Халықтың рухани байлығы — шын мәніндегі көркем әдебиетті жасайтын тек қана табиғи ұлы дарындар екені талассыз шындық. Қазақ халқының XX ғасырдағы өскен әдебиетін бүкіл әлемге танытқан да сол алып дарындар болатын. Туған елінің жиырмасыншы ғасырдағы көркем әдебиетін саф алтындай талай-талай шығармаларымен байытып, абыройын биіктеткен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сияқты алыптар тобының қатарында тұрған — Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов.
Оқырманын ағыл-тегіл эстетикалық сезімге бөлеп тастайтын үлкенді-кішілі көркем туындыларымен қазақ әдебиетінің дамуына ірі үлес қосқан Ғабит Мүсрепов — классик жазушы. Үйткені, оның суреткерлік өрен шеберлігінен кезінде де, кейінде де, келешекте де талай қаламгерлердің үйреніп тағылым алар шығармаларының қыр-сыры аса мол. Оның шығармаларының бүгінгі оқырманның да, болашақ ұрпақтардың да ажырамас рухани серігі, қымбат мұрасы болып қала беретіні ақиқат. Өйткені, оның әрбір туындысының биік өнермен, үздік шеберлікпен жасалған асыл дүниелер екенін барша қауым алдақашан бір ауыздан мойындаған болатын.
Ғабит Мүсірепов — қазақ әдебиетінің үлкенді — кішілі бірнеше жанрларын өркендетуге кезінде белсене араласқан көркем сөздің зергері. Мәселен, оның қаламынан шыққан көркем әңгіменің қай-қайсысы да идеялық мазмұны терең, жазылу шеберлігі көзтартарлық әсем де мінсіз шығарма ретінде есте сақталып отырады.
"Қос шалқар", "Талпақ танау", "Шұғыла" сияқты алғашқы әңгімелерінің өзі-ақ сөз өнеріндегі хас жүйріктің қалам шеберлігінің сымбатты көріністерінің айқын дәлелі екені анық. Осы ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы халық өмірінің шынайы шындығын терең бейнелеген бұл әңгімелердің оқыған кісіні толғандырар, ойландырар сәттері аса көп. "Қос шалқардағы" туған өлке табиғатының ғажайып суреттері естен кетпестей болып тиянақты жасалғаны белгілі. Онымен қатар сол табиғат аясындағы адамдардың әлеуметтік тіршілігі де реалистік бояулармен дұрыс бейнеленген. Яки "Талпақтанау" әңгімесі тек қана Ғ.Мүсірепов қаламынан туған езіндік сыр-сипаты, ерекшелігі мол тұлғалы туынды. Бұл әңгімені оқығанда адам психологиясындағы түбегейлі тартысты ойнақы әзілмен, жарасымды қалжыңмен, ұлттық нақышпен, тіл өнерінің құдыретімен айнытпай берудегі шеберліктің қадір-қасиетіне бірден ден қоясың.
Ал "Шұғыла" — қазақ халқының 1932 жылғы қайғылы өмірінің айшықты суреттерін тапжылтпай кез алдыңа алып келетін іргелі шығарма. Сол жылдардағы Қазақстан басшылығының сорақы қателігінің адам айтқысыз зардабын шегіп, аштық-жалаңаштықтан жаппай қырылған қазақ халқының жүдеу, жұпыны тіршілігі бұл әңгімеде үлкен суреткерлік бояумен берілген. Сол кездегі халық өмірінің ауыр трагедиясын дұрыс бейнелеген "Шұғылада" жазушының әрі азаматтық ерлігін, әрі суреткерлік батылдығын жұртшылыққа қатар танытқаны ешқашан ұмытылмақ емес.
Жазушының әр тұста жазған ана тақырыбындағы шоғыр әңгімелері қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңіткен кезеңді еңбектер. Ол ең алдымен отызыншы жылдары
А.М.Горькийдің ана тақырыбына жазылған әңгімелерінің ізімен екі-үш әңгіме ("Адамның анасы", "Өлімді жеңген ана", "Ана кесімі айнымайды") жазды. Одан кейін жазушы өзінің "Ананың анасы", "Ашынған ана", "Ананың арашасы" атты белгілі әңгімелерімен қазақ әдебиетіне жаңа леп, көркемдік өрнек әкелді. Жазушының осы шығармалары арқылы әдебиетімізде бұрын-соңды ұшырамаған адам мінезінің тың қырлары жарқырап көзге түсе бастады.
Жазушы ана, әйел тақырыбына шығарма жазуды үзбей, бұдан кейін де жалғастыра берді. Бірақ, бір кездегі өзінің ізіне қайта түсіп шиырлауға бармай, көркемдік ізденістің соны өлкесіне, тың өрісіне жол тартты. Бұған оның Ұлы Отан соғысы жылдары жазған "Ер ана", "Ақлима" әңгімелері толық дәлел. Бұл шығармаларда суреттелген Наталья, Ақлима алдыңғы кезеңдегі ана бейнелеріне әрі ұқсас, әрі өзіндік тың қасиеттерімен көрінген жаңа образдар болып шықты. Отызыншы жылдарғы әңгімелердегі Қапия, Нағима романтикалық леппен суреттелген, негізінен белсенді іс-әрекетпен көрінетін эпикалық бағыттағы кейіпкерлер болса, ал Наталья, Ақлималарды жазушы реалистік жарқын бояулармен көрсетуге күш жұмсады. Жазушы өршіл, асқақ іс-әрекетімен қатар кейіпкердің ішкі дүниесінің, сезім әлемінің байлығын терең суреттеді. Тосын оқиға, айырықша жағдай үстіндегі әйел мінезінің ғажайып сипатын бейнелеп жан дүниесінің мөлдірлігін, отаншылдық сезімінің ірілігін үлкен суреткерлікпен тебірене толғады.
Ал, Ұлы Отан соғысынан кейінгі бейбіт жылдардағы әңгімелерінде жазушы сол қарапайым замандастарымыздың — әйелдердің бүкіл әлемге, келер ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, қызығып, тағылым аларлықтай қадір-қасиеттерін әдемі де әсерлі етіп бейнелей түсті ("Әмина", "Айгүл қойшының күндері", "Айжан қойшының түндері"). Бұл шығармалардағы әйелдер де — ойдың, істің адамы, еңбектен ғана бақыт тапқан біздің замандастарымыз, ел қамын ойлайтын қоғам қайраткері.
"Айгүл қойшының күндері", "Айжан қойшының түндері" атты әңгімелердегі Айгүл, Айжан — қазіргі қазақ ауылындағы қоғамдық игілікті молайтып жатқан жасампаз еңбеккердің нағыз типтік өкілдері. Сырттай қарағанда көзге кеп түспейтін, жиі байқала бермейтін, ал іштей тереңірек үңіліп, байыпты зерттегенде ғана білінетін қазіргі малшы қауым тіршілігіндегі ғаламат қиындықтарды суреткер терең реализммен көз алдымызға айқын елестетіп отырады.
Жазушы өзінің сүйікті тақырыбына үзбестен қайта-қайта оралып, қалам тербеумен болғаны жұртшылыққа мәлім. Бұған қалың оқырман қауымның жылы ықыласына, үлкен ілтипатына бөленген "Атақты әнші Майра" атты 1981 жылы жазылған әңгімесі толық дәлел. Бұл әңгімесінде жазушы тарихи факт, тарихи адамның өміріне сүйене отырып, қазақ әйелінің өнерпаздық тұлғасын оның адамдық қасиетімен ұштастыра тұрып әдемі суреттеп берді.
Өнерді, өнер адамын жырлаудың қазақ совет әдебиетінде қалыптасқан белгілі бір көркемдік дәстүрі бар. Майра туралы жазушы әңгімесі — туған әдебиетіміздегі сол көркемдік дәстүрді тереңдете, байыта түскен кемел шығарма. Бұл шығармасында жалпы көркем өнердің, соның ішінде ақындық, әншілік өнердің дүниеге келу процесіндегі өзіндік ғажайып сырларын жазушы әрі шынайы, әрі әсерлі етіп тебірене жыр еткен. Бұл әңгімедегі өнер жұлдызы Майраның көрікті портреті, ішкі өмірінің жарығы сөз құдыретімен оқырман зердесіне нұр болып құйылып жатады. Әдемі де әсерлі суреттеулер арқылы жазушы Майраның жан дүниесінің тазалығын, адамгершілік — моральдық қасиетінің асылдығын көңілге ұялатып отырады.
"Жеңілген Есрафил", "Тарландар", "Бірінші фонтан" сияқты әңгімелерінде жазушы еліміздегі еңбек адамдарының қажырлы кейпін жақсы танытып, өз замандастарының үлкен мұрат-сезімін биік шабытпен толғап берді.
"Өмір жорығы", "Қыран жыры" әңгімелері терең ойлы сез шеберінің қолынан шыққан бөлек туындылар. Бұлар — барлық адамзат атаулыға ортақ ізгі мақсат — ұрпақтар сабақтастығын түйіндеп берген терең мағыналы символикалық кемел шығармалар. Бастан-аяқ салихалы ойға, философиялық толғаныстарға негізделген бұл әңгімелердің кім-кімге де берер ғибратты тағылымы, эстетикалық нәрі мол. Мәңгілік өмірді лайықты түрде жалғастыру үшін табанды күреске, жалынды жігерге баулитын өршіл, өміршең идея — аталған шығармалардың зергерлікпен өрілген негізгі арқауы. М. Әуезовтың "Көксерегі", С.Сейфуллиннің "Қызыл аты" сияқты шығармалардағы символикалық көркемдік дәстүрді өзіндік өрнекпен, суреткерлік айқын қолтаңбамен жалғастыра отырып, жаңа биікке шығарған "Өмір жорығы", "Қыран жыры" қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының классикалық үлгілері болып танылды.
Жазушының "Этнографиялық әңгімесі" кезінде күллі оқырман қауымының назарын ерекше аударған елеулі туынды болды. Әңгімеде дәурені өтіп, тарих сахнасынан ысырылып қалған қазақ қоғамындағы төре тұқымымен кедей қызы Қарашаштың, мұғалімнің араларындағы көзқарастар тартысы үлкен суреткерлікпен бейнеленген. Шығармадағы шымшыма өткір тіл, ащы мысқыл, аяушылық сезімдер оқырманға қатты әсер етеді. Тіршілік біткеннің бұлжымас темірдей заңы — ескі мен жаңаның қарама-қарсылығы, бітіспес арпалысы әңгімеде шынайы шеберлікпен берілген.
Еліміздегі жеке адамға табынушылық тұсындағы адам айтқысыз сорақылықты, қалың бұқараны ұмытылмас қайғы-қасіретке ұшыратқан шексіз зұлымдықты терең сезіммен, байыпты талғаммен, рухани тебіреніспен суреттеген шығарма. Символикалық қанық бояулар, өткір детальдар, естен шықпас жарқын суреттер бұл шығарманың идеялық мазмұнын тереңдетіп, көркемдік еңсесін көтеріп тұр.
Замандас өмірінің трагедиялық бір сәтін керемет шеберлікпен мүсіндеген шығарманың оптимистік сарыны басым. Әңгімедегі Сәулеш — жарқын келешектің таза, қуатты, биік символындай болып есте қалады.
Жазушы повестерінің ішіндегі аса көрнектісі — "Кездеспей кеткен бір бейне" (1966). Бұл оның жоғарыда аталған алғашқы повестерінен кейін араға отыз шақты жылдар салып, шеберлігі ұшталып, әбден жетілген тұста жазған өте дарынды, классикалық шығармасы болатын. "Кездеспей кеткен бір бейнені" автордың өзі поэма деп атаған еді. Бұлай атауы орынды да заңды болатын. Үйткені бұл шығарма — қара сөзбен жазылған әсем жыр, шын мәніндегі поэтикалық туынды.
Ғабит Мүсіреповтің жазушылық жолы — бірте-бірте сатылап өсу жолы. Проза саласында жазушы ең алдымен шағын жанрларда қалам тербеп, машықтанғаны белгілі. Әңгіме, новелла, очерк, публицистика, повесть жанрларын еркін меңгеріп барып, ол кейінірек романға ауысты. Ең алғашқы романы — "Қазақ солдаты". Алдымен бұл шығармасын жазушы 1945 жылы "Қазақ батыры" деген атпен повесть ретінде жариялады да, кейін өңдеп, толықтырып, кемелдендіріп 1950 жылы "Қазақ солдаты" романын жұртшылыққа ұсынды.
Негізінде "Қазақ солдаты" романы Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардың ішіндегі ірісі де, тәуірі де екенін, оның жалпы идеялық-көркемдік мазмұнының жоғарылығынан көруге болады.
Ғабит Мүсіреповтің творчестволық жолындағы көрнекті шығармасы — "Оянған өлке" романы. Бұл романды о баста жазушы трилогия ретінде жазбақ болғаны мәлім. Сол трилогияның бірінші кітабын 1953 жылы жариялап оқырман қауымға ұсынды.
"Оянған өлке" романымен F. Мүсірепов қазақ совет әдебиетіндегі жұмысшы тақырыбын келістіре жырлап, жетік меңгерудің көшін бастаушылардың қатарына енді.
Идеялдық мазмұны терең, көркемдік сипаты көз тартарлық "Оянған өлке" романы тек жазушы творчествосының ғана емес, бүкіл қазақ совет әдебиетінен келелі орын алатын кенеулі шығарма ретіңде танылды.
Өмірінің соңғы жылдарында жазған "Жат қолында" (1984) романы, бір жағынан "Оянған өлкенің" жалғасы, екінші кітабы іспетті, екінші жағынан, оны өз алдына дербес шығарма деуге де келеді. Үйткені бұл романда суреттелетін өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлер де соны. Жазушы "Жат қолында" романында XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы Орталық Қазақстандағы әлеуметтік өмірдің қатпар- қатпар шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеп берді. Шығармада Қарағанды, Ақбұйрат, Нілді өндіріс орындарын ағылшын, француз капиталистерінің билеп-төстеп тұрған кезеңдегі қазақ халқының қоғамдық тіршілігі, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, рухани әлемі тарихи тұрғыдан дәл де терең бейнеленген. Жазушы суреттеп отырған дүбірлі оқиғаларға тұтас тұлғалары, сан алуан тағдыр-қарекеттері арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына айқын елестеп отырады.
Идеялық мазмұны бай бұл романның да көркемдік кестесі көз тартарлық, мінсіз. Баяндау, суреттеу стиліндегі мүлтіксіз өрнектер, шығарманың өн бойына ең, ажар, көрік беріп отыратын жылы юмор, философиялық терең мағыналы ішкі монологтар, оқиғалардың, кейіпкерлердің көңіл ауандарына сай мәнерленген табиғаттың тартымды суреттері шығарманың еңсесін көтеріп, көркемдік деңгейін биіктетіп тұр.
"Жат қолында" — орыс жұмысшылармен қоян-қолтық бірлесе отырып қазақ жұмыскерлерінің революцияға келу жолын тарихи шындыққа сәйкес нанымды да терең бейнелеген қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік — саяси романдардың көрнектілерінің бірі де бірегейі.
Сөз зергерінің творчестволық жолындағы белесті туындылардың қатарына қосылған оның "Ұлпан" романы еді. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық эсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан — бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби образ.
Романдағы Ұлпан бейнесін суреттеуге Ғабит Мүсірепов бүкіл өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны мәлім. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік — тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, өмірде шын болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автор сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасап берді.
Сол феодалдық заманда Ұлпан сияқты халық қамын ойлаған жанның ізгі ойы, арманы, мақсат-мұраты іске толық асуы мүмкін емес еді. Ұлпанға қарсы кедергі тас қамалдай, жауыздар тобының тегеуіріні мықты болатын. Сондықтан да оның, өмірі бастан-аяқ шиеленіскен күресте, арпалыста өтті де трагедиямен бітті. Ақырында Ұлпанға жабылған жауыздар тобы оны аянышты да өкінішті апатқа ұшыратып тынды. Бұлай болу сол дәуірдің әлеуметтік шындығы болатын. Әлеуметтік өмірдің логикалық түйіні осыған келіп тірелері заңды еді. Жазушы айтқандай, "Өз заманынан бұрын туып, арманда кеткен үлкен жанның", өмірі басқаша аяқталуы мүмкін емес еді.
Ұлпанның екінші басты қасиеті — өз заманындағы көне ескілікке, әсіресе, әйелдерді қорлап, кемітетін феодалдық әдет-ғұрыпқа қарсы батыл күресуі, халық өміріне ауадай қажет жаңашылдыққа, прогреске ұмтылып, елге айтарлықтай үлгі-өнеге көрсетуі Ұлпан образының әлеуметтік бітімін әрі көріктендіре, әрі биіктете түскен.
Үшінші, үлкен адамгершілік, зеректік, ақылдылықпен қатар Ұлпанда қайраттылық, өткірлік, қаһармандық мінез бар. Ел, халық намысы үшін оның жалындап жарқ еткен тұсы да шығармада қапысыз бейнеленген. Әсіресе, Сибан жорығы тұсында ол ел анасы болумен бірге, халықты ерлікке, батылдылыққа, елдікке жетелейтін қаһармандық, патриоттық, азаматтық дәреженің де биігінен табылады.
Романдағы Ұлпан — сол негіздегі халық өмірінің шынайы сипатын танытатын, жинақтаушылық күші мол, әдебиетіміздегі шын мәніндегі типтік образ. Ұлпан бойындағы барлық, абзал қадір-қасиеттер ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ әйелінің, қазақ халқының адамгершілік, ерлік, азаматтық, батырлық тұлға-бітімінің айқын да жарқын көрінісі екені кәміл.
Ғабит Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Қазақ әдебиетіндегі драма жанры Ұлы Қазаннан кейін қалыптасып, дамығаны баршаға мәлім. Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановпен бірге ұлттық драматургияның негізін қалап, шаңырағын көтеріскен Ғабит Мүсіреповтің есімі қазақ театрының тарихынан елеулі орын алады. Оның әйгілі пьесалары қазақ театрының саханасынан түспейтін тұрақты репертуарына айналды.
Ғабит Мүсірепов Шекспир, Мольер, Шиллер, Гоголь, Островский сияқты дүние жүзі драматургиясының алыптарынан творчестволық үлкен қуатпен үйрене отырып, ұлттық драматургияға ірі олжа салды. Оның "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" сияқты пьесалары халықтық лиро-эпостың негізінде туса да, өз алдына дербес туындылар ретінде танылған еңбектер. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол бүтіндей тың өрнекті дүниелер жасады.
"Қыз Жібек" пьесасындағы Қыз Жібек, Төлегеннің жастық жалынға толы, асыл мұраттарға ұмтылған аяулы тұлғалардың талғамы жоғары қалың көрерменнің сүйікті кейіпкерлеріне айналғаны аян. Сондай-ақ "Қозы Көрпеш — Баян сұлудағы" Қозы Көрпеш, Баян образдары да қазақ драматургиясындағы үлкен суреткерлік шеберлікпен берілген мінсіз әдеби типтер болып орнықты. Кезінде кемеңгер жазушы-ғалым Мұхтар Әуезов: "Қозы Көрпеш" пьесасы — қазақ, әдебиетінің бір салада ірілеп өскендігінің айғағы. Драматургия құрылысы қиын, ауыр жанр болғанда, "Қозы Көрпештің" жазушысы сол қиыншылықтарды шеберлікпен, ақындық, көркемдік, ұсталықпен шеше білген. Пьеса осы сипаты арқылы қазақ әдебиетінің қатты өскендік айғағы болып шықты. "Қозы Көрпештің қазақ әдебиеті өзінің үлкен мақтаны ете алады. (М.Әуезов. Он тоғызыншы том. Алматы. 1985. 306-бет), — деп Ғ.Мүсірепов пьесасын аса жоғары бағалаған болатын.
Драматург Ғабит Мүсірепов тарихи белгілі адамдардың өміріне де қалам тербеп, жақсы драмалық үлгілер жасады. Оның "Ақан сері — Ақтоқты" драмасы XIX ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Қазақстанның әлеуметтік өмірін шынайы бейнелесе, "Аманкелді" пьесасында жазушы 1916 жылғы қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісін, Ұлы Қазаннан кейін совет өкіметін орнықтыруға қазақ халқының белсене еңбек сіңіруін айшықты өрнектермен суреттеп берді. Бұл пьесаларында драматург Ақан сері, Аманкелді сияқты тарихи қайрапсерлердің шынайы келбетін сахналық шеңберде дұрыс танытты.
Жазушының тарихи тақырыпқа жазған "Болашаққа аманат" драмасы да қазақ драматургиясындағы аса елеулі еңбек. "Болашаққа аманат драмасының бас қаһарманы — қазақ халқының XVІІІ ғасырдағы даңқты перзенті, батыры шешені Сырым Датов (1712-1802). Сырым 1783-97 жылдары 14 жыл бойы патша отаршыларына қарсы халық көтерілісін басқарған айтулы қолбасшы, көрнекті қайраткер. Драмада Сырым Датов өмірінің үлкен бір кезеңі — "халық кеңесін" ұйымдастырып басқарған тұсы суреттелген. Әр түрлі мінез — характерлермен қатар драмада сомдалған Сырымның батырлық, шешендік, ұйымдастырушылық, қайраткерлік тұлғасы, оның өз халқы үшін жанын шүберекке түйіп қызмет еткен кемеңгерлік ой-пікірлері мен іс-әрекетінің ұтқыр шеберлікпен бейнеленуі жазушы творчествосындағы ірі көркемдік табыс.
Ғабит Мүсіреповтің ұзақ жылдар ізденіп, көп уақыт даярланып барып жазған елеулі еңбегі "Қыпшақ қызы Аппақ" атты драмасы еді. Оның бұл драмасы да тарихи болған фактіге, дерекке, оқиғаға арқа сүйеп жазылған. Драманың бас кейіпкері — әзірбайжан халқының XII ғасырдағы ұлы ақыны, ойшылы Низами Гянджеви (1141- 1209). Жазушы драмасында суреттелген Низамидың қазақ (Қыпшақ) қызы Аппаққа деген кіршіксіз таза махаббат хикаясы — тарихи шындық. Ақын мен даланың сұлу, қаһарман қызының мөлдір, жалынды, құдіретті, асыл махаббат сезімі драмада шабытты ақындық тебіреніспен, төгілген тіл өрнектерімен келістіре бейнеленген. Ақын Низамидың бейнесі, оның аяулы ғашығы Аппақ образы — қазақ драматургиясындағы тың көркемдік құбылыс ретінде көзге түсті. "Қыпшақ қызы Аппақты" — қазақ, әзірбайжан халықтарының сонау бір көне заманда-ақ қалыптасқан ажырамас қасиетті достығының шабытты жыры деуге де негіз толық.
Ғабит Мүсірепов — бірнеше либретто, сценарийдің де авторы. О л жазған "Қыз Жібек" операсы (музыкасын жазған Е.Г.Брусиловский) мен "Қозы Көрпеш — Баян сұлу" балетінің (музыкасын жазған Е.Г.Брусиловский) либреттолары қазақ операларындағы таңдаулы либреттоның қатарынан орын алды. Ғ.Мүсірепов "Аманкелді" атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазысты (Вс.Иванов, Б.Майлинмен бірге). "Махаббат туралы дастан" атты көркем суретті және екі сериялы "Қыз Жібек" фильмдерінің сценарийін жазған да Ғ.Мүсірепов. Әсіресе, соңғы туындысымен ол киносценарийдің үлкен шебері екенін танытты.
Ғабит Мүсірепов — қазақ әдебиетіндегі очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен еңбек сіңірген жазушы. Ең алдымен айтатын жағдай, жазушы 30-жылдардың аяғы, 40- жылдардың басынан бастап прозаның бүл саласына белсене араласып, өнімді түрде қалам тербей бастады. Алғашқы жазған очерктерінің өзінде-ақ жазушының оперативті бүл жанрды еркін меңгеріп, оның тәуір-тәуір үлгілерімен оқырман қауымын қуанта бастағаны анық.
Жазушы шеберлігін танытатын очерктерінің бірі — оның "Қазақтарым, достарым" атты туындысы. Жазушының бұл шығармасында еліміздегі туысқан халықтар ақын, жазушыларының қасиетті достығы әрі қарапайым, әрі әдемі суреттелген. Тіпті қаламгердің бұл очеркін достық жыры деп атаса да артық емес. Еліміздің атақты жазушысы Михаил Александрович Шолоховпен (1905-1984) кездескен бірнеше эпизодтарды сөз өнерінің күшімен тартымды да айқын көрсете отырып, автор орыс халқының ұлы жазушысының адамгершілік абзал қасиеттерін тамылжыта сипаттаған.
"Қазақтарым, достарым" атты жазушы очеркі — тек осы жанрдағы ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі халықтар достығы тақырыбындағы көркем шығармалардың таңдаулыларының бірі.
Ғабит Мүсіреповтың әрбір очеркі, публицистикасы көркемдік шеберлігімен, идеялық ой-пікірінің салмақты да маңыздылығымен есте қалады. Туған әдебиетіміздегі публицистика, очерк жанрларын жетілдіріп, кемелдендіре түсу бағытына жазушының көп творчестволық еңбек сіңіргенін айрықша атаған жөн. Ал бұл ретте ол айтарлықтай іс тындырды, елеулі-елеулі көркемдік табыстарға жетті.
Ғабит Мүсірепов әдебиеттің өзге жанрларымен қатар Қазақ совет әдебиеттану ғылымы мен сынының да ірге тасын қаласып,олардың дамуына зор үлес қосқан жазушы.
1977 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы президиумы филология ғылымын дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповке Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлық берді. Бұл жазушының әдебиеттану мен сын саласындағы еңбектеріне берілген лайықты да үлкен баға болатын.
Жазушының әдебиеттану мен сын саласындағы еңбектерінің барлығына тән ортақ қасиеттерді жинақтап айтсақ, ең алдымен, оның әдебиет пен өнердің біздің дәуіріміздегі даму процесіне және олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позициядан қарады. Ол әдебиет пен өнердің әрбір көрнекті табысын халықтың рухани қымбат қазынасы ретінде қатты қастерледі. Әдебиет пен өнер туындысының біздің қоғамдағы идеологиялық пәрменді ықпалына, жауынгерлік белсенді рөліне баса назар аударды. Сонымен қатар, әрбір көркем шығармаға жазушының барлық уақытта қойып отырған идеялық-эстетикалық талабы да биік, үлкен. Жоғары идеялылық, үздік шеберлік — міне, әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде оның берік ұстанған, айнымас өлшемі осы ғана. Әрбір әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін үздіксіз де белсенді түрде күресу — Ғабит Мүсіреповтың алпыс жыл бойы жазған барлық әдеби-сын еңбектерінің ең басты сипаты болды.
Ұлттық әдебиеттің тынысын кеңейтіп, халықтардың рухани байланыстарын нығайтатын көркем аударма саласында да жазушының сіңірген біраз еңбектері бар. Бұл ретте оның О.Генридің новеллаларын, Сильвестр Тагараоның әңгімесін, А.М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург шығармаларын қазақ тіліне аударғанын айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов аударған В.Шекспирдің "Антоний мен Клеопатра", А.Н.Островскийдің "Таланттар мен табынушылар", Ж.Мольердің "Сараң", Я.Галанның "Таң алдында", К.Симоновты" "Орыстар", Л.Леоновтың "Шапқын", А.Сафроновтың "Москва мінезі", А.Штейннің "Намыс заңы" атты т.б. пьесалары да қазақ драматургиясының өсіп өрлеу жолында едәуір көркемдік қызмет атқарғаны сөзсіз.
Сайып айтқанда, Ғабит Мүсірепов — қазақ әдебиетінің барлық жанрларын дамытуға көп еңбек сіңірген көркем сөздің майталман шебері, ірі суреткер. Оның шығармалары сан рет көптеген халықтардың тілдеріне аударылды.
Ғабит Мүсірепов — бүкіл дүние жүзіне кең танылған сөз зергері.
Ғабит Мүсіреповтың қаламынан шыққан әрбір өміршең еңбегі үнемі оқырман жүрегіне жол тауып, оның асыл бұйымына айналып отырды. Ол — туған Отанының гүлденуіне үлкен еңбек сіңірген халықтың адал азаматы, қадірмен перзенті. Ғабит Мүсірепов — халықтың шын мәніндегі сүйікті жазушысы.
Ә. Нарымбетов
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі