КҮЙРЕУ (ІІІ КІТАП)
БІРІНШІ БӨЛІ
— Ну-у, кіріңдер!
Бұл мына жақта қанша шиыршық атса да, бірақ ауызғы бөлмеге топырлап кірген бір топ кісінің асығатын түрі жоқ; күбір-күбір сөйлесті ме, тамағын кенеді ме, жөтелді ме. Енді кіре ме дегенде, әдейі жынына тигісі келгендей, тағы бір қастан шықпағыр темекісін сөндіріп, қызыл шоқ жылтыраған тұқылды тақасымен ырғап, күйбек-сүйбектеп жуық арада кіріп болмады. Енді сәл кідірсе, жарылғалы тұрғанда, аңыры әйтеуір есік ашылып, ар жағынан бірін-бірі итермелеп кіріп келе жатқан алты-жеті кісінің қорбиған киім сыртынан қару асынған түріне тыжырына қарады: «Аника войн. Тоже мне командиры».
— Жорыққа аттанамыз. Адамдарыңды жолға дайындаңдар! Оқ-дәріні молырақ алыңдар! Тек, тез! — деді Мюльгаузен.
Командирлер ләм деген жоқ, жаңа ғана өздері кірген есіктен жылдамдап шығып жөнеліп бара жатты. Тек карт жұмысшы тұрған орнынан тапжылмады.
— Астыққа кеткендерден не хабар бар? — деді ол.
— Жәрдем сұрап жатыр. Ну, неғып тұрсың? Бар, жолға дайындал.
— Оқ-дәрілері аз еді. Біз жеткенше атты казактар қырып тастамаса не қылсын?..
— Сондықтан тез аттануымыз керек. Ну, бар! Бар дедім ғой. Жолға дайындал.
— Сен, асылы, дивизияға хабарлас.
— Тағы не айтасың?
— Дивизияға хабарлас деп тұрмын ғой. Естуім бойынша, Жем бойында біздің кісілерден де басқа астық жинап жүрген тағы біраз отряд бар көрінеді. Бәрі бас қосса, бұл жақтан біз жеткенше...
Мюльгаузен қолағаштай мұрынның бір танауынан мырс етті:
— Сен тұрғанда бізге сырттан комиссар іздеудің қажеті жоқ екен.
— Ойнап тұрғам жоқ.
— Мен де шын айтам. Несі бар, үсті-басыңа сықырлатып хром кигізсе, комиссар боласың да шығасың.
Ознобин қасында миығынан мырс-мырс күліп тұрған Мюльгаузенге назарын тіктеп, шаншылып бір қарады да, үн-түнсіз бұрылып жөнеле берді. Қарт жұмысшының қашанда жығылыңқы, жапырық иығының басы бұрынғыдан да жығылып, сүдіні түсіп кеткен екен. Топшысы бүгілген ұзын қол да жең түпке бірер жіппен әншейін лаждап іле салғандай, екі қапталында құр салақтап барады. «Кәрі қырт», — деді Мюльгаузен. Оңаша қалғасын орнына барып отырғалы абажадай кең бөлменің қақ төрінде қызыл матаға малынған столға жақындап бара бергенде жаңа Ознобин шыққан есік іле-шала қайта ашылды. Мюльгаузен кілт тоқтады. Желкесі күдірейген жуан мойнын әр кездегідей, күшпен зорлағандай ақырын бұрды. Ішке ақсары қыз кірді. Әлденеге мәз боп, екі көзі жайнаңдап күліп:
— Наконец-то... — дей берді де, Мюльгаузенге көзі түсіп, мүдіріп қалды, — келе жатыр.
— Кім?
— Комиссар.
Сөйдеді де, қыз сүзеген бұқадай сүзіле қарап тұрған Мюльгаузеннің түрінен жасқанды ма, шұбатылған телеграм лентасын оған ұсынбай столға тастай салды да, жүгіре басып шығып кетті. «Дура, көрдің бе, комиссар күйеу тауып беретіндей мәз болуын». Қыз кеткесін де ол телеграмға қол созбай, тұнжыраған қабақ астынан кекірейіп тұрып көз тастады. «Хромы сықырлап келеді екен ғой. Ну, что ж... Давай! Давай, кел! Әуселеңді сосын көрейік». Астықта жүргендерден хабар-ошар болмай, қос үрей көңіл қобалжып тұрған. Әлгі кәрі қырт айтса айтқандай, оқ-дәрілері аз. Қару-жарақтары да жетімсіз. Ознобиннің шолаққол баласынан басқасы бұрын қолына қару ұстамаған, бас-аяғы жиырма шақты теміржолшыдан құралған шағын отряд қылышынан қан тамып тұрған атты казактарға қарсы тұрып қайрат көрсетер шамасы жоғын бұ да біледі.
Мюльгаузен дивизия штабына хабарласқысы кеп телефонға қолын соза түсті де, саусағының ұшы шоққа тигендей тартып алды. Дивизияның бұрынғы командирі жаз басындағы қырқысқан қатты соғыста қаза тауып, жақында оның орнына келген командирмен бұл әлі кездескен жоқ-ты. Қабілеті қандай? Өзі қандай адам? Керек десе, аты-жөні де есінде қалмапты. Бәсе, соның аты-жөні... Хам... Жоқ, Хан... Хан-Даур... Сондай бірдеңе сияқты еді. Ерте ме, кеш пе, бұлар, әрине, кездеседі. Сонда қалай боларын кім білсін, әйтеуір телефонмен сөйлескен сайын сөздері жараспай, текеше тіресе қалады. Бәрінен бұрын оның ін түбіндегі аюдай гүжілдеген даусы жынына тиеді де, бұл құлағын алып қашады. Әрине, бұған оның да ет бауыры елжіреп тұрған жоқ. Оған айтқанын істеп, алдында елпілдеп тұратын шүлтік керек. Бұны уысынан шығармай, тізгіндеп, тежеп отыру үшін отрядқа комиссар жіберіпті. Жә, жіберсін. Хромы сыңырлап келер. О да Хан-Даурдың өзіндей, өкіректеген біреу болар-ау. Бірақ бір емес, он комиссар жіберсең де мені тізгіндей алмассың. Мюльгаузен дивизия командирімен басы сыйысып жұмыс істей алмасын біледі. Естуі бойынша, ол өзі патша құлағасын қызылдар жағына шыққан ақ офицер көрінеді. Жаңа келген кісі бұндағы жағдайды қайдан білсін?! Әсіресе, атаман Дутов Орынборды басып алғалы бір бұлар емес, бүкіл Орта Азияның жағдайы күрт қиындап, Мәскеумен қарым-қатынас үзіліп, әскер — қару-жарақсыз, халық — азық-түліксіз қалды. Қала, дала, ала-бөле темір жол, депо жұмысшылары ашыға бастағасын бұлар Ознобиннің шолақ қол баласы бастаған шағын отрядты Жем бойындағы диқаншы елден ауыс-күйіс астық жинап әкелуге аттандырып жіберген; әне-міне келіп қалар деп отыр еді; әлгінде Хан-Даур бұған телефон соқты: Атаман Дутовтың айтағына ерген Жем өңірінің орыс-казактары бүлік шығарып, жаппай қаруланып жатқандарын айта бастағанда, бұл оның сөзін киіп кетіп, Жем бойында жүрген өзінің кісілерінің жағдайын сұрап еді, қызуқанды әупірім неме ана жақтан:
— Эй, дарагой, слушать надо, — деп гүж еткенде, бұл тағы да құлағын ала қашты.
Хан-Дауров:
— Бүлікті тез басу керек. Ал-ло... Алло, естіп тұрсың ба? Отрядыңды жолға дайында. Дереу аттан! — деп әмір берген-ді. Қазіргідей адам ашуы бетке шапшып, ұшынып тұрған заманда бүліктің үлкен-кішісі жоқ; оны бұ да біледі. Жаңа «аттанамыз» деп әмір беріп жүгіртіп жіберген кісілерінің соңынан енді бұның өзі де сүрініп-қабынып келеді. Әне, станса басы абыр-сабыр. Сарт-сұрт. Жәшік-жәшік оң тасыған, снаряд тиеген, пулемет сүйретіп жанталасқан, сүрініп-қабынған кісілер. Ұзын эшелонның орта тұсындағы жайдаң вагонға тиеген екі зеңбірек құдды күлге шөккен түйедей, сонадайдан көзге шалынып жотасы зіңкиеді. Мюльгаузен келе салакомандирлерді жиып алды.
Оларға жорыққа аттанар алдындағы соңғы бұйрықты бас-басына жеке-жеке айта бастағанда, стансадан жүгіріп шыққан біреу бұны көре сала анадайдан дауыстап:
— Хан-Дауров телефонға шақырып жатыр. Тез! Тез! — деп асықтырды. «Тағы не боп қалды?» деп ойлаған Мюльгаузен ішке қорқасоқтап кіріп еді; телеграф орналасқан кішкентай бөлмеде төрт-бес кісі тұр екен. Ақсары қыздың қолындағы трубканы ала сала құлағына апара бергені сол еді, ар жағынан бұның жынына тиетін жуан дауыс гүж етті:
— Ал-ло!
Бүл құлағын баса жаздап:
— Айта бер! Тыңдап тұрмын, — деді.
— Жағдай қиындап кетті.
— Жем бе? Біздің астықшылар...
— Тыңда. Жемнен де гөрі қазір Ақбұлақ, Мартүк... Ал-ло... естіп тұрсың ба, Ақбұлақ, Мартүктің халқы көтеріліп, атты казактар жағына шығып жатыр. Сосын, біз... Ал-ло-о!..
— Айта бер!
— Айтатыны сол... Астықты өңірдегі бүлікті басуға Ташкент теміржолшыларының отрядын жіберіп жатырмын.
— Біз ше?
— Сөзімді бөлме. Олар Жемге сендерден әлдеқайда жақын. Бүлікті шұғыл... Естіп тұрсың ба, бүлікті шұғыл, тез басу керек боп жатыр.
— Біз де адамдарды вагонға тиеп, әзір тұрмыз ғой.
— Әзір тұрғандарың жақсы. Атты казактардың аяғы ұзын. Менен бұйрық болғанша орындарыңнан қозғалмаңдар.
— Біз... Біз ше?
— Эй, да-ра-гой...
Онсыз да өзін әзер ұстап тұрған Мюльгаузеннің уысында сығымдап тұрған телефон тұтқасы сына жаздап сықыр-сықыр етті.
— Жолдас, дивизия командирі, — деді Мюльгаузен, — я дорогой только для своей семьи. И еще любимой девушки. Что касается остальных, я красный командир.
— Түсіндім. Мен де ақ емеспін. Қызыл... қып-қызыл командирмін.
— Ендеше, мені әскери дәстүр бойынша атаңыз.
— Жарайды. Болсын, жолдас, Шалқар теміржолшылары отрядының командирі. Естуім, отрядыңда тәртіп жағы нашар көрінеді.
— Комиссар жіберіпсіз ҒОЙ, сол келгесін түзететін шығар.
— Немене... Ол әлі барған жоқ па? Ал-ло... Алл...
Мюльгаузен трубканы тарс еткізіп тастап жіберді де, сыртқа жын ұрғандай атып шықты. Есік алдында тұрған солдаттар екі айырылып арасынан жол беріп еді. Мюльгаузен оларға назар салған жоқ; үстіндегі шолақ күртенің қалтасына қос қолын бірдей сұғып жіберген екен. Соның өзінде жұдырығын түйіп алған шоқпардай қолы қалта сыртынан бадырайып білініп барады. Сыртқа шыққасын бір жаққа бұрылмай, отряд орналасқан үйге тартты. Асты қам кесек, үстіңгі қабаты қарағай бөренеден қиып салған қобдидай үйге тақап келе бергенде алдынан салт атты біреу шықты. Үстінде қорбиған күпі. Аяғында байпақты етік. Басында елтірі тымақ. Үстіндегі киіміне қарап бұ да бұл жалғанда мұңы, мұқтажы бітпейтін де қоймайтын қаймана қазақтың бірі болар деп ойлаған Мюльгаузен оған онша назар аудармай, тұсынан тезірек өтіп кеткісі кеп еді; бірақ күпілі қазақ атын тебініп, тоң жерді дүрсілдете басып қуып жетті.
— Пет-ка...
Мюльгаузен тұра қалды. Бұл қайырылып, бұрылам дегенше анау да аттан түсуге ыңғайланын, аяғын үзеңгіден шығара бергенде әлденеге бойын билей алмай, бір жағына қарай ауытқып құлап бара жатқан сияқтанды, Мюльгаузен оған иығын тосып, сүйеп тұра қалды.
— Петка...
— Сен, немене, ауырып тұрсың ба?
Күпілі қазақ аттан апыл-ғұпыл асығыс түсе бергенде тағы да әлденеге жан дауысы шыға жаздап, қос қолымен кеудесін қысып бүгіле қалды. Мюльгаузен дереу ұмтылып жетіп барды да, дыбысын шығармай, дір-дір етіп, тістеніп тұрған жігітті сыртынан қапсырып құшақтай алды.
— Жараланғанбысың?
— Ештеңе емес.
Мюльгаузен оның сөзіне құлақ асқан жоқ. Белін қайыс белбеумен буған үстіндегі күпінің омырауын жұлқып ашқанда, ар жағынан жалаң етке киген шыт көйлектің бір жақ өңірі түгелдей қарақошқылданып ұйып қаққан қан екен.
— Бұл не?
— Ештеңе емес. Кеше жолда ұрылар кездесіп...
— Лазаретке бар. Мен жіберді де.
— Петка... Айналайын, отрядқа ал.
— Отрядта саған баққызатын түйем жоқ.
— Шын айтам. Бұнда сені... Сенің өзіңді сағалап келдім.
— Соңыра тағы да төбелесіп жүрмейсің бе? — Еламан басын шайқады. Мюльгаузен өмірінің ендігі тағдырын бұған тапсырып, қарсы алдында сабырлы шыдаммен үнсіз жауап тосып тұрған мына жігіттің бүкіл бетінде алақандай ала көзі болмаса, онан басқа жерін түгелдей сақал-мұрт басқан жүдеу кескініне сенерін де, сенбесін де білмей, тұнжыраған қабақ астынан тесіліп біраз қарады.
— Емдел. Сосын келерсің, — деді де, Мюльгаузен қақпа алдында қарулы күзет тұрған жаңағы үйге кіріп кетті.
***
Бұнда келгелі Еламанның аяғы жерге тимеді. Ертеңгі асты апыл-ғұпыл іше сала сақал, мұртын алды. Онан лазаретті іздеді. Біреулердің сілтеуімен көл жақтағы қиқы-жиқы көшелердің біріне түсті. Станса жақта, баяғыда бұл өңірге алғаш темір жол түскенде салған тас здандар болатын. Неге екенін қайдам, лазарет сол здандардың бірінде болар деген оймен жолда кездескен анау-мынау үйге назар аудара қоймап еді; аңыраған көшенің ызғырың желі әкелді ме, әдетте дала тұрғындары жаратпайтын бір үзік қышқылтым ащы иіс мұрнына жетті де, Еламан танауын шүйіріп, тыжырына қалды. Қам кесектен соққан кішкентай үйдің ың жағына кеп тоқтапты. Сырты жүрдім-бардым ақталған екен. Кешегі орыс-түрік соғысында дәл осындай лазареттің бұл талайын көрген-ді. Еламан ұзақ жатып қалам ба деп қорқып еді; Құдай оңдағанда бос орын болмады да, ұшып-қонған ақ халатты елгезек қыздар бұны аяғаны, әлде ұрысқаны белгісіз, қайта-қайта ай-айлап, басын шайқап жүріп, күлдіреп ісіп қанталап кеткен жарақатты әуелі ақырған ащы бірдеңемен жуып-шайып, сосын әлгіден де өткен зәрдей ащы дәрі-дәрмек жағып, аппақ мәрлімен әспеттеп байлады да, «екі күннен кейін кел» деп қоя берді.
Еламан сыртқа көңілді шығып еді. Бірақ тастай қараңғыға көзі тірелді де тұра қалды. Бағанағы ызғырған суықтың зәрі сынса да, әупірім жел әлі сол баяғыдай азынап тұр екен. «Апырай, — деді Еламан, - адам жылқы мінезді десе дегендей-ау. Анада түрікпендер балықшылар аулын шауып, көп адам қаза тауып, Айғанша қолды боп із-түзсіз жоғалып кеткенде бұған шынымен де тірлік таусылып, тұрлаусыз дүниенің ендігі өмірде түк қызығы қалмағандай басына қара күн орнап еді-ау. Тұрлауы жоқ дүние қаңырап бос қалғандай, бұның өзі де іші-бауыры ит талағандай ұлып, жер бетіне сыймай бара жатқасын бет ауған жаққа ел асып, жер асып тентіреп кетпеді ме?! Сонда: «Бұл дүние маған не керек? Дүниеге менің нем керек?» деп, өзінен де, өзі тірлік кешкен ит өмірден де қаралай түңіліп, баз кешіп еді ғой. Сөйтсе, о, тоба, бұл түңілгенмен мына дүниенің түгі кетпепті. Мұрты шағылмай бәз баяғысымен қарап тұрған қалпы. Бәз баяғыдай ай орнынан туып, күн орнына батып тұр. Бұның өзі де, міне... Күз басында қара суы құрып тұла бойындағы үпір-шүпір жанырақ желге ұшып, тұттай жалаңаш қалған дәл мына үй алдындағы жалғыз теректей, қу басы жерге сыймай, ой асып, қыр асып еді. Ақыры, анадағы қызыл шеке төбелестен кейін екі дүниеде де көрмеспін деп, ат құйрығын кесіп кеткен кісіге қайтып келді. Жай келмеді, құлдығың болайын деп аяғына жығылып келді.
Қалай десе де, осында келгелі ісінің бәрі оңғарылып жатыр: Мюльгаузен жұмысшылар жасағына алды. Ознобин өзінің қарауына алды. Ертең қару береді. Киім береді.
Еламан казармаға қалай жеткенін байқамады. Кешкі асын ішіп алған жауынгерлер өздерінің жатар алдындағы оны-мұны бірдеңелерін істеп, біреу шинельге түйме қадап, біреулер шалбардың темекі шоғы күйдірген жеріне жамау бастырып, енді біреулер ыңылдап ән салып, ал ат қорадай барақтың шам жарығы аз түскен арағырақ басында бес-алты жауынгер бір темекіні бөліп шегіп, қызыл шоқ жылтыраған құрттай тұқылды қолдан қолға жағалатып жатты. Ознобин де, Мюльгаузен де көзге түспеді. Еламан төсекті кімнен сұрарын білмеді. Сосын қашаннан күй талғамайтын әдетпен мол күпінің бір шалғайын астына төседі де, киімшең қисая кетті. Шаршағанын жамбасы жерге тигесін білді. Бүгін ертеңгісін төсектен тұрғанда қолы қалт етсе ығытын тауып Ақбаланы іздемек болған-ды. Жаңа лазареттен қайтып келе жатқанда да Ақбала бір сәт басынан шықпады. «Әлі сол сүмелек сарының үйінде тұра ма екен?» деп ойлады. Мүмкін, басқа үйге... Жә, жә, ертең бәрін білермін. Қазір ұйықтау керек. Ұйқы... Ұйқы...» Жүрегі лүп-лүп соғып, күлімсіреп жатып көзі ілінін кетті.
Ертеңіне бұл таң қараңғысында оянды. Ұйқысы қанбаған. Ұзақ жолда атсоқты болған денесін қозғауға ерініп біраз жатты. Бұнан басқалар да оянуын оянса да төсектен тұра қоймай, қимылдап, қозғалып, қайсыбіреулер темекі тұтатып жатқан-ды. Сырттан біреу кірді. Шамасы, командир ме, қалай... есік жақта жатқан төрт-бес солдат атып тұрды. Қалғандар да апалақ-құпалақ тұрып жатыр. Соқыр шам сығырайған алакөлеңке казарма іші апелімде ерейген-серейген кісілерге толып кетті. Еламанның ұйқысы шайдай ашылды. Күпісі мен тымағын ірге жаққа ысыра салды. Ештеңенің мәнісіне түсінбесе де, аяқ астынан әбігерленіп, абыр-сабыр боп жатқан кісілердің ыңғайымен айналып, олар не істесе, бұ да соны қайталады. Жұртпен бірге желең бойымен сыртқа шықты. Шығар жерде есікке төрт-бесеуі бір мезгілде қабаттасып кеп иық қағысып қалды. Онан трубадан сарылдап ағып жатқан мұздай суға бұ да көппен бірге таласып-тармасып жуынды. Онан күпі мен тымағын киіп, тағы да көппен бірге аралас-құралас сыртқа шықты. Онан жауынгерлердің бойына қарай сапқа тізіліп жатқанын көріп, саптама етік киген аяғы күпінің шалғайына оралып, сүріне-қабына кеп өзіндей еңкиген ұзын бойлы біреудің қатарына тұра қалды.
— Қалай түнеп шықтың?
Еламан Ознобинді даусынан таныды. Сонша кісі арасынан бір таныс табылғанына қуанды.
— Жақсы.
— Төсек беріп кетіп едім, алдың ба?
— Жоқ.
— Бермеген болды ғой. Жарайды, қазір алып берем.
— Жолдас... Жолдас командир...
— Жә, күпіңді тастағанша қоя түр, — деді Ознобин. Еламан әзір несі дұрыс, несі бұрыс шығып жатқанын білген жоқ. Оны ойлауға да шамасы келген жоқ. Қазіргі халі әлдебір ағыны қатты су алды-артына қаратпай ықтырып ала жөнелгендей. Шым-шытырық дүниеден бұл қашан жөн тауып, оң мен солын айырғанша, кім біледі, осы бетімен ықтырып апарып, бұрын-соңды көрмеген, білмеген, беймәлім жағаға шығарып тастамасын?!.
— Ендігі жетпегені осы еді.
Еламан селк етті. Қасына кеп төніп тұрған Мюльгаузен екен. Еламан оған көзін тіктеп тура қарай алмай, назары тайып кетті.
Мюльгаузен Ознобинге бұрылды:
— Бұған неге киім бермедің?
— Үлгере алмадық.
— Мына түрімен қалай сапқа жібердің? А ну-ка, марш отсюда!
Еламан кеткісі келмей қипақтап қап еді. Мюльгаузен қайта зекігесін лажы құрып, саптан шықты. Мюльгаузен көңілсіз. Жем бойындағы кісілерден әлі хабар болмағаны жанына батып жүр. Түнімен кірпік ілмей шықты. Тұра сала бір хабар бола ма деп телеграфқа барып еді. Ознобин де осында жүр екен. Осыдан кейін де бұл телеграфқа қанша барса, соның бәрінде де Ознобин баяғы бір орнында, телеграфтағы қыздың қасында танжылмай, екі аяғынан сарсылады да тұрады. Үстіне келген бұған үнсіз телміріп жауап күтеді. Мюльгаузен оған қарамауға тырысты. Атаман Дутовтың уысына түссе, онан аман құтылу неғайбыл. Әзір дәтке қуат қылатыны Ознобиннің шолақ қол баласы. Сорлыны қан тартып, ажалына көрініп тұрмаса, осы ғасырдың басында екі бірдей жойқын соғысқа — әуелі орыс-жапон, сосын — орыс-түрік соғысына қатысып, сұрапыл шайқасты басынан кешкен тәжірибелі жауынгер. Осы жолы да бір амалын тауып, адамдарын аман-есен алып шығар деген үмітте.
Жем бойынан жайсыз хабар алғалы Мюльгаузен отрядты тырп еткізбей казармада ұстап отыр. Оның үстіне комиссар да кешігіп, жынына тиіп түр. Кешегі күні келіп қалар деп отырғанда оқшау хабар алды. Ақтөбеден пойызға отырған комиссар жолшыбай Ембіге келгенде аяқ астынан қатты ауырып, пойыздан түсіріп ап қапты. Ознобин:
— Кісі жіберейік, — деп еді.
Мюльгаузен міз бақпады. Оның ығын алып үйренген кісілер бұл жолы да батып тіл қатпай, көзінің астымен бір-біріне қарады. Бұндайда бірдеңе деп қалатын Ознобин де үнсіз. Түк сезбеген кісідей, жапырайған май-май кепканы көзіне басып киіп, төмен қарап тұқырая қапты. Үндемесе де отряд командирінің ар жақ ойы бұған белгілі. Қолындағы билікті басқа біреумен бөлісуге ырза емес. Әсіресе, комиссарға жұлдызы қарсы. Кейінгі кезде дос пен дұшпан аузында ілтипатпен атала бастаған осы бір шетінен мейлінше ұстамды кісілер оның ойынша — қызуқанды командирлерді тізгіндеп, тежеп отырғаннан басқа қайраны жоқ. Әрісі, комиссар атаулының басы мен аяғына сықырлатып қара сүрік киіп алатыны да мұның жынына тиетін.
Телеграфта істейтін ақсары қыз ішке жүгіріп кірді. Мюльгаузен оның қолындағы телеграмды жұлып алды. Көзі түскен бойда:
— Ну, вот... откомиссарились! — деді.
Ознобин екі ұмтылып, шаққа тұрды. Мюльгаузенге жеткенше де сүрініп кетті. Мюльгаузен уысындағы телеграмды күлдей ғып, жыртып-жыртып, шашып жіберді.
***
Бүгін де Еламан ертеңгі асын іше сала қала сыртындағы киім-кешек складына жүгірді. Күндіз де қолына шам ұстап кіретін қараңғы складтың бір басында аткөпір боп үйіліп жатқан ескі киімдерді аударыстырып жүріп бойына шақтап шинель алды. Күпіден құтылған бойы шинель кигенде құп-қунақ боп шыға келді. Тек, тарлау ма, қалай?.. Сыртқа шыққасын қимылдап, қозғалайын десе екі иығының басын құрыстырып қысатынын байқады. Қолын құрттай ілгері созса да баланың иінінен ауысқандай, білегі сидиып шығып кете берді.
Еламан жиіркеншек еді; бұған дейін талай адамның иығын адақтаған мына шинельден бұл білмейтін, бұған беймәлім әлдекімдердің иіс-қоқысы шықты. Талайлардың мойны қажаған кip-кip жаға да құдды тақым қажаған терліктей, желкесіне тиіп кетсе де тітіркеніп қалады. Еламан: «Қап, не қыласың?!.» деп, күпі мен тымақтан құтылғанша асығып жүріп, ит жегірді жаңа зер салып дұрыстап қарамағанына қынжылды. Кішкентай қаланың кісі-қара аз жүретін көл жақ шеттегі көшесімен келе жатып та үстіндегі шинельдің о жер, бұ жеріне қарай берді. Өңіріндегі саусақ сыйғандай тесікке көзі түсті де, жүрісінен жаңылып тұра қалды. Көңіліне қобалжу енген Еламан көзін алып қашты. О жаққа енді қарамауға, тінті ойына алмауға тырысып еді; бірақ әлгі күдік түйсікшіл көңілге тікендей қадалып тұрып алды. Апырай, өліктің үстінен шешіп алмаса не қылсын? Кезінде қанқұйлы жау дәл көкіректен атқан болды-ау?.. Бұрынғы иесі кім екен? Жер басып жүр ме, әлде... Апырай, ә? Пақырдың татар дәмі таусылып, ойраны шыққан дүниенің әлдебір жерінде топырақ астында томпайып жатыр ма?.. Қалай болғанда да талай жанның тірлігін тауысқан шинель енді сені тапты. Кәне, құтылып көр!
Еламан мырс етті. Қай солдат қашан зауал жеткенше үстіндегі сұр шинельдің соңыра сүйегін орайтын сұр кебін екенін қайдан білсін?! Көңілсіз ой баураған Еламан әлгінде өзі тоқтаған көшенің қақ ортасында қыбыр етпей әлі тұр. Көшеде ерсілі-қарсылы жүріп жатқан кісі-қара бұған бұрылып бір қарайды да, өтіп кетеді. Бұл бірақ дәл қазір оларды байқап тұрған жоқ.
Бұл өзін жаны сірідей көретін. Және соған өзі сенетін. Шынында да, беті қатты ажал бұған талай-талай маңдайын туралап бетпе-бет келсе де, бірақ соның бөрінде де бұл шанышқыдан жырылған шабақтай сытылып аман қалатын. Енді... Иә, енді?.. Еламан тағы да мырс етті. Тағы да тап әлгінде өзін-өзі мысқылдағандай, зәрдей ащы мысқыл миығында тұрып қалып еді.
***
Сонан ол отряд орналасқан бараққа кіргенде де әлгі сөлекет күлкі бетінде әлі тұр еді; бұнан басқаның бәрі тегіс іште екен. Бірақ бәрінің де басы салбырап түсіп, сазара қапты. Бұрын бұндай кезде казарма іші араның ұясындай гуілдеп тұратын. Енді... о басы мен бұ басы атшаптырым казарма өлік шыққан оттың басындай.
Еламан есік алдында аңырып тұрып қалды. Әркімге бір қарады. Басқалардан гөрі жүзі жылырақ ұшырағасын қартаңдау жауынгерден тіл тартқысы кеп еді, о да ыңғай бермей, сырт айналғасын қайтадан ізінше сыртқа шықты. Иә, не қылса да бұл жоқта бір оқиға болған. Бірақ... бірақ ол не? Не болуы мүмкін? Көше құлазып кетті. Казармаға қайтып барғысы келмеді. Сусылдаған күлдей майда сары топырақ ығы жоқ аңыраған көшені шаңытып борап тұр. Қамсауы жоқ жалаң шинельден жел өтіп барады.
Еламан іргесін құм басып, белуарынан жерге кіріп кеткен бәкене үйлердің іргесімен ілбіп келеді. Басы салбырап кеткен. Есіне Рай түсті. «Сорлы балаға туған жердің қос уыс топырағы да бұйырмады» деп ойлады. Сол екен, сонан есіне Мөңке түсті. Құлтума түсті. Төлеу түсті. Сонан түрік жерінде қырылған... түрікпендер атқан... онан мұз үстінде үсіп өлген кісілер есіне түскенде қарадан-қарап тілерсегі дірілдеп, теп-тегіс жермен келе жатып та қайта-қайта сүріне берді.
Көшенің арғы бетінде кетіп бара жатқан келіншекке көзі түсті. Алғашқыда Ақбала екен деп қалып еді, тұлға-тұрпаты, киімі, кербездігі, тіпті аяқ басқанда арқасында ақырын бұлғаңдаған қос бұрымы құдды Ақбаланың бұрымынан аусайшы.
«Апырай, біреуге біреу қандай ұқсайды» деп ойлады. Ақбаланы Көргісі кеп кетті. Шинельдің жағасын қайырып тастады. Ертеден бері қайда бет түзеп келе жатқанын ойлаған да жоқ-ты.
Неге келе жатқанын да білмейтін. Енді байқаса, кішкентай қаланың қазақтар тұратын көл жақ; шетіне шығып кетіпті. Ағашсыз, талсыз қисық көше.
Сырты ақталмаған, бірінен бірі аумайтын бәкене үйлер. Соған қарамастан, алабұртқан көңіл тағы да өз-өзінен әлденеге ауаланып, жан-жағына қарап көз сап тұрған-ды. Кенет иек созымдай ғана жерден кесек дуалдың құмын шығарып, жел-құз жеп, кебірлеп тастаған жермен-жексен бір үйді көрді. Онсыз да алабұртып тұрған жүрек кенет лүпілдеп қатты-қатты соғып кетті. Аяғы адастырмай іздеп тапқанына қуанды ма, көз жанары қаттырақ ұшқындап, жолында тұрған құман, леген, олардан да басқа тағы бірдеңелерді салдыр-күлдірлетіп кіріп келді. Үш сары бала үйдің бұрышына тығылып үрпиіп тұр.
— Бұл үйдің кісілері қайда?
— Әкем бе?
— Иә, әкең?
— Жұмыста.
— Ал... Сосын...
— Апам ба?
— Апам-м?.. Апаң кім?
— Ақбала.
— Ә, «апа» дейсіңдер ме?
— Әйәй апа дейміз.
— Е, «Әйәй апа» дейсіңдер ме?
— Иә, анау да, мынау да, мен де — бәріміз де «Әйәй апа» дейміз.
— «Әйәй апаларың» қайда?
— Жұмыс іздеп кетті. — Еламан әкесінен аумайтын үш шикіл сары баланы маңдайынан бір-бір сипады да, сыртқа шықты. Былайырақ ұзай бере артына бұрылып еді, іште қалған әлгі шикіл сары балалар бұны көзімен ұзатып, терезеге жабысып қапты. Еламан бұрылғанда қырық құрау әйнектің ар жағынан бәрі бірдей уылжып күлімсіреп қоя берді. Еламан да езу тартты. Ақбалаға кездесе алмағанына өкінді. Осыған дейін кежегесі кейін тартып келген өркөкірек тәкаппар жанның от басында көміліп отыра бермей, талпынып жұмыс іздеп шыққанына қуанды. «Күнкөрісі де қинаған болар» деп ойлады.
Еламан үйге жақындап келе бергенде, іштен гүжілдеген жуан дауыс шықты. «Мені іздеп қалған жоқ па екен?» деп ойлады. Ішке кіргесін де ілгері озбай, есік алдында тұрған жауынгерлердің сыртын ала тоқтады.
Мюльгаузен түтігіп алған. Үйді әрлі-берлі кезіп, зіркілдеп сөйлеп жүр. Бүл білмейтін біреуге қаһарын төгіп, кіжініп-кіжініп қояды:
— Бұның бәрі соның кесірі. Соған бола бізді жіпсіз байлап қойған жоқ па?!.
— Өзінен хабар бар ма? Қашан келеді екен?
— Ну, подожди... Хромыңды дал-дұл қылмасам ба...
— Кімді айтып тұр? — деді Еламан қасында тұрған біреудің құлағына еңкейіп.
— Комиссар.
— Ком-сар?
Күн батар алдында Мюльгаузен отрядты тік көтеріп, стансаға апарды. Кішкентай қаланың бар халқы осында жиналыпты. Кідірмей күнбатыс жақтан соңына жалғыз қызыл вагон тіркеген күлді-күйелеш паровоз кеп стансаның алдына тоқтады. Паровоздан біреу түсті де, қызыл вагонның есігін ашты. Иін тіресіп тұрған халық лап қойып жетіп барса да, есікке тақай бергенде алдынан жер жарылғандай ақтарылып тұра-тұра қалды. Астық тиеген вагонның еденінде қылышпен кескілеп тастаған жиырмадан астам кісінің қан-қан денесі жатыр екен. Есі шыққан халық өкіріп жылап, станса басы әп-сәтте у-шу болды да кетті. Екі кісі сүйемелдеген бір жас келіншек өліктер жатқан вагонға барғысы кеп, аяғын бірер басып ұмтыла түсті де, талықсып кетті.
Еламан жас келіншекті жыға танымаса да, түсін шырамытты. Бір жерде көрген сияқты. Әлдеқайдан Ознобин келді. Ессіз-түссіз талықсып жатқан келіншекке көзі түсті де тұра қалды. Үстіне төніп қарап тұрды да, қасындағы біреуге «Үйге апарыңдар!» деді. Иін тірескен ығы-жығы кісілердің ара-арасымен ілгері ұмтылды. Еламан есігін айқара ашып тастаған қызыл вагонға қарт жұмысшымен бірге қатарласа жетті де, дәл вагонға мінер жерде оны қолтығынан демеп жіберді. Осы арада ғана ол қан-қан өліктердің арасынан қарт жұмысшының шолақ қол баласын көрді. Ознобин де баласының өлігі жанына тізерлеп отыра қап, су қараңғы болған кісіше құп-қу жүзін жоғары көтеріп, дыбысын шығармай тістеніп алды. Сонан бір кезде есін жиып, алдында жатқан қан-қан өліктің әуелі басын сипады. Дірілдеген қолымен баласының бетін сипап отырып: «Андрюш... Андрюшам» деді жасын жұтып.
***
Ертеңіне Еламан Селивановты іздеп депоға барып еді, мұнда жиналыс өтіп жатыр екен. Иін тірескен халықтың арасынан Селивановтың өзі көзге түспесе де, бірақ аңғал-саңғал депоның өрегірек бір тұсында отын сөндірген паровоздың алып тұлғасы қарауытқан маңнан тіл мен жағына сүйенген біреудің саңқылдаған дауысы құлақты жарып баратты. Мына қызыл кеңірдек жиналыстың жуық арада бітпесіне көзі жеткесін Селивановпен кейін сөйлескісі келді де, келген ізімен кері қайтты.
Ызғырық суық жел шаңдағын суырған сары топырақ борап жатты. Қамсауы жоқ шинельден суық өтіп барады. Бір жақсысы, ыққа қарап жүру жеңіл. Жел артынан итеріп, дедектеп келе жатқан-ды. Кенет алдында кетіп бара жатқан біреуге көзі түсті де іркіліп, тоқтап барып қайта жүрді. Үстінде қап сияқты дорбиған бірдеңеден тіккен қызылқоңыр пальто. Не түймесі, не белбеуі болмағасын омырауын қаусырынып апты.
Еламан онан көзін айырмады. Кім де болса, айдаудан қайтқан біреу. Ана жылы Федоровты өлтіріп, қол-аяғында темір кісен, Орскіге жаяу айдалып бара жатқанда жолда осындай кісілердің талайын көрген-ді. Еламан оған қатарласып қалғанын байқап, кілт тоқтады. Ат бойы алға жібергесін қайта жүрді. Енді оған көбіне сырт жағынан қарап, қалқиған құлағы мен қылқиған мойнын көріп келеді. Ақжем бетінде жалқылдаған ілелі қызыл таңдақ. Енді оны басып та озбай, қалып та қоймай, соңында қол созымдай кейінде келе жатып, бас-аяғына анықтап қараған сайын «Апырай, — деп ойланды Еламан, — адам баласы өлімге оңайлықпен мойын ұсынбайды-ау. Түрмеден босанып шыққан болды ғой. Бұнда туған-туысқаны бар ма екен?»
Аяғын сүйреп басып келе жатқан кісі кенет кілт тоқтады. Еламан да тоқтады.
— Орысша білесің бе? — деді ол Еламанға.
— Аздап...
— Теміржолшылар отряды қайда?
— Жүріңіз! — деді Еламан. Мына кісінің салған жерден отрядты сұрағанына таңданып келеді.
— Ұлтың кім?
— Қазақ.
— Отрядта сенен басқа қазақ бар ма?
— Жоқ.
— Командирлерің қайда?
— Өзінде шығар.
— Кел, танысалық, Петр Дьяков.
— Еламан.
— Бұл қалада енді бір танысым бар деуге болады, — деді Дьяков күлімсіреп.
— Қалай?.. Сіз... Сіз бұнда ешкімді...
— Иә, өзіңнен басқа танысым жоқ.
— Бұнда бұрын болмап па едіңіз?
— Жоқ. Бүйдеп неге сұрадың?
— Жоқ, жай. Міне, мынау — штаб, — деді Еламан кішілеу екі қабат үйдің алдына келгесін. — Сау болыңыз.
— Біз әлі кездесеміз, — деді де Дьяков жылдам басып ішке кіріп бара жатты.
Есік алды лық толы екен. Бәрі де қару асынған әскери кісілер. Дьяковты көргенде үстеріне түйе кіргендей, бәрі бірден бұған одырая қарады. Дьяков мән берген жоқ; ол өзіне жұрттың осылай қарағанына үйренген-ді. Үстіндегі арестант шекпеннің өңірін қымтап, қаусырынып алды да, аяғындағы жұлығына жамау түскен етікті сырп-сырп басып, түп жақтағы ақ сыр есікті аша берген-ді.
— Пардон, — деп, бір жас солдат есікті жауырынымен басып тұра қалды. — Саған кім керек?
— Мен... Мен бұнда...
— Жоқ, сен Совдеппен шатыстырып тұрсың. Бұнда отряд командирі тұрады. Командир! Понимаешь?
— Ендеше, мен Мюльгаузен жолдасқа келіп тұрмын.
— Онда, кідіре тұр. Сенен де басқа күтіп тұрғандар бар.
Дьяков мыналарды күтсе, жуық арада отряд командиріне аяғы жетпесін білді. Және ауызғы бөлменің ауасы тар екен. Бұнда келгендердің бәрі темекі шегіп, тұла бойындағы иіс-қоңысты осында қалдырып кететін сияқты. Дьяков қалтасынан мөр басқан қағаз шығарды.
— Бәрібір жібермеймін! — деп есікті арқасымен басып тұрған әлгі солдат қасарысып жолын бөгеп тұрып алды: — Мыналарды көресің бе? Бәрінде де бір-бір құлаш мандат бар.
Жауынгерлер қарқ-қарқ күлді. Дьяковтың көзінің алдында қалталанып тұрған күлтілдек еті жыбырлап, өзінен-өзі жұлқып-жұлқып қалды.
— Оқы!
Жас солдат қыңа қоймап еді; Дьяковтың жағы қуарған ілелі ақжем бетінің әр жер-әр жеріне теңбіл-теңбіл қан жүгіріп, өзі де қатты демігіп:
— Оқы! — деп зекіп еді, жас солдат әлгідей емес, осы жолы жөнге түсіп, өзіне ұсынған қағазға көз қиығын селқос тастаса да, бір-екі сөзін оқыр-оқымаста кірпігі жыпылықтап кетті. Үсті-басын асығыс жөндеді. Жауырынымен басып тұрған есікті де жалма-жан ашып:
— Кіріңіз!.. Кіріңіз!.. — деді.
Дьяков енді асықпады. Ішке кірер алдында сәл бөгеліп, әуелі мыжырайған кепканы басынан алып еді, сұйқылтым шашы кейін қашқан қос шекесі, тоқпақтай маңдайы жарқырап қоя берді, Жас жауынгер ашқан есіктен ол отряд командирінің үстіне сабырлы салмақпен ақырын кірді. Соңынан есік жабылған бойда жас солдат сылқ етіп отыра кетті:
— Құрыдым...
Дьяков отряд командирінің үстіне кіргенде Мюльгаузен алдында жатқан әлдебір қағазға үңіліп қалған екен. Басын көтермеді. Әуелі алдына кеп тоқтаған кісінің аяғындағы етігіне көзі түсті. Жұлығына жамау түскен бақа бас етіктің тұмсығы тынышсызданып, ар жағында бүлкілдеген башайдың қимылынан хабар беріп тұрғандай.
— Мюльгаузен жолдас, вот и прибыл. — Мюльгаузен етіктен енді ғана көзін алды да, алдында тұрған кісіге сонда да суық жүзін жылытпай, назарын тіктеп қарады. Дьяков қысылған бойын қайда қоярға білмей, қипақтап қалды да, өзіне жақын тұрған орындыққа отыра кетті.
— Әлдеқашан келетін едім. Жолшыбай ауырып... һхе-һхе-е...
— А-а!
— Ауырып қалғаным.
— Ә-ә...
— Дәрігерлердің қолына түспеу керек. Қолына түссең, әсіресе, мендей һхе... хе... кісілерді жібере қоймайды. Қашып шықтым.
— А-а?
— Қашып шықтым.
— Түсінгенім жоқ. Өзің кімсің?
Дьяков әлгінде жас жауынгерге көрсеткен қағазды отряд командирінің алдына тастады. Мюльгаузен асықпай оқып шықты. Жанынан темекі алды. Алдында жатқан қағаздың шетінен жыртып алған қиындыға орар жерде қолы дірілдеп, темекі шашырап кетті. Сіріңкеге су тиген бе, қанша шақса да от алмай, күкірттің басы уатылып, ызасына тие бастап еді, Құдай оңдағанда, келесі бір талы тұтанды.
Мюльгаузен ащы махорканың түтінін кең танауынан бұрқ-бұрқ шығарды. Дьяков өзіне қарай қалқып келе жатқан көкшіл түтінге зәресі ұша қарап, орындығын қозғап, кейінірек ысырылып отырды.
— Шалқарды бұлай деп ойлағам жоқ-ты. Сөйтсе өзі... һхе-е... әжептәуір...
Дьяков булығып, демі жетпей бара жатқасын алақанымен аузын басып алды.
— Һхе... һх-е... Кешіріңіз... Демікпем бар. — Мюльгаузен темекісін анда-санда бір бұрқ еткізіп қойғаны болмаса әлі үнсіз.
— Қалада депо барын білем. Жұмысшы саны қанша? — деді Дьяков.
Мюльгаузен даусын созып:
— Да-а... — деді де, түк деместен орнынан ақырын түрегеле берді. Терезенің алдына барып, сыртқа енжар, керенаулана көз салды. Өзімен тілдескісі кеп, жалтақтап қайта-қайта қарап отырған кісі бар ма, жоқ па, қаперінен мүлде шығып, ұмытып кеткен сияқты.
Дьяков түрегелді. Терезенің алдында сыртын беріп тұрған Мюльгаузенге жақындап барып:
— Танысайық, — деп қолын созып еді, Мюльгаузен қолын бермеді.
— Комиссар, кешір. Алдыңнан шығып, музыкамен күтіп ала алмадық, — деді ол.
— Оның қажеті қанша?
— Как же, комиссарды салтанатты түрде күтіп алу керек емес пе?..
— Түсінбедім.
— Эх-х, тоже мне комиссар. Сенің кесіріңнен көресіні көрдік. Әне келеді, міне келеді деп жолыңа қарап, жіпсіз байланып отырғанда кісілерімізді қырып алдық.
Бұны күтпеген Дьяковтың аузына қапелімде сөз түспеді. Мынау не деп тұр? Бұның кесірі... жіпсіз байланып... кісілерін қырып алған... Бұның не жазығы бар? Соның бәрінің жөнін сұрағалы енді оқтала бергенде, бұған осындай қысылтаяңда тап болатын жөтелі құрғыр кеудесін қысып тағы да қып-қызыл боп булыға бастады. Әй... Әй-й, мынау кетіп бара ма? Бұл «Тоқ-та!» дегенше болмады, отряд командирі әлгіден артық сөзге келмей, еденнің жаман тақтайын солқылдата басып шығып кетті.
Дьяков жүлгеленген темекі түтінін кепкасымен қағып, желпіп жіберді. Ерні кезеріп, тамағы құрғап қалды. Көзімен үй ішінен су іздеп отыр. Отряд командирінің жаңағы қылығына қайран. Хан-Дауров та осы жігітті екі сөзінің бірінде өзімшіл, ешкіммен есептескісі келмейді, сен оның ығында кетіп қалма деп ескертіп еді; жолшыбай ауырып, ауруханаға түсіп өлек-шөлек боп жүргенде, дивизия командирінің ескерткені енді есіне түсті. Есінен шықпағанда да, қанқұйлы жау емес, тап дұшпаны емес. Және бір отрядты бірге басқарғасын бір-бірімен тіл табысып істегенді жөн көрген-ді. Бір есептен командирдің басқадан бір демі үстем болғаны дұрыс. Командирге аздап өктем болған да жарасады. Аздап зәбір бергенде де тұрған ештеңе жоқ. Ойлап қараса: көз ашқаннан бері көріп келе жатқаны — зәбір. Әке-шешесі ерте өлді. Өз қолы өз аузына жеткенше қайырымсыз қатал аға-жеңгеден бұл қанша зәбір көрді. Онан «Скороход» фабрикасында жұмыс істеп жүрген жап-жас бала жасырын ұйымға қатысып, жандарм қолына түсті. Қол-аяғында темір кісен. Қыстың көзі қырауда Сібірге айдалды. Он жыл жер астында шахтада жұмыс істеді. Патша тақтан құлар алдында бір топ кісі түрмеден қашып шықты. Бірақ Орынборға келе бергенде қолға түсіп, бұны саяси сенімсіз кісілердің эшелонына отырғызып, Орта Азияға айдады да жіберді. Осының бәрінде де оның өмір жолында кездескен кісілер - құй фабрикант, құй полицей, құй, мейлі, түрме начальнигі болсын, мейірі түсіп маңдайынан сипаған бір жан болмапты. Бәрі қатал. Бәрі өктем. Бәрі озбыр. Және озбырлығы мен өктем қаталдығын бірінен-бірі асырғысы кеп бәстесіп қойғандай. Неше түрлі қорлық пен зорлықтың кісі басына келмейтін қайдағы бір қиын жолдарын ойлап табатын. Олар, бірақ, жау болатын. Сондықтан зәбірленбейтін. Ал достан көрген зәбірдің қандай болатынын ол әлі көрген жоқ-ты.
«Жаңағы қайда? Келмейін дегені ме?» деп ойлады Дьяков. Күзетшіден басқаның бәрі кеткен. Көп бөлмелі үлкен үйдің іші аңғал-саңғал. Сыртта жел ызыңдайды. Айдай әлемнің үстінен зіл батпан салмақпен салбырап басып келе жатқан сырттағы түн осы қазір үйдің ішіне де еніп, бұрыш-бұрыш тұнжырай бастады. Батысқа қараған қос терезенің әйнегінен әлгінде батқан күннің қызғылт шапағы бірте-бірте әлсіреп, ақырын-ақырын сөніп-сөніп барып, енді міне, ақыры түнге тұтасып бара жатты.
Отряд командирінің енді оралмасы белгілі болды. Үй ішінде қисайып демала қоятындай ештеңе жоқ екен. Қас қарайғасын Дьяков сыртқа шықты. Күзетшімен сөйлесті. Бірақ желең бойынан жел өтіп бара жатқасын сыртта ұзақ тұра алмай, ішке қайта кірді. Бағанағы қылжаңбас солдат «комиссар келді» деп жұртқа жар сап қойған сияқты. Күзетші жауынгер бұған жаңа кәдімгідей ізет білдіріп, сыпайы сөйлесті. Сөз арасында бір рет бұған «комиссар» деп те салды. Дьяков өз халін өзі сықақтағандай мырс-мырс күлді. «Комиссар!.. Шалқар теміржолшылар отрядының комиссары!»
Дьяковтың қалжыраған жүзінен мысқыл айықпады. Хан-Дауров бұнымен кең отырып ұзақ сөйлескен еді. Түркістан Армиясы таяуда ғана ұйымдасқан көрінеді. Соған дейін Ақтөбе маңында Шалқар теміржолшыларының жасағы сияқты ондаған ұсақ әскер бөлімшесі бопты. Соның бәрі ешкімге бойұсынбай, әрқайсысы бас-басына дербес өмір сүрген. Хан-Дауров олардың бөрінің басын қосып жатқан көрінеді. Шалқар, Қазалы, Жосалы, Ақмешіт, Ташкент теміржолшыларының қарулы жасағы да ендігі жерде тікелей бұған бағынады. «Тек Мюльгаузен бағынғысы келмейді» деген-ді Хан-Дауров.
Дьяков таң алдында столға басын салып бірер сағат мызғып алды... Оянса терезе әйнектері бозарып, үй іші сәулелене бастапты. Үй іші жым-жырт. Тек ауызғы бөлмеде сағат тық-тық...
Дьяков түрегелді. Кешеден бері нәр татқан жоқ-ты. Соған қарамастан асқа зауқы шаппай, шөлдеп оянды. Кеше қора ішінен құдың көрген-ді. Сыртқа шықты. Кешегідей емес, бүтін күн ашық, бірақ әлі салқын екен. Бүл құдыққа жете бергенде қақпадан соңында ерген екі кісі бар, Мюльгаузен кірді. Бүл амандасқысы келсе де, бірақ оның қайырылмасын байқады. Осы қызметке келіскенім қате болған жоқ па деген ой көңілін ауырлатып түр. Денесінде діріл бар. Алақанымен аузын басып, күрк-күрк жөтелді. Ішке кірер-кірмесін білмей, екі ойлы боп тұрғанда бұғағы салбыраған біреу қасына кеп, өзін осы отрядтың старшинасымын деп таныстырды.
— Е, дегендей. Маған керек кісі екенсің, — деді Дьяков.
— Сізге бөлме таба алмадық. Әзірше бір командирмен бірге жата тұрасыз.
— Оқасы жоқ.
— Аш шығарсыз?.. Жүріңіз, асханаға апарайын.
— Еркіңіз білсін.
***
Еламан осы күннің ертеңіне Совдепке соғып еді; көк шатырлы үлкен үйдің алды қара-құраға толы екен. Қара киімді қала халқының арасынан ара-тұра ел қазағының тымағы да көрінеді. Олар ауылдағы мінезін қалаға да істеп, атын есік алдына байлай салып, болмашы жұмыспен бастықтардың үстіне баса-көктеп кіріп жүр.
Қабырға болысының екі қазағы базарға айдап әкелген малдарының пагорнойы жаңсақ шығып, шырғатылып, жіпсіз байланып қапты. Ел қазағынан ілгіш іздеп үйренген базарбасы малдарын матап тастапты. Олар Еламанды көре сап, анадайдан «айналайындап», етегі далақтап жүгіріп келді. «Мұндағы бастықтардың ішінде тамыр-танысың бар ма?» деп жатты да жабысты. Еламан ешкімді білмеймін деп ат-тонын ала қашса да, аналар болмай, екеуі екі жақтан шаужайлап жатыр.
— Слейбановты білетін көрінесің ғой?
— Ептеп...
— Е, сол болады. Осы арадан ептеп-септеп құтылып кетсек жетіп жатыр. Сонан артық таныстықты қайтеміз?! Қыз айттырып, құда түсер дейсің бе ол орыспен?!
— Жарайды, сөйлесіп көрейін.
— Е, бәрекелді, өркенің өссін, шырағым.
— Көсегең көгерсін.
— Апырай, «Жауда да бір көзің болсын» деген рас. Сыртын былғарымен тыстаған биік қара есіктің арғы жағынан біреудің саңқылдаған даусы естіліп жатты. Еламан ұзақ айналып қалам ба деп тұрғанда, күтпеген жерден жиналыс аяқталып, кісілер жапыр-жұпыр түрегеп жатты. Іле-шала есік ашылды.
— О, кого я вижу?!
Еламан өзіне қолын созып келе жатқан жас жігітті көрді. Бұл да қуанып кетіп, оны құшақтай алды. Екеуі құшақтарын жазбастан мәз боп күліп, қайтадан кабинетке кірді.
Еламан табалдырықтан аттай бере тұрып қалды. Кең кабинеттің қаң төрінде қызыл масаты жапқан жалпаң стол. Сырлаған орындықтар. Көз тартар жалтырағы көп телефон.
— Осы қаладағы мықты бастық өзіңсің бе, қалай?
— Түбі осы орынға сен отырасың. Ал, жай жүрсің бе?
— Мен... — деп Еламан шаруасын айтуға ыңғайлана бастағанда, қызу жігіт оны киіп кетіп:
— Сені кеше бір жерден көрдім ғой. Тоқта, қайда?.. — деді. — Сен жақсы сөйледің. Иә, иә, есіме түсті, жиналыс біткен бойда, іле-шала іздедім. Бірақ атың аузыма түспеді. Ұмытып қалыппын. Сен ренжіме.
Еламан шаруасын айтқалы оқтала бергенде, Селиванов сөзін бөліп:
— Айтқандай, осы сенің командирің қайда? — деді.
— Қалада.
— Қазір қайда?
— Кім білсін, станса жақта жүрмесе...
— Маған керек еді. Сен осы маған бір шаруамен келдің ғой? Ал, кәне, айт!
— Осында бір таныс әйел бар еді...
— Так, так...
— Тұрмысы нашар. Мүмкін болса, соған...
— Жәрдем сұрай ма?
— Жоқ, бір жерге...
— Кешір, — деп Селиванов сырт жағында шар ете қалған телефонға қол созды. Әлдекіммен шапылдап алым-берім сөйлесті де, трубканы іле салды. — Черт знает что. Сен осы қай жерден едің?
— Аралданмын.
— Онда сенің жерлестерің. Понимаешь, базарға жылқы айдап әкелген. Қағаздары дұрыс емес.
— Ауылда хат танитын кісі жоқ. Қателесіп кеткен шығар.
— Ұлың мал болуы мүмкін.
— Жо-жоқ, ұрлық емес. Нақақ күйдірме сорлыларды.
— Сен қайдан білесің?
— Олар жаңа маған есік алдында кездесті. Қалаға бара жатқасын ауылдастарының кездеме, шай, шекер ала кел деп қосқан бір-жармалы.
— Әй, қайдам?..
— Рас. Рас айтам. Қайтарып бергіз!
— Жоқ, бұл менің қолымнан келмейді.
— Түсінсем не дейсің?..
— Шын айтам. Мен келіскенмен, Мюльгаузен көнбейді. Оның мінезін білесің ғой.
— Жылқылардың оған керегі қанша?
— Как же? Отрядқа ат керек. Бәрін бірдей сатып алуға қаржы жоқ.
— Сонда тартып ала ма?
— Айта көрме. Тартып алуға ешкімнің де хақы жоқ.
— Ал мынасы не?
— Бұл заңсыз мал. Заңсыз, понимаешь?! — Бұлардың үстіне Совдепте істейтін біреу кірді. Кең кабинеттің төріне жеткенше именшектеп қысылып келді де қолтығына қысқан папканы Селивановтың алдына ақырын қойды. Селиванов қағаздарға көз жүгіртіп жатпастан сойдақтатып қол қоя салды да, алып кет дегендей ишара етті. Сосын Еламанға бұрылды:
— Ал құлағым сенде. Шаруаңды айт!
— Әлгі әйелді бір жерге жұмысқа...
Селиванов шарылдап жатқан телефонға қайырылмай, шаңдап сыртқа шықты.
— Біздің саясатымызды түсінесің ғой, — деді ол. — Біз көшпелі халықты отырықшы ел етіп, қала мәдениетіне тартпақпыз. Ол үшін, понимаешь, жергілікті халықты жұмысқа тарту керек. Ал, қазақ әйелдерін құшақ жая қарсы аламыз.
— Ендеше, мына келіншекті...
— Ол қайда?
— Үйінде.
— Маған әкел. Тек тез. Сендерді темір жол асханасында тосам.
Еламан келгенде Ақбала терезе алдындағы сары шуаққа бетін беріп, өзінің баяғы қыз кезіндегі ескі көйлегін жамап отыр екен. Есіктен асығыс кірген Еламанды көрген бойда, бұ да орнынан түрегелді.
— Жұмыс істегенің жақсы. Ешкімге тәуелді болмайсың, — деді Еламан сыртқа шыққасын.
— Білем ғой, — деді Ақбала.
— Рас, алғашқыда қиын болады. Бірақ төзу керек. Ақбаланың жүдеу жүзіне жабырқау күлкі білінді. Осы түрі, бейне: «Төзбей жүрмін бе?!» деп көңіліндегі бір назды аңғартқандай еді.
— Біраздасын үйренесің, — деді Еламан. Ақбала тағы да езу тартты:
— Талайға үйрендік қой. Біз осы... кімге келе жатырмыз?
— Тезірек жүрейік. Күтіп қалған болар.
Ақбала желге қарсы омыраулап басып келе жатқан мына ала көз ірі жігітке ілесе алмай, үнемі қол созымдай кейін келеді.
— Әне, бізді күтіп тұр екен.
Ақбала Еламан иегін көтерген жаққа қарап еді. Алдарынан етіп бара жатқан түйелі арбаның арғы жағынан ұзын бойлы орыс жігітті көрді. Ол ақ халатты жуан сары әйелге бірдеңе деп, жан-жағына шыдамсыздана көз сап тұр екен. Арбалы түйенің тасасынан шыға келген бұларды көргенде қуанып кетті.
— Еһе-е! Ал, таныстырмайсың ба? — деді Селиванов, Еламанның тасасына тығылып тұрған жап-жас сұлу келіншекті көргенде көзі ұшқындап.
— Қайтесің? Тиме, — деді Еламан.
Селиванов ақ халатты әйелге сыбырлап еді, ол су-су қолын алдына байлаған халаттың етегіне сүртті де, Ақбаланың қасына кеп «Танысайың!» деп қолын ұсынып еді, Ақбала «Мен не істейін?..» дегендей көзінің астымен Еламанға қарады. Еламан «Қолыңды бер» деп ымдады. Бұлай танысу өздерінде үрдіс болмағандықтан, Ақбала әлі де болса көзін төмен салып қысылып тұрып, орыс әйелінің қолын болар-болмас қысты да, тез тартып алды.
— Атыңды айт, — деді Еламан.
— Ақбала.
— Менің атым Марфа. Марфа апай деуіңе болады. — Ақбала жұмған аузын ашпады.
— Мен тамақ асам. Сен маған жәрдем бересің. Су тасисың, ағаш жарасың, — деді Марфа.
Ақбала бір жанға назар салмай үн-түнсіз тұр. Еламан түсінбегенін байқап, Марфаның сөзін қазақшалап еді; Ақбала бұ жолы да үндемеді. Тек төмен салған көзін жерден көтерместен ақырын қозғалып, анадай жерде үйіліп жатқан ағаштардың жанында жатқан балтаға қолын созды.
***
Дьяков соңғы вагонға мінген-ді. Бұнда Ознобиннің взводы орналасқан екен. Бірақ олар өздерінің арасында комиссардың барын байқамаған сияқты. Оның бар-жоғын әзірге ешкім байқай қойған жоқ-ты.
Дьяковке де өзінің осы күнгі елеусіз халі ұнайтын сияқты. Есік алдына жақын отырған жауынгерлердің қасына жайғасты. Біразға дейін ентігін баса алмай, дымқыл алақанымен маңдайын сүртіп қояды. Пойыз бір жерге тоқтамады. Анда-санда бір кездесетін разъезд, станса болмаса, осынау көл-көсір йен даланың қалған жағындағы тірлік қадау-қадау. Кейде көз ұшынан тырнадай тізіліп көш өтеді.
Бір рет темір жол бойында жападан-жалғыз отырған үй кездесті. Итарқа ғып тіккен қоңыр үзікті үйдің шаңырағынан ақшыл түтін шығады. Үй маңында ботасын ерткен жабулы түйе тұсынан дүрсілдетіп өтіп бара жатқан пойызға мойнын бұрып, құдды мына бұйығы даланың бұ да бір бойкүйез енжарлығының анықайғағындай, кәукиіп қала берді.
— Өмір осылардікі, — деді қырма сақал жауынгер.
— Әй, мыналар кім? — деді тағы біреу.
— Ақтар! Ақтар ғой.
Оннан астам атты казак алыстағы сары белге шауып шықты. Оқ жететін жерге жақындамай, қапталдасып еріп отырды да, бұлар зеңбіректен бірер атқылағасын кейіндеп қала берді. Жауынгерлер олардың түп-тұқиянын қалдырмай боқтап, өзді-өзінің орнына барып отырды.
— Бұлар барлаушылар.
— Түрі соларға келеді. Сонда, қалай... негізгі мол күш...
— Құдай білсін, қалай да сақ болу керек.
— Иә, бұл иттер қапылыста соғады.
— Комиссар, мынаны енді орнына салып қойыңыз! — Дьяков қолындағы наганды жаңа байқады. Жаңағы қарбаласта қолына ұстағаны болмаса, бір оқ атпағаны есіне түсті. Соған қысылды ма, наганды жалма-жан кабурға тыға салды. «Мені біледі екен ғой» деді ішінен. Осы күнгі халі өзіне оңай тиіп жүрген жоқ. Бұнда келген үш-төрт күннің ішінде ештеңеге араласпай, өзімен-өзі елеусіз жүріп, бұндағы біраз жағдайға қанығып алды. Баста бұл жақта алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ сияқтанып еді. Орыс, татар көпестері дәуірлеп тұрған кішкентай Шалқар біреу біліп, біреу білмейтін, бас-аяғы бір-ақ уыс қала сияқтанған. Сөйтсе, ұлы жолдың үстінде жатқан кішкентай қалаға осы қазір дос пен дұшпан бірдей көз тігіп отыр екен. Бір жағында Мәскеу, Орынбор, Самар қалалары жатса, екінші жағында Арал, Ақмешіт, Әулиеата, Ташкент, Түркістан. Екі жаққа бірдей қол созып, Азия мен Еуропаны бір-біріне жалғап тұрған темір жол бойындағы станса. Вагон оңдайтын цех бар. Паровоз оңдайтын депо бар. Қала халқының жартыға жуығы жұмысшы. Қазіргідей аласат кезде атаман Дутовқа әзірше іргесін алдырмай тұрған айдаладағы қамал қаланың бірі екен.
Дутовтың атты әскерін Дьяков әлі көрген жоқ. Сырт хабардан естуі — соғыс тәсілі баяғы татар-моңғол әскеріне келеді. Бұлар да салт атты. Бұларда да қылыш, найза. Бұлар да ұшқыр, жүйрік атпен кең далада құйындай жосып жүріп, ылғи қапыңды тауып, қапылыста тұтқиылдан тиіп, қан-жоса ғып қырады да, сен қамданғанша тайып тұрады. Бүгін бір қаланы шапса, ертең басқа жақта, басқа қаланы, не станса, не ауылды талап, қырып-жойып кетеді.
Колчактың қазақ жеріне кірген Түстік Армиясы әлі де бас-аяғын жинап топтасып бола қойған жоқ-ты. Атаман Дутовтың жел құйын әскерін қай жерден тосарын білмеді. Аты жүйрік әскердің ізіне түсіп, өкшелеп қуа алмады. Ел іші әбігерге түскен осы бір алмағайып заманда бұл өңірді қотан шетін күзеткен сергек сақшыдай кірпік қақпай тұрған жалғыз күш — Шалқар, Ақтөбе, Ташкент, Ақмешіт, Қазалы, Жосалы теміржолшыларынан құралған қарулы жасақ еді.
Атты казактар қазір қайта бас көтеріп, екі күннен бері Соль-Елеңкіде қатты ұрыс боп жатты. Қаланы қорғаған қызылдарда күш аз. Тез арада қолма-қол көмек болмаса, атты казактар қалаға әне-міне баса-көктеп кіретін қауіп төнгесін Хан-Дауровтың әмірімен көмекке Шалқар отряды келе жатты. Шалқардан шыққалы еш жерге тоқтамай қатты келе жатқан пойыз Ақтөбеден өтіп Мартекке жақындап келе бергенде қызыл вагондар кенет бірін-бірі сүзгілеп, салдыр-күлдір тоқтады. Әскерлер жерге жапырлап түсе бастады.
— Не болды? Неге тоқтадың? — деді Мюльгаузен қасынан өтіп бара жатқан теміржолшыға.
— Ақтар жолды бұзып кетті.
— Жөндеп жатыр ма?
— Иә.
— Қашан бітеді?
Теміржолшы жауап бермеді. Әскери эшелонның бас жағында абыр-сабыр боп жатқан әлдебіреулерге айқайлап, ілгері қарай жүгіріп бара жатты. Мюльгаузен қасына кеп қатарласып тоқтаған Дьяковке көз қиығын да тастамады. Қара құмандай наган бір жақ мықынында салақтаған осы бір ауру екені, сау екені белгісіз мүсәпір кісінің қасында қатар тұрғанын ұнатпады ма, бұ да жаңағы теміржолшы кеткен жаққа жүгіре жөнелді. Кідірмей қайтып көп әскерін көтеріп, жолды жөндеп жатқан жұмысшыларға көмекке апарды. Бұлар білек сыбанып, жаңа кірісе бастағанда «ақтар!» деген айқай шықты. Мюльгаузен бұйрық берем дегенше қару-жарағы бойында жүрген солдаттар жұмысты тастай-тастай сала рельсті бетке ұстап жата-жата қалды. Сөйткенше атты казактар да оқ жететін жерге келіп қалған еді. Мюльгаузен: «Дайындалыңдар»,— деп ұзын шөптің өн бойына айқай салды. Соны сезді ме, емініп келіп қалған жау кенет күтпеген жерден аттарының сірісін жапыра жалт берді. Әне-міне дегенше із-түзсіз көзден ғайып болды. Бірақ олардың қайтып оралып соғары көміл еді. Оны бәрі де білді.
Еламан шпал тасыды. Ақтардың қарасы батқан жаққа мойын созып қарап жүрді де, біраздасын есінен шығып кетті. Жұмыс істесе көңілденіп кететін әдеті. Жолды жөндеп жатқандар мен анадай жерде үйіліп жатқан шпалдың екі арасында табаны жерге тимей зырлап жүрген-ді. Кенет тұра қап, көзіне құйылған терді сүрте берді де, ойламаған жерден Ақбала есіне түсті. Иығын басқан ауыр салмақ астында белі бүгіліп тұрып «жұмысқа орналасқаны жақсы болды» деп ойлады. Бұрын білмеуші еді, сөйтсе Ақбала иттен қорқады екен. Жұмысқа алғаш келгенде бауырын жаңа көтерген күшіктей кішкентай ақ қанден аспазшы әйелдің жуан балтырының арасынан жүгіріп шығып, шабалаңдап шәу-шәу етіп үргенде Ақбала ыршып түсіп: «Мына шіркін, кәйтеді-өй» деп өлек-шәлек болып еді.
Сол күні бұл езін қандай бақытты сезініп еді! Әуелі Ақбала екеуі ішке су тасыды. Сосын бұл ағаш жарды. Ағаштарды қорыс ғып жара келгенде қарағай ма, әлде қабығы сыдырылған қайың ба, тұла бойы толған без күпшек ағашқа балта батпады. Құлаштап қанша сермесе де балта жүзі зікілдеп қолына қайта теуіп, бұл ақ тер, кек тері шығып алқына бастады. Ыза болған Еламан балтаны кіжініп, қайта сілтеп еді, сіңірі тартылды ма, қолынан балта түсіп, отыра қалды. Ана жақтан құстай ұшып келген Ақбала балтаны ары қарай лақтырып жіберді.
— Осы ағаш жетеді, — деді ол.
— Мен енді не істеймін? — деді бұл.
— Ештеңе істемейсің. Осылай менің қасымда отырасың. — Сол күн бұл екеуін бір-біріне іштей ұмтылдырып, бұрынғыдан да гөрі жақындата түскен-ді. Оны бұ да білді, о да білді. Бірақ бұның ақыры қайда апарып соғарын, немен тынарын бұ да, о да ойлаған жоқ-ты. — Ақтар!
Еламан иығындағы шпалды жерге атып ұрды. Жүгіріп барып эшелон тұрған жолдың таса бетіне жата қалды да, көзін ілгері жаққа тастап еді; қарамы бағанағыдан әлдеқайда көп қалың қол қаптап келіп қалған екен. Еламан белдігінде жүретін екі гранатты босатып алды. Мылтығын оқтады. Сосын көңіліне қобалжу енді ме, жүрегі лүпілдеп бара жатқасын баяу жел астында ырғалып тұрған бір түп жусанға қол созып, жалғыз талын жұлып алды.
Осы кезде Мюльгаузеннің «Дайындалыңдар!» деп айқай салған даусы шықты. Сол екі арада атты казактардың алдыңғы легі бұлар бекініп жатқан теміржолдың тура қарсы алдындағы сайға жетіп қалған-ды.
— Пулемёт!.. — деді Мюльгаузен айқайлап.
— Әзірміз.
— Зеңбірек!
— Бізде...
Ана жақтан қаһарын тігіп келген қол сайға түскен бойда жер жұтқандай аттар да, адамдар да көзден ғайып боп, тек әуеде мың сан тұяқтың дүбірі қалды. Еламан көзін гранатқа тастады. Сосын, әне-міне дегенше сайдың жарқабағынан шыға келетін жаудың қарауылға қай бұрын іліккенін нысанаға алуға әзірленіп, демін жұтып, тым-тырыс бола қалды.
Дүбір әлгіден де гөрі бермен жақындай түсті. Дегбірі қашқан Еламан басын бір көтерді, бір бұқты. Бірақ оны өзі сезген жоқ. Тек айқасқа әзірленіп мылтығын көтере беріп еді, қарауылы шоршып тұр екен. Еламан шошып кетті. Кенет көзі екі саусақ арасында қыстырылған жалғыз тал жусанға түсті. Тастай салғысы кеп тұрды да, әлденеге мұрнына апарды. Ой-хой, дала шөбінің осы бір тыныс ашар иісі-ай! Бүй деп ол бірақ кейін... көш кейін ойлаған-ды. Онда да, сатыр-сұтыр соғыс біткесін, сарт-сұрт солдат өмірінің әнебір азғантай тыныштығында темір жол бойында болған осы бір жан алып, жан бергендей жағаласты ойлағанда ғана дала шөбінің сол бір көңіл ашар даһуайы иісін жаны сүйсіне еске алған болар-ау!
Ал әлгі темір жол бойында болған соғыста... Иә, сол соғыста қалай десе де жалғыз тал жусан иісі әсер етті ме, Еламан қайта сығалағанда мылтық қарауылы шоршымай орнында тұр екен. Сөйткенше, иек созым жердегі сайдан әуелі найза ұшы қылтылдады. Сосын қылыш жарқылдап, іле-шала өңмеңдеп ұмтылған атты казактардың өздері шыға-шыға келгенде Еламан мұрнына апарған әлгі жалғыз тал жусанды әдеттегідей құшырланып иіскеуге шамасы келді ме, жоқ па, оны кейін қанша ойласа да есіне түсіре алмады. Есінде қалғаны — жусанды лақтырып жіберді де, жалма-жан мылтыққа жабысып, даусын даусына қоса алмаса да, түтінін түтініне қосып, қатарынан үсті-үстіне екі атқанын біледі. Дәл сол кезде темір жол бойына бекінген Шалқар жұмысшыларының жасағы бәрі бірден оң жаудырып, пулеметтер тақылдап, мылтықтар тарсылдап, зеңбірек күркіреп, аспан асты алағай да былағай болды да кетті. Сайдан шыға-шыға келген көп аттылының ішінен Еламан көзіне алдымен іліккен жирен сары сақалдыны атып еді; ол қылыш ұстаған қолы сылқ етіп, аттан ұшып түсті. Тас бұршақтай себелеп жатқан мың сан оқтың ішінде бұл өзі атқан оқтың кімге тиіп, кімге тимей, құла далаға зулап лағып кетті ме, жоқ па, ол арасын білген жоқ...
Сонан бір кезде ұзын шептің өн бойынан «жау!», «жау қаштылаған» дауыс шыққанда ғана бұ да, басқалар да есін жиып, айналаға көз салса, жаңа ғана бұлан-талан ұрыс болған дала аспанынан дәрі иісі әлі де айыға қоймапты. Еламан «тым құрыса ауыз шаятын су болар ма еді» деп ойлады. Дьяковты қасына келгенде ғана көрді.
— Қалайсың? — деді Дьяков.
— Құдай сақтап, әйтеуір тірі қалдық.
— Не болса ол болсын, әкесін таныттық. Қалай ойлайсың, қайтып соғар ма екен?
— Кім білсін?..
— Менімше, соқпайды, — деді Дьяков. Кеудесі сыр-сыр етеді. Ентігіп, ауыр дем алып тұр. Соған қарамастан өзі көңілді. Еламан көз қиығын оған көлденеңнен бір-екі тастады. «Жаңа өзін қалай ұстады екен?» деп ойлады. «Сірә, бұның қолы дірілдемеген болар...» деді ішінен. Орыс-түрік соғысында көргені бар: жайшылықта екі иығын жұлып жеп, айналасын апырып-жапырып жүретін әнебір өкіректеген әпербақандардан гөрі қызыл қырғын соғысқа кіргенде қайта осындай қой аузынан шөп алмайтын жуас, момын кісілерге арқа пайда боп, біртүрлі аруақтанып кететін-ді. Дьякон, шынында да, жаңағы шайқастың әсерінен әлі де болса арыла алмай, маңайдағы мына жұртты, аспан астындағы мына айдай әлемді қазір, тап осы қазір ғана көріп тұрғандай таңырқап та, таңданып та қарады. Кенет әнебір ақ селеу ме, әлде мына бір боз жусанның түбінен бе, шегіртке шырылдап, іле-шала анадай жердегі іннен сарышұнақ жылтыңдап, жаңа ғана қырғын соғыс болған далаға жан ене бастаған-ды.
— Ақтар!
***
Бұл Дьяковтың өз өмірінде қатысқан бірінші соғыс еді. Бұл бағана ұрыста өзімді ұстай алмай, масқара болам ба деп қорқып еді. Рас, алғашқыда көңілі қобалжыды. Ала-қиғаш ұрыс үстінде Мюльгаузен бұған бірер рет бұрылып қарады.
Қалай десе де осы жорықтан бұл көңілді қайтты. Дала. Көк аспан. Таза ауа. Бұрқыраған ащы жусан иісі әлі мұрнында тұр. Дертке шипа, дәрі, дауаһи шөп көрінеді. Осы жолы күн де айта қалғандай ыстық болған жоқ. Жаз бен күз айының аралығындағы сары шуақ;. Көк те, жер де, күллі жан-жануар, айдай әлем маужырады да тұрды. Көңілге болмаса, осы жорықтан кейін бұл анау-мынауды елемей, аяқ үсті жүре беретін болды.
Жорықтан келгесін де қол қусырып қарап отырмай, әскердің жаттығу ойынына қатысты. Онан сәл қолы босаса жұрттың басын құрап, елдің ішкі-сыртқы жайын әңгімеледі. Бүгін де жұрт алдына шығып сөйлеп тұрғанда арт жақта отырған қарт солдаттың қор ете қалмасы бар ма?! Жұрт ду күлді. Қарт солдат оған қысылған жоқ, қайта жағы жыртылғанша есінеп алды да, «Түнде күзетке тұрып едім» дей салды.
Отряд командирі бұны көзіне іліп жүрген жоқ. Соны байқағасын бұ да оның көзіне түсе бергісі келмей, сырғаяқтап кете беретін. Тек жорықтан келгесін, көп ұзамай бұл екеуі бір рет бетпе-бет кездесті.
— Жігіттер шаршаған секілді. Үсті-бастары да кірлепті. Егер қарсы болмасаң...
Үй іші жым-жырт. Бұрын дәл осындай тыныштық орнаса ауызғы бөлмеден қабырғаға ілген ескі сағаттың тықылы естілетін. Таяуда о да тоқтап қалған-ды.
Мюльгаузен дәл қасынан комиссардың құдды өрге қарал жүгірген кісідей сыр-сыр еткен көкірегін есітті. «Мына бейшараның сау күні жоқ екен ғой» деп ойлады. Бір есептен басы мен аяғына қара сүрік киіп сықырлаған әлгі біреулерден гөрі, қайта осыны жібергені дұрыс болды. «Бұған жылы жер, жайлы төсек болса жетіп жатыр. Ұмытпай тұрғанда бұған жағдай деп старшинаға тапсырып қояйыншы» деп ойлады Мюльгаузен, Дьяковтың жаңағы әңгімеге орай өзінен жауап тосып отырғанын байқап:
— Қарсы емеспін, — дей салды.
— Жарайды. Тек артынан ақылдасып істемедің деп...
— Жоқ. Дегенің білсін.
Дьяков ендігі жерде тіл табысып кетерміз деп дәмеленіп еді; бірақ ол ойлағаны болмады. Отрядқа тірелген бар шаруаға бұны араластырмай, бұрынғы әдетпен бір өзі шешіп жүр. Соны байқаған жұрт та бұның алдына келе бермейді. Бұның комиссарлығын сыйлағаннан гөрі аурулығын аяйтын сияқты. Мюльгаузенге салсақ: халық өз алдына, қарулы күш өз алдына. Ел ұлтаны қазақ... Мал баққан момын халық болса да, арғы заманда бұларда да өз елін, жерін қорғаған батырлар аз болмапты. Тек осы өңірде Көтібар батыр, Арыстан батыр, Есет батыр бопты. Еламанның да жетінші атасы Тойғожа батыр көп соғыстың бірінде балтырын садақ оғы көктеп өтсе де «жау марқайып кетеді» деп, жаралы аяғын қанжығаға қайырып байлап тастап, алысып-жұлысып жүргенде ақыр аяғында ұшына тиіп, жаралы аяқ күп боп ісіп, өлуге қарағанда сынықшыға кескізіп тастапты. Сонан ел арасына «Ақсақбөрі» атанып кетіпті. Ендеше, бұл ел қазір құрық, қауға ұстап мал соңында кетсе де, баяғыда бұлардың да іргесінен жау арылмай, ер-азаматы ерлік пен ірілік сыналатын жерде намысты қолдан бермепті.
Дьяков осы ойын отряд командиріне құлаққағыс қып еді, Мюльгаузен мырс етіп:
— Тағы не айтасың? — деді.
— Мен болдым. Мүмкін, өзің бірдеңе дерсің?
— Солай де...
— Иә, осыны ойлассақ...
— Сонда... Сенің ойыңша бір ауыз орысша білмейтін киргиз...
— Қазақ.
Мюльгаузен мүдіріп қалды. Сонысы жынына тиді.
— Киргиз! Тағы киргиздар.
— Шарадан шығып кеттің ғой.
— Сен шарадан шықпай тұрсың ба? Бір ауыз орысша білмейтін... қара надан кісілермен ұрыс үстінде ымдасып жүрмекпіз ғой? Солай ғой, ә?
— Ұғысу оңай. Тіл үйрену тіпті қиын емес.
— Брось! Олар тіл үйренгенше...
— Олар да үйренсін. Олардың тілін өзіміз де үйренейік.
— Мен үйренбеймін. Үйренгім де келмейді. К черту! Ал олар орыс тілін үйренгенше соғыс та бітеді.
— Халық соғыс біткесін де керек.
Мюльгаузен тағы да мүдіріп қалды. Аузына сөз түспей, ызаға булығып, қып-қызыл боп кетті.
— Халық... Халық! К черту!
Дьяков үндемеді. Мюльгаузен өлі де біраз бұрқылдады. Байқап отыр, ашудан гөрі байбалам басым.
— Комиссарсың ғой. Бұл сенің шаруаң.
— Ендеше Еламанды аулына жіберем. Жерлестерін жинап әкеледі.
— Мейлің білсін.
Дьяков жылдам басып сыртқа шықты. Мюльгаузен үй ортасында үнсіз тұрып қалды. Оңаша қалғасын өзінен өзі мырс етті. Бұны отряд өміріне араластырмаспын деп ойлап еді; осы арада жаңағы ілмиген әп-әлжуаз кісінің қапелімде тізгінді қолына қалай алып кеткеніне таң. Бір жұбанышы: ертең оның мына ісінен ештеңе шықпасына кәміл сенеді. «Сен көксаумен сонда сөйлесермін» деп ойлап, зәрі мен зілін соңырағы күнге сақтап тұр.
***
Ақбала бүгін үйге күндегіден кеш қайтып еді. Осы бүгін күндегісінен ала-бөле қатты шаршады. Арбакеш орыс бүгін тары да мас боп, ыңыршағы айналған арың атқа жеккен ескі арбасы қисалақтап түс ауа әзер жетті. Онда да асхана алдындағы жалғыз терекке тұмсығын тірей тоқтаған жаман тұғырдың жанына сылқ етіп отыра кетіп: «Хал жаман, маржа. Ой, ой!..» деп, қос шекесі солқылдап әкетіп бара жатқан басын шайқап-шайқап қойды.
Онан қайыр жоғын көрген Ақбала шыт көйлектің шалғайын жоғары көтеріп ышқырына қыстыра салды да, аяғы жерге тимей зырлап жүріп бір бөшке суды асханаға жалғыз өзі тасыды. Сол күні ол үйге әзер жеткен еді. Бұрын бұндайы жоқ еді, қатты шаршағандікі ме, кішкене жүргесін жіліншігі жемірліп бара жатты да, капуста сорпа құйған топатай шелекті жанына қойып отыра кетті. Осы жұмысқа үйрене алмай-ақ қойды. Аяқ-табағы араласып отырған абысын-ажын болса бірсәрі. Тым құрыса тілін түсінсе екен-ау! Ең арысы ананы әкел, мынаны істе дегенде де сөзбен түсіндіре алмай ымдап жатқаны. Бұл соның өзін бірде түсінсе, бірде түсінбей, әр әйелге бір қарап, көзі жаутаңдап тұрғаны. Жұмысты тастайын десе, Еламанды ренжітіп алатындай көреді. Сөйтіп жүріп, әйтеуір аяқ жолын танитын бір-жар сөз үйренді.
Осыларды орыс деп бекер бөлектейді. Тілі, діні басқа болса да жынысы бір болғасын әйел қасіретін әйел түсінбеуші ме еді?!
Көкіректі қарс айырып бара жатқан қасіретті түсінгесін қай ұлт болды не, жүректі сыздатқан мұң мен зарды тілсіз-ақ ұғатын көрінеді ғой. Аспазшы әйел атын қанша айтса да тілі келмеді. Сосын былшиған сап-сары бетіне қарап, ауылдағы көп қатынның біріндей оны да ішінен «Сары апа» деп атап кетті. Осы бір қобыраған-собыраған мейірімді жан бұған қазір Райдың әжесі мен Әлизадан бір де кем емес. Бұл өзінің басындағы қиындықты тілінің ұшына алмаса да, Сары апа заты әйел ғой, бір жолын тауып, бұның бар жағдайын біліп апты. Сонан бері күнде жұмыс аяғында жетім балаларға қалған-құтқан тамақты топатай шелекке құяды да, Ақбаланың қолына ұстатады. Бұны басқа әйелдер де аяйды. Бұны Еламан да аяйды. Отынын жарысады. Суын тасысады. Оның келгенін, тіпті жиі келгенін ар жағы тілеп тұрса да, басқа басқа, бірақ тап Еламанның аяғаны жанына қатты батады, қорланады. Кеше де... Иә, кеше түсте әскери эшелон келді. Тұла бойындағы темірлер күлдір-салдыр тоқтаған қызыл вагондардан опыр-топыр түскен солдаттар лап беріп ресторанға жүгірді. Қашан келсең де қышқыл капуста иісі аңқып тұратын темір жол рестораны әп-сәтте сатырлаған солдаттарға толып, абыр-сабыр болды да кетті. Бірі ас сұрап, бірі су сұрап, тұс-тұстан шулап жатты. Ақбала сырттағы суды ішке тасып сүрініп-қабынып жатқан үстіне Еламан келді. Жем бойынан жорықтан келген беті екен. Қай жақтан қашан оралса да ешқайда мойын бұрмастан салып ұрып бірден Ақбалаға келетін әдеті-тұғын. Ақбала да оны асыға күтетін-ді. Ала-бөле бұған сол күні бірдеңе керінді. Екі шелек суды үстіне төгіп-шашып әзер көтеріп жүріп те сол күні Еламан басынан бір сәт шықпай қойғаны. Оның әне-міне келіп қалатынын өзінен бұрын жүрегі сезетін сияқты. Иә, жүрегі... жүрегі құрғыр сезген еді. Сөйткенше, ту сыртынан бағып тұрған бір ыстың жанарды сезгені сонша, жерден енді ғана көтере берген екі шелек қолында, қалшиып тұрып қалды. Жүрегі аблығып алқымға тығылды. Қас қағым қыбыр етпей тұрды да, кенет оқыс бұрылып, жалт қараса... Шынында да сол!.. Соның дәл өзі!.. Дап-дардай басымен жасырынбақ ойнаған жас балаша бір теректің тасасынан бұған мойнын созып қарап тұр екен. Ақбала бұрылғанда о да тасадан күлімдеп шыға келді. Әр кездегідей бұл жолы да үн-түнсіз кеп Ақбаланың қолынан шелегін алды.
— Екеулеп тасиық, — деді Еламан.
— Жоқ-қ, өзім... Сен демал, жолдан шаршап қайтқан шығарсың?..
Ақбала тағы бірдеңе дегісі келгендей оқтала түсті де, тоқтап қалды. Еламанның жолынан ығысып кейін шегініп тұрды. Жаңа дедектеп су тасып жүргенде қобырап кеткен шашын жалма-жан жаулық астына жинап, басына қайта тартты. Баяғыда бұлар үйленгенде де осы жігіт қаңтардың не бір қақаған суығында балықтан үсті-басы сықырлап келетұғын. Сонда да дәл осы қазіргідей үн-түнсіз Ақбаланың қолынан істеп жатқан шаруасын алатұғын. Сыртта жатқан отынды ішке кіргізетін. Суды әкелетін. Отты жағатын. Ыбырсып жатқан от басын қағып-сілкіп, әп-сәтте үй ішін тап-тұйнақтай ғып жиятын. Ақбала соның бәрінде де өзінің осы үйге келіншек боп түскеннен бергі неге де енжар, сұлық қалпын бұзбай, күйеуіне көлденеңнен таңдана қарап, көз сап тұратын да, еркек кісінің от басының шаруасына кіріскенін не жақсылыққа, не жамандыққа жорырын білмейтін. Соның жөнін қанша ойласа да, бірақ тап осыны қай орынға қоярын білмейтін де, иығын қысып, бұрылып жүре беретін. Енді қазір... басындағы жаулықтың бір ұшымен көзінің алдында сынаптың сіркесіндей шүпірлеген терді сүртіп, екі шелек суды қаңбақ құрлы көрмей зырлап жүрген жігітке күлімсірей қарап түр. Ал Еламан әлденеге сұқтана қалған әйел көзінен қысылды ма, жүзі тайсақтап, бетін ары бұра берді.
Ақбала күлді. «Адам өзгермейді екен ғой» деді Ақбала ішінен. Әлі сол баяғысы. Шынында, бұл сонан бері басынан не кешпеді: шынжыр кісенді шылдырлатып Сібірге де айдалды. Онан қырғын соғыста қан кешіп қайтты. Қазір де шыбын жанын шүберекке түйіп от ішінде жүр. Сонан келе... әлі сол баяғысы. Сол баяғы ұяң мінез, сол баяғы сәл нәрсеге қоң етінде мейірім жоқ: көре қал, суды қазір-ақ тасып бітеді. Бәлкім, екеуі бірге қайтатын шығар. Сонда қайда барады? Мүмкін, көл жарасына барар?! Егер ол... көлді қаламаса... Мейлі. Дегені білсін. Бір бүгін емес, ендігі жерге, бұнан былайғы бар кез, бар уақыттың бәрінде де соның, тек соның дегені болсын. Еркектің алдына шыққан бір әйел мұратына жетсе, басқаны қайдам, бұның төрт құбыласы түгел болар еді ғой. Ендігі жерге, ендігі қалған өмірге о л қайда барам десе де жөн сұрамастан, бас билігін соның ықтияр-еркіне беріп қойып, ал бұл өзі осы мына ала көз қара жігіттің жанында қара жерді қатар басып бара жатқанына да пейіл болар еді-ау!
Ақбала кеп терін сүртіп тұрған Еламанды кеш байқады. Онда да Еламанның тіл қатқалы оқталғанын көріп, ол қазір: «жүр, кетейік!» дейтіндей үміттене жалт қарап еді, ол бірақ тайсақтап көзін алып қашты.
— Мен... мен енді...
Ақбала қате есіткен жоқпын ба деп қалды.
— Сары апаң су жетеді деді. Мен... Мен енді...
— Рақмет!
— Кетейін.
— Кете бер!
Осы сөз аузынан қалай шығып кеткенін Ақбала өзі де аңдамай қалды. Еламан бұрылып жүре берді. Екі иығының басы салбырап, еңкіш денесі бұрынғыдан да гөрі иіле түскен. Артына қайрылмады.
— Жігітің бе?
Ақбала Сары ападан бетін қашыртып бұрылып кетті.
— Жақсы жігіт. Ренжітпе! Бар, қуып жет!
— Жо-қ...
— Бекер істейсің. Бұндай жігіт табылмайды. — Ақбала өзін әрең ұстап тұрған-ды. Мына сөз қамшы болды ма, Сары апаның көпшіктей кең кеудесіне бетін басып, өкіріп жылап жіберді. Сары апа осыдан қашан көз жасын тауысып, солығын басқанша жұбатпады. Әйел сыры белгілі: қашанда көкірегі шерге толып жүретін сорлылардың, бір есептен, осылай іштегі қасіретін сыртқа шығарып, жеңілденіп алғаны дұрыс.
Сол күні Ақбала үйге әзер жетті. Ештеңеге зауқы шаппады. Тезірек қараңғы түскенін қалады. Тезірек ұйықтағысы келді.
Ақбала төсек алдында жаюлы жатқан бір қағар алашаға сүлдері құрып отыра кетті. Құлазыған үйде қос тізесін бауырына тартып құшақтап алды да, бір шөкім боп бүрісіп отырып қалды. Сырттан осылай қарай келе жатқан әлдебіреудің аяқ тықыры шықты. Бірақ Ақбала оған селт етпеді. Осынау айдай әлемде дәл осы қазір бұны іздеп келетін тірі пенде жоқ-тұғын. Тәйірі, кім дейсің, мынау да, бұнымен жапсарлас тұратын жеңіл жүрісті келіншекке кеш түссе-ақ бірі келіп, бірі кетіп жататын осы қаланың әйелсіреген еркектері шығар. Аяғын ұрлана басқанына қарағанда, сол әлгі астымен алысып жүретін немелердің бірі болды. Әне, көрмейсің бе, бірден баса-көктеп кіріп бармай, әуелі есік жапсарында жабысып тұрып, ішке құлағын тігіп тың тыңдап алды. Қараңғыда қызыл шоғы жылтыраған темекі тұқылын тағы бір құныға сорды да, аяқ астына лақтырып тастады. Сосын сықырсыз ашылған есікті іле-шала тез жауып, ішінен іліп алды. «Осыныкі дұрыс» деді Ақбала. Бұрын-соңды басына келмеген қияңқы ойға иманы селт етпеді. Бұрын өзі бет күйгендей күнә көретін нәрсені өзінің осынша жайбарақат ойлап отырғанына да таңданбады. Несіне таңдансын, тым құрыса, бұл бейбаққа кешегі аң некесін қиып бас қосқан екі еркектің — не тағдыр қосқан, не Тәңір қосқан бірі бұйырмапты. Тіріде көрер қызық пен қуанышты, бақытты бұл көктен қиялдап, аспандағы жұлдызға қол созып жүргенде жердегі сыбаға үлесінен құр қапты. Тым құрыса, ауылдағы төмен етекті көп қатынның бірі дұрлы күн кешіп, еркек құшып, нәпсі қызығын көре алмағасын, шынында да, мына адыра қалғырды сол ана көрші бөлмедегі жезөкше әйелше шайтансыраған әлдебір еркектің зәруіне жаратпай, сары майдай сақтап не қылады? Сенің ендігі адалдығың мен инабаттылығың кімге керек? Неменеге қажет?
Ақбала ызалана мырс етті. Ол бірақ өзінің қан-сөлсіз құп-қу бетіндегі дәл ана ашушаң шақар шалға аумай ұқсаған ащы мысқылды байқаған жоқ-ты.
Ақбала қозғалуға құлқы болмағасын сырт жағында жатқан бір жастықты өзіне тартып алды да, отырған жеріне қисая кетті. Осы бүгін оның көп нәрсеге көзі жетті. Еламан бұны әлі де дәл баяғыдай жан-тәні үзіліп сүюін сүйсе де, бірақ кешірмеген. Сірә, не қылса да, баяғыда бір қалған көңіл — шыққан жанмен пара-пар болғаны ғой. Төсекте қалай дөңбекшісе де, Ақбала бұл түні де көз ілмеді. Сонан ба, ертеңіне күні бойы басы зеңіп, көзінің түбі суырды да жүрді. Қолы жұмысқа бармады. Не істеп, не қойып жүргенін өзі де білмеді. Әйтеуір, әдеттегіше бүгін де қол-аяғына тыным жоқ. Өзінің күндегі күйбең тірлігін қайталап, құр сүлдері асханаға қалқиып кіріп, қалқиып шығып жүр. Кірерде бірдеңені көтеріп кірсе, шығарда бірдеңені қолына ұстап бара жатады. Тек бір кезде әлдебіреу дәл құлағының түбінен:
— Үйге қайтпайсың ба? — дегенде ғана бойын жиып алды, құшағында көтеріп тұрған отын жерге салдыр-күлдір ақтарылып түсті. Ағаш түскен аяғының басы шым етті. Алақанымен баса қалды. Құрысыншы, көрсе көре берсін. Құдайға аян басындағы қасіретті қасындағы әйелдерден қашанғы жасырады?.. Осы қазір Еламанды да кінәлаған жоқ. Сонан келе ендігәрі Еламан қолғабыс беруге келе қалса өзінің «Кет!» дейтініне де күмәнданбады.
— Уһ, құрысыншы бәрі де!
Басындағы жаулықтың шетімен көзін сүртті. Үйге жеткен бойда ештеңеге мойын бұрмастан бірден жата қалармын деп ойлап еді, бірақ көздері жаутаңдап, өзін күтіп отырған шикіл сары балаларды көрді. Ал бүл күнде-күнде жұмыстан қайтқанда тот басқан шиті мылтығын қолтығына қысып, күзетке кетіп бара жататын Әнуар да үйде жоқ екен.
Үш бала Ақбаланы көргенде ұшып түрегелді. Естияр екі бала Ақбаланың кешеден бері қабағы келіспей жүргенін байқайтын. Екеуі екі жағынан жалпылдап:
— Әйай апа! Әйай апа! — деп бәйек боп жатыр. Бірі жүгіріп төсек салды, бірі жүгіріп барып шай қойды.
Ақбала Сары апа сорпа құйып берген қолындағы шелекті жерге қойды.
***
Бөбек жар басындағы балықшылар ауылына кеп жатқалы бір жеті. Ауыл арасы онша қашық болмаса да күйеуге шыққалы бұл жаққа сирек қатынайтын. Бұл жолғы келісі тым оқшау. Ойда жоқта жарымжан апасы ауырып қалды деп есіткесін тағаты қалмады. Күйеуі үйде жоқ-ты. Ет жегісі келгенде айт жоқ, шайт жоқ атқа мініп, ел аралап қыдырып кететін әдеті. Осы жолы да аяғы алысқа түсіп кеткенін білгесін, бір есептен ожар күйеуі үйде жоқта апасына барып қайтқысы кеп, кішкентай баласын алып жүріп кеткен-ді.
Әлиза қазір мүгедек. Бір қол, бір аяғынан айырылғалы от басында шөгіп отырып қалған-ды. Бөбек келгелі күтімі жөнделді. Кір-қоңы жуылды. Баяғы ер азамат бар кездегідей, ошақта от жанып, қара қазан мен қара шәйнек асып-түсіріліп жатты. Елмен бірге ас-су ішіп, ерте жатып, кеш тұратын болғалы жетім кемпірдің жүдеу өңіне қан жүгіріп келе жатыр еді. Бір күні Бөбектің сотқар қайнағасы шырт ұйқыда жатқан ауылдың итін шулатып шауып келді. Жолда тұрған құманды құлатып, шылапшын, шелекті даңғыратып, үй ішін боқтап кіріп келе жатты.
— Атаңның көрі... кісілері қайда, көрдей ғой түге!
Бөбек шам жақты. Жұрттың зәресін ұшыра келген күйектей қара сақалды кісіге бұ да назар салмай сыртын беріп отырды да, шошып оянған баланы бауырына қысып алды.
— Тұр, жинал!
— Қайнаға, бұл да біреудің түтін түтетіп отырған үйі. Сәлем жоқ, сауқат жоқ, кірмей жатып өкіреңдеп...
— Әй!.. Атаңның көрі... не дейді мына мұндар, а? — деді қара кісі сасқалақтап. Бұл ғұмырда шүйкедей әйел түгіл осы өңірдің небір өркөкірек жігіттері де дәл осылайша бұның қаһарына қарсы келе бермеуші еді. — Қап, мына сайқалдың зәбірін-ай! Кәне... Кәне, жүр, алдыма түс! Осыдан сені байыңа апарып ауыл айналдыра сабатпасам ба, бәлем!
— Оның бәрі көріп жүрген құқайым. Кемтар апамды тастап кете алмаймын.
— Ә-ә, солай де?
— Солай...
— Ой, атаңның көрі, ендеше, сенің сазайыңды өзім берейін, — деп қара кісі ұмтылып кеп, міз бақпай отырған келіншектің бұрымын қолына орап-орап алды.
— Құдайдан қорықсаңшы! — деп сүйретіліп кеп шалғайына оратыла берген Әлизаны ол бір тепті. Енді бір қимылмен қамшыны қаһарлана көтере берген-ді. Бірақ бүл сілтеймін дегенше ішке біреулер жүгіріп кірді. Әли мен Рза қара кісіні тырп еткізбей қолын артына қайырып байлады да, үн-түнсіз сыртқа алып шықты. Мына екі жігіттің күшін сезгесін қара кісі қарсыласпады. Үй алдында байлаулы тұрған атқа да екі жігіт үнсіз мінгізді де, ауыл шетіне алып шықты.
— Ал, енді, жөніңді тап!
— Ой, атаңның көрі! Тұра тұрыңдар, бәлем! — деді де, ірі қара кісі шаба жөнелді. Әлиза бүл түні көз ілмеді. Ертеңгі шай үстінде ол: «Бекер істедің ғой, шырағым. Әлі де болса үйіңе қайт», — деп құлаққағыс қып еді, бірақ Бөбек тыңдағысы келмейтін сыңай танытты.
«Ай, сорлы балам-ай, сенің де күнің мүшкіл. Ана жынды күйеуің сау болса, алдағы күні әлі талай өліп-тірілерсің-ау. Әлиза келесі күні де көз ілмей шықты. Тек онан келесі күні таң ағарып атып келе жатқанда қалжыраған кәрі әйел көзі ілініп барады екен. Бейсауат біреу ат басын үйге тірей тоқтады. Әлиза: «Ожырай болды-ау» деп ойлап, қол созым жерде жатқан Бөбекке қарап еді, о да ояныпты. Басынан сыпырылып түскен ақ жібек орамалды қайта тартып, қара мақпал қамзолдың жеңін кигенше шыдамай сыртқа жүгіріп шығып еді.
Әскерше киінген біреу аттан түсіп жатыр екен. «Жасаған Ием-ау, мынау... Мынау Райжанның ағасы ғой» деп ойлап, қол-аяғынан әл кетіп, сүлдері құрыған бойымен есіктің жақтауына сүйенді. Бір жеңін ғана киген қара мақпал қамзол сусып, иығынан сыпырылып бара жатты. Әскери кісі үзеңгіден аяғын ала берген күйі бұрылып артына қарап еді. Есік алдында ес-түссіз сілейіп қалған талдырмаш бойлы келіншекті көрді де, бұл да ат тізгінін тастай сала «Бөбек... қарағым-ай» деп қолын соза ұмтылды. Бөбек Еламанның құшағына құлай кетті. Еламан жас келіншектің маңдайынан сүйді.
— Бөбегім... мұңдығым!
Содан артық сөз аузына түспеді.
Балықшылар ауылы ояна бастап еді; бұл ауылға келген кісіні елден бұрын көретін Қарақатын сыртқа жүгіріп шықты. Жылаған баласына да қайырылған жоқ.
— Ойбай, енді не бетімді айтайын?! Масқара! Масқара! — Оның барқыраған даусынан Судыр Ахмет оянды. Ұйқылы көзін уқалап, көйлекшең, дамбалшаң бойымен дедектеп есікке барды. Іннен шыққан суырдай ұзын мойнын сыртқа созып, ақжарғақ құлағын дыбыс шыққан жаққа тікті.
— Тфа... тфа-а! Мына пәлелер табысқан екен ғой.
Бір-жарлап балықшылар да көріне бастады. Қайсыбір ерте тұрып, теңізге беттеп кетіп бара жатқан талапкер балықшылар да түсі басқа жолаушыны көріп, ізінше кері қайтып келе жатты.
Көп кісі қапелімде жиналып қалды. Әли мен Рзаның екі езуі екі құлағында. Ал, Қарақатын кимешек астынан құлағын шығарып апты. Екі көзі Бөбек пен Еламанда. Кенет, ол әлденеге қыбы қанып құшырланып кетті де, қасында тұрған мосқал әйелді санынан бұрап үзіп алып еді, анау жалт қарағанда бұл жалма-жан иегімен Бөбекті ымдады:
— Ойбай, ойбай... бұл сайқалдың басқан ізі бүлік қой. Көре қал, осыдан кейін тағы да қантөгіс болады.
— Тек, естіп қалар.
— Е, есітсе қайтейін?!
— Елден ұятта.
— Несі ұят? Құдай шебер-ау, кісі өлімі болайын деп жатқанда ұяты несі?.. Күні кеше алып кетем деп келген қайнағасын қуып жібермеді ме?!
— Қой әрмен, шүйкедей әйел алпамсадай еркекті қалай қуушы еді?..
— Ай, Құдай-ай! Көзің қайда? Ана жылғы Ақбаланы білесің ғой?.. Ақбала сияқты, мына сайқал да осы ауылдың дыңдай бір еркегінің басын айналдырып алды емес пе? Иә, Әлидің басын айналдырып алды ғой.
— Қойшы әрі! Сондайға аузың қалай барады?!
— Қап, мынаны-ай... Қарап тұрмай ернімді қышытқаны несі-әй. Бүл әйгілі сайқал емес пе?! Бетім-ау, ана жылы екі ауыл осы сайқалға таласып...
— Туһ!..
— Туһ. дейтін түгі жоқ. Еркек иттерде ес бар ма? Ажарлы қатын көрсе ақыл-есінен танып қалады. Қызыл көрген құзғындай әукесін салып, шұрқырап үстіне түсе қалатынын қайтерсің?! Ажары адыра қалсын-ау! Ажарына ас құйып іше ме екен, сонда?!
— Өш! Ой, масқара!..
— Иә, иә, масқара... масқара!.. Өзінен басқа әйелдің бәрі бітеу жаратылғандай.
Әли Еламанды үйіне алып кетті. Жиналған жұрт шоғырын бұзбай олардың соңынан ерді. Көп дүрмек ішке сыймаған соң сыртқа төсек салынды. Еламанның келген бетте бірден байқағаны: бұл жаң, теңіз жағасы әлі де май тоңғысыз екен. Шөптері де бітік, қау. Шыбын-шіркей азайса да, үй-іші мен күнгей-шуақтарда жаз айларындағыдай әлі де азын-аулақ маса, сона ызылдайды.
Жиналған халың қонақтан қала жайын сұрады. Өздерінде тышқақ лақ болмаса да, базарда мал қалай, қай малдың нарқы қанша, төрт түліктің қайсысы өтімді деп сұрады. Өздеріне қатысы жоқ, жабдан бос әңгімені ұнатпаған Әли осындай жердегі өзінің тік мінезіне басып, үй ішінде етек алып бара жатқан кеу-кеуді қатты жекіп тыйып тастады да, Еламаннан жаңа өкімет жайын сұрап еді. Енді бірі: «Біздерді қашан жарылқайды?» — деді. «Байларды қашан құртады?» — деді, «Жер тәңірісі деп жүрген патшаны құлатқанда, бергі жағындағы байларға әлі жетпей жатыр ма?» — деп көп кісі қауқылдасып кетті. Ара-тұра Судыр Ахмет сөзге араласып кетіп отыр. Осы қазір өзі көңілді. Ырғайдай ұзын мойнын қайта-қайта қазан жаққа созып, кеңірдегі қылқ етіп, сілекейін тартып қалады.
Қарақатын екі жеңін сыбанып алған. Қазанда былқып пісіп жатқан балықтың дәмін көрген, тұзын байқаған боп сорпасын шайып ішті. Көбігін сапырған боп сылтауратып, қазанның бет жағында жатқан шұрай кеспенің бір шетін ожау қасықпен шекіп алды.
— Қап! Мына қара албасты қарғадай шоқып құртатын болды-ау, — деді Судыр Ахмет.
Еламан күліп жіберді. Қанша берекесіз болса да, бала кезден бірге өсіп, біте қайнаған ортасы.
Осыдан қашан Әлидің келіншегі тысқа төсек салғанша оның өңінен шаттық күлкі айықпады. Тек осында келгеннен бері ара-тұра көңілін алаңдатып, ойын бөліп, есінен шықпай отырған бір үйдің жандарын көп арасынан көзімен іздеп қап отыр. Енді бірде: «осы Төлеудің үйі қайсы еді?» деп ойлап, жар басында жыпырлаған жерқазбаларға көз жүгіртеді.
Балық желінгесін де жерлестері жуық арада тарамай даланы басына көтеріп, қауқылдасып отыр еді. Бір кезде кішкентай баласын бауырына қысып, бір шетте оқшау тұрған Кенжекейге көзі түсті. Өңі жүдеу. Киімдері жұпыны. Айғаншаның жақсы көретін жеңгесі еді. Сырт хабардан естуі: кішкентай үш баламен жалғыз тұратын көрінеді.
Ертеңіне Еламанның өтініші бойынша Әли мен Рза бұл ауылдың ер-азаматын түгел жинады. Бас-аяғы екі жүзден астам мол жиын ауыл сыртындағы дөң басына шығып, Еламанды орталарына ала отырды. Еламан сөзін бастамас бұрын бір шетте басын бауырына алып тұқырайып отырған Досқа көз тастады. Дос бұнымен әлі тілдескен жоқ; жаңа да бұның сәлеміне басын изеді де, түсін бермей ілгері өтіп кетті. Жанында Қалау. Тағы сондай оннан астам кісімен бір шетте өз алдына оқшауланып отыр. Сөйлеп тұрып та көз қиығын солардан айырмаған Еламан қазір дүниенің екіге қақ бөлінгенін айтты. Қызыл мен ақ. Дос пен дұшпан. Екі жағы да бітпес жаулықпен бетін ашып алды деді Еламан. Бірін-бірі жерге тығып жібергенше тынбайтынын айтты. От пен судай шарпысқан екі жақтың тап қазіргідей жан алып, жан беретін ақырғы айқас алдында қызылдар жағы қазақ жігіттерінен қарулы жасақ құрмақ боп ұйғарым алғанын, сол мақсатпен бұны осында жібергенін айтты. Балықшылар үндемеді. Басы бауырына түсіп, жер шұқылап қапты.
— Біз ешкімді зорламаймыз, — деді Еламан.
— Е, онда жақсы екен, — деді Достың жанында отырған бір жігіт.
— Бұл орыс пен орыстың соғысы ғой. Қазақ араласып не бітіреді? — деп солардың тобынан тағы біреу дауыс көтерді.
— Сөзіңе болайын. Жаңа Еламан кедей мен байдың соғысы деген жоқ па? — деді мына жақтан аласа, бірақ нығыз денелі дембелше бір жігіт.
— Е, десе өзің неге бармайсың?
— Барсам барам. Ал қайтесің?
— Қайтейін? Шалғайыңа оралып жабысар дейсің бе?
— Ха-ха!
— Жолың болсын! — Дембелше жігіт намысы өртеніп, күйіп тұр. Әлдебіреу өзін қостай ма деген үмітпен ол екі беті ду-ду қызарып, төбе басында дөңгеленіп отырған кісілерге жағалай қарап өтті. Жұрт жерден назарын көтермеген соң, ол ширақ басып ілгері шықты.
— Елаға, мен әзірмін.
— Рақмет. — Еламанның дәл қасында тұрған Әли мен Рза қатар тіл қатты:
— Осы ауылда аяқ артар көлік жоқ! Шетінен қара жаяу.
— Оған қарап тұрған не бар?
— Бәрі соған байланысты. Ат болса адам табылады... — Дос бастаған топ орындарынан үнсіз түрегеліп, сырттап кетіп бара жатты. Еламан кешегідей емес, бүгін сөзге сараң, әсіресе, мына жиын алдында үлкен көзінің қарашығы қуырлап, кісі өңіне тіл қатар кезде жанарын жоғары көтеріп, әрқайсына салмақпен бір-бір қарап шықты. Дос пен оның абызындағы аз ғана топ болмаса, балықшы ауылдың бас көтерген басқа ер-азаматы тізгінін бұның қолына беретінін байқатты. Сосын Еламан Рзаны қасына шақырып ап Тәңірбергенге аттандырды. «Бар, менен сәлем айт, жылқысынан қырық-отыз ат берсін» деп тілек жолдаса да, арғы жағында сенімі аз еді... «Егер бермесе не істейміз?» деген күдік көкірегінде тікендей қадалды да тұрды. Төбе басынан топ-топ боп тарап бара жатқан жігіттердің арасында аяғын ақырын басып келеді. Қасына осы ауылдың бір топ шалын ертіп, Әлизаның үйіне бұрылды. Әлиза сыртқа шығып кеткен екен. Қонақ төрге жайғасқасын Бөбек қара шайнекті қолына ұстай түрегелді. Оның шай қоятын ыңғайын сезген Судыр Ахмет:
— Бөбекжан, — деп тоқтатты, — ағаң асығыс. Балшайбектің бір шаруасымен жүр екен. Азаматым аман оралғасын, әлі талай шай да ішілер, ет те желінер. Қазір, айналайын, нан ауыз тигіз. Қысылатын түгі жоқ. Иә, иә, бұндайда ымыратын істесең болғаны, — деп бұл үйді де билеп-төстеп шыға келді. Бөбек қонақтардың алдына дастархан жайып, нан қойды. Еламан да, қасындағы қалған жігіттер де нанның шетінен шымшып тістеп, ымыратын істеді. Судыр Ахмет қазан көтеріп жатпаған үйде отыруға ықылассыз. Дастархан жиналар-жиналмастан-ақ:
— Ал!.. Ал, кеттік! — деп шекпеннің шалғайын қағып, елден бұрын түрегелді. Басқа жұрт та үнсіз қозғалып сыртқа шықты. Тек Еламан Әлизаны күтетін ыңғайын танытып, төр алдында жалғыз отырып қалды. Кісілер кеткесін, көп ұзамай Әлиза ішке кірді. Қолтығынан ұстаған бір жас келіншекке сүйеніп апты. Еламан жаққа көз тастап қысқалау амандасты да, төрге шықпай есік жаққа қазандыққа шынтағын сүйей отырды. Түсі сынық. Киімі жұпыны. Кимешек астынан шыққан самай шашы аппақ; Еламан сәл үнсіз отырғаннан кейін Әлизадан денсаулығын, хал-жайын сұрады.
— Әй, қарағым-ай, хал дейтін хал қалды ма?.. Өзі жағдайың қалай?
— Шүкір.
— Соғыстың ішінде жүреді дейді ғой сені?
— Ондайымыз болады.
— Е-е. Дегендей... «Өрт ішінде қамысты сақтайды» деген. Бұйрықсыз ажал жетпейді. Ал, ұзақ боласың ба бұнда?
— Он шақты күндей...
— Е, шырағым, қайда жүрсең де аман болыңдар, әйтеуір, — деп Әлиза басын изей түсті де, Еламанға жүзін қайта тіктеп, — осы жұрттың не біліп айтатынын қайдам. Рас болса, сен Ақбалаға хабарласып тұратын көрінесің ғой, — деді.
Еламан қызарып кетті.
— Кешірімді болғаның дұрыс. Ол байғұс адасты ғой. Әйтпесе, қай әйелден кем еді?.. — деді Әлиза.
Еламан қайтқанша тағы да соғатынын айтып, тысқа шықты. Бөбек есік алдын сыпырып жатыр екен. Еламан тұсынан өтіп бара жатып, оған көз қиығын тастады. Еркін өңі сынық демесең, ажары таймапты. Қараторы бетінің аздап қаны тараған. Ал қос самайындағы баяғы бір кезіндегі бұйра балапан шашы осы қазір де сақиналанып, ширатылып, ақ жібек орамал астынан бұрқырап шығып тұр екен.
Бөбек Еламанның назарын байқап, басын жерден көтермей, иіле түсті.
***
Рза барған жағынан тез оралды. Тәңірберген Еламанның сөйлемін үнсіз тыңдапты. Сосын ләм-мим деп тіл қатпастан бір жігітті шақырып алыпты да, өрісте жатқан жылқыдан екі үйірін алғызып, Рзаның алдына салып беріпті.
— Ештеңе демеді ме? — деді Еламан.
— Жұмған аузын ашқан жоқ, — деді Рза.
Еламан мырс етіп күлді де, Рзаны қоя берді. Қарсыласар қауқары қалмаса да, көрдің бе, өлі де болса белін бермей, ыза мен ашу ішінде булығып қалғанын. «Жә, доң айбатыңның әуселесін соңыра көрерміз» деді Еламан ішінен. Еламан қасына келген Судыр Ахметті байқамапты. Тек біреу жеңінен аңырын тартқанда ғана оған назар аударды.
— Бері... Бері шығып кетші, — деді Ахмет.
— Жай ма?
Еламанды оңашалап алып шықса да, әлденеге сөзін бастамай, себепсізден-себепсіз күрмеліп, жынына тие бастады. Судыр Ахмет әуелі қамығып, танауы суланып жылап алды. Иегінің ұшындағы бес тал сақал шоршып, кемсеңдей түсіп:
— Бәріміз де бұл дүниеге кемді күн қонақпыз ғой. Өлмейтін кім бар?! — деді.
Еламан осы қырттың күлкісі мен көз жасы аралас қатар жүретінін білетін. Тек бұндайда бұрын қамшы салғызбай, алдына түсіп сұңқылдай жөнелетін кісінің осы жолы өзінен-өзі тілі байланып, тобанаяқтанып, тұспалдап бастаған түрі ұнамады.
— Еламанжан... бекем бол. Есбол атаң дүние сапты. Жарықтық, жақсы кісі еді. Иманы жолдас болсын!
Еламан дереу қамданып атқа қонды. Қасына Әли мен Рзаны алды. «Жүр» деп айтпаса да, Судыр Ахмет те өзінің нар қарасына мініп, ойқастап шықты. Бұлар аттарын ауыздыққа керіп, жазбастан сыдыра шоқытып отырып, түбектегі қазалы ауылға ел орынға отыра жетті. Еламан түнде байқамаған-ды. Ертеңіне ерте тұрып тысқа шығып еді, дала қарақұрым қаптаған кісі екен. Аттысы, жаяуы аралас. Бұлар келгенше ат аяғы жететін жер тегіс хабарланыпты.
Мал жайын ойлаған шаруа күз түскен-ақ қыстауға жақындайды. Ықтасын іздеп, әр шұқырда бір-бір үй отырады. Олар осындай оқшау себеппен қаза үстінде, не қыз ұзатып, келін түсіру сияқты ел арасының кәделі айт-тойларында ғана бас қосатын. Есбол қарияға да екі болыстың қол астындағы халықтың ер-азаматы тайлы-таяғына дейін қалмай тегіс жиналыпты. Сары шуақ күз бұл жаққа жаңа кірген. Қыс қашық болса да, алыс жолға шыққан оты, суы басқалар қалық киініпті. Әсіресе, шалдар жағының күпілі, тымақты бойы қорбаңдап, ауыл шетінде үйездеген малдай үйір-үйір, топ-топ боп жүр. Мал сойып жалақтаған жігіттер. Ішек-қарын аршып сыпылдаған келіншектер мен ас басында жүрген қазаншыларда тыным жоқ; осы өңірдің иттері де қалмаған; сойылып жатқан малдың қан-жынын бір-бірінен сырттай қызғанып ырылдасып тұрады да, шаңы бұрқ етіп таласа кетеді.
Өлікті жөнелту он-он бес кісіге жүктеліпті. Бәрі де Есболға ет жақын кісілер. Ертеңгі күні мына қырық рудан құралған жиынның қыбын тауып, басы-аяғын ырза ғып аттандыратын асаба осылар. Әлі де болса жан-жақтан құйылып келіп жатқан соншама халықтың үш мезгіл асын әзірлеп, көліктерінің от-суын қандырып, ең аяғы үлкендердің ішдәрет алатын жылы суына дейін даярлап тұруға міндетті еді.
Сиыр сәскеде ет пісті. Сыртта жүрген халың жапырылып ішке кірді. Жас жігіттер қайың тегешті қайқаңдап көтеріп, төр алдына табақ-табақ ет тартты. Өлік шығатын кез жақындаған сайын ауыл үстінің әбігері ұлғайып, айрықша асабалар қайта-қайта қыр басына шығып, мәслихат құрып, алдағы кәделер жайын кеңесті. Кәде жайы — ауыр. Үйір-үйір мал керек. Мына жиналған кісілерге уыстап шашатын қаржы керек. Есбол желісіне мал айналып, бақ-дәулеті тасыған кісі емес. Халық атасы болған аты бар, қадірлі, сыйлы қартты ауылдас ағайындар ажарлап, ортадан көмуге пәтуа қылды.
Асабаның ақсақалы — Сүйеу қарт. Есболдың көп жыл қанжығалас болған қадірмен досы. Бір жағынан сүйек тістескен құдандалы жекжат. Сүйеу сөзге сараң. Дүние-мал жайындағы сөзге тіпті араласпайтын. Күнібұрын кеңесіп алмақ боп ауыл сыртына оқшауланып шыққанда да, ол шидем күпінің мол шалғайын тақымына басып, малдасын құрып, тіп-тік боп шаншылып алды. Сонан қайтып қасында қауқылдаған көптің бетіне көз салмай, тебе басына жиналған жұрттың үстінен асып жоғарылай қарап отыр. Бағана Еламанға жұрт жабыла көрісіп, жылап-сықтап жатқанда да, Сүйеу қарт сыр алдырмады. Кен алдында қайғысы мен қуанышын бірдей тежеп, азалдан өңін билеп үйренген болаттай берік кісі бұл жолы да міз бақпай, безеріп отырып:
— Ә-ә, келдің бе? Е-е!.. Кебенек кигеннен түңілме! — деп, қуанғаны, әлде кекеткені белгісіз, Еламанның қолын уысында қысып ұстап, кескініне іркіле қарады. Сонан кейін ол: — Балаңды бағып отырмыз. Өзіңе тартқан... оның да жаны сірідей берік, — деп күле түсті де, тез тыйылды. Сонан қайтып үндемеді.
Сүйеу қарттан кейінгі аузы дуалы кісі — Әліби. Туыстың жағынан табыспаса да, ежелден бері балықшылармен қыстауы қатар, Еламанмен көңілдес. Әлиза мен Бөбектің әкесі болған соң кешегі Мөңке деректі балықшыларға бауыры бұрып тұрады. Және бұл өзі адам баласына көңілінде құттай аласы жоқ, ағалық әділ сөзін айтып, әрдайым ағына тоқтайтын кісі. Жиынды жерде жапырып сөйлемесе де, ел арасының ескілік әңгімесін баққан саққұлақ саһада шал. Көбіне өңіріне түскен күйектей қара сақалын алақанымен ақырын сипап қойып, қалың қабақ, қалың етті манакөк беті манаурап, ойға шомып отырады. Ретті ерінде қысқа қайырып, мықтап бір айтады. Аңысын аңдып, ақылға қонымды сөз айтқасын ағайын-тума арасында абыройлы.
Осы қазір он-он бес кісі Сүйеу қарт пен Әлібиді ортаға алыпты. Ауыл сыртындағы төбе басында оқшауланып иіріліп отырып, соңыра сүйек жуатын кісіні, қабір қазатын кетпеншіні, Құран оқитын молла жайын ақылдасып жатыр еді. Соның үстіне Судыр Ахмет пен Нағымет келді. Баласы сот кеңсесінен қуылып, әңгімелі болғасын Нағымет қазір бұл жақтағы ағайын-туманы сағалап жүрген. Ана жақта баласының басына бұлт айналып тұрғанын бұндағы ағайынға сәдеттеп, көңіл жетерлерден қаржы жинап ала қайтатын ойы бар.
Нағымет өліктен өзіне ештеңе тимейтін сыңайын байқағасын қабағы түсіп кетті. Енді бірде қатар отырған Судыр Ахметке еңкейіп, құлағына бірдеңе деп сыбырлап еді, Судыр Ахмет оны шұғыл қостап, басын изеп, құнжыңдап қалды. Сол сол-ақ екен, Нағымет «сен үндемей тұра тұр» дегендей, Ахметтің тақымынан басып-басып қойды да:
— Аға-екемнің басты бір киімін мен алам! Жол менікі, — деп кимелеп ортаға шықты. Еламаннан сәл төменірек отырған Әли өзін ұстай алмай, ақырып:
— Әй, көргенсіз, — деді, бара сала жағасынан ала кететіндей, өзі де орнынан атып тұрған-ды, — көз ашқалы қол жайып, жалақтап жүрсең де, бүйірің бір шықпаған екен. құдай құрамаған соң қол жайып сұрап, қазығыңа қара айналдырам дейсің бе?
— Ау!.. Ау, ағайын-ау...
— Уә, қой әрі! Тірінің алапасын тауысып, сен енді өліктің кебініне көз сүздің бе?!
Біреуден бірдеңе жыратын ыңғайын сезгенде, Судыр Ахмет сияқты Нағымет те сөзге тоқтамайтын. Ондайда, әсіресе, осы бір өндіршегі сорайған, бір көзі соқыр, сүдінсіз, арық қара кісі ар-ұятты қойып, ойына алған іске өзеленіп кірісетін. Осы жолы да Әлидің сөзінен кейін ол дәл бір күйік көтергендей қалшылдап ұшып түрегелді. Сары төбенің басында дөңгеленіп отырған кісілердің қақ ортасына дедектеп жүгіріп шықты. Тымағын басынан жұлып ап, жерге тартып ұрды. Соқыр көзі жұмылып жүретін. Бұл жолы тіпті бұрынғысынан да қаттырақ жұмылып, ал ана жалғыз сау көзі шырадай жанып, осы отырған кісілердің бетіне тебен инедей тесірейе қарап:
— Ойбай-ау, мен... мен бейбақ арыстай азаматым... со секілді асыл аға-екемнің алапасына қызықтым ба? — деп ұзын мойнын осы тұста өзеурей созып, қып-қызыл боп қылғына сөйледі. Қос шықшытындағы күретамырлар білеуленіп бадырайып кетті. Иіріліп отырған кісілерді жағалап шықты. Бірақ бір жан үндемеді. Бөрінің сырт беріп, үнсіз сазарып алған түрін көргенде, Нағымет ызадан жылап жіберді. Көп ішінен Сүйеу қартқа жүгіріп барып, алдына тізерлеп отыра қалды:
— Ойбай-ау, мен алапаны қайтейін?.. Мен ата-бабам салған ақ жолға таласып тұрмын ғой.
— Тәйт!.. Тәйт әрмен! — деп Сүйеу қарт күпінің ұзын жеңімен жасқап. — Омәй, омәй, шіркін-ау... Сен ақ жолдан... ата-баба жолынан садаға кет. Қарғыс жолынан басқа жол бар ма сенде? — деп жекіріп тастады.
Нағыметтің беті қайтып қалды; бірақ жасыған жоқ; ол енді Сүйеу қартпен қатар отырған Әлібиден төрелік іздеп:
— Есбол ағам... қандай аға-екем еді... Оның қара бақайына... басып кеткен ізіне тұрам ба?! Со секілді арыстай азаматым өліп, халқым қара жамылып отырғанда, мыналар масқаралады. Масқара болдым... Қор болдым... Құрыдым! Құртты мені! Ойбай!.. Ойбай!.. — деп өз басын өзі төпеп, еңіреп жылап жіберді. Судыр Ахмет сияқты бұда өзінің күзен бел ұзын бойымен киреңдеп кеп Әлібидің аяғына жығыла кетті. Әліби денесі түршігіп, оған тіксіне қарады. Осы ант соққырлардың әнебір кезде көршілес отырған бір ауылға салған лаңы есіне түсті. Сол жолы Судыр Ахмет пен Нағымет жолаушылап келе жатып, Есбол қариядай ел сыйлайтын бір кісінің қазасы үстінен шығады. Қайғылы ауыл бұларға көңіл бөле қоймайды. Соған қитыққан бұл екеуі бүлік шығарайын десе елік жолы ауыр. Жылап-сықтаған халың өлікті жөнелткелі сыртқа алып шығады. Сол арада әкесі өлген екі жігіт халыққа қарап: «Әкемде кімнің қарызы бар? Мойнына парыз болмасын, айтыңдар», — деген екен, осыған дейін орайын тосып отырған Нағымет ілгері жылжып:
— Менің алажағым бар. Қабенжан сот болып тұрғанда сен екеуіңнің әкең менің күрең атымды мініп кетіп еді, — депті. Халық сілтідей тына қапты. Бұндай жағдайда алажақ кісіге ықырарын істеп, ырза ғып жіберу лайық. Әйтпесе, мойнында қарызы бар өліктің табытын көтеріп, қара жерге беруге ешкімнің қолы бармайды.
Нағымет соны біліп:
— Әкеңнің мойнындағы қарызымды қайтар, — деп көп алдында қадала түскен екен. Сол кезде мына жақтан Судыр Ахмет шаңқ етіп:
— Әй, Нағымет. Қой, жарқыным, қоя ғой. Ойбай-ау, сол секілді асыл ағаң үйіңе қонақ боп келсе, астына ат мінгізіп, үстіне шапан кигізіп жібермейсің бе?! Мына екі жаман неменің еңсесі түсіп кетті ғой. Алажағың бар-ақ шығар. Бірақ қаза жолы ауыр ғой. Сен-ақ қия ғой. Көп болса көзі тіріде ағаңның астына мінгізген атың болар, — депті.
Мына екеуінен сондай сойқан шығып кете ме деп қорыққан Әліби:
— Әй, Нағымет! Есбол халық ағасы еді ғой. Оны бүгінгі күні ақ жолға абыроймен жөнелтіп салайық деп жатқанда, жарқыным, бұл қай қылығың?!. Уа, қой енді! — деп еді.
— Қоймаймын... Неге қоям?.. Қоймаймын! Ортаңа ойбай салам. Ошағыңның күлін шашам. Бізді осал көрме, бас-аяғымызды жиғанда біз де бір ауылмыз. Бүйтіп «Өлмесең тұрма» деп шабымды шабақтап, шамыма тиер болсаңдар, шынымды айтайын, осы арада ошағына таған қып қақсаң да, ертең бар тобымызбен Орда қонған болысына ошарыла көшеміз. Ал сонда қайтесің? А? А?
Сөзге енді Судыр Ахмет араласты. Қақпа шекпеннің жағасынан өндіршегін созып, төбе басында дөңгелене отырған көп арасына кимелеп кіре берді:
— Ау!.. Ау! Нағымет аға-екемді иттей талап, тұщы етіне ащы таяқ салып, мына сендер кімді басынасыңдар, а? Кімді иықтайсыңдар, а? Жоқ! Жоқ, біз ондай қорлыққа көнбейміз. Мына біз табаныңа қадалар тікенбіз. Қарныңды қырнайтын қара пышақпыз...
Төбе басы у-шу, азан-қазан болды да кетті. Мына пәлелердің айқайы сырт халықтың құлағына шалына ма деп қысылған Әліби қасындағы біреуге мойын бұрды.
— Мына соқыр итті тыныштандыр. Сүйекке кіретін бір кісінің санатына ал.
Судыр Ахметтің ақжарғақ аламан құлағы елең етті. Әуелі мына сөз құлағына жылы тиіп, жымың етсе де, бірақ іле-шала Нағымет алған алападан бұның өзіне тиер ештеңенің жоғын көргесін:
— Ау, Әліби-ау! Нағымет Маралбайдың баласы болғанда, ау... ау, мен жерден шықтым ба? Со секілді арыстай ағамның жағалы бір киімін мен неге кимеймін? Ертеңгі күні халық алдында иығым жарқырап шықпаймын ба? Сондай асыл аға-екемнің көзіндей көріп кием ғой.
— Ой, өңкей бәддұғаға ұшыраған найсап. Бәледен машайық қашып құтылған. Құрысын, мына пәлеге де бірдеңе беріңдер.
— Әлеке-ау, ештеңенің ыңғайы жоқ қой.
— Білем. Бірақ амал қайсы, қабір қазушылардың бірлігіне кірсін.
— Е, е, бәрекелде! Міне, мынау ақыл! Ау, Есбол ағамның қабірін мен қазбағанда кім қазады?!
Әли бір кісіге дербес әлі келетін қарулы жігіт еді; ол қолындағы сегіз өрме бұзаутіс қамшыны ызалана қысып, ырғалып қойды.
— Әттең, не пайда?.. Өлік үсті болмағанда, не қыласың — қызыл жон ғып бөріктіріп алатын-ақ кісілер екен.
Нағымет пен Ахметтің лаңынан кейін жұрт біразға дейін үн-түнсіз томсарып қалған-ды. Әліби Сүйеу қарттың суық жүзін сырт салып, ашуға булығып отырған түріне қарап, оның жуық арада сөзге араласа қоятын сыңайы жоғын байқады. Сүйеу қарттан кейін бұл жиынның аузына қарап отырған ендігі үлкені өзі болғасын Әліби еңсесін тіктеп, әлгі жанжалдан кейін үнсіз томсарып қалған топқа көз тастады. Бірақ сөзін бастамай, ақ шалған күйектей қара сақалын алақанына толтыра уыстап отырды да:
— Есбол бала да жоқ, пана да жоқ, жалғыз жетім шал еді, — деп дауысын көтеріп өрлей сөйледі. — Көзі тірісінде жиған аз ғана малы азығы да, ел айналар қазығы да еді. Бүгінгі күні арамыздан жетім шал дүние салып, ысрат сапарына жол шеккенде... уа, мына артында қалған біздер оның аз ғана алапасына көз сүзетін сияқтымыз. Айтыңдаршы, сонымыз жөн бе? Біз асаба емес пе едік?! Өз қолымыздан жайғарып, ажарлап жөнелтуге тиіс едік қой. Біле білсек, бізге жетім шалдың киімі де, тірнектеп жиған тиыны да керек емес. Жөн көрсеңдер, ағайын, суыртпақ жібін бойымызға жапсырмасақ деймін. Мына қоңсылас отырған қалың ағайын Ағыс пен Көгіс бөліссін. Сүйегіне кірген шалдар алсын. Намазын шығарған молдалар алсын. Қабірін қазған кетпеншілер алсын, кесім осы болса қайтеді?
— Жөн. Дұрыс!..
— Айтқаның орынды.
— Ендеше, пәтуа осы болсын.
Сүйеу қарт пен Әліби шалғайын қағып түрегелді. Өзгелер де жапырлап тұрып жатты. Әли мен Рза қабірші жігіттерді жинап алды да, ауыл сыртындағы үлкен қорымға барды. Төбе басының жері қатты, қызғылт тастақ екен. Қандай қарулы жігіт білек сыбанып түссе де, бір бауыр жерге дейін арсы-күрсісі шығып қимылдағасын қажыры қайтып қала берді. Құлаштап сілтеген кетпеннің жүзі қиыршық тасқа тиіп, шақылдап тайып түсіп жатты. Судыр Ахмет кештеу келген-ді. Ол жолында тұрған кісілерді кимелеп сөйлеп келді де, бұл кезде жуан белден қазып тастаған қабірге қарғып түсті. Қабір ішіндегі жігіттің қолындағы кетпенді ай-шайға қаратпай жұлып алды. «Ойбай-ау, бүгін жан аяйтын күн бе? Былай неге қазбайсың?» деп құлаштап шаба жөнелді. Бұл қалай кіжінсе де, қиыршық тас аралас құм мен қызыл сазға тиген кетпен жүзі шақылдап, бір сүйем батпай қойды. Судыр Ахмет онан сайын өршеленіп кетпенді әрі-бері сілтеді. Ақ тер, көк тер. Иті шығып ырс-ырс дем алады. Жан-жағында күлкіге булығып, анталап тұрған кісілерге көз салмай, кетпенін шыр айналып жүгіріп шықты. Бұлардың кезек сұрай қоятын түрін байқамағасын қайта қимылдады. Бірақ әлгідей емес, беті қайтып қалған.
— Кетпені құрғыр да ап-ауыр... Ұңғысына қорғасын құйған ба, қалай?..
Судыр Ахметтің сырына қанық біреу:
— Иә, жаман қатын сияқты жаман кетпен де кісінің жігерін құм қылады ғой, — деп қостап еді, осы сөзді арқаланған Судыр Ахмет жүзі жайнап шыға келді:
— Шіркін-ай, қаланың көкек бас ақ шоты болар ма еді! — деуі мұң екен, бір жігіт жүгіріп барып анадай жерде жатқан ақ шотты әкеп, қолына ұстата қойды. Судыр Ахмет екі алақанына кезек түкіріп алды. Сосын қолға ұстауға ыңғайлы жеп-жеңіл шоттың сабына бір, басына бір қарап сүйсінгенін жасырмай жымың-жымың етті. Бірақ анадан туғалы жанын қинап жұмыс істемей, ісік өкпе боп кеткен неме сәлдесін-ақ алқынып қалды. Шотты сермесе құдды терісін сыпырған күзендей жалаңаш қабырғалар ыржың-ыржың етеді. Тер сорғалаған бет түтігіп кеткен.
Бұрын жаны кішкентай қиналса, бірдеңені сылтауратып, жұмысты тастап қайқайып жүре беретін. Бұл жолы мына бір өңшең көргенсіз, сәкәку, жәркелеш, жарымес жігіттер жан-жағынан анталап, бұл шот сермесе шуылдап: «Ой, пәлі!», «О, бәрекелде!», «Шіркін, жұмысты істесе Ақаң істесін!», «Басқамызды білмеймін, ал мына Ақаңның қызметіне Есбол атамыздың аруағы ырза шығар», — деп қот-қоттап көтермелеп тұр. Ой, нәсілсіз әтеңе нағлеттер. Осындай кісі жаны қиналып тұрғанда қолғабыс берсе несі кетеді екен? Е, Құдай, кешегі лаңкесті құлдар, нәсілсіз иттер, аға сыйлаушы ма еді? Ау! Ау, жер тәңірісі ақ патшаны жағадан алып жүрген жарымес жындылар емес пе?! Бұлар... бұлар ше, Құдайды да сыйламайды.
Әлі құрыған Судыр Ахмет әрі-берідесін жеп-жеңіл шотты зорға көтерді. Жаны күйген бір кезде ол шотты лақтырып тастап, қабір түбіне тізерлеп отыра қалды да топырақты қос қолдап осып-осып алды:
— Кетпен дейсің, шот дейсің... ал енді, енді бар ғой, осы өзіңнің Құдай берген мына қос қолыңның қасында соның бәрі мүлік емес.
Әли қабірге қарғып түсті. Судыр Ахметті жас бала құрлы көрмей көтеріп ап сыртқа атып жіберді де, кетпенді қолына алды.
***
Есболды жерлегесін өлікке жиналған қарақұрым қалың нөпір топ-топ болып тарай бастады. Аттылысы, түйелісі, әйелі, еркегі аралас шұбар ала жиын жан-жаққа бытырап кетіп жатты.
Ағайын-тума тым болмаса жетісіне қара деп жабысса да, Еламан бір күннен артық бола алмады. Асығыс жайын айтып, ертеңіне түс ауа атқа қонды. Жүрер алдында Есбол атасының басына барып Құран оқыды. Есболдың жақсы көретін қара тазысы ере барған-ды. Есті иттің іші бәрін сезетін сияқты. Қабір басында қол жайған кісілердің алды-артына шығып қыңсылап жүр. Жер астында жатқан бұ дүниедегі ең жақсы жанашырын қимай, қасындағы кісілерден көмек сұрағандай. Еламан осы итке қараймын деп отырып Құран сүресінен жаңылып қала берді. Қанша күннен бері ас ішпеген иттің екі бүйірі сұғылып кетіпті. Қабір басында көзін төмен салып сазарып алған мына бір кісілерден түк шықпасын сезді ме, бір кезде қара тазы жас қабірдің топырағын иіскелеп, жаны қызығып шыр айналып жүгіріп-жүгіріп алды.
— Апыр-ай, мына иттің даусын-ай! Қанша кісі жиналғанда өлікті жаны күйіп жоқтаған жалғыз осы болды-ау, — деді Әли. Көңілшек жігіттер көзіне жас алды. Еламан жыламайтын. Әсіресе, дәл осындай өлік шығып, ел-жұрт ызы-шу боп жатқанда, көзінен жас, өңінен қан қашып сұп-сұр боп алатын-ды.
Құран оқылғасын Еламан орнынан тұрып жатып қара тазыға көз қиығын тастап еді; нәсілі ит демесе, мына пақырдың өңінде нақ бір жанашыр адамның жүрегін дірілдеткендей зіл батпан ауыр мұң тұрғанын көрді. Қара тазы қабір басынан ұзап кетіп бара жатқандардың соңынан қарап тұрып тұмсығын көкке көтеріп, даусын ұзақ созып ұлыды да, сосын шәу-шәу үрді.
Еламан қайда барса да екі елі қасынан қалмай еріп жүрген мына кісілердің бары-жоғын байқаған да, сезген де жоқ. Осы қазір ол өзіне де, өзгелерге де ызалы. Осы өңір қатты сыйлайтын қарияны қара жерге берді. Кеше бүтіл ел күңіреніп жоқтап еді. Арулап жуып, аққа орап, қос аршын қара жерге қалай көмді, солай көңілден де кетті. Енді, әне, түк болмағандай аттысы атқа, түйелісі түйеге мініп, кәжік-күжік әңгімелерін соғып, ауыл-аулына тарап барады. Бұ да аттанғалы белін буып құнтиып отыр. Сонда, бәтір-ау, өлікке жиналған осынша халық ішінде әлгінде Әли айтса айтқандай, Есболды шынымен жаны күйіп жоқтаған жалғыз жаңағы қара тазы болғаны ма? Солай ма? Неғылса да, осы жұрттың қызығы мен ренішіне қатар кенеліп жүрген аспан асты, жер үстін жалған, алдамшы, опасыз дүние деп қаралай түңілетіні тегін болмағаны ғой. Жо-жоқ... дүние шіркін опасыз болса болар. Бірақ дәл сол айтқандай, опасыз болғанда да оның бір айналымға келмей шолтаң ете қалатын өткіншілігін айтпаған шығар. Озалдан туу хақ, өлу хақ. Дүниеге келген әрбір адамның құлақ қақпай мойындаған жалғыз ақиқат шындығы еді ғой бұл. Жә, сонда осы адамдардың аузын ашса дүние опасыз деп өксігін баса алмайтынына жөн болсын?.. Опасыз дүние ме, жоқ, адамдардың өздері ме?
Еламан жаңа қара тазыға қараймын деп Құран сүресінен жаңылып кете берген-ді. Қабір басындағылардың бет сипап жатқанын көріп, бұ да тие берсін деді. Жүрелеп отырған жерінен жалма-жан түрегелді. Еңкейіп, тізесіне жұққан топырақты қақты да, көп дүрмекке ілесіп қайтып келе жатқанда да осы ой бір сәт басынан кетпеді.
Бүгін Есбол атасы дүние салды. Кемпірі былтыр өлді. Енді мына тұлдырсыз үйге тұлға болар тірі жан жоқ. Есік-терезесін сыртынан тас қып бекіткесін бұл үйге бұнан былай қарай әлгі бишара тазы болмаса, онан басқа кім аяқ баса қояр дейсің?! О да қорада күн көзінде қақсып жатқан итаяқты иіскелеп-иіскелеп, қыңсылар-қыңсылар да жөніне кетер. Еламан түрегелді. Есіктен шығар жерде қасындағы кісілерді ілгері өткізіп жіберді де, өзі сөл іркіліп, Есбол атасының үйіне ақырғы рет бұрылып бір қарады. Күн бетте жалғыз терезесі бар, бас-аяғы бір бөлме. Бірақ дариядай кең. Қашан кемпір қайтыс болғанша осы өңірдегі қонағы үзілмеген, дастарханы мол, меймандос үй-тұғын. Еламан сыртқа ере шыққан кісілермен есік алдында тұрып қоштасты да, жігіттерін ертіп жүріп кетті. Маңдайы — болыс аулы. Совет үкіметі орнағасын бұлар да болысты кешегі қара сирақ жалшыдан сайлаған-ды. Едіреңдеген жас жігіт екен. Екі күн бірге болғанда байқағаны -алдына келген кісінің жақпас бірдеңесін байқаса болды, қолында сығымдап ұстап тұрған қылышты бір сөзге келмей суырып алатындай, сыртына сұсын шашып шіреніп алады екен. Бес қаруы белінде тұрғасын ба, ол тек Еламанға үйтпеді. Еламан:
— Жасақ құрам, елден жігіт жиып бер! — деп еді.
— Ол оңай ғой, — деді жас болыс.
— Сосын... оларға ат керек, — деп еді.
— О да оңай, — деді.
— Қанша деп сұрамайсың ба?
— Қанша керек болса, сонша жинап берем. — Еламан айтқанын екі етпей едіреңдеп тұрған мына жігітке сенімсіздене қарап еді. Жоқ, қолынан бірдеңе келетін сияқты. Дәл өзіндей өңшең қылыш асынған жігіттерді дереу жиып алды да, бір тобын жайлауда отырған жалпақ елден жігіт жинап келіңдер деп шаптырды. Дәл солардай жалақтаған және бір топты осы өңірдің Еламан жақсы білетін байларына шаптырды. Бұларды да қызыл әскерге жылқы жинап әкеліңдер деп, бет бақтырмайтын қатал әмірмен аттандырған-ды. Сол күні ақ пен қызыл арасында жан-жақтан шаңдатып жылқылар келе бастады. Кіл сәйгүлік жарау аттар.
— Бұл Тәңірбергеннің жылқылары.
— Неге аз? — деді болыс.
— Мырзаның өзі жоқ екен. Алдаберген осының өзін шаққа...
— Не деп оттап тұрсың? Сұрама дегенім қайда, берсе — қолынан, бермесе — жолынан.
— Төбелес шығып кете ме деп қорықтым.
— Қол көтеріп көрсін... Түндігін түріп қойып шауып алам. Ожар Оспанның жылқылары қайда?
— Қиқар неме өз ықтиярымен қотыр тай да беретін емес.
— А-а?! Қап, мына иттің ызасын-ай. Ендеше аттан. Дереу... дереу аттан! Өзің бастап бар. Тез! Қарсыласса — қару жұмса. Ат! Шап! Жауабын өзім берем. Ал Ожар неменің өзін осында жаяу айдап әкел! Ұқтың ба, алдыңа сап, жаяу айдап әкел!
Еламан жас болысқа екеуден-екеу оңаша қалғасын тым қатты кетіп бара жатқан жоқсың ба деп ескертіп еді. Болысқа бұл сөзі ұнамады.
— Жігіттерді де, жылқыны да жинап берем. Ал, ағасы, тек байларға ара түспе. Қазір заман басқа. Оларды тып-типыл ғып құртпай, бізге тыныштық жоқ. Өй, неғып тұрсыңдар, тез аттан дегенім қайда?
Еламанда енді оның ісі болған жоқ. Оның дәл өзіндей сары ала қылышы сартылдап ішке бірі кіріп, бірі шығып жүрген әпербақан жігіттерді шұғыл бұйрықпен жан-жаққа аттандырып жіберіп жатыр.
Иә, заман өзгерді. Адамдар да өзгерді. Кеше мал соңында сылпылдап күн кешкен мыналар да қазір басқа. Болыс бір жанды бетіне қаратпайды. Бұның ұғымында малы бардың бәрі — бай. Ал бай атаулының бәрі — жау. Әсіресе, бұрын болған-толған кісілерге бүйідей тиеді. Бай ауылға тасырлатып шауып барады. Алдынан үріп шыққан иттерді атады. Астында ақ тер, көк тері шыққан аттың басын ақбоз үйге тіреп тұрып айқайлап сөйлеседі. Айтқанын қалт етпей, алдына түсіп емпеңдеп жүгіре жөнелсе жақсы. Егер қарсы келсе көзі ақиып, қолы қылышқа сарт етеді. Басқа басқа, осы болыс таяуда өзімен бірге туған бауырын, Тәңірбергеннің малын жасырды, байдың құйыршығы деп ұстап, қаладан келген милицияға айдатып жіберген-ді. Сол сұмдықты көрген осы өңірдің халқы қазір бұнан қаралай тітіркеп тұратын бопты. Жаңағы жігіттер де бара сала, ай-шайға қаратпай, Ожар Оспанды алдарына сап дірдектетіп жаяу айдап әкеледі.
Еламанның іші мұздай болды. Қолы теңдікке жеткен кешегі қара сирақтар өздерінің ендігі тірлігін тек кек алудан бастаса келешекте әлі талай бас домаламай қайтер дейсің?..
***
Еламан түбектегі ауылдан ертелете аттанды. Аты мықты. Суыт жүріске өзі шыдаса, Шалқардан шыққалы бауырын тартып жарап алған күрең қасқа жар басындағы балықшылар аулына күн барында жеткізетіні кәміл. Кісіден қателессе де бұл өзі жылқыға көзі жіті жігіт-ті. Тақымы астындағы ат түгіл желі басында үйір-үйірімен үйездеп тұрған жылқыға көлденеңнен көз салса болғаны, қайсысының қандай мал екенін бір қарағаннан біле қоятын.
Күрең қасқа, сірә да, қамшы салғызбайды. Қайыс тізгінді қасарысып тартып отырғанның өзінде әрі-берідесін денесі қызып, тас төбесінде шаншылған қос құлақтың түбінен шып-шып тер шыққасын, тіпті, делебесі қозып көтеріліп кететін. Сонан кейін езуін айырған ауыздықты егеспен қарш-қарш шайнап, тізгінін созып шаба жөнелетіндей жол бойы үнемі сүзе ұмтылып отыратын ұрыншақ.
Еламан қазір күрең қасқаға әбден бауыр басып алды. Қайда жүрсе де өзінен бұрын әуелі осы аттың бабын істеп, оты-суын қандырып отырады. Күрең қасқа қазір тіпті күйлі. Түбектегі ауылдан шыққалы төрт тұяғы топылдап cap желіп келеді. Жететін жері қашық болса да, күйлі ат қоймады. Намаздыгер-намазшамда Бел-Аранның сырт жағындағы боз жусанды бұйратқа ілікті. Сонан қашан балықшылар аулына жеткенше көк аспан астында далиған көк теңіз жолаушының бүткіл бір қапталын алып жатты. Аңғардан соққан баяу ғана ескек жел жол бойы күрең қасқа атты да, бұны да омырауынан қағып желпіді де отырды.
Еламан жол бойы Әлидің үйіне түсермін деп келе жатқан-ды. Ауыл шетіне кіре бергенде ат басын Достың үйіне қалай бұрып алғанын байқамады. Жә, бір есептен бұнысы да дұрыс. Араларындағы араздықты асқындыра бергенше, қайта бір есептен осылай ығытын тауып, қазіргідей түс шайысып жүрген қырғи қабақ кезде сен-ақ кішірей.
— Біреу келді ғой, — деді Қарақатын ат тұяғының тықырына елең етіп.
Дос төрге жайған алашаның шетінде насыбай уқалап отырған-ды. Орнынан қозғалмады. Сыртқа сүріне-қабына жүгіріп шыққан Қарақатын үй алдындағы жалғыз қазыққа атын байлап жатқан жолаушыны көре сала, «ей, мынау... Ойбай, бетім-ау... Өзі не боп кеткен? Үсті-басы тыртысқан мынау не киім? Құрысын, құрысын, қатпа болған атандай қол-аяғы сидиыпты да қалыпты». Күлкі қыштаған Қарақатын алақанымен аузын баса қалды. Қан теппейтін қайыс қара бетін сырт айнала бере шымшып бір үзіп алды.
— Әй, тұр! Еламан келіп аттан түсіп жатыр.
Дос бұл жолы да бәрібір құлақ аспай, насыбайын уқалап отыра берді. Қарақатын қопырсып жатқан үй ішінен төсек-көрпе іздеп, зыр жүгіріп жүрген үстіне Еламан кіріп келді. Қарақатын сасып қалды. Қас қылғанда, мына жаман неме де көк насыбайды мүңкітіп қозғалмай отырғанын қарашы.
— Қайным, жоғары шық.
— Рақмет, жеңеше.
— Жаман ағаңның есігін ашпайтын едің, осы жөнің түзу, жақсы келдің.
— Өй, сұңқылдамай, шайыңды қой!
Қарақатын мырс етті:
— Ағаң осы.
— Әй, қатын...
— Көрдің ғой, бізді қорқытады.
Дос күлтілдеген қабақ астынан қатынына алара бір қарады. Қарақатын оған «тұтаң» деп ернін шығарды да, өреше жақта тұрған қара шайнектің суын төге-шаша сыртқа ала жөнелді. Дос бүкіл үйде қонақпен екеуі оңаша қалғасын да үндемеді. Ақырған көк насыбайдың иісі танауын жыбырлатып, түшкіре жаздап көзі жасаурап отыр. Еламан рай бермей қойған үй иесіне тіл қатудың есебін таба алмай, қозғалақтап мазасызданып отырды да, сосын сырт жағында жатқан жастықты өзіне тартып алды. Жұмарлап қолтығының астына басты. Шай үстінде де сөздері жараспады. «Бекер келдім бе?» деген өкініш көңілінен кетпей отырған. Әйтеуір, шайдан кейін Дос тіл қатып:
— Балаңа соқтың ба, пақыр қалай екен? — деп жөн сұрап еді, сарқып ішкен шайдың; шәмбесін сыртқа апарып төккелі есіктен шығып бара жатқан Қарақатын қайырылып тұра қалды.
— Бар, шаруаңды істе, — деді Дос. Әдетте оны ешқашан жыр демейтін Қарақатын қайтып келіп, күйеуімен тақымдасып отырып алды.
— Бала жүдеу, — деді Еламан.
— Шала туды ғой. Сонан болар, — деді Дос.
— Не қылған?.. — деді Қарақатын, — кісі баласын кісі баға ма? Құдай біледі, Сүйеудің қақбасы қаймағын алған көк шалап сүтті беретін шығар.
— Қой дедім ғой саған.
— Қой дедім, қой дедім. Сонан басқа білерің бар ма сенің?
— Әй, қатын... өлгің кеп отырмаса, қой енді.
— Сен бе өлтіретін?! Тұтақ. Ой, шір... — Қарақатын күйеуінің қол созған жағына көз тастады да, жым болды. Жаңа насыбай уқалаған жиде қаданы Достың өзіне жақындатып тартып алғанын көргенде Қара қатынның тырыли арық денесі көйлек астында қайқаңдап кетті. Ол енді отырса да, тұрса да көз қиығын жиде қададан айырмады.
— Енді үйлен, — деді Дос.
— Өзімнің де ойымда бар.
— Ой-сойды қайтесің. Бас сал да үйлен. — Қарақатын жиде қаданы білдірмей есік алдында жатқан бір арқадай отынның астына сүңгіте салды.
— Мәку-сәкуді қой да үйлен. «Шүйкебас алмай шыр бітпес» деген, — деді Дос дүңкілдеп.
— Дұрыс айтасың. Тек, Дос аға, өзің білесің ғой, мен әйелден аузы күйген кісімін ғой.
— Бетінің ажарын қайтесің? Ac құйып ішесің бе оған?!
— Қайдам, бұйырғаны болар.
— Әй, бала, бұйырған-сұйырғанды қой. Осы ауылда саған лайық бір қатын бар. Төлеудің үлкен қатынын білесің ғой. Дәл соған үйлен.
— Ой, Құдай-ай... Соны да қатын деп...
— Е, несі бар?
— Аты ұрғашы демесең, сол сорлыда еркектің кәдесіне жарайтын не бар дейсің?..
— Не дейді, мына найсап?!
— Қайным ондай салпы етекті қайтсін?! Және сыбай-салтаң да емес, соңында ерткен шиеттей балалар бар.
— Әй, қоясың ба, жоқ па сен осы?
Күйіп кеткен Қарақатын от көсеп отырған қолындағы күлді-күйелеш көсеумен жердің шаңын бұрқ еткізіп салып-салып қалды:
— Қой, қой деп сен-ақ кісінің аузына қақпақ боп құрттың ғой. Жұрттың бәрін өзіңдей қараборбай жаман балықшы көресің бе? Қыз таңдап жүрген жігіт салпы етек салдақыны қайтсін?
Дос тұнжыраған қалпын бұзбай, әлгіде оң жамбасына оңтайлап қойған қадаға қолын созып еді, күйеуінің қимылын бағып отырған Қарақатын мырс етті.
Дос жаңағының арасында зым-зия жоқ боп кеткен жиде қаданың жөнін білмей ақырып қалды. Бұлардың ұрысының ішінде болғысы келмеген Еламан шинелін жамылып сыртқа шықты. Күн батыпты. Ала бұлтты аспанда жалғыз қадақ жұлдыздар жылтырады. Ызыңдап маса шығыпты. Үй алдында қаңтарулы тұрған ат иесін танып оқыранды. Еламан атты ауыл сыртындағы қалың бозға апарып тұсап жіберді. Қайтып келе жатып қара молаға соқты. Мөңкенің әлі басы қар айтылмапты. Қара дөңнің басында өзінің сонау бір тірі жүрген кезіндегідей, өлгенде де өзгелерден жотасы асып, астаудай топырақ астында дөңкиіп жатыр екен.
Көз байланар алдында теңіз беті қап-қара боп түксиіп алыпты. Промсол жақтан өгізшағала өкірді. Олардың қиғылық ұрғанына қарағанда шамасы, сірә, алысқа салған ауын қарап қайтқан балықшылар сыралы оралған. Бұндай күндері Кенжекей жұмыстан кеш оралады. Төлеу қаза тапқалы «маған ти» деп Қалау жесір әйелге күн көрсетпей жүрген көрінеді. Айғаншаның жақсы көретін сырлас жеңгесі болғасын ба, осы келіншек бұған да біртүрлі ыстық. Оның үстіне шиеттей жас баламен қалған жас келіншекті аяйды. Жаңағы Достың сөзі көңіліне қонды. Беті ажарлыдан тапқан опасы белгілі. Ендігі жерге баласын барып, отбасының аз ғана ырзық-несібесін үлгертіп отыратын әйел болса несі бар!
Осы оймен Еламан балықшылар аулының шетіне кірді. Көп үй кешкі асын алдына алыпты. Кей үйден күні бойы теңіз үстінің көк толқынымен алысып, титығы құрып қайтқан кісілердің қалжыраған қарлығыңқы даусы естіледі. Тек осы ауылдағы ең үлкен үйдің есігі алдынан өте бергенде Еламан домбыра сағағында қылқылдаған әлдебір күйге құлағын тікті. Құдай біледі, мынау Әли. Күні бойы ескек тартып, екі қары салдырап қайтқан жігіт бауырына қысып алған кішкентай жиде домбыраның екі шегін бебеулетіп отыр.
Ертеңіне Еламан ерте тұрды. Күндегі дағдысы бойынша ауыл шетіне шығып, атына көз сап қайтты. Күрең қасқа кеше тұсап жіберген жерінен тапжылмапты. Ертеңгі салқынмен құнығып тиіскен қара оттан басын алмай, ара-арасында рахаттанып пыр-пыр етіп қояды.
Жел көтеріліпті. Түнімен шырадай тынып жатқан теңіз қазір таңмен таласа білінген аңғардың азанғы қатқыл желімен жынданып, дөңбектей ауыр толқындар аударылып-төңкеріліп жатыр екен. Еламан «дауыл болады-ау, сірә» деп топшылады. Барана, бұл тұрған кезде Қарақатын көрпемен басын бүркеп ап ұйықтап жатыр еді; қазір о да ояныпты. Ыдыс-аяқ даңғырады. Іле-шала үй ішіне бүйідей тиіп жатқан қатынның барқылдаған жарқыншақ даусы шықты. Еламан өзі түнеп шыққан үйге біреу желкелеп итергендей, аяғын зорға басып, әрең келе жатып, бұл кезде сонау көз ұшында шағалалар қиғылық ұрып, шаңқылдап жатқан көк теңізде төсін толқын соғып секектеген балықшы қайықтарына көз салды.
Таң қараңғысынан оянған балықшы ауыл абыр-сабыр. Промсолда істейтін қатындар жұмысқа кетер алдындағы оны-пұны шаруасын үлгере алмай, етегіне сүрініп, қапылып жатыр екен. Еламан кенет Кенжекейді көрді. Кенжекей қыңқылдап жылаған кішкентай баланы бауырына қысып отыра қалды да, құлағына бірдеңе деп сыбырлады. Баланы алдап-сулап жұбатқасын басынан сырғып түсіп бара жатқан ақ жаулықты асығыс-үсігіс жөндеп тартты да, бұл кезде промсолға беттеп бара жатқан қатындардың соңынан жүгірді.
— Еламанжан, сенде шаруам бар еді, — деді біреу бұны шынтағынан тартып.
Осы кісіні ұнатпаса да, ырқына көніп, жетелеген жағына кетіп барады. Үй сыртына ұзап шықты. Көгі қалың жерге қатар отырды. Судыр Ахмет тамағын кенеді. Сосын отырған жері жайсыз болғандай, сипаң қағып қозғалақтай бастады. Бөксе басып отырған жері кілкілдеген жусан, қоңырбас, жоңышқа болатын. Бірақ Судыр Ахмет соның біріне тимей, созылып барып анадай жердегі қызыл бауыр изеннің ұзын бір талын үзіп алды.
— Еламанжан, сені жеңіл-желпі жұмыспен оңашалап отырғам жоқ. Уа, мына Жаңайым Жетес би айтқан екен... — Еламан
Судыр Ахметке шошына қарады. Судыр Ахмет өзінің жаңағы қоразданып едірейген қалпынан кенет күрт өзгеріп, тамағына тас тұрғандай тоқтап қалды. Онан сайын Еламанның зәресі ұшты. «Тегін болмас» деп ойлады да, иегіндегі бес тал сақалды , түбінен қысып, темен қарап тұңырайып отырған кісіден көзін айырмады. Оның қос езуліктің тұсында жөнсіз-жосықсыз жыбыр-жыбыр ете қалған бес-алты тал қыл да, тас қып жұмып алған көзі де, әсіресе, қос шекелігі құшиған ешкі басының екі қапталында қалқиған ана ақ жарғақ аламан құлағы, бәрі-бәрі жүрегі сезген бір жамандықты растап тұрғандай. Еламан өрі-бері қипақтап отырды да, ақырында төзімін тауысып, ананы иегін уыстап алған қолынан тартты. Судыр Ахмет көзін ашып алды. Бірақ Еламанға көз салмай, алдынан өтіп бара жатқан құмырсқаны көріп қалды, күзен бел ұзын бойымен ұмтылып барды да, қолындағы қызыл изенмен ұра бастады. Денесіне таяқ батқан құмырсқа аузындағы тістеп алған дәнді тастай қашты.
Еламанның етек-жеңі кеңіп сала берді. «Ой, берекесіз сорлы».
— Айтпасаң да естідім. Кенжекейге үйленгелі жатқан көрінесің, — деді Судыр Ахмет.
— Ой, сөзің бар болсын.
— Оу, « Ел құлағы елу»... Сен жасырғанмен жаман ағаң есітті.
Еламан бұған не істерін — кейірін, әлде ренжірін білмей отыр.
— Ay! Ау, айналайын-ау! Сенің Кенжекейге үйленетініңді бір дегеннен білгем. Ойбай-ау, Еламанжан-ау, жаман ағаңның жүрегі жақсылықты жер түбінен сезеді ғой.
— Жә, қайтесің.
— Қайтесіңің не? Қатын алу Құдай бұйрығы. Оны айтасың ба, мен, тіпті, сені Кенжекейге сыртыңнан таныстырып жүргем, — деп осы арада Судыр Ахмет өзінің өтірігіне өзі иланып кетті де, құдды мешел болған баладай ырғаңдап, құйрығымен жылжып, Еламанға жақындай түсті.
Еламан түрегелді. Судыр Ахмет те шалғайласа тұрды. Еламанның құлақ аспағанына қарамай, оның біресе оң, біресе сол жағына шығып, алдын орап емпелеңдеп келеді.
— Ал! Ал, енді сен дегенде бұл ағаңның пейілі басқа. Сен дегенде ағаңнын; тілінің тиегі ағытылып кетеді. Жігіт сөзбен ажарлы болса, айтпады деме, сен осал емессің. Осы жолы сені келіншек алдында ажарлап бақтым. Екі иығыңа екі үкі, басыңа бір үкі тағып ажарлап таныстырдым.
Еламанды реніш пен ыза қабат қысып, екі құлағы дуылдап қызарып алды. Жанында бірдеңелерді былдырлап бүлкектеп еріп келе жатқан Судыр Ахметті бір түйіп, жалп еткізді. Балықшылар ауылы отырған тік жардың баурайын қиялап төмен түсті. Теңіз жағалауында қақалып, тұнып тұрған алабұта, ащылық сораңды солдат етікпен пытырлатып басып келеді.
Құдай-ау, бұл не? Бұларға не болды? Патша құлады. Уақытша үкімет құлады. Жер-жердің бәрінде де халық қолына қару алып, осы дүниенің төрт бұрышында тыныш түкпір қалмай дүрлігіп жатыр. Ал бұлардың түрі мынау. Жүдеу дала. Баяғы жайбасар тірлік. Баяғы бойкүйез ауыл. Сол баяғы өмір бойы ұйқы мен ояу арасында иіні түскен берекесіз жандар. Әлде бұлар да қара дауыл қаптай соғып кеткенде қамыс арасында ықтап қалатын шүрегей қоңыр үйректей ме? Анау ашық айдында ірі құстар бұршақ соғып мертігіп жатқанда, бергі жақта - саяз, қызыл суларда солар жан сақтап, аман қалатын еді ғой.
Еламан промсолға келгенін байқады. Қысы-жазы күн түспей қаракөлеңкеленіп тұратын даладай лабазда қазақ-орыс қатындарының жаулығы ағараңдайды. Олар сойып жатқан балығын жерге қоя сап, бәрі бірдей түсі басқа кісіге бұрылды. Тек дөңгелек зерен жүзді келіншек мына жігіттің өзін іздеп келгенін біліп, шырыш-шырыш қолын алжапқышына сүртіп, орнынан ақырын түрегеле берді.
— Маған келдің бе ?
— Иә-ә...
— Сыртқа шығайық.
* * *
Еламан үйде жалғыз. Әлгібірде Әшімді арқалап, ұршығын алып қыдырып кеткен келіншегін күтіп жатыр. Кенжекейге үйленіп, бір түндік астында тұрғалы да біраз. Өз көңілі қаламаса да, келіншегі қоярда-қоймай қиылып отырып алған соң, ол екі-үш күн турасында әнебір жылы Ақбала екеуі тұрған ескі үйді оңдап кірді.
Еламан баяғы өмірді еске салатын бір нәрсені қалдырғысы келмеді. Есік-терезені қайта салды. Ескі шымылдық пешті бұзып, кесегін сыртқа шығарып тастады. Үйдің қабырғаларын ақ балшықпен майлап шықты. Бұл күндері Әли бастаған балықшы ауылдың ер-азаматы қолғабыс берген-ді. Көзкөрген кісілер Еламанның құлаған шаңырағын қайта көтеріп, өз алдына үй болып жатқанына мәз. Түс кезінде үш ауылдың кәрі-жасы жиналып, Еламан мен Кенжекейді жаңа үйге кіргізді.
Қалау Кенжекейдің төсек-орнын бермей, алып қалған-ды. Күндіз кісі-қара бар кезде байқамапты. Кешке өздері оңаша қалғасын бір жаяр төсеніші жоқ бөлме үңірейіп қоя берді. Жатарда өздері түгіл балалардың астына не төсерін білмей, ерлі-зайыпты екеуі қиналып тұрғанда, кенет сырттан дабырлаған дауыс шықты. Іле-шала Әли бастаған бір топ жас кірді. Бәрі Тілеу-Қабақ руынан. Ақжарқын жігіттер әзіл-қалжыңмен жүріп, қолтығына қыса келген алаша, текеметтерін төрге жайып, тұсқа ұстап, жаңа ғана аңғал-саңғал боп тұрған үйді жайнатты да жіберді.
Көңілді жігіттер кеткесін үй іші қайтадан жым-жырт бола қалды. Төлеудің үш баласы мына бір түсі басқа жат кісіден қысылды ма, әлде жатырқады ма, үрпиіп бұрышқа тығыла қапты. Олардан Еламан да қысылды. Басқалардан гөрі ала-бөле әнебір естиярлау сары бұжыр баланың ажарында анық жаулық бар. Өздерінің жүдеу тірлігіне қайдағы біреудің қайдан тап келгеніне ырза емес сияқты.
Еламан көбіне-көп осы сарыдан қысылды. Оның қысылатынын байқаған бала әкесіндей кісіні ықтырғанына дән ырза. Тек бұның айбат шегіп ықтырған мына бір кісіге анасының неге ықыласы басқа екеніне түсінбеді. Сары баланың жынына тиген тағы бір жай: күндіз аласа үйде ұзын бойы өңкиіп, ебедейсіз қозғалып жүретін осы ұялшақ кісі, күнде кешкісін шам сөнердің алдында көйлек, дамбалы ағараңдап шешесінің төсегіне кіріп бара жатады.
Алғашқы күні Кенжекей де қиналды. Күнде қасында жатып жүрген кішкентай балаларын ол қалай бөлектеудің есебін таба алмады. Кешкі асты ішкеннен кейін Кенжекей балаларына төсекті бөлек салды. Үстіне көрпе жауып жатып та үлкен баласына қарамауға тырысты. Төсек жанында тұрып шешініп жатқан күйеуіне, тіпті көз салмады. Сыртқа шығып бара жатып, есік жақта сығырайған шамды сөндіре кетті. Сонан қайтып оралмады.
Еламан да қараңғы үйде көзі ашық жатыр. Ет қызуымен үйленіп салса да, кейін ойлап қараса, үш қатынның үш баласы бір оттың басына сыйысуы қиын сияқты. Ала-бөле бұжыр сарыдан шошиды.
Қысқа түннің қай уақыты болғаны белгісіз. Бір кезде осы күнгі өз халін ойлап жатып «Істеп салдым бір істі, Алла оңғарсын бұл істі» деп әлдеқалай аузына түскен өлең жолын ішінен қайталағаны есінде. Сонан арғысын білмеді. Ұйықтап кетіпті. Қашанғы дағды бойынша күнде оянатын кезде көзін ашса, таң әлі атпапты. Бірақ таң алдында туған толық ай тас төбедегі терезе әйнегіне бозамық рең беріп, ақ сүттеніп тұр екен. Үй іші де ай сәулесімен бозарып, ана жер, мына жердегі нәрсе-қараның бедері білініпті: есік жаққа тастаған солдат етіктің екі қонышы едірейеді. Өзі жатқан төсектің аяқ жағынан қазандық үстінде қонжиып алған құлақты дөй қазан қарауытады. Ал үстеріне жамылған үлкен көрпе астында айқыш-ұйқыш жатқан үш баланың біреуі тоқты қошқардай мекіренеді. Кенжекей ішке балалар оянғасын кірді. Шайды сыртта қайнатып әкепті. Қара шәйнек бұрқ-сарқ.
— Балалар, тұрыңдар! Менің жұмысқа кететін уақытым болды.
Даусы ұп-ұяң. Жас келіншектің дөңгелек зерен жүзінде де зәр жоқ. Үй ішінде аяқ басқаны білінбейді. Ішке кіріп келе жатып та балаларынан бұрын іргеге қарап бұртиып жатқан күйеуі жаққа көз тастады. Еламан жаңағы құлаққағысты да бұның бір өзіне арнап айтқанын білді. Кенет көңілденіп кетті. Төсектен атып тұрды. Тез-тез киінді.
— Балаға лайық қандай жұмыс бар?
Кенжекей қасына кеп, күлімсіреп тұрған күйеуіне таңдана қарады. Мынау әлде әзіл, әлде шын екенін білмей, бетіне қарап аңырып қалды да, «әзіл болар» деп ойлап, істеп жатқан шаруасын үн-түнсіз жалғай берді.
Кенжекей күнде жұмысқа ерте кетеді. Кеш қайтады. Еламан келіншегі келгенше үй ішін қағып-сілкіп, алдынан асын даярлап қояды. Аз ғана күн ішінде үй жанына отын үйіліп қалды. Бұрынғы жалғызілікті кезде күтімі болмай, үсті-басы кір-кір боп жүретін балалар қазір мұнтаздай.
Еламан балықшылар ауылының күнделікті күйбең-күйбең тірлігіне дәл баяғы кездей қазір тағы да бауыр басып кетті. Ең ақыры Судыр Ахмет кішкене кешіксе де ол кәдімгідей елеңдеп, шыдамсызданып бітеді. Кеше ертеңгісін Кенжекей жұмысқа кеткесін Еламан сыртқа шықса Судыр Ахмет нар қарасына мініп алған. Қатын-балаларымен қоштасып, ауыл-аймақ түгел естісін дегендей, шаңқ-шаңқ сөйлеп шаруа жайын тапсырып жатыр екен. Сыртқа шыққан Еламанды көріп ол нар қарасын тебініп қалды. Ат үстінде қоқиланып, қатты бастырып желіп келді.
— Аха, жолға шықтың ба?
— Қарап жата алмадым.
— Е, сапар оң болсын!
— Айтқаның келсін. Айтқаның келсін, Еламанжан. Кісіні қатын-бала өлтіреді ғой. Соңыра қыс түскесін үйелмелі-сүйелмелі қызыл қарын балалар ұядағы аш балапандардай ас сұрап шулай бастағанда, ойбай-ау, Еламанжан-ау, кірерге тесік таба алмай қаласың ғой. Сосын қатын-баланың қыс азығын жылы күздің басында қамдап алайын деп жолға шықтым.
Еламан үндемеді. Қабы мен дорбасын аттың артына бөктеріп ап, нар қараның үстінде нағыз ер-азаматтарша қоқиланып кетіп бара жатқан Судыр Ахметтің сыртынан қарап күліп қала берді. Тек келістіре алмады демесең, бұл пақырдың, әйтеуір, әрқашан да ниеті дұрыс болады деп ойлады Еламан. Күні бойы ол Судыр Ахметті қайта-қайта есіне алып, мырс-мырс күлумен болды. Ертеңіне елден жинаған жігіттердің алды келе бастады. Еламан оларды балықшылардың үйіне бөліп орналастырды. Қолы кішкене босаса үйіне жүгіріп кеп, жас балалардың жағдайын істеді. Бүгін жұмыстан келе сала Кенжекей көрші үйлерге қыдырып кетіп еді. Күн батты. Қас қарайды. Кенжекей кешікті. Үш бала сыртта ойнап жүр. Мысық көз сары екі інісіне әлімжеттік қып қожаң-қожаң етеді.
Еламан үй ішіне көз сап отырды да, кенет ойлы жүзін Кенжекей екеуінің төсегіне тіге қалды. Алғашқы үйленген күні өзінің масқара боп ұйықтап кеткені есіне түсті. Езу тартып күлімсіреді. Нәпсісімен алысқан еркектей емес, асылы әйел нәсілінің ұяты бар ғой. Әлі есінде, алғашқы аң некелі күні Ақбала да тап осы орынға төсек салып еді-ау! Қос қабат киіз үстіне көрпе жайды. Құс жастық астына Еламанның ескі тонын тастады. Сонан соң төр жақта жүк арасында жинаулы тұрған қызыл сәтен көрпені сақина толы саусақтарымен кеудесіне қысып әкеп, екеуіне салған төсектің аяқ жағына жазып тастады. Еламан қозғалса құлап қалатындай сезді. Қазір келіншегі тіл қатса даусы шықпай қалатындай қорықты.
Ақбала күйеуінің бар-жоғын байқамайтын сияқты. Шапанын басына бүркенді де, күйеуі тұрған жаққа көз салмастан сыртқа шығып бара жатты. Сонан ол жуық арада оралмады.
— Ай, Ақбала-ай! — деді Еламан. Үй іші құлазып сала берді.
— Көп айналдық па?
Еламан селк ете қалды. Мынау ақиқат Ақбала екен деп қалып еді, сөйтсе Кенжекей ішке кіріп, Әшімді арқасынан түсіріп жатыр екен.
— Көршінің әйелі шай ішіп кет деп жібермеді. Соның арасында Әшімжан да ұйықтап кетті...
— Ә, жақсы болған екен...
— Шай қояйын ба?
— Жоқ...
— Бір жерің ауырып отырған жоқ па?
— Жо-жоқ, жай...
Кенжекей сонан әрі қазбаламады. Ол тек күйеуінің құдды ұрлығы ұсталған баладай осынша қысылып қызарып кеткеніне таңданды.
***
Еламан Шалқарға бір ай дегенде әрең оралды. Қасында осы жолы елден жинап алып қайтқан жүз қаралы жігіт. Бәрінің астында бір-бір ат. Кейінгі күндері тақым жазбастан бірге болып, көңілдері жарасып қалған жігіттер теңіз жағасынан шыққалы ат үстінде әзіл-қалжыңы үзілмей, күліп-ойнап келе жатқан-ды. Қаланы көргенде бәрі де үні өшіп, жым-жырт бола қалды. Теміркенің көк дүкеніне тақап келе бергенде ілгергі жақтағы бір көшенің қайырылысынан үш жүздей кісі шыға келді. Қару-жарақ асынғаны болмаса, бәрі де қалай болса солай, алқам-салқам киінген. Тек солардың арасында әскери киімді біреу соңындағыларға бұрылып: «Бассаңдаршы аяқтарыңды. Тезірек... тезірек жүріңдер», — деп зекіріп қояды. Еламан Мюльгаузенді бірден таныды.
Еламан орталықтағы екі қабат үйдің алдына кеп, аттан түсті. Күрең қасқаның тізгінін қасындағы бір жігітке ұстата салды да ішке ұмтылды. Бұлардың қарасын көргеннен-ақ айқара ашылған қақпаның арғы жағынан Дьяков та шинелінің жеңін асығыс киіп, жүгіре басып келе жатты.
— Еламан! Дорогой! Ал, қалай?..
— Көбірек айналып қалдым...
— Оқасы жоқ. Ал?..
— Жүзге тарта жігіт әкелдім...
— Жарайсың. Рақмет. Ал біздің халіміз онша емес. Есіткен шығарсың?
— Нені?
— Чехтар жайында естіп пе едің?
— Ших?
— Жоқ, чех.
— Ә, шек пе?
— Бәрекелді, сен әлі білмейді екенсің ғой. Жарайды, кейін сөйлесерміз, — деді де, Дьяков артық тілге келмей жүгіре жөнелді. Шинельдің түймелерін де жүгіріп бара жатып салды.
Еламан аң-таң. «Ше-к?» деді ішінен. Ол өзі кім? Дос па, қас па? Әлгі... Дьяков қайда кетті? Етегіне сүрініп неғып жүр? Жігіттер аттан түспей, әлі сыртта, қақпа алдында иіріліп тұр.
Еламан анда-бұнда жүгіріп, ақыры, әйтеуір штабта істейтін біреуден әлгі Шек пе, Ших па, солар жөнінде бірдеңе білді. Сөйтсе, ол өзі Владивостоктан кемеге отырып, өз еліне өтіп кетпек болған Чех корпусы екен. Сібір темір жолымен кетіп бара жатқанда ағылшын, француз, жапон елінің Қиыр Шығыстағы төтенше елшілерінің қот-қоттап айдап салғанына ерген Чех корпусының солдаттары көтеріліс ашып, Сібір қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатыр екен. Әлі де аяғына мініп кете қоймаған жас елді іштегі, тыстағы жаулардың жан-жақтан жабылып талап жатқаны аз дегендей, енді бүтіл Сібір бас көтеріп, ел басына тағы да бір төтеннен қатер төніпті. Осы бір жанталасқан қарбаласта шалқарлықтар да қарап жатпай, қала-даладан адам жинап майданға аттандырғалы жатыр екен. Дьяков соларды шығарып салуға кетіпті. Еламан стансаға жүгіріп еді; бірақ үлгірмеді. Дьяков та, Селиванов та көзге түспеді. Станса басындағы кісілер олардың осы қазір ғана депоға кетіп бара жатқанын көрдік деді. Еламан атын станса алдындағы терекке байлады да, депоға тартты. Кетіп бара жатып қайта-қайта артына бұрылып, асхана жаққа қарай берді. Ақбала көзіне түспеді. Тек соңғы рет қарағанда асханадан бір жуан әйел шықты. «Ақбала айта беретін әлгі Сары апа осы шығар» деп ойлады Еламан.
— Бәрекелде, қонаққа шақырғаныңа болайын, — деді Дьяков күліп.
Селиванов та мәз. Тағы бірдеңені бүлдіріп алатындай айналасын сипалап жүріп, әрең дегенде бір жерден сіріңке тапты. Шам жанды. Дьяков стол жанында тұрған орындыққа отырды.
— Петр Яковлевич, қонақ болғаныңмен бұл үйде қолың қимылдаса ғана аузың қимылдайды, — деді Селиванов.
— Көріп отырмын.
— От жағыңыз, мен еденді жуып тастайын.
— Ой, қу бала! Қонақ қып сыйлайды екен десем, мені жұмсауға әкелген екенсің ғой.
Бұл екеуі қалжыңдасып күліп жүріп үйді жинады. Еденді жуды. Шай қайнатты. Селивановтан гөрі үй шаруасына қайта Дьяков икемдірек боп шықты. Және не істесе де жан-тәнімен ықыластанып істейді екен. Шай ішіп, денесі жылынғасын маужырап, көзіне ұйқы тығылды. Сөйлесіп отырып та, ауық-ауық көзі ілініп бара жатады да, жөтел буып оянып кетеді. Қасында отырған Селивановты бірде сезсе, бірде сезбейтін сияқты. Керек десе, оның ертеден бері көлденеңнен өзінен көзін алмай қарап отырғанын да сезген жоқ-ты. Басы бауырына түсіп, кішкентай қағілез денесі бүктетіліп кеткен. Әшейінде бір жақ мықынын басып, салақтап жүретін қара құмандай наган бір кезде жамбасына батты ма, Дьяков қозғалып, екінші жағына қисайып отырды.
— Петр Яковлевич, жатыңыз, — деді Селиванов.
— А-а?
— Төсек салып берейін, жатыңыз.
— Жоқ, рақмет! Кетем.
— Кеш қой.
Дьяков алақанымен аузын басып есінеді. Сосын ұйқы қысып, топырақ түскендей түйнеп отырған көзін ашса да, бірақ шақырайған шам сәулесіне қарай алмай, қолымен көлегейледі.
— Петр Яковлевич...
— А?
— Өмірің... өміріңізді айтам.
— А, менің өмірім бе? Темекің жоқ па?
— Сізге болмайды ғой.
— Иә, маған болмайды. Сағат қанша болды екен?
— Екі.
— Шығарып салайын.
— Жоқ, қайтесің, — деп Дьяков бетін ары бұрып, тағы да алақанымен аузын басып ұзақ есінеді.
— Сен осы жаңа не дедің?
— Жаңа ма?.. Қонып қалыңыз дедім ғой.
— Жоқ, онан басқа... Иә, есіме түсті. — Дьяковтың қалжыраған қажыңқы жүдеу өңіне күлкі тепсінді:
— Ему судьба готовила,
Век краткий, имя славное,
Чахотку и Сибирь! Иә, бауырым, біздің ұрпақтың үлесіне тиген сыбаға осы, — деп Дьяков жаңа ғана от жағып, ас пісірген жігіттің ып-ыстық қолын уысында қысып біраз тұрды да, шығып кетті.
***
Дьяков командирлерге «даярланыңдар, аттанамыз» деп әмір берді. Командирлер үнсіз құптап, жүгіре жөнелді. Бірде-бірі қайда аттанамыз деп қайырып сұраған жоқ. Онсыз да күн санап, ел жағдайы қиындап бара жатқаны бұларға аян. Кейінгі кезде майданнан келген әрбір хабар бұлардың жабырқау жанын бұрынғыдан да гөрі жүдетіп тұрған-ды. Чехословакия корпусы басып алған Сібірді алғашқыда Директория басқарған еді, қазір үкімет басына адмирал Колчак келді де, бір адамның басына патша тәжінен кейінгі Ресейдегі бар құдіретті лауазымның бәрін үйіп-төгіп жатыр. Одақтас елдер қолдаған Колчактың қарулы күші Сібір мен Қиыр Шығыстың билігін қолына алып, әлі де аяғына мініп кете қоймаған жас республиканың алқымында пышағын жалақтатып тұр.
Халық аш. Бар үміт — Жем бойының биылғы астығы еді, бірақ о да бұйырмады. Көпестер мен қалтасы қалың байлар жылдағыдай биыл да Жем бойының бар астығын сатып алып, астыртын Орынбор, Орск, Омбыға жөнелтіп жатты. Мына жақтан Орынбор атаманы да ел ішінің ылаңын ушықтырып, күнде-күнде қотанға шапқан қасқырдай қан жоса ғып қырып кетіп, шауып кетіп, іргеңде ат ойнатып, мазаны алып тұрған-ды.
Бұл өңірге атты казактар ең алғаш Нұралы хан тұсында генерал-губернатор Неплюевпен бірге еріп келген-ді. Сонан бері атты казактар ана жақта Еділ, Жайық, мына жақта Жем, кейінірек Арқаға, онан Жетісуға ірге теуіп, жылдан жылға нығайып, аты белдеуде, бес қаруы бойында, «ал» десе әзір тұрған әпербақандар еді.
Орынборды басып алғалы қазір Дутовтың түу дегенде түкірігі жерге түспейді. Іргетасы ақ офицерлер. Қалаберді юнкерлер, кадеттер. Арқа тірер негізгі күш — Орынбор, Орал, Троицкінің атты казактары. Патша құлап, Уақытша Үкіметтің аяғы аспаннан келген кешегі. аударыспақ-төңкеріспекте бақ қуған, .билікке таласқан есерсоқтар мен есек дәмелілер ел тізгініне таласып, түсінде тәж киіп, тақ мінбегені кемде-кем. Ана жақта Антантаның айтағына ерген ақ генералдар — Деникин, Юденич, Врангель, бұнда Колчак жас республикаға жабылып жағадан алып, шалғайға жабысып, жан-жағынан тартқылап жатқан осы бір жанталаста да іш есебі бүтін зымиян, әккі атаман Азия мен Еуропаның нақ аралығында жатқан қалаға күшін топтап бекініп алды. Тәжді де, тақты да армандамады. Өзін не Верховный Правитель, не Директория ғып жариялап, дүниеге дабыра да салмады. Өзі қожалық еткен Орынборды да онша дабырайтпай, жай ғана Күмүч деп жариялап, жер түбіндегіні әріден ойлайтын әккі атаман бұл жолы да аяғын көрпесіне қарап созған еді.
Кеше патша құлағанда қара орманын тастап қашқан алтын иық төрелер, дәурені еткен мырзалар, әскерінен айырылған тұл генерал, тұл офицерлер қазір Орынбор атаманын сағалап келе бастады. Бағы, байлығы басында дәуірлеп тұрғанда Дутов сияқты ондаған атаман қанатының астына сыйып кететін құдіретті кісілер енді бүгін де онан өздері пана сұрап, оның казачий шапанының қойны-қонышына кіріп барады.
Шынында да, атаман Дутов өзін дәл осы қазіргідей күшті де құдіретті сезінген кезі болған жоқ-ты. Соның өзінде де Орынбор атаманы үзілді-кесілді бір жағына шығайын деп ешқашан белдесіп соғысқа түскен емес. Ашықтан-ашық кеп алысқа түскеннен гөрі аңдысып, іштен тіреп жатып алатын оның ежелгі тәсілі еді. Ұрланып келеді. Қапыңды тауып, тұтқиылдан тиіп қан-жоса ғып қырып-жояды да, тайып отырады. Сол жымысқы әккі қулығын биыл тағы іске асырып, Жем бойының бар астығын сөзін тыңдайтын сенімді адамдары арқылы сатып алып, онсыз да ісіп-кеуіп отырған аш халықты азық-түліксіз қалдырды. Хан-Дауров Жем бойына бұл жолы да Дьяковтың полкін жіберіп еді, Дьяков келе сала қарауындағы кісілерді бірнеше ұсақ отрядқа бөлді. Оларға жергілікті жердің жігіттерін қосып беріп, тығып тастаған астықтарды індетіп тауып алып, вагон-вагонға тиеп, қарулы күзетпен жөнелте бастаған-ды. Бұндайда көрсе де көрмегендей боп бойын бағып қалатын атты казактар ма, олар да еруліге қарулы қылышын қайрап, атқа қонып жатыр деген хабар Дьяковқа жетті де, ол дереу дивизия штабымен хабарласып, көмек сұрады. Көмекке Жасағанбергеннің отрядын жіберген екен, қас қарая бергенде келген олар, әлденеге бұлардан іргесін аулақ салып, ілгерірек барып, өз алдына оқшауланып тоқтады. Сыртқа бір адам шықпады. Ұзын эшелонның бар вагоны есігін тарс жауып алған. Дьяков өздері келіп хабарласар деген дәмемен біраз күтсе де, не командирі, не штаб начальнигі тұяқ серіппей тым-тырыс жатып алды. Дьяков бұл жігітпен бұрын-соңды кездеспеген-ді. Бірақ ол жөнінде әркімнен әр түрлі әңгіме есітетін: Мюльгаузен осы жігіттің өзі түгіл, атын естісе қаны қайнап, «барчук» деп тыжырына қалатын. Ал Еламан онша кетәрі емес. Айтып саптауы — орысша оқыған. Төрт ағайынды: үлкені — пірәдар, софы. Ортаншысын он алтыншы жылы көтерілісшілер өлтіріпті. Ал кішісі — теңіз жағасын жайлаған жалпақ ел Жақайым ішіндегі ең малды да, бақты да жігіт. Жасағанберген бір жолы осы ағасымен тілге келіп, қатты түс шайысыпты да, бір-бірін көрместей боп араздасып кетіпті.
Дьяков оған өзі барды. Жасағанберген шай алғызды.
— Сенде қазақ, жігіттері бар көрінеді ғой? — деді ол.
— Иә, бар. Өз алдына дербес эскадрон.
— Эскадро-н? — деді Жасағанберген қонағына көзінің қиығын күлімсірей тастап. — Осыған өздерінің тілі келе ме екен?
Дьяков үндемеді.
— Эскадрон командирі менің жерлесім. Екеуміз бір ауылданбыз.
— Білем.
— Өзі айтты ма?
— Иә, өзі айтты.
— Біздің үйдің жылқысын бақтым деп те айтқан болар?
— Ол арасын айтқан жоқ еді.
Жасағанберген Дьяковке сенімсіздене қарады. Жақ сүйегі қуарған жүдеу беті әлденеге ду етіп қызарды да, қайта бозарды. Қолы қыздың қолындай екен. Аппақ нәзік саусақтары тым жіңішке. Тырнақтары да ар жағынан еті көрініп тұрғандай қабажақтай жұп-жұқа. «Құрт ауру емес пе өзі?» деп ойлады Дьяков. Осыған дейін өзі көріп жүрген қазақтардан мына жігіттің бойында бір өзгешелік бар. Кісі өңіне оқта-текте сабырлы салмақпен қарап қалатын қара көзі, әдемі қыр мұрны, ат жақты ашаң жүзіне дейін оның төре сүйек нәсілін анық танытқандай. Және орыс тілін нақышына келтіріп таза сөйлейді екен. Қоштасар алдында Дьяков атты казактарға қарсы тізе қосып әрекет етейік деп еді; ол онша ыңғай бермей, «Жағдайға қарай көрейік» деді де, орнынан тұрып кетті.
Дьяков полкке қайтып келді. Айдалада жалғызсыраған кішкентай разъездің кіп-кішкентай тас үйіне бүйірін беріп тоқтаған әскери эшелонның орта тұсындағы бір вагоннан ақырын әңгімелескен күбір-күбір дауыс шықты. Дьяков тұсынан өтіп бара жатты да, сөл іркіліп ішке басын сұрып еді, қараңғы вагоннан бірнеше кісі қосарлана жамырап:
— Э-э, көмысар... Кір, кір! — деді.
Дьяков көбіне-көп темекі шекпейтін қазақ жігіттерінің арасына кеп жататын-ды.
— Неге ұйықтамай жатырсыңдар?
— Ақтар әлде қайтеді деп...
— Иә, оларға сенім аз. Бірақ сыртта күзет мықты екен. Бұл қайсың? Ә, Еламан, сенбісің? — деді Дьяков қараңғы вагонның әлдебір жағынан кеп қатарласып жата кеткен кісіге қасынан ығысып орын ұсынып. — Жерлесіңе кездестім. Сөйлестік.
— Тіл табыса алдың ба?
— Сөйлестік дедім ғой.
Еламан үндемеді. Дьяков та біраз үнсіз жатты да әлдене айтқысы келгендей, кенет Еламанға жақындай түсіп:
— Слушай, сенен сұрағым кеп жүр еді. Темір жол асханасында істейтін сұлу келіншек... Соның саған қандай жақындығы бар? — деп еді.
— Оны қайтесің? — деді Еламан.
— Жоқ, жай... әшиін...
— Ол менің бұрынғы әйелім.
— Ә-ә...
Осыдан кейін екеуі де үндемеді. Қызыл вагонның іші тас қараңғы. Қасында қатар жатқан кісі көрінбейді. Тек әр жерден қорылдаған дауыс естіледі. Сыртта жел көтеріліп кеткен сияқты. Дьяков іштегі, тыстағы дыбысқа құлағын тігіп, тың тыңдап жатты да, түрегелді. Тыныштығынан айырылып, тысқа шыққысы кеп ақырын жөнеле бергенде Еламан қолынан ұстай алды.
— Қайда барасыз?
Еламанның алақаны тиген жер күйдіріп бара жатты. Кешеден бері осы жігіттің түсі кірмей, кірбиіп жүргені есіне түсті. Ол Еламанның басын ұстады.
— Ауырып жүрсің бе?
— Салқын тиді ғой деймін. Тұла бойым көтертпейді.
— Иә, қызуың бар екен.
— Қайтер дейсің.
— Жоқ, сен енді қозғалма. Жат, — деді де, Дьяков ақырын басып сыртқа шықты. Қара суық жел қақап тұр екен. Дьяков жалма-жан шинель жағасын көтерді. Жан-жағына сергек қарап, құлағын тігіп келеді. Қанша қараса да бір жан көзіне түспеді. «Күзетшілер қайда?» деп ойлап, жүрегі мұп-мұздай боп кетті. Бір жауынгерді дереу Жасағанбергенге жүгіртті де, көзді ашып-жұмғандай уақыттың ішінде бүкіл полкті аяғынан тұрғызды. Осы екі арада Жасағанбергенге жіберген кісі оралып, Ташкент отрядының зым-зия жоқ боп кеткенін хабарлады.
Дьяков бұның тегін емесін білді. Жағдайды анықтап қайтыңдар деп жан-жаққа барлаушылар жүгіртті. Ол әлі де болса күзетті күшейтіп, қауырт әзірлік жасап абыр-сабыр боп жатқанда, кенет әрегіректен мылтық атылды.
— Кім атқан? Жаңағы барлауға кеткендер емес не екен? — деп жұрт елеңдесіп қалды.
Жігіттер жапырлап вагоннан түсіп жатыр. Көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғыда тоң жерді топырлап басқан аяқтар. Сатыр-сұтыр оқталып жатқан мылтық. Эшелонның бас жағында отын сөндіріп мелшиіп қалған паровозға да кенет жан еніп, ыстық буды будақ-будақ шығара бастады. Осы кезде шолғыншыға жіберген барлаушының бірі жүгіріп кеп:
— Комиссар қайда? Жау.. Ақ-тар... — деді де, сылқ етіп құлай кетті, Дьяков басын сүйеді. Саусағының ұшына былжыраған бірдеңе тиді.
Дьяков өздері үшін әр минуттың қымбат екенін біле тұрса да асықпады. Қайта қауіп-қатерді неғұрлым анық сезген сайын соғұрлым бар қимылы біртүрлі баяулап, ауырлай түсті. Қолына жұққан қанды сүрткісі кен маңайын сипап еді, қолына ештеңе ілікпеді. Сосын қолын шинелінің шалғайына сүртіп жатып та «не істеу керек?» деп ойлады. Бәсе, бұндайда командир не істеуге тиіс? Айдауда жүргенде бір жолы бұлардың үстіне бір топ саяси қылмыстыларды айдап әкеп қамаған-ды. Ішінде Фрунзе де болған-ды. Оның біраз ғана уақыт бұларға астыртын құпия кружок ұйымдастырып, соғыс ілімін үйреткені бар-ды. Кейін бұлар оны «Фрунзенің астыртын әскери академиясы» деп атап кеткен-ді. Бірақ онан қазіргі мына қысылтаяңда бұларға қолма-қол керек боп тұрған жағдайға қажет ештеңе таппады. Не істеу керек?
Үш-төрт кісі жүгіріп келді. Дьяков қараңғыдан Ознобиннің өңкиген ұзын бойын аңғарды.
— Комиссар, не істейміз? — деді ол.
— Өздерің... қалай ойлайсыңдар?
— Кету керек. Олардың күші басым.
— Иә, кету керек.
Әлгі кісілердің ішінен біреу паровозға жүгірді. Іле-шала пойыз ақырын жылжып қозғала берген-ді. Осы кезде тұс-тұстан атылған оқ тас бұршақтай жауып кетті. Ана жер, мына жерден гүрсілдеп гранаталар жарыла бастады. Кейінгі вагонға баса-көктеп кіргісі келген казактар ат үстінде қиқулап, кепке дейін қапталдасып отырды. Пойыз қатты жүріп кетті. Атты казактар сонда да қалмай, кейінгі вагонды шаужайлап шауып келе жатып, бұлар қашан қара үзіп кеткенше мылтықтан атқылай берді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Тәңірберген оянса, таң жаңа-жаңа сібірлеп атып келеді екен. Осы бір елең-алаң шақтағы бозғылт сәуле енген бөлме-іші әжептәуір бозамықтанып, адалбақанға ілген жағалы киімдер мен есіктен төрге дейін төсеп тастаған түкті кілем, текемет, алаша бедерін бермен бере бастапты. Үйдің бір басына жиған жиһаз-жасаулардың төменгі жағында көк бас ер жатты. Мырза үй ішіндегі үйреншікті дүниелерге самарқау қарап жатты да, көзі ерге түскенде ғана: «мен атқа мінбегелі қай заман» деп ойлады. Шынында да, қыс түскелі үйден аттап шықпай, сарыжамбас боп жатып алған еді.
Не қылса да биыл өзіне бірдеңе көрінді. Қыс бойы өзін ой қажап, ішінен азып жүр. Соған жөнді себеп те жоқ; себеп жоғын өзі де біледі; біле тұра былтыр күзде Еламан жағадағы елге кеп, жігіт жинап әкеткеннен бері мазасы қашты. Баяғыда бай ауылдың жылқысын бағып, қоқын күн тесіп жүргенде, керек десе, тиесілі еңбекаңысын дәті жетіп сұрап ала алмайтын есіктегі жігіттің енді бүгін балықшылар аулында шіреніп жатып алып, сәлемші арқылы ат сұратып жіберген зәбірі жанына батты. Бұл дүниеде баянды ештеңе жоғын білетін. Әрілесе байлық; пен бақыттың да түбі белгілі еді ғой. Аумалы-төкпелі заман ғой, көп болса, бүгінгі күні жалаңаяқтардың жолы болып, тасы өрге домалап тұрған шығар. Бірақ ол немелердің желі оңынан соғып, дәуірлеп тұр екен деп, бұл неге өзінің кешегі құлақкесті құлының алдында құлдық ұрады? Сонша неге елбектейді? Әлдебіреу арқылы айтқан сәлеміне қолқ етіп, оп-оңай түсе қалғанына жол болсын? Жылқы керек болса, өтінішін сәлемші арқылы жолдамай, өз аяғынан келіп неге сұрамайды? Осыны ойлаған сайын жас мырзаның зығыры қайнап, өлердей қорланған еді. Бәрінен бұрын, ендігі жерде олар ойына не келсе соны істемек. Бүгін ықтияр-еркіңмен сұрап алса, ертең қораңа баса-көктеп кіріп, жиған-терген малыңды бұйдасынан тізіп өкетеді. Сонда не істейсің? Қай тереге барып шағынасың? Қай биге жүгінесің?
Ел ішінің тірлігінен түңілген мырза, үйге сыймай, сол жолы Еламан кеткесін беті қатты заманның сыңайын байқап қайтқысы кеп Шалқарға барып еді; кейін сонысына өкінді. Жабырқау жаны бұрынғыдан бетер пөс болып, елге жүдеп қайтты. Бұрын Шалқарға қанша барса да, осы шаһардағы көк жал үйлердің төрінде төбесімен көк тірегендей боп отыратын алтын иық шенеуніктер дейсің бе, ояз начальнигі дейсің бе, бөрінің төрін кешіп шығатын. Соттың да, ояздың да — бәрінің есігі бұған ашық, құдды өз үйіне кіргендей төрін кешіп аралап шығатын-ды. Бұл жолы, апыр-ай, бір есікке бас сұға алмады-ау. Бұрынғы өзі білетін сары ала иық төрелер отыратын орында бұл білмейтін, бұған беймағлұм, жат-жабдан біреулер үсті-басын былғарылап, айқыш-ұйқыш қару асынып, мұздай боп құрсанып апты. Олардың үстіне батып кіре алмағасын мына сұм заманның жайын бір білсе Темірке білер деп, татар байына барып еді. Ол байғұста да ес-түс қалмапты; бұрын да жағына пышақ жанығандай шүңірек көз, шүлдірлек татар байының екі ұрты сұғылып кеткен. Құлағы қалқиып, кішкентай тышқан көз ін түбіне кіріп кетіпті. Бұны көргеннен-ақ қос қолын сілкілеп, зарлап қоя берді: «И-и, Алла, Алла-қайым, минен ишнәрсе сұрама, сұрама. Заман бұзылды, вит. Бұзылды, бұзылды!»
Иә, сол жолы бұның қаладан көңілі пәс боп қайтып еді. Сонан бастап бұйығы тартып, бір ауыр зіл еңсесін көтертпей, өзге түгіл өзінің отбасындағы жандардың да жүзін көргісі келмеді. Ештеңеге зауқы шалпады. Ең арысы ауыл адамы — ағайын-тума үстіне келе қалса да, жылы бойына суық жел соққандай жиырыла қалатынды шығарды. Ал бұл ауылдың қысы-жазы үзілмейтін дағдылы қонақтарын бұрынғыдай дарқансытып жібермей, келімсек көптің ішінен бірлі-жарым абыройлы, ажарлыларын ғана қабылдады. Қалған қыдырманы софы ағасына жіберіп, осы биыл ол қарасұр бәйбіше үйінде оңашаланып жатып алды. Әйтеуір, сырт көзге сыр бермегенсіп бақты. Бірақ неғұрлым сұсын сыртына жиып сазарған сайын, солғұрлым іші алақұйын. Тәңірберген күрсінді.
— Мырза... Ояусың ба?
Тәңірберген үндемеді. Қарасұр бәйбіше қылымсып, ернін қырқыш тістеп алды да, қасында жатқан қатыгез күйеуіне имене қол созды.
— Әй!.. Бері... бері қарашы...
Өзіне қарай баурап тартпақ болған бәйбішенің қолында тоқтата алмаған діріл бар еді; әсіресе, оның тершіген алақаны денесіне тигенде Тәңірберген тыжырынып қалды. Қолын иығының басымен қағып жіберді. «Осы-ақ күйлеген қаншықтай қылымсып... Ой, әтеңе нағылет...»
Сықырлап есік ашылып, ішке малай қатын кірді. Аяғының ұшымен ақырын басып кеп, кереуеттің аяң жағында жатқан мырзаның етігін алды. Күндегі дағдысымен етікті ауызғы бөлмеге апарып тазалап әкеп, бұрынғы тұрған жеріне қойды да, артымен ығысып шығып кетті.
Тәңірберген от жаққа қарай аударылып түсті. Бірақ бұл жақта бұртиып жатқан қарасұр бәйбішені көрді де, үстіне жамылған торғын көрпені аяқ жаққа қарай серпіп жіберіп, атып түрегелді. Малай қатын жылтыратып тазалап қойған етікке аяғын сұғып жатты да, кенет өзінен-өзі мырс етті. Ызалы өңінде ащы мысқыл тұрып қалды. Жылы төсектен шыққан бойы сырттың салқынын жақтырмай, иығына жамылған жеңіл шапанның өңірін тез қаусырынып алды. Бай ауылдың малы өріске шығып кеткен. Сыртта тірі жан жоқ. Тек малай қатындар ішке отын кіргізіп, күл шығарын, осыдан қашан ел тегіс орынға отырғанша бітпейтін де қоймайтын өздерінің митыңдаған жігерсіз тірлігіне кірісіп кетіпті.
«Осы біз ештеңеге түсінбейтін кеще болдық па? Әлде заман түсініксіз боп бара ма? Жә, жарайды, соңыра теңдік алсын, теңелсін. Сонда мына құлдардың бәрі шетінен төре, мына күңдер шетінен ханша болғанда, ана қора толы малды кім бағады? Отты кім жағады? Күлді кім шығарады? Мен бе? Бәйбіше ме?» Тәңірберген тағы да мырс етті. Ызалы ұшқын лыпылдаған ашулы көзін оңы мен солына жылдам тастады. Ақбауыр құмына арқасын тірен отырған бай ауылдың бет алдында жалпақ қоңыр жал қашан көрсең жоны күдірейіп көлбеп жататын. Бұл шақта тықыр көк тебіндеп қалған сол қоңыр жалдың қыр арқасын көкжиектен жаңа шығып келе жатқан күн сәулесі шалып, басқа жерден ерте бозамықтана бастапты. Осы қырқаның бергі, көлеңке жақ етегінде әлі де бір жүлге аппақ қар жатыр.
Тәңірберген софы ағасының жас тоқалына арнап салған еңселі биік үйдің іргесін ықтап өтті. Есігі жабық. Терезесі түсірулі. Тұмсығын шабына тығып алған ала мойнақтар үй алдында бұйығып жатыр екен. Тұсынан өтіп бара жатқан Тәңірбергенге дорба ауыз, піл табан төбеттер елең етіп басын көтеріп ап, жанары қып-қызыл көздерін суық тастады. Бірақ үрген жоқ. Осы үйдің кеш боталаған сары інгені ғана үлкен қораның түп жағынан ыңырсыды. Күндіз қасында болса да, кешке қарай түйеші шалдың ауызғы бөлмесіне алатын. Қарақұлақтанып қалған ботасын іздеп мазасызданады-ау, жануар. Іштегі сезімді сыртына шығарып, тілмен айта алмағаны болмаса, осы жарықтың түйелер жас төлін іздеп күңіренгенде адамнан бетер.
Тәңірберген төбесін күн шалған қыр басына шыға бергенде, осы қырдың арғы жағынан екі салт атты тымақтарының төбесі шошаңдап енді-енді көтеріліп келеді екен. Бұл ауылдың күтіп отырған кісісі жоқ еді; кім болды екен деп ойлаған мырза мезгілсіз уақытта суыт жүріп келе жатқан мына жолаушыларға көзін тігіп қарады да, «Ой, Құдай-ай» деді Торшолақ баланы тақап келе бергенде танып.
О да қыр басында тұрған Тәңірбергенді таныған сияқты. Етекке көтеріле бергенде аттан түсті. Үсті-басын жөндеді. Қара кер атты тізгінінен жетелеп, қыр басына жаяу көтерілді. Қазіргідей жаны жүдеп жүргенде мына жігіттің ілтипаты кәдімгідей ішін жылытты; екеуі екі жақтан жамырап сәлем беріп, қос қолымен бұның қолын үсті-үстіне қысып жалпылдан жатқан жолаушыларға жас мырза рай берді.
— Сапар оң болсын!
— Әумин, Тәңір аға, бір асығыс шаруамен түн қатып келеміз...
— Е, не боп қалды?
— Жақсылық хабар әкеле жатырмын. Құдай көктен тілегенді жерден берді. Біздің де күніміз туды.
— Күн?.. Ту-ды?!
— Иә, Тәңірберген аға, күн туды. Ақтөбеге ақтың әскері келді.
— Ақ болғанда... ол қай ақ? Мықтаса атаман Дутов шығар? Оның өзі үйге бөксесін тығып үретін ит сияқты бейберекет маза алғаннан басқа бітірер дәнеңесі жоқ боп кетіп еді ғой?..
— Жо-жоқ, бұлар басқа. Адмирал Колчактың әскері. Көптігінен жер қайысады. Сібір солардың қолында. Қазір Орал тауынан асып, әрі қарай шабуылдап барады. Осы жаз, Құдай қаласа, Мәскеуді алып, бүкіл Ресейді болыпевиктерден тазартпақшы.
Тәңірберген сөйлеген сайын шолақ танауы желпілдеп бара жатқан Торшолақ балаға сенімсіздене қарады. Колчак жайында бұдан бұрын да біреулерден есіткені бар. Оған шет елдер қару-жарақты ағыл-тегіл төгіп жатыр екен деген лақапты осы ауылдың үстінен өткен-кеткендер айтатын. Дуасыз ауыздан шыққан сөз болған соң, жас мырза солардың бірде-біріне илана қоймаушы еді. Ел арасының шұлғаудай шұбалып жүретін әлгі бір сүйретіле сөзінің бірі болар деп ойлайтын.
— Сен не деп тұрсың осы? — деп Тәңірберген енді Торшолақ балаға тіктеліп қарады.
— Тәңір аға, шын айтам. Ақтөбеге келген ақтардың әскерін өз көзіммен көрдім. Сол өңірдің игі жақсылары артынып-тартынып барып жатыр. Қолбасшысы Чернов деген генерал.
— Апырай, ә!
— Оны айтасыз ба, ақ патша тірі көрінеді.
— Ей, жарқыным, не деп тұрсың? Біздің күніміз батты деп жүр едік қой.
— Жоқ, Тәңір аға.
— Ал енді осыны мен де есіттім.
— Екатеринбургті алған Колчак әскері ақ патшаны да аман-есен босатыпты.
— Апырай, ә! Періштенің құлағына шалынғай!
— Сонан соң, Тәңір аға, тағы бір жаңалық...
— Жә, жарқыным, жақсылықты тым көбейтіп жібердің. Осыны бойға сіңіріп алсақ та осал болмас, — деп Тәңірберген күлді де, қонақтарды үйіне ертіп әкелді. Көзді ашып-жұмғанша қой сойылды. Қазан көтерілді. Осындайда бай ауылдың кісі ойын қасы мен қабағынан аңғарып әбден машыңқтанған жас қатындары қонақтар беті-қолын жуып, төрге шығып отырам дегенше шай демдеп әкелді.
Шай үстінде Тәңірберген сөз қашыртпады. Көптен бергі өзінің жабырқау қалпын бұзбай, қонақтардың кесесін алып беріп «іш-же» деп отырған. Жұрт шайға қанып, дастархан жинала бергенде, бұл жүзін Торшолақ балаға бұрды. Шынтағының астына басқан жастыққа жантая берген Торшолақ бала мырзаның тіл қататын сыңайын байқап, жалма-жан атып тұрып, бойын тіктеп алды.
— Сен, осы жаңа «артынып-тартынып» дедің бе? — деді Тәңірберген.
— А?.. Иә, иә, рас, Тәңір аға... Жұрт артынып-тартынып барып жатыр.
— Олар кімдер?
— Игі жақсылар. Ана жағы Жем, Жайық бойы, мына жағы Ырғыз, Торғай өлкесінің игі жақсылары. Солар қазір Ақтөбеге жиналып, қазақ жеріне кірген ақтарды құттықтап жатыр.
— Құр сөз бе, жоқ әлде ақтарға көрсетіп жатқан басқа да көмектері бар ма?
— Бар, бар...
— Иә?
— Өздеріңдей игі жақсылар малдарын үйір-үйірімен айдап апарып жатыр. Ал татар байлары мен орыс байлары қаржы жиып дегендей...
— Е-е, адыл кіре бастады де! — деп Тәңірберген мырс етті де, тәкаппар сұлу жүзі қайтадан сұп-сұр боп сыздап ала қойды. Сонан кейін ол үндемеді. Шай ішілді. Ет желінді. Ұзақ жолдан шаршап келген қонақтарға төсек салынды. Ертеңіне жас мырза төсектен тұра сала шұғыл шаруа қамына кірісіп, өзіне қарасты ағайын-туманы жиып алды. Бірақ олардың ешқайсысымен ақылдасып жатпастан өзінің уысынан шығармай, айтқанын үнсіз тыңдап үйренген ағайын-тумаға үйлеріңді жық, жайлауға көшеміз деп бұл жолы да шешімі мен кесімін бір-ақ айтты. Аспанның ала бұлттанып тұрған жайсыздығына қарамастан, жас мырзадан әмір алған мал-жанды ауыл сол күні ұбап-шұбап кешіп еді. Тәңірберген тағы да бір жанға ақылдаспастан, сенімді екі жігітті ел орынға тегіс отырған кезде, Ақтөбеге аттандырып жіберді. Астарында қыстан қоңды шыққан бір-бір мықты ат. Жетекке алған бір-бір қосары тағы бар. Екі жігітті ауыл шетіне шығарып салып тұрып, жас мырза оларға: «Атты аямаңдар. Зорығып өлсе орнын толтырам. Мына Торшолақ бала тым тасыртып жіберді. Соның сөзінің түбін тексеріп, расы қайсы, өтірігі қайсы, анықтап қайтыңдар!» деп әмір етті.
Торшолақ бала жайлауда отырған жалпақ елді аралап кетті. Мұнда келгендегі мақсатын ашып айтпап еді, бірақ ел аралап жүрген жігіттің соңынан көз тігіп отырған Тәңірберген оның әр қадамын біліп отырды. Бұнан аттанған күні Торшолақ бала түбектегі ауылдың игі жақсыларын тегіс жиып апты. Осы өңірдің бетке шығар ақсақал-қарасақалдарының басын қосып отырып, оларға Чернов деген генералдың көп әскермен қазақ жеріне кіргенін айтыпты. Дінсіз кәпірлерге қарсы күресетін күн туды деп исі мұсылманның аруағын қоздырып біраз тебірентіп апты да, сөзінің соңын өзінің шаруасына сайыпты. Қызылдарға қарсы күресу үшін Алашорда партиясы жер-жер- ден жігіт жинап жатыр. Пайғамбардың жасыл туы астына алаш әскерін топтан, кәпірде кеткен есеміз, аяққа басылған ар-намысымыз үшін, қорланған дініміз үшін ғазауат соғысын ашамыз. Соған ат, қару-жарақ, киім-кешек керек деп, ел арасынан жылу жинап жатқан көрінеді. Әншейінде басы бірікпейтін байлар, билер, атқамінерлер осы жолы Торшолақ баланың сөзіне иланып, үйір-үйір қойлармен бірге ірі қараларды да тұмсығынан тізіп беріпті. Ақша да аз жиналмаған сияқты.
Тәңірберген мұртынан күліп жатыр. Аты Алашордаға деп жиналса да, бұның бәрі келешекте Торшолақ баланың қалтасына түсетін тегін олжа. Қашанда ит пен құсқа жем болған қазақ сорлының малы келешекте де талай алаяқтың жетегінде кетпес деймісің?!
Жары айдың жүзі ауа бергенде Ақтөбеге жіберген екі жігіт оралды. Тәңірберген үстіне бір жанды кіргізбей, олармен оңаша отырып сөйлесті. Мырзаның әдетте көмпілдеткен қоспа сөзді сүймейтініне сырмінез жігіттер оған өз көзімен көргендерін ғана айтты. «Колчак әскері Ақтөбені алды деген бекер. Бірақ, оның есесіне, Чернов деген Колчак генералының жер қайысқан көп әскері Орскіні алып, ендігі сұғын Ақтөбеге қадап, қазақ жеріне қалыңдап кіріп келе жатқаны рас», — деді.
Осы күннің кешіне Тәңірбергеннің үйіне Торшолқ бала кеп түсті. Жас мырза бұл жолы оған рай берген жоқ. Қонақасылары да анадағыдай ажарлы болмады. Ертеңіне жас мырза күндегіден гөрі ерте тұрды. Шай-су ішкен соң сыртқа шығып, атқосшы жігітке әмір берді. Ол Тәңірбергеннің айтуы бойынша өрісте жүрген жылқы ішінен жүз атты іріктеп әкеп, ауыл шетіне иіріп тастады. Қыстай мінілмеген ақ арғымаққа күміс ер-тұрман салды. Ал арғымақты бір қосшы жігіт қосарына алды. Туған-туыс- қандардың бірде-біріне тіс жарып түк айтпаған Тәңірберген тек бәйбішесін оңашалап отырып, «бір ай шамасында оралармын» деді де, қасына он шақты жігіт ертіп жүріп кетті.
Мырза жүрер алдында Торшолақ баланы үй сыртына алып шығып:
— Ақтөбеге барам, — деді.
— Сапарыңыз оң болсын, Тәңір аға!
— Әуелі байқап көрем. Сен айтқандай мына Колчак генералы қолынан іс келетін кісі болса, өзге жұртты білмеймін, ал өз басым қорадағы малымды тұмсығынан тізіп берем.
— Тәңір аға-ай... Шерт побери, қазақтың игі жақсыларының бәрі сіздей болса...
— Жә, жетті! Кәне, сен енді өз жөніңді ұқтыршы. Бұнда не істемексің?
Торшолақ бала қипалқтап қалды. Іле-шала ол өзінше жөн тапқан болып, қазақ жеріне кірген Колчак әскері жөнінде халық арасында үгіт-насихат жүргізем деді. Тәңірбергеннің салқын қабақ астынан сенімсіздене қарап тұрғанын байқап, Торшолақ бала ер батқан аттай қипақтап кетті. Қысылғанда көзін қайда қашырарын білмей:
— Мырза, — деді күлімсіреп, — ініңіздің жайын есіттіңіз бе?
Тәңірберген тіксініп қалды. Тірі жанға тіс жарып айтпаса да, шынында да, Жасағанберген жайы осы күндері бұның өзін де қатты ойландырып жүр еді.
— Жасанжан шіріген жұмыртқа болды. Қызылдар жағына шығып кетті, — деді Торшолақ бала.
«Е, қайда жүрсе де аман жүрсе болғаны» деп ойлады мырза. Осыдан кейін ол Торшолақ бала жетелеген әңгімеге аяқ баспады. Жасағанбергеннің ешкіммен ақылдаспастан қызылдар жағына өтіп кеткенін естіген. Көп ұзамай інісінің Ташкент теміржолшыларының қарулы жасағына командир болып тағайындалғанынан да хабардар еді. Ол бірақ інісінің бұл жолға не біліп түскенінен бейхабар. Жөнін ұқтырмайтын жаңа заманның бұ да өзі біле бермейтін бір қылығы болар деп ойлап қойған-ды. Сәл үнсіздіктен кейін жас мырза:
— Тіл білесің. Бізбен бірге жүрсейші, — деп жабысты.
— Әрине... сізбен барған... Сізбен жүруге өзім де құштармын ғой. Тек, қайдан білейін... Сыртта ұзақ жүріп, туған жерді сағынып дегендей...
— Е, дегендей. Мауқыңды бас, — деді де, мырза атын тебініп, ілгері ұзап кеткен жігіттердің соңынан желе жөнелді.
***
Балалы әйелдің ұйқысы сергек; ал қойнына жігіт алған келіншектің сергектігіне, тіпті жан тең келмейтін еді. Көктем таңы тақау қалғанын байқаған Торшолақ бала түнімен иығына басын салып ұйықтап жатқан келіншектің төсегінен білдірмей кеткісі келсе де, бірақ Алдаберген софының ақ тоқалы оянып кетті. Тақ алдындағы тәтті ұйқыдан талмаусыраған келіншек аузын алақанымен басып есінеді. Көктем иісін үй ішінен де анық сезіп, «көз ұйқыда, көңіл мас» қозғалмай жатыр. Түндігі түсірулі. Үй іші тастай қараңғы. Есік жабық. Тым-тырыс үй ішінде біреу биік кереуеттен ысылдап-пысылдап түсе берді. Келіншек көзін ашқан жоқ.
— Кетіп барасың ба?
— Ие-е...
— Неге асықтың?
— Өзің білесің ғой. Таң...
— Келші.
Жігіт ізінше кері қайтып, биік кереуетте жатқан әйелге созылып, ернімен ернін іздей бергенде жұп-жұмыр білек мойнына оратыла кетті. Жігіт те салған жерден жыланша сығып ала жөнелген білек пен ыстың құшақта тұншығып өлуге пейіл болғандай. Түк қабақ шытпастан қайта уыздай жас әйел түнеп шыққан төсектің жұпар иісіне тағы да тұтқындалып, әлдебір тәтті у әп-сәтте қанға тарап, бойын баурап әкетіп бара жатты. Торшолақ бала басын сілкіп қалды. Таңның таяу екенін айтып, ыстық құшақтан әрең босады. Қараңғыда қалай жүрерін білмей тұрды да, кенет керегені жағалап, есікке қарай қозғалды. Киіз есікті жамылып тұрып, сыртқа басып шығарып, айналаға көз тастап еді, таң алдындағы дала жым-жырт. Қыбыр еткен тірі жан көзге түспеген соң аяғын мысықша басып, үй сыртын бетке алып ұзай берді. Шеткі үйден қорыл шықты. Жүрегі орнына түскен жігіт енді асықпады, түн салқынын бойына тартып балбырап тұрған дала шөбін аяғымен ақырын сипай басып, ауыл шетіне ұзап шықты.
Маңайда дыбыс жоқ. Жан-жануар уыз ұйқы құшағында рахатқа шомып кеткен. Күн шығар алдындағы аспан бұрынғыдан да гөрі қашықтай түсіпті. Төбе басына шыққасын Торшолақ бала арт жағына бұрылып, кең жазыққа көсіле қонған бай ауылды бір шолып өтті. Көкке тойған малдар өріске шығуға асығатын емес. Сиырлар бұзауларын көгендеген желі басында бір бүйірін жастанып, бейжай күйіс қайырады. Жақында жұрт ауыстырып қонған тепсеңнен бұл атын біле бермейтін алуан түрлі дала шөбінің иісі төбе басына да таңғы салқынмен таласа жетіпті. Жас жігіт солардың ішінен көк майқара жусан иісін анық айырып, кеудесін кере дем алды. Жұлдыздар бір-бірлеп сөніп біткен. Аспан әлгіден де гөрі ақшыл тартып, алыс-жақын дидарын беріп анық таныла бастап еді, ауыл артындағы шілікті жыра бойынан шегіртке шырылдады. Іле-шала бұның нақ қасынан, қол созымдай жердегі әнебір ақ шидің түбінен басқа бір шегіртке шырылдап, таң сәріде бір-біріне дыбыс беріп, бұл пақырлар да өздерінің тірлігін білдіріп жатыр. Жаңа ғана келіншектің қойнынан шыққан жас жігіттің алаулаған ыстық денесі таң самалынан рахат ләззат алып, тұла бойы сергіп сала берді. Кенет ол шапшаң қимылмен қақпа шекпенді иығынан сыпырып тастады да, таң сәрідегі шыққа малшынған салқын көкке бауырын төсеп жата кетті. «Асығатын не бар?» деп ойлады. «Бәсе, не бар? Азар болса бір күн кеш барармын». Ойда жоқта осы ақылдың басына келгеніне қуанып, ақырын езу тартты.
Әсте, бүлінер іске адамның өзі басшы болады: егер ол бүгін ел аралап, шаруасын шаруалап кеткенде қасқыр да тоқ, қой да аман болар еді. Таң самалында көк майқара жусанға бір аунап тұрған жігіт бүгінгі татқан ләззатын осымен тыйып тастағысы келмеді. Ел аралап қыдырып жүрген софыны бүгін-ертең орала қоймас деп ойлап, тағы бір күнге ерулеп қалды. Дәл сол арада, ауыл-үйдің өсегі ұры иттей сұғанақ екені басына да келмеді. Ұры иттей сұғанақ өсекті сол күннің ертеңіне ошақ басына от алуға келген қатын өзімен бірге ала келді. Әлгі сұғанақ өсекті сықылдаған сумақай қатындар желі басында шұрқырасқанда, суға барғанда, тезек тергенде бірінің аузынан бірі қағып алып, аяқ жетер жерге асырып жатты. Ең арысы туған-туысқанын жағалап төркіндеп жүрген қатын екеш қатын да өзінің қонған, түстенген үйіне шала тастап бықсытып жатты. Сол бықсықты әр ауылдың әр қатыны бір-бір үрлеп, ақыры ол ғаламат өртке айналып, кесапаты кеселдіге тиіп, біреу өледі, не мертігеді. Торшолақ бала мен ақ тоқалдың өсегі де ел ішіне әлдеқашан әйгіленіп, гу-гулеп жатқан-ды. Ол екеуінің ашына екенін бес жасар бала да білді. Бүкіл өңір білген өсекті тек бұлар сезбеді. Сондықтан бұл екеуінің ендігі ісі соқыр кісінің ұрлығындай болып бара жатты. Жігіт пен келіншек неғұрлым басқан ізін білдірмеуге тырысқан сайын, солғұрлым айнала төңірек бәрін көріп, бәрін біліп, сыртынан беттеріне түкіріп отырды. Бірсыпыра жұрт:
— Кәрі шалға тиген қыршын жаста не сын бар?.. Белінің күші, бетінің ажары тұрғанда теңін іздейді де, пақыр. Төрде жатқан қонақ от жағынан қол салып, көрпе астында қол қысса да жас кеуіл бір өсіп, жапырағын жайып марқайып қалмай ма? — деп ақ тоқалдың жеңіл жүрісін салауат көрсе, қайсыбірі мына жақта кәрі софыны жерлейді:
— Қызыл иек шалдың қызымен жасты қызға үйленгенін айтам-ау! Ол қақбастың өзіне де сол керек! — деп кәрі софыны табалады.
— О, сормаңдай! — деп, басқа біреулер Торшолаң баланы тілдеді.
— Ол сормаңдайдың жүріп-жүріп кеп, ақыры салпы етек сайқалға тап болғанын қарасайшы.
— Беу, алда-ай! Осы ауылда не көп, қыз көп емес пе? Көшкен ауылдың жұртында қыз ұмыт қалып жатқан жоқ па?
— Құрысын! Адам азайын десе қойсайшы. Қайдағы бір сайқалдың етегіне шырмалып, бұл пақырдың басына сонша не күн туды екен?..
— Әй, Құдай-ай! Біреудің қаңсығы біреуге таңсық емес пе?! Еркек шіркіннің қай оңғаны бар?.. Әйтпесе, сақалы тер сасыған кәрі софы жайлап кеткен жұртта не қасиет қалды дейсің?! — деп алып ңқштысы көп ел іші гу-гулеп, ду-дулап жатты.
Осы сыпсың кәрі софының құлағына шалынғалы әлдеқашан. Көптен бері ел арасында шұбатылып жүрген сүйретпе сөзді естісе де, ескермеген боп ішінен тынып жүрген-ді. Көрші ауылдан күндіз қонақасын жеп алған софы алдын кештете атқа қонды. Ел жатар кезде ауыл шетіне тоқтады. Көгі қалың сай бойына атын тұсап жіберді де, үн-түнсіз үйіне кеп төсегіне жатып алды. Тоқалын тысқа шығармай, ірге жағына алып жатты. Бұдан мүлде бейхабар Торшолақ бала кейінгі күндері өзі дәнігіп алған машықпен бүгін де ел тегіс ұйқыға кеткенде тысқа шықты. Бүл ауылдың иті оған үйренген. Тайыншадай төбеттер үй іргесінен атып тұрып тарпа бас салатындай қасына жетіп барса да, бұлтиып қарны шыға бастаған таңды мұрын Торшолақты көреді де, «сырттан келген бейсауат біреу ме десек, тәйірі сен екенсің ғой» дегендей, құйрығын бұлғап қала берді. Торшолақ бала ішке кірер алдында әуелі үйдің іргесіне жабысып тұрып жан-жағына көз тастады. Тыста тірі жан жоқ. Тек бұлт арасынан жылт етіп шыға келген жарты айдың қиын шетіне қарап, көктен де өзімен ұрлықтас біреу табылғанына мәз болғандай: жымиып күлімсіреді де, сып беріп ішке кірді. Түндігі түсірулі үй тастай қараңғы болса да, кейінгі кездегі үйреншікті машықпен әуелі есік алдында тұрып, қараңғыға көзін үйретіп алды.
— Қайдасың? — деді ақырын.
Кәрі софы тоқалдың аузын алақанымен баса қалды. « Үндемесең үндеме. Қазір, бәле биік кереуетке қарай қозғалды. Қос қолын солай қарай созып, аяғын мысықша басып келеді. Келіншектің ысты құшағын аңсаған жігіт сол күні ел жатқанша сыртқа бір шығып, бір кіріп, күнді батыра алмай қойған-ды. Жас тоқал жатқан кереуетке қарай бет қойғанда жүрегі қатты - дүрсілдеп кетті. Қыз көрпесін алғаш рет ашқалы тұрған бала жігіттей тағат-сабыры таусылып, бар тілегі, бар жаны, бар-бар аңсары мен лүп-лүп соққан жүрек те ынтықтырып, ілгері созған қолының саусағы жібек шымылдыққа жаңа-жаңа тие беріп еді, арғы жағынан біреу білегінен шап беріп ұстай алды. Торшолақ бала бұлқынып еді... бірақ мынау болар бейбақ емес, әлдекімнің күмпиген жүн-жүн жуан саусақтары бұның қолының сүйегін сырқыратып сығып барады. Сөйткенше болмай:
— Әй, қатын... Түр, шам жақ! — деп бұйырды.
Малы қолына тиген софы асықпады. Құйрығымен сырғып төсектен түсті. Үйіне ұрланып келген кісіден кімсің деп жөн сұраған жоқ. Ұрысқан да жоқ. Оны жас баладай, әр саусағы бақандай жүн-жүн қолымен көйлегінің омырауын уысын толтыра сығымдап ұстады да, төсектен әлі тұра қоймаған тоқалына бұрылды. Ертеден бері бос сақтап жүрген екінші қолымен көрпе астында үні өшіп бүрісіп жатқан тоқалды бір жұлқып, төсектен жалп еткізді:
— Шамды жақ дедім ғой!
Софы шам жаққасын да асықпады. Қазіргі түрі дәл бір қанды қол қасапшы сияқты, қолға алған ісін бар кәдесімен асықпай-саспай бабына келтіріп істегісі келгендей. Торшолақ балаға елі тіл қатқан жоқ; түріне де көз салып қарамады. Кісі назар аударуға тұрмайтын әншейін бірдеңедей, өзі барған жаққа оны да дырылдатып сүйреп апарып жүр. Оны әлгінде алқымынан қылғындырып ұстаған еді; қарулы қолдың манжамды мол шеңгелі сонан енді қайтып жазылмады. Оны бұйым құрлы көрмей, өзімен бірге сүйретіп жүріп есікті іштен бекітіп алды. Сонан соң... тағы да оны өзімен бірге сүйретіп әкелді де, төсек үстінен бір-екі жастықты жерге құлатып, үстіне жайғасып отырып алды. Сонан соң ғана Торшолақ баланы түнде жатарда күлге көтін тығып қойған қара құманның дәл қасына дырылдатып әкеп, қарулы қолымен жағасынан бір басып нұқып қап, жалп еткізді. Шалдың жардай ірі денесінің қасында өзінің жас балаға ұқсап қалғанын көргенде Торшолақ бала тірліктен күдер үзді. Софы, тіпті, қызғаныш ішін өртеген ызалы кісі секілді емес, көкшулан сақал көкірегіне түскен жүндес бетте ашудың ізі жоқ. Өзінің әдетте намазға жығылар алдында жай қимылдайтын жайбарақат қалпы. Тек бір жастықты астына басып, жайланып отырғасын ғана көзі Торшолақ балаға түскенде зығырданы қайнап:
— Әй, сұмырай!.. — деді.
Торшолақ баланың бүйректей бұлтиған беті құдды қанға тойған қандаладай ісініп, көзінің алдындағы күлтілдеген етке көзілдірік батып кеткен. Кәрі софы оған жиіркенішпен қарады:
— Ә, пәруәрдігер! Бұл бәтшағардың бас-аяғы бір тұтам. Ал енді бұл бетбақтың айғырлығының қаттысын қайтерсің?!
— Ақса-қа-а-а-а...
— Әй, мына бетбақ не дейді?
— Қор-қор-ла...
— Қорлама дей ме, әй? Ал, қорлаймын.
— Тіл ти-гізбее...
— Ал, тіл тигізем, сонда не істейсің?
— Ша-ағынам...
— Ә, залым! Сазайыңды берейін... Сенен келген керді кейін көрермін.
Софы әлі де асығатын емес. Торшолак, баланы бір қолымен тапжылтпай басып отырған күйі ұратын жерді әуелі алдын ала белгілеп алды да, сосын шоқпардай жұдырықпен аспай-саспай әуелі оның басына, көзіне дәлдеп былш-былш ұра бастады. Ақ тоқал үнсіз. Үрейлі қара көзінде аяныш жасы дірілдеп, ернін қырқып тістеп алған. Алдаберген софы «бұл бәтшағардың енді қай жеріне ұрсам екен?» дегендей, Торшолақ баланың бас-аяғына көз тоқтатып тағы бір қарап алды. Оның шам сәулесімен жылтылдаған көзілдірігіне көзі түскенде бар пәле осыдан болғандай:
— Ә, бәтшағар!.. — деп быттиған бетке, сосын әйнектің ар жағынан бажбиған көзге қойып-қойып қалды. Шыны шатыр етті. Күлтілдеген көзінің алдындағы қалың еттен шып-шып қан шықты. Торшолақ бала көзі қарауытып, бір жағына қарай салмағы ауып құлап баратты. Софы оған да қараған жоқ, жүн-жүн жұдырықпен әлі де біраз төмпештеп, тек қолы ауырған бір кезде астына басып отырған аяғын сыртқа шығарып алды да, енді оны ішке-ішке тепкіледі. Әбден есінен танғасын жағасынан сүйреп, сыртқа шығарып, есік алдында жатқан ала мойнақтардың итаяғының жанына тастай салды. Сол күні Алдаберген софы ақ тоқалды да ауыл айналдыра қуып, қамшының астына алып, ертеңіне Кішіқұм бойындағы төркін жұртына апарып тастады.
***
Мырза бір топ жігітпен ілгері ұзап кетті. Жылқы айдағандар олардың қарасын бірде көрсе, бірде көрмей, көбіне көз жазып қалады. Ондайда көктем ылғалы дегди қоймаған аң кіршілдек құмда жосылып жатқан көп жылқының ізінен көз айырмайды.
Бұлар екінші күні қас қарая Шалқарға жақындады. Мидай жазық далада анда-санда бір ұшырасып қалатын тағы бір қыраңға көтерілгенде ілгергі жақтан құдды шайтан отындай жыпырлаған көп жарық жылтылдап қоя берді.
— Мынау Шалқар ғой, — деді біреу.
Жол тізгінін қолынан шығармай, өзі бастап әкеле жатқан мырза қалаға соқпай, сырт жолмен тура Ақтөбеге тартты. Бұндайда күндіз жатып, түнде жүретін өзінің ежелгі дағдысы бойынша осы жолы да ұзақ жолдың біразын түнгі салқынмен өндіріп алғысы келген-ді. Шетке шашау шығармай, бас-аяғын жинап айдаған жылқылар жиі пысқырып, түнгі даланы дүбірлетіп келе жатқан-ды. Таң алдындағы тәтті ұйқы қалжыратқан жігіттер тақымы босап, ат үстінде қалғи бастаған қамсыз кез еді; қалай болғанын байқамай қалды. Астарындағы ат төбеге ұрғандай тұра-тұра қалды. Бұлар бойын тіктегенше аузы-басын шүберекпен байлап алған әлдебіреулер ат тізгініне жармасып, мылтығын кезеп тұр екен. Бір сөзге келмей бұлардың қаруын тартып алды. Ә дегенде Тәңірберген жол тонаушы ұрылар екен деп ойлаған-ды. Енді байқаса жөні басқа. Ешқайда мойын бұрғызбай, тура қалаға тартты. Жол бойы тілге келмеді. Жүз жылқыны қол жағасындағы қамыс ішіне айдап кіргізді де, әлі сол тіс жарып, тіл қатпаған түсі суық кісілер бұларды жан-жағынан қаумалап ортаға алып, сыдыра шоқытып отырып қалаға кірді.
Тәңірберген үнсіз. Қасында көздері жаутаңдап өзіне жалтаң-жұлтаң қарап келе жатқан жігіттерге назар салмады. Көз қиығы мыналарда. Қару асынғаны болмаса, әскерше киінген бірде-бірі жоқ; көбі орыс; олардың арасындағы бір-жар қазақты таныма-ды. Тек аузы-басын шүберекпен байлап алған, жауырыны қақпақтай жөне біреуге «осы кім?» деп, онан назарын айырмай, қайта-қайта қарайды. Ол бірақ соңындағы үнсіз топтың алдында атты ауыздыққа керіп келеді. Басында шошаң шлем. Белінде қылыш. Бір бүйірінде қара құмандай наган. Үстіндегі шинель өзінікі емес, басқа біреудің иығынан ауысқан ба, қамшы ұстаған қолы сидиып, жұдырығы жеңінен шығып кете береді екен.
Қалаға кіргесін де бұлар жүрісін бәсеңдетпей, сыдырып отырып Теміркенің көк дүкенінен сәл әрегіректе қақпа алдында қарулы күзет тұрған үйдің ауласына кірді. Шошақ шлемді кісі аттан түсіп, тізгінді алдынан күтіп алған солдатқа тастай салды да, аузы-басын байлаған шүберекті алып еді, Тәңірбергеннің түсі бұзылып, құп-қу боп кетті. Осыған дейін ол: «кім де болсаң түбі бір тілдесерсің, кім екенімізді білгесін босатып жіберер» деген ойда онша апшысы қуырылмай, нығыз отырған-ды. «Итің қырын жүгіріп тұрған кез ғой. Қалай бассам да қадамым қатеге ұшырай берді-ау» деп ойлады да, бір жанға түсін бермей сазарып алды. Қора ішінде толып жүрген қарулы кісілерге де назар салмады.
— Қамаңдар мыналарды! — деді Еламан аттан түсіп жатып.
Дьяков сыртта жүр екен. Ол бұнан: «Көзге түскен жоқсыңдар ма?» — деп сұрады.
— Жоқ, — деді Еламан.
— Ішке барайық. Сөйлеселік.
Отряд командирінің кабинеті Мюльгаузен бардағыдан құттай да өзгермеген-ді. Салмақ түссе сыңыр етіп бір жамбасына қиқаң ете қалатын ескі орындықтар. Төрде қызыл мата жапқан стол.
— Қалай, жерлесіңмен сөйлестің бе? — деді Дьяков.
— Біздің сөзіміз баяғыда біткен...
— Бұларды қайтеміз?"
— Білмеймін. Өзің шеш.
— Маған бір ой келіп тұр. — Еламан енжар. Есіл-дерті төсегіне тезірек жетіп, көз іліндіріп алу.
— Колчактың әскері қазақ жеріне кірді. «Түстік Армия» деп аталатын мол күш. Естуімше аэропланы, танкісі бар. Қолбасы генерал Чернов. Колчактың ең талантты генералы, — деді Дьяков.
Еламан әңгіме беті басқа жаққа ауғанын байқады. Және мынау өзі жөндеп білмейтін тосын әңгіме болғасын ықылас қойып тыңдады.
— Бұлар атаман Дутов емес. Қырғын соғыс енді басталады. Соған әзірленуіміз керек.
— Әрине, қапы қалмау керек қой.
— Хан-Дауровпен сөйлестім. Сені генерал Черновқа жібер деп отыр. Бұған қалай қарайсың?
Еламан күлді.
— Күлме. Шын айтам. Бойың бар. Мұртың бар. Үстіңе оның киімін кисең, мырзаның нағыз өзі боласың да шығасың. Қасыңа өзіңнің отрядыңнан он шақты жігіт ал.
Еламан әлі де болса Дьяковтың ар жаң ойына көзін жеткізе алмай, әңгіме артын тосып отыр.
— Жерлесіңнің; жылқысын генерал Черновқа айдап апар, тарту ет. Қазақ жеріне келгеніңе қуаныштымыз де. Сеніміне кіргесін күш қарамын, қару-жарағын біл. Бізге сол қажет боп тұр.
Еламан Дьяковтан басқа бір жанға жөн-жосығын білдірмей, келесі күні түн жамылып, жолға шыққалы үзеңгіге аяқ салғалы тұрғанда қақпа аузындағы күзетші дауыстап, сыртта бір әйел күтіп түр деді. « Сол! Анық сол!» деді Еламан ішінен. Бүтіл қалада бұны білетін онан басқа әйел жоқ-ты.
Еламан жігіттерін алға оздырып жіберді де, күрең атты жетелеп қақпаға келді. Ақбала әкесінің ауырып қалғанын айтты.
— Алда пақыр-ай, — деді Еламан, — көп болып па, қашан ауырған екен?
— Білмедім.
— Сырқаты... қалай екен?
— Бұрын ауырмаған кісі ғой. Қатты жығылыпты. Елден қалашылар келген екен. Соларға ілесіп кетіп барам, — деді Ақбала.
Еламан бірдеңе деп міңгірледі. Не дегенін кейін өзі де есіне түсіре алмады. Ақбала тез қоштасты. Әдеттегідей кербез бойын қымсынбай ұстап, қараңғыға сіңіп, көзден ұзап барады. Қоштасар жерде күшпен іркіп қалған ызалы жас көзінен ырши жаздап кірпігіне ілініп тұр. «Неге келдім, — деді ол былай шыңқасын, — сені қайтсін?.. Сенің ауру әкеңді қайтсін?»
Кірешілер қала шетінде бұны тосып тұр екен. Ақбаланы жетекке бос алған жазылы түйеге отырғызды. «Иә, Құдай, жолымды оңғара гөр!» деді Ақбала ішінен.
Үнсіз көш ырғалақтап тартып кетті. Бірінің бұйдасын бірінің артына байлаған түйелер жалғыз аяқ жолға түсіп, тырнадай тізіліп келеді. Сонан түн ортасы ауар-аумаста Ұлықұмды қысқа мойыннан кесіп өтті. Жүк артқан түйелер сусылдақ құмға кіргесін аяқ алысы ауырлап, ыңыранып әрең қозғалып келеді. Ауру әкесін көзі тірісінде көре алмай қалам ба деп қорыққан Ақбала жол бойы мазасызданып, тынышы кете бастап еді, әлгіде таусылмастай көрінген салқар құмның шетіне шығуы мұң екен, керуен басы астындағы ақ ауыз атанды қынулап, жеделдетіп жүріп кетті. «Енді осыдан танбаса екен» деді Ақбала ішінен.
Қос үрей көңіл саябыр тапқасын бойын тіктеп, түйеге дұрысталып отырды да, төңірегіне көз салды. Елсіз түз жым-жырт. Қыр үстінің көңіл ашар қоңыр желі таң алдындағы дағдылы қоңыр салқынға ауысыпты. Шыт көйлекпен желең отырған Ақбала денесі тоңазығандай болғасын иығына шапан жамылды. Қай жаққа қараса да көзіне бұта түседі. Бірі жақын, бірі алыс. Кейде көз ұшында көп бұта шоғырланып, ай сәулесі астында андыздап, ел шетінде түнгі салқында жайылған қара-құра сияқтанады.
Керуенбасы алда. Қамшы салғызбай, елпілдеп келе жатқан жүрдек ақ ауыз атан үстінде тіп-тік боп қазықтай шаншылып алған. Ақбала оған да, оның астындағы ақ ауыз атанға да дән ырза. Түні бойы сабылған жүрісте бір сәт белі талып босаңсымаған беріктігіне таң қалады. Қалған қалашылар да үнсіз. Түйе үстінде ырғаң-ырғаң. Кенет ұзын көштің арт жағында келе жатқан біреу ән шырқап еді; әңгүдік түйелер үркектеп, жолдың қапталына шығып кетті. Ақбаланың ұйқысы шайдай ашылды. Мынау бұның жақсы көретін әні еді. Осы әнді өзі де жиі айтатын. Әсіресе, баяғы жас кезде көктем жылт етісімен ойды қыстаған ел қырға көшіп шыққанда қатар қонған екі-үш ауылдың жастары күнде-күнде бір қырдың астында бас қосып, таң атқанша асыр салып, алтыбақан теуіп тұрғанда бұл ылғи осы әнді айтатын. О, опасыз дүние! Бұл сонда ә дегенде дәл мына кіреші жігіттей, дәл бір басын ала қашқан асау аттай даусын барынша асқақтатып шырқаса да, бірақ сонан ары созбай, баяу ғана көмейімен қоңырлап:
Ой, қарғаш, сен қайтесің мен дегенде,
Боламын мен сергелдең сен дегенде, —
деп, ала-бөле осы бір жерге ерекше мән беріп айтатын. Бұл кінәласу емес. Бұнда реніш те, өкпе де жоқ. Тек сүйген жігітке әнмен жолдаған қыз назы ғана. Ақбала ешкімге сырын ашпаса да, құрбы қыздар бәрібір оның көңілі кімге бұрып тұрғанын білетін. Олардың білетінін Ақбаланың іші сезетін. Ол кезде бұл бірақ жас мырзаға жаны үздіккенін Құдайдан да, адамнан да жасырған емес-ті. Сөйткен кісі... Әй, құрсыншы... Кімді кінәлайсың?! Мен де оңып тұрмаған шығармын. Қашан қанаты күйгенше қараңғыда қаңғалақтап отқа түсе беретін есалаң көбелек болмадым ба?
Қалашылар бірі ілгері, бірі кейін, итініп-соғынып келеді. Күн шығар алдындағы салқын жел шұғыл қатайғасын Ақбала бетін ыққа бұрып, шапанның қос өңірін қаусырынып алды. Әннің тоқтап қалғанына қынжылып отыр еді, әлгі жігіт енді бұлар күтпеген тосын бір әнді аңырата жөнелді. Қайран, Әлима! Қатал әкенің қалауымен кәрі шалға қырық қараға сатылған қыздың қайдағы бір қарақалпақ жеріне көз асып бара жатып артында қалған ел-жұртымен қоштасатын зар. Ат жетпейтін, атан жетпейтін шалғай.
Удай ащы тырнақ Ақбаланың ішін тағы да осып-осып алды. Қалашы жігіт сарнатқан мына әндегі Әлима да Ақбаланың дәл өзіндей бағы ашылмаған мұңдық. Қыз зарының қай жерін басса да, Ақбаланың қасіретке толы көкірегі қарс айрылып, қай заманда қайдағы бір мұңдықпен қосыла аңырағандай. «Кезінде көл шайқаған Әлима едім...» Құрысын, айт, айтпа, адыра қалғыр дүние ит жыртқан қара терідей ырым-жырым. Кезінде қай қыз көл шайқамады?! Бір түйір жас мөлт етіп омырауына тамып кетті. Оны бірақ Ақбала білген де, сезген де жоқ.
Таңмен таласа қалашы көш шілікті сайға тоқтады. Түйе белінен жүк түсті. Ұйқы қалжыратқан кісілер сай бойының тықыр көгіне шекпенін жайып, жата-жата кетті. Сол бойда қор ете қалды. Жалғыз Ақбала көз ілмеді. Мына кісілердің айтуына қарағанда, әкесі бірден қатты жығылыпты. Және бір дегеннен Ақбаланы іздепті. Тез алғыз деп әмір беріпті. Ақбала жол бойы жүрегі сезген бір жамандықтан шошып келеді. Әшиінде қайтымы жоқ қатал әкенің осыған дейін түсін көрмек түгіл, от басында атын ауызға алғызбай қойған қызына ауырған бойда іздеу салғаны тегін бе?
Ақбала тез жиналды. Темір жол асханасында жұмыс істегеннен бері тірнектеп жиған азын-аулақ тиын-тебені болатын. Және өзімен бірге істейтін қатындар жолға шығар алдында бұған орталарынан ақша жинап берген-ді. Ақбала шай-шекер, көйлек-көншек алды. Көз ашқалы көні ағармаған әкенің мына заманда да қоң жия қоймағанын қатынаған кісілерден естіп жүретін.
Ұйқысы қанбаған қалашылар тұрғысы келмесе де, Ақбала олардың бәрін қоярда-қоймай жұлқылап оятты. Қара шәйнекке шай демдеп, қаладан алып шыққан ас-суын алдарына қойды. Тең-тең жүкті түйелерге тез-тез артып, күн ысымай тұрғанда ертеңгі салқынмен жүріп кетті. Әл үстінде жатқан әкені көзі тірісінде көргенше асығып, жол бойы бір тілек үстінде сарылып ойлады да отырды. Сонан бұлар ұзақ жолдың үшінші күніне қарағанда осы өңірді жайлайтын елдің баяғыда Бөбекті ұзататын жұртында отырған Сүйеу қарттың ауылының шетіне ілікті. Кедей ауылдың азғантай қойы бір төбе астындағы тепсеңде ауызға әзер-әзер іліккен қырбың көкті қуалап жайылып жүр екен.
Ақбала қойшы баладан әкесінің әзір ақыл-есі дұрыс, көңілін сұрай келген кісілерді танитын халі барын білді.
***
Сүйеу қарт түндігі түсірулі үйдің төрінде жер төсекте басының астына биіктен салған жастықта жүзі жоғары қарап шалқалап жатқан-ды. Ол ауырғалы бұл үйге кірген-шыққанның бәрі дыбыс шығармай, аяғын ұшынан басып жүретін.
Енді міне... Әлдебіреу ауру баққан үйдің дағдылы тыныштығын бұзып, қосетек көйлектің етегі дүркіреп сүріне-қабына кіріп келе жатты. Биік жастықта танауы қатты қусырылып, екі иінінен ентіге дем алып жатқан ауру қарт тынысын кілт үзіп, демін ішіне тартып ала қойды.
Көкірек тұсы қатты шаншып кетті. Көзін ашпаса да, сүріне-қабына кіріп келе жатқан мынау басқа ешкім де емес, өзі төсек тартып жатқалы көзі тірі тұрғанда дидарын бір көруге зар боп ішінен үнсіз сарылып күткен... жан дегенде жалғыз қызы... Ақбаласы екенін білді. Аппақ сақалы шошаңдап, иегі кемсеңдеп бара жатты. Басын жастықтан көтерейін деп еді, оған бірақ көкірегі сырылдап, кеудесі қысылып бара жатты да, ақ кірпігін серпіп қағып-қағып қалды.
Ақбала ішке асығыс кірсе де, әке көзіне көзі түсті де, бөгеліп қалды. Табалдырықтан аттаған аяғын ілгері басарын да, баспасын да білмей, жіпсіз байланып тұрып, әкенің әнтек серпіп лып-лып қаққан аппақ ақ кірпігін көрді. Сосын еті сылынған қу сүйек бетте жотасы шыққан қырғыштай мұрнын көрді. Ал кемсең-кемсең еткенін көргенде Ақбала осы қазір ғана бетін өртеп тұрған өз ұяты есінен тарс шығып, аяғын асыға басып, әкенің басы астындағы жастыққа жете бере жүрелеп отыра қалды. Екеуі де үнсіз. Ақбаланың соңынан ілесе кірген ауыл адамдары ілгері озуға бата алмай, есік алдында тұрып қалған-ды. Осы ауылға келін боп түскелі артынан төркін жұрты қатынамай, ата-анасын сағынып, көкірегі құсаланып жүрген жас келіншектер мен көңілшек кәрі-құртаң қатындар әлден көңілі босап, жаулық шетімен ауыздарын басып тұр. Кейінгі жақтан бір қатын кеудесін кере күрсініп: «Аһ, қайтейін!» — деп қалды.
Сүйеу қарт күйіп-жанып жатқан ыстық алақанымен қызының қолын тас қып қысып алған. Ақбала жасын тыя алмай солқылдап бара жатқасын Сүйеу қарт жұбатқысы кеп еді, оған бірақ дәл осы арада оның өзін де өксік қысып, демі жетпей бара жатқасын дыбысын шығармай тістеніп ала қойды. Қызының қолын жібермей, асты-үстін сипап отырып, алақанына мүйіз айналғанын байқағанда жүрегі құрғыры сыздап қоя берді. «Айналайын-ай, саған да о жақта оңай боп жүрген жоқ екен ғой» деп ойлады да, сәлден соң:
— Бар... бар, шешеңе бара ғой, — деді.
Сырқат шалдың қалауы бойынша сол күні келім-кетімге тыйым салынды. Алыстан әдейі келген бастастары болмаса, қалған жұрт сырқат шалдың хал-жайын сырттан біліп жүр. Қызы келгесін екі күн беті бермен қарағандай боп еді, үшінші күні қайта жығылды. Қасына Ақбала келгенде ғана көзін ашады. Қалған уақытта басының астын бүктетіп, іргеге қарай аударылып жатады. Сырқат жанына қанша батса да, дыбысын шығармайды. Ондайда есіктен бас сұққан кісілер көзі ілініп кеткен екен деп, ішке кірмей, ізінше кері қайтады. Әкесінің қиналып жатқанын күндіз-түні тырп етпей қасында күзетіп отырған Ақбала ғана оның ара-тұра тісін қышыр-қышыр қайрағанына қарап біледі. Сол күннің ертеңіне тағы да сырқаттың беті бермен қарады. Түнімен көз ілмеген Ақбала таң атып, үй іші сәулелене бастағанда әкесінің басы астындағы жастықтың шетіне қисайып еді, қанша ұйықтағаны белгісіз, бір кезде көзін ашса біреулер даусын көтермей күбірлескендей болды. Әкесі де басын көтеріпті. Үстіндегі көрпенің бір шалғайымен Ақбаланы жауып тастапты.
Сүйеу қарт:
— Арманым жоқ. Ақбалам келді. Енді міне, Алланың аманатын өзіне тапсырғалы... — дей түсті де, тоқтап қалды. Бүйірінің бір түкпірінде жатқан сырдың шетін шығарып шешіліп бара жатқанын байқап, соған шамырқанғандай суық зәрін сыртына жайып, лезде тастүйін боп қатайып ала қойды. Ақбала «тәуір боп кетер» деп ойлады. Елге келгеннен бері өзі жақсы білетін әкесінің бірінші рет осы жолы, тап осы қазір ғана әдеттегі көкбет қайсарлығына қайта мінген қиқарлығын байқаған еді.
***
Еламандар араға үш қонып, төртінші күні түсте Ақтөбеге жетті. Ақтар әлі Ақтөбеге кірмепті. Осы тұрғанда оны қорғайтын қызылдарда әскер дейтіндей әскер де қалмаған-ды. Ал қала маңындағы барлы-жоқты әскер құрамалары өткен ұрыстардан қатары селдіреп, басқаны қойғанда, тіпті, қолына қару ұстауға жарайтындардың өзі сарт-сұрт солдат өмірінен аң иық боп титығы құрыған. Осындағы басшылар жау хабарын есіткесін жанталасып жүріп теміржолшылардан құрған жұмысшы жасағын қаруландыра алмай жатқан көрінеді. Ал бұндағы полк, дивизияларда қару-жарақ жетіспейді. Оқ-дәрі де тақ-тұқ, аз.
Бұлардың басындағы қиындықты Еламан жолға шығар алдында Дьяковтың өз аузынан есіткен-ді. Енді қазір өз көзімен көріп келеді. Қаланы қорғаудан гөрі қаланы қайткенде есебін тауып тезірек тастап қашуға әзірленіп, абыр-сабыр боп жатыр екен. Еламанда ешкімнің ісі болған жоқ. Сонда да болса, сақтық ойлаған Еламан көзге түспеуге тырысты. Қалаға жақындамай, алыстан айналып, көбіне елсіз далалықпен түнделете жүріп отырып, Оңтүстік Армияның үнемі ілгері оздырып, алдына салып отыратын шолғыншылар отрядына кездесті. Олардан кейін кездескендер де бұларды жиі-жиі тоқтатып, әрқайсысы бір тексеріп, зықысы кетті. Атаман Дутовтың атты казактары бұлардың жылқысына көз алартып, тартып алуға аз-ақ қалды. Еламан шені жоғары бір офицерге өздерін таныстырып, мына жылқыларды Колчактың әскеріне тарту ғып сыйға әкеле жатқанын айтып, қасына жолбасшы біреуді қосып алды.
Еламан жол бойы көрген-білгендерін көкірегіне түйіп келеді. Қазақ жеріне кірген жер қайысқан ауыр қолдың негізгі салмағы әлі де кейінде жатқан-ды. Шынында да, келесі күні түс ауып, бұлар Оңтүстік Армияның штабына жеткенше жолмен де, жолсызбен де ағылған қарақұрым қолдың негізгі дені атты әскерлер. Бір полктен кейін бір полк лек-лек боп жуық арада етіп болмаған атты әскерлердің соңынан іле-шала атаман Дутовтың атты казактары ұзын найзалары сонадайдан зәре ұшырып, мың сан тұяқтан ұшқан шаң арасынан қылтылдап, қара жерді дүбірлетіп келе жатты.
— Ел-аға... Ел-аға, — деп Әли аблыға дауыстап, атын қатарластыра берді. Еламан оған жалт етіп, түсін суыта қарап:
— Есіңде болсын, ендігі жерде мені не Тәңірберген, не мырза де. Қалған жігіттерге де соны ескерт, — деді ақырын, тек екеуі ғана есітетіндей ғып сыбырлап.
— Кеш-ір-р... Тілім бармайды соның атын атауға.
— Қайтесің, барғыз.
— Мақұл, Тәңірберген мырза. Мыналарды көрдің бе, кеше Жемде біздің астықшыларымызды...
— Жә, болды.
Аралары үзілмей, күн-күн, түн-түн ағылып жатқан осыншама әскердің соңғы жағын ала қару-жарақ, оқ-дәрі тиеген ат арбалар, снаряд артқан түйелер, пулемет орнатқан тачанкілермен бірге аралас-құралас. броневиктер өтті. Енді біткен болар дегенде сонадайдан нар түйедей зіңкиген алты дюймды ағылшын зеңбіректерінің жотасы көрінді.
— Ел.. Аа, кешір, Тәңірберген мырза, — деп Әли тағы да үзеңгі қағысып қатарласа берді, — мыналар... апырмай, түрі жаман екен.
Еламан үндемеді. Бұ да суық үрей жүрегіне шауып, қатты шошынып келе жатқан-ды. Бір жақсысы, әйтеуір, қазақ даласы кең, ертең мына қарақұрым әскер топан судай қаптап бергенде бұлар тиіп-қашып, қаша ұрыс салып бірдеңе қылмаса, қасарысып тұрып табан тіреп соғысу қиын боларын білді. Қалай да күні ертең бұлармен бірме-бір жағаласады. Со бір жан алып, жан беретін қызыл қырғында жағаласқан жауыңның күш қарамын біліп, өзінің де алдын ала қамданып әзір тұрғаның дұрыс екеніне көзі жетіп еді. «Апырмай, — деді Еламан ішінен, — жарты өмірін Сібірдің шахтасында өткізген көксау комиссарды соғыстан хабарсыз, мақұрым көретін. Сөйтсе, көрдің бе, жеті қат жер астында жатып бәрін ішіне түйіп, оқып-тоқып шыққандай».
Түстік Армия штабы қазақ жеріне Орталық Ресейден ерте заманда кеп қоныстанған орыстардың поселкесіне тоқтаған екен. Еламандар әкелген жылқыларды қабылдап алғасын бұларды штабтан аулағырақта оқшау тұрған үйге түсірді. Бұлар аттарын байлап, үсті-басының шаңын қағып, енді есік алдындағы қарағай құдық жанында жуынып-шайынып жатқан үстіне жирен мұртты жас майор келді. Қасында тілмаш.
— Сәлем, бауырлар, — деп татар тілмаш қолын кеудесіне апарып, басын иді. Ал майор әлі де болса балалық мінезі бастықпаған жеңілтек болу керек. Құндыз бөрік киіп, мақпал бешпет сыртынан қызыл түрме белбеумен буынған қазақ жігіттерін анадайдан қызықтап, қасындағы тілмашқа бұларды иегімен нұсқап күліп келе жатқан-ды. Бұларға келгесін де күлкісін күшпен тежеп тұрып, жүз жылқы айдап әкелген қазақ байы, сірә, осы болар деген долбармен Еламанға қолын созып еді; бірақ ол ойлағандай, Еламан елп ете қоймады. Су қолын әуелі Әли әзірлеп тұрған сүлгіге сүртті. Сосын жаңа жуынғанда су тиген мұртын асықпай, алақанымен бір сипады да, сонан кейін ғана салмақты жүзін сабырмен ақырын бұрып, қылжаңбас майордың өзіне созып тұрған қолын кешеуілдеп алды.
— Здравствуй.
— Оһ-о!..
Еламан оған енді назар салмады. Күн қаққан өңі суық томсарып сазара түсті. Әли іштен әкеліп иығына жапқан қара мақпал шапанның жеңін кимей, иініне желбегей салып, күлегеш офицерге сыртын беріп түр. «Құрмет көрсетіп тұрып та қомсынғанын жасырмайды. Итіне дейін өзін артық сезіп, мысқылын мұртының астына жасырып жүргендері».
— Жылқыларды қабылдап алыңдар, — деді тілмашқа.
— Алған-берген жөнінде қағаз...
— Қағаздың қажеті жоқ. Бізді генерал қашан қабылдайды?
— Қолбасы сырқат. Салқын тиген. Тұмау... Тұмау дегенді түсінесің ғой?
— Ертең қабылдай ала ма?
— Менімше... қабылдауға тиіс. Ал бүгін кешірім өтінеді. Еламан басын изеді. Қылжақбас майор мен тілмаш қоштасты да шапшаңдап жөнеліп бара жатты. Олардың қарасы ұзаған бойда Әли мен Рза мәз боп:
— Әлгі сары сайтан сазайын алды! Өзіне де сол керек.
— Жоқ-ау, тіпті... Бізді көрсе үстіне түйе кіргендей болатынын қайтерсің?! — деп қауқылдасып жатыр.
Еламан ішке кірмей, айнала төңірекке көз сап сыртта біраз жүрді. Өзінің көрген-білгендері аздық ететін болғасын осы сапарында, оңтайы келсе мыналардың бір офицерін тұтқындап ала кетпек ойда. Сонда жүз жылқы мен ертең генералға сыйға тартатын күміс ер-тұрман, ақ арғымақтың өтеуі қайтар еді. Ойын Әлиге айтқысы кеп оқтала түсті де, өзін тежеп қалды.
Еламан ішке кірді. Алдына алжапқыш байлаған әдемі келіншек үй ортасындағы столға ас даярлап жатыр екен. Үстіне кірген бұған қызыл шыт кофтаның ар жағынан шіреп тұрған кепшіктей кеудесін шұғыл бұрып, аясы үлкен көк көзін қымсынбай да қысылмай қадап тура қарап еді, Еламан аяқ астынан абыржып, «мына сайтан қайтеді, әй?» деп, көзін алып қашты. Былайғы кезде де әйел алдында именшек жігіт қызарып кетті. Самай шашы ақ бурылданып қалған дап-дардай кісінің осынша ұялшақтығы қызық көрінді ме, келіншек езу тартып күлімсіреді де, арғы жағында ыдыс-аяқ салдырап жатқан ас үйге жүре берді. «Қазақ әйелдеріне қарағанда осы шіркіндер дарқандау келеді-ау. Уыздай жап-жас басымен әкесіндей кісіге тиісіп тұрады» деп ойлады Еламан. Азды-көпті жасаған өмірінде өз тірлігі екі әйелге ғана жанасыпты. Оларға үйленген күнін есіне алды. Екеуі де ақ некелі төсек салынғасын жатар алдында шапанды басына жамылып тысқа шығып кетті. Сонан қашан таң атқанша үйге кірмей қойған-ды. Кейін қанша бірге тұрғанда да өзі білетін осы екі әйелдің екеуі де еркекке еті үйренбей-ақ қойды. Тар төсекте тығылысып жатқанда да бет қарып тұратын ұят нәпсіге тыйым салып, бойларын тежеп қала беретін.
Еламан ертеңіне таңмен таласа оянды. Сыртқа шығып, есік алдындағы қарағай құдықтың шекеңнен шыққандай мұп-мұздай суымен беті-қолын жуды. Сонан бұлар ертеңгі асын аяқтап бола бергенде, кешегі жеңілтек майор кеп «генерал шақырып жатыр» деді. Еламан ежелгі бір мұсылман дәстүрімен ас соңынан бетін сипады да, жігіттерін ертіп тысқа шықты.
Генерал Чернов бұларды штаб орналасқан үлкен ақ үйдің алдында күтіп тұр екен. Еламанның көзі бір дегеннен қолбасыға түсті. Түрік жерінде бұл біраз орыс генералын көрген. Олар қырда жайылған дуадақтай көзге толық болатын. Және шетінен алтын иық, ажарлы еді. Ал, мынау орта бойлы, бірақ ілмиген арық. Үстіндегі киімдері де күйсіз. Әсіресе, жотасы мен жауырыны күнге күйіп, бояуы оңып кеткен көнетоз китель кәрі генералдың арық денесіне кеңдік етіп қолпылдап тұр. Кірбиген көңілсіз түрі де осы өмірден тауы шағылып, әбден қажыған уайымы көп кісінің енжарлығын байқатады. Кеше қылжақбас майордың қолбасыға Омбыда салқын тиіп, тұмауратып қайтты дегені есіне түсті.
Еламанға қолбасының сабырлылығы ұнады. Сары ала киімі шұбатылып келе жатқан дала қазақтарына ол өзгелердей сықсыңдап қарамай, ойлы көзін сабырлы салмақпен тастады. Жаңа қолын бергенде байқады, алақаны әрі ыстық, әрі жұп-жұмсақ екен. Генерал қасында тұрған тілмашқа бұрылып:
— Мырзаның бізге сыйлаған аттарын көрдім. Өңшең жарамды жақсы жылқы екен. Колчак үкіметінің атынан алғыс айтам! — деді.
Татар тілмаш дереу қазақшаламақ боп шүлдірлеп келе жатыр еді, Еламан:
— Қажеті жоқ... — деп тыйып тастады.
— Мырза, орысша білетін болдыңыз ғой? — деді Чернов.
— Қалада жиі болам. Сосын орыс байларымен араласым бар ғой.
— Осы маңның бір жерінен келдіңіз бе?
— Біздің жеріміз бұл арадан алыс. Арал теңізінің жағасынан келдім.
— О-о, шынында да еңбегіңіз зор екен. Неше күн жүріп келдіңіз?
Еламан бұндай сұрақтың болатынын біліп, күні-бұрын жауабын әзірлеп келген-ді. Бес күнде жеттік деді. Генерал өзіне сыйға тартқалы әкеп тұрған атқа бұрылды. Екі жігіт — Әли мен Рза ақ арғымақты тізгінінен тұқыртып ұстап тұр. Соның өзінде ауыздығын қарш-қарш шайнап, кең танауы жел тартып пыр-пыр етеді.
Еламан байқап тұр: генерал Черновтың көзі жайнап кетті. Қасындағы кісілердің басымен алысқан аттан қорқып сақтандырғанына қарамай, генерал тартынбастан бірден арғымаққа жетіп барды.
— Генерал мырза, абайлаңыз! — деді офицер.
Чернов арғымақтың жалын ұстап еді, керегедей жал уысын керіп шыға келді. Сосын ол тып-тығыз тықыр түгін сипады. Қолы түгіне тиер-тиместе-ақ арғымақтың денесі дір-дір етті. Ат осқырып, қозғалақтап, сауырын бұрғанда үстіндегі күміс ер-тұрман күн сәулесіне шағылысып жарқ-жұрқ етті. Генерал Чернов арғымақтың қасынан кете алмай, айнал соқтап іркіліп тұр. Осындай арғымақтың талайын әнебір заман түзу кезде патша сарайынан көретін. Алыстан қызыққаны болмаса, дәл осындай ыстық қанды дегдар жылқыға тақымы тиіп көрмеген-ді.
Генерал Чернов шын разы боп:
— Рақмет, мырза! — деп Еламанның қолын қысты да, түскі асқа шақырды. Сол күні олар көктем сәулесі шұғыласын мол төккен оңаша кең бөлмеде екеуден-екеу отырып сөйлесті. Чернов баяу басталған әңгіменің бір тұсында Арал өңіріндегі халық немен кәсіп етеді, балық аулай ма деп сұрады.
— Қазақтың кәсібі — мал ғой. Балық аулайтындар да бар.
— Қызыл балық бола ма?
— Е, болғанда қандай.
Генерал Чернов келесі әңгімені неден бастарын ойлағандай, азырақ іркіліп, шайға салған қантты бал қасықпен былғап отыр. Еламан алдындағы асқа ауылдағы әдетпен құныға ұмтылмай, өзі көріп жүрген ақсүйек мырзалардың маңғаздығына салып, асықпай баппен алды.
— Қызылдарды қалай қабылдап жатырсыңдар? — деді Чернов.
Еламанның бұл бір күтпеген бейқам тұсы еді; солай боларын білгендей, ақ генерал да өзінің осыған дейінгі сыпайылығын былай қойып, Еламаннан екі көзін айырмай бағып қалды. Ә дегенде аузына сөз түспей қысылып қалған Еламан іле-шала сонысын жуып-шайып сөл езу тартып еді, генерал Чернов:
— Неге күлдіңіз? — деді.
— Жоқ, жай ғана, — деп Еламан аяқ астынан райланып күле түсіп, — осыны сұрайтыныңызды біліп едім, — деді.
— Онда жауап бермей-ақ қоюыңызға болады.
— Неге, тақсыр?
— Күнібұрын ойлап қойған жауаптың шындығы шамалы.
— Жақсы айттыңыз.
— Еліңізде оқыған азаматтар бар ма?
— Дегенмен, генерал мырза, сіздің жаңағы сауалыңызға жауап берейін.
— Мейліңіз білсін...
— Орыс халқы секілді қазір қазақтар да екіге бөлініп кетті.
— Кедейлер жағы, әрине, қызылдарды қолдайды ғой?
— Иә, қызылдар жағында.
— Демек, қазақтардың басым көпшілігі қызылдар жағында болды ғой?
— Солай.
— Мырза... Сіздің халық қызылдарды сонда не үшін қолдайды?
Еламан аузына апара берген кесені ерніне тиер-тиместе кері тартып алды. Жол бойы неше күн ойласа да, мынау тағы да қапысын тосқан тұтқиыл сұрақ еді. Ол біраз отырып барып:
— Бостандық... — деді.
Чернов түрегелді. Темекі шекті. Еламанға іркіліп тесіле қарап біраз тұрды да:
— Сонда қалай, қазақ бостандық сүйгіш халық демексіз бе? — деп еді, «жаңағыны әнтек айттым ба?» деп ойлады да: - Құранда айтқан ғой: «Байлық барша жұртқа ортақ. Тек Алла тағаланың көктен тастаған ырзық-несібесін бөліскенде бергі жағындағылар біріне-бірі қиянат, зорлық істеп, біреуге аз, біреуге көп тиеді» деген.
— Әдемі айтқан екен.
— Құран сөзі болғасын қара халық бұны құдайдың аузынан шыққан ақиқат шындық деп біледі. Ертеңгі күні қарны ашса да алдындағы асын сіз бен біз тартып ішкендей боламыз.
Генерал Чернов кенет әңгімеге ықылассызданып, терезенің алдына барып сыртқа көз тастады. Әйнектің ар жағында мөлдіреген көк аспанда шудадай аппақ бұлт әлдебір жаққа маңып барады екен. Генерал терезенің пердесін түсіріп жіберді. Мына қара мұртты мырза ойынан кетпей тұр. Өзі болса, жер қайысқан қолды бастап қырғыз-қайсақтың бұлар бұрын-соң өмірі аяқ баспаған сыры белгісіз жұмбақ даласына тереңдеп кіріп келе жатыр. Кешегі патша заманында бұларды тілі-діні басқа, жабайы, тағы көрді. Өзінің түсінігі де осының о жақ, бұ жағы еді. Баяғы Ермак жаулап алатын Көшім ханның ордасы құлағасын жан-жаққа тоз-тоз боп бытырап кеткен көшпелі рулар мен тайпалар... қырғыз-қайсақтар мекені.
Рас, кейін Харбинде қарт досы Рошаль бұған Шоқан Уәлихановтың кітабын берді. Іші пысып зеріккесін оқып еді. Атақты хан тұқымынан шыққан қыршындай жап-жас жігіт патша ағзамның бүкіл ресейлік география қоғамына мүше бопты. Достоевскиймен дос бопты. Бұған дейін қырғыз-қайсақтан дәл осындай өткір ойлы, зерделі оқымысты шығады деген ой бұның үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ-ты.
Кейін бұл Омбыға келгесін қазақтың талай-талай оқыған ұлтшыл азаматтарымен кездесті. Арысы Петербург, Мәскеу, берісі Орынбор, Омбыда оқыған, білімді, тілін безеп сөйлеп кеткенде тап бір Еуропаның баяғы айтулы ділмарлары аузына түкіргендей, шетінен шешен, паң, маңғаз. Олар да өз халқының бостандығы мен бақыты жолында ештеңеден тартынбай, басын оққа байлап жүрген саналы азамат сияқты еді. Қазақ жеріне кіргелі генерал Чернов бұл елдің бұл жақтағы шонжарларымен кездесе бастады. Олардың бәрі ұлық алдында өздерінің кісілік қасиетінен айырылып қап, иіліп-бүгілген бірдеңе. Ал мынау... Жоқ, бұл нығыз. Кіммен де терезесін тең ұстайтын сияқты.
Генерал Чернов мырзаның адалдығына сенгісі келсе де, тіпті шын көңілімен сеніп тұрып та, бір шүбә, бір күдік ар жағында тікендей қадалып тұрып алды. Шығыс халқының зымияндығы жөнінде Еуропа саяхатшыларының естеліктерінен оқығаны бар-ды. Бұның енді түу сонау Арал теңізінен күн-түн қатып іздеп келетіндей бұларға сонша не бауыры бітіп барады? Бұнда қандай сыр бар? Жер түбінен сабылып іздеп келу үшін адамды ықтияр еркіне қаратпайтын не ыстық махаббат, не өзіне тиімді көздеген үлкен бір мақсат болу керек қой. Басынан бақ тайған қазіргідей заманда, басқаны қойғанда кешегі қанды көйлек достар қашып жатқанда, баяғыда Ермак пен Черняев қылыштың жүзі, найзаның ұшымен бағындырған бұратана халықтан жан қияр дос шықты дегенге кім сенеді?
Генерал Чернов Еламанға білдірмей көз қиығын тастады. Бір есептен таяу күндердің бірінде бұнда одақтас елдердің әскери мамандары келуге тиіс-ті. Мынаның достығы шын болса, бұны солардың алдында көз ғып ұстаса қайтер еді деп ойлады. Несі бар, алда тұрған ертеңгі сұрапыл шайқастарда тап мына құс ұшпайтын қу далада бұлар жалғыз емес екенін, жергілікті халықтың да қолдайтынын көрсін.
***
Генерал Чернов Омбыға ерте көктем басында келген-ді. Бүл қыс бойы тоңы ойылмай жатқан Сібірдің сіреу қары жаңа-жаңа көбесі сөгіле бастаған кез. Кеше, жыл басында жыра-сайларды жер бетімен бірдей ғып басып салған үйінді қардың қазір ептеп астынан еріп, сылдырап су жүре бастаған шақ-ты.
Харбиннен шыққалы қарт генерал көз ілген жоқ; онан басқа жолаушылар кешкі асын ішіп, әлдеқашан ұйықтап қалған. Бұның купелес көршісі де ұйықтап жатыр. Көз іліндіріп алғысы кеп бұ да әлгінде қисайып жата берді де, басын кенет жастықтан көтеріп алды. Осы күндері ойынан кетпей қойған күдік көңіліне қайта оралып: «Осыған сенейін бе, жоқ па?» деді күбірлеп. Сібір жаудан босады. Омбыда Колчак үкімет құрды. Бұлардың да басына баяғы дәурен қайта орнап, енді міне бұ да, бұның өзі де жат ел, жат жұртта өткен екі жылғы сергелдеңнен кейін Отанына оралып, қайтып келе жатыр. «Осы рас па? Сенейінбе, сенбейінбе?» деуін десе де, ол іле-шала өзіне-өзі: «Сен, сен, рас, бәрі рас» деді. Колчактың үкіметі рас. Өзінің Отанына, сүйікті Отанына қайтып келе жатқаны да рас. Міне, Колчактан келген шақыру қағаз қолына тие сала өзімен бірге Харбиннен пойызға мінген көршісі қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Патша тақтан құлаған кешегі алағай-былағайда шет елге қашқан алтын иық төрелер де қазір Омбыға жан-жақтан ағылып келіп жатыр деген хабар Харбинге де жеткен-ді. Енді көре қал,Ресей ел болып, еңсесін қайта көтереді. Ақ патшаның туы астында бұлар қайта бас қосады. Ескі достарға қауышады. Ендігі қалған өмірі кешегі орыс-герман соғысында қара боран, қарлы окопта ит өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, бірге көрген қанды көйлек достармен бірге өтеді. Не көрсе де бәрі бірге көреді. Генерал енді қайтып төсегіне жуымады. Шекараға жақындаған сайын шыдамсызданып әбден зықы кетіп болды. Мына пойызы түспегір жетіп болмағасын бір кезде терезеге төніп, мінбелеп отырып алды. Міне, шекара! Мына ала бақанның арғы жағы Ресей! Ал сонау түксиген қара орманның ортасындағы әнебір алақандай алаңда бөренеден қиып салған кішкентай үш үйдің ар жағында жатқан ұлан-байтақ ел-жұрт бұның Отаны. О, садағаң кетейін!.. Құсада өткізген екі жылда түнде түсінен, күндіз ойынан шықпаған ел-жұрты!
Генерал Чернов сыртқа ұмтылды. Қарт проводник бұны көрген бойда әлденеге түсін бермей, сырт айналып бұрылып кетті. Ала бақаннан өткесін пойыз әлде де кішкене ілгерілеп барды да, әлгі үш үйге қатарласа бере тұла бойындағы темірлерін салдыр-күлдірлете кілт тоқтады. Проводниктен кейін түскен генерал аяғының ұшы жерге тиер-тиместе тізесі дірілдеп кетті. « О, Тәңірім... Орыс жерінің топырағын басатын күнге де жеттік».
Дала тастай тұман. Төбеңнен басқандай қорғасын салмақты ауыр бұлт күллі аспанды тұтас басып бүркеп апты. Мезгіл қай шама? Күн шықты ма, жоқ па, біліп болмайды. Бойына ылғал тартқан азанғы ауа ауыр екен. Сыртқа шыққан бойда генерал қатықтай іркілдеген ауаны аузымен қарпып бірер жұтты да, етігінің тұмсығына іліккен әлдебір тасты бір тепті де, ілгері жүріп кетті. Станса басының қары айнала төңіректе қарауытқан орман арасындағы қардай тоңы бұзылмай, аппақ боп сіресіп жатқан жоқ, ала қанат. О да түнімен еріп, көк соқталанып былжырап жатыр екен.
Чернов ішке кірмеді. Аяғына аздап ылғал өткені болмаса, денесі әзір тоңази қойған жоқ-ты. Станса басында қыбыр еткен жан жоқ. Үш үйдің де есік-терезесі жабық. Тек басқалардан гөрі темір жолға жақын тұрған үйдің қорасынан сиыр мөңіреді. Әскерге алғанша бұл Калуга губерниясының алыс түкпірінде өз шаруасы өзіне жететін ауқатты помещик семьяда өскен-ді. Мал жайын білетін. Мынау ерте бұзаулаған қашар сиыр екенін бірден білді. Мама сиырлардай емес, бұлар сауыны мезгілінен сәл асса да, сүт толған желін дерітіп, дәл осылай аспан астын азан-қазан қылатын әдеті.
Пойыз ұзақ тұрды. Әлгідей емес, тұман ептеп сейіліп, жақын, жуық маңай анығырақ көріне бастады. Қашар сиыр мөңіреген үйдің қорасы толған қарақат па, шие ме, олардан да басқа бейберекет өскен жеміс бұталар шық түсіп, су-су боп селігіп тұр екен. Әлгінде бір топ шөже торғай осы бұталардың бұтағында шүпірлеп отырған. Өздері болымсыз бірдеңеден үрікті. Ұшса да, қонса да тату тобын жазбастан шоғырланып жүретін пақырлар дүрк көтеріліп ұшқанда түнгі шыққа малынған бұта шұғыл сілкініп, мөп-мөлдір мұздай тамшылар сіркіреп қоя берді. Шыққа малынған үйлердің, вагондардың төбесінен су сорғалап, онсыз да миы шығып жатқан жерге тырс-тырс тамады.
Генерал Черновтың есіне Манжория түсті. Онда да қазір осы көктем. Осы торғайлар. Онда да дәл осындағыдай ала қанат қар. Алыс-алыста қарауытып, мұнартқан орман. Онда да дәл осындай жыртық-тесігі таусылмайтын жүдеу өмір. Генерал мына дүниені жаңа көргендей, айналаға назарын іркіп, ойлана қарап тұр. Неге көзі түссе де адам зердесі ақырына дейін жетіп болмайтын мына дүниенің осы арада, тап осы қазір өзі байқаған бір сырына қайран қалады. «Апырау, — деді генерал ішінен, — мынау қыс бойы сіреу қар астында жаны шыққан еліктей тоңы ойылмай жатқан жерге мүлде ұқсамайды ғой? Қыс ызғары қайтып, күн жылт етіп сөл рай беріп еді, көрдің бе, бұл жарықтық та бусанып, тұлабойынан бу бұрқырап, жаны жайлы рахат тапқанын. Асылы, айт-айтпа, жер де адам нәсілді ғой. Қыс бойы қар астында қол-аяғы бүрісіп жатып еді. Күн көзі рай бергесін әйел нәсілі ұсап, бұ да нәпсісіне ие бола алмай, көңіліне желік кіріп шыға келді. Көре қал, күні ертең түгі түлеп, құлпырып шыға келеді. Осыдан былай қарай жер бетіндегі күллі тірлік, жанды-жансыз, бәр-бәріне тойымсыз бір ашқарақтық тап болып, күні ертең әлі-ақ әр көде, әрбір бұта түбіне ұрық шашып, жер-дүниені жас ұрпаққа бөлеп, шешек атып шыға келер-ау! «Иә, дүние тозбайды», — деді генерал. «Тозса — жан тозады. Біз тозамыз. Мына дүние -жер, су, тау, тас, орман, тоғай — қар мен мұз астында жатса да, жылда-жылда көктем жылт еткенде, осы кез, дәл осы бір мезгілде бір жасарып, жастың дәуренге қайта қауышып, бәрін басынан қайталап өткізіп отырады. Құдіреттің сонысы қандай жақсы».
Генерал Чернов көңілді. Отанына жылдың басқа мезгілі емес, дәл осы кезде, ерте көктемнің басында оралғанын да жақсы нышанға жорып, жүрегі де дәл бағана шекарадан өтерде өзін ықтияр еркіне қаратпай, құйындай үйіріп әкеткен ыстық сезім ұйтқытып, лүпілдеп қатты-қатты соғып кетіп еді. «Қайран, Русь, — деді генерал, — асылы, кісі туған жердің қадірін сыртта жүргенде біледі екен ғой».
Чернов зәті елжірек жан емес-ті. Неге екенін қайдам, сыртта өткен екі жыл әсер етті ме, Отанына оралғасын болмашыға көңілі босан, жаны, жүрегі елжіреп, мына адыра қалғырдың топырағы мен әрбір тасын аймалап сипалағысы кеп кетті. Өз өмірінің ең бір бақытты күнінің ескерткіші болсын деп осынау ұлан-байтақ елінің қиыр шығыстағы шекарасынан бір тасты ала кеткісі кеп, күн санап қимыл-қозғалысқа құлықсыздана бастаған кәрі денесін күшпен иін, аяқ астында жатқан бір тасты алғалы қолын созып еңкейе берген-ді. Көзінің қиығы ертеден бері бұны анадай жерде бағып тұрған қарт проводникті байқап қалды да, қолын жалма-жан тартып ала қойды. Қырсық шалдан қысылды ма, аузына түскен әлдебір әскери әуенді ыңылдап, сырттап кетіп бара жатыр еді. Проводник соңынан іле дауыстады:
— Генерал, қалып қоясың. Мін! Тез! Тез! — Шынында да, пойыз жылжып барады екен. Бір пәлесі: бұның вагоны ілгері ұзап кетіпті. Генерал амалсыз жүгірді. Вагонның басқышында мәз боп күліп тұрған проводникке қарамауға тырысты. Ресейде мәртебелі генерал лауазымының қадірі қалмағанын білетін. Ол тек... тым құрыса, бұның жасы мен аппақ қудай басын сыйлайтын кісі қалмағанына қынжылды.
— Жоқ, тым жақсы жүгіреді екенсің, — деді проводник. Генерал Чернов оған түсін бермей, тұсынан өтіп кетті.
Купелес серігі бағана іргеге қарап жатқан күйінен әлі қозғалмапты. Қазір қайта кеспелтек толық денесі қатты жүріп кеткен пойыздың ырғағымен дір-дір шайқалып, танауы пысылдап, рахаттанып ұйықтап жатыр екен. «Бақытты жан екен» деді генерал ішінен.
***
Шетте жүргенмен генерал бұндағы жағдайға қанық еді; мәселен, бұл Колчактың көктемдегі дыз еткен шабуылының демі тез біткенін білетін. Бұл кезде қайта қызылдар күш алып, Бүгулме түбіндегі шайқаста Колчак әскерінің тас-талқанын шығарып, ес жиғызбай қуып келе жатқан сияқты еді. Соған қарамастан Омбыда шығатын газеттер жеңімпаз адмирал әскерінің жеңістері жөнінде құтыртып жазды. Ал жоғарғы ставкада жеңістен басқа сөз ауызға түспеді.
Генерал Чернов кімге сенерін білмеді. Бұл өзі орыс-жапон соғысына, онан берегірек келгесін орыс-герман соғысына қатысып, соның бәрінде де соққы жеп әбден зәрезап боп қалған қарт генералдың кәрі денесіндегі жау тырнағының ізі әлі жазылып бітпеген-ді. Ол, әсіресе, штаб маңындағы сары ала иық офицерлердің сөзіне сенбейтін. Қолбасылар мен көсемдердің көңілін тауып, құлқынан шығып үйренген жылпос немелер құлаққа жағатын сөзге шебер.
Генерал Чернов Омбыға келген күннің ертеңінде Колчакта болды. Колчак:
— Николай Ильич, қош келдіңіз! — деп бұны ілтипатпен қарсы алып, қолтығынан демеп апарып креслоға отырғызды. — Ал қалай жеттіңіз? Жолда қиындық көрмедіңіз бе?
Колчак зәті елгезек кісі еді; соған қарап оны жеңілтек деуге болмайтын. Аузын баққан ұстамды деу де қиын. Жол түсіп зәуде бір не Мәскеу, не Санкт-Петербургке бара қалғанда зиялы қауым бас қосқан талай-талай ортада болатын. Сонда дәл осындай жерде іштей аңдысып үйренген қауым аузын бағып, әркім әр жер-әр жерде үнсіз томсара қалған үстіне, әдетте... Иә, әдетте соның үстіне ұзын бойлы сыптығыр кісі бас-аяғын сықитып, мөлттей қара мундир киіп, алтындаған адмирал погон самаладай шам жарығында жарқылдап, өзі де ат жақты ашаң жүзі жайраңдап кіріп келгенде әлгінде ғана тұрған-тұрған жерге табанын жабыстырып тастағандай шетінен шіренген кісілерге сәтте жан бітетін. Бәрі жапырлай ұмтылып, қаумалап ортаға алатын. Ондай кеште Колчак өзін еркін ұстап, емін-еркін сөйлейтін. Сол кеште жұрттың көзі тек соны көретін. Құлақ тек соны тыңдайтын. Қара теңіз флотын билеп-төстеп тұрған сол заманда жұрт бас қолбасының төңірегіне өзінен өзі үйрілді ме, әлде жұртты үйіріп тұратын оның елден ерекше сиқыры болды ма, оны ешкім ойлап жатпайтын. Ойлаған күнде де жұртты үйіріп әкететін ақжарқын, ашық адамның елгезек үйірсектігі адмирал басына жазатайым нұқсан келтіретін мін де, осалдық та емес, қайта ерке баланың шолжаң сүйкімді қылығына кешіріммен күле қарағандай, бұны да елестірмейтін.
Үкімет тізгіні қолына тигелі ол дарқандылықтан айырылды. Алдына кеп, қабылдауында отырған кісіге тіл қатпас бұрын әуелі әр сөзді құдды безбенге тартқандай мысқалдап өлшеп сөйлейтін болған-ды.
Генерал Черновпен де мейлінше нығыз отырып сөйлесті:
— Иә, қазір қайда да қиындық жетеді. Бізге де оңай боп жатқан жоқ. Халық аш. Бірақ сабыр... Сабыр керек. Кішкене пұрсат беріңдер. Әуелі ел басындағы қазіргі ауыртпалықты бір жағына шығарып, тынышталып алайық. Сосын көре қалыңыз, бір күнгідей болмай Россия баяғы қалпына... Кешіріңіз! — деп Колчак бұрылып, сырт жағында шарылдап жатқан телефонға қол созды.
Чернов байқап отыр: Колчак көңілді. Сергек. Бұнда келгеннен бері бұның жанын қинап жүрген көп қиындық, көп-көп уайым оның қаперіне кіріп шықпайтын сияқты. Шын солай ма? Әлде Харбиннен келген бұған көз қылғаны ма? Ана жақтан телефон соққан кісіге де ол күш сездіріп:
— Астық болады. Волга бойының биылғы астығы біздікі. Иә! Иә! Тек, биыл о жақта жауын қалай екен? — деді.
«Жоқ, бұлардың жағдайы жаман емес сияқты» деп ойлап, генерал Чернов көңілдене бастады. Ол енді Колчакқа да жүзі жылып, райлана қарады. Патша құлап, ел басына қара күн туған әнебір қиын кезде өзінің қара басын қайттап, «Өлсең тұрма» дегендей, Отанын өртке тастап, шет елге тайып тұрғанына өкінеді. Ендігі қалған жерге қасық қаны қалғанша Колчактың қол астында жүріп, тағдыры таразыға түсіп тұрған сорлы Отанына жатпай-тұрмай адал қызмет істегісі кеп құлшынып отыр еді.
Рұқсат сұрап жас офицер кірді. Онымен шалғайласа сүрініп-қабынып тағы бір офицер кірді. Екеуі де қолына ұстай кірген картаны Колчактың алдына жайып, сыптай боп тартыла қалды. Сәл қозғалса да күміс шпор шылдырап, терезеден түскен күн сәулесі әуелі зер погонга, сосын омыраудағы сары жез түймелерге шағылысып, жылт-жылт етті.
Генерал Чернов бетін бұрып әкетті. Шіркіндер, апырай, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Ана жақта жеңімпаз әскерлер күшін қайта топтап, келесі шабуылға қауырт әзірленіп жатқанын айтып тұрып та сипақтап үсті-басын, белбеуін, портупейін жөндеумен болды.
— Көрдің ғой, генерал. Шабуылға әзірленіп жатырмыз. Дер кезінде келдің, — деді Колчак.
Генерал Чернов қостаудың да, қарсы болудың да жөнін таппай, салмағымен жаншып отырған былғары креслоны сықырлатып қипақтап қалды.
— Жаңағыларға сенесіз бе?
— Сен ше? Сен, сірә, сенбейсің ғой. Ха-ха-ха! Я вижу вы скептик.
Генерал күдігін айта бастап еді; бірақ Колчак оны тыңдамай, киіп кетіп:
— Сіз Харбиннен келдіңіз. Ал, маған ұрыстың ішінде жүрген кісілер келеді. Оларға сенбеске қақым жоқ, — деді.
Бұл жайында бұдан артық сөйлесудің қажеті жоғын аңғартқысы келді ме, отырған орнынан тұрып, даладай кабинеттің тұтас бір қабырғасына ілген Ресей империясының картасы алдында ерсілі-қарсылы кезіп біраз жүрді. Генерал жұмсақ креслода көміліп отыр. «Скептик» деп ол әлденеге Колчак сөзін ішінен қайталады. Сәтсіз аяқталған орыс-жапон соғысынан кейін осы сөзді бұл жұрт аузынан жиі еститін-ді. Соған бұл әдепкіде кәдімгідей торсаңдап ренжіп қалатын. Кейін, берегірек келгесін оған да еті үйренді. Жұрттың көзі жетіп тұрған нәрсеге де бұның үнемі сенімсіздікпен шүбәланып қарайтын әдеті. Шынында да, сүйегіне біткен бір кемшілігі сияқтанып, ішінен үнсіз мойындап алған.
Колчак кең кабинетті кезіп жүр. Алдынан ерсілі-қарсылы өткен сайын адмиралдың қара хром етік киген тертедей ұзын аяғын көреді. «Тырна аяқ екен ғой!» деп ойлап, сонан ол қашан өз орнына барып отырғанша кеудесіне түскен басын көтермей, ыңғайсызданып, өз-өзінен қысылып болды. Колчак жөнінде көп естігені болмаса, бұнан бұрын көрмеген-ді. Кешегі патша заманында сәті түспеді. Патша құлағаннан кейін бұл үшін тірліктің түк қызығы қалмағандай болды. Ендігі қалған өмірін дос-жарандардан аулақта, тілсіз тылсымдай тыныш бір түкпірде өткізгісі кеп шет елге өтіп кетті. Алғашқыда көз көрмес, құлақ естімес түу-түу шетте жатқан Жапонияға шығынып кетсе де, кейін тағы шыдамай, бір табан да болса сорлы Отанына жақындап жүргісі кеп, Харбинге орналасқан еді.
Колчак Харбинде жүр екен. Ресей ішінен ыдырай бастаған соң, бұл да немістермен ендігі соғысты қажетсіз деп ойлап, Қара теңіз флотын тастап кетіпті. Генерал Чернов Колчакпен Харбинде де кездесе алмаған-ды. Сағаттан астам сөйлескеннен кейін Верховный правительмен салқын қоштасып, сүлеленіп сыртқа шықты.
Жоғарғы ставка сапырылысқан кісі. Дуадақтай-дуадақтай жуан интенданттар мен лыпылдап иненің көзінен өтіп жүрген жылпос, жас офицерлер. Соғыс жүріп жатқан жердің картасын жазып ұстаған бір уыздай жап-жас офицер жүгіріп жоғары көтеріліп бара жатып, осы кезде жоғарыдан төмен түсіп келе жатқан бұны иығымен қағып кетті.
Өз көңілінде реніші ауырлаған сайын генерал Чернов Харбиннен бір ай бұрын келген өзінің қанжығалас кәрі досы — қарт генерал Рошальді қайта-қайта есіне ала берді. Черновқа таққан атақты осындағылар ол сорлыға да теліп, кез келгеннің аузында әжуа боп жүр. Бір жақсысы, ол әйтеуір жалғыз емес. Қасында офицер баласы бар. Зиялы семьядан шыққан тәрбиелі офицер.
Сырт желкемдеу екен. Генерал Чернов тітіркеніп кетті де, жалма-жан шинелінің өңірін қаусырынып, жылы жерден шыққан бойын қымтанып ала қойды. Көшеде қар еріп жатты. Алабөле атты әскерлер мен бауыры сары ала балшық пәуескелер тынымсыз ағылып өтіп жатқан орталық көшелердің қары қауырт еріп, жидіп езіліп кетіпті. Көктем кірсе де қыс ызғары қайта қоймаған. Омбы даласының өкпек желі ызғып, қойны-қонышына кіре берген соң, генерал шинелінің жағасын көтеріп алды. Солқылдақ рессорлы арба үстінде отырып та ат тұяғынан ұшқан қар суынан тыжырынып қалады. Әскерлер болмаса көшеде жай халық аз. Ағылшын шинелін киген орыс солдаттарының арасынан анда-санда қоңыр киімді, жақ жүні үрпиген жүдеу біреулер көзге шалынады.
Қала лас. Сылағы түскен, қотыр-қожалақ үйлердің кір-кір терезесінің әйнектері ішкі жағынан буланып тершіп тұр. Көктем шыққалы бір қар, бір жаңбырға әбден селіккен сида теректер көше қапталында бұтақтары су-су боп шаян аяқтанып салбырап қапты. Бағанадан бері байқап келеді. Бір үйдің мұржасынан түтін шыққан жоқ. Генерал Чернов ештеңені көргісі келмегендей, көзі жұмыла түсті. Былайғы кезде де кителінің жағасы қолпылдап тұратын жіңішке мойнын жиырып иығына тығып апты. Мына кір, лас қала, жүдеу халықты көрген сайын көңілі ауырлап, жоғарғы ставканы да қайта-қайта есіне алады. Екі бетінен қан тамған әлгі бір дуадақтай-дуадақтай интенданттар, жалақтаған жас офицерлер, жайлы креслолар, жылы, жарық.кабинеттер... Сонан соң терте сирақ Колчак... Адмирал... Верховный правитель!
Ойы шатыса бастады. Әсіресе, Колчак жөнінде бір байламға келе алмады. Әскер тәртібінің қатал тезіне түсіп шыққанына қарамастан, Колчак мейлінше елпілдеген ақкөкірек кісі екен. Адмирал мундирін киіп, сап-сары ала боп алған бойында мүлде менмен ірілік жоқ. Осыдан кейін ол Колчакпен қызмет бабында күнбе-күн кездесіп жүрді, соның бәрінде де Колчактың бірде болмаса да бірде осы өлкені патшадан кейін бір шыбықпен айдап отырған әмірші екенмін деп басқа жұрттан бойын биік ұстап, шіреніп отырғанын көрген жоқ. Ол қайта өзінің бұрынғы үйреншікті кәсібінен қол жазып қалғанына қиналатын сияқты ма, қалай? Су үстінің соғысынан басқа өмірді білмейтін, кешегі қарапайым көп адмиралдың бірі еді. Бүгінгі күні жер бетіндегі ең бір қиын тағдырлы елдің тізгіні қолына тиді. Халық аш. Жалаңаш. Күші басым жауға қарсылық көрсете алмай қаша ұрыс сап, шегініп келе жатқан әскердің түрі анау. Ел еңсесін езіп бара жатқан осынша қиындықты көтеру бұл сорлыға да оңай, боп тұрған жоқ шығар. Басында ет қызумен билік басына бір көтеріліп қалса да, енді қазір осынау бір кісінің басы айналатын биіктен қалай түсудің есебін таба алмай, алдына келгендерден көмек тілеп жаутаңдап қарайтын сияқты.
Сонымен бірге Колчактың аса ұстамсыз кісі екені де бұның қырағы көзінен қағыс қалмады. Ойына алған ісін бір ыңғайлап бітіргенше жаны шығып, қызығып бітетін күйгелек. Ондайда екіленіп кететін қызба. Басқа кісіні тыңдағаны біртүрлі. Шегір көк көзінің қарашығы жылтырап, шын ықыласымен сығырайып қарай қалады. Қаймақтай жұқа ернінің екі шалғайлығына мысқыл жиып, жымқырып алады. Соған қарап алдына барған кісі «маған күліп отырған жоқ па?..» деп қуыстанып, қашан Колчак көзін тартып алғанша сөзінен сүрініп қала беретін.
Генерал Чернов кейін Колчакпен жақсы ұғысты. Черновты, әсіресе Колчак қатты сыйлады. Оны әуелі Жоғарғы Ставканың бас интенданты ғып тағайындап еді; екі жұмадан кейін соғыс министріне орынбасар ғып бір-ақ жоғарылатты. Генерал Чернов жасының егде тартып, мұқап қалғанына қарамастан өзіне жүктеген ауыр жұмысқа жан-тәнін сала кірісті. Ұрыс даласында қансырап шегініп келе жатқан әскерді әлденеше аралап, небір қиындық жағдайды өз көзімен көріп қайтып жүр. Бүгулме түбіндегі шайқастан кейін Колчак армиясының халі оңалмасқа қарапты. Соғысқа ықылассыз. Қажыған. Ұрлық етек алып кеткен. Басқаны қойғанда, азғантай азық-түлік солдат қазанына түскенше сұғанақ қолдар жан-жақтан тартқылап, пышақ ұшынан бөліп әкетіп жатты. Ол ол ма! Ұрыс ішіндегі офицерлер қатын-баласын қасына алып жүр. Көктемдегі шабуылда көптеген дүние-мүлік жиып апты. Қазір солар ағып-тамып аяққа оралғы боп алған. Асхана, обоз, артиллерия арасында офицерлердің дүние-мүлкін тиеген арбалар да сықырлап, тар көпірдің аузында кептеліп тұрып алады екен. Ондайда офицерлер әуелі арғы бетке қатын-баласы мен дүние-мүлкін өткізбек боп қиғылық салып жатады. Ызалы солдаттар айқайлап, у-шу, азан-қазан боп боқтап жатқанда, кейінгі жақтан қызылдар келіп қап, боратып оқ астына алады. Қатер төнген кезде әркім қара басын қайттап, қолындағы қару-жарағын тастай-тастай қашып жатады екен.
Генерал Чернов Омбыға келген бойда тұп-тура Колчакқа барып, өз көзімен көріп қайтқан сұмдықтарын айтқан еді. Колчак бұлан-талан болды. «Бәрін атам... Асам...» деп айқайға басып бара жатқан соң генерал «Кінәлілерді ата бастасақ, әскеріңіз офицерсіз қалады ғой» деп ескертті.
— Енді қайт дейсің маған?
— Әскерді семьядан тазарту керек.
— Е, тазартпайсың ба, кім қолыңнан ұстап тұр?
— Ол үшін сіздің атыңыздан бұйрық жазу керек.
— Жаз! Тек тез, тез істе!
Колчак қол қойған қатал бұйрық аэропланмен бар армияға дереу жөнелтілді. Арада екі-ақ күн өтті. Үшінші күні азанда Колчак Черновты шақырып алды.
— Слушайте, генерал! — дей түсті де, Колчак тоқтап қалды. Кенілсіз әңгімені бірден бастап кете алмай, тыжырынып отырды да: — Офицерлердің семьясы сен айтқандай көп те емес екен ғой, — деді.
— Мен өз көзіммен көріп келдім ғой.
— Маған армия басшылары хабарлады. Ал кейбір әскербасылардың семьясын қозғаудың қажеті болмас. Реніш-өкпеге қаламыз.
— Түсінбеймін.
— Ал сізге, генерал, көптеген офицер онсыз да ренжулі екен.
— Мүмкін.
— Әскерді аралап шығып, бір ауыз жылы сөз айтпастан үн-түнсіз кетіп қалыпсыз.
Генерал Чернов темекі шеккісі кеп кетті. Қалтасын қарап темекі таба алмады. Айтарын айтып ап, енді екі көзін айырмай қарсы алдында қадалып отырған Колчакқа бұл әлі жүзін тіктеп қараған жоқ.
— Генерал, саған мен де ренжіп қалдым, — деді Колчак.
— Түсінем. Темекіңіз бар ма?
— Пожалуйста.
— Рақмет! Мәртебелі тақсыр, мені соғысқа жіберуіңізді өтінем.
— Жә, жә, ренжіп қалған екенсің ғой, — деп Колчак қипалақтап қысыла бастады, — әуелі, өзің дұрыстап ойландың ба?
— Ойландым.
Колчак шай алғызды. Жаңағы көңілсіз әңгімені ұмыттырғысы кеп, әр нәрсені бір айтты. Генерал Чернов айтқанынан қайтпайтын түрін танытып, үнсіз тұнжырап алды. Ақыры көндіре алмаған соң, оны осы армияға қолбасы ғып тағайындап еді. Сонан бері бір ай өтті. Қазір өзіне-өзі қожа. Колчактан да, Жоғарғы Ставканың жылпылдаған жас офицерлерінен де аулақтап, іргесін бөлек салып алды. Тек Омбыдан қашықтап кеткелі армияны азық-түлік жағы қинады. Кейінгі кездері қырғын ұрыстар күшейіп, оқ-дәрі, қару-жарақ жағы да тақыл-тұқыл жетіспей қап жатады.
Осы жағдай жанын қинап жүргенде бір күні оны Омбыға шақырды. Омбыға келген күні кешкісін Министрлер Кеңесінің мәжілісі болды. Мәжіліске үш армияның қолбасшысы түгел қатысты. Жол соғып шаршап жеткен қолбасшылар ықылассыз, енжар отырған. Әсіресе, генерал Чернов қалғып кете берді. Басы қатты ауырып, сынып барады. Мәжіліс түн ортасы ауа бергенде аяқталды. Ұйқы басқан бойын орындықтан әзер қозғап, сыртқа шыққанда көзі түк көрмеді. Тек қараңғыға үйренгесін ғана мәжілістен тараған кісілердің есік алдында тұрған машиналарға асығыс отырып, жөнеліп жатқанын көрді.
Генерал Чернов жаяу кетті. Kip, лас қаланың жапырайған аласа үйлері ұйқыда. Терезелер көзін жұмған. Таң таяу сияқты. Көп кісі жиналған зал жапырық, ыссы боп еді. Сыртқа шыққан бойда таң алдында салқындайтын дағдылы Сібір ызғары сезілді. Көшеде тірі жан жоқ. Тек оқта-текте атты патрульдер кездеседі. Жүзбе-жүз қарсы кеп қалғанда болмаса, қараңғы көшенің бір басында кетіп бара жатқан бейсауат кісіге бұрылып барып тексеріп жатпайды екен. «Сен тимесең, мен тимен» деген енжар көңілмен ат үстінде қалғып, тас көшені тақылдатып бастырып өтеді. «Жаны ашитын бір жан жоқ. Бәрі немқұрайды қарайды» деп ойлады Чернов. Іле-шала мырс етіп күліп жіберді. «Осы сезімді Колчак төңірегіндегілер естісе, мені тірілей түтіп жер еді ғой» деп ойлады. Онсыз да осы күні көп нәрседен үндемей құтылатын боп жүр. Бүгінгі мәжілісте де қайсыбір мәселеге келіспей қарсы боп отырса да, ол бірақ жұмған аузын ашқан жоқ. Қол астындағы әскерге тікелей қатысы бар мәселе болмаса, басқа әңгімеге араласуға зауқы болған жоқ.
Ұзын столдың екі бетін ала жайғасқан кіл қасқа бас, бұғақты, семіз кісілердің арасында жалғыз бұл ғана сүлесоқ, енжар. «Тезірек бітсе екен» деп отырған-ды.
Мәжіліс соңында Омбыға одақтас елдердің елшілері келе жатқаны сөз болды. Жұрт тына қап, тегіс Колчактың аузына қарады. Осыған дейін де елшілер келеді деген сыбыс үйден-үйге тарап, қала іші құлақтанып қалған. Екі адам кездессе, амандық-саулықтан бұрын бір-бірінен «Елшілер келе жатыр дейді ғой» деп сұрайтын. Елең-алаңда көше сыпырған шалдар мен нан дүкенінің алдында өшіретте тұрған қатын-балалар, темір жол жұмысшылары құлағы түрік жүрген-ді. Енді бүгін сол астыртын хабар расталып, Министрлер Кеңесінің ресми ашық мәжілісінде, Колчактың өз аузынан естігенде, қорыққаны, әлде қуанғаны белгісіз, үкімет мүшелері демін ішіне тартып тына-тына қалды.
Генерал Чернов ұйқы қысқан көзін әзер ашып, қасында отырған көршісі — сауда министріне қарап еді; о да қапылыста соққы тигендей, тапырайған қасқа басын иығына тартып мықшия қапты. Астындағы орындық әнтек сықыр етсе де, селк ете қап отырған. Кенет ол күтпеген жерден атып түрегелді.
— Мырзалар... Мырзалар, мынау ғажап болды ғой! — деп айқайлап жіберді. Бірақ сол сәтте жым бола қап, «бұным қалай шықты?» дегендей әуелі қасындағы кісілерге, онан Колчакқа қарады.
Мына келе жатқан бай елдің елшілері. Естуі бойынша бұлардың қай-қайсысы да ана жақтағы өздерінің үкіметі атынан төтенше құқық алып келе жатыр. Колчак үкіметінің басына түскен қазіргі таңдағы қиындықты өз көздерімен көріп-біліп, қажет деп тапса қолма-қол жәрдем бере алатын шамасы бар. Ендеше, мыналардың істеп жатқаны не? Ертең елшілер келгенше Ресей басына үйіріліп тұрған қатер мен қиындық жайын осы қазір өз арасында талқыға салып ақылдасып алса қайтеді? Сирағы шығып, аш-жалаңаш отырған елі бар. Ұзақ соғыстан ақ иық болған әскерінің халі анау. Халық наразылығын күшпен басып отыр. Шыдам қаншаға жетеді?.. Онсыз да осы күні орман арасында партизандар көбейіп барады. Пара, пайда, ұрлық анау — етек алып кеткен. Heшe түрлі алаяқ сұмдар адал жандардың арасына іріткі салып, бірді бірге айдап салып, атыстырып-шабыстырып отыр. Осыны неге ойламайды? Іздесең қолға түспейтін ығай мен сығайлар — Англия, Жапония, Франция, Америка елінің төтенше елшілері Омбыда бас құрғалы жатыр.
Соны пайдаланып, елшілердің алдына келелі мәселелер қоятын орайы бар еді ғой. Оның орнына дыңдай мемлекет қайраткерлері осынша ұсақталып, ертеңгі күні қонақтарды қалай күтіп алу жайын әңгімелеп кетті. Кешегі заманда патша ағзамға арнайы қонақ боп келген мәртебелі мемлекет басшылары мен қай елдің королі, қай принціне қандай салтанат көрсетіп, сый-сыяпат істеген мәре-сәрелерін еске алды. Енді бір кезде ертеңгі қонақтарды түсіретін ажарлы үй іздеді. Сібірдің кішкентай қаласында көз тартатын көрнекті үй тіпті аз. Соған қарамастан соңыра өздері қонақ түсетін үй сәнін баяғы патша сарайының сән-салтанатымен ойша салыстырып отырып, енді бір кезде қонақ-асылар, банкеттер жайын әңгімелеп кетті. Бұған бөрі араласты. Бірінен-бірі қалысқысы келмеген кісілер Колчак алдында қонақасы жөніндегі білігімен көзге түсіп қалғысы кеп, бірінің сөзін бірі бөле бастады. Қыза-қыза келгенде Колчак алдында сақтайтын ілтипат, ибалығын да ұмытып, дабырлап кетіп еді.
***
Генерал Чернов Омбыда ана шаруа, мына шаруамен шырғалып жүргенде оны Жоғарғы Ставкаға шақырып алып, Түстік Армияның алдына жаңа міндет қойды. Бұл бұйрық бойынша Черновтың армиясы бұған дейінгі шабуыл бағытын өзгертіп, ендігі жерге Орск арқылы қазақ даласына кіруге тиіс. Сонан ары қараған жерде темір жолдан бір сәт табанын аудармай, күншығысты бетке ұстап, үнемі ілгері жылжып, қазақ даласына дендеп кіріп, жолында кездескен қарсылықтарды күшпен басып отырып сонау шалғайда жатқан Ташкентке, онан Хиуа, Бұхараға жетуге тиіс. Ал олардың ар жағында Каспий теңізінің күллі күншығыс жағалауына әмірін жүргізіп тұрған ағылшынның экспедициялық корпусына жеткесін, сол арада дереу кемеге отырып Махашқаладан түседі. Оның ар жағында қол созым жерде, Қырым жарты аралында дәл осы кезде Мәскеуге шабуыл жасауға әзірленіп, жер қайысқан қарулы күштің бас-аяғын жинап жатқан барон Врангельге қосылады.
Бұған Чернов келіспей, қасарысып отырып алды. Келесі күні де Жоғарғы Ставкада қызыл өңеш боп айқайласып, түк шығара алмағасын Чернов өзінің қашаннан бері қанжығалас көрі досы — генерал Рошальға барды. Колчак ставкасында бұны қолдайтын жалғыз кісі осы. Бұл және көктемдегі сәтсіз шабуылдан кейін Колчактан ендігі жерде ұрыс тактикасын өзгерту керек деп қатты талап етіп жүрген кісі-тұғын.
Генерал Чернов келгенде мына хабарды есіткен көрі досы қып-қызыл боп ашуға булығып отыр екен.
— Армияңның жайын есіттің бе?! — деді ол есіктен кіріп келе жатқан Черновқа.
— Бұл өзі кімнің басынан шыққан ой?
— Кім дерің бар ма, қазір білгіш көп.
— Колчак па?
— Кім білсін?! Нокс па, басқа ма?.. Кім болса да, бірақ әмір Колчактың атымен беріледі ғой.
— Түсінбеймін. Колчак әскери кісі ғой, тап қазіргідей Ресейдің тағдыры қыл үстінде тұрғанда қолда бар қарулы күшті шетке шашау шығармай, бір жерге басын қосып ұстау керек емес пе? Бұнысы несі?
— Оны Колчак сені мен менен кем түсінбейді. Бұл арада басқа бір жағдай бар.
— Қазір бәрімізге ортақ бір ғана жағдай бар емес пе? Қызылдардың шабуылын тойтарып, өлсек-тірілсек те өзіміз шабуылға шығуымыз керек қой. Самар мен Саратовты алып, биыл қалайда. .. қайткен жағдайда да Деникин әскеріне қосылмасақ, біздің бар үмітіміздің күлі көкке ұшты дей бер.
— Сенің өлі дәмең зор екен.
— Ал, сен ше?..
— Бізге не қарап тұр?
— Сонда бұлардың теріс істерін де дұрыс дей береміз бе?
— Амал қайсы?.. Сені мен біз қазіргідей қиын кезде бар әскердің басын бір жерге қосып, күшімізді біріктіріп алсақ дейміз. Олар түстік армия Орынбор темір жолының бойымен жылжып, Ташкент, Бұхара, Хиуа арқылы Каспий асу керек деп Колчак атымен әмір береді. Оны орындамасқа шараң жоқ. Орындайсың.
— Омбыға қатер төніп жатқанда қайдағы Каспийде не бар бізге?
— Оны Нокстен сұра.
— Но-кс?
— Иә, бұл планның сырын сол біледі.
— Түсінсем не дейсің? Сонда бұл ой Колчактікі емес...
— Әрине, Нокстікі. Оның ар жағында Англия, Франция, Жапония тұр.
Генерал Чернов кәрі досының қасіретке толы қажыған жүзіне «Енді кәйттік?» дегендей ақылы дал боп қарап тұрды да, бос орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Сосын алақанымен маңдайын арлы-берлі ысқылап үнсіз отырып қалды:
— О, Тәңірім! Соңырағы халіміз не болады? Қайдағы бір туземецтердің арасында, сахара шөлде қырыламыз ба? Апырай, бұларға не болды? Бірі құлақ аспайды. Енді не істедік?
— Сен тезірек қайт.
— Өзім де асығыспын, бірақ, Николай Андреевич...
— Менің қолымда не тұр? Билік аналарда. Сенің де, менің де тағдырым солардың қолында.
— Ендеше, жүріңіз, адмиралға барайық.
— Түк те шықпайды!
— Неге? Соңыра Омбыны қорғау үшін де әскер керек емес пе?
— Керек. Бірақ есіңде болсын... Жә, құрысыншы. Көзің жетсін, жүр, сөйлесіп көр.
Бұл күндері Верховный Правитель күндіз одақтас елдердің елшілерімен бірге боп, Жоғарғы Ставкаға қас қарайғасын ғана бас сұғып жүрген-ді. Колчакты күні бойы күткен генералдар кешке қарай қарындары ашқасын театр маңындағы кафеге барды. Бұнда да ұзақ отыра алмады, алдына келген асты апыл-ғұпыл ішіп сыртқа шықты. Шет жақтағы қараңғы, лас көшелерді қойғанда, бұл қаланың ең көрнекті көшесі — Любинский проспектімен де күн батқасын жан адам жүрмейтін. Көше бойындағы бағаналарда әлсіз фонар жарығы сығыраяды. Анда-санда қала тыныштығын күзеткен бірен-саран атты әскерлер ұшырасады.
Бұлар жым-жырт көшемен үнсіз келе жатқан-ды. Бағана басында сығырайған тағы бір фонарға жақындап келе бергенде Чернов әлдене дегісі келгендей, қасында отырған серігіне көз тастап еді. Генерал Рошаль қай кезде де етшең болатын. Былайғы кезде де кительдің жағасын жапырып, алқымына сыймай тұратын майлы бұғағы рессорлы арба шайқалғанда дірілдеп, қолы, иығымен бірге бүкіл май басқан ауыр денесі шайқалақтап қалады екен.
— Николай Андреевич, денсаулығың қалай? — деді Чернов.
— Оны ойлап жүрген мен жоқ. Айтқандай, сен қашан қайтасың?
— Ертең-бүрсігүндері...
— Менің ұлым Евгений сенімен бірге кетем деп отыр. Айтқанды тыңдамайды, көнбей қойды.
— Балаң маған ұнайды.
Қарт генерал үндемеді. Азырақ отырып барып:
— Жалғыз балам ғой, өзің қамқор боларсың, — деп бұның қолын сыртынан ақырын қысты.
Колчак үкіметі бұрынғы Омбы генерал-губернаторының сарайына орналасқан-ды. Бұларға кірер жерде іштен шығып келе жатқан Каргинская қарсы кездесіп қалды. Еркек атаулы алдында еркелеп тұратын Омбының атақты әншісі мына екі қарт генералға да миығына күлкі ойнатып, қылымси көз тастады да, іркілмей өтіп кетті.
— Адмирал өзінде екен, — деді Рошаль.
— Оны қайдан білдің?
— Жаңағы бикеш сонан шықты. Есіңде болсын, Нокстен кейінгі Омбы үкіметіндегі мықты — осы бикеш.
— Болса болар. Орыс патшасын қашанда еркек басқарып, әйел билеуші еді ғой.
Колчактың есігі алдында отырған көмекшісі — уыздай жас офицер бұл екеуіне ілтипат білдіріп, лып етіп атып тұрды.
— Адмирал өзінде ме?
— Азырақ күте тұрыңыздар.
— Іште біреу бар ма?
— Иә, Бобкин.
Чернов бетін бұра бере мырс етті. Сүйтті де, өздерінің беті қайтып қалған биік ақ сыр есікке арқасын беріп теріс қарап отырды. Бобкин жуық арада шыға қоймады. Шыдамын тауысқан генерал Чернов әлсін-әлі бір тұрды, бір отырды. Сосын сағатқа қарады. Ана жолы да адмиралдың кабинетінен шықпай, дәл осы бүгінгідей ұзақ отырып алған Бобкинді күтіп, әбден зықысы шыққан-ды. Бір көргеннен-ақ осы неменің бұған бас қондырысы ұнамап еді. Үйрек бас. Қамыт аяқ. Рас болса, бұл өзі поляк көрінеді. Арғы атасы кезінде патшаға қарсы көтеріліске қатысып, Сібірге жер аударылған. Ол кездегі фамилиясы — Бонишевский. Бергі жағында Бобкин боп өзгертіп жүрген бұның әкесі болуы ықтимал.
Жә, қалай болса да Колчак үкімет басына келген күні осыған дейін бүкіл Омбыда тірі жан білмейтін осы бір мұжық тақылеттес можантопай кісінің де Сібір аспанында жұлдызы жарқырап шыға келді.
Омбы үкіметінің шаруашылығын басқаратын Бобкиннің ресми қызметі шамалы болса да, қазіргі құдіреті, тіпті, әлемет. Омбыға келгелі осы кісі жөнінде Чернов талай қызың әңгіме есітті. Бұл өзі шала сауатты, дөрекі, доғал басымен замана ағымын аңғаруға келгенде соншалық жүйрік көрінеді. Былайғы жұрт патша құлаған күннен бастап екіге қақ жарылып, бірі — жолымыз болды, енді қарық болдың, кенелдік деп күпсісе, екінші жарты — су түбіне кеттік, құрыдың деп, дүниеден баз кешіп, қаралай түңіліп жатса, бұл солардың бірде-біріне араласпай, үн-түнсіз жүріпті де, қалайда, әйтеуір ығытын тауып, Колчактың іші-бауырына кіріп ала қойыпты. Қай дәуірде қалай өмір сүрудің ретін көкірегі көш жерден сезіп тұратын Бобкин патша тағы құлап, патшалық жойылғанмен, елді, жерді билейтін біреудің болатынын білген. Керек болса, осы дүниенің, тіпті, тас-талқан тал-берені шығып қирап, аты-заты өзгеріп, қаласа, ол Керенскийдің «Уақытша үкіметі» атана ма, не әлде Колчактың «Сібір үкіметі» атана ма, мейлі. Соның бәрінде де жалғыз кісі қожалық етсе болғаны. Қалған көптің бәрі бұның, Бобкиннің дәл өзіндей малай. Онан гөрі кішірек орындағы шағын лауазымдылар да малай. Ал олардың арғы жағындағы сонау шұбартқан қара нөпір көп халық болса-болмаса да, дәл бір ұрыға тоналған кісідей байлық-барлықтан, атақтан, шен-шекпеннен жұрдай болған өңшең қара сирақ малайлар.
Соны білген Бобкин бүкіл Сібір үкіметінде бір ғана кісінің құлқын табуға тырысты. Соның құлқын тапса, соған қызметі болғаны, Омбы үкіметіндегі қалған көп малай, тіпті, әрілесе, шен-шекпені бар малайлар да бұған түк істей алмасын білді. Қызметі Колчакқа жаққасын ол енді қалған жұртты көзіне ілмеді. Тіпті, керек десе Колчактың өзі көтерген кейбір жылпос жас министрлер сөз бола қалса, бұл беті-аузы тыжырынып: «Әй, соны қойшы. Оның қалай жоғарылап жүргенін білем», — деп қолын бір сілтейтін. Шынында да, Бобкин «үкімет» мүшесі боп жүрген пысықайлардың қайсысы қандай жолмен жоғарылап өсіп жатқанын білетін.
— О, Жасаған! Бұл дүние не боп кеткен?.. — деді Чернов. Қарт генерал көзін ашты. Аузын алақанымен басып есінеп алды.
— Дүние бұрын қалай болса, қазір де солай. Түк өзгерген жоқ. Нокс пен Каргинскаядан кейінгі Омбы үкіметінің қазіргі мықтысы осы кісі.
— О, Тәңірім!.. — деді Чернов күрсініп: — Құдіретің күшті ғой сенің.
Қарт генерал күлді:
— Жер тәңірісінің қасында көк Тәңірісі түк болмай қалды ғой.
— Иә, иә, Тәңірінің тірі жанға жазығы жоқ. Дүниені бүлдіріп жатқан мыналар.
— Тіпті, тергеусіз кетті. Қалай бүлдірсе де, орнынан қашан түсіп қалғанша, бұлардың бір ісін теріс деп айта алмай, ішіңнен тынасың да жүресің.
— Қызықсыз, Николай Андреевич. Теріс істесе Тәңірі бола ма? Құдайлар қателеспейді ғой.
— Тек осы құрғырлар көбейіп барады. Көкте бір Құдай, жерде бір бастық болса қандай жақсы болар еді.
— Қазір өзі де соған келе жатыр. Жә, мына үйрек бас қашан шығады?
Осы кезде бұлардың беті қайтып тұрған биік ақ сыр есік дыбыссыз ақырын ашылып, арғы жағынан кеудесіне құдды көпшік тыққандай жуан денелі біреудің тақыр басы шығып келе жатты. Черновтың сөзі әсер етті ме, әйтеуір өзі күнде көріп жүрген Бобкин кенет бұған аумаған семіз үйрек сияқтанып кетті. Әсіресе, бас сүйегі былқылдақ, балапан кезінде біреу құлақ шеке тұсынан алақанымен қысып қалғандай, шынында да, аумаған үйрек бас екен. Қарт генерал бетін бұрып күліп жіберді.
Бобкин еркек қаздай қисық аяғымен екі жағына кезек аудандап, байпаң-байпаң басып кеп, өзіне назар аудармай тұрған генерал Черновтың қолын қысты.
— Сәлеметсің бе, генерал?
— Сәлем!
— Сен осы кешегі банкетте болмадың ба? Көзіме түспедің ғой?
Рошаль Черновтың жеңінен тартты:
— Жүр, кірейік. — Есік алдында отырған жас офицер лып етіп түрегелді.
Бұл екеуінің алдында тағы да ілтипатпен кешірім сұрады да: «Адмиралға сіздердің келіп тұрғандарыңызды хабарлайын», — деді.
Екі генерал бір-біріне қарап, есік алдында шарасы құрып тұрып қалып еді. Бобкин:
— Кіре беріңіздер. Қазір бір өзінен басқа ешкім жоқ, — деп, қисық аяғымен теңселе басып шығып кетті.
— Жаңағы сенімен амандасты ғой? — деді Рошаль.
— Онда тұрған не бар?
— Сірә, жоғарылайтын шығарсың.
— Түсінбедім.
— Сөзсіз жоғарылайсың. Жаңағы үйрек бас иісті алыстан сезеді.
— Амандасқанын айтасың ба?
— Сол аз боп тұр ма? Осы кісіні жек көрем. Жек көретінімді оның өзі де біледі.
Генерал Чернов осы үйрек басты көптен бері біледі. Оның өмір жөнінде, адам баласы жөніндегі ұғымы мен түсінігі тым тұрпайы екенін де білетін. Оның ұғымында жер басқан жан екіге бөлінеді. Бірі — бастық. Екіншісі — малай. Бобкин өзінің малай екенін біледі. Ол бірақ оған арланған да, қорланған да емес. Үйткені, күллі Омбы үкіметінде адмирал Колчактан басқаның бәрі малай. Министрлер де малай. Сол өңшең малайлардың ішінде басқаларға қарағанда бұл қайта адмирал алдында өзін күлшелі баладай еркін де, еркелеп те ұстайтын қадірлілеу малай көретін. Бобкин өзін әлгілердің жек көретінін біледі. Олардан да басқа Омбы үкіметіндегі бір-бір портфель ұстаған сонша көп малайдың бәрі-бәрі бұны жек көретінін, тіпті, қайсыбірінің атарға оғы болмай, шарасы құрып жүргендерін де біледі. Бұл бірақ ренжу орнына әлденеге ішінен насаттанып, мырс етіп күлетін де қоятын. Әйтсе де, кісіге өзінің малай екенін сезіну қандай қиын. JIac бірдеңеге тұла бойын былғап алғандай, кісінің өзінен-өзі жиіркенетін кезі де болатын шығар-ау. Ендеше, әлгінің өзіне ұқсамайтын кісілерге ілтипат білдіріп тұратыны сонан ба? Егер, солай болса, мына үйрек бас онша санасыз да болмас. Ал саналы кісіге малай болу қандай азап?!
— Кіріңіздер! — деді жас офицер есік ашып.
Үлкен кабинеттің тұп жағында отырған Колчактың бет өңі көмескі. Тек иығындағы адмирал погонының алтын зері күңгірт құбылады. Колчак газет ұстаған қолы тізесіне түсіп, үстіне кірген екі генералға бет өңі кірбиіп қарады.
— Адмирал мырза, менің армиям жағдайын есіткен боларсыз, — деді Чернов мейлінше салқынқанды болуға тырысып.
— Есіттім.
— Егер тез арада осы жаққа алғызбасаңыз...
— Жоқ, бұл жөнінде әңгіме қозғамаңыз!
— Ендеше, біздің халіміз келешекте бұдан да қиындайды. Адмирал мырза, сорлы Ресейдің тағдырын шын ойлайтын болсақ, келешек ұрпақтың қарғысына қалғымыз келмесе...
— Жә, генерал! Айттым ғой, бұл жөнінде, тіпті, әңгіме қозғамаңыз. Одақтас елдерге уәде беріп қойғам. Тағы қандай шаруаңыз бар?
— Ендігі жерде сіздерден қашықтай береміз ғой. Қатынас та қиындайды. Соңыра, тіпті, хабар-ошарсыз қалатын шығар...
— Жә, жә, тым сарыуайымға салынып кеттіңіз. Қиындық болады, әрине. Бірақ тап сіз айтқандай бола қоймас. Кәне, шаруаны айта отырыңыз.
— Қару-жарақ жетіспейді. Осы жолы, тым құрыса, сіздерден қару-жарақты жеткілікті ғып ала кетуім керек.
— Кейін... Ойластырып көрерміз.
— Жоқ, адмирал мырза, осы қазір болмаса, кейін мүмкін болмасын білем.
— Сіз кете беріңіз. Ана жақта әскеріңнің халі қиындап барады.
— Сондықтан да қару-жарақ керек.
— Артыңыздан іле жөнелтем. Бір обоз ғып жермен жөнелтем. Бас-көз боп апаратын сенімді офицер бар.
— Ол кім?
— Қазір осында келеді. Көресіз.
Генерал Чернов адмиралдың бұнда келіп жатқан бай елдердің бабы қатты елшілерінің көңілін табам деп басы қатып шаршап жүргенін көріп отыр. Колчак көзін көтермей, сұқ саусағымен стол шетін тықылдатып отырды да, кенет күтпеген жерден басын көтеріп алды.
— Сізге көптен бері айтсам ба деп жүрген сөзім бар еді. Естуім бойынша, қарауыңыздағы кісілердің тағдырына немқұрайды қарайтын көрінесіз. Штабыңыз жұмыс істемейді. Соғыста ерлік жасаған офицерлер мен солдаттарды орденге ұсынған әлі бірде-бір қағаз көзіме түскен жоқ.
— Ол жөнінен кінәліміз.
— Бұларың жарамайды. Адам тағдыры ойыншық емес.
Осыдан барған бойда...
Ішке подполковник Федоров кірді. Жоғарғы Ставканың кезекші генералының қызметін атқарып жүрген офицер.
— Подполковник Борисов жөнінде қандай әмір беріп едім? — деді Колчак оған.
Федоров бірден жауап бере алмай, күрмеліп қалды. Таяу күндердің бірінде Колчактың әмірімен Каргинскаяның қазіргі күйеуі Борисовке полковник атағын беру жөнінде Жоғарғы Ставкаға документ түскен-ді. Федоров: «Сұлу келіншектің күйеуі болғаннан басқа орыс әскеріне сіңірген еңбегі жоқ», — деп Борисовтың қағазын кідіртіп тастаған. Бұл жағдай Колчактың құлағына тиді. Және елшілерге қонақасы беретін күні Каргинскаяның өзі айтып еді. Қонақасыға шақырылған халық тегіс жиналып болған кезде Колчак келген-ді. Өзіне құрмет көрсетіп, қақ жарылып тұрған жиынның арасымен жүріп келе жатқан адмирал бір кезде төр жақта тұрған Каргинскаяны көріп, әдейі бұрылып барып қолына еңкейіп еді. Әнші әйелдің қолына ернінен бұрын Колчактың қолағаштай мұрнының мұп-мұздай ұшы тиіп кетті де, Каргинская қолын тез тартып алды. Колчактың көзі Каргинскаядан кейінірек тұрған Борисовке түсіп:
— Бүгін мен сені полковник дәрежесімен құттықтаймын ғой деп келсем... Ау, бұл қалай? — деп еді, Каргинская миығынан күліп:
— Менің күйеуімнен кінә жоқ, кінә өзіңізде. Берген уәдеңізді орындай алмай жүрген өзіңіз, — деді.
— Жо-жоқ, мүмкін емес... — деді Колчак. — Мен сол бойда әмір бергем.
— Ендеше, бұл Омбыда Правительді де тыңдамайтын кісі шыққан болды.
— Ол кім?
— Коля, сол... Сол өзі кім еді?
Борисов әйелінің құлағына еңкейіп сыбыр ете қойды. Каргинская күліп: — Иә, Некий Федоров... Легок на помине. Міне, оның өзі де келді, — деп, есіктен кіріп келе жатқан Федоровты иегімен нұсқаған-ды...
— Борисов жөнінде мен қандай әмір беріп едім? — деді Колчак.
Федоров түк саспаған күйі Колчакқа тура қарап тұрып, дәрежесін жоғарылатқандай Каргинскаяның күйеуінің Отан алдында ешқандай еңбек сіңірмегенін айтып келе жатыр еді; онсыз да өзін әзер ұстап тұрған адмирал:
— Ах, ты щенок! — деді түсі қатты бұзылып. Сосын Федоровтың иығындағы погонды жұлып алды да, қасында тұрған қарт генерал Рошальге:
— Мына күшікті Түстік Армияға жібер! Разжирел! Обнаглел! — деп әмір етті.
Қарт генералға салсаң да жалғыз Федоров емес, штаб маңында жүрген желөкпелердің бәрін аластап қуу керек.
— Осы жақта отырып «Жеңіс, жеңіс!» деп шуылдатушы еді. Ал енді жеңістің қандай болатынын соғыстың ішіне барғасын көрерсің, — деді қарт генерал.
Құп-қу болған Федоров погонсыз иығы салбырап, сүлеленіп басып шығып кетті...
Осы күннің ертеңіне генерал Чернов әскеріне қайтты. Омбыдан пойызбен шыққан-ды. Қайтудағы жолдың екінші күніне қараған елең-алаңда көліктерін қалдырып кеткен Қорған қаласына жетті. Қасында бір топ кісі. Ішінде ротмистр Рошаль.
Пойыздан түсіп, машинаға ауысып отырғасын да жүрістері өнбеді. Жол нашар. Және ілгері жүрген сайын қызылдар қуып келе жатқан Колчак әскерінің жаралы солдаттары ұшыраса бастады. Босқан халық. Ебіл-себіл әскер. Шұбырған жаяу-жалпы кісілердің арасында доңғалағы сықырлаған арбалар, асханалар, жүк тартқан обоздар ақырын жылжып өтіп жатыр, өтіп жатыр.
Бір кезде офицерлердің семьялары ұшыраса бастады. Көбі жаяу. Көлігі бары да келісіп тұрған жоқ. Сары ала балшыққа бауыры былғанған арба үстінде жүдеу әйелдер шүйкедей боп бүрісіп отыр. Жол бойы генерал Черновтың есінен кешегі одақтас елдердің елшілері бір сәт шықпай қойды. Омбы үкіметі қайтсе көңілін табам деп жалпылдаса да, олардың неге іштері жібімей, үн-түнсіз кеткен себебін бұл енді түсінді. Иә, олар Колчактан түңіліп кетті. Апырай, Колчак бұлардың соңғы үміті еді-ау. Бұнан да ештеңе шықпады.
***
Ақтөбе қаласын қорғаған қызылдар күтпеген жерден қатты қарсыласып еді. Черновтың әскері қаланы қоршап алатын болғасын ғана қызылдар лажсыз кейін шегінді. Күн кештете ақтар Ақтөбеге кірді. Жас майор ұрыс боп жатқан жерден құйындатып шауып кеп, қара тер болған аттың басын генерал Черновтың дәл қасына келгенде бір-ақ тартты.
— Қолбасы мырза...
Генерал қамшы ұстаған қолын көтерді:
— Адал қызметіңе рақмет!
— Рад стараться!
— Шығын көп пе?
— Әзір белгісіз. Анық мәлімет жоқ...
— Қызылдардан қолға түскен бар ма?
— Білмедім, бар болса бар шығар...
— Ротмистр Рошаль қайда?
— Қалаға бірінші боп кірген әскер арасында кетіп бара жатқанын көргем.
— Аман ғой, әйтеуір?
— Оншасын біле алмадым, қолбасы мырза.
— Тауып ал. Тірі болса, маған тез жетсін.
Майор ат басын асығыс бұрып, келген ізіне қайта салды.
Генерал Чернов соңында иіріліп тұрған нөкеріне бұрылып қарамастан астындағы ақбоз арғымақты тебініп қалды. Ақ арғымақ ә дегенде аяғын кібіртіктеп алса да, бірақ іле-шала тез төселіп, бауырын керіп, көсіле жөнеп кетті. Соңындағы үнсіз топ аттарын амалсыз қамшылап, текіректеп желіп отырды. Ішінде Еламан бар. Рза мен Әли қасынан екі елі қалмай, қатарласып үзеңгі қағысып отыр. Елде қалған мал-жанды сылтауратып, бұл жерден бас аманда тезірек кеткісі келсе де, бірақ генерал кідіртіп жүр. Әдепкіде одақтас елдердің әскери мамандары келеді деп іркіп еді. Кейінгі күндері олар келмейтін бопты деген сыбыс шықты. Бірақ оның есесіне, штаб төңірегіндегі офицерлер арасында басқа бір әңгіме айтыла бастады. «Колчак бұларға қисапсыз көп қару-жарақ жіберіпті. Сол келгесін күшейеміз» деген сөз бұндағы жұртқа желеу боп барады. Еламанның сырт түрі салмақты. Түк білмеген кісіше қаннен-қаперсіз маңқиып жүрсе де, үйде де, түзде де құлағын түрік ұстады. Жол жүргенде генерал Черновтың қасына жақын болуға тырысады. Тақа болмағанда көп дүрмектің арасына ілесіп, атын құйрықтастырып отырады.
Еламан келе жатқан қару-жарақ жөнінде әлі анықтап біле алған жоқ. Тезірек қайтқысы кеп асығып та жүр. Бұлар кешіккен сайын Дьяковтың да зәресі қалмай жүргенін біледі. «Ақтөбеден кейін қалайда ұлықсат алып, қайтуым керек» деп түйді.
Ілгергі жақтан шаң көрінді. Іле-шала торы шолақ атты жас офицер ағызып кеп, генералдың ақ арғымағына тұмсық тірей тоқтады. Оң қолын мойнына асып апты. Ақ мәрлі сыртынан қан білініп тұр.
— Командашы мырза...
Генерал Чернов жас офицерге ренішті жүзін жартылай бұрып:
— Ұрысқа кіруіңе қарсы екенімді білесің. Әлде ерлігіңді көрсеткің келді ме? — деді ақырын, бірақ зілді үнмен.
— Кешірім өтінем.
— Қолыңның жарақаты... қалай?
— Түк те емес. Сүйегі аман.
— Бізден шығын көп пе?
— Иттер қатты қарсыласты. Кісімізді қырып алдық.
— Қолға түскен... тұтқын бар ма?
— Жоқ.
Генерал Чернов атын тебініп қалды. Жас офицер қолбасымен қатарласып келе жатып, артына әлсін-әлі жалтақтап қарай берді.
— Мынау... кім?
— Біздің одақтасымыз.
— Ханба?
— А?
— Сізге қырғыз-қайсақтың ханы келді деп естіп едім.
— Кішкене көңіл делбеп қою үшін оны осылай атағанымыз да дұрыс болар, — деді Чернов езу тартып.
Жас офицер қолбасының арғы жағындағы ащы мысқылды аңғарған жоқ. Ол тек мына сары ала иық нөкердің арасында бұндағы бір жаннан қымсынбай, өзін емін-еркін ұстап келе жатқан ала көз қазаққа қараған сайын: «Хан болса болар» деп ойлады. Үстіндегі киімдері де ханға лайық. Ептеп шалғысына ақ түскен қою қара мұрты да ана қоқаң мұрны мен ер тұлғалы ірі бітіміне үйлесіп тұр. Ана қарашы, қасындағы бір кісіге ден қойып қарамаса да, жол үстіндегі бар қыбыр-жыбырды ала көздің қиығымен бақылап келеді. «Жұрт айтатын шығыс халқының зымияндығы» деп түйді ішінен.
— Мырза! — деп генерал Чернов соңындағы көп нөкердің арасында келе жатқан Еламанға мойнын бұрды. Еламан атын тебініп қатарласа берді.
— Мырза, танысыңыз, ротмистр Рошаль. Менің қатты сыйлайтын досымның баласы.
Еламан жас офицердің бет өңіне алғаш рет анықтап қарады да, көзін тез тайдырып әкетті. Сонан соң қамшы ұстаған қолын кеудесіне қойып, құндыз бөрік киген тәкаппар басын тағзым етіп сәл иді.
— Мәртебелі мырза, сізбен танысқаным үшін өзімді бақытты санаймын.
— Мен де.
— Досымның досы маған да дос.
Ротмистр Рошаль бұған орай қалай жауап беру керек екенін білмеді. «Туһ, сайтан алғыр» деп іштей ыңғайсызданып, қысылып қалды да, қара мұртты қазақтан көзін қашырта берді.
Еламан бір көрген кісісін ұмытпайтын. Мына жас офицерді көргенде оның есіне ана жылғы түрік жері түсті. Қақаған қыс. Қар басқан таулы-тасты дала. Сүзек тиіп қырылған жұмысшы батальоны. Өлген-тірілгеніне қарамай түрік жеріне ілгерілеп сұғынып кіріп бара жатқан орыс әскерінің соңынан ілесіп отырып қару-жарақ, азық-түлікпен қолма-қол жабдықтау аса қиындаған бір кезде кейінгі жақтан жұмысшы батальоны келді. Қазақ, өзбек, қырғыз жігіттері оқ пен оттың ішінде сүрініп-жығылып жүріп, түріктер қиратып кеткен темір жолды қайта салып жатты. Әлсіз кісілердің ісі өнбеген соң орыс әскерінің жоғарғы бастықтары бұларға бір эскадрон әскерді көмекке жіберді. Райжан сүзектен тұрған, әлсіз. Тарғыл бет солдат... әй-шай жоқ, оны қамшымен бетіне тартып қалды... Сондағы атты әскер эскадронын бастап әкелген уыздай жас командир осы! Осының дәл өзі! Сондағысынан бет өңі өзгеріп жарымаған. Дәрежем де өспеген. Сол жолғы Рошальдың астындағы қара қасқа атқа дейін есінде. Еламан бірақ бұл офицердің өзін танымасын білді. Есіне салып айтып берсе де білу-білмеуі неғайбыл.
— Қолыңыздың қаны тыйылатын емес қой, — деді Еламан.
— Иод жағу керек.
— Жоқ, киіз күйдіріп басқан жақсы.
— Не?!
— Киіз күйдіріп басу керек. — Ротмистр Рошаль күлді.
— Еркіңіз білсін, — деді Еламан.
— Қазір дәрігерге дұрыстап таңғызып алам.
— Генерал сізді жақсы көреді екен.
— Әкем екеуі бала кездерінен дос.
— Әкеңіз қайда?
— Омбыда. Осы сіздің есіміңіз?..
— Тәңірберген.
— Қалай... Қалай дедіңіз?
— Тәңір-бер-ген.
— Танир... бр-р-бр-р... туһ, сайтан алғыр! — деді Рошаль күліп.
— Оқасы жоқ.
Осыдан кейін бұл екеуі тақым жазбай қатар жүріп отырды. Генерал Чернов анда-санда артына бұрылып, бұл екеуіне көз сап қояды. Ұрысқа кіріп шыққан жас офицердің желігі әлі басыла қоймаған. Ала көз қазақ анда-санда басын бір изеп күліп қойғаны болмаса, үндеп жарымады. Жол бойы қатты күліп, ауыз жаппай сөйлеп келе жатқан жалғыз Рошаль ғана.
— Қазақ хандарында гарем... Гарем дегеннің не екенін білесіз бе?
— Әлбетте. Бізде тек оны харамхана дейді.
— Демек, сіздерде де болғаны ғой?
— Е, харамханасыз хан бола ма?!
— Солай ма?!
— Халық хан сайламас бұрын, таққа отырғызардың алдында болашақ ханның әйелдері тұратын алтын сарай салынады.
— Қанша әйелге үйленуге хақы бар?
— Оны ханның қалауы біледі.
Ротмистр Рошаль ішек-сілесі қатқанша күлді. Онда да жарақатты қолы ауырып бара жатқасын сөл тыжырынып барып тоқтады. Еламан мына жас офицердің елгезек бала мінезін ұнатып, салмақты жүзіне сәл-пәл ғана күлкі тепсініп, жымиып қойды.
— Тан... Танир... Танирбр-р... — деп Рошаль тағы да өзінің ойнақы бала мінезіне басты, — кешіріңіз, мырза, есіміңіз қалай еді?
Бұл оның бесінші, әлде алтыншы рет сұрап тұрғаны. Соған орай Еламан да әзілге шаптырып күліп жауап берді:
— Баяғыда бізді оқытқан молладан бір бала сабақ алды. «Әліп» деген арап әрпі ұзын таяқша болады. Осы әріпті молла қағазға тігінен бір тартып қалып: «Аумаған нағыз таяқ» деп түсіндіріп еді. Жаңағы бала «әліпті» жыл бойы жаттай алмай қойғаны бар емес пе?! Молла сұраса әліптің аты аузына түспейді де, таяқ деп жауап береді. Сонымен бір жыл өтті. Келесі жылы балалар оқуға қайта жиналды. Өшігіп алған молла әліпті қайта сұрағанда, әлгі баланың «таяқ» деп жауап бермесі бар ма?! Сонда онан молла да түңіліп: «Туһ, пәтшағар! Сірә, сен таяқтан басқаны ұқпассың», — деп, қамшымен басына тартып қап еді...
Рошаль бұған тағы мәз болды, жаралы қолын ауырсынып, сау қолымен шынтағының астынан көтеріп алған. Сонан бір кезде ол күлкісінен тыйылып, былқ-сылқ бойын билеп алды. Ер үстінде дұрысталып отырды. Еламанға бұрылды. Бірінші рет осы қазір ғана көріп тұрғандай, оның басы-аяғын түгел шолып өтті.
— Жаңағы кеше шәкірттей менің де басымнан таяқ айырғың келмейді ғой, шамасы. Сондықтан сізді хан деп атауға бола ма? Сіздің ата-бабаларыңыз, шынында да, хан болған шығар?
— Иә, әкем де, әкемнің әкесі де хан болған. Менің өзім де ханмын.
— Міне, мынау Ақтөбе! — деп, бұлардың кейінгі жағында келе жатқан біреу оқыс айқайлап жіберді. Еламан жаңа байқады: қырғын соғыстан кейін босаған Ақтөбе қаласы сонау етекте, шаң мен түтін астында тұншығып жатыр екен. Әр жерден өртенген үйлер түтеп жанып, қарақошқыл түтін бұрқ-бұрқ етеді.
***
Ротмистр Рошаль Омбыдан келген бетте қолбасыға адьютант боп тағайындалған-ды. Сонан бері ол ат үстінде. Қолбасыдан қолма-қол орындайтын тығыз бұйрықты ала сала құйындатып полкке шабады. Онан ізінше кері қайтып, ана жақта алақиғаш ұрыс ішінде жүргендердің хабарын жеткізеді. Алғашқыда осы тірлігі өзіне ұнаған-ды. Кейін онан да зейіні шығып, ұрысқа жіберуін сұрап еді; қолбасы құлақ аспады. Бұл жөнінде тіпті сөйлескісі келмейтін сыңай танытқасын бұ да қасарыспады. Кейін бір сыласы болар деп ойлады да, өзінің әнебір Омбыда жүргендегі үйреншікті әдетіне басып бәйгіге тіккен басты отқа да, суға да салды. Бұл күндері ол тек жалғыздықтан ғана қорықты. Өзімен-өзі сәл оңаша қалса қайдағы-жайдағы көңілсіз ойлар басына кеп, салған жерден анасы есіне түседі. Қазір қайда екенін де білмейді. Өлі-тірісі де белгісіз. Бұрын қасында келіні болғанды. Қазір жалғыз. Қазір жұрттың бәрі жалғыз. Әкесі де жалғыз. Бұның өзі де жалғыз. Генерал Чернов та, Колчак та жалғыз. Соны тек ақымақтар ғана білмейді. Ал ақылдылар білсе де, біле тұрса да білмегенсиді. Бір есептен со да дұрыс. Өзіңді өзің алдарқат. Жоқтан жұбаныш ізде. Сенбесіңе сен. Маңдайыңа жазылған бір тұтам тірлікте тыныш өмір сүргің келсе де өзіңді-өзің алдарқат. Жұбат. Омбыдағы жалғыз жұбанышы... Күн-күнімен, түн-түнімен ішті. Қайсыбір есінен тана ішкенде болмаса, бұл қалған уақыттың бәрінде де үйге кеп қонатын. Сол күні... Иә, сол күні де таң ағарып атқанда жолдастары үйге әкеп есіктен кіргізіп жіберген еді. Сол күні қайда барғанын, кіммен болғанын білмесе де, бір ғажабы үйге келгені есінде. Су ішкісі келді. Бірақ суды қайдан іздерін білмей шайқалақтап тұрғанда көзі киімшең бойымен креслода ұйықтап отырған әкесіне түсті. Аппа басы, иығы, қолы салбырап, бүкіл бар денесі ауыр салмақпен шөгіп кетіпті. Бұл төбеге ұрғандай тұра қалды. Удай мастығына қарамастан ұялды ма, қайтті, әлдекімге сұс жайып «тсс-с», деп сұқ саусағын безей қойды. Етігін шешті. Басқа киімдерін де бір-бірлеп шешіп, көрпе астына кіріп жата қалғысы кеп еді; оған бірақ өңіріндегі түймеге қолын апара бергенде саусағы жуыспай, түймені тартқылап отырды да, сылқ етіп құлай кетті. Сонан ертеңіне түс ауа оянды. От жақпаған үй ызғып тұр екен. Әкесі жұмысқа кетіпті. Бірге тұрғаны болмаса, әке мен бала бірін-бірі көрмегелі қашан?! «Ішуді қоям. Все. Все» деді. Телефон шылдырады. Елшілердің құрметіне қонақасы береді екен. Соған бұны да шақырды. Бұл бас сұғам да кетем деп еді; көңілі кетіп жүрген ақсары келіншекті көрді де айналып қалды. Жұрт жиналып, Омбының ығай мен сығайлары самаладай жарық залда үйездеген жылқыдай үйір-үйір боп тұрғанда Каргинская келді. Қазіргі күйеуі подполковник Борисов. Каргинская кіре бергенде көз қиығы жас Рошальды шалды. Іштегілермен амандаспай жатып, бірден Рошальға барды. Басқалар сияқты бұған да басын сәл иді де, Рошаль мен күйеуі екеуінің арасында тұрған ақсары келіншекке бұрылды. Келіншектің өзінен гөрі оның үстіндегі етегі малынған мөлттей қара барқыт көйлегіне, сосын мойнындағы алқасына, алтын сақинасына қарап, сұқтанғаны ма, әлде кекесін мысқыл ма:
— Бүгін талай жігіттің жүрегін дірілдетерсің, — деді де жөнеле берді.
Атақты актриса өз басы шүберекке онша әуес емес-ті. Оның ойынша ажарсыз әйелдер ғана о жер-бұ жерін шүберекпен қымтағыштайтын. Ол, әсіресе, осындай кісі-қара жиналғанда Құдай берген сұлу денесін жұрт көзіне жалаңаштап тосуға құмар-тұғын. Сондықтан да, өзге әйелдерден гөрі, әдетте оның көйлегінің жеңі шолаң, иығының ойындысы төмен, омырауы ашық болатын. Жаңа да есіктен кіре бергенде самаладай үйдің күллі бар жарығы оның атластай аппақ кеудесінде шағылысып, жұрт назарын тартып алып еді. Жүрісі де сырбаз. Аппақ жұмыр білек дәл ана топшы тұсынан майысып, салалы саусақтарды жұрт көрсін дегендей жайып тастап, екі иықтың басын кезек ырғап, жайқаңдап бара жатты. Осы түрі құдды көзі түскен еркектің көңілін қытықтап: «Мені көр. Мені көр де өзіңнің әйеліңе қара» деп, ерлі-зайыптылардың арасына от тастап бара жатқандай.
Бұл кезде үкімет басшылары, генералдар, елшілер ұзын столдың екі бетін ала отыра бастаған-ды. Каргинская қасындағы бос орынға Рошальды шақырып еді, бұл қолын кеудесіне қойып, басын иді де, ақсары келіншектің қасында қала берді. Ақсары келіншек ырза боп, ішінен түлеп отыр.
Ықылас, пейілі түгелдей жанындағы жас офицерге ауған бикеш кеш бойы оның бауырына тығыла түсті. Онан басқа бір жанды көрген жоқ; онан басқа бір жанмен тілдескен жоқ; керек десе үйленгелі жүрген жігіті бір қызарып, бір бозарып өз-өзінен бүлініп, жарыла жаздап отырғанын да байқамады. Тіпті, оның әлсін-әлі құлағына еңкейіп, сыбырлаған ызалы сөздерін де ұқпады.
— Саған не болды? Успокойся, милый, — деп оны балаша алдарқатты да, мына жағында отырған бұған бар денесімен тығыла түсті. Бәрінен бұрын көбіне-көп оның жігітінен ысылған Рошаль тартыншақтап отырған-ды. Тұрып кетудің де есебін таппады. Әрі-берідесін оны жек көріп, бойын тарта бастады. Әсіресе, ақсары келіншектің найзадай кірпік астынан жанары жалт етіп, көзінің астынан сүзіле қарағанын ұнатпады. Дәл осындай тұп-тура кісінің сезіміне шабатын әзәзіл сиқыры бар уытты бір көзді бұл білетін. Иә, білетін. О да мұның қытығына тиіп, бір көргеннен-ақ баурап алған еді. Иә, иә, баурап алған. Сол бір тәтті ұйқы қысқандай жұмыла түсіп, жанарындағы шоқ сөніп бара жатады да, кенет бұлт астынан шыққан күндей, жүрегіңді дір еткізіп күлімдей қалатын ұялы үлкен көзді жақсы білетін. Бұл сол ұялы үлкен кездің ар жағындағы кісіні арбайтын сиқырдың сырын білмеді.
Сырт кескіні ептеп сыған қызына келетін қалың қара шаш, қара көз, арық қызға бұл бала жастан ғашық-ты. Тек сүйетінін сездіре алмады. Жас жүрек алабұртып үздігіп жүргенде, бір күні бұған қыздың өзі хат әкелді. Бұрынғыдай емін-еркін келмей, сол жолы әлденеге жерге кіре жаздап, ернін қырқып тістеп алған-ды. Көзін темен салып тымырайып келді де, әтір сепкен хатты бұның қолына ұстата салды да, үріккен ладтай ытқып жөнелді. Хатқа «Сені сүйем» деп, небәрі жалғыз ауыз сөз жазыпты. Ол кезде алды-артын ойламай, күйіп-пісіп жүретін кішкентай қыздың ғашық болғаны да қызықты. Сезімі де, кітаптан оқыған ба, әлде естияр қыздарға еліктеген бе, күлкі шақырып, сөлекет көрінетін. Сүйетінін қалай дәлелдеудің есебін таппай қиналғанда шиедей қызыл ернін қырқып тістелей беретін. Өз сезіміне өзі өртеніп, от басып жүрген арық қараторы қыз Рошаль түрік майданына жүргелі жатқанда өзін-өзі өлтірмек болды. Онысынан бірақ ештеңе шығара алмағасын ызаланып жылап жіберіп еді. Рошальды шығарып сап тұрып: «Былай шыққасын оқы», — деп қолына хат ұстатты. Бұл жолы қыз ғұмырлық адал жар болатынына айғақ ретінде қолын қанатып, «некелі жарың» деп, қанымен ақ қағазға екі ауыз соз жазған екен.
Екі жылдай майданда боп қайтып келгенде, ол баяғы тұлымы желкілдеген ап-арық қызды танымай қалды. Бұл қанша күйіп-жанса да, қыз оған бұрынғыдай өліп-тірілген жоқ. Қайта, бұл шақта балғын тартқан бойын жұрт алдында шалқалай ұстап, шағын ғана муфтадан жел тимеген ақ сүйрік саусағын ақырын шығарып, жігітке созды.
Рошаль қыз үстіндегі киімдерден бұрын-соң әйел баласынан көрмеген сән байқады. Мөлттей қара берен пальтоның жағасы мен жеңінің аузына асыл сусар бастырған. Сусары аса жалпақ та, аса жіңішке де емес. Басында да қара берен шляпа. Бір бүйірін үлпілдек үкімен оқалап тастаған шляпа астынан қалың қара шаш бұрқырап бұйраланып тұр. Қыз сәніне көзі түскенде бұл өз бойынан қысылатын. Әсіресе, алғаш кездескенде аузына сөз түспеді. Қыз да шын сезімін сыртына шығармай, оңашада кездескенде көзің тәтті ұйқы қысқандай жұмылып кете беретін. Бұған да біртүрлі кірпік астынан алыстап бұлдырап қарайтын әдет шығарып еді... Керенский құлағасын Петроградтың бір алаяғымен шет елге кеткенін бір-ақ есітті. «Иә, қазір жұрт бір-бірінен қашып жатыр» деп ойлады Рошаль. Ертеден бері қасындағылармен ісі болмай, жалғыз өзі ішіп отырған-ды. Көп ұзамай қызып қалды.
Бұл кезде біраз тост көтерілді. Біраз арақ-шарап ішілді. Әдетте бір-жар рюмкадан кейін көңілденіп сала беретін стол басы бұл жолы аяз қысқандай, құрысы жуық арада тарқамады. Рошаль байқап отыр. Колчак та соны сезген болу керек, Америка елшісіне бұрылып, көңілдендіргісі келді ме, күлдіргі бір әңгіме айтып еді, онан бұрын өз сөзіне өзі күлді де, ал елші міз бақпай сазарып отыра берді. Стол басындағы кісілер ыңғайсызданып қалды. Америка елшісіне ағылшын елшісі ренішпен қарады. Осы кеш, әсіресе, Франция елшісі Колчакқа ерекше ықылас білдіріп, жалпылдап жатыр. Колчак «үкіметіне» өзгелерден гөрі осының жаны ашығыш екенін Рошаль білетін. Онан басқаларының да жайы бұған қанық; ана бір жолы әскери делегация құрамына ілесіп Владивостокта болғаны бар. Олар жөнінде естуі де көп. Мәселен: сэр Эллиот орысша таза сөйлейді. Онысын орыс халқына өзгелерден гөрі өзінің бір табан жақындығын танытатын туыстың белгісіндей көріп, әрдайым паш етіп жүреді. Сөз төркінінен бүкіл Шығысты, оның ішінде, әсіресе, Шығыс Сібірді жақсы білетіні аңғарылады. Граф Мацудайра бұлардан бөлектеу. Жапон дипломаты екені сырт түрінен де, сөйлеген сөзінен де, айран шайқаған местей былдырлаған тілінен де көрінеді. Тілдесіп отырған кісісіне сырын алдырмай, ішінің бір астарын бүгіп қала беретін. Көзілдірік киген қысық көзін кісі жүзіне салмай, шолақ ерін астынан екі қасқа тісі ырсиып шығып, жылтыр жүзі жымиып қана тұратын. Бір кісінің сауалына тура жауап бермей, сөз арасына сөз салып, түлкі құйрықтандырып бұлтарып кете береді. Сұраққа жауап бергеннен гөрі басқа кісіден өзі сұрағанды тәуір көретін-ді. Олар Колчактың алдына жиі барып, жымиып күлгенмен, Америка елшісінің әлгі астамшыл ірілігінен кейін Рошаль бұлардың бірде-біріне сенбеді. Ресей жерінде орыстың дәм-тұзын татып, одақтас болғансып жүргенмен, ойлары бұзық; бұл елді өз елімен терезесі тең көрмейді. Қазіргі Ресейге дәл бір қаны сорғалап жараланып жатқан ірі аңның үстінен шығып, әрқайсысы әр мүшесін бөлісіп алғандай, осылардың қай-қайсысы да қызылға үймелеген жыртқыш. Анық жыртқыш.
Ротмистр Рошаль сұлу бикештің жиын ішінде жалғызсырап қалғанын байқамады. Екі иығының басы түсіп, тұнжырап отырып қалған-ды. Ертеден бері Рошаль мен ақсары бикешті бағып отырған Федоров дәл осы кезде түрегелді. Стол басында отырған жұрттың сырт жағын айналып кеп, ақ сары бикештің құлағына еңкейіп:
— Мына ротмистрді погонның бүлдіріп тұрғанын көрдің бе? Әйтпесе, Иванов марқұмның «Сахарадағы Христосынан» несі кем? — деп күлді. Бұ да осы бикеште көңілі бар жігіт. Сондықтан оның алдында Рошальды әрдайым кекетіп, сүйкеніп жүретін әдеті. Рошаль түрегелді.
— Күл!.. Күл! — деді Федоровке.
— Е, несі бар? Жаназада отырғанымыз жоқ қой.
— Орыс халқының жаназасында отырсаң да, сенің ойыңа кіріп шығады дейсің бе?
— Ақымақ! — деді Федоров.
— Күл! Күліп қал. Шет елдің табаны астында тапталып жатқан халық арына да күлерсің сен.
Федоровтың араққа қызып алаурап алған беті кенет қаны қашып құп-қу боп кетті. Бірақ Рошаль тілге келмей бұрылып жүре берді. Федоров шалғайласа еріп сыртқа шықты. Ақсары бикеш те олардың соңынан іле-шала жүгіріп, Рошаль мен Федоровтың арасында тұра қалды:
— Мырзалар, бұларың ұят! Құдай үшін өтінем, қойыңыздар. Сырт кісінің көзіне түсіп, масқара боп қаларсыздар.
— Кешірім өтінсін. Әйтпесе, мен бұл балаға...
— Ер кісіде ірілік болу керек. А вы плебей, — деді келіншек.
— Не дедіңіз? — деді Федоров.
— Ештеңе емес. Жүріңіз. Бірдеңені бүлдіріп алмай тұрғаныңызда бастығыңның қолына тапсырайын.
— Қаупіңіз мықты болды ғой.
— Үндемеңіз.
— Жоқ, алдымен мына күшік кешірім сұрасын, — деді Федоров қасарысып.
Рошаль әлгі бір ауыр ойдан өлі де арыла қоймаған-ды. Жарылап шеккен темекіні лақтырып жіберді.
— Кешірім сұратам деп әуре болма. Сосын, бұл арада жанжалдасудың қажеті болмас. Ертең де күн бар. Ертең қалаған жеріңде кездеселік, — деп оған қолын созып еді, Федоров қолын бермей, бірақ қыр көрсетіп:
— Болсын!.. — деді де, ақсары бикешпен қоштасып кетіп қалды.
Оңаша қалғаннан кейін сұлу бикеш Рошальдың қолынан қысып ұстап алды.
— Мұның арты немен тынар екен? — деді ол жас жігітке жабысып тұрып.
— Ертең көрерміз.
— Әлгіден қорқам...
— Ал мен сұлу келіншектердің күйеуінен ғана қорқам, — деп ол күлді де, бикешті қолтығынан алып, бұл кезде би басталған кең залға беттеді.
***
Ақтар Ақтөбені алған күннің ертеңіне Еламан ерте тұрып, генерал Черновқа барды. Өзіне иегімен нұсқаған бос орындыққа отырған соң: «Мен елден шыққалы да біраз бопты. Мал бар. Жан бар. Шөп шабатын да мезгіл болды. Ұлықсат етсеңіз, қайтайын», — деп еді, генерал Чернов үнсіз қостап бас изеді. Колчак үкіметі атынан Еламанның кеудесіне медаль тақты. Осы қазақтың ықыласын өздеріне аударғысы келген генерал ырза қыла түсейін деген ниетпен Рошальға біраз ұзатып сал деп кеңес берді.
Осы офицерді тұтқындап ала кеткісі келген Еламан жол бойы қатар келе жатып оған бірнеше рет көз тастады. Рошаль бүгін бір түрлі жабырқау. Жолға шыққалы жұмған аузын ашқан жоқ-ты. Кенет Рошаль мырс етті. Көлденеңнен көз салған Еламан жас офицердің бет өңінде тұрып қалған ащы мысқылды байқады.
— Федоров деген бір досым бар еді, — деді Рошаль күліп.
— Оның кім? — деді Еламан, аяқ астынан көңілденіп. — Баяғыда «әліпті» таяқ деп молладан таяқ жейтін баладай біреу емес пе өзі?
Рошаль бұл жолы әзілге ыңғай бермеді. Бет өңіндегі әлгі бір ащы ыза ақырын-ақырындап сөніп, салқынқанды, сабырлы кескінге ауысты.
— Жоқ, ол ондай кеще емес. Сіз бен бізге де ұқсамайды. Ол өзі әскер үшін жаралған жігіт.
— Офицер болды ғой?
— Иә, офицер. Сіз түсінесіз бе, жоқ па, білмеймін, әскери кісілердің тілінде «рубака» деген сөз бар.
— Е, пәлі! Ондай кісіні қазақтар «Шаш ал десе, бас алады» дейді.
— Сіздерде тіпті дәлірек айтқан екен. Менің досым соның нағыз өзі.
— Бала ататегіне тартады ғой. Не қылса да досыңның әкесі де қылышынан қан тамған әскери кісі болған шығар?
— Ол арасын білмедім. Менің естуім, әкесі әскер қатарында болмаған — купец. Қазақ өлтіріпті деп есіттім.
— Бір жазығы болған да. Зәбірі өтіп кетті ме, кім білсін, әйтпесе орыс байына қазақ қол көтермейді ғой.
— Мүмкін.
— Рошаль мырза...
Cap желіп келе жатқан ат басын Рошаль сәл тежеді. Бірақ жүзін Еламанға бірден бұра қоймай, бүгін Ақтөбеден шыққалы тор шолақ аттың алдында таяқ тастамдай жерде ұшып-қонып, құйрығы қылпылдап отыратын да қоятын сары шымшықты бағып қалды.
— Ол досыңыз қайда? — деді Еламан. — Осында ма?
— Жоқ. Жолда келе жатыр.
— Жол-да?
— Иә, Омбыдан шыққан обозды басқарып келеді.
— Қанша мақтасаң да әкесі сияқты о да шаруашылық жағында жүрген біреу болды ғой?
— Жоқ, ол нағыз жауынгер командир. Омбыдан қару-жарақ әкеле жатыр.
— Е-е!
— Мырза, біз алдағы уақытта тағы да кездесіп қалуымыз мүмкін.
— Қалай?
— Біз Аральскіде боламыз.
— Қашан?
— Көп ұзамас.
— Е, онда дегендей... біздің үйде қонақ боп дәм татарсыз.
— Танир... — дей түсті де, Рошаль кілт тоқтады. Осы бір есімге әр кездегідей тілі келмей қысылып, — мырза, осы бір кішкентай құсқа қараңызшы, — деп қамшы сабымен сары шымшықты сілтеді.
— Е, бұл бір жазықсыз сорлы. Кісіге үйір. Әсіресе, жолаушылап жалғыз келе жатқан кісіге кәдімгідей қара.
— Мен де соны айтайын деп едім. Кейбір үлкен теңіздерде кемені қайырға соққызбай, алдына түсіп бастап отыратын лоцман деген балық болады. Мына шымшық мінезінен соны аңғарам.
— Есітпеген елде көп деген...
— Не дедің?
— Жаңағы балықты айтам, — деді Еламан. Рошаль жортып кетті. Жалғызаяқ жолмен тырнадай тізіліп келе жатқан кісілердің алдына түсіп алып, осыдан қашан ілгері жақтан кішкентай қаланың аласа үйлері жыпырлап қоя бергенше тартты да отырды. Жапан түзде жетімсіреп отырған жұпыны қаланың шеткі көшесіне кірді. Көзіне басып киген фуражканың күнқағары астынан оңы мен солына бірдей назар салып, қай үйге тоқтасам деп келеді. Қызылдардың жуық маңда жоқ екенін біледі. Өз есебі бойынша бұл арада Алашорданың отряды болуға тиіс. Рошаль қаланың орталығындағы еңселі биік үйге ат басын тіреді. Үсті-басының шаңын қақты. Беті-қолын жуды. Сонан соң қасына екі жас офицерді ертіп, кішкентай қаланың шет жағындағы өзбек байының асханасына барды. Ертерек бір кезде кірешілерге ілесіп келе жатып әлдеқалай адасып қалған өзбек жігіті қазіргі күнде қанасына кеп байып алған. Аласа үйдің іші көк ала түтін. Қатығы аз болған соң тұз бен бұрышты басып салған көк жасық астың иісі үй ішінің азғантай ауасын тарылта түсіпті. Tөp жақ столда отырған екі орыс жігіт қызып қапты. Екеуі екі қыздың төсіне басын салып, жыртылып-айырылған жарқыншақ дауыспен өздерінің аузына осындайда түсетін «Очи черные» деп үйді бастарына көтеріп жатты.
— Көңілсіз емес сияқты, — деді жас офицерлер күліп.
Ротмистр Рошаль үй ішіне көз тастап өтті де, жаңағы жас жігіттердің қасындағы бос столға кеп отыра берген-ді. Стол үстінде құжынаған қара шыбындар ду ете қалды. Масаң жігіттер бастарын көтерді. Ертеден бері ұрынарға қара таба алмай іші пысып отырғандай, бірден бұларға тиісті.
— А, офицер мырзалар...
— Алтын иық төрелер...
— Қош келдіңдер... сендердің денсаулықтарың үшін, ха-ха!
Рошальдың жанындағы бір жас офицер қып-қызыл боп атып түрегеліп еді, Рошаль оны етегінен басып тоқтатып қалды:
— Отыр!
— Мына иттердің...
— Қайтесің?!
— Жоқ-ау, қорлығы өтіп барады.
— Көне бер. Ертең мұнан да ауыр қорлықты көресің, — деді де, ротмистр Рошаль есіктен еңкейіп кіріп келе жатқан ірі, қара бұжыр кісіге қарады. Жалғыз Рошаль емес, жұрттың бәрі алдарындағы асын қоя сап, мына бір түр-түсі бөлек кісінің жойқын зор бітіміне қарады. Өзінің шашы өсіп, бет-аузын сақал-мұрт басып кеткен. Үстіндегі киімдері де біртүрлі. Қай киімі де өзіне лайықтап тікпей, басқа біреудің иығынан сыпырып алып кигендей. Бұтындағы шалбардың шолтиған балағы сіңірлі жуан сирағының тұсарлығын жабуға жарамай, бура сан балтырдың бұлшық еттері жүрген әзірде бұлт-бұлт ойнайды. «О, ғажап! Мынау нағыз гладиатор ғой» деп ойлап, Рошаль зор денелі кісіден көзін айырмай отыр.
Асхана қожасы — домаланған семіз қара өзбектің де есі шығып кетіпті. Бейне бақшасына түйе түскен диқаншыдай, қара бұжыр кісіге үрейлене қарады. Ал қара бұжырдың олармен, сірә, ісі болған жоқ; офицерлерден аулақтау жерге барып отырғасын официантты шақырды.
— Ақшаң бар ма? — деді официант.
— Міне, ақша! — деп бұжыр қара шалбардың қалтасын сыртынан басып-басып қойды. «Мынау орыстың көпесін өлтіргеннен сау ма?» деді асхананың қожасы ішінен. Сосын ол официантқа:
— Сұраған тамағын бер, — деді. Сосын аяғын ұшынан басып кеп, бұжыр қараның қасына тоқтады.
— Сәлеметсіз бе?
— Сен кімсің?
— Мен... Мен осы асхананың қожасымын.
— Сен де менің ақшамды тексере келдің бе?
— Жоқ, жоқ.
— Е, онда құлағым сенде. Айта бер.
— Өзіміздің мұсылмансың ба?
— Иә, мұсылманмын.
— Қазақсың ба?
— Қазақпын.
— Есімің кім?
— Оның саған қажеті қанша? — деп анау алара бір қарал еді, асхана қожасы:
— Айтпай-ақ қой... айтпай-ақ қой, — деп қолын сілкілеп шегініп бара жатты.
Бұжыр қара Кәлен еді. Түрмеден қашып шыққалы бір жеті. Сонан бері кісі-қараның көзіне түспейін деп кіл елсіз даламен жүріп, ассыз-сусыз әлі құрып бара жатқасын бұнда амалсыз бұрылып еді. Көше толған әскер екен, енді мына офицерлерді көріп қорықса да, сырт өңін салмақты ұстады. «Іші-сыртымды бірдей ғып тойып алайын, сосынғысын көре жатармын» деп ойлады да, алдына келген асты жапырып жеп жатыр еді, Рошальдерге тиісетін әлгі масаң екі жігіт түрегелді. Қыздарын қолтықтап кетіп бара жатты да, көзі бұжыр қараның алдында босап қалған ыдыстарға түсті де тұра қалды:
— Мәссаған! Азық-түлік неге құрып кетті десем... қалаға Гаргантюалар келген екен ғой!
— Гаргантюа, а-ха-ха!..
Кәлен басын көтермеді. Қыздарға сүйкімді бір қылығын көрсеткісі келді ме, қылжаң жігіттер Кәленге бұрылды.
— Әй! Әй, тамыр, тоқта!
Кәлен назар аудармады. Табақ түбінде қалған қол басындай етті қарпып асап еді, ет сіңір екен. Бұл кезде біраз әл жиған Кәлен енді ішкен астың ақысын қалай төлеудің есебін таба алмай, шиқылдаған көк жасық сіңірді асықпай ақырын шайнап отыра беріп еді, әлгі масақ жігіт:
— Мұның аузында бір қойдың еті бар, — деп күлді де, Кәленді қыл өңештен қыса қойды. Кәлен қол қатпады. Әншейін ойнап тұрған шығар деп ойлап еді; жоқ, алқымынан алған қол өңешін буындыра сығып бара жатты.
Кәлен:
— Тамыр, қой енді, — деді. Қылжақбас жігіттер қарқ-қарқ күлді. Кәлен түрегелді.
Қара бұжыр беті қатты бұзылыпты. Ертеден бері көзінің қиығын айырмай отырған ақ офицерлер есінен шығып кеткен еді; қылжақбас жігітті кеудеден нұқып итеріп қап еді, ұзын бойы серейіп құлап түсті. Жұрт тына қалды. Жігіттің мастығы тарқап кетті. Бұжыр қараға бір өзінің әлі жетпесін байқағасын Кәленге енді екеуі екі жақтан жабылып, бір-екі қол сілтеді. Оның ар жағында не боп, не қойғанын жұрт байқамай да қалды. Кәлен қарсыласуға шамасын келтірмеді, екеуін екі қолымен жағасынан ұстады да, басын басына сүзістіріп, сарт еткізіп соқты да, итеріп тастады. Сосын түк болмағандай орнына барып отырды да, тамағын жей бастады. Шал официант шегіншектеп, офицерлердің столына қарай ығыса берді. Кәлен енді өзінен ешкім ақша сұрай қоймас деп ойлап отырғанда ішке әскерше киінген екі қазақ жігіт кірді. Қолдарында мылтық. Кәлен қолға түскенін білсе де қозғалмады.
— Айда, тұр, — деді олар.
— Қайда апарасыңдар?
— Тексереміз.
— Әй, шырағым, мен бір ұзақ жолдан қажып келе жатқан кісімін, қажай беріп қайтесіңдер?
— Ақсақал, сөзді қой. Документің бар ма өзіңнің?
— Орыстар болмаса, қай қазақ өзін қағазға түсіріп пагорнайлатып жатады.
— Ақсақал, қиқаңды қой. Документің бар ма? — деп шикіл сары жас жігіт кіжіңдеп қоймаған соң, Кәлен оны ымдап қасына шақырып алды. Шикіл сары өзіне оңашалап айтатын бір құпиясы бар екен деп ойлап, «Е, немене?» деп жетіп барып еді, «саған керегі дәкмент пе, міне, менің дәкментім» деп Кәлен стол астына таман көлегейлеп отырған қолының кір-кір бармағын екі саусақ арасынан көрсете қойды. Шикіл сары жігіт қызарып кетті. Қолындағы мылтықтың найзасын Кәленнің кеудесіне тіреп:
— Тұр, алға түс! — деді ақырып.
— Әй, жарқыным, шелтеңдеме. Менің жанымды алатын әзірейіл сен болсаң да асымды ішіп алғанша тұра тұр.
— Атамын. Тұр!
Кәлен үндемеді. Бұларға Рошаль келді.
— Сендер кімсіңдер? — деді ол шикіл сарыға.
— Осындағы Алашорда отрядынанбыз.
— Мен генерал Чернов армиясының офицерімін. Мына кісіге тимеңдер.
Шарасы құрыған жігіттер үн-түнсіз шығып кетті. Рошаль официант шалды шақырып ап Кәлен ішкен астың ақшасын төледі. Кәлен мына орыс офицерінің ар жақ ойын аңғара алмаса да, абыржыған жоқ. Жайбарақат отырып асын ішіп, жайланып алды. Ауылдағы әдетпен дұғасын оқып, бетін сипады. Сонан соң ғана түрегелді. Екі қолын артына салып, қасында үнсіз тұрған ақ офицердің алдына түсіп:
— Мен әзірмін. Әлгі мені қамайтын абақтыларың қайда? — деп сыртқа беттеп жүре берді. Қолға түскен кісі секілді емес. Мына түрі бейне ел қыдырған ерке кісінің қонған, түстенген үйін билеп-төстеп: «Кәне, қайда жатамыз? Бізге салған төсек қайда?» — деп өктемсіп тұратын бұ да дағдылы бір еркіндігі сияқты.
Ротмистр Рошаль:
— Қайда кетем десең де ерік өзіңде. Ал сау бол! — деді де, бұрылып жүре берді. Кәлен оның соңынан таңдана қарап тұрды да, басын шайқап: «Апырай, мынау бір әділ орыс екен» деп ойлады.
***
Еламан бет сүйегіне шақыр етіп қылыш тигенде көзі қарауытып кетті. Қолындағы қылыш уысынан сусып түсіп бара жатқанын сезбеді. Өзі де осыдан артық бойын билей алмай, шапқан аттың шаужайынан сыпырылып түсіп бара жатты. Жерге денесінен бұрын басымен соқты да, есінен танып, талықсып кетті. Есін жиғасын да біразға дейін көзін ашпады. Өзінен гөрі жаңағы ақ офицердің айла-тәсілі әлдеқайда артық екенін ойлады. Құдай сақтап қайта қылыш қағыс тиді. Әйтпегенде тірі қалуы екіталай еді; ақ офицер қайта оралып соғады-ау деп ойласа да, бірақ қансыраған денені қозғауға дәрмен жоқ еді; әлгінде құлағанда тақымы астынан ойнақтап шауып кеткен ақтабан ат қайтып оралып, қасынан кетпей оқыранып тұрып алды. Еламан ақ офицердің жуық маңда жоқ екенін білгесін ептеп жүрегі орнына түсті. «Жігіттер қайда?» деп ойлағанша болмай, бір топ кісі дүсірлетіп шауып келіп, аттан домалап түсе сала Еламанға ұмтылды.
— Тірі ме?
— Басы аман ба екен?
— Қан көп ағыпты.
— Киіз күйдіріп басу керек.
— Өй, киіз... киіз табыңдар?
— Тоқымның шетінен кесіп алыңдар!
Біреу Еламанның басын сүйеді. Біреу аузына су тамызды. Түтеген киіздің иісі шықты. Іле-шала қан тоқтамай, жанын шығара солқылдатып әкетіп бара жатқан бет сүйегіне быжылдатып киіз күйдіріп басты.
Жігіттер Еламанды көтеріп арбаға салды. Атқа бишік үйірді. Доңғалағы майланбаған ескі арба орнынан сықырлап ақырын қозғалды. Еламан көзін аша түсті де, ащы тер құйылып бара жатқасын жалма-жан жұма қойды. Еламан кезерген ернін жалап су ішкісі келді. Тұла бойында қызу бар. Ала-бөле екі бетінің ұшы шыдатпай өртеніп барады. Баяғы бір балық аулап жүргенде бұл дәл бір осындай халді басынан кешетін. Қылшылдаған қыста күні бойы теңіз үстінде болған кісілердің кешке қарай суыққа шалдыққан беті осы қазіргідей дуылдап күйіп бара жатады. Ондайда үйге жету қиын. Қарсы жел кеудеден итеріп тұрып алады. Үйге кірер-кірместе сырт киімін сыпырып тастап, келіншегі маздатып жағып қойған отқа жақындайды. Иығында ішік. Қарсы алды маздаған от. Әрі-беріден кейін үлкен қазандықтың көмейі қызыл шоққа толып кетеді. Суық алған бойына сонда да жылу бармайды. Тек қос шекесі қызып, үсік шалған беттің ұшы тұз сепкендей тызылдап аши бастайды. «Отқа сонша түскенің не? Кейінірек отырмайсың ба?» — дейді Ақбала. Еламан қарақошқылданып бартиып ісінген бетін бұрып, Ақбалаға күле қарап: «Шынында да, отқа шабынып кеттім білем», — дейді. Осы сөз Ақбалаға түрпідей тиетін. Кешке бір төсекте қатар жатқасын да Ақбала бұған тіл қатпай, іргеге қарап үнсіз томсарып алатын-ды.
Ақ пен қызыл арасында бұлар кең жазықта отырған үлкен ауылдың іргесінен өтті. Әскерден жүрегі шайлығып, запы боп қалған халық бұлардың қарасын көргеннен үйлеріне тығылып қалған болу керек, сыртта кісі-қара көрінбеді. Иттер де үрген жоқ. Әли жол бойы Еламанның қатты қиналғанын байқап келе жатқан-ды. Ол мана ауылдың іргесіндегі сай бойынан бір арқадай жоңышқа шауып әкеп, Еламанның астына төсеп еді; сонан кейін оның жаны саябыр тауып, көзі ілініп кетті. Қас қарайғасын бұлтсыз ашық аспанда түнгі жұлдыздар самсап жыпырлап қоя берді. Шалғай бір шетте толық қып-қызыл айдың төбесі қылтиды. Еламан назарын алмай қарап жатыр. Тірлігін тауысып, батып бара ма? Әлде жаңа туған ай ма? Жарық дүниеге жаңа келген қызылшаңа шаранадай, бұ да осы мына түн жамылып түнеріп тұрған дүниеге жүрексінгендей жатырқай қараған айдың қылтиып келе жатқан төбесі ме?
Еламан батыс қай жақ, шығыс қай жақ айыра алмады. Бір ізбен шұбырған, артынып-тартынған ауыр обоздың бас-аяғына көз жетпеді. Тек көз байлаған қараңғыда пысқырған аттар, сықырлап ақырын қозғалған арбалардың доңғалағының біркелкі үні құлаққа келеді. Обоздың ілгергі жағында бара жатқан біреу ыңылдап еді; Еламан құлағын тіге қалған, бірақ о да ұзаққа бармады, ыңылдап бастаған әннің аяғы бірте-бірте әлсіреп барып үзіліп кетті де, түнгі дала тағы да жым-жырт бола қалды. Еламан тас төбеде түнгі жұлдыздар жыпырлаған тұңғиық қап-қара аспанға қыбырсыз қарап жатып генерал Чернов пен ротмистр Рошальды есіне алды. «Қандай тамаша адамдар» деп ойлады. Кісі жау деп ойлауға қимайды. Колчак үкіметі атынан медаль тапсырып тұрып, адал қызметі үшін шын көңілден алғыс айтқанда, апырай, бұл сол арада қысылғаннан жерге кіре жаздап, тезірек кеткісі кеп, әпі-шәпісі шығып болған-ды. Бұларды бір күншілік жерге шығарып салған жас офицер тіпті қатты ұнады. Қас жау болса да, жақсы кісіні жек көріп, жамандық ойлаудың қиыны-ай! Қоштасар жерде Черновтың да, Рошальдың да көзіне тура қарай алмады. Атқа міне сала қамшы басты. Күні бойы қасындағы кісілердің оқ бойы алдына түсіп алып, атты ауыздыққа керді де отырды. Сол күні жолшыбай бір қонып, ертеңіне ел орынға отыра Шалқарға жетті. Келе сала Петр Дьяковты іздеп тауып алды да, оңаша үйде екеуден-екеуі ұзақ отырып сөйлесті. Сөзінің соңында бұл Дьяковке Омбыдан шыққан обозды айтып еді, Дьяковтың көзі жайнап кетті. Бір күн дем алғасын, бұл қасына жүз қаралы жігіт алып, тағы да жолға шықты. Жым-жырт даланы дүбірлетіп тартып отырып, келесі күні Ырғыз бен Шалқардың екі арасындағы жұрт «Қызыл үй» деп атап кеткен бекетке жетті. Осы арада азырақ аялдап, жергілікті халықтан бұл күндері ешқандай обоздың өтпегенін білді. Әли бастаған төрт жігітті ілгері оздырып жіберді де, өздері кешкі салқын түсісімен атқа отырды. Ертеңіне түс ауа бергенде шолғыншы жігіттер оралды. Омбыдан шыққан обоз жол бойы кездескен бірде-бір қалаға соқпай, үнемі сырт айналып, елсіз дала жолымен келе жатқанын хабарлады. Бұлар тағы да атқа отырды. Қырдағы биік қара жалдың тұсынан өтетін кіреші жолға жеткесін Еламан жігіттерді екіге бөлді. Әли басқарған топ обоз өтетін жолдың өкпе тұсындағы терең сайға бекінді де, бұл Еламан өз кісілерімен олардың қарама-қарсы бетіндегі қоңыр төбенің астында аттарын тізгіннен тұқыртып ұстап әзір отырған-ды. Көп ұзамай көз ұшынан шаң шықты. Әне-міне дегенше ауыр жүк тартқан түйелер маң-маң басып, атты арбалар сықырлап, үлкен обоздың алды бұлар ертеден бері бой тасалап отырған ұрымтал жерге жақындап келе берді. Азғантай күзет мүлде бейқам. Бір-екеуі мылтығын арбаға әншиін тастай салып, өздері ат айдаушының қасында аяғы салақтап отыр. Ал әнебіреу фуражкамен бетін көлегейлеп, арба үстінде шалқасынан сұлап жатыр. Бірнеше солдат обоз келе жатқан жолдың жел жағына шығып, ат тізгінін бос тастап, қалғып-шұлғып келе жатты.
Еламан жігіттеріне жылдам көз тастады. Сол сол-ақ екен, құдды сең қозғалғандай Еламанның ақбақай атымен құйрықтасып тұрған қырық-елу жігіт бұл жақтан лап қойды. Дәл осы сәтте обоз жылжып бара жатқан жолдың арғы жағынан, сай бойынан Әлидің жігіттері де қиқулап шыға-шыға келді. Ақтардың көбі қаруына қол соза алмай қалды. Қайсы біреулер қолындағы мылтығын оқтай алмай сасқалақтап жатқанда, тұтқиылдан тиген жігіттер жайпап өтті. Тек қарсыласудың жолы қалмағанын байқаған қара атты офицер тұра қашты. Еламан Тентек Шодырдың баласын бірден таныды. Оның Колчактың қаһарына ілігіп, дәрежесі төмендеп келе жатқанынан хабардар. Еламанның есі-дерті де жас Федоровпен жүзбе-жүз кездесу еді. Бұның астындағы осы жолғы ел аузына ілігіп жүрген бір өңірдің аяқты жылқысы болатын. Жайшылықта көз тартпайтын қораш. Бауыры салбыраған бие қарын. Арқасы да үлкен ерден ауыспайтын тұрқы кішілеу ат-тұғын. Есесіне, бірақ, кеудесі кең. Арқасынан бауыры әлдеқайда жазық. Жазатайым қиқу шығып, тақым қысса түрі өзгеріп сала беретін.
Еламан атына сенді. Және ұзаққа жібермей, өкпе тұстан қосылып еді. Федоров қара атты қос өкпеден қанша тепкілесе де, арасы алшақтап ұзай алмады. Онан сайын атқа қамшы басып, тақтайдай жазық даламен жұлдыздай ағып бара жатып артына жалтақтап қарап қояды. Еламан ақ бақайға қамшы салған жоқ. Мұндайда аянбай барын сала сілтейтінін білгесін әншиін тізгінімен демеп қояды.
Аралары жақындай түсті. Сірә, жақындағанда Федоров бұл күтпеген әдіс жасап, атын шұғыл бұрды да, үстіне төніп қалған бұған енді оның өзі тап берді. Еламан қапелімде қайтерін білмей, сасып қалды. Керек десе дұрыстап бойын да жия алмай, үрейлі көз Федоровтың ақсиған тісін, жалақтаған қылышын көрді. Бұл ыңғайланып бір амал қылам дегенше болмай, екеуі айқаса кетті.
Aт екпінімен ағызып өтіп бара жатып асығыс сілтеген қылыш оған да, бұған да тимеді. Екеуі де алғашқы айқаста-ақ бір жағына шыққысы келген-ді. Аттарын шұғыл бұрып, қайта айқасқанда көк болат Еламанның көзінің алдынан жарқ етті. Қорқыныш қолын күрмеді ме, бұл, әйтеуір, құлаш жазып қайрат қыла алмады.
Еті қызып алған аттар басына әл бермей, екеуі екі жаққа ала қашты. Жел жоқ. Ауа қапырық. Бұл кезде күн еңкейіп бесіндікке барып қалған. Құбыла бетте шоғырланған қоңыр бұлтқа қорғаланған. Әлем жүзін жеңіл кіреуке басып мұнартып тұр.
Еламан онан гөрі өзінің осалдау соққанына ызаланып, аттың басын анадан гөрі бұрынырақ бұрып еді. Федоров та тайсалмады. Екеуі де тап осы жолы ажалға анық бас тігіп, бір-біріне тайсалмай ұмтылып еді... «Иттің баласының қолының қаттысын-ай» деді Еламан ішінен.
Обоз таң алдында тоқтады. Қалжыраған кісілер көз іліндіріп, мызғып алғасын күн қызбай қайта жүріп кетті. Еламан кешегіден гөрі бүгін тәуір. Кешегі ақша бұлттан айыққан аспан қазір түпсіз дүниедей қашықтал кеткен. Бұл әдетте ертеңгілік теңізге шыққанда тас төбеде дәл осындай биік аспан жарқырап тұратын. Теңіз де көк. Аспан да көк. Тура қаратпай көз қарып алады. Ау салған жерге қайықтың тұмсығын туралап бұрғасын бұл қос ескекті бір әуенмен ақырын тартып келе жатады. Теңіз үсті шырадай тынық. Тек су малшыған қос ескек сықырлайды. «Осы ескегі түскірдің құлағын майлап алатын. Өзі де тозды» деп ойлап, бұл сонау күн жарқыраған көгілдір аспанға, онан теңізге қарайды. Әлдеқайда шағалалар шаңқылдап, қомағай сорлылар қолға түскен олжасын бөлісе алмай қиғылық ұрып жатады...
Еламан көк аспан қарып бара жатқан көзін кірпігімен көлегейлеп жұма түсті де, іле-шала қайта ашты. Қазір де көз алдында көк аспан. Көгілдір ауа. Шөбі қураған сұр дала да осы қазір реңі жұмсарып, көкшіл тартып жатыр. Ағарып таң атқалы жағы талғанша шыр-шырлаған сұр торғай күн қызар алдындағы көк мұнар ішінде қанатының ұшы дір-дір етеді. Көз ұшында шырылдап тұрады да, кейде құдды құлап түскендей құлдырап кеп қол созымдай ғана жерге ілініп тұрып қалады. Еламан кішкентай қозғалса, осы бір бейкүнә сорлыны үркітіп алатындай қорқады да, қыбыр етпейді. Дала өмірінің баяу тірлігіне бойы үйренген сұр торғай арба үстінде жүзі жоғары қарап жатқан кісінің көз алдынан кетпей қояды. Оның кіп-кішкентай тұмсығын, безектеген тілін, моншақтай қап-қара көзін көріп жатқан Еламанның есіне қай-қайдағы түседі. Сонау жастай жетім қалған балалық шағы есіне түседі. Онан бай ауылдың қозы-лағын баққан шағын еске алады. Жалаң аяқ. Күс-күс табанның жарығына шөңге кіріп, аяғын ұстап шоңқайып отыра қалатын. Шөңгені алып тастағасын да ауырған аяғын баса алмай сылтып жүргені. Ұшына тиген аяқ күп боп ісіп кетті. Аяғының солқылдап қатты ауырғаны сонша бір жолы шырт ұйқыда жатып «апа!» деп жылап оянып еді.
— Елаға, қалайсыз? — деп Әли атын қатарластыра берді. Еламан жас жігітке сездірмей көзін сүртті.
— Су жоқ па? Тамағым кеуіп қалды.
— Қазір, — деді де, Әли атын тебініп, обоздың ілгері жағына қарай шаба жөнелді.
Қас қарая бұлар Шалқар қаласының шетіне ілікті. Еламанды дереу дәрігерге апарды. Бет сүйегі аман екен. Қылыш тиген жерге дәрі жағып таңып тастады. Ертеңіне Еламан кештеу оянып еді. Көзін ашса, күн көтеріліп қапты. Төсегінің бас жағында еңгезердей біреу отыр екен. Бұның оянғанын байқаған бойда анау да бұны бас салып құшақтай алды. Еламан оны осы арада ғана таныды.
— Кәлен ағай-ай, тірі екенсіз ғой.
— Аллаға шүкір.
— Сізбен де кездесетін күн бар екен ғой.
— Ей, шырағым-ай, адам шіркін ит жанды емес пе... Дәм-тұз таусылмаған соң сібеулеп біз де жеттік қой. Ал, бала, бұнда келгелі сенің біраз жағдайыңа сырттан қанып жатырмын. Қосылғандарың құтты болсын.
— Рақмет, Кәлен аға.
— Сен қай кезде-ақ бізден гөрі орыстарға бір табан жақын едің. Жаңылмапсың. Орыстың жолын ұстапсың, оң болсын.
— Заман жолы болғасын...
— Жөн, жөн. Ал, жарақатың қалай?
— Құдай оңдап, офицердің қылышы тайып тиді. Әйтпегенде ініңнің жағдайы қиын болатын еді.
— Қылыш тисе темір өзек кім бар дейсің?.. — деп Кәлен де өз ішінен бір тәубеге келгендей боп отырды да, кенет қораздана күліп: — Сайыстарыңның аяғы не болды? Әлде қылышпен бетіңді бір осқызып алғасын бас сауғалап қаша бердің бе? — деді.
— Баяғы Тентек Шодырдың баласы. Иттің қолы қатты екен.
— Е, солай ма? Әкесінің кегін қайтармаса да, қармысын қайтарған екен, — деді Кәлен күліп.
Еламан Кәленнің жүдеу түріне жаны ашып қайта-қайта қарай берді. Баяғыдай түн қатып жорық-жортуыл бүгінде бұның бойына лайық емес. Кәлен сияқты қайратты кісі табан тіреп істеп кететін ауыл арасының азғантай кәсібінде берекет қалды дейсің бе? Еламан сөз арасында жапсарлап онан ендігі тірліктің жөнін сұрап еді, Кәлен ыңғай бермей:
— Жұмысты қайтем, — деп қолын сілтей салды. — Қартайдың қой.
— Мына сөзіңді жеңгеміз есітпесін.
Кәлен төмен қарап тұнжыраған күйі басын изей түсіп:
— Ай, Еламанжан-ай, кісі кәрілікті мойындамайын десе де, елуден асқасын баяғы бала кезде тікен кірген, асық тиген, қыз шымшыған жеріңнің бәрі сырқырап ауырып тұратын көрінеді ғой, — деді күрсініп.
***
Хан-Дауров қол астындағы командирлерді жинап алып, дивизияның алдында тұрған тығыл-таяқ міндеттерді жаңа-жаңа айта бастағанда ақтар аяқ астынан шабуылға шықты. Бұл жолы атты әскер мен жаяу әскер тізе қосып, бірін-бірі сүйемелдей отыра шабуылға шыққан күші басым жау салған жерден қорғаныс шебіне сұғынып кіріп, апырып-жапырып бара жатқан еді. Окопты тастай қашқан Хан-Дауровтың жауынгерлері алды-артына қарамай қаша бастаған хабар жеткен бойда, Хан-Дауров сөзін дереу үзіп:
— Әскерлеріңе жетіңдер! Тез! Тез жетіңдер, — деді асықтырып. Командирлер сыртқа ұмтылды. Дьяков атқа жетем дегенше бірнеше снаряд жарылды. Дьяков үзеңгіге аяғын салам дегенше басын ала қашқан атқа әрең мінді. Көзі жасаурап, ілгергі жақтан ештеңе көре алмай қойды. Сонан тек қара жалдың басына шауып шыққанда ғана ар жағындағы жусанды жазық далада қашып келе жатқан өзінің жігіттерін көрді. Ағызып келген бойда аттан түсе сала:
— Қайт! Қа-айт! — деп әркімге бір ұмтылып еді; бірақ мыналар өрт ішінен шыққандай екен. Ешкімді, ештеңені көзге ілген жоқ; көзге ілгендер де қолына құмандай наган ұстаған мына біреудің әркімнің аяғына оралып, әлек-шәлек боп жүргеніне түсінбеді. Сосын «есі дұрыс па өзінің?» дегендей оған одырая қарайды да, өтіп кетеді. Құмандай наган қолынан түсе жаздап, ананы бір, мынаны бір тоқтатпақ боп жынына тие бергесін қайсыбіреулер оны мықтап бір боқтайды да, табаны жарқылдап қашып бара жатады.
Дьяковтың көкірегі сырылдап, кеудесі қысыла бастады. Көзіне құйылған жоса-жоса терді сүрткелі қолын көтере беріп еді, үстіне келіп қалған солдатты көрді. Сол арада ол көзіне құйылған терді сүрте алды ма, жоқ па, оны соңыра лазаретте жатқанда қанша ойласа да есіне түсіре алмады. Есіне түсіргені — еңгезердей солдатқа қарсы жүгірді. Бұл «Тоқта!» десе де, басқалар сияқты мынаның да тоқтамасын білді. Сосын оның қолындағы мылтыққа шап беріп жармаса кетті. Солдат сасып қалды. Жұрт жанын сауғалап қашып жатқанда мына бір өз денесін әзер көтеріп жүрген есалаң неменің бұны неге тоқтатпақ болғанына түсінбеді. Мылтыққа жармасқанына, тіпті түсінбеді. Түгіне түсінбесе де қолына жармасып, жұлқылап жатқасын, қарсыласпай бере салды. Сүйтті де, «енді қайтер екен?» дегендей оған қарап еді; әй, сірә, мынаның есі дұрыс болмас. Мылтықты жұлып алған бойда басынан асыра жоғары көтеріп:
— Жол-дас-тар-р... Бауыр-лаарр... — деуін деді. Бірақ шырылдаған дауысын өзге түгіл, оның өзі де есіткен жоқ-ты. Осы кезде бұлардың соңынан оқ жаудырып, қуып келе жатқан жау да келіп қалған еді. Дьяков қиқылдап жөтелді.
Аяқ астынан басталған шайқастың тағдыры осы арада, тап осы қазір шешілетінін білді. Осы бір я ары, я бері болатын шешуші сәтте аяғын баса алмай, әлі құрып бара жатқасын ол қасында қашарын да, қашпасын да білмей ақырып тұрып қалған әлгі еңгезердей солдатқа қарап еді; о да бұған қарады. Көзіне көзі түсті. Жаутаңдаған жанардан айта алмай тұрған ар жағындағы жалынышты көрді. Енді болмаса оны құлап қалатындай қорықты да, ұмтылып барып жас бала құрлы көрмей көтеріп алды.
Бұлардың жанынан Еламан жүгіріп өтті. Жаңа ғана көп дүрмекке ілесіп қашқан бір топ кісі анадай жерге барғасын қайырылып тұра қалып еді, әне, олар да Еламанның соңынан айғайлап, жауға қарсы жүгіріп барады. Сол сол-ақ екен, жан-жақтан «Алға! Алғалаған» дауыстар шықты. «Айналайындар-ай!» -деді Дьяков. Көзіне тер құйылды ма, әлде көңілі босады ма, дүние бұлдырап кетті. Дьяков еңгезердей солдаттың қолынан жерге қарғып түсті. Бірақ есік пен төрдей жерге барды ма, жоқ па, қасына жарылған снаряд үй аумағындай жердің топырағын бұрқ еткізіп аударып түсті. Өрттей ыстық толқын соққан Дьяков жерден табаны үзіліп, бір аумақ қара топырақпен бірге анадай жерге барып түскен еді.
***
Ұрыс толастаған бір кезде Еламан лазаретке кеп мылтығын босағаға сүйей салды да, жаралылардың арасынан Дьяковты іздеп тапты. Дьяков кеудесінде жаны бар, бірақ әлі де болса есін жия қоймапты. Талықсып жатып та оқтын-оқтын жөтел буып, ішегі үзілетіндей қиқылдап қалады екен. Оның кезерген ерніне су тамызайын деп еді, бірақ су таппады. Белдігіндегі қалайы құтыда да су жоқ екен. Дьяковтың маңдайында бұршақтаған терді сүртіп отырып Еламан жайшылықта да өз денесін өзі әзер көтеріп жүретін осы бір сырқат жанның әлгі бір ұрыс тағдыры шешілетін нақ бір екіталай жанкешті кездегі қылығы есіне түскенде таңданып қала береді. Қан майданды кешіп жүргенде қашқан әскерді көргені осы еді; сөйтсе қашқан әскер де құдды қасқыр тиген малдай екен ғой. Сол өзі... Тоқта... Құдайменденің жылқысын бағып жүрген кез еді-ау. Қаңтардың қақаған суығы еді; күн ұзын аттан түспеген кісілер кешке қарай қатты тоңды. Еламан қасындағы жігітті ас даярлауға қосқа жіберді. Жылқылар шөбі шүйгін көл табанда жайылып жатқан-ды. Қанша күннен бері қырдан соғып тұрған ызғырық жел кешке салым шұғыл қатайып, сіреу қардың бет жағы түтігіп борай бастаған-ды. Еламанның астындағы — жаз бойы кісі тақымы тимей, құр шыққан күйлі атты. Қоңы қалың, сіңірлі, мықтылығына қарамастан қырдан соққан қатты желге шыдамай, құйрық-жалы суылдап ықтап кетіп тұрған.
Еламан көлтабанның қара отын қар астынан тұяғымен теуіп, пыр-пырлап жайылып жатқан жылқыларға сүйсіне қарап көз салып тұрған. Шет жақта шашыраған некен-саяқ аттар болмаса, аз аяққа шоғырланған, жылқы, құлын, тайларды ортаға алып, әзір ығын алдыра қоятын емес-ті. Тек сары тіс сақа айғырлар мен кебеже қарын мама биелер күн райы бұзылғанын басқа жылқылардан бұрын сезді. Онда да күресін қардың тоңын тұяғымен бұзып, теуіп-теуіп аршыған жусан мен қызыл изен ақ түтек бұрқасын арасында ұйқы-тұйқы көрінбей кетіп, қиыршық қатты ұшқындар көзге, танауға тыққылап, мазасы кете бастаған бір кезде басын жерден көтеріп, аузындағы үзіп алған шөпті шайнамай, құлағын тігіп селтиіп тұрып-тұрып қалды. Күн батар алдында жаяу борасын үдеп, жер-дүние қарауытып түнере бастады. Жылқыларды түнемелікке далада қалдырмай, қос басына айдап апарғысы келген Еламан өзінің әдеттегі машығымен ащы даусын ышқынта айғайлап жіберді. Жылқылар дір етті. Ә дегенде қалай қозғаларын білмей, қара отқа тойған бүйірлер қағысып-соғысып опыр-топыр болды. Іле-шала қалың қарды күтір-күтір бұзған сом тұяқтар дүсірлеп шаба жөнелді. Күн батып, көз байланып бара жатқан-ды. Кенет ілгері жақтан, қара түнек ішінен қос-қос қызыл шоқтар андыздап қоя берді. Алда келе жатқан шұбар айғыр осқырып, төрттағандап тұра қалғанда соңындағы күллі бар жылқы опыр-топыр тоқтады. Алғашқыда түгіне түсінбесе де, тек шұбар айғыр жан даусы шыға азынап жібергенде, бүкіл жылқы бар үйірімен кейін қарай жалт-жалт беріп, жосылтып шаба жөнелді.
Еламан атқа қамшы басты. Үсті-үстіне айғайлап, жылқыларды қайырмақ боп алдын орай шауып еді. Әшейінде оның «оу» деген бір үзік ащы даусынан дір-дір ете қалатын жылқылардың осы жолы баққаны тастай айсыз қараңғыда бірде оң, бірде сол жағынан шығып оттай маздаған қос-қос қызыл шоқ. Солар қай жақтан жылт етсе де, бұлар да бүтіл үйірімен жалт беріп жоси жөнеледі. Еламан бірнеше рет мың сан тұяқ қарды күтірлетіп дүбір салған жылқы селінің астында қала жаздады. Қараңғыда жоны тұтасып, дүсірлеп шапқан көп жылқы қайсыбірде құдды сарқырап аққан тасқын судай жосыса, енді бірде мынау дүрлігіп бара жатқан мың сан тұяқ емес, қарға көмілген қара жердің өзі қозғалып, дала дөңдері алдына түсіп домалап бара жатқандай. Бұның өзі де әлдебір құдірет күш бас еркінен айырып, дала дөңдерімен бірге әлдебір жаққа домалатып әкетіп: бара жатқандай еді, Жылқылар теңізге жақындап қалды. Бұл жақтың жағасы теңізге мінбелеп төніп тұрған көк қатпар биік құз-тұғын. Қайыру бермей келе жатқан мына қалың жылқы тап қазір түйдек-шоғырымен ағызып барып опыр-топыр құлайтындай. Сонан зәресі ұшқан Еламан үсті-үстіне айқайлап, жылқылардың алдын орай шаба берді. Сол жолы ол тірі қалам деп ойлаған жоқ-ты. Кейін қанша ойласа да, көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда қасқыр тиген жылқыларды қалай қайырғанын білмейді. Қос алдына айдап әкелді де, ат үстінен ес-түссіз құлап түсті. Серігі ішке әрең кіргізіпті.. Сoл сияқты мына ілмиген әлжуаз кісінің қашқан әскердің бетін қайырғанына таңданып: «Апыр-ай, ә?!» — деп, дал боп отырған үстіне дәрігер кірді.
— Сен кімсің?
— Мен бе?
— Иә, сен.
— Мен... мына коммунистер полкіненмін. Доктор... ерні кезеріп жатыр. Су болса?..
— Сестра!.. — деді дәрігер. Сырттан жүгіріп келген ақ халатты қызға дәрігер дүрсе қоя берді. — Бөгде кісіні кіргізбе дегенім қайда?
Еламан босағада сүйеулі тұрған мылтығын алып, үн-түнсіз шығып кетті. Ақ халатты кісілер әп-сәтте Дьяковтың жанына жиналып қалды. Аузына су тамызды.
Есік алдына жаралылар тиеген арбалар кеп тоқтады. Ыңырсыған дауыстар шықты. Зембіл көтерген кісілер кіріп-шыға бастады. Ақ халатты кісілер де әбігерге түсіп құйқылжып жүр. Ақтар тағы да шабуылға шыққан еді.
***
Хан-Дауровтың әмірі бойынша қызыл полктер күші басым жауға бұл жолы да қарсыласпай, окопты тастап шегіне бастады. Бұл күндері Дьяков полкке қайтып оралған-ды. Темір жол бойымен шұбырып келе жатқан полктың бас-аяғына көз тастаған сайын әскерінің қатары, әсіресе, кейінгі ұрыстарда қатты селдіреп қалғанын байқады. Қару ұстауға жарайтын кісілердің де бірталайы жараланып, қолын, басын, аяғын таңып алған. Қайсыбір өз аяғымен жүре алмағандар қасындағы серігіне сүйеніп барады.
Полкте үш зеңбірек бар-ды. Оның екеуі Қандыағашта болған қатты ұрыста қираған. Жаз басынан бері бір күн бел шешіп отырмаған толассыз ұрыс-қағыстан титығы құрыған әскерлер, әсіресе, бүгін өрттей ыстық күн астында май топырақ бұрқылдаған сусыз шөл далада аяғын әзер алып келеді. Үсті-басы шаң. Ұстара жүзі тимеген бет күн өтінде қап-қара боп түтігіп кеткен. Күн шыға қайнап қоя беретін өрттей ыстық аптап осы даланың топырағы екеш топырағын да қыж-қыж қайнатып жіберген-ді. Түс ауа аттар да, адамдар да қаны кеуіп қаталап баратты. Ерні кезерген. Көзі шүңірейген. Кірпік, қасы шаң-шаң кісілердің белдігіндегі бос фляга былғаң-былғаң.
Шалқарға жеткенше су болмасын білгесін Хан-Дауров та, Дьяков та кісілерді бір жерге аялдатпай, жол шаңдағын бұрқылдатып ілгері тартты да отырды. Сонысы ақыл болды. Күн төбеден ауа бергенде Шалқардың қарасы көрінді.
— Шалқар! Шалқар!
— Жеттік-ау, әйтеуір.
— Енді көлге шомыламыз.
— Ой, несін айтасың, Шалқардың суы тамаша ғой. — Бірақ бұлар қанша жүрсе де көрініп тұрған қала жуық арада жеткізбеді. Тек су тартатын қызыл водокачка алыстағы үміт сияқтанып, көз ұшында бұлдырап тұрып алды.
— Мынау сілемізді қатырды ғой, — деді қарт солдат.
— Жетуін жетерміз-ау, бірақ бұнда қанша болады екенбіз? — деді екінші біреу.
— Бір жеті болармыз, — деді үшінші біреу.
— Ақтар еркіңе қаратса жақсы ғой, — деді тағы біреу. Иә, күші басым жау ықтияр-еркіне қаратпай, қаладан қуып шығары сөзсіз еді. Шынында да, Хан-Дауров қаланы екі күннен артық ұстап тұра алмаймыз деп, алдын ала ескертіп қойған-ды. Онан артыққа шамасы жетпесін Дьяков та біледі. Бұлардың ақтарға бір тойтарыс берсе, беретін жері — Арал. Сол арада болатын алдағы сұрапыл қырғын шайқаста бұлар да, аналар да күнібұрын әзірленіп, екі жағы да алдын ала қауырт қимылдап жатқан-ды.
Дьяков анада госпитальда жатқанда қатары тың, қару-жарағы сайлы көп әскерді Аралға жөнелтіп жіберген екен. Онан кейін де жаз бойы бұлармен бірге үнемі тізе қосып соғысқан Қазалы, Жосалы, Ақтөбе теміржолшыларының жасағын да бір түнде ұмар-жұмар Аралға жөнелтіп жіберген-ді. Ұзынқұлақ хабарға қарағанда Қостанай мен түрікпеннің атты әскер полктері де қазір Аралға жетіпті. Енді қазір генерал Черновтың жер қайысқан әскерінің алдын бөгеп, қаша ұрыс сап келе жатқан Хан-Дауров дивизиясы еді.
Бір жақсысы, қазақ даласы кең. Бұлар қаптап келе жатқан қарақұрым жаудың жолын бөгеп, сәл-пәл қарсылық көрсете бастаса болды, олар дереу қарақұрым әскерді қаптатып жібереді. Енді сәл кідірсе күші басым жау не қоршап алады, не жаныштап тапап кететін қауіп төнеді де, бұлар жалма-жан артқа шегінеді. Осыдан қашан Аралға жеткенше, ендігі қалған жердің бәрінде де кең далада қаша ұрыс салып жан сақтайды. Сол тәсілді пайдасына жаратқан Дьяков осы жолы да әскерін қалаға кіргізбей, Шалқар көлінің батыс жағына орналастырды. Мұғалжар тауында болған кешегі ұрыстан кейін қара үзіп қалған ақтардың бұнда тап бүгін жете қоюы неғайбыл еді. Сөйтсе де, осы арада оларды біраз бөгемек болған Дьяков кісілерінің әлі құрып тұрғанына қарамастан, түннің бір уақытына дейін окоп қаздырды.
Ертеңіне азанда бұларға Хан-Дауров келді.
— Қалайсыңдар? Әскерің тыныға алды ма?
— Аздап...
— Жаудың қарасы көрінбей ме?
— Жоқ.
— Қамсыз болма. Атаман Дутовтың атты әскерінің аяғы ұзын. Әттеген-ай, тым құрыса екі, үш жүздей ат болса... онда бізде де бір-жар эскадрон болар еді.
Дьяков үндемеді. Хан-Дауров шарасынан шыға жаздап зыттиып тұратын дөп-дөңгелек үкі көзімен айнала төңірекке алақ-жұлақ қарады. Аспан ашық. Жаңа шыққан күн астында айнадай жалтыраған көлдің арағырақ басындағы бір шоқ қамыс арасынан үйрек қырқылдады. Сосын ол түн ішінде көл жағасынан қорыс қып қазып тастаған окопқа назарын тоқтатып қарап тұрды да, қолағаштай мұрынның бір танауынан мырс етті:
— Неге көлге арқаңды тіреп орналастың?
— Осы дұрыс болар деп ойлап едім.
— Соңыра шегінгенде қайтесің? — Енді Дьяков мырс етті:
— Қашуға келгенде осы жұрт иненің жасуындай тесіктен өтіп кететін еді ғой.
Хан-Дауров рахаттанып тұрып шалқақтап қарқ-қарқ күле түсті де, кенет кілт тыйыла қалды:
— Ұмытып барады екем. Сені Түркістан майданы штабқа шақырып жатыр.
— Оларға не қажетім болды екен?
— Барғасын білерсің. Ал, кәне жолға дайындал.
— Полкті қайтем?
— Бұнда мен болам.
Дьяков жолға шығар алдында Еламанды іздеп еді, ол түнде қазған окоптың бір қайырылысында мылтығын тазалап отыр екен.
— Ауылыңа барғың келмей ме? — деді Дьяков.
— Кім жіберіп жатыр?
— Жіберсе барар ма едің?
— Шын айтасың ба?
— Хан-Дауровпен ақылдастық.
— Елге барғанда не істеуім керек?
— Ат жинап әкел.
— Қанша?
— Қолыңа түскенін ала бер. Төрт жүз, бес жүз болса, тіпті, жақсы.
— Жарайды, барайын.
— Онда кідірме. Қасыңа кісі қосып берем.
— Оны қайтем? Кісі бұнда да керек қой.
— Орныңа кімді қалдырасың?
— Әли бар ғой.
— Ал, жөнел! Жолың болсын. — Дәл осы кезде окоптың арағырақ басынан әлдебіреудің:
«Шаң! Шаң шықты», — деген даусы азанғы ауаны жаңғырықтырып жіберді. «Бұлар да жеткен екен ғой» деді Дьяков ішінен. Кідірмей соғыс басталады. Және бұл соғыстың қызыл қырғын болатынын көкірегі сезіп тұр.
***
Хан-Дауров күн батар алдында көл жағасына бекінген коммунистер полкін тағы бір аралап шықты. Қасында осы полктің рота, батальон командирлері. Ол бұл араға ақтардың титығы құрып жеткенінен хабардар еді. Шөлден қаны кеуіп бара жатқан аң әскерлер көз алдында жарқыраған көлді көргенде таң атқанша шыдамай, бірден шабуылға шығар деп ойлап еді; бірақ генерал Чернов ыссылай ұрынам деп әскерін қырып алатын болғасын шабуылдан бас тартты да, түн тыныш өтті. Сонан тек ел жатар алдында ғана атыс болды. Екі жақ та қараңғыда түк кермесе де, құр дүрмекпен беталды боратып оқ атты-атты да тоқтады.
Құлағын сыртқа тігіп сергек жатқан қала халқы жаңағы атыста оянып кеткен-ді. Осы күндері қалаға келіп жатқан Тәңірберген де жастықтан басын көтеріп алды. Төсектен мойнын созып, тұсындағы терезеден сыртқа көз салып еді, тастай қараңғыда көзіне түк көрінбеді. «Кідіре тұру керек пе еді?.. Бекер келдім бе?» деп ойлады Тәңірберген. Шалқарға ақ әскер жақындап қалды, енді көп ұзамай қаланы басып алады деген хабар бұны үйде тыныш жатқызбады. Себеппен Жасаған бергенмен де кездесіп, қысқа күнде қырық құбылып тұрған мына дүниенің бет аңғарын байқап қайтқысы кеп, аяқ астынан атқа қонып еді. Өзіне қарасты ауылды ұлы жолдан жырақтау жатқан Қарала-Көпке қондырғасын, бұл жолы қасына қосшы-қолаң ертпей, сыбай-салтаң кеп, қаланың шет жағында тұратын кедейлеу қазақтың үйіне түскен-ді.
Кейінгі кезде бұл қалада дүкен ұстап отырған бұрынғы бай достары — Темірке мен Ебейсіннен бойын аулақ салып жүрген. Ал мынау Тәңірбергенге көптен таныс, сәлемі дұрыс, кездескен жерде жалпылдап, асты-үстіне түсіп қалатын елгезек жігіт-ті. Оның осы жолы да өліп-тіріліп, тым жалпылдап бара жатқаны мырзаға ұнамады. Және жуық арада тыныштала қоятын түрі жоғын байқады да, мұртына мысқыл шаптырып: «Мейлі, жеткен жеріне тоқтар» деп тұрғанда көзі кенет күйеуінің тасасынан сығалап тұрған уыздай жас келіншекке түсті.
Үйге кіріп, төрге шығып отырғасын да мырза әлгі келіншектен көзін алмады. Қонақ қамымен үй ішінде қымсына қозғалып жүрген келіншектің әр қимылын бағып, көзбен де, көңілмен де ішіп-жеп барады. Сұғанақ көзден қысылған жас келіншектің бидай өңді беті алаулап, өртене жаздап, басын бауырына тығып алды. «Осындай кісілер әйелден салымды болады» деп ойлады мырза. «Шай-суланып алғасын, мына жалпылдақ немені есебін тауып бір шаруамен алысырақ жерге жұмсап алармын» деп ойлап, қолтығындағы жастықты нығарлап басып, мұртынан күліп жатыр.
Жасағанбергенмен қараңғы түскесін кездесетін боп, күндіз астыртын келісіп алған-ды. Тәңірберген сыртқа шықты. Иығына жамылған боз шекпеннің жеңін қараңғы көшемен келе жатып киді. Бұл келгенде інісі бір стол, төрт-бес орындықтан басқа көзге түсер ештеңе жоқ оңаша вагонда ерсілі-қарсылы кезіп жүр екен. Ағасын көргенде кілт тоқтады. Тәңірберген інісін бауырына қысып, үнсіз құшақтады. Қырағы көз жаңа кіріп келе жатқанда байқаған-ды. Әскери киім інісіне қатты үйлеседі екен. Аяғында қонышы сыптай жылтыр қара етік. Сары ала қылыш. Сірісінде сыңғырлаған күміс шпорға дейін талдырмаш бойлы аққұба жігітке ерекше ажар беріп, үйлесе қапты.
— Ауыл-ел аман ба? — деді Жасағанберген.
— Шүкір.
— Жай жүрсің бе?
— Саған жолыққалы келдім.
— Ұрысудан бастайды екенсің ғой?
— Неге олай дедің?
— Білеміз ғой. Қазақ байы үшін қойнындағы қатыны мен есіктегі малайдан кейін ұрысуға ыңғайлы адам — іні.
Тәңірберген мырс етіп күліп жіберді. Ағалы-інілінің күні осы: көрмесе — сағынады, кездессе — ұялас иттей бірін-бірі осылай беттен алып ырылдаса кетеді.
— Сендерді білем, — деді Жасағанберген сөйлеген сайын ширығып. — Мені шіріген жұмыртқа көресіңдер. Иә, солай... Шіріген жұмыртқамын.
— Шырағым, саған не болды? Сенімен кінәласқалы келгем жоқ. Ашуыңды бас, келші, қасыма отыршы. Адамға ұқсап сөйлеселікші.
— Жасың үлкен. Ағасың. Қызыл жон ғып сабасаң да еркің. Ың етпеймін. Тек... Тек әуелі мені түсініп ал!
— Неге ей дейсің? Сені түсінбегенде кімді түсінем?
— Жо-қ, түсінбейсің. Ар жағымда ит өліп жатыр менің. Иә, ит өліп жатыр. Нхе-е... һхее..
— Ауырып жүрсің бе?
— К черту... К черту, денсаулық та, он саулық та, ақ жаулық та. Ауыз ашса, айтатындарың осы ғой.
— Інім айналайын, босқа, бекерден-бекер дызалақтайсың. Қашаннан бері көрісін тұрғанымыз осы. Кездеспей жатын беттен алатындай, менің не жазығым бар?
— Аға-еке, ойбай, сенде жазық жоқ. Жазық менде. Иә, шіріген жұмыртқа да, шідер үзген тентек... диуана да мен.
— Жасанжан...
— Мені түсінбейсің. Түсінген емессің...
— Сөз екен. Біле білсең, мен сендей інім болғанына Құдайға мың да бір шүкір айтам. Жас болғанмен, біздей емес, көзің ашық. Келешек сендердікі.
— Кешір...
— Осы бетің дұрыс. Осыдан айырылма.
— Шаршадым. Сыртым бүтін, ішім түтін. Шаршадым.
Шыным сол.
— Бізді ойлап қайтесің?! Онан да өзіңнің келешегіңді ойла! Жасағанберген қарқылдап күлді де, столға басын салып, жылағаны, әлде жөтелгені белгісіз, иығының басы селкілдеп біраз жатты. Сонан бір кезде басын көтергенде кірпігі ылғалданып, көзінің алдында сіркедей тер шүпірлеп тұр екен. Жасағанберген қалтасынан беторамал алып, әуелі көзін, сосын аузы-басын сүртті.
— Келешек? Шутишь, брат. Менде қандай келешек бар? Ал сенде келешек бар ма?
— Рас, бізден бақ тайды. Келешек қазір аналарда. Сен солардың сүйген құлысың.
— Кекет. Кекете түс.
— Жоқ, шын айтып тұрмын. Осы бетің дұрыс. Ендігі жерге осылардың қосын жексең, қор болмайсың, інім.
— Мен дінім үшін жүргем жоқ, күнім үшін жүрмін.
— Қалқам-ау, дінді қайтесің, қазір қара бастың қамын ойлайтын заман туды. Оның айыбы жоқ. Құранда да сондай пәтуа бар. «Күштіге қызмет қып, қосын жек» деп Алла тағаланың өзі айтқан.
Жасағанберген ызалана күлді. Әлгі ашу жас жігіттің ілелі жүдеу жүзіне қайта теуіп, ду етіп қызара түсті де, лезде бозарды.
— Өзін ақтарда бұлардың Құдайы мен Құраны әзір тұрады. Ну и народ!
Жасағанберген жолында тұрған орындықтарды теуіп-теуіп жіберді. Күміс шпоры шылдырап, қатты жүріп кетті.
— Біздің түбімізге жеткен сендердің осы тоғышарлықтарың. Бас қосып бірігетін кезде әркім өзінің амандығын ойлап, бұта түбіне бұғып қалады. Қораны малға толтырса, қос-қостан қатын алса болғаны. Басқа дүние өртеніп жатса да бәрібір. Ну и народ!
Тәңірберген көңілсіз тартып, кірбиіп отыр. Әңгімеге де ықылас қалмады. Інісінің арғы жағындағы ойын жаңа ұққан сияқты.
— Солайде?..
— Иә, солай. Қалай ойласаң, солай ойла.
— Ой, сорлы бала-ай! Кімнің несі кетер дейсің?.. Түбі сенің өзіңе...
— К черту! Маған бәрібір.
— Бұрын сен бұндай емес едің.
— Қандай едім?
— Жо-қ, бұрын басқаша сөйлейтінсің. Есіңде ме, баяғы біздің түу дегенде түкірігіміз жерге түспей тұрғанда, сен келешек кедейлердікі деуші едің. Жақсы кезімде жаманшылық шақырғандай көрінетінсің. Жасы үлкендігімді арқаланып саған ақырып тастасам да, арғы жағымда дәрменсіздік бар еді.
— Иә, сендерді құртқан сол дәрменсіздік.
— Шынымды айтайын, сол кезде сен алдын болжайтын ақ етек ишан сияқты едің. Ал қазір өртке қарсы жүгірген есалаң бала секілдісің.
— Не десең о де! Тек менің айтарым: осы күні әулие көбейіп кетті. Әулие болу әркімнің қолынан келеді. Қазір бізге солдат керек. Сенің мың әулиеңнен бір солдат артық. Сол-дат!..
— Сонда... бірдеңеден әлі де дәмелерің бар ма?
— Дәме... дәме... Бұлар дәмесі болмаса, аяқ баспайды.
— Е, өзің қайтер едің?
— Егініне шегіртке түскен диқаншы қайтуші еді?
— Ал, диқан қайтеді? — деді Тәңірберген інісінің арғы жағындағы ойын аңғара алмай, тосылып қап.
— Диқаншы ертеңгі күні астық алам ба, жоқ па деп ойламайды. Ол егінге түскен шегірткені қыра береді, қыра береді, қыра... Һхее-е...
Жөтел буған жігіт тағы да қып-қызыл боп қиқылдады да қалды. Тәңірберген інісін қатты аяп: «Сорлы бала» деді ішінен. Қаракөлеңке бейуақ кеште қарт әжелердің мейірбан жұмсақ даусына сап, мына сорлы баланы ертек айтып ұйықтатып тастар ма еді деп ойлады.
Жасағанберген жөтелін шаққа басты. Сілесі қатып қалжырағаны соншалық, жанынан ақ жібек орамалды әзер-әзер алып, терін сүртті. Ағасына екі рет көз қиығын тастады. Әлгідей емес, жүдеу жігіттің бет өңінен ашу қайтып, жуасып қалған.
— Кешір! — деді ол ақырын. Ағасына кінәлі кескінде көзін қорғалақтап тастап: — Рас, хал қиындап кетті. Қара тобыр күш алып барады. Бұлар ана жылы болыс ағаны өлтірді. Қазір қарсыласқанның бәрін қырып жатыр. Ертең кезек сені мен маған келеді. Қорадағы малыңды алады. Үстіңдегі үйіңді жығады. Қалған тірліктің не қажеті бар? Онан да қолда күш тұрғанда қасық қаным қалғанша қарсыласып өлгенім артық емес пе? — деді.
Тәңірберген ләм-мим деместен, тұрды да жүре берді. Жасағанберген таңданып қалды. Тәңірбергеннің қайырылмасын біліп, соңынан еріп жүре түсті де, тоқтады. Әлдене дегісі келгендей аузы әнтек ашылып, ыржиып сөлекет күлімсіреп тұр.
Тәңірберген қатты жүріп кетті. Шамын сөндіріп, есік-терезесін тас қып бекітіп алған аласа үйлер қараңғы көшенің екі бетінде мүлгіп, үнсіз қарауытады. Көшеде тірі жан жоқ. «Сорлы бала» деді Тәңірберген ішінен. Көңілі қатты толқып кеткені сонша, мырза өзі тоқтаған үйге қалай жеткенін де байқамады. Үйге тақай бергенде көлдің арғы бетінде бекініп жатқан әскер шебінің ұзына бойында ұйқы-тұйқы атыс боп кетті. Шабалаңдап иттер үрді. Қораның түп жағында таң асырып қаңтарып қойған ат оқыранды. Мырза атысқа құлағын сап үй алдында іркіліп тұр. Ойлы көзін көкке тігіп қалған-ды. Кенет қаратүнек аспанның алыс бір түкпірінен жұлдыз ақты. Соңынан от cay лап ағып барды да, сөнген шырақтай қап-қараңғы тұңғиыққа жымжылас батып кетті. «Кім де болса бір жанның демі үзілді. Бір шырақ сөнді» деп түйген Тәңірберген тағы бір жанашырымен қоштасқандай жүрегі сыздап тұр.
***
Келесі күні ақтар қалаға кірді. Онда да түске тарта атыс үдеп, екі жақ оқты қардай боратып жатқан бір кезде атаман Дутовтың атты әскері қаланы қыр жақтан айналып өтті. Енді кідірсе, қоршауда қалатын қауіп төнгесін қызылдар қаланы тастап, тез-тез шегіне бастап еді. Қала халқы есік-терезелерін тарс жауып, үйлеріне тығылып алған. Төқәңірберген де бұл арадан тезірек кеткісі кеп, ат-көлігін әзірлеп қойған-ды. Ол тек жүрер алдында інісімен тағы да бір тілдескісі кеп, жіпсіз байланып отырғанда атаман Дутовтың атты әскері қалаға кірді. Іле-шала үсті-басы шаң-шаң жаяу әскерлер топырлап кіре бастады. Ұзын мойын зеңбіректер мен оқ-дәрі тиеген ат арбаларда есеп жоқ.
Тәңірберген әскер аяғы басылғасын болмаса дәл қазіргідей қала іші сапырылысып жатқанда жолға шығу қауіпті екенін білді. Бірер күн ақысын аңдамақ боп отырғанда генерал Чернов аяқ жетер жердің бәрінен байлар мен би-болыстарды жинап жатыр деген хабар тиді. Осы қаланың қалталы көпестері де генерал тоқтаған үйдің кең қорасына жиналып жатты. Тәңірберген әдепкіде барғысы келсе де, кейін ол ойдан тез айныған-ды. Чернов қант салған шайды күміс қасықпен былғап отырып, үнсіз жиынға көз салды. Қара киімді қала азаматтары сұр шапан, сұр шекпен киген қазақ байларынан іргесін аулақ сап, өз алдарына оқшауланып отырыпты. Генералдың көзі қара мақпал тақия киген татар байына түсті. Орыс генералының осы жолы анау-мынау емес, бір ауыр салмақ салғалы отырғанын байқаған Темірке салған жерден терісі тарылып, бүрісіп-тырысып алған-ды. Өзінен генералдың көзін айырмай қойғаны да ұнамады. «И-и, Алла, мені бұған айтып қойған инді». Қолбасы қысқа сөйледі: «Жергілікті халық әскерді азық-түлікпен жабдықтау керек. Киім керек. Ат керек». Ақша керек деп еді, енді татар байы бұрынғыдан бетер тобы кішірейіп, бір уыс боп бүрісе түсті. «И-и, айттым, вит. Айттым. Айттым». Қасындағы кісілерге күңкілдеп:
— Есіттің бе? Осы күні кісі қарны тойып ас ішпей жүргенде, сонша әскерге... йоқ, йоқ, ондай байлық миндә йоқ, әлі, — деп азар да безер боп қолын сілкіледі.
Жиналған кісілер қипалақтап, бір-біріне қиналған қабақ астынан көз тастады. Бір пәтуаға келе алмай, көп жиын әрі толқып, бері толқып отырды да, ақыр аяғында қолдан келген көмекті аямаспыз деді. Генерал Чернов мына жұрттың ықылассыз түрін байқаса да, бірақ әлі де болса ақысын аңдап көргісі келді. Ертеден бері қолбасының ту сыртында қыбыр етпей тұрған штаб офицері бір аттап ілгері басты. Черновтың құлағына еңкейіп сыбырлап еді, Чернов құптап басын изеді де, жиынға қайта көз тастады. - Аралға дейінгі жер бізге қиын соққалы тұр. Алдымызда Улу-кум, Киши-кум жатыр. Оның арғы жағы елсіз-сусыз шөл дала. Бізге жол көрсететін сенімді кісі керек.
Темірке басын көтеріп алды:
— Ондай кісі бар!
— Ол кім? — Темірке қасында отырған Ебейсінді тақымынан түртті:
— Менен гөрі оны сен жақсы білесің, әлі.
— Жоқ, білмеймін.
— Білесің. Білесің, вит. Екеуің бір ауылдансың, әлі.
— Жоқ, білмеймін.
Темірке мына жігіттің бөккен балшықтай бітеуленіп ала қойған бетін көргенде жағасын ұстағандай шошып кетті.
— И-и, Алла... Аллақайым, менің аузым жеңіл, жеңіл инді. Әйтпесе, Тәңірберген мырзаны осында отырған кісілердің бәрі, бәрі біледі, вит.
— Как... Как вы сказали? Тан... Танир?..
— Тақсыр, Тәңірберген.
Генерал Чернов әлденеге түсі бұзылып, тақиялы татарға сенімсіздене қарады:
— Ол кім өзі?
— Тақсыр, ол бик жақсы, матур жігіт. Бай. Мырза.
— Арал өңірінен бе? — деді генерал.
— Иә, иә. Сіз де білетін болдыңыз ғой?
— Білем. Жақсы білем. Ол қайда?
— Қалада.
— Бұнда неге келмеді?
— Тақсыр, оған хабар тимеген. Хабар тисе ол бұнда бәрімізден бұрын келер еді. Я, ол сондай тамаша, матур жігіт.
Генерал Чернов қасында тұрған офицерге бұрылды.
— Есіңде ме, ол анада қызылдардың бізге жіберген жансызы.
— Иә, білем.
— Ұстаңдар! Тез. Айырылып қалмаңдар!
***
Еламан Кенжекейге үйленгесін бұларға іле-шала Сүйеу қарт келген-ді. Қолы ашық қарт жалғыз нарын жетелеп әкеп, желіге байлап жатып: «Үйің толған шиеттей жас бала» деді. «Жаз айында аңсыз отыра алмайды» деді. «Нар буаз. Алдағы жылдың басында боталайды. Балаларыңа ағарған болады» деп еді.
Сол нар биыл боталап, балалардың аузы аққа тиіп қарық болды. Тек бұларға жалғыз түйені жағада ұстау қиынға соқты. Өзінің бұрынғы оты-суы мол дағдылы өрісін аңсап, ұзап кете берді. Тақа тынышы кеткесін Кенжекей кейінгі кезде аяғын тұсап жіберетін болды. Соның өзінде қарғып жайылған қарды ол бүгін Бел-Аранның сыртындағы қара бұйраттан алып қайтты.
Тез оралам ғой деп балаларды көршілерге де тапсырмай кетіп еді; естияр баласы Өтеш. Оған сенім шамалы. Күн санап осы баладан көңілі қалып жүр. Әкесі түзде жүргенде жалғызілікті анасына қолғабыс берудің орнына, осы шірік неменің өскен сайын пиғылы бұзылып барады. Кенжекейдің көзі тайсаболғаны қасындағы кішкентай інілерін жылатады. Ала-бөле күндес қатынынан қалған кішкентай Әбілді көбірек зәбірлейтін. Сотқар бала осы жолы да Әбілді жылатып қойған екен. Кенжекей бауырына басып айналып-толғанып көріп еді, бала жұбанбады.
— Ай, Өтешжан-ай, саған не болды? Кішкентай балаға неге тидің?
— Мен тиген жоқпын, өзі жылауық.
— Сен... сен тидің, асы-ғым...
Өтеш өрешеге арқасын беріп міз бақпай безеріп алған. Інісінен тартып алған асықты оңайлықпен беретін түрі жоқ. Зәті жуас Кенжекей, сірә да, бала ұрмайтын. Оның үстіне Өтештің жолы бөлек. Әжесі сүт кенжем деп, жөргегінен бауырына басқан бала болған соң осы күнге дейін бұған ерекше бір ықыласпен, қайнысындай қастерлеп қарайтын-ды. Осы жолы сіркесі су көтермей шаршап келгесін бе, әйтеуір түйілген қабақ астынан тап бір Төлеуше жаулық ниетін жасырмай тұнжырап қараған баланы жағынан тартып жіберді:
— Бер!.. Бер, баланың асығын.
Өтеш жыламады. Қаны қашып құп-қу боп кеткен бетінің шапалақ тиген жері ғана ду етті. Және осы тұқымның еркектерінде болатын көкбет өжеттікпен анасына кірпік қақпай тура қарап тұрды да, қынаға бояған қызыл қоңыр сақаны ышқырынан алды.
— Сен... сен өз балаңнан гөрі өгей баланы жақсы көресің.
— Өшір үніңді. Ол сенің інің... бірге туған бауырың...
— Тапқан екенсің. Сен ұмытқанмен, менің есімде... Оның шешесі өзіңді үй айналдыра сүйрет...
Кенжекей не болғанын білмей қалшылдап кетті.
— Шық! Шық үйден! — деп айқайлап, тапжылмай тұрған балаға дәл бір түтіп жейтіндей жетіп барып жерді теуіп-теуіп қап: — Жоғал, хайуан! — деді. Баласын үйден қуып шыққасын да долы жас көзіне құйылып, дір-дір етіп тұр... «Доңыз! Доңыз...» деді ішінен. Осы баласы құрғырдың бар мінезі Төлеуге ұқсаған. Өскен сайын сол тұқымның іші тар қызғаншақтығы мен қыңыр кеждігі жеңіп барады. Әлден түрі мынау. Былайырақ барғасын бұлар да Қалау мен Төлеушілеп бір оттың басына сыйыспай, қысқа күйде қырық төбелесіп жүрмесе қайтсін?.. Соңыра ер жеткесін осы мінезін Еламанға да істеп, тәтті тірліктің шырқын бұзып жүрмесе жарар еді-ау. «Құдай-ау, енді қайттім? Қандай амал бар бұл шіркінге?» деп ойлап, оңаша үйде жаны күйзеліп отырған.
Кішкентай қыз қыңқылдап кеп етегіне оралды. Балаларының ең кішісі осы. Бұл күнде бұ да төртте. Құдай қарасқанда осы қызы ауру-сырқаусыз, қол-аяғы балғадай боп өсіп келеді. Тек Әшімжан жүдеу. Қолға алғаннан бері, әйтеуір, ілесінен айықты. Соңғы кезде тілі дұрысталып, аяғына басып кетсе де, сорлы бала етке шықпай-ақ қойды. Өзі аумаған әкесі болатын. Үлкен ала көзі, қоңқаң мұрны, кез иегі құйып қойғандай. Аяғы алысқа түсіп кеткен күйеуін сағынғанда Кенжекей әрқашан істеп жатқан шаруасын қоя сап, осы баланың әкесіне қатты ұқсайтын бет әлпетіне телміріп қарап қалады. Кейде ол өз бетінше ойнап жүрген Әшімді жүгіріп барып, құшырланып бауырына қысқысы кеп кетсе де, қалған балалардан бата алмайды.
Еламаннан көптен хабар жоқ. Шалқарға барып қайтқан кісілер көре алмадық деп, бұның қосүрей көңілін қорқыныш билеп жүрген-ді. Осыдан бір ай бұрын ауру әкесіне Ақбала келіпті деп естіді. Осы хабар құлағына тиген бойда Қарақатын істеп жатқан шаруасын тастай сап, алау-далау боп жүгіріп келді.
— Ойбай-ау, не есіткенің бар?
Кенжекейдің дыбысы шықпай қалды. Қарақатын оның қуарып кеткен өңіне қарады да, қасына тізе бүкті.
— Естіп пе едің?
Кенжекей әлі құрып, буын-буыны дірілдеп қоя берген бойын қасындағы қазандыққа сүйеді. «Көптен бері хабар болмай кетіп еді. Сорлап қалған шығармыз» деген суық ой жүрегін мұздатып барады.
— Сақ бол, ана сайқал төркініне кепті ғой, — деді Қарақатын.
— Кім?
— Ақбаланы айтам. Ал, көре қал, бұнысы тегін емес.
— Әкесі сырқат деген.
— Соған сенесің бе? Сол қызылкөзге қағынды келетін бе еді? Жұртқа зәрін жайып, жыландай ысқырады да отырады. Қызы да жөргегінен ұшынған. Осыдан көрерсің де білерсің, мені әулие дерсің. Ол жүзіқараның Еламаннан дәмесі бар.
— Құдай-ай, қойшы.
— Сен аңқаусың.
— Жоқты соқпа.
— Сен ашық ауызсың. Жұрттың бәрін өзіңдей көресің.
— Алла разы болсын... қойыңызшы.
— Әй, мынаның есі дұрыс па? Қойы не, а?
— Бірді бірге шатпасаң тыныш жүре алмайсың ба?
— Ойбай-ай, енді не дейін? Мына шірік мені масқара қылды-ау! Мен сорлы омырауымды ашып аңқылдап келсем... Күні кеше Төлеу шашыңнан сүйреп...
— Шық! Жоғал! Ой, жексұрын!
— Өзің жексұрын. Жер басқан жанның азы мен тозысың. Ертең қойныңдағы байыңды тартып алады. Сонда көрермін сенің әуселеңді...
Қарақатын ауылды басына көтеріп бат-бұттап сөйлеп барады. Кенжекей ауыл-үйден қысылды. Үй ішінде үрпиісіп қалған балалардың бары-жоғын да сезбей, шынтағымен ошаққа сүйеніп отырып қалды. Осы бір қаңқу сөз құлағын сарсылтқалы қашан. Балалары жатқан төсектің шет жағына қисайған Кенжекей қараңғы үйде көз ілмей жатыр еді; көңілін күдікке бергісі келмесе де, әлгі қара пәленің лаңы қайта-қайта есіне түсе берді.
Төлеу жер-суын тастап, жағаға көшіп келетін жылы Ақбаланы көргені бар. Құдық басында кездескен-ді. Ақбаланың ажары сынық екен. Өздері сияқты шолақ дүниенің зарын тартып, жілігі шағылып жүрмесе де, аппақ сұлу жүзінен ішінен азып, жүдеп жүрген көңілін сезіп еді-ау. Жаңағы қара пәле мың жердей кірлемек болса да, Құдай біледі, ардан аттап жүрмеген шығар. Иә, ол байғұста не сын бар?.. Етінің қызуы, бетінің қызылы тарқамай жатып екі үйдің босағасын көрді. Беті ашылды. Базары қайтты. Бай мен баладан бірдей айырылды. Иә, ол бейбаққа да оңай боп жүр дейсің бе?
Қарақатын қанша айдап салса да, бұның өзінің арғы жағында Ақбалаға құйттай да қызғаныш жоқ. Қайта оны есіне алған сайын бағы ашылмаған байғұстың басындағы мүшкіл халді осы түн ол соншалық бар жан-тәнімен сергек сезді. Қасында ұйқылы көзімен кеудесін сипалап жатқан кішкентай Әшімге де бұрынғыдан гөрі басқа көңілмен қарады.
Кенжекей күндегіден ерте тұрды. Балаларын көршісіне тапсырды да, алдына Әшімді алып, ертеңгі салқынмен жүріп кетті. Ботасы ауылда қалған түйе ілгері жүрген сайын қайта-қайта артына жалтақтап, аңырап боздап келеді. Ыстық тез түсті. Тас төбеге келген күн шақырайып тесіп барады. Түйе үстінде итіңдеп зықысы кеткен бала әрі-берідесін қыңқылдап жылай бастады. Түс ауа бергенде бұлар жазық далада бір өзі жалғыз шошайып тұрған Жетімқараға жетті. Осы шоқының етегінде қоңыр үзікті кедей ауыл отыр екен. Сыртта тірі жан көрінбеді. Күндізгі ыстық аптаптан ауыл адамының бәрі ішке тығылған сияқты.
Кенжекей түйе басын шеткі үйге тіреді. Қозылар көгендеулі жатқан желі басына түйені шегере бергенде іштен бір әйел шықты. Кенжекей оны бірден таныды.
— Ақбала! — деп дауыстап, түйеден қолына ұстай түскен кенеп дорбадағы қақпыш балықты сатырлатып сүріне-қабына жүгірді.
Ақбала өзі танымаса да, бірақ бұны ол танып, атын атап жатқасын іркіліп тосып тұр.
— Ақбала апаң ғой. Бар. Бара ғой, айналайын. — Ақбала дір ете қалды. Бейтаныс келіншектің жанында томпаңдап келе жатқан қоңқаң мұрын қара балаға қарады.
— Амансың ба, құрбым?
Ақбала қасында ыржиып тұрған ақжарқын келіншекті көрді. Оның не дегенін есітпесе де, тіл қататын орай өзінен екенін біліп, болар-болмас бірдеңе деді.
— Танып тұрған шығарсың?.. — деді Кенжекей өзінің шалғайынан тас қып ұстап алған баланы иегімен нұсқап.
Ақбала басын изеді. Біртүрлі сөлекет күлкі бет ажарын бұзып, біліне түседі де сөне қалады. Кенжекей «апаңа бар» деп қайта-қайта итермелесе де, аяғын баспай қойған ұялшақ қара баладан көзін айырған жоқ. Әшім онан сайын қысылып, Кенжекейге тығыла түсті. Бұрын-соңды бірде-бір әйелдің өзіне дәл мына келіншекше мейірімді, мұңды көзбен мұншалық жаны үзіле қарағанын көрген емес-ті. Әшімге тілін алғыза алмаған соң енді Кенжекей де сағы сынып: «Ай, шырағым-ай, шыққан жатырыңды жатырқап, балалығың ұстап тұр ғой, не қылса да» деді ішінен.
***
Бұл күні Сүйеу қарттың үйі кешкі асты қызыл іңірде ішкен еді. Көлік соғып шаршаған бала дастархан басында үлкендермен бірге ас ішіп отырып ұйықтап кетті. Ақбала қонақ келіншек пен балаға төсекті бірге салып еді. Кенжекей жатар кезде ұйықтап жатқан баланы көтеріп апарды да, Ақбаланың төсегіне салды. Ақбала оны көрсе де, көрмеген сықай танытып, күйбеңдеп, үй шаруасын істей берді. Күндегі әдет бойынша кешкі астан кейін ауру әкенің жайын істеп, насыбай толған мүйіз шақшаны жастығының жанына қойды. Онан таң атқанша әлденеше оянатын әкесіне шөлдеген-шөлдегенде мейір қандырып ішетін сусын әзірледі. Сонан соң жалпылдақ шамды есік жақтағы төңкерген шелектің түбіне қойып жатып, қонақ келіншекке көз қиығын тастап еді, ол әлгінде іргеге бетін беріп жатқан күйінен қозғалмапты. Ақбала шам жарығын басып қойды. Бұлтиған бетін алақанына сап, танауы пысылдап тып-тыныш ұйықтап жатқан баланың жанындағы бос орынға қисайды. Өшім оянбады. Кенжекейге істейтін күндегі әдеті ме, ұйқылы көзімен Ақбаланың омырауын сипалап, кеудесіне тұмсығын басты да тынышталды. «Құлыным. Сорлы жетімегім». Ағыл-тегіл жылаған әйел бауырындағы баланың күнсіген айдарын иіскеп, құшағына тас қып қысты да, таң атқанша көз ілмей қыбырсыз жатты. Бұрын ол қатты ұйықтап жатып та сырқат әкенің сөл қозғалғанын сезетін. Бүгін бауырындағы баласынан басқа тірі бір жанды ойламады. Күндегі әдетпен сусын ішкісі кеп оянған әке де, өзінен қол созым жерде жатқан қонақ келіншек те есінен тарс шығып кетіп еді. Жазғы таң ауыл сыртындағы қоңыр шоғының ұшар басына шапаң шашып, түндігі түсірулі абажадай үй іші бозамық тарта бастағанда Кенжекей қозғалды. Балықшылар аулының ерте тұратын жайы Ақбалаға белгілі. Қонақ келіншектің күндегі дағдылы уақытта оянатынын білген Ақбала ұйықтап жатқан баланың қасынан ақырын тұрып кетті. Сыртқа шығып шай қояйын деп жатыр еді, Кенжекей жанына кеп қолынан ісін алды.
— Қатып қалпын. Әшімжанның оянатын түрі жоқ. Маған бер, отты мен тұтата қояйын.
Ақбала: «Қайтесің, өзім де үлгірем ғой» десе де, Кенжекей екі елі қасынан қалмай, ішке кірсе кіріп, шықса бірге шығып жүр. Және ол көрген-білгенін айтып, салдырлап сөйлеп жатқанда бұл өзінің жұмған аузын ашпағанына қысылады. Оның ықылас-пейіліне орай бұның, тым құрыса, осы тұста жүрегін жайып тастайтын реті еді. «Не қылса да кісінің өзіне де күші жетпейтін бір кезі болатыны ғой» деп ойлады Ақбала.
Көңілдері жараса қоймағанын байқады ма, Кенжекей үйде қалған балаларын сылтауратып, алдын кештете аулына қайтты. Ақбала ұзатып салды. Ботасына қайтқан түйе қамшы салғызбай желе жөнелді. Ақбала түйе үстінде селкілдеп бара жатқан келіншекті көзден таса болғанша ұзатып салды. Артып кеткен ажар-көркі болмаса да, қараторы, екі беті бұлтиған дөп-дөңгелек зерең жүзді. Дәнге тойған бұлдырық тәрізді тұла бойы да тығыншықтай екен.
Ақбала мырс етті. «Құдай біледі, күйеужанды болар» деп ойлады. Иә, түрі айтып тұр. Күйеуінің көлеңкесі сияқтанып, отырса да, тұрса да асты-үстіне түсін өбектеп бітетін шығар.
Ақбала тағы да мырс етті. Сыртта самауырға су құйып, от тұтатып, ішке кіргенде әлгі ащы мысқыл әдемі бетінен жуық арада айықпай, ажарын мұздатып тұрып алды. Кешке бауырындағы баласын құшақтап жатып та ол түннің бір уақытына дейін өзінің ит-ыржыңмен өткен өмірін ойлады. Онан Еламан екеуінің арасын ойлауы мұң екен, бүгін тағы да көзінен ұйқы қашып, май шамның әлсіз жарығы сығырайған үйдің оң жақтағы жамау түскен үзікке қадалып алды.
Ой, дүние-ай, о да бір дәурен екен-ау! Ақбалаға үйленердің алдында бір жыл бойы жылқышы жігіт келуін жиілетпеді ме? Әсіресе, ел қораға кіргесін ай сайын, апта сайын ат сабылтып келіп тұратынды шығарды. Қақаған қаңтар айында бай ауылдың жылқысын ұры-қарыдан күзеткен жігіт күндіз-түні аттан түспейді. Суық қапқан бойы сықырлап, кіріп келе жатқан жылқышы жігітті көрген сайын бұл жиырыла қалатын. Әлі есінде: әке-шешесі ауыз ашуға отырған кезде Ақбала үй сыртындағы ақ шоқалақтың тасасында тосып тұрған Тәңірбергенге кездесті. Осы күннің ертеңіне де сол қуаныш қыз жүрегінде шоқтай маздап тұрғанда жылқышы жігіт келді. Тәңірберген маңайынан жүре алмайтын үйге бұл ешкімнен именбестен емін-еркін кеп, атын қамыс қораның ығына байлап жатты. Қалың киім киген бойы қорбаңдап, ат шылбырын белдеуге байлады. Бетіндегі боз қырауды алақанымен бір сипап тастап, сарытабан қарды сықыр-сықыр басып келе жатқанын көрді де, бұл шапанын жамылып, көрші үйге кетіп қалды. Бірақ қатал әке дереу шақырып алды. Ақбала дастархан басына амалсыз келді. Бір қырын отырып шай құйды.
Еламан ұялшақ. Қашан кете-кеткенше қыз жаққа қарауға жүзі шыдамай, көзін қашырта береді. Үстіне Ақбала кірсе болды, екі беті дуылдап қоя беретін. Көңілі жүйрік қарт қызына атып жіберердей шаншыла қарайды. Басқа кезде қорықса да, бұл дәл осы тұста қаһарлы әке ашуынан қорықпайтын. Қайта осындайда қыздың бойында да әлдебір егес оты өршеленіп кететін. Шіркін, жастық не істетпеді!
Қанша келіп жүргенде оған бір рет те рай бермепті. Сонысы жөнсіздік пе, тәкаппарлық па? Қайткен күнде де шамадан тыс шектен асып кетсе, сірә, тегі тәкаппарлық та қаталдықпен пара-пар ма, қалай?
Ақбала көз қиығын құшағындағы баласына тастады. Ақбалаға бірден бауыр басып кетті. Сорлы бала шыққан жерін сезетін шығар-ау.
Алғашқы күні осы баланың кімге ұқсағанын ойлаған жоқ-ты. Оған мұршасы да болмаған. Бейтаныс әйелдің жанында томпаңдап келе жатқан қара балаға көзі түсуі-ақ мұң екен, өзінің ана жатырын жарып шыққан тұла бойы тұңғышы, тірі жетімегі, бір жапырақ бауыр еті осы бала екенін бір дегеннен бар жанымен сезе қойып еді. Кейін мауқын басқан соң, оңаша үйде ойнап отырған Әшімге анықтап қарады. Қайталап қараған сайын осы баласының тұла бойындағы бар бітімі мен бет әлпетінен Еламаннан аумайтын ұқсастық табатын. Әсіресе, Әшімжанның үлкен ала көзі мен кез иегі, қоңқаң мұрны... құйып қойған әкесі. Мінезі де бұйығы, тұйық. Туғанда да осы бала үш айға дейін біртүрлі болды, емізетін мезгілінен асып кетсе де, бала боп мазасызданып жылаған емес. Қашан қол-аяғын шешіп, құндағынан босатып алғанша оянбайтын. Жарығымның сол мінезі ескесін де өзгермепті. Қазір нағыз қолда тұрмай зырлап жүретін кезі ғой. Өзімен бірге ойнайтын бала да іздемейді. Іші пысып жалғызсырайтын емес. Үш мезгіл ас берсең болғаны. Үй ішіндегі кісілерге ала көзінің астынан бір қарап қояды да, ертеден қара кешке дейін өзімен-өзі ойнап отыра береді. «Құдай біледі, жасында әкесі де дәл осындай болған шығар-ау» деп ойлап, Ақбала ақырын күлді.
***
Кенжекей үйіне ел орынға отыра жетті. Не көрінгенін қайдам, жол бойы қашан жар басындағы ауылға жеткенше басына қай-қайдағы ойлар келіп, әлек-шәлегі шыққаны. Әуелі Ақбаланы есіне алды. Сосын бір күн, бір түн бірге болғанда екі әйел Еламанды аузына алмағандары да есіне түсті. Әрине, Ақбаланың неге үндемегені белгілі. Оның орнында болса бұ да сүйтер еді. Бұл тек Ақбаланың әке-шешесіне түсінбеді. Ол сорлының бұл дүниеде бары-жоғын да білгісі келмеген бейтарап көңілдерін байқады. Сонда оның жазығы не?
Қарақатын Кенжекей келгенше шыдамай, жолына қарап отыр екен. «Осы жұрт Ақбала мен Еламанды қайта табысыпты деп жүр ғой? Сол не сөз, онан не білгенің бар?» деп Қарақатын бұған дүрсе қоя берді. Кенжекей бұған басында көңіл бөлсе де, кейінірек керең болған кісідей құлақ аспай қойған-ды. Соның арқасында болар, ақыры ауыл арасындағы сүйретпе бықсық сөз де сөнді. Сүйтіп жүргенде бір күні Еламаннан хабар келді. Қалаға барған біреуден амандығын айтып, азын-аулақ шай, шекер беріп жіберіпті. Барам деген сөз аузынан шықпаса да, осы күннен бастап «келіп қалар» деген үміт Кенжекейдің кеудесінде шоқтай маздады да тұрды. Үй сыртынан дыбыс шықса да елден бұрын бұл елең етіп, тап бір жігітін күткен қалыңдықтай жүрегі лүпілдеп қатты-қатты соғып кетеді.
Күндіз жұмыста. Кешке үйге келе сала балаларға тамағын беріп, қызыл іңірден жатқызып тастайды да, күйеуге шыққаннан бергі дағды бойынша кебеже түбінде жатқан сүт тайлақтың жүнін бір етек қып алдына салып алады да, түннің бір уақытына дейін түтеді. Қолы қалт етсе, соңыра Еламанға шекпен тоқып бермек.
Күйеуге шыққалы қатты өзгерді. Оны өзі де сезеді. Төлеуден кейін бұл еркек атаулыдан жүрегі қатты шайлыққаны сонша, өмірі күйеуге шықпаспын деп ойлап еді-ау! Қойны құр емес, балалары бар, ендігі қалған өмірді сол қарақтарымның көлеңкесінде өткізермін деп ойлап еді, Құдайдың жазғаны солай болды ма, әлде осы жігіт дегенде Айғаншаның ықыласы басқа болғаны әсер етті ме, ұрса-соқса да төмен етекті әйелдің еркексіз күні жоқ екенін мойындады. Өгей әке болса да үш сәбидің тірлікте арқа сүйейтін бір қамқоршысы болғанын дұрыс көріп еді.
Бір жолы қараптан-қарап отырып көңілін күдік жайлап, «Қате істедім бе? Сорлы басыма тары да пәле тілеп алдым ба?» деп ойлады. Осының алдында ғана бірнеше күннен бері көкірегінде гүлдеп келе жатқан қуаныш кенет тағы да қара суық ұрғандай жапырағы солып, өзі де балық сойып жатқан қатындардың арасында қолынан пышағы түсіп, мұңайып отырып қалды. Соны басқадан бұрын мосқал әйел байқады:
— Кенжекей, саған не болды? Бір жерің ауырып...
— Жоқ, жоқ... ештеңе емес.
— Шаршаған шығарсың?
— Әй, құрысыншы... Құрып қалсыншы, осы ит өмір, — деді де, Кенжекей тұрып кетті. Аң-таң боп ақырып қалған қатындарға назар салмастан, сол күні үйге ерте қайтып еді. Былай шыққасын жылап, көзін бір сығып алды. «Өзімнің бұрынғы күнімді көріп жүре бергенім дұрыс еді» деп ойлап, қол-аяғын әрең алып келе жатқанда, кенет сонадайдан көзі Еламанды шалды. Сыртта жерошаққа от жағыпты. Қазан беті буланады. Қара шайнекті де қайнатып, өзі үй алдын сыпырып күйбеңдеп жүр екен. Кенжекей: «Масқара-ай, сыртта жүрген кісілер кермесе не қылсын?» деп қысылды. Бұлтиған қараторы беті нұрланып күліп жіберді. Сосын жылап, сырт айнала бере жаулығының шетімен жасын сүртті. Күні бойы өзін қажытқан күдіктің қайда кеткенін білмеді: «Е, Құдай, ұзағынан бере гөр».
Берегірек келгесін жақсылыққа бұның да бойы үйренді. Тіпті, өзгелерден өзін кеммін деген ойдан қалды. Бәз біреуден кем болса да, ал қайсы біреуден қайта өзінің артық екенін сезді. Баяғы қорлық күндерін ұмытты. Ол тек оқта-текте жылаумен еткен жастық шағын еске алатын. Енесі өлгеннен кейін күндесінен көрмеген қорлығы қалмады. Теңдіксіз жас келіншек те күтімсіз жас теректей жер бауырынан нәр ала алмай тұрғанда көктен нөсер төккен қандай! Беу, несін айтасың, о да әнебір жапырақ сарғайып түсе бастағанда Құдіреттің күшімен қайта гүл ашып, құлпырып кете барады екен ғой! Құдайдан ба, әлде адамнан ба, әйтеуір жастық шағын зая жіберіп алатын әйелдер болады. Кейін отыз бен қырықтың аралығына ілігіп, еркек ықыласына ынтызар болған сарыторы шағында Тәңіріден ондай әйелдердің жүрегіне шоқ түспегей деп тіле. Ондай әйелдер құдды аштық өтіп, жүрегі үзіліп бара жатқанда аузына ас тиген кісідей тойымсыз, қомағай. Кеш оянған махаббат кейін кісі өлгенде де қара жердің астына өзіңмен бірге түспейді дейсің бе?! Ал бұндай әйелдер соңыра қартайған шағында да өзінің ең бір отты кездегі ажарын бермей, баяғы бір балғын қалпымен қарап тұратын шығар-ау!
Кенжекей иегін тізесіне сүйеп, қыбыр етпей отыр. Әлгінде сонша ықылас қойып түткен жүн қолынан түсіп кеткен. Күлімсіреген көз үй ішіндегі бір нәрсені дендеп көріп отырған жоқ. Осы ұяң күлкі кейін ұйықтағасын да келіншек өңінен айықпай, дөңгелек зерең жүзін нұрландырып, жұмсартты да тұрды.
Ертеңіне ол күндегі дағдылы уақытынан кешірек оянды. Жұмысқа кетер алдында балаларына ас даярлап, асығып-үсігіп жатқан үстіне Еламан кіріп келді. Кенжекей істеп жатқан шаруасын тастай сап, балаларынан бұрынырақ жүгіріп барса да, Еламанның бүтіл бір жақ бетінде ырсиған ат тұяғындай тыртыққа көзі түсті де тұрып қалды.
Еламан балаларын бетінен сүйді де, кішкентай қыз баланы қолына көтеріп алды:
— Өзің өсіп қапсың ғой. Ал, жағдайларың қалай? Әлі де болса есін жия алмаған Кенжекей Еламанның бетінде әлі де жазыла қоймаған тыртыққа қарап қатып қапты.
— Әшімжан қайда? — деді Еламан.
— Атасында...
— Қалай, қарындарың ашып қалған жоқ па?
— Әшімжанның әкесі-ау... — деді Кенжекей. Еламан әйелінің өңіндегі үрейді енді байқады.
— Жә, қайтесің. Бұл ештеңе емес, — деп жуып-шаймақ болды. «Иә, иә, бұл ештеңе емес, жаныңның аман қалғанын айт» деп Кенжекей қостағысы келді. Бірақ аузын ашса өкіріп жылап жіберетінін сезген соң, үндей алмай, іштей қалтырап дір-дір етіп тұр.
— Шайың әзір ме? Әкел, шай ішейік, — деді Еламан.
— Қазір... қазір...
— Кенжеш... осы Ахаң сорлы шынымен-ақ хабар-ошарсыз кетті ме?
— Иә, ол байғұс... сүйтті ғой.
— Алда пақыр-ай!
Осы екі арада көршілер жиналып қалды. Теңізден кеш қайтқан балықшылар да бірінен кейін бірі үзік-созық келіп жатыр. Жұрттың соңын ала Дос келді. Еламан оған әркездегідей ілтипат білдіріп, орнынан тұрып амандасты да, өзінің жоғарғы жағына отырғызды. Көрші келіншектер қолғабыс берген Кенжекей лезде шай-су әзірлеп, дастархан жайды.
— Еламан шырағым, біздей емес, көзің ашық. Есіткен-білгеніңді айта отыр. Мына соғыс қашан бітетін? — деді үлкендер.
— Жуық арада бір жағына шықса керек.
— Апырай, ә, мынау бір жақсылық екен.
— Шалқарды жау алды деп жатыр ғой, сол рас па?
— Рас, ақтар қазір Аралға қарай беттеп келеді.
— Көп пе?
— Жетерлік.
Шай ішіп болған жұрт көтеріліп сыртқа шықты. Кеш бойы жұмған аузын ашпаған Дос Еламанға қатарласып, тіл қататын ыңғай білдіріп еді, бірақ Еламан:
— Мөңкенің басына баралық, — деді.
Дос үндемеді. Еламан қарт балықшыға Құранды өзі оқитын. Оған бағыштаған дұғаға бар ықыласын сап, жан-тәнімен беріліп кеткенде, егіліп жылап отырғанын сезбей қалатын-ды. Осы жолы да дұға соңында бетін сипағанда саусағының ұшы жылып аққан жасқа тиді де, көзінің тұсына келе берген қолы кілт іркіліп, алақанымен бетін басып отырып қалды. Тақымдасып қатар отырған Дос оған көлденеңнен көз қиығын тастады. Жұбатқысы кеп еді, бірақ осындайда сөзге шорқақ жігіт жұмған аузын ашпады. Сонан тек үйге қайтып келе жатқанда, Дос:
— Кәне, жөніңді ұқтыршы. Қандай шаруамен жүрсің? — деп еді. Еламан көп ішінде шешілмесе де, жеке қалғасын Достан жасырмады: өздеріне қарағанда ақтардың күші басым екенін айтты. Бірақ олар тойтарыс алатын жер таяу деді. Қазір қызылдар да, ақтар да Арал түбінде болатын алдағы қырғын шайқасқа қатты әзірленіп жатқанын айтты. Ақтар Тәңірберген секілді шонжар байларға арқа сүйейді. Ал қызылдар жағы жер-жерге кісілерін жіберіп, ел ішінен ат жинап, азық-түлік алдырып жатқанын айта кеп, ақыр соңында:
— Көз тігіп келгенім Тәңірбергеннің жылқылары еді, бірақ жамандықты жер түбінен ойлайтын сұм емес пе, жылқыларын жасырып тастапты, — деді.
— Қап, не қыласың? Қолға түссе, оныкі ақсүйек адал мал болар еді ғой.
— Тәңірбергеннің жылқылары түлкі боп кетпесе, Кәлен табар деп сенем.
— Кәл-ен?..
— Айтпақшы, Дос аға, шүйінші. Кәлен Сібірден қашып келді ғой.
— Алда байғұс-ай!.. Еңіреген ер-ай!
— Апырай де! Жанымыздың сірідей берігін қайтерсің?! Тепкілесе де өлмейтін темір өзек екенбіз ғой, — деді Еламан күліп.
Діншіл Дос оның сөзін асылық көріп, ішінен ұнатпай қалды.
***
Еламан қолындағы ноқтаны үй іргесінде жатқан ер-тоқымның үстіне тастай салды да, есік алдында ойнап жүрген кішкентай қызын көтеріп ішке кірді. Бұл кезде кісі-қаралар кетіп, үй іші оңашарып қалған-ды. Кенжекей үй ішінің аз ғана дүниесін қағып-сілкіп, тап-тұйнақтай ғып жиып қойыпты. Балалардың үстінде де жаңа көйлек. Кенжекейдің өзі де қай заманнан бері сандық түбінде жатқан ақ шыт көйлек пен түгі қырқылған мақпал камзолын киініп сәндене қапты. Айлығының есебіне жазғызып алған жас балықты былқытып асып, қазан маңында жүгіріп жүр екен.
Еламан:
— Қолғабыс берейін, — деп қасына барып еді. Кенжекей:
— Жоқ, жоқ, саған түк істетпеймін. Бүгін балаларыңның қасында бол, демал, — деп, Еламанды қоярда-қоймай зорлап апарып балалардың қасына отырғызды.
Еламан әйелінің ырқына көнгенсіп, күліп отыра берді де, аңдаусызда оны бауырына тартып құшақтап еді, Кенжекейдің бүйректей беті ду етті. Басынан сыпырылып түсіп бара жатқан жаулықты тез жөндеп, Еламанның құшағынан сытылып шыға берді.
— Саған не болды? Балалардан ұялмайсың ба? — Еламан асқа дейін балаларды ойнатты. Кішкентай екі баланы арқасына мінгізіп, төсек жайған төр алдында тізесімен жорғалап жүреді де, ара-арасында түйе боп бақырып жатып алады. Балаларды ойнатудан гөрі осы балалардың сылтауымен өзі ойнап қалғысы келген сияқты. Кенжекей асты түсіргесін де күйеуі мен балаларының ойынын бұзғысы келмей, қазан жанында күлімсіреп отыр. Осы бір иманы бетіне шығып тұрған ірі денелі жігітке жар боп қосылғанына шүкіршілік қып: «Е, Құдай, осы қызығыңнан айыра көрме» деп тіледі.
— Әй, осы үйдің үлкен баласы... астарың дайын болды ғой, — деді Кенжекей күліп.
Ас-су ішкесін Еламан сыртқа шығып кетті де, Кенжекей балаларын бүгін күндегіден ертерек жатқызып, ұйықтатып тастады. Өздерінің төсегін де қызыл іңірден салды. Бірақ күндегі дағдысына бағып, көрпенің астына кіріп жата қалған жоқ. Осы кеш ол құдды жігітін күткен жас қыздарша ақ некелі төсектің ыстық бір сәтін асыға күтіп, тұла бойы да біртүрлі тоңазығандай, тоқтата алмаған тәтті діріл бар.
Еламан бір кісімен үй сыртында ұзақ сөйлесті, олардың сөзін есітпесе де, құлаққа күңгір-күңгір дауыстары келеді. Күйеуін күте-күте қалжыраған Кенжекей тағаты таусылған бір кезде Еламанның ескі көйлегін жамап-жасқағалы қолын созып ұмтыла бергенде көзі қымтаусыз қалған балтырына түсіп еді. Күн тимеген тәні атластай аппақ екен. Кенжекей сықылықтап күлді де, аяқ жағындағы көрпе астына кіріп жата қалды. Осы кезде Еламан да үйге қарай беттеп келе жатыр еді, Кенжекей төсектен атып тұрды. Неге бүйткенін өзі де білген жоқ-ты. Тек күтпеген жерден Қарақатынның өсегі есіне түсіп, түсі демде бұзылып кетті. Еламан ішке кіргенде бұл күйеуінен бетін қашыртып, сырт айналып тұр еді.
— Кенжеш, — деді Еламан, — жай ма? Біреу бірдеңе деді ме?
— Неге екенін білмеймін, осы бақытымды өзіме-өзім көп көрем. Айырылып қалатындай қорқам.
— Сол ма? Кел, қасыма отыршы. Ар жағыңда бірдеңе бар ғой?
Кенжекей сыртын беріп қырындай түсті.
— Кейбіреулер айтады...
— Иә, Кенжеш...
— Жұрт сені... Ақбалаға телиді. Мен оған сенбеймін. Егер, тіпті, шын болған күнде де, бағы жанбағаны болмаса, өзіміз көріп жүрген қай қатыннан кем?! Қайтейін... Көп болса, екі қатынның бірі болам да. Мына қарақтарымның қолы аузына жетіп кеткенше жетімдік көрмей, сенің панаңда өссе деймін. Өз басым қараңды алыстан көріп жүргенге де ырзамын.
Ә дегенде Еламанның аузына сөз түспеді. Әсіресе, Ақбаланың аты аталып, әңгіме беті анықтала бастағанда күн қақан қарасұр беті дуылдап кетті.
— Кенжеш... Айналайын, Құдай куә...
— Қарғанбашы. Саған сенем ғой.
— Жұрт не демейді?! Жұрттың аузына қақпақ бола алмайсың.
Кенжекейдің көзінде жас. Онысы өзіне де ерсі көрінді ме, әйтеуір, күйеуінің алдында қызарақтап қысыла күліп:
— Маған не боп отыр осы? — деді.
Еламан осы келіншектің биязы жұмсақ мінезі мен елжіреген жанын жақсы білетін. Тек оның тап бұншалық ақылды, ұстамды екенін біле қоймаған-ды. Еламан Кенжекейдің күн санап толығып келе жатқан тығыншықтай денесін құшақтап, бауырына қысқысы кеп кетсе де, өзін тежеп қалды.
— Кенжеш... Ертең Сүйекеңе барып көңілін сұрап қайтсақ қайтеді?
— Барайық.
— Балаларды қайтеміз?
— Оған қысылма. Көршілер қарай тұрады ғой.
— Онда жатайық.
Ертеңіне бұлар елең-алаңда оянып, тез-тез жиналып жүріп кетті. Ыссыға қалмай ертеңгі салқынмен едәуір жүріп, жол өндіріп тастады. Еламан Кенжекей мінген жазылы түйенің басын жетелеп, бұлаң құйрықпен отырған-ды. Соның өзінде бір жылжып кеткен тұяқ жол қоймады. Түс ауа бұлар жуық арада ғана жұрт жаңартып қонған Сүйеу қарттың ауылына жетті. Ақбала әкесінің беті бермен қараған соң бір-екі күн турасында қайтып кеткен екен. Кенжекей іште кісі-қара отырған соң әдеп сақтап, сыртта қатындардың арасында қалды. Еламан атын белдеуге байлады да, үйге беттеді. Сүйеу қарт тәуір болғалы қасынан кісі-қара арылмайтын. Бүгін де дүние-жиһазы аз үлкен үйдің іші қауқылдаған көп кісіге толып отыр екен.
— Ассалаумалейкум!
— Әликсәлем, бұ қай бала?
— Ау, мынау өзіміздің Еламан ғой. Ал, жоғары шық!
— Ал, шырағым, дені-қарның сау ма? Аман-есен жүрсің бе?
— Шүкір.
— Ал сапар оң болсын.
— Әумин. Сүйекеңнің көңілін сұрағалы...
— Е-е, дегендей, бетің дұрыс. Үлкендерді ұмытпағаның жөн.
— Сүйекең тәуір. Құдай қуат беріп, шүкір, беті бермен қарады. Ал, өз жөніңді айтшы. Жағадағы ауылдан шықтың ба?
— Иә.
— Жалғызсың ба?
— Жоқ, жолдасым бар, — деді Еламан.
Сүйеу қарт ертеден бері бұлардың әңгімесіне араласпай, үлкен үйдің оң жағына салған төсекте ақ көйлек, ақ дамбалмен тіп-тік боп қазықтай шаншылып отырған-ды. Ол осы тұста жүзін Еламанға шұғыл бұрды.
— Жолдасым?.. — деп оның жаңағы жауабын жұлып алғандай ғып қайтарып сұрады. Ақ кірпік астынан шаншылған көз де өңменінен өтіп барады. Еламан аңдаусызда бүлдіріп алғанын білсе де, бірақ сыр бермей, сыртын мейлінше салмақты ұстап:
— Иә, жолдасыммен келдім, — деді.
— Е-е. Ол сонда қай жолдасың? Кім деген жолдасың?
— Келіншегім ғой.
Сүйеу қарт көзін тайдырып екетті. Ол жаққа енді қайтып назар салмады. Көйлек жағасынан қылқиған мойнын қыжырта бұрып, ашық есіктен сыртқа қарап отырды да, кенет мырс етті. Сосын қасында отырған қарияға бұрылып:
— Жолдасым дей ме, ей? — деп мырс-мырс күлді.—Әй, пұшық кемпіріңді сен де жолдас деуші ме ең? Ендігі жерде бәріміз де кемпірімізді жолдас дейміз бе? А-а?
Үй іші жым-жырт. Жұрттың бәрі жапырлап қалған. Ақшұнақ шал ғана анда-санда мырс-мырс етіп қояды.
Ішке Әшім кірді. Үнсіз кісілерге жалтақтап, үркектей қарады да, тұп-тура төрде отырған әкесіне барды. Тылсымдай тынып қалған ыңғайсыздықты қалай серпілтерін білмей шыдамы құрып отырған Еламан баланы тілге тиек қып:
— Балам-ау, бойың өсіп қалыпты ғой. Оқуға баратын уақытың да жақын. Бір-екі жылда оқисың, — деп еді.
Сүйеу қарт бас бармаққа толтыра салған насыбайды қырғыштай мұрынға кезек апарып, күсілдетіп ішіне тартып-тартып қалды:
— Ал! Ал, оқуға бердің! Ал, балаң орыс болды. Ал, шашын бір қарыс қып қойды. Тар шалбар киді. Түрегеліп сиді. Сонда ол саған иман әпере ме? О несі... О несі, әй?
Қысылған кісілер бір-біріне көзінің астымен қарап, бір-бірлеп кете бастады. Үнсіз үйде ұзақ отыра алмаған Еламан да әлгілердің соңын ала тысқа шықты. Тек қазықтай шаншылып алған қырсық шал қыбыр еткен жоқ-ты. Сонан бір кезде тағы да өзінен-өзі осқырынып:
— Әй, жолдасым, — деді кемпіріне, — іш дәрет алатын су әкел.
— Ай, сорлы-ай! — деді ертеден бері үн-түнсіз ұршық созып. отырған кемпір. — Пайғамбар жасынан жасың асса да осы бір ит мінезге әлің келмей-ақ қартайдың-ау сен де.
Сүйеу кемпір сөзін құлағына ілмеді.
— Еламанға сонша неге қадалдың? Не жазығы бар еді оның? Ұят істедің ғой.
— Жоқ-ау, оқуға берем дейді. Ал, бер!
— Йе, оқыса қайтеді? Заманы солай.
— Әй, қақбас, отыр! Отыр жөніңе! Көрдің бе, тілі сала құлаш.
— Сенің де арғы жағың белгілі.
— Е, менің арғы жағымнан не көрдің?
— Бізде де көз бар. Сенің шымбайыңа батып отырған оқу емес, басқа.
— Не дейді? Не деп отыр мынау?
— Тұз-дәмі жараспаған соң кісіден көретін не бар?..
— Оттапсың! Оттапсың! Ақылгөйін... Ондай ақылыңды басыңа шайнап жақ. Шық! Шық үйден!
— Жә, қойдым. Жеңілдім. Сен сорлы қай қисығыңды мойындап едің, — деді де, кемпір түрегелді.
Сүйеу бармағындағы насыбайды есіктен шығып бара жатқан кемпірдің соңынан шашып жіберді. Бет терісі жыбырлап, іргеге қарап жатып қалды. Сонан кешке өрістен мал келгенде оянды. Ашулы жүздің зәрі сыныпты. Еламанның қарсы болғанына қарамай, қолындағы азын-аулақ қойдан алған биылғы телдің соңғы қозысын сойғызды да тастады. Қазан көтерілді. Сол күннің ертеңіне Еламан жолға жиналды.
— Ал, ата, мен жүрем. Көріскенше күн жақсы.
— Жүрем де?
— Иә, ата.
— Ым... Көріскенше дейсің, ә?.. Сендермен көрісетін атаңда қанша күш қалды дейсің? Енді көрісеміз бе, жоқ па?! Бері... бері келші, балам!
Қасына кеп тізе бүккен Еламанның қолын уысына қысып отырды да, көңілі босап бара жатқасын бойын билеп ала қойды.
Кезерген ернін Еламанның маңдайына тиер-тиместе тартып алды. Сүйеу қарттың ішкі тынысынан ақырған көк насыбайдың ащы иісі бұрқ етті.
Еламан: «Алла қуат берсе аяғыңызға мініп кетерсіз» дегісі кеп еді, оған бірақ мына ақ кірпік, қызылкөз қияңқы шалдың мінезі белгілі: өтірік пен көлгірлікті жек көреді. Ол тегі Еламанды да сондайы жоқтығы үшін жақсы көрген шығар-ау!
ҮШІНШІ БӨЛІМ
Генерал Черновтың армиясы Шалқардан кейін іле-шала Сексеуіл стансасын алды. Оның ар жағында Арал қол созым жер еді. Бірер күнде Чернов пен Дутовтың жер қайысқан әскері Аралғада жетті. Олармен шалғайласып оқ-дәрі тиеген түйелер, арбалар, обоздар, жаралылар, ауру-сырқау әскерлер үзік-созық келе бастады.
Осы бір қарбаласта Аралдың іргесіне бекінген қызылдарға Ташкенттен көп әскер келді. Алғашқы күні Колузаев бастаған бес жүздей мадьяр отряды келіп еді. Іле-шала мыңнан астам түрікпен түсті. Бөрінің басында бір-бір қойдың терісінен істеген сеңсең бөрік. Суырма қылыш сандарына соғады. Ысқаяқ қара жігіттер вагоннан үркектеп түскен қазмойын арғымақтарға ырғып-ырғып мініп алды.
Осының алдында Аралға Түркістан майданы ерекше мандатпен төтенше комиссар ғып тағайындап жіберген Петр Дьяков келген-ді. Қасында Кронштадтан көмекке жіберген он тоғыз моряк бар-ды. Олар келе сала Арал теңізінің бас-аяғынан ірілі-ұсақ кемелердің бәрін жинап, екі асығыс, бір қарбаласта флотилия жасақтапты. Арал көпестері — Марков, Мокеев, Елисеевтердің қай заманнан бері теңіздің арғы бетіне қатынап, сауда-саттық жасап жүрген ірі-ірі кемелері — «Хива ханы» мен «Түркістан» теплоходына екі-екіден зеңбірек орнатып, пулеметтер құрып тастаған еді.
Осы күндердің бірінде Аралға Кәлен келді. Қасында өңшең қару асынған жігіт. Аттары қара тер. Тәңірбергеннің шың арасында сырт көзден жасырып жүрген бес жүздей жылқысын қуып әкелген екен.
— Әй, әлгі көксауларың қайда? — деді ол келген бойда.
— Оны бұл арадан таппайсың. Ол қазір қаланың шетінде окоп қазып жатқандардың арасында жүр.
Кәлен оған өзі бармай, қасындағы бір жігітті жіберіп еді, ол Дьяковке жетем дегенше мына жақтан оған екі аттылы құйындатып шауып келді.
— Комиссар... жау...
— Алыс па?
— Жоқ... Алды 68-разъезге келе бастады. Жер қайысады.
Дьяков жау бетті шолғындап қайтқан екі жігітті штабқа жөнелтті де, өзі әлдебіреуге айқайлап, окоп бойымен ілгері жүгіріп кетті. Бір қалтарысты айнала бергенде кеудесі қысылып, тұра қалды. Бұндайда ол әдетте кісі-қараның көзіне түскісі келмеуші еді, дәл қасынан әлдебіреудің «Қамсар» деген даусын есітті. Мынау кім де болса, Еламанның жігіттерінің бірі екенін біліп, жалт қараса, шынында да қасында қылыш асынған қияқтай қара мұртты жігіт тұр екен.
— Ә, Әли... һхе-е... Кел! Кел!
— Камсар, немене... Сырқаттанып...
— Жәй ғана... Еламан оралмады ма?
— Жоқ.
— Хабар барма?
— Жоқ.
— Жігіттер қалай? Әзірсіңдер ме? — Әли түсінбеді.
— Жау жақын. Жігіттерің әзір болсын, — деді де, ол коммунистер полкінің оң жағында шеп ұстап жатқан мадьярлар отрядына барған-ды. Дәл осы кезде кейінгі жақтан біреу: «Әне, шаң шықты деп айғайлап жіберді.
Дьяков дүрбіні көзіне апарып еді, қолы қалтырады ма, қалай сығаласа да көзі қарсы беттегі сары төбенің баурайына тіреліп, адыраспан ба, итсигек пе, қайда бір сондай қауқиған қадау-қадау бұталарға түсе берді. Сонан бұл кеудесін көтеріп, қос шынтағын окоптың ернеуіне тіреді де, ілгері жаққа қайта қарап еді, бұл жолы разъез басындағы жалғыз ақ үйді керді. Үй маңында қыбырлаған тірі жан жоқ. Ал оның арғы жағынан, түу-түу қашықтан түйдек-түйдек шаң шықты.
***
— Міне, мынау Арал! Арал теңізі.
— Ға-жап!
— Бұл дүние жүзіндегі мөлдір, таза теңіздің бірі көрінеді ғой.
— Болса болар, өзінің көкпеңбегін-ай!
— Подполковник мырза, сіздің әкеңіз осы теңіздің жағасынан промысел ашқан көрінеді ғой.
Федоров жіңішке ернін жымқырып, тістеніп ала қойды. Ат үстінде тұрып дүрбіден қарап еді. Сонау кез ұшында жатқан көк теңіз ат тұмсығының алдына кеп тіреліп тұра қалды. Онан сәл берегіректе теңіздің дәл жағасына қам кесектен салған кішкентай қаланың құжынаған үйлері мен портта тұрған кемелердің сырықтай мачталары андыздап қоя берді. «Бұлардың бекінісі қайда?» деді Федоров ішінен. Осы кезде ат тізгінін созып ілгері жүріп кетті де, әлгі көріп тұрғандарының бәрін біреу дүрбі әйнегінен сыпырып тастағандай болды.
Федоров тілмашқа бұрылды:
— Мынадан сұрашы, бұл араның халқы суды қайдан алады екен?
Тәңірберген өзіне тілмашсыз тікелей тіл қатпағанына қитығып қалды. Оның үстіне кешегі күні Теміркеге көңілі қалғаны сонша, осы татар жігіті жынына тиіп, қитығып келе жатқан-ды. Татар тілмаш Федоровтың сауалын қазақшалап:
— Подполковник мырза шушы жирдә құдық бар ма деп сұрап тұр, — деп еді.
— Оны жергілікті халықтан сұрау керек. Мен қайдан білейін?.. — деді Тәңірберген.
— Сен проводниксің, вит.
— Білмеймін.
— Мырза, бұның жарами. Дұрыс сөйле.
— Дұрыс сөзім осы. Бұл ара менің бұрын-соңды болмаған жерім.
Татар тілмаш бұның сөзін дереу Федоровқа жеткізіп еді. «Жез қоңыраудай шүлдірлеген сорлы» деді Тәңірберген.
Федоровтың полкі Арал түбіндегі 68-разъезге бірінші боп жетіп еді; өңшең ерні кезерген, көзі шүңірейген үсті-басы шаң-шаң солдаттар жапырлап аттан түсіп жатыр. Аяғы жеткендер бұрынырақ жүгіріп барып, кішкентай ақ үйдің іргесіндегі алқандай көлеңкеге таласып, бірін-бірі иықтап ысыра бастады. Ендігі қалғандары терезе алдындағы жалғыз түп теректің саясына тығылып, өздерінен кейін келгендерді арасына кіргізбей мүйіздеп жатыр.
Подполковник Федоров аттан түспей, кейінде келе жатқан әскерлердің жолын тосып тұр. Қасында бір топ офицер. Бұлар кейіннен ағылып келіп жатқан әскерлерді генерал Черновтың бұйрығына сәйкес өздеріне көрсеткен жерге рет-ретімен орналастыруға тиіс еді. Көп ұзамай кейінгі жақтан атаман Дутовтың атты әскері көрінді. Алдыңғы лекте -Троицкі полкі. Онан кейін Соль-Елецкі атты казактары. Оларға шалғайласып Оралдың атты казактары жетті. Олардан кейінгілер де ұзын найзаны ызғармен безеп құйындатып кеп, кішкентай разъездің бет алдындағы жалпақ боз даланың жүзін шаңдатты да жіберді.
— Мыналар өңмеңдеп қайда барады, әй? Орындары бұл ара емес еді ғой, — деді Федоров.
— Олар көрсеткен орынды қайтсін?.. — деді Рошаль.
— Кейін қайтару керек.
— Әуре болмаңыз, олар Дутовтан басқа ешкімді де тыңдамайды.
Федоров үндемеді. Орынбор атаманына өзі түгіл генерал Черновтың да өмірі бірде жүрсе, бірде жүрмей, ұзын арқан, кең тұсаумен құр-құрлап отыратыны есіне түсті.
Бұлардан кейін де шаң астынан лек-лек боп ағылып келіп жатқан әскерде қисап жоқ. Жаяу әскерлер аяқси бергенде, шаң астынан броневиктер мен зеңбіректердің қарасы көрінді. Ауыр қолдың ақыр соңы осымен біткен болар дегенде көз ұшынан тағы да шаң шықты. Бұлар азық-түлік артқан түйелер мен оқ-дәрі тиеген атты арбалар еді.
Бұл күндері Федоров аттан түспеді. Қасындағы офицерлерге де маза бермей, кейінгі жақтан өлі де құйылып келіп жатқан әскерлердің алдынан шаптырып, күнібұрын белгілеп қойған жерге орналастырып жатыр.
— Каппел корпусы келді. Қайда орналастырамыз?
— Полковник Могилевтің жазалаушы полкі келді.
— Бірінші Түркістан полкі келді.
Ығы-жығы әскер разъезд басына сыймағасын кейін келген ендігі полк, ендігі дивизия, корпустарды ізінше кері қайтарып, арт жақтағы сары адырға жөнелтіп жатты. Шабуыл басталғанға дейін жау көзінен жасыра тұру үшін ауыр зеңбіректер мен броневиктер отрядын да әзірше бір қырдың астында ұстады.
Федоров қызылдардың әскер күшінен бейхабар. Әрине, олар да қарап жатқан жоқ, бас-аяғын жиып әзірленіп жатыр. Бірақ қалай әзірленсе де осы жолы бұлардың қол күшіне қарсы тұрып, қайрат көрсете алмасына күмәнданбады. Бұларды әзірге қинап тұрған су. 68-разъезде жалғыз құдық бар екен. Федоров құдыққа құлып сап, күзет қойып жатқанда, оны қолбасы шақырды.
Дәл сол кезде тағы да бір офицер шауып кеп: «Сапер полкі келді», — деп хабарлады.
— Рошаль, оларды өзің орналастыр, — деді де, Федоров жөнеле берді. Бұл келгенде қолбасының шатырына құрама командирлері жиналып қалған екен. Федоров ілгері озбай, есік жақтағы бос орындықтың біріне отыра кетті. Кеңес басталар алдында қолбасының адъютанты командирлердің алдына бір-бір стакан су қойды. Федоров суға қол созбады. Шыт-шыт боп жарылған ернін жалап, түкірігін тамсанып жұтты да:
— Генерал мырза, — деді ақырын, бірақ осыңда отырған жұрт тегіс есітетін салмақты үнмен: — Аттар да, адамдар да шөлден қырылғалы тұр. Не істейміз? Бұған қандай амал бар?
— Мырзалар, — деді қолбасы: — Ертеңгі шайқаста тағдырымыз шешіледі. Бұл, бәлкім, біздің ақырғы, ең соңғы шайқасымыз болуы да мүмкін.
— Оны білеміз ғой, қолбасы мырза.
— Түк те білмейсіңдер. Бұнда келгелі бүгін үшінші күн, Жау жөнінде әлі түк мағлұмат жоқ.
Командирлер көзін көтермей, төмен қарап тұқырайып отыр.
— Алдарыңда осал жау жатқан жоқ. Шабуылға шыққанша жау күшін анықтап біліп алуымыз керек. Солай ғой, Александр Ильич? — деп Чернов пәтуа тілегендей атаман Дутовқа қарады. Жаңа басқалардың бәрінен озып барып, қолбасының дәл жанына отырып алған атаманның кеспелтек сом денесі сонан қайтып қозғалмаған-ды. Генерал тіл қатқанда да ол өзінің құйған тастай нығыз қалпын бұзбай, тек басын изеп қостағандай ғана ишара білдірді.
— Жау шебіне кісі жіберіңдер. Федоров, сен де жібер! — деді генерал Чернов.
— Құп, қолбасы мырза.
— Жау шебін көздеріңнен екі елі таса қылмаңдар. Әсіресе, олардың алдыңғы шепке кеп қосылып жатқан әскер күшін қадағалап біліп отырыңдар.
Командирлер кетуге ыңғайланып қозғала бергенде, Чернов оларды сәл бөгеді:
— Су болады. Ертең түстен қалмай он бес цистерна су келеді. Аттарға да, адамдарға да жетеді, — деді де, көп ішінен Федоровқа жекелеп қарап: — Тек тіл болсын қалайда, — деді.
Федоров полкке келген бойда ротмистр Рошальды шақырып алды. Әмір күтіп тұрған Рошальға отыр деген жоқ.
— Кісілеріңді даярла. Кешке ел жата барлауға барасың. Тіл керек.
Рошаль ләм-мим деместен бұрылып шығып кетті.
***
Ақтар 68-разъезге тоқтағалы Арал маңы қатты әбігерде. Әсіресе, кішкентай қаланың ирек-ирек тар көшелері топырлаған халық. Бәрі де - бес қаруы бойында. Пулемет орнатқан тачанкалар. Оқ-дәрі тиеген ат-арбалар. Зеңбіректер, Бәрі де лек-лек боп қаланың күнбатыс жағына қарай ағылып кетіп жатыр.
Теңізге бір бүйірін беріп тұрған екі қабат көк үй маңында кісі-қара әсіресе көп. Бәрі де қару-жарақ асынған, Екі қабат көк үйге бірі кіріп, бірі шығып, сапырылысып жатқан-ды. Ақ пен қызыл арасында осы үйдің алдына өзге жұрттан түсі бөлек бір кісі кеп аттан түсті. Осы ыссыда басында тері тымақ. Үстінде шидем күпі. Бұ да аттан түсе сала сапырылысқан кісілермен бірге штабқа ұмтылып еді, бірақ есік алдында тұрған солдат жібермей, жолын бөгеді.
— Тоқта!
Жолаушы жөнін айта қоймай, омырауға салып бара жатыр еді, солдат:
— Әй... Әй, тамыр, — деп найзалы мылтығын кеселеп тұра қалды.
— Жібер. Бастықтарыңда шаруам бар.
— Документің бар ма, өзің кімсің?
Мынаның жібере қоймайтын сыңайын байқаған жолаушы енді сапырылысқан кісілердің арасынан таныс кездесе ме деп тұр еді, іштен бір топ кісі дабырлап сөйлесіп келе жатты. Үкі көз, ірі денелі командирден басқасын танымады. Шамасы, Аралға кейінгі күндері келген әскерлердің командирі сияқты. Ішінде ақ сеңсең бөркі қоңырайған қапсағай қара бар. Күпілі қазақ жаңа осында келе жатып қала ішінде жүрген түрікпен жігіттерін көрген-ді.
— Жолдас командир...
Үкі көз командир күпілі қазақтың бетіне таңдана қарады да, тілге келмей өтіп кетті. Күпілі қазақ енді не істерін білмей тұрғанда іштен асығыс шығып келе жатқан Петр Дьяковты көрді. Күпілі қазақты анау да алыстан танып: «Еламан!» деп дауыстады да, биік басқыштан жүгіріп түсті.
— Ал бері... бері жүр, — деп ол Еламанды оңашалап шетке алып шықты. — Ал қалай, не болды?
— Бірнеше рет тоқтатты.
— Ал? Сосын?..
— Кімсің деді.
— Сен не дедің?
— Не дейін, ауылым Кішіқұм бойын жайлаушы еді дедім. Сексеуіл жақта тұратын нағашымнан алған түйем үйреншікті өрісін іздеп кетіп қала береді. Соны іздеп келем дедім.
— Жарайсың. Ал... Аналар ше? Айтқаныңа сенді ме?
— Оншасын білмедім. Қойны-қонышымды тінтті де, сезікті ештеңе таппағасын қоя берді.
Төтенше комиссар мәз боп күліп жатыр.
— Қорқып едім. Аман-сау оралғаның жақсы болды. Ал, кәне... не бітіріп қайттың?
— Түрі жаман, ғаламат. Әскердің көптігінен жер қайысады.
— Апырай, ә? Солай ма?
— Айтары жоқ. Сұмдық, ғаламат...
Петр Дьяков бұны көз қиығымен бағып, күлімсіреп тұр еді, Еламан оның сығырайған көзінің шалғайындағы қуаңы күлкіні жаңа байқады.
— Сендерде бір мақал бар екен, — деді Дьяков күліп.
— Қандай? — деді Еламан қызарақтап.
— Ондай мақал орыста да бар. Бізде де «Қорыққанға қос көрінеді» дейді. Жә, басқа айтарың жоқ па?
— Броневиктері, айырпландары бар...
— Жарайды, шаршаған шығарсың, үйіңе бар, демал. Еламан үстіндегі күпінің салмағын енді ғана сезгендей, қозғалуға құлқы болмай тұр еді. Жетегіндегі ат сулығы шылдырап, су алып бара жатқан әйелдің шелегіне ұмтылды.
— Атыңды суарып ал, — деді Дьяков.
— Су жағы қалай, тапшы ма? — деді Еламан.
— Бізде тапшы. Ал, аналар қалай екен?
— Су емге жоқ. Көліктері де, адамдары да қаталап өлгелі тұр.
— Так-так...
— Бірақ олар ертең суға қарық болғалы тұр.
— Қалай?
— Кейінгі жақтан сестернмен су әкелгелі жатыр.
— Оны қайдан білдің?
— Өткен түні Шоқысу стансасында тұратын бір таныс қазақтың үйіне қонып ем. Өз көзіммен көрдім.
— Апырай, ә?! Сестерні көп пе?
— Оннан асады.
— Дәл санын білесің бе?
— Дәл ме?
— Иә, дел саны?
— Дәл... дәл саны... дәл санын кім білсін? Бірақ, әйтеуір оннан асады.
Жаңа ғана жайбарақат тұрған комиссар кенет асығып кетті. Жүрсе де, тұрса да салбырап санына соғатын зілдей кабурды бір қолымен қысып жүгіре жөнелді де, кілт тоқтады. «Сен қайтесің, қаласың ба?» деген кескінде Еламанға қарап тұр.
— Ырғыздан алашорданың шонжарлары шығып, үш жүздей әскермен осылай қарай келе жатқан көрінеді. Генерал Черновтың әскеріне қосылмақшы. Есебін тапса соңыра шығыстағы мұсылман елінің біріне — не Ауған, не Иран өтіп кетпекші, — деді Еламан.
Дьяков жөндеп тыңдаған жоқ. Бар құлқы басқаға ауып, асығып тұр. Штабқа тақап келе бергенде, көзіне түскен бір жауынгерді шақырып алды.
— Портқа жүгір! «Түркістан» кемесінің командирін тауып ал. Дереу маған жетсін, — деп солдатты жүгіртіп жіберді де, қасында түкке түсінбей, аң-таң боп тұрған Еламанды қолтығынан алды.
— 68-разъездің өкпе тұсына кеме жақындап бара ала ма?
— Барады. Сарышығанақ бұғазы жау әскерінің өкпе тұсына тіреліп тұр.
— Сарышығанақ тайыз ба?
— Тайызы тайыз, бірақ «Түркістан» сияқты кішігірім кемеге ештеңе етпейді.
Осы кезде еңгезердей біреу атын ақырын бастырып, бұларға қатарласа берді.
— Кәлен аға!
Кәлен аттан түсті де, Еламанды құшақтай алды.
— Мен кеттім, — деді Дьяков.
Аналар бұған көңіл бөлген жоқ. Аттарын жетелеп, анадай жерде іргесін құм басқан үйге барды да, терезе алдындағы жалғыз теректің түбіне қатар отырды.
— Ағаң үйде қарап жата алмады, — деді Кәлен. — Сенің жаңағы көксау тамырыңа бес жүз ат айдап әкелдім. Тәйірі, Тәңірбергеннің малы мойныма қарыз болады дейін бе?!
— Жақсы істегенсің. Ол сұм осында.
— Қалада ма?
— Жоқ, ана жақта. Ақтармен бірге.
— Оны есіткем. Енесін ұрайын, ол түлкі болса, осы күні өзім тазымын. Ал, бала, келін қайда?
— Осында.
— Қалада ма?
— Иә,
— Е, онда бұл отырысымызға жол болсын. Келіннің қолынан шай ішпейміз бе?
Екеуі етегін қағып түрегелді. Еламан кішкентай қаланың құсхана жақ шетінде, портта істейтін жұмысшы орыстың бір бөлмесінде тұрады екен. Бұлар аттарын байлап, беті-қолын жуып, төр алдына жайған төсекке отырғанда мына жақтан Кенжекей де қара шәйнегін қайнатып әкелді. Жаңа ішке кіргенде Кәлен төр жақта сүйеулі тұрған кішкентай қара домбыраны көрген-ді. Жидеден шапқан домбыраны қолы білетін біреу бабына келтіріп күйлеп қойған екен. Кәлен бауырына жабыса қалған домбыраның қос ішегін құшырланып қағып-қағып жіберді. Көңілді кезде қолқалап сұратқызбайтын Кәлен айқайлап шырқай жөнелетіндей, селдір сақал, селдір мұрты тікірейе-тікірейе қалған қарасұр жүзін әуелетіп жоғары көтере берген-ді. Кенет үй қабырғасында ілулі тұрған ақ қалпаққа көзі түсіп, кілт тоқтады. Домбыраны алдына көлденең тастай салды да, көзіне оттай басылған ақ киіз қалпаққа көңілдене қарап:
— Келін, — деп, шай құйып жатқан Кенжекейге бұрылды. — Мынау... Судыр Ахметтің қалпағы емес пе?
— Сол байғұстікі. Әйелі біз осылай көшерде сендерді жақсы көретін, көзіндей көріңдер деп беріп еді.
— Оны тірі деп жүр ғой.
— Еріккен жұрт не демейді.
— Жо-жоқ, келін, тірісі тірі көрінеді. Соны біреу маған өз көзіммен көрдім деді. Арқа жақтағы қалалардың бірінде тұрады дейді. Боталы түйесі бар бір сақау кемпірге үйленіпті. Кемпірі қала халқының қой-ешкісін бағады, ал өзі жалғыз түйенің сүтін сататын көрінеді. Құлағы тосаң есітетін бопты. Бір күні көрші үйдің баласы сүт сұрап барған екен, бұрын сүттің жартылығын екі теңгеден сатса керек. Қолына жарты литрлік шыны ұстаған бала есіктен кіре бере үй ішінде күйбеңдеп жүрген Судыр Ахметке «ассалаймәликем, ата» деп сәлем берген екен. Ахмет әлгі балаға ит көрген текедей едірейіп: «Сүттің жартылығы үш теңге. Алсаң сол, алмасаң айда, қайқай» депті.
— Қойшы, қайнаға-ай, — деді Кенжекей күліп.
— Жоқ, рас көрінеді.
— Құдай шебер-ай, тірісінде тәлкек қылған халық со бейшараның өлімін де он саққа жүгіртетін болды-ау.
Кәлен рахаттанып күліп, жанында жатқан жастықты өзіне тартып, тақымының астына басып алды. Еламан алдына қойған шайға қол созбай, көзін төмен салып отырып қалған-ды. Үндемесе де, қазіргі түрі әйелінің сөзін іштей құптағандай. Ол сорлыны көзі тіріде де осы жұрт сүтке тиген күшіктей, тәлкек қып болып еді. Ақтай жын, алақұйын сорлы отбасына өскен ошағандай өле-өлгенше өз үйінің де зықын алып бітіп еді. Бірақ қалай десе де, ол барған жер құдды түлкінің күшігін ұстай алғандай қызыққа батып қалушы еді-ау! Сонан ба, осы жұрт күдер үзіп ұмытар кезде де іздеуін қоймайды. Осы бір ақтай жын, ала құйын сорлы таяу күндердің бірінде бұның өзінің де түсіне кірді. Жау ішінде жоғалған түйесін іздеген боп бір ауылға түстеніп, бір ауылға қонып жүріп, бір жолы кешқұрым Шоқысу стансасына келе қалды. Бұнда тоқтамай ілгері өтіп кеткісі кеп тұрғанда, кенет станса алдында тұрған сестеріндерге су құйып жатқан әскерді көрді. Ілгері өтіп кетпей, сол күні бұл стансада тұратын бір танысының үйіне қонып қалып еді. Түнде түс көріпті. Сүйеу қарт берген түйе қайымай қысыр қалған екен. Кенжекеймен ақылдасып, көрші ауылдың бір кісісіне қолдағы қысыр інгеннің үстіне бір қашар, бір қой үстеу беріп, алдына боталайтын буаз түйе алған екен. Сауда бітіп, екі жағы да ырзалықпен қол қысысып отырған үстіне Судыр Ахмет душар келе қапты. Астында нар қара. Басында осы үйдің төрінде ілулі тұрған ана киіз қалпақ. Оны қоңырайтып киіп алған. Нар қараны белдеуге байлағасын буаз інгеннің ақ үрпіленіп қалған желінін ұстапты да: «Бір үйдің ағарғанын айырғалы тұр екен. Апырай, мына жаманның ырысын қарай ғой. Келесі жылы балалары ағарғанды кешіп жүріп ішеді-ау» депті ішінен. Соны ойлағанда өзінің ана жақта аузы кеуіп отырған балалары есіне түсіпті. Алдынан үріп шыққан итті қамшымен тартып жіберіп, көзіне түскеннің бәрін түтіп жейтіндей, зәрін жүзіне жиып алған. Еламанның да ұсынған қолын алмай, қағып тастапты.
— Сен асыраса да адам болмайсың. Ойбай-ау, бұл қара нар қара шаңырақтың ырысы еді ғой. Сен ырысыңды тептің ғой. Ойбай, ойбай, — деп өз басын өзі төпелей жөнеліпті. -Қара нар ертең өле қалса, басын өзім мүжимін деп жүрген осы ауылдағы есептегі мал емес пе еді? Өз арамыздан алатын кісі таппағандай, шетке асырып, қайдағы бір қиякелдіге сатып... Әй, әй, бұл сенің бізге істеген қай қастығың, а? А? — деп, ас түсірер алдында уыздай ұйып отырған үй ішін әңкі-тәңкі қыпты.
Бір жанды бетіне қаратпапты. Сырттан келген кісілердің сөзін тыңдамапты. Олар да өз малын мақтап, желіні ақ үрпіленіп, боталайын деп тұр деуі мұң екен, Судыр Ахмет тіпті құтырып:
— Буаз дей ме, әй? Пішту, буазды тапқан екенсің. Желініндегі ақ үрпі дегенің, айналайын, шабы терлеген ақ сортаң. Иә, иә, ақ сортаң, ақ сортаң, — деп, бір жанға жеңістік бермей бастырмалатып жіберіпті. Үй толы кісі үндей алмапты.
— Тірнектеп жиған малды бұл неме уыстап, шеңгел-шеңгелімен шашты-ау, — деп зарлапты. Еламан ұнжырғасы түсіп кеткен оты-суы бөлек кісілерге:
— Ақылдаспай, ез билігіммен істеп едім. Айыпқа бұйырмаңыздар, — ден қиналған рай білдірген екен. Қонақтар өзара кеңесіп, үстемеге алған бір қойды қайтарып берінті. Еламан пайдасына қалған қойды табанда сойғызып, бар етін қазанға бір-ақ салдырыпты.
Судыр Ахмет орасан көңілді. Сұңқылдап сөйлеп отыр. Ара-арасында шақылдап күліп қояды. Жаңа ғана бет тырнап шиедей болған оты-суы басқа елдің кісілерінің ол енді асты-үстіне түсе бастапты. Қызды-қыздымен отырып,: Құдай қаласа, соңыра қыз алып, қыз берісеміз деп бөсіпті. Сосын екі ауылдың арасына дорба да, жорға да қатынайды депті. Сол сөзіне басқадан бұрын тағы да Судыр Ахметтің өзі сеніп, буы бұрқыраған ет алдарына келе бергенде қасында отырған қонақтың біріне «құда» дей салыпты. Ертеден бері күлкіге булығып отырған Еламан қонақтар кеткен бойда қарқ-қарқ күліп, тер алдына шалқалап құлай кетіпті. Сонан ішек-сілесі қатып, көзінен жас аққанша күліп жатын оянып кеткен екен...
Сол бойда түнде тұсап жіберген атына мініп, жүріп кеткен-ді.
— Сөзіміз ауыр болмасын, бишара қызық жан еді, — деп, Еламан із-түзсіз жоғалып кеткен жерлесін аяп отырғанын байқады.
— Ол да адам ғой. Өлсе өлген болар. Бірақ оның судырақтығы өлуді біледі дейсің бе? — деді Кәлен құрысып қалған тізесін жазып түрегеп жатып.
Бұлар сыртқа шыққанда күн батыпты. Көшеде кісі аяғы басылған. Бір-біріне бата алмай, айбат шегіп тоқтаған ақ пен қызыл бүгінде бір оқ атпай, қараңғы түннің күдігі мен қорқынышын ұлғайтып тұр екен. Еламан қала сыртындағы қорғаныс шебіне тартты. Қанша күннен бері бел шешпей, окопта таң атырып, күн батырып жүрген жігіттер жаңа-жаңа қалғып бара жатқанда, кенет тарс-тарс мылтық атылды. Әсіресе, қорғаныс шебінің оң жақ қанаты у-шу боп, қатты әбігерге түсті.
— Не болды?
— Жай ма?
— Білмеймін.
— Командир қайда?
Шошып оянған жауынгерлер апыл-ғұпыл қаруға жармасты. Мылтықтар сатыр-сұтыр оқталды. Жақын тұстан пулемет тақылдай түсті де, кілт тоқтады. Окоп бойы қайтадан жым-жырт боп тына қалды.
Алдағы айқастың бірінші құрбаны жау қолында тұтқында кетіп бара жатқанынан бұлар әлі бейхабар еді. Бірақ ертеңгі қырғын ұрыс алдындағы осынау көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғы түнде өздерінің тірлігің жанап өткен бір жаманшылықты бәрінің жүрегі сезіп еді.
***
Екі қолын артына қайырып байлаған әлдебіреуді желкеге түйгілеп, сүйрелеп әкелген ротмистр Рошальды солдаттар қапелімде қаумалап ортаға алып жатыр.
— Тіл әкелген бе, әй?
— Ну, молодец!
— Да, герой!
Рошаль тұс-тұстан дабырлап сөйлеп жатқан кісілердің арасында әлі де ентігін баса алмай тұр. Қалталарын қарап ештеңе таба алмады. Сосын; «Кімде темекі бар?» деп сұрап еді, сол арада тұрғандардың біреуінен темекінің қиқымы табылды, біреуден оттық табылды, Рошаль қалтыраған қолымен темекіні тұтатып жатып, қасында тұрған тұтқынға көз тастап еді. Солбырайған біреу екен, Қараңғыда желп етіп сөніп қалған оттықтың сәулесінен оның көзәйнегі жылт етті. Және осы бір қас қағымда шалғысы салбыраған мұрт пен дәл сондай ұп-ұзын мұрнын аңғарып қалды. Кім де болса, қаперіне ештеңе кіріп-шығып жатқан жоқ сияқты. Ол тек таң алдындағы ұйқысының шырқын бұзып, әлденеге абыр-дабыр боп жатқан мына біреулерге ренжіп тұрғандай.
Рошаль тұтқынды Федоровқа жөнелтіп жібергесін станса басындағы ығы-жығы әскердің арасынан өзінің жігіттерін іздеп шапты. Иесін таныған ат «мен мұндамын» дегендей, оқыранып қоя берді. Сол маңнан ол өзіне орын іздеп тапты да, астына шинелін жайып жата кетті. Сол бойда көзі жұмылып ұйықтап бара жатты да, әлденеге жаңа, тап жаңа ғана басынан кешкен оқиға есіне түсіп көзін ашып алды. Қалай десе де, өзінің оқ қағары бар. Осы жолы да бұнан бұрынырақ ілгері кеткен солдатқа оқ тиіп табанда тіл тартпай кетті де, бұл аман қалды. Тұтқыннан тіл тартып, ештеңе сұраған жоқ. Тек тұла бойын тінтіп қарап, бірнеше документ тапты. 1857 жылы туыпты. Коммунист. Коммунистер полкінде бөлімше командирі. Оған дейін Шалқар депосында жұмысшы боп істеген. Фамилиясы... Иә, фамилиясы қалай еді? Сквозняк... жо-қ, Зновит... Әлде Озноб... Ознобин. Иә, иә, Ознобин. Озно-бин. Рошаль тұтқынның атын ішінен қайталап жатып ұйықтап кетті. Ертеңіне ояна салысымен тағы да түнде болған жағдайды ойлап, түп-түгел есіне түсіріп шықты. Өзінің аман қалғанына тағы да іштей таң қалып, басын шайқады.
Торшолақ ат оқыранды. «Жануар шөлдеп тұр-ау. Суарып алар ма еді» деп ойлады да, керіліп-созылып орнынан тұрды. Беті-қолын жуғысы кен, құдық маңында үйме-жүйме боп жатқан кісілерге барып еді. Күзетші солдат құдыққа жан адамды жуытпай, безектеп тұр екен. Рошальдың есіне тағы да тұтқын түсіп, штабқа барып еді; бір жақ іргесін түріп тастаған брезент палаткаға тақап келе бергенде іштен жыландай ысқырған әлдебір дыбыс шықты. Ішке кірер-кірмесін білмей, есік алдында іркіліп тұрып, әлгі дыбысқа құлағын салып еді, ауада ысқырған дыбыс іле-шала әлдебір былқылдақ нәрсеге тиді де, шыпылдап ала жөнелді.
— Ну, гад... Айтасың ба, жоқ па? Мынау Федоров қой.
— Ну, га-д...
Рошаль ішке кірді. Үй ортасына етпетінен жығып салған тұтқын тырдай жалаңаш. Шынысы сынған көзілдірік анадай жерге ұшып түсіпті. Қол-аяғын керіп тастаған тұтқынның екі жағында еңгезердей екі солдат. Федоров аяғындағы шпорлы етікпен тұтқынды табанына басып, қалш-қалш етіп тұр екен. Рошаль Кіріп келгенде, ол қысылып қалды. Сырт айнала бере терін сүртті.
— Іске сәт! — деді Рошаль.
Екі жендет құлаштап көтеріп алған қолындағы болат сүмбіні сілтер-сілтемесін білмей, ауада ұстап тұрып қалған-ды. Олар «не істейік?» деген кескінде Федоровқа қарап еді. Федоров өздері біліп істейтін нәрсеге бұны араластырып тұрғанына ыза боп:
— Соғыңдар! — деді ақырып.
Болат сүмбілер ысқыра жөнелді. Қарт жұмысшының онсыз да түз сепкендей удай ашып дуылдатып әкетіп бара жатқан қан-қан арқасында темір сүмбілер тағы да шыпылдап ала жөнелді. Тұтқын сонда да дыбысын шығармай тістеніп алған. Бұршақтаған тер бетін жуып, кеудесі көріктей күрсілдеп, ырс-ырс дем алады. Рошаль көзінің қиығын Федоровқа тастап еді, ол шімірігетін емес. Жіңішке ернін жымқырып апты. «Ұр! Соқ!» — деп қалш-қалш етеді. Төрт қазыққа қол-аяғын керіп тастаған қан-қан дене темір сүмбі тілгілеген сайын қара жерге кіре жаздап, ұзын, арық дене бір созылып, бір жиырылып ырсылдап жатып, қолы жеткен жердің топырағын тырнағымен осқылап, айырып-айырып тастапты. Әсіресе, аяғының астын қара тұқайымен қазып тастаған екен.
— Тоқ-тат! — деді Рошаль.
Екі жендет тоқтауын тоқтаса да, кейін шегініп кеткен жоқ. Қолдарындағы темір сүмбіні көтеріп тұрып: «Не істейік?» дегендей Федоровқа бұрылып еді.
— Соқ! Соғыңдар! — деді ол.
Екі жендет сүмбіні қайта сермеді. Темір сүмбілер тиген жерін тілгілеп, терісін жалбыратып сыдырып түсіп жатыр. Қарт жұмысшы шыңғырып жіберді. Қара тер көзіне құйылып, өзі де қалш-қалш етіп ырсылдап жатып, топырақты аузын толтыра асады да, дір-дір етіп қатты да қалды.
Ротмистр Рошаль кабурға қолы қалай барғанын байқамады. Қол-аяғын керіп тастаған қан-қан денеге жетіп барды да, алты оқты ақырына дейін атты-атты да, наганды лақтырып тастады.
— Мынаны қамаңдар, — деді Федоров әлгі екі жендетке Рошальды иегімен нұсқап.
***
Рошаль өзін айдап әкеле жатқан екі солдатқа назарын көтеріп қараған жоқ; олардан «қайда апара жатырсыңдар?» деп сұрамады да. Үйткені, қайда апарып қамаса да осы қазір оған бәрібір еді; тек, баратын жерге тезірек жетіп, төсек болса төсекке, болмаса, мейлі, қара жерге де жата кетуге пейіл боп, өзін айдаған солдаттардың алдына түсті де, олар иегін көтерген жақты бетке ұстап жөнеле берді.
Есіл-дерті ұйқы. Тек ұйқы. Басында одан басқа ой да, уайым да жоқ. Керек десе, өмір деп аталатын осынау дүниеде, осы мына таң атырып, күн батырып, өмір мен өлімді жан біткен жаһаннамның есіне салып, қараңғы мен жарықты кезек алмастырып тұрған мына аспан астында өзі, сірә, бар ма, жоқ па, бар болса нені тындырды, нені бүлдірді? Әлде қараңғыда ұшқан көбелектей, әйтеуір құрдан-құр қаңғалақтап күн өткізіп жүрген бұ да көптің бірі ме? Бұ да есіне кіріп-шыққан жоқ.
— Бері жүр.
— Жоқ, бұнда... былай жүр!
Бұл ұйқыдан оянғандай. Басын көтеріп алады. Солдаттарға қарап, олар иегімен жол нұсқағанша ақырып тұрып қалады.
— Міне, мында кір!
Рошаль әлдебір үйге келгенін енді ғана аңғарды. Алдынан ашқан есікке кіру керек пе, жоқ па, солдат иегін көтеріп ыңғай білдіргенше тағы да аңырып тұрып қалды. Кірер жерде аяғы табалдырық па, әлде басқа ма, сүрініп құлай жаздап, әзер-әзер бойын биледі де, тақтай еденге табаны жабысқандай қалшиып тұра қалды. Төрт қабырға арасында қақыраған кіп-кішкентай бөлмеде кіп-кішкентай сығырайған соқыр терезеден басқа көз сүрінер ештеңе жоқ екен. Табан астында кішкене салмақ түссе де сықырлап қоя беретін қиюы қашқан тақтай еден. Беті бір елі шаң. Бұның алдында ғана ішке кіріп-шыққан әлдебіреудің арбаңдаған ізі жатыр. Бұның бәрі алыста, ұмытылып бара жатқан әлдебір елестей, жанарына бірде іліксе де, бірде ілікпей бұлдырап кетіп тұр еді, жалғыз топсаға ілігіп тұрған алқам-салқам есіктің тот басқан темірлері сықыр еткенде, Рошаль артына бұрылып еді, солдаттар шығып кеткен екен. Рошаль тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті. Қараңғы түн енді бұның жанарына орнап, ұйқы қысқан көзі жұмылып бара жатты. Сонан арғы жағын білмеді. Тек ертеңіне ғана түс ауа көзін ашты. Ұйқысы қанбапты. Әлде де болса ұйықтағысы кеп көзін қайта жұма берген-ді, әлдебір жақтан келген пойыз разъезге жете бергенде жүрісін жайлап, Рошаль жатқан үйге бүйірін берді де, ысылдап-пысылдап тоқтап еді. Разъез басы әп-сәтте абыр-сабыр, у-шу, азан-қазан болды да кетті. Іле-шала су сарылдап, шелектер даңғырап, аттар шұрқырап кісінеп, сапырылысқан жұрт даланы басына көтеріп бара жатты. Қу тақтайда түнеп шыққан Рошаль сүйек-сүйегі сынып, денесін қозғай алмай жатқан-ды. Жұртты дүрліктірген мына абыр-дабырға құлағын тігіп біраз жатты да, кенет сыртта сарылдаған судың дыбысын есіткенде орнынан атып тұрды. Кезерген ернін жалап, тілін қуырған ащы кермекті жұтынып қалды. Торшолақ есіне түсті. «Суарса болар еді-ау» деп ойлады. Құлағы шыңылдап кетті ме, қайтті... Төбе құйқасын шымырлата ысқырған алапат дыбыс ауаны тіліп келіп қалды. Үйдің төбесін аударып түсетіндей, сорғалап ағып өтті де, разъезд басындағы ығы-жығы жиынның шет жағына түсті. Үй дірілдеп, терезе әйнектері шалдыр етті. Төбеден топырақ сау-сау құйылды. Сол сол екен, снарядтар гүрс-гүрс жарыла бастады. Есі шыққан жұрт енді жан-жаққа тым-тырақай қашып; түйелер бақырып, аттар даланы дүсірлетін безіп барады. Бір снаряд тұп-тура паровозға түсті. Цистерндер қирап, су сарылдап ағып, станса басы әп-сәтте телегей-теңіз боп кетті.
Рошаль қос қолымен құлағын басты да, тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті.
***
Генерал Чернов әскерін, ат-көлігін суға қандырғасын ертең жоқ, бүрсігүні шабуылға шықпақ боп күшін жиып отыр еді, мына жағдай оның бар ойын бұзды. Енді не істерін білмей, томаға-тұйыққа тіреліп отырғанда Каспий жағасынан генерал Нокс ұшып келді. Бұл ағылшын үкіметінің Орта Азиядағы төтенше тапсырмасымен жүрген аса беделді адам-ды.
Тарығып тұрғанда келгесін бе, бұған Чернов қатты қуанды. Ағылшын генералы айырпланнан түскесін өзін күтіп тұрғандардың ішінен жалғыз Черновпен қол алысып амандасты да, қалғандарға басын ғана изеді. Сосын Черновты оңашалап шетке алып шықты да, бұнда келген шаруасын айтты: Түстік Армияның тағдыры Арал түбінде шешіледі деді. Ертеңгі шабуылда қызылдардың қорғаныс шебін талқандап бұзып өткесін де, сонан қашан Ташкенге жеткенше бір жаққа мойын бұрмай, темір жол бойымен жылжып отырасыңдар деді. Оның ар жағында қашан Каспийге шыққанша жолдарында жатқан бес қала — Қоңырат, Шымбай, Үргеніш, Хиуа, Хожаелі, Бұхара арқылы Красноводскіге жетсеңдер, сол арада ағылшынның экспедициялық корпусы тұр деді. Әрине, бізге жеткенше біраз қиындық көресіңдер деді. Бірақ әлгі қалалардың бәрінде де қол ұшын беретін тілектес достар болады деді де, өзінің айтқандары қаншалық әсер еткенін білгісі келді ме, Черновқа қарап еді, жақсылық пен жамандықты қатар ойлап тұрған орыс генералы түсін бермеді. Бұ да ағылшын генералының көзіне тура қарап тұрып: «Егер ертең қызылдардың шебін бұзып өте алмаған күнде қайтеміз?» — деп еді, ағылшын генералы әуелі жанынан сигар алды. Сосын оны шексем бе, жоқ па деп екі ойлы боп тұрды да, дегенмен шекті. Сосын жуан сигарды түбінен сығымдап ұстап тұрып:
— Ондай жағдайда Арал теңізінің батыс жағалауымен Қарақалпаққа тартасыңдар. Бұл жақ елсіз. Сусыз. Сахара. Бірақ сендер біздің назарымызда боласыңдар. Қазақ пен қарақалпақ жерінің шекарасында теңізге сұғынып кіріп тұрған тұмсық бар, онда тұщы су бар. Сол араға арғы жақтан азық-түліктерін алып ақ атаман Фелишев пен ақ офицер Сафаров, Серов, Елисеевтердің отрядтары кеп, сендерді күтіп тұрады. Ал Аралдың бұрынғы көкжал көпестері — Марков, Мокеев, Кисиндер қаржы жағынан көмектеседі. Ана жақта Хиуа ханы мен Бұхар әмірі де қол ұшын беруге әзір отыр, — деді де, салмақты сөзін соңында айтты:
— Колчак біздің сенімімізді ақтамады. Сондықтан одақтас елдер Колчакты жабдықтауды доғарды. Еуропаның қазір көз тігіп отырған кісісі — барон Врангель. Сосын, сізсіз, сэр генерал. Сіз әскеріңізбен Врангельге қосыласыз, — деді. Тым құрыса, әдеп сақтап ақылдасқан сыңай танытпай, орыс жеріне өздерімен бірге ала келген озбырлығын жасырмады.
Генерал Чернов бұған келіспей, қарсы бірдеңе айтқысы келсе де, бірақ сөзі мынаған қаншалық әсер етерін білмегесін үндемеді.
— Красноводскіден кемеге тиелесіңдер. Каспий теңізінің арғы бетіне өткесін Қырымға жету сендерге онша қиынға түспейді. Совет өкіметіне наразылық білдіріп жатқан жерлердің үстімен өтесіздер.
— Ондай жер бар ма өзі?
— Бар, генерал.
— Әй, қайдам?..
— Ондай жерлер бар. Мәселен, Терістік Кавказ бен Кубан, Дон жерлерінде халық әлі қаруын тастаған жоқ.
Чернов үндемеді.
— Сіздің әскеріңіз саны жағынан Врангельдің әскерінен кем емес. Врангельде қару-жарақ пен азық-түлік жеткілікті. Танкі де, самолет те бар. Ертеңгі күні сіздің армияңыз Врангельге қосылса, Москваға шабуылдайтын күш екі есе күшейеді. Сондықтан да Врангельге тезірек жетуіңіз керек. Осыны есіңізде сақтаңыз. Ал, сау болыңыз. Шабуыл сәтті болсын.
Чернов балық көз ағылшынның бұнда айналмай, тез кеткеніне қуанды. Ағылшын генералы аттанған бойда бұл бір топ кісімен алдыңғы шепке барды. Бұл жолы қасына алғандары — құрама командирлері. Ішінде Тәңірберген де бар. Тәңірберген өзі өз болғалы бұншама көп әскерді көрген емес-ті. Ол білерде жер қайысқан қол тек халық аузындағы аңыз-хикаяларда ғана болатын. Қала берді кәрі жыраулар айтатын әлгі бір ішектей созылған қиссаларда ел шетіне жау келгенде, көбіне-көп «әтеңе нәлет ит қалмақтар» немесе исі мұсылман пайғамбардың жасыл туы астына жиналғанда қарақұрым қол бастатан қас батырлар шеру тартып аттанатын... Әдетте, заржақ жырауларды жаратпайтын мырза солардың бірде-біріне сенген емес-ті. Түн-түнімен қақсаған көрі жырау таң алдында тамағы қарлығатын. Сонан бір кезде үні шықпай бара жатқанда құшағындағы қу шанақты сабалап, бақыра бастар еді де, бұл ар жағын тыңдамай тұрып кетер еді.
Мырза көңілсіз. Аралға келгесін босанармын деген дәмесінен ештеңе шықпады. Кешелі-бүгін генералға құлаққағыс қып қыңқылдап көріп еді; Чернов: «Шыдай тұрыңыз, ертеңгі ұрыстың ыңғайын байқайық» деп жүре жауап берді. Шалқардан бері қараған жерде бұл тайталасқан талай ұрысты көрді: қанша кісі қырылды. Қанша қан төгілді. Соның бәрі ат үстінің аударыспағындай алым-берім бірдеңе сияқты еді. Ал, мына шайқасқа Чернов күні-бұрын қатты даярланып, ең таңдаулы полктерін осыған дейінгі ұрыстарға салмай, Арал түбіндегі шайқасқа сақтапты. Оқ-дәрі мен қару-жарақты да кейінге сақтаған. Ең арысы осыған дейін сығымдап ұстаған азық-түлікті де Аралға келгеннен бері ағыл-тегіл бере бастады. «Осы жолы жеңер» деп ойлады Тәңірберген.
Күнге күйген кісілер қап-қара. Шөлдеген аттардың да сүдіні шашып кеткен. Осы араға оқ-дәрі артып келген түйелер ғана шөлдесе де сыр бермей, сары шаңдақтарда шөгіп жатыр.
Бұлардың алды-артынан снарядтар жарыла бастады. Аттар үркіп, тақым астында тұрмай дір-дір етеді. Тәңірберген өзінің атын тырп еткізбей, қос тізгінді қарыстырып ұстап алды. Жұрт жалтақтап Черновқа қарады. Қандай жағдайда да өзін ұстай білетін генерал жанындағыларға сыр бермей, ақ арғымақтың басын бұлтартпай, тура жау шебіне тартып келеді. Әскердің; сусыз қалғаны жанына қатты батты. Бірақ бұны да сыртына шығармай, ішінен тынып, тас түйін боп алған. Күн-түн ойлап, алдын ала кесіп-пішіп қойған жоспардың күлі көкке ұшқасын бұл енді шабуылды кейінге қалдырмай, күні ертең бастауға мәжбүр болды да, шешуші шайқас алдында ертеңгі қан майдан болатын жерді тағы да бір рет өз көзімен көріп қайтқысы кеп атқа отырған еді. Ес білгеннен бергі бар-бар саналы өмірі сарт-сұрт жорық, жортуылда өткен қарт генерал ертеңгі қызыл қырғын бұның, бәлкім, ең ақырғы, ең соңғы майданы болатынын ойлады. Осы күндері қамауда жатқан Рошаль да бір сәт ойынан шықпады. Жас кезінен білетін қанжығалас кәрі досының жалғыз баласы еді. Бейшара баланы аяйды. Бірден босатып жібермегеніне өкінеді. Кідірген сайын сорлы баланың жағдайын қиындатып, тағдырын қолдан шығарып алғанына жаны қиналып, енді қайтерін білмей, басы қатып жүр.
***
Бұл кезде Рошаль шаңы екі елі еденде шаласынан сұлқ түсіп жатыр еді; ештеңеге зауқы жоқ; басына ештеңе кіріп-шыққан жоқ; осы дүниеде өзі бар ма, жоқ па, о да қаперіне кіріп-шықпай, енжар, сүлесоқ күйде жанары сөніп кеткен көзін күн шықса қайнап кететін кіп-кішкентай қапырық бөлменің өрмекші ау құрған сонау ыс-ыс қара күйе бұрышынан алмай жатқалы қашан. Іште, тыста, сірә, дыбыс бар ма, жоқ па, о да қаперіне кіріп жатқан жоқ сияқты еді, кенет бір таныс дыбыс құлағына жетті де, тық-тық етіп шекесін тесіп тұрып алды. Орнынан қозғалмай жатып жан-жағына көз тастап еді, көзіне ештеңе ілікпеді, тек шаңнан жүзі көрінбейтін еденде күніне котелокпен екі рет ас әкелетін солдаттың ізі жатты. Солдат бұрын ішке кіретін де, котелокті жерге қоя сала, кідірмей шығып кететін-ді. Оның мына бір ізі ілгері озған екен, Рошальдың есіне түсті: кеше солдат: «Уақытты біліп жат», — деп, қай заманнан бері тоқтап тұрған, ескі сағаттың тілін қозғап, жүргізіп кеткен еді. Осындай бір сағат Омбыда әкесі екеуі тұрған үйде де болатын. О да қабырғада ілулі тұратын. Кейде тоқтап қалғанда не бұл, не әкесі тілін қозғап жүргізіп жіберетін. Түстік Армияға жүрерден бір күн бұрын бұл әкесімен сөйлескен-ді. Онсыз да сөздері жараспай, әке мен бала қатты ширыққан бір тұста қабырғада тұрған сағат тықылдап жынына ,тиіп болған-ды. Бұл ертең генерал Черновтың Армиясына жүретінін айтқанда жұмысқа барғалы жатқан әкесі бұның сөзіне онша мән бермей, жүре сөйлесіп: «Я, тағы не айтасың?» деді.
— Шын айтам, папа. Черновпен келісіп те қойдым, — деді бұл.
— Мен де шын айтып тұрмын. Қазір ойынның заманы емес, отыршы өзің.
— Ал, отырдым. Бірақ, папа... Бұл үзілді-кесілді шешілген мәселе.
— Е, онда маған айтудың керегі қанша? Қайтпек керек, онда дегенің білсін, балам.
Қабырғадағы сағаттың шекеңді тесіп тық-тық еткені аз болғандай, енді қоңыраулатып зың-зың еткені. Рошаль сағатты тоқтатты да, қайтып кеп орнына отырды.
— Чернов жақсы адам, — деді әкесі. — Оның өз басы жақсы болса да, әскерінің жағдайы қиын. Аса қиын.
— Ендеше, оған дәл осындай қиын кезде...
— Сөзімді бөлме. Басқаны қойғанда оларға біз қазір оқ-дәрі жеткізіп бере алмай отырмыз. Ертең бұл күнге де зар боламыз. Әркім өз басын сауғалап кететін күн туады. Чернов бар әскерімен шөл далада қалуы мүмкін. Сен оны білесің бе?
— Білем...
— Түк те білмейсің. Білсең бүйдемес едің ғой. — Қанша сарқылып айтса да сөз қонбай қойған баласына қатты ренжіген қарт генерал қолын сілкіп, орнынан тұрып кетті. Сосын ашумен біраз ықтырып алғысы кеп:
— Сен осы не ойлайсың? Қайда жүресің, кіммен жүресің? — деді.
— Өзім де білмеймін.
— А? Не?
— Нансаңыз, осы күнгі тірлігім өзімді де тойдырды.
— Әне, айтпадым ба, сендердің ұрпақтарың шетінен осындай, — Жанбай жатып сөнеді, тумай жатып қартаяды. Ну и народ!
Жас Рошаль ішін алдырмай үнсіз томсарып отыр. Қарт әке оған бір-екі рет көз қиығын тастады. Қанша ұрысса да оның салғыласпай, төмен қарап сазарып алған түрінен шошыды. Баласына айтқанын тыңдата алмай, амалы құрығаны соншалық, қарт генерал енді қайтерін білмей үй ортасында ақырып біраз тұрды да:
— Ай, балам-ай, — деп кенет күрт қалжырап, жанындағы бір орындыққа отыра кетті. — Дүниеде сен білмейтін нәрселер көп. Мәселен, осы күні біз қит етсе ату жазасына бұйырамыз. Себебі не, соны білесің бе?
Жас Рошаль үндемеді.
— Атуға кесілген кісілерге екі дүние бір қадам, — деді қарт генерал. — Өлім жазасына кесілгендер соғысқа жіберуін сұрап, Колчакқа өтініш жазады. Біз қазір халықты осындай шарасыз халге мәжбүр етіп отырмыз.
— Мынау сұмдық қой...
— Тоқтай тұр. Сорақысын кейін көресің.
— Не деп отырсыз, папа?
— Иә, иә, біз қазір осындай ажалға басын байлаған кісілердің бәрін жиып, генерал Черновтың армиясына жөнелтіп жатырмыз.
Жас Рошаль әке жүзіне таңырқай қарады. Не қылса да, үнемі ұйқысы шала болған адамдай қабағы салбырап жүретін осынау бір олпы-солпы әке бойында өзі біле бермейтін талай нәрсе жатқандай болды. Қарт генерал сөзге түсінбейтін қияңқы баланы бетінен қайтардым деп ойлап, көңілі жайлана бастаған-ды. Жас Рошаль:
— Ертең жүрем, — деп орнынан түрегеле беріп еді, әкесі оны шалғайынан тартып қасына отырғызды. Сосын айтқан тілді алмайтын қиқар баласын иегінен ұстап, бетін өзіне қарай бұрды:
— Сен осы не деп тұрсың?
— Ренжіме, папа...
— Ренжіме... ренжіме... Сен әлде шешең екеуміздің өзіңнен басқа баламыз жоқ екенін ұмыттың ба? Неге күлесің? Неге жетісіп күлесің, а?
— Папа, иегімді қоя беріңізші.
— Тфу! Жарайды, бар. Бара ғой! Қайда барсаң онда бар. Сен Рошальдардың тұқымына ұрпақ боп та жарымассың.
— Романовтардың аяғы аспаннан кеп жатқанда Рошальдар кімге тұлға болады дейсің?!
Осыдан кейін әке де, бала да үндемеді. Сағат тоқтап та қалған. Үй жым-жырт. Қарт генерал жанынан темекі алды, бірақ шеккен жоқ, қолына ұстап біраз отырды да, қайтадан қалтасына салды. Орнынан тұрды. Бұған назарын салмастан, ақырын басып шығып кетті. Бұл сол күннің ертеңіне Түстік армияға жүріп кеткен-ді. Сонан бері хабарсыз.
Рошаль төңірегінен түк көргісі келмегендей алақанымен бетін басып біраз отырды да, шаң-шаң еденге жантайып жата кетті. Ол енді жардағы сағаттың тықылын да есітпей, керең кісіше төңірегінен түк сезбей, бар мен жоқтың арасында сұлқ жатқан үстіне генерал Чернов келді. Қасында подполковник Федоров. Рошаль орнынан құлықсыз ақырын тұрды. Сақал-мұрт өскен. Беті, әсіресе, көзінің алды күлтілдеп ісіп кеткен. Көзін жерден көтермеді. Генерал да оған назарын тіктеп қарай алмады. Тіл қатпай үнсіз тұрды да, «ләм» деместен бұрылып жүре берді. Келгеніне өкінді. Атына міне сала қамшы басты. Федоров қалмай, үзеңгі қағысып келе жатып:
— Генерал мырза, — деп тіл қатып еді, Чернов үндемеді. Тек разъезден ұзап шыққасын ғана ат басын тартты.
— Генерал мырза, қандай әмір етесіз? — деді Федоров.
— Өз ойың?..
— Рошальдың қылмысы ауыр. Жау әскері жөнінде ешқандай мәлімет ала алмай отырғанда...
— Қайтесің, ойыңды айт!
— Менің ойым... маған салсаңыз, басқаларға үлгі болу үшін бұны қатты жазалаған жөн.
— Жә, оның бәрі белгілі...
— Менің ойым, оның офицерлік шенін сыпырып алып, ертеңгі шабуылда алдыңғы лекпен жіберу керек. Күнәсін қанмен жусын.
Генерал Чернов оған ат үстінен бұрылып, адырая бір қарады. Федоровтың қатал екенін білетін. Оның рақымсыз қаталдығына таңданған да жоқ; тек өзінің аузы бармай тұрған үкімді мына қаныпезердің жүзі шімірікпей, қайта біртүрлі рахат, ләззат алғандай жайбарақат айтқанына шошып, іші мұздап кетті.
***
— Ел-аға...
— Ел-аға, қайдасыз?
Еламан ертеңгі асын алдына жаңа ала берген-ді. Мыналардың әшиінде бұның алдында сақтайтын сыпайылықты тастап, аяқ астынан абыржып сасқалақтаған түрінен өздері сәт сайын күтіп отырған сын сағаттың соққанын біле қойды. Аузына алған асты қақала-шашала жұтып, атып түрегелді. Жұрттың бәрі анталап қарап қалған жаққа бұ да асығыс көз тастап еді, 68-разъездің бет алдындағы жалпақ сары белге қалың қол қаптап шыға-шыға келген екен. Олар осы арада аттарының басын тежеп, шоғырланып іркіле түсті. Кейінгі жақтан лек-лек боп келіп жатқан қалың нөпірдің әлде де болса бас-аяғы жиналып болғанын күтті де, бір орында тұрмай тыңыршып тұрған аттың басын қоя берді.
Еламан оңы мен солына жылдам көз тастады. Бұның әмір-бұйрығынсыз да мылтықтар сатыр-сұтыр оқталып жатыр екен. Сүйткенше ілгергі жақтағы сары белден етекке қарай салған қалың қолдың арасынан он шақты атты суырылып озып шығып-ты. Әсіресе, торшолақ аттының түрі бұзық. Жалаң бас. Сақал-мұрт өскен бетте тістер ақсияды. Белінде белбеу, иығында погон жоқ. Күнге күйген сұр көйлектің омырауы ашылып кеткен.
Еламан бір қарағаннан-ақ мынаның талай айқасты бастан кешкен жырынды жау екенін біле қойды. Өзгелерге ұқсап көп дүрмекке ілесіп беталды ұрынбай, қолындағы қылышты да қамшыдай сермеп келе жатқан жоқ-ты.
Снарядтар жарыла бастады. Қайсыбіреулер ағызып келе жатқан ат үстінен ұшып түсіп, жер құшып жатыр. Осы кезде Еламанның оң жағындағы пулемет тақылдап ала жөнелді. Окопты құзына бойынан түтінін түтініне, даусын даусына қосып, қардай боратып оқ жаудырған мылтықтар барған сайын үдеп барады.
Еламан мыналарды тым жақын жіберіп алғанын білді. Тек қарауылында ұстап тұрған торшолақ аттыны көздеп атар жерде тағы да қолы қалтырап, оғы тимей қапы кетті. Ол енді мылтықты оқтауға да, атуға да үлгермеді. Сүйткенше, торшолақ атты емініп келіп қалған еді; ат құлағын жымып алған. Езуін айырған темір ауыздықтан ауызы ашылып, тістер ақсиып, окоптан ырғып атылғалы алдыңғы аяғын бауырына жиып ала қойған екен. Соның ар жағы Еламанның есінде шала-пұла қапты. Басын қорғап, жан-дәрмен бұға қалғанын біледі. Үстінен ырғыған аттың шала терлеген бауыры мен ауаны есіп лып-лып еткен төрт тұяғын көрді ме, жоқ па, есіне түсіре алмады. Тек ырғи берген аттың үстінен әлдене аударылып түсті. Зіп-зілдей жансыз бірдеңе бұның жанына былқ етіп түсті. Еламан есін жиып ала қойды. Әлгі погонсыз солдат қылыш ұстаған қолын астына алып окопта бүктетіліп жатыр екен. Еламан оны танымады. Оны кім атып құлатқанын да білген жоқ. Әлдекімнің: «Грана-та-а!» деген дауысы шықты. Еламан гранатаға жармасты. Ат басын туралап келіп қалған төрт-бес аттының әлде де жақындай түскенін күтіп әзір тұр. Сүйткенше олар да қары жететін шамаға келіп қалған еді; бұл окоптың кенеріне қарғып шыққанын өзі де білмей қалды. Аузына түскен әлдебір ызалы сөзді айқайлап, қолындағы екі гранатты құлашын керіп бірінен кейін бірін лақтырды. Ол бірақ осынау дүние астан-кестеңі шығып жатқан тарсыл-гүрсіл арасынан өзінің де, гранаттың да жарылған даусын есіткен жоқ еді, тек көз алдында бірінен кейін бірі аударылын түскен үйдей қара топырақты көрді. Сосын аспанға шапшыған аттарды, ер үстінен ұшып құлап түсіп жатқан солдаттарды көрді.
— Жарайсың, — деді Дьяков. Еламан сияқты, бірақ бұ да өз даусын өзі есіткен жоқ-ты. Еламаннан жиырма қадамдай жерде үні өшіп қалған пулеметке жүгірді. Жап-жас бала жігіттің қылыш шапқан қан-қан денесін иығымен ысырып, ар жағына ауната салды да, пулеметке жабысты.
— Келіңдер. Қане, жақындаңдар... иттің асыраған төлдері, — деді Дьяков. Үнсіз пулеметке тіл бітіп, тақылдай жөнелді.
Шыбын жанын шүберекке түйіп алған ақтар төсек боп қырылғанына қарамай, аттарын борбайлап, қылышын оңды-солды сермеп, қайта-қайта шүйлігіп келеді. Соның бәрінде де қызылдардың бекінісін бұза алмай, жарға соққан толқындай кейін лықсып, аттарын борбайлап қашып бара жатты. Окоп бойынан ыңырсыған дауыстар шықты. Носилка көтерген біреулер жүгіріп өтті. Ұрыс даласының үстін басқан жүлге-жүлге түтіннің етегі ыдырап, ойпаңға қарай ойысып барады екен.
Дьяков көйлегінің түймесін ағытты. Қыжылдап күйіп бара жатқан кеудесін алақанымен ысқылап, ауыр дем алып тұрған үстіне Еламан келді.
— Қарсы шабуылға шығамыз. Хан-Дауровтың бұйрығы, әзірленіңдер, — деді Дьяков.
Еламан кейінгі жақта, сай бойына иіріп қойған аттарға басқалардан гөрі бұрынырақ жетті. Мес қарын қараға ырғып мінді. Күрең қасқа аттан қол үзгеннен бері осы мес қараға үйрене алмай жүрген-ді. Осы жолы да аттың аяқ алысына ызасы кеп, қамшымен тартып-тартып жіберді. Мес қарын қара ыңыранып бір-екі тезек тастады. Еламан сай бойының қарсы қабағына көтеріліп бара жатып, артына бұрылып қарап еді, жігіттер жапырлап атқа мініп жатыр екен. Кейінгі жақтан Қостанай полкі көрінді. Еламан өздерінің осы шабуылда Қостанай полкімен тізе қосып, қоян-қолтық қимылдайтынын білетін-ді. Тоқ ат денесін ауырлап, ырсылдай бастағанына қарамай жарқабаққа бұл басқалардан бұрынырақ сыдырып шыға бергенде бір солдат кейінгі жақтан құйғытып шауып келді де, әзір іркіле тұрсын деген Хан-Дауровтың әмірін жеткізді. Қостанай полкі де тоқтады. Еламанның жігіттері аттан түсті. Сонан тек түс ауа атқа қонды.
Бұл кезде ақтар бас-аяғын жинап шабуылға қайта шыққан еді. Ақтарға қарсы Қостанай полкі ұмтылды. Олардың алдына Еламанның жігіттері түсіп кетті. Әли бастаған аты ұшқыр жігіттер салған жерден суырылып шығып, Еламанды шаң астында тастады. Қанша мінсе де тоғы басылмай, қарыны шермиіп жүретін қара ат ә дегенде, сірә да, артта қалатын. Қара аттың сырына қанық Еламан бұрын шаң астынан тезірек шығуға тырысып, ылғи да бір қапталды ала шабатын-ды. Бүгін көңіліне қобалжу енді ме, өзінің қатты тұтынатын дағдысы есінен шығып, «шүу» дегенде, қалың дүрмектің арасына түсіп кетті. Аттар бауырын жазып, көсіліп шапқанша түйдек-шоғырлары жазылмай, бір-бірімен бүйірлері соғысып қап, үзеңгілер шылдырап келеді. Салған жерден алдына түскен тобылғы торының артқы қос тұяғы бейне бұған қос уыстап топырақ шашқандай. Жаз бойы жаңбыр тамбаған кебір даланың құмын, кесегін бұның беті мен қара аттың ілгері созған басына жентек-жентектеп лақтыра бастады. «Шіркін-ай, күрең қасқа болғанда ғой» деп ойлады Еламан. Алдыңғы аттың тұяғынан ұшқан топырақ көзіне түсе берді. Еламан тізгін ұстаған қолын ілгері созып, қайта-қайта аттың көзін сүртіп келеді. Тобылғы торының шаңынан шыққысы келген Еламан шауып келе жатып өз атының басын оңға да, солға да бұрып еді, бірақ соның бәрінде де ана ат та қасақана бұның бұрылған жағына жалт беріп, құрық бойы алда, төңкерген қазандай сауыры бұлтылдады да отырды. Бір тұтамдай шолақ құйрығын шолтаң еткізіп сермеп тастап, қара аттай емес, ол төрт аяғы денесін ауырламай пыр-пырлап келеді.
Қара ат тағы да тезек тастады. Еламан жау шамасын байқағысы кеп қайта-қайта ілгері қарады. Соңғы қарағанда жау боз төбенің баурайына құлаған екен. Түйдек-шоғырымен кеп ұмар-жұмар айқаса кететіндей еді; кенет күтпеген жерден аттарының сірісін жапыра жалт-жалт беріп, бұларға сыртын тосып зытып берді. Қашқан әскердің кейінгі жағында қалғандар жалтақтап артына қарап-қарап қояды.
Еламан қара аттың қалай көтерілгенін байқамады. Сұр төбеге жұрттың бәрінен бұрын шауып шықты да, қашқан жаудың соңына түсіп, ылдиға қарай құлдилатып ағыза жөнелді. Сөйткенше қаражал сары атты біреуге шаужайласып қалған екен. Өзінің бейқамдығына ыза болған Еламан қара аттың тізгінін қатты жұлқып, шабуға ыңғайлы жағына қарай шапшаң бұрып алды. Кезіне құйылған терді қылыш ұстаған қолының сыртымен сүртіп, емініп ілгері ұмтылды. Соны сезгендей анау да бұған жалт қарап еді, жас солдат екен. Ағы айналып кеткен көзден жанұшырған үрей көрді. Еламан осы қазір оның бойында қарсыласатын қауқар қалмағанын байқады. Онан өлік иісін сезгендей, бетін қашыртып бұраберді. Шынында да, оның қылыш астында бір уыс боп қалған денесі құла атқа өңгерген өлік тәрізденді де, қылышты қынаусыз сілтеді. Бұл қылыш сілтер-сілтеместен-ақанау аттың арғы жағына аударылып түсті. Топырақ бұрқ етті. Үріккен ат қос аяғын артына қарай сілтеп-сілтеп қалды да, жөніне тартып баратты.
Еламан ерден аударылып бара жатқан денесін тез билеп, түзеліп отырды. Жас солдатқа бұрылып та қарамады.
***
Бұлар ақтардың тағы бір шабуылының бетін қайтарып еді. Дьяков темекі шеккісі кеп ақсары ауып тұрғанын байқады. Құты түбінде қалған сумен аузын шайды. Бір-екі рет жұтып еді, күн көзінде қызған жылымшы су жүрегін айнытты. Сосын жөтел буып, ішегі үзілердей қиқылдады. Тізе бүгіп демалғысы келсе де, бір отырса қайтадан тұра алмайтындай қорықты. Қалжыраған денесін окоп кенеріне сүйеді. Күн еңкейіп қапты. Күндізгі қапырық ыстықтың аптабы әлі қайтпаған. Оқта-текте өрттей жалын соғады. Окоптың кенерінде жатқан үйінді топырақ сусылдап, бет жағы борап кетіп тұр. Аспанда жөңкіп көшіп жатқан аудан-аудан ала шабыр бұлт. Ұрыс даласының үстін басқан түтіннің етегі ыдырап, аттар мен адамдардың өліктері қарайып жатқан ойпаңға қарай ығып бара жатты.
Дьяковтың ұрыс кезінде тас боп бітіп қалған құлағы ептеп ашылып, окоп бойынан ыңырсыған дауыстарды ести бастады. Біреулер жүгіріп өтті. Жаралыларды тиеген арбалар сықырлап кейінгі жаққа кетіп жатыр. Окоп маңында селтиген қадау-қадау жусандардың түбінен шегіртке шырылдады. Бір торғай окоп үстінен ұшып өтті де, ілгері барып қонды. Сүр кесектей кіп-кішкентай құс сұр жерге бауырын басып жата қалды. Бұл сорлылар да жаңағы алапат ұрыстан аман қалғанына мәз боп, осы мына маужыраған айдай әлемге өздерінің кішкентай қуанышын паш етіп білдіріп жатыр-ау, шамасы.
Дьяков күлімсіреді. Өзін қоршаған жарық дүниені жаңа көргендей, жан-жағына біртүрлі таңырқаған кескінде зейін қойып қарады. Жә, бәлкім, ертеңгі соғыс жер бетіндегі ең соңғы, ең ақырғы зор майдан болар. Бүгін ақтар шабуылға шықпас. Ертең тағы да тойтарыс бере алсақ жарар еді. Тойтарыс берерміз. «Идут гады!» Петр Дьяков алғашқыда қате естідім бе деп қалған-ды. Жалма-жан дүрбіге жармасып еді. Сары белден тағы да шаң шықты. Бұл жолы жаяу әскерлер алдына броневиктерін салып, тулары желбіреп, лек-лек боп келе жатты.
— Дайындалыңдар!
***
Ертеңіне таң қараңғысынан оянған Дьяков зілдей басын зорға көтерді. Сол бойда солқылдап ала жөнелген қос шекесін алақанымен қысып отырды да, орнынан әрең-әрең түрегелді. Кешегі қырғын ұрыстан қалжыраған кісілер әлі де есін жия алмай, мылтығын бауырына қысып, қалғып-шұлғып отыр екен.
Дьяков бір жерден Еламанды көрді. Бұ да пулеметке басын сүйеп, таң алдындағы тәтті ұйқыға талықсып кетіпті. Кеше қатты тойтарыс алған жау үнсіз. Кім біледі, кешегі күні қолдарынан келмеген қайратты бүгін көрсетер. Бұлардан әлі де күші басым. Қару-жарақтары да сайлы. Бүгінгі қырғынның түрі басқа болары анық.
Жазғы таң баяу атып келеді. Жел жоқ. Аң иектеніп келе жатқан бейқам дүние ештеңеден қаперсіз. Жауынгерлер бір-бірлеп ояна бастады. Кейінгі жақтан оқ тасыған кісілер еңбектеп кеп сырғанап окопқа түсіп жатыр. Күн әлі шыға қойған жоқ еді; окоптың әрегірек тұсынан әлдебіреу: «Басталды» деп айғайлап жіберді. Дьяков жалма-жан дүрбіге жармасты. Шынында да, кешеден бері жау әскері тұрған ілгергі жақтағы сары белден шаң көрінді. Дьяков оңы мен солына жылдам көз тастап еді, жауынгерлер мылтығын сатыр-сұтыр оқтап, гранаталарын әзірлен жатыр екен. Бір ұзын қазақ селебе пышақты шар қайраққа жанып-жанып ап, қынына қайта салды. Дьяков оқ атпаңдар деді. Арт жақта тұрған батареяларға да сондай әмір берілді. Ақтар қанатын жайып, лек-лек боп келеді. Алдыңғы лекте келе жатқан бір еңгезердей ірі солдаттың қолындағы ту желсіз тымық ауада желбіремей, сағасына жиырылып қапты. Ұзын мұртының шалғысы салбыраған офицерді Дьяков анық көрді. Қолында қылыш. «Қалып қойған жоқ па?» дегендей өзінен кейін келе жатқан солдаттарға жалтақтап қарап, жусанды сұр далада жиі сүрініп келеді. Қалың қол сары белдің етегіне құлады. Осы арада жирен мұрт командир тағы да артындағыларға бұрылып, бірдеңе деп айқайлады да жүгіре жөнелді.
— Бұнан артық жақын жіберуге болмайды, — деді біреу. Дьяков оны есітті ме, жоқ па, белгісіз. Екі көзі алда.
Мына келе жатқан Пластун полкі. Түнде бұларға өткен солдаттың айтуына қарағанда, осы полкте наразылық күшті. Бұлар, әсіресе, атаман Дутовтың атты казактарымен қырғи қабақ екен. Қазақ жеріне кіргеннен бері бұлар орыс жерінен қара үзін алыстап бара жатқандарына наразы көрінеді.
— Комиссар, бұдан артық...
Дьяков үнсіз. Жаудың жақындап қалғанын бұ да көріп тұр. Аяғын сылтып басқан әлгі мұртты офицердің күнге күйген бетінде моншақтап сорғалаған терді де көрді. Қайта осындай қысылтаяңда тап болатын демікпесі ұстап, алқына бастады. Екі-үш ұмтылып, окоптан тырмысып әзер шықты.
— Бауырлар, тоқ-таң-дар!
Шамасы осыған ғана жетті. Көкірегі қысылып, әлі құрып барады. Көзіне құйылған терден түк көрмеді. Осыдан кейін не боп, не қойғанын білген жоқ. Полк командирімен шалғайласып қатар келе жатқан әлдебір офицер бұны атпақ болғанда, бірақ оны өздерінің ішінен біреудің атып тастағанын да көрмеді.
***
Бұл күні генерал Чернов шабуылды ертеңгі салқынмен бастап еді: өзі де шабуылға шығатын әскермен бірге атқа қонып, қызыл қырғын ұрыстың іргесіне жақындап барды. Қасында бір қора кісі. Ішінде Тәңірберген.
Биік қара жалға көтерілгесін генерал ат басын іркіп, ілгергі жаққа дүрбіден көз салып еді. Бүгінгі шабуылды бірінші боп бастаған полк қызылдардың қорғаныс шебіне жақындап қалған екен. Енді сәл кідірсе аналардың окобына баса-көктеп кіріп, жағаласып айқаса кететін сияқтанып еді. Бірақ қызылдар үнсіз. Олардың зеңбіректері де оң атпай тым-тырыс жатып алғанына түсінбей, ақылы дал боп тұрған-ды. Кенет дүрбісі буланып бара жатты. Сосын әйнекті асығыс сүртіп, жұрт көз тіккен жаққа қайта қарап еді; Пластун полкінің солдаттары аналардың окобына баса-көктеп кіруін кіріпті, бірақ шартта-шұрт жағаласа кетудің орнына, қаруын лақтырып, бір-бірімен құшақтасып, апақ-шапақ болды да кетті. «Атаңа нәлеттер-ай!» деді генерал. Қоңыр төбе басы құдды кісі өлігіне жиналғандай. Тілі байланған кісілер бір-бірінен көзін алып қашып, басы бауырына түсіп кетіпті.
Генерал Чернов та қасындағыларға көз салған жоқ. Штаб начальнигін қасына шақырып алды да, «шабуылды қайта бастаңдар» деп әмір етті. «Өзімнен болды» деді генерал. Жаяу әскерлердің арасында наразылық барын білді. Оларға сенуге болмайтынын да білді. Шабуылға шығардан бір күн бұрын Пластун полкінде болғаны бар. Үсті-басы алқам-салқам солдаттардың жаз бойы ұстара жүзі тимеген сақал-мұрты қаулап өсіп кетіпті. Қолбасы кете-кеткенше назарын жерден көтермей, тұнжырап тұрып алған-ды. «Өзімнен болды» деді генерал.
Пластун полкінен кейін Чернов ұрысқа Каппел корпусының тың полктерін салып еді; соның өзінде қызылдар табан серіппей тұрып алды. Ақтар кішкене күш ала бастағандай болған бір кезде олар да дереу қам жасап, кейінгі жақта тұрған Қазалы, Жосалы, Ақмешіт отрядын көтеріп ұрысқа салып еді; үстінен қара май киімін тастамаған теміржолшылар топырлап кеп, ақтардың атақты офицер полкімен шартпа-шұрт айқаса кетті. Окоп іші бұрқылдаған шаң. Қашырлаған темір. Ырсылдаған алыс-жұлыс. Осы жолы қалайда бір жағы жеңіп, бір жағы жеңілетін ең бір шешуші сәт еді; оны қызылдар да, ақтар да білді.
Генерал Чернов өзімен үзеңгілес қатар тұрған атаман Дутовқа бұрылды:
— Александр Ильич, қазір ұрысқа сіздің жігіттеріңді салса қайтер еді?
Ағылшын генералы келіп кеткелі атаман Дутов көңілсіз жүрген-ді. Ертеңгі күні Арал түбіндегі қызылдар бекінісін бұзып өтсе де, өтпесе де, ол өзіне қарасты әскермен Жетісуға өтіп, сәті түссе, ар жағында Үрімшіге бір-ақ аспақшы боп өз ішінен қатты бір байламға кеп қойған-ды.
Дутов қасында тұрған адъютантқа: «Бастаңдар!» деді. Адъютант құйындатып ала жөнелді. Іле-шала бұлар тұрған қара жалдың күншығыс жағынан Казачий полк шықты. Бұларда зеңбірек те жоқ. Шұбатылған обоз да жоқ; оларды аяққа оралғы көреді. Бұлар жауға әрқашан ұрымтал жерден тұтқиыл тиетін-ді. Осы жолы да жабындыдан шыға сала лап қойды. Жазық далада жайылып шаппай, жұдырықтай түйіліп алған-ды. Қызылдар жақтан оларға қарсы мың қаралы атты әскер шықты.
— Бұлар кім? — деді Чернов.
— Білсем не дейсің? Какой-то дикий полк.
— Моңғолдар емес пе?
Дутов басын шайқады. Бәрінен бұрын мыналардың басындағы дағарадай сеңсең бөріктеріне қайран қап тұр. Астарындағы аттар да біртүрлі. Салған жерден көсіле жөнелмей, әзір сып-сидам ұзын сирақтары ерең-сереңдеп қасқыр шоқақпен келеді. Тәңірберген бұлардың кім екенін бірден білді. Ана жылы Жөнеуіт хан қазақ аулын шапқанда көргені бар. Бұлар сонда да ә дегенде ебедейсіз көрінген. Оңға бір, солға бір ойқастаған аттардың басымен алысып, өздерімен-өздері әлек болған-ды. Қазір де аттарын құр бекер ұрындырмады. Сонан тек аралары жақындағанда ғана тізгінін тежеп келген аттардың басын қоя берді.
Бұрын-соң дәл мұндай әскерді көрмеген генерал Чернов жалтақтап Дутовқа қарайды. Дутовта үн жоқ; екі көзі жігіттерінде. Жаудан бұлардың да жүзі ығысатын емес. Ұзын найзаларын ат құлағынан оздырып, ұмсынып апты. Алғашқыда бар оқиға дәл бұның өзі ойлағанындай болды: ұзын найзалар қылыш сілтейтін жерге жеткізбей, ат үстінен аударып тастап жатты. Бұрын бұндайда жау жүрегі тез шайлығып, шабуылға — жасқаншақ, қорғануға — шорқақ болатын. Соның ар жағында қарсыласуға жарамай, ат басын асығыс бұрып, жалт беріп қаша жөнелетін. Атаман Дутов мыналар да сөйтеді екен деп дәмеленген-ді. Жоқ, мыналардың қатары ыдырамады. Қайта, ат үстінен ұшып түскендердің орнына екеуі, кейде үшеуі ұмтылып, көре көзге күш алып барады. Сумаңдап жүрген ұзын-ұзын сүңгілердің арасында ержүрек түрікпендер жанталасып, ұзақ салғыласты. Жау найзасын денесіне дарытпай, жарқылдаған қылышты оңды-солды сілтеп жүрді де, ақыры, әйтеуір қол жетпей жүрген жаумен құшақтасып айқасты да кетті. Сонан арғы жағын генерал Чернов та, атаман Дутов та көре алмады. Ат тұяғынан ұшқан шақ арасында екі жағы да өлген-тірілгеніне қарамай, бірін-бірі үн-түнсіз кескілеп жатты.
Генерал Чернов осының алдында ғана өздерінің жеңетініне құйттай да күмәнданған жоқ-ты. Әскерінің алды қызылдардың окобына баса көктеп кіргесін-ақ, ол осыған дейін өздерін маңына жуытпай қойған жау шебінің көбесі сөгілін кеткендей көріп еді, осындай жағдайда бұрындары күшке күш қосып, сәл-пәл демеп жіберсе, қандай табаны мықты жау да қара дауыл бұзған мұздай быт-шыты шығатын. Осы жолы... Жоқ, мыналарға бірдеңе көрінді.
— Енді не істейміз? — деді штаб начальнигі.
Чернов сұп-сұр. Қасында үнсіз иіріліп тұрған өзге офицерлер сияқты, осы қазір оның өзі де енді не істеу керек екенін білген жоқ-ты.
***
Осы жолы қалайда, қайткен күнде де Арал қаласына баса-көктеп кіргісі келген Чернов қолда бар әскердің басы-көзіне қарамай ұрысқа айдап сала берген-ді. Бұл бұрын бұлай емес еді. Бұрын дәл осы бүгінгідей небір қызыл қырғын шайқастарда бұл қайта желөкпе жастар мен қызуқанды командирлерді ырқына жібермей, не істесе де алды-артын ойлап істейтін. Бүгіннің артында ертең барын ойлайтын. Осы жолы ол құдды қолы шықпаған ызалы ойыншыдай. Не де болса тезірек бір жағына шыққысы келді. Үш күнге созылған соғыстың бүгінгі, соңғы күні де жаулар табан тіреген жерінен тапжылмай тұрып алды. Бұ да қолда қалған әскерді топырлатып ұрысқа сала берді.
Бірақ қызылдар бұл күні де міз бақпады. Шарасы құрыған генерал әшиіндегі салқынқандылығынан айырылып, шиыршық атып тұр. Ол: «Енді не істеу керек? Енді қандай амал бар?» — деп ойлап тұрған жоқ; үйткені, бар амалын тауысқан еді және енді не істесе де ем қонбасына көзі жетті. «Дүниеге не болды? Бізге не болды?» деп ойлады. Осынша ұзақ жасаған өмірінің ақырғы шағында бұл, сірә, өзінің соңғы, ең соңғы шайқаста тас-талқаны шыға жеңілем деп ойлап па еді?
Генерал Чернов тізгінін созып ілгері жүріп кеткен аттың басын тартты. Жегі құрттай жанын жеп бара жатқан жаңағы сауалға қайта оралып, «ел азды ма, әлде ер азды ма?» деп ойлады. Осы Ресей күні кеше айбары алысқа тараған аруақты ел еді ғой? Ұлы елдің ұйтқысы қалай шайқалды? Апырай... Апырай, бұл дүниеге, дүниесі құрғырға не болды? Ғұмыр бойы темір бұғаумен тырп еткізбей ұстап келген қара тобырды қалай уыстан шығарып алды? Міне, енді сол қара тобыр бұлардың түбіне жетеді. Ел билігін осылар қолға алады. Сонда өздері ұстап тұра алмаған дүниеге мына жалаңаяқтар тұлға бола ма? Сорлы... Сорлы Ресей. Соры арылмаған ел. Апырай, келешек қайтер екен? Он жыл, жиырма, отыз, елу жылдан кейін не болар екен? Тентек баланың қолына түскен қуыршақтай ел тізгіні қолына тиген бір сотқар басын жарып, көзін шығарып, бұтын бұт, қолын қол қылмай тынбас-ау! Қалай да келешек тұйыққа тірелді. Осылай бола берсе, кім біледі, дүние қарап болмай қайтер дейсің. Сонда әлгі бір топан су астында қалып қарап боп бара жатқанда Нұх пайғамбардың кемесіндей тағы бір талшыққа мәжбүр боп жүреміз бе? Сүйтпей қайтер дейсің?
— Қолбасы мырза... — Генерал Чернов дір ете қалды. — .. .Екі броневик қирады.
«Иә, бәрі қирады. Қирап жатыр», — деді генерал.
— Қолбасы мырза... қолбасы мырза, біздің әскерлер шегіне бастады, — деді ұрыс ішінен шыққан бір жас офицер шауып келіп.
Генерал Чернов селт етпеді. Осының алдында ғана ағылшындар. берген үш аэропланды да қызылдардың алдыңғы шебін бомбылап жүргенде атып түсірген-ді.
Үш күнге созылған қырғын ұрыстың ақырғы күні аяқталып қалды. Шілде айының аспан айналып жерге түскендей өрттей ыстықтың беті қайтып, кешкі күн бесіндікке тақағанда қарт генерал да өз өміріндегі ең соңғы шайқастың жеңіліспен аяқталғанына көзі әбден жеткен-ді. Қасында тұрған үнсіз топқа тіс жарып тіл қатпастан, ат басын кейін бұрды.
***
— Жау қашты!
— Жау қашты!
Окоп үсті у-шу. Қуанышты кісілер қырғын ұрыстан қалжырап шыққанына қарамастан, бірін-бірі құшақтап апаң-шапаң. Әлдеқайдан Дьяков жүгіріп келді. Мына хабарға сенер-сенбесін; білмей, апаң-шапаң боп жатқан жігіттердің әрқайсысына бір қарады. Еркін кештеу есітті. Бірақ дер кезде есіткенде де каштан жауды қуатын күш бұларда да жоқ еді. Өзі де аяғына әзер тұр. Мезгіл-мезгіл көкірегі қысылып, тынысы тарылып қала береді. Соған қарамастан атқа отыра сала Түркістан армиясы орналасқан екі қабат көк үйге шапты. Бұнда құрама командирлері жиналып жатыр екен. Қашқан жауды беталды жөніне жібере береміз бе, әлде ізіне әскер салып түре қуамыз ба, қайтеміз деп әрі-бері қауқылдасты да, ақырында бәрі бірауыздан пәтуаға келіп, Еламанды бала-шағасымен кемеге отырғызып, түн ішінде апыл-ғұпыл жөнелтіп жіберді... Түн жамылған кеме таң алдында Үшшоқының шығыс жағындағы үлкен қолтыққа кірді. Үнсіз қимылдаған кісілер Еламан мен Кенжекейді және өздерімен бірге кемеге тиеп әкелген үш қанат киіз үй мен бір түйе, бір атты жағаға шығарып, күн шықпай, келген жағына жөнеліп те кетті.
***
Бұл өңірге ақтар әлі келе қоймапты. Тіпті, ақтар келер-ау деген ой ешкімнің басына кіріп-шықпай, жұрт өзінің бұрынғы безбаяғы жайбарақат қалпы. Малын жасырып, дүние-мүлкін тығып, қыз-келіншекке есікте жүрген малай қатындардың ескі-құсқысын кигізіп, әпі-шәпісі шығып жатқан бір жан жоқ. Бұл өңірдегі ауылдар - байың бол, жарлың бол -мал баққан шаруаның ежелгі бейжай енжарлығына бағып, қаннен-қаперсіз ашылып-шашылып жатыр екен.
Еламан да олардың үрейін алғысы келмеді. Жөн сұраған кісіге жағдайын айтып, Сыр бойының Жаңайым руынанмын деді. Ағайын-туманың ұлтаны теңіздің арғы бетінде, сонау адай, табынмен іргелес отырған балықшы ел еді деді. Беті қатты мына заманда ауыс-күйіс бөліп берері болмаса да, зәуде бір бас ауырып, балтыр сыздағанда, тым құрыса, көңіліңді сұрап, аузыңа қара су тамызатын ағайын-туманың арасында отырайын деп, бір түйе, бір аттың әуенімен көшіп келе жатыр едім деді. Мына ыстықта жас балалармен көшем деп қиындық көріп келем. Көлік жағы тапшы. Жалғыз түйеге әрі жүк артып, әрі бала-шағаны мінгізген соң кешкі салқында да қатты жүре алмайсың. Және жануар буаз, алдына қарай боталайтын болғасын соның бабына қарап, жүрісім өнбей қойды деді. Осы арада да үш-төрт күн ерулей тұратын ойым бар деп, басына түскен қиындықты басып айтты.
Еламан көшіп келген күннің ертеңіне ұлы теңіз жақтан баржа сүйреткен кеме келді. Сыртта шай қайнатып жүрген Кенжекей өздеріне қарай салып ұрып келе жатқан кемені көріп, іштегі күйеуіне асығыс дауыстап: «Әшімжанның әкесі, сыртқа шықшы, тез, тез!» деп еді, Еламан қозғала қоймады. Түрулі есіктен көз салып, бөрін көріп-біліп отырған-ды.
Үй алдына кеп тоқтаған кемеден Дьяков түсті. Қасында қару асынған бір топ кісі. Жағаға шыға сала жан-жағына сергек қарап шолып өтті. Жуық маңда көңілге күдік туғызғандай ештеңе байқалмаған соң Петр Дьяков қасындағы кісілерді ертіп, Еламанның жаппасына жүрді.
— Ал, қалайсың? — деді ол сыртқа шығып, өздерін күтіп алған Еламанға.
— Ой, тамыр, сұрамаңыз. Ыссыда көшем деп, қиындық көріп келем.
— Сайтан алғыр, не деп тұрсың өзің?
— Сыр бойының Жаңайымы едім. Көкарал жақтағы ағайын-тумаларыма көшіп барам.
— Өтірік айтып тұрған жоқсың ба?
— Тақсыр, о не дегенің. Міне — иманым, міне — жаным.
— Ну и ну! Қызылдарды көрдің.бе?
— Қы-зыл?
— Немене, сен қызылдарды білмеуші ме едің?
— Ой, олар дінсіз кәпір ғой. Тәңірім ол кәпірлердің жүзін ар-ман қылсын.
— Олар саған не істеді?
— Жаныма теңгерген жалғыз атым бар еді. Астымнан аударып ап, орнына мына мес қарын қараны берді.
— Бұны бермегенде не істер едің?
— Иә, бұған да шүкір. Бірақ, әй неғыласың, өз атым жақсы еді.
Дьяков ішек-сілесі қатқанша күлді. Момақан, түрі-түсі шаруадан аумайды. Басында киіз қалпақ. Үй жанындағы көк құрақтан басын алмай бырт-бырт жайылып жүрген мес қарын қара аттың тұсауымен белін тастай ғып буып алыпты. Үпірлі-шүпірлі балалары да түсі басқа кісілерге үрпиісе қарап, кішкентай жаппаның есігінен сығалап жылтың-жылтың етеді. Дьяков осы жолы оның балаларын ала кетпек боп келген-ді. Бір есептен, бұның дәл осы бір ашылып-шашылып жатқан бейкүнә түрі дұрыс сияқты.
— Ақтардан хабар бар ма?
— Олар әлі келген жоқ.
— Онда дегендей. Былайырақ барып шолғындап қайтайық. Сен бізбен бірге жүр.
Баржаға тиеп әкелген аттарды жалма-жан тездетіп жағаға түсірді де, бас-аяғы он-он бес кісі жүріп кетті. Қыр жақтағы аң үзікті бай ауылға маңдай түзеп, сыдыра шоқытып келе жатқан-ды. Күн өткен бе, теңіз жағасынан ұзап шыға бергенде Еламанның мұрны қанады. Еламан қан саулап қоя берген мұрнын қолымен басып, ат басын тежеді. Қалғандары да иіріліп тоқтай қалды. Петр Дьяков атын Еламанның атымен қатарластырып тоқтады да, мұрнынан аққан қанды алақанына толтырып алып, бет-аузына үйкеп жағып-жағып жіберді. Ақ көйлектің омырауына да қан шашырап, мына түрі бұны мыналар сілейтіп соққыға жығып салғандай болды да шықты.
— Е, бәлем, сазайыңды тарттың ба?
— Өзіңе де сол керек.
— Ал, қызылдарды жамандайсың ба ендігәрі? — деп жігіттер күліп жатыр.
Бұлар қыр жақта отырған қойлы ауылға келді. Петр Дьяков қасындағы кісі-қаралармен ауыл шетіндегі қоңыр үзікті үйге түсті де, Еламан аттардың жанында тұрып қалды. Кешеден бері бұнымен жүз таныс боп қалған мына ауылдың кісі-қаралары Еламанды мүсіркеп, аяп: «Қарсыласпа, атып тастар», — деп ақыл айтып жатыр. Бір жігіт жүгіріп барып, құманмен су әкелді. Біреулер ағарған әкелді.
— Қызылдар кісіге тимейді дегені қайда?
— Құрысын, ақ бол, қызыл бол, зәті басқа болғасын сену қиын ғой.
— Иә, сақ болу керек. Әне, аналар бері келе жатыр. Ал, шырағым, қарсыласпа. Аға-еке, көке-еке деп алдына түсіп жүгіре бер.
Еламан оларға алғыс айтты да, аналарға еріп жүріп кетті. Ауылдан ұзап, бір қырдың астына түскесін бәрі жиналып, оны ортаға алып ішек-сілесі қатып күліп жатыр.
— Әлгілерге бізді келістіріп жамандадың-ау деймін. Кенет көз ұшынан шаң шықты. Дьяков аттың басын тартып тоқтай қалды да, шаң көрінген жаққа дүрбімен қарап еді, бұрқылдаған түйдек-түйдек шаң арасынан аттылар қылаң берді.
— Еламан, сен жаңағы ауылға мыналардан бұрын жет.
— Мақұл.
— Абайла, сақ бол. Бізді сылқитып жамандай бер.
— Тәжірибем бар ғой.
— Біз түнгі бірде сенің үйіңнің тұсына кеп тоқтармыз. Сол кезге үлгір. Ұмытпа, түнгі бір. Ал, жөнел!
Еламан қара аттың басын кейін бұрды. Ақтардан бұрын жетерін білгесін асықпай, сыдыра шоқытып келеді. Жаңа ғана жайбарақат отырған ауыл үсті у-шу. Үстеріне келіп қалған әскерді көріп, есі шығып кеткен жұрт абыр-сабыр. Баласын іздеген қатын. Қыз-келіншекті қайда бой тасалата тұрарын білмей, етегіне сүрініп, үй мен үй арасында жанталасып жүгірген ата-ана. Бас сауғалаған әлдебіреу белдеуде тұрған атқа міне сала қыр асып, шауып барады. Бұлар ес жиям дегенше ауыл үстіне әскер құлады. Ел шетіне кірер-кірместе олар екіге бөлініп, қоңыр төбенің баурайында отырған ауылды ортаға ала қоршай шапты. Еламан тоқтаған үйдің жанынан атты әскерлер дүсірлетіп шауып өтті. Жолында тұрған үйлерге бестен, оннан бөлініп түсті де, өрістен қайтқан қойлардың алдынан жүгіріп шықты. Қолға іліккен қойларды тыпырлатып сойып, көтеріп апарып қазанға салып жатыр.
Бір көзі ежірейген жирен сары офицер мына жақта қатындарға қой сауғызып, өзі бір шетте қамшы ұстаған қолымен бүйірін таянып тұр еді. Түбінде бір кәдеме жарап қалар деп ойлаған Еламан, қалайда осының көзіне түскісі кеп, қой сауып жатқан қатындарға жетіп барып:
— Жеңеше, қозы салайын ба? — деп еді.
— Қайтесің, қайным, — деді әйел ыңғай бермей.
— Осынша қойды сауу оңай ма, көмектесейін.
— Адыра қалсын. Жан қиналтып жатқам жоқ, салдаттарға сүт сауып бергенше қозылардың емгені артық. Мына сары сайтанға көз ғып, әшейін саусағымның ұшымен үрпісін тартып жатырмын.
— Дегенмен көмек берейін.
— Өзің біл. Қозыны ағыта ғой. Еламан қай қозыны ағытарын білмей сасып қалса да, бірақ кейін бұның да тәсілін алып, көп қозының ішінен қолды-аяққа тұрмай, көгенді үзе жаздап ұрынып тұрғанын босататын болды. Қайтсем шегір көз офицердің көңілінен шығам деп, әр қозыға бір жүгіріп жүргенде қасынан өтіп бара жатқан мырзаны кеш байқады да, қой сауып жатқан қатынның тасасына бұғып отыра қалды.
Тәңірберген екі жағында екі офицер. Түйе жүн боз шекпенді қара зегірен бешпеттің сыртынан желбегей кие салған. «Байқады ма, жоқ па?» деді Еламан.
Қараңғы түскесін Тәңірберген түскен үйге жақындады. Ішке кіруге бата алмай, сыртта, есік алдында тұрған ауыл адамдарының арасына кірді де, алдында тұрған біреудің иығының үстінен созылып, ішке көз тастап еді. Үлкен үйдің қақ төрінде Тәңірбергенмен тақымдасып қатар отырған офицерді бірден таныды. Бас қондырысы мен бет әлпеті аумаған баяғы Тентек Шодыр. «Иттің сідігінің асылын қарашы» деді Еламан. Әкесі сияқты бұ да мұртын қырса да, бірақ есесіне сары қира сақалын өсіріп жіберіпті. Подполковник Федоров өзінен төменірек отырған тілмашқа бұрылып:
— Мынадан сұрашы, — деді есік жақта қымыз сапырып отырған үй иесін иегімен нұсқап, — қызылдардың кемесі бұл жаққа келе ме екен?
Тілмаш Федоровты тыңдап алды да, дереу үй иесіне бұрылды. Еламан оның сөзін есітпеді. Үй иесінің оған не дегенін де есіткен жоқ. Ол тек үй иесінің тақиялы басын тез изеп, әлденені ықыластана құптағанын көрді.
Татар тілмаш енді Федоровқа бұрылды:
— Қызылдардың кемесі жиі келетін көрінеді.
— Зеңбірегі бар ма екен?
— Бар... Бар көрінеді.
— Жағаға жақындай ма?
— Офицер мырза жағаға жақындай ма деп сұрайды.
— Жақындайды... Жақындайды, тақсыр.
— Қай жерге келеді?
— Үшшоқы. Сосын... осы маңға да келеді. Жағада отырған жалғыз жаппаның тұсына тоқтайды.
— Жа-п... Қалай... қалай дедің?
— Тақсыр, жаппа. Бағана келе жатқанда байқаған шығарсыз... Теңіз жағасында жалғыз жаппа тұр еді ғой.
— Ол кім өзі, күл шыққан адамдай жалғыз үй отырған? — деді Тәңірберген.
Еламанның жүрегі мұздай болды.
— Қызылдардың кемесін атқылауға қай жер ыңғайлы? — деді тілмаш.
— Біз мал баққан кісіміз. Бізден мал жайылымын, жердің оты-суын сұрамасаң...
— И, Алла... Бұл қаһар соққыр қазақлар ықылассыз болса, аузында тұрған сөзді айтпи.
— Бұларға енді қайт дейсің, — деді Тәңірберген. — Жау кемесі жақын келетін жерді айтты. Сендерге нағыз қолайлы жер — Үшшоқы.
— Үшшоқы бұл арадан қанша жер?
— Төрт-бес шақырымдай. Солай ма, жігіттер? — деді Тәңірберген ішке кіруге бата алмай сыртта есік алдында тұрып қалған осы ауылдың ер-азаматтарына қарап. Олар онша елпілдемей, жай ғана қоштады.
— Үшшоқыға алты дюймді төрт зеңбірек қою керек, — деді Федоров.
Ішке офицер кірді. Ол Тәңірбергенге қолбасшының шақырып жатқанын хабарлап еді. Өзін ұстай білетін қу неме мыналардың алдында онша елпілдемейді екен. Аспай-саспай орнынан тұрды. Кереге басында ілулі тұрған қалпағын алды. Сосын боз шекпенді иығына желбегей салды да, үй ішіндегі бір жанға көз салмай сыртқа беттеді. Оған ілесе Федоров та түрегелді. «Чернов осында болды ғой. Ендеше оның штабында бұны бөрі біледі». Көзге түспей тұрғанда бұл арадан тезірек тайып тұрғысы келді. Әне, үркер көтеріліп қапты. Кеме келетін уәделі уақыт та таяу.
Бағана жирен сары офицердің ауыл шетіне күзет қойып жатқанын көрген-ді. Сонан бері оның ұлықсатынсыз сыртқа бір адам аяқ басқан жоқ. Тәңірберген шыққан бойда Еламан ішке кірді. Жирен сары офицердің алдында қолын кеудесіне қойып тұрып, үйіне жіберуін сұрады.
— Үйің қайда?
— Осы арадан қашық емес. Әйелім сырқат еді. Бағана қой сауғызам деп айналып қалдым.
— Неге жалғыз үй отырсың?
— Сыр бойынан көшіп келе жатыр едім...
Жирен сары бұның сөзіне онша тебірене қоймады. Оның сезікті көңілін қайтсем жібітем деп ойлаған Еламан әлгі сөзін тағы да қайталап, балаларының жас, әйелінің сырқат екенін айта бастағанда, мына жақтан үй иесі қостап:
— Тақсыр, айтқанының бәрі рас, — деп еді, есік алдында тұрған осы ауылдың ер-азаматтары да сөзге араласып:
— Бұл бейшараны бағана қызылдар да сабап, өлтіре жаздады.
— Мұрнын даладай қан қылды.
— Үйіне жіберіңіз, тақсыр, — деп тілек білдірді.
Жирен сары офицер Еламаннан әлі де көзін айырмай, тесіле қарап отырды да, онан енді әлгіде үй иесінен білген мәліметтерді қайталап сұрай бастады. Шүбә туғызғысы келмеген Еламан оның бар сұрағына дәлме-дәл жауап берді: қызылдардың кемесі Үшшоқыға жақындап келеді деді. Өздерінде мәлім жоқ, кейде күндіз, кейде кешкісін, кейде тіпті түнде келетінін айтты. Жирен сары офицер сырттан бір солдатты шақырып алды да, «мынаны өткізіп жібер» деп әмір етті.
Еламан қолын тағы да кеудесіне қойып, басын иіп алғыс айтты да, енді кетпек боп бұрыла берген-ді. Жирен сары тағы да тоқтатып:
— Бетіңдегі... ана тыртық не? — деді.
Еламан денесіндегі дірілді басқысы кеп алақанымен әуелі бетіндегі тыртықты сипады:
— Мынау ма? Асау тайды бас білдірмек болғанда теуіп... Жұрт бұның бетіндегі тыртықты жаңа көргендей, жағаларын ұстады.
— Апырай, ат тұяғы әлемет-ау!
— Қайта Құдай сақтаған...
— Иә, жас мал болды ғой. Әйтпегенде, кім біледі... — Жирен сары бажбық көзін Еламаннан айырмады.
Еламан мына сары сайтан бұны енді подполковник Федоровқа апаратын шығар деп тұрған-ды.
— Бар! — деді жирен сары қолын сілтеп.
Еламан айсыз қараңғыда адасып үйін шаққа тапты. Кенжекей ұйықтап жатқан балалардың аяқ жағында тізесін бауырына қысып отыр екен. Еламанды көргенде атып тұрды.
— Кетейікші осы арадан. Кетейікші...
— Кенжеш... шыдамды едің ғой.
— Енді шыдайтын жайым қалмады.
— Не-ге?
— Қорқам. Кетейікші.
— Сөз болғаныңа...
— Қорқам... қорқам...
— Балалар оянып кетер, ақырын. Кел, отыршы, сөйлесейік.
Еламан әлденеге қараптан-қарап дір-дір етіп, бар денесімен жабысып алған әйелін құшақтап:
— Түу, саған не болды? Қорқатын не бар? Есіңде ме, баяғыда кәрі әжелер отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын темір өзек батыр туралы айтатын еді ғой? — деп еді.
— Әне, сен тағы да әзілге айналдырып бара жатырсың. Үнемі сүйтесің... Кетейікші, — деді Кенжекей.
Ішке зор тұлғалы біреу кіріп келе жатты. Еламан дереу құшағын жазып алды. Сығырайған май шам жарығынан мынаның кім екенін айыра алмады. Тек оның репетінен үрейленіп атып тұрды. Оны сонда ғана танып, қуанып кетті.
— Кәлен аға!
Кәлен Еламанның тасасында тұрған Кенжекейге амандасты да, сосын бұған:
— Бері шығып кет! — деді.
Сыртта бір топ атты тұр екен. Қару-жарақ асынған өңшең түсі суық кісілер. Еламан Кәленнің қай ісіне де таңданбайтын. Оның небір көзге түртсе көрінбейтін тастай қараңғыда да бір көрген жерді жаза баспастан дәл табатын көріпкел қасиетін білетін. Қаратазға қосшылық қылған әнебір заманда бұл баукеспе ұры атанбады ма?! Сонда бұл ауыл арасының желісіне тимей, тек ерлік сыналатын қатерлі, қиын жолға жалғыз бел буып, түу-түу түрікпен асып, қарақалпақ асып, ылғи да бір елдің маңдайына біткен не сәйгүлік сақлақты, не текті дегдар аруананы жетегіне алып қайтып жүргенде де, бұрын-соңды көрмеген жерден жол табатын қасиеті ел ішіне аңыз боп кеткен-ді. Солай болғанда да дәл мынадай көзге түртсе көрінбейтін қараңғыда жапан түзде жалғыз үй отырған жаппаны қалай тапқанына қайран. Және оның осынша атты кісімен дыбыс шығармай келгені бұны тіпті дал қылды. Кәлен атқа мініп алды.
— Ал, сапар оң болсын! — деді Еламан.
— Әумин, айтқаның келсін.
— Жай жүрсіз бе?
— Ой, шырағым-ай, — деп Кәлен тақымы астында тықыршып тұрған аттың сауырына қарай шалқалап, әдеттегідей рахаттанып қарқ-қарқ күлді де: — Жаман ағаңның жай жүрген кезі болған ба? Басына бүлік тілеп aп жүреді ғой. Ағаң қазір де бір қауырт жұмыспен келеді, — деді.
— Сонда ол не бүлік?
— Сенің досың бар емес пе?
— Дос?
— Иә, әлгі көксау кәмісар...
— Петр Дьяков пе?
— Иә, сол. Кеше сол досың мені шадырып алды. «Әй, тамыр, — деді, — жігіттеріңді ал да ақтардың алдына түс», — деді. «Жарайды, түсейін», — дедім. Әзір жауабыма ырза болды ғой деймін, арқама қағып-қағып қойды. «Ақ әскердің жолында отырған қазақ ауылдарына алдын ала хабар бер. Жол-жөнекей кездескен құдықтардың бәрін көміңдер», — деді. «Бұл әмірің бе?» — деп едім, енеңді с... ақылды ит екен: «Жоқ, өтінішім», — деді. «Е, онда өтінішіңді орындайын», — дедім.
Еламан күлді.
— Неге күлесің? — деді Кәлен. — Сенің досың маған: «Осыны істесең, жасақты жауға жалғыз шапқан хас батырдың нағыз өзі боласың» деді. «Е, жарайды, болсам болайын» дедім. Ал, қалай, осыным дұрыс па?
— Әбден дұрыс.
— Ой, енеңді с... — деп Кәлен өзінің әр кездегідей ашық кететін еркіндігіне басып жіберді. — Осы халық сені қызылдарға иманын сатқан деп, тегі бекер айтып жүрген жоқ. Сен қайбір менің қамымды ойлап жатырмын дейсің. Қызылдардың мүддесі ғой ойлап жатқаның. Ал, сау бол!
— Жолдарың болсын!
Кәлен атқа қамшы басты. Шаба жөнелмек болғанда, Еламан оны сөл бөгеп, үй сыртына ұзатып салды. Таралғыдан қос қолдап ұстап қатарласып келе жатып ол Кәленге ақ әскердің алды бүгін бұл араға құлағанын айтты. Ақтардың арасынан Тәңірбергенді көргенін айтқанда, Кәлен ат басын оқыс тартып, тоқтай қалды.
— Ол неғып жүр?
— Ақтарды шөлге ұрындырмай, ел бар, су бар жерлермен бастап апара жатқан көрінеді.
— Ә, солай де?..
— Солай.
— Енеңді с... Ендеше, бәлем, тұра тұр! — деді де, Кәлен шекпеннің шалғайын тақымына басып алды. Қолындағы өзегіне қорғасын құйған дойыр қамшыны нығарлап қысып: «Бұл даладан сендерге бір тамшы су татырсам Кәлен атым құрыр-ау, менің», — деді. Тақым астында тықыршып тұрған атты тебініп, шаба жөнелді. Тұяғын киізбен орап алған аттар құдды құм кешіп бара жатқандай, дыбыс шығармай қараңғы түнге сіңіп кетті.
Әне, бұлар да бірдейлік үшін түн қатып барады. Бұның өзі де анада бірдейлік болмағасын орыс байын өлтіріп еді ғой. Кешегі жылы ақ патшаға жігіт бермейміз деп қазақ даласы ереуілдегенде ашынған жандардың аузындағы сөз — «бірдейлік» болмап па еді? Бірдейлік!.. Бұлардан бұрынғы ата-бабалар да бірдейлік жолында басын бәйгеге тікпеді ме? Еламанның жетінші атасы Тойғожа батыр — қызыл қырғын соғыста «жау марқайып кетеді» деп, садақ оғы тиген аяғын қанжығаға қайырып бай лап тастап, соғыса берген-ді. Кейін ұшына тиіп, елуге қарағанда би ағасы Қыдырбай сынықшыны алғызып, тізеден төменгі жағын кескізіп тастатқан еді. Сонан ол ел арасына «Ақсақ бөрі» атанып еді. Тойғожа батыр не үшін соғысты? Бар өмірі жорық пен жортуылда өткен жетінші атасының жүрегін тебіренткен сондағы арман не? Алаңғасар батыр әлсізге өлім-жеттік істеп, көрінгенге қоқаңдай берді ме? Онан басқа аталары Тойғожадай батыр болмаса да, олардың да өмірі ел арасының барымта-қарымтасымен өтіпті. Олардан кейін ат жалын тартып мінген жастар да өмірден өз бетінше жол іздемей, төрде отырған үлкеннің аузына телміріп күн кешті. Бәтір-ау, сонда ата жолын тәрк етпегеннен не ұтты? Не мұратына жетті? Ал, біз ше? Біздің нені ұтып, неден ұтылғанымызды кім білсін.
Еламан селдір сұйық қамыс арасымен жан-жағына сергек қарап келеді. Әлгінде Кенжекейдің үрейін алған қорқыныштан бұның да жүрегі шайлығады. Құдай оңдағанда, әйтеуір, Тәңірбергеннің көзіне түспегені жақсы болды. Жирен сары офицер... Қайдам, сол пәле сезіктеніп жүрмесе...
Еламан қараңғыға көзін тігіп алған. Теңіз көрінбесе де, бірақ ілгергі жақтан жағаға шылп-шылп ұрған бала толқынды құлағы шалып келеді. Соған қарағанда, теңіз жақын. Еламан аяғын жылдамдап жеделдете басты.
«Дьяков та кешікпес, келіп қалар» деп ойлады. Ара-тұра қыр жақтағы ауылға құлағын түреді. Әлгі бір алажабыр әбігер аяқсыған сияқты. Бай ауылдың қотанын күзетіп, түн-түнімен үріп шығатын маң төбеттерде де үн жоқ-ты. Кенет, мас солдаттар қосылып айтқан көп дауыс алыстан талып естілді. Бұл Еламанға таныс. Әдетте, қайсыбір қырқысқан қатты ұрыстан кейін қараңғы түскесін атыс тоқтап, тірі қалғандардың ішінен әлдебіреу дәл осылай ыңырсып он салатын. Сондай ән кейде жау шебінен шығатын. Құлаққа талып жеткен әннің бір сөзін есітпесе де, зарлы саз жүрекке шауып, сай-сүйегіңді сырқыратып қоя беретін. Ән біткенде әркімдер-ақкүрсінер еді. Қалта түбін қағып темекі орар еді. Үсті-үстіне құнығып тартқан ащы махоркаға қақалып-шашалып қалар еді. Сонда әркімдер-ақ өз мұңы, өзінің басындағы қасірет-қайғыға жүрегі уланып, сұлық отырып қалар еді-ау. Неге екенін қайдам, басқа кезде бірін қалдырмай, қырып тастағысы кеп, көзіне қан толып жүрсе де, қызыл қырғын ұрыстан кейінгі осы бір саябыр толаста жау окобындағылардың да шерлі зарын түсінетіндей еді.
Уәделескен уақытта кеме келді. Еламан оларға жау әскерінің қарамын, қару-жарағы жөнінде өзі білген мағлұматтарды берді де, ақтардың Үшшоқыға зеңбірек орнатып жатқанын да ескертті.
Кеме кеткесін Еламан үйіне кеп балалар жатқан төсектің шет жағына қисайды. Шаршағаны соншалық, басы жастыққа тиер-тиместе көзі ілініп барады екен. Үй жанында жатқан түйе пысқырып оянып кетті. Жастықтан жұлып алған басы қатты ауырып кетті де, қос шекесін қысып отырып қалды. Біраздасын төсекке қайта қисайды. Көзін қалай жұмса да, қашан жазғы таң сарғайып атқанша ұйықтай алмады. Неге екенін қайдам, биыл осындай кірпік ілмей шығатын түндер көбейіп барады. Әлде осының бәрі жасқа байланысты ма? Жұдырықтай басты тауға да, тасқа да соғып жүріп, ақыры, міне, қырыққа қалай келіп қалғанын байқамай қалды. Қырықтың арғы жағында кәрілік те қашық емес. Неге көнбеген бас, оған да мойынұсынасың.
Үй жым-жырт. Тар төсекте тығыншықтай толық денесімен бұның бір жақ бүйірін қыж-қыж қайнатып жатқан Кенжекейдің ақырын алған тынысы естіледі. Адам жас санап жүйкесін құртады, әйтпесе, «Көңіл қартаймайды» деген рас. Өзіне салса, бұл әлі де баяғы Ақбалаға үйленер алдындағыдай жап-жас қалпымен қарап тұрғандай. Тек бұны жүйкелеп, діңкесін құртатын — ес біліп, етек жапқалы тақым жазбай бірге жасаған кешегі сол Мөңке, Есбол, Рай, Итжемес, Құлтума дүние салып, қатары селдіреп қалды. Судыр Ахмет сорлы да көз жұмды. Бұлардан басқа да қаншама қимас жандар кетті. Тірлікте бұл солардың бірімен дос болса, бірімен жүз жыртысыпты. Неге сүйтті? Дүние тарлық етті ме? Не жетпеді? Әлде, көңіл түбінен қос уыс орын жетпеді ме? Енді, міне сол итшілеп өткізген азғантай өмірде ащы-тұщыны бірге татып, бірге жасаған кешегі жандардың қазір көбі жоқ. Қатал тағдыр әуелі төңірегіңді тақырлады. Сосын өзіңе ауыз салады.
Еламан күн жеп киізі көнерген ескі түндіктің шұрқ-шұрқ тесіктерінен сонау шалғай алыста жыпырлаған жұлдыздарға қарап жатыр. Ұйқы шайдай ашылып кеткен. Кешегі қатар жүрген жайсаң жандарды ойласаң-ақ көкірегі құрғыр құсаланып, қай-қайдағы еске түседі. Сондайда өз үйіңде, қатын-балаларыңның қасында жатып та жалан түзде қалғандай, жалғызсырап боласың. Басқа басқа болсын, өмірі мұқауды білмейтін Кәленнің өзі де анабір жолы не деп еді, ол сонда? «Ай, шырағым-ай, — деген екен-ау, — кісі кәрілікті қанша мойындамайын десе де, елуге келгесін баяғы бала кезде тікен кірген, асық тиген, қыз шымшыған жеріңнің бәрі сырқырап ауырып тұрады екен ғой». Жақсы айтты! Әркімнің де көңілінде жүрген көкейтесті сөз ғой бұл.
Кең төсекте айқыш-ұйқыш жатқан төрт баланың бірі ұйқысырады ма, жырқылдап күле түсті де, кілт тыйылды. Ұйқысы сергек Кенжекей оянып кете ме деп қорыққан Еламан әлденеге мазасызданған баланы арқасына қағып ұйықтатып тастады. Үш қатыннан туған үш баланың басын біріктіріп, бір оттың басында ұстау бұған да оңай боп жүрген жоқ. Пақыр, қайтсін, осыларды алаламай, бәріне аналық мейір тауып, ұядағы балапандай тапшы дүниені қылдай бөліп беріп отыр. Мына шіркіндер, соңырағы күні өз қолы өзінің аузына өзі жеткесін бұның сол жақсылығын білсе жарар еді-ау!
Еламан әйелінің арғы жағында жатқан балаларға көз қиығын тастады. Бұлар қандай болар екен деп ойлады. Бізге ұқсар ма екен? Не біліп айтатынын қайдам, Дьяков ол кезде жер басқан жанның бәрі бірдей болады дейді.
Жарайды, осы жұрттың ішер асы, киер киімі, сөйлер сөзі бірдей-ақ болсын. Бірақ Құдай о баста бәрін бірдей ғып жаратпаса қайтеді? Адам баласының көкірегінде алалық болмай тұрған ба? Басқаны қойғанда, бір оттың басында бір қазаннан ас ішіп, бірге жатып, бірге тұрып жүрген, бауырлас кісілердің арасында да бірдейлік деген пәле бола қоймаушы еді ғой. Олардың арасында да бірінің сөзі үстем, бірінің өзі үстем. Бірі ертеден қара кешке қоқын күн тесіп қой соңында жүрсе, енді бірі алшайып ат үстінен түспейтін.
Жоқ, жоқ, түсінбеймін. Түсінбеймін. Жә, Құдай қаласа, жауды жеңіп, дегенімізге жетерміз. Өмір өзгерер. Қараборбай кедейлер теңдік алсын. Бірдейлік орнасын. Бірақ, бәтір-ау, осы халықтың ішер асы, киер киімі бірдей болғанмен, құлқы бірдей бола ма? Сол мүмкін бе? Жылқышы боп жүргенде талай асауды бас білдіргені бар. Темірдей тақымға түскенде небір заңғар асаулар да жіптіктей боп жүре беретіні қайда? Әрі-берідесін үстіндегі кісінің құлқын көш жерден танып, тізгінді демеген жағыңа елпілдеп отырмаушы ма еді? Адам бойындағы асаулықты да, соңыра бір тентек тақымға салып бас білдірсе, бірдейліктен не қалады? А? Жоқ, түсінбеймін. Ақылым жетпейді. Адамдардың құлқын бірдей қылмайынша, көрерсің де, білерсің, соңыра мына балалардың заманында да біреу артық, біреу кем орында жүрмей қайтер дейсің.
Еламан жастықтан басын көтеріп алды. Лүпілдеп қатты соғып кеткен жүрек дүрсілін үй іргесіне келіп қалған ат тұяғының дүсірі есіттірмей жіберді.
— Ақ-тар ма? — деді Кенжекей ұйқысынан шошып оянып.
— Не болса соған үрейлене бермеші...
— Ақтар ма?
— Сен жата бер. Мен тысқа шығып...
— Жоқ, жоқ, жібермеймін.
Еламан мойнынан тас қып қысып алған әйелдің құшағынан қалай босағанын білмеді. Таң ағарып атыпты. Түндігі түсірулі үйдің іші бозарып қалған екен. Тасырлатып шапқан біреулер жолындағы жаман үйді тапап өтетіндей, аттарын кимелетіп кеп есік алдына тоқтады.
— Әй, шоқыншық, шық үйден!
Еламан түрулі есіктен тақым астында тықыршыған аттардың аяғын көрді. Иініне киімін жамылуға да үлгірмей, сыртқа атып шыға бергенде көз қиығы түтіні будақтап келіп қалған кемені шалып қалды. Тәңірберген жанында тұрған Федоровқа бұрылып, басын изеді. Бұнысы «дәл өзі» деген ишарасы еді; татар тілмаш қылышын суырып ап:
— Әй, шоқыншық, — деп ақырып атын омыраулата беріп еді, бірақ ол қылышын сілтегенше бұл атып жіберді. Тілмаштың қолынан қылыш түсіп кетті. Еламан сонан арғының бірін біліп, бірін білген жоқ. Үйден шырқырап жүгіріп шыққан Кенжекейді итеріп жіберді. Іштен у-шу болған балалардың даусы шықты.
Еламан еліктей құп-қу. Бұл ес жиям дегенше Федоров та атын кимелетіп, үстіне төніп қалған еді, бұл жалт беріп ытқып түсті. Қылыш жай оғындай жарқ етті. Тәңірберген астындағы аттың басына әлі келмей, алыстап бара жатып артына бұрылып еді; Еламанның ағы айналып кеткен үрейлі көзін көрді. Қапы кеткеніне күйініп, қайта ұмтылған Федоровтың ақсиған тісін, жарқылдаған жалаңаш қылышты көрді. Федоров осқырып үріккен атты сауырына қылыштың қырымен тартып-тартып жіберді де, мылтығын кезеген Еламанға тағы да табан жерден тап берді. Мылтық тарс етті. Жалаңаш қылыш жарқ етті. Мына қылыш бұның өзіне сілтенгендей, тұла бойы түршігіп кетті. Көзін қалай жұмып қалғанын да байқамады. Үрейлі көзін қайта ашқанда, Тентек Шодырдың баласы басы қатты атты тоқтата алмай, сырттан кетіп бара жатты. Ал Еламанның қан-қан денесі жаңа ғана ат тұяғы шаңдатқан жерде жатыр екен. Шашы қобыраған алау-далау әйел өкіріп кеп Еламанның үстіне құлай кетті. Ұзап кеткен Федоров қайта оралмақ болғанда жағаға кеп қалған кемені көрді. Сүйткенше зеңбірек күркіреді. Бірінен кейін бірі жарылған снарядтар Федоровтың жолын кеселеп, астындағы үркек ат далаға қарай ала қашты.
***
Ақтар Аралдан шегінгелі Тәңірберген төтен бір халде. Бұған не көрінгенін қайдам, осы күні ойына алған іске басқадан бұрын бұның өзі сенбей, тартынып қала береді.
Сондайда: «Осы менмін бе?» деп көңіліне күдік қашып, өзінің осы күнгі халіне тосырқай қарайды. Өйткені, өзінің бұрын қандай болғанын білетін. Қанша бай, бақты, базарлы болса да, бұрын да ойына алған ісі оп-оңай орындалып жатпайтын. Бұрын да ел ішінің айтыс-тартыстарында жағада жүретін қолдар жазылмай, небір тар өткелде тайталаспен күн өткізіп еді; соның бәрінде де жас мырза қаһарын тіккен дұшпанына қарсы істер әрекетін жер түбінен ойлап, тор-тұзағын күнібұрын құрып тастайтын. Сосын келешекте қайткен күнде де бұның дәл өзінің ойлағаны болатынына кәміл сеніп, миығына мысқыл жиятын да, міз бақпай безеріп алатын еді. Сонан болар-ау, көлденең бөгде кісілер түгіл, тіпті тірлікте тақым жазбай жүрген қанжығалас достар мен төңірегіндегі қосшы-қолаңдардың өзі де жас мырзаның арғы жақ ойының анық-қанығын болжап білген емес-ті.
Иә, қалайда бұған бірдеңе көрінді. Айрықша Аралдан бері қараған жолда бір ісі оңғарылмады. Бұған салса, өз басы бұрынғысынан құйттай да өзгерген жоқ. Ақылы орнында. Айла-амалы баяғыша. Не істесе де, өзіне тән машықты сақтықпен ақысын аңдап істеп жүр. Сонан келе, бұған не көрінді? Баяғыда кішкене кеудеге сап, күштеп жіберсе болды, соның ар жағында қисық іс те түзеліп, сәті түсіп оңғарылып жүре беретін еді-ау. Бұған енді не болды? Бірдеңе көрінді ғой? О, Жасаған, бір пәледен соң бір пәлеге ұрынып жатқаны қалай? Басындағы қазіргі хал бұған лайық па? Тас-талқаны шығып жеңілген әскерге жол көрсетіп, жөн сілтеп, етегі далақтап шауып жүру тұзы жеңіл біреулердің үлесі емес пе?
Рас, заман өзгерді. Амал өзгерді. Адамдар да өзгеріп жатыр. Тек өзгермеген бұл болғаны ма? Сондықтан да бұрын бұған жол көрсетіп, қосшылық қылатын кешегі елпілдектерге, шамасы, сірә, ендігі жерде елпілдеп-желпілдеп қызмет қылатын кезек бұған келгені ме?
Алғашқыда қорлық халіне көнбей, қанша туласа да, амал қанша, бұ да көнді. Көнгенді айтасың, басына түскен пақырлық халге мойынұсынып, генерал Черновты айтпағанда, апырай, тіпті, атаңа нәлет, Тентек Шодырдың баласы мен жез мұрт офицердің алдында елпілдеп жүрген жоқ па?
Тәңірберген қатты еді. Болыс ағасы өлгенде де көзіне жас алмап еді. Кенет, көкірегін өксік қысып, кірпігі суланып бара жатқасын көзін жалма-жан қамшы ұстаған қолының сыртымен уқалап-уқалап жіберді. Көк ат та бұның ызасына тиіп болды. Өзінің шайқалақтап отыратын жол жорғасынан жаңылып, қайта-қайта сүріне берді.
Жастайынан шаһарлы жердің орыс-татар байларына араласқан жас мырза осы даланың бұтқа толып жүретін байларының тірлігіне ызаланатын. Сонан ба, өз басы ата-баба салтын, дәстүрін тәрк етпесе де, әлгі бір берекесіз, бөксе басар бойкүйездіктен бойын аулақ салғысы кеп еді. Осы жолы да басқа түскен тауқыметтің бәріне мойын ұсынып, отбасында жалпиып жата бермей, беті қатты заманның тамырын басып қайтқалы әдейі Шалқарға барып еді. Көрмейсің бе, қаланың алаяқ қулары ұстап берді. Бар пәле басқа емес, Темір кеден болды. Анық, анық сонан. Бұрын көрген жерде қолын қос қолымен ұстай алып, асты-үстіне түсіп, мал-жанын, ауыл-аймағын сұрап өліп-тіріліп жататын неме, сол күні бұл генерал Черновтан көңілі пәс боп жүдеп шыққанда бұған көшеде кездескенде бұның жүзіне тура қарай алмай, көзін алып қашып, өзі де күйген терідей құрыса қалып еді-ау? О, сұмырай! Басына іс түскен кісіге рай бермейтін әдеті. Бұл бірдеңе дейін десе де аузындағы сөзін айтқызбай: «И, и, Алла» деп ішіне тікен қадалғандай тыжырынып қала бермеді ме?
Әуелде бұларды Алтықұдыққа дейін бастап апарсам, ар жағында керегім де болмас деп ойлады. Қызметім жақса тез босанармын деген оймен жан-тәнін салып қызмет істемеді ме?! Жер қайысқан әскерді жол бойы шөлге ұрындырмады. Қарнын ашырмады. Оты-суы мол Ұлықұм мен Кішіқұм бойында иін тіресіп, сыңсып отырған малды-жанды ауылдардың үстімен алып жүрді. Бұл өңірдің бетке ұстаған игі жақсыларын Қарашоқатқа жинаған үлкен жиында тілінің ебін, бетінің ажарын салып, бұлардың мінерлігі мен сойыстығына қойды да, сиырды да, жылқыны да үйір-үйірмен айдап әкеліп жатпады ма, бұларға істеген көл-көсір жақсылығы ана жақта қызылдардың құлағына жетсе, мына жақта генерал Чернов пен атаман Дутов бұған ырза боп жуық арада айырылатын түрі жоқ. Бұнан өзгелер қатал заманның қаһарына ілікпеуге тырысып, таса-тасаға тығылып жатса, о, пәруардігар, бұл, бұл байғұс қайда бір басынан бағы тайғандардың қосын жегіп, қосшылық етіп көзге түсіп жатқанын да сезбепті. Бұл не? Өлетін баланың әлгі бір көрге қашатыны ма? Ақылды, айлалы болғанда, қулық-сұмдықты көзі тірілердің бәрінен асырмақ боп жүргенде тапқан ақылың осы ма? Қанды көйлек жауыңа өзіңнің қолыңмен ата алмаған оқты орыстың қолымен атқанда не таптың? Кек қайтты ма? Көңіл көншіді ме? Біле-білсең, соңыра ақ-қараны ашқанда, түптің түбінде ұтылатын ол емес, өзің екенін ойладың ба?
Көріп жүрміз ғой, исі қазаққа орыс қандай зорлық істесе де, оған зәредей де пәле жуымайды. Ал, қазаққа қазақ кегін жібермесі анық. Жә, не қылса да, итің қырынан жүгіргесін істеген ісіңнің беті оңғарылмайтыны ғой, шамасы.
— Ну, гад! Құдық қайда?
Тәңірберген қолынан түсіп кеткен тізгінін тез жиып алды. Ала жөнелген аттың басын тежеп, артына қайырылды. Үзеңгі қағысып, қатарласып қалған жирен сары офицердің тұздай көк көзіне бұ да тайсалмай тура қарады да, ләм-мим деместен тебініп қалды. Иесінің ширыққан жанын сезгендей ірі көк ат пысқырып, аяғын жеңіл тастап желіп кетті.
Іші у жалағандай өртеніп жатса да, сырты салмақты. Жаңағы жанжалдан кейін ол күміспен шолулаған көк бас ерде қыбыр етпей, қазықтай шаншылып отыр. Көп кісі боп жүргенде алдына қара салмай елпілдеп, бауырын керіп аяңдап отыратын ірі көк аттың тас төбесінде шаншылған құлағынан көзін айырмай қадалып апты. Жаңағыдан кейін артына бұрылып қарамаса да, әлгі офицердің өзіне ту сыртынан қадалған көк көзі тесіп барады. Аралдан бері қарай шыққалы осы жирен сары офицер мен Тентек Шодырдың баласының бұған қаны қатып алды. Қалғандарында да аяйтын ниет жоқ. Тек генерал Черновтың тәк-тәгімен жан сақтап келеді. Және бұл болмаса өздігінен жол таба алмайтын болғасын амалсыз.
Бастапқы кезде бұлардан қайбартып еді, қазір өзінің де көкірегі қарайып, қанын торсыққа құйып алғасын ба, бұл енді жаңағы жирен сарыдан да, Тентек Шодырдың баласынан да жүзі ығыспады. Осы қазір басындағы бақ пен өрістегі үйір-үйір малдан, қойнындағы жардан, өрттей ыстық күні жанын қоярға жер тапқызбай күйдіріп бара жатқан үстіндегі мына аспан, мына жарық дүниеден көңілі қалып, суынып алған. Басындағы бір жапырақ тірліктен де түңіліп, талаң деуге әзір. Қалжыраған жаны тек тыныштық қалайды. Бір жұтым су тілейді. Шегенді құдықтан қауғамен тартып алған мұздай суға қайта-қайта ақсары ауып, ернін жалап, аузын қуырған ащы сілекейді тамсанып қояды.
Осы күндері шаруа жайы мүлде жадынан шығып кетті. Керек десе Шалқарға бара жатып, жолшыбай Қарала-Көпке қондырып кеткен ауылын да ойлаған жоқ. Софы ағасына: «Менен хабар болғанша Қарала-Көптен қозғалмаңдар» деп кеткен-ді. Сонан бері бір айдың жүзі асты. Малды-жанды ауыл бір орында ұзақ отырып қалды-ау деп қынжылады. Мал тұяғы тигесін жерде түк қала ма? Үй маңы сары жұрт боп, шаңдағы шығып кеткен болар. Және биылғы жер сыңайы жаман. Жылдағы шабындық жерлерде тіске ілінер қылтанақ жоқ. Биыл қалайда алдағы қыстың мал баққан шаруаға ауыр сын боларын сезсе де, көңіл сүлесоқ енжар болғасын ба, әйтеуір ертеңгі тірлік қамы ойына кіріп-шықпады.
Неге екенін қайдам, адамдардан да гөрі жол бойы осынау өрттей ыстықта аяғын әзер алып, қыбыр-қыбыр келе жатқан арық аттарды көбірек аяды. Сосын Черновты аяды. Қанша күннен бері тақым жазбай, бірге келеді. Шалқардан шыққалы жол бойы көз жазбай байқап келеді. Аз сөзді. Ұстамды. Адамгершілігі қандай?! Тек, әттең, басынан бақ тайғанда кездесті. Арқа тірер үкімет құлады. Әскерінің сиқы мынау. Арал түбіндегі шайқаста тас-талқаны шықты. Мыналарға сенуге бола ма? Сенім?.. Тәңірберген мырс етті. Қасындағылардан қысылып, атын тебініп генералды қуып жетті. Бір жаңалық айта ма деп ойлаған генерал бұрылып еді; Тәңірберген онан көзін алып қашты. Аты да кібіртіктеп, генералдың ақ арғымағынан кейіндеп қала берді. Ел кездесетін дәмелі жердің бәрінен өтті. Өзінің топшылауы бойынша елі бар, суы бар жер бүгін бұларға жуық арада кездеспейді. Ал, ертеңге дейін мына аттардың шыдауы неғайбыл. Тұла бойы терге малшынып, омырауы, қолтығы, шабы ақ сабынданып мықшиып кетіпті. Ат реңі мен адам жанарына қараса көңілі бұзылатын болғасын Тәңірберген көбіне көзін тура алдына қадап алды.
Елсіз дала жым-жырт. Қабағы қатыңқы кісілер үнсіз. Тек шөлге шалдыққан аттар өлсін-өлі танауына шаң толып пысқыра береді. Әлсіз атқа індегіш те үйір. Кейде түбін жел қазып, қаракеңірдектеніп қалған томар жусанның түбірі тұяғын қағады. Кейде көртышқанның илеуіне аяғын тығып, омбылап қалады. Ондайда аяғын іннен суыра алмай, тізе бүгіп қалғанда, қамсыз отырған кісі тақымын қысуға үлгермей, ерден ұшып кете жаздап, аттың шоқтығынан ұстай алады.
Жас мырза ат үстіндегі жүріске берік еді, осы бүгін бұ да тақымы босап, қайта-қайта қалғып кете берді. Жаны күйзелген бір тұста: «Ит өмірде мен қимайтыны не қалды?» деді ішінен. Бәсе, бұл қимайтын не қалды? Үстіндегі аспан ба? Мына күн, мына жер ме? Әлде, ұры тонаған үйдей өзегі талған кісіге беретін бір жұтым суы жоқ шөл дала ма? Опасыз дүние! Апырау, көңіл торыққанда дүниесі құрғырдың тұла бойынан тырнақ ілінер түк табылмайтынын қайтерсің?! Қызығы таусылғанда, бұл бейбақ та көңілің қалған қойныңдағы қатыныңдай қадірі қалмайды екен.
Жас мырза қалжырады. Осы қазір оған ақ та, қызыл да, дос та, қас та — бәрібір. Дәл қазір Еламанға да көкірегінде кек қалмапты. Осы дүниеде оның бары-жоғы, өлі-тірісі бәрібір. «Иә, маған бәрібір» деді Тәңірберген. Кеше теңіз жағасында жалғыз үй жаппаға Тентек Шодырдың баласын ертіп апарғанда да, Құдай куә, бұл қан тілеп барған жоқ-ты. Күн санап аруағы асып бара жатқан осы бір тоқмойын, дөкір жігіттің қылыш астында кірерге тесік таппай, әке-көкелеп жалынғанын көргісі кеп еді; бірақ бұл күткені де болмады. Қыңыр неме қылыш астында да қайсарлыққа басып, қолынан қару түскенше қарсыласты. Жалақтаған қылыштан қорғанып, қолымен басын көлегейлеп шегіне берді. Оң иығының басын жанап тиген қылыш қолын түбінен шауып түскен сияқтанып еді. Сонан соң... Бәсе, сонан соң не боп еді?
Бір әуеннен танбай елпілдеп келе жатқан ірі көк ат кенет әлденеден үріккендей осқырып, шегіншектей бергесін мырза ұмтылып ілгері жаққа көз салса, анадай жерде жалғыз түп қызыл түзген түбінде жуырда ғана қасқыр жеп кеткен ірі қараның сүйегі арса-арсасы шығып ағарып жатыр екен. «Осы араларда ел болуы мүмкін» деп ойлады. Сосын ер үстінен созылып, айнала төңірекке көз тастады.
***
«Япырмау, бұл қалай? Осы араларда бұрын ел отыратын еді ғой?» деді Тәңірберген. Аралдан шыққалы көкжиекке қарай-қарай көзі талды. Басы айналды. «Күн өтті-ау, шамасы». Қанша күннен бері жер қайысқан ауыр қолдың алдында ат үстінде қаққан қазықтай боп келе жатқан жігіттің сұлу бойы осы арада сәл босаңсып, қос шекесі солқылдатып әкетіп бара жатқасын, басын қысып ұстай алып еді, білеудей көк тамырлар алақаны астында бүлк-бүлк соғып қоя берді. Құлап қалам ба деп қорыққан Тәңірберген тақымын дереу қысып ала қойды.
Жол жорғасы бар ат әлі тың, қамшы салғызбай, аяғын қыдыңдап ширақ алып келеді. Ми қайнатқандай тас төбеде шақырайып тұрып алған Арал өңірінің өрттей ыстық күні болмаса, ат үстінің жүрісіне бұл әдетте болдыра қоймаушы еді. Тәңірберген басын көтерді. Еңсесін тіктеп, ерге де өзінің қашанғы машығымен шалқалап нығызырақ отырып алды да, тағы да айнала төңірекке көз тастады. Шөбі күйген сұр төбелер сұр толқындай дөңбек-дөңбек боп көз асып кетіп жатыр. Қай жағына қараса да кенеусіз кең дүние. Апырай, шегі-шеті бар ма мына заңғардың? Болса, қайда? Қашанғыдан бұрын бұның сарылатын да жататын мына түрі кісі жанын жалықтырып барады. Дүние дүние боп жаралғалы осы бір құба жон, қу мекенде, Құдай біледі, тірі жан тұрмаған болар? Өзінде ат-атау да болмас? Бәлкім, Әзірет Әлінің үрім-бұтағы түп-түгел шаһит боп қырылып кететін, сол... сол әлгі Кербала шөлі осы емес пе? О да осындай елсіз, сусыз сарылған шөл дала деуші еді ғой? Кербала... Қалай еді? Жатқа білетін еді?.. «Ей, жаранлар, тыңлағын уалаятын, Кербаланың сөйлейін хикаятын...» Сосын... Бәсе, сонан ары қалай еді? Уалаятын... Уалаятын... Кісінің жады да тозатын болғаны ғой. Сорлы Хұсайын... Иә, сорлы. Соры шаш етектен. Мына генерал да Хұсайын секілді таланы тастай бақытсыз жан.
Ана қараш, у жұтса да — ішінде. Ішін ит кеміріп жатса да, сыртын бермей сазарып алады. Басқа кісілер ат соққан денесіне ие бола алмай, күн ұзын ер үстінде қозғалақтап, екі жамбасына кезек қисаңдап келе жатқанда, апырай, бұл заңғар, күні бойы қыбыр етпейді-ау! Аралдан шыққалы онан көзін айырған жоқ-ты. Қашан қараса да, қанша қараса да жол бойы, бірде болмаса да, бірде белі босаңсығанын көрмеді. Қашан қараса да күн жеп тастаған көне көйлектің тер қатқан ақ сортаң жауырынын жұртқа тосып, ырғайдай мойны қылқиып соңында шұбырған әскердің алдында кетіп бара жатады. Тәңірберген қартаң генералға көбіне сырт жағынан көз салып келеді. Генералдың күн астында шағылысқан аппақ самай шашы мен қылқиған мойнына, кір-кір жағасынан жарылқап көрінген көк желкесіндегі бармақ басындай шұқыршаққа көз айырмай ұзақ-ұзақ қарап отырады да, күн астында қажығандікі ме, кенет қарадан-қарап көңілі босап, Хұсайынның әскері қырылған сол әлгі араб даласы дәл мына Арал жеріндей болар-ау деп ойлайды. Онда да, Құдай біледі, дәл осындай қайнаған ыстық. Онда да осындай шетсіз-шексіз сұр дала. Сұр топырақ. Сыңар тамшы татырмайтын меңіреу шөл. Меккеден қалың қолмен аттанған Хұсайын Шам шаһарымен екі арадағы ұзақ жолды айлап жүргенде сусыз шөлдің бедері өзгермей, безеріп алған болар-ау. Күнде-күнде түске қарай араб аспанының өрттей ыстық күні жер-дүниенің апшысын қуырып күйдіре бастамады дейсің бе?! Аңызақ аптаптан аузы-басын орамалмен тұмшалап байлап алған кісілердің таң атқалы қанын кептіріп, әсіресе, шаң жұтқан аттар үсті-үстіне пысқырып, ырсылдап аяғын теңселіп басқан шығар-ау. Аппақ ақ сор. Мың сан тұяқ астында бұрқылдаған шөл далада көз тоқтатар қылтанақ жоқ. Сонан тақым астында теңселіп келе жатқан аттар түске тарта тіпті діңкелеп, төбеге ұрғандай тоқтап қап жатпады дейсің бе?! Сонда үнемі оқ бойы алда отыратын Хұсайын да дәл мына қарт генералдай артына бұрылып қарамай, шөлге шыдамай қырыла бастаған қалың қолдың ендігі қалғандарын қайтсем де бір қараға жеткізем деп ілгері тарта берген шығар? Иә, сүйтті. Нағашы атасы Мұхаммед пайғамбар болғанда, өз әкесі Әзірет Әлідей дүлдүл мініп топ жарған дегдар болса, олардан шыққан бала күндері жал қайсар болмағанда ше?!
Мына генерал да шөлден қырылуға қараған әскерін дәл сол Хұсайындай бет алған бағыттан маңдай аудармай, ілгері тартып келеді. Сорлының қажыр-қайраты қаншаға жетеді? Апырай, кессе қан тамбайтын Кербала шөлі... Сол емес пе мынау? Осы күдік басынан кетпеді. Мына даланың аңызақ аптабы, бұлыңдаған сағымы, бәрі-бәрі бұрын-соң бұл көрмеген, білмеген, жөні басқа бір беймағлұм жат дүние... Мынау сол жат дүниенің сағымы, аңызақ аптабы ғой. Ендеше, жаныңды қоярға жер таптырмай, күйдіріп-жандырып бара жатқан мына күн де сол Хұсайын сорлының түбіне жеткен араб аспанының күні болар.
Тәңірберген белі босаңсып бара жатқасын ерге тіктеліп отыра беріп еді, шақырайған күн бетін шарпып алды да, бұл лажсыз ықтап кетті. Күні бойы көз алдында қылтылдап тұрып алған аттың қос құлағы кенет әлденеге алыстап, бір бұлыңғыр кіреуке тұманға сіңіп қарасы үзіліп бара жатты. Иә, бұған күн өтті. Ендеше, генералға да күн өтті. Кербала шөлінде Хұсайынға да күн өткен болар.
Тәңірберген күні бойы өзін баурап әкетіп бара жатқан осы бір удай ащы ойдан құтыла алмады. Құтылғысы келіп көңілін басқа жаққа аударып керіп еді, бірақ сәптіреген сана шатасып, жаңағы ой қайталап соға берді. Келесіде ол қиянаты мен қаталдығына көз жетпейтін баяғы бағзы заманның құрбаны болған Хұсайын, Құдай біледі, орыс генералына кәміл ұқсаған болар деп ойлады. Таланы мен тағдыры ғана ұқсас емес, орыс генералына оның түрі, түсі, ісі, мінезі, бәрі-бәрі ұқсаған болар. Қыруар әскер көз алдында қырылып жатқанда өзі де өлуге қарап, қаназасы кеуіп бара жатқан Хұсайын құдды мына орыс генералындай жалақ ерні кезеріп, қылдырықтай мойны көйлек жағасынан қылқиып, көк желкедегі бармақ басындай шұқыршығына дейін қасындағы кісілердің көңілін босатып, көзінен жас шығармады дейсің бе?! Асылы, құй кәпір, құй мұсылман бол, тағдыры бір кісілердің басына түскен қиындық та ұқсас болар-ау!
Тәңірберген тағы да ұзақ сонар ойға салынып бара жатқанын байқады да, көңілін бөлгісі кеп төңірегіне көз тастап еді. Ой, заңғар-ай, сол құлазыған дала. Көз жетер жерде көз сүрінер не бұта, не басқа бірдеңе болсайшы. Аң да, құс та жоқ. Сары аурудай сарылған сүреңсіз дала тірліктен нышан байқатпай, жанын жеп, жүрегін сыздатып бара жатқасын бұрылып артына қарап еді. Ауыр қолдың негізгі салмағы кейінде қалған екен. Тандыры кепкен таз тақыр даланы тынымсыз түйгілеп келе жатқан мың сан тұяқтың дүсірі естіледі. Бұлармен құйрықтасып келе жатқан солдаттардың репеті қандай жаман: жүн басқан бет түтігіп кеткен. Тек түйілген қабақ астында жылтыраған екі түйір жанарда адамның зәре-құтын ұшырғандай ызалы рақымсыздық бар. Иініне әзер ілінген алқам-салқам, кір-кір көйлек күнге күйіп кеткен. Бойындағы қару-жарақты ердің қасына іле салған. Жорық кездегідей сап түзеп, ондық, жүздікке ыңғайласпай, бетімен кеткен бақташысыз малдай шашырап, аяқтарын ілбіп басып келеді. Тәңірбергеннің есіне тағы да Кербала шөлі, Кербала шөлінде қырылған Хұсайын әскері түсті.
Бұлар Аралға дейін де тап бұлай емес-ті. Аралға дейін ауыр ұрыстан ақ иық болса да, бұлар тұтымы қатты генералдың тезі мен тәртібін сақтап еді. Рас, Арал түбіндегі ұрыста тас-талқаны шығып жеңілді. Тірі қалғандардың да жаралылары көп. Қару ұстауға қауқары барлар да бұрынғыдай емес, дүниеден әбден торыққан қыжырсыз. Соған қарамастан генерал Чернов қолда бар әскерді әлі де болса уысынан шығармай, ақ патшаның ақ туы астына жинағысы кеп еді. Бірақ Үшшоқыдан бері шыға бере ат та, адам да болдырды. Үш күннен бері бір ел кездеспеді. Күші үздіккен аттар қарға адым жерге жарамай, танауынан қан кетіп тұрып қап жатыр.
Ызалы солдаттар қазір ешкімнен де айылын жиып жүрген жоқ. Кеше сондай біреу өзінің командиріне мылтық ала ұмтылғанда жирен сары офицер оны тоқтатып: «Ақымақ, ататын кісің, әне, анау!» деп Тәңірбергенге айдап салды. Мырза жан-жағына сергек көз тастап, назарына ілінген нәрсені жадына түйіп келеді. Ақ борпылдақ топырақ ат тұяғы тиіп кетсе де бұрқ етіп, аппақ шаң көтеріледі. Көзге ілінер қылтанақ күйіп кеткен. Ең арысы қырдың қаракеңірдек жусанында да сығып алар сөл қалмаған. Күні бойы көз ұшында сағым бұлдырап тұрып алады. Шөл қинаған кісілерге бұл кейде нақ бір шалқыған су сияқтанып, соған кәдімгідей ақсары ауып, ауаланып, көзі қарайған қайсыбіреулер астындағы атты қамшылап тепкілей бастайды.
Тәңірберген мына сорлылардың басына түскен тауқыметтің бәріне басқадан бұрын бұның өзі кінәлідей сезінеді. Тентек Шодырдың баласы Аралдан шығарда теңіз жағалап жүрейік деп өзеурегенде бұл қарсы болған-ды. Жазда маса-сонадан қашқан жұрт жаппай қырға көшіп, теңіз жағасында балықшылар мен сіңірі шыққан кедейлер ғана қалатын-ды. Бәрінен бұрын суы күрпіген тұщы құдықтар да қырда екенін айтқан соң, генерал Чернов бұны құптап, қыр жолымен кеткен-ді. Енді көрмейсің бе... Қарақұрым әскер, міне, үш күн, үш түн, осы өңірдің халқы алты ай жазда иін тіресіп отыратын хан жайлауды кешіп келеді. Бірақ, не пайда, қас қылғандай, бұларға әлі бір ауыл кездеспеді. Осынша қыруар қолдың кеше Арал түбінде тас-талқаны шыққаны аз болғандай, енді міне, шөлге ұрынды, үш күн, үш түн ассыз, сусыз өзегі талып, титығы құрыған сорлылар әлі сіңір созып келеді. Кешегі қиындықтан бүгінгі қиындық асып түсіп, қара күн басына түскенде, соның ызасы мен кегін кімнен аларын білмей, бәрі де ширығып алған.
Тәңірберген «адасқан шығармыз» деді. Ойы осыған ауа берді. Ат жалын тартып мінгелі бұл өңірден дәл бұндай елсіз-сусыз даланы көрген жоқ-ты. Зәуде бір жолдан жаңылып адасқанда бұл әдетте ат үстінен еңкейіп топыраққа, шөпке қарайтын. Тақа болмаса, бір уыс топырақты шеңгелін толтыра көсіп алар еді де, реңіне қарар еді. Шөбін алақанына үгіп әрі-бері иіскелеп, әйтеуір бірдеңені топшылар еді. Енді, міне... түгіне түсінсе не дейсің?.. Өзі де осы келе жатқанда өң мен түстей бір халде. Кессе қан тамбайтын адыра қалғыр мына дала тек бұлардың зығырын қайнатып, жігерін құм қылумен келеді. Қайсыбірде көктемей жатып, қылтиып көрінген қылтанағы күйіп кететін бұл дала баяғы ата-баба заманында да күні бойы аң қуып қан сорпасы шыққан араншының жалғыз атына да су бермей безеріп жататын заңғар еді ғой. Сол даланың ежелгі бір қаталдығы мен қайырымсыздығына енді Тәңірім бұларды тап қылғанын қайтерсің?!
Тәңірберген түкке түсінбеді. Ақылы дал. Ат үстінде демесең, әл-дәрмені құрып, қолынан тізгіні түсіп кеткен. Дүниеде ақылға сыймайтын нәрсе көбейіп барады. Жер тәңірісі көретін кешегі ақ патша анау, аяғы аспаннан келді. О, сұмдық, құл-құтанмен жағаласта бір жұлқығанға жарамады! Сондай-ақ, бұлар сыйынған жер тәңірісі құр әшиін сағым көтерген бұтадай қауқиған бірдеңе ме еді? Әлде... олар арқа тіреген біздер әлсіз болдық па? Айтса да, осы елді уысында ұстаған анау Жүзбай, Мыңбай, Итбай! Алғыр деген Рамберді. Кешегі жылдары теңіз жағасынан промсол ашқан қарашекпеннің байлары — Тентек Шодыр, Ақсақ Жағор, Курнос Иван, Темірке. Енді ойлап қараса, солардың қай-қайсысы да өзінің қу құлқыны мен қара басынан басқа не ойлады? Онан артыққа өресі жетті ме? Болған үстіне бола түссем деп құнығып, көздері үңіреңдеді де жүрді. Жә, олар олар болсын, ал сен... Бәсе, осы сен өзің не бітірдің? Нені ұқсатып, не тындырдың? Болыс ағаң барда да, жоқта да басқаға бұйырмағанның бәріне сен ие, сен қожа болдың. Жүйрік ат міндің. Жұрттан асып киім кидің. Күзде аң қуып, аяқ жетер жерде ажарлы аруды сен құштың. Бері келіп, билік қолыңа тигенде де сен, сірә, кесер келдең болмаса, мына адыра қалғыр дүниенің бүгіні мен болашағына басыңды ауыртып көрдің бе? Сонан не ұттың? Не мұратқа жеттің? Кімді қорғады? Кімді жарылқады? Қатыгез дүние болса, оның сиқы мынау. Кеше ақ патшаны аяғын аспаннан келтіріп, бүгін Колчакты талқандаған қара тобырға қарсы тұрып, қайрат көрсетер күш қалды ма?! Қараборбай кедейлерді келешекте қанша қарық қыларын кім білсін, ал, бірақ билік қолына тисе, көре қал, бұлар ешкімді де аямайды.
Тәңірберген күрсінді. Дүние кезек. Ендігі кезек бұлардікі. Кеше бұлар тайраңдаған кең дүние, енді міне, көрер көзге тарылып, бас-аяғы бір уыс боп, екі аяғын бір етікке тығып тастады. Ақтардың соңғы үміті Арал еді. Арал түбіндегі шайқаста қызылдарды талқандап шебін бұзып өткенде, кім біледі, бұларға біраз бел көтерме болар ма еді. Генерал Чернов та осы үмітті өзіне талшық қып еді-ау. Асылы, бұрынғы ата-бабалар да бірдеңе білген. Иә, «Ат шаппайды, бақ шабады». Әйтпесе, қызылдарға қарағанда бұлардың әскері әлдеқайда көп, қару-жарағы анағұрлым басым болды. Чернов кешегі дүниежүзілік соғыста талай шайқасты басынан өткізген тәжірибелі генерал. Рас болса, кезінде ақ патшаға жақын бопты. Сонан келе Арал түбіндегі шайқаста бұлардың тағы да тас-талқаны шықты. Қанша адам қырылды. Қаншама қару-жарақтан айырылды. Ендігі қалғандардың сиқы мынау. Көз шүңірейген. Ерін кезерген. Астындағы аттар аяғын әрең алады. Омырауы, қолтығы, әсіресе, терлік асты саулаған тер аттардың бауырынан тамшылап келеді. Осы қазір бұның астындағы ат пен генерал Черновтың ақ арғымағы, Федоровтың тарланынан басқа аттардың бәрі құдды құлын тастаған биедей, екі бүйірі сұғылып, ішіне кіріп кеткен.
Тәңірберген мыналарды көргісі келмей, көзін басқа жаққа бұрып әкетті. Ер ойған қоңын қай жамбасына бұрарын білмей, әрі-бері қозғалақтады да, көзін көк аттың қамыс құлағына қадады. Осы жолы өзіне бірдеңе көрінді: жол үстінің қамынан көңілі босаса, онсыз да қажыған жанын қажай түскісі келгендей басына қайдағы-жайдағы бір ойлар келеді. Көрмейсің бе, есіне тағы да Еламан түсіп, өзін біраз мазалаған бағанағы ойын үзілген жерінен жалғай түсті де, кенет тыйыла қалды. Ар жағында бір түйсік тікендей қадалып: «Мен... Мен осы... неден қуыстанам? Неге қуыстанам?» деді. Бәсе, бұл дүниеде басқа тірлік құрып қалғандай, басын шырмаған бар ой айналып үйіріліп соны таба беретіні қалай? Әлде өзінің айыбын сезіп, ақталғысы келе ме? «Жо-жоқ! — деді Тәңірберген басын шайқап. — Құдайға болмаса, адамға кінәлі болған жерім жоқ. Шектен шыққан жерім жоқ. Тек еруліге — қарулы, сен қылғанға мен қылдым. Бәсе, бәсе, сенен артық мен не қыппын? Күндердің күнінде қазақтан да қара қылды қақ жаратын әділ қазы біреу шығып, ақ-қараны ашар заман болса, кім кінәлі, кімнің кінәсіз болғанына кейінгі ұрпақтың көзі жетер. Исі қазаққа қылдай жазығымыз жоқ. Жазықсыз едік. Қай кезде де адамды адамға айдап салған біз емес, заман еді ғой. Оу, заманым қасқыр болса мен қалай көгендеулі қозы болам?» Тәңірберген: «Қозы болмаймын! Қозы болмаймын!» деп, мына меңіреу даланы басына көтере айғай салғысы кеп кетті. Қанша ұстамды болса да, күйік көтергенде күнге күйген бетіне ыстық қан шауып, қос шекедегі көк тамырлар жарылып кетердей білеуленіп бүлк-бүлк соқты.
Тәңірберген шаршады. Қалжыраған бойында бұрынғы ұстамдылықтың ізі де қалмаған. Ар жағында ішіне сыймай иектеп тұрған ашуды әзер тежеді. Мына аяғын әзер алған арық аттар, тірі аруақтай солдаттар сияқты бұның да қаны кеуіп, қаталап шөлдегелі әлдеқашан. Тамсанса, тісінің арасында тұрып қалған топырақ қышырлайды. Құп-құрғақ тамағы жұтындырмай, аузы қуырылып, тұзды сортаң тұтқырланып, өңешінен ары жүрмей қайта-қайта тыжырына берді. Іште булыққан әлгі ыза, әлгі күйік сыртқа шықпай, осы жолы тағы да тұншығып қалғасын ба, оған біртүрлі енжарлық пайда болды. Енді етінен ет кесіп алып жатса да, сұлық көңіл селт етпей сүлесоқ: «Кісі өлгенде осылай бола ма екен?» деп ойлап, өзінің тап қазіргі халі шынында да өлі мен тірі арасында әлдеқалай ілініп тұрғандай. Адам өмірінің ақыры дәл осылай өкінішпен аяқталады-ау, шамасы. Иә, қай ақын еді? Кім де болса, әнебір заман түзу кезде қу домбырасын құшақтап, бұның аулынан шықпайтын тілемсек жыраудың бірі адам өмірін көкпарға теңеген еді-ау. Ел ақтаған емінсек кісілерді бүл өзі жаратпаушы еді; сонан ба, әлгінің аузынан шыққан сөзді пәтуасыз көрген еді де, арғы түбін ойламай, үстірт қабылдап, мұртынан ғана күліп қойған-ды. Әдетте, «дүние кезек» деп, үнемі кісіде есесі кете-кете жаны күйіп, зығыры қайнап жүретін ызалылар ғана кезегін күтіп алақанына түкіріп жүретін.
Иә, осыған дейін бұның ұпайы түгел еді. Сондықтан да бұл өзін келешекте әнебір етке тойған есерсоқтардың кергісіне түсетін көкпардың лағы болам деп әсте ойлаған жоқ еді. Адам өмірінің қалайда көкпарға ұқсайтын бір жері болса, бұл өзін күштінің қолында кететін көкпардың лағы емес, аты мықты, қолы қарулы, тақымы темірдей көкпаршының нағыз өзімін деп ойлайтын. Енді қараса, әлгі бір жаман шалдар айта беретін дүние шынында да кезек екен. Жарық дүниеге келген кісі — құй хан бол, құй қожа бол, басынан бақ тайған күні білегі мықты біреудің тақымында көкпардың лағындай кете барады екен. Кешегі болыс ағасы сүйтті. Оның арғы жағында аузымен құс тістеген кімдер өтпеді?! Сонан келе келешекте өзінің де өмірді дәл солардай аяқтарын неге ойламады? Неге білмеді? Жоқ, білді. Тек жұрт алдында білмегенсіп, бөрі айбатын бетіне жиып, желке жүнін күдірейтіп жүрді. Сен жеті қат жер астындағы болмаса, жер үстіндегі сұмдықтың бәрін білгенде, тек жазмыштағы зауалды күніңнің осыншалық тақау қалғанын сезбепсің. «Иә, сезбедім» деді ол ішінен.
— Ну, га-д, құдық қайда?
Тәңірберген бұрылып қарамаса да, мынау тағы да бағанағы жирен сары екенін білді. Онан басқалары да жол бойы бұның кейде оң, кейде сол жағынан үзеңгі қағысып, қатарласа бере тіл қатады:
— Құдық қайда?
— Ауыл қашан кездеседі?
— Енді қанша жер қалды?
— Әй, бұл бізге шынын айтады дейсің бе?.. Көре қал, бізді елсіз далаға апарып, ассыз-сусыз қырғалы жүр.
— Генералға айту керек. Бұларға сенуге болмайды.
— Ну, га-д... құдық қайда? Көрдің бе, үндемейді, шауып тастар ма еді өзін.
Тәңірбергеннің өңі құп-қу; ер үстінде қыбыр етпей, әлі де көзін көк аттың құлағына қадап алған қалпы. Мыналардың бейпіл аузынан шыққан боқтық-балағатты өзінің ежелгі бір төре сүйек тәкаппарлығына бағып, құлағына ілмеуге тырысып бақты. Бірақ шыдамның да шегі бар. Төзімі қаншаға жетерін кім білсін?.. Бәрінен бұрын солдаттардың әкіреңдеген зәбірі жанына батып барады. Кісінің қадірін білмейтін иттерге сөзін шығын ғып ақталғысы келмеді. Жә, қажеті қанша?! Қазір өмірден беті қайтып, талабы теріс кеткен шағы ғой. Әйтпесе, бұл араның елі-жері, суы бұның жадында жазылған хаттай сайрап тұрмаушы ма еді?! Жыл сайын бір шаруасы шығып, Алтықұдық пен Шалқарға әлденеше баратын. Бұл аралар бұның қыста да, жазда да талай-талай жүрген жері. Қыста кілем жайған көк сырлы жеңіл шанаға қасқыр ішік киген бойымен жайғасып отырып алар еді. Сонан қашан жол үстінде қонатын, я түстенетін ауылға кеп, алдынан иттер үріп шыққанша селт етпейтін. Еті қызып алған күйлі аттың сом тұяғы сары табан қарды күтірлетіп салдыртып келіп, бұның өзі біле бермесе де, бірақ бұны жақсы білетін әлдебіреудің үйінің алдына кілт тоқтап, көшір жігіт хабарлас қылар еді. Кешкі асын қызыл іңірден ішіп жатып қалған үйдің шамы жылт етіп, іле-шала іштен қақпа шекпеннің жеңін сүріне-қабына асығыс киген біреу сыртқа жүгіріп шығар еді. Шабалаңдап үрген иттерді шалғайымен жасқар еді де, шанаға кеп: «Мырза, қош келдіңіз. Қонақ болыңыз. Түсіңіз», — деп қол қусырып, ізет білдіргенше, ой, дариға-ай, бұл қозғала қоймаушы еді ғой.
Ал, жаз айларында қалаға жиі баратын. Әлдебір шаруа шығып, аяқ астынан асығыс кетіп бара жатады. Бірақ сонда да, дүние өртеніп бара жатса да күндіз жолға шықпайды. Әрқашан алдын кештете атқа мінеді. Түнгі салқынмен жол өндіріп алғысы келгенде, қасындағы қосшыларына сенбей, жол билігін өзінің қолына алатын. Бір жерге тоқтамайтын. Қасына ерген қосшылардың оқ бойы алдына түсіп алатын да, жазбастан сыдырып отыратын. Сонан ат маңдайы аумастан бағана ауылдан шығарда көңіліне түйіп алған жерге тура апаратын. Салт аттыға Алтықұдық пен Ақбауырдың арасы бес күншілік жол. Тәңірберген осы екі араның қай жерінде құдық бар, оты бітік өлке бар, қай ауыл қай құдықта, қай сайда отырады, руы кім, аты шыққан азаматы кім, ақсақал-қарасақалдарын бас-басына білетін-ді.
Не қылса да, осы жолы бұған бірдеңе көрінді. Соңында шұбырып келе жатқан қара нөпір қолға Аралдан шыққалы әлі бір тамшы су тауып бере алмай, ұяттан беті күйіп келеді. Бұнан кінә жоқ. Қазір де небір сулы, шегенді құдықтардың тас төбесінен түсіріп келеді. Бірақ, не пайда, белгісіз біреу бұның алдын орап, жолындағы құдықтардың шегенін тарқатып көміп кетеді. Бұрын жаз бойы иін тіресіп отыратын бай ауылдар бұлар келердің алдында апыл-ғұпыл үйін жығып, асығыс көшіп кетеді. Кей жұртта қазан асқан ошақта ыссы қоламта жатады.
Бұл тегін емес. Не қылса да, бір зымиян, әккі жау Аралдан шыққалы бұлардың басқан ізінен көз жазбай аңдып келеді. Бірақ ол кім? Не қылған жау? Тәңірбергеннің ақылы дал. Айтқанының бірі орындалмаған соң, мыналардың бұған сенбеуі де ықтимал. Тірілей түтіп жегелі келе жатқан ызалы кісілердің ішінде әзір арқа сүйегені — генерал Чернов еді; қазір о да бұған онша емес.
Астындағы ақ арғымақты бұның көк атымен қатар бастырып келе жатып, оқта-текте көз тастап қояды:
— Мырза, құдық алыс па?
Тәңірберген қоңына ер батқан аттай қипалақтап қалады.
***
— Өй, ананы көрдің бе?
— Қайсы?
— Әне, тас төбеңде қалықтап жүр...
— Е, бұны мен бағана көргем.
— Осы пәле бұрын жоқ еді ғой?
— Иә, жоқ еді. Біз құмға кіргесін зорыққан аттардың алды құлай бастағалы бұлар да көріне бастады. Әуелі біреу еді, қазір екеу... Әне тағы біреуі көрінді.
— Тұра тұр, бұлар әлі көбейеді.
— Өзі бүркіт емес сияқты.
— Жоқ, бүркіт қасиетті құс қой.
— Ал, бұлар ше?..
— А хрен их знает. Осыларды ішім алмайды.
— Өздерінің жерге қонатын кезі бола ма?
— Е, сен немене... осылай көкте қалықтай береді дейсің бе?
— Әй, қыршымаңдар! Онан да бір жұтым суды айт! Сіміргенде шекеңнен шыққандай мұздай болса өзі.
— Мен өмірі мұздай су ішіп көргем жоқ. Әке-шешем тамағың ауырады деп, мұздай су ішкізбейтін.
— Соған көндің бе?
— Амалың қайсы.
— Ой, ақымақ;!
— Әрине, ақымақшылық. Соған қазір өзім де өкінем.
— Ақымақтың ақылы түстен кейін енеді...
— Қанша ойласам да мұздай судың демі қандай болатынын білмеймін.
— Ендеше, дәмін білмей-ақ өлесің.
— Ал, сен... Сен ше? Мұздай судың дәмі қандай болатынын білесің бе?
— Әй, мыналар осылай ұшады да жүре ме?
— Үндеме... қонатын кезі алда.
— Алда?..
— Иә, өлікке қонады.
— Ендеше, көп ұзамай жолы болады екен ғой.
— Жетер!
— Қорқасың ба?
— Сен қорықпайсың ба?
— Жоқ, өлімнен қорықпаймын. Тек соңыра мына жексұрындардың денемді шоқитынын ойласам жаным түршігіп кетеді.
— О, Жасаған!.. Мына азапты көргенше кеше Арал түбінде оққа ұшқанның өзі жақсы еді.
— Әне!.. Әнебіреу сорғалады.
Солдаттар бөрі бірден аспанға қарады. Тәңірберген де ілбіп басқан ат тізгінін қоя беріп, көз қиығын көкке тастап еді. Бірнеше құзғын тас төбеде қалқып жүр екен. Бұлар басын көтергенде әлгілердің біреуі бөлініп шыға берді. Қырағы көз әлденені қиядан шалды ма, қос қанатын қапелімде жиып алды да, төмен қарай аға жөнелді. Сонау шалғайдан сорғалаған құс төмендеген сайын бар бітімі іріленіп, бауырына қысқан аяғын керді. Сояудай тырнағын көрді. Суылдаған дыбыс естілгендей болды. Көз алмай қарап қалған кісілердің үстінен ағып өтіп, шаң астында шұбырып келе жатқан әскердің кейінгі жағына көз асып қарасы үзіліп кетті. «Адам ба, ат па, тағы біреу құлады-ау» деп ойлады Тәңірберген.
Қалай десе де теңіз өңірінің бірде кебіртек, бірде борпылдақ құмайты жүріске жеңіл еді. Күн төбеден ауа бұлар қауқиған-қауқиған сары шағырдан басқа шөбі жоқ шағыл құмға килікті. Онсыз да күші үздігіп келе жатқан кісілер жал-жал сусылдақ құмды көргенде есі шықты. Аттар сусылдақ құмға аяғы шашасына дейін кіріп, ыңыранып тұрып қала берді. Тәңірбергеннің де аты бір тұрып, бір жүріп, жүйкесін құртып келе жатқан-ды. Кенет көк желкеден жирен сарының құдды біреу алқымынан алып буындырып жатқандай қырылдаған даусын естіді.
— Көрерсің де білерсің, мынау қызылдардың кісісі.
— Жоқ, бұл бай. Малында есеп жоқ дейді.
— Болса болар. Бірақ бәрібір бұларға сенуге болмайды.
— Иә, бұлар бізді жек көреді.
— Осыны генерал қайдан тапқан? Кәрі қырт, Федоровтың айтқанын тыңдамай, осының тілін алып...
— Иә, бәрі содан.
Ызалы дауыстар үдей түсті. Жирен сары офицердің қасына оның дәл өзіндей екі көзі шүңірейген, ерні кезерген, бет-аузы жүн-жүн біреулер атын тебініп, жан-жақтан жиналып жатыр. Тәңірберген Черновқа қарап еді. Бұрын маңайы кісі-қараға толып жүретін қолбасының қасында қазір адам қалып жарымапты. Тәңірберген өзі сияқты оның да қазір дәрменсіз, жалғыз екеніне көзі жетті.
Жирен сары генералдан да айылын жиған жоқ. Төңірегіне топталған көп сотқардың арасында қырылдақ даусын әдейі көтеріп, «кәрі сайқал бізді қыратын болды» деп күш көрсететіндей сыңай танытты. Тәңірбергеннің жүрегі шайлығайын деді. «Мынау қай жер? Мұндай құмды бұрын-соңды көрмеп едім ғой...» деп ойлап, бет жағы борай бастаған таудай-таудай нар шоқалақтар мен сусылдаған шағыл құмға шошына қарады. Түс ауса да аптал аңызақтың беті қайтқан жоқ. Құмға кірерде жел көтерілді. Ат тұяғынан ұшқан топырақ шаңдатып борай бастады.
Тәңірберген аузын жібек орамалмен байлап алды. Соған қарамастан қарсы алдынан соққан аптап аңызақ өрттей шарпып, күйдіріп барады.
Құмға кіргелі аттар танау қағып тұрып қап жатыр. Бір уыздай жас солдат бұның көз алдында жынданды. Осыған дейін ол ілбіп басқан ат үстінде иығы салбырап сұлқ келе жатқан. Төңірегінен түк сезбей, жанары сөніп кеткен көзді алдына қадап телміріп алған-ды. Тақымы астында теңселіп басқан ат биік шоқалақтан төмен қарай түсіп келе жатып, әлденеге сүрініп кетті. Әлсіз ат аяғын жия алмай қос тізесімен құмға кіріп, омақасып қалғанда қамсыз отырған солдат ат мойнынан асып түсті де, домалап-домалап кетті. Ат сүрінген жерде тапжылмай тұрып қалды. Солдат екі ұмтылып, үшіншіде үсті-басынан сусылдақ топырақ сауылдап атып тұрды. Әлгінде ат үстінде сүлдерін шаққа көтеріп отырған сияқты еді; аяғына мінгенде өзін күш көтерді ме: «Су! Су! Әне, су!» деп, беталды лағып, жанұшырып жүгіре жөнелді.
Тәңірберген ілгері жүріп кетті. Құмға малтығып, аяғын әзер алып келе жатқан көптің арасынан жирен сары көрінбеді. Басқадан бұрын осы сойқанның көзіне түскісі келмеген мырза аты лажға жарап тұрғанда қара үздіріп кеткен генералды қуып жеткісі кеп еді; оған бірақ іші-бауыры қатқан аттың арқасына ер тұрмай, лоқылдап ілгері-кейін кете берді. Ала-бөле ылдиға қарай етпеттеп жүргенде шоқтықтан асып, ер-мерімен ұшып кете жаздады да, лажсыз тоқтап аттан түсті. Арқасы босаған ат ер-тұрманын сылдыратып дүр-дүр сілкінді. Терге малшынған дене дір-дір етіп, солығын баса алмай тұр. Тәңірбергеннің өзі де шөлдеп, қаны кеуіп барады. Тілі тас қайрақтай. Түкірігі кеуіп кеткен құп-құрғақ аузында ұртын қуырған ащы кермек бар. Ол өмірі істемеген әдетін істеп, көк аттың бауырындағы қос уыс көлеңкеге ақсары ауып тұрғанын байқады.
Көк атты қайта ерттеді. Айыл тартпаны қатты тартты ма, онсыз да аяғына әзер тұрған ат ыңыранын, әлсіз буындары дір-дір етті. Тәңірберген ат шоқтығына жармасып, үзеңгіге аяғын енді сала берген еді, көз қиығы кейінгі жақтан емпелеңдеп келіп қалған біреуді байқады. Бұл бұрылам дегенше анау да астында аң қуған иттей ырсылдаған аттың тер моншақтаған тұмсығын бұның көк атының құйрығына тақай бере тоқтады.
— Түс!
Тәңірберген сары сайтанды даусынан таныды. Үзеңгіге салған аяғын ала қоймай, арт жақтан шыққан қырылдақ үнге ақырын бұрылды:
— Иә, офицер мырза?..
— Түс аттан.
— Неге?
— Ах, ты урод!
Кейінгі жақтан тағы да бір топ солдат аттарын тебініп келіп қалды. Жирен сары жүгіріп кеп бұны құлақ шекеден қойып жіберді. Тәңірбергеннің басы айналып кетті. Абырой болғанда тізгін ұстаған қолы ат жалынан айырылған жоқ-ты. Жирен сары шойындай жұдырықпен бұны тағы да дәл жаңағы ұрған жеріне қойып-қойып жіберді. Тәңірберген ат жалынан ұстап тұрған уысы жазылып, серейіп құлап түсті. Сонан есін жиса, әлденеден үріккендей одырайып тұрған көк аттың дәл тамағы астында жатыр екен. Көкірегі қысылғандай болып еді.
Сөйтсе, жирен сары кеудесіне қонжиып отырып алыпты. Қалған солдаттар аттарынан түсіп, бұны қаумалап үстіне төніп тұр екен. Тәңірберген күнге күйген жүн-жүн бетті көргісі келмей, жүзін тайдырып әкетті. Жан алатын әзірейілдей анталап тұрған кісілердің арасынан алақандай аспанға қарап еді; әлгінде ғана нілмен шайғандай далиған шексіз аспан, енді ұлтарақтай бүрісіп қапты. Және өзі күнге күйген көйлектей бояуы оңып, бөз өңденіп бозарады. Тәңірберген ешкімді, ештеңені көргісі келмеді де көзін тас қып жұмып алды. Көкірегі әлгіден де гөрі қатты қысылып, қол-аяғынан әл кетіп барады. Мыналарға тіл қатайын деп еді, оған бірақ дыбысы шықпады. Бәрінен бұрын алқымын сығып, буындырып жатқан тершіген алақанынан жиреніп барады.
Мыналардан тірі құтыла алмасын білді. Сүлдері құрыған денеде шыр-шыр еткен тыныс әзір кеудеде ғана қалды. Оны да мына жирен сарының темірдей саусақтары сығып, жан алқымға таяп әкелді. Көзі қарауытып кетті ме, әлде көзін жұмған өзі ме, ол арасын білмеді. Сонан бір кезде есін жиып еді; әлі де сол баяғыдай анталап тұрған әлгілердің иықтарының арасынан кip-кip аспанның қиығын көрді. Бар болғаны жас бала алақанындай. Және бетін жас жуған қатынның жүзіндей сауыс-сауыс. О, Жасаған! Өмір бойы қырқысумен күні өткен қасиетсіз пенденің соңыра ана дүниеге өзімен бірге ала кететін сыбаға-үлесінің болып болғаны осы ма? Осы ғана ма? Тәңірберген бұны ішінен ойлады ма, әлде сыртына шығарып айтты ма, оны білген жоқ. Жас толған көздің жанары ақырын-ақырын сөніп барады. Темірдей саусақтар шеңгелін жазбады. Өзегін өртеген ащы өксік әрі де, бері де өтпей, тамағында тас түйін боп тұрып алды. «О, опасыз сұм жалған! Опасыз! Опасыз!» Тас шеңгел алқымын сыға берді. Езуінен ақ көбік ақты. Қырылдады. Ақтың дем үзілуге қарап еді. Сол кезде әлдебір дыбыс естіле түсті де, жел үрлеген шырақтай сөніп баратты.
Қанша уақыт өткені белгісіз, бір кезде есін жиды. Жанарына жан еніпті. Кірпік арасынан сәуле сығырайды. Біреулер қараңдады. Бұл бірақ бірде-бірінің жүзін көрмеді. Құлақ тосаң. Қол-аяққа да әл-қуат оралмаған. Әйтеуір кеудесін езген салмақ сезілмеді. Алқымы да жирен сарының шеңгелінен босапты. Ана; дүниенің дәл өзінен оралғандай. Көзін жұмып біраз жатты. Бағанағы еміс-еміс дыбысты есіне алды. Бәсе, сол не? Кім болды екен?
Біреулер күбірледі. Іле-шала екі кісі екі жағынан сүйемелден тұрғызды. Тәңірберген көзін ашқан жоқ, бірақ мыналардың өзін тап бір ұзақ жатқан әлсіз сырқаттай абайлап ақырын көтерген түріне қарап, жирен сарының бұл маңайда жоқ екенің білді.
— Атына мінгізіңдер, — деді біреу.
— Генерал мырза, ол әлі...
— Дәнеңе қылмайды. Екеуің екі жағынан сүйемелдеп отырыңдар.
***
Генерал Чернов мырзаның жанына екі кісі қалдырды да, өзі қасындағы аз ғана тобымен ілгері жүріп кетті. Қасындағы — Каппель корпусының кешегі Арал түбіндегі қырғыннан аман қалған аз ғана кісі-қара. Қару-жарақтары сайлы. Және жетекке алған аттың үстінде мүйеттеп артқан пулемет бар.
Тәңірберген әлгіндей емес, азырақ әл жиды. Мыналарды әлі де болса түстеп тани қойған жоқ. Әлдебір ақ күшік аяғынан ала кететіндей қайта-қайта тап береді. Бұл: «Мынау қайтеді, әй?!» — деп аяғын тартып алды. Сонан жанарына жан оралған бір кезде көзін тіктеп қарап еді, сөйтсе ақ күшік дегені жел астында елбек қағып тұрған ақ селеу екен. Мырза езу тартты. Қамшысына таянып түрегелді. Көк атқа қасындағы кісілердің сүйемелдеуімен мінсе де, бірақ тақымы ерге тиген бойда қол-аяғына кәдімгідей қуат оралды. Тәңірберген көк атты құм ішінде қыбыр-қыбыр қозғалған кісілердің ізіне салды. Жол бойы зорығып өлген аттар кездесе бастады. Бір жерде қару, бір жерде етік, көйлек жатты. Төбеден ауған күн бұлардың қарсы алдынан шақырайып тұрып алды. Тәңірберген басын олай, былай алып қашты да, ақыры болмағасын басын көтеріп алды. Ер үстінде шалқалап отырып, күн жарқыраған көк аспанға көзі түскен бойда жанары арбалды да қалды. «Бәтір-ау!» — деді ол құдды қадыр таңын көрген діндар адамдай: «О, пәруардігер!» — деді.
«Жаратушы Жалғыз Ие!» — деді. Апыр-ау, бұл осыған дейін не көрген? Әлде?.. Әлде көзін байлап алып жүрген бе? Мына аспанға қарашы. Өзі көк нілмен шайғандай ма, қалай?! Иә... Иә, нілмен шайғандай ғой. Бұлар ғой қанша күннен бері жөн таппай адасып келеді. Адам қаны мен көз жасына керелеп алған мына қатыгез дүниеден қайыр жоқ. Соны білгесін бұлар да біржолата түңіліп еді. Сөйтсе, бәтір-ау, опасыз жалғаннан тек біз емес, мына аспан... бұл жарықтың та бойын алып қашқан ба, қалай? Ана қарашы, заһарға тартып шалқайып жатып алған. Өзі неткен шексіз?! Жер басқан жұмыр басты пенденің ақылы жете бермейтін шексіз! Бірақ... Бірақ шексізде де түптің түбінде барып-барып бір кезде бітетін, таусылатын шегі болмаушы ма еді? Ненің де шегі болатын еді ғой? Жә, жә, жарайды. Бұ да, Алла тағала болмаса, адам баласының ақылы жетпейтін жұмбақ болсын. Ал, мына жер?.. Мына дала ше? Бұл неге шексіз? Әрі-берідесін, бұл өзі... Әлгі Әзірет Әлінің үрім-бұтағы қырылатын Кербала шөліндей, мына Арал да ласы, Арал аспанында, сірә, бітер шек бар ма? Айтса да, осы дала қайдан басталды? Қайда барып бітеді? Өзінің бітер шегі бар ма? Әлде... Әлде мына сорлылар әлі де апта, ай жүрсе де бұл заңғар бір жұтым су татырмай, сазарып жатады да қоя ма? Тоқ-та... Сонда Арал даласы ғана шексіз емес, әрілесе ай мен күн астындағы айдай әлем шексіз емес, адамзат тірлік кешкен осы мына опасыз дүниеде иттей күшіктеп, өсіп-өніп жататын күллі зұлымдық, жауыздың атаулыда да шек жоқ па? Тіріде адам тартар азап пен адам шегер қайғы-қасіретте де шек жоқ па? Қатыгез тағдыр жарық дүниеге келген әрбір сорлының басынан тоқпағын айырмай, өле-өлгенше төмпештей бере ме? О, Жасаған Жаппар Ие, өзің жаратқан пендеңе Сен неге сонша қатал болдың? Әлде бізге істеген қаталдық арқылы ештеңенің парқын білмейтін қасиетсіз пенделеріне көк тәңірісі Құдайдың қаһары мен құдіретін білдіріп, тәубеге келтіріп қою үшін әдейі істеген бұ да Сенің Құдайлығың ба? Соны тек жердегі екі аяқты жұмыр бастылар білмей ме? Ал, Құдайдың құдіретіне шек келтірген күпірлік емес пе? Бәсе! Бәсе! Ақылы дария ғұлама болса да, адам зердесі жететін өре өлшеулі еді ғой. Онан арғы дүние жұмбақ. Құдірет ісі. Төбеңдегі көк зеңгір аспан да Құдайдың құдіреті. Заһардан бері осынау иттей балалап, өсіп-өніп жатқан әлгі зұлымдық, жауыздың, зорлық пен қиянат... Соның бәрін көре-біле тұра... Апырай... Апырай, сен... сен неге Құдірет сырына көз жіберіп ойламадың?..
Тәңірберген мырс етті. Ызалы мысқыл бетінен айықпай тұрып қалды. Үзеңгіге аяғын тіреп, көк қасқа ерге шалқайып отырды да, оқ бойы алда кетіп бара жатқан генерал Черновқа назар аударды. Тұла бойы терге малшынса да, ақ арғымақ, ана қарашы, сусылдаған құмға шашасы кіріп кеткеніне қарамай, аяғын әлі де ширақалып, тағы бір шөккен нардай шоқалаққа сыр бермей сыпсыңдап шықты. «Апырай, қандай асыл мал» деді мырза. Бергі жағынан болдырғансып, бар күшін бойында сақтап отыратын жанаяр жабыдай емес, тегі, дегдары басқа ғой. Бұл жануарлар қанша шапса да сыр бермей, шелектей танау жел тартып пырылдап, ағып келе жатып, мұрттай ұшып түскенде ғана соңғы демі мен жаны бірге шығатынын айт! Тәңірберген дір етті. Құдай зауалыңды берсін! Зау-ал!.. Сол өзі кім еді?
Генерал Чернов нар шоқалақтан қылт етіп ары асып түсті. Оған ере алмай, кейінде қалған кісілер шоқалақтың бергі баурайында тырмысып, ілгері басқан аяғы кейін кетіп жатты. Ал, аты болдырған адьютант, етекте тұрып қапты. Сосын ол басқа-көзге сабалап, қос бүйірін қанша тепкілесе де, сілесі құрыған ат шашасынан құмға кірген аяғын суыра алмай, тілерсегі дірілдеп, қалш-қалш етті. Құдай зауалыңды берсін!
Тәңірберген құлағын баса жаздады. Анадай жерде зығыры қайнаған адъютант атымен әлек. Тәңірберген көріп келеді: ат үсті-үстіне тепкілеп жатқан темірдей тақым астында дір-дір етіп, мықшиып тұрды да, гүрс етіп құлап түсті.
Тәңірберген қалпағын көзіне басып киді де, тұсынан тезірек өтіп бара жатқан-ды. Тас төбеден түскен әлдебір ірі құстың қалбаңдаған көлеңкесін көзі шалып, тіксініп қалды. Аяғын баспай келе жатқан ат та елең етті. Тәңірберген бауырына түскен басын көтермесе де, әлгіден кейін бірде алыстап, бірде жақындап, жер бауырлап жосып жүрген көлеңкені кезі шала берді. Сосын ойын бөлгісі келді де, назарын көк сауыр ердің күміспен шылаулаған қасына аударып: «Осыны кімге істетіп едім?» деді ішінен. Ол бірақ ерді істеген шеберді есіне түсіріп үлгірмеді. Кейінгі жақтан мылтық гүрс етті. «Жаңағы адьютант емес пе екен?» Сүйткенше болмады, құлағына дабырлаған дауыс келді де, тер құйылған көзін уқалап жіберіп, ілгері жаққа қарап еді. Ілбіп басқан әскердің алды құмның шетіне ілігіп қалған екен. Оның ар жағында шөбі күйген сұр дала басталыпты. Ебіл-себіл солдаттарда ес-түс қалмаған. Бір-біріне даланы көрсетіп, солай қарай аттарын борбайлап асығып барады. Тәңірберген де атын тепкілей бастады. Аналардың не дегенін есітпесе де, жұрттың жүйкесін құртқан құмның бітіп, даланың басталғанына бұ да қуанды. Көзі тырбиып жер бауырлап қалған кәржік қара жидеге түсіп еді. Жаны кетіп қалған көздің жанары тіріліп: «О, Жасаған! — деді ішінен. — Сенейін бе, жоқ па? Мынау... Ал, мынау... — Абдырап сасқаны сонша, жер аты аузына түспей: — Мынау сол! Сол! Анық сол!» — дей берді. Анық сол! Генерал қайда? Айқайлайын деп еді, оған бірақ даусы шықпады. Сосын атты тепкілеп, Черновқа қатарласты:
— Генерал! Генерал! Мынау... Міне, мынау... — Чернов Тәңірбергенге таңдана қарады: көзінде жас.
Күлкі ме, қуаныш па, күнге күйген бет те біртүрлі ұйқы-тұйқы. Аузындағы сөзін айта алмай, шыт-шыт ерін дірілдеп, иегі кемсеңдеп:
— Мынау... Міне, мын-нау-у, — деді.
— Таныс жер ме?
— Иә, иә... таныс.
— Аты қалай?
— Бі-білмей-мін... Ау-зыма... аузыма түс-пей тұр.
— Сенің адал екеніңе өз басым еш уақытта күмәнданғам жоқ. Рақмет, мырза!
Тәңірберген артта қалып бара жатқан әлгі қара жидеге бұрылып қарай берді. Жиде де, топырақ реңі де, шөп екеш шөптер де... бәрі-бәрі көзіне оттай басылды. «Сол! Анық сол!» деп арғы жағынан ішкі дауыс та үн сап жатыр. Ендеше... Иә, иә, ендеше, көре қал, жер реңі тіпті өзгереді. Ат табаны батпайтын кіршілдек ақ құмайт басталады. Қайсыбір қар қалың түскен жылдарда ала-бөле осы құмайтқа көк майқара жусан, қызыл изен қаулап өсіп, дала жүзі сыңсыған шөптен көрінбей кететін. Осы өңірдің бір жерінде, ұмытпаса, әнебір маңда ши өсетін. Сол өңір тұп-тұтас сыңсыған ақ шиге қақалып тұнып тұратын. Иә, есіне енді түсті. Ақ... Ақшилі! Осы өңірдің Ақшилі аталуы да сонан. Биылғы қуаңшылық бұ жақтың да шөбін күйдіріп жіберіпті. Ана қараш, түбін жел қазып тастаған жусан екеш жусан да қаракеңірдектеніп, бір жамбасына жығылып қалған. Бұның бәрі бала кезден білетін таныс жер. Қатты торыққанда тап болғасын ба, көзіне түскен нәрсенің бәрі — шөбі, тасы, топырағы көңілін толқытып, есіне қай-қайдағылар түсе бастады. Ілгері жақтағы әнебір аласа қырдың астында Ақшилі сайы бар. Ақбаланы алып қашқан жылы өздеріне қараған бай ауыл Ақшилі бойын жайлап еді! Басқа жердің шөбі қуара бастағанда да сай бойының табаны қар ылғалын сақтап, ат тұсарлығынан келетін қоңырбас, бидайықтың ара-арасында хош иісті кек жусан, жауқазын, жалбыз... Жарықтың осы жалбыз бен жусанның ертелі-кеш мұрныңды жарып тұратын жұпар иісін айт! Бірді айтып бірге кеткенін қараш... Сірә, күн өткен болды. Мына ғаламат аптап ыстыққа кім шыдасын?! Абырой болғанда, қайта Ақшиліге кездескенін айт! Ақшиліде су жетеді. Өздеріне қараған ауылдың жылқылары осы өңірдің өрісіне сыймай, көрші ауылдармен құдық үшін қақтығысып қалатын. Ши түбінен қазған құдықтардың суы күрпіп... Суы... Суы балдай... Айтса да, генерал қайда? Қаталап шөлдеп келген кісілерге суды аз-аздап беру керек... Әйтпесе... Иә, иә, әйтпесе, аш өзегін қиып кетеді.
Тәңірберген тақымы босап, бір жағына ауытқып баражатқанын кеш байқады да, дереу ұмтылып ердің қасынан ұстай алды. Басы айналды ма... көзі қарауытты ма... күні бойы қылтылдап көзінің алдында тұрып алған көк аттың қос құлағы көбейіп, үшеу... Неге үшеу? Атта үш құлақ бола ма? Жаңа ғана үзеңгі қағысып келе жатқан кісілер, аттар бұлдырап, түрін, түсін шатыстырып, ақ, көк, қара... бәрі ұйқы-тұйқы араласып кетті де, Тәңірберген құлап қалатындай қорқып, ат шоқтығынан қос қолдап ұстай алды. Күні бойы жұмған аузын ашпай, үнсіз келе жатқан солдаттар әлденеге аяқ астынан әбігерленіп, дабырлап у-шу болды да қалды. Кейбіреулер атын борбайлап шаба жөнелді. Тәңірберген көзін ашса, басы айналып, құлап қалатындай қорықты. Ілбіп басқан ат үстінде мүлгіп келе жатып, әнебір Ақбалаға үйленген кезді есіне алды. Несін айтасың, ол бұның бақытты кезі еді ғой. Бұның қалауы бойынша,жас келіншектің отауын басқа үйлерден оқшаулап, Ақшилі сайының іргесіне тақап тіккен еді. Сол жылы сай бойының қалың көгі қашан жаз бітіп, күз басталғанша көктемдегі балауса қалпын сақтап, балбырап тұрған-ды. Қадірлі қонақтар болмаса, бай ауылдың үстін босатпай, бірі келіп, бірі кетіп жататын көп қыдырма атын бір қырдың астына байлап, жаяулап келетін. Сауын малдың желісі болса да ауыл маңынан аулақта. Түндік түсірулі. Іргесі түрулі. Тек кейде ұзақ жауған жаңбырдан кейін жазғы түн шұғыл салқындап, жас жұбайлар жібек көрпе астында сөл тоңазыса болды, малай қатындар сықырлауық есікті сыртынан жауып кететін.
Бұларға қараған ауыл келесі жылы да көктем шығысымен Ақшиліге қонған-ды. Сол жылы қыс қатты болды. Соған қарамастан күн жылт етісімен теңіз жағасын қыстаған ауылдар дағдылы мерзімде дүрк көтеріліп, тырнадай тізілген көлікті көштер ұбап-шұбап шыққанда қыр әлі қыс ызғарынан айыға қоймай, қара жел ызғыған жонда ала қанат қар жатты. Көлік сабырлап, жас балалар қыңқылдап жылағанына қарамастан ұбап-шұбаған көштің алды қыс бойы құлазып жатқан кең жайлаудың шетіне іліге бергенде көктен құйып жаңбыр жауды. Баратын жерге жете алмаған көш тоқтап, итарқалап үй тігіп, бірнеше күн ерулеп отырып қап еді. Үшінші күні жауын басылды. Жарқырап аспан ашылды. Шырадай желсіз тымықтың аяғы ерте көктемнің сары шуағына айналды. Биылғы жылдың ағыл-тегіл ылғалына керелеген жер күн шықса қоңы қызып буланды да жатты.
Бұлар Ақшиліге үй тіккен күні ұсақ қаралар төлдеді. Қоңыр төбелердің күнгей бетінен қылтиған тықыр көк көктем айының сары шуағымен тез көтерілді. Бұл жаз бойы жас келіншек жанынан екі елі аттап шықпады. Жазатайым бір жаққа шыға қалса да, сонан қашан үйге жеткенше жаны қалмай дызығып бітетін. Ауыл қарасы көрінер-көрінбесте ілгергі жаққа мойын созып, көгалда отырған ақ үйлердің арасынан Ақбаланың отауын іздейтін. Сыртта қаншама қыз-келіншек болса да, күлтілдеген қызылды-жасыл арасында Ақбала сәні бөлек еді-ау! Қос етек ақ көйлек сыртынан жасыл қамзол киіп, үкілі сәукеле киіп, шытыра тағып, шолпысы шылдырап сыртқа шыққанда кәрі-жасы сұқтана қарап... «Әй, мыналарға не болды? Сонша неге у-шу боп кетті?» — деді Тәңірберген. Еңсесін тіктеп төңірегіне көз салып еді, жұрттың бәрі аттарын сабалап, ілгері қарай тырағайлап шауып барады екен. Алды ылдида жайылып жүрген тұсаулы аттарға жетіпті. Үш-төрт солдат тұсаулы аттарды ұстап, ерттеп мініп жатты. Қашаған аттарды қуалаған қайсыбіреулер ұзақ жолда тақымы талған ба, аяғын баса алмай солтақтап жүр. Тәңірберген тақымы астында танау қағып келе жатқан көк атты тепкілей бастады. «Ақшиліде ауыл отырған болды-ау? Кімнің аулы екен?» деп ойлады. Танитын сыйлас біреудің аулы боп, ұят боп жүрмесе не қылсын?.. Апыр-ай, ә? Кім де болса айлап, жылдап әйел көрмей, нәпсі зарын тартып келе жатқан мына найсаптар ұятқа қалдырмаса жарар еді.
— Мырза, ана қырдың астында отырған ауылды көрдің бе?
— А-а?
— Ауылды айтам. Әне!
— А-а... Иә, ау-ыл...
— Үйлері аппақ екен. Сірә, бай ауыл болар? — Тәңірберген бұдан кейінгі сөзді есіткен жоқ. Қасында үзеңгі қағысып келе жатқан генерал да есінен тарс шығып кетті. Ол өзіне-өзі сенбегендей, көзін уқалап жіберді. Басын шайқап-сілкіп қалды да, ілгергі жаққа қайта қарап еді, бұл жолы солдаттар ұстап мініп жатқан тұсаулы аттардың санындағы тайтұяқ таңбаға тіксіне қарады. Әлі де болса көзіне сенбей қайта қарап еді. Қателеспепті. Жылқы болған жылқының бәрінде де тайтұяқ таңба.
Тізгін ұстаған қолы қалтырап, бүтіл денесі безгек буғандай қалшылдап ала жөнелді. «Ойпырмай... Құдай-ай!.. Құдай-ай!..» Қатты соғып кеткен жүрек аузына тығылды. Өзінен ат бойы алға түсіп кеткен генералға дауыстайын деп еді, оған бірақ даусы шықпады. Оның үстіне қарысқан жағы да ашылмады. Дір-дір еткен еріндер бір-біріне жуыспай, тісі тісіне тиіп сақ-сақ...
***
Кіл өңшең жұмыртқадай ақ үзікті аппақ ауылға жақындап келе бергенде көк ат төбеге ұрғандай тұрып алды. Тәңірберген аттан қарғып түсті. Басын жерге салып, төрт аяқтап тұрып алған атты қақ маңдайдан тартып-тартып жіберді де, бұл кезде ана жақта әскер талап, ызы-шу, азан-қазан боп жатқан ауылға жүгірді. «О, Құдай! Құдай! Саған не жазып едім? Қай пиғылымнан таптым?» Өлі құрыды ма, әлде сүрініп кетті ме, әйтеуір жан-ұшырып келе жатып мұрттай ұшып түсті. Көзі қарауытып кетті. Есінен танып жатып та ұлыған иттей қыңсылап, қолы жеткен жердің топырағын тырнап, өкіріп жылап жатқанын өзі де сезбеді. Кенет дір етіп, жасын тыйып ала қалды. «Құдай зауалыңды берсін!» Иә, мынау сол! Өзі білетін баяғы кәрі әйел. Соның қырылдап шығатын жарқыншақ дауысы. Бұны тағы да тапты. Және... апырай, қарғысы қабыл болғанда тапқанын қарашы.
Бұл не, түс пе? Жоқ, түс емес. Қорқынышты түстің өңінде қайталаған жалғасы... жо-жоқ, о да емес. Түс пен өң арасында аян беретін өлі аруақ жаңағы кемпір бейнесіне еніп, соның аузымен айтты ма? Солай ма? Бар пәле тастай қараңғы түнде қара киінген бір топ кісіден басталмады ма? Иә, содан... Содан басталған-ды. Тастай қараңғы түн-тұғын. Қара киінген бір топ кісі шырт ұйқыда жатқан ауылға дыбыс шығармай, атын ақырын бастырып келген еді. Бірақ шырт ұйқыда жатқан жұрт бәрібір оянып, сыртқа жүгіре-жүгіре шыққан еді ғой. Құйрық-жалы сүзілген қара атты дәл сондай қара киімді кісі тізгінінен жетелеп әкелген еді ғой. Қара киізге ораған өлікті қол-аяғын салақтатып қара аттың үстіне көлденең салыпты. Ат үй алдына тоқтай бергенде іштен аңырап шыққан кәрі әйел ай-шайға қарамай бас салып өлікті құшақтай алды. Бетін алып-салған қаралы кемпірдің өкірген даусы қараңғы түнді қақ айырған-ды. Кәрі әйел дауыс салғанда бір жан жанына батып бара алмаған-ды. Бұ да желбегей жамылған шапан иінінен түсіп, сілейіп тұрып қалған-ды. Қара түнді тілгілеп жатқан қаралы дауыс кенет кілт тыйылып еді де, қара жамылған кәрі әйел көп ішінен жас жуған бетін бұған бұрып: «Қартайған шағымда жалғыз баламнан айырып, жұлынымды үзіп отырсың. Құдай зауалыңды берсін!» — деп еді ғой. Мынау сол! Сол. Мына аспан, мына жер, су, бүтіл айдай әлем соны қайталап, күңіреніп тұр. Құдай зауалыңды берсін! Зауал!.. Зау-ал!..
Тәңірберген бар денесімен жерге, қара жерге кіріп барады. Жоқ, қара жерге кіре жаздап, у жеген иттей қыңсылап, жер тырналап жатқан-ды. Тас боп бітіп қалған құлақ дәл қазір қарғыстан басқа түк сезбеді, түк есітпеді. Керек десе, тас төбесінде бір жоғарылап, бір төмендеп жағы талмай шыр-шырлап тұрған бозторғай үнін де сезген жоқ-ты. Жасын тыйғасын да шекесі сынып бара жатқан зілдей басын жерден көтере алмай жатыр. Сонан бір кезде сүлдерін қозғап, түрегеле бергенде тәлтіректеп кетті. Аяғын әлтек-тәлтек басты да, қалт тоқтап, денесін билей алмай шайқалақтап тұрды да, қайта жүрді. Бір жүріп, бір тоқтап, етектегі ауылға жетем дегенше кейінгі жақтан әлі де лек-лек боп ағылып келіп жатқан атты әскерлердің талайы басып озды. Бәрі де қызыл көрген құзғындай құтырынып алған. Қара жалдан құлай берістегі кең жазықта қаперсіз отырған ақ үзікті бай ауылға аттарын борбайлап шапқылап барады. Ауыл үсті у-шу. Азан-қазан. Қайда тығыларын білмей, үй-үйдің арасында шыр-шырлап жүгірген қыз-келіншек. Атылған мылтық. Тасырлап шапқан ат. Қан-қан бөксесін сүйретіп, үйден-үйге тығылған иттер. Жылаған бала. Әлгіде ғана үй жанында ойнап жүрген баласынан көз жазып, ойбай салған қатындар.
Тәңірберген самсөз, сүлесоқ. Ештеңе миына кіріп шыққан жоқ. Осы қазір ол: «енді маған бәрібір» деп, көз алдында болып жатқан сұмдыққа иманы селт етпей, бейтарап бей-жай қараған бөгде адамдай. Ана жақта еліріп алған солдаттар еңселі ақ үйлерге баса-көктеп кіріп, сыртқа мес-мес айран, кісі бойы сабаларды сүйреп шығарып жатыр. Құдық басы, тіпті, ығы-жығы. Дабырлаған дауыс. Даңғыраған шелек. Генерал Чернов та сол маңда. Тәңірберген тәлтіректеп келеді. Көзі түскен кісілер үрпиісіп шошып қалады. Бірақ олармен бұның ісі болмады. Тіпті назар аударған жоқ. Иығынан сыпырылып түскен шекпеннің бір шалғайын сүйретіп келді де, су толы шелекке бас қойды. Омырауына төге-шаша сылқ-сылқ жұтып жатқан-ды. Генерал Чернов қасындағы бір офицерге «шелекті ал» дегендей ымдап еді, офицер:
— Мырза, енді болды, — деп еді, Тәңірберген құлақ аспады, сосын офицер қолынан шелекті жұлып алды.
Чернов оған жақындап, қасына келді.
— Мырза, жаяу жүрсің ғой, атың қайда?
— Ат-т?..
— Жақсы ат еді. Бірақ оқасы жоқ. Мына ауылдың жылқысын айдап әкеліңдер деп әмір бердім. Жақсысын таңдап мінерсің.
Тәңірберген үндемеді.
— Мынау бір бай ауыл екен. Жолымыз болды. Ауылдың қариялары әне! Ана тұрған солар. Сөйлес.
Тәңірберген мырс етті. Оның өңіндегі мысқылды байқап қалған Чернов:
— Таныдың ба? — деп еді.
— Иә, таныдым, — деді Тәңірберген.
— Кімдер? Білесің бе?
— Білем. Мені құттықтауыңызға болады.
— Қалай?
— Бұл менің ауылым.
— Да-а...
Генерал Тәңірбергеннен көзін тайдыра берді. Ол енді мырзаның қасында аялдап тұра алмай, соңына ерген нөкерлерімен тайып тұрды. Олар ұзаған бойда Алдаберген софы бастаған ауыл ақсақалдары өлі де болса жан-жағына үркектеп қарап, Тәңірбергеннің қасына келді. Қара сұр бәйбіше басқалардан бұрынырақ жеткен еді, келе сала мырзаны бас салып құшақтай алды:
— Мырза-ау, не болдық? Не күйге түстік, ойбай?!
— Әй, келін, қой, қоя тұр, — деді Алдаберген софы.
Ойбай-ау, атеке-ау, қоятын не қалды?
— Жә, жетер! Әй, Тәңірберген, сен бе мыналарды бастап әкелген?
Тәңірберген үнсіз, сұлық.
— Келістірдің. Ауылымның үстінен әскер құлатып, аузы түкті кәпірге, әне, көр, аш қасқырдай талатып жатырсың.
Тәңірберген әлі сол сұлық қалпы.
— Талатпа аулымды. Есебін тауып, мыналарыңды алып кет.
Қара сұр бәйбіше мен қалған ағайын-тумалар да кәрі софыны қостап, дабырлай жөнелді:
— Тәңірбергенжан, бізді тыңда. Сөзімізге құлақ сал.
— Иә, бала-шағаның көз жасына қалма.
— Тым құрыса талатпа.
— Бейбастақтығын тыйсын.
— Мыналардың түрі жаман. Үй-мүлкіңді тонап, астан-кестеңін шығарып жатыр. Құрсын... Құрсын, күйедей жалап барады. Бізді қайтсін, бізді жыр демесе де, сенің тіліңді алар!
Тәңірбергенді шел қайта қинады.
— Әй, неге үндемейсің? Мыналарыңды алып кетесің бе, жоқ па? Айдың күні аманда аулымның үстіне жау құлатып, уа, бізге істеген бұл қай лаңың? — деді кәрі софы ақырып.
Тәңірберген бұған да селт етпей, басы салбырап тұра берді. Кәрі софыдан кейінірек тұрған ауыл ақсақалдарының өңіне үрей пайда болды. Бір-біріне қабақ астынан қарап, күбір-күбір тіл қатты:
— Мынаның есі дұрыс па?
— Мен де соны ойлап тұрмын.
— Пері салқынын салған ба? Тіл-жағы байланғаннан сау ма?
— Тегін емес. Тірі аруақ.
Діндар шалдар күбірлеп, тілін кәлимаға келтірді. Қара сұр бәйбіше де жасын тыйып, күйеуінен көз айырмай бағып қапты. Қараған сайын көңілдегі күдікті анықтай түскендей, түсі бұзылып барады. Тек Алдаберген софы сезіксіз. Жасы үлкендігіне қарамастан осы інісі бұның сөзіне де, өзіне де зейін қоймай, үнемі осылай немқұрайды қарайтыны қытығына тиетін-ді. Соған қатты зәбірленетін. Әсіресе, соңына ерген мына ауыл ақсақалдарының алдында өзінің таусылып айтқан сөзіне де құлақ аспай қойғаны ызасын қайнатты.
— Е, Құдай... — деп, күмпиген жуан саусақтардың сырт жоны жүн-жүн қолын қызарып батып бара жатқан құбылаға созды. Софы ажарынан беті қатты бір қаталдықты байқаған шалдардың зәресі ұшып, «астафиралла!» деп жағасын ұстай алын еді.
— Атеке-ау, бізді Құдайдың қарғағаны аз ба еді?.. — деп қара сұр бәйбіше зарлап қолына жабысып еді, кәрі софы келінін итеріп тастады да, қос қолын құбылаға қайта созып:
— Е, Құдай! Мына ақ пен қызыл арасында, мына зауал шақ-та... — дей берген-ді.
Ертеден бері түк сезбей тұрған Тәңірберген софының аузынан шыққан сөзге тіксініп қалды.
— Жоғал! Жоғалыңдар! Көзіме көрінбеңдер! — деп айқайлап, тұла бойы түгел қалшылдап кетті. Онсыз да үрпиісіп тұрған кісілерге қамшы үйіріп тап берді. Мыналар бұрын-соңды мырзаның дәл бұндай түрін көрмеген-ді. Жаңа ғана едіреңдеп тұрған кәрі софының өзі де жұмған аузын аша алмай, ығысып шегіне берді.
Ауыл үсті азан-қазан. Аузы аққа тиіп әлденіп алған солдаттар шын лаңды енді бастапты. Қолға іліккен дүние-мүліктің кәдеге жарайтын-жарамайтынына қарамай, көзге түскен жылтырақты қапқа, дорбаға тығып, аттың артына бөктеріп жатыр. Бай үйлердің тұсына ұстаған қалы кілемдер мен сусар бөрік, түлкі ішіктің талайы қанжығада кетті. Үстіне әскер құлағанша бейқам отырған ауылдың бойжеткен қыздары мен жаңа түскен жас келіншектері қайда тығыларын білмей, үй мен үй арасында жанталасып жүр. Әсіресе, еңгезердей бір солдаттан қашқан жас қыз шырылдап, далаға шығынып барады.
— Бұл ауылдың еркектері қайда, ойбай?! — деп олардың соңынан қыз шешесі далпылдап жүгіріп баратты.
Ес-түссіз Тәңірберген ауыл ортасында теңселіп тұр еді, бір жас жігіт жүгіріп кеп:
— Ағажан-ай, масқара болдық қой, — деп жылап жіберді.
— А-а?..
— Масқара болдық.
— Мас-қа-ра?!
— Иә. Иә, масқара... Софы ағаңның ақ тоқалы...
— Ақтоқал?..
— Иә, ақ тоқал... соны бір солдат... — Тәңірберген ар жағын тыңдамады. Сонан ары не болғанын оның өзі де білген жоқ-ты. Ертеңіне түс ауа оянса, бүтіл денесі соққыға жыққандай. Сүйек-сүйегі сынып, қол-аяғы қозғалтпады. Ала-бөле қос шекесі солқылдап әкетіп барады. Кешегі оқиғаны қанша ойласа да, есіне бірі түсіп, бірі түспеді. Есіне түскені - жас жігіт сілтеген үйге қарай жүгіргенін біледі. Софының сегіз қанат үйі... Үй алдында тұрған әлдебіреу бұның жолын бөгеді. Бұл оны итеріп жіберді де, ішке баса-көктеп кіріп барды. Киіз үйдің түндігін жауып, іргесін түсіріп қойған екен. Батып бара жатқан күннің қызғылт сәулесі үй ішінің көлеңкесін қоюлай түсіпті. Бұл табалдырықтан аттай бере төрге көз тікті. Ә дегенде көзі түк көрмеді. Тек жиһазды үйдің қаракөлеңке тұтасқан түпкі жағынан ырсылдаған әлдебір ыңғайсыз, сөлекет дыбыс естілді. Онан басқа ештеңе көзіне түсе қоймағасын, қай жаққа қадам басарын білмей іркіліп қалған-ды. Сүйткенше, үстіне кірген адамды байқап қалған әйел: «Мынашіркін қайтеді, әй... Тұр!.. Тұр, былай», — деп әлдебіреуді төмпештей бастады.
Тәңірберген ілгері басты. Көрпе-төсек жайған төрде, әдетте софы ағасы намаз оқитын дағдылы жерде бітімсіз бірдеңе бүлкілдеді. Сонда ғана құрқол екені есіне түсіп, үй ішінен бірдеңе іздеді. Қолына іліккен сол бірдеңенің не екенін де білген жоқ. Не де болса, әйтеуір, зіп-зілдей бір затты қос қолдап ұстады да, әлгі селекет дыбыс шыққан жаққа ұмтылды. Солдат бұны әлі де байқаған жоқ-ты. Ол түгіл бүгерлеп астына басып алған әйелдің басқа-көзге төмпештегенін де елең қылған жоқ-ты. Тырдай жалаңаштанын алыпты. Күнге күйген бүтіл дененің тек күн тимеген бөксесі ғана аппақ екен. Мынау Тәңірбергенге жирен сары секілденіп кетті. Тісін шықыр-шықыр қайрап, әуелі оның ұйыққан иттей изеңдеген бөксесіне, сосын басына құлаштап қойып-қойып қалды. Әйел шар етті. Сау еткен жып-жылы қаннан жиіркеніп, бетін бұрып қашырта берді де, қапқа тыққан өлі еттей былқ-былқ бола қалған жансыз денені үстінен аударып тастады. Тәңірбергенге тура қарауға жүзі шыдамай, етегі түріліп кеткен көйлегін жалма-жан төмен түсірін жатып:
— Амансың ба, қайным? — деп еді.
— Жо-ғал! — деді бұл.
Сонан әрі не болғанын білмеді. Үйге қалай келгені де есінде жоқ. Шамасы, сірә, бәйбіше сүйеп әкеліп төсекке жатқызған. Кең үйдің оң жағында ақ болыскей кереуетте жатыр. Баяғы сәнін бұзбай, үй ішін айналдыра кілем ұстап, жерге оюлы сырмақ, текемет төсепті. Түндігі түсірулі үй қоңыр салқын. Шілде айының сырттағы ыстығы сезілмейді.
Көлеңке бет түрулі. Сол жақ іргеден самал соғып, кереге түбінде қылтиған әлдебір әлжуаз көк жел астында дір-дір етеді. Алғашқыда байқамаған-ды: біраздан соң сыртта, киізін түрген іргеде кісі-қара отырғанын аңғарды. Даусын көтермей, ақырын күңгір-күңгір сөйлеседі. Насыбай атқан біреу басқалардан гөрі жиірек сөйлеп, шырт-шырт түкіріп отыр.
— Көріңде өкіргір Кәлен-ай! — деді ол бір кезде. Бұның аузынан шыққан өкініш өзгелердің де жанына аяздай батып отырған сияқты. Біреулер күрсінді.
— Сол сойқанның сөзіне қалай сеніп қалдың?
— Білмеймін... Жазған басым, қара басып...
— Иә, не қыласың... Қарала-Көпте қозғалмай отыра бергенде ғой...
— Жә, енді болар іс болды. Жүріңдер, мырза оянған шығар.
Үй іргесінде отырған кісілер шалғайын қағып түрегеле бастады. Сықырлауық есікті ақырын ашып, үстіне үнсіз кіріп келе жатқан мына ет жақын ағайын-тумаларына Тәңірберген рай бермей, жүдеу өңі суық тартып ала қойды да, іргеге қарай аударылып түсті.
Алдаберген софы мен қара сұр бәйбіше өздерінің соңын ала кірген кісілердің алдына шығып, жас мырза жатқан биік төсекке жақындады.
— Мырза, ағаң келіп тұр, — деді бәйбіше. Алдаберген софы тамағын кенеді. Кешегідей емес, бүгін беті қайтып жуасып қапты. Көкшулан сақал басқан шара табақтай беттің терісі босап, бір түн ішінде сұрқы қашып екі ұрты солып кетіпті.
— Тәңірбергенжан, тұр, басыңды көтер. Салдаттар аттанғалы жатыр. Шамаң келсе сұранып қал. Сенің орныңа жолды білетін жігіт тауып берейік, — деді софы.
— Тілмаш арқылы жанаралға тілдестік, — деді бәйбіше.
— Генерал қарсы емес. Өзі білсін деп отыр, — деді софы. Тәңірберген сыртын беріп, теріс қарап жатқан қалпы тырп етпеді. Алдаберген софы етжеңді ауыр денесін әзер көтеріп тұр. Таспиқ ұстаған қолы салбырап, еңсесі түсіп кеткен. Аяғынан сарсылып әрі-бері тұрды. Інісінің бұл жолы да бұлармен тілдеспейтін сыңайын байқағасын, енді көбіне-көп қасындағылардан қысыла бастады. Қасындағылар оның қорланып өле жаздап тұрғанын көрмегенсіп, көзін жерден көтермей тұрған-ды. Дәл осы кезде сыртта үлкен әбігер басталды. Дабырлап сөйлеген бір топ аттылы осылай қарай беттеп келеді. Кешеден бері қит етсе мылтық ататын түсі суық кісілерден залы боп қалған иттер үре алмай, үйге бөксесін тығып қыңсылай бастады. Тәңірбергеннің жүйрік сары тазысы зып етіп ішке кірді. Бірақ қайда тығыларын білмей, дызығып қыңсылап жүр еді. Бір солдат қару-жарағы сартылдап кіріп келгенде сары тазы зып беріп кереует астына кіріп кетті.
— Мырза, жүргелі жатырмыз. Киін, — деді де, солдат ізінше шығып кетті.
Тәңірберген түрегелді. Ертеден бері түс жоқ, өң жоқ үрпиісіп тұрған кісілердің ешқайсысына көз салмады. Бәйбіше әзірлеп қойған таза киімдерді киді. Беті-қолын жуды. Әйелі күнібұрын әзірлеп қойған неше түрлі тағамның біріне қол созбай, тек сырлы зереңде көбігі бұрқыраған шұбатты баяғы төрт құбыласы түгел, болып-толып тұрған бақты, базарлы кездегідей дәмін алып, асықпай ақырын ішті. Сонан соң кереге басындағы қамшысын алып, ертеден бері өзінен жауап күтіп аяғынан сарсылып тұрған ағайын-тумалардың ешқайсысына назарын салмастан есікке беттеп бара жатыр еді, қара сұр бәйбіше шыдамай, шалғайына жармасып:
— Мырза-ау... — деді де, жасқа булығып тоқтап қалды. Тәңірберген оған да қайырылмады. Есік алдында көлденеңдеп ұстап тұрған қара жал құла айғырға мінді. Бұл кезде қара нөпір қалың қолдың алды көз асып ұзап кеткен екен, мырза атын тебінді. Жанұшырған бәйбіше жүгіріп кеп қапталдаса бере таралғыдан ұстады. Дауыс сап, ойбай салуға Тәңірбергеннен қаймықса да, бірақ долылық буған ызалы қатын еңіреп жылап:
— Мыр-за... мыр-за-ау!!! — деді.
Тәңірберген құла айғырды тебініп шаба жөнелгенде ертеден бері қапталдасып келе жатқан бәйбішенің қолы таралғыдан шығып кетті. Ала жөнелген аттың ағынымен ілесіп, аяғы аннан-саннан бір тиіп барды да, етпеттей ұшып түсті.
Тәңірберген артына қайырылған да жоқ. Қара дауыл соғып, астан-кестеңін шығарып кеткендей ауыл азан-қазан, у-шу. Астарындағы арық-тұрық мәстекті тастап, бай ауылдың құрық көрмеген күйлі аттарына мінген солдаттар былай шыққасын сұр даланы шаңдатып жіті жүріп кетті. Алды қара асып ұзап кеткен. Құбыла беттегі қоңыр жалға шауып шыққан Тәңірберген осы арада ат басын тежеп, кейінгі жаққа көз тастап еді; аруақты бай ауылдың ұйпа-тұйпасы шығыпты. Ұлыған ит, күңіренген дауыс арасынан жас жуған бетін алып-салған қатындардың ойбайы әлі басылмаған. Ауыл маңы тіпті ажарсыз. Қай жаққа көз салса да бұрынғыдай кең даланың беткей, бөктеріне сыймай шұбартып жататын жылқылар көрінбеді. Тек өңшең отын ала алмай басын жерге салып тұрған арық-тұрық аттар. Бәрінің де құйрығын түбінен тақап шолтитып кескен. Тәңірберген тақым астында жүргісі кеп шиыршық атып тұрған айғырды тебініп, шаба жөнелді.
***
Түске тарта күн қатты ысыды. Шөбі күйген сұр далада қара-құрттай қаптап келе жатқан кісілердің жанында қапталдасып еріп келе жатқан қоңыр көлеңке осы қазір тас төбеге келген күннен бұғып, ат бауырына кіріп кеткен.
Сары шілденің шоп басында ызылдайтын да тұратын желі бұрынғыдан да гөрі күшіне мініп алған. Жынды жел бір кез құтырынып, ат тұяғынан ұшқан сұр шаңды ұйтқытып аспан астын шаңдатып тұрады да, іле-шала жүргіншінің қарсы алдынан шығып, өрттей ыстық жалын бетті шарпып өтеді. Онсыз да ер үстінде шаққа отырған Тәңірберген жалын шарпығанда тап бір ыстық темір қарығандай жалт беріп, бір қырындап бұрылып отырады.
Қыбыр-қыбыр қозғалған қарақұрым қолдан басқа көз жетер жерде көңіл бөлер тірі жәндік жоқ. Жортқан аң, ұшқан құс - бәрі-бәрі ми айналған ыстықтан жан сақтайтын пана таппай тығылып қалғандай. Ақшиліден шыққалы Тәңірберген бір жалғыз торғайды көрді. О да қаталап шөлдепті. Боз көде түбінде бұғып жатыр екен. Кішкентай аузын желге ашып, өкпесін ырс-ырс соғады. Үстіне келген аттылыны көрсе де, ұшқысы келмей, тарының түйіріндей көзі жаутаңдап, бауырымен жылжып боз көдеге тығыла түсті.
Тәңірберген аң шыт орамалмен аузын байлап алған. Тағы біраз жүргесін ілбіп басқан әскердің алдыңғы легінде бара жатқан кісілердің ілгергі жағында, ту-ту сонау көк мұнар арасында бұлыңдап таулар көрінді. Кең жазықта дара-дара оқшауланған таулар. Жас мырза мыналарды жазбай танып келеді. Анау Сырғақты. Анау Ұяоба. Мына біреу Андрей шоқы. Ал, сонау әрегіректе, көк мұнар арасында бұлдыраған Боташ! Мынау Бел-Аран, Бесшоқы. Қалың мұнар арасынан қылаң берген әнебір кішірегі - Жетімқара. Ежелден бергі атамекен. Кіндік қан тамған жер. Адыра қалғыр, туған жер ғой бұның бәрі! Ізсіз өтіп жатқан қайран тірліктің нелер заманнан бергі тілсіз айғағы.
Бесшоқы, Боташ, Бел-Аран,
Тұрғанын қараш мұнартып.
Арзығұл, Керей бір табан,
Жатқанын қараш шұбартып.
Тәңірберген демі жетпей бара жатқан соң тізгін ұстаған қолымен аттың шоқтығын тіреп, көк бас ердің қасына кеудесімен жығылып етпеттеп жатып алды. Іші-бауыры өртеніп барады. Өзін қанша ұстайын десе де, осыдан артыққа дәрмені жетпеді. Көзіне құйылып кеткен ыстық жас пен іштен ұрған ащы өксік ықтияр-еркіне қаратпай, иегі кемсеңдеп барады. Бәрі құрыды. Бәрі бітті. Соған көзі әбден жетті. Үміт қырқылды. Іргесін алдырмай келген ауыл-аймақ, ағайын-туманың сиқы анау. Өзінің де саудасы бітті. Көп ұзамай інісінің де басына қара күн туатынына күманданбады. Түк қызығы қалмаған дүниеде кісі қимайтын не қалды? Өмір бойы өліп-тіріліп жиған дүние-мүлік дәл қазір ойына кіріп те шыққан жоқ. Осы қазір, ол тек азды-көп тірлік кешкен адыра қалғыр мына туған жердің құлазыған даласы мен қаңқиған тауларын керген сайын құсалы жүрек қарс айрылып, ат үстінде шайқалақтап құлай жаздап келеді. «Жол да кісіні қажытты. Сонан болар» деп ойлады. Солай болса, солай да шығар. Әйтеуір, Ақшиліден шыққаннан бері екі күнгі жүріс аттарға да, адамдарға да қатты батты. Әсіресе, тоғын баспай мінген бай ауылдың аттары шілде айының шыжғырған ыстығында қызыл майы шықты. Жаз бойы жан адам мінбеген ісік өкпе семіз аттар тез барлығып, аяғын баса алмай ырсылдап қалды. Далиған көл-көсір далада әр жер, әр жерден бой көтеріп, көк мұнарда қалқыған мыжырайған жапырық таулар әлгінде жақын көрінген сияқтанып тұрса да, жүре бастағанда жуық арада жеткізбеді. Тек күн кештете қалың қолдың алды әрең дегенде Бел-Аранның кезіне ілікті.
Генерал Чернов оқ бойы алда. Тәңірберген оның соңына ерген аз ғана топтың ішінде келеді. Жол бойы бұ да жұмған аузын ашпады. Керек десе, ауылдан шыға бергенде артынан қуып жеткен атқосшы жігіт Ақикөзге де тілдеспей сазарып алған.
Генерал Чернов Бел-Аранның кезіне тасырлатып шыға келгенде бүтіл күншығыс бетті тұтас алып жатқан ұлы теңіз жалтырап қоя берді. Шөл қинап келе жатқан аттар суды көргенде сулығын шайнап, оқырана ұмтылды. Тәңірберген қарыстырып ұстаған қос тізгінді жібермей, ат басын Ақбауырға бұрды.
— Тама-ша! — деді Чернов. Ол әуелі Бел-Аранға, сосын күн астында жалтыраған көк теңізге, сонан соң ғана иек созым жерде шұбартқан шағыл құм Ақбауырға қарап: — Мырза, — ден Тәңірбергенге бұрылды. — Бұл арада тұщы су бар ма?
— Бар.
— Ендеше, бүгін осы араға тоқтаймыз. Бір күн демаламыз. Ел бар ма?
Бұларға балықшылар аулын айтқысы келмеген Тәңірберген есітпеген сыңай танытып үндемеп еді. Әшиінде бұндайда басқаның көңіл-күйімен қатты есептесетін сыпайы генерал әлденеге осы арада Тәңірбергенге қадала қарап, әлгі сұрағын қайталап: «Ауыл бар ма?» дегесін, бұ да мойын бұра алмады. «Ауыл бар», — деді де, атын тебініп ілгері жүріп кетті. Мына жақта оның оңашаланғанын күтіп тұрған подполковник Федоров та атын тебініп бұған қатарласа берді.
— Мырза, мынау бір таныс жер секілді ғой?
— Мүмкін...
— Бұл қай жер?
— Ылдидағы ана құм — Ақбауыр.
— Ак-к...
— Мына қара жота — Бел-Аран.
— Бил... Түһ, сайтан алғыр. Тілің де келмейді. Бірақ таныс жер сияқты.
— Танисың. Баяғыда осы арада сенің әкеңнің промсолы болған.
Сүйдеді де, Тәңірберген: «Қайтерекен?..» дегендей Федоровтан көзін айырмай бағып қалды. Федоров үндемеді. Астында ұзын көк ат. Кешелі-бүгін тарлан тақымынан босап, қосарда бос келе жатқан.
Бұл өзі Сексеуіл стансасының бет алдындағы Тебіренбес тауының кәукиген қара тұмсығы астында жалғыз үй отырған кедейлеу жігіттің бәйгеге қосып жүрген аты еді. Бірер күн бұрын Тебіренбес тауының сыртындағы жазықтықтан киік қуып, қан сорпасы шыққан атты отқа жібермей, белдеуге байлап қойған-ды. Елең-алаңда ауыл үстіне сау етіп әскер құлағанда бұлар шырт ұйқыда болатын. Ат тұяғының дүбірінен оянған жігіт көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгірін шықса, аң офицер тарланды белдеуден шешіп жатыр екен.
Осы ат Федоровқа салған жерден ұнаған-ды. Қуса жетіп, қашса құтқаратын жүйрік атты ол екіталай күнге сақтап, Ақшиліден шыққалы қосарға алып келе жатқан-ды.
Жаңағыдан кейін Тәңірберген онан біразға дейін көз қиығын алмады. Бірақ өзін ұстай білетін неме сыр алдырмай, үнсіз сазарып алған. Қайдағы бір киргиз-қайсақтың қолынан қаза тапқан әкесі сорлыны аяды ма, жоқ па, белгісіз, тек оның көзі тіріде жазған хаттары есіне түскен еді. Бұған қалдырған мұраның сиқы — теңіз жағасындағы екі-үш үй мен түйе қорадай кең лабаз. Болып болғаны сол-ақ. Ал, бұған жазған хаттың бәрінде де: «Құдайға шүкір,— дейтін әкесі. — Жағдайым жақсы. Промсолым жылдан жылға қанатын жайып, өзім де байып жатырмын. Азиаттар алдымда құрдай жорғалайды».
Әке байлығының сиқын торгке салғанда көрді. Ал, көзі тіріде азиаттар алдында құрдай жорғалады ма, жоқ па, оны Құдай біледі. Ал, қаза тапқасын күл шыққандай, айдалада құс саңғып тастаған төбеге бір өзін жалғыз жер легенд ері ақиқат. Қабір басына шанышқан ағаш крес те балықшы ауылдың қотыр түйелері сүйкеніп, бір жамбасына қисайып тұрды да, ақырында есебін тауып о да құлады. Сонан бері жалаңаш төбе басындағы жалғыз қабірдің топырағын жел үрлеп-үрлеп, Құдай біледі, қазір жермен-жексен боп типылданып қалған болар-ау.
Осыған дейін қамшы салғызбай келген ат кенет осқырып, ығысып артына шегініп қалғанда Федоров қолынан түсіп бара жатқан тізгінді әп-сәтте уысына жиып ала қойды. Еңсесін тіктеп, ат үріккен жаққа қарап еді, әлде бір қыстауға кепті. Қарсы алдында есік-терезесін суырып әкеткен иесіз қыстау үңірейіп тұр екен.
— Туһ, сайтан алғыр, — деп, неге ыза болғанын өзі де білмеген Федоров қасындағылардың арасынан әлдекімді іздеді.
Анадай жерде бір топ солдат Тәңірбергенді қаумалап ортаға алыпты. Ызалы жандар оны тірілей түтіп жейтіндей қамшыларын үйіріп жатыр екен. Бірақ мырзаның міз бағатын түрі жоқ. Қара зегірен бешпеттің сыртынан киген боз шекпеннің өңірін айқара ашып тастап қаннен-қаперсіз жайбарақат тұр екен. Федоров іздеген кісісін көргенге қуанып кетті. Жолында тұрғандарды қамшымен жасқап кимелеп келді де, Тәңірбергенге ат тұмсығын тірей тоқтады.
— Құдық қайда?
Бір жанға көз салмай, сыртын беріп тұрған мырза бұған да бұрылмады. Қаны қайнап қалш-қалш еткен Федоровтың қолы қылышқа жармасты. Бірақ ол қынаптан суырам дегенше мына жақтан атын кимелетіп Ақикөз жігіт жетті.
— Тақсыр... тақ-сыр...
Жұрт назары бұған ауды. Федоров жарқ еткізіп суырып алған қылыштың ұшын қынапта ұстап тұр.
— Тақсыр!.. Тақсыр, мырза алдап тұрған жоқ. Бұл біздің ауылдың қыстауы. Он шақты құдық болатын. Қыруар малды суарғанда суы ортаймайтын...
— Врешь, гад. Бұл бізді Аралдан шыққалы алдап келеді.
— Жоқ, жоқ, тақсыр. Алла атымен ант етем. Он шақты құдық болатын...
— Ах, ты, косоглазый холуй! Ол құдықтар қайда?
— Балықшылар көміп тастаған.
— Балықшылар?
— Иә, тақсыр, балықшылар. Ақтар... Ақтар келе жатыр дегесін әдейі істеп отыр.
— Балық-шы-лар? — деді Федоров.
— Иә, тақсыр, балықшылар. Ана жылы... Ана жылы әкеңді өлтірген кісілер. Өздері осы арадан онша қашық емес.
Федоров атын тебініп қалды. Солдаттар да аттарын дереу қозғап, Федоровтың соңынан шаба жөнелді. Қара жерге тиген көп тұяқ жым-жырт даланы дүбірлетіп, көзді ашып-жұмғанша балықшылар ауылының желке жағындағы қоңыр төбеге шауып шықты. Қара жардың ұшар басында жыпырлаған жерқазбалар қаңырап бос қапты. Тірі бір жан көзге түспеді. Тек сонау көк теңіздің өрінде желкен көтерген кеп қайық бетін алысқа бұрып көз ұшында кетіп барады екен.
— Өртеңдер! — деді Федоров.
Үй болған үйдің жанында үюлі жатқан отын лаулап ала жөнелді. Есік-терезелер пышыр-пышыр жанып, үйлердің төбесі әп-сәтте опыр-топыр ортасына құлап жатқан үстіне генерал Чернов та келіп жетті.
— Подполковник мырза, бұныңды мақұлдамаймын. — Федоров көз ұшында көк теңізді өрлей жүзіп бара жатқан желкенді қайықтардан назарын аудармай тұра берді.
***
Сол күні түннің бір уағына дейін полк-полк, батальон-батальон, эскадрон-эскадрон боп кейінгі жақтан құйылып келіп жатқан әскерде қисап болған жоқ-ты. Қаталап шөлдеген аттар терін басып суытқанша шыдамай, келе сала теңізге бас қойып жатты. Қайсыбір ат кешіп барып, тереңірек жердің тұнығынан ішті. Солдаттар шаң-шаң киімімен теңізге гүмп беріп қойып кетті.
Ертеңіне бұлар кеш оянды. Тәңірберген шешінбей, астына жайған ақ тоқымға қисая кеткен-ді. Теңіз беттен соққан қоңыр самал астында қыбыр етпей қатып қалған екен. Жағалаудың түнгі дымқылы бұлар тұрам дегенше кеуіп те үлгерді. Жел көтерілген. Ұлы теңіз өкіріп, үйдей-үйдей толқындар ереуілдеп бой көрсете бастаған.
Чернов әлдеқашан оянған-ды. Бұлар тұрам дегенше ол ақ арғымақ үстінде айнала төңірекке барлай қарап тұр екен. Тәңірберген де жел ығында жалпылдаған шалғайын жиып, өңірін қаусырынып алды да, тұсап жіберген атына аяңдады. Қара жал айғыр ұзамапты.
Қарақұрым әскердің алды ақырын қозғалып, қырға бет алып шыға бергенде, теңіз жағасының есірік желі құтырынып кетті. Шаң көтерілді. Толқын басы ағарды. Жағалаудың селдір сұйық қамысы жел астында суылдап шайқала бастады. Тәңірберген күн жауар деп ойлап еді: алғашқыда болар-болмас сіркіреп өткен сірке жауын бір сәтте бу боп ұшып та үлгірді. Сонан кейін-ақ, шілде айының ыстық ауасы адам бойын ауырлатып, кір жайған үйдің иісіндей қапырықтана бастады...
Ащы су ішкен аттар ырсылдап, аяғын әрең алып келеді. Тәңірберген ауылдан ере шыққан атқосшы жігіттен көз жазып қалды. Бел-Араннан ұзап, былайырақ шыққасын қыста да, жазда да құлазып жататын елсіз далаға қалыңдап кіре түсті. Бір кезде бұлардың алдынан тіске тиер қылтанағы жоқ қызғылт тастақ дала басталды. Осыдан былай қараған жол, сонан қашан Қарақалпақ жеріне жеткенше, құс ұшпайтын қу дала. Бұл жақтың жолын Тәңірберген тінті білмейтін. Тек көнекөз шалдардың айтуына қарағанда, кессе қан тамбай безеретін де жататын осы мына далада жылда-жылда қазақ ауылын шауып, ырғап-жырғап қайтатын Жөнеуіт ханның басмашылары мен балықшы ауылдың Қоңырат, Шымбайға астыққа барып қайтатын жаужүрек жігіттері ғана білетін жалғыз-жарым құдық болатын көрінеді. Рас болса, ұлы теңізге мінбелеп төніп тұрған сол көк қатпар шыңның кейбір шатқалы мен ұры жымдарында тас түбін тесіп, шымырлап шығып жататын тіс сындырғандай мұздай бұлақ ұшырасады дейді. Бірақ бұлар қанша жүргенде де құлазыған мына меңіреу даладан тірлік ізі байқалмады. Арал теңізінің бұл беті тік жар. Алда әлі де сонay Тамақ-Қорадан әрі қарай басталатын Қасқа-Жол, Қара-Тамақ, Қоян-Құлақ, Қос-Құлақтың қиын асулары жатыр. Титығы құрыған әскерде бұдан артық жан созатын шама да қалған жоқ-ты.
Генерал Чернов тірі аруақтай. Бел-Араннан бері шыққалы күн-түн қатқан жүрісте оның өзі де, аты да болдырды. Соған қарамастан әлі де дініне берік. Ертеден қара кешке шақырайған күн астында жұрттан оқ бойы озғындап, қазықтай қақшияды да отырады. Жағы қуарған қу сүйек бет қан-қара, түтігіп кеткен. Жыра-сайда, төбе-төбенің астында ыңырсып қалып жатқан солдаттарға да бір қайырылған жоқ. Ендігі дедігі: қолда қалған кісілерді қарақалпақ пен қазақ жерінің шекарасына жеткізу. Ағылшын генералы уәдесінде тұрса, сол араға ар жақтан атаман Фелишев пен ақ офицер Сафар бұларды азық-түлікпен күтіп алуға тиіс.
Бұған бірақ Тәңірберген сенбеді. Екіжүзді адам түгіл, тап осы қазір ол көктегі Құдайға да сенген жоқ-ты. Оған салсаң, біреуге біреудің жаны ашилы екен. Бахымы түседі екен, ет бауыры елжіреп аяйды екен деу — ақымақшылық. Ондайлар не ақыл-есі кем, ақымақ немесе қолынан түк келмейтін, дәрменсіз шерменделер. Өз басы осы қазір ештеңеге сенбейді де, дәмеленбейді де. Адыра қалған өмір. Алдамшы жалған. Өңшең екіжүзді, опасыз, көлгірлер мен имансыздар дәуірлеп, адамзаттың көз жасы мен қанына керелеген түкке тұрмайтын дүние!
Жә, басқа басқа болсын. Ал, қане, сен... Сен өзің ше? Кеше құдіретің жүріп тұрғанда сен өзің не істедің? Алысты былай қойғанда қасыңдағы қоқсыңа қайттің? Ағайын ішінде әлің жеткенді сауырлап қуып жүріп таламадың ба? Бүгін ғой, бастан бақ тайып, бойдан қайрат, білектен күш кетіп, айбат пен айбардан айырылғасын жетім баладай жаутаңдап қалғаның. Бәсе... Бәсе де... Кеше солдаттар өзге емес, өз аулыңды талап, аяқтағы асыңды тартып ішіп, астыңдағы атты аударып мініп, қыз-келіншектеріңді зорлап жатқанда соншама сорақы сұмдықтың бәрін көре-біле тұра қол қата алдың ба? Мыналар қолына түскенде балықшыларды да аяр ма еді? Кімді кім аяп еді? Арғы-бергі заманда адам адамды аяды ма, сірә?
— Осы араға тоқтаймыз!
Тәңірберген басын көтеріп алды. Жазғы күн талаурап батып бара жатты. Қолда қалған әскердің алды Қасқа-Жол, Қара-Тамақ асуына жетіпті. Әлі құрыған кісілер жеткен жерге жығыла-жығыла кетті.
Тәңірберген де ат арқасынан алған көк қасқа ерге басын салып, шалқалап жата кетті. Көзіне ұйқы оралмады. Жұлдыздар жыпырлаған аспанға бейжай көз тігіп жатып, осынау қызығы таусылған адыра қалғыр дүниеде өзінің бары-жоғын да сезбеген сұлық қалпы. Сүйтіп жатып ұйықтап кеткен екен, айқай-шудан оянды. Айсыз түн тастай қараңғы, көзге түртсе көргісіз. Тәңірберген оянған бойда не боп, не қойғанын білмеді. Апалақ-құпалақ атып тұрып жатқан кісілер де не болып, не қойғанын білмейтін сияқты. Түкке түсінбесе де, мылтыққа жармасып, беталды құла түзге тасырлатып оқатып, абыр-сабыр. Әлдекім әлдебіреулерге айқайлап, әлдеқайда жүгіріп барады. Жанталасып, ұйқы-тұйқысы шыққандардың арасында иығындағы шекпен иінінен түсіп, бей-жай тұрған жалғыз Тәңірберген. Осы қазір оған бәрібір. Атса да, асса да мейлі. Бәріне көнген, бәріне пейіл.
Әлгі абыр-сабыр аяңсыды. Сөйтсе, түн жамылған біреулер бұлардың қаңтарып қойған аттарын қуып әкетіпті. Ішінде генерал Черновтың ақ арғымағы. Подполковник Федоровтың тарланы. Тәңірбергеннің қара жал құла айғыры бар.
Тәңірберген көк қасқа ерге құйрығын басып отыра кетті. Ұйқысы қанбаған. Басы зілдей. Өзіне салса осы араға қисайып жата кеткісі кеп тұр. Онан басқа ештеңе басына кірген жоқ. Тірлікте жақсылыққа да, жамандыққа да тойғаны сонша, жау қуып әкеткен әлгі жылқылар миына кіріп те шықпады. Тек бір кермек ащы дом аузын қуырып бара жатқасын, өз-өзінен тыжырынып тұр. Осы тұрғанда Кәленге дән ырза. Абзалы — жауласпа. Жауласқан екенсің, аянатын не бар, шамаң келсе, жауыңды жерге тыққанша тыншыма.
Кәленнің орнында болса бұ да осы лай істер еді. Аралдан шыққалы бұлар шеккен бар азап, бұлар тартқан бар-бар тауқыметтің бәрі содан. Бұлардың жолында отырған ауылдарға алдын ала хабар беріп, құдықтарды көміп, шөл далада солдаттарды қырған сол. Түу-түу Қарала-Көпте отырған бұның ауылын алдап-сулап, ақтардың жүрер жолына көшіріп әкеліп арандатқан да сол. Аттарды қуып әкеткен басқа ешкім емес, бұны да істеген Кәлен. Иә, сол! Соның өзі! Бұл бірақ оның зұлымдығын асырған зымияндығына зығыры қайнап тұрған жоқ. Зығыры қайнап қайтсін?.. Бұ да адамның адамға ежелден бері істеп келе жатқан көп қиянатының бірі. Бізден бұрынғылар да сүйткен. Бізден кейінгілер де сүйтеді. Біз де солардың істегенін істеп, бірімізден-біріміз жауыздықты, зұлымдықты, қайырымсыз қаталдықты асырып жатырмыз. Аң бол, адам бол, сол ана Абыл, Қабыл заманынан, Лауқыл ғаламынан бермен қарай күштінің әлсізге істеп келе жатқан қанға сіңген қашанғы қасиеті. Адам баласы жүріп өткен іздің бәрінде жосылып қап жатыр.
Мырза көз қиығын генералға тастап еді. Мына жағдаятқа оның да иманы селт ете қоймапты, тіпті жайбарақат. Алдына әкеп тосқан атқа мінбеді. Қолына таяқ алды. Таяқтың ыңғайлы басынан ұстады да, жөн таппай иіріліп қалған әскерді бастап алға түсе берді. Тәңірберген тәлтіректеп бір-екі басты да тоқтады. Соңында қалып бара жатқан көк бас ерге жанары сөніп кеткен көзін сап тұрды да, тастақ жерді топырлап басқан жаяу кісілердің арасында ілбіп кете барды. Қазір оған аттың да, жаяудың да бәрібір еді. «Маған бәрібір» деді осы ойды өзі де құптап.
Сүлдерін сүйреткен кісілер күн кештете Қасқа-Жол, Қара-Тамақтан әрең асты. Көп адам ере алмай кейінде қалды. Әлі құрыған кісілер жол бойы бестен, оннан қалып жатыр. Тәңірберген оларға қарамауға тырысты. Қазір бұ да әлсіреді. Анадан туғалы жаяу жүріп көрмеген сорлы басы қарға адым жер мұң болып, кезінде бір қара беріп тіккізген адыра қалғыр етіктің шоңқайма биік тақасы басқызбай шойнаңдап келеді. Иығынан сыпырылып түсе берген соң үйленген жылы Ақбала боз тайлақтың жүнінен өзі иіріп, өзі тоқып, қара берен мақпалмен жарасын әдіптеп тіккен шекпенді де тастап кеткен-ді. Қазір бойында қалған жалғыз лыпа қара зегрен бешпет. О да алқам-салқам. Өңір түймелері үзілген. Шамалы жүргесін қара етікті де шешіп, жол жиегіне қалдырып кетті. Күн көзінде қайнаған шоқтай ыстық топырақ табанын күйдіріп барады. Генерал Черновтан көз үзіп қалды. «О, Құдай-й!..» — деді мырза. Ар жағынан дыбыс шықпай, құр қырылдады. Аяғын ілгері басқысы келсе де, денесін билей алмай, теңселіп тұрды да, жоғары қарады. Қара құстар бұрынғыдан да көбейіп кетіпті. Тәңірберген тұла бойынан қару іздеп таба алмады. Жә, құзғын аз ба?! Қайсыбірін құртасың?.. Бұларды торуылдап ұшып жүрген құзғындардың ар жағында, сонау заһарда шалқалап жатып алған мөп-мөлдір көк аспанға да, сол аспанда кеше қара дауыл түтіп дода-додасы шыққан бұлттың сілімтігіне де бұл дендеп ықылас қоймай, сүлесоқ, енжар көз сап тұрған-ды. Кенет шошып оянғандай болды. Аспан әлгіден де гөрі қашықтап, сырын ішіне бүккен жұмбақ дүние сияқтанып еді. Иә, аспан... Мына аспаннан өзі бұрын-соң байқамаған мүлде оқшау, тосын құбылыс аңғарғандай. «О, Жасаған! — деді ішінен. — О, Жасаған! Іші тар, қызғаншақ кісілерге не жорық?! Бір-бірімен олар қайтіп қырқыспасын?! Сен мына... Мына аспанға қараш! Аспан екеш аспанда да тыным жоқ екен ғой. Бұлт пен жел қысқа күнде қырық жағаласып, ұйқы-тұйқы майдандасады да жатады. Күн сонда туады. Ай сонда батып, түн мен күн бірін-бірі кезек жеңеді. Ай мен күн батқан сайын қай пенде мезгілсіз сөнген үмітін көргендей көңіл мұңданады. Сен тек жер бетіндегі тірліктің бұнымен таусылмасын, түннің артында күн барын, қуаныш пен реніш аралас жүретін және бір жарық күн жер бетіне қайта кеп, ертең тағы да мігерсіз өмір басталатынына сенесің. А-а?! Сенесің бе? Мен сенем бе? Ана генерал сене ме? Мына сорлы солдаттар сене ме?
Тәңірберген тәлтіректеп кетті. Миы айналып, көзі қарауытып, тап жаңа көріп тұрған көз алдындағы дүние қапелімде көмескіленіп бұлдырап барады. Тілерсектен басталған діріл бүкіл тұла бойына тарап, әлі құрып тұрды да, ілгері бір басты да тоқтады. Теңселіп тұр. Енді көре қал, бұларды торуылдап ұшып жүрген құзғындардың жолы болады! Иә, жолы болады...
Тәңірберген аяғын аннан-саннан бір басып, есік пен төрдей жерге барды да қалт тұра қалды. Көзі қарауытты. Басы айналды. Енді қайда қадам басарын білмей тұр еді. Көзін тіреген қараңғы түнек кенет жалқындап қызарып кетті. Бұл не-е? Өрт...? Өрт пе? Дүниені өрт алды ма? «Иә, сүйтті» дегендей, өрт лебіндей ыстық жалын бетін шарпыды. Бұл бетін алып қашып еді, жалт бұрылған жақтан — әлгі қызыл жалын арасынан болымсыз бір тұлға қараңдады. Бұл соған көзін тігіп еді, жаңағы қараңдаған бірте-бірте бермен жақындап, адам бейнесіне енді. Кім де болса өртке қарсы жүгірген есалаң біреу. Ой, бишара... Тоқ-та-а!.. Эй, эй, мынау таныс біреу ғой? Иә, таныс... Иә, таныды. Дәл өзі! Тәңірберген інісінің ақылға сыймайтын оғаш қылығына түсінбей, таңданып тұрды да, кенет қарқылдап күлді. Ха-ха! О, сорлы... Есалаң... Есі дұрыс кісі үстіне келген өртті қарсы жүгіріп өшіре ме? Ха-ха-ха!
Жас мырза есін жиды. Сәптіреген есірік сана қайта оралып, осынау тас төбедегі ұшы-қиырсыз көк аспан мен жарқыраған күннің бәз баяғыша мөлдіреп тұрғанын көрді. Тек әлсіз буын қаттырақ қалтырап, денесін билей алмай толықсып, теңселіп кетіп тұрған-ды. Әлгі тас төбедегі көл-көсір аспан мен аяқ астында ақ шаңдағы шығып жатқан жер бұның өзімен бірге теңселіп шайқала ма? Шайқалған аспан кейде ана шалғайы, кейде мына шалғайы жерге соғып, қайқаң етіп қайта көтеріліп кете ме, қалай? Басы айнала ма? Көкте репетсіз ірі құстар әлгіден де гөрі көбейіп, қанатын үсті-үстіне далп-далп қағады. Құстардың арғы жағында тұңғиық көк аспан мөлдірейді. Адам баласының нақақ төгілген қаны мен көз жасына керелеп, қаталап өліп бара жатқан кісіге бір жұтым су татырмай безеретін де жататын мына безбүйрек жерге қарағанда, асылы... Асылы бар-ау, мына аспан... он сегіз мың ғаламның үстіне үй көтергендей мына аспанның рахымы мен әділдігінде шек жоқ. А-а?.. Солай ма? Шын... Шын солайма? Баршаға бірдей әділ ме? Маған істегені... мыналарға істегені әділдік пе?
Жас мырза аспанға қайта қарады. Шаңқай аспан шалқалап жатып апты. Сонау заһарда жарқырайды. Құбыла бет батар күннің соңғы қан күрең қызыл сәулесімен алаулап тұр.
О, Жасаған... О, Жаппар Ие!.. Кессе қан тамбай безеретін де жататын адыра қалғыр қара жерге қарағанда, мына аспан... Аспанның әділ болмауы мүмкін емес. «Жоқ-қ. Аспан әділ, әділ!.. Әділ!» деп ол осынау опасыз сұм жалғаннан кеш байқаған пұшайман бір сырын жаһанға айқайлап тұрып жар салғысы кеп еді. Оған бірақ шамасы келмеді. Бұл кезде ол бар дауыстан жұрдай боп айырылған еді.
ТҮСІНІК
«Қан мен тер» трилогиясының ең алғашқы кітабы «Ымырт» деген атпен 1961 жылы, 2-кітабы «Сергелдең» деген атпен 1964 жылы, 3-кітабы «Күйреу» деген атпен 1970 жылы жеке-жеке кітаптар болып баспадан шыққан болатын.
М.Әуезовтің өзі көзі тірісінде үлкен үміт артқан санаулы шәкірттерінің бірі Ә. Нұрпейісовтің осы шығармасы Кеңес дәуірі тұсында қазақ сөз өнерінің еншісіне айналған роман жанрының ең ірі туындылардың бірі ретінде бағаланды. Сол баға жазушыны 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атандырды. Осыдан кейін-ақ романның халықаралық деңгейдегі бағы жанып жүре берді.
1976 жылы үш кітап біріктіріліп, осы атпен трилогия ретінде «Жазушы» баспасынан қайта шықты. Жазушының өзіндік кредосы болуы керек — әр басылым бұрынғы басылымдарға қарағанда елеулі өзгертулер мен толықтыруларға ұшырап отырады. Алғашқы басылымға қарағанда екінші басылымда осындай өзгерістерді байқасақ, ал 1981 жылғы басылымда тіпті жаңа өзгерістерді байқауға болады. Мысалы, бұрынғы басылымдарда көбірек орын алатын соғыс көріністері азайған. Кейбір басқа да құрылымдық өзгерістер мен жаңалықтар кездеседі. Тәңірберген, Еламан образдарына тән бірсыпыра бояулар да, олардың сөйлеу тіліне тән ерекшеліктер де біршама өзгерістерге ұшыраған.
Авторлық сөз қолданыстарға, стильге тән өзгерістерді де байқауға болады. Жаңа басылым, әсіресе осы баспаға ұсынылып отырған мәтін көп сөзділіктен, оқиғаны баяндау кезінде қазбалап түсіндіруден біршама арылған тәрізді. Яғни, автор шығарма туған кезең қолтаңбасындай көрінетін заманы өткен таптаурын кеңестік идеологиялық штамп белгілерінен де бас тарту жөн деп санағаны байқалады.
Ә. Нұрпейісовті өз өнер гүлзарының, өз өнер бағының өнегелі қожайынымен теңеуге болады. Ол өз «сүйіктілерін» әлде-қайдан жел айдап әкелген әлі жапырақтан да, топырақ астына байқаусыз түскен басы артық тал-бұтадан да көзінің қарашығындай қорғауды мұрат тұтады. Қажет деген жерінде одан әрі көркейтіп, жасандыра түсуге де бейіл. Оған шаршамайды да, жалықпайды да. Қайта ләззат алады. Сондықтан да оның «осы басылымға қатты-ақ қолым тиді. Тіпті, көп өңдедім. Бірақ тағы қарасам, тағы да өзгерістер енгізетін тәріздімін» деген шығармашылық көңіл күйін де түсін түстеуге әбден болады.
«Қан мен тер» — символдық атау. Қан — өмір, биік мүдделер жолындағы күрес символы. Тер — тіршілік, көнбіс бейнеткерлік пен үзілмес үміт символы. Қазақ жұртының бір өркениеттік болмыстан екінші өркениеттік болмысқа бет бұру, бір саяси-әлеуметтік формациядан екінші саяси-әлеуметтік формацияға ауысу сағатын бейнелеуге арналған туындының бар мазмұны мен мәні осы екі сөзбен-ақ сәтті беріліп тұр.
Шығармада жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ даласының ақиқаты, қалыпты тіршілігі адамдар арасындағы қым-қиғаш қарым-қатынастар арқылы — сүйіспеншілік пен бақталастық, ізгілік пен сұрқиялық, салиқалық пен сатқындық, адалдық пен көлгірлік тәрізді адами қасиеттердің шарпысуымен астасып беріледі.
Жазушы кейіпкер арқылы сөйлейді, солар арқылы өз шеберлігін паш етеді. Жазушы қаламынан туындаған алаңғасар, әпенде, істеген ісінің, сөзінің тұрлауы жоқ Судыр Ахмет, мінезі ала құйын, сөзі төбеден түскендей, ақылы келте Қарақатын — нағыз халық арасынан шыққан зергерлік үлгілерге жатады.
Осылардың ортасында, осылардың әрқайсысымен тығыз байланыста бола отырып шоқтығы биік көрінетін — шығарманың алтын тініне айналған үш бейне — Еламан, Ақбала, Тәңірберген образдары. Бұл үш кейіпкер арасындағы махаббат тағдыры шығарманың бар жүгін көтеріп тұрған негізгі ұстын. Басқа тақырыптың желілердің бәрі соған қатысты өрбіген бұлақтар.
Арал бойындағы қарапайым балықшы ауылдың бұйығы тіршілігін бұзған замана дауылының қаңбағына айналған үш бірдей тағдырдың қасірет-қайғысы болып өрілген сезім стихиясы қазақ оқырманына таныс дәстүрлі әсерден көп бөлек.
Романның соңғы бетін жапқанда уақиға біткендей әсер қалдырмайды. Еламанның жау қолынан қаза тапқаны болмаса Ақбала мен Құдайберген сахнадан шықпаған күйі қалады. Роман соңында бар дауысынан айрылған, сорақы зорлықтан қансыраған ауылының ортасында жаны өліп, жүрегі қан жылап тұрған Тәңірбергенді көреміз.
Міне, роман соңында автордың алдына қойған мақсаты орындалып, халық алдындағы парызының өтелгенін айқын байқаймыз
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі