Әр адамның өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі — мамандық таңдау. Бұл — болашақ өміріңнің бағытын айқындайтын, өз қабілетің мен қызығушылығыңа сай келетін істі табу. Бірақ кей жастар өз қалауын емес, ата-анасының таңдауымен немесе: «Грант қайда болды — сол жаққа түсе салдым», — деген оймен бөлісіп жатады. Алайда, өзімді айта кететін болсам, мені осы мамандыққа баулыған — сүйіспеншілік пен бойымдағы қасиеттерім. Журналистика саласын таңдауыма осы себептер түрткі болды. Шындығына келер болсам, бұл сала мен үшін бір бөлек әлем секілді көрінетін.Әрине, ондай сәтте жанымды жегідей жеген сан алуан ойлар келе бастады. Соның ішінде: «Менің қолымнан келмесе ше? Камераға сөйлемек түгілі, қарауға ұяламын ғой», — деген басты қорқыныштарым болды.Бірақ 8-сыныптан бастап сахнаға шығып, өз ойымды еркін жеткізе алатынымды, камерадан тіпті қысылмайтынымды түсіндім. Ең алғаш мұны байқаған — география пәнінің мұғалімі еді. Сол сәттен бастап ол кісі мені алғаш рет «Алаш» дебат клубына команда мүшесі ретінде сайлады. Сонымен қатар, менің журналистика саласына деген қызығушылығым мен махаббатымды оятқан — Бейсен Құранбек, Гүлнәз Әлімгерей, Нұртілеу Иманғалиұлы. Олар Qazaqstan ұлттық арнасында тележүргізуші, журналист болып жұмыс жасаған. Нұртілеу Иманғалиұлы — «Таңшолпан» бағдарламасының авторы. Әрине, бұл саланы мен саналы түрде өз еркіммен таңдадым. Ақпараттың ортасында жүріп, сұхбат алғанды, шынайы оқиғаларды жеткізуді жан-тәніммен қалаймын. Адамдардың көбі: «Ой, сен журналист болу үшін анау керек, мынау керек», — деп жатады. Мен ондай әңгімелерге ермеймін. Арманым да, мақсатым да- өз қолымда. Көптеген журналистердің ұмтылысы мен осы салаға деген көзқарасын көргенде, менің алға жылжуға деген сенімім арта түседі. Бәсеке бар жерде — өсу бар. Өсу бар жерде — нәтиже бар. Бұл мамандықтың өзіндік қиындықтары бар. Ал сол қиындықтармен күресу — менің міндетім. Мен алған бетімнен қайтпаймын. Егер маған екінші рет таңдау берілсе, ойланбастан журналистика саласын қайта таңдар едім.
-
- Архимед
- Оноре де Бальзак
- Александр Пушкин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі