Өлең, жыр, ақындар

Өнімнің өзіндік құны

Өнімнің өзіндік құны — кәсіпорындардың өнім өндіру мен өткізуге жұмсаған ағымдағы ақшалай шығыны, яғни өнімді өндіру мен өткізу (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) үдерісінде пайдаланылатын табиғи ресурстардың, шикізатты, материалдардың, отынның, энергияның, негізгі капиталдың, еңбек ресурстарының, басқа да шығындардың құндық бағасы. Шығындардың өндіріс үдерісімен байланысы тұрғысынан өнімнің цехтық, өндірістік және толық құны түрлеріне бөлінеді. Цехтық өзіндік құнда цехтарда өнім өндірумен байланысты шығындардың өзіндік құны қамтылады. Өндірістік өзіндік құнға цехтық өзіндік құн жалпы өнеркәсіпті басқарумен, ұйымдастырумен және оған қызмет көрсетумен байланысты шығындар жатады. Толық өзіндік құн өндірістік өзіндік құнды және өнімді өткізумен байланысты өндірістен тыс шығындар және өнімді өндіруге қатысы жоқ басқа да шығындарды қамтиды. Ресурстарды үнемдеуге көптеген техникалық-экономикалық факторлар әсер етеді, олар ішкі өндірістік және өндірістен тысқары факторларға бөлінеді. Өндірістен тыс факторлар — кәсіпорын ықпал ете алмайтын факторлар. Оларға салықтар мен төлемдердің ставкалары, шикізаттың, материалдардың, машиналар мен жабдықтардың нарықтық бағасы, көлік тарифтері мен электр энергиясының тарифтері және басқалар жатады. Ішкі өндірістік факторлар — кәсіпорын тарапынан басқарылатын факторлар. Оларға өнімділігі жоғары техника мен прогрестік технологияны енгізу, өндірістің механикаландырылуы мен автоматтандырылуы деңгейін арттыру, негізгі капиталды тиімді пайдалану, айналым қаражатының айналымдылығын жеделдету, жұмыскерлердің еңбек өнімділігін арттыру, еңбек пен өндірістің ұйымдастырылуын жетілдіру, т.б. жатады.

Кәсіпорынның шығындары өндіріс үдерісімен байланысының сипатына қарай негізгі және үстеме шығындарға, олардың жекелеген бұйымдардың өзіндік құнына жатқызылуы тәсіліне қарай тікелей және жанама шығындарға, өндірістің көлеміне қарай шартты-тұрақты және ауыспалы шығындарға бөлінеді. Сондай-ақ шығындарды экономикалық мазмұнына жәнекалькуляцияның баптарына қарай да топтастыру қабылданған. Шығындардың экономикалық нышандары бастапқы, біртекті топтар болып келеді. Калькуляцияның баптары бойынша топтастыруда шығындардың орны мен мақсаты ескеріледі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз