Бумын қаған (? — 552 ж) — түркілердің өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлғалардың бірі. Оның алғаш тарихқа танылуы түркі еліне Батыс Вей империясының елшілерінің келуімен тікелей байланысты. Бұл кезде түркі елі Жыужән қағанатының құрамындағы, соларға темір кенін өндірумен айналысатын бодан ел болатын. Бумынның бұл кездегі билік лауазымы ұлы йабғу (даиеху). Оған ол түркі елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) өлгеннен кейін, мұрагерлік жолмен ие болған.
Кезінде хатталып, қағаз бетіне түспегендіктен, Батыс Вей империясынан елші келгенге дейінгі түркі елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы белгісіз. Сондықтан да болар тарихшылар ортағасырлық түркілердің тарихын, шартты түрде, осы елшілер еклген да тун жылнамасының он бірінші жылынан, яғни 545 жылдан бастайды.
Елшінің келген мақсаты түркілердің Батыс Вей империясының бақталасы Шығыс Вей империясының одақтасы болып отырған Жыужән мемлекетіне қарсы қойып, қарсыластар күшін әлсірету әрі оларды күресте өздерінің жақтасы ету болатын. Бумынның аса ірі саясаткер, көреген басшы екенін танытатын тұс та, міне, осы кез. Ол алып империяның айдапсалына елігіп, билікке таласушылардың қол шоқпарына айналмай, өз саясатын жүргізе біледі.
Асылы, Бумын өзін империя қолдайды екен деп, аңдаусыз аяқ басудың апатқа ұрындырарын мейлінше ұққан сақ жан. Жылнамалар жеткізген тапшы деректер осыны дәлелдейді. Ол Батыс Вей секілді империяның қолдауын пайдаланып қалайын деп, телылар сияқты жанталасып, бірден атқа қонбайды. Батыс Вейдің елшісі кеткеннен кейін оларға өзінің елшісін жіберіп, бар жағдайды өз адамдары арқылы толық біліп алады. Күресте көмектеседі деген империясының өз көмегіне зәру мүшкіл хәлін көреді. Азаттық күресінде тек өз күшіне ғана сүйену керектігін, қазіргі жағдайында қыздырманың тіліне еріп, қарсы шыққанменен, дәуірлеп тұрған жыужәндарды жеңуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Сол себепті де ол ешкім күтпеген әрекетке барып, жыужәндарға қарсы жорыққа аттанған телы тайпаларын қолдау орнына, оларға тосыннан тиісіп, бүкіл елін өз қарауына қосып алады.
Бұл ретте «Жыу кітабы» (Жыушу): «Осы кезде (546 жылы) телылар жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарасты тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағындырады» деген дерек береді.
Осылайша еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін барып, ол жыужәндарға қарсы шығудың әрекетіне көшеді. Онда да өзі бірден тиіспей, жыужәндардың өзін соғысуға мәжбүрлейді. Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елшісін жібереді. Бұл сол кездің дипломатиясында: «менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған, әрине, Анагүй келісе алмады, тас талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап, «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барады» деп, арнайы шапқыншысын жібереді.
Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қапысыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру бұл дағы соғыс ашудың бір сылтауы болатын.
Ақыры фи ди жылнамасының бірінші жылының (552 жыл) бірінші айында Хуәй хуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерінің тас талқанын шығарды. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін өзі жарып өлтірді. Сөйтіп байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына кейін Ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түркі қағанаты орнады. Түркі елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялады. Әйеліне «Ел Білге қатын» деген атақ берді. Бірақ Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алмады. 553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі