Өлең, жыр, ақындар

Жидебай Батыр

Жидебай Батыр (1713-1812), белгілі батыр, әрі би, әрі шешен. Көріпкелдік қасиеті болған. Аты аңызға айналып, артында «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда» деген сөз қалдырған Жидебай аруақты батыр атанған. Шежіре бойынша Қаракесектен (Болатқожа) Ақша, Түйте туады, Түйтеден Майқы, Танас, Майқыдан Бөлекбай, Айтуған, Күнтуған (Сарым). Айтуғаннан Әлтеке (Айдос). Әлтекеден Алмұрат, Дос, Есболай, Өтеген. Алмұрат пен Дос, егіз еді деп айтылады. Жасанған жауға тайсалмай жалғыз шабатын Әлтеке Дос батырдан Қожаназар, одан Жидебай туады. Жидебай батырдың алғашқы үлкен жорыққа қатысуы Аңырақай соғысы делінеді.

Тарихта Жидебайдың Абылай ханның ерекше шолғыншы жасағын басқарған беделді де белді батыры болғандығы белгілі. Ел аузында Абылай хан алпыстан асқан Жидебай батырды Қарақожа еліне жорыққа жұмсағаны. Балқаш көлінің Ұзынарал тұсында су астында төселген тас өткелді тауып Жидебайдың өткені. Өткел арқылы кезінде Ұлы Жібек жолының бір тармағы өткені. Үш ғасырға жуық ұмыт болған өткелді Жидебайдың ғана тапқаны. Сөйтіп, жауға тұтқиылдан тиіп, Қарақожа елін бағындырып қайтқаны. Қарақожа «Бұл жолды Жидебай ғана білсе керек еді, өткелден өткізген көзің шыққыр Жидебай екен ғой» дегені жайында аңыз сақталған. Жидебайдың тоқсаннан асқан кезінде көзі көрмей қалғанда, көңіл сұрай келгендерге: «Жасымның жүзге келгені, Алты алаштың алғысы. Қос жанардың сөнгені Қарақожаның қарғысы» деп айтқаны мұны тиянақтай түседі. Сонымен қоса, Қаз дауысты Қазыбектің: ел аузында сақталып келген «Замана өтпес болсашы-ай, Жидекем өлмес болсашы-ай» деген өлең жолдары да. Жидебай батырдың халқына қадірлі ерекше тұлға екендігін аңғартады. Жидебай батырдың асқан домбырашы, күйші болғандығы, Абылай қайтыс болғанда «Қайран елім» атты күй шығарғаны туралы да дерек қалған. Алқалы жиында билік айтып, жөн сілтегеңде ел-жұртын қаһарымен емес, ақылымен, парасатымен ұйытып, өз заманында қалың елге мәшһүр болған Жидебай батырды Ақтоғай елі де ерекше құрметтеп, оның кейінгі кезде мекендеген жерін (Киров ауылын) Жидебай ауылдық аймағына өзгертті. 1993 ж. 14 тамызда Ақтоғай ауданында Жидебай батырдың туғанына 280 жыл толу тойына арналған ас берілді. Жидебай зираты казіргі Қарағанды обл. Шет ауданынын орталығы Ақсу-Аюлы ауылының күн батысында Нұра өзенінің бойында орналасқан.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз