Өлең, жыр, ақындар

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Германия

Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген Германия жері Потсдам конференциясының шешімі нәтижесінде АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Кеңестер Одағының оккупациялық зоналарына бөлінген еді. Сондай-ақ 1946 жылдың 2 желтоқсанында ағылшын-америка зоналары бірігіп Бизонияға айналған болатын. Осы оккупацияланған зоналарда неміс партиялары мен әкімшіліктері де кұрыла бастаған еді. 1945 жылдың маусымында ағылшын зонасындағы Кельн қаласында ХДО (Христиандык-демократиялық одағы) кұрылды, оның төрағасы болып Конрад Аденауэр сайланады. 1945 жылдың қазанында Баварияда — ХӘО (христиандык-әлеуметтік одағы) кұрылып, кейіннен олар ХДО/ХӘО болып ынтымактастық келісімге келеді. 1946 жылы ЕДП (Еркін демократиялық партиясы) батыс зонада кұрыла бастайды. Оның төрағасы болып Теодор Хейс сайланған болатын. Ал Шығыс оккуппациялық зонада, яғни Кеңестер Одағының оккупациялық зонасында ГКП (Германияның Коммунистік партиясы) мен ГСДП (Германияның социал-демократиялық партиясы) бірігіп, ГСБП (Германияның социалистік бірыңғай партиясы) кұрған болатын.

Батыс оккупациялық зоналардын бірігуіне байланысты, 1948 жылдың ақпанында Бизонияға француз зонасы қосылып, «Тризония» пайда болып, бірыңғай экономикалық аймаққа айналады. Жалпы батыс оккупациялық зонасының экономикалық даму деңгейіне «Маршалл жоспары» көлеміндегі көмек елеулі ықпал етті. Осы жоспар көлемінде Батыс Германия аймағы 1948-1952 жылдар аралығында 1,4 млрд АҚШ долларымен көмек алды. Бұл өз кезегінде экономиканың қалыптаса бастауына өте қажет еді. Ал бұл кезеңде Кеңестік оккупациялық зонада өндірісті социализациялау кең қаркынмен жүзеге асырылып жатты.

Батыс одақтастар өз зоналарындағы экономикалық дамуға жағдай жасау қажеттігіне орай 1948 жылдың 20 маусымында валюталық реформа енгізеді, яғни батыс зонада ендігі жерде жаңадан шығарылған неміс маркасы жүреді. Бұған жауап ретінде Кеңестер Одағы өз зонасында да жаңа ақша өлшемін енгізіп, оның бүкіл Берлин қаласында күшіне кіреді деп мәлімдейді. Ал 24 маусымда Кеңестер жағы Берлин қаласын толығымен қоршауға алып, батыс зонамен қатынасты тоқтатады. Сол кездегі Берлин қаласындағы кеңестік өкіл маршал Соколовский «Бұл қоршау Лондон, Вашингтон және Париж жағы батыс зонада жаңа мемлекет құру жоспарынан қайтпайынша, тоқтатылмайтындығын» мәлімдейді. Батыс одақтастар Батыс Берлин қаласына азық-түлікті ендігі жерде әуе жолы арқылы тасымалдауға мәжбүр болған еді. Берлин қаласын толығымен қоршау 1949 жылдың 12 мамырына дейін созылған болатын. 1949 жылдың 22 мамырынан 20 маусымына дейінгі аралықта Париж қаласында өткен төрт сыртқы істер министрлерінің Кеңесінде Кеңестер Одағында Молотовтан кейінгі сырткы істер министрі болған Вышинский батыс зоналардың өзін-өзі билеу жөніндегі жобамен келіспейді. Яғни, осы кезеңде батыс зоналарда жаңа мемлекеттің Негізгі заңын қабылдау талқыланып жатқан еді.

Батыс зонада бұл заңды конституция деп атамай, оны Негізгі заң деп I атауы, оның уақытша екендігін көрсетеді. Яғни, Конституция деп тек Германия тұтас бір мемлекет болғанда қабылданатындығын жариялайды. Батыс зонада Негізгі заңды дайындау 1948 жылдың 1 шілдесіндегі Франкфуртте қаралған кұжаттарда белгіленеді. 1948 жылдың 10-23 тамызында өткен конституцияға байланысты жиылыс және 1948 жылдың 1 қыркүйегінде ландтагтардан келген 65 өкіл қатыскан Бонн қаласында өткен Парламенттік кеңесте Негізгі заңның жобалары талқыланады. Негізгі заңның түп негізінде еркін демократиялық кұрылыс Федералды конституциялық сот жағынан қорғалатындығы белгіленеді. Негізгі заңның 20.4. бабы бойынша демократиялық, әлеуметтік жэне федеративті тәртіпті жоюға тыйым салынады. Яғни, бұл міндеттемелер ендігі жерде бұрынғы ұлттык-социалистік диктатура сияқты кезеңнің қайталанбауына тосқауыл еді. Негізгі заң неміс халқына «келешекте біртұтастыкка ұмтылуға» үндеу тастады. Сондай-ақ Негізгі заң бұрынғы Веймарлық кезеңдегі қателіктерді қайталамауға, яғни фашизмнің үкімет басына келуі, Веймарлык конституцияның жетілмегендігінің нәтижесі еді. Сонымен осы Негізгі заң 1949 жылы 23 мамырда Конрад Аденауэрдің төрағалығымен өткен Парламенттік кеңесте халыққа жарияланады.

Шын мәнінде бұл заң неміс жерінде бұған дейін қабылданған заңдардың ішіндегі ең жетілгені және еркіндікті уағыздаған ең беделді конституция болды. Негізгі заң ең алдымен адам құқына көңіл бөліп, діни бостандықты, өз ойын еркін білдіруді, сөз бостандығын, жеке меншікті қорғауға кепілдік береді. Мәдениеттің, ғылымның еркін дамуын, топтарға бірігу еркіндігі, хат алмасу, телефон арқылы байланыстың құпиялылығын сақтау, еріксіз жұмыс жасатудан қорғау парқы, еркіне қарай әскери кызметтен бас тарту құқымен қамтамасыз ету, жеке меншікке қол сұқпау және т.б. құқықтар сақталған. Сондай-ақ теңдік құқы да айқындалған. Яғни, ешкімді де, оның жынысына, шыққан тегіне, тіліне, дініне, шыққан отанына, наным-сеніміне жэне саяси көзқарасына сай бөліп, жеңілдік жасамау, барлық адамдар заң алдында тең екендігі белгіленеді. Әйел теңдігін де атап өткен. Тек азаматтық кұқыкқа келетін болсақ, ол негізінен неміс ұлтына ғана бағытталған. Бұған қатысты, саяси өмірге қатысуға лайықты саяси құкықтар, одақтар мен қоғамдастык құру құкы, Германия Федеративтік Республикасына неміс ұлтының еркін кіруі, сайлау құкына ие болуы, неміс азаматтарын еріксіз қайтаруға тыйым салу. Ең соңында, Конституция барлық немістерге бірыңғай деңгейде ресми қызметке орналасуға мүмкіндік жасауға кепілдік береді.

Неміс конституциясы шетелдік саяси қудаланған азаматтарға саяси баспана беру құқын ең алғаш рет осы заңда белгіледі.

Негізгі заң бойынша мемлекеттік құрылыстың бес парқы айқындалған: Германия — республикалық және демократиялык, федералдық, кұқықтық және әлеуметтік мемлекет.

Мемлекеттің республикалық нысаны — оның атынан-ақ белгілі — «Германия Федеративтік Республикасы». Мемлекет басшысы — сайланбалы федералды президент.

Ал демократиялық мемлекеттік негізіне — халықтық егемендік парқы жатыр. Конституция бойынша билік халықга. Мемлекеттік билік халық жағынан қолдау тауып, мойындалуға тиіс. Сайлау кезеңінде халық тікелей қатысып мемлекеттік билікке ықпал етсе, сайлаудан тыс кезеңде «арнайы органдар» арқылы, яғни заң шығару, атқару үкіметі мен әділ сот арқылы билік жасалынады. Федерацияның аумақтық құрылымын өзгерту қажет болған жағдайда халық референдум арқылы немесе халыктық ұсыныс арқылы ықпал етуінің Негізгі заңда көрсетілуі, тікелей демократияның мәні. Сондай-ақ қандай да саяси партиялар демократиялық кұрылымды өзгертуге талпынса, конституция негізінде Федералды сот бұған тыйым салу мүмкіндігіне ие.

Федералды мемлекеттің конституциялық парқы дегеніміз мемлекеттікке тек федерация ғана емес, сондай-ақ әрбір федералды жерлерде ие. Олардың әрқайсысы кейбір салаларда шектеулікте болса да, өзіндік егеменді билікке ие, өз заң шығару, атқару үкіметімен қатар әділ сот жүйесіне ие.

Құқықтық мемлекет парқының негізі Негізгі заңда белгіленгендей үкіметтік биліктің (заң шығару, атқару, әділ сот) бөлінуі. Құқықтық мемлекеттің екінші елеулі парқы мемлекет жағынан жасалынатын барлық іс-қимыл тек заң шеңберінде ғана болуы. Яғни атқарушы үкімет ешқандай құқықты бұзуға тиіс емес, ен алдымен конституция мен заңдарды. Мемлекеттік биліктің іс-қимылы тәуелсіз соттар арқылы бақылауға алынып отырады (азаматтардың өтініші бойынша).

Мемлекет әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерге көмектесуге, қорғауға, қамқорлыққа алуға міндетті. Сондай-ақ мемлекет қарттарды, мүгедектерді, ауруларды және жұмыссыздарды әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыруы тиіс. Мұқтаждық көргендерге пәтер ақысын төлеуге, балаларына көмек көрсетуге, еңбек құқығын қорғауға, жұмыс уақытын реттеуге әлеуметтік жағынан жәрдемдесуі.

Негізгі заңды қандай жағдайда өзгертуге, толыктауға болады? Яғни, Негізгі заңды өзгерту үшін бундестагтың (парламент) үштен екісі құптауға және бундесраттың (жерлер палатасы) үштен екісі қолдағанда қана мүмкіндік туады. Кей жағдайда бундестагта немесе бундесратта қандай да партиялық топ көп дауысқа ие болса Негізгі заңды өзгерту үшін кең көлемдегі келісім кажет. Сондай-ақ оппозицияның белгілі бір бөлігі келіскен жағдайда ғана өзгерту мүмкін болады. Ал Негізгі заңның кейбір баптары өзгертуге жатпайды. Ол Федералды-мемлекеттік құрылыс, үкіметтік билікті бөлісу, мемлекеттің демократиялық, құқықтық және әлеуметтік парықтары және еркіндіктер мен теңдік құқықтары.

Конституция бойынша заң шығару қызметін Бундестаг пен бундесрат атқарады. Мемлекеттік қызмет, яғни атқару міндеттемелері федералды президент пен федералды канцлердің басшылығымен федералды үкіметке жүктеледі, әділ сот қызметін конституция деңгейінде Федералды конституциялық сот атқарады. Германия Федеративтік Республикасының басшысы — федералды президент. Оны осы мақсатта шақырылған конституциялық орган федералды жиналыс сайлайды. Оған бендестаг депутаттары мен осынша көлемдегі жерлер парламентінде сайланған өкілдер енеді. Президент көпшілік дауыспен бес жылға сайланады және екі кезеңнен аспауы тиіс.

Тақырып бойынша сұрақтар мен жауаптар:

Сұрақ: Берлин қабырғасы қашан құлады?
Жауап: 1989 жылдың 9 қрашасында ГДР-да Германия тарихында орын алған елеулі оқиға 1961 жылдан бері Германияны ғана емес, бүкіл Еуропаны екіге бөлген Берлин қабырғасы құлатылды.

Сұрақ: Бундестаг дегеніміз не?
Жауап: Бундестаг — елдегі халық өкілеттігі. Ол халықтың сайлауымен 4 жылға сайланады. Ең маңызды міндеті — заң шығару, федералды канцлерді сайлау және үкіметті бақылау.

Сұрақ: Бундесрат дегеніміз не?
Жауап: Бундесрат — федералды жерлердің өкілеттігі, заң шығаруға және федерацияны басқаруға қатысады. Оның АҚШ сенаттық жүйесінен айырмашылығы, ол халықтық өкілдерден құралмайды.

Сұрақ: Германия Федеративтік Республикасының алғаш президенті болып кім сайланды?
Жауап: Германия Федеративтік Республикасының президенті болып 1949 жылдың 12 қыркүйек айынан ЕДП мүшесі Теодор Хейс 5 жылға сайланды.

Сұрақ: Федералды үкімет дегеніміз не?
Жауап: Федералды үкімет — федералды канцлерден және 19 федералды министрден тұрады. Федералды канцлер елдің саяси даму бағытын айқындайды және осы үшін жауапты. Федералды үкімет ішінде тек федералды канцлер ғана парламентте сайланып, оған жауап беруге тиіс.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз