Арқаңнан бұлай түйіп жібергенді білген емеспін. Басым қайқайып барып өкшеме тиді білем. Доғадай иіліп қалдым. Егер азды-көпті спортсмен болмасам, не мойным үзіліп кететін еді, не болмаса — белім.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын өзім де талай баланы түйіп қалған болуым керек. Өз сыбағамды да алатынмын. Ал, мына түйіс оқып та орасан екен. Машинаға тиелген кранның тұмсығы түйіп жіберді ме екен деп едім. Егер мен емес бір мосқалдау адам болса, әсіресе, не әйел, не бір жас бала болса, мойны үзіліп, басы көшемен домалап бара жатар еді.
Мүмкін, бүгін талай бастар домалаған да болу керек...
Басым кілт қайқайып шалқалай бергенде түйіп жібергенді көріп қалғым келіп, арт жағымды шолып үлгірдім. Ешкім жоқ, ешнәрсе жоқ. Бұл қас қаққанша дерлік, көз ілеспес сәтте болған оқиға. Бірақ, адам ойы одан шабан емес екен, мен де біраз нәрсені аңғарып қалдым. Арт жағым нық тірескен биік тас үйлер еді. Ұшып кеткендей біреуі қалмапты. Орындары қара тақтадай. Үлкен өрттерден, қаланың опар-топарын шығаратын жер сілкіністерінен, қара күйік үй қабырғалары, сорайған тұрба, шаң басқан ағаштар, құлаған үйлердің үйіндісі сияқты апат белгілері қалушы еді ғой, бұл жолы келген апат ешнәрсе қалдырмаған, жалап кетіпті. Айналаң тып-типыл... Әшейінде биік үйлердің тасасынан көріне бермейтін жүндес таулар өркеш-өркеш болып, ап-айқын көзіме шалынды. Таулар орнында екен.
Аспаннан қат-қабаттасып қалықтап мен көріп-білмеген жалпақ тақталар қулап келеді. Жүздеген үйлердің төбелері дүр етіп бірден аспанға ұшып, енді жерге қайта құлап келе жатқандай. Әлденелер аспанда әлі қалықтап жүр.
Жалпақ тақталардың ара-арасында құлап келе жатқан адам денелері танылады. Олар да үй төбелерімен бірге ұшып кетіп, аспанда ажырасып, ауыр-жеңілге бөлініп, бөлек-бөлек құлай келеді. Кейбіреуінің құлашы керіліп кіреске ұқсайды. Енді біразын адамға тән дене белгілерінен танырлық. Тағы біраз адам аспанға енді көтеріліп барады.
Мен бұл апатты доғадай иіліп тұрып көрдім. Басымды көтере беріп көрдім, тұра беріп көрдім, құлай беріп көрдім. Ес пен сезімнің апар-топар кезінде көрдім. Ақты қарадай, қараны ақтай сезінген кезінде көрдім. Қасыма түскен қара тас шоқтай қып-қызыл жанып жатқан кезінде көрдім. Әр жағы қараңғылық, әр жағы меңіреулік... тылсым...
Биік тас үйлері иық тірескен кварталдарды мен жаңа ғана көлденең кесіп өткенмін. Қаланың тар көшелі, бір қабат үйлі шет жағына жеткенім осы. Жапон қалаларының бір қабат үйлі шет жақтары адам тұруға әрі жайлы, әрі көркем келеді. Бұл бабалардың бабасы мен әжелердің әжесінің қолы тиген үйлер. Мұндай үйлердің ауласындағы әрбір бұршақтай тасты адам қолы ойып орнатқан. Әр үйдің шағын-шағын ауласынан жапон географиясының бір алқабын көргендей боласын. Кішкене-кішкене таулар, кішкенелігіне қарамай тауға ұқсайды. Алақандай ғана көлдер көлге ұқсайды... Өзендер, көпірлер. Аласа-аласа шие ағаштары, тырбық қарағайлар, шатыр жапырақты ағаштар. Хризантема гүлдері. Түкті кілемдей көк алаң... Соғыс кезеңі қанша қыспаққа алса да жапон әйелі бұл ауласына шаң жұқтырмай, күтімді ұстайтын.
Жапонның музыкасы да, әлемге таныс сурет өнері де өзінің жаратылыс табиғатынан көшіріп алғандай. Сондықтан болу керек, жапон баласы бір бұтаны сындырмайды, жапон көгалдарын адам аяғы таптамайды.
Алдыңғы жағымнан жапонның мұңды бір музыкасы естіледі. Абыройсыз соғысты басынан кешірген жапон бұқарасы бұл кезде ылғи мұңды музыканы ойнайтын. Күн ыстық, музыка үні әлдекімнің ауласынан келеді. Мені тап осы секундта арқамнан түйіп жіберді. Бір қабат үйлі кварталдың не болғанын мен андай алғаным жоқ. Бұл кезде менің миым асты үстіне келіп қайнап кеткен...
Ояндым ба, есімді жидым ба, қай жерде, қандай күйде есімді жидым, оны мен осы күнге дейін білмеймін.
Ораулы, таңулы күйімде жата беріппін. Мен өзімше, бірер күн ессіз болған сияқтанамын. Бірақ Америка институтының адамдары, әсіресе бір соғыс докторы маған екі ай бойы ұрысып жүріпті.
— Не деген қырсық адам, арқасының қалай күйгенін, бомба жарылған эпицентрден қанша жерде күйгенін неге тезірек айтпайды!? Соғыс ғылымы үшін оның қандай маңызы барлығын түсінбей ме екен! Жоқ, ол жақсы түсінеді. Қасақана айтпайды. Намыстанған болады, қорланған болады!.. Елің жеңіліп, тізе бүгіп, бас иген шақта мұныкі қай қорлану екен? Елін бас иді, ақымақ жапон, императорың бас иді, күнің бас иді!..
Бұл кезде менің ойыма қорлану келген жоқ-ты. Кейін келді. Арқа күйігінің уыты бәсеңдей берген кезде келді. Мүмкін, арқа күйігінен қорлану күйігі уыттырақ болған шығар, бірақ, кейін келді. Америка докторы маған бекер ұрсыпты... Бекер ренжіпті:
Мен ол кезде неден таңулы жатқанымды да білген емеспін. Айлар бойында ойымда жалғыз-ақ елес жатты. Ол әлгі арқамнан түйіп жібергенде көргендерім. Соның өзі немене? Мен оны да түсіне алған жоқпын. Кейін түсіндім...
Есім кіргеннен кейін ақ халат киген доктордан неге жатқанымды сұрадым.
— Арқаң Жапонияның географиялық картасындай — деді ол. — Оң жақ жауырынына Хоккайдо аралын салыпты... Ұлы Хонсю түгелімен оң жақ жоныңда... Мықынында Симоносеки қылтасы... Саныңда Кюсю... Құдайға шүкірлік ет. Осынын бәрі сол жағында болса, оянуың қиын болатын еді...
Мен мұны неше айдан кейін сұрадым, оны да білмеймін. Талай күндер әлденені сұрағым келіп, сұрауға тілім келмей жатқаны есімде.
Келер бір жолы доктор менің арқамды мақтаңқырай суреттеді: — Арқаң енді айта қалғандай!.. Бедерлі де бұдырлы... Фудзиама тауы да, Асахи тауы да бар. Тюгоку, Кюсю жоталары да бар. Хиросима, Нагасаки қалалары да өз орындарында... Соғыс уақытында шыққан бедерлі карталардың ішінде бұдан әдемісі аз болар...
— Доктор, осының бәрі неден болған өзі? Соны түсіндіріңізші! — дедім.
Доктордың көзілдірігі жарылып кете жаздады. Шатынап бара жатқандай көрінді. Жапон үлкен көзді ел емес. Ойлы көзді, азғана мұңды көзді ел. Маған қалжың айтып жүрген доктордың көзіне едәуір кек қорланған екен, көзілдірігін жарып жібере жаздады.
— Танека Урико! — деп, есікке қарай тез бұрылып кетті. — Осы күнге дейін айтпап па едіңіз?
Орта жасты әйел Урико-Сан келді:
— Айтып көріп едім. Ұғына алмап еді.
Ие, ұғына алмағаным рас еді. Екі үлкен қаланың қақ жарты халқы қас қаққанша қырылып қалды, жоқ болып кетті деген кезде миым тағы да қайнап жүре берген. Енді аңдасам одан бері де он күн өткен екен.
Доктор азғана басын шайқап қасыма келіп отырды да:
— Сіз енді еркекке лайық шыдаммен тыңдаңыз. Біздің екі қалаға американецтар атом бомбасын тастаған, — деп бір тоқтады. — Неге? Шыдаммен тыңдаңыз демедім бе? Тәжірибе жасаған көрінеді. Алғашқысы — тәжірибе, екіншісі — тәжірибенің дұрыс екендігін біржола анықтау... Ә? Ол туралы екі түрлі жорамал бар. Жапония жеңіліп тізе бүксе де оның аржағында біржола бұқтырып тастау болса керек... Одан соң одақтастарының өзін де ықтырып алу... Соғыс арты қашан да бірдемені бөлісу, соғыс атын әрірек апарып арқандаумен аяқталатын әдеті бар емес пе... Жұрт аузындағы жорамалдар осы. Енді дем ал. Жат...
— Менің шешем бар еді, қарындасым бар еді... Солармен хабарласуға болар ма екен?
— Фамилияң кім?.. Қай көшеде тұрушы едіңдер?
— «Жазғы таң» кварталында...
— Ол квартал қазір жоқ, күнім...
— Шешем орталық бақшада қызмет ететін еді...
— Орталық бақшаның орны ғана бар, күнім... Ал енді демал, үн шығарма...
Доктор дұрыс айтыпты, үн шығармау керек екен... Қорланған ел аяншақтап, қайғы сарынын қорек етіп отыра берсе, сары ауру болудан басқа не шығады дейсің!..
Содан бері, міне жиырма жыл өтті. Мен ауруханаға он алты рет жатып шықтым. Арқамды он алты рет жаматтым. Бір елдің бедерлі географиясын арқалап жүре беру ауыр болды. Жапон географиясының бір беті ұлы Мұхит теңізі, бір беті Жапон теңізі ғой. Сол теңіздер сияқты, менің денемде де сау жер қалыпты. Содан тілдіріп алам да жаматам, тілдіріп алам да жаматам... Терісін тіліп алған жерлерде жаңа жаралар пайда болады...
Қазір мен ақ қанды адаммын. Қызыл қан азая-азая сарқылып келеді. Жиырма жыл жасау үшін де аз арпалысқаным жоқ. Әлі де алысып көремін...
Жасым әлі қырыққа жеткен жоқ. Кейде үйленгім келеді. Кімге үйленемін? Екі ақ қанды қосылсақ, нәсіл не болмақ? Қиқы-шойқы, шалажансар бір мүгедек туып жүрсе қайтерміз?
Тегінде, доктор дұрыс айтқан болар. Еркекше шыдау керек болатын шығар...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі