«Көсегең көгерсін» — көне қазақтың үлкен батасы. Жерді күн көгертсе көсегені Октябрь көгертті. Көшпелі, сауатсыз ауылда, ойым қалыптаспаған, қанатым әбден қатпаған шағымда Октябрь дабылы естілді. Ленин — большевик — Совет деген үш сөз барлық сөздерден басым, сүйгеннің де, сүймегеннің де аузында жүрді. Коммунизм, социализмінен хабарым жоқ. Бай құриды, кедей жетіледі, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды, дейді біреулер. Енді біреулер сенікі, менікі болмайды, малың түгілі, әйелің ортақ, ақырзаман деседі. Байсыз — кедей, кедейсіз — бай қалай күнелтпек?! Пішту! — деп мұрын шүйірушілер де бар.
Ауыл осылай қым-қуыт, қызыл кеңірдек, айтыс-тартыс. Жаңа дәуірдің шабуыл мен ену, ескі дәуірдің қарсыласа ығысу кезінде шыңыраудағы сырлар ашылды. Бұған дейін бай мен кедей ішінде не жатқанын білмейтінмін. Бұдан кейін қаламды қару етіп, мен де аттандым. Ойсыратып ештеңе бітірмесем де ере бердім дүрмекке. Жазушы боламын, деген ой жоқ, жазушы жолына қалай түскеніме қайранмын. Октябрьдің елу жылын кезбен өткізіп, шолақ өмірдің шоқысына шыққан кезде сол өткен күндер, әсіресе кейінгі елу жыл тізбегі сайрап көрінеді. Қандай көркем, қандай қызықты! Қарай бергім келеді, қарай бергім келеді! Осы жарты ғасырда өнер, ғылым, ерлік жорықтар тарихта теңдесі жоқ дәрежеге жетіпті. Бәрі сүйсіндіреді, өте-мөте әдебиет өнері сүйсіндіреді. Әдебиет неге өте-мөте?
Қолмен жасалған өнер дүниесінің ішінде ең ұзақ жасайтыны, өмір бейнесін толық қамтитыны, адам жанына әсерлісі әдебиет. Таулар бұзылады, сулар суалады, тас болат үйлер құлайды, бүкіл қауым алмасады, жақсы әдебиет сонда да өлмейді. жүздеген жылдар өмір сүреді, өткен қауымның, дәуірдің бейнесін кейінгілерге жеткізеді. Сондықтан өнердің ең қиыны да жақсысы әдебиет.
1967
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі