Күміс қылыштай жарқылдап, найзағайдай ағып келе жатқан атабалық Көкқасқа осылай бір жүйткитін кезең таянып қалғанын бірталайдан бері сезінген еді. Оқтаудай жұмырланып алған жарау дене көк болаттай иіліп-бүгіліп әрі күшті, әрі оңтайлы сырғиды. Көздері жалтылдап, барлық денесіне маржандай қызғылт бөрткен шығып кеткен. Әншейіндегі күн көрісте Көкқасқаның сырт бояулары су астының балдырымен реңдес күңгірт болушы еді, енді міне, құммен аршылған ескі күмістей. жарқ-жұрқ етеді. Түнгі қара көк аспанды аққан жұлдыз қалай тіліп өтсе, теңіз астының қара көк тұңғиығын Көкқасқа да солай тілгілеп жүр. Ол бүгін жарқыраған ағынға, қажымас-талмас екпінге айналған.
Бүгін ол теңіз астын кең орай жүзіп, дамылсыз кезіп жүр. Күн көрістің бақай қимыл-баяу қозғалыстарын, қапы-қалтарысын аңдитын дағдылы бой тасаларын біржола ұмытқандай, оқшау орғып әдейі көзге түседі. Теңіз астындағы әлемнің бәрі көрсін дегендей, өңешті мен тістілердің бәрінен де қаймығар емес. Әшейінде бармас-баспас алыс айдындарға барып оралады. Қалың мұздың астында бейбіт өмір сүріп жатқан Азат-мая тұқымдас ана балықтарды жағаға қарай ысырып, ығыстырып жүр, асықтырып жүр, айдап жүр.
Көкқасқа күнделік тіршілігінде аузын ылғи ашық ұстайтын еді. Аузына шолп етіп кіріп кеткен де, жылп етіп кіріп кеткен де өңешінен өте беретін. Оның таса-қалтарыстардан тап беретін әдетіне теңіз астының қалың ормандарында бейғам жүретін жәндік отарлары талай кездесіп, талай жем болған. Талай рет су асты одан дүркірей қашып, зар қағып қалған. Бүгін ол аузын тас бекітіп жауып алыпты.
Өзінен зорлардан Көкқасқаның өзі де тасалана жүретін еді. Талай өңештерден өзі де өтіп кете жаздаған. Ол бүгін соның бәрін де ұмытқан. Тұла бойы қызғандай, отты бір күш еріксіз айдайтындай, орман отарларды тастап, ашық айдынға шығыпты, көзге түсе шығыпты. Биік аспанда еркін шарықтайтын қыранға ұсап, бұл да бір ұлы жүйткуге көшкен. Жүйткіп жүр...
Теңіз қарнын семсердей тілгілеп жүрген жалғыз өзі ғана емес екенін Көкқасқа енді абайлады. Өзімен ата-тегі бір Азат-мая нәсілінің естияр еркектері түгел құтырынып, теңіз астын олар да дүрліктіріп жүр екен. Олар да жарқырап ағып, жорық әнін салып жүр. Теңіз астында найзағай көбейген, жарқылдау көбейген. Сол найзағайлар барлық ана балықтарға ұлы жорықтың бет алысын, жөнін сілтейді. Теңізге құятын өзеннің сағасын меңзейді.
Үлкен жорыққа жолдан қосыла кетпек болып, жол тосып жүрген жалқау-жампоз қырт еркектер де бар екен. Енді мұндай жорыққа шығудан қалған бірен-саран сырт буын ақ бас қарттарды орталарына алып, әлі оттасып жүр. Жайын жатқан ел бар, ертеңгісін ойлай алмайтын бала-шаға бар, көп қарттың онымен жұмысы да жоқ. Ойлағандары өз қамы, өз құлқыны. Әлі өздері де әзірленбеген. Үсті-бастары әшейіндегі күңгірт қалпында. Біреуі де түлемеген. Құлқын құлдары тасалану, тап берудің әлегінде қала беріпті. Көкқасқа бұл ұятсыздардың арман дүниесін таныды да, жалт бұрылды, жорыққа аттануға шақырған жоқ. Үн шығармай теріс айналды.
Ата-тегі басқа, аран ауыз керазулар да көші-қон қарбаласын аңдып, жем іздеп, жол тосып жүр. Бұл олардың қашанғы әдеттері. Өңкей керазу жембасарлар осындай қарбалас кезінде қарындарын оңай толтырып, қабырғаларын жауып қалады. Ең қатерлі жаулар да осылар. Аузына іліксең, тірідей қылғып жібереді, қабағын да шытпайды.
Көкқасқа бұлардан ығысқан жоқ. Қанды ауыздар тобын қақ ортасынан найзағайдай жарып өтті. Құлқын тырбаңымен жүргендер найзағайды қалай ұстай алсын, ауыздарын ашқан бойы қала берді.
Аты балық атанғанымен сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын минога дейтін залымдар да тосқауылда жүр екен. Бұл бір үлкен пәле. Қылаңдап келіп, жымып келіп балықтың желбезегіне жабысады да, желімдесіп қалады. Қашан өзі ажырасқанша одан құтылар шара жоқ. Жабысқан бойы шектей шұбатылып ұрық шашар тұщы суларға жетеді де, жас уылдырықты қиядай сыпырады. Көкқасқа бұл пәлені де ішіне түйді.
Қара ормандай қалың шалан арасында ана балықтар әлі баяу қозғалып, әлі жабайы тіршілік қамында жүр. Әлі қызынбаған, ұрық шашар ұлы жорық бары ойларына да кірмепті. Қарындары шермеңдеп уылдырықтап жарылғалы жүрсе де, әлі бейғам, қыз-қылан қылықтардың бірі жоқ. Алда тұрған жорықтың, ұлан-асыр қызықтың бар жарасымы осы месқарындар емес пе? Бар арман, бір жылғы ұрпақ осылардың қарнында ғой! Ертең тұщы суға жеткенде осы месқарындардың біреуі үшін он еркек өліп кетсе арманы не? Жоқ әйелдер жынысы әлі қызынбаған, аналықтардың әні де басталмаған, биі де басталмаған. Әлі де баяғысынша, көші-қонды еркектер біледі деп, еру жайылып жүр... Көкқасқаға әлі де жарқылдай беру керек, қыздыра беру керек екен. Жұлдыздай аққан жүйткуімен, ойнақылығымен жорық сарынын аналықтарға түгел сезіндіру керек. Тіпті болмаса ең соңғы мүлт кетпеске басады да! Ұзамай Көкқасқа сол мүлт кетпесіне басты...
О, ол бір биіктен шырқаған ән еді! Ол бір жан-жүйеңді түгел тебірентер сөз еді. Ол бір су ішінде, мұз астында ертегі жіберетін от еді, ол бір өліні тірілтер сиқыр еді. Көкқасқа ағып келе жатқан бойы қызғылт маржандай бөрткен жауып кеткен қабырғасымен сүйкеніп-сүйкеніп өтіп еді, аналықтар өне бойларын өрт ала жөнелгендей ду ете түсті. Теңіз асты жарқ та жұрқ сылаң қаққан ерке биге айналып кетті. Енді оларды тоқтата алар күш те жоқ екен, барлық аналықтар лек-легімен тұқым шашар жайынға апаратын өзен сағасына қарай жөңкіліп берді, жосып кетті.
Іштерінде бір түйір уылдырығы жоқ, бүйірі солық, қыпша бел қыз-қырқын да солай қарай жөнеп беріпті. Оларды ешкім шақырмаса да улы жорыққа еріп кеткілері келеді. Бұл бір үлкен қызық қой! Өзен бойын өрлеп барып тайыз жайылымдарға тұқым шашылады, уыз төгіледі. Әрбір аналық отыз мыңдай уылдырық әкетіп барады. Уызға оралған уылдырыққа жетер тамақ қайсы! Ұзаққа созылған көш-жөнекейдің өзі қандай қызық! Аналықтарды құрмет, қошаметпен ортаға алып аталықтар екі қабырғалықта жарқылдасады да жүреді. Сонша еркектің ортасында қауіп бар ма, қасірет бар ма! Әттең, бізді тастап кетеді. Көздерінен от шашқан Көкқасқалар қалың шаланға қайта қуып тастайды. Бет бақтырмайды. Ұлы қызыққа сығалап та қарай алмайсың...
Жалынғысы келіп, жабысқысы келіп, қыз-қырқын Көкқасқаларға жақындайды да, олардың ызғар төккен қас-қабағынан сескеніп, қалың шаланға қарай қайта ойысады. Бұлар қызыға да білетін сияқты, бірақ дана табиғат берген ұстамдылық заңын бұзбайды да!
Осындай қарбалас үстінде теңіз асты неше рет қайта бозарды. Аяғында барын киініп алған қалыңдық, күйеуге ұқсап ажарланып алған аталықтар мен аналықтар теңізге құяр өзеннің сағасына қарай түгел ойысты.
Қас-қабақтары шал-бурыл тартқан қартаң аталықтар жөнелген көшке алыстан қараған бойлары қалып барады. Талай бастан өткен, талай бастап барған жорықтары. Енді міне, не болып, не қойғаны естерінде де жоқ. Елегізу түгіл, елең ету жоқ, үміт дүниесі түгел ұмытылған. Бұлар үшін бар өмір балдырлы-балқашты шаланда ғана қалған. Енжар қарап, жай қозғалған бойлары қазан қасында қалып барады.
Алғашқы апатқа ұлы жорық өзеннің теңізге құяр тармақ-тармақ сағасында кездесіп еді. Аран ауыз, теріс азулар жорықты осы сағада бір тосқан екен. Көп қуып әлектенбей-ақ, баяу жосып келе жатқан месқарын аналықтарды қырып салды.
Осы қырғын үстінде барлық Азат-мая тұқымының еркек кіндікті Көкқасқалары түгел күйінгендей еді. Бұларда арандай өткір тіс те жоқ, қылғымай жұтар үңірейген өңеш те жоқ. Бұлардың бар қайраты найзағайдай жарқылдаған жүйткулерінде ғана екен. Жан ұшырған Көкқасқалар жүйтки жүре етек-жеңі жиналмаған, кең жайылған жорықты әрең дегенде өзен арнасына түсіріп, ағынға қарсы жоғары алып кетті. Аналықтарды ортаға ала, еркектер екі қабырғадан қаумалап келеді. Әлі соңдарынан қалмай езеуреп келе жатқан кең өңештер енді қабырғаласа жосылған ата балықтарды жұта бастады. Бірақ көш алды өзенді өрлеп, жоғарылаған сайын бірте-бірте шегіншектеп теңізге қайта оралып кетті.
Қазір он мыңдаған Азат-мая бір денедей қозғалып, су астында сүңгуір қайықтай сырғып, тұтас жосып келеді. Жемге қарақтаған, бетімен жайылайын деген бірі жоқ. Ұлы жорық бәрін өз шеңберіне алып, айдап әкетті. Көздері оттай жарқыраған Көкқасқалар көш алдын бастап келеді.
Көштің екі қабырғасында да, жанында да сол Көкқасқалар. Әр тасаға жасырын құрған ұры-қарылардың ауларына ілегіп қалатындар да сол ата балықтар. Бірақ өмір жорығы ешбір бөгесінге көңіл аудартпай, айдап келеді. Тұщы суға біржола шығып алған соң жорық бет алысын біржола ұғынғандай бір балық шашау шықпай, тұтаса жосып кетті.
Балық нәсілі үшін ең бай дүние су асты. Ең көркем дүние де сол. Тасыған өзеннің қатты ағысына қарсы жүйткуден, осындай ұлы тілек үстінде тұтасып кеткен қозғалыстан асар күш болады дейсің бе! Осыны сезінген жорық бетін бір түзеп алған соң ең ұшқыр поездың зырлауына салып, аға берді, аға берді.
Келер күні күн көтеріле бере кәнігі Көкқасқа көп ұзамай құламаға кезігетіндерін сезінді. Кеудеден соққан су салмағы ауырлап барады екен, ағыс екпіні күшейіп, гүріл сезіле бастады. Ол әлгі әзірде ғана ұзын көштің арт жағын бір орап, баяу қозғалғандар болса тақымдап-тақымдап алған. Қазір ол көштің қарсы алдында еді. Найзағайдай ағып барып, көштің арт жағын тағы бір тықсырып қайтқанда биіктігі үш метрдей құламаға тақап қалған екен. Ауыр су биік тас бөгесіннен гүрілдеп құлап жатыр. Көкқасқа екпіндеп келіп, жоғары қарай атылып кетті. Көтеріле берген күн көзіне күміс қанжардай бір жарқ етті де, құламадан асып барып, өзенге шолп ете түсті. Құламадан әрі, жайдары аққан өзен оны жұтып жіберді. Тіпті, езу тартқан жоқ. Енді Көкқасқа өзеннің көлеңкелі қабырғасына қарай жақындап келіп, артқы көшті тосып қалды.
Көкқасқа құламадан қалай атылса, олар да солай атылып өтіп, алда келе жатқан ата балықтар Көкқасқаның маңына жинала бастады. Бір сыннан аман өткендеріне мәз-мейрам. Кейбіреуі Көкқасқаның өзіне көз аларта бастапты. Күндестік қысқандар, жорыққа мастанғандар Көкқасқаны жанай өтіп, соқтығып қалуға жақын. Көкқасқа қанталаған көздерінен алтын ұшқын шашып, қыбыр етпей тұр. Ол құламадан өтіп жатқан көштің алды-артын абайлап, көзінен өткізіп тұр. Кейде, тіпті, он мыңдаған аналықтарды санап тұрғандай. Соққысы келген текешіктерге елемей қарайды. Бірақ ызғарлы тұр.
Алғаш кездескен құламадан аналықтар да көп іркілмей өтті. Ағын күшейіп, ұрыққа толы мес қарындарын онды-солды толқыта берген соң құламаға жеткендерін бұлар да сезген. Бір қарғығанда құламадан асып түсе алмағандары шегініп кетіп, екпіндеп келіп, қайта атылады. Бір сәт құлама үстінде күміс қанжар лақтырысып, ойнап жүрген біреулер бардай еді. Төменнен жоғары қарай лақтырылған қанжарлар күн кезінде бір жарқ етіп қалды да, суға шаншыла түсіп жоқ болады.
Ең ауыр хал желбезегіне сүліктей жіңішке, қылыштай ұзын минога деген бәле жабысқан балықтарда еді. Шылбырын шұбыртқан ат қалай шаба алмаса, бұлар да сондай, желбезегінде салақтап жүрген минога бар балықтар құламадан қарғып өте алмай төмен қарай құлай береді. Қарны салыңқы, қартаң аналықтар қайта-қайта қарғып, қайта-қайта тасқа соғылып қалғанда уылдырығы ытқып-ытқып кетеді. Жақтарына минога жабысқан көп аналық осы арпалыста, не құламадан өте алмай, не теңізге қайтпай, өлім әлегінде қала барды.
Жүзуі өнімсіз, еріншек аталықтарға да минога көбірек жабысқан екен. Бұлар да сол алғашқы асудан аса алмай, әлекте қалып барады. Жорық үшін жалғыз қуаныш сол асуда минога бәлесінен айығып еді.
Көкқасқаның айналасы қылаңдап келіп қосылған ана балықтарға қайтадан тола бастады.
Жеткен шығармыз. Аялдайтын болармыз, дегілері келгендей, аналықтар ата балықтардың маңында сылаң қаға бастапты. Тасаға қарай кеткілері келеді.
Көкқасқа тағы да жарқылдай жүзіп, көштің арт жағын бір орап қайтты. Бірен-саран болмаса, құламадан атылып түсіп жатқан балық байқалмады. Әлі күнге түлеп алуды, ажарланып алуды ойламаған қырсау еркектердің көбі құламадан өте алмай кейін қайтқан сияқты. Олар көштің арт жағында еді. Жүзген түрлері құжың-құжың, қимылдары болымсыз болатын. Қазір ондайлар анда-санда ғана бір көрінеді.
Көкқасқа бұған ренжіген жоқ. Ағып келіп көштің алдын соза жөнелді. Әлгіде ғана кеудеден тіреп, қабырғадан қысқан су салмағы азайып, көш етек-жеңін жинап, оқтаудай жұмырланып алып жөнеп берді.
Екі күн, екі түн тынбай жосыған жорық әр жылда келіп, ұрық шашар өзеніне бұрылғанда таң жаңа ғана белдеулеп келе жатыр еді. Алда келе жатқан Көкқасқа атылып аспанға шығып, шолп етіп қайта суға түсіп, ойнақтап кетті. Кейде орғып ортаға кіріп, әлі қатарды бұзбай келе жатқан аналықтарға: жеттік, тоқтаймыз, шаруаға кірісе беріңдер! дегісі келгендей, көш тәртібін өзі бұзып жібереді. Жалғыз ол емес, енді барлық ата балықтар атылып-оршып су бетін астан-кестең етіп жүр.
Бұл бұрылғандары үлкен өзеннің бір тармағы саналатын асты құм-қайраң, суы онша терең емес, кіші өзендердің бірі еді. Ертелі-кеш қой отарлары болмаса, маңайында ел де жоқ, тұйық жатқан бір бұрыш, тыныштық өлкесі екен, жорық осы өзенге бұрылды да жайылып кетті. Бірақ жем іздеген, тыныштық іздеген бір аналық жоқ. Ағысқа қарсы тұра қалып, ұсақ тас араласқан қайран құмды қарындарымен ысырмалап, тостағандай-тостағандай шұңқыр жасай бастапты. Жолшыбай әр түрлі апатқа ұшырап, сонау суық теңізден бері қарай жосығандағы бар арман осы шұңқырларға ұрық төгу еді. Қазір мыңдаған аналықтар сол үрім-бұтақ ұяларын жасап жатыр. Құм-қайраңды қарынымен де ысырмалайды, қанаттарымен де қазғылайды. Аштық, тоқтық демалыс дегендерді түгел ұмытқан. Тырбанып жатыр, тырманып жатыр.
Көкқасқа сияқты ерен аталықтар да қолма-қол жұмысқа кірісіпті. Қарны шермеңдеген қай аналықтың жұмысы өнбей жатса, дереу соның ұясын жасасып, су табанын миллиондаған шұқырға айналдырып жіберді.
Шалдығып-шаршап, ашығып-арып келген балықтар өзен табанын екі күн, екі түн қазды. Біресе қазады, біресе аршиды. Ата балықтар содан кейін ғана шыдамсыздық көрсетіп аналықтарға сүйкене бастады.
Төк уылдырығыңды!
Сарғыш уылдырықтар шұңқырдың түбіне аспаннан түсе қалған жұлдыздай жарқырап төгіле бастады. Бұл сәтке дейін жорық тәртібін бұзбай келген ата балықтар енді түгел естен айрылғандай. Уылдырық үстіне уыздарын төгуге асығып таласып кетті. Қыран тұқымы аспанда, адам баласы жерде жасайтын қызыл-шеке қырғын таласты балық қауымы су астында өткізіп жатыр. Барлық ата балықтар бір сәтте мас болғандай еді. Көз көруден, құлақ естуден қалғандай, қырғын төбелес он күнге созылды. Шұңқырларға төгілген уылдырық бетін қаймақтай қою ақ уыз еркек дәні жауып болғанша қырғын төбелес тоқталған жоқ.
Ұрық шашудың алғашқы күндерінде бар тізгін көш бастаған, болашақ ұрпақ қамын ойлаған естияр да әлуетті Көкқасқалардың қолында еді. Бұлар төбелесе жүріп, уылдырыққа толы ұяларға кездескенде, бірін-бірі иықпен итермелеп тұрып, өз уыздарын ытқытып жіберетін. Өнер көрсететін, күшпен алатын. Күндер мен түндер өтіп, арыстан Көкқасқалар қалжыраған кезде тойдың қызығы құжың-құжың етіп, құлқын аңдығандардың қолында кетті. Олар қызу төбелеске жақындамай, шеттеп жүрген. Балуан Көкқасқалар арып-талған кезде бұлар уылдырық ұяларына жабыла тап береді. Төбелесті басқаларға беріп, қызықты бұлар көріп жүр. Әуелі алтындай жарқырап жатқан уылдырықты аузын толтыра бір асап жіберді де, қалғанының үстіне бойлары балқып бөксе жақтары бүлк-бүлк етіп, асып-саспай өз уыздарын төгеді. Тоқшылық та соларда, қызық та соларда. Бұларда төбелесейін деген, еркектік көрсетейін деген ой жоқ. Өзара құжың-құжың жымыңдасып, өзара түсінісіп, қырғын майдан үстінде де, ұрпақ қызығының үстінде де ылғи олжаға батып жүр. Бұлардың қылы қисаймаған. Өзге еркектер өлімші халіне жеткенде бұлар туралы «қырғын майдан үстінде қырттар семіреді» дегенді ғана айтуға болатын еді.
Ұрық түгел шашылып болып, шұңқырлардың беті құммен, ұсақ-ұсақ тастармен бүркеліп болған кезде ата балықтардың бәрі де сең соққандай құр сүлдер еді. Айға жақын аузын ашпаған, жем жемеген, күні-түні ұрпақ үшін тыным таппаған аталықтар қазір әбден жүдеген. Әсіресе, соңғы он күн бар қуатты сығып алғандай. Бұлар той үстіндегі таластарда да көп қырылып қалды. Қапыл-құпыл уызын төгіп тұрып, тіл тартпай кеткендері де көп. Көзі соқырайып, аузы ашылып кеткен ата балықтарды толқын айдап жағаға шығарып тастап жатыр. Бірақ миллиондаған ұрпақ бесігіне бөленді. Енді төрт-бес айда қылаң-қылаң етіп жүзе жөнеледі.
Бұл күндерде Көкқасқа да қатты жүдеген еді. Қазір ол өзен қабырғаларын сүзіп жем іздеп жүр. Көз оттары сөнген, жүзуі баяу. Сыртқы ажары да сынық. Аттаныс алдында солтүстік теңізінде бойында лапылдаған от қызуы бар еді. Қазір жылы өзенде жүріп, бойы қалтырап кетеді. Аузынан аз ғана жем өтсе болғаны қалғып кетеді.
Аз күндер ғана осындай мең-зең халде болды да Көкқасқа есін қайта жиып алды. Бұл өзенде осынша көп қауымды асырайтын азық-түлік жоғын ол бұрын білетін, қазір де көріп жүр. Теңіздің балдырлы-балқашты шалаңына қайтпаса, ашыққан балықтар шашылған ұрықты өздері қазып алып жейді. Бұл оның талай бастан кешкен қасіреті. Іші олқы түсіп қалған аналықтар қазірдің өзінде тойына алмай жүр.
Осыны сезінген Көкқасқа келер күні кешке жақын тағы да көсілтіп жүзіп кетіп еді. Бұл жолы ол жорық әніне басқан жоқ, жем іздеу сарынына салыпты. «Жем таптым!» дегендей аңғарын байқатады. Ашыққан балықтар оның бұл сазына да түсіне қалыпты. Өзен бойын өрлей жайылған Азат-мая нәсілдес балықтар оңай ойысып, Көкқасқаның соңына ере бастады. Қазіргі қауыммен ұрпақ алдындағы парыз-қарызын тағы бір рет өтеп тастаған ата балықтар Көкқасқаның нені меңзеп жүргенін оңай аңғарып еді. Олар да көштің бетін теңізге қарай бұрыса берді.
Жарық айдың көгілдір сәулесі өзен бетін бұйралап қояды. Кейде теңізге қарай жосыған балықтар да жарқ етіп қалады. Бері келерде балықтар ағысқа қарсы жүзіп еді, қайтарда ағын бұларды өзі айдап әкеле жатыр. Арт жақты орап қайтқан бірен-саран аталықтар болмаса, көш ылғи төмен ағып, оңай жүйткіп барады.
Көкқасқа ұзақ көшті сонау бір құламадан асырып салды да кейін оралды. Әр шұңқырда ата-анасыз қалған миллиондаған жас ұрпақты қорғап-қоршап өсіріп, өндіріп теңізге алып қайту үшін қалды.
Әлдебір балықшының қармағына өзі ілігіп қалмаса, сол ұрпақты бастап өмірі бай, терең теңізге ораларын Көкқасқа қалтқысыз сезінетін сияқты.
Азамат
Ғабит Мүсіреповтың Өмір жорығы атты туындысы ұнады