Корейская косметика премиум класса

Цифрлар сөйлесін

Қазір бізде мылжыңдықтың мерейі үстем болып, сөздің қадірі кетіп тұр. Ойларына не келсе соны жазады, аузына не келсе,— соны айтады. Мұндай жағдайда біздің ұлттық мәселелерімізді байсалды түрде талқылап шешу мүлде мүмкін емес.

Біреуі елдің экономикасын арттыру үшін жоспар керек дейді, екіншісі — күрделі қор керек дейді, үшіншісі — несие керек дейді. Біртұтас бағыт болмаған соң жұртшылық пікірін қалыптастыру қиындайды және берекесіздік белең ала береді. Ал егер біз барлық мәселелерді цифларға сүйене отырып ғылыми негізде шешсек, ол мәселелердің барлығы баяғыда-ақ реттеліп бітетін еді. Қашанда болсын істің түйінін цифрлар шешеді.

Кәне, цифрлармен сырласып байқайық.

Айталық: халқымыздың өсу қарқыны жылына үш процент, ал ұлттық табысымыздың кему қарқыны екі процент дейік. Бұл жағдайда экономиканы дамыту үшін экономикалық өндірістің өсу қарқыны ең кемінде жеті процент болуға тиіс. Ал өндірісте еңбек етіп жүрген және ұлттық табыстың алпыс процентін қамтамасыз еткен жүмысшылар бұл табыстың он тоғыз процентін ғана алады. Бұдан нені білуімізге болады? Келіңіз, цифрларды сөйлетейік. Экономикалық өндірістің өсу қарқынындағы жеті процентті аламыз да, халықтың өсу қарқынындағы үш процентке көбейтеміз, төртке бөлеміз, қалдығын он тоғыз проценттен алып, сонсоң бес процентке бөлеміз. Қанша болды? О! Бұл ойыншық емес! Енді бұны алпыс процентке қосамыз, үш процентке көбейтеміз, үш жарымға бөлеміз. Сонсоң бұдан шыққан нәтижеге тоғыз жүз сексенді, яғни бағаның осу процентін қосамыз және 589561-ді (менің телефон нөмірімді) тағы қосамыз. Қанша болды? Міне, көрдің бе, алақаныңа салғандай ап-айқын боп шыға келді!

Әрқашан осылай істеу керек. Мәселені талқылауға кіріспес бұрын цифрларды сайлап алған жөн. Содан кейін барып есептеп кеп жіберсең,— бәрі де беп-белгілі бола қалады, жағдайдың әлі де соншама үмітсіз емес екенін сезесіз... Біздің құрметті премьер-министріміз кез келген мәселені талқылау үшін қашанда болсын әуелі цифрларын сайлап алады.

Ескерту. Егер сіз мәселені цифрларға сүйене отырып таза ғылыми тұрғыдан шешуді ойласаңыз, басыңыздың размерінің тура жартысын көрсететін цифрды алыңыз да, оны бойыңыздың ұзындығына көбейтіп, сонсоң салмағыңызға бөліңіз...

Сонда, жер-көктен іздеп таба алмайтын ғылыми ақиқат ақпарлар сіздің қолыңызда болып шығады!

Әңгімені орысшадан аударған Ғаббас Қабышев


Қарап көріңіз

×