Өлең, жыр, ақындар

Биік те қарапайым ұғымдар

Биылғы жылдың әдеби көктемі шат-шадыман оқиғалармен есте қаларлықтай болды. Ол партия және үкімет басшыларының, советтік көркемөнер интеллигенциясымен кездесулерінің жарқын нұрына бөленді. Біздер, яғни жазушылар, суретшілер, композиторлар, кино және театр қызметкерлері, партия көмегі арқасында, абстракционизм мен формализмнің сурет өнерінде көрініс беруі секілді, идеясыз, «еркін» шимай-шатпақтарға көңілшектік білдіру секілді, социалистік және буржуазиялық идеологиялардың қатар өмір сүру мүмкіндігін масқара насихаттау секілді өте қауіпті сырқаттың салқынынан арылдық.

Егер мен сонымен қатар өзіміздің әрқайсымыз да рухани жаңарып, жаңғырдық десем, қателеспеспін деп ойлаймын. Ал бұл жағдайдың өте-мөте маңызы зор, өйткені әрбір жазушының еңбегі көп ұлтты совет мәдениетінің теңізіне бұлақ болып қосылып жатады. Сондықтан мен, ол — бәріміздің сол теңізге қосатын үлесіміздің қаншалықты таза екендігі туралы мәселе біздің рухани және творчестволық өміріміздің басты мәселесі болмақ.

Көркемөнердің партиялылығы, халықтығы, суреткердің қоғам алдындағы жауапкершілігі, оның азаматтық принциптігі, адалдығы туралы биік және біздің баршамызға қымбат ұғымдарды ойланып-толғану мені еріксіз түрде бағзы бір «қарапайым», «дағдылы» тұжырымдарға әкеледі. Біздің әрқайсымыздың не істеп, не қойғанымыздың бағасын танытатын өз еңбегіміздің, жазушылық өніміміздің сапасын сөз етуге итермелейді.

Жазушы, сені ойлантып-толғантқан жәйттер мен қалай жазып жүргеніңнің айырылмас байланыс бар.

Егер сен біздің, тамаша қызғылықты өмір шындығымызбен азамат, қайраткер, күрескер ретінде, оның перзенті ретінде байланысты болсаң, онда сөз жоқ, берік, нағыз жеміс беретін түзу жолда болғаның. Ал егер де сен онымен газет бағандарына көз жүгіртіп өткенде, кинофильмдер көргенде немесе творчестволық командировкаға «аванс» алғанда ғана байланысты болсаң, онда жеміссіз жолда жүргенің. Онда өмірдің өзі де сен үшін жібек шымылдықтың ар жағында қалады. Себебі сен оның бер жағында тұрып, күрес йен жеңістердің тасқын тіршілігін көрген сияқты болғаныңмен, оның, жаныңды желпіндіретін ауасын да, гүлдердің жұпар иісін де, шаттықтың «шырынын» да сезбей қаласың.

Идеясыздыққа қарсы үзілді-кесілді күрес жүргізе отырып, біз барып тұрған ұятсыз халтураны айтпағанда, орта қолдықты, дүмшелікті, көркемдік дәрменсіздікті де ұмыт қалдырмауға тиіспіз. Дарынсыздар мен дәрменсіздер барынша сақ, абай келеді, қой аузынан шөп алмайды. Олар кітаптарын ақырын әкеліп, алдыңа қояды, онда біздің бүгінгі күндеріміз суреттеледі, бәрі бар болады, ештеңесіне ілік келтіре алмайсың. Бірақ мұндай дүниелерден нағыз өмірдің тынысын, жылылығын, күрделілігін таппайсың. Ал мұнсыз оқушыны қалай сендіруге, қалай тәрбиелеуге болады?

Бізде, Қазақстанда әдебиетшілердің үлкен тобы бар, — екі жүз адамнан астам. Алайда, өкінішке қарай, солардың бәрі бірдей өздерінің творчестволық күшін сарқа пайдаланбайды, ол ол ма, жазушылық атағын өз еңбегімен ақтай алмай жүргендер де баршылық.

Өз ұйымымыздың қазіргі таңдағы басты міндеті өмірмен байланысты нығайту және шығармаларымыздың идеялық-көркемдік дәрежесін көтеру, қазақ жазушыларының шеберлігін, еңбектерінің сапасын арттыру жолындағы күрес деп білеміз.

Сондықтан да біз соңғы уақыттары Жазушылар одағында жаңа роман, повесть, поэмалар мен пьесаларды талқылау үшін жиі-жиі жиналатын болдық, оларды достық, принципшіл, маманданған сын сарабына салуға айналдық. Шынын айту керек, осынау керекті де жақсы бастамаға кейбір кездері жекелеген әдебиетшілер үнсіз, тіпті кейде «дауыс көрсетіп» қарсылық білдіреді, олар өз шығармалары жөнінде бүкпесіз, ашық айтылған дұрыс сөзді теріс қабылдайды, «құртқысы келеді» деп ойлайды.

Осы жақында ғана проза секциясы 3. Шашкиннің «Доктор Дарханов» деген жаңа романына кеңінен талқылау өткізді. Талқылауға тәжірибелі жазушылар да, жас жазушылар да қатынасты, олар менің ойымша, романға өте бір жақсы ниетпен әділетті баға берді, сонымен бірге елеулі кемшіліктерін де көрсетті. Автор біздің күндеріміздің шындығын сүреңсіз, қызғылықсыз бейнелегені, кейіпкерлерінің ұсақ, кейде жексұрын құмарлықтың лай ағынында малтығып жүретіні, роман композициясының «болбырлығы», тілінің әсерсіздігі туралы пікір айтылды. Қайталап ескертемін, бұл баға достық көңілден туған еді.

Бізге бір ақиқат нәрсені біліп алу аса қажет: жазушыларды саяси және творчестволық тәрбиелеу мәселесі еш уақытта кезекті бір науқан деп қаралмауы тиіс. Ол еш уақытта күн тәртібінен түспеуі тиіс. Идеялық, адамгершілік, жұмыс қабілеттілігі, сынға төзімділік, қоғамдық пікірді сыйлау — творчестволық коллектив, әрбір мүшесіне міндетті түрде керек қасиеттер.

Біздің одақта жаңа шығармаларды талқылау — пайдалы нәрсе. Егер оны сын «көтермелесе», онда үш есе пайда келген болар еді. Бірақ, республикалық әдеби сын әзірше үлке әдебиет жолындағы ынталы, пікіріне сенімді, жігерлі күрескер бола алмай отыр. Менің байқауымша, ол әлі өз басынан идеялық пен көркемдік деген ұғымдарды бір-бірінен бөліп қарайтын «өзгеру кезеңін» өткеріп отырған тәрізді. Газеттердегі немесе журналдардағы сын мақалаларды бір шолып өтсең болғаны, олардың ылғи дерлік бір-біріне ұқсас және дәрменсіз екеніне көзің жетеді. Көпшілігі-ақ әбден жауыр болып, жалықтырып біткен сөздермен аяқталады, онда сыншы автордың керекті және жақсы тақырыпты қолға алғанына құлдық ұрады. Мақала иесінің бұған дейінгі сырының шығармаға ешбір қатысы жоқ секілді болып қалады.

Жасыратыны жоқ, кейбір сыншылар кей кездері сүреңсіз шығармаларды тақырыбы бүгінгі күн болғандықтан ғана әдебиеттің шын мәніндегі табыстары деп уағыздайды. Осы бірден-бір формальдық негізде ондай шығармалар тіпті халықтықты танытатын өлшем деп те саналады. Бірақ халық оларды өзінше бағалайды, оқымай тастай салады. Әйтсе де мұндай кітаптар мен олардың авторлары халыққа қымбатқа түсіп жүр.

Сынның өресіздігі кей кездері осынау әдеби «цехтың» жекелеген мүшелерінің екіжүзділігімен, ождансыздығымен барып ұштасатынын да бүркей алмаймыз. Бұл біздің идеологиялық күресімізге қаншалықты үлкен зиян тигізетінін ойлаңдаршы! Екіжүзді сыншы қоғамдық мүддеге қарамастан, шындық дегеннің бәріне қарама-қайшы келіп, қоқыс біткенді әдебиет деп ұсына береді. Біздің кейбір сыншыларымыздың өз білімін, өз сөзін совет адамдарын рухани, эстетикалық тәрбиелеу жұмысына арнауға міндетті екенін ойланатын уақыты жеткен жоқ па? Өйткені жазушының бүгінгісі мен келешегіне, оқушының эстетикалық талғамы мен идеялық қалыптасуына сынның орасан зор әсер күші бар... Мен бұл жерде әдейі ешкімнің де атын атамай отырмын. Кінә қойылған жолдастар менің сөзімді дұрыс түсініп, келешек жұмыстарында ескерер деп ойлаймын.

Жазушыдан халыққа жететін нәрсенің идеялық-көркемдік дәрежесі, эстетикалық сапасы қандай — міне, сынның үзбей қадағалап отыратын мәселелері осылар. Бірақ бұл жалғыз сынның жұмысы ма? Тіпті жалпы алғанда — халықты идеялық-эстетикалық тәрбиелеудің зор міндеті тек қана әдебиет пен көркемөнер қайраткерлеріне жүктелмек пе? Жақсы романдар, поэмалар, әңгімелер жазуға болар, оларды әдемілеп кітап етіп шығаруға да болар, бірақ солар жұрт қолына тимесе, біздің жазғанымыздан не пайда?

Сондықтан кітапты насихаттаудың рөлі үлкен, кітапты оқушыларға тікелей жеткізушілердің — кітап саудасы қызметкерлерінің жауапкершілігі зор болмақ. Ұялсақ та айтайық, біздің республикамызда кітап сату жұмысы өте - мөте нашар. Кейде кітап дүкеніне кіріп қарасаң, прилавканың астында жатқан тау-тау томдарды көресің. Кітаптың аттарын оқысаң, олар авторларының кінәсынан жатпағанына кәміл сенесің. Оған республикалық кітап саудасы қызметкерлері жауапты екеніне көзің жетеді.

Жақында Алматыда республиканың түстік облыстары кітап дүкендерінің товароведтері мен сатушыларының бірлескен кеңесі өткізілді. Осы кеңесте сөйлеген бірқатар шешендер мені қатты қайран қалдырды. Олардың бірсыпырасының қазіргі әдебиет туралы элементарлық түсінігі жоқ, кітапты атына байланысты ғана шамалайды.

Оңтүстік Қазақстанда бұрынғы Шаян ауданы бар. Сол ауданның товароведі 20 дана роман және 300 дана повесть алуға мәлімдеме беріпті. «Сіз повеске сонша неге құмарттыңыз?» деп сұрағанымызда, әлгі жолдас: «Аты әдемі екен!» деп жауап берді. Менің повестке қояр ешқандай кінәратым жоқ, жақсы-ақ повесть, бірақ әдебиетке жоғарыдағыдай принциппен қарау барып тұрған «принципсіздік» болып шығады.

Сырбай Мәуленов — поэзия саласында көптен бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ақын. Соған қарамастан Қазақстан тұтынушылар одағы оның соңғы кітабын республика бойынша 300 дана мөлшерінде, ал жас ақын Қосжан Мүсреповтің өлеңдер жинағын 3000 дана мөлшерінде сұрапты. Сөйтсек, Қазақстан тұтынушылар одағындағы туған әдебиетіміздің «білгіштері» жаңа жаза бастаған жас ақынды біздің белгілі жазушымыз Ғабит Мүсірепов екен деп ойлап қалған көрінеді.

Осыларға қарағанда, жергілікті жерлерде қандай кітап сатылатыны, халықтың қандай кітап оқитыны жаңағы «білгіштер» мен «баға бергіштерге» бәрібір болса керек. Олай болса, бұл салада да кең түрде тазарту жұмысын жүргізетін уақыт жетті емес пе?

Әдебиеттің идеялық-көркемдік дәрежесі, әдебиет сапасы — бүкілхалықтық іс, оның тағдыры жазушылардың да, сыншылардың да, баспа қызметкерлерінің де, таратушылардың да қолында.

Иә, биылғы көктем жанымызға шипа берді, жаңартып, жаңғыртты! Ол әдебиет пен көркемөнерге ғана емес, еліміздің бүкіл идеологиялық өміріне жаңа күш қосты, жаңа нәр берді. Бұл еңбек етуге жәрдемдеседі, жарқын да шабытты туындылар беруге міндет жүктейді, өйткені біз коммунизмнің ұлы мәдениетін жасап жатырмыз.

1963

(«Литературная газетадан»)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз