Өлең, жыр, ақындар

Көпшілік алдында пікір айтуды жобалау, жоспарлау, аудитория назарын аудару технологиясы

Бір күні жиынның ортасында отырған Досбол шешеннен біреу:
Қол бастау қиын ба?
Жол бастау қиын ба?
Сөз бастау қиын ба? - деп сұрайды.

Сонда Досбол:
- Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес,
Соңына ерген елің болса.
Бәрінен сөз бастау қиын,
Тауып айтсаң мереке қылады,
Таппай айтсаң келеке қылады! - депті.

Сөз айту, әсіресе, публика алдында, көпшілік көзінше пікір білдіру оңай дүние емес. Ойды жеткізу, сөзді орынды қолдану, аудиторияның назарын өзіңе аударып, тыңдаушыны сендіре білу - үлкен еңбекті, методиканы талап етеді.

Ең алдымен сөйлеуші өзіне сенімді болу керек. Себебі аудитория сенімсіздікті, қобалжуды, негативті бірден сезеді. Бірінші сөзден-ақ сенімділіктің лебін сездіру - спикерге эффективтілік берері даусыз.

Ал сенімділік болу үшін дайындық керек. Нақтырақ айтсақ, айтар ойды, идеяны, факттерді жобалап, орын реттілігін жоспарлау қажет. Тақырыпты талдап, ортаға салынғалы отырған идея төңірегінде ізденіп, терең түрде танып алыңыз. Өзіңіздің позицияңызды айқындап, ойларыңызды негіздеңіз. Одан соң нақты жоспар қажет. Жоспарсыз сөйлеу ойдың жүйесіз, түсініксіз, сәтсіз шығуына әкеп соқтырады. Композициялық құрылымын реттеп, кіріспе ойды, негізгі ой мен қорытындыны нақтылап алған жөн.

Ойды, сөзді жоспарлап алған соң оны шебер орындап шығу да оңай шаруа емес. Алдымен дауысқа мән беру керек. Анық сөйлеу керек екенін білеміз, әрине. Одан соң ойға эмоция қосып, сөздің мәніне қарай тонды өзгертіп, құбылта білу аудиторияға жағымды боларын әрдайым ескерген абзал. Одан соң үзіліс және оның күшін дұрыс қолдана алу қабілеті де сөзге қанықтылық береді. Үзілістерді қолдану сіздің шешендік шеберлігіңізге айтарлықтай көмектеседі. Бұл әдіс сіздің аудиторияңызды келесі жаңа ойға дайындауға немесе интрига құруға, хабарды аудиторияға сіңіруге мүмкіндік береді. Сөз жоспарлы түрде, лайықты интоннациямен, эмоциямен, тонмен, орынды үзілістермен беріліп жатыр. Бірақ, ескеретін тағы бір жай бар. Ол - қимыл-қозғалыс және мимика. Қастың, көздің қозғалысы, бастың бұрылуы мен қолдың қозғалыста болуы, алға немесе артқа қадамдардың дұрыс қолданылуы аудиторияның назарын аударуға және тыңдаушыны жалықтырып алмауға көмектеседі.

Мейрбек Баян Мұратбекқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 2 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз