Өлең, жыр, ақындар

Әнмен қағып аспанның қақпаларын...

Ақын туралы сөз айту, мақала жазу мен үшін өте қиын. Өйткені ақын — поэзия. Ал поэзия — құпия тылсымдарына мың батырып, мың шығаратын дауыл күнгі теңіздей құдіретті әлем. Ол әлемнің сұлулық болмысы да ерекше. Ылғи шыныдай жарқырап, бір көрме жылтырақ әрімен баурайтын арзан әдемілік поэзия әлемінің табиғатына жат.

Ол әлемге бет алған, тыныштығы мен жанға жайлылығына емес, ақпан-тоқпан дауылына, аспан мен жер алмасқандай аласапыран толқулы сәттеріне, дүниенің барлық құбылысын жалаңаш жан дүниесімен қабылдайтын қорғансыздығына — бәрі-бәріне құлай ғашық болып, бұл сезім өз тағдырына айналғанда әлгі бұрқан-талқан тіршілік болмысымен біте қайнап, өзі де сол құбылмалы әлеммен астасады.

«Поэзия — гүл, поэзия — көктем, поэзия — жазғы кештегі сырлы бақ» деген — жыр-табиғатына бойлай алмай, әшейін сырттай қызықтаушылықтан туындайтын сипаттаулар.

Түн баласына жүрегің мен жүйкеңнен жыр қашап, сергелдеңді сезімнің сан қилы күйін кешкен, өзгелер ұғып біле бермес ұрымтал сәттерде, дүниеге келген нәрестедей, өлең жолдарын тұрғызып, сөзге жан бітірер өрнектер ақ қағаздың бетіне қаз баса бастағанда, буырқанған бораннан кейінгі бейжай тыныштық құшағына енер табиғаттай маужыраған ақын болмысы... Осының бәрі дүниедегі ең азапты тағдыр боп көрінеді маған.

Ал сол тағдырдың иесі тіршіліктің тауқымет-тынысының мол бөлігін жаратылыс жазмышымен еншісіне алып, нәзік иығымен арқалаған, дүниенің өзгелер сезіне бермес жүрек лүпілімен жалаңаш жүйкесін жаныған әйел болса ше?!

Осынау кейде тұйық, тұңғиық, кейде аласапыран жыр әлемінің мазасыз мұхитына желқайық тағдырлы жүрегін желкен етіп аттанған Тұрсынхан Әбдірахманова тайғанақ асулы тәкаббар өнер заңғарының соқтықпалы сан-сан алысынан өтіп, бүгінгі таңда асқарлардың арғы жағындағы кең тынысты шатқалына жетті.

Арып-ашыған, алқа-салқа, жүдеу де жұпыны жағдайда емес, өзінің о бастағы сұлулыққа ғана сұқтанар сұңқарлар қадалған көрікті қалпында жетті.

Мәңгі гүлденуді ғана қиялдаған нәзік әйел жанының арман жолында кейде «ақша бұлтқа айналып аспанды кезген», кейде дауылды далада топырлаған ақтылы қойдай дүрбелең дүниеде «сыңарынан айырылып, мәңгі мұңға оранған жалқы аққудай» шарқ ұрған, кейде «жапандағы жел өтінде» жапырақ жайған шынардай, енді бірде тауқыметті тірлігін сол ғана жеңілдетердей «сыныңқы қабақ пен жүдеу жанын» ұғынуды аңсаған бұлтты, шуақты сәттері өлеңнің өрнегіне айналып, сол арқылы ғана жүрегін жастық отымен аптаған еді ол.

Бұл — жаратылыстан дарыған өнер-құдіреттің шапағатты сәулесі. Жылдар мен жолдардың қым-қуыт қиын қашауларынан қажыған жан мен денеге үнемі нәр ләззатын құйып, жанарынан ішкі қуат нұрындай шашырап тұратын мәңгі жастық сәулесі. Адам баласы баяғы заманнан ең асыл, ең сүйікті, қасиетті нәрсесін тіршілік көзі — суға, нәрге теңеген.

Поэзия да адам жанының тұңғиықты, тұншықпалы патшалығына тірлік тынысы боп таматын нәрдей, үзілгелі тұрған үмітіңді ұлы өмірмен жалғастырар нәзік нұрдай қасиетімен ғана о бастан қағажулы табиғат болмысының үстемдігі мол әлемде, ақын тілімен айтқанда, «жапандағы жел өтінде жапырақ жайған жалғыз шынардай» жасап келеді. Дауылды дәуірлердің талантты да, тарихты да табанына салар менмен мұхит тынысты екіленген екпінімен арпалысып, өнер құдіретінен өзгенің бәрі тайғанақ дүниеден өтетінін дәлелдеп келеді. Өнер құдіретінің мәңгілігін дәлелдеп келеді.

Тұрсынхан — өзіндік философиялық ойларын өлеңмен өрнектеген сыршыл ақын.

Ол сыр өмір жайлы, өмірмен егіз қозыдай бірге жамырасып келе жатқан жақсылық пен жамандық жайлы, «қыз бұрымына өрілмеген үлбіреп гүлдей» әйел көңілін кейде, «арбаға жегілмей ауыздығын қарш-қарш шайнаған асау тұлпардай арындатып, кейде кірпігін көз жасына көміп» — сұсты да суық жанарымен кеудеңнен итеріп, сөйте тұра сиқырлы құшағын қайта ашатын Өмір атты дарияның сұлу әйел мінезді болмысы жайлы, сол құбылмалы болмыстағы Адамның борышы жайлы, «аспанның есігін қағып» көгершін көңілді шырқауларға шақырған ән жайлы... Адамды иі әбден қанған көнбісті қасаң төсегінен жұлып алып, сонау асқаралы шыңдардың арғы жағындағы аяқ бассаң, алдыңнан әлі көріп-кешпеген тосын құбылыстар күтіп тұрғандай құпиялар әлеміне көзіңді сұқтандыратын арман жайлы...

Тұрсынхан апайымыз алпыс жасқа келіп қалыпты. Мәңгі жас — өлеңмен, әнімен, адамдық болмысымен мәңгі жас — көрініп жүрген аяулы әпкеміздің есімімен қатар айтуға келіспейтін, бір түрлі ызғарлы көрінетін «алпыс» талант қуған қазақтың тағы бір қызын өз шыңына шығарып алып, бедірейіп отыр. Өкініш лебі жүректі жаншып, жанарды жанап өтеді.

Екіншіден, бұл — анау да, мынау да еңбектеп, еңкейіп-шалқайып шығып жатқан көп белестің бірі емес; қазақ өнерінің, өлеңінің асуы, «елу деген немене — екі келген жиырма бес» деп Ақұштап айтқандай, өлеңмен, әнмен, ғылыммен өрнектелген бұл екі отыздың мән-маңызы ерекше. «Көңілдерге қуаныш отын жағып», «дүниені көк-жасыл нұрға бөлеген көктемнің жаңбырындай» қыз-ғұмыр сәттерден тұратын арман асуы. Жаныңды қанағат сезімі сергітіп, қуаныш ұшқыны шарпитын айтулы асу бұл.

Талант пен халық — егіз. Халық аты таланттарымен танымал. Талантын шырқататын, оның қарабайыр көпшіліктің табиғатынан өзгешелеу тағдырын жанының сезімталдығымен танып, мейірім жылылығына бөлейтін халық.

Қашан да қыз баланы ардақтап, Сарасы мен Динасын, Майрасы мен Күләшын, Мәриямы мен Мәншүгін мақтанышпен өсірген қазақ топырағы бұл күндері өзінің абзал жанды, азамат мінезді, нәзік сезімді тағы бір аяулы қызын — Тұрсынханын мақтанышпен атап, оның салтанат тойын көтеріп алып, жамырасып жатыр.

Әрине, тек қазақтың қызы болғаны үшін емес, үлкен өнер қақпасын қаққан ер жүрегі үшін, өркенді өлеңі үшін аялауда.

«Жыр оқитын, талдап түсінетін адам азайып кетті» деп біз өкпе айтуға үйреніп алғанымызбен, халық кімге қандай баға беруді, әдебиетте кімнің қандай орны бар екенін жақсы біледі.

Сезімтал оқырман ақынның аты мен атағына, салауатты ортаның қолпаштаған дабырына қарап емес, жүрегінің пікіріне, құдіретті жырдың шым-шымдап батыра берер қасиетіне ғана жүгінеді.

Шынайы өнер иесіне де, шынтуайтқа келгенде, халықтың тек сол жүрек бағасы ғана керек.

Өмірінің мән-мазмұнына айналған асыл өнері — әнімен аспанның қақпаларын қоңыраулатып, кейінгі сіңілілерінің ұяң жанарына өнер отын — өлең отын ұшқындатқан ақын, филология ғылымдарының докторы, халықтың ардақ тұтар аяулы қызы Тұрсынхан Әбдірахманова Поэзия атты асқақ та әдемі шыңға сұңқар қанат арманы барларды шақырып, ақын тұлғасы жайлы өзі айтқан мына жолдардағыдай тұлғаға айналды:

«Тоты күй тоқсан тарау көз ілмеген,
Бірде асқақ, бірде нәзік сезімменен,
Бағынып ақындықтың құдіретіне
Жосылып жыр жолында безілдеген.
Ақын ол ел тұлғасын биіктеткен,
Ақын ол ер тұлғасын сүйікті еткен.
Ақын ол ескерткішін өзі қойып,
Арманды өмір жолын түйіп кеткен».

1981


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз