Күн нұрына бөленген ақ басты Алатаудың бөктерінде, түрікмен достар, сіздерді қуана қарсы аламыз.
Аңсатып, ұзақ күттірген осы кездесудің қуанышы қойнымызға сыймайды. Қайырлы сағатта қауыштық, көксеген күнге жеттік. Түрікмен, қазақ ежелден дос, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайын.
Сіздің халықтың әсем әндері біздің ұлан-байтақ сахарамызда шырқалды. Түрікмен классиктері мен қазіргі заман жазушыларының сүйікті шығармаларын біздің қазақтар бүкіл әлемге атақтары әйгілі — Абай, Жамбыл, Мұхтар шығармаларымен бірдей қастерлеп оқиды.
Жаздың жайма-шуақ күнінде, май айының нағыз бір түрікмен кілеміндей құлпырған әдемі шағында кездесуіміз өмірі есімізде қалады, біздің берік салтқа айналған достығымыздың бұдан былай да кеңейе, нығая беруіне себін тигізеді.
Біз енді сіздермен емін-еркін сұхбаттасамыз, өзіміздің сүйікті ісіміз — совет әдебиетін өркендету жөнінде кең пікірлесеміз. Республикамыздың қай жеріне, қай түкпіріне барам десеңіздер де сіздерге жол ашық, төріміз дайын, әр үйдің сыйлы қонағы боласыздар. Туысқан түрікмен халқының әдебиетін, көркемөнерін жанындай сүйетін, қадірлейтін халқымыз сіздерге құшағын жайып, сағына күтіп отыр.
Сіздер қадам басқан жерлерге гүл, достық пен махаббат бағы шешек атсын!
Кәне, достар, бауырлар, меймандос қазақ жеріне еркін қадам басыңыздар, төрімізден орын алыңыздар! Біздің астанамыз Алматының ыстық құшағына кіріңіздер! Сый - құрметімізге бөленіңіздер!
Еліміздегі коммунизм құрылысына ересен зор үлес қосып, совет халықтарының семьясында терезесі тең өмір сүріп отырған туысқан түрікмен халқының бір топ жазушылары бізге қонаққа келді.
Қош келдіңіздер, қымбатты бауырлар! — дейміз біз оларға.
Туысқан түрікмен халқының шаруашылық және мәдениет құрылысында орасан зор табыстарына біз қуанамыз. Әсіресе түрікмен жазушыларының — біздің достарымыздың творчестволық жетістіктері бізге етене жақын.
Дарынды түрікмен халқы өз ішінен бір топ дарынды халық шайырларын, ақындар мен жазушыларды өсірді. Түрікмен совет әдебиеті барша совет халықтарының қадір -құрметіне ие болды.
Он сегізінші ғасырда өмір сүрген, өзінен кейінгі ұрпақтардан шыққан талай ақындарға игі әсерін тигізген түрікменнің философ-ақыны Махтум-Кулидің ұланғайыр әдеби мұрасын біз жақсы білеміз, бағалаймыз. Түрікменнің ендігі бір үлкен ақыны — Кеминэ өзінің досы Молла Непеспен әңгімелесіп отырғанда түрікмен поэзиясының атасы — Махтум-Кули турасында былай деген екен: «Халық бүтін бір өңірге алтын жыр егіп өсірді, Махтум-Кули келіп сөз егінінің астығын жинады. Сонда сен екеумізге не қалды? Егіні орылған аңызды аралап, кездейсоқ қалып қойған масақтарды тереміз-дағы».
Махтум-Кули Қазақстан еңбекшілері арасында нағыз атақты ақын. Оның шығармалары қазақ тілінде екі дүркін басылып шықты. Біз түрікменнің Зелили, Сеиди сынды ақындарының шығармаларын, әлеуметтік сықақтың асқан шебері, түрікмен әдебиетінің айтулы классигі Кеминэнің шығармаларын сүйіп оқимыз.
Қазақстан жазушылары өздерінің тамаша қаламдастары — Берді Кербабаев, Беки Сейтақов, Қара Сейітлиев,
Гусейн Мұхтаров, Аман Кекилов және басқа көркемсөз шеберлерін қадір тұтады, олардың көп ұлтты совет әдебиетінің қазынасына қосқан романдарын, повестерін, поэмалары мен пьесаларын сүйіп оқиды.
Берді Кербабаевтың «Шешуші қадам» романы мен «Ақ алтын елінің, Айсұлтаны» повесі, Сарыхановтың әңгімелері, талантты түрікмен ақындарының өлеңдері мен поэмалары әлдеқашан қазақ халқының рухани игілігіне айналғанды. Гусейн Мұхтаровтың «Алланың, семьясы» пьесасы қазақ театрларының репертуарынан түбегейлі орын алды. Осы күнгі түрікмен ақындарының өлеңдері мен поэмаларының жинағы және түрікмен әңгімелерінің бір томдығы таяуда баспадан шығады.
Партия бізді жаңа белестерге, биік шыңдарға шақырады. Он да бізді соны жаңалықтар, зор табыстар күтеді. Бүкіл совет жазушыларының ең басты, ортақ міндеті — халыққа, партияға адал қызмет ету.
Түрікмен әдебиетінің біздің республикада өтетін апталығы кезінде әдебиеттеріміздің дамуындағы өзекті мәселелер турасында, өзара тәжірибе алысу жайында кең түрде пікір алысамыз ғой деп ойлаймын. Республикаларда өткізіліп жүрген, бұдан былай да өткізіле беретін әдеби онкүндіктер мен апталықтардың мақсат-мүддесі республикалық жазушылар ұйымдарының арасындағы достық қарым-қатынасты барынша молайту, шығармаларды талқылау арқылы өзара танысу-білісу, әдебиетінің барлық жақсы жетістіктерін кеңінен насихаттау. Өзара қарым-қатынасты дамыту, нығайту, үнемі қоян-қолтық араласу — біздің социалистік реализм әдебиетінің идеялық - творчестволық тұрғыда жедел дамуының маңызды бір шарты.
Идеялық бірлік, творчестволық бағдар - бағыт ынтымағы бүкіл туысқан әдебиеттеріміздің, әсіресе түрікмен мен қазақ әдебиетінің күнбе-күнгі достығының, үзілмес байланысының негізі болып табылады.
Түрікмен әдебиетінің Қазақстандағы апталығы халықтар достығының нағыз мерекесіне айналатынына, біздің республика мәдени өміріндегі үлкен оқиға болатынына кәміл сенеміз. Бұл апталық түрікмен және қазақ халықтары әдебиеттерінің коммунистік туысқандығын онан сайын бекітеді, нығайтады.
Әзіз достарымызды, қадірлі бауырларымызды ынтық жүректен құттықтаймыз!
СССР халықтарының бұлжымас достығы жасай берсін!
Біздің әдебиетіміздің қамқоршы досы, коммунизмнің барлық жеңістерінің дем берушісі, ұйымдастырушысы Совет Одағы Коммунистік партиясы жасасын!
1963
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі