Шөлейтті аймақтар Қазақстан территориясының 50%-ын қамтиды. Ол солтүстіктен оңтүстікке қарай 900 және шығыстан батысқа қарай 3000 шақырымға созылып жатыр. Бұл аймақтың ауа-райы құрғақшылығымен ерекшеленеді. Жылына орташа есеппен 150-220 мм (негізінен қыс мезгілінде) аралығында жауын-шашын мөлшері түскенімен, ылғал 8-10 есе көп буланып кетеді. Қаңтар айындағы орташа температура -5°С-тан -15°С-ты құраса, қар жамылғысы да аз мөлшерде, яғни 7-10 см болады. Ал шілде айында орташа температура +27-тан +30-қа дейін жетеді, тіпті кейде +45-қа дейін көтеріледі. Бұл аймаққа топырақ бетін кептіріп жіберетін қатты желдер тән. Шөлейт аймақтағы вегетациялық кезең ұзақтығы орташа есеппен 220-240 күнді құрайды.
Бұл аймақта өсетін өсімдік түрлері де көп емес. Тек өзен жағалаулары бойына орналасқан ағаш және бұталы өсімдік түрлері, яғни тоғайлар немесе тоғайлы ормандар ғана айналаға ерекше көрік беріп тұрады.
Қазақстан территориясында тоғайлы ормандар үлкен жерді алып жатқан жоқ, олар көбінесе жолақты немесе кішкене тоғай түрінде кездеседі және кең көлемде шалғынды шөптесін өсімдіктермен алмасып жатады. Ал, әбден қалыптасып қалған тоғайларда ағаштар, ірілі-ұсақты, шырмалып өсетін бұталар, шөптесін өсімдіктердің бәрі өзара үйлесім табады. Олардың арасында дәрілік және бағалы техникалық өсімдіктер көптеп кездеседі. Ылғалды жерлерде қамыс та өседі.
Тоғайда өсетін өсімдіктер дүниесі жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің 600-ге жуық түрін құрайды. Терек, тал, жиде сияқты ағаштар, сондай-ақ аракідік кездесетін шырғанақ тоғайдың сыртқы келбетін айшықтай түседі.
Орта Азия тоғайларында негізгі орман түзетін ағаш тұқымдасына тораңғылар жатады. Ол - талдар (Sаlіхасеае) тұқымдасының өкілі. Тораңғы - діңі жуан, желегі жартылай шар тәрізді кең жайылған ерекше сәнді ағаш.
Қазақстанда кездесетін көпке танымал екі түрі, әрі жиі кездесетіні — Қара тораңғы — Рорulus dіvеrsіfоlіа (Sсһrеnk). Ол шөлді Арал аймағынан Балқаш, Алакөл ойпатына дейінгі аралықта бұрынғы өзен арналарында, өзен жағалауларында, құмды төбелердің арасындағы егістіктерде, тіпті кейде тақырға ұқсас сортаң жерлерде де кездеседі.
Қара тораңғының биіктігі 30 м, диаметрі 1,5 м, қабығы сары-сұр түсті, оңай сыдырылады, терең тілімделген болады. Балауызды қалыңжапырақтары жасыл-сұр түсті, әрі жас өркендері мен бұтақтарда орналасқан жапырақтарының пішіні әр түрлі болып келеді. Сондықтан қара тораңғының кейде «түрлі жапырақты тораңғы» деп аталуы да осыған байланысты болса керек.
Тораңғы басқа теректер сияқты екі үйлі ағаш, желмен тозаңданады. Аталық масақтары қысқа, тығыз, әрі жуан, ұзындығы 2,5 см, ені 0,5 см, гүлдерінің саны көп. Сырғаларының ұзындығы 3-7 см. Тұқымының ұзындығы 0,8-0,9 мм, дөңгелек-ұзынша, қоңыр қызғылт түсті. 1000 тұқымының салмағы 0,10 - 0,11 грамды құрайды.
Сәуірде гүлдеп, маусым-шілде айларында тұқымы піседі. Құрғақшылыққа, тұзға төзімді. Атпа тамыры арқылы көбейеді, көктемде қалемшелермен де тамырланады. Көшеттерін ылғалды ортада тұқымынан өсіреді.
Бұл өсімдік негізінен 200-300 жыл өмір сүреді, шөлейтті жерлерде өзінің әдемілігімен көрік беріп тұратын ағаш.
Таралу аймағы: Орта Азия. Қазақстанда Сырдария өзендерінің тоғайлы ормандарында, Балқаш көлі маңайында, Бетпақдалада, Қарақұмда, Қызылқұмда, үлкен Борсық құмында, Балқаш көлінің солтүстік жағалауында кездеседі.
Тораңғыны қорғаныш орман алқаптарын жасауға, ормандандыру және құмдарды бекітуге, Атырау, Балқаш, Жезқазған т.б. жерлердегі өнеркәсіп орталықтарын және елді мекендерді көгалдандыруға пайдаланылады. Бұған жақын түрлері: Литвинов терегі (Р. Lіtwіnоvіаnа (Dоdе) Іле өзенінің алқаптарында, Қаратауда ормандар құрайды.
Оқуға кеңес береміз:
Қазақстанның таңғажайып жерлері
Қазақстанның көз тоймас көрікті жерлері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі