Сима үшін сәтсіз жағыдай. Тап күйеуі ұзақ уақыттан кейін үйге оралар күні омырауын ара шағып алғаны. «Жоқ, кеше шақса қайтетін еді! — деп ойлады. — Немесе басқа күні. Өйтер болса бізін бір емес төрт рет пісіп-пісіп алса да қыңқ демес ем. Енді келіп міне! Бұл қырсық дегенді қойсаңшы!» Ара юкатаның ішіне жасырынған екен. Таңертең Сима онысын жел қақсын деп жайып қойған болатын. Ал сосын ішкі желбегей кимононың сыртынан іле салған кезде, тыз еткізген. Сима шошып қап, кеудесін қағып-қағып жіберіп еді, аяқ астындағы жарғақ татамиге бірдеңе құлап түсті. Ара екен. Ұзын аяқтары жыбырлап үйелеп жатты.
Сима осының алдында ғана кір жаятын жерден ары-бері ұшып жүрген араны көп байқаған, бірақ тап юкатаны тасалайды деп ойламапты. Ол сол сәтенде-ақ араны өкшесімен таптап тастады. Кеудесі сыздап әкетіп барады. Дәл қай жерден шаққаны белгісіз, бірақ үрпінің айналасы жан кетіп тырсиды да қалды.
Бұған дейін бір рет ара шақпапты да, Сима мұндай жағдайда не істеу керегін білмейтін болып шықты. Саусағын сілекейлеп, үрпінің айналасына жақты. Бала күнінде масаға таланып үйге келгенде, марқұм анасы сөйтіп емдейтін.
Сырықтың ұшынан түндік кимоносын алам деп қолын көтере беріп, Сима қатты ауырсынды — құдды кеудесіне тікен қадалғандай. Жайыла бастаған ауру енді сыздауын қойып, солқылдауға көшті. «Кимононы кимей тұрып жақсылап қарап алуым керек еді», — деп өкінді Сима, үйге келе жатып. Түпкі бөлмеден нәрестенің жылағаны естілді.
— Қазір, балапаным! Шыда!
Сима қарны ашқан баласын алдына алып, төстартқышын ағыта беріп шошына баж етті: омырауы қызарып ісіп кетіпті, үрпісінің ұшы ғана қылтияды, қызыл томпақ қос емшектің жырасына қарай ауып барады екен.
— О не?
Ұйықтаған болып жатқан ауру енесі көзін ашып Симаға қарады.
— Мына бір... ара шағып алды, — Сима ұяла тіл қатқан. Әрі: «Бала секілдімін!» деп ойлады.
— Өййй! — деп селқос ернін дүрдиткен енесі, көзін жұмып алды. Ал нәресте келіннің сау емшегіне алданып тынши қалған сәтте: — Жылан таранның тұнбасымен сылап қоймайтын ба еді, — деді көзін ашпаған күйі.
Жылан таран тұнбасы барлық ауруға қолданатын үйдегі жалғыз ем. Оны да жылан таран сакэсі секілді дайындайтын. Айырмашылығы соның сүтінен тұндырылған спиртпен ашытады.
Сима баласын емізген соң, сөреде бөтелкеде тұрған жылан таран тұнбасын алып, үгітіле бастаған қақпағын еппен суырды. Мұрын жарар өткір иіс көзді де жыбырлатып әкетті. Сима дәріге саусағын мала беріп, күйеуі есіне түсіп қобалжи қалды. Мұндай хош иісті кім жақтырар дейсің. Мүңкіп тұрған соң, ол бұдан теріс айналмаса не қылсын. Аласапыран ой жүрегін құрсап алды. Бірақ толғанып тұрар шама жоқ.
«Жарайды. Көршілер бүгін кешке моншаға шақырған, — деп ойлады ол, — әбден сабынданып тұрып жуынармын». Сөйтті де тұнбаға саусағын және бір батырды.
Сырт көзге дәрменсіз көрінген Симаның күйеуі шағындау шабаданын кеудесіне қыса ұстап, пойыздан секіріп түсті. Баласын арқалаған әйелін көріп жылы жымиған болып еді, онысы жүзінен сусып түсіп, тұнжыраған қалпы перронмен қарсы жүрді.
— Міне мен де келдім, — деді ол, ақ аңшы қалпағының күнқағарын жоғары көтеріп.
— Келуіңмен! Сима да жымиған, бірақ көзіне жас кеп қалды да, баласын тербеткен секілденіп күйеуіне арқасын бере теріс айналды. Бала ұйықтап отыр екен, басы екі жағына кезек бұлтылдап тұрды. Күйеуі бұны көрмегелі жарты жыл болса да, солғындау ыржиып алдыға түсті.
Олар күріштің жасыл алқабын қақ жарған ескі соқпақпен тұп-тура қалашық шетіндегі үйлерін бетке алды.
Сима үнсіз келеді. Күйеуіне көп нәрсе айтпақшы еді, бірақ оның солғын жүзін көргенде-ақ абдырап, бәрін ұмытып қалған.
Күйеуі Токиода ағашшы болып жұмыс істейтін. Бірін-бірі алты ай көрмей жатырқап қалған соң ба, ол бұған бөтен адамдай, бөтен болғанда да көлденең жолыққан біреудей көрінді. Күйеуі бұрын да көп сөйлемейтін, қазір тіпті аузына су толтырып алғандай — алдыға түсіп алып адымдай жөнелгеніде, соңынан ерген Симаға қалып қоймау үшін жортақтай желуге тура келді.
Олар қаусаған ескі көпірдің ортасына келгенде, күйеуі кенет жүрісін тежеп, мұны алға өткізді. Сима өзенді тамашалағысы келген шығар деп ойлаған, сөйтсе ол баланың жүзіне үңіліп келеді екен.
— Монтиып ұйықтап жатыр, — деді ол.
Күйеуінің жүзінде осыдан алты ай бұрын табыс табуға аттанып бара жатқандағы сәттегідей қысылғандық табы пайда бола қалыпты. Сима қуанып кетті.
— Үлкейген ғой, ә?
— Иә, өсіп қапты.
Алайда ұйықтап жатқан баланың жүзіне ішіп-жеп қараған күйеуінің көзіне көзі түскен сәт, үрейден мұздап кетті. Қалайша ол қатыгез көршілері секілді қайдағы жоқты ойлап тұр? Қалайша бала өзіне ұқсайтынына күмәнданады?
Сима күйеуінің алдын орай көңілдене тіл қатты:
— Көрген жұрт балақай өскен сайын саған ұқсап барады десіп жүр.
— Мүмкін, — деп күйеуі шолақ қайырды.
Үйге келген соң ол енесінің бас жағына аяғын айқастырып отырып алды да, әңгімеге кірісті. Сима түпкі бөлмеде баласын тербетіп жүріп құлақ түрген.
— Ал сайман салған жәшігің қайда?
— Хоккайдаға беріп жібердім, — деді күйеуі. Міне, осылай! Демек ол Хоккайдоға кетеді.
— Қашан жүрмексің? — деп сұрады енесі.
— Ертең, күндізгі пойызбен.
Симаның жүрегі қысылып кетті. Бұлай болады деп ойламаған. Шамасы, енесі де таң қалған болуы керек. Ал күйеуі қаннен-қаперсіз Токиодағы жұмыс біткенін, Хоккайдода табыс табуға мүмкіндік барын айтеееп отыр. Қожайынымен бірге сол жаққа баруды ұйғарыпты да, жолай бір қонып кетуге соққан беті екен — қожайынның рұқсатымен.
Солай деп хат жазса болар еді ғой! Әйтпесе: «Ертең... сағатта барам» деп қана телеграмма соға салған. Содан кейін қалай болады — түсініксіз. Сима, тіпті бір жаққа табыс табуға кетіп бара жатса да, күйеуі оншақты күн, болмағанда бір жеті үйде болатын шығар деп үміттенген. Ал ол болса бір-ақ түнге келген, ертең таңертең алыс өлкеге қайта кетпекші.
Сима, неге екені, күліп жіберді. Күйеуі бірдеңе іздеген кісіше үй ішін тұнжырай тінтіп отыр. Үй дегені едені тақыр топырақты әрі асханасынан сәл төмендеу жатқан қопсы.
— Не керек? — деп сұрады Сима.
Ол бірақ жауап берместен аула жаққа кетті. Қойманы бетке алғанға ұқсайды. «Не іздеп жүр?» деп ойлады Сима, мисосируға көкөніс турап отырып. Күйеуі айналып келіп есіктен басын қылтитты да, үй ішін қайтадан көзбен тінти бастады.
— Не іздедің?
— Қайда кеткен? Зым-зия. — деп күйеуі мұрнының астынан міңгірледі.
— Не зым-зия? Не іздеп жүрсің?
Сима пышағын жозының жанына қойып үйге түсті де, шәркейін іліп аулаға шықты. Күйеуі қолдарын кеудесіне айқастыра ұстап, қоймаға беттеді. Сима су қолын алжапқышына жүре сүртіп, ізінен ерді.
Қоймаға кіре күйеуі қараңғы бұрышты қараған кісімсіп түкпірлей берген, келер сәтте жалт бұрылып ту сыртына барып қалған Симаны үнсіз құшақтай алды. «А-а-а, осы екен ғой!» — Сима күйеуінің не іздеп жүргенін ұққанмен, сол мезет кеудесі шаншып ауырғаны сонша, құшақтан босап шықпақшы болды. Бірақ бұл бұлқынған сайын, күйеуінің күшті қолдары қапсыра түсті. Сима бұдан арыға төзе алмай, айғай салды.
— Ауырып кетті! — деді жыламсырап. Күйеуі таңданысты кейіппен босатып, аяғын басып кеткен жоқпын ба деп жерге қарады.
— О жақта емес. Міне, мына жерім ауырады. — Сима ауыр тыныстап тұрып күп болып ісіп кеткен омырауын көрсетті. Күйеуі үнсіз ежірейіп қарады.
— Ара шағып алған.
— Ара?
— Иә. Бала секілдімін. Ұят тіпті. Сима мүдіре сөйлеп өзін қалай ара шаққанын айтып берді. Күйеуі үнсіз тыңдады. Сима күлетін шығар деп ойлаған, ал ол керісінше қабағын түйіп алған:
— Қане, мұнда жақындашы.
Сима қойма шатырындағы терезенің көзіне жақындаған, күйеуі омырауын көрсетуге бұйырды. Ол сеніммен кимоносының өңірін айқарды. Терезенің жарығы әлі де мол түсіп тұрған, тіпті көз шағылыстырмас үшін сығырайып қарауға тура келді.
Ол құдды қымбат үйдің қоңырауын басатын кісіше еппен үрпіге саусағын тигізіп еді, үрпі ісінген омырауға батып кетті. Күйеуі қолын шошына тартып алды.
— Ауыра ма?
Сима оның ұстағанынан еш ауырсынған жоқ.
— Енді... егер жаңағы сен секілді қатты қысатын болса...
Сима әлгі жылан таран тұнбасымен сыланған кездегі күмәнді қобалжудың мәнісін енді ұққандай.
«Иә, омырауым күйеуімнің құшағына шыдамады», — деп ойлап, жылағысы келді. Батып бара жатқан күннің шапағымен омырауы көкшіл тартып, шіріген алхорыдай көрінді. Үзіп алып, терезеден лақтырып жіберсе де болғандай.
— Жарайды, қымтан. — деді күйеуі жыпылықтап. — Жылан таран тұнбасы мүңкіп тұр. Ол саусағын иіскеді.
— Шешем үйретті, — деді Сима кимоносының жағасын жөндеп жатып.
— Мені де бала күнімде талай ара шаққан. — Күйеуі есікке беттеді. Сима оның әйтеуір өзінен теріс айналмағанына жұбанған.
Сол түні күйеуі шешесімен бірге ошақ түбінде отырып аздап сакэ ішті де, әйелінің арқасына қарап бүркеніп жатып ұйықтап қалды.
Тек бір рет қана еппен сипаған. «Алақаны барған сайын қатайып келеді, — деп ойлады Сима. — Шамасы, үнемі тақтайдың кедір-бұдырын сүргілей бергеннен шығар». Симаның айқасқан кірпіктері жасқа шыланып жатты.
Сима түк ұйықтай алмады — көрші үйдің моншасында көбірек отырып қалған соң ба, міне енді терлеп жатыр. «Қалайша қыбыр етпеуге болады? — деді өз-өзіне. — Бірдеңе қылуға болады ғой...». Алайда басына ештеңе келмеді, сол қалпы.
Тіпті ұзақ ойлануға да мұршасы жоқ еді. Денесі өрттей лаулап, тамағы құрғап барады. Күйеуімнің өзі әрекеттенсін, ал мен күтіп жата тұрамын деп ойлады. Әрі сабыр сақтап, ұзақ күткен. Бірақ сол қалпы ештеңе болған жоқ. «Арт жағымда жатқан ол да ойдан жалығып, ұйықтап қалды-ау. Ашуланды ма екен?» — деп ойлап жатып Сима да қалғып кетіпті.
Таңертең күйеуі жұлқылап оятты.
Сима не керегін сұрамақшы болып аунай бергені сол еді, ол күтпеген сұрақпен алдын орады:
— Араның ұясы қайда?
— Шатырдың астында.
Әлі ерте болатын, бірақ күйеуі тұрып шалбарын киді де, жатын бөлмеден шығып кетті.
Сырттан шілделіктің шырылы естіледі.
Ол шығып бара жатқанда селқос жатқан Сима артынша-ақ алаңдай қалып, түндік кимоносымен тысқа беттеді.
Күйеуі үйден енесінің күртесін киіп алған екен, қолғабын да тартып-тартып қояды.
— Орамал әкел, — деді ол. Сима шегеге ілулі тұрған орамалды алып, қолына ұстатқан. Күйеуі орамалмен бетін таңды. — Күріштен босаған қапты да... Сима күйбеңдеп жүріп оның шолақ бұйрықтарын орындаумен болды. Ол үнсіз аулаға шыққан. Сима да үнсіз ізінен ерді.
Ағаштардың басынан таңғы күннің сәулесі тарақтың тісі секілді тарам-тарам болып төгіліп тұр. Әр жерден шілделік шырылдайды.
Күйеуі шатырдың ернеуіне саты қойып, әдетінше лып етіп жоғары шықты да, қапты араның ұясына жауып, жылдам тұмшалады, сосын тез жерге түскен.
Сима оның әр қимылын үрейлене бағып тұрды.
— Шағып алған жоқ па? — деп сұрап еді, күйеуі жауап берген жоқ.
Қоймадан балта алып шығып, өзен жағасындағы жыраға барды. Сөйтіп араның ұясын тұмшалаған қапты томардың үстіне қойып тұрып, балтаның шүйдесімен жаныштап ұра бастады. Көздеп ұрып, тегістей жайпағаны сонша, аздан соң жаншылған ара мен дернәсілдің көкшіл, қызғылтым нілі шыпылдап ақ матаның сыртына шықты. Балтаның соққысынан естілген әуелгі гүмпілдеген дыбыс та сұйыла бастаған.
Сима анадай жерде күйеуін бағып тұрған. Егер бірдеңе деп ауыз ашар болса, сол сәтінде-ақ балта өзіне қарай ұшатындай көрінді. Күн құрық бойы көтеріліп, күйеуінің жүзін жарық қылған.
— Сен терлеп кеттің, — деді Сима. Солай екен, күйеуі әлі құрыған кісіше қолындағы балтаны сылқ еткізіп тастай салды.
Міне бірін-бірі көрмеген алты айдан кейінгі жалғыз күн де осылай өте шықты. Күйеуі келмей жатып, қайта кетіп барады.
Күріштің жасыл алқабын қақ жарған ескі соқпақпен тез-тез адымдап келе жатқан күйеуінің соңынан тыпыңдай ерген Сима шыдай алмай жылап жіберді. Ол өзін аса кінәлі сезінген, бірақ қалай ақталарын білмеді.
— Қыңқылдама! — деді күйеуі бұрылып қарап. — Тағы келем.
— Енді қашан! Мүмкін, жарты жылдан соң, мүмкін одан да ұзақ уақыттан кейін. Пойыз таяп қалды.
— Ал мен жүрдім, — деп күйеуі шабаданын қолтығына қысты да, жеңіл ырғып вагонға мінді.
Бұл оны көріп тұрды. Ал ол болса терезеден де қараған жоқ. Қайырылып қарау күйеуінің әдетінде жоқ — ұзақ қоштасуды суқаны сүймейді.
Пойыз ысқырып белгі берген. Арқасындағы баласы оянып кетіп, бақырып жіберді. Сима баласын тербетіп тұрып жымиды — бәлкім күйеуім терезелердің бірінен ұрланып қарап тұрған шығар деп ойлады. Пойызбен қатарласып бірер қадам жүрді.
Юката — матадан тоқылған дәстүрлі жазғы киім.
Мисосиру — ашытқан соя бұршағына ет қосып істеген қою сорпа.
Аударған Нұрлан Қабдай
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі