Ахметкәрім Ахмадиев – Ұлы Отан соғысына қатысып, бейбіт заманда да ел игілігі үшін еңбек еткен ардақты тұлғалардың бірі. Оның майдандағы ерлігі мен ел ішіндегі қызметі кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымға толы.
Ахметкәрім Ахмадиев 1925 жылы 12 тамызда Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы Самар ауданына қарасты Саршоқы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол себепті ол ерте есейіп, жастайынан еңбекке араласты. 1939 жылы жеті жылдық мектепті аяқтағаннан кейін колхозда жұмыс істеп, еңбек жолын бастайды. 1943 жылғы 2 ақпанда Ахметкәрім Ахмадиев әскер қатарына шақырылып, Забайкалье майданына жіберіледі. Ол соғыс жылдарында әскери борышын абыроймен атқарып, Жапонияға қарсы майдан шебінде қызмет етеді. Майдандағы табандылығы мен тәртібі оны кіші лейтенант шеніне дейін көтерді. Ерлігі мен адал қызметі үшін «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған.
Соғыстан кейін ол туған жеріне оралып, ел еңсесін көтеруге белсене кірісті. Ахметкәрім Ахмадиев бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. 1960 жылдың желтоқсанында жаңадан құрылған «Калгутинский» совхозының директоры болып тағайындалып, бұл қызметті ұзақ жыл атқарды. Осы кезеңде шаруашылықты нығайтуға, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосты. Оның бастамасымен ауылдағы маңызды әлеуметтік мәселелер көтеріліп, соның ішінде Қаратоғай ауылында жаңа мектеп салу ісіне де ықпал еткені айтылады.
Ахметкәрім Ахмадиев ел ішінде сыйлы азамат болды. Оның еңбегі еленіп, 2007 жылы Күршім ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Ардагерге көрсетілген құрмет оның тек майдан даласында ғана емес, бейбіт өмірде де халық үшін аянбай еңбек еткенін аңғартады. 2020 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында оған аудан әкімдігі арнайы құрмет көрсетіп, шаңырағына барып сый-құрмет жасаған.
Отбасылық өмірінде де ол өнегелі әке, асыл жар бола білді. Жұбайымен бірге бірнеше бала тәрбиелеп өсіріп, артында ұрпақ өрбітті. Өмірінің соңғы жылдарына дейін сергек қалпын сақтап, кітап оқып, ой толғап, кейінгі буынға рухани із қалдырған жан ретінде есте қалды. Бұл туралы оның жақындары мен жерлестері де жылы естеліктер айтады. Ахметкәрім Ахмадиев 2022 жылы дүниеден өтті. Оның майдандағы батылдығы мен бейбіт өмірдегі еңбегі – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым. Осындай ардагерлердің өмір жолы тарихты құрметтеуге, елге адал қызмет етуге және Отан алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйретеді.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Ербол Зейнеп
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі