Мен ескіше жыл басы деп есептелетін "Наурыз күні" киіз үйде туыппын. Қазақ даласының ең суық жағын жайлайтын біздің елдердің бірсыпырасы ХХ-ғасырдың бас кезінде де қыс айларын киіз үйде өткізеді екен.
Ол күні жер де сілкінбеген, күн түгіл ай да тұтылмаған, есте қаларлық боран да болмаған, ең аяғы қалжа сүйегіне иттер де таласа алмаған. Менсіз де үбірлі-шүбірлі бір қара үйде тағы бір бала туа салған да, басқа балаларының атына ұйқастыра ат берілген.
Әрине, ол күннен менің есімде қалған ешнәрсе жоқ. Болысым кім, патшам кім, пайғамбарым кім, табым кім, онда менің жұмысым болмауы керек. Кейін ондайды ұнатпаса да ол кезде тістеген мен шаққанға да енжар болған сияқтымын: жылауық болмаппын.
— Қайсар болушы ең, жыламайтын едің, — деп, шешем осы күнге дейін әр кезде айтып отырады.
Тегі, ол кезде біздің ауылдарға көп оқиғалар соқпай өте берген сияқтанады. "Асау той, тентек жиын", қызыл жон қырғын, батырлық, ерлік жайларын шалдар ғана ертегі ретінде айтып отырушы еді. Апталап, айлап көшетін кездер де атам заманғыға айналған. Қақ қасымызда, төрт- ақ шақырым жерде, Торсан ауылы бар. Оның екі баласы болыс, бір баласы төре; безектеген қос қоңырау ол ауылға күнде бір соқпай өтпейді. Ол қоңыраулар осы елдің тыныштығы үшін, қуанышы үшін шылдырамайтынын қай ауыл болса да біліп отырады.
— Тағы да қандай алым-салық келер екен? — десіп, күңкілдесіп те қояды. Бірақ, бай ауылын айнала қоршаған кедей ауылдар әр кезде сыртта, әр кезде қағыс: заман оларға салмағын салады да әңгімесіне араластырмайды.
— Апырай, осы жылда алатын алым-салық қайда кете береді екен? Біздің бір ауылнай елдің бір жылғы төлейтін алым-салығы бір үйді он жыл асыруға жетпей ме? Патша дегеннің өңеші кең бола береді екен-ау — дейді, Рақмет деген момын адам.
— Пәлі! Алым-салық төлейтін сенің бір ауылнайың ғана ма екен, мың-мың ауылнай, мың-мың болыс бар емес пе! — дейді, оның інісі Қожақ.
— Мың-мың ауылнай жоқ шығар... Ол тым көп қой. Сонша жұрттан жылда алым-салық алып отырса, қанша патша болғанымен жарылып өлер! — дейді үй күшіктеу, он сомнан арғы есепті біле бермейтін Досан деген адам.
— Жарылып өлер? Әкеңнің әкесінен бері төлеп келе жатқанда балаңның баласына дейін төлейсің. Патша сонда да жарылып өлмейді! — дейді Қожақ. Ол Қорған қаласында жүкші болып кеткен адам. Елге анда-санда ғана бір соғады. Сондықтан оның сөзі нанымды сияқтанады.
Осы сияқты терең тамыры бар сөздер әлденеге байланысты қозғалып кетеді де аяқталмай үзіледі. Тағы бір ретте қайта жаңғырығады. Бірақ, мұның тамырлы сөз екеніне көпшілік мән бере алмайды. Үлкен әңгімелер бұл маңайда емес, болыс-би маңайында деп ойлайды. Оған бұл маңай қатынаса да алмайды.
Әсіресе, "үлкен" әңгімелерден — "төрт үй түрікпен" аталатын — біздің ауыл сырт отырады. Сондықтан, менің балалық шағымда есте қаларлық бір оқиға болмаған сияқты. Бұл не деген жадау өмір деп мұңайған да ешкім ойымда жоқ. Болмаған болу керек.
Сондай болымсыз өмірден менің есімде қалғандары да болымсыз. Әкеміздің шару асы тайға артқан қоржындай бұлтылдап кедей мен орташаға кезек ауысудан көз ашқан емес. Анда-санда орташаға жақындап шырт түкіре бастағанда әкеміз оп-оңай кедей болып қалушы еді. Бай болуды қанша ұнатқанымен, ол бір ішінде кеткен арманы болу керек. Әр қыста бір тосып алатын жұт пен әр жылда егіздей беретін алым-салықтар кейде тұқыртып кетсе, кейде біржола тұралатып кетуші еді.
Төртте шығармын деймін, Хамит, Сәбит дейтін екі ағам мен үшеумізді, мұсылмандық белгісін салу үшін, "сүндетке" отырғызатын болыпты... Бастыра киген бөркімен, бөркіне түстес буырыл сақалынан бет-аузының пернесі айқын аңдалмайтын тәйпік бір молда қылт-жылт еткізіп, бәкісін қайрап отыр. Өткен түні осы бәкісімен бастың құлағын кесіп отырған. Анда-санда бәкісін төбеден сорғалаған тамшыға тосып алады. Қайрақтың татын тамшы жуып жібергенде бәкі бізге қарай сумаңдап-сүйреңдеп, жұтынып қоятын сияқтанады. Әке-шешелеріміз әр баласының жақсы мінездерін көтере мадақтап, жоқ мінездерді де тауып мақтап, "сүндетке" бейімдеп келеді. Бір-бір "сүндет атымыз" болады екен, "сүндет тойы" болғанда сол сүндет атымызға мініп шығады екеміз, ендігі жылы оқу оқиды екеміз, ақылды болады екеміз... Киіз үйдің бір қабырғасына көрпе төселіп, жастықтар тасталып жатыр. Тұғжың молда намазға да отырды.
Әзірлік аяқталып болғанша үш бала көз құйрығымен ұғынысып, сыртқа шығып кеттік. Ауыл ағаш арасында болатын, тез жүгіріп, ауылдан ұзаңқырап алдық. Үйімізде жалғыз кәрі бурыл ат болатын. Үшеуміздің ойымызға да сол жануар түсіпті: "сүндет" арқылы бір-бір ат аламыз да, ат жетпегеніміз "сүндеттен" аман қалатын сияқтандық: бірақ, мұның бірі де болмай шықты.
Естиярымыз Хамит інілерінен гөрі тереңірек бір сырды ұстап қалған екен:
Сүндеттелмеген балаға қатын да әпермейді! — деді.
Біздің: — әпермесе, әпермесін! Қатын не керек? Ойнап жүре береміз — дегенімізге тағы да бірталай салмақты тойтарыс беріп, ағалығын істеп сабарман мінез көрсете бастады. Сәбит екеуміз беріспеуге бет алып, ағаш арасына зыта жөнелгелі тұрғанымызда сыртымыздан құшақтай алған бауырмал қолдар үйге қарай алып кетті.
Енді міне, үш бала қаз-қатар жатырмыз. Енді бурыл атқа екінші жағынан жабысқымыз келеді. "Сүндет атың қандай?" деп молда сұрап қалғанда — "бурыл ат'" десек болды ғой! Ат сенікі болады та...
Төр жақ шетте Хамит, ортада Сәбит, мен есік жақ шеттемін. Молда менен бастаса, бурыл ат маған тиетін сияқтанады. Ортада жатқан Сәбит Хамитқа бата алмай, менімен орын ауыстырғысы келіп еді, мен көнбедім. Ол мені шымшып, аяғымен теуіп қалып, сыбырлап боқтап та жатыр...
Молда үлкендете бастады да:
Сүндет тойыңа мініп шығатын "сүндет атың қандай?" — деп, ең алдымен Хамиттан сұрады.
О да қауіптеніп жатыр екен "бурыл ат! " деп тез жауап берді. Тегінде молданың аңдитыны да баланың көңілі алаң болатын осы бір кез екен, Хамит "ойбай-ай!" деп, бақырьш та жіберді: өткір бәкі ащы сезілді білем...
Бурыл атты Хамит атап қалғанда Сәбит кемсендеп жылай бастады. Біржола қара жаяу қалғандай, егіліп жылап кетті.
Кезегі келіп "сүндет атын" сұрағанда Сәбит: — "А- т – ы - м жоқ" — деп тіпті қатты өксіп жіберді: көзімен ғана емес, бүкіл денесімен, жанымен, тәнімен жылады. Әлдеқандай ауыр қорлық алқымына тығылып, буынып жатқандай сезіледі. Сәбит "Атым жоқ" дегенде менің жүрегімде атым жоқтық жарасы тереңдей түскенімен, қожаға беретін жауапты Сәбит тауып бергендей азырақ жеңіліп те кеттім.
Бірақ, өзіме кезек келгенде, едәуір тоқталып барып: — "менің де атым жоқ" — дедім. Безеріп, қайсарлана айттым да қасарып қалдым.
Әркімге жаутаңдай қарап, шешем егіліп жылап отыр. Ботбай деген жақын ағамыз бар еді, ол да намыстанып жылап отыр екен:
— Немене қайта-қайта аты жоқтығын айтқыза беріп!.. Бір-бір ат беруші ме едің? — деп молдаға ақырып қалды.
— Өзім ат әперем... Жыламаңдар, мына шірік әкелерің ат әперуші ме еді! — деп бізді де уатты. Қуанып қалдық... Кейін "сүндет тойы" болмағанына одан да артық қуандық. Өйткені бізге ешкім ат әперген жоқ еді...
Әке-шешеден күнде еститін көп жақсы тілектердің өзгесі келмесе де "оқу оқисыңдар" дегендері екі жылдан кейін келіп еді. Жаз бір көлдің басында, қыс айларын әр ағаштың қойнауында өткізетін бес-алты ауыл "балалардың тілін сындыру үшін" молда жалдапты. Молданың жылдық еңбегіне құнажын бұзаулаған бір сиыр, алты ауылдың бітір-садақасы берілмекші. "Аузының салымына қарай", өліктің жаназасы да соныкі. Бейсенбі күні балалар молдасына "жұмалық" беріп тұруға тиісті: екі тиыннан кем болмасын, бес тиыннан артық та болмасын... Үлкендер кешқұрым осы "жалақыны" бөлісіп, қыр басында ұзақ отырысып қалды.
Молда әр үйде бір жетілеп оқытады. Оқуға бала берген үйлер кезектесіп, бір жеті молданың тамағын да көтереді, балалар оқитын мектеп те болады. Бір жеті өткеннен кейін молда келесі үйге ауысады.
Алғаш "оқуға" барған күні арабтың жиырма тоғыз харпы түгел тізілген бір жапырақ қағазды молда барлық баланың қолына түгел ұстатты. Сарғыш мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан шақар жас молданың алдында өмірдей көк шыбық жатыр. Шыбықтың үш жағы жыланның құйрығындай сүйірленіп, балаларға қарай қозғалақтап қояды. Оны көріп отырған балалардың оқымауына да болмайды, бірақ, үйренуіне де болмайды. Қорқыту еш нәрсе үйретпейді.
Балалар төрден есікке қарай үлкендете отырғызылды. Жиырма шақты баланың ең кішісі алты жасар мен едім, маған орын босағадан тиді. Кей үйде қозылақпен етектесе отырамын. Кейбір үйдің иті қасымда жатады.
Молда ең жасы үлкен баланы алдына шақырып алды да әлгі айтылған бір жапырақ қағазды тырнағын әдемілеп алған сұқ саусағымен нұқып көрсетіп:
— Әліпби, ти... — деді. Содан кейін балаға өзі айтқанын үш рет қайталатып — Бар, орныңа бар, оқы, — деді де келесі баланы алдына шақырды...
Осы тәртіппен молда оқушы балалардың нақ жартысын алдынан өткізгенше, өзгеміз "әліп, би, ти" деген үш сөзді жаттап та алдық. Тек бір де бірінің мағынасын аңдай алмай отырмыз. Екі жыл оқытып, екі бұзаулы сиыр алып, он шақты адамға жаназа шығарып, алты ауылдан екі жылғы бітір-садақасын алып, молда еліне қайтар кезде де біз ол мағынадан еш нәрсе аңғармап едік. Ескі оқудың әдісі бойынша бір харып баланың алдынан сегіз-тоғыз түрлі өзгеріп өтеді. Мысалы, "а" харпын алайық. Бұл ең әуелі "а" емес "ә", "әліп" деген аты да бар, таяқ сияқты таңбасы да бар. Алдымен бала оның сол атын бір жаттайды, әліп...
Келесі жолы оның асты-үстінде нүкте жоқтығын жаттайды.
— Әліпте жоқ, би астында бір нүкте, ти үстінде екі нүкте...
Бірақ, бұның қандай дыбыс беретінін бала өлі білген жоқ...
Үшінші кездескенде жаңағы "ә" қатарынан үш дыбыс ретінде оқытылады:
Әліпсін — ә, әлбәсін — и, әліптүр — ө, ә-и-ө...
Осы ә-и-ө деген үш дыбысты араб харпынша жазылатын түрімен қазіргі жаңа алфавитқа көшірсек былай таңбаланар еді: — а, аи, ао...
— Ұлы, өндіріс, он, ер деген сөздер — аоғлы, аондирис, аон, аир, — деп таңбаланар еді.
Төртінші оралғанында сол бір "әліп" тағы да үш түрлі өзгеріс табады.
— Әліпкі-күсін-ән, әліпки-кәсін — ен, әліпки-күтір — он-ән-ен-он...
енді бір кезде жаңағы жұмсақ әліл (ә) "а" болып кетеді. Ол қай жерде ер жетіп, жуандап кеткенін балалар да аңдамай қалады, молданың өзі де ұғындыра алмайды.
Сонымен бір харыптың сегіз-тоғыз рет өзгертіліп оқытылатынын еске алсақ, араб әліппесінің жиырма тоғыз дыбысы 232-261 харып болып шығады. Сонша шытырманға кіріп кеткен бала кейде соны жыл бойы оқып та хат танымай қала береді. Дыбыс не, харып не, таңба не, оны ешбір бала айыра алмайды. Ең жақсы оқиды деген бала — жаттауға ғана машық болғаны. Сол машықтардың бірі мен болсам керек.
Қобызшы, домбырашы, әнші, жүйрік ат — қыран құсқа құмар Ботпай деген жақын ағамыз улап-шулап отырған балалардың арасына жиі келіп отырады. Үлкендерден біреу келгенде балалар тіпті әндетіп кетеді (ескі оқудың әдісінде үндемей оқу атымен жоқ қой!):
— Әліпкі -күсін-ән, әліпкі-кесін-ен, әліпкі-күтірөн-ән-ен, өн!
Жарықшақсыз жас дауыстарға елтігендей, Ботпай біраз мүлги тыңдап отырады да молдаға наразылық айта бастайды.
— Осы сенің "әліпки-күсін-ән" дегенің немене өзі? Осы да құдай сөзі ме? — деп, қадала сұрайды. Мінезі оқыс, түсі суықтау кісі болушы еді, молда да оған ығыса жауап береді:
— Оқу ғой, Ботеке... Не екенін бір алланың өзі білмесе, біз қайдан білейік... — дейді. Молданың көкшіл көзі айранданып, сирек мұрты дірілдей бастағаны аңдалады. Бізге ылғи ызғарлы көрінгісі келетін бейшара молданың ығысар бір жаны болғанына біз қуанып қаламыз.
Сенің үйретейін дегенің "ән, ен, өн" болса, соның өзін ғана үйретіп қоймаймысың, қу мұндар! "Әліпки-кәсін" деген ішіңді ұрайының неме керек? Енді бір жетіден кейін балам тағы да осыны оттап отыратын болса,оқуыңнан шығарып алам! — деп, Ботпай молдаға ұрт мінездер көрсетіп қояды.
Әрине, келер жетіден кейін де балалар баяғы маңда жүреді, бірақ, Бөтекең де баласын оқудан шығарып әкете алмайды.
Анда-санда Ботпайдың басқа елге ұзатылған жалғыз қызы Бәтима үйіне келеді. Сұлу емес сүйкімді, елжіреген балажан, ерке жүректі адам еді. Ескі ауылда сирек кездесетін, ерекше тұратын, не ойлай қалғаны жүзіне шыға келетін нәзік сезімнің адамы еді. Сол бір жылы бейне балалық шақтың ұмытылмас сағынышы сияқты менің ойымда әлі бар, әлі сыны жоғалған жоқ.
Бәтима қобыз бен домбыраға бірдей жүйрік. Елге қашаннан бері таныс күйлер мен жұпыны ғана әндер оның саусағына іліккенде құлпыра жөнеліп, жаңа бірдемелерді байымдап кетеді. Басқалар тартқанда сақау қалатын домбыра пернелері ең жаныңа тиетін дыбыстар береді. Бәтиманың даусы да сазды болушы еді. Әсіресе, қалың топ қоршап алып қысталағанда жарқырап шығатын қазақ қызын бірінші кергенім сол. Ол ән салғанда, домбыра тартқанда әкесінен басқа әнші, күйшілердің бәрі де құба төбелденіп, жасып қалатын еді. Әкесі ғана тасып отыратын.
Кешқұрым айдын көлдердің жағасында әкесі қобызды алып, қызы домбыраны алып қосыла тартып кеткенде әр ауылдан шұбырған жұрт андай бастайды. Ол екеуінен басқа ешбір адам қобыз бен домбыраның үнін қоса да алмайды.
Бәтима үйіне келгенде Ботпай үйі ұзақ думанға айналады. Жақын елдердің әнші, домбырашылары жиналып, алыстан талықсып-талмаурап жеткен Ақан, Біржан әндерін салады, Арқа күйлерін әкеледі. Қараңғы елге Абай әлі естілген жоқ, Құрманғазы күйлері Октябрь революциясына дейін жете алмай қойды.
Қалай да Ботпай айналасы домбыра, қобыз үйренуге, жастардың еркіндік сезінуіне сеп болды.
Біздің сол жас бала кезімізде Қазан, Ташкент, Бұхар арқылы тараған "қиссалар" тасқыны басталды. Қараңғы ауыл ішін "Сал-сал" да қисса, "Қыз Жібек" те қисса. Бірақ, Ботпай "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш", "Көр ұғылыны" жаттап алыпты, өзгелерін жаттамаған. "Қозы Көрпешті" айтып отырып, Қодарды боқтап алады да "Қыз Жібекті" айтып отырып:
— Көрінді ұрайын бір қожа мен бір молда мына жерін бұзып қойыпты; бұрын былай айтылушы еді, — деп, ара-тұра түзеп айтады. Сол кезде құлаққа сіңгеннен қалған бір-екі жол өлеңді мен ерте кезде жарияладым. Ол Жібектің әмеңгерлікке қарсылығын көрсететін сөздер еді:
— Көрпені ағаң ашқан сен ашқандай,
Не болды жас басыңнан, сорлы бала?
Ботпай бұл сөздерді ширатыңқырай да қадағалай айтады. Жеңгесін алған, келінін алған адамдар отырса, өлеңнің әнін кілт үзіп:
— Сендерге айтады! — дейді. Олар ұялып, жауапсыз ыржиысады.
Біз үш жаз, екі қыс молдадан оқып, қиссаларды едәуір кеуделей бергенде, Доңыз жылының атақты жұтына ұрынып, бәрінен біржола ажырастық. Молда босанып кетті. Содан кейін мен не ескіше, не жаңаша, қазақша оқыған емеспін. Әкемнің орташаға қарай ойыса беріп сылқ етер кезеңі келіп қалған екен, сол жұтта тұралады да қалды.
Ескі ауыл шаруа бағуға қандай қырсыз, қандай бейғам екендігін мен кейінірек түсіндім. Ол кезде бір жалқаулықты, барлық олақтықты тек қана "Доңыздың" ылаңына жауып, ақтаушылармен ойлас едім.
Біздің құба-төбел ауылдар оп-оңай жұтап қалды. Жайлауда отырып-ақ шөбін шаптыра берген бай ағайындарынан жырылып кете алмай, етек басты болып отыра берген орташа -кедей күздікке келгенде, жаз бойы ескен аңызақ жердің түгін ұшырып әкеткен екен. Жұт сол қызыл іңір, күзден-ақ басталып кетті. Біздің үйде сол жылы дәл он алты жан бар еді. Мұның ішінде төрт-ақ адам жұмысқа жарайды, өзгесі өңкей өңез көз, ас иесі, қызыл аяқ балалар мен қартаңдар болатын. Жұмысқа жарайтындардың үшеуі есікте, жалшылықта еді.
Аз ғана жылқыны "жынды боран" алды, аз ғана қой аштан, аз ғана сиыр тістен таусылды. Сүйегі саудыраған, жағы суалған, көзі үңірейген, тәлтірек аштық жер үйдің төрт бұрышында түгел орнай қалды. Сүйек, тері, сақармен қақтап алған сүйектің майы, өлімтік жылбысқысы, бәрі де тесік тамақтан өтіп жатты.
Үйдің қақ жартысын алып жатқан жалпақ пештің аузында қара шеген қайнап тұрады. Шөгеннің ішінде сықыр-сықыр еткен өңкей сүйек болады. Сирақ, кәрі жілік, шеке секілді сүйектер асылған күні сорпаның бетіне май көбірек шығады да, шөгеннің бір жақ бұрышына жиналады. Біз үш бала үш қасық ұрлап алып, көз таса бола бергенде әлгі майды қалқып кеп әкетеміз... Жер үй бу басқан қараңғы... Тағы қайталаймыз... Қолға түсіп қалсақ, бір қасық сорпа майы үшін бір күн таяқ жеуге біз әзір...
Шай келеді, шаймен бірге қуырылған бидай келеді. Бидайды кемпір шешеміз бөліп береді, үлкендерге 2 қасық, балаларға сыла қасық тиеді. Бидайды бөлгенде барлық көз кемпірдің қасығында болады да, әркім өз пайдасына қарай түрлі "замечаниялар" жасап отырады:
— Қасығыңды сілікпесейші !
— Батыра түс!
— Маған дегенде қасығың ылғи қалқи бастайды-ау! — десіп қалады.
Кемпірдің бүкір қолдарының қалай қозғалуы мәселені шешеді: жарты оймақ болмаса он шақты түйір бидай қосса, не алып қалса, 32 көз соған қарай түрлі белгілер білдіреді. Кемпір қалыпты бір "кәперетіп" секілді.
Балалар шамамыз келгенше кемпірдің қасына жақын отыруға, кеш болса арқасын қосуға, жалпы айтқанда, кемпірге жақсы көрінуге жанталасамыз. Кемпірге жанаса алмағанымыз, шалға, әкеге, болмаса басқа бір беделі бар біреуіне жақын отырамыз. Өйткені, олардың көзіне жаутаңдай берсең,шыныаяғын әперіп жіберсең дер кезінде "бидайы" шашылып барады деп қала алсаң, шырайына қарай әр түрлі жағымпаздық істей алсаң, бес-он бидай ауысып та салады. Бірақ, басқа уақытта қарым-қатынасы түзу адамдар да, шай үстінде ысқырынып, көбінесе ырай бермей қояды.
Кейде шыныаяғын әпере беріп үлкен біреуінің алдындағы бидайын өзімізге қарай шашыңқырап та жібереміз... "Қайда апарасың?" — деп сол секундында-ақ жалғыз түйіріне дейін жинап алады, бұрынғысынан көрі де өзіне жақындатып, ықшамдап қояды. Көздері жайнап, бізге қарақұстай түйіледі. Біз оған ұялмаймыз, өзімізге тиген бір қасық бидайды бірдей қылып, 7-8-ге бөліп, 7-8 шәшке қайнаған ақ су "шай" ішеміз. Суды қанша сораптасаң да ешкім қарсы болмайды...
Көп жан — "жақ жұты". Доңыздың қысы да, жазы да аштық болып еді. Бірін-бірі оғымен атып отырған 32 көз бір жерге сым алмай, әкем еншісін алды: бізге бір ала қой, бір қысыр қызыл сиыр, бір кер тай тиді. Менен үлкен екі баласын әкем кісіге жалдады да, менің жалданар кезегім бірер жылдан кейін келді...
Белгілі 16-жылы қара жұмысқа ілеккен нағашым мені шаруасын бас — кез етіп қалдыруға сұрап әкетті. Дөңгелек қана шаруалы, екі жас баласы бар адам еді. Ол ел Обаған өзенінің жағасында отырады да, қысы-жазы балық аулап, аздап егін салады екен. Қыстау түрлері әлі де баяғыдай үйме-жүйме болғанымен, отырықшылыққа бейімделіп қалған ел. Жаздыгүні қыстау маңынан 4 — 5 шақырым жерге ғана жылжып қонады. Обаған өзенінен Қостанайға жақындаған сайын отырықшылық тіпті айқындай береді.
Мен бұл, мойны алыстықтан бұрын келіп көрмеген елге егін жинау үстінде келіп едім. Егіннен кейін балық ауласып кеттім.
Кекше мұз екі еліге іліксе-ақ балықшы ел балыққа аттаныс жасайды екен. Обаған өзенін мың жерден кесіп тастаған қаза, ау, сүзекі... Қазаны қарап үлгірмейсің! Балықты сақпен сүзіп алуға мұршаң келмейді. Тау-тау болып балық Кавказдың қанжарындай жарқылдап, мұзды шапалақтайды да жатады... Шортан, шорағай, алабұға, табан, сазан, қарабалық, күмістей жылтылдаған ақ шабақ...
Жиен бала, балықты жинай бер, — дейді нағашым.
Балық науқаны қыс ортасында саябырлады. Көрші ауылда екі класты орысша мектеп бар екен. 6 сом пара алып, "учитель" мені январь айында бірінші класқа кіргізді. Атын әлі күнге білмеймін, "Ақтөбе жігіті" дейтін еді, бірақ алты сом пара алғанын әлі күнге ұмытқаным жоқ: өйткені бұл дәл төрт пұт балық еді...
Ұзамай ол орнынан алынып, мектеп белгілі оқытушы Бекет Өтетілеуовке көшті. Ондай жақсы оқытушыны мен кейінде сирек кездестірдім. Ол үлкен мағынада ағартушы болатын тілегі бар адам еді. Кейде сабақ біткеннен кейін оқуға, білімге шақыратын әңгімелерді айтады. Көбінесе, өзі.аударған
Крылов мысалдарын оқып береді. Абай, Ыбырай шығармаларын оқиды. Не түсінгенімізді сұрайды. Бірақ, балалар ойы ұғындырғанды да ұмыта береді. Бекеттің өз айтқандарынан есте қалған бір ауыз сөз:
— Қандай іске кіріссең де таза қолмен кіріс! — дегенді көбірек айтушы еді. Тақтаға барып есеп шығарғаннан кейін, болмаса, жазуға отырарда біз ылғи қолымызды жуып әдеттендік. Оның айтатыны бұл ғана еместігін мен кейінірек аңғардым. Қолың таза болуы шынында да көп нәрсені аңғартпай ма?
Бекет менің қиссаға құмарлығымды білгеннен кейін, мені әдебиетке тарта бастады. Әуелі "Жиған-терген" маған өте ұнады. Бірақ, "кәне, несі ұнады?" деп сұрағанда, мен оған жауап айта алмадым. Содан соң ол маған бір жетіге "Шаһымаран" қиссасын беріп, кейін ертегі ретінде түгел айтқызып шықты. Желілі әңгіме есте қалған екен, мен сүрінбей айтып бердім. Бір кеште, Бекеттің өз үйінде он шақты адамға тағы бір тыңдатты. Тыңдаушылар мені мақтасып тарасты. Өнерсіз-білімсіз елге ертегіші де, бірдемені оқи алған да өзге жұрттан биігірек тұратын еді.
Бұрын бірер жыл молда алдын көрген балаға бірінші кластың сабағы өте жеңіл болып еді. Оның үстіне аздаған мақтаншақ та болуым керек, мені өзіне жақынырақ ұстайтын оқытушыма еркіндік жасап, айналасы бір айдан кейін былай дегенім әлі есімде:
— Мен бірінші класты бітірдім... Екіншінің кітаптарын оқып жүрмін, — дедім.
— Қалай бітірдің? — деп, ақкөңіл оқытушым таңданып та, абыржып қалды.
Оқытып көріңіз... Букварь да бітті, есеп те бітті, — дедім.
Оқытушымның өз почеркіне еліктей-еліктей, көркем жазуды да түзеп алғамын. Букварьды қиссадай заулатып, әлдене рет сыдыртып шыққанмын... Осы жайларымды көтере айттым...
Оқытушым аз ғана жымиды да:
— Қалай оқитыныңды сен емес, мен білуім керек емес пе?.. — деп, мен қызарғанша едәуір кідіріс жасады да — жақсы оқитының рас, мақтаншақтығың да бар... Осы екеуінің біреуін мықтап ұста да, біреуін таста, — деді.
Мен үндей алмай жүдеңкіреп қалдым... Әлде не шым-шым етіп өн бойымды күйдіріп бара жатыр. Сол шым-шым жеріне жеткенше оқытушым үнсіз, елеусіз, аржағына қарай қырындай берді.
— Айтпақшы, арғы күні инспектор келеді, — деді оқытушым, аздан кейін маған еңсеріле бұрылып:
— Жақсы балаларыңды көрсет дейді. Есептен әзірлен. Тақтаға сені де шығарамын, — деді. Мен селк етіп, тез сергіп кеттім.
Инспектор келгенде біз де әзір едік... Өте жарасымды формада киінген, халық ағарту жұмысында екендігі барлық бейнесінен аңқып тұрған, сұлу мұртты, шоқша сақалды инспектор балалармен жұмсақ амандасты. Класта алтындатып салған патшаның өз суреті мен әйелінің суреті ілулі тұратын, сол екеуінің кім екендігін сұрады. Барлық бала қол көтердік. Инспектор балаларды түгел шолып бір қарап шықты да:
— Кәне, сен айтшы, — деп, алдыңғы партада менімен қатар отыратын Мұсақай деген баладан сұрады. Мұсақай қолын шошаңдата көтеріп, білетіндігін тым-ақ айқын сездіруге жанталасып еді.
Бірақ, жаттап алған ұзын сүре тез ұмытылмақ қой. Мұсақай орнынан іркілмей-ақ тұрып еді, біраз жаутаңдап, жұтынып-жұтынып қалды да: Нызнаю... — деді, қара басып.
Инспектор көз құйрығымен оқытушымызды бір жанап өткенде, ол қызарып кетті.
Кәне, сен айтшы... — деп инспектор ең артқы партада отыратын, жасы жиырмаға келіп қалған ұзын-туралау келген Жақып деген бала жігіттен сұрады.
Ол партаны сықырлата, тарсылдата, ебедейсіз тұра келіп:
— Яго... — деп бастады.
— Яго емес, его... — деп түзетті инспектор.
Сол-ақ мұң екен, Жақып та сандалақтап қалды.
Енді оқытушымыздың көзі сенімді оқушыларына қайта-қайта қадалып, қамшылай бастады. Солардың бірі болып, мен де қолымды соза көтердім.
— Жә, сен айтшы... — деп, инспектор маған патшаның әйелін нұсқады.
Бірінші класта болғаныммен, мен де он төрттегі ересек бала, тілім оралымға келе бермейтін. Әсіресе, патша әйелінің ұзын сүре лауазымы басталатын "Ея" деген сөзге біржола тілім келмей қойған. Кейде "Ия", кейде "Иа" дейтінмін. Сол бір кеселді шаларақ естірте, тез аттап алдым да әр жағын мүдірмей шұбатып кеттім. Инспектор ырзалығын андатқаны болу керек, мені тақтаға шақырды. Көбейту ережесінен бірер сұрақ берді де, қатарынан екі түрлі есеп шығартты. Онысының бәрі де бұрын талай кездескен есептер еді, мен мүдіргенім жоқ.
Жүрексініп қалмаса, ол есептерге басқа балалар да мүдіретін емес-ті.
Осыдан кейін оқытушымыз да есін жиып, инспекторға менен орыс тілінен де сұрауды ұсынады. Ұмытпасам, менен сұралған "Чиж и голубь", не болмаса, "Маймыл мен көзілдірік" мысалы:
Чижа захлопнула злодейка-западня,
Бедняжка в ней и рвался и метался.
А Голубь молодой над ним же издевался.
Осы өлеңді осы күнге дейін жатқа білетініме қарағанда, менен сұралған да осы болу керек. Көз алдыңа келері бар, аярың бар, ұғынарың бар өлең оңай жатталған.
Оқушы балалардың бесеуі қыз еді, үшеуі инспектордан қорқып үйлеріне кеткен. Қалған екеуінің бірі тағы да осы мысалды айтып шықты. Инспектор маған М.Лермонтов томын, қызға А.Пушкин томын сыйлады. "Қанжар", "Терек", "Дұға" деген өлеңдерді мен сол қыста жаттап алдым. Бірақ, мағынасын бұлдыр ұғынушы едім. Оқытушым ұғындырғаннан кейін де көз жазып қала бергенім даусыз.
Ең қызығы, инспектор кеткеннен кейін үш-төрт күннен соң патша құлаған хабары тарады. Әр ауыл дүрліге хабарласып, ел рухы қатты көтеріліп кетті.
— Бостандық, бостандық! — деп, сүйінші сұраушылар ерсілі-қарсылы шапқыласты.
Таңертең мектепке келсек оқытушымыз патша мен әйелінің суретін жұлып алып, столының қабырғасына сүйеп қойған екен. Енді анықтап көрсек, сурет сыр бояумен қаңылтырға салыныпты. Алтындатқан жақтаулары да қаңғырлаған қаңылтыр екен.
— Бүгін оқудан боссыңдар. Мына екеуін ауыл-ауылға сүйретіп, кешке дейін мыжғылаңдар... Патша құлады деген дауыстарың бәсеңдемесін! — деді оқытушымыз.
Біз патша мен әйелінің суретін қыл шылбырға байлап алып кешке дейін сүйреттік. Әр ауыл үй төбесіне шығып қарап, балаларды еріксіз үйге кіргізіп, сыйлап шығарды. Патша дегенді көзімен көрмеген қазақ әйелдері мыж-мыж болған суретті көріп:
— Албастының кейпі қалай жаман еді! Бір көзі соқыр екен ғой! — деседі, ол көзді біз шұқып тастағанымызды білмей.
Сонымен бұдан үш-төрт күн бұрын инспектор алдында қалтырап тұрып мадақтаған патшаны кешке дейін сүйреттік те, Обағанның ойығына тастап жібердік. Қаңылтыр суреттер мұз астын тықыр-тықыр бір-екі тырналады да үндері ешті...
Келер жазда Бекет Өтетілеуов өз атынан өтініш жазып, мені Пресногорьковская станциясындағы жоғары бастауыш мектебіне түсірді. Орысшадан екі алып, есептен бес алып, түстім...
Сол күз бір той болып жатқан ауылдың шетінде Сәбит Мұқанов екеуміз кездестік. Бұрын сырт қана біліс болатынбыз. Менің үстімде, солдат шинелінен қазақ әйеліне тіктірген сұр "пальтом" болатын. Басымда тоқыма қара бұйра бөрік, аяғымда саптамалы етік бар-ды. Сәбит маған ығыса сөйлесті. Мен тұйықтау, ол ашықтау болғанымен, жасқанып тұрды. Қайда баратынымызды айтыстық. Ол Омбыға, мұғалімдер курсына кетіп барады екен. Аяғында ол малға "дөстебірен" жазудың үлгісін сұрап алды.
Өткен жазғытұрғы бір базарда мен елу-алпыс атқа "дөстебірен" жазып беріп, үш сомдай ақша тапқаным бар-ды; оның үстіне, қара қазақтың алдында мақтаныш етіп сыпылдатып жазам деп, "песір" атанғамын. Сәбитке сол жеткен екен. Мен оған бір "дөстебіреннің" үлгісін жазып бердім де, бірақ, жылқы біткен бір түсті болмайтынын ескертіп — қара, торы, жирен, құла, күрең деген сияқты түстердің орысша, қазақшасын тіздім. Сөздіктің бір бағанасыңдай етіп малдың әр түрлі ен таңбасын да жаздым.
Сәбиттің ол үлгіні қалай пайдаланғаны күзді күнгі Пресногорьков базарында екі рет кездесті. Өте ыңғайсыз түрде кездесті. Бір аттың түсін жазғанда Сәбит қара, торы, қара көк, жирен деген үш-төрт түсті бір-ақ қосақтапты... Екінші бір аттың ен-таңбасын жазғанда оң құлағында ойығы бар, тілігі бар, шорт кескені бар деген секілді белгілердің бәрін тізіп, сап-сау құлақты жоқ қылып шығарыпты. Қылжақбас стражниктер ат иесін ұзақ әурелеп, аяғында пара алып босатты. Өзге шатақтарын Сәбит "Менің мектептерімде" өзі де жазған.
Орыс үйіне пәтерге қоюға әкеміздің шаруасы көтермей, мені атты қазақтардың сауын сиырын бағатын бақташы Сағындық деген адамның үйіне орналастырды. Ақкөңіл жақсы адамдар еді. Сағындықтың інісі Сыздық жасында орысша оқыған. Одан қалған жалғыз белгі "Қыз Жібекті" орыс әрпімен көшіріп алыпты. Бұлар ертеден осы қалаға орналасып, жаяу кәсіппен күн көріп отырған адамдар: әйелдері тон тігеді, еркектері етік тігеді, ойық тазалайды, әркімнің отын-шөбін тасып береді. Балаларына дейін орысша таза сөйлейді. Мен олармен орысша сөйлесуге көп уақыт жасқанып жүрдім. Әсіресе, Сәлима, Шайзат деген 13-14 жастағы қыздарымен орысша сөйлесе алмадым.
Бір күні сабақтан қайтып келе жатсам, базарда бір әйел "Яблочки, яблочки" деп, зар қағып тұр екен. Алманы солай атайтынын "орысша-қазақша тілмаштан" көрген сияқты едім. Бірақ, алманың өзі қандай болатынын көрген емеспін де. Пәтер үйімнің екі қызына бір көрмеген сыйлық жасағым келіп, базарға бұрылдым да әлгі әйелден алманың бағасын сұрадым.
Жалқын қызыл жемісті әйел қолына алды да:
— Екі тиыннан, — деді.
Мен жиырма тиынға оның алдым да қалтама салдым. Жарылып кеткелі тұрған іркілдеген қызыл жемісті барлық қалтама бөліп салуға тура келді. Үшеу-төртеуін шалбар қалтасына да салдым. Қаланың батыс жағында, ағаш арасында киіз үйде отыратын пәтер үйіме жеткенше әр қалтамнан-ақ едәуір сыз біліне бастады.
Ең ауыр халге киіз үйге кірген соң түстім. Үй толы адам жерде шай ішіп отыр екен. Екі қыз самауырдың екі жағында шай құйып отыр. Әлдеқайдан келген жат қонақтар бар. Үй иесі зорлап мені де шайға отырғызды. Мен де малдас құрып отыра бердім, шалбар қалтасындағы қызыл жемістер де бырт-бырт жарыла бастады.
Сығылыса отырған жұрт сырт қалталарымды да езіп жіберді. Киім сыртына қара-қошқыл ылғал шыға бастады... енді мен орнымнан қозғала алмай, мелшиіп отыра бердім. Қыр қазағы қала нанына қандай құмар, шай да ұзаққа созылды. Менің астыма түгел су өте бастады.
Әлден уақытта шай аяқталып, екі қыз отын теріп әкелуге шықты. Пәтер үйімнің оны -мұнысына жеңіл қолғабыс ететін шартымыз бойынша, отынға мен де кеттім. Үйден ұзап шыққан соң, мен қысыла-қызараңдай тұрып қыздарға алған сыйлығымды көрсеттім:
— Алма... Сендерге алып едім, — деп жарылып-жарылып, езіліп кеткен қызыл жемістерді қыздарға ұсындым.
Үлкен қыз қызыл жемісті қолына ала беріп-ақ сықылықтап күле бастады. Кіші қыз ашық мінезді, еркелеу болушы еді, мен ұсынып тұрған қызыл жемісті әуелі қағып жіберіп жерге түсірді де іле өзі еңкейіп жерден алып, үйге қарай жүгірді:
— Aпa, Ғабиттің бізге әкелген базарлығын қара! Помидор, помидор! — деп айғалап, саңқылдап күліп барады. Үлкен қыз күле-күле шек-сілесі қатып, жерге құлай кетті.
Сөйтіп, қызға қырындаймын деген бірінші талабым осы күнге дейін ұмытылмаған ұятқа ұшыратты. Кейінірек білдім, Қорған жағында помидорды яблочки деп атайтындар да бар екен.
Мен Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін жиырма бірінші жылы бітірдім. Енді еске түседі, сол мектептің айналасында ғана бірталай қызық нәрселер бар екен. Ең алдымен, Совет өкіметі орнағанға дейін, біз күнде таңертең сабақ алдында "дұғаға" тұрушы едік. Барлық бала мектептің екінші қабатындағы үлкен залға сапқа тұрады. Қарсы алдымызда дін сабағын беретін поп Малиновский, мектеп директоры Михайлов, дьякон, мұғалімдер... Ең әуелі:
"Отче наш, еже еси, на небеси... да будет воля твоя..." — деген дұғаны хормен айтамыз. Ағаш мектеп күңіреніп кетеді. Одан кейін, патша алдақашан құлап, атылып кетсе де біз "Боже, царя храни" деген дұғаны он тоғызыншы жылға дейін оқыдық. Поптың жуан даусы залдың бұрыш-бұрышын анда-санда бір дүңгірлетіп қояды. Терезелер үн қосады. Бірақ, хордың нағыз жаны — дьякон. Ол әрі жас, әрі сұлу жігіт. Даусы нағыз барқыттай баритон болу керек. Қыздар хорға қосылып тұрып, кейде оның даусын тына қалысып тыңдасады. Музыка сабағында еркек балаларға оның көзі бір түскені есімде жоқ, қыздарды ғана оқытатын сияқты.
Сонымен, айналасы алты жылға созылған мектеп дәуірінде мен патшаға үш рет кездестім: әуелі инспектор алдында патшаның әйелін мадақтадым, үш күннен кейін суретін сүйреткіге салыстым, енді міне, "жасаған, патшамызды сақтай көр!" деген дұғаны да төрт жыл бойы хорға қосылып айтып келемін! Бұл әрі шеткейліктің, әрі атты — қазақ станицасының ерекшелігі еді.
Мен бірақ, Пресногорьков жоғары бастауыш мектебін әлі күнге дейін алғыспен еске алам. Орыс тілі, орыс әдебиетін ұғындыруда аса бір ұқыптылығы бар еді. Суффикс, флексияларға екі жыл бойы тілім келмей қойғанда, сол декір тілді еріксіз икемге келтірген түріне тілім келмесе де мағынасын терең ұғындыруға жанын салған оқытушыларымды алғыспен еске аламын. Үйрене алмаған өзім кінәлі, ол мектеп етік тігу, есік-терезе жасау, кірпіштен үй салу өнерлерін де үйретіп еді. Бір жағынан әлі шайқалмаған ескілігі болса, екінші жағынан жаңалыққа да жатсырай қарамайтын. Жиырма бірінші жылы ақ бандылар көтерілісі болғанда сол мектептің жиырма шақты баласы Ақмола облысының оңтүстік партизандарының группасы деген отрядқа қосылып кеттік. Атты қазақ еңбекшілері таптық тартыста қазақ даласынан оп-оңай озып жүре берді.
Бандыларды құрытқаннан кейін, қазақ елінің ішінде қаймағы шайқалмаған ескі қалыптардың заңсыздығын ұғына бастадық.. Болыстық, ауылдық советтер түгелімен байлардың, атқамінерлердің қолында болатын. Аз ғана топ сол жайды өзгертуге аттандық. Бірақ, өзіміз де заңсыз қимылдадық. Айналасы бес жігіт — Есім Досполов дейтін мұғалім екеуміз, қасымызда үш жігіт белсендіміз бар, болыстың орталығына келіп:
— Бай балалары, сендер болыс болуға хақыларың жоқ. Болыстық жиналыс шақыр, жұртқа соны түсіндіреміз... — дедік.
Жиналыстың аяғы насырға шауып кете ме деп қауіптенген болыс айналасы жарты сағаттың ішінде бұрынғы болыс, военком, оқу бөлімі, жер бөлімі сияқты мекемелерді басқарып отырғандарды түгел орындарынан түсіріп, бәрін де өз қолымызға алдық. Орталықты көшіріп, басқа елге апарып орналастырдық...
Менің қылыш, мылтық сияқты нәрселерге ертеден құмарлығым болушы еді, мен военкомдықты қалап алдым...Бір қызығы, біздің заңсыздығымызды облыс орталығы сөккен жоқ, бекітіп берді. Әттең, военкомдық тоғыз айдан кейін жойылды да, мен ол жұмыстан ажырасып кеттім, әйтпегенде осы күнге дейін солдат атанып жүрмей, мүмкін, офицер қатарына қосылар ма ем, елде қайтер ем?..
Қалың бұқараның сол кездегі ұғымын аңдататын бір жайды Омар деген кісінің амандасуынан түсінуге болатын еді. Ол кісі неше кездессең де бір-ақ түрлі амандасады:
— Е, шырағым, қай баласың? — дейді ол, көргеннен кейін де танымай қалып. Сен аты-жөніңді айтасың.
— Е, сен екенсің ғой... Орынша ма едің?
— Ие, орыншамын.
— Милицияларың кім?
— Сол бұрынғы жігіт.
— Кәператиптерің кім?
— О да, бұрынғы жігіт...
— Е, бәрі де орынша екен ғой әлі...
Осы екі сұраудан аспай Омекең ылғи тоқтайды. Совет өкіметінің хал-жайын білгені де, күнделікті тіршіліктің бетін аңғарғысы келгені де осы екі сұраудың аңғарынша шешіліп отыратын сияқты. Ел ішіндегі осы ыңғайға сәйкес мен төрт жарым ай аудандық милиция бастығына орынбасар да болдым. Бірақ, ол қызметке қызықпай қоштастым.
Жиырма үшінші жылы күзге қарай Сәбит мені Орынборға әкелді. Бұл кезде шаруасы орташаға қарай ойысып қалған әкеміз менің оқуға кетуіме едәуір-ақ қарсылық етіп еді, Сәбит кеп күш салды. Он жетінші жылдан бері Сәбит үлкен қалаларда, мен ауыл төңірегінде болдым да, ол менен "озып" кеткен екен. Ол Совет өкіметінің болашағы жайында сөйлей алатын болыпты. Қазақстан мәселелері түгел алақанында сияқты. Наркомдармен тең отырып сөйлеседі. Өзі бас наркомның үйінде тұрады екен, мені де сонда алып келді.
Екеуміз жалғыз терезесі жабық верандаға шығатын аса қараңғы бөлмеде төрт-бес ай тұрдық. Қараңғы бөлме тазалықты бақыламауға өте қолайлы болды. Біздің бөлмені ешкім сыпырмайды да, жумайды да. Мен де салақпын, Сәбит менен де салақ. Қара махоркені қосыла тартамыз да қалған тұқылын кез келген бұрышқа лақтыра береміз. Темекіміз таусылып қалған кездерде қайта жинап алып, қайта тартамыз. Сөйтіп, салақтықтан да үнем тауып жүрдік.
Сәбит екеуміз бір кісілік қана жіп-жіңішке темір төсекке бірге жататын едік. Төсекке салған шай жәшігінің жұқа тақтайлары екеумізді көтере алмай, еден жарылғандай гүрс етіп әр түнде сынады. Кейбір түндерде белуардан шойырылып екі-үш рет еденге түсеміз. Көзімізді ашпастан тақтайларды қайта құрастыра салып, қайта ұйықтап кетеміз. Сәбит менен бұрынырақ ұйықтап кетеді. Кейде шала құрастырылған тақтайлардың сықыр-сықыр сына бастағанына да қарамайды. Әлі есімде сол қырық-құрау тақтайларды қыс бойы жаңартқан да жоқпыз, құрастырумен құтылып кеттік. Мұнымыз да салақтық үнемі болып шықты.
Сәбит көбінесе өлең жазады, мен сабақ әзірлеймін. Ол өлеңнің ұйқасы табылғанына көбірек қуанады, мен шалалау ұғынған бір сабақтың жүйесі табылғанына көбірек қуанамын. Оның газет-журналдарға жиі басылып тұратын өлеңдері екеумізді еркін асыруға жетеді. Бірақ, түк берекеміз де жоқ, көбінесе тоқ-жарау жүреміз.
Осы салақтық нәтижесі қыс ортасы ауа бергенде-ақ маңдайымызға тиді. Сәбит рабфакқа былтыр келіп түскен, биыл екіншіде оқитын. Бірақ, біріншінің біраз экзамены мойнында жүреді екен. Өлеңге әулігіп, сабаққа салқын қараған Сәбит қыс ортасында біріншіге қайта келді. Мен күзді күні әзірлік курсына түсіп ем, қыс ортасында біріншіге көштім. Сөйтіп, енді сабақты бірге әзірлейтін болдық.
Сәбит бұл жайға көп ренжіген жоқ. "Большевиктер налымайды" деді де өлең жағына қайта ауысты. Жазғытұрым біріншінің экзамені басталар алдында елге кетіп қалды.
Сәбит өлеңді іркілмей де қиналмай жазушы еді, жағдай да талғамайтын.Бір столдың үстінде ол өлең жазып, мен есеппен басым қатып, бірге отырамыз. Кейде оның өлеңге еріп бұл бөлмеден шет дүниеде, алыстағы бір оқиғалар арасында, шытырман суреттердің ортасында отырғанын сезінемін де қызығып қоямын. Қазір оның ойында оқу да жоқ, тоқ-жарау тұрмысымыз да жоқ, басқа түрлі күнделік қуаныш-қайғысы да жоқ, тек қана өлеңге ауысатын суреттер, өзі ғана айқын керіп, үнсіз тілдесіп отыратын адамдары бар.
— Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылса
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса,
Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай
Кірлеген жүрек өз ішін
Тұра алмас әсте жуынбай...
— дегендей, бұл ақынның бір қымбат шағы ғой. Өлең үстінде Сәбитті мен осы халде талай көрдім. Сонысына қызығушы едім.
Менің кітапқа құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды аңғарып, Сәбит маған — "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді. Газет басқармаларынан қаулы-қарарлар әкеліп аудартып жүрді. Ол бір оңай табыс болатын.Сол кезде ылғи қате аударылған, қате аударылмаса ешкім түсінуге болмайтын қаулы-қарарлардың қазақшасында менің де еңбегім бар. Бірақ, менің ойымда "сылдыраған келісім де", еріксіз сүйреп әкететін суреттер де оянған жоқ еді ол кезде.
Мен сол кездегі Орынбор рабфагын кейбір жағынан жоғары дәрежелі мектептермен теңесе алады-ау деп ойлаймын. Әсіресе, әдебиет, тарих жағынан көп нәрселерді түбірлеп оқытушы еді. Қалайда он тоғызыншы ғасырдағы орыс классиктерін мен сол рабфакта ұғынып шыққандаймын. Әсіресе, Гоголь, Чехов, Горький бақыты ойыма қона қалушы еді. Шет елдердің классиктері кейінгі кездің ізденуіне байланысты болса, әр кезде өмірге байланысты, шындыққа байланысты, сол шындықты өзгертуге бағытталған орыс классиктерін рабфак бірталай-ақ ұғындырған сияқты. Рабфакты бітірер кезде жазу талабы менде де ояна бастады. Қабырға газетіне бірінші рет ұзақ әңгіме жаздым (кейін ол "Тулаған толқында" деген повестке айналып, менің бірінші басылып шыққан еңбегім болды).
Ол бір болған оқиғаның төңірегінен туған әңгіме еді. Мені болған оқиғаның өзі бастап кетті. Оқиға желісі үзілер жерге дейін еркін барған сияқты едім, аяқтау салмағы өзіме түскенде, малтығып әрең шықтым. Кезінде өзге ешкім аңдаған да жоқ.
Бірақ, рабфакты бітіріп шыққаннан кейін де әдебиетке ауысуға табаным тұрақтай алмай, Омбыдағы ауылшаруашылық институтына барып түстім. Ол кезде оны Академия деп атайтын. Әдебиетке алабұрту сонда басталды. Есеп үстінде отырып та, тәжірибе станциясында аудармалы егін салысып жүріп те ой алаңынан құтыла алмай қойдым. Өзгелер ауылшаруашылық үйірмелеріне кеткенде мен әдебиет үйірмесіне жазылдым. Жеті студент ортадан жалдап, өзін Белинскийдің шәкіртімін деп санайтын қартаң бір педагогтан қыс бойы оқыдық.
Ол сабақты әр жазушының өз көзі болу керек дегеннен бастап еді. Барлық жазушы бір-ақ көзбен көруге тырысса, салатын суреттері де ұқсас шығуы мүмкін. Жазушы көзі тұрақтамаған жас балаға ұқсамауы керек, ой көзі тұрақтылықты тілейді. Тұрақсыз көз өмірдің сыртын ғана, бояуын ғана көреді, сырына тереңдей алмайды. Идеялық көзқарастың тұтас та тұрақты болуы жазушыға қандай керекті болса, дүниені көретін өз көзі болуы да сонша қажет. Осыған келісеміз бе? — деді. Біз сөзсіз келістік.
Содан кейін ол мазмұн мен түрдің тұтастығын Белинский ойларымен дәлелдеп, екі лекция оқыды. Көзқарас мазмұндық тек, жазушы көзі деген сол текті өзінше көре білу болады екен.
Қыс бойы әдебиет ағымдарымен танысуымыздың аяғы "философтар дүниені түсіндірумен келеді, міндет сол дүниені өзгертуде ғой" дейтін атақты қағидасымен аяқталды. Бұл совет әдебиетінің негізгі заңы, негізгі талабы екен деп таныдық.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын В.И.Лениннің Саратов, Орынбор, Омбы қалаларының оңтүстік бетіне көз салсаң, қаймағы бұзылмаған қандай патриархалдық, тағылық жатқанын айтқаны құлаққа бір шалынған. Мақтаншақ топтар, бұрынғымызға қол тигізбей, қадірлеп ұстағысы келетін бірталай адамдар, Орынборда бұған мән бермей, "айтылды — қалдыға" айналдырып, тез ұмытқан. Маркстің қағидасы ең алдымен сол кең өлкенің өмірлік тіршілігін тез өзгертуді талап етіп тұрғандай, ойға дөп қона қалды. Мүмкін, қаламға тезірек жармасуыма бір себеп осы болу керек.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі