Ақындар туралы ең беделді пікір: «Күлүбү-ш шуәрә һазәинуллаһ».
Аш-Шарид есімді бір сахаба жазған: «Бір күні мені Хазірет пайғамбар шақырып алып, «Білетін болсаң, маған Умайя бин Әбу-с-салттың бір жақсы жырын оқып берші» деді. Мақұл дедім де оқыдым. «Оһ, не деген ғажап, тағы оқышы!» деді. Мен де оқи бердім, сөйте-сөйте жүз бәйітті айтып шықтым. Расулалләһ (С. Г. А) «Адамдардың арасында мұсылманға ең жақыны ақындар шығар» деді. Кейін ол «Ақындардың жүрегі Алланың қазинесі — дүр» деген байлам жасады». Әрине, «Күріштің арқасында күрмек те су ішеді». Кез келген кісінің қолынан қатты намыстанғанда, қатты қуанып не налығанда немесе қатты қорыққанда екі ауыз жайсаң өлең шығару келе беретін қазақ «кеме келсе, қайықты судан шығаруды» кешеге дейін ұмытып көрмеген. Себебі «күрішті күрмектен айыра білген»...
Қазір жалғыз өлеңде емес, басқа салаларда да әлгі «айыра білуді» сәл-пәл ұмыта бастағандаймыз.
Айтудың жөні осы екен деп, небір қасиетті ұғым, небір салмағы ауыр сөздің барлығын айта-айта, арзандатып, ақжем етіп алдық.
Саудайы мен саппастың аузынан шығып, атқамінері мен «арқа сүйеріне» қарай бағыштала беретін есепсіз қолпашты естіп, жауыр болатын құлақ сорлы миға мынадай сауал қояды: «Соры қалың бола ма пайғамбары көп елдің?!». Ресми, ресми емес тұрғыда қазақы пайғамбарлық дәрежеге өзіміз, мына біз көтеріп қойғандардың аз еместігі белгілі. Ендеше, «пайғамбарлар халқы» болсақ, әлемге үлгі-өнеге үйретпей неғып жүрміз? Ең болмаса, әлем әдебиетіне...
Фариза апамды, оның жаңа кітабын мақтағым келмейді.
Оны бопса мадақ, бос сөз, жортақы жоралғыға қиғың келмейді... Әсіресе, қазір құлқын мен құрсақтың, өрісі тар оймақтай «мені» бар, көзі жоқ қуыс кеуденің қажеті мен азығы адам айтқысыз қымбаттап, адамды аңнан ажыратып тұратын асқақ дүние — рухани дүниенің қадіріне жетіп, қасиеттеуші азайған, сол себепті де жалған пайғамбар мен жасанды пұт көбейіп, «ол кісілер де мықтаса біздей-ақ шығар» дейтін мысықтың жолбарыссынғаны секілді, кім көрінген төлесіп, қазыбексіп, әйтекесіп... абайсып, бұхарсып, махамбетсіп... ахметсіп, гиль-гамешсіп... — болғансып — жатқанда.
Дәл соны Ол қажетсініп те отырған жоқ.
Біз білетінде мұсылманшылықты Алла адамдарға таңбаған, пайғамбарына «Оларға айт!».. — деген: дініне ұйыса — өзінің бақыты мен адами асқақтығы, ұйымаса — сорлы болып өтуге келіскені. Құрандағы «Көздерің бар — көрмейсіңдер, құлақтарың бар — естімейсіңдер!...» деген Аллаһулық налыс, кейіс адамзатқа жаны ашып, соған күйінген, бірақ, «...мүмкін, көшін түзер...» деген үмітті алаңдаушылықтан туса керек. Шынайы поэзияның миссиясы да солай. Фариза сол шынайылар тобына баяғыда енген.
Фаризаның үздіксіз биіктеген Өлең әлеміне әр қайта оралған сайын, өнердің, поэзияның «пайғамбардан сәл төмен, патшалардан көп жоғары» екеніне тағы бір көз жеткізгендей боласын.
Оның поэзиясы — мына қысқа жалғаннан бірдеме дәмететін, қолына бірдеме ырымдап ұстатсаң, рахатқа бөленіп, манаурап, көзін жұматын, сол көз жұму арқылы адамға керек арзан алданыш емес, күрделі бақыт пен асқақтықты көруден, соған ұмтылудан қалатын бөкене, қортық сананың қуанышындай тәттілік, дәмділік, айтқыштық, «айыз қандырғыштық» емес. Фариза поэзиясы — «ит тірлікпен»қосылып, ит боп үруге дейін төмендей алатын қауіпті мүмкіндігі бар пенделіктің есіне адамдық асқақтықты салатын, тәннің емес, жанның туберкулезін емдейтін поэзия. Бағзыда Асанқайғы:
Мұнан соң қилы-қилы
заман болар,
Заман азып, заң тозып,
жаман болар,
…Ол күндер қарағайдан
шайыр кетер,
Ханнан күш,
Қарындастан қайыр кетер…
— деп уайым айтқанға ұқсас мына заманның ақырында нан да, дүние де түбі жетісіп кетер, бірақ бәріміз ішімізден білгенмен, сыртымызға шығаруға тәуекел ете бермейтін ұлы қауіп — туберкулездің симптомдарын сездіре бастаған сана мен жан кеселі.
Мүмкін, маған қалам ұстатып отырған мақсат та сол кеселдің анық емінің бірі — Фариза поэзиясын оны қадірлейтін халықтың есіне және бір салып қойсам деген үмітті алаңдаушылық шығар.
Салтты құрметті Фаризаға үкімет те, халық та көрсетіп жатыр. Дегенмен, Ақтамберді де, Аяз Бетбаев та баспасөз бен басқа сөз арқылы қазаққа бірдей дәрежеде насихатталып жатқандықтан, халықтың басым көпшілігінің шынайы, құдіретті поэзия туралы, ақын туралы түсінігі арзандаңқырап кетті — ол үшін ұйқасқан сөзді бас-көзсіз төпей беретіннің... немесе әртістік қасиеті басым өлеңшінің бәрі — ақын, маңдайына «Қазағым — халқым!» деген ұран желімдеп алғанның бәрі — пайғамбар. Құдайдың өзі берген талантты сауда-саясатқа жалдап, әкесі жоқ қазаққа «әкеңмін!»... деп, содан пенделік игілік көріп жүргендер де, шүкір, табылады...
Соны ойланғанда ғана, бір қарағанға өзіміз секілді адам болғандықтан онша таңданып, табына қоймайтын, бірақ ақын, жалпы жазушы деген түсінікті асқақ ұстап келе жатқан санаулы топтың барына тоба айтып, қадірін сезінесің. Ес тұтасың. Естұтарларыңның да кейбірінің қонған аруақты ұстауға мықтылығы жетпей, саудаға саламын деп наласына қалып, жазасын аларын біле бермейтін кейбір аруақ қонғандар сияқты оңа бастағанын тағы ойлайсың… Мына заман өзгеден бұрын мықты деп пір тұтып жүргендеріміз үшін үлкен сын болды — көбісі «заманға күйлеп», болмысынан танып, бояуын оңдырып алды. Сол оңғақ шіркіннің «әдебиеттің құны кетті» деп елден бұрын зар илейтінін қайтерсің...
Осыған, осы қатал талапқа сайсаң да баяғы құдіретінен танып, биігінен түспейтін аз тұлғаның айқын біреуі — Фариза.
Газет жазып, радио айтып, атын әйгілемесе, пайғамбарды да танымайтын, құлағына ғана, «жұрт айтса...» (Абай) ғана сенетін қазақы оқырман кімді әулие тұтпай жатыр: «әдеби үкіметтің» адамдары қолдаған, қасына бастық ертіп жүргеннің бәрін қошеметтейді.
Ал Фариза өлеңдері халық жүрегіне о бастан-ақ кедергісіз, қосымша көмексіз еніп, елдің ортақ еншісіне айналып кеткен. Мұның сыры да құпия емес — Фариза әдебиет дейтін ұлық әлемге келгелі оның туа дегдар, туа асқақ, жарты түйір жасанды бояуы жоқ, биік рух пен өршіл намысқа толы өлеңдері дүниеден сәуле, ізгілік, рухани биіктік пен жасанды бояусыз сұлулық іздейтін қазақ санасына берік ұялап, халық кеудесінің төрінен орын тапты.
Бұл туралы жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ, әлі толық қалыптаспаған, «орыстар осылай дейді, бізде солай айтып көрейіктен» әрі аса қоймаған сын кінәлі ме, кешегі тірі өлеңді өлі рамаға қамап, теория жасаған, өз дегенінен әріні көре алмайтын әдебиеттану кінәлі ме, әйтеуір, қазақы мақтау құр таңдай қағу мен ақынға «отты... жалынды... құлагер... тарлан...тарпаң...» т.т. сияқты анықтамалар тіркеуден ары аспайды да, ауызға ілінген ақынның барлығы бірдей деген қате, тар түсінік қалыптастырды. Бәріміз шулағанымызбен, дарындының әрқайсысы несімен мықты екенін аса бай қазақ поэзиясының контексінде алып қарап, анықтай қойған жоқпыз. Сосын да ақындарды футболшыдай нөмірлеп, кімнің көбірек гол соққанын санаймыз… Бұл, енді, әдебиеттанушылардың жұмысы — ол жақтың да күріші мен күрмегі әлі ажыраған жоқ, сондықтан әйтеуір әдебиетті әңгіме еткеннің бәрі — кандидат, кейде тіпті...
Контекст демекші, Фариза қазақ поэзиясына келген кез — қазақ өлеңінің жаңа сапаға ауысып, бір-бірін еш қайталамайтын, бір-бірін еш төмендете де алмайтын ақындар шоғырының әдебиеттегі өз есімін алаңсыз таныта бастаған кезеңі. Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Мұхтар (Шаханов), Сағи, Өтежан, Төлеужан, Зейнолла (Шүкіров), Бекен... Бұған Әбділда, Әбу, Ғафу, Сырбай... басқа да ағалар ұрпағын қосыңыз. Фаризаның өзі «асау толқын» атаған қанжығалас іні-сіңлілері Ақұштап, Күләш, Иранбек, Жарасқан, Исраил, Жұматай... Бұған оның бізбен — Ұлықбек, Есенғали, Серік (Ақсұңқарұлы), Байбота, Тыныштықбек, Әбубәкір, Гүлнәр (Салықбаева), Ертай, Шәмшия, Светқалилармен, біздің інілерімізбен замандас екенін қосыңыз. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» дегенге сайып кетпесек, «біз қойнынан шыққан ұжымдық шекпеннің» құндыз жағасы осы Фариза. Бірақ, бұл өзге әңгіменің еншісі.
Фаризаның мықтылығы неде?
Бұл сауалға жауаптың ең дұрысы — оның өлеңдерін оқу да, былайғы әлеммен салыстыру. Сонда оның қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясында тұлғалық дәрежеге көтерілгенін, онын творчествосының ұлттық мұраға — ұлт, мемлекет мақтан ететін мұраға айналғанын сезінуге болады. Әрине, тәкаппар әлем бізден дүниетанымы, көзінің қиығы өзге әлем Бахыт Кенжеевті төбесіне көтеріп мәз. Ол енді, біздің шаруа емес...
Ұлы Өнер де Алла табиғаттас — әркім оны әлі, рухани бойы жеткенше көреді. Ақын болам немесе болдым деуші көп те, Ақын аз болатыны сондықтан. Қортық сана-түйсік үшін қолы жетпеген биік — Құдай. Ал Құдай дегеніміз шексіз түсінік, ой-санаңызға, сезім-түйсігіңізге лайық асқақтай береді.
Фариза өлеңге о бастан ешкімге ұқсамайтын күрделі де құдіретті болмыспен, тұлғаға тән тұтастықпен келді. Өмірге тек өзіне ғана тән көзбен — сезім, жүрек көзімен қарау, биіктікті өзіне тән, ерекше болмыспен сезінуден туындайтын поэзияның осындай бірегей құбылысы оның творчествосына үңіле білген кісіге ғана сезілмек.
Жетпісінші жылдардың басында қалың елге үні естіле бастаған Фариза поэзиясы сыртқы пішін, ішкі-сыртқы ырғақ, үйлесім, өлеңді оқи бастағанда жүрекке ғана естілетін ішкі әуез-әуен сияқты басқалар ұзақ игеретін, бірақ поэзияның әліппесі саналатын алғышарттарының ерекшелігін былай қойғанда, өлеңде бейнеленетін объектінің бұрындары ешкім көрмеген қырынан көрініс беруімен, эмоциялық асаулық пен жігерге, ішкі сезім найзағайына толы әсіре қызылсыз, табиғи өмір бояуынан тұратын, семсердің жарқылы мен қиялдағы ғажайып бақтың сұлулығын қосып көрсеткендей тосын сымбат сомдауымен таңдандыратын жаңа бір әлемнің бар екендігін паш етті. Көзіқарақты ғана айыра алатын жаттанды сезім мен үйретінді үйлесім, ең бастысы — «өлең, ақын осындай болуы керек» деген бәкене ұғымнан туындайтын әсіре қиялилықтан, кітабилықтан, жасанды, ғұмыры қысқа айтқыштықтан Фариза өлеңі аулақ, биігірек тұрды.
Тұлғалық болмысқа көтерілер шынайы дарын қашан да осылай — Поэзия дейтін асқары мен асқағы жеткілікті ұлы әлемді жаңа бір қасиетпен байытып, оның бұрын болмаған жаңа болмысын, ұлы мүмкіндігін ашады. Сол құдіретке Фариза да ие екені даусыз.
«Қызша киінген Махамбет» дейтін ол туралы өзін де, сөзін де арзандатып көрмеген әйгілі мэтр Асқар Сүлейменов. Ол туралы, меніңше, таңданбай, сүйсінбей айтқан қаламгер, ең бастысы, оқырман жоқ-ау деймін.
Фариза өлеңіңде қарапайым нәрсенің өзі асқақтап сала береді, ал әсіре қызыл өмірдің өп-өтірік жылағансып, күлгенсуі, түсінгенсуі мен сүйсінгенсуі Ғазіретәлінің қылышын кергендей сүмірейіп қалады. Оның екі себебін ғана байқаймын: біріншісі — терең де асқақ сезіну — түсінуден туатын ақиқат, екіншісі — бейшаралық пен пенделіктен жоғары тұратын рух күштілігі. Әлем поэзиясының ақты-қарасын айқын айырып, адамзатқа ортақ рухани игіліктерді бойына сіңірген Фариза мен қазақтың ең озық рухани асылын бойына сіңірген Томирис тектес қазақ қызы Фариза қосыла келіп, кемшіні жоқ, керемет ақын Фаризаны сомдағанға ұқсайды.
Менде бір толғаныс бар
(кейде өзім де түсінбеймін)
дауыл күнгі дарияның күшіндей бір...
... Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын,
жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың,
Марғау, бейжай дүниені сілкіндіріп
бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын... — деп бір кездері әдебиетке еркін кіріп келген жас дарынның, сол от, сол екпін мен текті тәкәббарлықты сәл де бәсеңсітпей бүгінге жетіп, ертеңге беттеген ұлы жолында бір өзі ғана «бір елдің мұрасы» боларлық өзгеше бір әлем — Фаризаның поэтикалық әлемі дүниеге келіп, мәңгілікке беттеді. О баста-ақ, Жантолы, Жібек, Ақбөбек атынан сөйлеген Фариза кейін қазақ әлеміне ортақ Сара, Майра, тағы басқа идеалдық есімдер ғана емес, Махамбет те, Вийон да, негр қызы да, бір топ қазақ ақындары да, Досат та, ессіз ғашық бозбала да, тәкәббар да, нәзік қыз да, ана да, дала да, жүрек те, батыр да, тіпті... пенде де «болып сөйлеп» берді.
Рухы күшті Өлеңнің құдіретімен сезімдер, ішкі әлемдер энциклопедиясын жасады, идеалдар галереясын орнатты.
Мұның өзі әдебиетте бар әдіс болғанымен, осынша сезімдер әлемін бірінші жақтан сөйлейтін ақындық «менге» әркім өз әлінше сыйғызады, ол — әлгі айтқан Құдай мен сана арасындағы қашықтыққа қатысты шаруа. Ақын құдіретінің қажет тұсы да, мейлінше көрінері де осы. Аңғал оқырман Сара немесе Махамбет осылай деген екен деп түсінсе мейлі, Фариза сомдаған идеалдың бәрі бір ғана соның поэтикалық «мені» болып, Фариза ғана болып асқақтайды, адасуы мен өкініші көп адам — пендені биікке, нағыз адамға тән асқақтыққа, тазалыққа, ар мен намысқа шақырады, көзқарас пен сенім түйіндерін батыл да айқын мінезбен шешіп береді. Әйгілі
«Әйелдің монологында»:
… Бірақ өзің айныдың,
ұмыттың да жастықтың жұмақ
күнін,
сен мысқылдап, мен — болсам
жылап тұрдым.
Өмір атты бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап
лақтырдың...
Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым
пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі...
... Мен кінәлі емеспін ар алдында
Құдайың да кешеді тап мұнымды!
— деп келетін жолдар алмас қанжардай аяусыз айтылып, ыржаңшыл ақымаққа ес кіргізбей ме! Түрмедегі Ақбөбектің:
Селтиген сары!
... тірілей сенің құшағыңа енбен,
жүн ерін,
Аю мойныңа асыла алмайды
Қайыпты ораған білегім!
Асқақтығым асып, ашуың қысса,
жарып же
жабайы қыздың жүрегін! — дейтіні немесе қазақ екені мүмкіндік туғанда ғана есіне түсіп, даурығысып жатқандардың ойына да келмеген ұлттық ашу-ызаны бірде негр қызына, енді бірде тағы біреуге жорта таңа отырып, қылышпен шапқандай етіп айтқаны, кешегі заманның кезінде-ақ әділет пен ақиқатты (жеке өмірден саясаттарға дейінгі) батыл жақтап, ерлік пен өрліктің перзенті боп қалғаны Фариза әлемі әлі заманымыздың ірі тұлғаларының бірі еткеніне ешкім күмән келтіре қоймас.
Фариза әлемі — әлі өзіміз сырына тереңдей қоймаған, бірақ айтулылардың бірі болып қазақпен бірге мәңгі жасайтын әлем. Оны айтып ұқтыруды міндет етпедік. Фариза сомдаған Майраның бір монологында:
... тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,
кемтар етпей, кенде етпей ар-санадан
өмір бітті.
Мен кешкен сәттің бірін
Сезіне алмай өтеді қаншама адам?! — деген жолдар бар. Осы асқақ идеал мен адам қызығарлық тағдыр Фаризаға о бастан өмірлік мұрат болса, енді Фаризаның өзі, өз әлемі, ақындық тағдыры кейінгі саналы ұл-қызға, күні ертеңгі қазақ халқына идеал болып отыр.
Бәңгі бола жаздаған қоғамнан күні кеше шығып, әлі ес жиып, етек жауып үлгермеген сәби мінез халқымызға ұлттық идеология іздеп жатқан мына алмағайып заманда қазіргі жас-кәрінің бәріне қажет мұраның бірі, бірегейі — Фаризаның поэтикалық әлемі, ол сомдаған ұлттық лирикалық кейіпкердің асқақ, қайсар, намысты, текті бейнесі.
Еркек пен әйелдің жолыға салып, жата кететінін махаббат деп, ақшаға Отан да, адам да, жан да, тән де сатылуы мүмкін екенін — прагматизм деп, бауырына жаны ашымас қайырымсыздықты — индивидуализм деп, ой-санаңды билеп алып, семіз құл етуге жанын салып жатқанның алдарқатқанын жақсылық деп... адаса бастаған жастарға, кешегісін ұмытып, керенау тартқан өз халқына деген сенімі мен үмітінен ажырап, рухани алжуға бұрылған кейбір үлкендерге... сол Фариза әлемі — жан мен рух туберкулезін емдейтін поэзия жазбай табысып, жанында болғай.
1997 ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі