр».
Патша айтты: «Бізге оны күтудің қажеті жоқ. Сіздерге алты күн мезет беремін (бұл менің бұйрығым) уәзірлер, дайындалыңыздар, менімен бірге жорыққа шығатын боласыздар. Мен тірі тұрғанда, бұл арыз-шағымға нүкте қойғым келіп отыр. Мырзалар, сіздердің пікірлеріңізді айтсаңыздар: оның мемлекетімізді құртуы мүмкін деген сөзіме сіздер күмән келтіріп отырсыздар ма, әлі де? Уәзірлер, жақсылап қаруланыңыздар, садақ, найза және де өзге де қару-жарақтарды өздеріңізбен бірге алыңыздар, жеңіспен оралатын боламыз. Өздеріңізді көңілді, байсалды санаңыздар! Ұрыс даласында әрбіріңіз де абыройларыңыз үстем болсын, ерекше көрінгендеріңізді сардарлар қатарына қоспақпын. Малепартусты жаулап алсақ — қорғандағы бар байлыққа ие боламыз...»
Бәрі де шулап кетті: «Бәрімізде айтқан уақытта келеміз!» Сөйтіп патша ағзам уәзірлерімен бірге Малепартусты шабуылмен басып алып — Рейнеке-түлкінің көзін жоймақшы. Осында болған, Гримбарт, тез жасырын Рейнеке-түлкіні іздеп, кеңестің шешімін хабарламақ болып, шығып кетеді. Ол аяғын жылдам басып, өз-өзіне сөйлеп, дауыс қылып: «Нағашым, енді сізге не болар екен? Түлкі ағайындарымның белгілі көсемінен айырылғанын жоқтау өте ауыр соғатын болды-ау! Сіз біздің сотымыздың мүшесі болғаныңда — біздің өміріміз тыныш болар еді, сіз епті де, тапқыр да едіңіз. Кім сіздің алдыңызда қарсы тұра алар еді?»
Қорғанға жақындағанда, оның көргені: отағасы көңілі хош болып отыр екен, — ол осыдан біршама уақыт бұрын екі жас кептерді ұстап алған болатын. Оларды өз ұясында отырғызбастан — қанаттарын қағып байқап көрмек болғанда, — қанаттары келтелеу болып, бейшаралар жерге құлап түскен. Олар өздерінше тұра алмай жатқан еді, Рейнеке-түлкі — екеуін де хап-хап деп асап қойды! Қайта-қайта жан жағын айналшақтап — аң аулауда...
Бір кезде ол Гримбартты байқап қалды да, жолын күтіп тұрып, мейманын қарсы алды: «Бәрінен де аса құрметті, жиенім, мен сізді сау-саламат, аман-есен көргеніме қуаныштымын! Соншама жылдам жүгіргеніңіз? Сіз тұншығып қаласыз! Жаңалық па, кәне қандай?»
Гримбарт оған жауап қатты: «Менің алып келген жаңалығым қуантарлық емес. Мен, өзіңіз көріп тұрғандай, өте алаңдаудамын: Өмір, тіршілік, бәрі де — құрып кетсін! Мен патшаның ашу қаһарының куәгері болдым. Ол сізді ұстап алып, қатал жазаламақшы болып ант берді. Бәріне де алты күн ішінде барынша қаруланып, осында келуді бұйырды: садақ, қылыш, қанжарлармен қаруланған. Барлық күштер сізге қарсы жұмсалмақшы, — сондықтан сақ болыңыз! Изегрим мен Сұлтанды патша ағзам қайтадан ақтады. Турасында, сіз бен екеуміздің арамызда айтарлықтай жақын қатынастығымыз жоқ. Бәрі де олардың сөзін сөйлеп, ошақтарының отын жағып отыр. Изегрим сізді өтіп кеткен қарақшы, ұрыға теңеп, патшаны сендіріп отыр. Сіз қара да тұрыңыз, ол бір айдың ішінде маршал атағына ие болары сөзсіз! Білесіз бе: қоян мен қарға келіп — сізді өте ауыр қылмыс жасағаныңызды баяндап берді. Егер де патша сізді ұстап алса, ескертемін, сіз көп уақытқа шыдай алмассыз...»
«Бар болғаны сол-ақ па? — деп түлкі сөзін кесіп, — Бұл сөздерің титтей де менің қапеліме де кеп тұрған жоқ! Патша ағзам керек десеңіз және де үш есе — барлық ақылгөйлерін жиып алса да — сиынып, ант берсе де, — егер де мен сонда бола қалсам, мен онда бәрін де тас қаптырар едім. Бір кеңестен соң, бір кеңес, солардың нәтижесі қайда? Қарағым жиен, бәріне де мән бермегін. Жүріңізші одан да, мен сізге бір ұсыныс жасайын: жап-жас семіз кептерлерді мен жақында ғана ұстаған едім. Одан дәмді тағамды көрген емеспін! Өте сіңімді, — шайнап жатудың қажеті жоқ. Сүйегін айтсаңызшы — керемет, ауызыңызда еріп кетеді! Қаны сүттей — шіркін-ай! Маған жеңіл тағам ұнайды. Біз әйеліміз екеуміздің тағамға тәбеттеріміз бірдей... Жүріңіз енді, — бізді көргенде ол қуанып қалары анық. Үндемейтін болсаңыз, онда мұнда неге келдіңіз: Әрбір қимылыңыз оны ойландырып, жүрегін де ауыртып қоюуы мүмкін. Ертең мен сізбен-ақ сарайға барамын. Сіз құрметтім, туысқандығыңызды білдіріп, маған көмек беретін шығарсыз». Досым үшін мен бар байлығымды, өмірімді де керек болса, беруге даярмын!» — деп дауыстап жауап берді сенімді борсық.
Түлкі оған қарап: «Сіздің сөзіңізді есімде сақтаймын. Мен тірі болсам — сізге көмек беремін».
Борсық жауап қатып: «Оларға тайсалмай қарсы тұрып, жақсылап қорғаныңыз: Ең бастысы — сізді олар тыңдайды. Сол кезде қабылан айтқан болатын, сіз жеке өзіңізді қорғап сөйлемесеңіз, сіз жөнінде істі қарамаймыз деген болатын. Патшазада да осы шешімді қолдап отыр. Сіз осы жағдайды есіңізде сақтап, пайдалануыңыз қажет...»
Түлкі қутырқы әдетіне салып: «Ойланбаңыз — реттейміз. Қаншама патша қатал болғанмен, мен бірауыз сөзімді айта бастасам болды, оның көңіл ойы өзгеріп, мені қолдап шыға келеді».
Екеуі де үйге кіргеннен, оларды үй ханзадасы өте жақсы қарсы алды. Ол оларды бар дәмді тағамымен күтті. Ең алдымен кептердің етін қойды — қандай дәмді еді! Әрбірі өз тиісті бөлінгенін жеп қойды, дегенмен ешбірі де тоймай қалды. Және де бар ма екен! Егер де және де болғанда, оның оншақтысын жеп қояр еді.
Рейнеке-түлкі борсыққа қарап: «Келісіңіз, жиен — сүйікті балаларым бар. Бәрі де оларды мақтайды; Рейнгартты қалай көресіз? Менің кенжем, Россель ұнайды ма? Екеуі де біздің тұқымымызды жалғастыратын, болашағымыз. Жайлап тамақтарын таба бастады. Таңертеңнен маған түнге дейін тыныштық жоқ. Бірі тауықты ұстаса, екіншісі балапанды ұстап әкеледі. Керек десеңіз суға да өте шебер сүңгіп, жүзе де алады, қызғыш құс, үйректерді ұстамақ ойлары болса керек. Мен оларды аң аулауға көбірек жіберер едім, бірақ та әлі де машықтанып, пысығырақ болулары керек: қалайша ұстаудан да, ұстағыштардан да, қуғыншы иттерден де қорғануды. Әбден үйреніп, машықтанып, ұсталардың мектебінен өткеннен соң, — мейлі, керек десеңіз, ешбір де жетіспеушілік те болмас үшін күніге үйге тапқандарын алып келе берсін. Маған аумай тартқан болар, — өте қауіпті істермен ойнап жүр. Бір іске кіріссе болды — өзге аңдардың бәрі олардан тым-тырақай қашып кетеді. Алдына кездесе қалсаң — олар сенің тамағыңа жабысқанда, көп уақыт тартып жатпас! Тура әкесінің тартысы. Тез қимылдап, дәлме-дәл секіріп бас салады. Міне, мен бұндай әрекеттерді ең бастысы деп есептеймін». Гримбарт тіл қатты: «О, жарайсыңдар! Егер де ата-анасына балалары жастайынан көмек беріп тұрса, бұл өте қуанышты екен. Менің олармен туыс болғаным өте жақсы болған екен. Мен оларға арқа сүйеймін». «Онда, осымен енді доғарайық, — деді Рейнеке, — уақыт та кеш болып қалыпты, — бәріміз де шаршадық, Гримбарт бәрімізден де бетер шаршаған шығар».
Олардың бәрі де, жаңа жапырақтармен төселген көк майса шөптің үстінде жайбарақат жатып, тамаша ұйқыға кетті.
Рейнеке, не керек, қорқыныштан ұйықтай алмады. Іс насырға шауып кетпес үшін, ақылға салып ойлану керек деді. Таң атқанша осы ой оны мазалаумен болды. Таң атысымен, ұйқысыз жатқан жайынан тұра сала, әйеліне қарап сөз айтты: «Сендер бекерден бекер қорықпаңдар: Мен Гримбартпен ақ сарайға бірге баруға оған уәде бергенмін. Үйде алаң болмастан отырыңдар. Мен туралы небір жаман сөздер айтса да — біздің қорғанды қорғаңдар. Бәрі де жақсы болады деп, сеніңдер».
Эрмелина ханым жауап қатты: «Маған түсініксіз болып тұр: Бүгінде сіз қаламайтын жерге, ақ сарайға баруға қалайша бел байлап отырсыз? Не? Сізді мәжбүрлеп отыр ма? Мүмкін емес. Өткен жолғы оқиғаларды ұмытпаған шығарсыз...»
Рейнеке оған қарап: «Ол кезде, шынында да, күлетіндей жағдай емес еді, — көбісі мені өлтіргісі келгентұғын, — қорқынышты кездер болды ғой. Расында да, күн нұрының астында небір оқиғаларға душар болады екенсің: Кейде ешбір ойламаған жерден жолың болар, кейде — қолыңда бола тұра, бір сәтте-ақ жоғалтқаныңды — білмей де қаласың. Дұрысы барып, кейбір шаруаларымды тындырып қайтайын. Өтіне сұранамын, ешбір қорықпаңдар, — алаңдайтындай ешқандай да негіз жоқ. Жаным-ау, енді, аздап шыдаңдар, — бес-алты күнде бәрін де жайғастырып қайтармын...» Сол күні таң атысымен Гримбартпен екеуі жолға шықты.
Сегізінші өлең.
Гримбарт пен Рейнеке патшаның ақ сарайына бағыт алып, шөл даланы кезіп, жүріп келеді. Бір кезде Рейнеке сөзге келіп: «Ол жерде не болса да сол болсын, дегенмен де бәрі де жақсы болатынына менің жүрегім сезіп келе жатқандай. Сүйікті жиенім! Қаншама сіздің алдыңызда көңілімді бір сәтке демегеніммен де, көп күнәларымды есіме алып, қайғырып келемін.Соның бәрін де айтып берейін: үлкенін де кішісін де, ескісін де, жаңасын да. Аюдың терісінен бір әжептеуір бөлігін мен кесіп алған болатынмын. Қасқыр мен оның әйелінің етіктерін маған беруге мәжбүр еттім. Сөйтіп мен өзіме жау арттырдым. Бәрі де алаяқтық жолмен табылған! Патша ағзамның ашу-ызасын басамын деп, оны да алдап, өтірік айттым: айтып, жалған қазба байлық барын оған қайдағы бір ертек айттым! Ол аз болғандай, — мен қараптан-қарап, байғұс Ұзынқұлақты өлтірдім, бұл өлімге күнәһар етіп жазықсыз байғұс Бэллинді көрсеттім. Күнәсіз қойдың біреу үшін жаза алғанына да — патша ағзам өте ашуланған болатын. Бейшара қоянның да құлағына құр бекер жармасып мен — сәл болмағанда өлтіріп те қояр едім. Сол заматта оның қашып құтылғаны, маған қаншалықты өкінішті болды дейсіз! Мен бүгінге дейін өкінемін: қарғаның да арыз-шағымы дұрыс. Мен қарғаның жұбайы Шарфенебе ханымды жеп қойдым! Мен сізге сенгеннен соң, осының бәрін де, бар сырымды ағымнан жарылып айтып отырмын. Е, және де сол кездегі бір алаяқтық жасағанымды айтпаппын ғой, оны сіз білгеніңіз абзал, себебі мен ол туралы айтпасам, көңілімде бір түйін қадалып тұрғандай болады да тұрады. Қасқырға мен бір қастандық жасадым: біз екеуміз сол күні Гильфердингендегі Кокиске бара жатқан едік. Байқап қарасақ — жылқының биесі құлынымен жайылып жүр екен. Екеуі де қап-қара, қарға секілді.
Құлынға — үш не төрт ай болса керек. Изегрим өте қарны аш болатын, ол маған өтіне қарап: «Биеден сұрап көрші, құлынын сатпас па екен? Ақысына қанша сұрайды екен?» — деп. Мен жанына келіп сөз тастап: «Бие ханым, — сөзімді жалғастырып, — мына құлыныңыз, сіздікі болса керек, — білгіміз кеп тұр, — сатылмас па екен?» — деп сұраған едім.
«Ия, — жақсы баға болса, беремін, — нақты құнын сіздер өздеріңіз бағалап берерсіздер, шырақтарым, — мұнда, мына менің артқы аяқ жағымда бәрі де анық жазылып қойған» — деп ол жауап қатты. Істің мән-жайына мен бірден түсіне қойдым да — мен оған: «Дұрысын айтқанда, мен оқу, жазуға, өкінішке орай, шорқақтау едім. Сіздің балаңызды көруге менің зауқым жоқ, мен досым Изегримнің өтінішімен келіп тұр едім. Мен тек қана арада жүрген делдалмын» — деп жауап бердім.
«Мейлі, онда өзі келсін де, шешіп қайтсын» — деді бие. Мен тез арада зыта жөнелдім, ал қасқыр болса мені сарғая күтуде екен. «Егер де жеуге тәбетің болса, жылдам биеге барғын, құлынын сататын болды — дедім мен. Оның артқы тұяғының астына құнын жазып қойыпты. Ол маған бағасын өзің қарап біліп алғын деп еді, мен байғұс оқуды да, жазуды да білмегендіктен, сорым қатып, ұялғанымнан, кетіп қалдым. Не істейміз енді? Нағашы, дұрыстап шеше алатын болсаңыз, өзіңіз барғаныңыз жөн...» — дедім. Қасқыр жауап қатты: «Мен оқуды білмейді дейсің бе! Ешқашан да ондай болмас! Неміс, латын, итальян, керек десеңіз, француз тілдерін білемін: Эрфурт мектебінде оқыған кездерімде мен небір дана ақылгөйлерден, оқымыстылардан тәлім-тәрбие алғанмын. Мен ғылыми жұмыстарын зерттеп, өзім де мұқият онымен айналысқанмын. Менің арнайы лицензиям да бар! Дәл өзімнің аты-жөнімді оқығандай, қалаған оқуыңды бұлжытпай оқи аламын. Жүзіңізді жерге қаратпаймын. Сіз мені осы жерде күте тұрыңыз, — оқып келейінші — не боларын, көре жатармыз...»
Бара салысымен, бикештен сұрады: «Балаларыңыздың құны қанша тұрады? Нақтысын кесіп айтыңыз!»
Ол болса: «Рұқсат берсеңіз, мырза. Бағасын менің артқы тұяғымның астынан өзіңіз оқып аларсыз».
«Онда көрсетіңізші!» — дейді қасқыр.
Бие болса: «Қараңыз!» — дейді де, ол аяғын шөптегі жерден көтере бастайды, ал оның аяғында алты жерден шегеленген жап-жаңа темір тағалар қағылған екен. Бие бір тал шашындай да қате кетпестен — дәл бас тұмсығынан періп кеп жібереді.
Қасқыр болса, гүрс етіп жерге, естен танып құлап түседі, ал жылқы оқырана кеп, бір секіріп, өз жайына шаба жөнеледі. Оңбастай жараланған қасқыр, итше ыңырсып үріп, қыңқылдап, — жаны шығар шықпастай болып, бір сағаттай шамасы, қаңсырап жатып қалады.
Оның жанына, келіп мен онан: «Нағашы, бие қайда кеткен? Баласы оның қандай, дәмді ме екен? Өзіңіз тойып алып, мені ұмытып кеткеніңіз қалай? Ұятыңыз қайда! Мен араларыңызда жүрген жанашырларың емес пе едім! Түстен кейін сіз өте жақсы дем алдыңыз. Айтыңызшы, оның тұяғының астында не деген құпия сөз бар екен? Сіз өте данышпан ғалымсыз ғой!» — деп келеке етіп сұрай бастадым.
«Ух, сен әлі мазақ етіп тұрсың ба? — деп ол күрсіне үн қатты. Бүгін қалайша менің жолым болмады! Тастан бетер екен — аяса қайтер еді! О ұзын аяқты малғұн! Тезірек сені бауыздар ма еді! Қарашы, тұяғына таға қағып тастапты! Қандай сөздер жазып қойған десем! Тұяғында алты бірдей шегесі бар — байғұс басымның алты жеріне жаралап, тесіп ойып қойды ғой!» Әрең дегенде бейшараның жаны қалды!..
Құрметті жиенім менің, менің енді бәріне де көзім жетті. Гримбарт, менің барлық жасаған күнәларымды кешіргейсіз! Ақ сарайдағылар қалайша шешім қабылдайтыны — белгісіз, бірақ та мен көкейімде жүрген көп түйіндерімді жайып салып — денемді күнәларымнан тазартқандай болдым. Енді қалайша маған дұрыс жолға түсіп, түзеле аламын, соған көмек беріңізші?...» Гримбарт жауап қатты: «Жаңа жасаған күнәларыңыз сізді үнемі жеп қоюда! Олар бүгінде тірі жүргендерінде дұрыс болар еді, қайтесін енді, амалсызбыз, өлгендер қайтып енді тіріліп келмейді. Дегенмен де, нағашы сіздің де өлетін күніңіз соңғы сағатыңыз да таяп қалды, сондықтан мен діннің жолында жүрген жан ретінде, Изегримнің сізге қарағанда күшті екенін, оның сізге қиянат жасауы да мүмкін екенін біле отыра, мен сіздің күнәларыңызды кешетін боламын. Бәрінен де бұрын сіздің қоянның басын алғаныңызды айыптап, есіңізге салады. Сіздің жеңіл оймен ойламастан патшамызды алдап соққаныңыз — бәрінен де ең ауыры сол болғалы тұр...»
«Түк те емес! — деп алаяқ жауап берді, — сізге турасын айтсам, өмірде алдыңғы қатарда болу үшін де — ерекше бір қабілет, өнер керек. Бұл тіршілікте, шіркеудегі иманды жандардай, әділ жүре аласың ба? Өзіңіз жақсы білесіз: Әсел балын сатып тұрып, саусақтарыңды жалауға тура келеді. Ұзынқұлақ, көрінген жерінде, секіріп, шапқылап, жалт-жұлт етіп, сеп-семіз болып, ыждаһанымды бір келтірді дейсің, күйдіргі Ұзынқұлақ... Көбінесе мен мархабатты жан болмадым. Бэллинге де мен жақсылық жасамадым. Олар адал жандар, ал мен болсам күнәһармын. Турасына келгенде, олардың бәрі де аңқылдақ, аңқау, ақымақ болатын. Мен оларды аяп, жарылқап жатайын ба? Ондай әдет менде жоқ! Себебі, менің өзім де дар ағаш жібінен әрең дегенде өлермендікпен құтылған едім, оларды да бір жолын тауып, қалыпқа түсірсем, — істерім де жүрмес еді. Не дегенмен де, жақын жандарды сыйлап, қаншама жақсы көру керек болғанмен, бұндайларды құрметтей де, сүйе де алмаймын. Өлгендер, сіз айтқандай, өліп кетті, — сондықтан әңгімемізді өзге тақырыпқа бұрсақ... Өте ауыр күндерге душар болдық. Бұл жаһанда не болып барады өзі? Көзді ашып-жұмғанша, көптеген өзгерістерді көріп, естіп жатамыз.
Патша ағзамның өзі, өзгелерден артық болмаса, кем ұрлық жасамайтынын кім де болса біледі: Өзі алғанынша алып, қалғанын аю мен қасқырларға береді. Оған бәрі де болады! Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ! Бұл зиян тереңдеп кетті! Діннің иелері, шіркеудегілер... олар да үнсіз! Неге бұндай жағдай? Соларға ұқсап жаңылыспағын: қарасаң — өзіңе артық балдыршөп жай салып алғансың. Арызданып, шағым айтып көрші! Тек қана ауаны ғана тегін пайдалана аласың! Бекерге уақытың кетеді. Одан да пайдалы бір жұмыспен айналысқаның дұрыс. Не де болса, өтті, кетті! Бір уақытында кезегімен күшің бар кездерде келген дүние-мүлік, енді қайтып келмес. Арыз-шағымды да қолдап, қалай да бермес: ақыр соңында бәріне де мезі болары сөзсіз. Арыстан — біздің бас иеміз. Ол өзіне керек болған дүние-мүлікті, арыстанша жұлып тартып алады. Ол бізді өзінің қолдаушысы деп есептейді, әрине біздер де оны өзіміздің жан деп санайтынымыз рас.
Жиенім, сізге енді не дейін? Ашық жүзді патша ағзамымыз дүние-мүлік, бағалы заттар әкелгендерді, оның айналасында жағымпазданып, жәлпектегендерді ұнатады. Онысы, айдан анық көрініп-ақ тұр! Aл, қасқыр мен аю кеңес отырысында көп тірлікті бұзу үшін әрекет жасайды: ұрлық, қарақшылық істер жасаса да олар — құрметке ие. Бәрі де осыны көре тұра, үнсіз, — себебі олар да сол туралы ойлап, армандайды.
Патшаның айналасындағы жылпос-жылпақой, патшаның сарай қызметшілерінің төрт-бесеуі ғана патшаның сөзін сөйлеп, қолдауында жүргендер. Егер де таудай болып жүрген Рейнеке, тауықтай болса, онда бәрі де оған құмырсқадай жабылып, іздеу салып, ұстап алып, көпшіліктің алдында ашық түрде, бірауыздан өлім жазасына кесер еді. Өңшең майда пашақ ұрылар жазаланып, ірі, орасан ұрлық жасағандар болса — бостандықта, емін-еркін жүр; Бай, қуатты қорған, мекен-жайларды басып, тартып алғын да елді басқарып, билей бер. Білесің бе, досым менің, осындай тірліктерді көріп тұрып, ойға келіп, мен де тура соған ұқсаған ойын ойнамақ болдым да және де ойландым: Осы істерді, қарап тұрсаңыз, бәрі де дұрыс, заңды екен ғой деп ойлайсың. Расында да, кейде ұятың оянып, құдайдың қаһарынан, ауыр жазасынан қорқып, о дүниеге кеткендейсің: ол жақта әрбір титтей де болса арам жолмен тапқан дүниелеріңе жауап бересің. Кіршіксіз таза бола аласың ба? Қазіргі заманда, ең бір жақсы жан да көпшіліктің өсек-аяңынан құтыла да алмас.
Қара дақ тұмсығын бар жерде де сұғады, бәрін де қаралағысы келеді — бір нәрсені, болмаса күтпеген өзге пәлені жабыстырып, ешқашан да кешірім жасамайды. Мен сізге айтайын, мұндай пәстіктен, жақсылық күтуге болмас, — ол жақта да құдайдың жақсылығына миасар болғандар көп болмаса керек. Олардың бәрінің де ойларында ақымақтық жайлаған — әңгімелерінде де, әндерінде де. Өздерінің сиынған құдіреттерінде де мақтан сөздер аз емес екендігін олар біле тұра, үнсіз болып, естеріне алуды қаламайды. Міне, әсіресе кейбір адамдардың, атақ-даңққа жабыла құмар болғандықтары, ашу-ызамды келтіреді: олардың әрбірі де мастанып, дүние жүзіндегі жандардың тағдырларын басқарып, ойнағысы келеді. Онан да сен әйелің мен балаларыңды әдепсіздік жолынан, ақымақтық жасаған істерінен жөнге саламын деп, өмірдің қызығына еш тоймай жүргеніңде, бәрі де дөңгеленіп өтіп кетер. Егер де сен өзгелерге айтқаныңның бәрін де істетіп, өмірдің бар қызығын тек өзің ғана көрсең, онда бұл дүние не болмақ? Уақыт өткен сайын, біздер терең тұңғиықтарға батып, көп күнәлар артып, адасамыз: өсек-аяң, өтірік алдау, алданыш, сатқындық, алдамшы уәде беру, ұрлық жасау, тонау, қарақшылық, — тек сондай істерді ғана естисің.
Барлық жерде де, құдайын да ұмытып, халықты жағымпаздық пен өтірік алдап, арбау деген өршіген. Осы жолмен бәрі де өмір сүреді. Шын жүректен айтатын болсақ, әрбірі бейқам жауап береді: «оқымысты ғалымдар кездескен жерлерінде айтып жүргендеріндей, егер де күнәнің сұрауы өте ауыр, қорқынышты болатын болса, онда шіркеу қызметкерлері ешқашан да күнәға батпас еді».
Кейде олар да маймылдың қимыл-әрекеттеріне, ақымақ қылықтарына еліктеп, соған ұқсас тірліктер жасайды, себебі оларға табиғатынан о бастан-ақ, сол басына, ақыл-ойды, қалауынша бермеген. Турасын айтсақ, дін жолындағылар өздерін жақсы жағынан ұстаулары керек. Кейбір тірліктерді жасаған жағдайда да, дымын шығармай істеулері керек. Ал олар болса біздердің көзімізше білгенін істеп жатыр, біздерді, қарапайым көмпістерді, көрсоқыр жандар қатарында санағандай, бар ар-ұяттарын жиып қойған. Бірақ та біз өте жақсы көріп тұрмыз ғой: өзге де жер бетіндегі күнәға батқан азғындар секілді бұл әулиелерге қасиетті ант беру соншалықты ұнамды. Қараңыз — Альпының арғы жағын; ол жақтағы поптар өзгеше сипатта: Әрбірінің сүйікті ойнас бикештері бар. Біздің өлкелеріміздегілер де бұл мәселеде аз күнәға батқан емес. Маған айтса керек: олар да, үйленген адамдар сияқты балалары болып, асырап, тынбастан еңбектеніп, балаларына жарық дүниеде өз орындарын табуға көмек берер. Ал олар болса өздерінің қайдан пайда болғандарын білместен, өздерінің шен қылықтарына қарамастан — тәкәппар, менмен болып, белгілі ақсүйектердің ұрпақтарындай өздерін өле-өлгенше санап кетеді.
Бұрындары поптың кездейсоқтарын онша елей бермейтұғын, — бүгінде олар байбатшалар: «Сұлтан», «ханшайымдар». Ия, олар — орасан, ұлы күш! Көптен бері байбатшалардың жерлерін поптар қолдарына алмай келген-ді, енді, олардан, ауылдардан, диірмендерден төлемақы, салық, кіріс табыстарын мезгіл сайын алатын болды. Міне, кімдер дүние жүзін азғындағандар! Көпшілікке ортақ жақсы мысал: Поптың күнәсіз емес екенін, көргендер — әрбірі көрмегенсіп күнәлар жасайды. Соқырдың күйін соқыр жақсы білер! Дін жолындағы діндәрлардың туралығы, парасаттылығы, адал істері қайда? Қайсыбірі тәрбие берерліктей, кіршіксіз адал күйде шіркеуде өсиет, уағыз айта алады? Кімдер олардың жолымен жүрер дейсің? Бүгінде бәрі де бейбастақтыққа ауып кеткен! Халық осындай жолға түссе, — қалайша жер жаһаның түзелер? Және де бір жағдайды мен сізге айтайын: кімде-кім некесіз жандардан туылған болса қиналмасын — ол енді ештеңені де өзгерте алмайды. Бұндай жандарды сөз ету дұрыс емес: біздердің дүниеге келуіміз біздерге жақсылық әкелмеген, және де дүниеге келу де ұят емес. Адамгершілігі мол, оқымысты жандарды діни қауым әрқашанда еңбектерін бағалап бәрі де сыйлайды, бірақ та бұзылған жандардан үлгі алады. Шіркеу қызметкері жақсылық жасаңыздар деп үн қосса, көпшілік оған күліп: «Ол жақсылық туралы айтып тұр, ал өзі болса жамандық жасайды. Қайсысын біз таңдасақ екен?»
Ол шіркеуде де, өзгелерге өнегелі, ақыл сөздер айтып тұрып, жан тәнімен күйіп-жанбайды: «Балаларым менің, шіркеуге қаражатпен көмек беріңдер — құдайдың рақымшылығы мен кешіріміне ие боласыңдар... Сонымен ол сыйынуын аяқтайды да, өзі болса тиын тебен береді, болмаса түк те бермейді, шіркеу құлап жатса да, оның ісі болмайды! Ешбір затқа мұқтаж болмастан, қымбат киініп, небір тәтті, дәмді, майлы тағамдарды ішіп-жеп, сөйтіп ол өмір сүре береді.
Шіркеу қызметкері жан тыныштығын сақтап демалған кезде, қайдағы әнге қосып, сыйыну дейсің? Күнде, сағат сайын құдайға адал қызмет етіп, киелі шіркеуге бар пайдасын тигізсе — шіркеу қызметкері сонда әрқашанда жақсы болар. Бәріне де ол үлгі болып, өнегелі, тәрбиелі сөздер айтып, пенделердің қорғанышы, сүйеніші, демеушісі болса екен. Мен күләпарашыларды да жақсы танимын: көзіңді онан алғанша, мыңқылдап, міңгірлеп және де өмір бойы тек байларға ғана барады, жағымпаздықта ешбір жанға жол бермейді, қашан да болса меймандықта қыдырумен жүреді. Егер де біреуін шақыра қалсаң болды, артынан екіншісі, ал ертесіне — және де екі-үшеуі. Ал, егер де оның тіл байлығы, бәрінен де жоғары дәрежеде, ұста болса, онда ол құрметті атаққа да ие болады: оқырман, кітапханашы, керек болса басқарушы да. Ал, қалғандары — көлеңкеде көрінбес. Тең, бірдей болу тағамдарында да орындалмайды, біреулер міндетті түрде топпен қосылып тынымсыз ән айтса, оқыса, жаназаға қатысса, өзге істерді де жасаса — артықшылығы — бәрі де бос сенделіс, бір дұрысы, — қарындары тоқ. Ал, шіркеу басқармасындағылар: ресми адамдар, дін оқытушылар, шырақшылар, рухты демеушілер оларды айтып — тауса алмайсың! Түбінде болатыны: «Сенікін маған бер, менікіне тимегін».
Турасына келгенде, керек десең іштерінен дін жолын адал, заңды, дәстүрін таза сақтап жүрген, не болмаса оған жетем деген қызметкер табылмас. Бұндай жағдайда дін ортасы күйреп, құлап та қалуы мүмкін!..» «Нағашы, қызық екен, — тыңдап келе жатып борсық , — Сіздің тәубе еткеніңіз тек өзгелердің күнәларын әшкерелейді, оның сізге көмегі тимейді. Меніңше, сіздің өзіңіздікі жетіп артылса керек? Неге соншалықты сіз діншілдерді көп ойлап кеттіңіз? Ондай екен, мұндай екен! Әрбір жан өз жағдайын ойлап, әркім өз істеген істеріне жауап беруі қажет, әрбірі — қызметіне сай — өз міндетін ол атқаруға тиіс. Жауап беруден ешкім де қашып құтыла алмайды: Жасың да, кәрің де, шіркеу ішіндегілер болсын, сіздер жер бетінің әр жерлерінде әр жағдайда жасағайсыздар, сәл болмағанда мені де жаңылыстырып жіберейін дедіңіз. Біздің дүние жасампаздығымыздың бүге шүгесіне дейін, бүгінгі құрылысын тыңғылықты баян еттіңіз. Сізден мықты поп шығар еді! Ол кезде мен сіздің құзіретіңізге келіп, сіздің данышпан ақыл-ойыңызды тыңдап, сізден сабақ алар едім, несін айтайын, — бүгінгі ащы да болса, шындық, — біз көбінесе дөрекіміз, білімсізбіз, білімді қажет етеміз».
Патшаның ақ сарайына екеуі де жақындап қалды.
«Кәнеки, батылырақ!» — деп Рейнеке көтеріңкі көңілмен сөз қатты.
Осы кезде Римге құдайға құлшылық етуге бара жатқан Мартын-маймыл оларға кездесіп қалады. Ол оларға бас иіп, сәлем берді: «Қадірлі нағашым, мықты болыңыз!» — түлкіні жарылқағандай болып көңіл айтып жатты.
Бәрінен де хабары болса да, түкті де білмегендей мән-жайды сұрап жатты. Рейнеке көңілсізден жауап қатты: «Ох, кейінгі кездерде менен қуанышты күндер келмеске кеткен болса керек! Қандай да бір, қарға дейсің бе, қоян дейсің бе, ұры қарылар менің үстімнен шағымданыпты: бірісі әйелінен айырылып қалған дей ме, екіншісі — құлағынан. Бұл жерде менің қатысым қанша? Егер де мен патша ағзаммен кездесіп сөз қозғасақ, екеуіне де жақсы болмас еді! Бәрінен де өкініштісі, әкемнің жоғалғаны туралы істің менің басымнан бүгінге дейін алынбағаны қиын болып тұр. Бұл істі айтқанын істете алатын бір әділқазы шеше алады, менің жоғалып кеткеніме, Изегрим қасқыр жауапты: бір кездері ол Элькмарда жасап, дін жолында білім ала бастаған болатын, бірақ та дін оқу орнының талаптарына шыдай алмастан — ол жерден қашып кетті: күндіз-түні сыйынып, тынымсыз оқуға ол жарамады, дін жолын қатал ұстап, күні бойы сыйыну оны әбден өлесідей, титықтатып қойды. Оның қашып құтылуына мен көмек берген едім, сол үшін қатты қапа боламын: ол патша ағзамға үнемі менің үстімнен арыз беріп, жамандаумен... Римге кетсем қайтейін деген едім! Жанұямды қайда қоямын! Осындай аласапыранда оларды тастап кетуге болмас! Изегрим оларға қайда жүрсе де, небір сұрқиялық жасап, күн бермес. Айта берсек, менің туыстарыма пәле ойлап, қиянат жасасам деген, менің қастастарым, аз емес болар? Ең болмағанда менен қашқын дегенді алып тастаса екен: ақсарайға барып мен өзімнің бағымды сынап көрер едім».
«Қандай дұрыс болған болар еді! — деді Мартын. — Мен Римге жылдам жетіп, сізге көмектесуге тырысамын. Мен бір амалын табармын. Қайткенде де, сізді ұятқа қалдырмаспын! Мен епископтың хатшысы ретінде істің мән-жайын жақсы түсінемін. Римге тәлімгер керек болғанда, сол кезде, мен әрекет жасаймын. Нағашы, білесіз бе: мен бір істі алсам егер, оны аяғына дейін жеткіземін. Мен сізден қашқын деген айыпты алдырып тастап, сізді көре алмайтын дұшпандарыңызды тас қаптыратын боламын: Олардың теңге шашып, күндіз-түні жүгіргендері, бәрі де — желге лақтырып тастағандай болмақ! Римнің тәртіп, заңдары маған белгілі: мен, не істеп, не істемеу керек екенін жақсы білемін... Римде Симон деген менің нағашы ағам тұрады — оның абырой, атағы, айналасындағы ақсүйек, шонжарларға белгілі. Ол жақта Алдамшы, доктор Тойымсыз және де Желмұрын, Әпербақан деген белгілі азаматтар бар, — олар менің достарым. Қаражаттарды мен алдын-ала жібергенмін, — бұл бізге әлден үлкен күш береді: Ондағылар сот істерін асығыс, үстіртін қарай салады, олардың бәрін де тесіп бара жатқаны қаражат, дүние. Қандай да іс болмасын — күдікті ме, қисынсыз ба, бәрі де дүниемен жөніне келеді. Қаражат салсаң болды — бәрі де дұрыс шешіледі. Ал, егер де аздау болса, бітті, есік тарс жабылады... Сондықтан, үйіңізде беймарал жата беріңіз, сіздің ісіңізді мен қолыма алып — бар түйінін шешемін. Сіз ақсарайға барғаннан кейін, — менің әйелім, Рюкенау ханымға жолығыңыз, жолыққаннан соң, — патша ағзам мен патшазада оның сөзіне құлақ асады. Оның шексіз зеректігі бар. Дарынды жан, үнемі достарын қорғап, қолдаумен келеді. Онда біздің туыстарымыз көптеп саналады. Шындық әр уақытта көмек бере-бермейтіні де бар. Сізге менің үш ұлым, ағайындарым болып, қолдарымыздан келген көмегімізді шын ниетімізбен беруге өмір бойы дайынбыз. Егер де сізге әділ сот көмек бермесе, онда қара да тұрыңыз, менің не істейтінімді көресіз. Сізді қудалап жатса, — хабар беріңіз. Бар өкімет: патша ағзам, барлық еркектер, барлық әйелдер, бала-шағалар — бәрі де қудалауға түседі! Мен оларға шіркеулерде топтасып, ән айтуларына, оқуына тыйым саламын: неке қиюға, сиынуға, табытты жерлеуге, бәрін де! Сіз, нағашы, қапа болмаңыз! Әкейіміз өте қартайып қалды, жұмысқа көп араласа бермейді, іс жүзінде Ватиканды бүгінде басқарып отырған кардинал Ештиымсыз — жігіт шамасында, күші толған, мықты, қызу қанды, шешімді тез қабылдайтын адам. Маған таныс, бір әйелмен, ол ойнастық қатынаста. Сол бикеш керек құжатты алдына ұсына қойса — ойлағанындай етіп, бәрін де, ол сол заматта тындыратыны сөзсіз. Оның хатшысы Иоганнес — ескі және жаңа теңгелерді жиюға құмар. Оның ең бір жақын досы — белгілі би-сұлтан Ұрыкөз. Ондағы нотариус Жаңылыс дөңгелек — екеуі де, болашағы зор, үміткерлер. Ол жақында бірер жылда құқықтану мекемесінің жарық шамы болады. Және де маған ол жердегі екі сот таныс: Дукат пен Донарий, — олардың сот шешімдерін — ешкім де бұза алмаған. Бұл Римде алаяқтар да, арам ойлылар да толып жүр, оның бәрін Әкей біле бермейді. Бәрі де туыс, таныстардың арқасында болады. Таныстар арқылы азаматтықты да, бір елдің бағыныштылығын да алып та тастауға болады. Осыған сеніңіз, менің діріл қаққан нағашы ағатайым! Бас иемнің өзі де білсе керек: мен сізді құртып жіберуіне жол бермеймін. Сіздің ісіңізді ақтап шығу мен үшін қиындыққа соқпайды. Кеңестегілердің ішіндегі ең мықтысы біз екенімізді бас ием білуге тиіс: маймылдар тұқымдары мен түлкілер! Ол жерде қандай да болмасын, сізге, қайткенде де, көмектеседі!..»
«Көңілім жайына түскендей, — деді Рейнеке оған. — Егер де мен осыдан аман-есен құтылсам, мен сізді ұмытпаспын...»
Сөйтіп олар қоштасты. Тек Гримбарт екеуі ғана достарынсыз, ағайын-туыстарсыз, Рейнеке-түлкі, оған аса ашу-ызалары қайнап отырған, ақсарайға жақындай түсті.
Тоғызыншы өлең.
Рейнеке-түлкі ақ сарайға келе жатып, өзіне қойылған күнәлардан құтылып кетуіне сенім қанаты байланғандай еді. Бірақ та, сонда жиналған есебі жоқ оның өлімін тілеген дұшпандарын көргенде, — көңілі су сепкендей тұнжырап, қабағы салыңқы күйінде Гримбардтпен бірге небір ақсүйек, сұлтан-билердің жандарынан өтіп бара жатты. Тақ мінбесіне жақындай бергенде Гримбарт оның құлағына сыбырлап: «Рейнеке, көңілді төмендетпегін! Бақыт қорқаққа емес, батыр жанға келетінін есіңде сақтағын: құтылар есікте — қиындықтар тұрар!» — деді.
«Расында да солай! — деп Рейнеке жауап қатты, — Мен сіздің қолдау жасағаныңызға шексіз ризамын! Егер де осыдан мен бостандыққа шығатын болсам, сізді ұмытпаспын!...»
Айналасын байқап қараған еді, оның ағайын-туыстары да аз жиналмапты, дегенмен де қолдаушылар кемдеу екен! Ол көптеген жандарға қиянат жасағаны байқалып ақ тұрғандай — керек десеңіз ұлылары да, қарапайымдары да, сұр жыландар мен кәмшаттар да бұны сұмырай қатарына қосып отыр. Сонда да болса алаңда жиналғандар ішінен жеткілікті достарының отырғандығын байқайды. Рейнеке тақ мінбесінің алдына келіп тізерлеп отырып, сабырлық жасап сөз қозғады: «Біздердің бар істерімізді, бар күш-қуатымызды қолдайтын, қорғайтын менің бас ием, патша ағзамым және де Сіздің жан жұбайыңыз, менің ханзадам, сіздерге өмір бойы Алла тағалам жар болсын, сіздерге көргенді ақыл парасат бергей, бүгінде өкінішке орай жер бетінде қаулап келе жатқан өтірік, өсек, аяңнан
аулақ етіп, сіздерді тура, әділетті жолдарға салып жүрсін. Бүгінде көп жандардың түр-пішінінен қарап, оның шын мәнісінде қандай жан екенін ажырату өте қиын болып тұр. Егер де патша ағзамыз кітапты оқығандай, маңдайға жазылғанды да оқи алатын болғанда — онда ол менің оған қаншалықты адал екенімді білген болар еді! Өкінішке, көбісі мені қаралап, жамандайды. Кім, кәне? Оңбағандар! Олардың бар ойлағандары, мақсаттары менің сізге деген достық ықыласымды тас талқан ету: мен, ондай құрметке ылайық емес екенмін! О, менің әмірім — патша ағзамым, туралық пен әділдіктің жолында жүру маған ғана тән қасиеттер емес пе! О, жо-жоқ! Сендер патша ағзамымызды әділ жолдан тайдыра алмайсыңдар! Осындай болған — осындай бола да бермек!» Рейнекенің жанкештілігіне, өжеттілігіне қайран қалып отырған көпшілік — орындарынан үдере қозғалып, қызығушылық байқатып, не әңгіме айтар екен дегендей, құлақтарын түре, жым-жырт болып, тыңдауда: Оның жасаған қылмыстары айдан анық көрініп-ақ тұр — ал, бұл қалайша онан құтылмақшы? «Ей, оңбаған, сұрқия! — деп айқайлап жіберді патша, — құр бостан-бос сөзіңмен бұл жолы сен құтылып кете алмайсың! Жоқ, өтірік, алдамшы сөздеріңмен біздерді сендіремін демегін. Сенің өлер кезің келді! Маған адал екеніңді, сен дәлелдеп бердің-ау деймін: сөз жоқ, қоян мен қарғаға жасаған жәбірлерің жетіп артылады, — сен қай жерде жүрсең де қиянат-қылмыс, сатқындық жасамасаң жүре алмайсың ғой! Сен оңбаған істер жасаудың ұстасысың, енді бәріне де тоқтам жасалынады. Мен саған енді емін-еркін білгеніңді істетіп қоймаймын — бәрінің де шегі бар!»
«Менің жағдайым енді не болар екен? О, енді, шіркін, тек қана үйіме жетіп алсам ғой! Амал-айласын қайтіп тапсам екен? Не де болса, бар амал-тәсілді пайдаланып, жолын табуым керек — тәуекелге бел байлаған дұрыс!..» — деп ойлады Рейнеке.
«О менің аса құрметті, әділетті патша ағзамым! — деді ол. — Егер де сіз мені өлімге тұрарлық жан деп есептейтін болсаңыз, онда сіздің істі терісінен қарағаныңыз. Одан да мені мұқият тыңдасаңыз болар еді! Небір қиын-қыстау кезеңдерді, сіздің жаныңыздағы жандайшаптардың бәрі қашып кеткенде, мен үнемі сіздің қасыңызда болып, бар ақыл-кеңесімді айтатын едім ғой, сіз бен екеуміздің арамыздан қыл өтпейтін жақындығымызды ажыратып, менің осында жоқтығымды пайдаланып, менің сыртымнан маған өлім жазасын да кесіп қойыпты. Әділ де, әділетті бас ием, менің сөзіме құлақ асып, істің мән-жайын дұрыс шешесіз-ау деген үміттемін: егер де менің күнәм болса — амал қанша маңдайыма жазылғаны болар. Мен қасық қанымды да, жанымды да аямастан, отанымыздың, мемлекетіміздің шекарасын күндіз-түні күзеткен кездерімді, әрине сіз оған аса мән де бермеген едіңіз. Жоқ әлде бір титтей де кінәлі болып, осында ақсарайға, сіздің алдыңызға келер ме едім, айтыңызшы? Турасын айтқанда мен сізден де, дұшпандарымнан да сақтанып, аулақ жүргенім рас. Ешбір, шексіз байлық, қымбат заттар да мені осында алып та келе алмас еді! Өз үйім, өз туған жерім — өлең төсегімде, емін-еркін бостандықта өмір сүріп жатқан жағдайым бар, ал бұл жерге мен адал, шын ниетіммен, ешбір жасап қойған күнәларым жоқ болғаннан соң — келіп отырмын. Мен енді ғана саяхат жасауға дайындалып жатқанымда, мына менің жиенім Гримбарт хабармен келіп: ақсарайға жедел жету керек екенімді айтты. Мен жолшыбай жан-жақты терең ойға шомып келе жатып Мартын мырзаға жолығып, небір әңгіме дүкен құрдық. Ол маған менің бар біліп-білмей жасаған күнәларімді кешірім жасау жолында қызмет етпек болып уәдесін берді: «Римге барғаннан кейін сіздің барлық істеріңізді қолға аламын: Сіз ақсарайға бара беріңіз, біз сіздің күнәларыңызды алып тастаймыз...» — деді ол. Көрдіңіздер ме, бұл сөзді маған ең білгір, заңгер — Мартын мырза айтты: Біздің белгілі, абыройлы дін жолындағы данагөйіміз Жарып өткірдің қарамағында Мартын мырза бес жылдан бері ең сенімді заңгері болып, сот жүйесін басқарады екен! Ал, мен мұнда келсем — менің үстімнен неше түрлі арыз-шағымдар қаптап ұшып жүр. Рейнеке ондай да, сондай деп қоян мен туралы өтірікті сықпыртып отыр — қараңдаршы оған: мені айыптағысы келсе, кәне енді осында келіп менің алдымда көзбе-көз айтсыншы! Қайсы бір жанды болса да, оның айыбын, күнәсін айтамын деген кінәлаушы жауып, өзі жоқтың көзі жоқ дегендей, болғанды да, болмағанды да айтып, жамандай беруге болады ма, кінәлі деген жан да өзінің тура сөзін айтуы керек емес пе. Мына тұрған жалғаншылар — қарға мен қоян — менен тек жақсылық көрмесе басқа жамандық көрген емес. Алдыңғы күні болса керек таң атысымен маған қоян жолығып, жылы шыраймен амандасты. Мен бұл кезде ауламның алдында тұрып, Аллаға сиынып жатқан болатынмын. Ол маған ақсарайға бара жатқанын айтты. — Мен оған: «Құдай жолыңды жарылқасын!» — дедім. Қоян болса жыламсырап: «Менің жолда келе жатып, қарным қатты ашып тұр, шаршадым!» — деді. — Сіздің тамақ жегіңіз келіп тұр ма? — деп мен аяныш танытып сұраған едім. «Жаныммен ризашылық білдірер едім», — деп ол жауап берді. Мен оған: «Жан-тәніммен сыйлап күтемін» — дедім. Біздер қорғанға кірдік те, — мен оған алша мен май бердім: сәрсенбі күндері мен ет жемейтін едім. Осы заматта менің кенже балам жетіп келіп, жейтін қалған тамақ іздей бастады: балаларға қалған-құтқан ас дәмді келеді ғой. Балақай қызығып ойнамақшы болғанда, қоян нәрестемнің тұмсығынан байқаусызда салып жібереді де, сонан еріндері, тістері қанға боянып қалады. Мұны көрген ағасы Рейнгарт, інісінің өшін алмақшы болып, екіжүздінің тамағына жармаса кеткен! Бар болғаны — міне осындай болатын! Мен — бірден балаларыма жетіп бардым да, екеуінің әрең дегенде қапа қылған мейманнан ажыратып алып, қатты ұрыстым. Оған не болғанда да, үндеместен сабырлық жасауы керек еді: одан артық ол қошеметке бөленбес те еді!
Егер де менің жас балапандарым жаман ойда болғандарында, онда оны сол жерде-ақ тындырған болар еді. Міне саған ендеше жасаған рахметі! Мен оның құлағын жұлып алған екенмін! Ол дегенің оған деген үлкен құрмет — естелік үшін жасалған белгі...
Қарға маған жылап келіп: әйелінен айырылғанын хабарлады. Ол бейшара, өкінішке орай, ертелетіп, таң ата өлгенше тоя жеп алған: қоламсадай балықты сүйек-пүйегімен жұтып жіберген. Арғы жағында не болғанын бәрін де ол біліп тұрып, әйелін мен өлтіргендей өзінше әрнәрсені оттап отыр. Мүмкін оның өзі өлтіріп кеп отырған да шығар? Егер де маған онан сұрау алуыма рұқсат беретін болғанда, ол басқаша өлең айтар еді. Бұл қарғалар үнемі биіктерде ұшатыны соншалық, оларға қаншама ұмтылып секіргенмен жету мүмкін емес.
Егер де маған айыптау кінәсін тағамын дегендер болса, онда ашық та, анық та куәлерін алып келіп, мойныма қойып, дәлелдеп берсін! Бүгінде салауатты сот тәртібіне жүгінетін болсақ сондай болуы тиіс. Мен осыны талап етуге құқығым бар. Егер де айғақты куәгерлер болмаған жағдайда, басқаша шешім жасалынуы тиіс: Міне! Мен жекпе-жек ұрысқа дайынмын! Болатын жер мен уақытты белгілеңіздер!
Менімен жекпе-жекке шығатын жан өзіммен қатарлас, теңдес тұқымнан шығып, дәл қазірдің өзінде өзін таныстырсын. Жекпе-жекте кім жеңіп шықса, сол абыройға ие болатын болсын. Бұл — ежелден келе жатқан заң, мен осы үрдісті қолдаймын!..»
Рейнекенің айтқан уәжін тыңдап отырған көпшілік, төбеден жай түскендей, орындарынан тырп етпестен тапжылмастай болып, қатып қалған еді. Әсіресе қарға мен қоян дегендеріңде жан деген қалмағаны соншалық, — екеуі де үн-түнсіз, ақсарайдан зытып шығып кеткендерін де, өздері де сезбей қалған-ды. Сыртқа шығып бара жатып олар бір-біріне: «Бұдан кейін енді онымен соттасудың реті де болмас. Қаншама біз әрекеттенгенімізбен де, біз оны жеңе алмаспыз. Істің қалай болғанын кім көрді дейсің? Біз ол жексұрынмен бірге-бір ғана болатынбыз. Куәгерлер жоқ. Сондықтан, амалсыздан, тек біз ғана жауапкер боламыз. Ендеше алаяқ сұмыраймен баскесер мықты біреу ұрысқа шығып жазасын берсін! Расында да, бәлекеттен аулақ! Біз, кіммен ісіміздің болғанын сезіп отырмыз: өтірікші, қу, оңбаған ол біздің бірнеше ондаған туыстарымызды құртып жіберуі мүмкін. Жоқ, бұл дегенің бізге өте қымбатқа түспек!..»
Бұл екеуінің есікке қарай кетіп бара жатқандарын, Изегрім мен Сұлтан жақтырмастан қарап тұрды. Көңілдері түсіп түңіліп кеткен Патша осы кезде көпшілікке қарап: «Кімде, қайсы біріңде арыз бар? Келіңдер. Кеше кіжініп, ашуланғандар аз емес еді ғой. Айыпталушы келіп отыр. Кәне, кім бар?» Ешбір жанның да арызданып қарсы шықпағанын Рейнеке байқап, міз баспастан жағдайды өз қолына алып: Сыртыңнан өсек-аяңды сырғытады кеп, сырғытады кеп, ал жүзбе-жүз кездесе қалсаң болды, бәрі де үйлеріне кеткісі келіп тұрады. Оңбаған қарға мен қоян, маған қара жағып, мені құр бостан босқа жазалап, қиянат жасамақ ойлары бар. Мен көздеріне көрінген едім — демде аяқтарын жылтыратып, тайып тұрды. Мен олардың масқарасын шығардым! Міне, көрдіңіздер ме, өшіккен, кекшіл алдамшылардың сыртта жүргендерге қара күйе жағып қараламақ болудың өте қауіпті екенін: абыройлы адал жандарды олар көреалмаушылықпен барынша қаралауға, масқара етуге тырысады. Мен өзімнің қара басым үшін емес, өзге жандар үшін күйіп-пісіп жүрмін».
«Бері қарағын, — деді патша, — сен оңбаған сатқын маған жауап берші, менің ең сенімді жауапты хатшым бейшара Ұзынқұлақты хайуандықпен аяусыз өлтіргеніңді қалайша жайбарақат тұрып айта аласың? Мен сенің неше түрлі жасаған қастандықтарыңды кешірген жоқ па едім? Сен Римге, теңіздің арғы бетіне сапарға аттанғаныңда киім-кешектер, азық-түліктер, етіктер берген мен едім ғой; сені жөнделеді деп, мен сені қамқорлығыма алған едім. Енді болса бүгінде сен білгеніңді жасап, алдымен Ұзынқұлақты өлтіріп, Бэллин болса сенімен бірге ақылдасып, бірге тірлік жасадық деп қоянның басын қорапқа ораған күйде менің алдыма алып кеп тұр. Бұл не деген сұмдық? О заман да, бұ заман — қоянның басын қобдишадан тауып алу дегенің! Бұл істердің бәрін де сен менің үстімнен күлу үшін жасап отырсың деп түсінемін. Бэллин қасқырдың жемтігі болды — ендігі кезек саған келіп тұр!» Рейнеке таң қалып: «Мен не естіп тұрмын? Бэллин де өлген бе? Мен енді не істесем екен? Одан да менің өлгенім дұрыс болар еді! Ах, солармен бірге мен орасан көп зергелерімнен, байлықтарымнан айырылып қалдым-ау! Мен солар арқылы дүниеде теңдесі жоқ қымбат заттарымды сізге арнап беріп жіберген болатынмын! Қойдың қоянды өлтіріп, сіздің қазба байлықтарыңызды ұрлап алып кетеді деп кім ойлады дейсіз? Қазылған шұңқыр мен қақпанды күтпеген жерден күткін! — деген осы екен де...» Ашу, ызаға булыққан патша Рейнекенің айтып жатқан соңғы сөздеріне мән беріп те, тыңдаған да жоқ, ол орнынан тұрып кетті. Алаяқты дарға асуға дайындала бастаған болатын. Өзінің тағына жақын келген кезде, оның алдынан патшазада, маймыл Рюкенау ханым шығады. Маймыл болса ханзада мен бас иемнің ерекше құрмет тұтатын жандарының бірі, бірегейі болатын. Рейнеке-түлкіні де қолдап, қорғаштайтын да осы жан болатын. Маймыл бәрінен де білімді, сыйлы, құрметті, қадірлі еді.
Патшаның ашуда болғанын байқаған ол абайлап тіл қатты: «О бас иеміз! О бастан сізді құрмет жасап, сіздің бұйрықтарыңыз бен үкімдеріңізді бұлжытпастан тыңдап, орындап та келеміз, менің де өтініштерімді сіз қабыл алып, кешіріммен қарап та келесіз. Менің бұл жолғы да өтінішімді дұрыс қабылдайсыз деген үміттемін. Өйткені бұл жолғы ісім менің жақын туысым туралы болып отыр. Кім өзінің ағайынынан бас тартар дейсіз? Рейнеке, кім болса да, — ол менің туысым. Егер де мен оның мінез-құлқы туралы айтатын болсам, онда: Ол осында сотқа өзі келген екен, онда оның күнәларының жоқ екенін көрсетеді. Сіздің әкеңіздің сенімді досы болған оның әкесі де, үнемі, өмір бойы осындай жала, өсек-аяң арыздардан құтылмай ақ кеткен болатын. Бірақта ол оларды әшкерелеп, масқараларын шығаратын: Істі тексеріп қарай бастағаннан ақ — көреалмайтындардың қолдан жасаған болмашы тірліктері белгілі болып қалатын: керек десеңіз оның батырлықпен, жанкештілікпен жасаған істерінің өзі кейде қастандық жасағандай болып көрініп тұратын! Ақсарайда оның беделі, абыройы Изегримнен де, Брауннан да жоғары тұратын. Екеуі де күнделікті кездесетін айыптаулар мен жалалардан ол сияқты шеберлікпен жауап беріп, таза құтылып кете алатын болса екен деп таң қаласың.
Қалай дегенмен де оларға туралық істер жасау дегеннің мағынасына түсінуі қиын-ақ: олардың күнделікті жасаған өмірлері — оған дәлел бола алады!» «Неге олай дейсіз, — деп патша онымен келіспестен, — Рейнекенің маған жағымпазданып, сіздің адал қызметкеріңіз болдым деп, оның өткен жасаған қылмыстарын қоянды өлтіргенін, қойды жолынан адастырғанын бәрін де ұмытып кеткендігі сізді ойландырмай ма деймін? Сондай-ақ оның осындағы белгілі, атағы шыққан ақсүйектер мен шонжарларды ашықтан ашық алдап, келемеждеп кеткендерін, ұрлық-зомбылық, қарақшылық жасаған, күнәсіз жандарды өлтірген сұрқия істерін, үкіметімізге келтірген орасан зор зияндарын анықтап, біліп, көріп те отырмыз ғой. Жоқ, бұдан бұлай шыдауға болмайды!»
Маймыл патшаның айтқан сөздеріне көнбестен: «Қалай дегенмен де әрбір жан ол сияқты салиқалы ой айтып, сол ойлаған ойларын іс жүзінде орындап үдесіне шығып жүргендері көп емес, жоқтың қасы деп айтсақ та болады. Ондай жандарға сенім мен құрмет болу керек! Не дегенмен де оның үстінен жала жабылып, жасырын өтірік арыздар ұйымдастырылып жатады. Ондай бәлеқорлар көбейіп кетсе — ашық айта бастайды. Осындай жағдайлар Рейнекенің басында жиі болып тұрады. Сіздің, мемлекетіміздің басына іс түсіп, небір тар жол тайғақ кешу, қиын-қыстау кезеңдерде, айналаңыздағы небір менмін деген уәзірлеріңіз, сұлтан-бектеріңіз бет-бетімен, үнсіз қашып, Рейнеке емес пе еді жаныңызда болып, бар ақыл-кеңестерін айтып, көмек берген, оны ұмытуға мүлдем болмас сірә. Жақында ғана болған іс — жылан мен адамның жасаған ауыртпашылықтарын, — ешбір жанның да шамасы келмегенде, Рейнеке емес пе еді жолын тауып кетіп, бәрімізді де құтқарып қалғанда, сіз едіңіз ғой оны жоғарыға көтеріп, марапаттап, мадақтаған». Патша бір сәт ойға шомып, маймылға қарап жауап қатты: «Ол істі өте жақсы білсем де, мәселенің мән-жайы есімде қалмапты, қалай дегенмен де, меніңше, бәрі де түсініксіз тірліктер ме, қандай еді. Сіздің есіңізде қалса, мен оны жан-тәніммен, мұқият тыңдауға дайынмын».
«Егер де, бас иемнің қалауы солай болса, — деді маймыл, — онда тыңдаңыз: Осыдан тура екі жыл бұрын сіздің алдыңызға арызбен шулап жылан келеді. Онымен соттасып, екі ретінде де ұтылған, бірақ та сотың қаулысына риза болмаған шаруа адам да келеді.
Жылан болса сізге бар болған оқиғаны баяндап береді: бір қорғанның тесік жерінен өтіп бара жатып ол, байқамастан құрыққа ілініп қалады да, — құрық бірден өлетіндей жағдайға душар болып тұрғанда, ойламаған жағдайда оның жанынан бір адам өтіп бара жатады. Жылан жан ұшырып: мені өлімнен ажыратып алшы, алшы! Мен өтіне, жалына сұранамын, құтқаршы!» — дейді.
Адам жауап қатып: «Мақұл, — мен сені аяғанымнан, құтқарайын. Бірақ та сен маған жаманшылық жасамаймын деп уәде бергін» — дейді. Жылан өлгендегі сөзін айтып, ант береді де — адам оны құтқарып алады. Сөйтіп екеуі бірге жолға шығады. Бір кезде жыланның қарны ашып, адамды орап алады да, жемек болады.
Бейшара адам жан ұшырып, шошынып, ашуланып: «Осы ма менің жасаған жақсылығыма жауабың? Осы ма сенің рахметің? Сен емес пе өлердей ант берген?!»
Жылан болса: «Мені осындай тірлікке апарған аш болғандығым, — оған ештеңе де жасай алмадым: «Керек жағдай» болмайды дегенге көнбейді екен. Сол себептен мен өзімді ұстай алмадым» — деді.
Адам болса жалынып: «Бізге жолыққан жаннан, осы екеуміздің қайсымыздың жасаған ісіміздің дұрыс екенің сұрап білгенше, сен мені аяғын!» — дейді.
«Жарайды онда, мен аз уақыт болса күтейін» — деп жылан жауап берді. Олар алға жүріп келе жатып, — шалшықта жүрген қарғаларды көреді, — оның есімі Тынымсыз болса, жанындағы қарғанікі — Қарқ-қарқ болатын. Оларды жылан жанына шақырып: «Жақын келіп, біздің мәселемізді шешіп беріңдер» — дейді.
Қарға болған істі мұқият тыңдап болып: «Адамды жегенің дұрыс!» — деген шешім айтады.
Қарғаның оны айтқандағысы, оған да бір бөлігі тиіп қалар ау деген дәмесі де жоқ емес еді.
Жылан қуанғаннан көзі жайнап кетіп: «Жеңіс мен жағымда — енді мені ешкім де айыптай алмас! — деді»
«Жоқ, мен әлі жеңілген жоқпын — деп адам қарсылық жасайды. Мені қалайша қарақшы жазалауы тиіс? Бір өзі ғана! Бұл істі екінші рет заң шеңберінде қарауды сұранамын! Соттардың құрамы: төрт, бес, он болуға тиіс!» — дейді.
Бұған да жылан келісімін береді: «Кеттік онда!» Жолшыбай олар қасқыр мен аюға жолығып, оларды көпшіліктің ортасына алып барады. Бұл жерге келгенде адамның қорыққаннан жаны қалмайды: бес бірдей алпамсалардың ортасында бір өзің қалу деген! Оңай ма! Ол жылан, қасқыр, аю мен екі қарғаның қоршауында қалады. Қорқыныш үрейі бар денесін билеп кетті! Қасқыр мен аю бір-бірімен тез арада келісімге келіп, шешімдерін айтады: «Жыланның адамды өлтіруге толық құқығы бар: Аш болған жан ешқандай да заңды мойындамаған, ал ант беру деген қажет істерге бөгет бола алмайды».
Жолаушы мүлдем қорқып кетті: бәрі де оның өлгенін қалап тұрғанын — ол түсінген еді. Осы заматта жылан бар қайратын жиып алып ысқыра жоғарыға шапшыған күйде — у, заһарын аямастан шашты ай кеп! Бірақ та жолаушы қашып үлгірді.
«Бұл не деген өзбасымдылық! Мен емес пе едім сенің өміріңді сыйлаған?» — деді жан айқайға салып.
Жылан болса: «Сен екеуміздің ісімізді соттың екі рет қарағанын, екі ретте де жеңілдің» — деп жауап береді.
Адам оған қарап: «Бұлардың өздері тек ұрлық пен қарақшылық жасаумен күн көретіндер ғой! Мен бұларды мойындамаймын! Біздің ісімізді патша ағзам қарайтын болсын! Бас ием қандай шешім қабылдаса да соны қабыл етемін. Егер де ұтылып, өте қатал жаза алсам да, бәріне де шыдап, көтеремін!» Қасқыр мен аю заһарлана тіл қатып: «Бопты, байқап көр! Ол жерде де бұл іс сөз жоқ жыланның пайдасына шешілетін болады» — деп жатты. Ақсарайдағылардың бәрі де оларды қолдайтынына күмән келтірместен, адамды сүйреткен күйде сонда сеніммен алып келеді: бұлар жылан, қасқыр, аю және екі қарға. Қасқыр бір өзі емес, үшеу болып келген: жанында екі баласы еріп жүр — бірінің аты Жалаңпұт, екіншісінің аты Ашқалақ, — екеуінің де денелері өзгелерден ірі, қашан өз бөлісімізді аламыз деумен, жол бойы жолаушының мазасын алумен келді: қасқыр дегендер бөлтірік кезінен ашқалақ болып жаратылғандар екені белгілі ғой! Көпшіліктің алдында тұрып алып олар жағымсыз дауыстарымен тоқтаусыз ұлыды ай кеп! Сондағы жиналған қауым екі жынды, тентектерді сарайдан сыртқа айдап қуып жіберді. Адам жыланның оның бар жасаған жақсылығын да, берген антын да ұмытып, оны өлтіруге құштар болып тұрғанына анық көзі жеткен-ді. Жыланның бар мақсат-ойы: ия, оның өлердей аш қарны осыған бар деп түрткілеуде, — ол дегенің ешқандай да заңыңа бағынар емес! Ия, сол кезде сіз, бас ием, өте қиналған болатынсыз! Сізге бұл істі қарау құқықтық тәртіпті сақтау, қадағалау жағынан да, өмірдегі тіршіліктің болмысы жағынан да өте ауыр тиген еді. Сізге бұл іс жақсылыққа жамандық жасау деген осы дегендей болып көрінді. Дегенмен де аштықта да бір тоқтық болуы қажет екенін де есіңізге түсірдіңіз де, — кеңес мүшелерін тез арада жинауды бұйырдыңыз. Кеңес мүшелерінің көбісі адамды қолдаудан бас тартты: Бәрі де жеңіс тұғырына көтерілмек ойда — бәрі де жыланды қолдап шыға келді.
Осындай қиын шатырман істің шешіміне жете алмаған соң, сіз Рейнекені алып келіңдер деп шабарман жіберген болатынсыз: бәрі де ауыздарына құм құйылғандай болып, заңды түрде шешім айтуға ешбір қабілеттері де болмастан, мең-зең күйде, тым-тырыс отырды. Рейнеке келгеннен — қаулыны мұқият оқып шықты. Сіз оған соңғы шешімді қабылдауына рұқсат берген едіңіз: қалай шешім айтса, сол шешім дұрыс деп есептелуі тиіс. Ол мән-жайды әбден таразылап, былай деді: «Маған ең алдымен оқиға болған жайды өз көзіммен барып көруім керек. Жыланның сол жерде бұғауға түсіп оралып жатқанын, адамның оны қалай құтқарып алғанын, бар бүге-шегесіне дейін зерттеп көріп, білуім қажет, сонан соң барып шешімімді кесіп айтамын» — деді түлкі.
Содан барып, жыланды қорғандағы тар тесікке апарып, адамның айтқанындай етіп, тығады да, бұғауға мықтап кеп орап қояды. Рейнеке содан кейін өз сөзін айтты: «Қараңыздаршы, міне енді, бәрі де бұрынғысынша өз жайына келді, сондықтан да ешкім де ұтқан да жоқ, ұтылған да жоқ. Маған бәрі де түсінікті болды, енді шешімін берейін: Егер де адамға жыланды бұғаудан құтқарып аламын десе — құтқарып алсын. Ал, алмаймын десе — ол тұрған күйде тұра берсін, сөйтіп адам еркін, ешбір алаңдамастан, өз жолымен кете берсін. Жыланның аяусыз жасаған қатыгездігіне, адам өз қалауымен жауап бергені дұрыс. Меніңше, осы шешімде — тура, әділ сот бар деп есептеймін Мүмкін, мен қателеске де шығармын...»
Осы шешім сізге де, кеңес мүшелеріне де ұнаған еді. Сонда ең бірінші шаруа, кейіннен бәрі де, әсіресе патшазада да Рейнеке-түлкінің ақылының зеректілігіне риза болып, сізге рахметтерін айтып, қарша боратқан болатын. Изегрім мен Сұлтанның небір ұрыс-соғыстардағы жасаған ерліктері туралы күнделікті айтылып та жүр: еттің мол иісі шыққан жерде — олар жатпай-тұрмастан жетіп барады, олардан бәрі қорқады. Шындығын айтуымыз керек — екеуінде де бой десең бой, күш десең, күш бар. Бірақ та, өкініштісі, патшаның жоғарғы кеңесіндегі отырыстарында оларға үнемі терең ақыл-ой жетіспей тұрады.
Екеуі де күшіміз көп деп мақтанғандарымен, нағыз ұрыста, ең маңызды мәселелерді қарауға келгенде — істері ақсап, оңбай жатады. Өз үйлерінде жүргенде — бұл дүниеде олардан асқан өжет, батыр жоқ сияқты. Соғыс кезінде — олар қосымда тығылып күтіп жатады да, ал егер де ұрысқа төтеп беретін қуатты күш керек болған сәтте, олар да түкке де жарамастан, өзгелермен қатар үйлеріне құр бостан-босқа қайтарылып жатады. Қасқыр мен аю мемлекетімізді үнемі құртуға дағдыланған: үйің өртеніп жатыр ма, жан-жануарлар азап шегіп жатыр ма олардың қас-қаперлеріне кіріп те шықпайды: жылу болар бір бұрыш табылса болды! Олар тек қарындарын толтыру үшін, ешнәрсені де аямайды. Өздері жұмыртқаны жұтып алып, қабығын кедей кепшіктерге беріп, әділ істер жасадық дегендей болады!
Рейнеке-түлкі болса, керісінше, өзінің түлкі ағайын-туыстары секілді, ақылды, парасатты кеңесімен мықты. Бас ием менің, ол да қатып қалған тас емес қой, кейде абайсызда, жаңылысып қателіктер жіберіп те қоятын шығар. Сіз онан артық кеңесшіні ешқашан да таба алмайсыз. Мен сізден және де кешірім жасауыңызды өтініп сұранамын.
Патша терең ойға шомып жауап қатты: «Мен ойланып көрейін. Ия, сол кездегі шешіміне риза болған жағдайым бар еді, расында да жылан сыбағасын алғаны дұрыс болған болатын, ол табиғатында алаяқ екені белгілі — оның түзелетіне еш сенбеймін!
Онымен қандай да келісім-шарт жасағаныңмен, бәрібір сені алдап кетеді: ол секілді аса ептілікпен қулықтың жолын ешбір жан да таба алмаса керек? Қасқырың да, аюың да, мысығың да, қояның да, қарғаң да — оның алдында балапандар, ол олардың бәріне де қайғы-қасірет, азап, әкеліп, масқара еткен: бірі құлағынан айырылса, екіншісі — көзінен, ал үшіншісі — өмірімен қоштасқан... Қалайша, қандай беттеріңмен, осындай жауыздың сөзін сөйлеп, оның ісін қолдап, ұялмастан менің алдыма келіп тұрсыңдар, а?..» «О бас ием! — деді маймыл, — есіңізге түсіруге мінәжат етсеңіз: оның үрім бұтағының мықты, күштілер тобынан екенін — сіздің білгеніңіз жөн болар деймін...»
Патша орнынан тұрды да, оны шыдамсыздана күтіп тұрған бір топ көпшіліктің алдына келді. Ол көпшіліктің арасынан Рейнекенің көптеген ағайын-туыстарын көріп: өз ру-тайпаларыңның басшысын қорғауға келген боларсыздар. Оларды түгелдеп жатудың да қажеті болмас. Патша нешебір шұбырып келген оның туыстарын көргенмен, қарсы жақтағы тұрған түлкіге дұшпан жандардың да аз емес екенін байқайды. Сарайдағылар екі топқа бөлінгендей.
«Рейнеке, тыңдағын, — деп патша сөзін бастады, — ақтала алсаң, ақталып көргін. Бэллин екеуіңнің біргелесіп құйтақандай ғана Ұзынқұлақты өлтіріп, оның өлген басын қобдишаға салып, және де ешбір ұят-аят дегеннен жұрдай болып, маған құпия көрімдік орнына жібергеніңді айтқын енді! Бұл тірлікті сен менің үстімнен мазақ етейін деген пиғылмен істегенсің! Бэллин болса жасаған істері үшін өз өмірімен қош айтысты — дәл сондай есебіңді бересің, әлі!..»
«Басыма қайғы түсті! — деп Рейнеке мұңайған күйде тіл қатты. — Бұдан да менің өлгенім артық! Сіз менің соңғы сөзімді тыңдасаңыз екен, кейін шешіміңізді бере берерсіз: егер де мен кінәлі болсам — бірден өлім жазасына кесіңіз. Білесіз бе: Бэллин, сатқын, менің бар байлығымды ұрлап кетті. Мұншалықты зергерлер мен байлықты тірі жанның бірі де көрген емес! Сол құрғыр дүние, қазба байлықтың жатқан жайын Ұзынқұлақ екеуіне де айтқан болатынмын, — Бәллин болса бар қымбат заттарды ұрлап кетті! Кәнеки, енді, соның бәрін тауып ала алсақ! Бірақ та мен оларды ешкім де таба алмайтын шығар, олар қайта оралмайтындай болады да тұрады!..»
Осы тұста маймыл сөзге араласып: «Қайғырып қапа болатындай ешқандай да негіз жоқ! Егер де олар жер бетінде болса, онда табылып та қалуы әжеп емес. Күндіз демей, түн деместен қалың жұрттан, иманы бар жандардан — бәрінен де тынымсыз сұрастыратын боламыз! Сіз бізге қазба байлықтың түр-түстерін тізбектеп айтып беруіңіз қажет!»
«Сөзбен айтып жеткізе алмайсың! — деді түлкі — бәрінен де айырылып қалдық-ау: оны тапқан жан — әлдеқашан ақ тығып тастаса керек. Менің Эрмелина ханзадамды қандай қайғы-қасірет күтіп тұр дейсің! Ол менің бұл қатемді кешірмес. Айтқан еді ау ол байғұс: «Оларға зергер, байлықтарды сеніп беріп жүрмегін!» — деп. Сені соттап жібереді екен деген өсек-аяң менің бар жүйкемді, жігерімді жеумен болды. Қайткенде де мен өзімнің адалдығымды дәлелдеуім керек, — мен соттың шешімін ақырғы демім қалғанша күтемін. Егер де осыдан аман-сау қалатын болсам, онда мен жан-тәніммен, қасық қаным қалғанша, күндіз-түні жер бетін түгелдей аралап шығып, жоғалған заттарды таппай қоймаймын, керек болса жанымды да беруге дайынмын!»
Оныншы өлең.
«О, менің патша ағзамым! — деді қызылбас қу. — Сізге сыйға беруге арналған өте қымбат алтын зергерлерім туралы достарымның алдында хабарлауға рұқсат етсеңіз. Сізге олар жете қоймағанмен, ол туралы айтқан да жөн болар».
«Айт, ендеше, — деп патша келісім берді, — тек қысқартып баяндағын!» «Бәрі де өтті, кетті — бақ-дәулет те, абырой да! — деп Рейнеке реңсіз сөзін бастады. — Ең бірінші қымбат заттардың бірі жүзік болатын. Мен оны бас иемізге бергін деп, Бәллинге берген болатынмын. Керемет өзгеше түрде алтыннан құйылған ескінің сынығы болатын. Ай, не дейсің! Егер де патша ағзамымыздың қолында болғанда, жалт-жұлт етіп жарқырап тұрар еді-ау! Жүзіктің ішкі жағында эмальмен қапталып жазылған өрнектемелер бар болатын: еврей тіліндегі қасиетті үш сөзден құралған құпия хат тұғын. Біздегілер оны оқып та, түсіне де алмас еді. Оны тек Трирден келген ұста, Абрион ғана түсінетін. Бұл — оқымысты еврей, Пуаттан Люнсбургке дейінгі даланың бәрін аралап, білген жан. Шөптердің түр-түрі мен қымбат зат тастардың түр, түс, бағаларын ажырата білетін өте белгілі оқымысты білгір. Менің жүзігімді көріп, ол маған былай деді: «Мұның бір керемет сиқыры бар. Оюлап жазылған сөздер — жәннәттағы пәк, таза Сифтің, сонда жүріп сүйікті жанын іздеп жүрген, ескіден келе жатқан үш есімдер. Бұл жүзікті кімде-кім тағатын болса — небір күтпеген, сұрқия кесапаттардан сақтайды: найзағай, жасын, сиқырларың жүзіктің алдында түк те емес».
Кейін ұста маған: «қолында осы жүзігі бар жан небір қатаған аяздарды тоңбайтын болады екен, және де ол бейбіт өмір сүріп, терең қартаяды екен дегенді кітаптан оқығанын айтып берді. Жүзікке орнатылған тас — өте жарқыраған, кем кездесетін карбункул екен».
Жарқ-жарқ етіп қараңғыда нұрын шашқанда, айналаңды жарықтандырып жіберетін қасиеті бар екен. Оның құпия сыры толып жатса керек: небір ауруларды жазатын көрінеді, оған қолын тигізген жандар небір қиялдан, қайғы-қасіреттен құтылады екен, тек ол өлімге қарсы тұра алмайды екен. Ұста маған небір өзге де тастың керемет күштерге не екенінен сыр шертті: Оған, ондай бақытқа ие болған жан қалаған жеріне саяхат жасап қайта алады екен — судан да, оттан да қорықпайды екенсің, жауға ұсталғаннан да, жазалаудан да, жаудың қандай да болмасын шапқыншылығынан зардап шекпейді екенсің. Егер де жауға шабар алдында ашқазанда тұрып, карбункулге бір қарасаң болды, ұрысқа шыққаныңда жүздеген дұшпандарыңды жеңіп шыға келесің. Оның күші небір уыңды да, небір зиянды сусындарыңды да жойып жібереді. Ол айналаңды байытып, қызғаныш әкеледі: кім де тастың егесін ұнатпай жүрген болса, тез арада оған деген қатынасын мүлдем жақсы жағына өзгертеді. Жүзіктің осындай керемет жақсы қасиеттерін ұстадан ести салысыммен, әкемнің қазба-байлықтарынан оны тауып алдым да, тез арада мен патша ағзамымызға жіберген болатынмын! Мен ойладым мұндай өте құнды дүниеге мен ылайық емес екенімді өте жақсы түсінген едім. Бұл дүниеге тек қана бір ғана жан ылайықты: бар жандардан да аса мейірімді, бырлығымыздың да жақсылығымызды ойлап, күйіп жанатын жан.
Ия, мен оның өмірін қайғы-қасіреттен, жаманшылықтан қорғауды армандайтынмын! Бэллин-қой патшазадаға және де тарақ пен айна алып баруы керек еді, есінде мені ол сақтап жүрсін деген болатынмын. Мен әкемнің қоймасынан ермек етіп жүрейін деп алған едім, — тегінде ондай керемет, сүйкімді дүниені жер жүзінен таба алмайсың. Менің әйелім есі тана ол заттарға қызығып, өзінде қалғанын қаншалықты армандады дейсің, шіркін! Жер бетіндегі бар байлықтың бірі де ол заттардың жанында түкке де тұрмастай еді, біз сол үшін қаншама ұрысып жанжалдастық, сонда да мен көнбей қойдым. Патшазада ханымыз мені қаншама мәрте жақсылық жасап, сөзімен неше рет қолдап, небір пәлекет, жалалардан қолдап қорғағаны үшін, құрметтеп, осы тарақ пен айнаны шын ниетпен сыйлаған болатынмын. Жарық сәулелі бекзаттығы мен ақсүйектігі оның — рақымдылық жасатады, оның ата-бабаларының асыл тектілігін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп отыр. Міне, тарақ пен айнаға тұрарлық қандай керемет жан! Бірақ та, өкінішке, оған оларды көруге нәсіп етпеді, — олар мәңгілікке келмеске кетті! Мен тарақ жөнінде айтпақшымын. Суретші осы затты жасау үшін қабыланның сүйегін таңдады — жер жәннәты мен қалың индия ормандары арасында өмір сүрген жарықтық жануардың ол қалдықтары. Терісі оның түрлі түсті, шұбар ала және де оның денесінен жағымды хош иіс тарқайды, сондықтан да қабыландардың жүріп өткен жалғыз аяқ соқпақ жолдарымен жануарлар жүргенді қалайды, себебі бұл иістің әрбір жануарға емдік қасиеті бар, сондықтан да оның әрқайсысы өте бағалы болып саналады. Сонымен, ол керемет тарақ қабыланның сүйегінен өте ұқыпты шеберлікпен оюлап жасалған. Көз тоймастан оның түсіне күмістің аппақтығы да жол береді, оның хош иісі даршыннан да, қалампырдан да артық еді! Білесіз бе, қабыланның хош иісі өлгенінде оның сүйгеніне сіңіп кетеді — сөйтіп, ол жаны шықпай жатып, оларға шірімейтіндігінен хабар береді. Небір ауру-сырқаттарды қуып шығады, уланғандарды жазады. Тарақтың ұзын сабы өте көрнекті әсемделген: жүзімнің шақтарымен қабыса көркемделген — алқызыл алтын қапталып, көкшіл эмальмен сырланған. Орта жағасында Парис трояндық туралы әңгімедегі кейіпкерлері әшекейлене суреттелген: Ол бір-біріне қарсылас үш атағы шыққан құдайға сиынған әйелдерді, құдық жанында көреді: Паллада, Юнона, Венераны. Олардың ұрыс-жанжалы алтын алма жөнінде еді: Алма көпшіліктікі болатын, бірақ та олардың әрбірі де оны өздеріне қалдырғысы келді. Таласып — бір келісімге келіп: Парис бұл алма ішіміздегі ең сұлу, сымбаттымыздың еншімізге тиетін болсын. Ер жігіт ойлана таласқан бойжеткендерге қадала қараған кезде, Юнона оған қарап: егер де мені ең сұлу, сымбатты деп танып, алманы маған беретін болсаң — бұл жалғанда сен ең бай боласың».
«Жоқ , — деді Паллада қарсы шығып, ойлашы: егер де маған алманы беретін болсаң — сен бұл жалғанда ең бақуат, күшті боласың, сөйтіп сенің есімің әйгілі болып — бәрі де сені мадақтаумен болады».
Ендігі сөзді Венера алады: «Не — билік пе? Не — байлық па? Сенің әкең Приам трояндықтардың билеп төстеушісі емес пе? Ағалардың да — Гектор және де болмаса, биліктері кімдерден кем? Троянды мықты әскер басқарып тұр емес пе? Сендердің бағындырып отырған орасан кең байтақ жерлерің мен оның халқы аздық ете ме? Егер де сен ең сүйкімді, сұлу деп санап, сөйтіп алманы маған беретін болсаң, сен жер бетіндегі ең қымбат, қазба-байлыққа кенелер ең. Ол қымбат қазба-байлық — әйел! Бәрінен де ол әдемі, ақылды, барлық — ақ жарқындық та, барлық — мейірбандық та. Қанша мақтағанмен оны аздық етеді! Алманы маған берсең егер — Менелай патшаның әйелін, қазба байлықтың ең бір зор, баға жетпесін, Елена сұлуды сен аласың». Жігіт алманы ең сұлу, сымбатты деп есептеп Венераға ұсынады, көп ұзамай, Венера гректің бикешін ұрлап қашады да, Менелайдың әйелі трояндық Паристің әйелі болады.
Бұл аңыз қақ ортасына ойып тұрып суреттеліп, айналасына өте шеберлікпен мәңгі өлмейтін ертегінің кейіпкерлері бейнеленген... Ендеше айна туралы тыңдаңыз.
Ол әйнектен жасалмаған тұғын — әйнектің орнына ешбір жерде табылмайтын таза сутастан құралған болатын! Қай жағдайда да, қай жерде де, күндіз де, түнде де — айна бәрін де көрсетіп тұратын! Егер де жүзінде қандай да, көзге көрінер-көрінбестей бір кемшілігі, дағы болса да, — айнаға бір қарағаннан — қандай да болмасын дақ, болмаса тыртық, мең дегенің әп сәтте-ақ жоқ болады. Осындай заттарымның жоғалғанына мен есім кетіп, күйіп-піспегенде қайтейін? Айна қабырғасы өте кем өсетін ағаш құрамынан жасалған: ол ағаш — тұт, өте мықты және де сүйкімді. Оны құрт жемейді, оның алтыннан да артық бағалануы бекер емес. Онымен тек қарағаш қана тайталаса алады — себебі: одан (Кромпарте патша заманында болған) бір ұста-шебер өте мықты жылқы малын жасап шығарған: жүз, одан да көп мильді ағаш ат үстіндегі иесімен бір сағатта желдей есіп жетіп барады екен! Мен, расында бүгі-жүгесіне дейін біле білмеймін, бір білетінім, бұл секілді ат жер бетінде болмаған...
Айнаға қайта оралайын.
Оның қабырғасы сопақша болатын — пұт — ені, бір жарым — биіктігі, бәрі де оюмен өрнектелген: ғажап жасалған сурет! Әрбір жолақтары, қолмен қойғандай, әшекейленіп, өрнектеліп алтыннан жасалған. Оның мән-жайын қысқаша баяндайын. Бірінші — күншіл ат туралы: бір күні ол бұғымен жарыспақшы болады. Бірақ та, тез арада-ақ артта қалып, өте қапа болған еді. Артынша ол малшыға жетіп барып: «Мені тыңдайтын болсаң, сен өз бақытыңды табасын. Маған жылдам мінгін — біз екеуміз сол орман жаққа тез арада жетіп барамыз: Сол жерде өте ірі бұғы тығылып жүр, — ойлашы қандай олжа! Етін, терісін, мүйізін сен үлкен теңгеге сатасың! Жылдам бол! Кеттік!»
— Байқап көрсек болады» — деді малшы. Атқа міне салысымен — орманға қарай екеуі шаба жөнеледі. Көп ұзамай олар бұғыны байқап қалады да — оның ізіне тісіп жан тәнімен бар күшімен қуа жөнеледі, бірақта бұғы оларды шаңында қалдырып кетеді. Ат бар қуаты сарқылып, шаршап-шалдығып, адамға қарап сөз қатады: «Түскін. Мен шаршадым. Сәл де болса демалып, тыныстанып алайын».
«Жоқ, — деді адам қарсы келіп, — сен маған бағынуға тиіссің. Менің қамшылауымның күшін сен білдің ғой! Сен өзің маған шабайық дедің, — онда кәнеки, шапқын!»
Сөйтіп, салт атты, атты өзіне бағындырып алады. Көрдіңіздер ме, кімде-кім өзгені қинап-қорлағысы келсе, өзі де қор болары анық. Айнаның қабырғаларына салынған суреттер жөнінде және де тыңдаңыздар: бір байдың қарамағында есек пен ит қызмет етіпті. Ал, ит болса да, үй иесінің сүйікті жануары болады: ол егесімен бірге, бір дастарханда отырып, тамақтанатын — балық, еттен жейтін, керек десеңіз оның тізесінде ұйықтайтын. Рақымды жан оны еркелетіп, ең дәмді тағамдар ұсынатын, ал ит болса оның алдында құйрығын бұлғақтатып, тілімен жалап қоятын.
Әлгі күнәгер иттің ерке жүрісін көріп — есектің жүрегі онан да бетер күйіп-жанды: «егеміз ойласа екен: бұндай жалқау, түкке де тұрмайтын оңбағанмен неге бостан-босқа уақытымды сарп етіп жүрмін, деп ойласа екен! Анау оның алдында ол жағынан, бұл жағынан жүгіріп шығып, қолын, сақалын жалаумен болады, мен болсам қаптарды тасумен, үнемі жұмыс істеумен боламын. Менің бір айдағы істеген жұмысымды, ол бесеу болып, керек десең оны жиналып бір жылда да атқара алмайды! Бұл жағымпазды не тағамдармен асырамайды дейсіз! Ал, маған болса — тек сабан ғана. Тақыр жерде мен жатамын, ал мені жүгіммен бірге қуғанда, болмаса маған адам салт мінгенде, оған қарамастан менің үстімнен мазақ етіп күледі. Жетер енді! Қожайыныма қайткенде де жағудың жолын табу қажет екенін, мен түсіндім!»
Ол соны ойлап тұрған кезде, қожайыны оған кездесіп қалады. Есек құйрығын бір олай, бір былай бұлғақтатып, оқыраңдап алдынан шыға келді де — қожайынның алдында шыңғыра дауыстап ақырып секірді-ай кеп, сөйтті де итке секілденіп, тұмсығын оның бетіне тигізіп, апыл-ғұпыл дөрекілене жалай бастаған еді, қожайынның жүзінде бірнеше ісік пайда болып, көгеріп кетті. Жаны қалмаған қожайыны: «Мына жүгермек жынданғаннан сау ма! О, халайық! Өлтіріңдер есекті!» Жолшыларынан әбден, өлесі таяқ жеп, есек қораға мықтап қамалды — ол есек болып қала берді. Бұл күнде де есек тұқымдастар жоқ емес: оларды өзгелердің қуаныштары қызғаныш тудырады, күйдіреді, ал өздері — түксіз қалады. Егер де, олар бір қызмет тұтқасын ұстай қалса, шошқаның қолына қасық ұстатып сорпа ішкізгенмен теңестіргендей. Дәл сондай, одан артық болмас. Есек болсаң, жүктерді тасуға тиіссің, ошаған шөппен қоректенесің, сабанда жатасың. Есекпен одан бөлекше қатынасатын болсаң — онда бәрі де құрыды деп жаза бер: есек болған да жақсы — көпшіліктің игілікті істеріне оның түкіргені бар! Және де білесіз бе, бас ием (бірақта менің сөзім сізге ауыр тиіп жүрмесе екен), менің әкем мен Гинце мысық екеуі біргелесіп табыс табуға, оны бірдей бөлісуге, жауларымен біргелесіп күресуге ант беріп, уәделесіп тұрған сәттерін айнаның жақтауында әшекейлеп, оюлап суреттелген. Енді жолға шыққан еді, алдарынан — жолдың жанында бара жатқан аңшыларды кездестіреді. Гинце байқап, мысқылдап: «Ақылды кеңес — біздің ет жемейтін күніміз!» Менің кәриям жауап қатты: «Сізді таң қалдыруы мүмкін, бірақта мен мұндай жақсы сөздерді қобдишама толтырып алғанмын. Бір-бірімізге берген антымызды ұмытпасақ деймін: Бір-бірімізді қиыншылықта қорғаймыз деп едік қой! Бәрінен де соны сақтайық». Гинце оған қарап тұрып: «Дәл қазір не де болса да, маған бір амалы белгілі болып тұр, — мен соны қолданбақшымын». Соны айтты да ағаш бұтағының арасына секіріп кетті. Жолдасын жолға тастап, сөйтіп ол құтылудың амалын жасады. Қорыққаннан менің әкем не істерін де білмей сасып қалды, Гинце болса жоғарыдан мияулап: «Нағашыжан, жағдайыңыз қалай? Қобдишаңызды ашып, ондағы кеңестеріңіздің ең жақсысын алмайсыз ба?» Осы кезде аңшылар сырнайлатып, улап-шулап, шабуыл жасауға кіріскен еді, — менің әкем басы ауған жағына тура қаша жөнелді, артынан құтырған иттер үре, дүре ұмтылды, — алыстап қашып кетіп, сәл де болса қорқыныштан әкемнің жүрегі жайына түскендей болды: Жаудың қолынан біржолата құтылып — сөйтіп ол көңілін бір демеген еді.
Сөйтіп, оңбаған, оның сенген жақын туысы, оны оңдыртпастан сатып кетті. Сол кезде өмірлері пышақ үстінде болатын: Қуғыншы иттер тазы болатын, егер де байқаусыз жерде жатқан ұяны есіне алып, көріп қалмағанда, бәрі де біткен болар еді. Осы ұяға сүңгіп кетті — сөйтіп жаулары оған жете алмай қалды. Менің әкеммен бірге жүріп Гинце өстіп өзін көрсетті! Осындай мысыққа ұқсаған жемістер аз емес. Мен мұндайларды жек көремін. Мысықты жарым-жартылай кешіргенмен, сонда да түбінде бір нәрсе қалғандай!
Суретші бұл жағдайды айна қапталында суреттеген...
Сол тұста қасқырдың өмірінен де көріністер суреттеліп көрсетілген. Одан оның жақсылыққа қалай рахметін жасай білгенін көрсеткен: бір күні ол жолда жатқан кеміріп жеп тастаған жылқының өлігіне кездеседі, аштықтан сүйекке ұмтыла кетеді, сөйтіп оның тамағына сүйек көлденең тұрып қалады. Оның зәре құты қалмастан қорқып, әбден азаптанады. Ол әр жерлерге хабаршылар жіберіп — хирургтарды көмекке шақырады, қаншама дүние сыйлықтар ұсынғанмен, ешбірі де көмек жасай алмайды. Ең соңында, қызыл желек киген, ұзын аяқты тырна келеді. Ауру өтіне жалынып сұранады: «Доктор, мені құтқарыңыз! Менің тамағымдағы қарғыс атқан сүйекті алсаңыз — мен сізбен саудаласып жатпаймын!»
Тырна соған сеніп қалып, — ұзын тұмсығын оның ауызына тереңдете салып жіберіп, тұрып қалған сүйекті ептілікпен суырып алады.
«Ой, қатты ауырып кетті! — деп ауру айқайлап жібереді. — Әбіржімеңіз, енді сіз сап-сау болып кетесіз. Сізге мен көмек жасадым — менің еңбегімді бағалайтын шығарсыз.
Қасқыр ашуланып: «Мына арсызды көрдіңіздер ме? Ол маған қиянат жасағаны үшін менен ақы сұрап отыр! Мен саған қаншама жақсылық жасағанымды ұмытқан екенсің: Сенің тұмсығың құр басыңмен менің аузымда тұғын, мен сені бассыз қалдырар едім, бірақ аядым! Сен емес пе едің маған азап берген, жүгенсіз! Дұрысын айтқанда, сый-құрметті, маған жасауларың керек».
Көбінесе алаяқтар жасаған жақсылыққа осындай жолмен жауап беріп жатады.
Айнаның жағалай қаптаулары, осындай қилы оқиғалармен, көріністермен керемет шебер қолмен ойылып өрнектеліп, суреттелген. Мұндай өте қымбат, бағалы затқа, мен тең емеспін, деп ойландым да: бұл құнды затты патшазадама сыйға апарып беріңіздер деген едім, сөйтіп менің ұлығ бекзадама деген адал ниетімді білдірмекші едім. Айнаны үйден алып шыққанымда, менің балаларым, кішкентай бүлдіршендерімнің қандай ренжіген күйде болғандарын айтсаңызшы! Оларға айнаның алдында құйрықтарын бұлғаңдатып, белдерін бұраңдатып, сақ-сақ күліп, қарулы азу тістерін, сүйкімді тұмсықтарын мақтана көруге, асыр салып ойнауға өте құмар тұғын. Мен бұл өте құнды байлықты Ұзынқұлақ пен Бэллинге беріп тұрып, қайдан білді дейсіз, байғұстардың о дүниелік болып кететіндерін! Мен оларды өте сенімді жандар екен, — олардан артық достарды, мен еш жерден де таппаспын деп ойлайтынмын. Өлгендері артық! Қымбат бағалы зергелерді қайда тыққандарын мен қайткенде де іздеп табамын: Ерте ме, кеш пе — күнәхар бәрібір табылады. Ұзынқұлақтың қалай өлгенін, қымбат зергелердің қайда жасырынып қойылғанын, мүмкін, осында тұрған жандар айтар.
Білесіз бе, бас ием, осы сіздің алдыңызда күнде нешебір сан қилы істер өтіп жатады, — бәрін де оның сіз есіңізде сақтап қала алмайсыз ғой. Дегенмен де, осы жерде менің байғұс әкемнің сізге жасаған үлкен қызметі сіздің есіңізде қалса керек? Әкеңіз өте қатты ауырып қалған кезінде, менің әкем келіп оны жазған болатын! Ал, сіз болсаңыз, мен де, әкем де сіздің алдыңызда ешқандай да қызмет жасамағансыңдар дейсіз! Сіздің рұқсатыңызбен айтуға тура келіп тұр: менің әкем сіздің мәртебелі әкеңіз ел басқарып тұрған кезеңде үлкен ғұлама емші болатын: ол аурудың түріне қарап тұрып, қандай кеселі барын, қандай ем жасау керектігін дәлме-дәл айтып беретін, табиғи жаратылыстың бергені бар болатын. Көзің ауырды ма, әлде өзге дене құбылысың ба — бәрін де ол өте жақсы емдейтұғын. Барлық ішкі дүние, асқазан, ішек кеселдерін емдеуді білетін, сонымен бірге ол тәуіп те болатын: күліп-ойнап тұрып тістерді жұлатын еді. Егер де сіз осының бәрін де ұмытып кетсеңіз, әбес етпес: қайбір қыс мезгілдерінде сіз үш жаста болатынсыз. Сіздің әкеңіздің іш құрылысы ауырып, тұра алмастан жатып қалған болатын. Жер бетіндегі бар емшілерді — керек десеңіз Римдегі ғұлама дәрігерлерді де алдырды, бірақ та олардың бәрі де емдей алмаған соң ол менің әкемді алдыртқан, содан менің әкем оның кеселін анықтап, жазған болатын. Әкем ашуланып айтады: «Мәртебелі бас ием! Сіздің жаныңызды аман сақтап қалу үшін, мен өз жанымды да беруге дайын едім! Өтінемін, зәріңізді мына құтыға құйып беріп, менің оны көруіме рұқсат етсеңіз екен». Патша айтқанын орындайды, әкем оның әрбір сағат өткен сайын жағдайының нашарлап бара жатқанын айтып, өкінішін білдірді. Біздің шал сіздің әкеңізге өте қатал ескерту жасайды: «Егер де сіз мүлдем толық айығып кетуіңіз үшін, сіз жеті жастан жоғары жастағы қасқырдың бауыр өтін жеуіңіз қажет. Ұмытушы болмаңыз: Сіздің өміріңіз қауіпті жағдайда — аянып жүрмеңіз! Сіздің зәріңізге қан араласқан, — тезірек шешім қабылдаңыз!»
Жанында тұрған қасқырда, бұл сөздерден кейін, үрей дегеніңіз қалмаған еді, бірақ та әкеңіз оған қарап: «Сіз менің өмірімді сақтап қалу үшін өзіңіздің бауыр өтіңізді маған беруге қарсы болмайтын шығарсыз-ау, деймін, мырза» — дейді.
Ал, қасқыр болса, діріл қатып: «Маған әлі бес жас та толған жоқ , — менің бауыр етімнің пайдасы болмас!»
«Бекерге, оттамағын! — деді менің әкем қарсы сөйлеп. — Бұл біздерге зияндық етпейді: Мен бауыр өтіңнен бәрін де біліп тұрмын!»
Қасқырды тездетіп қасаптардың жайына алып кетеді, қараса, бауыр өті жарайтын болып шығыпты. Сол заматта-ақ сіздің әкеңіз қасқырдың бауыр өтін жеп қояды да — әп-сәтте ауырған жері басылып, ауруынан таза жазылып кетеді. Сіздің әкеңіз менің әкеме шексіз рахметін айтып, қымбат сыйлықтар берген болатын, негізінде осы ақсарайдың аты да атақты дәрігердің атымен аталғанында құба-құп, дұрыс болар ма еді деп ойлаймын. Сонан бері менің әкем патшаның оң жағында отыратын дәрежеге ие болған екен, патша оны аса құрметтейтін (мен ол жағдайдан өте жақсы хабарым бар), алтынмен қапталған, сұр ала шапан киініп, уәзірлер мен бек-сұлтандардың алдында ерекше қадірлі болып, төрде отыратын. Ал, бүгінде оның баласымен бәрі де қалай болса солай, елеместен, болмасы ғана қатынасады, әкемнің де соншалықты жасаған еңбектерін естеріне алмайды. Ал өтіп кеткен тек қана өзінің қамын ойлайтұғын сұрқия, алаяқтар болса, — бүгінде төрде отырар! Олар үшін, күйіп-пісіп жүргендер қайда қалмақшы? Бұл өте кеткен, бейбастық! Ақыл, ой-парасат, заңды сақтау дегеніңіз — мүлде жоқ! Қайдағы біреу билік орнына келе қалса, болды — бәрін де қарамастан, шетінен, ойланбастан қыра бастайды, кім болса да ол болсын. Ол тек бір ғана затты ойлайды: әрбір ойынынан байыған сайын байысам екен дейді! Осындай белгілі сымақ гәзаптар айналамызда толып жүр. Егер де бір сыйақы, пара бермесеңіз, сіздің тірлігіңізді олар ешқашанда шешкен емес. Ал, және де кездесу керектігін айтқан болса — ол дегеніңіз: «Біріншіден, аздық еткені, қосу керек десе — екіншіден, үшіншіден — толтырасың дегені». Өмір бойы тойымсыз қасқырлар қашан да болса дәмді нәрседен жұлып алсам дегенді ойлаумен болады, имандылық жолын да қастерлемеу оларға түк те емес, — олар екі жүзді қарабеттер.
Көрдіңіздер ғой, қасқыр патша ағзамға бауыр өтін де қимады емес пе! Бауыр өті оған не тұрады! Ашық айтатын: жиырма қасқыр өлгенменен, тек біздің мәртебелі патша ағзамыздың, оның аса қымбат жан жарының өмір жастары ұзақ болып, бақытты ғұмыр жасайтын болсын, — жылап жатпаймын: шіріген жанұя — оңбаған тұқымдар!..
Сіз ол кезде жас болдыңыз, есіңізде болмауы да мүмкін, ал, мен болсам, оның бәрін де көз алдымда елестетіп тұрмын. Сіздің әкеңіздің сұранысы бойынша, осы жағдайлар да әйнектің жақпасына әсем оюланып өрнектелген. Қаншама ондағы көріністер алтынмен түрлі-түсті боянған дейсіз! Сол айнам менің қайда екен? Егер де табылатын болса — жаныңды бересің бе десе, сөз жоқ берер едім!»
«Рейнеке, — деді патша оған қарап, — сен біршама сөздің басын қайырдың — мен оны мұқият тыңдадым, әңгіменің жүйесіне — қаныққандаймын. Егер де сенің әкең тұлғалы жан болып, ақсарайға қаншама жақсылықтар жасағанмен — оған көп жылдар өтіп кетті. Бұл жағдайлардың бәрі де менің есімде қалмапты, айналамдағылардан да еш естімеппін де, бірақ та сіздің теріс істеріңіз жөнінде көптен естимін. Өмір бойы сіз бір ұрыс-жанжалда жүресіз, өмір бойы әңгімелер сіз туралы. Мүмкін, бұл жала да, өсек те болуы ықтимал, бірақ та сіз жөнінде жақсы сөздер естіген емеспін...»
«Мейірбанды бас ием, — деп жауап қатты Рейнеке, — маған бәріне де түсініктеме беруіме рұқсат етсеңіз, мен бар шындықты баяндап берер едім! Мен сізге жақсылық жасамадым ба, екен? Сізге ауыр тимесін, бірақ та, — құдайым мені сақтасын! Мен өзім де сізге адал, жан-тәніммен қызмет жасауға дайын екенімді сөзсіз мойындаймын. Ұмытпаған шығарсыз, есіңізде болар, қасқырмен бірге екеуміз шошқаны ұстап алып, оны айқайлап қышқырғанына қарамастан, бас салып сұлатып, жей бастан болатынбыз. Сол кезде сіз келіп қалып, бізге өзіңіздің де, артыңызда келе жатқан ханзадаңыз да өте аш екендеріңізді айтып, осы соғымның бөлігін беруімізді өтіне сұраған болатынсыз. Изегрим болса түсініксіз: «жарайды онда» сақалының арасынан түсініксіз жауап қатқандай болды! Мен ешбір ойланбастан: «Менің бас ием! Жүздеген шошқаға да сіздің иелік етуіңізге құқығыңыз бар. Кім сіздің алдыңызда, нені бөліспек?» Сіз қасқырды көрсеттіңіз. Изегрим, қуана-қуана, табысты бөле бастады, бірақта ұятты жиып қойып: сіздерге, ханзада екеуіңізге төрттен бір бөлігін ғана беріп, ал өзі болса соғымның жартысына әбден тыңқия тойып алып, ал маған тек қана құлағын, тұяғын және де өкпесінің бір бөлігін ғана берген болатын. Қалғандарының бәрін ол өзіне тығып қойған еді. Сіз ол жағдайдың куәгері болғасыз. Оның сізге жақсылық тілемейтіні — сізге белгілі. Өз сыбағаларыңызды сіздер жеп қойдыңыздар, бірақта менің байқағаным — сіздер тоймай қалдыңыздар. Ол өзі болса қырш-қырш шайнап, сіздерге бір түйірін де бермеген еді. Содан сіз алдыңғы табаныңызбен оның желке тұсынан періп кеп жіберіп, басындағы терісінің бір бөлігін сыпырып алғанда жалтыраған басы қанға боянып, ісіп кетіп, қышқыра ойбайға басып, басы ауған жаққа зыта жөнелді. Сіз оның соңынан дауыстап: «Қайтқын! Әдепті болуды үйренгін! Ендігі жолы сен менімен, дұрыстап бөлісетін бол, әйтпесе — күйінетін боласың! Ал, енді жоғал, бізге азық-түлік тауып кел. Тезірек» — дедіңіз. «Мейірімді бас ием, — дедім мен, — онда егер, мен де қасқырмен бірге барып, — бұйырғанын тауып әкелейік!» — дедім. Менің сөзімді сіз де қош көрдіңіз. Изегрим өзін нашар сезінді: оның қанының аққаны тоқтамады. Ыңырсығанынан қашып, мен оны қудалаумен болдым, сөйтіп біргелесіп жүріп, әйтеуір, сіздің сүйікті көретін — бұзауды ұстап алдық. Ол, сеп-семіз екен — сіз сонда, көңіліңіз көтеріліп, күле қарап, маған ризашылық білдіріп, жақсы тілектер айтқан болатынсыз: ақсарайда мен секілділер көп болса, онда әбден орынды болар еді деген ой болған еді сізде. Бұзауды бөліске салуды маған жүктеген едіңіз, — мен сонда: «Сізге, бас ием, жарты бөлігін, ал патшазадаға — қалған бөлігін. Соғымның бар ішкі бөліктері: өкпесі, жүрегі, бауыры, — сіздің балаларыңызға бару керек дедім.
Аяқтарын өзіме қалдырамын, — жас малдардың аяқтарына құмармын. Ең дәмді — басын — мен қасқырға қалдырамын». Сол кезде сіз сұраған болатынсыз: «Соғымды сарайдағы әдіспен бөлуді сен қайда, кімнен үйренгенсің? Қызық екен! Мен сізге жауап қаттым: «Менің ұстазым — жанымда тұр: міне, мынау қаны ағып тұрған жалтыр бас. Шынымды айтсам, ол менің көзімді ашты. Турасы, мен оның шошқаның етін бөліске салғанда байқаған едім, — бұнда соғымдарды бөлісудегі әдістің бүге-шүгесіне дейін біліп, түйсігіме түйіп алған болатынмын. Маған — өгізше не, шошқа не — ешбір жаңылмастан тұп-тура бөле аламын». Сол кезде қасқыр өзінің сараңдығынан әбден таяқ жеп, масқара болғаны бар! Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі! Ондайлар небір гүлдестелерге оранған шұрайлы жерлерді, тыныштықты бұзып, бар жемістерді тауысып, айналасын жұрдай ғып, тас-талқанын шығарады. Ондай оңбаған жарыместерді асырап бағып отырған елдің маңдайы еш ашылмаса керек!.. Сондықтан, мейірбанды бас ием, сізге мен неше рет жақсылық жасағанмын. Бүгінде мен не табыс табатын болсам да, болашақта да, бәрін де сізге және де патшазадаға шын ниетіммен ұсынатын боламын: аз болсын, көп болсын, бірақ та сізге, — көбісін. Егер де сіз шошқа мен өгізшені бөліскендегі оқиғаны есіңізге алатын болсаңыз, сіз Изегримнің кім екенін, Рейнекенің кім екенін, қайсысының сізге адал қызмет ететінін жақсы біле аласыз. Өкінішке орай, абырой мен беделге ие болып, бас орманшы болып, бәрін де ығыстырып бүгінде, қасқыр есептеліп отыр. Ол тек қана өзінің баюын ойлап, сіздің қаржыңызды ұмытып та кеткен. Бүгінде ол, Сұлтанмен бірге екеуі, бәрін де басқарып отыр. Ал, Рейнекені тыңдамақ та емес. Ия, тақсыр! Осындай тірлік! Мені қарабет қылды, баратын жерім қалмады. Осы жолдан өту керек те болған шығар, менің ендігі айтар сөзім: кімде-кім маған күнә қоятын болса, бар дәлелдерін айтып, нақты куәгерлері болып, содан кейін соттың алдында ұтылған жағдайда, дүние-мүліктерін, құлағы мен өмірін кепілдікке қоятын болсын. Мен де сол шартты орындаймын деп уәде беремін. Және де ең бір негізгісі, қалай да болмасын, бұл іс заң шеңберіңде, таза шешілетін болсын. Мен мұны талап жасауыма құқығым бар!»
«Қандай да болмасын, — деді патша, — әділдіктің сара жолында мен көлденең таяқ қоймақ емеспін, — бұл мен үшін сорақылық! Қанша дегенмен Ұзынқұлақты өлтіруде сенің қатысың бар екенінде күдігім зор! Мен онымен өте жақын қатынаста болатынмын, мен үшін бүгінде оның арамызда жоқтығы өте ауыр тиюде. Қобдишадан қоянның басын көргенімде, мен қандай жағдайда болдым десеңші! Онымен бірге болған, оңбаған Бэллин болса, сол заматта-ақ өз жазасын алды, — ал, енді сен заң алдында жауап беріп, ақталып көр. Дұрысын айтар болсам, мен өз басым Рейнекенің барлық істерін кешірер едім, расында да ол маған көптеген қиыншылық туған кездерде көмек берген. Егер де және де оны айыптайтындар болса, біз оны тыңдауға дайынбыз: Адал куәгерлердің алдында ол бар дәлелдемелерін айтып берсін. Рейнекеден жауап алатын боламыз!»
«О, тақсыр, — Рейнеке көтеріле сөйлеп, — рахмет сізге! Әрбір іске сіз мұқият көңіл бөліп, бәрін де жай-жайына қойып, заң жолында жұмыс істеуді талап етіп отырсыз! Сіздің алдыңызда сөз сөйлеуге рұқсат сұрай отырып, Ұзынқұлақты Бэллинмен қосып жібергеніме, күйіп-жанып отырмын, ішім бір нәрсені сезгендей болып еді-ау. Мен де оларды өле, шын жүрегімнен жақсы көретін едім!..»
Сөйтіп, Рейнеке сөзбе-сөз ертегі аңыз айтудың шебері еді. Бәрі де құлақ түріп қалған еді: қымбат бағалы зергерлер жайында айтқанда ол, бәрі де шын мәнінде де солай болғандай, — өзін ол байсалды ұстады: Оны алдандырмақ та болған еді, — патша алданышына сеніп қалды: патша сол бір заттарға әбден көңілі кеткен болатын.
Ол Рейнекеге қарап: «Қоя бер, енді, өзіңе келгін, сөйткін де, құдай жолыңды берсін, сапарға шыққын. Бар мүмкіндігіңді пайдаланып, ізденгін: егерде менің қандай да бір көмегім керек болса, мен әрқашанда да дайынмын». «Сіздің жақсылығыңызды, — деді Рейнеке оған қарап, — мен ұмытпаспын. Сіздің сөздеріңіз менің көңілімді көкке жеткізгендей, маған күш бергендей. Ұрылар мен жанкештілерге өлім — ең жоғарғы сіздің үкіміңіз. Бұл іс мен үшін белгісіз, сонда да болса шешімін табармын: мен күндіз демей, түн демей бар күш-жігерімді салып, көрінген жандардан сұрастырып, іздеу саламын. Егер де мен қымбат бағалы зергерлерді тауып алатындай жағдай болып, соған күшім жетпей жатса, әлбетте онда сізден көмек сұрауға тура келеді, — сонда мен қарсы болғандарды жайларына қоя аламын. Егер де мен бағалы заттарды аман-есен сізге жеткізетін болсам, онда — менің еңбегім сонда барып бағаланып, сізге деген сенімімді дәлелдегендей болар едім». Патша айтылған сөздерді мұқият тыңдай отырып, Рейнекенің өтірік ойдан құрастырған бар әңгімесіне келіскендей болды.
Оның өтірігіне, бір қызығы, бәрі де сенген еді — сөйтіп ол ешбір жауап берместен басы босанып шығып, қайда барамын десе де өз еркінде болған еді.
Изегрим өзін ұстай алмастан, діріл қағып, басын шайқап: «Сондай болды ма, тақсыр?! Сізді екі, үш рет алдап кеткен ұрыға және де сіз сенім артып отырсыз ба? Қалайша бұған таң қалмасқа? Осы, сіз неге көрмей тұрсыз: біздің бәрімізді де сазға отырғызып, алаяқ сізді алдап отырғанын! Жоқ, ол менен қашып құтылып кете алмайды! Сіз оның қандай өтірікші, жылпос екеніне, әлі көзіңіз жетеді! Мен оның үш бірдей жасаған қылмыстарын білемін, — төбелессем де ол кете алмайды! Сонан кейін, куәгерлер жөнінде сөз болды, бірақта одан қандай пайда бар еді? Мейлі, тапқанда да, таң атқанша қалауынша бар көрсетулерін айтқанмен де, олардан бізге келер пайда жоқ: ол өз қалауынша, бәрін де айналдырып жібереді. Көбінесе куәгерлерді табу қиын, — қылмыскер қылмысын әрі қарай жалғастыра бермек пе, сонда? Кім шығып осындайда сөз айта алады дейсіздер? Ол әрбір жанға қастандық жасауы мүмкін! Сіз өзіңіз де, сізге жақын біздер де, бәріміз де осыдан таяқ жегенбіз. Жоқ, енді оны мен ұстап алсам — қашып, құтыла алмас. Мен оны өз бетімше соттайтын боламын. Сен енді сақтанғын, оңбаған!»
Он бірінші өлең.
Изегрим қасқыр жазалау үкіміне кірісті: «Менің аса құрметті, әділетті бас ием! Сіз бүгінгі таңда Рейнекенің оңбағандығын, қасиетсіз жан екендігіне көзіңіз әбден жететін боласыз! Ол бұл жерде мені мен туыстарымды жыр ғып айтып отыр. Ол өмір бойы менің үстімнен, әсіресе әйелімді қорлауменен, азаптауменен келеді. Бірде ол менің әйелімді алдап-арбап, не деген батпақтардан қината өткізіп, сондағы бір көл жағасына апарғызып, оның құйрығын аязды күні суға салдырып қойып, ұзақ уақыт күтіп отырсаң — көп балықтар ұстайсың, мол байлыққа кенелесің — көптігі соншалық, сендердің төртеуіңе де, барлық жанұяңа, жетіп артылады, — деген. Оны толы суы ең көп, терең ортасына, дөптеген жеріне алып барған. Дәл сол жерге құйрығыңды суға батырып отырғын деп Рейнеке кеңес береді. Күн кеш бата, күн суытып қақаған аяз басталып, менің бейшара әйелім әбден әбіржи бастайды. Бір кездерде тоғанның суы мұз қатып, — сонымен қоса оның құйрығы да қатып қалады да, — ол орнынан қозғалуға да шамасыз күйге жетеді. Ал, әйелім болса, е, құйрығыма балықтар жабысқан екен ғой, сондықтан да ауыр болып тұрған болса керек деп ойлаған. Оңбаған, арсыз Рейнекенің оған жасаған қиянаттарын, — айтып жеткізудің өзі бір қиямет: ол оны күштеп тартып алған! Ол менен енді кете алмас! Дәл бүгін, дәп осы жерде, оның маған және әйеліме істеген күнәлары үшін басымен жауап беруі керек! Ол енді қулық-сұмдығымен құтылып кете алмайды! Мен оны жексұрын тірліктер жасап жатқан жерінде ұстап алдым! Бірде мен жан ұшырып, көмек беріңдер деп айқайға басып жалына жылап жатқан мына байғұстың, әйелімнің дауысын естідім: мұз оның денесін қатырып қойыпты, — ешбір амалын таба алмастан отыр екен. Мен жетіп келсем — бәрі де көз алдымнан шыға келді! Сол кезде, жүрегім жарылып кетуіне сәл-ақ қалды. «Рейнеке, — бұл не істегенің сенің?!» — деп айқайға бастым. Ол бір қарады да — қаша жөнелді. Мен болсам, әйелімді қайтсем аман алып қаламын деумен жүрегім мың тілініп, өртеніп, өліп-өшіп, мұзды ұрып-соғумен, аязды күні қатып тоңып та қалдым. Бұл мен үшін оңай іс болмады: Гирмунде шыдамсыздана мұздан қайткенде де шығудың амалын жасаймын деумен жұлқына тартқан кезде — құйрығының төрттен бір бөлігі үзіліп кетті. Оның жан ұшыра айқайын айналадағы ауыл адамдары ести салысымен, — бізді көргеннен — ауылдағылардың барлығы дүрліге аяқтарынан тұрды. Бәрі де, қолдарына айырлар, балталар ұстаған күйде (араларында ұршық ұстаған әйелдер де бар) осында тоғанға қарай улап-шулап жүгіріп келеді: «Кәнеки, ұстаңдар оларды, ұрыңдар, тұншықтырыңдар!» деп жабыла айқайлап жатты. Мұншалықты үрей-қорқынышты өмірімізде мен де Гирмунда да көрмеген едік. Біз ол жерден сорпа терге түсіп, өліп-өшіп, әрең дегенде қашып құтылдық. Әсіресе еңгезердей бір ұзын бойлы, дәу жігіт, ұзын ұшқыр найзасымен түрткілеп, түйреумен біздің қыр соңымыздан қалмай қойды. Егер де кеш болып, күн қараңғы күйге түспегенде, біз өмірден қоштасар да едік. Қатын-қалаштар, антұрған жалмауыздар, ауласындағы қойларын біздер жеп кеткендей, айқай шуларын тіптен қоятын түрлері жоқ. Олардың біздерді жүндей түтердей түрлері бар. Артымыздан топ-тобымен жарыса қуып келеді, біз болсақ әрең дегенде құрғақтан сулы жерге тұмсығымызды тіредік те, батпақты қамыс арасына кіріп кеттік, сол кезде, күн қараңғылап та қалған болатын, шаруалар көрмей, арттарына амалсыздан үйді үйіне кері қайтты. Сонда өліп талып құтылған болатынбыз... Бас ием! Біздер білеміз: зорлау, өлтіру, сатқындық жасау, — міне, осындай күнәлар жөнінде әңгіме қозғалып отыр! Бас ием, оған ең қатал жаза қолданыңыз!»
Қасқырдың арыз-өтінішін тыңдап болғаннаң соң, патша: «Бұл істі сот шешеді. Ендігі сөзді Рейнекеге берсек».
Рейнеке алға шығып, сөйлей бастады: «егер де қасқырдың осы айтқан сөздерінің біреуі де шындыққа жанасса, — онда менің абыройым түкке де тұрғысыз болған болар еді, одан құдайым сақтасын! Мен қасқырдың әйелін балық аулауға үйреткенімді жоққа шығара алмаймын, — оған тоғанға қалай барудың жолын көрсетіп, алып та барған болатынмын. Бірақ та ол, ондағы балықтар туралы ести салысымен, бәрін де, айтылған нұсқауларды да, тура жолды да, ұмытып, естен танды. Сөйтіп өзінен өзі барып ұзақ уақыт мұзға түсіп, ұрынбасы бар ма. Уақыты келген кезде, көп кідірместен, құйрығын судан алғанда, үш күндік түскі тамағына жетерліктей балықты ұстаған болар еді. Кімде-кім барына қанағат жасамастан, ашкөз болып артық тойымсыздық, шыдамсыздық танытса, түбі жақсылыққа әкеліп соқпайтыны белгілі жәйт. Ашкөздік ниет еткендер қараптан қарап жатып бір пәлеге душар болады: ол тойымсыз. Мұны көк мұзда тоңған Гирмунда білуі керек еді. Бірақ та мен онан менің оған жасаған жақсылығымды көрмей отырмын: мен оны олай да былай көтергеніммен, ештеңе де шыға қоймады, себебі ол өте ауыр еді. Өстіп қасқыр да келіп жеткен болатын. Жағалауда келе жатып ол, маған жөнді-жөнсіз, құр бостан-босқа айқайлап, балағаттап ұрсумен болды. Расымды айтсам, оның шаңғытып маған бата бергенінен қорқып кеткен едім. Ол мені ашу-ызаға батып, бір емес, екі емес, бірнеше рет тоқтаусыз аузына келген балағат, боқтаңғы сөздерімен аямастан сылап та алды. Мен сонан кейін өзімше ойладым: «Қой, аман-сау кезімде, аяғымды жылтыратайын, — есіңде болсын: қашқын — өлген жан емес» — дедім. Сөйтіп мен дұрыс шешім қабылдадым-ау, — дедім. Егер де мен сол жерде қалғанымда, ол мені бөлшек-бөлшегімді шығарар еді. Екі ит бір сүйекке таласқан жағдайда, оның біреуінің жеңілетіні анық қой. Сол кезде, оның ашу-ызасынан аулақ болайын деген оймен мен қашып кетуіме тура келді. Ол ашулы болатын, қазір де сол ашулы күйінде, — оны оның әйелі де дәлелдеп айта алады. Мен осы абыройымды жоғалтқым келіп тұр дейсіздер ме? Ол әйелінің сол жерде жаурап қатып қалғанын көре сала, айқайға басып, жөнді-жөнсіз боғауыздар, боқтаулар айтумен болды. Шаруалардың олардың соңына түсіп қуғандары, бұлар үшін жақсы болды: қандары қозғалысқа түсіп — суықтықтан тоңбастан аман-есен қалды. Және не айта берейін? Өз әйелінің үстінен өтірік, өсек айту — жақсылыққа алып бармайды! Ендеше, осында қатысып отырған, оның өзінен сұрайық: егер де шындықты айтатын болса, оның өзі де жазасыз жанды айыптамас. Осының бәрін ескере отырып, қасқырдың маған қойған кінәларына жауап беру үшін, достарыммен біргелесіп ақылға салу үшін, маған бір апта уақыт, мерзім берулеріңізді сұранамын» — деді.
Осы кезде Гирмунда сөзге келді: «Сенің барлық өмірің де, істерің де — тек алдау, мазақ, келеке ету. Біздерді білмейді дейсің бе? Тек қана алаяқтық, арбау, арсыздық жасау! Кімде-кім саған сенер болса, сол үшін ол жазасын алады. Сен айла-қулық, сұмдықтардың сөзін буынсыз құрастырудың өте шебер ұстасысың ғой. Екеуміздің құдықтың жанында кездескенімізді есіңе түсірейін: Құдықтың басында екі шелек тұрған болатын, — мен бүгінге дейін түсінбеймін, — сен сол шелектің біріне отырдың да құдыққа төменге түсе жөнелдің де, қайта шығудың жолын таппай қалдың. Төменде сен әбден қиналған болатынсың. Мен таңертеңгі күні келіп қарасам — таң қалдым. «Қалайша сен құдыққа түсіп кеткенсің?» — десем, сен болсаң, дауыстап: «Айналайын, жаным! Осында келгенің қандай жақсы болған! Сіз үшін тәтті тағамдар дайындап қойған едім. Сондағы тұрған шелекке отырыңыз да, төменге түсіңіз. Мұнда, балықтар — толып жатыр!» — дедің. Мен сонда үлкен қайғыға душар болдым: мен саған сендім. Сен болсаң балыққа тойғаның соншалық, қарным ауырып кетті! — дедің. Ия, мен сенің сөзіңе сеніп қалған едім: ақымақ басым, шелекке отырғаным сол еді — төменге қарай зулай жөнелдім! Мен төменге түсіп бара жатсам, сен болсаң маған қарама-қарсы кездесіп, жоғарыға көтеріліп бара жаттың. Бұл құбылыс мен үшін, бір қызық, жұмбақтай болып көрінді де, саған сұрақ қойған едім: «Рейнеке, бұл сонда қалай болғаны?» Сен маған күле жауап қатып: «Өмірдегі болып жатқан — жоғары, төмен — қозғалыстар секілді, бұл да солардың бірі ғой. Өмір соқпақтары осындай: бірде қапалықта боласың, бірде — көңілің шаттыққа бөленер, — бәрі де өзіңнің қимыл, іс-әрекеттеріңе байланысты», — деген едің. Содан сен шелектен шығып — қашып кеттің. Мен болсам, күні бойы, қорлық көріп, құдықтың түбінде отырдым, — кеш болғанда, қаншама таяқ жеумен, әрең дегенде, өле жаздап, басымды алып қашып құтылған едім! Бір адам мені көріп қалып, құдық басына топ боп қаптаған адамдар жиналған болатын. Мен болсам аштан-аш, қорыққанымнан діріл қағып, — жаным қалмастан үнсіз отырған едім. Шаруалар бір-бірімен күңкілдесіп сөйлесіп жатыр: «Біздің қойларымызды жеп, қырып кеткен жауымыздың шелекте қасқиып отырғанына қараңдаршы, әне!» — деп. Біреулері болса: «Кәне, жоғарыға шығарыңдар, ол албастыны! — Оны жақсылап тұрып, қозыларымызды жегені үшін, сыбағасын тарттырайық!» деп те жатыр. Олардың қандай жағдаймен мені қарсы алғандарын — есіме де алғым келмейді! Менің денеме тиген таяқтың есебіне жете алмас ешкім де! Өмірімде мұндай қорлықты мен көрген емес едім. Мен әупіріммен, зордан аман қалдым!»
Рейнеке оған жауап қатты: «Турасына келгенде, анық қанығына жетіп, терең ойлап қарасаңыз, бұл сіздің таяқ жегендеріңіз сізге үлкен пайда келтірген. Жеке басым, мен өзім онсыз-ақ тірлік жасағанды қалаймын. Сол кездегі жағдайға қарағанда, екеуміздің біреуіміз таяқ жейтін едік: бір мезгілде екеуміз бірдей құтылып кете де алмайтынбыз. Соны сіз жадыңызға сақтаңыз: ешқашан да кім кіммен болса да оңайлықпен шешілуі мүмкін де емес. Өмірдің өзі небір сұрқия қозғалыстарға толы».
Қасқыр сөзге келіп: «Артық сөз айтып, бекерден бекер далбаса сөздер кімге керек! Мына алаяқтан басқа қандай жан маған иттік жасай алған дейсіздер? Мен сіздерге оның Саксондағы жасаған істерін, ол мені маймылдар алдында ақымақ етіп, қор қылғанын, әлі айтқан жоқпын. Мен, оның құлағыма құйып тастаған сөзіне еріп, бір үңгір ұяға кірген болатынмын, — ол менің сонда барғанда көретін азабымды біліп тұрып, жіберген болатын: сәл болмағанда мен — құлақсыз, көзсіз қалар едім! Ол мені бар жылы сөздерімен алдап-арбап — сол жерде сені сүйікті маймыл апаң күтіп тұр», — деді, менің құтылып кеткенімді көргенде, көңілі толмаған еді: ол мені оралмастай қақпан ұясына, тозаққа түссін деп жіберген болатын».
Барлық ақсарайдағы ақсүйектер алдында Рейнеке жауап қатты: «Изегрим, ақыл есінен адасқан болса керек, — көп нәрселерді жаңылысып айтып отыр. Ол маймылды ойдан тапқан ба? Онан да турасын айтсын. Осыдан екі жыл бұрын ол Саксон жеріне баруды армандайтын. Мен сол жерге онымен бірге барғаным рас. Бұл — шындық, қалғандарының бәрі де — ойдан шығарғандары. Үңгірде маймыл болмаған, — маймылбастар болған! Ондай менің жиен қыздарым да, апаларым да болған емес. Мартын-маймыл мен Рюкене ханым-маймылша — менің туысқандарым: нағашым мен апам. Бұл туысқандарымды мақтан етемін. Менің Мартын нағашым заңгер, өте құрметті нотариус. Изегрим болса үңгірдегі қайдағы бір оңбағандарды, мені кемсіткендей, туыстарым қатарына қосып қойды. Олармен біздердің араларымызда ешқандай да, туыстық жоқ: Олардың бәрі де антұрған жын перілерге ұқсайды. Егерде мен кәрі кісіні апамыз деген болсам, айтқан сөзіме тұрып, мойындаймын: ештеңеден — құр қалған жоқпыз, дегенмен де сый-құрмет, азық-ауқат асып-тасып жатты. Расын айтсам, мен тоя жегенді қалаймын! Міне, мырзалар! Бірде біздер, жолдан бұрылып, қандай да бір тауды жағалап келе жатқан едік, — алдымыздан қорқынышты, қап-қараңғы, апандай, терең, көзге бір үңгірдің ұясы көрінді. Изегрим, күндегідей, қарны ашып, көңілсіз келе жатқан еді. Дұрысын айтсақ, қашаннан, қай кезде осы, қасқырдың қарны тоқ болған, көңіл күйі хош болған дейсіз? Мен оған: «Бұл үңгір ұясынан шамалы болса да азық-түлік табылып қалар. Осында күн көріп жүргендер де біздермен барымен бөлісер» — дедім. Изегрим болса маған: «Мен сені, асыл жиенім, ағаш талдарының астында күтемін: сенің тілің майда, кім де болса соған тіл таба білесің. Ас, тағам ұсынар болса — маған хабар берерсің» — деді. Бар жауапкершілікті, оңбаған маған артып қойып, өзі не болар екен дегендей сырт жақта бақылап қалып қойды: байқап көрейінші, не болар екен дегендей. Мен амалсыздан үңгірге кіріп, оның ұзын да, ұзақ иірім-иірім жолдарымен қорықпастан жүріп өттім. Мен онда көргенімді, екінші рет таудай он алтын берсе десе де бермес едім. Небір үлкенді-кішілі хайуандар, жын-перілер! Олардың ең кәрісі, аналары — шынында да перілердің перісі екен! Ауызы не деген үлкен, айқұш-ұйқыш ұзын тістері ақсиған, ұзын қолдары мен аяқтарындағы ұзын-ұзын тырнақтары, арқасына жабысқан ұшы шұбатылған құйрығын айтсаңшы. Мұндай қорқынышты мақлұқты өмірімде мен көрмегенмін! Балалары да — өзіңе ұқсаған, қорқынышты-албастылар, қап-қара бір пәлелер: аян беретін құбыжықтар ма, әлде бір жын-шайтандар ма дейсің! Аналары маған қадала қараған кезде, мен өзімді қояр жерді таппай да қалдым. Оның бойы Изегримнен көп үлкен екен, — оның жанында ол баласындай болып қалды. Оңбағанның бар денесі құлағына дейін сасып кеткен сабан араласқан балшыққа батып жатыр екен. Апанның ішіндегі сасықтың исін айтсаңшы! Тезегің де бұндай сасымас, сірә. Таза, кіршіксіз көңіліммен айтсам, маған ол жер мүлдем ұнамады: олар болса өте көп болатын, — мен бір өзім, олар қорқынышты түрлерімен маған қарағандарын көрсеңіз! Мен өзімді өзім жиып алып, бір жолын тапқандай болдым: оларды өзімнің жек көріп тұрғанымды сездірместен, бұрыннан олардың ескі достарындай, кәрі аналарын апа деп, балаларын аға-інілерім деп, аузыма келген бар жақсы сөздерімді айтумен, оларға иіліп тұрып сәлемімді бердім. «Құдайым, бәріңізге де бақыт әкелсін, — дедім мен, — көптеген, көп жылдар бойы! Мыналардың бәрі де сіздің балаларыңыз ба? Қандай сұлу, сымбатты — сөз жоқ! Қандай әдемі, өмірдің керемет гүлдері ғой! Тұп-тура, құдайым куә болар, құйып қойған ханзадалар ғой! Біздердің үрім-бұтақтарымызды осындай ұрпақтарымызбен толтырып отырған сіздерге мың да бір алғыс айтамыз! Мен өте қуаныштымын. Мен сіздердей ағайын-туысқандарды, осындай қиын-қыстау кезеңдерде, тапқаныма шексіз бақыттымын». Қаншама ойым басқа жақта болғанмен, келісін келтіре сөз қатып, кемпірдің тілін тапқандай болдым, — ол да маған игендей, жауап қатты: бізге енді жиеніміз болғын, жақын туысымыздай болып, құрметімізге бөленгін. Расынан-ақ ол менімен ескі туыстарындай ишарат білдірді. Қаншама апамыздың құрмет жасағанымен, мен қорыққанымнан, борша-борша терге түстім. Ол маған жылы сөйлеп: «Рейнеке, біздің ең қымбатты туысымыз, кәне төрлет! Қандай жағдайың? Сенің бізді іздеп келгенің үшін, өмір бойы мен саған қарыздармын. Сенен өтініп сұрайтыным, менің балаларыма бар өзіңнің ақыл-кеңестеріңді үйретсең деймін, — болашақта өмірлерінде олар пайдаланатын болсын». Міне, мен осындай сөздер естідім. Көрдіңіздер ме, бар шындығымды айтпастан, бостандыққа, далаға шығу мақсатпен, оны апа деп дәріптеп, мен осындай жетіскікке, мақсатыма жеттім. Айтпақшы, ол мені ешбір босатқысы келмеген: «Менің қадірлі жиенім, қайда асығып барасың? Асықпағын — мен саған сый-сиапат жасап, құрмет білдіруім керек!» Алдыма қойған ас-судың көптігі сонша, дастарханға симай кетті! Нендей азық-ауқаттар қойғанын санап, анықтап жатпай-ақ қояйын, бірақ та мен өте риза болдым: Соншама тағамдарды қайдан таба берген дейсіз! Мен небір балық дейсіз бе, жас қозының еті дейсіз бе, құстардың түр-түрінен тыңқия тойып жедім-ау, шіркін! Қаншама тойғаныма қарамастан, үй иесінің қолынан, жанұяңа апарып берерсің деген, жас бұғының етінің бір бөлігін сыйға беріп тұрып, — жылы жүзбен қоштасты. «Рейнеке, біздерге жиілеп келіп тұр! — деп айтты ол қоштасарда, мен де келіп тұруға уәде беріп, — асығып, кетудің жолын іздедім. Турасын айтсам, көзімнің де, мұрнымның да ешбір сезімі де, қуанышы да болмаған-ды: ол жер, мен үшін жанымды алатындай болып көрінген еді, — сол келген иірім-иірім үңгірдің жолымен, алды артыма қарамастан, есік қайдасың деп, зыта жөнелдім. Изегрим мені шыдамы таусылып, күтуде екен, — мен онан, денсаулығыңыз қалай деп сұраған едім, — ол, маған: «Қарным ашып, өліп барамын» — деп жауап қатты. Мен оны аяп кеттім де, оған алып келген бұғының етін сүйегімен берген едім, қасқыр әп сәтте-ақ жеп қойды. Сол кезде оның маған риза болғанын айтсаңызшы, бүгінде ол бәрін де ұмытқан! Сүйекті етімен тындырған соң, ол маған: «Білсем бола ма: үңгірде кімдер тұрады екен? Бұл мекен жай қандай өзі салынған? Сені қалай күтіп алды?» Мен бар шындықты баяндап бердім: ұяның жалпы қызығатын жері жоқ, ал апанның ішінде не десеңіз де бәрі де бар, егер де өзіңе керек затыңды аламын деген ойың болса, онда еш қорықпастан кіргін де, шындық сөз айтуда сақ болғын — дедім. Мен және де оған қайталап: «Жетістікке жетемін десеңіз — шындықты алыс жаққа тығып қойыңыз. Оны үнемі тілге тиек ете беретін болсаңыз айналаңыздан қысым көруден көзіңіз ашылмастан, өзгелер дастархан басында отырып сіз шетте, сыртта қалып қоясыз». Мен оған білгенімді айттым: «Есіңізде болсын: қандай да жағдайды көрсеңіз де, сіз тек әрбіріне, әрқайсысына жылы, жақсы сөздер айтсаңыз, — сонда олар да жақсы достық мінез танытады». Міне, шын жүрегімнен шыққан сөздер. Бас ием менің, қасқырға менің адал ниетпен айтқан сөздерім осы болатын. Изегрим болса теріс әрекет жасап, сол үшін қатты таяқ жеді: менің айтқан тілімді алмаған соң, оған да сол сауап болған. Төбеліне түгелдей-ақ кіргенмен, оның түбінен ешқандай да ақыл таба алмайсыз! Мұндайларға зерек ойларды түсіне қабылдау жат тірлік. Ақылды шешімдер қабылдау дегенді мүлдем білмейтін сауатсыз, дөрекі халық. Мен оған, бұл жолы қаншама шындықты айтпағын деп миына құйсам да, бәрібір түсінбеді. «Мен өзім болсам барлық жол жобасын білемін!» — міңгірлеп бір сөздерді айтқан болып, асыға-масыға үңгіре сүңгіп кетті де, сол жерде өз тірлігіне қарай сазайын тартты. Дәу бір аналық гөрімді көріп, ол ойлана келіп, е бұл — жын перінің өзі ғой, — депті. Жанындағы балаларын да соған қалмастан, бақырып: «Ау, қайдан келген жексұрын хайуансыздар! Көмектесіңдер! Мына тұрған мақұлықтар — сенің туған төбеттерің бе? Шындығында да — шайтан екенсіңдер! Мұндай кездейсоқ пайда болған жексұрындардың тұқымдары жер бетіне тарқамай тұрғанда, бәрін де құрту керек! Егер де олар менің тұқымдарым болғанда, мен бәрін де тұншықтырып тастар едім. Бұлардың ұсқынсыз сасық, оңбағандардың бәрін де ну қамысы бар батпақ жерге алып барып байлап тастау керек, — сол кезде қаншама жын-шайтандар алданып қармаққа түсер еді! Ия, бұларға тура қояр теңеме — «батпақтағы маймылдар!»
Осы сөздерді есітіп отырған аналары жыны шығып кетеді де: «Қандай жын пері сені осында айдап келді? Сендей оңбаған, бұзықты, кім шақырды? Сен сонда мұнда ұрыс-жанжал шығаруға келдің бе? Менің балаларымның әдемі, не болмаса әдемі еместігінде — сенің қандай жұмысың бар, а? Сенен бұрын осында көпті көрген, түсінігі мол Рейнеке-түлкі келген еді. Ол маған менің балаларымды өте сүйкімді, тәртіпті, парасатты жандар екен, бізбен туысқан болғандығын мақтан тұтамын деп кеткен болатын. Бұл ұлағатты сөздер осыдан бір сағат бұрын дәл осы жерде айтылған тұғын. Менің балаларым саған ұнамағанымен, көңіл үшін айтатын жөнің бар еді: Сені мұнда ешкім де шақырған жоқ! Изегрим, сен соны біліп ал!»
Ал, ол және де қарап тұрмастан, жейтін тамақ беруін бұйыра талап етіп: «Кәнеки, барыңды осында әкеліңдер, болмаса өзім іздеп тауып аламын! Көп сөз — боқ сөз деген, жетер енді!» Өзі іздеуге ыңғай таныта бастаған еді, ол оның жанына қатты тигендей болды: Олар оған жаппа тармағай бас салды, — тістелеп, тырнай бастады — тістерімен оның терісін тілім-тілім, қан жоса етті. Анасымен қоса, балалары да тістеп тырнап жатты. Қасқыр болса тұмсықтары, бар денесі қан-қан болған күйде шыңғыра айқайға басып, қарсыласуға да ешбір шамасы келместен, жан сақтаумен үңгірден ышқырына, бар күшімен қаша жөнелді. Мен оны оңбастай болған түрін, терісінің — бар жерінің жарақаттанғанын, тұмсығының қанға боялғанын көрдім. Олардан таяқты жақсылап жегені көрініп-ақ тұрды, қасқырдың терісі жұлым-жұлым болып, жарамастай халге келген! Мен онан бірден сұрай бастадым: «Сіз оған бар шындықты айтқан боларсыз, сірә?» Ол болса маған: Мен оған бар ойымдағыны айтқан едім. Оңбаған жынды! Қарашы менің таланған түрімді! Кәні енді, осы жерде онымен кездесер ме еді, — көресіні оған мен көрсетер едім! Рейнеке, осындай жексұрын оңбаған, хайуандарды сен көрген бе едің? Тек қана осы сөздерді айта бастаған едім, — бәрі де басталып кетті дейсің! Аяушылық дегеніңді ойларына да алар емес: апан ішінде көрмеген қорлығымды мен көрдім-ау!» «Неге соншама, адастыңыз? — деп мен сұрадым. — Мен сізге басқаша тірлік жасаңыз деген емес пе едім, — сізге өзгеше қалыпта сөйлеуіңіз керек еді: «Саламатсыз ба, құрметті апа! Аман-есенсіз бе, балаларыңыздың дені сау-саламат па? Мен аға-інілерімді, бауыр-туыстарымды және де көргеніме өте қуаныштымын!..» Изегрім түрі бір ағарып, бір көгеріп, шыдамсызданып: «Ол жексұрынды апа деуім керек пе еді? Анау жексұрындарды бауырларым деймін бе? Құрып кетсін! Мұндай туыстардың болғанынан болмағаны жақсы. Тіпу! Не деген шіріктер! Өмірімде ондай хайуандарды көрсетпесін!» Міне, не үшін ол жазасын алды дейсіз. Бас ием менің, патша ағзамымыз, өзіңіз таразылап көріңізші: мені сатып кетті деп, қасқыр қалайша ойлауы мүмкін? Өткен істің менің айтқанымдай болмаған дейтін болса, онда оның өзі айтсын қандай болғанын».
Изегрім шешіле шешімін айтты: «Турасына келсек, бұл талас-тартысы сөзбен айтып шешуге әсте болмас-ay деймін. Басынушылықты доғарайық! Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін көре жатармыз. Рейнеке енді көресіні көрерсің, күткін — менің саған берер жауабым! Біздің ара қатынастарымызды шешетін бір-ақ нәрсе — ол, біздің жекпе-жектегі кездесуіміз! Менің маймылдардың апанында аштан-аш қалғанымды өте әсерлі етіп баяндағаның соншалықты, мені достық тілекпен, зор құрметтегенің-ай. Шіркін-ай десеңші: жып-жылтыр, үлкен тас сүйекті айтсаңшы! Ал, етін болса, ойлаймын, өзің алдын-ала жеп қойғансың-ay, әсте. Сен өмір бойы менің абыройыма дақ түсіріп, менің үстімнен мазақ етіп, күлумен келесің. Сен мені, өзіңнің дағдылы өтірік әдетіңе салып, мені оңбаған, бұзықтар қатарына қосып, керек десең патша ағзамның өміріне қауіп төндірмекші болған деген кәуесет, өтірік сөздерді құрастырып та, айтып та жүрсің. Сен қайдағы бір қазба байлықтарың жөнінде бас иемізге не өтірікті айтып жүрсің! Рас, оларды табу өте қиын! Сен менің әйелімді қорлап, зорлағаның үшін, — сен қаныңмен жауап бересің! Менің қояр күнәларым осы! Біліп қойғын: мен сенімен өткен және бүгінгі жасаған қиянаттарың үшін ұрысуға дайынмын. Сен — және де қайталаймын — алаяқ, сатқын, ұры және жанкештісің! Біз екеуміз не өмір, не өлім үшін ұрысамыз, сөйтіп арамыздағы ұрыс-жанжалға нүкте қоямыз. Барша елде қолдау тапқан үрдістер бойынша, — мен сені, қолғабымды алдыңа тастап, жекпе-жекке шақырамын. Оны, көзіңнің қарасындай сақтағын, — жақын күндері біз екеуміз кездесетін боламыз. Бас иемнің өзі де, жанында отырған уәзірлері де есітіп отыр, — мен олардың да біздің жекпе-жек ұрысымыздың куәгерлері болар-ау деген сенімдемін. Рейнеке, сен біздің арамыздағы жанжалдың шешімі тарқамастан басқа жаққа кетіп қалып жүрмегін. Ал, аржағын — көре жатармыз».
Рейнеке ойға шомып: «Бұл жерде, қанша мықты болғаныңмен де, тағдырың қыл үстінде тұр! Қанша дегенмен де оның менен күші көп екені даусыз, осы уақытты пайдаланып, тез арада жолымды таппасам, онда менің барлық айла-қылықтарым түкке де тұрмастан оңбай қалатын түрім бар. Дегенмен де байқап қарасаң... Жақсылап ой таразысына салсаң — менің құтылып кететіндей жолдарым бар секілді: себебі ол алдыңғы тырнақтарынан айырылып қалған ғой! Егер де ол ақымақ әліге дейін тыншымаса, онда ол өзінен көрсін: Оны жеңіп шығуыма, — мен бар әрекетімді жасармын!» Рейнеке қасқырға қарап: «Изегрім өзің өтірікші, сатқын бола тұрып, бар кінәні маған жаба салып, — өтіріктеріңе сендіргің келеді. Ұрысқың келіп тұр ма сенің? Онда, мен дайынмын, қарсы емеспін. Мен де осы сәтті армандап жүрген едім, жауап ретінде саған да қолғабымды тастаймын!» Патша олардың қатал айтылған ұсыныстарын қабылдап, былай деді: Өздеріңіздің сенімді өкілдеріңізді хабарлаңыздар, жекпе-жек ұрыс майданына ертеңге келесіздер. Байқаймын, сіздердің сөз таластарыңызды пайымдау — өте қиын екен, шешімін ешкім де таба алмаса керек?»
Сұлтан-аю мен Гинце-мысық өздерінің сенімділік өкілеттіліктерін Изегримге берді. Ал, Рейнекеге — Мартын маймылдың баласы, Монеке (түлкінің туысы) және де Гримбарт-борсық сенімділік өкілеттіктерін беріп жатты... «Рейнеке, өзіңді сабырлы, бейқам ұстағын, — деді Рюкенау ханым-маймыл. — Менің күйеуім, сенің нағашың, Римге барып сиынып қайтқанда, маған ұлағатты сиыну жолдарын үйреткен болатын. Оны жазған Сізді жұбату деген сахаба ұрысқа шыққанда осы күйеуіме жазып берген киелі сөздерді оқысаң, сөзсіз жеңіске жетеді екен. Оны таңертең тұрғанда ас жемей тұрып оқу қажет, — сол күні күні бойы небір қауіп-қатерден сені сақтап жүреді екен, небір жарақаттардан, уайым-қайғылардан, өлімнен қорғаныш болады екен. Сондықтан да, жиен, ешбір алаң болмағын, мен ертең ертеменен осы киелі дұғаны саған арнап оқитын боламын, — ол саған үлкен күш-қуат, жігер береді».
«Мен сізге шын жүректен рахметімді білдіремін, апа! — деп түлкі жауап қатты, — Бұл жақсылығыңызды мен еш ұмытпаспын! Бәрінен де маған менің күш-қуатым, ептілігім, тура ісім көмек береді деп сенемін». Түлкімен достары түні бойы бірге болып, түннің тұнжыраған мезгілін көңілді әңгімелермен тез өткізді. Бәрінен де Рюкенау ханым көбірек сөйлеп оны қолдау жасап отырды: оны басынан аяғына дейін жүндерін қысқарта алғызып, бар денесін, көкірегін жақсылап тұрып майлап, сылап сипады. Рейнеке лезде-ақ жып-жылтыр, жеп-жеңіл, сабындай қолға ұстатпастай түрге ене қалды. Рюкенау ханым ескерту жасап: «Өзіңнің ұрыс әдістеріңді реттеп алғын. Ең алдымен достарыңның кеңес бергендегі алдау әдістемелерін ұмытпағын: суды әбден тойып ішіп алғын да, ішіңде сақтағын, ертеңіне, ұрысқа шыққаныңда, іштегі суларыңды біртіндеп жіберіп отырып, құйрығыңды жақсылап суға малып алып, дұшпаныңның тұмсығын аямастан соққылағын. Егер де оның дәл көзіне тигізе соқсақ, — онда тамаша болар еді: осындай әрекеттеріңмен сен оны әбден қалжыратып тастайсың, бұл саған әжептеуір қолдау болады. Алғашқыда сен желге де қарсы тұрмастай, қаңбақша жеңіл сезінгендей бол, қорқатын жандай тұр көрсетуің қажет. Ол саған тұра ұмтылғанда, бір уыс көтерім құмды алып — оның көзіне шашып жіберіп, шеттеп қашып кеткін де, жағдайды байқап тұрғын: ол көзін уқалай бастаған кезде, — уақытты пайдаланып — өзіңнің зәріңді және де көзіне туралап шашатын болғын, сонан соң оның көзі көрмей қалады. Ақыл есінен адасқаннан кейін — жеңіс сенің жағыңда болады. Ал, енді, сүйікті жиенім, жатып аздап ұйықтап алғын, — біз сені уақытында оятамыз. Сол бір қасиетті дұғаны сенің басыңда отырып қазір оқитын боламын — ол саған күш-қуат берері сөзсіз».
Маймыл қолын оның басына қойып оқи бастады: «Ыладйап, зісзөс, ақпоп ла, семит ыняиз егзіс лұб» (терісінен соңынан алдына қайтара оқысаңыз, — сөйлемнің мағынасына түсінесіз: «Бұл сізге зияны тимес, ал попқа, сөзсіз пайдалы».)
«Ал, енді жолың болсын! Сен енді аман-сау жүресің», — деді Рюкенау, Гримбарт оның соңынан қайталап айтты да — сөйтіп олар оны ұйқыға жатқызды. Ол ешбір уайымсыз ұйқыға кірісті. Таң енді ата бастағаннан, борсық түлкіні жайлап оятып, сәлем берді. «Қайырлы таң! Жолға дайындалуымыз керек!» Жас үйректің буланған еті оның алдына аса құрмет, ізеттілікпен қойылып жатып: «Батырым, дәмге қараңыз! Бұл ас арнайы сізге дайындалған! Ия, маған біраз гюнеброт батпақтарында секіріп еңбектенуіме тура келді. Асыңыз дәмді болсын!»
«Өте керемет сый екен! — деп жауап қатты Рейнеке көңілі көтеріліп. — Енді, қалайша мұндай тәтті дәмнен дәм татпасқа? Сіздердің маған жасаған жақсылықтарыңыз құдайдан қайтсын!» Рахаттана отырып үйрек етін жеп алды. Сусыннан да әбден тыңқия тойып алып, жекпе-жек ұрыс болатын құмды жерге, майданға қарай аяңдады.
Он екінші өлең.
Патша Рейнекенің басынан аяғына жүндерін қысқартып қырқып тастағанын, денесінің жып-жылтыр майланып, сылап-сипағанын, майданға мұнтаздай болып жеңіл келе жатқанын көріп, — ішек-сілесі қатқанша күлді.
«Түлкі, бұл кімнің ойлап тапқан өнері? — деп ол таң қалды. — Сені бекерден бекер Рейнеке-айлакер деп атамаған болар: үнемі қулық пен алдау! Қайда жүрсең де сен жолын тауып — айлакерлікпен құтылып кетесің». Рейнеке патша ағзамның алдына иіле сәлем берді де, патшазаданың да алдына келіп ерекше бас иді де, екі-үш секірген бойда ұрыс алаңына, қасқыр мен оның туыс-ағайындарының жанына келді. Олардың бәрі де түлкінің масқара халде өлгенін көруге құмар еді. Ол қаншама балағат, қарғыс сөздерді естумен болды. Бірақ та теңбілшер мен қабылан екеуі өздерін салмақты ұстап, майданда болатын ұрысты беделді қызметкерлер екенін білдіргендей, сабырлықпен күтуде, осы киелі жерде екі жауынгер де өздерінше ант беріп жатты.
Изегрім-қасқыр дауысын бақырта, көтеріле, қорқыта былай деді: «Рейнеке — ұры, сатқын, жаналғыш, неше мәрте сен ең сорақы деген қарақшылық істерге қатынастың, сан жетпейтін қаншама зорлық-зомбылық жасадың, сенің сүйек миың толған алдау-арбау — бүгін сені тек өлім күтіп тұр. Рейнеке болса — ешқандай да қасқыр айтқандай бұзықшылық жасамағанын айтып ақталуда. Изегиім ант беріп тұрып, бұрынғы әдеттегісіндей, өтірікті соғып тұр, онысының бәрі де бекер сөздер: Өтірік ешқашанда өрге баспаған, — бұл жолы да сондай болары сөзсіз! Майданда тәртіп сақтаушылар хабарлама жасап: «Әрқайсысы да, өз білгендерінше әрекет жасауларына болады. Қайсысы әділ жан екені жақын уақытта білетін боламыз». Бәрі де (екеуінен басқасының) майданды босатып, сыртына шығып кетті.
Маймыл түлкіге сыбырлап: «Менің айтқан кеңестерімді ұмытпағын!» деп айтып жатты. Рейнеке оған көңілді күйде: «Сөздің берген кеңестеріңіз маған күш-қуат береді. Еш ойланбай-ақ қойыңыз: мен әлі де болса батыл да, күштімін, қулығым да жоқ емес, осы қасиеттерім мені бұдан да қиын бір емес, бірнеше қиын-қыстау кезеңдерде көмек берген, дегенмен де, қарыздардың да, өтемі келер. Расын айтсам, қаншама біздер өмірімізді қыл үстіне қойдық , десеңізші! Қалайша, сонда мен мына жауызды жеңе алмаймын? Мен оны барлық ағайын-туыстарымен қоса масқарасын шығарып, өзімнің және жақындарымның — атағын шығаруым керек. Мен оның бар өтіріктерінің есебін аламын!..» Майданда тек ол екеуі ғана қалған еді. Айналадағылардың бәрінің де көздері жеп барады. Изегрим бірденнен-ақ ашу-ыза кернеп аузын айқара ашып, аяқтарын жиыра, жауына қарсы бар күшімен тұра ұмтылды. Қасқырдың тартпа бас салғанын көргеннен, Рейнеке жеңіл денесін тез жиып алып, шетке бұрылып кетіп, оны қапыда қалдырды да, майдан бойымен жүгіріп жүріп, жүн басқан құйрығына зәрін шашып әбден сулады да, жердегі құмдарды сүйретіле құйрығына жабыстырып та үлгірді. Изегрім түлкі екі аяқтап тұра алмай қалған екен деп ойлап, жақындай бергенінде, алаяқ қу құм мен суланған құйрығымен оның көз тұсын дәлдеп тұрып бірнеше рет қойып-қойып қалған еді, — ол көзі мен дауысынан айырылып қалды. Бұндай әдісті түлкі бірінші рет қолданып тұрған жоқ тұғын, бұдан бұрындары да неше жануарлар оның сұйық затының зияндарын көргендері болатын. Осы жолмен ол ертеректе қасқырдың балаларының көздерін шығарған тұғын, енді міне олардың әкелерінің бастарына да келтіріп отыр. Оның көзін құйрығымен зәр суын шашып бола салған соң, оның жел айдап баратын тұсына келіп, тоқтаусыз борандатқан күйде құм топырақтарды шаңғыта жерді қаза бастады. Байғұс қасқырдың екі көзі де шаң аралас құмға толып кетті де — көзі мүлдем көрмей қалды. Қасқыр мүшкіл халде еді: осы сәтті Рейнеке қу аса шеберлікпен пайдалана алды. Қасқырдың көзі удай ашып, көр болып, не істерін білмей тұрғанын көрген ол, оның ол жақ бұ жағынан секіре ұмтылып бар денесін тістелеп, қыршып тастаумен болды да, ара-арасында сулы құйрығымен көз тұсынан шарт-шарт ұруды да ұмытпады. Қасқыр ес-түсінен айырылып, бір жерде дағдарып дел-сал болып тұрғанда, Рейнеке оның үстінен одан да бетер күлкіге айналдырып, мазақ ете бастады: «Қадірлі менің қасқырым! Аздап болса да хабарлама жасайын, өз өміріңізде сіз қаншама бейкүнә аңдарды жеп келдіңіз. Бұдан кейін енді олардың жанұяларындағылар еркін өмір сүретін шығар. Қайткенде де өткен жасаған жақсылықтарыңыз үшін — сіз оларды жайына қалдыруыңызға тура келеді. Мұндай өзін құрбандыққа шалу сіздің көңіліңізді мәңгілік тыншытатын болады, әсіресе егер де өлімді аяғына дейін түсіністікпен қабыл алсаңыз. Қандай да болғанмен бұл жолы сіз менен қашып кете алмайсыз, — егерде мүмкін өз күнәларыңызды мойындап кешірім сұрайтын жағдайда, сізді кешіруге де болатын шығар — сөйтіп өміріңізді сақтап қалуға да болады». Рейнеке осы кезде жылдам алға ұмтылып — қасқырдың алқымына қатты жармасып істі аяғына жеткізбек болды. Изегрим бар күшін сала, бір, екі мәрте зор жұлқынып — босанып кетуге әрекет жасаған еді, Рейнеке оның тұмсығына жармасқан күйде оның көзін жұлып алып, қатты жаралап тастады. Қасқырдың мұрнынан қан дегенің тоқтаусыз ағып, жерге жосып кетті.
Рейнеке айқайлап: «Менің де дегенім осы еді! Жолым болды-ау!» Жынданған күйде, бар жарақатын да, қатты ауырған жерлерін де ұмытып, түлкіге ұмтыла жармасты — оны жерге құлата салып, қатты қысымға алды. Түлкінің қулығының да пайдасы тимей қалды. Қол орнына пайдаланған түлкінің алдыңғы табандарын, қасқыр тісімен қатты тістеп тұрып алған еді. Рейнеке көңілі құм құйылғандай жағдайда жерде жатып — екі қолынан, табандарынан айырылып қалам ба деп, мың ойға кетіп, зәре құты қалмаған жағдайда еді.
Сол кезде қасқыр, ашудан әрең дегенде демін алып, қарлыға дауыстап: «Сенің ақырғы сағатың келіп жетті, оңбаған! Тез арада жеңілгеніңді мойындағын, әйтпесе сенің барлық жасаған алаяқтықтарың үшін осы жатқан жеріңде жаныңды аламын! Мен сенімен есептесемін. Сен қаншама тырысып баққаныңмен, бәрі де бекер болды: Денеңдегі жүндеріңді қаншама күзеп қырқып, майды аямастан жағып, зәріңді төгіп, құмды шаңғыта шашқандарыңның бәрі де... Құритын болдың енді! Қаншама көп маған сен қиянат жасадың: мені жамандап, соқыр еттің. Жексұрын, енді қашып кете алмайсың! Берілгін, болмаса жүндей түтіп жеп қоямын!»
Рейнеке ойланып: «Менің жағдайым жақсы емес. Не істесем екен? Егер де бағынбасам — менің бөлшек-бөлшегімді шығармақшы. Ал, егер де берілетін болсам, онда өмір бойы масқара боламын. Ия, мен жаза алуға ылайықпын: Шектен тыс мен оны мазақ етіп, шектен тыс өте кетті масқараладым!»
Өзінің жылы, ұяң сөздерімен қасқырдың көңілін жұбатпақ болды. «Менің қымбатты, ағатайым-ау, — деді ол, — мен о бастан-ақ сіздің айтқаныңыздың бәрін де орындап, дегеніңізге көніп жүрген ештеңеге еге емес, бір жүрген құлыңыз емеспін бе едім. Сіздің аманшылығыңызды өле-өлгенімше бір құдайдан тілеп, бармаған киелі жерім, баспаған тауым қалмас еді. Барлық шіркеулерді аралап жүріп, сіздің сау-саламаттығыңызды тілеп сыйынумен өмірімді өткізер едім, оның бәрі де сіздің ата-анаңызға да сауабы тиер еді. Кімге ондай жақсылық керек емес дейсіз? Мен сізді Рим папасындай құрметтейтін боламын; құдіреттімнің қасиетті сөздерімен ант етемін, бұдан былайғы мен де, бар ағайын-туыстарыммен сізге өмір бойы құл болып қызмет етуге дайынбыз. Өмір бойы сізге қызмет етеміз деп — мен бәріміздің атымыздан ант беремін. Бұл уәдемді патша ағзамға да берместен, тек сізге ғана беріп отырмын. Келісім берсеңіз болғаны — сіз бүкіл мемлекетімізге билік жасайтын боласыз. Мен не ұстап алсам да, бәрін де сізге алып келіп тұратын боламын: Балық дейсіз бе, тауық дейсіз бе, қаз, болмаса үйрек дейсіз бе, — мен мұндай дәмді тағамдарды өзім татып та алмастан, сіздерге, әйеліңіз бен балаларыңызға қалағандарыңызша жеткізіп тұрамын. Қай кезде де болмасын сіздерге бар ақыл-кеңесімді аямастан беріп, сіздерді келеңсіз жағдайлардан әрқашанда қорғап жүретін боламын. Мен болсам қулығыммен атым әйгілі болса, сіздің алып күшіңіз бар, — ол дегеніңіз, біргелесіп екеуміз небір орасан жұмыстарды жасай аламыз, сондықтан да біз бір-бірімізді қолдап, қорғаштауымыз керек. Сіздің күштілігіңіз, менің ақыл-парасатым, — кім біздерді сонда жеңе алады? Сіз бен екеуміздің ұрыс-жанжалымыз, турасына келсек, күлкіге қаларлық іс болып тұр. Егер де реті болғанда мен бұл ұрысымызды ешқашанда болмағанын қалар едім. Сіз қояр да қоймай мені төбелесуге шақырғаннан соң, мен де намысқа тырысып, келісімімді берген едім. Дегенмен де бұл ұрыста мен өзімді бос ұстамадым, бар күшімді салып төбелескен де жоқпын: «Рейнеке, өзіңнің абыройыңды ұмытпастан, ағаңмен абайлап, сыйластықпен төбелескін» — деп ойланып мен кейінгі күндерімді есепке алған болатынмын. Егер де мен сізді жек көретін болғанымда, сіздің жағдайыңыз өте қиын болар еді. Былайша қарағанда, сіздің көзіңізге абайсызда тиіп кеткенім болмаса, ол үшін мен қатты қайғырып отырмын, айтарлықтай зардап шеккен жоқсыз. Бәрінен де мен сіздің көзіңізді жазатын емдеу әдісінің барлығына қуанып тұрмын. Сол үшін сіз маған өмір бойы риза болатын боласыз. Дегенмен де, деніңіздің cay болып, көзден айырылсаңыз да, жақсы болған шығар, сізге ыңғайлы да болар ма деймін: ұйқыға жатарыңызда бір ғана терезені жаба салатын боласыз, екеуін жауып — екі жұмыс жасағаннан гөрі. Сізге адал қызмет жасау үшін, мен әйеліме, балаларыма барлық ағайын-туыстарымда бұйрық беріп жұмылдырамын деп патша ағзамның, осындағы барша көпшіліктің, игі жақсылардың алдында уәде беріп, сіздің мені кешірім жасап, маған өмір сыйлауыңызды басымды иіп, өтініп сұранамын. Сонымен, сіздің үстіңізден жала жапқанымды, өтірік, өсек, аяң айтқандарымды бәрін де мойындаймын.
Мен сіз туралы ешқандай да жамандық білген де, естіген де емеспін, болашақта да сізге кішкентай да жаманшылық ойламаймын деп ант етіп сөз беремін. Сіз мұншалықты жақсы ниет пен жақсы болашақ туралы ойлап та, армандап та көрген де жоқ шығарсыз. Мені өлтіргеннен сізге не пайдасы болар дейсіз, кейін өмір бойы оның ұрпақтары қашан келіп өштерін алар екен? — деген ойда ойланумен боласыз. Егер де, керісінше, мені сіз кешірсеңіз, онда майдан орнына абыроймен кетіп — өте ақылды, кеңпейілді жан ретінде атыңыз әйгілі болады, себебі ондай жандар әрқашанда құрметке ие болып, нағыз абыройға бөленген. Есіңізде болсын: бұндай мүмкіндік күнде келе бермес. Турасын айтсам, өмір сүру де, өлу де — маған енді бәрібір».
«Ай, қу түлкі-ай! — деп қасқыр жауап берді, — Ай, қайтіп енді құтылсам екен деп тұрсың-ау! Дүниенің бар алтынын маған ұсынған жағдайда да, — мен сені босатпаған болар едім. Сенің менің алдымда берген өтірік уәделерің аз болған ба еді? Өтірікші алаяқ! Сенен енді маған тауықтың жұмыртқасының қабығы да тимейтін шығар. А, сенің ағайын-туыстарын бар ма? Оларыңның, туыс-ағайындарыңның бәріне де түкіргенім бар! Олардан бәрін де, расында да, күтуге болады. Бірақ та мен олардың да бір амалын табармын. Жексұрын қақпас! Мен ауызым аңқиып, сені босататын болсам, көретін көресіні көрсетсең керек! Титтей де саған сенуге болмайды, сенен бір нәрсені де естігім де келмейді. Сен мені аямадым деп, оттап тұрсың, оңбаған сасық неме! Менің көзім қыл үстінде тұрған жоқ па? Менің жиырмадан аса терімді жаралап тастағаның аз ба сенің? Сен күшің басым болған кезіңде, бір минут болса да, демалуыма шама бердің бе маған? Мен сені аяп, жарылқап босата салатындай, соншама ақымақ деп отырсың ба мені! Сен мені мен Гирмунда екеумізді әбден қорлап, абыройымызды айрандай төктің! Жоқ, осының бәріне де өміріңмен жауап бересің!» Қасқыр оған солай деп жауап айтты.
Осы кезді пайдаланып жалпос қарсыласының қойын қолтығының арасына алдыңғы табанын сұғып жіберді де — ең бір қажетті мүшесінен қысып ұстаған күйде, оны оңды-солды сүйрей бастады... Изегрим аузын айқара аша жан айқайын сала өңірегені-ай десеңізші, оны айтып жатпай-ақ қояйын. Рейнеке ауызындағы қысылып қалған табандарын босатқан бойда, бір емес, екі бірдейімен аямастан сығып, тартқылап қасқыр-бейшараны қорлаумен болды. Қасқыр жан ұшыра бақырғанда — ауызынан қан сорғалап ақты! Соншалықты ол қатты қысым көргеннен, борша-борша терге түсіп, қорыққаннан дәретін де жіберіп қояды. Түлкі бұны көріп, рахаттанып: бұл дегенің жеңіс қой! Қасқырды енді ол әр жерінен тістелеп, жұлып жей бастады. Ол барынша қор болып өлесідей бар бойын ыза кернеп, өзін өлген жанға санады. Қан дегенің көзінен де, ауызынан да ағып жатты. Бір кезде барып ол ес түсінен айырылып құлап түсті. Мұндай таңғажайып көрініс — түлкі үшін таудай алтын бергеннен де артық еді! Қасқырды көпшіліктің алдында олай сүйреп, бұлай сүйреп, аяусыз ұрып-соғып, тұншықтырып, тістелеп, тырнауменен бейшараның көрмеген қорлығын көрсетті. Барша жұрттың алдында Изегиім жағымсыз ыңырсыған аянышты дауысы ұли шығып, жан көргісіз әбіржіген албасты түрдегі ұсқынсыз түрде олай да бұлай да өлер-өлмес денесі сүйретілуімен қор болды. Оның жақын туыстары, патшаға қарап жалынышты өтінішпен жекпе-жек ұрысты тоқтатуын, жылағандай болып, сұранып жатты. «Ендеше, — егер де сендер ұрысты тоқтатуды қажет деп тапсаңдар, — қарсылық жасамаймын» — деп жауап қатты патша.
Патша майдан төрешілері, теңбілшер мен қабыланға ұрысты тоқтатуды бұйырды.
Линкс пен Лупардус екеуі майданға келіп — Рейнеке-түлкіге: «Жетер! Патша сенің аяусыз басымдылықпен өткізген ұрысыңды доғаруыңды талап етіп отыр» — деді.
Патша ағзам сенің қарсыласыңның жеңілгенін көре тұра, оған өмір сыйлауыңды, сөйтіп екі жақтың да қайғылы жағдайдың болғанын қаламайтынын айтып отыр. Бұл ұрыста сен жеңдің. Оны бәрі де мойындады — сондықтан сен қандай да болмасын мақтауға, мадақтауға ылайықсың, бұдан былай — бәрі де сені қолдап қуаттайтын болады».
Рейнеке: «Мен құрметке ылайық екенімді дәлелдей аламын! Мен патша ағзамымыздың қандай да болмасын тапсырмасын шын ықылас, бар ниетіммен орындауға әрқашанда дайынмын. Мен жеңдім! Өмірімде маған мұнан артық ешқандай да қуаныш керек емес. Тек патша ағзам менің сізден бір ғана сұранарым: достарыммен ақылдасып алуға рұқсат берсеңіз екен» — деді.
Сол кезде Рейнекенің ағайын-туыстары бір ауыздан: «Қадірлі бас иеміздің қалауы болсын!» — деп шулап кетті. Сөйтті де ағайындары жеңіске ие болған жанды топ-тобымен жүгіре келіп құттықтай бастады: борсықтар мен құндыздар, маймылдар мен кәмшәттар, жаңадан келген көптеген достары: ақкістер, сусарлар, аққалақтар мен тиындар, бұрыннан қас жаулары болған, оның атын да естігісі келмейтіндер де, небір жануарлар құттықтап келіп жатыр. Керек десеңіз, оны айыпкер санағандар, өздерінің әйелдерімен, бала-шағаларымен бірге келген: кәриалары бар, орта жастағысы бар, жастары бар, керек десеңіз нәрестелері де толып жүр. Бәрі де оның алдына келіп иіле сәлем беріп мақтап-мадақтағанда — сөздері бір-бірінен асып жатты... Шіркін, жарық дүниенің өзі — кілең бақытты жандардан тұратындай, естілуде: «Әрқашанда аман-есен, сау-саламат болыңыз!» Достар деген жан-жақтан ағылып келуде. Жеңілгендер қайтсін енді? Амалсыздан шыдауға тиіс! Дәл сондай жағдай болған еді. Бәрі де жеңген жанның алдында өзін шын досындай екенін көрсетпек болып тырысуда: бірі сырнайда ойнап, бірі кәрнәй тартып, даңғырақ қағып, өлеңдер айтуда. Жағымпаздар болса Рейнекеге қарап: «Қуаныңыз! Сіз өзіңізді де, ағайы-туыстарыңызды да биік төрге шығардыңыз! Алғашында сізді дұшпаныңыз түкпірге тығып ойсырата қыса бастағанда, біздер ойпыр-ай не болап екен деп қатты қиналып та, небір ойға кеткен болатынбыз, — кейін бәрі де өзгеше бола бастады-ау. Міне, ойда жоқтан келген бақ деп осыны айт!» «Рахмет сіздерге, — шынымды айтсам — менің жолым болды» — деді түлкі. Жеңімпаз бастаған, айналасында әділ қазылармен біргелескен, бір топ жандар улап-шулап келе жатты.
Рейнеке патша ағзамның отырған тағының алдына келе сала иіліп сәлем беріп құлай кетті.
Патша ағзам болса сол жердегі тұрған уәзір, сұлтандардың алдында оған қарап: «Түрегіңіз! Сіз бұл жекпе-жекте өзіңізді батырларша көрсете алдыңыз, — сондықтан да әділетті жеңіске жетіп отырсыз. Мен сізге бостандық беремін. Сізге берілген барлық ауыр жазалардан азат етемін. Изегрим жазылып кеткеннен кейін, мен бұл мәселені билердің кеңесіне қоятын боламын. Осымен бүгінгі істі аяқтаймыз».
«О бас ием! Сіздің жоғарғы лауазымды берген тапсырмаларыңыз — әрқашанда қасиетті, қадірлі — оны сіз жақсы түсінесіз» — деді түлкі, өзін жауапты ұстанып. Мен бұл жерде қаншама айыптаушыларға кездестім десеңізші! Бәрі де қасқырға жағымпазданып менің үстімнен барын бардай, жоғын болғандай етіп өтірік жалаларды жауып жатты. Бәрі де айқайға басып: «Құртыңдар, таптаңдар!» — деп, оған жағу үшін, оның сөзін сөйлеп мені кінәлап, тезірек құртпақ болды. Бәрі де анық көріп тұрды: менің кеселімнің көбісі сөздерде болатын. Туралықтың соңы немен тынарын ешкім де білмеген еді. Сәті бір келгенде, аспазшы көңілі түсіп, бірер сүйекті орталарына лақтырып тастайды-ау деген дәмелерін үзбестен қазан-ошақты топ-тобымен айналшақтап жүрген иттердей.
Бірде бір иттің сомадай піскен етті ұрлап жымқырып бара жатқанын жанында жүрген иттер байқап қалады, дегенмен де ол ит те өз сыбағасын алған да екен, — аспаз оның құйрығын күйдіріп үлгіріпті. Сонда да ол, өзінің тапқан керемет дүниесімен тобырына қосылып үлгерді.
Иттер таңырқап: «Көрдіңдер ме, қайткенде де аспаз бұны жақсы көреді екен. Қараңдаршы, қандай дәмді тағаммен оны сыйлағанын!» Ол болса оларға: Несіне соншама қуанасыңдар. Сендер менің алдыма, тәп-тәтті етті көріп, таңырқанып тұрған болуларың керек. Егер де менің арт жағымды көрсеңдер, — мені бақытты жан екен деп айтпас едіңдер» — дейді. Не болған екен соншалықты? — деп қараған еді. Көре сала иттер қорқып та кетті — оның арты қатты күйіп қалғандарынан жүндері түгел түсіп, терісі қызыл шақа болып бүрісіп қалыпты. Содан соң бірде-бір ит асхана жаққа беттей алмай қалады. Бәрі де туыстарын жайына қалдырып, басы ауған жақтарына тарап кетеді... Бас ием! Бұл дегеніңіз пес, пасықтар туралы мысалдардың бірі. Егер де басына бір іс түсе қалғандай жағдайда — достарыңды таба алмай қалатының рас.
Оның ауызына күні бойы қараумен болады: себебі оның ауызында ет бар ғой! Кімде-кім оның асты-үстіне түсіп мәзденбесе, онда ол көп нәрседен құр қалады. Бәрі де оның теріс жасаған тірліктерін ұмытып, оның істеген істерін дәріптеп, мадақтап, мақтай берулері керек. Ия, көп жандар ештеңені де ойламастан, осындай әрекеттерге барып жатады. Бұндай жағдайларда көбісі қайғылы оқиғаларға душар болып — биліктерінен айырылып жатады. Содан кейін оларды, олардың ескі достары терісінен түсіп жатқан жүндердей, ешбір жан да сыйламайтын болады: үлкені де, кішісі де онан қашқалақтап, — сөйтіп олар жалаңаш қалады. Сол айтқандай-ақ, оның денесіндегі бір тұтам уыстай болып күйіп қалған терісін көрген бір топ иттер демде көзден ұшқандай ғайып болды...
О бас ием, келісетін боларсыз: Рейнеке-түлкі туралы мұндай әңгімелер болуы мүмкін емес. Достарым мені ұятқа қалдырмас. Сіздің жасаған жақсылығыңызды еш ұмытпастан, егер де сіздің мақсат ойыңызды білетін болсам, онда мен оны бұлжытпастан орындауға әрекет жасаған болар едім».
«Артық айтудың қажеті керек емес. Мен сізді өте мұқият тыңдап отырып, сіздің ойыңызды анық түсіндім. Сізді, құрметті мырзаны, бұрыңғыдай, арнайы құрылған құпия кеңестің құрамында көрсем деймін. Барлық мекемелерде еркін болуыңызға рұқсат етемін. Мен сізге бұдан былайғы күндері билік пен құрмет жасауды толық қайтарып беремін және де сіздің толық ақталатыныңызды қалаймын. Сізге көп істерді түзетуіңізге тура келеді. Сізсіз менің ақсарайда қызмет етуім мүмкін емес. Егер де сіз ақылыңызды жақсы істер үшін жұмсайтын болсаңыз, онда сіз сияқты қайсы бір жан бізге дұрыс жолға салып, жақсы кеңесін бере алар-ау дейсіз? Ал, сіздің үстіңізден айтылған арыз-шағымдардың бірде-бірін енді тыңдамайтын боламын. Менің атымнан, қайда болсаңыз да, керек десеңіз, үкіметіміздің жауапты хатшысы ретінде де, бұйрық беріп, тапсырмалар айтуыңызға рұқсат беремін. Сізге мен бүгіннен бастап өзімнің мөр белгімді беріп, бар мәселелерді қарап, құжаттарға қол қойып, шешімдер қабылдауыңызға мүмкіндік беремін...»
Міне, сөйтіп, қараптан-қарап тұрып, еңбегіне сай, Рейнеке қайтадан демде құрметті жан болып, бұрыңғыдай күшіне еніп, барша дүйім жұрттың үстінен шешім қабылдап, дұрыс та болса да, бұрыс та болса да бұйрық бере алатын лауазым иесі болып шыға келді.
Түлкіге алғыстар үсті үстіне жауып шексіз қуаныштарға бөленіп, тіл қатты: «Менің әміршім! Соншалықты ұлығ құрметіңізге қалайша мен ие бола алдым десеңізші? Сіздің маған жасаған бұл жақсылығыңызды, мен ақыл есімнің бар кезінде, өмір бойы ұмытпаспын...»
Бұл жерде аздап болса да қасқыр туралы айтып кетпекшімін. Ол, жеңіліс тауып, бүкіл денесі жарақаттанған күйде, майданда жатқан еді. Оның жанында әйелі, достары, Гинце мен Сұлтан (мысық пен аю), барлық ағайын-туыстары, бала-шағалары, барша үй-іші бірге болатын. Олар жылап-сықтаумен байғұс қасқырды ұрынып қалмасын деп сабан төселген сатыға абайлап жатқызды да алып кетті. Денесіндегі жарақатын санап көрген-ді, — жиырма алты жерінен жараланыпты. Қаншама дәрігерлер жиналып, бейшараның жараларын таңып, дәрілерін беріп жатты. Оның барлық мүшелері істен шыққан еді. Дәрігерлер оның құлағының айналасын арнайы дайындалған күшті көк шөппен уқалап сүрткен кезде — ауызынан да артынан да түшкіріп, пысқырып жатты. Дәрігерлер ағайын-туыстарын жұбатқандай болып жылы сөздер айтып жатты: «Майлап, ысқылап, шомылдырып, емдеудің қолымыздан келген бар амалын жасаймыз» — деп. Дәрігерлер оны біршама ұйықтап, демалсын деп төсекке жатқызған еді, бірақ та көп ұйықтай алмастан, — көзінің алды қоңыр қошқыл болып, бірде қарайып, бірде түнеріп, жатқан орнынан оянып кетті де, бар денесін ауыр жүк, зіл басқандай күйге түсті: масқара ұятқа қалғандығы мен қасірет-қайғы қосыла оның дене жүйкесін құмырсқа шаққандай жеумен, ызадан өзін-өзі еш жұбата алмаған жағдайда жатты.
Гирмунда әйелі болса күйеуінің о жағына бір шығып, бұ жағына бір шығып, бастарына түскен ауыр зұлматты қайғыра көтерумен зар илеп жүр. Өте ауыр қайғыға ол душар болды. Күйеуімнің мүшкіл хәлін көріп, өзі де, балалары да, достары да аянышты жағдайда болатын. Жоқ, ол көпке шыдамас! Ол ауруына шыдамастан жындана бастады. Соңында ауыр өкінішті жағдайға душар болды...
Рейнеке болса қуанып жүр. Достарымен бірге ол әзілдесіп, оны-мұны айтып, мақтау-мадақтаулар естіп, көңіл-күйі көтеріңкі жағдайда кетіп бара жатты. Патша оның жанына күзетшілерді қосып беріп, қоштасып жатып: «Сіздің тезірек қайта оралуыңызды шын ниетпен күтемін» — деді. Рейнеке тізерлене отыра қалып: «Сізге, менің бас ием, менің патшазадама, сіздің уәзірлеріңізге, осындағы барша мырзаларға шексіз алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер! О, бас ием, үлкен, ұлы жеңістерге жету жолында, сіздерді бір құдіреттімнің өзі қолдап, жарылқап, қорғап жүрсін! Сіздің көрсетіп берген тура да, сара жолыңызда жүргеніме мен шексіз қуаныштымын. Мен сіздің алдыңызда бас иемін. Сіз, егерде маған рұқсат берсеңіз — үйіме барып, әйел, бала-шағамды көріп қайтсам ба деймін» — деді.
«Не дейін, ақ жол, ештеңені де ойланбаңыз» — деді патша. Осыдан кейін Рейнеке, үлкен құрмет сыйға ие болып, абыроймен жолға шығады. Бұл әулеттің көбі осындай айлакер жандар. Егер де олардың сақал-мұрттары сарғыш қоңыр түсте болмаса, — онда бояп алған дей беріңіз. Рейнеке өзінің бір топ (қырық шақты) ағайын-туыстарымен көтеріңкі көңілде ақсарайдан шығып бара жатты. Олардың бәрін де аса құрмет, ізетпен шығарып салуда. Түлкі, аға сұлтандарша қодырайып, жанындағылары оны қолпаштап, артынан еріп кетіп бара жатты. Ол болса қуаныштан жүзі жарқырап, үлпілдеген құйрығын олай да, бұлай да жараса бұлаңдатып келеді: ол бүгінде патшаның құрметіне ие болған! Қайтадан ол кеңеске мүше болды, бұл дегенің қол жете бермес мүмкіндік қой!
«Мені қолдап, қорғаған дос жандардың жақсылығын еш ұмытпаспын, қолымнан келгенше көмек берермін» — деп ойлады ол. — Ия, ақыл дегеніңіз алтын, гауһар-маржаннан да қымбат!»
Солай деді де, ол өзінің туған өлкесіне, Малепартусқа жол тартты, бар достары оның соңынан ере жүріп келеді. Қиын-қыстау кезеңде оның жанында болып, оған қолдау жасағандарға ол үлкен рахмет айтып, өзінің қол ұшын беретінін жасырмады. Бәрімен де ыстық ықыласта хош айтысып, олар болса әр жаққа қарап тарқап жатты, бұл болса өзінің туған мекеніне бағыт алды.
Үйіне барғанда оны әйелі аман-есен, қуанышты күйде күтіп алып, қалайша аман-сау қалғанына таңырқана сұраған сұрағына, ол күле жауап қатты: «Көріп тұрсың ғой, жаным, сау-саламатпын! Ия, таң қаларлық іс болды дерсің: Аса үлкен құрметке ие болдым! Мен қайтадан кеңестің белдей мүшесі болдым, о дегенің ағайын-туыстар алдында үлкен абырой да, пайдасы да мол деген сөз. Мен барлық уәзірлердің үстінен қарайтын жауапты хатшы лауазымды қызметке де тағайындалдым! Маған үкімет басшысының, патшаның мөрі де сеніп тапсырылды! Ол арнайы: «Рейнекенің барлық берген бұйрықтары — ауызша не болмаса жазбаша, мүлтіксіз орындалуға тиіс. Осы айтылған сөздерімді естеріңде сақтаңдар!» — деп бұйрық берді. Қасқырмен мен тез арада өте сәтті есебімді алдым. Оның барлық арыз-шағымдары жерде қалып, өзі әбден таяқ жеп, көзінен айырылды. Оның барша туыстары масқара болып, абыройларынан айырылды. Менің оған салған таңбамды енді өшіре алмас! Өмірінде енді оның ешқашанда жолы болмайды. Біз екеуміз жекпе-жекке шығып төбелестік — мен жеңіске жеттім. Енді ол жазылып кетеді деп ойламаймын. Қайткенде де, менің онда қандай шаруам бар? Не де болса — бұдан бұлай мен өңкей өңештілер тұқымдастарының бәрінің де үстерінен билік жасайтын боламын».
Түлкінің әйелінің қуанышында шек болмады, оның екі тентегі, біздің әкеміз бәрінен де күшті! Бір-бірімен қуана сөйлесіп: «Алтын арайлы күндеріміз туатын болды: біз бұдан былай енді үй-мекен жайларымызды ұқшата салып алып, сөйтіп ешбір уайым-қайғысыз рахат өмір сүретін боламыз» — деп мәз-мейрам болып жатты.
Міне, сөйтіп Рейнеке демде биік төрге шыға келді!
Ақыл-ой, парасатпен, жамандықтан алшақ болып, жасалған әрбір іс сөзсіз жақсылыққа жолықтыратыны анық!
Бұл кітапты сатып алып оқығандағы оқырмандарға айтарымыз, ондағы өлеңдердегі ойдан туындаған мәселелердің болмыстарын, бүгінде өмірде болып жатқан тіршіліктермен салыстыра отырып, ой таразысынан саралап өткізіп, күнделікті өмірге тура көзбен қарайтын болса екен деген мақсатпен осы кітап жазылды. Қалай дегенмен де бұндай жағдайлар, оқиғалар өмірде болған да, болып та жатыр, бола да бермек.
Осымен Рейнеке-түлкі туралы оның небір әрекет пен машақат өмірі мен істері туралы әңгімемізді аяқтауға тура келіп отыр.
Ал біздерге, құдайым, жарық та, жарқын да күндеріңізді мәңгілік бере беріңіз! Аумин!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі