Өлең, жыр, ақындар

Алынған кек

(Бір актылы пьеса)

ҚАТЫНАСУШЫЛАР

Наталия — 35-40 жаста, командирдің әйелі.

К ү л ж а н — 14-15 жаста, қызы.

Н ұ р л а н — 35-40 жаста, командир.

Б а с т ы қ — 35-40 жаста (неміс штабының бастығы) және басқалар.

БIРIНШI АКТ

Апақ-сапақ уақыт. Аудан орталығы болған колхоз деревнясы. Мылтық даусы естіліп тұрады. Наталия өз үйінде ауырып жатыр. Күлжан қасында отыр.

К ү л ж а н. Мама, папам неге қайтқан?

Наталия. Қайтқан жоқ, жаудың ішіне енгелі жүр. Папаң енді партизандардың командирі, қарағым, біліп қой! Олай - пұлай күн туса мамаң да кете алмас...

К ү л ж а н. Ал, мен ше?

Наталия. Сен елмен бірге кетесің де. Қайда жүрсең де арыңды, намысыңды жаныңнан жоғары ұста, құлыным, басқа не айтайын?!.. Мен сірә бұл аласапыранда...

К ү л ж а н. Мама, есің дұрыс па? Айтпашы!

Наталия. Солай ма? Ал, ендеше қойдым? Далаға тағы да бір шығып келші!

К ү л ж а н. Әуелі шам жағайын. (Терезені бітеп, шам жаққан соң шығып кетеді.)

Наталия. Жаумен жағаласып жүріп өлгеннің де арманы бар ма екен? Аяғым cay болса, қызыл ерлердің өмірін қорғап, қан майданда жүрмес пе едім, мен де! (Сасқалақтап Күлжан келеді.)

К ү л ж а н. Мама, жау жақындапты. Елдің бәрі кетіп жатыр, алғанын алып, алмағанын өртеп кетiп жатыр. Біз қайттік?..

Наталия. Сен де жөнел, қарағым! Бар, тұрма!

Күлжан. (Жылап.) Мама - ау, сені тастап қалай кетем?

Наталия. Тәңірім баққан тоқтыны қасқыр жемейді! Сендер, ұрпақтарым аман бол! Мен құрбан!

К ү л ж а н. Өйткен бас амандықты қайтейін!

Наталия. Ал, сонда қолыңнан не келеді? Босқа қор боласың ғой! Бөгелмеші, құлыным! Ел-жұртқа сәлем айт! Құлынтайдай шұрқырасып, табысатын күн әлі-ақ келер!..

К ү л ж а н. (Лажсыз қоштасады. Есікке барады да қайта келіп отыра кетеді.) Не көрсем де бірге көрем, мама. Құтырған иттердің ортасына жалғыз тастап кете алмаймын сені! (Солқылдап жылайды.)

Наталия. Бұндайда көз жасы құтқармайды, білек күші, ақыл ісі ғана құтқарады.

К ү л ж а н. Ақыл сенен, қайрат менен болсын, баста онда!

Наталия. Ендеше?!.. (Нұрлан кіреді.)

Нұрлан. Наталия, сен қалмай-ақ қой! Кетелік, жау келіп қалды!

Наталия. Жолдарың оңғарылсын! Мен жүре алатын емеспін.

Н ұ р л а н. Қой оны!.. Бол, болыңдар тез! Жау қызығын көрмесін, мен өрт салайын... (Шыға жөнеледі.)

Наталия. Тоқташы, Нұрлан! (Тоқтайды.) Жұрттың бәрі қалған дүниесін бүлдіріп кетіп жатыр ма?

Н ұ р л а н. Е, енді, қызығын жау көрмек пе?

Наталия. Онда бір сен өртемей-ақ қой!

Н ұ р л а н. Бейшарай, ауру жеңген екен!

Наталия. Тоқта деймін, Нұрлан, өртеме. Мен қалып барамын ғой!

Н ұ р л а н. Сені қайтсем де әкетем!

Наталия. Жау қинасын, сен қинама мені. Күлжан екеуің кет!

К ү л ж а н. Сенің қасыңда қалам!

Н ұ р л а н. Қалғанмен мына қалпыңда қолыңнан не келеді, сорлы-ау!

Наталия.. Наталияның халі жоқ болғанмен есі бар! Сол, алғашқы ақыл дұрыс әлі!.. Күлжан қалса, қолқанат болмай ма?

Н ұ р л а н. Ә-ә! Ұқтым енді! Ол ақыл орнынан шыға қалса осы маңнан табыламыз. Байқа бірақ, сездіріп алма, жау залым!.. Келші. (Қоштасады. Күлжанды маңдайынан сүйіп.) Қарашығым, анау әлгі оқшау біткен ақ қайыңды білесің ғой?..

К ү л ж а н. Білем, білем!

Н ұ р л а н. Соның түбінен табысып тұралық. Кездесе алмасақ қай бұрын келгеніміз хат жазып, қайыңның қабығына тығып кетейік. Ұқтың ба?

К ү л ж а н. Ұқтым, папа!

Н ұ р л а н. Мамаңа серік бол! (Шығып кетеді. Аз тым-тырыс.)

Наталия. Отырма, қарағым, еркекше киін, жаудың көзін алдайық. Ана жақта папаңның киімдері бар шығар. Әуелі менің дәрі-дәрмектерімді әперіп кетші. (Әпереді.) Бір шөлмек тұрған, оны да әкелші.

Күлжан (шөлмекті әкеліп, таңданып). Арақ қой, ішемісің?

Наталия. Жоқ! Аузын ашшы! (Ашады.) Бара бер енді! (Күлжан шығып кетеді. Наталия бір парошокты алып, шөлмекке салғалы отырып.) Адам баласы өмірін сақтау үшін медицина ғылымын жасады. Ол ғылым да, медицина қызметкері де, осы адамшылық ұлы істі әділ атқаруға міндетті. Ал мен не істегелі отырмын?.. (Пауза.) Бірақ, саналы ой!.. Назалы ел, қайнаған кек!.. Бүкіл әлем, бәрінікі бір сөз — құрту керек дейді. (Қатуланып.) Я, құрту керек! (Порошокты шөлмекке салып жібереді. Еркекше киініп Күлжан кіреді.)

К ү л ж а н. Шашымды қайтем?

Наталия. Түй - дағы, құлақшынды самайыңа түсіре ки. (Шөлмекті нұсқап.) Мынаны алып қойшы! Маңына бара көрме?

Күлжан. Неге, мама?

Наталия. У салдым?!

Күлжан. У?!

Наталия. Шошыма. Ақсақ қойдай жұртта мен неге қалып отырмын. Дерт емес, жай жатқан елге жауыздардың жаудырған оғы ғой, мына аяқты сындырған. Енді арың мен жаныңды қоса алғалы келеді. Қарап өлеміз бе? Қатын-баланы өздері шақырды соғысқа.

К ү л ж а н (үндемей тұрады да, Нұрланның құлақшынын киеді). Сезетін емес пе?

Наталия. Неде болса бір тәуекел, шырағым. Сөйлемеуге шыдамаймысың?

К ү л ж а н. Шыдармын!

Наталия. Қинаса шыдай алмассың, шырағым?

Кү л ж а н. Басымды кессе де шыдап бағам!

Наталия. Ендеше мылқау бол. Бері келші, бетіңді де... (Бетіне топырақ жағып жатып.) Елеусіздеу болар. Бар, баспалап байқа, не боп жатыр дүние.

К ү л ж а н. Әрірек барып қайтсам қайтеді?

Наталия. Қораның ішінен-ақ баспалап қара. (Күлжан шығып кетеді.) Аққа зауал жүрмейді дейтіні қайда. Бұл не ғаламат?.. Есіл, жайнаған Украинаны шынымен-ақ залымдар таптамақ па?.. Өйтіп қорлықпен өмір сүргенше, ерлікпен өлген артық та!.. (Күлжан кіреді.)

К ү л ж а н (дірілдеп). Кірді қалаға... Осылай қарай аңдап келеді...

Наталия. Қорықпа, менен тусаң. Тезірек дастархан жай столға!.. Тамақ қой үстіне!.. (Күлжан жалма-жан бәрін істейді.) Кел, мені киіндір, балдағымды бер қолыма? (Киініп болған кезде терезеден дауыстар естіледі. Наталия сығалап:) Келді ғой, малғұндар! Бастықтары екен. (Екі жолдасымен штаб бастығы енеді үйге.) Жоғары шығыңыздар.

Бастық. (Үйге таңдана қарап). Орыс жеріне келгелі жылы жүз көргенім осы.

Наталия. Құрметті мырзалар, орыс әрі қатал, әрі мейірбан жұрт.

Б а с т ы қ. Мына стол кімге дайындалған?

Наталия. Сізге, тақсыр.

Б а с т ы қ. Күйеуің қайда? Балаң бар ма?

Наталия. Несін жасырайын, күйеуім елмен бірге кетті, балам жоқ. Өзім күйеуіммен айырылысып, әдейі сіздерді күтіп қалдым.

Б а с т ы қ. Ай, білмеймін - ау?..

Наталия. «Аузы күйген үріп ішеді» деген де, әйтпесе күманданудың, тіпті орны жоқ қой, тақсыр. Дүниемнің шыпшырғасын шығармай, дастарханымды жайып, қолымды қусырып қарсы алып отырғанда, мұныңыз қалай? Бізден басқаның бәрі алғанын алып, алмағанын құртып кетті...

Б а с т ы қ. Я, жау безбүйрек.

Наталия. О, о мырза, орыстар ма, орыстар егеспесін. Егессе бір қолымен сусын беріп тұрып, екінші қолымен пышақ алуға бар олар.

Б а с т ы қ. (жолдастарына). Осында орналассақ деймін, шеткері үй екен.

Наталия. Қарсылығымыз жоқ.

Б а с т ы қ. Бар, жайластырыңдар. Штаб осында болады. Партизандар естен шықпасын, пулеметті құрып қою керек. (Жолдастары кетеді. Наталияға.) Су бар ма?

Наталия. Қазір шай дайын болады. (Шығып кетеді. Аз тым-тырыс).

Б а с т ы қ. Ей, су мұрын, сен неге сілейіп тұрсың?

К ү л ж а н (үндемейді).

Б а с т ы қ. (қасына таман келіп). Сыр бар-ау сенде бір, ә!..

Күлжан (естімеген болып есікке қарай жүреді).

Б а с т ы қ. Тоқта! (Тоқтамаған Күлжанды ұстай алып жаққа тартып жібереді.) Неге жауап бермейсің.... Тілің бар ма?.. (Ымдап.) Аш аузыңды. (Аузын ашқан кезде орамалмен тілін ұстай алып бұрайды.) Сөйле... Сөйле... (Күлжан сөйлемейді.) Дәу де болса комсомолец шығарсың. Шындап қолға алу керек болды сені. (Сумкасынан темір қышқаш алып, Күлжанды әлденеше рет шымшиды, бұрайды. Күлжан қанша қинаса да құр қын жылады, даусын шығармайды.) Ту, безбүйрек! (Қойып жібергенде Күлжан етпетінен түседі, құлақшыны басынан ұшып кетеді.) М-м-м! Осылай еді де... Сөйлемесең, сөйлеме, ал енді, ымыраға келуге қалайсың, жас сұлу. (Күлжан үндемейді.) Сол үшін мен орныңнан көтеріп тұрғызуға да бармын. (Орнынан тұрғызып, құшақтай алған кезде, Күлжан жұлқынып босанады.) Тағы! Аю - ан! Біржола жоқ қылайын!.. (Мылтығын алып көздеп тұрғанда да Күлжан тырп етпейді. Мылтықты бастық оның басынан асыра атады. Мылтық даусымен Наталия жетіп келеді.)

Наталия. Мырза, сауға. Бұл не?

Б а с т ы қ. Шпионың кім, мына?

Наталия. Шпион! Шпион болғанда осының қолынан не келеді дейсің. Жетім бала еді қорқып қалған ғой. Қорықпа, шырағым.

Бастық. Жоқ, қорқаққа ұқсамайды. Былай тұр!

Наталия. Қайтесіз бақыртып. Құрметті қонағым, ың-шыңсыз бәрін өзім реттеймін. Бар, самауырды әкел, мырза шөлдеп тұр. (Күлжан кетеді.) Ешбір алаңдамаңыз, сіз үшін мен бәрін алдын-ала қамдағанмын.

Б а с т ы қ. Әрбір орыс әйелі осындай болса?

Наталия. Немді көрдіңіз әлі? Үлкен сыйым алда жатыр, тақсыр.

Б а с т ы қ. Алда жатыр. Хе-хе-хе! Онша кәрі емес екенсіз... Балдақпен жүресіз, ә!

Наталия. Басқыштан құлап, азырақ сылтып жүргенім. (Самауыр көтеріп Күлжан кіреді.) Жақсылап тұрып құйып бер, енді. Сый қонақтарға арналған шарап бар еді, әкелші. (Күлжан әкеледі.)

Б а с т ы қ. Атың кім? Кәне, жарасалық бойжеткен?

К ү л ж а н. Атым Күлжан!

Бастық. Aha, тіпті жақсы сөйлейсің ғой өзің.

К ү л ж а н. Жақсы, жаманды сен де айыра білесің бе?

Б а с т ы қ. (Наталияға). Жетімің тым шадыр екен.

Наталия. Қазақтың басы бір шалқайса, жуырда еңкеймейді, мырза. Қайда барар дейсіз бірақ...

Б а с т ы қ. Казачка ма?

Наталия. Жоқ, қазақ қызы. Бұрын қырғыз деп аталатын олар.

Б а с т ы қ. Киргиз! Қайдан жүр мұнда?!

Наталия. Қайдан жүр деуге бола ма? ССРО да алпыс шамалы ұлт бар, бірімен-бірі мидай араласып жатады. Міне, менің өз күйеуім де қазақ еді, не айтасыз бұған.

Б а с т ы қ. Еһе, большевиктер адамның қанына дейін араластырып үлгірген. Біз сол қанды сұрыптаймыз.

Наталия. Я, алыста жатсақ та, оны естіп жатырмыз. (Бастықтың екі жолдасы келеді.)

1-жолдасы. Тақсыр, телефон орнатылды ана бөлмеге. Пулемет құрылды. Күзет қойылды. Қаланы тінтуші отрядтардан да рапорт келді. (Пакет береді.)

Бастық (ішінен оқып отырып). Ах, оңбағандар, бұдан да түк қалдырмай кеткен. (Хатты естірте оқып.) «Қаланы тінткенде барлық жинап алғанымыз: бір ақсақ, бір көр соқыр, бес шал, төрт кемпір, бір бала, тауықтың үш балапаны, шошқа азығына арналған бір арба картоп, бір жарым қап нанның сынығы. Жалғыз-ақ мол нәрсе — асқабақ екен. Жинап жатырмыз... Бұл тіпті, үйлердің үстінде, есік алдында да толып жатыр». (Тұнжырап отырады.) 

Наталия. Кәне, асқа отыралық, мырзалар. Ac тұрған жерде уайым тұрмайды. (Шай үстінде арақ құйылады.) Құрметті қонақтарым, орыс шарабын алыңыздар?

Б а с т ы қ. Өзіңізге, анау тентек қызға да құйыңыз.

Наталия. Маған дәрігер ішуге қоспайды... Қайдам, ол бала да ішпейтін еді.

Б а с т ы қ. Үйретеміз!

К ү л ж а н. Әуре болмаңыздар.

Б а с т ы қ (алара қарап). Ендеше өзіңіз алмай болмас.

Наталия. Япыр-ай, аурулығым үшін, өтінемін.

Б а с т ы қ. Әдетте үй иесі бастайды.

Күлжан (Наталия өзіне құйып жатқанда сескеніп, қолынан ұстай алады.) Ішкізбеймін!

Наталия. Көрдіңіздер ме? Маған да ішкізбейді!.

Б а с т ы қ (өңін суытып). Бәрін алып қой онда. (Пауза.)

Наталия. Қой, мұнымыз жарамас. Бері келші. (Күлжанды былайырақ әкетіп, екеуі сыбырласады. Содан кейін абдыраны ашып, бір әйел киімін әпереді.) Бөгелме, дереу ертіп кел... (Бастыққа.) Күзетшілеріңізге айтыңызшы, жасырынып жатқан бір қыз бар еді, ертіп келсін.

Б а с т ы қ. Олай болса бірің шығарып сал. (Наталия және қонақтардың бірі Күлжанды шығарғалы кетеді.) Сен де баршы, қатынды әңгімемен бөгей тұрыңдар. (Екінші жолдасы да шығады. Бастық үйдің ішін тінтеді, іштеме таппайды. Қолына әйелдің жібек штаны түседі. Көріп тұрып қызығады да, қалтасына салып жібереді.) Шарлотт бір қуансын. (Телефон бөлмесіне кіргенде газеттің бір жыртындысын ала шығып оқиды.) Ә. Осының өзі болар ма... Бір жапырақтан кескілеп өлтірермін - ау!.. (Қалтасына салып алады.)

Наталия (сөйлей ісіреді). Үйге кіріп әңгімелесейік, мырзалар. Менің білмейтінім жоқ бұл қалада.

Б а с т ы қ. Білсеңіз, Наумовна қайда қазір.

Наталия (мүдіріп қалады). Қай Наумовнаны айтасыз? Менің де фамилиям Наумовна.

Б а с т ы қ. Наумовна! Жиылыста сөйлеген шешен Наумовна, бір жапырағы қалғанша берілмейтін Наумовна сіз екенсіз ғой онда. Тіпті жақсы.

Наталия. Жиналыста сөйлеген?... Ә-ә, қазір келеді ол. Әлгі бала соған кетті ғой.

Б а с т ы қ. Ол Наумовна келе алмас мұнда.

Наталия (жақындай түсіп). Келеді, келетін реті бар... Байқаңыздар бірақ...

Б а с т ы қ. Паспортыңызды бере тұрыңыз.

Наталия. Көріңіз, көріңіз, сақтық жақсы. (Паспортын береді. Бастық газеттің жыртындысына бір, паспортқа бір қарап тұрғанда, Наталия қысылады, терезеге қарап, өзіне-өзі.) Енді қайттім, ұсталдым - ау!.. Кешіге тұрғай - ақты... Келіп қалса масқара болады. Ішкізу керек тезірек!..

Б а с т ы қ. Паспорттағы мен газеттегі Наумовна бір кісі боп шықты.

Н а т а л и я. Жоқ, газеттікі жаңылыс, қате. (Газетті көріп.) Е, бәсе мұнда Наумовна Н. Б. деген инициал тұр ғой. Мен Наталия Борисовна, көрдіңіз бе, газеттегі инициал Наталия Барановна... Қазір көзіңіз жетеді, келсін қазір... Ac үстінде әңгімелеселік, мырзалар... (Столға отырысады.) Кәне, қыздарды күтіп отырамыз ба?

Б а с т ы қ. Сізге қарайлап отырмыз.

Наталия. (өзіне құйып алып). Онда ішпей болмас. Орыс әйелі өзінің ұлы арманы үшін, жоғарғы мәртебесі үшін неден де болса тартынбақ емес. Сол үшін ішемін. (Ішіп салады.)

Б а с т ы қ. Кәне, мырзалар, фюрердің есендігіне. (Бәрі көтереді.)

Наталия (арақтың соңынан іле сүт жұтады.) Әлгі балалар менен ұялушы еді, еркін ойнап-күлулеріңіз үшін, төсегіме барып жатайын...

Б а с т ы қ. Мақұл. (Наталия ширманың ішіне енеді.) Әлгілер тез келгей - ақта.

1- жолдасы. Сіздің қармаққа сазан ілікті. Бізге табан іліксе де жарар еді.

2- жолдасы (күрсініп). Маған бәрінен де бір қатқан тон уайым.

Б а с т ы қ. Ертең, осындағы әлгі жәутіктердің бәрін тірідей бір орға құлатамыз да, жараған киімдерін сыпырып аламыз. Жаудың өлігі түгіл, өзіміздің өліктердің үстінде де бірде-бір жарамды киім кетпесін! (Күрсініп.) Орыстың қаһарлы қысы келеді!..

2 - ж о л д а с ы. Ілгерілеген сайын омбылап барамыз - ау?..

Б а с т ы қ. Я, Россия түпсіз ми екен, қозғалған сайын түбіне тартып барады. (Пауза. Маужырап отырып бірінен соң бірі сылқ құлап кетеді. Бастық орнында қатады. Аздан соң Күлжан, әйелше киінген Нұрлан келеді.)

Н ұ р л а н. Наталия, тірімісің? (Жүгіріп кеп ширманы жиып тастайды.)

Наталия (баяу). Я.

Н ұ р л а н. Ах, ішкізген екен жауыздар.

Наталия. Көрсетші. Көріп өлейін... (Басын көтеріп, өлген немістерді көрсетеді.) Ризамын... Кек қайтты... Сендер өркендеңдер... (Үзіліп кетеді.)

Нұрлан. Наталия, хош. Өлімің ардақты... (Күлжан сыңсып жылап жібереді.) Күзетшілер естіп қалады, шырағым. (Өлген немістердің документтерін сыпырып алып оқиды да сумкаға салады. (Аз ойланып.) Олар үшеу. Үшеуі үш жерде, а? Бірге үшеу - ау!..

Күлжан. Мен ше. Мамамның өшін алам.

Нұрлан (қанжарын ұсынып). Ал жаным, ал, әуелі қақпа алдындағыны жайлайық. Бастық шақырады деп ертіп кел. (Күлжан кетеді. Нұрлан қанжарын артына ұстап, бұғып тұрғанда күзетші келеді.)

Күзетші (бастыққа). Тақсыр, не бұйырасыз.

Нұрлан (қанжармен жарып құлатады). Енді, қалған екеуін жайғап келемін. Мылтық даусы шықса байқа, жақсы болмағаны...

К ү л ж а н. Мен де барсам қайтеді.

Н ұ р л а н. Жоқ, телефонның қасында бол. Егер бастықты сұрай қалса тынығып жатыр дегейсің. (Шығып кетеді. Тым-тырыс. Аздан соң бастық, ұйқыдан оянғандай көзін ептеп ашады. Орнынан азар тұрып Күлжанға ұмтылады. «У... у!...» дейді. Күлжан сасады, столды айнала береді.)

Бастық (мылтығын жоқтап). Бер, бер, бер өзіме?.. (Жолдастарының мылтығын алмақшы болады, таппайды.) Телефон!.. (Телефонға қарай сандалақтап барып қалғанда, Күлжан жүгіріп келіп қанжармен есіп жібереді.)

Күлжан. Мамам үшін!.. Жат малғұн! (Телефон шылдырайды.) Ало! Я... Бастық тынығып жатыр. (Трубканы іледі. Нұрлан келеді.) Не болды, папа?

Нұрлан (сыртқы әйел киімін шешіп жатып). Орындалды.

К ү л ж а н. Сіз кеткен соң мынау тіріліп алып, қуды ғой мені!.. Телефонға барып қалғанда не болғанымды білмеймін, жүгіріп келіп есіп жібердім.

Н ұ р л а н. Ержүрек айналайын!

К ү л ж а н. Өліп еді ғой, қалай тірілді? Әлде мамам да тірілер?

Н ұ р л а н. Мамаң біржола жұмған көзін. Мынау талып кеткен болу керек, жеме-жемге келгенде уды организм жеңіп шыққан ғой...

К ү л ж а н. Біреу телефон соқты, папа.

Нұрлан (елең етіп.) Ол не деді, сен не дедің?!

К ү л ж а н. Штаб! — деді. Я — дедім. Бастықты сұрап еді, тынығып жатыр — дедім. Сонсоң — тыныштық — деді де трубканы іліп кетті.

Н ұ р л а н. Сол тыныштықты бұзамыз енді. (Бір ағашты керосинге малып тұтатып алды да, терезенің форточкасынан үш рет жарқ еткізді.)

К ү л ж а н. Оның не, пaпa?

Н ұ р л а н. Партизандарға берген белгі. (Қол айна әкеліп Наталияның аузына тосады.)

К ү л ж а н. Бұның не, папа?

Н ұ р л а н. Жаны бар болса айна терлейді... я, біржолата ұйықтаған. Ардақты жолдас!.. (Айнаны екі немістің аузына әкеліп тосады.) Сеспей қатыпты. (Терезеден бір партизан көрінеді.) Штаб алынды. Сендер қалайсыңдар?

Партизан. Бұйрығыңыз орындалды, жолдас командир. Бес кісі алдынан тиюге бес бұтаның түбінде жатыр. Он кісі артынан тиюге он бұтаның түбінде жатыр. Өзен, көпір, мина даласы да команда күтіп тұрған сияқты. Енді тек ракета көрінсе болғаны...

Н ұ р л а н. Үшеуіміз осында боламыз. Күлжан екеуің даладағы қару-жараққа ие болыңдар! (Күлжан кетеді. Нұрлан терезеден енді бір рет ракета атады да, телефонға келіп трубканы көтереді.) 1-рота!.. Жаудың қалың қолы қоршап алды. Дереу қашыңдар, көпірге қарай... (2—3—4 роталарға да осылай бұйрық берісімен, үшінші ракетаны атады, іле мылтық дауыстары естіледі. Телефон шылдырайды.) Ало! Штаб! Қашып бара жатырмыз!.. (Пауза.) Көпірден өткізбей жатыр!.. Жау арттан да қамаған!.. Қырып барады!.. Оң жақта үш жүз метр шамасында жадағай өткел болу керек, солай қарай! (Пауза.) Ах, минаға ұшырадық. Онда, басқа жол қалған жоқ, өзеннен жүзіп өту керек. (Пауза. Хабар тоқталады.) Ало! Рота!.. Ало, 2-рота! Ало, 3-рота!.. Дымы өшті ғой, жұмысы біткен болу керек. (Трубканы тастап тыңдап тұрады. Мылтық даусы басылады.)

Күлжан (жүгіріп келіп есіктен). Папа, атыс тоқталды. Осылай қарай біреулер келе жатыр.

Н ұ р л а н. Тұтқынға алынғандар болу керек. Жіберіңдер. (Күлжан шығып кетеді. Нұрлан сырт киімін тастап, кіші командир формасымен отырады. Күлжан, неміс әскерінің үш-төрт бастығы және соларды айдаған үш-төрт партизан кіреді үйге.)

1- партизан. Жолдас командир, жау талқандалды. Бастықсымақтары мыналар. Екі-үш жүзі тұтқынға алынды. Өзгесін, жусаттық. Біздің он бес дін аман. (Тұтқындар бір-біріне таңдана қарады.)

Нұрлан (немістерге). Күмәнденетіні жоқ біз он бес ақ адам едік. (Өліктерді нұсқап.) Көтеріңдер! (Көтеpiп тұрады. Партизанға сумканы беріп.) Мә, сәлемдеме! Штабты хабарла. (Партизан кетеді.) Өз өлекселеріңді, өз қолдарыңмен көміңдер апарып...

1942 жыл.

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз