Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы ТАУМАН АМАНДОСОВ ОҚУЛАРЫ
«Ең үздік публицистика» номинациясы бойынша
«Тау тұлға – Тауман Амандосов» атты мақала
Рахымберлинова Жанел Уалиханқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2 курс студенті,
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к., доцент Ғ. Майкотова
Журналистика – өткір пышақ! Пышақтың өткірлігі сондай, тәніңе түскен жараның жаныңды шаншымай өтпесі мүмкін емес. Журналистика – халық пен биліктің арасын жалғастыратын алтын көпір іспеттес. Журналистің басты қаруы – оның қаламы мен сөзі. Ал, тіл оның – қылышы. Бұл қылыштың кейде жүрегіңізді тіліп түсетіні де рас. Кешегі сөз құдіретін ерекше бағалаған ата - бабамыздан қалған «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген сөз бар. Бірақ, кешегі кеңестік идеология кезінде журналистке қойылатын талап та, талғам да өзгеше еді. Кез келген нәрсеге таптық-таным тұрғысынан қарап, баға берілді. Көргеніңізді де, көкейіңізге түйгеніңізді де баспасөз бетіне жаза алмайсыз. Жазғаныңыздың да бәрі бірдей жарық көрмейді. Десе де, соның өзінде сол талап пен талғамның құрсауынан шығып жарық көрген биік шығармалардың өмірге келіп, көпшілік көңіліне жол тапқаны да шындық. Осындай қиын күндерге қарамастан кейбір журналистер мен ғалымдар журналистика саласында өшпес ізін қалдырып, қамшыдай қысқа өмірін сарп етті. Төккен терлерінің әр тамшысы арқылы біздің бүгінгі жарқын болашағымыздың жайма - шуақ күндеріне жол ашты.
Осындай ғылыми-педагогикалық істері арқылы тұғыр болып қалыптасып, еліміздің журналистикасының тарихында есімімен ерекшеленген тұлғалардың бірі Тауман Салықпайұлы Амандосов болды. Атырау аймағының төл тумасы болған ғалым, ұстаз 1921 жылы 5 желтоқсанда Балықшы ауданы Кеңөзек ауылдық кеңесінің Қайыршақты ауылында дүние есігін ашады. Жастайынан жетім балалар үйінде өсіп, тағдыр тауқыметін көп көрген тұлға қарапайымдылық қасиетті қараңғылыққа шомған өлкеге нұрын шашып тұратын жарық сәулеге теңеген екен. Себебі, өз естеліктерінде: «Адам қандай биік таудың тасын аяғының астында таптап тұрса да, бір күні сол тастың астында жатады» дейді. Орта мектепті бітірген соң, «Социалистік құрылыс» газетінде жұмыс істеп, редакцияның бөлімше бастығына дейін қадам басады.
1946 жылы Қазақ мемлекеттік университеті, филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. Университет қабырғасында жүріп-ақ, газет-журнал редакцияларында тілшілік қызметтер атқарады. Университетті үздік бітіргеннен кейін, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, журналистиканың алып жолына салу үшін сол ҚазМУ - дың журналистика кафедрасында оқытушы қызметінде қалдырылады. 1955 жылы кандидаттық диссертациясын қорғағанда, оның бірінші оппоненті болып Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, профессор, жер-жаһанға белгілі жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов болды.
Тауман Амандосов – қазақ публицистикасының теориясы мен практикасы туралы тұңғыш рет жан-жақты мұрағаттық зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазған ғалым. Ол «Қазақ публицистикасы бүгін», «Достық ағымы» сынды кітаптардың, «Қазақ совет баспасөзінің жанрлары» және «Совет журналистикасының теориясы мен практикасы» атты жоғары оқу орнына арналған оқулықтардың, сондай-ақ «Журналист және өмір», «Газет жанрлары» атты оқу құралдарының авторы болды. Өзінің еңбекқорлығымен, талантты шығармашылығының нәтижесінде мамандарға өте қажетті деректермен жинақталған И.Б.Богданов, Б.А.Вяземский сияқты орыс ғалымдары жазған «Журналист анықтамалығын» қазақ тіліне аударып шықты. Білім ордасы ҚазМУ-да қызмет атқарып жүріп өзін талантты ғалым және үздік педагог ретінде таныта білді.
Профессор Тауман Амандосов ғылыми-педагогикалық жұмыстарды ғана емес, сонымен қатар әкімшілік қызметтерді де бірге атқарады. 1952 жылдан университеттің сырттай бөлімінің проректоры болды. 1959 - 1966 жылдар аралығында ҚазМУ-дың филология факультетінің деканы болып түрлі басшылық қызметтер атқарды. Осы жылдары журналистика филология факультетінің бөлімшесі ғана болатын. 1966 жылы Тауман Салықпайұлының белсенділігімен қазіргі журналистика факультеті құрылады. Оның бірінші деканы болып та Т. Амандосов сайланады да, факультетті 10 жыл бойы басқарады.
Сол жылдардағы күрделі жағдайларға қарамастан батыл да жауапкершілігі мол Тауман Салықпайұлы Қазақстан мен Орта Азияда баспасөз бен телевизияға кадрлар даярлайтын идеология факультетін ашқан болатын. Кейбір жоғарғы орындарда отырғандардың қарсылық танытқан әрекеттеріне қарамастан, көрнекті ұстазымыздың журналистика бойынша кадр мәселесіне ерекше жанашырлық танытып, ұлттық мектепті ашуға үлес қосуы үлкен ерлік істермен пара-пар десек болады.
1971 жылы Тауман Амандосовқа профессор ғылыми атағы беріледі. Бұл жөнінде республикалық «Казахстанская правда» газетінде: «Осы күнге дейін Қазақстанда журналистика теориясының профессоры жоқ еді, ал енді ондай маман бізде бар, ол кафедра меңгерушісі Тауман Салықпайұлы Амандосов» деп жазылыпты. Бәлкім, заманның тарлығы болар, ол уақытта 15 республикада тек 7 профессор болған екен. Факультет деканы Тауман Салықпайұлы «Телевизия мен радио», «Қазақ журналистикасы», «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» деп аталатын бірнеше кафедралар ашып, оны өмірінің соңғы күндеріне дейін өзі басқарады.
Жаңа ғылыми мектеп ашу кез келген ғалымның тағдырына бұйырмаған бақ десек артық айтқандық емес. Үлкен бақтың иесі атану үшін, қаншама еңбектер жариялап, халықтың ықыласына бөлену қажет. Осылайша сан жылдар өткен сайын журналистер қауымына тау тұлғалы Тауман Амандосовтай кемеңгер ұстаздың білім беруі арқылы ғылыми мектептің іргесі қаланып жатты.
Ол қазақ публицистикасының негізін қалады
Күні бүгінге дейін оның еңбектері Орта Азия елдерінің кітапханаларынан орын тепкен. Ал, жетістіктеріне келер болсақ, Т. Амандосов докторлық диссертациясын «Қазіргі заманның қазақ публицистикасы» тақырыбында қорғап, Қазақстан мен Орта Азияда журналистика мамандығы бойынша бірінші ғылым докторы атағын алады. Ол делегат болып журналистер одағының ІІ,ІІІ,IV съездеріне сайланды, ал ІІІ съезінде КСРО журналистер Одағының басқармасының мүшесі болды. Қазақстан журналистер одағының қатарынан көрінді. Көп жылдар бойы Алматы қалалық журналистер одағын басқарды. Ол біршама журналистердің, талант иелерінің көзін ашты, жол сілтеді.
Оның жетекшілігімен диплом жұмыстарын қорғағандардың ішінде Әбіш Кекілбаев, Қуаныш Сұлтанов, Мырзатай Жолдасбековтер бар еді. Қазақ журналистикасының тарихындағы бірегей де білікті ұстаз Тауман Амандосовты шәкірттері бұл күндері «ғажап адам» еді деп еске алады. Қай өңірге барсаңыз да, Тауманның талап пен талғамының нәтижесі мен жемісін көреміз. Оның шәкірттері де өте көп болды.
Ұстазы жайлы естеліктер жазып, оған ең биік баға берген шәкірттерінің бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Жақып Бауыржан Өміржанұлы болатын. Шәкірт-ұстаз БАҚ-қа берген сұхбаттарының бірінде «өзінің ұстаздықпен, ғылыми еңбекпен айналысуына үлкен сара жол салған Тауман Амандосовтың бір ауыз сөзінің нәтижесі» болғандығын ерекше мақтан тұтады.
Бұл 10 жыл бұрынғы сұхбат болғанмен, оны жандандырып әрі жаңартудың қажеті жоқ. Осы орайда «Әкеңнің өзі өлсе де, көзін көрген өлмесін» дейтін ұлағатты сөз бар екендігі анық. Міне, ұстазға берілген шынайы баға! Міне, жоғары құрмет! Ұстазына бас иген ақын Бауыржан Өміржанұлының ұлы тұлғаға деген ерекше сыйластығын осы сұхбаттан айқын аңғара аламыз. Бұдан Т.Амандосовтың өлшеулі ғұмырында шәкірт алдында жинақтаған абыройы мен мақтанышын байқаймыз. «Адамға атақ емес, абырой маңызды» деген сөздің мағынасын осындайда түсінсек керек.
Тауман Амандосовтың көзін көрмесек те, ол кісі туралы айтылған барлық пікірлерді оқуға тырысамыз. Себебі ол жайлы қызықты оқиғалар да, пікірлер де сан алуан. Мысалы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубеков ғалымды «Аузы дуалы абыз Амандосов» деп бағалайды. Қанаты кеңге жайылып, өшпес қырлары мен сырлары тұңғиыққа таралған Т.Салықпайұлының өңі сұсты болғанмен, жаны жұмсақ болған деседі.
Кез келген шәкіртінің жүрегінде мәңгі сақталған ұлт ұстазы, Ахмет Байтұрсыновтай өз орнын журналистиканың төрінен тапқан, қазақ журналистикасының биік мұнары, қырағы қыраны, ақ сұңқары Тауман Амандасов биыл 100 жасқа толып отыр. Абыз ғалымның еңбектерін оқымай, оның өнегелі өмірі жайында толғаныс танытпай журналистикаға қадам басуды үлкен қателік деп ұғынған жөн. Оның соңында қалған теориялық құндылықтары мен еңбектері тек журналистер қауымы үшін арналған. Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, «Қараңғылықтың көгіне өрмелеп шығып күн болам, күн болмағанда кім болам?» демекші, ол қазақ журналистикасы теориясының ғылыми шамшырағын жаққан жарық жұлдыз болды. Алып тұлғаны сөйлеген сөзіне ісі сай келетін азаматтардың бірі десек еш қателеспейміз.
Журналистер арасында да «Тауман Амандосов – қазақ журналистикасының атасы» деген сөз жиі айтылады. Журналистер қауымының ғалымға осындай баға беруі, оның сан жылдардағы ұстаздық еңбегінің арқасы деп білеміз. Ол өмірінің соңғы жылдарында «Базардан біздер кетеміз, сендер келесіңдер» деген осы бір асыл сөзінің астарында теңіздей терең мағына бар. Сынаптай сырғып өтіп жатқан өмірдің алма-кезек екендігі баршамызға аян. Расымен де солай, біздер болашақ журналистер профессор Тауман Амандосовтың журналистика майданына салып берген сара жолымен алға қарай қадам басып келеміз. Журналистиканың кемел келешегі жастардың қолында!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі