Тау төбесіндегі Егізкөлде не болып жатқаны белгісіз еді. Жер сілкінген жоқ. Аспан ашық, күн төбеде қайнап тұр.
Дем алуға Егізкөлге қарай өткендердің аяғы сирегелі де көп болған жоқ. Бірен-саран машина солай қарай әлі де өтіп жатыр. Алайда жер табаны әлдеқандай бір дүмпу барын сездіргендей болады. Қарға мен сауысқан бажылдап-шарылдап тыным таппай жүр. Тау төбесінен көтеріле көшіп, етек таулардың үстінде жосып жүр.
У-шу болып ойнаған жас балалармен әуреленіп жүріп, Әмина ешнәрсені абайлаған жоқ. Бір бала қатты секіріп түскеніне мәз болып күлсе, тәрбиеші ана да езу тарту керек. Бір баланың сандалына ұсақ тас түсіп кетіп, қыңқ етіп қалса, ана да ауырсынып, қабақ шыту керек. Көбелек ұстатпай кетсе оған да ұрсу керек.
Балажан Әмина әр күнді осылай өткізеді. Таңы тез атады. Күні тез батады. Әрбір ертеңгі күнге балалар үшін жаңа қызықтар іздейді. Ертегілер, ойындар, Маршак, Чуковский...
Балалармен, ойынмен өтер күн қырық екі баланың анасы Әминаға қызық күн болып өтеді, бірақ оңай күн болып өткен емес.
Бүгін күн жексенбі, ең қызық өткізетін күн. Өзге күндерде жұмыстан қалжырап жүргендей, балалар кеше жатарда-ақ:
— Ертең демалыс қой!
— Әмина апай, ертең не көрсетесің? Қызық бола ма? — деп у-шу болған.
Жарқын жүзді, жайдары мінезді, балажан Әмина балалар үшін өз шешелерін ұмыттырғандай шеше еді.
Мейірімді шеше, сергек шеше, сенімді шеше. Қай баланың аяғына қай күні қандай шөгір кіргенін білетін шеше балаларға оның жымиғаны да қуаныш, арқасынан қап-қаны да қуаныш, болмашы бірдемені айтқаны да қуаныш.
Бұл әлі мектеп жасына жетпеген жас балалар үйі. Аудан орталығынан алысырақ. Егізкөлден сарқырап құлап жататын құлама судың барқынына салынған әдемі көк үй. Үйді айнала салынған жемісті бақшада сырғадай салбырап күрең шиелер өсіп тұр. Алмалар әлі көк, қыз бетіндей де қызарған жоқ. Осы бақшада қырық екі жас бала ойнап жүр.
Егізкөл жақтан бірінші гуіл естілді. Тау аңғарынан еспе жел келе жатыр ма деп Әмина жан-жағына қаранып еді, қылаң еткен бір жапырақ жоқ екен. Иық тірескен түкті қоңыр таулар тағы күмп етті. Бұл жолы жаңағы гуіл қоюланып келіп жарылып кеткен сияқтанды. Терең теңіздің тас жағасын ақжал толқын соғып жібергендей бақша дір етіп қалды. Шие сырғалар мөлтілдесіп кетті.
Балалар қалшиып тұра қалыпты. Үріккен қозы-лақтай үрпиісіп тұр.
— Апа!
— Әмина апа! Біз қорқып кеттік!..
Әмина үлкен бір қатер таянғанын сезінсе де оның не екенін абайлауға мойын бұрмай балаларға қарай жүгірді.
— Қорықпаңдар, ештеңе емес, қорықпаңдар!..
Екі тау иығымен соқтығысып бірін-бірі орнынан қозғай алмай шіренісіп тұрып қалған сияқты. Егізкөлдің бергісі кішірек болушы еді, соның бар суы лықсып келіп, тас кемерінен бір-ақ ырғып түсті. Лақ етіп ақтарылды. Сарқырап жататын құлама суды көміп жіберді. Үйдей тастар гүрсілдетіп домалап келеді. Терең сайдың екі жақ ернеуін су кернеп, кеміріп-кеңейтіп келеді. Тау төбесінен құлап түскен құж тастар шошынып үріккен тау өгіздей жосып, ақтарылған судың алдында келе жатыр. Жойқын су кейде ондаған тауөгізді жұтып жібереді. Ұзамай ондаған тауөгіз судан шыға келіп, тағы да ілгері домалайды.
— Не қылып тұрсың, ей! Қашсаңшы! — деген дауысқа Әмина жалт бұрылып еді, асханадағы бір еркек, екі әйел аспазшылар қашып барады екен. Бірінің қолында ожау, бірінің қолында күріш елегі, енді бірінің қолында қойдың саны.
Асхана суға жақынырақ ойпаңда болатын еді, су келіп қалған екен. Адамдары қашып барады. Балаларға мойын бұрар емес. Ақ халаттары делбегейленіп лезде жоқ болды.
Балапандарын соңына ертіп көлден қайтқан қазға ұсап, балаларын шұбыртып ертіп Әмина үлкен жолға қарай жөнелді. Сайды толтырып қыранға жайыла бастаған су балалар үйінің іргесіне дейін жылысып келіп қалыпты.
Егізкөл жолымен ұшыртып, ағызып екі жеңіл машина келе жатыр. Әмина балаларды жолдың құламасына иіріп қойып, өзі асфальт-жолдың қырқасына шығып, қолын көтерді. Машиналар құйындай жүйткіп ете шықты. Екеуінде де шофердан басқа адам жоқ.
— Иелері қайда қалды екен? — деп ойлады Әмина.
Арт жағы анда-санда тарс етіп қалып газик келе жатыр. Әмина оған да қолын көтерді. Саналы адам болу керек, тоқтай қалды да:
— Мира! Бері кел! Мира! — деді.
Шашы желкілдеген кішкене қыз әкесіне қарай жүгірді. Әкесі қызын көтеріп алып, машинаға қайта отырғыза бергенде Әмина оған:
— Машинаңыз бос көрінеді, он шақты баланы ала кетіңізші! — деді.
— Біздің үй суға кетіп жатыр! Асығыспын! Қазір осы жолмен біздің жүк машина өтеді. Номері он тоғыз қырық мен лұқсат етті де! — Газик жылжып кетті.
Енді машиналар топталып өте бастады. Әмина бәріне де қол көтерді. Ешкім тоқтамайды. Стол, орындықтар тиеп алған, үйіліп, төгіліп балалар мінген жүк машиналары өтіп жатыр. Женіл машиналардың көбі бос, бірақ ешкім тоқтаған жоқ, тоқтар емес, мойын бұрар емес. Үрейленіп, ұшып барады Ақи көзденіп кеткен.
Су лықсып келіп, жолдың екі жағындағы құламасына жетіп қалды. Ойпаттау жерде асфальт жолын белінен басып өтіп, әрі қарай ақтарылып жатыр. Мұндай жерлерге толқын пайда болды, ағын пайда болды. Әмина балаларын дөңестеу жерге әкеліп, жолдың қырқа жиегіне шығарып қуыршақтай тізіп қойды. Өтіп бара жатқан машиналарға Әмина да қол көтерді, у-шу болып балалар да қол көтерді, ешкім тоқтамайды. Ақиланып, үрейленіп өте береді.
Үш жүк машинасы құйрық тістесіп ағып келеді. Әмина екі қолын бірдей көтеріп жолдың қақ ортасына барып тұрды. Машиналар өкіріп-бақырып: — Жолдан кет! — дейді. Әмина қозғалар емес. Машиналар да өкіре түсті. Әмина да қатып қалды. Аралары жиырма метрдей жақындағанда Әмина жолға көлденең құлады да көзін жұмды. Алдыңғы машина өкіріп-бақырған бойы тізгінін тартқаны сезіледі. Бірақ жыланның қыр арқасындай көп өрнекті резеңке доңғалақ «Ал бастым! Ал бастым!» — деп жақындай берді. Әминаның мұрнына күйген резеңкенің ыстық иісі келді. Қозғалған жоқ!
— Сволочь! — деді шофер машинадан басын шығарып. Балалар шулап келіп, Әмина апасын құшақтап, құлап жатыр. Шофердің көзі бадырайып, есі шығып кеткен.
— Жә, бол, жылдам тұр! — дегенде шофердің екі көзінен жас барлап кеткен екен. Сақылдап-қарқылдап жынданған адамша күледі.
Балалар машинаға тиеліп, аман-есен аудан орталығына жетті...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі