Өлең, жыр, ақындар

Мөде Қаған

Мөде қаған (қытай жазбаларында Маодунь, кейбір әдебиеттерде Оғыз қаған, т.ж.б. - б.з.б. 174 ж.) — ғұндардың әйгілі тәңірқұты. Әкесі Тұман да ғұн көсемі болған. Мөде әкесі дүниеден қайтқан соң мұрагерлік жолмен тәңірқұт тағына отырады. Тұманның уақытында ғұндар біраз жерлерінен айырылады. Мөде билік құрған тұста, яғни б.з.б. III ғасырдың аяғындағы кезеңде ғұндар қуатты елге айналды. Мөде қолбасшылық дарынының арқасында сан мыңдаған мықты әскер құрып, онда темірдей тәртіп орната алды. Ол шынықтырған шабандоз садақшылары ептілік пен әскери қабілет жағынан бәрінен басым түсетін. Мөде ержүрек әрі тапқыр қолбасшы еді. Мөде ұшкан кезде жанды түршіктірер ащы дыбыс шығаратын жебе ойлап тапты. Осы дыбыстың өзі жау әскерінің бойына үрей қондыратын.

Мөде көршілес халықтарды, батыста иран тілдес көшпелі тайпалар — юечжилерді, солтүстікте — Енесай бойындағы ежелгі қырғыздар мен Оңтүстік Сібір тайпаларын, шығыста - дунхуларды бағындырды. Ал оңтүстікте қуатты Қытай мемлекетімен күрес жүргізді. Қытайлар Мөде қағанға жібек, бидай және басқа да тауарлар түрінде жиі-жиі салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Қытай императоры оған әйелдікке ханшайымдарын берген. Соның нәтижесінде ғұндар мен Қытай арасында біраз уақытқа бейбіт келісім жасалған. Ғұндардың тегеурініне төтеп беру үшін қытайлар өте ұзын және берік Ұлы қорған тұрғызған, ол қазіргі күнге дейін сақталған.

Құдіретті көршілеріне тәуелді болған елін олардың тырнағынан жұлып алып, тұңғыш көшпенділер империясын құрған ұлы қолбасшы — Мөде қаған б.з.б. 174 жылы қайтыс болды. Ол құрған Ғұн мемлекеті үш жүз жыл өмір сүрді, ал оның ұлы әміршісінің есімі мыңжылдықтар бойы жасап келеді.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

ера

вери год

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер