Өлең, жыр, ақындар

Алтын Орда және оның ыдырауы

Шыңғыс хан 1227 жылы тамызда қайтыс болды, бірақ Алтын Орда жаулап алу жорықтарын оның ұрпақтары әрі қарай жалғастыра береді. 1235 жылы ханзадалар мен ақсүйектер бас қосқан бүкілмонғолдық құрылтайда солтүстік-батыс елдерін жаулап алып, оларды Шыңғыс ханның өзінен бұрын, 1227 жылдың басында өлген үлкен ұлы Жошының ұлысына қосып беру жайында ұйғарым жасалады, әкесі тірі кезінде табыстаған ұлыс әлі де Жошы ұлысы аталатын. Монғол әскерлерінің бас қолбасшысы болып Жошының екінші ұлы Бату (Батый) тағайындалады.

Жеті жылға (1236 -1242) созылған Бату шапқыншылығы кезінде Еуразияның бейнесі адам танымастай өзгерді. Еділ бойы болгарларының мемлекеті жойылды, батыс қыпшақтарының әулеті құрып бітті, олардан басқа да бірқатар дербес елдер мен билік басындағы әулеттердің аты біржола өшіп тынды. Тарихта тұңғыш рет Ертістен басталатын Ұлы Дала, шын мәнінде тіпті шығыстағы Енесайдан күнбатыстағы Дунайға дейінгі ұлан-ғайыр қоныстың бәрі бір ғана әулеттің — Жошының еркек кіндік ұрпақтарының — қолына көшіп, солардың иелігіне айналды.

Жошы ұрпақтары иелігінің солтүстік шеті енді Болгар қаласы (қазіргі Татарстан аумағы) мен Башқырд облысы, оңтүстік шекарасы Кавказдағы Темір Қақпа (Дағыстандағы Дербент қаласы) болды; Жошы ұлысының оңтүстік-шығыс аумағы Жоғарғы Ертістен Алакөлге дейін, одан әрі Көкше теңіздің (XVIII ғасырдан бастап — Балқаш) оңтүстігі арқылы Сырдарияға қарай ойысқан байтақ өлкені қүрады, Одан әрі шекара Сырдарияның орта тұсы өңірі арқылы, Арал теңізінің оңтүстігі, Солтүстік Хорезм мен Үргенішті қоса (Әмударияның төменгі саласы) Үстірт жазығы мен Маңғыстауға қарай созылып кете береді.

Алтын Орда Жошы ұлысының алғашқы билеушісі Бату, әкесінің інілері Үгедей мен Шағатай өлген соң (І24І жылдың соңы, 1242 жылдың басы), XIII ғасырдағы парсы жылнамашысы Жувейнидің айтуы бойынша, «барлық ханзадалардың үлкені (ағо)» болып есептеледі де, аса зор беделге ие болады, тіпті кей тұста жоғарғы билеушінің дәрежесіне дейін көтеріледі. Сөйте тұра ол өмірінің соңына дейін Монғол империясындағы екінші адам болып қала берді де, дербес мемлекеттің басшысы бола алған жоқ. 1227-1255 жылдары билік жүргізген Батудың тұсында дат одан кейінгі оның алғашқы мұрагерлері Алтын Орда Сартақ, Ұлақшы, Беркелер билеген кезде де, Жошы ұлысы Монғолиядағы Қарақорым орталығына қарайтын ұлан-байтақ Монғол империясының бір құрамы ғана болып кала берді.

Жошы ұрпағы саяси теуелсіздікке тек Батудың немересі Мәңгі-Темір (1267-1280) билеген жылдары ғана қол жеткізді. Жошы ұлысы билеушілерінің ішінен сол ғана алғаш рет өз атынан «ұлы хан дәргейіндегі» атақпен теңге шығарып, жарлық үлестіретін болды. Айталық, орыс дінбасыларына тапсырылған жарлықта оның 1267 жылы тамыз айында берілгені көрсетілген.

Алтын Орда Сөйтіп, XIII ғасырдың 60-жылдарының соңына қарай Жошы ұлысы жалпы империялық орталықтан бөлініп, өз алдына дербес мемлекет болып шығады. Ұзақ жылдар бойына әр түрлі билеушілер басқарып келген монғолдың осынау жаңа мемлекеті мұсылман авторларының жазбаларында да, орта ғасырлардағы ресми кұжаттар мәтіндерінде де әр түрлі, көбіне тіпті ел билеушілердің атымен байланысты сөздермен аталып келген. Толық емес тізімнің бір түрі мынадай: Жошы ұлысы, Дешті Қыпшақ, Өзбек мемлекеті, Өзбек ұлысы, Берке елі, Бату үйі, Ұлық ұлысы

Жошы әулеті билеген мемлекет зерттеме әдебиетте Алтын Орда атымен белгілі болып келді. Осы жерде айта кететін бір нәрсе, «Алтын Орда» атауы ол кезде жоқ болатын. Бұл атау Алтын Орда мемлекеті әбден ыдырап біткеннен кейін — XVI ғасырдың екінші жартысында, тек қана орыс әдебиетінде пайда болды. Осының өзінде орыс нұскаларындағы «Алтын Орда» атауы тек қана Жошы хандығының орталық және батыс өңірін ғана білдіріп қоймай, хан ордасы деген ұғымды қоса атқарған. Біртұтас Жошы ұлысының аты ретінде «Алтын Орда» ұғымы тарихи еңбектер беттерінде тек XIX ғасырда ғана біржолата орнықты.

Жошы әулеті иелігінің құрамында әр түрлі тілде сөйлетін, медениеттің әрқилы деңгейінде тұрған, түрлі дін ұстанған көшпенділер де, отырықшы халықтар мен тайпалар да болды. Мәдениетті елдермен араласу, Шыңғыс әулетіне қараған әскери-көшпенді ақсүйектердің мұсылман дәстүріне бейімделуі Жошы ұлысының алғашқы негізгі құрылымын өзгерткен жоқ. Экономикалық тұрғыдағы әр түрлілік болмаса, Жошы ұрпақтарының мемлекеті саяси құрылымы жағынан шын мәніндегі көшпелі мемлекет қалпында қала берді де, үш әскери-әкімшілік округке: оң қанат, сол қанат және орталық болып бөлінді, ез кезегінде олар да ұлыстар не ордалар деп аталған ұсақ үлес-иеліктерге бөлініп отырды,

Алтын Орданың алғашқы астанасы Бату ханзада XIII ғасырдың 50-жылдарының басында Еділдің теменгі саласы Ақтұба өзенінің сол жағалауына салдырған Сарай (парсы тілінен) қаласы болды. XIV ғасырдың 30-жылдарының басында Сарай әл-Жадид (Жаңа Сарай) салынып, Алтын Орда мемлекетінің астанасы сонда көшірілді (1395 жылы Әмір Темір әскері қиратқан бұл қаланың қалдығын Ресейдің Волгоград облысына қарайтын Царев селосы маңынан табуға болады). Әйтсе де Сарай да, Сарай әл-Жадид те Алтын Орда хандарының тұрақты ордасы бола алған жоқ. Алтын Орданың тұңғыш билеушілері Бату мен оның інісі Беркеден бері қарай екі резиденциялы жүйе қалыптасқан болатын; Сарай қаласы (кейіннен Сарай әл-Жадид) қала тірлігі мен сауда орталығы болып қала берді де, елдің саяси өмірінің орталығы — ханның көшпелі резиденциясы, елдің тіршілік-мүддесі, билік-жарлық, қысқасы мемлекет ісінің барша басқару жүйесі орналасқан хан ордасы болып саналды.

Бұл жағдай XV ғасырда Алтын Орда түгел ыдырағанға дейін сақталып келді. Алтын Орда жайында өзінің «1394-1427 жылдар аралығындағы Еуропа, Азия, Африкаға саяхатында» Иоганн Шильтбергер былай деп жазады:

«Мен сондай-ақ Ұлы Татар (Жошы ұлысын ол осылай атаған. — Т.С.) жерінде де болдым. Бұл елдің королі мен шонжарлары қысы-жазы қатын бала-шағасымен, мал-мүлкімен көшіп жүреді, отарларын айдап, басқа да қазына-мүлкін артып алып, осынау теп-тегіс жазық елде бір жайылымнан екінші жайылымға қарай жылжиды да отырады»,

Басқа кез келген мемлекеттің тарихындағы сияқты, Алтын Орданың тарихында да әр түрлі аумалы-текпелі бұлғақ кезеңдер, жұрт берекесі кеткен дәуірлер болған. Жошы ұлысы монғолдарының өздерінің арасындағы ішкі талас-тартыстар сонау XIII ғасырдың аяғында-ақ басталған болатын. XIV ғасыр басында сәл-пәл толас алды да, 1312 жылы Тоқтай хан өлген соң ол талас-тартыс қайта күшейе түсті. Өлген ханның өсиеті бойынша оның тағына өз ұлы Елбасар отыруға тиісті еді. Бірақ билік басындағы би-сұлтандардың көпшілігі бірауыздан Өзбек ханзаданы хан етпек болды да, ақыры Елбасардың жақтастарын құрта отырып, соны таққа отырғызды.

Өзбек ханның замандастары мұсылман авторлары жазбаларында оның сырт көркі келісті, мінезі жайсаң, жаужүрек қайсарлығымен көзге түскен, алысты болжайтын көреген, Шыңғыс ханның заңдары мен жарғыларына (йаса ва йусун) ізетпен қарайтын әмірші деп сипаттайды. Өзбек хан монғол жене түркі тілдерін білген.

Өзбек хан билеген (1313-1341) кезеңде Алтын Орда мемлекетінің өмірінде елеулі өзгерістер болады. Бәрін тәптіштеп тізіп жатпай-ақ, бұл жерде оларға себепші болған үш жағдайға ғана тоқтала кетпекпін.

1321 жылы Өзбек хан ислам дінін қабылдап, мұсылманша Мұхаммед деген ат алды да, Сұлтан Мұхаммед Өзбек хан атына ие болып, ислам дінін Алтын Орда мемлекетінің ресми діні етті.

Өзбек хан билік құрған кезеңдегі 1335 жылғы Алтын Орда оқиғаларын суреттеген мұсылман авторларының жазбаларында өзбекий-ан (өзбектік, өзбектіктер) сөзі мен мемлекети өзбек (өзбектіктер мемлекеті) сияқты сөз тіркесі алғаш рет қолданыла бастады. Бірте-бірте Алтын Орданың мұсылман әміршісі Өзбек хан есімі Жошы ұлысының әр түрлі тайпалы тұрғындарының жинақтама атына айнала бастады.
Өзбек хан билеген уақытта хандық билік күшейе түсті, саяси орталықтану жолға койылып, жаңа қалалар, оның ішінде Алтын Орда мемлекетінің екінші астанасы болған Сарай әл-Жадид салынды. Мұсылман-сүннет Өзбек ханның өзі де сол 1395 жылы Әмір Темір (Орта Азияны 1370-1405 жылдары билеген) әскері тас-талқан етіп қиратқан Сарай әл-Жадид қаласында жерленеді.

Алтын Ордадағы хан билігі Өзбек ханның ұлы Жәнібек хан билеген (1342-1357) тұста да әжептәуір күшті болды. Жәнібектен кейін таққа оның ұлы Бердібек отырып, 1357-1359 жылдары билік жүргізді. Ол барып тұрған қорқау, билікқұмар болды. 1413 жылы жазылған «Мунтахаб ат-тауарих-и Муини» мен 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансаб» авторларының айтуынша, өзі билік құрған кезде Бердібек таққа таласар деген қауппен өзінің ет жақын туыстары, Жошы ұлысының өзімен кіндіктес ханзадаларының көпшілігінің көзін жояды. Бір әңгімеде Тайдула ханша Бердібекпен емшектес сегіз айлық баласын көтеріп келіп, осы бір кінәсіз сәбидің жанын қиюды жалына сұрағанда жауыз Бердібек баланы оның қолынан жұлып алып, міз бақпастан жерге бір ұрып өлтіргендігі жайында айтылады.

Сұлтандар (XIV ғасырдан бастап Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысында Шыңғыс ханнан тараған әулеттің әрбір мүшесі сұлтан атала бастады) тұқымын тұздай құрту саясатының ақырында 1359 жылы Жошының тікелей Бату ханнан тараған бір бұтағы біржола құрып бітеді. Бұл 1255 жылы өлген Батудан соң жүз жыл ішінде болған жағдай.

Алтын Орда ішінде бұлғақ пен сарай төңкерістері кезеңі басталады. XIV ғасырдың 60-70-жылдарында Жошы ұрпағы билікті бірінің қолынан бірі тартып алып, өзара қырқыс барысында біреуі жарты жыл, біреуі бір жыл, екі жыл, ең ұзақ билегені үш жылға жетпей биліктен тайдырылып отырды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз