Өлең, жыр, ақындар

Алаш зиялыларының ұлттың рухани дамуындағы маңызды ролі

Алаш және Азаттық: 100 жылдан кейінгі көзқарас

Алаш қозғалысының тарихы - қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш зиялыларының тарихи аз уақытта қазақ халқына сіңірген еңбектерін бағалау – қазіргі және келешек ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борышы деп білеміз.
Алаш зиялылары аумалы-төкпелі кезеңде, қазақ халқы келешекте жер бетінде өмір сүре ме деген сұрақ туындаған дәуірде өмір сүріп, халқының болашағы үшін бастарын бәйгеге тікті.

Алаштың көшбасшылары Ресей империясы мен жаңадан билікке келген құйтұрқы саясат ұстанған, империялық пиғылды жалғастырған коммунистердің қазақ халқына ешқандай жақсылық әкелмейтінін, келешекте Алаш өкілдерінің халқы үшін жасаған жанқиярлық іс-әрекеттерін кешірмейтінін, керегінде пайдаланып, кейін ойланбастан құрбандыққа шалатынына 1917 -1920жж. көздері жетті.
Алаш зиялыларының ерлігі- осындай жағдай болатынын біле тұра өз идеяларынан өлім алдында да бас тартпай ақырғы күндеріне дейін күресуі.

Ұлттық атауының өзі еркіндікті меңзейтін қазақ халқы Ресей империясының бодандығына түскесін де өз азаттығы жолында үздіксіз күресін тоқтатқан жоқ. XІX ғ. соңы мен XX ғ. басында азаттық күрестің екпіні уақытша бәсеңсіген тұсында қазақ жастарының бір толқыны Ресей империясының әр аймақтарында білім алып, рухани шыңдалып XX ғ. басында қазақ елінің саяси аренасына Алаш қозғалысы атымен шықты.
Алаш қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекеттері басқа елдердегі саяси қозғалыстарынан ерекшеленіп тұратыны- қазақ зиялылары саяси-мәдени қайраткерлікті тұтас ұстанып күресті.

Алаш арыстары Ресей империясындағы саяси жағдайға байланысты азатық күрестің жаңа бағытын таңдады. Бұл бағыт- неғұрлым демократиялық реформалар арқылы бейбіт жолмен, аз шығынмен автономиялық елдікке қол жеткізу, кейін орайы келсе дербес тәуелсіз мемлекет құрып адамзат қоғамдастығында іргелі ел болып гуманистік принциппен өмір сүру.

Қазақ халқының ұлттық мүддесі- тәуелсіздікке қол жеткізу үшін алаш зиялыларының көшбасшылары ортақ мақсатқа мәмілеге келіп оған жету жолдарын айқындады. Бұл азаттық күресте қазақ халқының озық ойлы тұлғаларының бастарын біріктіріп бір арнаға түсіріп Алаш қозғалысын туындатты.

Алаш қайраткерлері қазақ қоғамының өміріне белсене араласып көпбағытты саяси істер атқарды - баспасөз-ақпараттық құралдарын құрып газет-журналдар шығарды, азаттық, бостандық идеяларын, Алаш идеясын таратты, ұлттық қоғамда туындайтын қайшылықтарды бейбіт түрде шеше білді, әртүрлі әлеуметтік топтардың арасында мәмілегерлік үлкен еңбек атқарды, саяси үндеулерін, өлеңдерін, пікірлерін жариялады, қаулы-қарардар қабылдады, съездер ұйымдастырды, демократиялық негізде Алаш партиясын, Алаш үкіметін құрды, ұлттық атрибутикаларды дүниеге әкелді, Алаш автономиясын жариялау арқылы ұлтты ұйыстырды, біріктірді, тұтастырды.

Алаш зиялыларының қазақ халқының алдындағы келесі бір жасаған ұлан-ғайыр ұлағатты ісі-мәдени саладағы сан қырлы, оның ішінде әдебиет бағытындағы атқарған өлшеусіз еңбектері.

Алаш қозғалысы өкілдерінің ұлттық мәдениетті дамыту барысында шығармашылықпен істеген зор еңбектері әдебиетті, жазба және ауызша тілді, ұлттық педагогиканы, психологияны, тарихты, этнографияны, публицистиканы, баспасөзді, аударма ісін, медицинаны, биологияны, табиғаттануды, ауыл шаруашылығын, математиканы, өркениетті даму жолдарын қамтыды.

Алаш қаламгерлері шығармашылығында толымды түрде ұлт мүддесі, ұлттық патриотизм, адамды құрметтеу, жалпы адамзаттық құндылықтар, халықтың салауаттылығы, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу жолдары, қазақ халқының адамзат көшінде лайықты орын табу, ана тақырыбы, әйел теңдігі мәселесі - басты тақырыптардың біріне айналды. Ізгілік пен адамгершілікке құрылған осы туындыларда гуманистік идеал, гуманистік ой алдыңғы қатарға шығып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленді.

Отарлық жағдайда көмескіленген Ұлттық патриотизмді, Ұлттық мүддені жаңғыртты. Олардың көптеген еңбектері, оның ішінде А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтың және көптеген басқа өкілдерінің ғылыми, әдеби шығармалары Қазақстан Республикасының білім саласындағы бағдарламаларға енгізіліп мектептерде  әртүрлі пәндер аясында өтілуде. Әлі қаншама құндылықтары толық зерттелмей, игерілмей зерттеушілерді, басқа да кәсіби мамандарды күтіп жатыр.

Алаш арыстарының көзқарастары, мақсаттары, мүдделері қазіргі жан-жақты жаһандану дәуірінде керісінше өткірлене, өзектілене түсуде, оны уақыт айқындап отыр.

Алаш зиялыларының зерттелмеген сан-қырлы еңбектерін кәсіби тұғырда саралап, зерделеп, келешек жеткіншек ұрпаққа, жалпы қазақ ұлтына пайдалы еңбектерін, оған дау жоқ, білім саласындағы оқулық бағдарламаға енгізіп келешек қоғамның рухани өресін өсіруге, қазіргіден де биік белеске көтеруге болады деп ойлаймыз.

Гилымов Айдынбек

М.Т. Жұмаділ.  т.ғ.к 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз