Өлең, жыр, ақындар

Ойбай, нобай! О, Тоба-ай!..

НЕМЕСЕ СҰЛТАНПҰЛ НАЗБАНБАЕВТЫҢ «НАЗЫ»

ҰЙҚЫМ ҚАНБАЙ ЖҮР

О, түбі жоқ Аспан, домаланған Жер! Екеуіңнің қайсыңа сырымды сарқа арыз айтсам екен?! Қайсың жадыратып жауап бересің? Әлде біздің жоғары-төмен билік-силіктегі шенеунік-менеуніктерше жауап қайтармай қаңғып жүресіңдер ме?.. Не деді?.. Қайсысы?.. «Шағымыңды шайқай бермей, әуелі айтып байқа» деді, ей?!. Е, айтпағанда ше?!. Айтқанда мен айтайын, ал тыңдаңдар:

Басыма бақ, астыма тақ берген кешегі анау кеңес өкіметі кезінде әр аптаның бес күнінде сегіз сағаттан қызмет істеп сілем қатса да, ұйқым тәтті болды. Азаннан ақшамға дейін бес уақыт намаздың орнына бес рет тамақ ішіп аламын да, ұйықтай саламын. Ұйықтау дегенің бұ жарық дүниеде қарының сықа толғаннан кейінгі екінші рахатизм қой! Тыңқиып жатып түс көргенді айтсаңшы, шіркі-і-ін!.. Мен өзім, жасыратын не бар, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін түсімде көбінесе қыз-қырқынды көріп жүрдім. Қай ғұлама екені есімде жоқ, әйтеуір, шет елдердің бірінікі, біздердікіне ондайды айту қайда, сол данышпан айтқан екен, өңіңде не істесең, түсіңе сол енеді деп. Тұп-тура ғой, тұп-тура! Мен сенбі, жексенбі күндері әйеліме жоқ сылтауды құшақтатып, жылыстап кететінмін де, сұлулардың ізіне түсетінмін. Однако тәуелсіздіктің де обалы кәні, қазірде де сөйтіп жүрмін. Бүгінде, өздерің білесіңдер, керек еткен кісіге сылтау нөпір ғой. Советский сегізсағаттық жұмысы бар кеңсе жоқтың қасы. Төңірегің толы — тәуелсіздік, еще шетелдік компания. Екеуі де керек — еркің. Ал мен алыс-жақындағыны алас-күлес жекешелендіруге еркіндік басталысымен бұрын өзім он бір жыл директоры болған зауыттың кіріс-шығысындағы тиын-тебенді тентіретпей басып қалдым. Рас, ондай күрделі операцияны, кім болсаң да, жалғыз өзің қатырып істей алмайсың, сондықтан мен де оның үштен бірін бұрынғы партком, кәсіподақ, бухгалтерия жақтағы үш сы-сыма... сы-сырласыма бөліп бердім. Өз үлесім өзімнің жекеменшік сауда-саттық компаниямды ашып алуыма әбден жетіп жатты және қалған копейкасына «Құрбанкті» сатып ала салдым. Өй, рахаттың рахаты болды- ау! Кеңсемде бір сағат отырамын ба, бес минөт отырамын ба, тіпті төбемді көрсетпей-ақ қоямын ба, — оны түгендеуге ешкімнің құқығы жоқ. Себебі мен — президентпін. Өзімнің компаниямның президенті өзіммін. Әзірше, Кейін жоғары жақты да көрерміз. Жұмысым жүріп жатыр, кірісім кіріп жатыр. Атқарушы директорым — Ди деген кәріс жігіт. Таңдап тауып алғанмын. Пысықтың көкесі. Жердің жыртығын жамағанды қойып, аспанның тесігін бітей алар мәстірдің нақ өзі! О, айналайын Аспан, садағаң болайын Жер! Мынау сөзді аңдамай айтып қалғаныма ренжімегейсіңдер! Сендерде жыртық-тесік жоғын жақсы білем ғой... Екеуіңе жалбарынып отырып... байқаусызда, аңдамай... шаршаған соң... ұйқысы қанбаған кісі шаршамай қайтеді. Екеуіңе соны сыр етіп, жыр етіп айтпақ едім ғой. Енді көп созбайын, айтып берейін.

Түсіме бұрынғы қыз-қырқындарым сәпсем енбегелі екінші ай. Жылыстап кетуім жиілей түссе де, шетелдік данышпандар да шатысады екен, күндіз көргенім түнде түсіме жоламайтын болды. Ол реформа, егер мен де шатыспасам, осыдан екі жыл бұрын басталды. Біртүрлі. Түсіме түрлі-түрлі орден-медаль, силық кіреді. Арғысы: Америка, Азия, Африканікі, бергісі: Еуропанікі дегендей. Кіреді де, шықпай қояды. Шала ұйқымнан оянғандай болғанымша шықпайды, не істейсің?!. Талтақтап тұрып киінгенімше омырауымды, ал киінген соң қалтамды сипалай беретін болдым.

Әрине, құр сипалап жүре бермедім. Тірі емеспін бе?!. Компаниям да қампайып барады. Желім оңынан соғып, Диім маған Мешокович деген менеджер тауып берді. «Менеджер», меніңше, қазақтың «мына жер» дегені. Мешокович қышыған жерімді «ана жерім, мына жерім» дегізбей тура табатын болды. Өзіміздің нелерімізді кімге, қашан, қаншадан сатуды, олардың нелерін қашан, қаншадан алуымызды арифметиканың алу-қосу амалымен-ақ шешіп тастай береді. Іштен оқып туған ғой. Басқалармен айқыш-ұйқыш байланысты оп-оңай орнатты да тастады. Израильдің «Өлі теңіз» компаниясымен шап-шұп шарт жасасып, біз оларға маралдың мүйізін сатып жүрміз, олар бізге атақты көлінің он үш түрлі ауруға шипа болатын батпағын сатып келеді.

Мен өз компанияма «Барыс — Табыс» деп ат қойып, өзімнің сызу-жобаммен «Барыс — Profit» деген медальді таза қоладан құйдырғанмын. Жер-көкті ағылшын тілі жайлап алды емес пе, енді он шақты жылдан кейін қазақ та ағылшынсыз өмір сүре алмас деп болжап, «табыс» деген сөзімді әдейі ағылшын тілінде жаздырдым. Сөйтіп, мен еврей компаниясының президентін өзімнің сол медаліммен марапаттап едім, ол мені өзінің, қазақшаға қотарып айтқанда, «Біздің теңіз» медалімен марапаттады. Содан соң біз Францияның шампан зауытымен байланысты бастадық. Оларға бал беріп, олардан шампан алып жүрміз. Мен олардың президентін де өзімнің медаліммен нарградтап едім, ол менің омырауыма «А ля шампань се ля ви» деген медалін тақты.

Адам да, хайуан да тайраңдауды тәй-тәйләудан бастайды, біз де сөйттік. Ди, Мешокович, Шотка, Ибштейн, Кинь, Михи, Кулиб сияқты тарландарым есеп-қисапсыз күш жұмсап, тәй-тәйдан тез өтіп, тайраңдауға кірісіп кеттік. Өзіміздей отыз жеті компаниямен шише тоқылып, нағашы-жиенше тоқайластық. Менің өнбойыма сән беріп жүрген отыз жеті медаль — соның тарихи куәсі. Е, ол ғана ма, шет жұрттардан мына атаған өкілдерім арқылы айырбасқа алдырған құрмет грамотасы, құттықтау- мақтау хат және жүзік, бөрік, кездік, таяқ, тәспих, сағат, фотоаппарат, күлсалғыш, компьютер, қалтателефон дегендерің коттеджіме симай барады, сірә, мұрағатжай салдырып, сонда сақтамасам болмас. Алайда, жаңа айтқанымдай, менің ұйқымды екі ай бойы қандырмай жүрген проблема бұлар емес. Ол... мына қызықты қара... қызық па, қырсық... жо-жоқ, қырсық емес, оның беті ары, ол емес... бейнет шығар, иә, не қызық, не бейнет, екеуінің біреуі. Әуелі бейнет, ал қызық одан кейін. Бейнет, тіпті қатты болса, қалтамды сынап көрер. Мейлі.

Айтайын дегенім: Шоция деген елде жер бетіндегі қайраткерлерге екі жылда бір рет қос жұдырықтай алтын силық беретін халықаралық комиссия бар дегенді естідім де, бір күні Мешокович пен Шотканы солай қарай жорғалатып жібердім. Олар барлап келіп, баяндап берді. Менің қалқаң құлағым дұрыс қаққан екен, Шоция да, силығы да, силығының Нобай деген алтын медәлі де бар болып шықты. «Нобайы» не деген сөз екенін екі досым біле салмапты. Әлде, орыстың «новыйы» ма? Бірақ Шоция орыстың елі емес қой, Ресей қайда, ол қайда?!. Әлде біздің «нобай» деген... кім білсін. Бұйырса, оны кейін анықтармын.

Обшым, ол Шоцияң сықпыты біздің облыстай ғана ел дейді. Мешоковичтің есептеуіне қарағанда, оны тотитып толайым сатып алуға менің екі-ақ қалтам жететін сияқты. Әне, ұйқымның қанбайтыны соны білген күні басталды ғой. Өй, қос жұдырықтай алтыны бар болсын, онысын комиссияның төрағасына силай саламын, маған медәлі керек, медәлі! Шотканың мәлімдеуінше, ол медәлді омырауының оң жағына таққан қайраткерге, мысалы: ауру-сырқау, өсек-аяң, пәле-жала жоламайды екен. Бұрын одан-бұдан артық-ауыс алып, ішіп-жеп қойғаның бойыңа жұғып, өзіңнің есіңнен де, өзгенің де есінен шығып кетеді екен. Сөйткен соң адамның тұлабойы балқып, жаңарып, жасарып, кемінде жүз жасайтын көрінеді. Менің кемінде жүз жасағым келеді! «Ойбай, бұл Сұлтанпұл Назбанбаев — желіккен жемқор! Ол — дәніккен корруционер!» деп аттандап жүргендерді шаңыма қақалтып, орта жолда омалтып кетсем деймін!

Сол медәлді алсам, бәлем, мені өзеурей өсектеп жүргендер естерінен айрылар еді. Бірі: «Назбанбаевтың Қырымда төрт қабатты коттеджі бар!» деп, бірі: «Назбанбаевтың Қапқазда бір үйі, бір мейрамханасы бар!» деп; бірі: «Ойбай, Сұлтанпұлдың Түркияда вилласы бар екен!» деп; тағы бірі: «Назбанбаев Мәскеудің ең үлкен банкіне біржарым миллион доллар салып қойыпты, сонша ақша әкесінен қалып па?!» деп, өй, жұртты жұлқындырып жүрген сволыштарға сауап болар еді! Менде солардың не шаруасы бар, ей, ә?!. Әй, айтқандарыңның бәрі бар менде, бар, ал, не істейсіңдер?! Жәкем мен Сәкем аман-есенде мені ешбір жау ала алмайтынына көздерің жетіп жүріп, ақымақ қазақтар, ауыздарыңды жаппайсыңдар. Тоқтай тұрыңдар! Мен Нобайдың медәлін алып алайын, содан кейін Франциядағы анау атақты мұнараның жанына мейманхана, Американың теңіз жағасындағы анау әйел ескерткіші жанына бес жүз мәшін сиятын гараж салдырып, Канаданың оңтайлы жеріне жылқы фермасын орналастырып, Алманияда қымызхана ашамын! Вот, сендермен, қазақтар, сонда, ұйқым қанатын болған соң, сөйлесемін, егер сөйлескім келсе!..

О, түбі жоқ Аспан, домаланған Жер! Қайдасыңдар?!.

2009-жыл.

АЛДАҒЫ ЖЫЛДА АЛМАЙ ОҢБАЙМЫН!

О, түбі жоқ Аспан, домаланған жер! Бір сырымды екеуіңе құлай сеніп, құпияламай-ақ айтып едім, «Ұйқым қанбай жүр» деп, — сендер енесінен адасып қалдыңдар ма, — хабар-ошар болмады ғой?!. «Маған Нобайдың алтын медәлі керек!» дедім. Екеуіңе де, Мәкем мен Сәкеме де сендім. Алайда... и-и-ә-ә-ә, қалайда сендерден қайыр неғайбыл екенін сезген сияқтанып едім, соным көрегендік болғанын қарашы! Өзіме ғана сенгенімді есіме түсіріп отырмын. Өзіме сену өзімнің ішкі шаруам еді. Солай болған соң қазына қамбамның қалыңдығы жыртақарыс болат есігінің жартысын ашып, алты қап алтынды Ыдыр мен Қоқайға, Сыдырқұл мен Олпұлға, Мүтәик мен Сүтбайға құшақтатып, алты «Боингке» отырғызып, Вашингтон мен Нью-Йоркке, Лондон мен Парижге, Шоция мен Тель-авивке құстай ұшырдым. Бәріне тастемірдей етіп бір-ақ тапсырма бердім, ол — сол жақтарда мысықтабандап жүрген мешоковичтеріме қосыла күндіз-түні жан алып, жан беріп, Нобайдың бетін бері, маған қаратып, медәлін алып келу! «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген... но мынадай бір мәтел бар (ойлап шығарған — мен!): «Заманына қарай мәтелі, велесепетіне қарай педәлі» деген. Солай болып шықты.

Менің арнаулы өкілдерім, кәнешно, әдейілеп барған соң аянған жоқ. Нобайға апарар жолды, медәлін әперер қолды іздеп, ұйқы мен күлкіні қайтар жолдарына қалдырып, иттей арсалаңдап аласұрды. Ығынан Нобайдың исі шығатындардың қалталарын кірпік қақпай аңдып, қайткенде толтыруды (неменемен екенін өздеріңіз нобайлап отырсыздар) ойсырамай ойлап, сәті түсе қалғанда қолдарынан сүйіп, мен үшін жанып-күйіп жүрді. Ол жақтағылардың қалталары біздің қалтамен салыстыруға татымайды екен: әрі аузы тар, әрі түбі таяз екен. Сүтбай жіңішке қолын жылмиып сұқса да, толтырып жарымапты, таязға не не сиып, не тұрушы еді?! Ал Қоқайдың алақаны табанынан жалпақ екен, онысын мен қайдан білейін, нобайшылардың қалталарына Қоқайдың сұқсаусағы сиса, басбармағы батпай, басбармағы батса, сұқсаусағы симай сорлапты. Жалғыз саусақ пен жалғыз бармақ жеке-жеке жүріп не тындыра алушы еді?!.

Арада алты апта өткен күні Сүтбай Шоциядан телефон соғып: «Әке, көке, Сұлеке... болмай қалды... силықты салмақтайтындар не есіктерінен, не терезелерінен сығалатпай қойды, қайтейік... кешіріңіз, Сұлеке, кешіре көріңіз! Алтауымыз да, міне, егіліп, бүгіліп отырмыз, айналайын көке, садағаң болайық! — деп еңіреді.

Не істеу керек? Бұл қызыл тілінің қызығын көрген талай-талай шешен мен көсемнің аузынан шыққан сұрақ. Менің де аузымнан шықты. Да, маған енді не істеу керек?!. Мұнда қалған нөкерлерімді түп-түгел жинап алып, осы өмірлік сұрағыма дереу жауап берулерін талап еттім.

— Әй, қазақпайлар! Сендерге Сұлтанпұл Назбанбаев керек пе, жоқ па? — деген сұрағымды да суырып алып, қосып кеп жіберіп едім (ашуланған адамның айтпайтын сөзі де, қоймайтын сұрағы да болмайды), бәрі қол қусырып, дізерлеп отыра кетіп:

— Керексіз, Сұлеке, керексіз!

— Сұке, сізсіз күніміз қараң!

— Құрметті Сұлеке, сізді бізге құдай берген!

— Сұке, сіз — біздің пайғамбарымызсыз!

— Біздің әулиеміз — өзіңізсіз, Сұлеке!

— Сіздей кемеңгері бар біз бақыттымыз!

— Көкетай, сіздің жолыңызға менің жаным құрбан!.. — деп жамырай жыларман болғанда құлағыма шу толып, басыма бу толып, әлгі... басжазғым келгендей болып, жыным жұдырығыма жинала қалып, емен үстелімді екі рет періп-періп жіберіп:

— Маңырамаңдар! Мені сендерге құдай бергенін де, сендердің менсіз жан сақтай алмайтындарыңды да, ал өзімнің кемеңгер, әулие, пайғамбар екенімді де білемін! Бірақ мұны анау Нобайдың медәлін бергіш албастылар білмеді. Енді не істеу керек?! Кәне, тілімен көктегі бұлтты иіргіш қазақтар, менің осы сұрағыма жауап іздеңдер! Кәне, адамша дұрыс отырыңдар да, ойланыңдар, бес минөт берем! — дедім. Демегенде ше?! Ынжық болып тумаған соң, ынжық боп өлейін бе?

Мені баяғыдан білетін байғұстарым бұл жолы біле түсті. Мен өздеріне бес минөт уақыт емес, ату жазасын беретіндей бәрі алақтап, қибыжықтап, екеу-үшеуден өзара ымдасып, сыбырласып, күбірлесіп, маған жапақтап қарап қойып, төрт минөттен соң Мырықтай орнынан сүйретіле тұрды да, кеңірдегін қасып, ауызын ашты:

— Атаңыздай қайратты, анаңыздай айбатты Сұке, айналайын көке, біз ақылдастық, өзіңіз көріп отырсыз, аянбадық, сөйтіп... сізге мынадай ұсыныс жасауды келістік: Нобайдың алтын медәліне сізден лайықты ешкім жоқ еді, бірақ, амал не, бұйырмаған... былай кетеді, енді алдағы жылғысын алуымыз керек, ол үшін іске кірісуіміз керек. Үгіт-насихат жұмысын өте кең жүргізуіміз керек. Жаны басқа болса да қаны бір ағайындарымызды, тіпті алыс-берісіміз бар алыс-жақындағы таныс-білісті түгел қамтуымыз керек...

— Әй, Мырық, сен «әйту керек, бүйту керек» деп, немене, үкіметтің түкке тұрмайтын қырық-елу бет қаулысын жатқа оқып тұрғаннан саусың ба? — деп жекіп қалып едім, Мырықтай мықырайып қалды. Солай боларын біліп, күтіп отырғандай Дөкен ептеп қолын да көтеріп, өзі де көтеріліп, қиғаш көзі жыпылықтап:

— Сұл-аға, егер рұхсат етсеңіз, мен... жаңа... біздің ұсынысымызды мен айтып көрейін, -деп маған әрең қарады.

— Сөйле! — дедім. Ол сөйлеп кетті:

— Құрметі Сұл-аға, біз келістік, Бүкең, Түкең бар бәріміз, былай істейік дедік, пропаганда масштабымыз өзіміздің бүгінгі жұмысымыздай кең болсын дедік. Мысалы, Бүкең Мәскеудегі пунктымыз арқылы... өзіңіз «менің қақырықбасым» дейтін Горшоковке шықса, онымен өзіңіздің сөйлескеніңіз нелеу ғой, сіз кішіреймеңіз, Бүкең оның тілін табар, яғни «қақырықбастың» командасы сіздің кандидатураңызды қолдап құжат жасап берсе, жаңа Мықаң айтқандай, алдағы жылғысын алуға, Сұл-аға, сіз ғана лайықсыз! Түкеңнің де ұсынысы бар, — деп Дөкен Түктіханға қарады. Жиын дереу жынданып... тойыст жанданып, ұсыныстар ұсыныла бастады:

— Сұлеке, Дөкештің сөзінің жаны бар... — дей берген Түктіханға:

— Оның сөзін қайтесің, өз сөзіңнің тоқ етерін айт! — дедім.

— Мақұл, Сұке, айтайын. Тоқ етері: қырғыз ағайындарымыздың Бішкек қаласында менің құдам тұрады, Ғылыми-зерттеу институтында, өте беделді, мен сол құдамның ұжымынан сіздің кандидатураңызды қолдаған құжат алумен айналысайын.

— Дұрыс! Менде де ұсыныс бар. Мәселен, менің чешен достарым көп, Ваха деген досым орталықтарында — Грозный қаласында тұрады, өте крутой бизнесмен, бәрін бағындырып жүр. Сұке, вот менің сол Ваха досым мен не тілесем, соны орындайды, қолымды қақпайды, — деді Жұқағали.

— Сұлеке, өзіңіз білесіз, Минскі қаласында менің нағашы ағам тұрады, министрдің орынбасары, ол да, сөз жоқ, сізді қолдайды! — деді Әпелбек.

— Менің жиен інім Тәшкент... жо-жоқ, Науаи қаласында ректор, үлкен оқымысты, өте принципиальный, университетінің қаулысын шығарып береді, без никаких! — деді Мұсақұл.

— Құрметті Сұлтанпұл Назбанбаев мырза, менің ұсынысым былай: біз бұл жерде ұсынысты көбейтіп, сіздің қымбат уақытыңызды алмайық, біз Нобай силығының алтын медәліне алдағы жылы сізді ұсыну жөнінде қазір, осы жерде оргкомитет құрайық та, сөзден іске көшейік. Ол комитетті мен басқара аламын, комитетте бес кісі болсақ, жетіп жатыр, — деді Жалаубай. Жұрт:

— Дұрыс!

— Бәрекелді!

— Жәкең біледі ғой! — десіп бірден риза болды.

— Сұке, мырзалар! Менде бір түзету бар. Жәкең жақсы сөйледі, бірақ, меніңше, «Нобай силығының алтын медәліне алдағы жылы сізді ұсыну жөнінде» деп емес, «Нобай силығының алтын мәделін алдағы жылы сізге алып беру жөнінде» деу керек, конкретный болсын, — деді Парымбет. Жұрт ду қолшапалақтады. Өзім де сөйттім.

— Конкретный болған дұрыс! Сендер былтыр конкретный болмай, мен ала алмадым. Енді биыл конкретный болсаңдар, келесі жылы өлсем де аламын!..

2010-жыл.

ТАҒЫ ТОТИСАМ, ОНДА...

Осы қазақ деген жұрт қызық өзі. «Ет дегенде бет бар ма?» депті. Жалпы дұрыс, бірақ дұрыс емес. Жақсылап айту керек қой?! Бір қазақ соны айтқан кезде жанында ақын болмаған ба, немене?! Мен — ақынмын! Сондықтан оны былай айтамын: «Ох, ет! Ет дегенде жоқ бет!». Қалай? Айтысып жүрген ақын болмасам да, жақсы айттым, ә?! Егер айтысқа қатыссам, мен де «Ауди», «Мерседес» алар едім. Менің бірінші әйелім айтысқа жиырма рет қатысып, понимайш, жиырма «Ауди» алды. Мен соған қырсығып, айтысқа қатысқалы жүрген жерімде қатыспай қойдым. Одан бір «Ауди» кем алып қалсам, ұят қой?!. Еркек емеспін бе?! Намыс керек! Но оның есесіне мен биыл Нобай силығын аламын! О, ол мировой силық! Ол мировой адамдарға ғана беріледі. Оның бәйгесіне де қатыса беру керек. Мен екі рет қатыстым, бірақ бір жері келмей қалып, мен содан тәжірибе жинақтап, биыл барлық жерін келтірдім.

Нобай силығын беретін комиссия, әлде комитет пе.., но бәрібір ғой, біздің айтыстардағыдай анаусы жақсы мен мынаусы жақсы алқа-салқа емес, олар өте қатал! Мысалы, мен алдыңғы жылы Нобайға өзімді ұсындырғанда бірінші орынбасарымның құжатты қисық толтырып қойғанын байқамай, мен өзі сенгіш қайраткермін, сөйтіп сеніп қалып, мықынымды мытып тындым.

— «Қисық толтырып қойғаны» қалай?» — деп сұрағалы отырсыңдар ғой, жауап берейін: «Бірінші орынбасарым, яғни Босақ Курсин... әкесінің аты Күрсін болған... адамға сөйтіп ат қоя ма екен? Күрсініп жүру жақсы емес, кішкентай баласын аямай неге солай атаған, а?.. Ал Босақ тәуелсіздік алғаннан кейін, бәріміз де алдық қой оны, Курсин дегенінің «ин» дегенін алып тастайын деп еді, онда Курс па, Күріс пе, қызық-шыжық бірдеңе болып қалады екен, содан соң өзі де, әйелі де — бәрі де бауыр басқан Курсин күйінде жүре берді. Сол Курсин менің құжаттарымды Нобайдың комиссия-комитетіне жібергенде, ондағылар құжаттың тек ағылшын тілінде жазылғанын қабылдайды, фамилиям бізше айтқанда Назбанбаев болса, ағылшынша айтқанда Назбанбаева болып барыпты! Құжатта жапсырулы фотокәртішкемде өзім көзі жайнаған еркек болып отырамын да, фамилиям әйелдікі болып шығады. Сұмдық қой! Менің естуімше, құжаттарды тіркеп отыратындардың біреуі: «Мынау өте күдікті. Мұны интерполға жіберу керек!» депті. Интерполды білесіңдер, ол — дүние жүзіне авторитетті қылмыскерлерді іздеп табатын халықаралық полиция. Менде қайдағы авторитет?! Мені өзімнің облысым ғана біледі. Егер Нобайдың алтын медәлін алсам, онда пожалыста, дүние жүзі білетін болады. Сонымен сөйтіп, Республикалық ішкіштер... өй, ішкі істер басқармасындағылар шақырып алып, құжаттарымды өзіме қайтарып, қиқылдап-шиқылдап күліп қалды. Ал мен келе сала Курсинді орнынан алып, күрсінтіп қоя бердім.

Силықты былтыр ала алмағанымның да тұп-тура себебі бар. Естеріңде болсын, Нобайға ұсынылудың тәртібі қатаң. Айттым ғой, біздің айтыстағыдай емес дедім ғой. Былтырғы себеп, әрине, алдыңғы жылғыдан басқаша. Алдыңғы жылы Облыстық орман шаруашылығы ұжымының атынан ұсындырсам, былтыр Облыстық омарта басқармасының ұжымына ұсындырғанмын. Сонда құжатымда тағы бір «но» кеткені. Оны тапжылмай толтырған Облыстық әділет басқармасының бас маманы да көрмепті, өлердей қадағалаған өзім де көрмей қалыппын. «Омарта» деген сөзіміз ағылшын тіліне аударылмай, өзімізше жетіп барған, понимайш?!. Сөйтсем, Әділет басқармасында ағылшын тіліне жетік тірі жан жоқ екен. Бізде, өздерің жақсы білесіңдер, командалық басқару жүйесі бар: кім қай жерге бірінші бастық болып барса, сол жерге өзінің командасын ала барады. Әділет басқармасына тарих ғылымының кандидаты төраға болған екен, ол командалық тәртіпті бұзбай, төрт орынбасарын да, бес бөлім бастығын да тарихшы таныстарының ішінен таңдап алған. Олар омартаның ағылшын тілінде не делінетінін қайдан білсін?! Соның зиянын мен шектім. Соған күйіп-пысып, штатыма ағылшын тілінің дипломды екі маманын алып, «уһ!» дедім.

Жалпы бар ғой, бізде ағылшын тілін жоғары көтеру керектігі дұрыс ойластырылып жатыр, ә? «Мектептің бірінші сыныбынан бастап оқыту керек» дегенді ойлап тапқан адамымыз — данышпан! Егер ол «Ағылшын тілін балабақшадан бастап оқыту керек!» десе, онда сәпсем кемеңгер болар еді! Да, ағылшынсыз адам болмаймыз, болмаймыз! Біздің басшылар әлгі Тони Блэр деген ағылшынды, олардың бұрынғы үкімет басшысын кеңесші, етіп шақырып алып еді, күніне 5 миллион теңге беретін болып, көрдіңдер ме, оған дейін бізде ай сайын қымбаттайтын азық-түлік, дүние-мүлік Тониекең келгелі біржарым айда ғана қымбаттайтын болды. Жетістік пе? Жетіскенде қандай! Алқымымыздан кіретін жел енді желкемізден кіретін болды!

Иә, біздегі бар-жоқ мәселе ағылшын тілінде. Өйдөйт! Биыл мені Нобай силығына Облыстық діндарлар ассоциациясы ұсынды, ал ондағылардың жартысынан көбі ағылшын тілінің чемпиондары... өй, шеберлері. Шетте оқып келгендер ғой. Сол шеттен келгендер де аз емес. Солар менің құжаттарымды қатырып жасады, итпен іздеген қулар да бір қате таба алмайтындай етіп жіберді. Ассоциацияның атаманы... өй, қалай еді... атасы... жоқ, төрағасы ма? Әлде президенті ме?.. Бізде қазірде не көп, президент деген көп. Е, мейлі, сол жігіт менің құжаттарымды аллауакпарлап поштаға тапсырып келгеннен кейін: — Сұлеке, биылғы Нобай, анау журналшыларша айтқанда, сіздің қанжығаңызға байланады! Алдын ала «жумайсыз» ба? — деді, жұдырықтай жұтқыншағы жоғары-төмен жортақтап. Кабинетімді тозаң да кіре алмастай тарс жауып алып, келер Нобайымды жымыңдасып «жуып» тастадық.

Да, Нобайды алсам!.. Онда мен айтысқа қатысамын! Нобайдың лауреатына бас бәйгені бермей көрсін, егер мына жап-жарық дүниеде жүргілері келсе!

Осы қазақ жұрты шынында қызық, ей! «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегенді де айтыпты. Үшінші әйелімді Нобай силығын алатыныммен қуантайын деп әдейі түн ортасында сүйінші сұрасам, өйдә-ә-ә:

— Атамыз қазақ: «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген, Сұлтаным-ау, Нобай биыл да бұйырмаса, қайтесің? — дегені! Ашу қатты қыса қалса да, ақын емеспін бе:

— Атам қазақ әйелді:

«Шашы ұзын, ақылы қысқа» деген-ді.

Ал мен мына сені:

Шашы да, ақылы да қысқа бұл енді

Емес ақынның теңі! —

деймін дедім де, сразу теріс қарап жаттым. Оның «Сулка, бала да — бір, ақын да — бір, шын өкпелеп қалдың ба?» дейтіні болушы еді, тағы сөйтеді ғой десем, ол көрпесін қымтанып:

— Сол Нобайды қайтесің, өлеңіңді жазып, аяңдап жүре берсеңші, — дегені. Өй... Шашы да, ақылы да қысқа болып шыққанын қарашы! Егер ба ғой, оның сандырағы келіп, тағы тотисам, онда төртінші әйел алғаннан басқа амал жоқ!

2011-ж.

О, «НОБАЙ», СЕНІ МЕ?!.

Тотидым-ау, тотидым тағы! Құрып кеткір «Нобайын» бермеді ғой, бермеді! Енді не істесем екен? «Осы жолы тотисам, төртінші әйел аламын!» деп едім, жо-жоқ, байқадым, тайпақ маңдай қауға басымды шайқадым, — бес қатын алсам да, бәтшәғарлар бері бұрылар емес, ойбай, «Нобай»! Не қыл дейді маған?.. Мешокович бастаған достарыммен ақылдасып, облысымды өркендеттім ғой! «Нобай» үшін! Тракторшылар мен соқашыларға, шөпшілер мен комбайншыларға керек жанар-жағар майды және бәрімізге ауадай қажет кітап-гәзет-журналды Ресейден, желаяқ аутомәшіндерді Жапониядан, электрлі асай-мүсейді Оңтүстік Кореядан, азық-түлікті Малайзиядан, жеміс-жидекті Өзбекстаннан, көйлек-дамбалды Қырғызстаннан, картопты Беларуссиядан, жиһазды Украинадан, дәрі-дәрмекті Германиядан, демократияны АҚШ-тан тасып жүрміз ғой! Жиырма жыл бойы мен ойдағыдай басқарып отырған облыс халқына бұлайша жақсы жағдай жасау үшін облыс бюджетіндегі қаржының жыл сайын сексен пайызын осындай тамаша шараларға жұмсап келемін. Менің облысымның халқы оны түзу түсініп, анау-мынау жұмыстарына тиесілі ақыларын уақытынан жарты жыл кеш алса да ләм демейді. Біздің қазақтай ғажап төзімді, ғажап түсінгіш халық жер жүзінде жоқ қой, жоқ! Шіркін-ай, үлкені де, кішісі де: «Құдай аштан өлтірмейді!» деп қалғып-шұлғып отырудан ешқашан шаршамайды, шалдықпайды. Арғы жағын айтуға просто тіл жетпейді! Облысымның орталық мешітіне: «Мен тірі тұрғанда, сені жау алмайды!» деп өзім сайлаттырып қойған ешкібас имамымның да көзі ашық, азаннан ақшамға дейін жұртқа: «Сендерге құдайдың өзі де түзу, көзі де түзу. Басқаның көздеріне қарамаңдар»! деп өсиет таратудан жалықпайды.

Өзімнің бала-шағама, туған-туысқандарыма, құда-құдағиларыма да көзқарасым дұрыс. Төрт қызымның біреуі — ректор, академик; біреуі — директор, ғылым докторы; біреуі — доцент, миллионер ; біреуі — кандидат наук! Екі інімнің біреуі — кеденші, доктор наук; біреуі — сантехник, миллионер, кандидат наук! Ал келіндерімнің екеуі де — сауда саласының қайраткерлері! Үш күйеубаламның біреуі — кеденші, полковник; біреуі — салықшы, подполковник, миллионер; біреуі — чемпион! Үш құдамның біреуі — замминистра, доктор наук; біреуі — сенат депутаты — академик; біреуі — мәжіліс депутаты — тоже доктор! Осындайы бар маған «Нобай» силығын бермеу дегенің, понимайш, -күннің қай жақтан шығып, қай жаққа бататынын білмеу и айдың қайдан келіп, қайда кететінін білмеу! О, айтпақшы, құдағиларымды ұмытып отырмын, а? Не хорошо, не хорошо... Тұңғыш құдағиым — «Корпорация сети салонов красоты» дегеннің президенті! Онда бәрі — президент. Жалпы бізде президенттен көп неме жоқ қой, ал республикамызға солардың қайсысының пайдасы көп, қайсысының зияны көп, ол жағын енді черт знает. Но ортаншы президент құдағиымнан бәрімізге пайда бар, ол — облаптека департаментінің төрайымы, тоже доктор наук. Ол біздің бәрімізге керек дәрілерді айтқызбай біліп, беріп жүреді. Просто Мария... тойыст, просто молодец! Кенже құдағиым — хирург, кандидат наук, ол да керек. Міне, осыны біле тұра маған «Нобайды» тағы бермеді!.. Оны мендей кадрларға беруге міндеттілер біздің жақтың гәзеттерін алдырмайтын, оқымайтын шығар. Егер олар менің облысымның қазақша, орысша күнде шығып жататын үлкен екі гәзетін алып тұрса, олардың менің суреттерімсіз, менің сөздерімсіз шықпайтынын көрер еді, менің аптаритетімді білер еді! Енді бар ғой, оларға ерегескенде бар ғой, мына мен облысымның басты үшінші гәзетін ағылшын тілінде шығаруды ертеңнен бастап қолға аламын да, менің кім екенімді оларға ағылшынша танытамын! Жалпы біз, Қазақстан, 2030-жылы бүкіл дүниені ағылшын тілімен жаулап алатын боламыз! Президенттің жобасы бойынша. Ол ұлы жорық бізде биыл басталып та кетті, мектептеріміз ағылшыншаны тура бірінші сыныптан оқытуға кірісті. Президенттің пәрмені бойынша. Ағылшын тілі келесі жылы балабақшаға енгізіледі. Президенттің ескертуі бойынша. Одан кейінгі жылы, ол да соның ерекше есертуі бойынша, әйелдеріміз бесік жырын ағылшынша айтатын болады. Ол үшін ақындар мен композиторлардың дүниежүзілік конкурсын Астана мен Алматыда қатар өткізу туралы президенттің жарлығы жазылып жатқанын естідім. Бізде естігеніңнің шын болатынын дүние жүзі біледі. А как же?! Дүниежүзілік масштабта жұмыс істегенде ғана дүние жүзіне танылатынымызды біліп, жыл сайын Астанада дүниежүзілік конференциялар өткізіп жүрміз. Шеттің 150-200 елінен: саясаткерлер, экономистер, экологтар, мұнайшылар, газшылар, салықшылар, кеденшілер, педагогтар, тарихшылар, асыл тұқымды малшылар, құрылысшылар, дәрігерлер, етікшілер келіп, әрқайсысы бір апта бойы ынтымақтаса және қызу түрде сөз жарыстырып, мені «Нобайдың» алтын медәліне ұсынып қайтты. Келесі жылы дүние жүзінің заңгерлерін шақырып алып, біздің парламенттің заңды орыс тілінде шығару үлгісін үйретеміз. Олардың да мені «Нобайға» ұсынулары мүмкін. О, егер бар ғой, анау әлгіле маған «Нобайды» алдағы жылы да бермесе, онда мен президентке дереу хат жазып, одан арғы жылдың басында Астанамызда «Нобай» силығын беруге тиістілер мен алуға тиістілердің дүниежүзілік конгресін өткізу жөнінде өте құнды ұсыныс жасаймын! Сонда менің бүкіл жетістігіммен танысқаннан кейін қайтер екен анау бәлемдер! «Нобайды» үйіме өздері әкеліп беретін болады! Мұны мен айтып отырмын! Мен! Сұлтанпұл Назанбаев! Иә, Назанбаев! Өткен жолы, черт побери, жүйкем өзімдікі болмай отырып, «Найзабаев» деп қалыппын, осы ескерілсін!

Сұлтекенің басында барды базарлағанын тағы естіп, хатқа түсіріп жолдаушы — Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ.

2012 ж.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз