Өлең, жыр, ақындар

Орыс ауыл

Ертеректе осы Қорғалжың өңірінде «орыс ауылы» аталып кеткен бір қазақ ауылы болған екен. Оның қалайша бұлай аталып кеткенін сол жақтың тумасы журналист Төлеген Жәкітайұлы ағам майын тамызып тұрып айтады.

Арқаның қақаған қыс, алапат ақ боранында атпен келе жатқан бір жолаушы сол ауылдың шетіндегі бір үйге түседі. Сөйтсе, әлгі үйдің отағасы қондырмақ түгілі үйіне кіргізбей қойыпты. Қазақ баласынан мұндайды көрмеген әлгі кісі қатты ренжісе керек, сол ауылдағы ешбір үйге түспестен екінші ауылға өтіп кетіпті. Келесі ауылда бір үйге қонып, аты да, өзі де күтіліп шығады. Әңгіме үстінде көрші ауылда болған жайды да жайып салады. Тыңдап отырғандар жағаларын ұстайды. Осылайша кәдімгі Орта жүздің бір тармағанынан тарайтын рулы ел отырған әлгі ауыл «орыс ауыл» аталып кетіпті. Тіпті ауылдың тақтайшадағы аты ұмытыла бастап, ел сол ауылдан шыққан спортшы балалардың өзін «орыс ауылдың балалары екен» дейтін болыпты. Біз бұл жерде өзге бір ұлтты кемсітіп, иә жамандап отырған жоқпыз, әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі, өзіне тән өмір сүру дәстүрі болады, әңгімемізге тұздық ретінде өмірде болған жайды мысал ретінде ғана алға тартып отырмыз. Кейін сол ауыл жан-жаққа тарап, жұрты қалғанша осы атауынан құтыла алмапты. Сонда бір жолаушыға берілмеген бір шәугім шайдың жаманаты бүкіл ауылға таңылып тұр ғой. Бұл осы ауылға сол «атақты» әперген отбасыға оңай соққы дейсіз бе? Істің соңы бұлай боларын білгенде қонақ қылып аттандырар еді-ау...

Бұл жаңа қонысқа келген шаңыраққа бұрын келіп қонған үй апаратын «ерулік», жақындары қайтыс болған отбасын шақырып беретін «көңіл шайы», жолдың бойында отырған үйлер көшіп келе жатқан елдің алдынан «көш байсалды болсын» деп алып шығатын айран-шалап сусын — «байсал»  деген салттардан бөлек, әрине. Бір шәугім шай барлығымызға ортақ шай екен. Демек, менің, сенің, оның үйінде әр қазақтың ішуге тиісті бір шәугім шайы бар деген сөз. «Келші өзің, бір шәугім шайың дайын» дейтініміз де сондықтан болса керек. Бабаларымыз енші қылып бөліп беріп кеткен бір шәугім шай.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз