Айтулы қалам иелері мен театр шеберлерінің тіл табысқан ынтымақ-бірлігі ұлттық өнердің іргелі туындыларын жасауда қайнар көз, құнарлы өpic болатындығы әр халықтың арғы-бергі рухани тарихында талай дәлелденіп, тынбай дамып келе жатқан құбылыс. Мұндай ырыс-игілікке кез-келген шығарма кепілдік ала бермейді. Ондағы шымырлаған ой тұнығы тереңіне бойлауды аңсайды. Жанр табиғатына тән шиыршық атқан қақтығыс барысында қалыптасатын санқилы мінез-құлықтың қиғаш-қуыс түкпірлері, жан иірімі жүрек лүпілі бар. Кейіпкердің ой-арманын, оның мұрат тұтқан мүддесінің қат-қабат қалтарысын тауып, сыр-сипатын ашу әрдайым суреткердің зерделі биік парасатын сарыла ізденген еңбектерін, қырағы көкірек көзін тілейді. Классикалық шығармалардың көңілі соққанның құр тәуекеліне, жеңсік құмардың жайдақ жамбасына, әуесқойдың «әлім келмейтін несі барына» көне бермейтін себебі де содан болса керек.
Ұлттық театр өнерінің әліппесінен бастап, мерзімді мектебі үлгі етер ұстазы болған Мұхтар Әуезов драматургиясына ілесе келген Ғабит Мүсрепов шығармалары да әр буын, әр кезең режиссер, актер өкілдерінің білгірі бәйге, жүйрігі жүлде алар таразысына айналғаны мәлім. Бұл туындылар әсіресе өмірін сахна өнеріне арнаған жас ұрпақты қазақ тілінің дәмі мен нәрін, хош иісі мен ою өрнегін, айшығы мен астарын, салмағы мен сазын, әуені мен ажарын тануға тәрбиелейді. Театрдың бас режиссеры Әзірбайжан Мәмбетовтың «Қозы Көрпеш — Баян сұлуға» қайта оралуы да осы мүддеден туса керек. Сонымен бірге бұл спектакль Ә. Мәмбетовтың кемелдену жолындағы кең құлашын, шабыт шалымын, ой өлкесінің өресін тағы да бір танытқан шын мәніндегі талант туындысы болып қалыптасқан. Бүгінгі режиссура өнерінің үздік үлгілерінің сыр-құпиясына қанық Әзірбайжанның тынбай іздену, тиянақты еңбектену жолында театрдың ұлттық келбетін, творчестволық еңсесін көтерудегі табыстары орталық баспасөз беттерінде, байсалды басқосуларда, талай айтылып жүр. Одақтағы маңдай алды режиссерлардың қатарында көрініп келе жатқан Әзірбайжан Мәмбетовтың, кейінгі жылдары М. Әуезов театрының өзі иықтас, өнер ордаларынан озат шығуындағы еңбегі зор. Әлбетте, мұның бәрін таратып талдап айту өнер тарихын зерттеушілердің сыбағасындағы келелі кеңестің сөзі.
Әзірбайжан қай дәуір шығармасына бармасын ол ең алдымен өз заманының өкілі, бүгінгінің сыншы-сарапшысы. Өткеннен үйренер қайсы, жиренер қайсы? Қояр сауалы да, алар жауабы да нақты. Бұл сапарда да әділет атаулыға көз ашқалы көрші қонбаған, мейірім, аталық, адамдық парыз дегеннен жұрдай Қарабайшылдықпен өмірі өзгенің сыпырасын аңдып, бөгденің отына жылынуға жаралған мысық тілеу мүләйім, іштей зұлым, жұлыңғырт жантықшылдықтың күре тамырын қазбалай ашқан. Мұндағы Қарабай сырттай езу тартар, сараңдықтың саяз күйбеңі емес — мерез қатыгездіктің хас қасіреті. Мұндағы Жантық қағылез күлкі туғызар қабыршақ қулықтың құлы емес — ізі-жымы, жым-жылас жалаңаяқ жауыздық қияпаты. Режиссердің ой жебесінің дәл тиген нысанасы осы.
Көз алдымызда тынысбуар белес-белес бедеу құмдар... Қаза-жалаға куә жалаңаш, жайдақ жартастар... Еліктің бейкүнә егіз лағы... Мұңы бір, мекені оқшау әзіз қос ана бейнесі — ант белгісі қанды орамал, ынтызар жүректің зар-запыранының астарын ашар, арман ағысындай баяу толқыған әуен спектакльдегі режиссерлық шешімнің сырт ажары. Өтер оқиғаның, осындай мекен-мезгіл нышандары дәл, нақтылы, шашау-шашырандылықтан аулақ.
Осы бір құлазыған табиғат аясында бүкіл қауымға қарғыс айтып құдайдың өзі қолына түссе қотыр тайы үшін көзін ойып алуға даяр Ыдырыс Ноғайбаевтың Қарабайы келеді. Түсінде талауда, өңінде қамауда, өңештен қайрылған өлермен үрейлі үн. Бүкіл жарық дүниеге қабақ астымен ұрлана қарауы елден-ерек өгей көрінеді.
Тірі жаннан тапқан адалы — Жантық. Ісіне демеуші, түсіне жорушы осы ғана. Өзінен гөрі Жантыққа сенеді. Бірақ, Ыдырыстың Қарабайы Жантыққа жетіскенінен сеніп жүрген жоқ. Пәрмені бар да дәрмені аз. Тірі жанға бір ерқара керектің ғана желеуі. Сараңдық тек дүниеқоңыздық емес екен. «Жетпіс жыл жеті жапырағына тісі тимеген Қарабай» елді де, жерді де, етбауыр туған баласын да құрбан етуге бел буған. «Шәйнәп көрмеген қызығын, айдап көрмек». Ем қонбас, ине шаншар саңлаусыз патология. Оның жанын жадыратар құлақ күйі жылқының дүбірі. Қарабайға баланың күлгенінен құлынның кісінегені артық. Міне, Қодар шапты, аспаны алақандай жері тебінгідей сенделіп қалған Қарабай. Бұған дүниенің төрт бұрышы апшысы қуырылып біткендей. «Мал түгел қайтып келдінің» қуанышы бір сәт жүзін жылытты да «қайдан түгел болсын» деген күмәнді ой тағы да қуартып сала берді. «Бір тай шығының жоқ» деген Жантық хабарына жадырап, жанторсығына көнетоз шекпенін жапты. Бұл Қарабайдың жарық дүниеге келгелі жасаған бір жомарттығы. Енді жерге жата қалып тың-тыңдағандағы Қарабай қуанышында шек жоқ. Не пайда? Тағы қырсық айналды. Баян мен Қозы тілегін аңғарған Қарабай кеше ғана ата жауы болған өзін тақырға отырғызып кеткен Қодар жағына тайқып шыға келді. Тірек-тұлдырсыз жетім бала қыз алумен тынса бір сәрі. Ертең мұның малына ие болып кетеді ғой. Қарабай ұғымынша Қодардың жөні басқа. Ол сенің дүниеңе көз қырын салмайды да. Баянды алса бітіп жатыр, қайта қалыңмал келмей ме. Мұндайда Қарабайға ант та, ар да, әділет те, адал ниет те аяқасты. Бұлар Қарабайдың түсіне кірмеген түсініктер. «Қара емен майысса да, Қарабай қайыспайды»— бұл бетбұрыс қатыгездің қатаң серті. Бақсақ, бұл тек сөз ғана екен. Істің арты насырға шабарын сезгенде, Қаракең сағыздай созылып, түбіттей түтіліп, қоя береді. Өзінe лайық мұнда да бақай қулық бар. «Он ойланып жүз толғанып, өз қолын өзі кесе алмаған» Қарабай бесіктен белі шыққалы жас шықпаған көзін сүрткен болады. Бұл да жұртты сендірудің жәдігөй жолы. Қанша жалған болса да мұндай жылы сөз айту Қарабайға оңайға түспейді. Осы сәтте өз үні өзіне жат естілгендей қуыстана, айнала бағып сөйлейді. Ат жалынын ұстап ақсақал болғалы аузынан шығып тұрған тұңғыш көшелі сөзі. Сөз болғанда атаның сөзі, оны да үйреткен Жантық. Тас арқалап, тау қопарғандай сөз аяғын зорға бітірді. Жұрт мақұлдасымен, «айттым бітті, кестім үзілді» деп бір-ақ қайырады. Өйткені, Жантықтан қарыз алған жылы сөз таусылды. Ендігісі Қарабайдың шорт кесіп, шолақ байлауы ғана. Ақыры ел-жұрттан безе қашқан Қарабай, шырқау шыңына жетіп шорт қиылған шылбырдай ағаш атқа мініп жынданып тыныш тапты.
Салиқалы ойшыл, сындарлы азамат, дулығалы батыр. Мүбәрәк мавр бейнелерін жасаған Ыдырыстың Қарабай қауызына еніп өзінше түлей, тың сүрлеу табуы актердің талант, табиғатының бізге беймағлұм теңін шешкендей болды. Ноғайбаевтың Қарабайында сараңдықтың мазағы емес, азабы бар, сараңдық сезімнің шыңырау, құрдым қаза қасіреті бар. Көптен безгеннің көмусіз қалар қарғысы бар.
Әнуар Молдабековтың Жантығы да көптен көзі үйренгеннен өзгеше, өрім, өріс тапқан. Сырттай Қарабайдың көлеңкесіндей көрінгенмен шын мәнінде оны аңдып жүрген ажалы сияқты. Сұм-сүмейдің жауырын ашқандығы кейпінде Қарабайдың жылқысын айдап Жантекең аталып бара жатқан өзін іздегендей сыңай бар. Бұл бір емес, оңашада осы жауырынмен өзі тілдесетін тәрізді. Кәрі арқардың қай жырада қаларын аңдыған ауру қасқырдай іштен тынған зымиянның қимылы да самарқау. Арам ойлылығына сай ақыл мен жігер берсе Қарабай түгел қалың елді қан қақсататын бүлік у сойқанның өзі. Бұл мүдде жағынан Қарабайдың жалғасы. Бірақ, одан өзгеше. Қарабай Қарекең атанғысы келген жоқ. Мұның Жантекең болғысы бар. Айласына ашытқы боларлық аз ғана ақылының арқасында арам дәулеттің тегін малдың, сәулетін көрмек. Елге оралмақ, халық көзін тұндырмақ. Мұнда малқұмарлық пен мансапқорлық егіз. Жантық тағілеттілер жаныңызда әкелеп жүріп, есебінен өмірі жаңылмайды. Мұндайлардың жылап жүріп зорлағанын, көлгірсіп жүріп қорлағанын аңғармай да қаласың. Сырт көзге Қозы мен Баянға қамқоршы, Қарабайға ақылшы, Қодардың сойылын соғушы. Бәрінің арасында сынаптай сусып жүргенде ол өз ішіндегі ысқырған жылан, ызғыған шаянды әсте сездірмейді. Қоғамға қарабайшылдықтан, жантықшылдық әлде қайда қауіпті. Өйткені, ол бір ғана сезімнің дүниеқоңыздықтың құлы емес. Жантық мінезі, Жантық қылығы әлдеқайда өміршең. Оның философиясы «Кешегі күн кеше өтті, бүгінгі күн басқаша» осыған сай арам пиғылы өзгермейді. Тек айла-тәсілі ғана өзгереді. Жантық, айта беретін құбылмалы кесірткенің (хамелеон) дәл өзі. Көз алдында бетегеден биік, жусаннан аласа, сүттен ақ, судан таза, сенен бір елі өзінің басымдығын сезсе қырып жіберуге даяр. Қозының қазасы, Баян қайғысы оған шыбын шаққандай әсер етпейді. Өйткені, «О, көзсіз көбелек, ессіз әсерлер... талай тарттырармын гөй-гөйді» деген мақсатына жетті. Ол өзінен басқа тірі жанға тілері осы. Жантық біткеннің сеніміне кіріп, жегідей жеп қолынан келсе «гөй-гөй тартқызудан» басқа мұраты болмаса керек. Әнуар шебер ойынымен Жантықшылдықтың қаныпезер қаталдығында, сүрлеуі жоғалғанмен, сілемі кездесетін осындай кесепат қылықтың бар бояуын әшкерелейді. Әділет пен зұлымдық бүгін туған жоқ. Ол адам қоғамымен бірге жасап, бірге алысып келеді. Әнуардың Жантығы сол алысар жауың араңда болса аластауға шақырады.
Кейінгі жылдары кино өнерінде де, театр сахнасында да мәдениетіміздің өсу барысына мол үлес қосып келе жатқан тынысы кең талант иесі Асанәлі Әшімовтың Бекежаннан кейінгі көпті қуантқан тағы бір табысы Қодар образы. Асанәлі Қодарында ұрда-жық, дүлей мінезбен қатар асқақ адуындық та бар. Алғашқы көріністе ол жүректің дегені болмаса, білектің дегенін болдырған даланың көкшуланы. Бірақ, күш атасын танымас, айқаста беті қайтып Қарабай алдына қайта келді. Нан піскен демі басылған, ақыл сабасына түскен. Енді жол-жораның ізімен байлаулы қолын босатты. Сөнген ыза бар, опық жеген өкініш бар. Амал не, бұған да көнді. Жолға жүгінді.
Ақыры келіп Жантықтың торына оралды. Соқыр сенім жетегіне Қодар Жантықтың қолшоқпарына айналды. Жантекең көмекші тапты. Анда-санда жылт берген ожар мінезі, Жантық оятқан қызғаныш сезімі көзсіз көбелекті орға жықты. Ләғнат қамытын киіп, жар астында қалды. Актер ойынының бас жібінен бастап, ақырғы түйініне дейін образдың диалектикалық дамуында зәредей жалғандық, жасандылық жоқ.
Осы театрдың тұңғыш Баяны Ш. Жандарбекованың Мақпалы да көңіл толқытар көп бояуымен есте қалады. Әсіресе Қозыға ең алғаш рет Баян жайлы сыр ашардағы сезікпен сезім арпалысын, аналық махаббаттың қимас-қызғаныш күйлерін асқан тебіреніспен береді.
Екінші Мақпал Ф. Шарипованың алғаш келуіндегі мұңлы кейпінен бастап, өз ошағындағы жетім-жесірлік аянышты халдері, қарғыс сахнасындағы сыздаған жүрек. Өртенген бауырдың зар қайғысы ауыр әсер қалдырады.
Балапанын қызғыштай қорғап, аз қуанышы мәңгі қайғыға айналған X. Бөкееваның Күнкейінің халі де жүйеңді босатады. Асылында аналар бейнесі бояуы берік, бедері айқын, жеке-жеке тұлға боп есте қалады.
Спектакль негізінде орта буынмен жас буынның тізе қосқан еңбегі, мұндай әдістің тәлімді-тәрбиелік мәні зор. Біз көрген үш Баянның үш түрлі жүйеден танылуы да қуантатын жағдай. Жастардың өз үнімен, өз бетін ізденуі өсер ұрпақтың қадір тұтар қасиеті.
Нәзік лирикалық арнада дамитын Б. Жанғалиеваның Баянындағы иба-ілтифаты мол ұяң сәбилік, Т. Тасыбекованың Баянындағы дала қызының еркекшоралық ақ жарқындығы, М. Рахманованың ертең ләззаттың әр мінезімен көрінген Баяны, өнердің үлкен жолына бет бұрған ізденістің алғашқы жемістері.
Жас Қозы Ш. Мейрамовке осынша азулы шеберлердің ортасынан неге жарып шықпадың деп өкпе айту ертерек. Жас актердің ынта-талабына сай Қозының қазіргі көрінісі бұдан да жақсара түсер деген үміт зор. Қашанда бас кейіпкердің жүгі ауыр, жас актердің Қозының ішкі сезім- бояуларын берудегі қуаты сәбилікке сая беретін жайлар аңғарылады. Бұл жолы «Қозы әлі сәби» дегенді желеу еткен режиссердің сөзіне сене қою қиын. Махаббат үшін күресе білген адамның сәбилікпен шаруасы шамалы болса керек. Сондықтан жас актерге режиссердің әлі де қол ұшын бере түскені жөн.
Шағын ғана рольде бір сәт жылы күлкі, өз ортасының ақ пейіл мінезін ала келген Р. Телеубаевтың Айдары қылық қимылы, аңқау адалдығымен есте қалады.
Оқиға ағысындағы эмоциялық бояудың қалыңдата, бірде арқаңды аяздай қарып, енді бір сәтте жүрегіңді қан жылататын Ғазиза Жұбанованың музыкасы шығарма рухын әруақтандыра түскен.
Аса ұқыптылықпен жасалған киім пішімдері, (суретші Г. Исмаилова) спектакль атмосферасын да, режиссер ойын да дәл басқан. Суретші Александр Кривашеин еңбектерін творчестволық толғаныстың жемісі деп танимыз.
Спектакльдегі халықтық шайқас көріністері өте әсерлі, таза талғаммен жасалынған. Айқай-шудан гөрі, әрекет, әдіс нанымды көрінеді.
Әсіресе спектакльдің финалындағы Қодарға айтылатын екі ананың қарғысы тек қана оған емес бүкіл қарабайшылдыққа, жантықшылыққа, әлемдегі зұлымдық, пасықтық атаулыға қарсы ана атынан, әділет атынан айтылған құдіретті үкімдей естіледі. Оған үн қоспасқа, іштей қайталамасқа хақың жоқ. Өйткені ар, әділет, әрқайсысымыздан соны талап етеді. Үлкен туындының заманмен, уақытпен тілдесуі осылай болса керек.
Қорыта келгенде айтарымыз академиялық М. Әуезов атындағы драма театры өзінің өнер шежіресінің белеске санар бір бетін «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» спектаклімен ашты демекпіз. Осыған орай киелі өнер шаңырағының талантты коллективі халқымыздың сүйікті ғұлама жазушысы Ғабит Мүсіреповтың жетпіс жылдық мерекесіне үлкен сый тартқанына куә болып отырмыз.
1972
Оқуға кеңес береміз:
"Қозы Көрпеш - Баян сұлу" жыры
Мұхтар Әуезов: Қозы Көрпеш - Баян сұлу
Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары
Ел поэмалары. Қозы Көрпеш – Баян
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі