Жанартау, вулкан — Жер қабатының тереңдегі жарылымдары мен жарықтарынан оның бетіне шығатын балқыған тау жыныстары мен ыстық газдардың геологиялық құрамалары. Латынша vulkаnus - от, жалын деген мағынаны білдіреді, ежелгі римдіктердің мифологиясындағы от құдайы ұғымынан шыққан. Жанартау жылына жер бетіне 5-6 км3 жанартаулық материалдар шығарады, оның 80%-ы су асты жанартауларына 20%-ы құрлықтағы жанартауларға тиесілі. Су асты жанартауы 3-4 км тереңдіктегі лавалық жарықтардан тыныш күйде шығып жатады, бірақ оларды тікелей бақылау мүмкін емес. Жер үсті жанартаулары атпа өнімдерінен құралады, ол орталық кратері бар конус пішінді тау түрінде болады.
Сөнбеген жанартаулардың ең жоғары салыстырмалы биіктігі — мұхиттарда 9 км, аралдарда 6 км, таулы өңірлерде 3 км-ге жетеді. Жердегі сөнбеген жартаулардың орташа биіктігі 1750 м, көлемі 85 км3. Жанартаулар сөнбеген, потенциалды сөнбеген, шартты түрде сөнген және сөнген болып жіктеледі. Сөнбеген жанартауға соңғы 3500 жылғы тарихи кезеңде атқылаған не ыстық газдар мен су шығарған жанартаулар жатады, олардың жалпы саны 947 (2008). Потенциалды сөнбеген жанартауға 3500-13500 жылдар ішінде байқалған голоцен дәуірінің жанартаулары жатады, олардың саны 1343. Голоцен дәуірінде ешқандай әрекет көрсетпеген, бірақ өзінің сыртқы пішінін сақтап қалған жанартаулар шартты сөнген жанартауларға жатады.
Эрозияға шалынған, жартылай үгіліп, бүлінген және кейінгі 100 мың жылдан астам уақытта ешқандай әрекет жасамаған жанартаулар сөнген жанартау деп аталады. Жанартау шығу жолдарына байланысты орталық және жарықшақты болып бөлінеді. Магманың шығу тереңдігіне қарай жанартау мантиялық (30-70 км және одан да терең), қыртыстық (5-45 км) және аралас болып бөлінеді. Бірінші жағдайда базальт жынысы, екінші жағдайда басым көпшілігі андезит, дацит, липарит тау жыныстары, үшіншісінде барлық жанартаулық тау жыныстары шығады. Жанартаулардың атқылауы ұзақ (бірнеше ондаған, жүздеген жыл) және қысқа (бірнеше сағат) мерзімді болады. Атқылау алдында жердің сілкінуі, дыбыс шығаруы, магнит өрісінің өзгеруі, т.б. құбылыстар байқалады.
Жанартау атқылауы, әдетте газ бен суық лава кесектерін атқылаудан басталады. Кейде бұл атқылаулар лава (жанартау әсерінен Жер бетіне төгілетін отты-сұйық балқыма) ағуымен қатар жүреді. Қопарылыс күшіне байланысты күл мен лава кесектері ілескен ыстық газ бен бу 1-5 км және одан да үлкен (мысалы, 1956 жылы Камчаткадағы Безымянный жанартауының өнімдері 45 км биіктікке көтерілген) биіктікке көтеріледі. Атылған заттар айнала бірнеше км-ден мыңдаған км-ге дейін шашырайды. Жанартау атқылауынан шығатын жанартаулық өнімдер газ тәрізді (жанартаулық газдар), сұйық (лава) және қатты (жанартаулық тау жыныстары) болады. Атқылау сипатына және магманың құрамына қарай жанартау бетінде биіктігі мен пішіні әр түрлі геологиялық құрылымдар пайда болады. Жанартаудың сұйық заттары кремнезем мөлшеріне қарай қышқыл, орта және негізгі құрамды лавалардан тұрады. Жанартау орталық кратерден және беткейлеріндегі қосалқы кратерлерден атқылайды.
Жанартаудың өте жоғары қысымдағы бір рет атқылауынан маар деп аталатын төңкерілген конус пішінді ойыс, ал аса кұшті атқылау кезінде жанартау конусы мен оның маңайының опырылуынан диаметрі кейде ондаған км-ге жететін кальдера деп аталатын үлкен ойыстар пайда болады. Жанартау әрекетінің себептері жер қыртысындағы күшті тектоникалық қозғалыстармен, магманың массасымен, күшті қатпарлану процесстерімен байланысты. Жер қыртысындағы аса терең жарылыстар магманың жоғары көтерілуіне жол ашады, үздіксіз тектоникалық қозғалыстар оның жер бетіне шығуына мүмкіндік береді. Қазіргі әрекетті жанартаулар күшті тектоникалық қозғалыстар байқалатын ұзындығы жүздеген, мындаған километр жас тау жоталары мен аса ірі терең жарылымдар бойында және мұхит түбі мен доғалы аралдарда орналасқан. Жанартаулардың 2/3-сі Тынық мұхиттың жағалары мен аралдарында (Тынық мұхиттың жанартаулық белдеуінде), Жерорта теңізі маңы мен Атлант мұхиты аймағында кездеседі. Жанартау өте қатерлі табиғи құбылыс болғандықтан, олар-ды алдын-ала болжау үшін зерттеу және бақылау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.
Жанартаулық тау жыныстары, вулканиттер – жанартау атқылауынан пайда болған тау жыныстары. Атқылау сипатына байланысты жыныстардың 2 типі түзіледі: эффузивті тау жыныстары және пирокласты жыныстар (жанартау күлі, құм, туфтар, туфты брекчий). Жанартаулық тау жыныстары қалыптасу жағдайына қарай эффузивті, экструзивті, жанартаулық-кесекті, жанартаутекті-шөгінді болып ажыратылады. Эффузивті тау жыныстары магманың лава күйінде жер бетіне ағып шығып қатаюынан қалыптасады. Олардың пішіні лаваның тұтқырлығы мен сол ауданның жер бедеріне байланысты күмбез, конус тәрізді төбелер болып қалыптасады. Экструзивті жыныстар тұтқыр магманың сығылып шығып, күмбез пішінді болып қатаюынан пайда болады. Эффузивті жыныстардың сыртқы пішіні қатты өзгерген көне түрлері палеотипті, ал пішіні сақталған жасырақтары кайнотипті жыныстар деп аталады. Жанартаулық-кесекті жыныстар эффузивті кесекті, эксплозивті кесекті және шөгінді жанартау кесекті болып бөлінеді. Эксплозивті кесекті жыныстар түгелдей жанартаудың атқылау өнімдері - пирокластардан тұрады. Жанартаулық тау жыныстары Қазақстанның барлық аймақтарында кеңінен тараған: олармен темірдің, полиметалдың, мыстың, марганецтің, күкірттің, алтынның және басқа да элементтердің кендері бірге кездеседі. Құрылыс материалы ретінде кеңінен қолданылады.
Жанартаутекті шөгінді жыныстар — жанартаулық және шөгінді материалдардан тұратын тау жыныстары. Олар жанартаукесекті шөгінді жыныстар, тефроидтар және жанартаутерригенді жыныстар болып үшке бөлінеді. Жанартаутекті шөгінді жыныстарда яшма, фосфорит, боксит, темір, марганец, бораттың кендері кездеседі.
Жанартаутекті шөгінді кендер — теңіздердің түбінде жанартаутекті шөгінді жыныстардың шөгуінен түзілген кендер. Мүндағы минералдық заттар жанартаудың ыстық газы мен суынан бөлініп, жанартау лавасы мен күліне сіңеді. Кейін суынған лава мен күл теңіз суынын әсерінен әр түрлі бөлшектерге ыдырай бастайды. Ал жанартау әрекеті қайталанып, жаңадан бөлінген газдар мен сұйық ерітінділер қайта әсер еткенде олар ериді, сілтісізденеді, тотығады, жаңа химиялық қосылыстар, минералдар түзіп, шөгеді және су массасымен бірге бір орыннан екінші орынға көшеді. Сөйтіп, жанартау атқылауымен жердің терең қабаттарынан келетін заттар ыдырап жер беті суымен тасымалданады. Жанартаутекті шөгінді кендерге силикаттар мен карбонаттардан, оксидтер мен гидроксидтерден тұратын темір мен марганецтің аса қалың қабаттары, құрамында темір, мыс, мырыш, кейде қорғасын сульфиттері және барит пен гипс болатын колчедан кентастары жатады. Мұндай кендер барлық геологиялық жүйелерде кездеседі. Жанартаутекті шөгінді кендерге Орталық Қазакстанның темір-марганец, Кенді Алтайдың полиметалл кен орындары жатады.
Жанартау шынысы, обсидиан — жанартау лавасының жер бетінде тез суып, кристалданбай қатаюынан пайда болатын тау жынысы. Химиялық құрамына қарай ультранегізді, негізді, орта, қышқыл, сілтілі болып бөлінеді. Жанартау шынысы химиялық құрамына, суу ортасына байланысты ажыратылады. Құрамында кремний оксидінің (SіО2) мөлшері көп, өте тұтқыр, қышқыл риолит лава түрлерінің қатаюы кезінде обсидиан деп аталатын жанартау шынысы түзіледі. Ал сирегірек кездесетін SіО2-ге кедейлеу базальттық лавалар шыны түрінде қатып, мөлдір емес қара базальтты жанартау шынысы — тахилит түзеді. Лава сулы ортада қатқан жағдайда жанартау шынысының құрамында (мысалы, пехштейн, яғни шайыртас) су көптеу болады. Кеуекті жанартау шынысы пемза деген атпен белгілі. Перлит жанартау шынысының құрамында 3-5%-ға дейін байланысқан су болады, ол өнеркәсіпте қолданылады. Жанартау шынысы шыны өндірісінде және құрылыс материалы ретінде қолданылады. Кендері Солтүстік Қазақстанда (Торғай), Шығыс Қазақстанда (Семейтау, Тарбағатай, Зайсан), Алматы (Жоламан, Малайсары), Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында белгілі.
Оқуға кеңес береміз:
Әлемдегі ең қауіпті белсенді жанартаулар
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі