Шығармаға беташар жазу әдетімде жоқ еді, Прагадағы достардың сұрауы бойынша бірнеше сөз айтуға тура келді.
Қазақ жерінің бір шетінде боран соғып жатса, екінші шетінде күн шуақ — жаз болып тұрады. Әуесі, реңі әр қилы осы ұлан-байтақ кең жерде кеше жүріп мал баққан, қаласы, мектебі болмаған, халқының жүзден екеуі ғана сауатты елде тудым. Қай күні, қай айда туғаным белгісіз, өйткені ешқайда жазылмаған, елімізде ондайды жазу салты болмаған. Тек ержете, сауатымды аша келе сұрастырып білдім — 1902 жылы көктемде туыппын.
Ресейде Ұлы Октябрь революциясы жасалғанда он бесте екемін. Бүгінгі он бес жасар қазақ баласы Үндіқытайда не болып жатыр, Франция үкіметі қашан өзгерді... бәрін біледі. Ал, мен біздің ауылдың жанындағы Қарағанды заводында не боп жатқанын білмедім. Дүниені теңселте келе жатқан Октябрь дауылына ақыра қарадым. Сол дауылдың ішінен «Ленин», «Совет» деген екі сөз нажағайдай жарқылдап тұрды. Біреулер жер бетін жайпап долы келеді десе, біреулер жер бетін жарылқап нөсер келеді, деп жатты. Қайсысын кімдер айтты, ол кезде мен біле алғаным жоқ. Октябрь өтіп, бейбітшілік өмір басталғаннан кейін жаңа өмірге араласа келе білдім. Қоғам ішіндегі тап күресі, таптық мақсаттар дегендерден тыс ешбір үн не әрекет жоқ екен. Бір кездегі ойы, бойы жас мен сияқты, менің елім сияқты халықтар жер бетінде әлі аз емес. Демократиялық тәртіп орнаған, социализм жасап жатқан елдерге олардың да қапелімде аңыра қарауы, әрқайсысы таптық мақсатқа бұра жоруы табиғи нәрсе. Сонымен қабат совет халқы сияқты ұлы армандарға жетуі де табиғи нәрсе.
Арман дегенің өзі әр қилы ғой. Оның да үлкені, кішісі, халықтығы, өз басымдығы бар. О да кішіден үлкейіп отырады. Маған ауыл баласы кезімде шыттан жаңа көйлек, ауыл жігіті кезімде биік өкше былғары етік кию де арман болып жүрді. Жазушылық мақсат тіпті бертінде келді басыма. 1929 жылы әңгімелерімнің тұңғыш жинағы шыққанда да жазушы болам деген сенім жоқ, тек жаңа өмірден алған әсерімді ішке сақтап тұра алмай сол қалпында айта салғамын. Содан кейін он жыл бойы өзімді басқа кәсіптерде сынаумен жүріп, ақыры 1939 жылы ғана жазуға біржолата бет бұрдым. «Қарағанды» менің төртінші романым.
Әр романды бастағанда бұл тақырыпқа мен ғана жазып отырмын бұл жайды мен ғана білемін деген мақтаныш туды көңілде. Бірақ, мен жазып бітіргенше, кітап жарыққа шыққанша, оның ішіндегі жаңалықтардың өзі тарап кетті халыққа. Бізде өмір ағысы соншалық шапшаң, уақиғалар соншалық жиі туады — жазушы қаламы ілесе бермейді. «Қарағанды» жазылғалы әлі үш жыл толған жоқ, бес peт басылды. Бесеуінде де түзетіп толықтырып отырдым. Ең соңғы рет Москвада, орыс тілінде «Советский писатель» баспасы басып шығарған вариантына да біраз өзгерістер енді.. Ол өзгерістер «Қарағандының» бұл қазақшасына чех тіліне аударылып отырған вариантына әрине ене алмады. Бірақ, бұдан келер елеулі кемшілік болмауы керек. Көз алдымда жасалған, жасаушы жұмысшы көптің бірі өзім болған осы Қарағанды қаласының, оның адамдардың толық сипатын бере алдым дей алмаймын. Өйткені ол сипат әмен өзгеріп, ұлғайып отырады.
«Қарағандыға» Чехословакия оқушылары өз пікірін айту үшін автордың, оның халқының бұрынғысы, қазіргісі жайында айтылған бұл аз сөздер бірсыпыра дерек берер деп ойлаймын.
1953
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі