Өнердің басқа салалары сияқты поэзияда да талантты ақындар сирек туады. Біздің қазақтың үлкен поэзиясының тарихы да осындай ірі ақындардан жаралған. Сондықтан да біз Абайдан басталатын халқымызға мәлім ақындарды атағанда, олардың еңбектерін әңгімелегенде, соңғы жүз жыл бойындағы қазақ тарихының белестерін, қазақ поэзиясының асарларын көреміз. Мен жасы елуге қадам басқан Фариза Оңғарсынованы осы тарихи тізімдегілердің қатарына қосамын.
Біздің ақындық бойымыздағы кемшіліктерімізге қарамастан, ол кемшіліктерімізді көре-біле тұра, өзімізді олқысынбаймыз ғой. Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі — осы Фариза.
Толқын соңынан толқын жалғасып келеді. Қазақ тілін, қазақ поэзиясын кемелдендіре беретін, оның философиялық және эстетикалық ой-сезімдерін әлемдік деңгейге теңестіре түсетін үміт-сеніміміз жастар десек олардың алдында тұрған бастаушы жүйріктеріміздің бірі — осы Фариза.
"Қарашы өз бойында түгел ме екен,
Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш" дегенді Абай кілең құлағымызға құяды да тұрады ғой. Осындай ұстаздық сөзді ол тұрғысынан - өз мінбесінен Фариза құлағымызға көп құяды. Мен оның монологтарынан адам өзіне өзі үңілмей, өзіне-өзі төрелік айтатын болмай тұрып, адам емес екен дегенді көбірек жаттаймын.
Ұят-аят дегеніміз — әрқайсымызды іштен тежейтін күш. Абай бізді өзімізді-өзіміз тежей білуге шақырған.
Фариза да бүгінге қазаққа осы сабақты өзінше оқытады.
Біз Фаризаның махаббат жайлы жырларына да құлақ асып үйренгенбіз. Ол көбінесе алыстап кеткен, енді қолға қайта түспейді-ау деген, бір кезде өзін ыстық құндағына бөлеген, қызықтырған, қызықты болған кезеңдерін де жасырмай жырлайды. Соларды сағынған, аңсаған, кейде күйрей жаздаған қасіретті сезімдермен айтады. Ақын мұндай жырларында өз жүрегін оқушы жүрегіне яғни, мына менің жүрегіме жалғайды. Мен ақынмен қосыла өксимін, көңілім нұрланып, жүрегім жылып, қанаттанып қаламын.
"Екеу-ақпыз, отырмыз тіл қатыспай,
Сен күншығыс, мен бейне күнбатыстай" деп бастаған өлеңін Фариза:
"Қойшы, жаным, пайда не бұдан ұтқан,
Жүдеу тартты дүние, құлазып маң", — деп аяқтайды. Бұл ақынның мұңлы бір ойдан басын көтеріп алып, алыстардың жақындасуы, айрылған егіздердің қайта табысуы қажет екенін түсінген шағы.
Мен Фаризаның туған жерімізге деген махаббатын да аса биік бағалайтын оқушысымын. Суы тартылған, жерін тұз басқан, азған-тозған даласы үшін жан дауысы шыққан ақынның ащы үні ғана емес, соған деген махаббаты мен үміті де мені сүйсіндіреді.
Біз бүгін барлық жаман қылықтарымызды, барлық бұзық әдеттерімізді қарғап-сілеп отырып, өлгенімізге, өртенгенімізге жылап отырып, поэзия достарын ілгері бастыруға, биік көтерілуге бастайтын өлеңдер жазуымыз керек. Поэзия хирургиясы жаны кірленгендерді, ауруларды, әлсіздерді сауықтыру үшін керек. Осындай қуат Фариза поэзиясында да бар.
Өлең ұйқастыру, тіпті намысқа тиетін өткір өлең жазу да оңай. Бірақ, ақылы мен сезімі тең келген, өз ұлтын да, өзге халықты да сүйе білетін, сүйей білетін ұлы гуманизм туын көтеріскен ақын болу қиын. Біз Фариза Оңғарсынованы осы қиындықты жеңе білгені үшін сүйеміз.
Фаризада халықтық рух бар, ол елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын.
Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым.
Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.
Желтоқсан 1988 жыл.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі