Қазақ совет жазушыларының екінші съезінен бері он бес жыл өтті. Бұл он бес жылда совет елінің көркі орасан өзгерді: құрғақ далаларда көлдер, өзендер, теңіздер жасалды. Ат аяғы, құс қанаты талатын ұзақ жолдар қысқарды: аспанда самолет, жерде поездар, машиналар қаптады.
Елсізге ел: жаңа өндірістер, қалалар, совхоз, колхоздар орнады. Жер бетіндегі, жер астындағы байлықтарды табуда, пайдалануда алып адыммен алға бастық. Осының бәрі халықтың мәдениетін көтере, еңбек өнімін арттыра келді. Егер осы экономикалық, мәдениеттік табыстарды шаруашылық қызметкері баяндаса, әр сөзін жеті-сегіз буынды цифрмен дәлелдеп берер еді. Кеше ғана дүниені күйретіп, еңбекші адамзатты қырғынға ұшыратқан екінші жер жүзілік соғыста Совет Отаны, социалистік система мейлінше қатал, мейлінше қатерлі сыннан етті. Ұлы Отан соғысы көп ұлтты совет елінің мойымас күшін, бұзылмас бірлігін ғана көрсетіп қоймай, одан да басымырақ, айқынырақ етіп совет адамдарының рухани дүниесінің беріктігін, көркемдігін көрсетті. Совет өмірі қанша бай, қанша қызықты болса да сонет адамдарының ойы одан әлдеқайда асып жатады. Біз, жазушылар, алдымен осы жан дүниесін көріп қуанамыз. Өйткені бәрін жасаушы адам. Сондықтан, социализм жолындағы табыстардың ішінде ең қымбаты, осы жан дүниесіндегі табыстар болу керек.
Бұдан он бес жыл бұрын ойға келмеген, келсе жоспарға енбеген талай тілектер бұл күнде орындалған іске, халық игілігіне айналып кетті. Экономикада, мәдениет, саясатта Совет Одағы қазір сондай дәрежеге көтерілді, — ол есіне түскенде сонау мұхиттардың ар жағындағы дұшпандары қорқыныштан, достары қуаныштан тиып ұйықтай алмайды. Бейбітшілікті, бостандықты көксеген дүние еңбекшілерінің көңіліндегі үлкен сенім — СССР еді. СССР мен қазір демократиялық елдер тізе қосқан шақта, ол сенім зорая түсіп, дүние еңбекшілері бейбітшілік, бостандық жолын айқынырақ көретін, батыл күресетін болды.
Әдебиет тақырыбына келместен бұрын бұл шолуларды әлдеқалай жасап тұрғаным жоқ. Біздің әдебиетіміз халықтық әдебиет. Оның арқауы — халықтың өмірі, ойы, ісі. Ол соларды айнадай көрсетіп тұрады. Сондықтан, совет халқы жеткен табыстарға оның әдебиеті де ортақ, сондықтан, совет әдебиеті жер жүзінде ең шыншыл, өміршіл, адамға көмекші, озық әдебиет саналады.
Қазақ әдебиетіне келместен бұрын бүкіл совет әдебиетін ауызға алуым да әлдеқалай емес. Өйткені, совет әдебиетіне тән қасиеттерге, ол жеткен табыстарға қазақ әдебиеті де ортақ косқан үлесі бар. Кеш туса да, шапшаң өсіп келе жатқан қазақ әдебиетінің бойындағы сенім сонша — ерте туған егде әдебиеттермен жарысуға жасқанбайды.
Халық өмірінің қай саласын алсақ та көзге алдымен табыстар түседі. Бұл табыстарға қалай жеттік деп біреу сұрай қалса, совет елінің мектеп баласынан бастап, саудыраған шалына дейін мақтана тұрып жауап қайырады:
— Бізді бастап жеткізген Коммунистік партия! — дейді.
Әдебиетімізді де бастаушы, мәпелеп өсіруші Совет Одағының кемеңгер Коммунистік партиясы.
Он бес жылдан бергі — екінші съезд бен үшінші съездің аралығындағы қазақ әдебиетін талқылағанда негізгі бірнеше мәселенің ғана төңірегінде пікір айтуды қажет көрем.
Социалистік реализм бағытындағы әдебиет шыншыл болуға, айтам дегенін күмілжімей, бұлтақтамай, атап, анықтап айтуға тиісті. Айтқандарының бәрі адамды социалистік рухта тәрбиелеуге тиісті. Сонымен қабат революциялық романтикамен өмірдің алдын да шола отыру керек.
Жазушы жазбастан бұрын материал іздейді. Өмірде материал өте көп, бірақ, бәрі бірдей жарамды емес. Осы материал тануға келгенде талай жазушы шатасқан, әлі де шатасушылар табылады. Маркстік диалектикаға сүйенген, социалистік реализмнің негізгі бір сипаты болып отырған революциялық романтика шындық, факт деген аттарымен шығармаға әйтеуір өмірде барды тыға беруге, яғни, натурализмге, формализмге мүлде қарсы. Революциялық романтика бардың бәрін дәріптемейді, олардың ішінде келешегі барын ғана алуды, өмірдің артында емес, алдында болуды үйретеді.
Міне, осы социалистік реализм әдісін меңгеруде қазақ жазушылары қай дәрежеде тұрғанын анықтауымыз керек.
Абай сыншыл реализмді орыс классикасынан үйренді. Біз социалистік реализм әдісін орыстың социалистік озық әдебиетінен үйренеміз, үйреніп те келеміз. Үйрену деген — көшіріп не жаттап алу емес, творчестволық меңгеру. Сөйтіп, өзіңе тән жаңа сөз айту екені белгілі нәрсе. Қалай үйреніп келеміз? Тексерелік, бұ да әдебиеттің негізгі мәселесінің бірі.
Көп ұлтты совет елін біріктіріп тұрған ұлы күш бар. Оның аты — достық. Ұлттар достығын советтік ешбір әдебиет ұмыта алмайды. Бірақ, осы тамаша тақырыпты тамаша етіп көрсете алдық па? Кімдер қалай көрсетіп жүр? Әңгіме осы жайлы болу керек.
Халық тілегімен санасу — әдебиеттік те міндет. Бір тілек бар — бес, он жылда орындасаң да күтеді. Бір тілек бар — бес, алты ай да күтпейді. Бұл — біздің әдебиетіміз өмірдің маңызды мәселелерін көрсетіп отыру керек, — деген сөз. Халық әдебиет жанрларының, тақырыптарының бай болуын сүйеді. Сондықтан, әдебиетіміздің жанр, тақырып, сонылық жағын да әңгімелемей кете алмаймыз.
Әр әдебиеттің өзіне тән ұлттық түрі болатыны белгілі. Бірақ, түр дегеннің өзі қатып қалған нәрсе емес, оны да өзгертіп, жаңартуға болады. Ескі заманнан қалған эпостарымыздың, ауыз әдебиеттеріміздің түрін жаңа заманда туған жазба әдебиетіміз қабылдай бермейді. Өйткені, түр мазмұнға бағынышты, мазмұн мүлде өзгеріп кетті. Бұл сөзден ескінің бәрін жұлып тастау керек деген ұғым тумасын. Ескінің жарамдысын пайдалана отырып, жаңаны жасай берелік демекпін. Рас, әдебиет түрі өте кеш өзгереді, ұзақ жасайды. Қанша ұзақ жасаса да «әриайдай, ақ серкенің мүйізі қарағайдай» деп жырлай алмаймыз бүгін. Жаңа мазмұнды, озық идеялы әдебиетіміз өзіне тән ұлттық түр таппай тынбайды. Осы табу жолында неміз бар? Aтап айту керек.
Әдебиеттік бұл талаптар шығарманың партиялық, халықтық рухына қарай, жазушының шеберлігіне қарай толығып, көркейіп немесе кеміп, жүдеп отырады. Сондықтан, әдебиеттік сипаттардың әрқайсысы партиялық, халықтық дәрежесіне, шеберлік дәрежесіне қарап бағаланады.
Осы айтылған шарттарды еске сақтай отырып, енді әдебиетіміздің ішіне еніп көрелік.
Әдебиетіміз әрдайым өсіп отырды. Екінші съезд бен үшінші съездің аралығындағы он бес жылда Бүкілодақтық озық әдебиеттердің қатарына қосылды. Бұл он бес жылдық өсу жолы үш бөліп көрсетуді тілейді. Атап айтқанда: соғыс алдындағы жылдар, соғыс кезі, соғыстан кейінгі уақыттар.
Мөлшермен алғанда отызыншы жылдардың бірінші жартысына дейін әдебиетімізде, әсіресе поэзияда советтік идея басым еді де, советтік өмірдің өзін көрсету жағы солғын еді. Отызыншы жылдардың екінші жартысынан былай біздің әдебиет өмірдің өзін көрсетуге бет бұрды:социалистік құрылыстың табыстарын, халықтар достығын, Совет Одағының Конституциясын, партияны, үкіметті жырлады. Осы кезде барлық жанрлар үн қосып, батыста, шығыста дайындалып жатқан екінші жер жүзілік соғысты әшкереледі, халқымызды қырағылыққа шақырды, кешеден бүгін жақсы істеуге, партия мен үкімет төңірегіне бұрынғыдан да бекем топтала түсуге шақырды. Бұл кездің бір өзгешелігі — әдебиетіміздің үлкен және ең аз түрі — поэма, бес-алты роман бірнеше пьесалар жазылған екен. Солардың ішінде Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» (қазіргі «Ботагөз»), Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Тайыр Жароковтың «Тасқыны», Әбділда Тәжібаевтың «Абыл», «Оркестрі», Асқар Тоқмағамбетовтың сатиралық өлеңдері, Ғали Ормановтың лирикалары — бұл күнге дейін халқымыз сүйіп оқитын шығармалар болып қалды.
Қазір елеулі жазушыларымыз болып отырған Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Әбу Сәрсенбаев, Қалижан Бекхожин, Қапан Сатыбалдин, марқұм Абдолла Жұмағалиев, Саттар Ерубаевтардың алғашқы лебізін сол кезден естідік. Жиырмасыншы жылдары әдебиетке келген жастардың көбі тек талантымен келсе, бұл жастардың көбі орта, жоғары дәрежелі білім алып, орыс әдебиетін бірсыпыра оқып үйреніп келді.
Сонымен, Ұлы Отан соғысы алдында әдебиетіміздің тағы бір белге көтеріліп келе жатқаны айқын еді. Отан соғысы бүкіл советтік системаны қатал сыннан өткізді, адамдарымыздың бойында бұрын ашылмаған қасиеттерді ашты, халық жігерін қайнатты. Соғыс, әдебиеттен мейлінше өткір, шапшаң болуды тіледі. Партия мен халық ол тілекті орындауға шақырды. Бұл тарихи кезеңнен әдебиетіміз әсем өтті деуге болады. Соғыс күндерінің талабы бойынша «Сын сағатта», «Қынаптан қылыш», «Қырағылық», «Намыс гвардиясы» сияқты бірнеше үлкен пьесалар, ондаған ұсақ пьесалар жазылды. Әдебиеттің ең кенже жанрының бірі — публицистика зор күшке айналды. Әуезов, Мұқанов, Мүсрепов, Тоқмағамбетов сияқты аға жазушылардың халық ашуымен суарылған мақала, очерктері өз алдына, бұрын үні естілмеген Бұлқышев сияқты жастар окопта жатып жауын оқпен ғана атқан жоқ, өткір мақала, очерктермен де атып жатты. Аманжолов, Әбілев, Саин, Сәрсенбаевтардың майданда жазған өлеңдері бұрынғы өлеңдерінен әлдеқайда нәрлі, көрікті болып шықты. Қазір дұрыс өсіп келе жатқан X. Ерғалиев, М. Иманжанов, С. Мәуленов, Ж. Молдағалиев, Қ. Ұябаев, М. Әлімбаев сияқты бір топ ақын-жазушы соғыс үстінде келіп қосылды қатарға. Жамбыл бастаған халық ақындары еш уақытта соғыс кезіндегідей тұтасқан зор үнмен жырлаған емес. Жамбыл үні бүкіл жер жүзіне естілді. Ұлы ақынның «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі ең қысылшаң шақта тылдағы халықтың, майдандағы армияның бойына қуат беріп тұрды.
Әдебиет ескендігінің айқын белгісі — үлкен проза. Бұл, шабан өсетін, уақытты көп тілейтін ауыр жанр болғанымен қысылшаң соғыс жылдарында да өсуін қойған жоқ. Әлденеше роман, повестер жазылды. Солардың ішінде тарихи тақырыпқа Әуезов жазған «Абайдың» бірінші кітабы, соғыс тақырыбына Мүсрепов жазған — «Қазақ батыры (қазіргі — «Қазақ солдаты»), колхоз тақырыбына жазылған — «Шығанақ» романдары соғыс жылдарының жемісі болатын.
Атай берсек шығармалар да, авторлар да көп. Осы аталғандардың өзі-ақ әдебиетіміздің үздіксіз өсу жолында екенін дәлелдер деймін. Бірақ, қанша өстік десек те, қазақ әдебиеті өскен әдебиеттің қатарына соғыстан кейінгі жылдарда ғана қосылды. Онда да прозамен қосылды. Қазақ поэзиясы Абай сияқты классигі, бай эпосы, көптеген ауыз поэзиясы бола тұра және жазушылар коллективінің қаптал көпшілігі ақындар бола тұра жас прозадан кейін қалды. Бұны ақын жолдастар есінен шығармауға тиісті.
Біздің проза Октябрьден кейін туды. Онан арғы Абай Құнанбаевтың ғақлия сөздері, Ыбырай Алтынсариннің әңгімелері, Спандияр Көбеевтің «Қалың малы» немесе Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» тек айтарға болмаса, прозамыздың өсуіне елеулі әсер ете алған жоқ. Біз үлгіні, нәрді орыс прозасынан алып келеміз.
Соғыстан кейінгі жылдарда отыз шақты роман, повестер жарыққа шықты. Олардың тақырыбы алуан-алуан: жұмысшы табы, колхозды ауыл, халықтар достығы жайында, өзгерген табиғат, адам, соғыс, халқымыздың өткені жайында айтады. Қазақ прозасы еш уақытта сан жағынан болсын, тақырып жағынан болсын бұндай дәрежеге жеткен емес.
Өсу жолы — күрес жолы. Қате, кемшіліктер де аз болған жоқ, бәрі күрес үстінде жойылып келеді. Партия бізді сол күреске әрдайым бастап, көмектесіп отыр. КПСС Орталық Комитетінің әдебиет, искусство туралы 1946-1948 жылдары алған қаулылары әдебиетімізге жаңа бағыт берді, өсу жолында біздер асқан белгілі бір кезең болып қалды. Оған дейін ескі тақырыпқа тым үйір едік. Кенесары сияқты бас кесер ханды да біраз дәріптеп алдық. Бірсыпыра жазушының шығармаларындағы идеясыздық, саясатсыздық нышаналарды кезінде байқай алмадық. Осының бәрін көруге, жоюға Орталық Комитеттің сол тарихи қаулысы зор көмек етті, жақсы шығармаларымыздың көпшілігі сол қаулыдан кейін туды.
Қазақ әдебиеті озық әдебиеттердің қатарына қосылды, қосылғанда прозамен қосылды дегенде, алдымен «Абай» романын аламыз ауызға. Бұл романның ақырғы — төртінші кітабы биыл жазылып бітті, әлі жарыққа шығып үлгерген жоқ, үлгермесе де, алғашқы кітаптарда қапы кеткенін бұл кітапта автор қатты ескеріпті.
«Абай» романы туралы көп айтылды, көп жазылды. Жақсы шығарма айтқан сайын жаңара түседі, ашылмаған қасиеттері ашыла түседі. Мен бұл романның негізгі бірнеше қасиетіне тоқтамақпын.
Роман тарихи шындықты айтады. Шындықтың болғаны, болашағы бар, екеуін бірдей қамти айтады. Адамның жан құбылыстарын, сыртқы сипаттарын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, табиғат суреттерін беруде — бұл роман өзінен бұрынғы қазақ әдебиетінен анағұрлым жоғары көтерілді, өзінен кейінгілерге әлі жеткізбей келеді. Халықты қараңғыға, тұңғиық тереңге айдаған қара күштердің зор тұлғасы Құнанбай, оған қарсы халық туын, ізгілік ұранын көтере шыққан Абай — романның ішіндегі ең ірі образдар. Бұл қарама қарсы жасалған екі образдың қазақ әдебиетінде әлі теңдесі жоқ. Әуезовтің ең үлкен қасиеті — он тоғызыншы ғасырдағы қазақтардың ұлттық мінездерін сипаттауда жатыр.
«Абай» романы көшпелі қазақ аулын өзгешеліктерімен жақсы, жаман, әлді-әлсіз жақтарымен тұтас алып көрсетеді. Надандық, таптық, рушылдық, феодалдық қат-қабат шырмаулардың ішінде арпалысқан Абайды, Абайды ғана емес, халықтың өзін көреміз. Дәуір сырын, халық тұлғасын автор мейлінше кең, тере алып берген. Романның халықтық жағы басым.
Петр мен Бейсембайдың айыл-шеттік тамырлығын немесе Жылқыбайдың Наташаға үйленуін біреулер бір кезде ұлт достығы деп жүрді. Ұлт достығы одан әлдеқайда тереңде, халықтардың материалдық, рухани тілектері қабысуында жатыр. «Абай» романында ұлт достығы дәл осы тұрғыдан көрсетіледі.
Жас Абайдың бетін әкесі Құнанбай кертартпа шығысқа — исламға бұрады. Есі ене бастаған Абай батысқа — орыс мәдениетіне ұмтылады. Семей кітапханаларында, өз үйінде Абайдың сарылып орыс кітаптарына үңілуін, балаларын орыс мектебіне беруін, Михайлов, Андреевтермен достасуын былай қойғанда, Татьянаның қазақша сөйлеуінде терең сыр жатыр. Пушкин орыс қызының халін, мұңын егіле отырып жазса, Абай да егіле отырып, сол Татьянаға қырдағы қазақ қызының үнін қосты. Қосылған бұл үндер бүкіл қазақ даласына жайылды. Абай аударманы кәсіп еткен оны қозғаған екі халықтың қабысқан мәдени, рухани армандары еді. Әуезов бұл жайды үлкен махаббатпен, шебер, көркем, терең жазған. Ұлт достығы дегенді халықтық мағынада алған.
Романның тілі орамды, мағыналы, тапқыр екендігі өз алдына, сонымен қоса бай. Салақтықтан, білмегендіктен, кейде тіпті жалған сақтықтан халық жасаған бірсыпыра тіл әдебиетімізден қағажу қалып жүрді. «Абай» романында халық тілі кең қолданылған, олардың қайсы біріне автор жаңа мән сала, жаңа әсер бере отырған. Жылдар өтер, біздің тарихшыларымыз жазушының, кітаптың тіл байлығын терең зерттейтін болар, сонда «Абай» романының бұл қасиеті арта түсетіндігінде күмән жоқ.
Абай дәуірі түгілі колхоздасудан бұрынғы ауылды осы түнгі жастардың көбі білмейді. Өйткені, тіпті тез өзгерді ауыл, орасан өзгерді. Біздің өзіміз «Абай» романындағы халықтық кейбір салттарды білмейміз. Тарихты тек тарихи ғылымдардан ғана үйренуге жетімсіз. Жақсы шығарма оқушыға эстетикалық ләззат берумен қатар, білім де береді өмір тануға жәрдем етеді. Өткен қауымның салтын, әдет-ғұрпын, күнкөріс тәсілдерін, жалпы елдік қағидаларын білу қажет десек, «Абай» романы бұл жағынан да өте құнды кітап.
Осы кітап жиырмасыншы, отызыншы жылдары тумай келіп, қырқыншы жылдардың екінші жартысында қалай туа қалды? Оның бас себебі: прозамыз қырқыншы жылдарға дейін есейе алмады. «Абай» романы сияқты романды тек есейген, өскен прозаның ортасынан шығады.
«Абай» романын сөз қылғанда социалистік реализм әдісі қалай қолданылды екен — деген заңды сұрақ туады. Бұл сұраққа дұрыс қолданылған, деп тура айтамыз. Бұған бар күшін салып, бір жағынан — кертартпалықты ескілікті жек көруге баулыса, екінші жағынан — бар қуатын салып, болашаққа, алдағы жарқын жақсылыққа тартады. Осы екі сипат тарихтық романдағы социалистік реализмнің айқын айғағы болады.
Әуезов жазушылардың III съезінің қарсаңында он үш, он төрт жылдық еңбегін аяқтады. Бұл өзі көлемі екі мың, бетке жуық, төрт кітаптық серия. Бұнда бір халықтың жарым ғасырлық өмірі бар. Сол жарым ғасырлық өмір романда көркем тілмен кең көлемде көрсетіліп отыр. Атақты ақын, ойшыл, нағыз халық ұлы арқылы көрсетіліп отыр. Төрт кітаптық бұл бір топ роман өмір тақырыбының бәрін жағымды геройдың тағдыры мен тартысы арқылы береді. Ол — ақыл, қуаты зор, интеллект! бай герой. Ендеше бұл алуандас романдар еңсесі биік, ірі мәдениетті үлгі етеді. Жоғары сапалы әдебиеттік мәдениетті танытады. Бұл бір топ романның жайын осы съезде сөз қылғанда біз бір нәрсені батыл айта аламыз. Қазақ совет әдебиеті Абай жайындағы төрт кітаппен бүкілодақтық, көркем әдебиет қорына үлкен үлес қосты дейміз.
Қазақ совет әдебиеті ғана емес, бүкіл советтік социалистік әдебиетіміздің екі съезд арасындағы үлкен табыстарының бірі осы Абай жайындағы романдар деуге батылымыз барады.
Аталып отырған романдардың бірінші кітабында жазықсыз кедей Қодар Құнанбай қолымен түйенің өркешіне асылып өлтірілген еді. Енді соңғы кітаптың ең соңғы беттерінің бірінде Абай орыс революционерлері Павловпен сырласа жүріп, 1905 жыл революциясының жақындап келе жатқан дабылын естиді. Соны аңсап жүріп қайтыс болады.
Жаңағы жақсы сарынды естігеннен кейін Абай алыс белдің ар жағында атып келе жатқан таң барын сезініп, соны жұртына өсиет етіп өтеді. Бұл жөнінде Герцен айтқан бір сөз еске түседі. Герцен Грибоедовтың «Ақыл азабы» пьесасындағы Чацкий туралы: «Оның геройы жырақ, көкжиегінің шетінде ғана болса да, қиял мекенін көруге ынтығады» деген еді.
Абай бала шағынан бастап өзінін, өлім сағатына жеткенше ұзақ, тарихтық жол кешеді. Абай мен бірге біздің халқымыздың тарихи да, азиялық орта ғасыр дәуірінен 1905 жыл революциясының табалдырығына тақап келгені көрінеді.
Абай жайындағы романдар тарихи романдарға жатады. Әрине, бұдан ешбір мінсіз, ол туралы жақ ашпа, деген ұғым тумайды. Сынауға, мінеуге болады. Бірақ оның бірде-бірі аталған қасиеттерін жоя алмайды. Абай жайындағы романдар тек өскен прозаның ортасынан шығатын болса, сол өскен прозаның өзіне үлгі де бола алады. Біз енді прозамызға Абай жайындағы романдардың дәрежесінен қарайтын болдық.
Мұхтар Әуезов тарихи тақырыпты тамаша меңгерді. Ал, бүгінгі тақырыпты еркін меңгере алмай келеді. Ол үлкен драматург бола тұра, қазақ театрының пердесін алдымен өзі ашқан драматург бола тұра, драматургиямызға он жылдан бері елеулі ештеңе қоса алмады.
Қазақстан егін, мал байлығын дамыту жолында қазір сондай биікке көтеріліп барады, ондай биікке ешқашан шыққан емес. Шығу үшін партия мен үкімет Қазақстанға барлық жағдайды жасап жатыр, бүкіл совет жұртшылығы болып көмектесіп жатыр. Біз жазушылар көз алдымыздағы бұл ұлы уақиғаның эпопеясын жасауға міндеттіміз. Эпопея бірден жасалмас, оны әркімнен талап етуге де болмас. Ал, әр жазушыға сен осы ұлы іске немен көмектестің? — деп әбден айтамыз. Соның ішінде Әуезовке ерекше айтуға тура келеді. Ол, біздің заманымыздың геройларын да Абайды сүйгендей сүйіп, Абай образындай зор образдар жасауға міндетті.
Аға жазушылардың бірі — Сәбит Мұқанов. Әдебиетімізде ол қатынаспаған жанр кемде кем. Ол бірде ақын, бірде прозашы, бірде сыншы, бірде драматург, кейде журналист. Оның шығармалары, әсіресе поэзиясы біздің көркем шежіреміз сияқты: Ұлы Октябрьді, азамат соғысын, НЭП-ті, бесжылдықтарды, Ұлы Отан соғысын — елімізде болған елеулі өзгерістердің бәрін жырлаған. Қазақ совет Поэзиясын жасауда Мұқановтың орны үлкен. «Сұлушаш», «Октябрь өткелдері», «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы» сияқты поэмаларын бас қылып, поэзиямызға ондаған мың, жол өлеңдер қосты. Солардың ішінде жаңалық, новаторлық аз емес. Әлденеше пьесалар, романдар берді. Тақырып сонылығы, жанр байлығын әдебиеттік сипаттардың негізгі бірі десек, Мұқанов мақала, очерктерімен, ұсақ пьесаларымен әмән алдыңғы қатарда жүрді. Рас, еңбектерінде қате, кемшіліктер аз болған жоқ, қазір ескіргендері де толып жатыр. Бірақ, соның көпшілігі кезінде жұртшылықтың пайдасына жарады.
Сәбит өзін осылай ұзақ жолда сынай келіп, кейініректе екі роман берді. Екеуін де орыс тілі арқылы бүкіл совет халқы оқып отыр. Ол, өздеріңізге мәлім — «Ботагөз», «Сырдария» романдары.
«Ботагөз» туралы «Правда» газеті кезінде былай деп жазған: «...Сәбит Мұқанов Қазақстандағы халық өмірінің өрлеу кезеңдерін тарихи шындыққа сай көрсететін шын мағынасында үлкен еңбек жасады».
«Правда» айтқандай, «Ботагөз» шын мағынасындағы үлкен еңбек болды. Оның бас геройы Асқар жаңа заманның, жаңа ойдың, революциялық күрестің адамы. Бұндай образды, халқымыздың революциялық күресін көрсететін бұндай романды біздің ішімізде әзірге тек Мұқанов жасады. «Ботагөз» романын қазір Совет Одағынан сыртқы елдер де оқып жатыр.
Социалистік реализмнің негізін салушы ұлы Горький айтады: ...Қозғаушы күш боларлық нағыз көркем тіл — сөздің дәлдігі, айқындығы, әсерлілігімен жасалады, кітаптың картинасын, характерін, идеясын солар құрастырады... Әдебиетші, өзінің тек қаламмен ғана жазып отырмай, сөзбен сурет салып отырғанын ұмытпауы керек, салғанда суретші шеберлер сияқты адамды қозғалтпай емес, әмән қозғалыста, әрекетте, тап, топ, жеке адамдар күрес үстінде ылғи қағысып, айқасып отыратындығын ұмытпауы керек.
Алексей Максимович тағы бір ретте проза жайында айта келіп, бұл пікірді күшейте түседі: «Әдебиетті сөз қоқыстарынан тазарту үшін, тіліміздің жатықтығы, мөлдірлігі үшін, әдебиеттік адал техника үшін рақымсыз күресу керек, оларсыз идеологияны нақ айту мүмкін емес.
Әуезовтың «Абай» романының немесе Мүсреповтің «Оянған өлке» романының негізгі қасиеті мәдениеттілігінде. Олардың ішінде ертегі, экзотика, мақалдар жоқ, сонда да халық сүйіп оқиды. Біздің ұғымда мәдениетті шығарма — халықтық партиялық болады; халықтық. партиялық шығарма мәдениетті болады. Бұларды бірінен бірін бөлуге болмайды.
Көрнекті көне жазушыларымыздың бірі — Ғабит Мүсрепов. Әр жазушының бойында не әлді, не әлсіз жағы болса, оның әлді жағы — тілі, стилі. Ол айтам дегенін бытқыратпай дәл айтатын сөз мергені. Оның прозаларынан артық сөз түгіл, қоюы қашқан бір сөз табу қиын, — сұлу проза.
Сөз сұлулығын әркім әр түрлі ұғынып, әр жақтан іздеп жүр. Мүсрепов те бір кезде аспанға шығып қайтты, ақыры жерден тапты. Заты, сұлу сөзге белгіленген пішін не бекітілген тізім жоқ, жазушы әрдайым оны өзі жасайды. Орнын тауып қоя білсең әр сөз сұлу, орнын таппаған әр сөз бұжыр. Сөзге әсер бере білген, жаңа мағына сала білген, сезім мөлшерін ұмытпаған жазушы әрдайым ұтады. Пушкин кейде бір сөздің мағынасын, әсерін он-он беске дейін өзгертіп пайдаланған. Осының бәрі әдебиет тілінің мәдениетін көрсетеді. Қазақ совет прозасының ұлттық тіл мәдениетін жасауда Әуезов пен Мүсреповтің қосқан үлесін өзгеден ерекше айтуымыз керек. Әуезов туралы Абайға байланысты айтылды.
Мүсрепов Горькийден үйрене отыра қазақ прозасына бір топ әңгіме әкеп қосты. Әңгімелерінің көпшілігі біздегі бұл жанрдың үлгісі боп қалды десем артық болмас. Одан кейін «Қазақ солдатын» әкеп қосты. Соғыс тақырыбына жазылған бұл роман көп тілдерге, соның ішінде шет тілдерге аударылса да, халқымыз сүйіп оқитын кітаптардың бірі болса да, автордың мүмкіндігін толық көрсете алған жоқ. Романның тереңдігі, кеңдігі, ұлы соғыс бейнесін жасауы жетпеген еді. Мүсрепов содан кейін «Оянған өлкені» жазды. Жұмысшы табы туралы жазылған бұл роман үлкен прозада автордың қуаты қаншаға жететінін көрсетті, қазақ совет әдебиетінің елеулі табыстарының бірі болды.
«Оянған өлке» автордың жоспары бойынша эпопеяның тұңғыш кітабы. Қазақ даласына өндіріс капиталы еніп, тұңғыш қазақ жұмысшылары шыға бастаған кезең суреттеледі. Романнан XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамының өмірін көреміз. Сол кездегі қазақ сахарасы өзінің ойы-қырымен, қысы-жазымен, түрлі табиғатымен көз алдыңа келеді. Нағыз әлеуметтік роман болып табылатын «Оянған өлкеде» қазақтың бай ауылдарының өзі жіктеліп көрсетіледі. Патриархалдық-феодалдық ескілікке сауда капиталымен ымыраласып, қаулап өсіп келе жатқан феодал-буржуазиялар қарама-қарсы суреттеледі. Жалпы қазақ аулындағы тап қайшылығы шиеленісе түседі де, содан автор дұрыс қорытынды шығарып отырады. Дала шонжарларынан тепкі көрген қазақ еңбекшілерінің өз-ара бірлігі орыс жұмысшыларымен бірлікке әкеледі. Сөйтіп, олардың достығы тереңдей береді.
Көп планды романда жазушы адам образын шебер жасай білетінін де көрсетті. Әсіресе, ұнамсыз кейіпкерлердің образы айқын шықты. Олар мейлінше дараланып көрсетілді. Ауыздарынан өздеріне тән сөздер ғана шығады. автордың олар тұсындағы юморы мен сарказмы да өткір.
Бірақ, ұнамды кейіпкерлерге келгенде жазушыда селкеулік бар. Байжан, Бұланбай, Михайло Неволя, Шило қарт сияқты кейіпкерлер көркем образ болса, Бәйшегір, Быков, Елизавета солардың көлеңкесінде қалып қояды.
«Оянған өлке» дәуірді кең қамтиды дедік. Олай болса, автор халықты да кең қамтуы керек еді. Халықтың бойындағы адалдық, ерлік, достыққа беріктік, адамгершілік, қайырымдылық, жомарттық сияқты шынайы қасиеттерді толық та, терең аша суреттеуі керек еді. Дәуірдің де прогресшілдік жақтары болатынын былай қойғандағы бұндай ұлы қасиеттер басы ашық нәрсе екені белгілі. Ал, Ғабит шығармасында Бұланбай мен Жабайдың кейбір қимылдары, Байжан үйінің қонақжайлығынан басқа есте қаларлық қасиеттер тым аз, жұқа көрсетілген.
Мүсрепов тілге бай жазушы дедік. «Оянған өлкеде» кейде ылғи бір бірыңғай әріптермен басталып, құрылатын азын-аулақ жерлерін айтпасақ, тілі өте тартымды. Жазушы өз интонациясын айқын танытады.
«Оянған өлкені» елеулі табысымыз деп қана қоймай, көрініп тұрған эпопеяның бастамасы деп қарауымыз керек. Олай болса авторға да үлкен үміт артуымыз керек, зор талап та қоюымыз орынды. Осы бағытта авторға ой саларлық тағы да бірер сөз айтқым келеді.
Жұманды келекелей отырып, оқушыға жексұрын етіп көрсетуі әбден дұрыс. Ал, Ушаков, Игіліктер де жағымсыз геройлар ғой, оларға келеке жүрмей ме? Жүрсін, жүрмесін, оқушыға оларды жек көрсету жағы жеткілікті ме? Меніңше әлі де жетіңкіремей жатыр.
Орыс, қазақ жұмысшыларының достығы тым оңай жасалған. Егер сол күндердің өзінде ұлт достығы, жұмысшы бірлігі мықты болса, біз мықтадық, деп несіне мақтанамыз бүгін. Автор бұл арада шындықты аттандырып кеткен сияқты.
Тағы да айта түсуге болар еді, автор бұның бәрін екінші кітапқа қалдырғанмын десе жеңіп кетеді. Сондықтан осымен тоқтадым.
Шығармалардың ішінде сынды көтеретіні бар, көтермейтіні бар. Әлжаппар Әбішевтің прозалары көтермейді. Әбішев драматургиямызға он шақты пьеса қосқан, солардың ішінде «Достық пен махаббат» атты жақсы пьесасымен жұртшылыққа өзін танытқан көне жазушының бірі. Ол прозамен айналысқалы жиырма шақты жыл болды. Содан бері әжептәуір көлемі бар бес-алты кітап берді. («Забал», «Армансыздар», «Жас түлек». «Үлкен жолда», «Сахара сәулеті», «Терең тамырлар», «Саржан»), Осының бір де бірі халықтың есінде қалды ма екен?
Ар жағын айтпағанда, автордың өскен кезде, кейінгі жеті-сегіз жылда жазған төрт кітабының бір де бірі сәтті шықпады. «Жас түлек» туралы «Каз. правда» — «қисық айна» десе, «Әдебиет газеті» — «совет жастарының образын бүлдіруші» деп жазды. «Үлкен жолда» Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен төмен баға алды. «Сахара сәулетін» жазушылар ұйымы бір ауыздан жаман шығарма деп сөкті. «Терең тамырларды» президиум кеп істеу керек деген еді. Істеліп, кітап болғаннан кейін «Әдебиет және искусство» журналы: «көркемдік, идеялық жағынан талапқа сай етіп шығара алмаған» деп жазды.
Осы пікірлердің бір де біріне қарсылық болған жоқ. Халық бекітті.
Өскелең әдебиет күшін оқтын-оқтын еселеп отырады. Әдебиетке келген әрбір жаңа адам, жас адам азды-көпті жаңалық ала келеді, толықтырады, жаңартады. Прозамызға соғыстан кейінгі жылдарда келген жастардың ішінде Әбдіжәміл Нүрпейісов, Сафуан Шәймерденов, Бердібек Соқпақбаевты атап кетуге болады.
Нұрпейісов соғыс өмірінен алып «Курляндия» атты роман, Шәймерденов студенттер өмірінен алып «Болашаққа жол» атты роман жазды. Екеуі де әдебиет еңбегін романнан бастаған жастар. Тәжірибесіздікке байланысты көп кемшіліктер болса да, бұл екі роман авторлары үшін үлкен табыс, әдебиетіміз үшін үлкен табыстың сенімді кепілі деуге болады. Біз, жазушылар әдебиеттік бұндай нәрестелердің дүниеге келуін әрдайым қуанышпен қарсы алуымыз керек. Бірақ, қуаныш үстінде нәрестені азамат деп даурықпалық. Кейде ондай даурығу қаны ыстық жас адамды есінен тандыруға дейін апарады. Сондықтан, қуана отырып, жарқ еткен жасты ата-анасындай тәрбиелеп есіру біздің коллективтің, оның ішінде әсіресе аға жазушылардың мойнынан түспейтін міндет.
Нұрпейісов пен Шәймерденовтің романдары, Соқпақбаевтың кейбір әңгімелері мен «Алыстағы ауылда» атты повесі қазіргі күйінің өзінде кейбір сарыкідір жазушыларымыздың шығармасынан жоғары тұр. Ал, авторлардың өз мүмкіндігінен төмен тұр.
Бәрін талдауға уақыт жетпейді. Тек соғыстан кейінгі жылдардың ішінде отыз шақты роман, повестер жазылды. Солардың ішінде мектеп өмірінен алынған Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлары», колхоз өмірінен алынған
Ғабдол Слановтың «Кең өрісі», балықшылар өмірінен алынған Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандары» сияқты сөз қыларлық шығармалар бар.
Қазақ совет прозасы жайында мынандай қорытынды жасауға болады: күмән жоқ, өскен проза. Өсудің де өсуі бар. Мысалы: жүз гектар егіннің он гектары ғана жиырма центнерден астық беріп, қалғаны бес-алты центнерден берсе, қалай өсті дер едік? Тұтас өсу керек. Біз бұл дәрежеге әлі жеткеніміз жоқ.
Прозамыздың енді бір кемшілігі — ұсақ жанрлары тым шабан өсіп келеді. Бұлар прозаның бұтағы, жапырағы сияқты. Бұларсыз көркеймейді проза.
Соңғы уақыттың ішінде қазақ совет поэзиясы бұрынғы қалпынан бірталай ілгері кетті. Жазушыларымыз олардың ішінде ақындарымыз Ұлы Отан соғысына өлеңімен ғана емес, қолына қару алып, өздері де қатынасты. Жеңіс туын халықпен бірге тігісті.
Отанды жаудан қорғау, жеңіске шақыру туралы жазылған қазақ ақындарының өлең-жырларынан патриоттық сезім, совет халқының майдандағы, тылдағы ерлік істері айқын сезіліп тұрды.
Соғыс күндеріндегі қазақ поэзиясын айтқанда, Жамбылды4 орны өзгеше екенін атап айтуымыз қажет. Жасы жүзге жақындаған қартты фашист басқыншыларының шабуыл жасауы қатты ашындырды. Оның өлеңдерінен ыза борап жатты. Москва, Ленинград, Сталинград түбіндегі ұрыстарда совет азаматтары көрсеткен тарихта теңдесі жоқ ерліктерді ол шарықтай жырлады, оның жырлары бүкіл совет поэзиясының алдыңғы қатарынан орын алды. Жамбылдың төңірегіне топталған Доскей, Нұрпейіс, Шашубай, Нартай, Қуат тағы сол сияқты ауыз әдебиет өкілдері де халықты жеңіске шақыруда аз қызмет атқарған жоқ.
Ұлы Отан соғысының ерлік істерінен бір топ поэма туды. Бұлардың көркемдік дәрежесін салыстырғанда Қасым Аманжоловтың «Абдолласы» бәрінен жоғары деуге болады.
Оқушы қай жанрдағы шығармадан болса да халықтың ісін, ойын, сезімін көргісі келеді. Қазақ ақындары ойды, сезімді батыл жырлайтын да, іске келгенде тайқақтай беретін. Соғыстан кейінгі жылдары осы істің өзін көрсетуге батыл кірісті. Тайыр Жароковтың «Жапанды орман жаңғыртты» дейтін поэмасы мен Хамит Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы» атты поэмасы совет адамдарының табиғаттың мылқау күшін жеңу жолындағы ерлік еңбектеріне арналған. Жұбан Молдағалиевтің «Нұрлы жол» поэмасы жас жұмысшылардың кадрын даярлау ісіне арналған. Дихан Әбілевтің «Алтай жүрегі» атты поэмасы бұрынғы Риддер заводының азамат соғысы кезінде жау қолынан бүлінуі, совет өкіметінің Қазақстанда іргесі бекігеннен кейін қайтадан ашылуы жайында баяндайды.
Бейбітшілікті сақтау мақсаты поэзиямыздан үлкен орын алды. Бұл жөнінде әсіресе ұсақ өлеңдер көп қызмет атқарады. «Бейбітшілік даусы» деген атпен өлеңдердің қалың жинағы шықты.
Тек соғыстан кейінгі жылдардың өзінде ақындар өлең, поэмалардың ондаған жинағын берді. Бұл жинақтар Отанымызда жасалып жатқан ұлы істердің, қайнаған жігердің бораған ұшқыны тәрізді.
Ақындарымыз орыстың және дүние жүзілік прогресшіл әдебиеттің поэзиялық қымбат мұраларын қазақ тіліне аударуда да аз еңбек еткен жоқ.
Осындай жақсы жақтарымен қатар, поэзиямызда кемшіліктер мен қателіктер де болмай қойған жоқ. Кейбір ақындар майдандағы қазақ жауынгерлерін атаның аруағына сиынуға шақырды. Отанды Қазақстандық тар мағынада түсіну де соңғы жылдағы қазақ поэзиясынан табылады.
Бұл қателіктердің бәріне партия, әдебиет жұртшылығы кезінде өз пікірін айтып, түзетіп отырды.
Жазылған өлең, поэмалар көп болғанмен, әлі де көркемдік жағынан көп көтеруді тілейді. Поэзиямыздың елеулі жетістіктері бола тұрса да талап дәрежесінен төмен екенін мойындауымыз керек. Осыған байланысты кейбір басты кемшіліктерді атап көрсетпеске болмайды.
Көркем шығарманың қай қайсысында болса да автор оқушыға өз ықпалын жүргізуге тырысып отырады. Өзінің жақсы дегенін жақсы, жаман дегенін жаман көрсеткісі келеді. Бұл үшін шығарма алдымен ұғымды болуы шарт.
Хамит Ерғалиев — соғыс күндерінде көрінген, поэзияға өз ерекшелігімен келген ақын. Ол бүгінгі тақырыпқа жүйемелете төрт поэма жазды. Бұл поэмаларда оның тоқталмай ізденіп, өрлеп келе жатқаны сезіледі. Бірақ, өрлеу жолында бір нәрсені байқамай келеді. Жаңалық деп кейде ұғымсыздық жасайды. Мысалы: «самолетке» «самал отты» ұйқастырды. Отта самал бола ма? Бұндай мағынасыз не ойлап отырып мағынасын азар түсінерлік ұйқастарды жаңалық деп ұсынады.
Поэзия ұғымды болуымен қоса әсерлі болсын. Өйткені, ұғымдының бәрі әсерлі бола бермейді. Әсердің өзі әр қилы.
Бір әсер — өмір бойы ойыңнан кетпейді, бір әсер — сол арада қалып қояды. Поэзиядан біз ұмытылмайтын күшті әсер іздейміз. Осы жөнінде көне ақындарымыздың, үзбей жазып, үлкен тақырыпқа барған ақындарымыздың бірі — Дихан Әбілевке аз тоқталамыз.
Әбілевтің «Алтай жүрегі» өндіріс тақырыбына өлеңмен жазылған роман. Бұл үлкен еңбекті оқып отырғанда талай уақиғамен, талай адамдармен кездесесің.
Романды мазмұнды, қызықты ету мақсатымен уақиға көбірек алынған. Уақиға, адам көбейген сайын автордың жауаптылығы артады, орындай алса жақсы, орындай алмаса борышты болып қалады. Әбілев бұл жөнінде де оқушыға борышты. Уақиғалар барған сайын дамып отырмайды, сюжеттің, олпы-солпысы көп, композиция мықты емес. Роман тым шашыраңқы, көп сөзді.
Түптеп келгенде шығарманың тағдырын шешетін екі нәрсе — пікір мен тіл. Романның құбатөбел ғана тілі бар. Пайдалы пікірлері аз емес. Бірақ, жаңалық айтқаны аз.
Әбілевтің романы жайында айтылған бұл пікірлер тек оған айтылған жоқ. Өйткені, ол романдағы кемшіліктер бүгін таңдағы қазақ поэзиясындағы басты кемшіліктер. Поэзиямыз өндіріске батыл араласқанын «Алтай жүрегі», «Қырда туған құрыш» сияқты поэмалар айқын көрсетті, сонымен қатар бұл поэмалар шеберлік дәрежесі жетпей жатқанын да көрсетті.
Біздің поэзия бірсыпыра қалыптасқан поэзия. Абайды, Жамбылды былай қойғанда, Мұқановтың «Сұлушашы», Жароковтың «Тасқыны», Тәжібаевтың «Абылы», Аманжоловтың «Абдолласы», Ерғалиевтің «Біздің ауылдың қызы» сияқты, табысымыз деп именбей айтарлық поэмалар жасалып қалды. Біз бүгінгі поэзияны, сынағанда осы жеткен дәрежеден төмен түспе, асып түс, деген мағынада санаймыз.
Біздің поэзияда орыс үлгісімен жазылған: сараң сөзді, мағыналы, суретті, жанға жылы ұсақ өлеңдер, өлең циклдер! Көріне бастады. Ұсақ өлеңдерді бос сөзден арылу бағыты айқын байқалады. Ал, поэмаларда су әлі көп. Арзан ақыл, жалаңаш үгіттердің орнына өмір суретін, сол өмірді жасаушылардың ісін, сипатын, ойын шебер тілмен, уақиға етіп айтып бере алмай келеді ақындардың көбі. Бір сөзбен айтқанда шеберлік жетпей жатыр. Әлі де жақсы идеяның тасасымен жөндеу шығармалар өтіп кетіп жүр. Идея жөнінде қандай жоғары талап қойсақ, көркемдік жөнінде де сондай жоғары талап қоятын кез жетті.
Драматургия біздің әдебиетімізге поэзиядан да, прозадан да кейін қосылған, Октябрьден туған жанр. Үлгіні ол орыстан, орыс арқылы дүние жүзілік классикадан алып келеді. Қазіргі қазақ драмасы қалыптасқан, буыны қатқа әдебиетіміздің бір саласына айналды, қалай сынасақ та, қандай талап қойсақ та көтереді.
Екі съездің аралығында ондаған пьесалар жазылған екен. Солардың ішінде Мүсреповтің «Қозы Көрпеш — Баян сұлуы», «Аманкелдісі», Әуезовтың «Қобыландысы» мен Леонид Соболевпен бірігіп жазған «Абайы», Әбішевтің «Достық пен махаббаты», Құсайыновтың «Көктем желі», Тәжібаевтың «Гүлден, даласы», Әуезов пен Әбішевтің «Намыс гвардиясы» сияқты пьесаларды, кейбір кемшіліктерін көре тұра, драматургиямыздың елеулі табысы деуге болады.
Жаңа тақырыпқа жазылған ондаған пьесалардың сахнада бірі азырақ, бірі көбірек тұрды. Айналып келгенде көбінің өмірі қысқа болды. Ескі тақырыпқа жазылған пьесалар аз, бірақ, өмірі ұзақ болды. Солардың ішінде «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» тіпті сахнадан түспеді, ақыры Москва сахнасына көтерілді.
Ескі тақырыпты пьесалары неге ұзақ, жаңа тақырыптың пьесалары неге қысқа жасайды? Бұның себебін таппайынша жақсы пьеса жазу қиын.
Менімше, ескі тақырыпқа жазылған пьесалар адам тағдырына құрылған. Оның адамдары аянбай күреседі. Күрес үстінде ғана айқын образ жасалады. Айқын образ есте қалады.
Жаңа тақырыпқа жазылған пьесалардың көбі адам тағдырына бармайды, күрестері көбінесе әлсіз, әйеншек, кейде тіпті жалған. Сондықтан, көрушінің көңілін қозғай алмайды.
Біздің драматургтер осы жайды біле тұра батыл күреске беттемей келеді. Олар, шиеленіскен күрес бітімсіз тап тартысындай ғана болады, бізде ондай таптар жоқ деп ойлайды. Бұл ойдың ақыры конфликтісіз жазуға болады, деген «теорияға» дейін әкелгені белгілі. Ол «теория» құласа да, шалығы пьесаларда әлі бар.
Тіршілік бар жерде күрес бітпейді, тек характер! өзгеріп отырады, дейді марксисттер. Бұл шындықты біз күнде көріп келеміз. Мысалы, Қазақстан биыл тыңды мейлінше көп айырды. Бұрын еш уақытта ол мөлшерде айырған емес. Осы зор іс оңай орындалды ма? Бізде таптық антагонизм білімсізбен, шебердің олақпен, ұқыптының салақпен, шапшаңның шабанмен, — қысқасы прогресшіл, коммунистік идея мен кертартпа әдеттердің күресі. Ол соғыстан әлдеқайда қиын, әлдеқайда ұзақ. Одан сатира, комедияға да, драма, трагедияға да тамаша уақиғалар туып жатыр. Сайып келгенде айтарым: жаңа тақырыптың пьесаларын да адам тағдырын шешерлік шиеленіскен күреске құруға әбден болады.
Сатира, типичность жайында партия ғылымдық айқын түсінік берді. Шығарманы талқылау үстінде сонда да дауласып келеміз. Съезд бұл дауға соқпай кете алмайды. Мен тағы да айырылған тыңдарды мысалға аламын.
Тың жоспары артығымен орындалғаны мәлім. Бұл әдебиетке де үлкен табыс, аса сәулетті көрініс болып енеді. Оның еңсесі биік, жарқын жүзді геройларын жазушы сүйіп жазады, халық сүйіп оқиды. Ал осы тың жайында жағымсыз герой жасауға бола ма? Немесе жаман істеген совхозды көрсетуге бола ма? Менімше әбден болады. Өйткені, ондайлар аз да болса бар. Обобщение жасау үшін оның көп болуы шарт емес.
Бірсыпыра жазушылар, сыншылар обобщениеге келгенде шатасып жүр. Аңқау сыншы, тың жоспары артығымен орындалады, көпшілік жақсы істеді дейді де, әдебиетте жаман істеуші кездессе, бүл типичный емес деп дауласады. Аңқау жазушы жаман істеген азға өшігеді де жақсы істеген көпті ұмытады. Сөйтіп екеуі де өмірдің қисық айнасын қалай жасағанын білмей қалады.
Гәп, обобщение жасай білуде. Жасай білсең аздың өзі типичный. Шығанақ Берсиев тары өнімін арттыруда сан рет жер жүзілік рекорд жасады. Дүние білетін Шығанақ әзірге біреу ғана. Сол бірдің өзінен обобщение жасауға болады. Өйткені, ол бір — мыңның алдын барлаушы. Революциялық романтика сол барлаушының көргенін миллионға жеткізеді.
Біздің пьесаларымыз бұл дәрежеге әлі көтерілген жоқ.
Драматургтарымыздың бірсыпырасы социалистік реализм әдісін екі түрде бұрмалап жүр. Соның бірі — революциялық романтика, деп пьесада фокус, жалған уақиғалар жасау. Екінші — реализм деп натурализмге бару. Әрбір обобщение нанымды болғанда ғана, өмір шындығы көркемдік шындыққа көтерілгенде ғана социалистік реализм әдісі бола алады. Пьесаларда тағы да кездесе беретін кемшіліктер — бір-біріне ұқсастық, схема. Соны пікір, жаңа характерлер аз. Драмалық тіл әлсіз. Нашар тіл пьесаның барлық қасиеттерін кемітеді, кейде тіпті оларды жойып жібереді. Жастарды былай қойғанда, көптен жазып келе жатқан Әбішев, Құсайынов сияқты драматургтердің тілі әлі шұбар, қалыптасып болған жоқ.
Драматургиямызда сатира жанры ең жас жанр. Әзірге ауызға аларымыз Әбділдә Тәжібаевтың «Дубай Шубаевичы» ғана. Оның өзі сынға ұшырап жүр. Сынау керек. Бірақ, әдебиеттік әрбір жаңа, жас нәрсені сынағанда сақтықты ұмытпалық. Таяуда «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Әлжаппар Әбішев драматург Шахмет Құсайыновтың «Есірткен ерке» атты жаңа пьесасын сынады. Пьеса, тәрбие кемдігінен, есірткендіктен бұзылған баланы көрсетеді. Сөйтіп, ата-аналарды бала тәрбиесіне ықтият болуға шақырады. Ал, Әбішев, бой бермейтін бала болушы ма еді, деп авторды айыптайды. Айыптаудың орнына ондай пьесаны мақтау керек. Мадақтай отырып, кемшіліктерін түзетуге көмектесу керек. Кемшілігі идеясына емес, көркемдігіне байланысты.
Сатирада жағымды герой болу керек пе, жоқ па? — деген бір үлкен талас бар. Менімше, сатиралық шығарманың тағдырын ол геройдың бар, жоғы шешпейді, шығарманың өзінің шындығы, көркемдігі шешеді. Шындықтың бәрі бірдей көркем емес, көркемнің бәрі бірдей шындық емес. Шындық пен көркемдік қосылғанда ғана зор күш.
«Дубай Шубаевичте» біраз көркемдік бар. Сондықтан ол қапелімде тәуір көрінді. Шындығы, нанымдылығы жетпегендіктен, кейін жаман көрініп отыр. Алдымен, пьесаның бас геройы Дубайдың өзі кім — ғалым ба, залым ба, ақымақ па. Қайсысы екенін білу қиын. Сатирада тек күлу мақсат емес, кімге, не үшін күлу керек екенін ұғыну мақсат. Автор бұл арада ұғындыра алмаған.
Пьесаның үлкен міні — жағымсыз геройларының көптігі десіп жүр. Менімше, көптігінде емес, олардың бір біріне ұқсастығында. Олар шетінен жарамсақ, шетінен ақымақ. Ақымақтық өзі әр қилы емес пе? Ал, пьесада бәрі бір қилы. Бір қилы еткенше әрқилы етсе, пьеса көп ұтар еді. Оның бер жағында, жарамсақтың бәрін ақымақ десек қателесеміз. Жарамсақтың көлгір, қуы, залымы бар. Бұл характерлерді автор жете аша алмаған, масқаралай алмаған.
Пьесада күрес, конфликт жоқ. Оны автордың өзі де сезген сияқты. Жағымды бірер адам енгізіп, жағымсыз көп адамға қарсы қойған. Бірақ, бәрібір тартыс өршімеген, өйткені жағымды геройлар әлсіз, іссіз. Жазушылар ұйымы бұл кемшіліктерді кезінде көре алмады. Ал театр көрудің, жоюдың орнына, одан әрі молайта түсті.
Кейбір жолдастар творчестводағы осындай сәтсіздікті тек жаман ниеттен туады деп ойлайды. Сәтсіздік, кемшіліктер жаман ниеттен туа бермейді, жақсы ниеттен де туады. Іздену жолы тегіс емес. ой-шұқырлы, өткелі көп, сол жолда сүрінгендерді саяси айыппен құлатқаннан гөрі, творчестволық көмекпен демеген пайдалы. Тәжібаев сәтсіздікке ұшырай жүрсе де, драматургияның жаңа, қиын түріне батыл барды. Ол, «Гүлден, дала» пьесасымен, «Телғараның қатесі» атты сценарийімен партия шақыруына көп жазушыдан бұрын үн қатып отырғанын ұмытпалық.
Сайып келгенде драматургтеріміздің кемшілігі неде — десе, тағы да шеберлікте дер едім. Шеберлікке кісі үйрену жолымен ғана жетеді. Үйрену — шағылмай істей бер, өмірді, кітапты оқи бер деген сөз. Соның ішінде совет өмірін, орыс кітабын көбірек оқу керек.
Мен қазақ драматургиясының кейбір мәселелеріне ғана тоқталдым. Қалған мәселелері арнаулы баяндамада қамтылады.
Жаңа жас жанр — кинодраматургия мәдениетіміздің маңызды саласы. Соңғы кезде Әуезовтің сценарийі бойынша «Абай» картинасы, Тәжібаев, Погодин жолдастар жазған «Жамбыл» картинасы шықты. Экранға биыл шыққан «Махаббат туралы поэманың» авторы Мүсрепов. Он бес жылдың ішінде бас-аяғы үш картина шығарудың өте аз екені өзінен өзі белгілі. Бұған себеп, біздің жазушылардың бұл жанрда тәжірибесіздігі, ал ең алдымен жазушыларымыздың мұны өзіміздің көкейкесті борышымыз деп қарамай келгендігі болды.
Тек осы үстіміздегі жылда ғана бұл жөнінде бірқатар ілгері жылжи бастағандық бар. Қатарынан үш бірдей картина шығу біздің республикамыздың тарихында болып көрмеген нәрсе. Солардың бірі драматург Құсайынов пен Абызовтың сценарийі бойынша «Шабандоз-қыз», екіншісі Фатуевтың шығармасы, ал үшіншісі драматург Тәжібаевтың «Шұғылада болған оқиға» атты сценарийі бойынша жасалады. Соңғы үш сценарий түгел бүгінгі тақырыпқа жазылған, бұл өзі үлкен жақсылықтың басы екенін, жазушыларымыздың кинодраматургияға белсене қатыса бастағанын дәлелдейді. Бірақ, бұл саладағы күйіміздің әлі нашар екенін мойындамасқа болмайды. Жазушылар одағы кино өнерінің заманымызға сай өркендеуіне тікелей жауапты. Жазушыларды сценарий жанрына көбірек жұмылдыру, олардың бұл салада шеберлігін арттыра түсу, студиямен олардың творчестволық байланысын көңілдегідей нығайту Жазушылар одағының ең басты міндеттерінің бірі деп қарауға тиіспіз.
Қазақ совет әдебиетінде әдеби сынның жайы мәз емес. Бұның толып жатқан себептері бар. Ең алдымен жазушылар арасында тәрбиелік жұмыстар жеткіліксіз болып келді. Соның салдарынан сынға деген жалпы көзқарас біздің арамызда дұрыс болмады. Сынды әдебиеттің бастаушы жанрларының біріне айналдыра алмадық. Әдеби сынмен кездейсоқ адамдар айналысып жүрді.
Жазушылар ұйымы болсын, басшылық ететін республикалық баспасөз орындары болсын, әдеби сынның дәрежесін тым төмендетіп, шеңберін тым тарылтып алды. Соның салдарынан көп адамдар әдебиет сынын біреудің мінін қазу, әрі кеткенде, орта қолды рецензия жазу деп ұғынды, жеке шығарманың, автордың, тұтас әдебиеттің тағдыры туралы толғанып, байыпты ой айтуға талпыну мүлде аз болды. Бұл үшін үлкен талант, мол білім де керек еді. Және соның бәрінің үстінде әдебиетке деген сүйіспеншілік, ынтықтық болуы шарт еді.
Әдебиетімізге отызыншы жылдары келген Б. Шалабаев, Б. Кенжебаев сияқты сыншыларымыздың қазір жазушылар ұйымынан шеттеп кетуінің өзі тегін емес. Бұл жолдастар, оларға ұқсас басқа да кейбір сыншылар әдебиетті сырттан бақылаушы болып келді. Ал, салқын жүрекпен жүріп сыншы болуы мүмкін емес.
Сын «цехынан» шықпай отырып алатын ремесленник сыншы әдебиетке пайда келтіре алмайды. Өмір шындығынан мол хабардар, адамның жанына терең бойлай аларлық, творчестволық фантазияға бай инженер-сыншылар ғана жазушыға ақыл қоса алатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Сыншы өмірді жазушылардан артық білмесе кем білмеуі керек дегенді де көбінесе осы жағынан алып айтамыз.
Біздегі әдеби сынның негізгі кемшілігі не? — деп сұрақ қоюшы болса, примитивизм деп бір сөзбен жауап беруге болады. Ондай сындар белгілі бір шығарманы сөз қылғанда совет әдебиетіндегі басқа шығармалармен ешқандай байланыстыра білмейді, жалпы қорытындылар жасалынбайды, ең ұқсатты дегенде, сөз етіп отырған шығарманың азды-көпті кемшілігін жіпке тізеді, өздерінің басына келген арзан ойларын жұртқа ұсынады.
Сауатты сыншыларымыздың бірі деп жүрген Мұқаш Сәрсекеев Тайыр Жароковтың таңдамалы шығармалары туралы жазған мақаласында бірнеше орынды сындар айта отырып, көркем сөздің ерекшелігін түсінбей қалғанын аңғартады. «Жароковтың поэмасында, — деп жазады ол, — советтік пейзаж айқын көрінбей, Абай жырлап кеткен сұрықсыз күз кескіні көз алдыңа келе береді» дейді. Оны «Кірпігіне қырау қонған сұрғылт күз» — деген тәрізді ең көркем жолдармен дәлелдегенде өзіне өзі қарсы шығады.
Ә. Жәмішев «колхозда комбайн бұзылып қалуы мүмкін емес, өйткені, қазір колхоздар запас бөлшектермен жеткілікті қамтамасыз етілген» деп ұқыпсыз басшыны сынаған ақынға қарсы өре тұра келеді. Мұның бәрі «өмірде бұлай болмайды» деп келетін тайыз да, сыңаржақ та сынның шалығы екенін айтып жату қажетсіз сияқты.
Әдебиет зерттеу мәселесі мүлде нашар. Осы күнге шейін қазақ совет әдебиетінің толық очеркі жоқ. Өткендегі мұраны меңгеруге толып жатқан шым-шытырық, түсінбеушілік бар. Фольклор, эпосты былай қойғанда, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты жазушылар қалдырған мұра жөнінде әркім әр түрлі пікірде жүр. Сол қайшылық оқулықта да бар. Мектеп оқушыларын шатастыратын ондай қайшылықтарға тіптен төзуге болмайды.
Бүкіл одақ көлеміне, сол арқылы дүние жүзі көлеміне шығып отырған қазақ совет әдебиетінде монографиялардың, творчестволық портреттердің болмауы да ренішті-ақ.
Әдеби зерттеудегі ең үлкен мін сол — шығарманың көркемдік жағы талданбайды, шеберлік жағы сөз болмайды, автор көбінесе идеясы үшін мадақталады. Осының салдарынан жазушылар біріне бірі шетінен ұқсап тұрады, өйткені өздеріңізге мәлім, совет жазушыларының бәрі идеялық шығармалар жазады, бәрі сайып келгенде, патриотизмді жырлайды.
Әрине, біздегі әдеби сынның пайдалы, жақсы жақтары жоқ деп айтуға болмайды. Әсіресе, әдебиет сынының талантты жас кадрлары өсіп, жетіліп келе жатқанын қуанышпен айта аламыз. «Оянған өлке» романы, «Анна Каренинаның» аудармасы туралы Тахауи Ахтановтың, Маяковскийдің шығармаларының аудармасы, поэзия сыны туралы Тәкен Әлімқұловтың мақалалары, Айқын Нұрқатовтың, Серік Қирабаевтың кейбір мақалалары азды-көпті кемшіліктеріне қарамастан авторлардың әдебиетті жақсы түсінерлік мәдениеті барын, жаңа да, батыл да, қызықты да ой-пікір айтуға қабілетті екенін танытады. Бірақ, оларда әлі батыл қимыл жеткіліксіз, бұны оларға қатты ескерту керек. Қазақ әдебиеті туралы күрделі еңбек жазатын уақыт жетті. Бұл жүкті әдебиетке даярланып келген білімпаз жас сыншыларымыз көтеруге тиіс. Әрине, оларды бұған баулу керек екенін де ұмытпалық.
Біздегі тәжірибелі сыншы — аға жазушылардың өздеpi. Мұхтар Әуезовтің орталық журналдар мен газеттерде басылған «Қазақ әдебиеті және орыс реализмінің дәстүрлері», «Ұлттық романдар», «Қазақтың әдебиет тілі» туралы көлемді мақалалары, Ғабит Мүсреповтің драматургия туралы мақалалары жазушыға да, сыншыға да үлкен ой саларлық мақалалар. Бірақ, ысылған аға жазушылар сын мәселесіне өте сараң араласады. Әрине, олардың жазушылық жұмысы өздеріне жетіп жатыр. Дегенмен, Горький дәстүрін ұмытуға болмайды.
Қазақ әдебиетінде сынның алдында үлкен-үлкен міндеттер тұр. Сол міндетті шешуде басшылық ететін республикалық баспасөздің қызметі зор. Турасын айту керек, бұл жағынан біз жарытымды көмек көріп келе жатқанымыз жоқ. Баспасөздің бетінде көркемөнердің табиғатын мүлде түсінбейтін, бейнелеп ойлау дегеннен мүлдем бейхабар адамдар сөз сөйлеп, аңқау ақыл айтқан шақтары аз болған жоқ. Бұның өзі асыра сілтеушілікке шейін апарды.
Әрине, бұған біздің өзіміз де кінәлымыз. Газет арқылы әдебиеттің үлкен мәселелерін кезінде көтеріп отыра алмай келдік. Бірақ, қазақ әдебиетінің шығармалары туралы басылған сауатсыз мақалаларға жазушылардың қатысы жоқ екенін айтпасқа тағы болмайды. Мәселен, драматург М. Иманжановтың «Менің махаббатым» пьесасы туралы Жүсіп Алтайбаевтың «Социалистік Қазақстан» газетінде шыққан мақаласы жазушылар жұртшылығын ренжітті. Өйткені, Алтайбаев мақаласында драматург мал шаруашылығының маңызды мәселелерін шеше білді деп мадақтайды. Осындай дәрменсіз, әйтпесе сыңаржақ сындар беделді баспасөздердің бетінен қалай орын ала берді? Әдебиетіміздің ойшылары, жасаушылары сын сияқты күшті құралды көрінгеннің қолына беріп, қалай шыдап отырды? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, бастан кешкен белгілі екі жағдайды еске түсірмеске болмайды.
Бірінші — Қазақстанның бұрынғы басшылары жазушыларға, әсіресе, аға жазушыларға сенбеді. Басшылықтың бетімен біздің екі үлкен газетіміз жазушылардан қол үзуге айналды. Жұртшылыққа әдебиетіміздің жақсы жағын тіпті аз, өте көңілсіз айтты да, жаман жағын тіпті көп, өте көңілді айтты. Ол мінезден әлі де арылып болған жоқ. Сын шоқпары тимеген басты жазушы кемде-кем. Бүгін табысымыз делінген, одақтық аренаға шыққан шағармалардың да соққыға ұшырамағаны некен-саяқ.
Маркс бір сөзінде: «ақын еркелетуді сүйеді» деген екен. Біздің басшылар еркелете білген жоқ. Әрине, бұл жазушыны бетінен қақпа деген сөз емес. Біз білген тәрбие екі түрлі: бірі — ащы, бірі — тәтті. Соның тәттісінен татырмай, ащысын бере берді демекпін.
Осы партиялық тәрбие ме? Партия мен мәдениет күштерін өз маңына топтаумен келеді. Ең қымбаттым — кадр деп келеді. Партияның сол қымбаттысын қорлау үшін бір. ауыз өсек не бір жапырақ жала жеткілікті болады бізде.
Екінші — жазушылардың өз арасында бірлік болмады. Жікке бөлінді. Жіктік мақсат әдебиеттік мақсаттан жоғары тұрды.
Сөз жоқ, бұл жағдай сынды ғана емес, талай жазушының, мінез-құлқын да бұзып кетті. Қазірдің өзінде жік іздеп, қайсыбіреулер тіміскіп жүреді.
Газет пен жазушылар арасына іріткі салған әдебиет үрит соқтары да бірде газетті, бірде жазушылар ұйымын пайдаланып жүрді.
Біздің секцияларымыздың күнде болып жататын творчестволық талқылауларында шығарманы тек құлату не көтеру мақсатымен, әйтпесе, автордан тура кек алу, не жақсы көріну мақсатымен айтылатын «сындар» аз болмады.
Сайып келгенде, осының бәрі сынды тазарту үшін рақымсыз күрес ашуды тілейді. Нағыз сынның айқын бір белгісі — әдебиетті сүю. Сүю арқылы ол шығармаға да, авторға да көмектеседі. Нағыз сын — партиялық, халықтық, ғылымдық болады. Сынға біз тек осы тұрғыдан қарауымыз керек.
Әдебиетіміздің ықшам түрлері тіпті шабан өсуде. Бірер актылы пьеса, скетчтер, әңгіме, новеллалар, әнге арналған өлеңдер, очерк, фельетондар, сахналық тағы басқа ұсақ жанрлар неге аз, неге маңдымайды? Бұған үлкен бір себеп — көп жылдар бойы бізде әдебиет газетінің болмағандығы. Әдебиеттің бұндай ықшам түрлері, оның кадрлары көбінесе газет маңында өседі. Оның үстіне көңіл бөлінбей келді. Халыққа газет, журнал, концерттер арқылы тез тарайтын, өмірге күнбе-күн араласып отыратын бұл ықшам жанрларды өсіруге ерекше көңіл бөлу керек. Онсыз әдебиетіміз оперативті, тақырыбы, жанры бай бола алмайды.
Балалар әдебиеті туралы. Екі съезд аралығындағы балалар әдебиеті жайын сөз етудің өзі — Қазақстанда балалар әдебиеті туа бастағанын дәлелдейді. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арнап жазып, өзінің хрестоматиясына енгізген шағын әңгімелері мен өлеңдері, орыс жазушыларынан аударған азын-аулақ шығармаларынан басқа, революцияға дейін Қазақстанда балаларға арналған кітап мүлде болған жоқ.
Революциядан кейін де әдебиеттің бұл саласына көп уақытқа дейін көңіл бөлінбей келді. Бірең-сараң болса да балаларға арналып алғаш кітаптар жазыла бастауы отызыншы жылдардың іші.
Соғыстан кейінгі уақыттарда Орталық партия Комитетінің идеология мәселелері жайындағы қаулыларына сәйкес, Қазақстанда балалар әдебиеті шындап қолға алына бастады. Қазақстан Жазушылар одағы жанынан балалар әдебиеті секциясы ашылды. Қазақтың, мемлекеттік көркем әдебиет баспасында балалар әдебиетінің арнаулы редакциясы құрылды. Балалар журналы шыға бастады. Бұның бәрі, сөз жоқ, балалар әдебиетін өрістетуге өз көмегін тигізді.
Қазіргі кезде балалар әдебиеті баяу болса да даму жолында келеді. Бірнеше әңгімелер, өлеңдер жинағы, повестер мен поэмалар жазылды. Суретті кітапшалар көптеп шығарылуда. Бұл салада жұмыс істейтін арнаулы жазушылар тобы шықты. Ескі жазушылардан С. Бегалин, Қ. Әбдіқадыров, Ә. Сәрсенбаев, А. Хангельдин балалар әдебиетіне ауысты. Бұларға Б. Соқпақбаев, Н. Ғабдуллин, С. Сарғасқаев, С. Баязитов сияқты әдебиеттік білімі бар жастар қосылды.
Бірақ, балалар әдебиеті сан жағынан соншалық аз болмағанымен, сапа жағынан көңілдегідей емес.
Біздің балаларға арналған шығармаларымызда адам көбінесе әрекетсіз, солғын беріледі. Олар іс-әрекетімен, мінез-құлқымен, сөйлеген сөзімен дараланбайды. Кейбір жазушылар шығарма жазарда алдын ала схема құрып, сол схема бойынша уақиғаны ғана баяндап шығады. Адам тағдырына көңілді аз бөледі. Олар өмірді зерттемегендіктен, жалған уақиғалармен әуестенеді. Кітаптың кейіпкерін ойдан шығарылған жалған қиыншылықтарға душар етеді. Кейіпкер өзінің нанымсыз «ерлігі» арқасында қиыншылықтан оңай құтылып кетеді. Хангельдиннің «Ерлік» жинағындағы бірталай әңгімелері, Бегалиннің «Көксегеннің көргендері» атты кітабының негізгі кемшіліктері осында жатыр.
Көп шығармалар баланың психологиясын білмей жазылғандықтан, қонымсыз ақыл айтуға үйір болып жүр. Қайсыбір шығармалардың авторы балаға ғана түсінікті етіп жазамын, деп тым арзан сөздер айтып келеді. Осындай жайлар біздің тәп-тәуір деп жүрген «Алғашқы маршрут» повесінде де бар. (Авторы Н. Ғабдуллин).
Менімше, балаларға арналған әдебиет сол балалармен қатар үлкендер де оқитын дәрежеге жеткенде ғана қызықты, құнды әдебиет болса керек. Аркадий Гайдардың, Самуил Маршактың шығармалары осыны аңғартады.
Мұның үстіне, балалар әдебиетінде үлкендердің өмірінен алынып жазылған шығармалар да болатынын есте тұтуымыз керек.
Біздегі қолда бар көрнекті шығармалардың өзінен балалар үшін іріктеп аларлық материал табылар еді. Бірақ, біздің баспа орындарымыз бұл жағын жарытып пайдалана алмай келеді. «Абай», «Ботагөз», «Қазақ солдаты» сияқты романдардан балаларға лайықты эпизодтар табылмайды дегенге нану қиын. Сондай-ақ поэзияда да табылар еді.
Балалар әдебиетін мықтап өркендететін уақыт жетті. Мұның үшін, ең алдымен, материалдық жағдай жасау шарт. Бізде ең төмен қаламақы балалар әдебиетінде. Оған көп тираж үшін үстеме қаламақы берілмейді. Балалар әдебиетіне ықылас кем. Онымен, кейде, кездейсоқ адамдар айналысып жүруі де осыдан. Бұл, әсіресе, балалар әдебиеті аудармасында жиі байқалады. Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, неліктен екенін қайдам, алдын ала сынақтан өту үшін материал сұрап келгендерге аударманы балалар әдебиетінен ұсынатын көрінеді. Аудармадағы сорақылықтың көбісі балалар әдебиетінің төңірегінен кездеседі. Бұл мемлекет үшін де, халықтың рухани мүддесі үшін де үлкен қиянат емес пе? Мәдениет министрлігінің бұған мықтап көңіл аударатын кезі жеткен сияқты.
Аударма туралы. Қазақ совет әдебиетінде көркем аударма үлкен орын алады. Өйткені, аударма арқылы дүние жүзілік әдебиет қазынасымен танысамыз. Советтік Қазақстанның өркендеген мәдениеті аудармалық әдебиеттің көлемінен де көрінсе керек. Мұның өзіне мәдени революцияның бір айғағы, деп қарау керек.
Соңғы уақыттың ішінде қазақ тілінде Пушкиннің төрт томы басылып шықты. Лермонтовтың өлеңдері, бірнеше поэмалары, Л. Толстойдың «Анна Каренинасы», Тургеневтің, Гончаровтың романдары, Островскийдің пьесалары, Некрасовтың «Русьта кім жақсы тұрады» поэмасы аударылды. Крыловтың көптеген мысалдары, Чеховтың әңгімелері аударылды. Гогольдің негізгі шығармалары түгелінен аударылып болуға жуық.
Сол сияқты, қазақ халқы өзінің ана тілінде дүние жүзілік мәдениетінің озық үлгілерін оқитын болды. Қазақ тілінде Шекспирдің «Отеллосы», «Асауға ұсауы», Шиллердің «Зұлымдық пен махаббаты», Гюгоның, Бальзактың, Сервантестің, Мерименің, Дефоның, Жюль Верннің, Свифтың романдары, әңгімелері мен новеллалары басылып шықты. Заманымыздың көрнекті ақындары — Назым Хикметтің, Пабло Неруданың өлеңдері мен пьесалары, халықтық демократия өлеңдерінің көптеген жазушылары мен ақындарының жеке шығармалары халқымыздың игілігіне айналды.
Горький, Маяковскийден бастап совет жазушыларының көрнекті шығармалары түгелдей дерлік қазақ тіліне аударылды.
Бұл келтірілген мысалдар қазақ оқушылары өзінін, ана тілінде мәдениеттің мол мұрасына ие болып отырғандығын көрсетеді.
Қазақ әдебиетінде аударма дәстүрі ұлы Абайдан басталды. Абай нағыз творчестволық аударманың тамаша үлгілерін көрсетіп кетті. Аударма өнерінде біздің жазушыларымыз, әдебиетшілеріміз, аудармашыларымыз сол Абай тәжірибесінен бастап қазіргі бүкіл совет әдебиетінің аудармалық озық тәжірибесінен үйреніп келеді. Қазір оқушылар жұртшылығы жақсы қабылдаған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсрепов, Әбділдә Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Ғали Орманов, Тәкен Әлімқұлов, Сейтжан Омаров, Әнуар Имағамбетов, Тахауи Ахтанов, Талым Ахметов, Мұхтар Жанғалин сияқты талай аударушы кадрлар бар.
Алайда, қазақ тіліне аударылған шығармалардың бірсыпырасы оқушылар тілегін қанағаттандыра алмай жатыр. Мәдениет министрлігінің салақтығын пайдаланып, оның көркем әдебиет баспасы ойына келгенін істеп жүр. Көркем әдебиетке ешқандай қатысы жоқ, бейнелеп ойлау дегеннен мүлде хабарсыз кездейсоқ адамдарға аударма береді. Олар былай аударады: «Аспан әлемі толқып әрлі - берлі бұлқынып тұр. Үнсіз соққан жел аумақты бұлттарды әрлі-берлі жұлқынып тартады. Іріктелген сұр бұлттар зәресі ұшып үріккендей болып, ұшы-қиыры жоқ ұсақ аспан астында әрлі-берлі ұйтқып жүр» (Свирский, «Рыжик». Аударған Е. Қойшыбаев).
Аударма өзін-өзі әшкерелеп тұр. Бұндай мысалдың талайын келтіруге болады.Ал, мысалдар аударманың нашарлығын ғана көрсетпейді, аудармаға көзқарастың нашарлығын да көрсетеді. Осындай аудармаларға ақша төлеп, оқушыға ұсынып отырған баспа директоры мемлекет алдында, халық алдында жауаптылығын сезе ме екен? ! Аударма оңай кәсіп емес, үлкен өнер. Аударма арқылы бір халықтың өмірін, озық ойын, мәдениетін, салтын көргіміз келеді. Бұны, мәдениетті, шебер аудармашы ғана бере алады.
Орыс, қазақ тілін тәуір білген адамның бәрі аудармашы бола алмайды. Шығарманы аудару үшін, аударушы автордың контексттері мен подтекстерін, оның стилін, творчестволық табиғатын түсінуі керек. Бұның үстіне, сол халықтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын, мінез- құлқын, дәстүрін білуі керек. Сол сияқты өзінің ана тіліне мейлінше бай болуы керек. Осының бәрі аудармашының басынан табылған күнде де кездесетін қиыншылықтар аз емес.
Кейбір аударушылар «қазақ осылай сөйлейді» дегенді сылтау етіп, бұрынғы орыс аристократтарын ауылдың, адамынша сөйлетіп қояды. Бұл, әрине, сорақылық. Мұндай жай отызыншы жылдарға дейін болып келді. Ол кезде аударушылардың жастығының үстіне оқушылардың өздері де жас еді. Сондықтан, солардың ұғымына азды-көпті бейімдеу де керек еді. Ал, қазір әдебиет өсті, аударушылар жетілді, оқушыларымыз мәдениетті оқушы болды. Ендеше аудармадағы әлгіндей қара дүрсінділікке тыйым салынатын мезгіл жетті.
Енді бір аударушылар көркем аударманың табиғатын түсінбейді, техникалық, саяси әдебиеттерді аудару әдісін қолданады. Әрине, бұл да мүлдем теріс әдіс. Ғылым мен көркем әдебиеттің арасында толып жатқан айырма бар. Олай болса, көркем әдебиеттегі аударма сол әдебиеттің өзіне қойылатын талаптарға жауап беруге тиіс.
Бұған дейін аудармада кездесіп келген екі теріс әдістің екеуін де тастайтын уақыт жетті. Оның бірі — аударманы қазақ оқушыға түсінікті етемін, деп шығарманың өзіне тән өзгешіліктерін жойып жібереді. Екіншісі — дәл аударамын, деп түсінікті шығарманы қиындатады, көркемдік қасиетін кемітеді. Аудармадан халықтың тілейтіні бұның екеуі де емес. Халық әрі түсінікті болуын, әрі дәл болуын тілейді. Бұның аты — аудармаға да үлкен шеберлік керек деген сөз.
Біздің аудармашылар орыс тілінен қазақ тіліне тікелей аударады. Соның өзінде қанша қиындықтарға кездесіп отыр. Ал қазақ тілінен тілмаш арқылы орыс тіліне аударатындарға келсек, хал бұдан әлдеқайда нашар. Біздің орыс аударушы жолдастардың бір де бірі қазақша білмейді, жолма-жол аудармаға сүйенеді, жолма-жолшылардың көбінің мамандығы төмен, оның үстіне онша көп қиналмайды. Өйткені, олар ештемеге жауапты емес. Бұл жағдайда автор орысша жақсы білсе өзі көмектеседі, нашар білсе екі аудармашының аузына қарап отырады. Аудармашылардың жайы әлгі. Автор қандай сабырлы, аудармашы қандай батыл! Бірақ, бірінің батылдығы, бірінің сабырлығы шығарманы сорлатып жатыр. Соны көріп, шығармаға жаны ашыған, аударманы үлкен творчество деп түсінген Москва аудармашылары тым құрыса бір ұлттың тілін білуге кірісе бастады. Онсыз, дәл аудару, шығарманың ұлттық қасиеттерін толық сақтау тіпті мүмкін емес. Осыған байланысты Қазақстандағы орыс жазушыларына, өте-мөте Шухов, Снегин, Макеев, Титов сияқты жолдастардың бетіне баса айтуға болады. Олар аударма арқылы совет әдебиетіне қанша пайда келтіретінін біле ме екен? Қазақ жазушыларын аудару — алдымен қазақстандық орыс жазушыларының құрметті міндеті екенін біле ме екен? Егер білсе, олар күніне бір сөзін үйренсе де қазақ тіліне судай болар еді. Амал не, олар да әлі күнге жолма-жол аудармамен пайдаланып келеді.
Профессионал аударушылар кадрын баулитын, есіретін кез әбден жетті. Меніңше, Қазақтың Киров атындағы Мемлекеттік университеті жанынан көркем әдебиет аударушыларын даярлайтын бөлім ашылса дұрыс болар еді. Бұл өз алдына бір мәселе. Оған дейін қазіргі бар аударушыларымызды дұрыс пайдалана білу керек. Олардың көбі басқа қызметте, аударманы жұмыс арасында істейді. Онымен аударып та, мамандығын көтеріп те жарытпайды. Сондықтан олар аудармамен бірыңғай айналысуы керек. Ол үшін оларға жағдай жасау керек.
Қазақстан Жазушылар одағының жанында орыс әдебиетінің секциясы бар. Республикамызда орыс тілінде «Советский Казахстан» атты арнаулы әдеби журнал шығады.
Қазақстанда тұратын және Қазақстан тақырыптарына жазатын орыс жазушылары республикамыздың әралуан өмірін көрсетуде елеулі қызмет атқарып келеді. Иван Шуховтың Солтүстік Қазақстанда коллективтендіру дәуірін суреттейтін «Өшпенділік» атты романы бүкіл совет әдебиетінің қорына қосылды. Сол сияқты оның «Горькая линия» романы да Горькийден жоғары баға алды. Қазір Иван Шуховтың және тыңайған жерді игерушілердің өмірінен роман жазып жүр. Жазушының жиырма жыл бойына тоқыраңқырап барып, қайтадан зор шабытпен қолғa алған бұл күрделі, аса қажетті еңбегінен оқушылар жұртшылығы үлкен үміт күтеді.
Соғыс тақырыбына жазған Дмитрий Снегиннің «На дальних подступах» атты повесі азды-көпті кемшілігіне қарамастан, елеулі шығарма болып отыр.
Қазақстанда орыс тілінде жазатын әдебиетшілер тақырыпты әр жағынан қамтып келеді. Бұл қуанышты жай. Мәселен, Николай Анов «Ақмешіт» атты тарихи роман жазды. Шығармаға айтылған жұртшылық сынын ескеріп, қазір оны қайта жазып бітірді. Ю. Дружинин «Игі қасиеттер» атты повесть жазды. Н. Пичугин Қарағанды жұмысшылары жайында повесть берді. Бұндай шығармалардың тізімін соза беруге болады. Бұған Қазақстанда орыс жазушыларының 80 кітабы шыққанын айтсақ та жеткілікті. Солардың ішінде балалар жазушысы Максим Зверевтің «У лесного костра» сияқты оңды әңгімелер жинағы да бар.
Бірақ, Қазақстандағы орыс жазушыларының шығармалары төрт аяғынан тең деген ұғым тумайды. Оларда көбінесе көркемдік жағынан олқылық басым. Соның салдарынан да болуға керек, Қазақстанда тұратын орыс жазушыларының күрделі шығармалары Москвада басылып шыққанын әзір өте аз көреміз. Ал, Қазақстанда орыс тілінде шығатын әдебиетке Москваның жазушылар жұртшылығы, соның ішінде, көрнекті сыншылар көңіл бөлмейді. Әрине, орыс жазушыларының шығармаларының жападан-жалғыз критерийі осы ғана болу керек деуден аулақпын. Біздегі орыс әдебиетінің Одақ көлеміне шыға алмай келе жатқанын және орталықпен творчестволық байланысының нашарлығын айтпақпын.
Ол түгіл, біздегі орыс жазушыларының қазақ әдебиетімен де байланысы нашар. Соның салдарынан бұл екі әдебиет бірін бірі өзара байытысып отырмайды. Бір біріне ықпалы өте аз тиеді. Бұған орыс жазушылары да, қазақ жазушылары да кінәлі.
Қазақстанда тұратын орыс жазушылары қазақ жазушыларының, әсіресе, жас жазушыларының шығармаларын аударуда аз жұмыс еткен жоқ. Москваның Антакольский Петровых тәрізді көрнекті ақындары белгілі бір ұлт тілін шын зейінмен үйреніп жүргенде, біздегі орыс ақындары прозаиктері, көр-жерді сылтауратып, тіл үйренуден қашқақтап келеді. Ал, тіл білмей, жолма-жол аудармаға сүйеніп аудару кәсіпқорлыққа қарай шақырып тұратыны олардың ұғынғысы келмейді. Сол тіл білмеудің салдарынан олар қазақ әдебиетімен түгел таныс емес.
Бізде орыс секциясы баспаның қызметін атқарумен келеді. Проблемалық үлкен мәселелер көтерілмейді. Ал мұның өзі, қайталап айтқанда, республикадағы барлық тілде жазатын әдебиетшілермен мықты тізе қоспайынша ойдағыдай шешілмейтін жәйт. Менің творчестволық байланыс керек дейтін себебім де сондықтан. Бұл сол жазушыларымыздың барлығына бірдей пайдалы екені күмәнсіз.
Біздің ұйымда бір топ ұйғыр жазушылары бар. Биылғы жылы біздің одақ жанынан ұйғыр секциясы да құрылды. Бұл секция он беске жуық жазушыны қамтиды.
Қазақ және орыс жазушыларының ұйғыр жазушыларымен творчестволық достығы ертеден келе жатыр. Мұның өзі халықтар достығының үлкен бір айғағы сияқты.
Ұйғыр совет әдебиетінде ұзақ уақыттар бойына Омар Мұхаммедиев, Исмаил Саттаров, Қадыр Хасанов секілді, бірнеше жазушылар ғана болды. Олар ұйғыр совет әдебиетінің алғашқы пионерлері еді.
Талантты ақын, прозаик және драматург Мұхаммедиев пен Саттаров мезгілсіз қайтыс болды, бірақ олардың шығармалары ұйғыр оқушыларының қазір де сүйіп оқитын қадірлі мүлкі болып отыр.
Қадыр Хасановтың шығармасы сан алуан. Ол көп жанрларды жазып келеді, мәселен, ол «Социализм жыры» «Ұйғыр әуендері» атты жинақтардың, «Кенже» атты поэманың авторы. Ол «Манан», «Гүлстан» және «Бостандық туралы жыр» пьесаларын да жазды. Көптеген аудармаларда жасады. Бұның бәрі бір жазушының басына аз емес бірақ, бүкіл әдебиет үшін аз. Солай болғандықтан да әдебиет майданына тұтас бір топ ұйғыр жастарының келуіне біз өте-мөте қуанамыз. Олардың тырнақ алды еңбектері таяуда «Алғашқы қадам» атты жинақ болып шықты. Бұл жинаққа он бір жас автор қатынасты. Солардың ішінен Хизмат Абдуллин, Изиз Изимов, Илия Бахтия, Машуров тәрізді қаламының келешегі бар жастар ерекшелене түсті. Олардың шығармаларынан жаңа леп, жаңа лебіз сезіледі, әдебиетке недәуір даярлықпен келгендігі байқалады.
Алайда, әдебиетке жаңа келген жас талапкерлердің тұңғыш шығармаларында кемшіліктер де жоқ емес. Олар сөзді іріктеп алуға, ұмтылмас мықты, әдемі ұйқас жасауға, жарқын образ жасауға жетік емес. Бір сөзбен айтқанда, әдеби шеберлікті толық меңгере алмағаны аңғарылады.
Бұл жағынан келгенде ұйғыр жазушыларының кездесетін ерекше қиыншылықтарын айтпасқа болмайды. Ұйғыр тілі өзінің әлі қалыптасу дәуірінде. Ұйғырдың әдебиет тілі ғылыми тұрғыдан зерттелмегендігі, сараланбағандығы зор қиыншылық туғызатындығы түсінікті, Қазір тіл мамандарымен қатар жазушылардың да бұл мәселемен шұғылданып отыруы заңды.
Біздің ұлы заманға сай күрделі, көркем шығармалар беру үшін жазушы маркстік-лениндік ғылыммен қарулануға тиісті екені белгілі. Бұл жағынан қазақ жазушылары сияқты ұйғыр жазушылары да көп үйренуге міндетті.
Ұйғыр жазушылары қазіргі заманның тақырыптарына мықтап бет алуға тиісті. Күні бүгінге шейін колхоз даласындағы ұйғыр еңбекшілерінің, өндірістің жаңашылдары мен озат адамдарының, үздіксіз өсіп келе жатқан интеллигенцияның өмірі туралы ауызға аларлық бір де бір күрделі шығарма тумай келе жатқанына селқос қарауға болмайды.
Ұйғыр драматургиясында тек өткен дәуірдің тақырыптары орын алып келеді. Әрине, жас көркемөнер өз халқының өткендегі мұрасына, фольклор әуендеріне, тарихи тақырыптарға соқпай өте алмайды. Бірақ, сонымен қатар, бүгінгі күннің тақырыбына пьесалар жазу аса қажет екені де түсінікті. Мұндай пьесаларды Қытайдағы ұйғырлар да зор ықыласпен күтеді. Өйткені олар Совет Одағында болып жатқан ұлы жаңалықтарға құмарта, сүйсіне қарайды.
Қазір ұйғыр әдебиетінде басты жанр — поэзия. Бұл әдебиеттің жас кезі үшін әбден заңды да. Бірақ, ұйғыр әдебиетшілері көптеген басқа жанрларда да күш сынап көргені мақұл. Мұнсыз әдебиет жедел өсе алмайды.
Қазақстан Жазушылар одағының басшылары ұйғыр әдебиетіне ойдағыдай болып келді деп айта алмаймыз. Әлдеқашан жүзеге асыратын шараларды қазір ғана қолға алып жүрміз. Бұдан былайғы жерде Жазушылар одағына жас ұйғыр әдебиетшілерін кең тартып отыру қажет болады. Олардың шеберлікті үйренуіне көмекті мол көрсету керек. Жазушылар одағындағы ұйғыр әдебиеті секциясын Қазақстандағы ұйғыр совет әдебиетінің нағыз орталығына айналдыра білу шарт.
Таяудағы уақыттың ішінде Қазақстанда ұйғыр тілінде әдеби журнал, яки болмаса альманах шығатын кез жетті, Мұндай баспа орнысыз ұйғыр жазушыларының, ақындарының, очеркшілерінің, сыншыларының кең өріске шығуы қиын.
Қолтума және аудармалық репертуарларға ділгер болып отырған ұйғыр театрымен творчестволық байланысты күшейтіп, көмекті молайту керек.
Ұйғыр, қазақ және орыс жазушыларының арасында творчестволық байланыс күшейетін болуға тиіс. Мұның үшін олардың шығармалары осы тілдерге аударылып, творчестволық дискуссияларда кең талқыға түсіп отыратын болсын демекшіміз. Сонда ғана біз туысқан ұйғыр әдебиетін көңілдегідей өркендете аламыз.
Әдебиет жазушының ғана мүлкі емес, халықтың мүлкі. Халық ісін атқарып отырған түрлі ұйымдар бар. Соның бірі — Жазушылар ұйымы. Әдебиеттің, жазушының өсуіне ең әуелі осы ұйым жауапты. Елеулі табыстарымыз бола тұрса да, біз міндетті көңілдегідей орындадық дей алмаймыз. Ұйымдастыру, тәрбиелеу жұмыстарында кемшілік әлі көп.
Ең басты кемшілік — біздің жоспарымызда, оны орындауымызда. Жоспарламайынша, ұйымдастырмайынша өздігінен ешбір табыс келмейтіні белгілі. Біздің президиум, секциялары жоспарын көбінесе формальді жасайды. Әдебиетімізде қазір не жетпейді, ол қайтсе жетеді? Осыны жете ойланбай жасайды. Егер ойланса, орындалуы үшін қатты күреспейді. Сондықтан орындалмайды. Осыдан барып жазушы шабыты түскенде ғана жазады, шабытты жоспарлауға болмайды, өзі келеді деген жалқаулардың, тоқырағандардың «теориясы» шығады. Шабыт еңбек үстінде келеді. Шабыт еңбекті күшейтсе, еңбек шабыттың өзін күшейтеді.
Ең дарынды деген жазушының өзіне коллективтің көмегі керек. Коллектив жақсы болса, шығарманың мінін таба, оны жоюдың жолын көрсете отырып, авторға шабыт та береді. Біздің творчестволық секциялар бұл дәрежеге әлі де көтеріле алған жоқ. «Каз. правда» газеті архив мәліметтеріне сүйеніп, жазушылар ұйымында шығармалар талқыланбайды депті. Мен жаңа фактілерге сүйеніп, талқыланбайды емес, тіпті көп талқыланады деймін. Бірақ, көбінің сапасы төмен. Социалистік жоғары сана тұрғысынан қарап, шығарманы жеке автордың мүлкі демей, көптің мүлкі деп танығанда ғана әділ, терең пікірлер айтылады. Ондай пікірлер талқылауларды творчестволық лабораторияларға айналдырады. Біз секцияларды осы дәрежеге жеткізбей тынбаймыз.
Әдебиетті сүю — оның кадрларын сүю, әдебиетті өсіру қамы — оның кадрларын өсіру қамы болып табылады. Кадрларды, әсіресе жас кадрларды тәрбиелеуде біздің секциялар, консультанттар, тіпті кейде президиумының өзі зиянды екі әдетті тастай алмай келеді. Соның бірі — шығарманың нашар екенін, қанша істесе де іс шықпайтынын біле тұра, авторды, «істей түс» деп шығарып салу. Көңіл жықпаудан туған бұл алдау талай авторды талай жылдар бойы әуреледі. Жазығы не олардың, неге әурелейміз? Бірдеме шығатын шығарма болса, айырылма, көмектес, ал шықпайтын болса шықпайды деп тура айту керек. Енді бір зиянды әдет — жастарды асығыс көтереміз де, құлатамыз. Олардың әлі піспеген еңбегін мақтап, жарыққа шығарамыз, қолына дереу жазушылық билет береміз. Жас адам сенгіш келеді, шынымен-ақ болдым екен деп қалады. Осымен талай жасты бұзып алдық. Жастарға, еңбек сүюді, білімін тәжірибесін байыту жолында жалықпай ізденуді, коллективтің пікірін сыйлауды, кішіпейіл болуды үйрету керек. Бұнсыз ешбір талант, ешбір бедел қанша көтерсек те ұзақ жасай алмайды.
Жазушы өзінің шығармасымен ғана жазушы. Біздің арамызда бұл қадірлі атқа еңбексіз ие болып жүргендер — бір уақытта болымсыз бірдеме беріп, соны өмір бойы талшық еткісі келетіндер бар. Олар Литфондының есігін күнде ашады, ал творчестволық секциялардың есігін бес-он жылда бір ашпайды. Бұл жолдастарға жазбасаң жазба, тек масыл бола көрме дейтін кез жетті.
Шындықты тура айталық, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының президиумы жергілікті жазушыларға, әдебиет бірлестіктеріне мардымды басшылық көрсете алмай келеді. Тек осы съезд қарсаңында ғана облыстарда жиналыс өткізіп, олардың жайымен аз таныстық, аз жәрдемдестік. Басқа уақытта Алматы төңірегінен аса алмадық. Бұл жөнінде үлкен бір қиындық та бар. Облыстарда, соның ішінде Қарағанды сияқты ірі өндіріс орталықтарында Жазушылар ұйымының бөлімшесі жоқ. Сондықтан әдебиет бірлестіктері облыстық газеттер маңына үйымдасқан. Ал газеттер оларға үнемі көңіл бөлмек түгілі, анда-санда әдебиет бетін де беріп тұрмайды. Осымен жергілікті жаңа талап жастарға ие болсаң ол бол деп отырмыз. Қайткенде де жергілікті әдебиет бірлестіктерін бұл күйінде қалдыра алмаймыз.
Бір кезде үлкен күш болған халық ақындарын Жамбыл кеткен соң президиум ұмытуға айналды. Рас, олар қазір өте аз, аздың өзі кәрліктің шегіне жетіп тұр. Бірақ, олар жасаған әдебиеттің мол қазынасы бар. Соларды Қазақстан Ғылым академиясымен бірігіп, жинау, зерттеу, жарыққа шығару керек.
Жазушылар ұйымының екі журналы егер өз дәрежесіне көтерілсе, әдебиеттік, тәрбиелік орасан зор қызметтер атқарған болар еді. Олар әлі өз дәрежесінен төмен тұр. Олардың беттерінде пікір соқтығысы, әдебиет жайында дискуссиялар, шығармаға сапалы сындар үздіксіз болып тұруға тиісті. Әдебиет жаңалықтарын, жаңа шығармаларды, жас кадрларды жұртшылық алдымен журналдың бетінен көруге тиісті. Сонда ғана журналдардың беделі артады, ол беделмен әдебиетті басқаруға да, күшейтуге де болады. Президиум өзінің бұл журналдарына да тиісті басшылық, көрсете алмай келді.
Қазақтың советтік жас әдебиетің оның жас кадрларын партиялық қамқорлықпен өсіре, күшейте беру жайында Жазушылар ұйымына, оның жеке мүшелеріне қанша қатты айтсақ та, қатты сынасақ та орынды. Сонымен қабат олардың сол зор міндетті орындауына жағдай жасауды ұмытуға болмайды. Бірсыпыра жазушылардың, соның ішінде жақсы еңбек етіп жүрген жазушылардың пәтері өте нашар. Жазушылар ұйымының өзі отырған үйде де дұрыс жүмыс істеу қиын. Жазушыларға демалатын мекен жоқ. Әдебиетіміз онша сорлы болмаса да, бұл жөнде Одақтық республика ішінде ең сорлысы біз шығармыз.
Алматы қалалық Советі жазу үшін ешбір жағдай керек емес деп ойлайтын сияқты. Қаулы бойынша, жазушы тұрған пәтер босаса, жазушыларға ғана берілуге тиісті, ал, біздің қалалық Совет жазушыларға өзге жағдай жасамағаны былай тұрсын, дәл осы қаулының өзін орындамай қойды. Бұл жөнінде Тайбеков жолдасқа ауызша да айтылды, жазып та берілді, ешбір шара қолданған жоқ әлі. Бұл қалай? Басшыларға заңды орындамаса да, ештеме етпейтін болғаны ма?
Жазушылар үшін қаламақы ең бірінші мәселе, бірінші жағдай. Қазақстанда авторлық право, қаламақы саясаты, қаламақы төлеу заңы бухгалтерлердің қолына көшуге айналды. Заң бойынша, шығармаға сапасына қарай үш түрлі баға белгіленген. Қазір соның көбінесе ең төменгісі қолданылады. Бұл жақсы жазам деп қиналмай-ақ қой деген сөз. Ал заң жақсы жазғанға төлеп отыр. Жазушы қайсысын қолдануы керек?
Совет әдебиеті деп ұлы орыс әдебиетің оның төңірегіне топталған ұлттар әдебиетін айтады. Әр ұлт әдебиетінің өзіне тән өзгешелігі, табысы, кемшілігі бар. Соларды көз жазбай, анық біліп отырғанда ғана совет әдебиетін дұрыс басқаруға болады. Бүкілодақтық Жазушылар ұйымының президиумы, секретариаты қазақ әдебиетін қанша білетінін қайдам, әйтеуір, оның жайын білуге, көмектесуге басшылар өзі келмеді, не оқтын-оқтын бригадалар жіберіп тұрмады. «Литературная газета» қазақ әдебиеті жайында тым құрығанда қысқа хабарлар да беріп тұра алмады.
Компартия өзінің ешбір ұйымын көзінен таса қылмайды. Егер оның бірінің жұмысы ақсай бастаса, дереу адамдар жіберіп зерттеп, тиісті шара қолданады. Партияның сыннан өткен осы әдісін Жазушылардың орталық ұйымы қолдана білсе, ұлт әдебиетін қазіргіден әлдеқайда терең түсінер еді де, оның өсуіне жақсы көмектесер еді. Біздің орталық ұйымның президиумы, секретариаты бұл әдісті әлі жұмыс стилі ете алған жоқ. Сондықтан не президиумда, не «Литературная газетаның» бетінде ұлт әдебиетінің, соның ішінде, әсіресе қазақ әдебиетінің басты мәселелері ерекше сөз болмай келеді.
Қазақ жері мейлінше кең, ол жерде еңбек түрі, адам мінездері алуан-алуан. Әдебиетте бұл бай өмірдің бейнесін жасау үшін, оны көруге, зерттеуге жазушыларды жиірек, көбірек жіберу керек. Біз аз жіберіп, оның өзін аз уақытқа жіберіп келдік. Жазушы көрмеген өндірістердің, колхоз, совхоздардың, талай түрлері бар. Соларды қамту үшін творчестволық командировкалар біздің республикаға молырақ берілуі керек еді. Президиум бұған да көңіл бөлген жоқ. Президиум, секретариат Литфондыны творчестволық ұйым емес деп, оның жұмысына жөнді араласпай ма деймін. Егер араласса Қазақстан Литфондысының қораштығы көзіне бір түсер еді. Қазақстан Литфондысы жазушылардың тұрмыс жағдайын түзеу, пәтер, демалыс үйлерін салғызып беру, шаруашылық мәселелерін күшейту түгілі, өзінің екі жарым адамына баспана таба алмай жүр.
Өскендігіміздің айқын бір белгісі — бұдан он-он бес жыл бұрын алдыңғы қатарда жүрген жазушылардың талайы орта қатарда, ортадағылардың талайы кейінгі қатарда қалды. Бұл олардың кейін кеткендігі емес, кейінгілердің шапшаң, басып, ілгері кеткендігі. Сол сияқты бір кезде бетке ұстауға Жараған шығармалар, бұл кезде қолға ұстауға ғана жарайды. Бүгінгі шығармалардың көркемдік дәрежесі бұрынғылардан биік. Сонда да қанағаттанбаймыз. Өйткені, жеткен табыстардан алда тұрған талаптар жоғары. Талап жоғарламайынша әдебиет жоғарыламайды.
Қазақтың ғасырлар бойы соны жатқан кең жері совет заманында көркін мүлде өзгертті. Советтік Қазақстан деген сөз — күшті индустриясы бар, озық техникамен құралданған социалистік күшті ауыл шаруашылығы бар, оларды жасаушы өзінің жұмысшы табы, еңбекшілер армиясы, оларды басқаратын саясат, мәдениет, экономика кадрлары бар — жаңа типті ірі мемлекет деген сөз. Бұл мемлекет қазір егін, мал шаруашылығын сондай дәрежеге көтеруге кірісті — ондай дәрежені капиталистік ешбір мемлекет көрген емес. Біз қазір тың айыруда, мал өсіруде, яғни — партияның он тоғызыншы съезінің шешімдеріне сәйкес азық-түлік молшылығын жасауда бірінші қатарда тұрмыз. Әдебиетіміз де осы қатарда болу керек. Ол үшін не керек?
Совет өмірінде не нәрсені мақтан етсек, соған бастап әкелген, алда не нәрсені арман етсек, соған бастап апарушы — Совет Одағының Коммунистік партиясы. Сол партияның ұлы идеясы әдебиеттік әрбір шығармада қозғаушы күш болып отыру керек.
Әдебиеттің барлық жанрларында, түрлерінде, қай тақырыпқа жазылса да, ең асыл сөз совет адамына арналсын. Ол бүкіл адам баласына бостандық, еңбек үлгілерін көрсетуші, ол қиындықтан, күрестен қорықпайтын ескі дүниенің барлық бөгеттерін қиратып, коммунизм атты жаңа дүние жасаушы образ. Ол, адамзатқа тән ең жақсы қасиеттерді бойына жинаған, жоғары мәдениетті, интернационалдық жүрегі бар образ. Оған халық тілегінен жоғары еш нәрсе жоқ.
Бұндай образды жасау үшін алдымен жазушының өзі сол образдың дәрежесінде болуы керек. Бұл өмірді адамды әмән зертте, образ жасаушы ұлы зергерлерден әмән үйрен, сонда ғана бола аласың деген сөз. Сүтпен біткен талант қанша зор болса да, дән сияқты. Дән баптаса ғана өнім береді, баптамаса семіп қалады.
Әдебиетте совет адамының ұлы образын жасау үшін совет өмірінің тамаша бейнелерін көрсету үшін, бұл жолдағы барлық бөгеттерді жеңу үшін, шеберлікті көтеру үшін аянбай күресу керек.
Жазушы, әдебиет еш уақытта біздің тұсымыздағыдай үлкен күшке, үлкен беделге ие болған емес. Соған жеткізген Совет Одағының кемеңгер Коммунистік партиясына, оның Орталық Комитетіне, Совет үкіметіне алғыс айталық, жолдастар!
1954
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі