Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925-1944) – кеңес мергені, Ұлы Отан соғысы жылдары 2-ші Балтықжағалауы фронтында, 22-ші әскердің 54-ші арнайы атқыштар бригадасында қызмет еткен, ефрейтор. Кеңес Одағының батыры (1944, қайтыс болғаннан кейін).
Оның есебінде қарсыластың 78 жойылған жауынгері мен офицері.
Әлия Молдағұлова 20 сәуір 1924 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ата-анасының өлімінен кейін ағасы Әубәкір Молдағұловтың қолында тәрбиеленді. Соның отбасымен бір қаладан бір қалаға көшіп-қонып жүреді. Ол Ленинградтың 9-шы орта мектебінде оқиды. Соғыс Әлияны Ленинградта тап болады.
Ә. Молдағұлова, 1995 Қазақстан пошта маркасы, (Michel № 89)
1938-1942 жылдары Ленинград жетімдер үйінде тәрбиеленеді (Гурдин көшесі, 1980 жылдан Молдағұлова көшесі).
1941 жылдың маусымында, Ұлы Отан соғысы бастала салысымен ағасының отбасы көшіп кетеді де, Әлия Ленинградта қалады. 8 қыркүйек 1941 жылы Ленинградты блокадалау басталады. 1942 жылы наурызда жетімдер үйімен бірге Әлия жаумен қоршалған Ленинградтан Ярославль облысының Вятское ауылына көшіріледі. 1 қазан 1942 жылы Вятское орта мектебінің 7-ші сыныбын тәмамдаған соң Әлия Рыбинск авиациялық техникумына түседі. Ол ұшуды армандайды, алайда «темірді суықтай өңдеу» мамандығына түседі. Үш айдан кейін Жұмысшы шаруа Қызыл әскеріне майданға жіберуіне өтініш тастайды.
20 наурыз 1942 жылы КСРО ҰҚК жарлығымен Жаппай оқу Бас басқармасының жанында нұсқаушы-мергендердің мектебі құрылады. Мектеп 27 қараша 1942 жылы КСРО ҰҚК-ның жаңа жарлығымен мергендерді дайындайтын нұсқаушылардың Орталық мектебі болып қайта құрылады. Әлия сол жылдары Мәскеу түбіндегі Вишняки ауылында орналасқан, қазірде Мәскеу гуманитарлық университетінің ғимараты болып тұрған (Юность көшесі, 5-үй) мергендер мектебінің бірінші тобына түседі. Сабақтар осы ғимаратта өтетін, ал курсант-қыздар тұратын казарма Кусководағы граф Шереметьевтердің бұрынғы мекенінің шекарасында орналасқан болатын.
Сол жылдары снайпер мектебінде тәлім алған Н.А. Матвееваның естеліктерінен: «Әлиямен 17 желтоқсан 1942 жылы Рыбинск қаласының атқару комитетінде бірінші рет кездестім. Сол кездері ол жасөспірім қыз еді, ол небәрі 17 жаста болатын. Бірақ Әлия майданға өз еркімен аттануға табандылықпен сұранып жүрді. Мектепке келген соң медициналық тексерістен өттік. Лия (мен оны солай атайтынмын) екеумізді бойымыз бойынша төртінші ротаға – ең аласалар жиналған топқа жіберді. Бізді үш қабатты сәкісі бар жылыжайға орналастырды. Лия екеуміз қатар жататынбыз. Суық болатын, киімімізді, әскерлік шұлғауларымызды, аяқ-киімдерімізді кептіретін жер болмайтын. Кейін біздің ротаны негізгі баракқа көшірді, жағдайымыз біршама жақсарды. Бұдан кейін мергендер мектебінде сабағымыз басталды. Дәл атуды, жауға көрінбей жорғалауды үйрендік. Сабақта Әлия мергендік істі меңгеру барысында қайсарлығымен, табандылығымен көзге түсті». Мергендер мектебінде Әлия «Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы Орталық комитетінен тамаша атыс көрсете алғаны үшін» деген атаулы мылтықпен марапатталды.
23 ақпан 1943 жылы Әлия қабылданған курсанттар тобы әскери ант қабылдап, 1943 жылдың шілде айында Әлия топтастарымен 54-ші атқыштар бригадасына мерген болып аттанады (22-ші әскер). Онымен бір полкте болған Я.К. Прокопенкованың естелігінен: «1943 жылдың тамызында біздің бригадаға мерген Әлия Молдағұлова келді. Қазақстаннан келген талдырмаш денелі және өте сүйкімді қыз. Ол бар-жоғы 18 жаста еді, бірақ қазан айына дейін оның есебінде 32 өлі фашист болды». Н. А. Матвееваның естелігінен: «Алдыңғы шепке шығу үшін оған біраз көз жасын төгу керек болды. Оған себеп сол баяғы оның жасы мен бойы болатын. Лия екеумізді төртінші батальонның бір взводына орналастырды. Біз, мергендер, тапсырмаға жұппен баратынбыз, бізде алдын-ала дайындалған позициялар болатын. Сонда немістерді қарауылға түсіргенше отыратынбыз. Жаудың оғы мен миналары төніп жататын. Лия осындай сәттерде ержүректілік танытатын. Ол фашистерді қырып қана қоймай, ұрыс алаңынан жараланғандарды сүйреп әкеліп алғашқы медициналық көмек көрсетіп жататын».
Ұрыс сәттерінің бірінде немістің бес жауынгері бейтарап жолмен оларға қарай беттеп бара жатқан мерген қыздарды көріп қалып, торуыл жасайды. Алайда бірінші болып Әлия атып үлгереді; жаудың тағы екі жауынгерін мергендер Зина мен Надя өлтіреді, ал тірі қалған екеуін қыздар ұстап алып, басшылық бекетке алып келеді.
Қорғаныс шебіндегі батальон, гитлерлік миномет батареясынан елеулі шығынға ұшырап жатты. Бақылаушысын қанша тырысқанмен таба алмай әлек болды. 54-ші арнайы атқыштар бригадасының үздік мергендері Бандуров пен Молдағұловаға бақылаушыларын тауып, көзін жою, басқа мақсаттармен оқ атпау деген тапсырма берілді.
Жау позициясына жақын маңдағы окопқа тығылған Әлия фашист миналарының оның батальонына қарсы нақты орналасқанын көреді, бірақ бақылаушыларын сол күні таба алмайды.
Ал қазір қыз Бандуровты жеңіске жеткен адам сияқты тыңдап тұрды. Күні бойы ол жау окопынан 60 метрдей жерде орналасқан қираған танк ішінде отырды. Батальонға жинала бергенде, Әлия үлкен қойтастың түбінде жасырылған стереотүтіктің әйнектері жылт ете қалғанын байқайды.
Қойтастың артында неміс каскасы көрініп қалады. Атыс! Дереу – екінші атыс. Фашист бақылаушыларының көзі жойылады. Тапсырма орындалды. Бірақ жау оптикасын осылай қалдырып кетуге дәті бармайды: Әлия үшінші атыспен стереотүтіктін күл-паршасын шығарады және өзі жау оғының астынан әрең шығады.
Командир Молдағұлованың бұл бағынбаушылығын кешіреді. Мектеп қабырғасынан бірден майданға түскен 18 жасар қызды қалай кешірмеске?
1944 жылдың қаңтар айының басында Ленинград-Новгордтық операция кезінде 54-ші атқыштар бригадасы майданды бойлай Новосокольники қаласына (Псковск облысы) қарай маршпен алға шығады. Онда олар жаудың қорғанысын бұзып, қаладан солтүстікке қарай алға жылжиды. Мерген Әлия Молдағұлова қызмет еткен 4-ші батальонның саяси жетекшісі Г.В. Варшавскийдің естелігі бойынша, бригаданың бөліктері Насва бекетіндегі темір жолға шыққанда жау оғының астында қалады. Түнде шабуылға арналған негізгі шекараларға орналасып, кеңес жауынгерлері 14 қаңтар 1944 жылы таңда шабуыл жасайды. Әрекеттерін мергендер көлегейлеп жүрген батальонға Насва бекетінің ауданындағы Новосокольники-Дно темір жолын кесіп өтіп, Казачиха ауылына басып кіру тапсырылған. Қорғаныстың алдыңғы шебі сәтті бұзылғанымен, кеңестік шабуылшылар неміс әскерінің жауапты атысына төтеп бере алмай қалады. Осындай күрделі сәтте Әлия Молдағұлова тік тұрып, «Жауынгерлер, алға!» деп айқай салады. Кеңес әскерилері оның артынан шабуылға шығады. Қарсылас бұрынғыдай белсенді жауап қайтарып жатады. Күні бойына жалғасқан ұрыста Әлия үш рет қарсыластың шабуылына тойтарыс береді.
1944 жылдың қаңтарында Ленинград түбінде КСРО әсерінің шабуылы басталады.
...Батальон шабуылға таң ата кіріседі. Артиллериялық дайындықтарынан шошыған фашистер үнсіз жатты. Окопқа бірнеше метр қалғанда ғана гитлерлік пулемет үн қатты. Әлия гранатаны дәл лақтырып, оның дыбысын өшірді. Қарсыластың қорғаныс шебінің алды жауланды.
Бір күнде батальон екі контршабуылға тойтарыс берді, ал келесі күннің таңында тағы да шабуылға көшті. Қардың үстінде шинельмен жатқан, бір қолы жараланған Әлияның салқынқанды оқтары жауға дәл тиіп жатты.
Шабуылдың үшінші күні. Қару ұстаған Әлия, оқтан винтовкасының оптикалық көздеушісі сынып қалған. Минаның жарықшақтарымен қолы жараланғанымен, ол әлі де сапта. Гитлерліктер шабуылын жалғастыруда. Ордың бір бұрышынан фашист офицері Әлияның кеудесіне атады. Бар күшін жинап ол оған атылған оқпен жауап береді.
Бұл 15 қаңтар 1944 жылы Калинин облысы Локнянский ауданы Казачиха ауылында болған еді. Қазір де ержүрек қазақ қызы осы жерде жерленген.
4 маусым 1944 жылы Әлия Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сонымен қатар ол Ленин орденімен марапатталды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Дильназ
Оте керемет менде осы Алия Молдагуловадай болгым келнди